Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
Қыркүйек 2018

Құтқарушылар жылу құбырына қысылып қалған баланы құтқарып алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 11:00

10 жастағы бала Қызылорда қаласының Ақмешіт мөлтек ауданындағы жылу құбырларының арасында қысылып қалды. Оқиға 2018 жылдың 30 қыркүйек күні түстен кейін болды. Ойын кезінде ол достарымен жылу магистралі құбырларының арасына сүрініп құлап, қысылып қалған. Достарының айтуынша, ол кездейсоқ сүрініп, екі құбырдың арасына түсіп кеткенін айтты. Достары өз күштерімен оны шығара алмаған. Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жедел шығып, жағдайды анықтап, арнайы гидравликалық авариялық-құтқару құрал жабдықтарының көмегімен екі  ылу құбырдың арасын кеңейтіп баланы шығарып алды. Бақытымызға орай, бала жарақат алған жоқ, оған медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оқушы баланы анасына тапсырды.

Мұндай жағдайларда ата-аналар өз балаларына көбірек көңіл бөліп, оларды қараусыз қалдырмауы керек. Бірақ егер де бала бір жерде қысылып қалса және өзіңіз шығара алмасаңыз, құтқарушыларды шақырыңыз. ОӨАЖҚЖ кезекші телефоны: 26-17-88; 27-70-76, бірыңғай құтқару нөмірі: 112.

ҚР ІІМ ТЖК Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА РЕСЕЙЛІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САРАПШЫЛАР SMART CITY ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 10:13

«SMART CITY: аймақтың дамуындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Ресей және Қазақстан сарапшылары қатысқан дөңгелек үстелде Мәскеу, Краснодар, Астана қалаларында іске қосылған «Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша цифрландыру және «SMART CITY Қызылорда» тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Шараны аймақта жақын арада құрылған облыстық цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Экономикада цифрландыруды кеңінен қолдану бірқатар салаларының жойылып кетуіне және түбегейлі жаңаларын құруға әкеледі. Біздің көз алдымызда болып отырған өзгерістер - бұл тарихи шақыртулар әрі ұлт үшін мүмкіндік». Айта кету керек, цифрландыру - біздің өңірдің дамуында стратегиялық басымдыққа ие. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында біз Қызылорда облысының жеке мемлекеттік органы – цифрлық технологиялар басқармасын құрдық»,-деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың жүзеге асу барысы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким баяндады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» тұжырымдамасы бойынша 2018 жылы аймақта 37 жоба жүзеге  асуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Жоғарыда аталған жобалар 8 бағыт бойынша, оның ішінде 5 негізгі жоба «Smart City» аясында: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік және қауіпсіздік салалары бойынша жүзеге асырылатын болады»,-деді Евгений Ким.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын цифрландыру бойынша «Интеллектуалды кен орны» цифрлық технологиясын енгізу бойынша жұмыс басталды. Нәтижесінде мұнай өндіруді 1-2%-ға, күрделі жөндеу мерзімін 700 күнге дейін арттыру, операциялық шығындарды 10%-ға дейін төмендету және басқару шешімдерінің тиімділігін 20%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Уран өндіру өнеркәсібінде: «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-Сайран» ЖШС-нің тазарту цехында дайын бұйымдарды жинау блогының роботтық кешенін енгізу тәжірибесі бойынша зерттеулер жүргізуде. Роботтық кешенді енгізу қолмен жұмыс істеуден босатып, өнімді тасымалдау-орауға қатысты барлық алгоритмді автоматтандыруға және  экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Ал, білім беру саласында аймақтағы білім беру мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компьютермен қамту бойынша шаралар қабылданды. Жылдың аяғына дейін барлығы 293 мектеп жоғары жылдамдықты Интернет және Wi-Fi желісімен жабдықталады. Сондай-ақ, аймақтағы 293 білім беру мекемесі «Күнделік» электронды журнал жүйесіне қосылған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі 80 пайыз медициналық мекемелерде кежолақты интернет желісі орнатылған. Медицина мекемелерін «қағазсыз айналымға» көшіру бойынша жұмыс басталды. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту мақсатында «Облыстық медициналық орталықта интеграцияланған операциялық жүйені орнату» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба отаға дайындық уақытын 20%-ға дейін қысқартып, өлім қаупін азайтады, сондай-ақ, жылына 3000-ға дейін операция өткізуге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік секторын цифрландыру шеңберінде 5 жоба жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда ІІД жедел басқару орталығында 272 бейнебақылау камерасы және 8 жол қозғалысы ережесі бұзылуын тіркейтін жүйе жұмыс істейді. 2022 жылдың соңына дейін Қызылорда қаласында 3200 бейне камераны орнату және 31 жол қозғалысы ережелері бұзылуын тіркейтін жүйені іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қызылорда облысы 112 (112-ге ұқсас) Бірыңғай диспетчерлік қызметін іске асыру үшін пилоттық аймақ ретінде таңдалды.

Ауыл шаруашылығында азық-түлік тауарлары саудасын жүйелеу мақсатында «Агробиржа» жобасы іске асырылуда. Осы жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің кемінде 30%-ын электронды сауда-саттық жүйесіне тартуға, азық-түлік бағасын кем дегенде 10% тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Автоматтандырылған жылыжай құрылысы» жобасын іске қосу жоспарлануда. Ауылшаруашылығында 2018 жылы жоспарланған өнім 600 тонна болса, одан кейінгі жылдары 900 тоннаны құрайтын болады. Сонымен қатар, ветеринардың жұмыс жүктемесін 25% -ға төмендету және еңбек шығындарын 40% төмендету үшін «Mobi-Vet» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Шиелі ауданының «Ақмая» шаруа қожалығының жұмысын, оның шегірткелермен күресте дронды пайдалану тәжірибесін арнайы атап өткен жөн.

Кәсіпкерлік саласында 2017 жылдың 30 қаңтарында «Кәсіпкерлер орталығы» құрылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш орталық «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге 40-тан астам қызмет түрін көрсетеді. Орталықтағы барлық қызметтер ақысыз ұсынылады. Сондай-ақ, жер учаскесін жалға беру-сату құқығын тапсыру үшін сауда-саттық процесін автоматтандыру бойынша «Жер учаскелерінің онлайн-аукционы» жүйесі құрылды.

Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Дмитрий Киселев цифрландыру жобаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесімен бөліссе, «Аэрогеоматика» компаниясының бас директоры Сергей Мищенко цифрлық технологиялар көмегімен Краснодар бюджетін жылына жарты миллиард рубльге дейін қалай ұлғайтқанын айтты.

Мәскеу ақпараттық технологиялар департаментінің «Ақпараттық қала» ММ басшысының орынбасары Алексей Щегольцов «Ақылды қала – өсу мен даму стратегиясы» атты баяндамасында РФ астанасындағы «ақылды қала» жобасының даму кезеңдерімен таныстырды. Айта кетейік, жақында БҰҰ рейтингісінде Мәскеу электрондық үкімет бойынша бірінші орынға ие болды.

«2011 жылы қол жетімді қызметтер мен мүмкіндіктерді бірыңғай дерекқорға жинай бастағанда қиындау болды. Бұған дейін мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы бірыңғай саясаты болмағандықтан, көптеген мәліметтер қайталануы орын алды. «Біздің қала» және «Ашық деректер» порталдарын құру азаматтарға әртүрлі саладағы мәселелері бойынша шағымдарын қалдыруға және ақпарат алуға мүмкіндік берді. Бірақ уақыт өте келе бағдарлама тұрғындардың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтыны анықталды. Осылайша деректерді жоғары деңгейдегі шаралардан бастап нақты оқиғаларға дейін біріктіруге мүмкіндік беретін «Ақылды қала» стратегиясы әзірленді. Барлық салалық бағыттар белгілі бір құрылыммен нақты блокқа толтырылды. Өткенге көз жіберіп, істелген жұмыстарымызды бағалаймыз және әлі де атқарылар жұмыстардың көп екенін түсінеміз», - деді Алексей Щегольцов.

Сарапшылардың баяндамасынан соң тақырып бойынша сұрақ-жауап аясында талқылаулар болды.

Еске салайық, қазіргі таңда аймақта смарт-менеджмент, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Оның шеңберінде жаңа кіші жүйелерге арналған «Ситуациялық орталықтың ақпараттық-талдау жүйесін дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, дарынды жастарды қолдау үшін техникалық лабораториялар мен коворкинг орталығының қызметтерін көрсету, ІТ-стартап-жобаларын және бизнес-инкубаторды дамыту мақсатында Қызылорда қаласында «ІТ паркі» құрылды. Сондай-ақ, 2017 жылы желтоқсанда Қызылорда облысында «HackDay2017» жас IT-мамандарының алғашқы аймақтық фестивалі өтті. Халықаралық тәжірибені зерделеу үшін аймақ делегациясы Татарстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының SmartCity жобасы аясындағы заманауи нысандарын аралады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Үйрек ұшырып, қаз қондырды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 10:04

«Қаз тойғанына емес, қиғанына семіреді» деседі. Бала кезімізде көршіміздің үйі үйрек, қаз өсіргені есімде. Солардың арасындағы ата қаздан қатты сескенуші едік. Ол неме де бала екенімізді сезетіндей, көргеннен тап беретін. Біз бажылдай қашатынбыз. Сәлден соң қорқынышымызды басып, ауланың сыртынан қаздардың жаңа орылған балауса жоңышқаны балпаң жүріспен келіп қиып, жегендеріне таңдана қараушы едік. Ал қаздың құнарлы сорпасы түрлі ауруға, майы күйікке таптырмас ем екені әмбеге аян.

Арал мен Қазалы аудандарының шекарасында Ақбай аталатын елді мекен бар. Аталмыш қонысты ел арасында құт дарыған жер деп біледі. Оған себеп те жоқ емес. Ауылдың нақ іргесіндегі биік төбе маңайға ерекше айбат, өзгеше көрініс беріп тұр. Ақирек (ауыл ішінде тау саналады) төбесінің ұшар басындағы атақты Арыстанбаб әулиенің кесенесіне тәу етушілердің шоғыры сейілмейді. Сондай-ақ даңқты Жанқожа батыр бабамыз хиуалық Аймұхаммед балуанды жекпе-жекте бауыздаған жері де – осы төңіректе. Айтпақшы, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Жанқожа бабамызға арналып республикалық деңгейде берілген аста құрылған әсем қақпа әлі күнге сақтаулы тұр.

Осынау киелі топырақта кәсіпкерлік саласына айтарлықтай мән беріледі. Олардың арасында мемлекеттен несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар да кездеседі. Солардың бірі – «Арал құс» СПК жетекшісі Гүлнәр Әлібаева атты жеке кәсіпкер. Оның негізгі мамандығы – мұғалім. Ауыл мектебінде жұмыс істеп жүрген ұстаз ана тоқырау кезеңінде кәсіп жасауға бел байлады. Сонан бері де сырғып сан жыл өтті. Өткен жылы жолдасымен, отбасымен ақылдасқан Гүлнар құс шаруашылығын жандандыруға бел байлады. Мұндай шешім қабылдауға туған мекенінің ауыл шаруашылығы бағытына бейімділігі де ықпалын тигізді.

«Тәуекел түбі – желқайық...». Өткен жылы аудандық кірістер және әділет басқармаларына тіркеліп, өзінің жеке кәсіпкерлігін ашты. Келесі кезекте Өңірлік инновациялық орталығы арқылы 16 миллион теңге несие алуға қол жеткізді. Мұнан соң Ақбай ауылының тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойынан жер телімін иеленіп, құс өсіру цехын ашу мақсатында тұрғын үй құрылысы мен құс өсіретін цехын салды. Электр жарығы тартылып, су жүйесі жүргізілді. Құс өсіретін инкубатор әкелінді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ресейден қаз және үйрек балапандары жеткізіліп, жұмыс қарқынмен жүргізілуде. Сонымен қатар, жуырда жем-шөп қорын сақтау үшін тағы да 3 миллион теңге несие берілді. Қазіргі уақытта 6 адам тұрақты еңбек ететін ұжымның есебінде екі мыңға тарта қаз,-үйрек бар. Жалақы кешікпей беріліп, тиісті төлемдер уақытылы аударылады. Десе де, әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы да болатыны белгілі.

Аяқсу «Шолақ» каналынан алынатын. Биылғы жылғы су мөлшерінің тапшылығы «Арал құсты» да айналып өтпеді. Судың кез келген тіршілік иесіне, соның ішінде қаз-үйрекке маңызы қаншалықты екенін көзі қарақтылар жақсы түсінері хақ. Оған қоса уақыт тығыздығынан жем-шөпті сырттан сатып алуға тура келді. Бұл да өзекті мәселе. Алайда кәсіпкер ана қол қусырып отырған емес. Алдағы уақытта Гүлнар жоңышқа, басқа да құсқа қажетті дәнді дақылды егіп, өсіруді межелеуде. Сонымен қатар, жақын арада біршама қаз-үйрек етін саудаға шығармақшы. Осы мақсатта Арал, Қазалы аудандарының жәрмеңкесіне қатысу да ойда бар. Құс басын көбейту жайы тұрақты күн тәртібіне қойылған.

«Жақсының жақсылығын айт». «Бастау» жобасының аясында жұмыс орындарын ашып, кәсібін дөңгелеткені үшін «Арал құс» СПК жетекшісі Гүлнәр Әлібаева республикалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталса, жобасы ел көлеміндегі үздік жобалар қатарына енгізілді.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы,

Ақбай  ауылы

 


Қазалыдағы қызықты құттықтаулар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 09:53

«Қарттарым – асыл қазынам». Осынау даналық лебізге қалайша тебіренбессің? Өмірдің ыстығы мен суығын басынан өткерген, тағылымды тағдырлы қазыналы қарттарымыз жас ұрпаққа қашанда үлгі. Өз кезегінде өскелең буын да үлкендерге деген құрмет сезімін білдіруден тартынған емес. 1 қазан –Қарттар күніне орай Қуаныш Көмекбаев басшылық жасайтын Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның 6 «А» сынып оқушылары ерекше құттықтаулар әзірледі. Мереке қарсаңында осы оқушылар қарттар күніне арналған нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді аялдамаларға ілді. Осынау ізгілікті іс көлік күтіп тұрған жолаушылардың есіне қарияларымыздың амандығы қоғам үшін шынайы бақыт екенін еске салғандай. Оған қоса балғын шәкірттер өздері көшеде кездескен ақ жаулықты аналарымыз бен аталарымызға ерекше ілтипатпен құттықтауларын жолдады. Сыныптың 23 оқушысы түгелдей құттықтаудың қызықты әсеріне бөленсе, қарттар да ризашылықтарын жаудырды.

- Ата-әжесі бар үйдің перзенттері өзге балалардан ерекше болатыны белгілі. Мен сынып жетекшілік ететін 6 «А» сынып оқушылары да – ата-әжелерінің жылылығы мен ұлттық дәстүрін меңгеріп жатқан жас буын өкілдері. Бала жүрегінде қарттардың қуанышты сәтіне ортақ болып, бірге суретке түсуі, ата-әжелердің ақ баталары оқушыларымның көңіліне шуақ құйғандай сезінулеріне септігі тиді деп есептеймін. Шәкірттеріммен бірге мен де бүгінгі күнімнің қызықты әрі есте қаларлық болғанына қуандым, - дейді №226 гимназияның 6 «А» сынып жетекшісі Мирамкүл Жөлекеш.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 09:43

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен құттықтап хат жолдады.

27 қыркүйек – 10 қазан аралығында Сыр жұртшылығы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын атап өтеді. 28 қыркүйек күні аймақта ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ, Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың  қатысуымен мерекелік іс-шаралар өтті.

«Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шаралар легі тұрғындарға ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызған «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат» және «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдері, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, киіз үй қалашығында Елорданың 20 жылдығына арналған көрме мен сол жағалаудың даму жоспары, құрылысының үлгілері және макеттері, Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы жайлы мәліметтермен таныстырылды.

Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауынан пайдалануға берілетін алғашқы нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізінде салынған.

Ал, Н.Бекежанов атындағы драма театрында өткен салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды мерейтоймен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуындағы жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен құттықтауын жеткізді.

Өз кезегінде, аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

«Жаңа қала - сол жағалаудан инвесторлардың қаржысы есебінен салынып жатқан 16 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақша мен «Болашақ» университеті кампусы және жастар ресурстық орталығының жыл соңына дейін пайдалануға берілуі  қала тұрғындары үшін негізгі мерейтойлық тарту болмақшы. Бүгін біз ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасымен салынған сол жағалаудағы алғашқы нысанның салтанатты ашылу рәсімін өткізіп отырмыз»,-деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Виталий Брынкин, академик Асқар Жұмаділдаев, ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев және ҚР Елтаңбасының авторы, «Құрмет» орденінің кавалері Жандарбек Мәлібеков Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталды.

Салтанатты шара орталық алаңда Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Мәдина Сәдуақасова, Серік Ибрагимов, т.б қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасты.

29 қыркүйек күні аудандардың ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, ат спортының сайыстары мен қазақша күрестен түрнир өтті. Қала күніне орай қайырымдылық акциялары, концерттер мен басқа да мәдени-көпшілік шаралар  ұйымдастырылатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Алик Шпекбаев: «Қазақстанда соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының ілгерілемелі төмендеуі байқалады» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.09.2018 17:44

Кеше Венада (Австрия) Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиясының (бұдан әрі - ХСЖҚА) қатысушылары Ассамблеясының жетінші сессиясы өтеді.

ХСЖҚА қатысушылары Ассамблеясына қатысу үшін Қазақстан делегациясын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев басқарды.

Агенттік басшысы Қазақстанмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама оқыды.

«Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат ерекше орын алады. Осы кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы біздің өзара әрекеттестікті жаңа сапалы деңгейге шығаратынына сенімдімін», - деді ол.

Сондай-ақ Қазақстанмен ашықтық, транспаренттік және есептілік қағидаттарын қамтамасыз ету және жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді шаралары оң жүйелі өзгерістерге әкелгендігі аталып өтілді.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және бағалау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын арттыру, олардың қызметін бақылау, ақпараттық-түсіндірмелік кампаниялар, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттестік және қоғамдық бақылау өздерінің тиімділігін көрсетеді.

Қазақстанда екінші жыл қатарынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың ілгерілемелі төмендеуі және қоғам мен бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тартылуының артуы байқалады», - деді Агенттік Төрағасы.

Бұл бағытта сондай-ақ Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиясымен ынтымақтастықты нығайтуға маңызды мән беріледі.

2010 жылдан бастап ХСЖҚА базасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері оқудан өтуде.

Биылғы жылы ХСЖҚА мен Агенттік арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ХСЖҚА тәжірибесі негізінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» - жаңа магистрлік бағдарламасы іске қосылды, оның негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар үшін заманауи лидерлерді дайындайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанға австриялық сарапшыларды шақыру арқылы магистрлік бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру мәселесі қарастырылуда.

Қараша айының соңында Қазақстанның бастамасы бойынша ХСЖҚА-да Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарының басшылығы үшін курстар ұйымдастырылады.

Алик Шпекбаев ХСЖҚА қатысушылары Ассамблеясында Академияның  жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысына қосқан үлесін жоғары бағалап, 2019 жылы Қазақстанда Ассамблеяның кезекті отырысын өткізуге дайын екендігін мәлімдеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің баспасөз қызметі

 


«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» АРДАГЕРЛЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.09.2018 16:58

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекетттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалында 1 қазан Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарым - асыл қазынам!» атты салтанатты жиын өтті.

Мерекеге орай филиал жанынан ашылған «Ардагерлер кабинетінде» өткен құрмет кешінде ақ тілектер мен алғыс ағылып, әлеуметтік, жер қатынастары және халыққа қызмет көрсету салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, аймақтың дамуына атсалысқан ұжым ардагерлері құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Өз кезегінде бүгінгі Филиал қызметімен танысып, жұмыс барысынан хабардар болған еңбек майталмандары ұжым мүшелерін маңызды міндеттерін абыройлы да адал атқаруға шақырды. Зейнеткерлік демалыста жүрсе де, филиалдың қызметінен әрқашан хабардар болуға тырысатындықтарын айтты. Мерекелік шара ұйымдастырған мекеме басшылығына өз алғыстарын жеткізді.

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін дәстүрімізден жаңылмай, бүгін ұжымның ардагерлеріне сый-құрмет жасадық. Филиал жанында құрылған ардагерлер ұйымының кабинетінің тұсаукесерін жасадық. Енді біздің апа-ағаларымыз кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуге, жастарға тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес беруге мүмкіндік алды. Шараға зейнетақы есептеу және тағайындау, жылжымайтын мүліктерді тіркеу, жер кадастры, халыққа қызмет көрсету саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлеріміз келіп, өздерінің қызығы мен қиындығы қатар жүрген еңбек жылдарынан естеліктерімен бөлісті. Ол кісілердің өткен еңбек жолы бізге үлгі, ардақтау – парызымыз. Ардагерлеріміз, үлкендеріміз әрдайым аман болсын!», - деп филиал директоры Айдын Қайруллаев ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты шара соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге, мың бұралған биге ұласты. Мереке иелері арнайы жайылған ақ дастарқан басында танымды әңгіме өрбітіп, бір марқайып қалды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облыс бойынша филиалының баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА СЫРДАРИЯНЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ НЫСАННЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.09.2018 15:50

Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың сол жағалауындағы жаңа нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Нысан 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және бірқатар қоғам қайраткерлерінің  қатысуымен Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы аясында сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығының ашылу салтанаты өтті.

Гүлшара Әбдіхалықова қызылордалықтарды қала күні мерекесімен құттықтап, аймақтың әлеуметік-мәдени дамуындағы жетістіктерін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан бойынша ауқымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда. Соның ішінде Қызылорда облысында ескерткіштер салынып, тарихи жерлерді  қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін біз тек архитектуралық ескерткіштің жай көшірмесі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаралар өткізілетін маңызды мәдени нысанның ашылуына қатысып отырмыз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жиналған көпшілікті Қызылорда қаласының мерейтойы және орталықтың ашылу салтанатымен құттықтады

«Биыл біз Астана мен Қызылорда қаласының мерейтойын атап өтудеміз. 20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Елордасын Астана қаласына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдап, сол арқылы жасампаз мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз етті. Қызылорда Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес Одағы кезінде Қазақ Республикасының астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы шешім де осы киелі мекенде қабылданды. Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларын қатар атап өтудеміз. Бұл Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы ерекше рухани байланысты аңғартады деп ойлаймын. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап әрі жаңғыртуымыз керек»,- деді аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда жеке инвестициялардың қаржысы есебінен 18 көпқабатты тұрғын үйдің, «Болашақ» университеті кампусының және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 320 орындық балабақшаның, мемлекет қаржысы есебінен Жастарға қызмет көрсету орталығы мен қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізілуде. 2019-2020 жылдары сол жағалауда бірқатар көпқабатты үйлер, мектептер, облыстық көпсалалы аурухана, неке қию сарайы, балабақша, физика-математикалық мектеп жатақханасымен бірге, сауда-ойын сауық кешенін салу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, іссапар барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана жанынан ашылған ІТ-паркі, Н.Назарбаев зияткерлік мектебі, «Рухани жаңғыру» орталығы, Достық үйі мен өнер Арбатының жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Қызылорданың 200 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шаралар: «Қауын-Қарбыз», «Қымыз-Шұбат» және «Бауырсақ» фестивальдеріне қатысты. Кешке Гүлшара Әбдіхалықова Н.Бекежанов атындағы драма театрындағы салтанатты шара мен орталық алаңдағы гала-концертке қатысады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕҢБЕК САБАҚТАСТЫҒЫ БЕСІНШІ ФОРУМЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.09.2018 15:48

Қызылорда қаласында еңбек күні мерекесі қарсаңында «Ата кәсіп - алтын мұра» атты V облыстық еңбек сабақтастығы форумы өтті.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бұл форумның 2013 жылдан бастап өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Елбасының Жарлығымен бекітілген «Еңбек күні» мерекесін биыл бесінші рет атап өтіп отырмыз. Осы уақыт аралығында кәсіпті атадан балаға мирас етіп отырған қаншама отбасыларды облыста ғана емес, республика көлемінде таныта білдік. Біздің бүгінгі жас ұрпағымыз атакәсіпті жалғастырып, оның қыр-сырын отбасынан үйренсе, әрі қарай жалғастырса, мұның өзі бір тәрбие мектебі емес пе? Соның нәтижесінде өздеріңіз сияқты еңбек әулеттері қалыптасып жатса, бұл да бір ұлтымыздың рухани жаңғыруы болмақ»,-деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, форум аясында «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары, кәсіподақ ұйымдарының үздік жас мамандары және әртүрлі саладағы жастардың үздік тәлімгерлері белгілі болды. Атап өтейік, аймақтың үздік еңбек әулеттері салалар бойынша анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Білім беру саласы бойынша Қазалы ауданы Сексенбаевтар отбасы үздік деп танылды. Отбасының жалпы жұмыс өтілі - 305 жыл.

Мал шаруашылығы саласының үздігі - Жалағаш ауданының Ойнаровтар әулеті. Саладағы еңбек өтілдері 142 жылды құрайды. Әулеттің үлкені Ойнаров Сайлаудың осы саладағы еңбек өтілі - 40 жыл. Бүгінде ол кісі - Аққыр ауылының өркендеуіне зор үлес қосқан құрметті ауыл ақсақалы.

Сырдария ауданының Сәдуақасовтар әулеті мәдениет саласы бойынша үздік шықты. Өнерлі отбасының жалпы еңбек өтілі 166 жылды құрайды. Отбасының 7 өнерпазы музыка мамандары болып табылады. Әулеттің үлкені Сансызбай Сәдуақасов - осы салада 50 жыл еңбек еткен өнер иесі.

Ауыл шаруашылығы саласында Арал ауданының Бердімағанбетовтер әулеті жеңімпаз атанды. Отбасының жалпы еңбек өтілі 257 жылды құраса, әулеттің үлкені Төрехан Бердімағанбетов осы салада 35 жыл еңбек еткен.

Егін шаруашылығы саласының үздігі – Жаңақорған ауданының Көкетовтер әулеті. Отбасындағы 6 адамның сала бойынша еңбек өтілі - 58 жыл. Әулеттің үлкені Балғынбай Көкетовтың өз еңбек өтілі 22 жылды құрайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 1000 ОТБАСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.09.2018 15:31

Қызылордада қала күні мерекесіне орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді.

Қайырымдылық шарасының аясында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 1000 отбасы азық-түлікпен қамтылды. Сонымен қатар, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің аумағында акция шеңберінде қаржылай көмек көрсеткісі келетіндерге арнайы жәшік қойылды.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шараға атсалысқан Сыр жұртшылығына алғыс білдіре отырып,  Қала күні мерекесімен құттықтады.

«Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шара жасау - халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі» екенін атай отырып, «Мемлекет пен бизнес экономикалық ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде де әріптес болуы тиіс» деген болатын. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында арнайы бір күннің «Жүрек жылуы» атауымен қайырымдылыққа арналуының негізі осында», - деді аймақ басшысы.

Атап өтейік, қайырымдылық шараларын өткізу аймақтың игі дәстүріне айналған. Өткен жылы 800 отбасыға көмек көрсетілген еді. Жыл басынан бері Наурыз, Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінде аймақтағы мыңдаған отбасыға көмек берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары