Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
Қаңтар 2018

ҮКІМЕТ АУЫСА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.02.2018 11:41

Орынтағында айналып отырып арқасын кеңге салып жүрген шенеуніктердің саяси саябырсыған өмірінің көрігі қызатын уақыт таяған секілді. Әдетте «биліктегі балапандар» күзде саналатын. Бұл жолғы сыбыс тым ерте тарады. Ақ жағалылар арасындағы «саяси фигуралар» орын алмастырады деген қауесет Астананың сол жағалауын желмен жарыса есіп жүр. Шахмат тақтасындағы «пешкалардың» орын жылжытып, не ойыннан шығып қалуы «корольге» байланысты. Бұған дейін де саясаттанушы Досым Сәтпаев соңғы жылдары елімізде ішкі элиталық ұрыстың үдегенін айтып, қаржылық деректердің қысқаруына байланысты «соғыс» жүріп жатқанын мәлімдеген. Ақпарат агенттіктерінің біріне сұхбат берген саяси талдаушы «2018 жылы кадрлық ауыс-түйістер жалғасады. Елдің орталығынан  бастау алған оқиға өзге де  билік органдарын шарпып түседі»  деген пікір білдірген.

Жылдың басталғанына ай енді толды. Бір саланың жілігін шағып, сүйегін санап отырғандар өткен жылы бітірген шаруаларының шашбауын көтеріп жүр. Қиюы келмегенді қиыстырып, құнтталмаған құжаттарды қаттап жатқанда, табан астынан шыққан су көшірмей қоймайды. Арқадан соққан салқын желдің арқарды ауып кетуге мәжбүрлейтіні секілді. Бұл жолғы желдің бағыты Үкімет кабинетін бір жылдан астам басқарып келген Сағынтаев билігіне бет бұрыпты-мыс. Ішкі саяси өмірдегі өзгерістердің орын алатыны туралы әңгіме санамызды сан-саққа сандалтты. Сонымен, ақпараттың шикілігі бар ма, расы қандай?

Саясаттанушы Талғат Қалиев Үкіметтің отставкаға кетуі мүмкін екенін меңзеп, әлеуметтік желіге «Хватит­ отдыхать. Президент вернулся, в начале февраля полит­ическая жизнь вновь наберет динамику. Ждите сюрпризов» деген жазба қалдырды. Осыдан кейін бас шаһардағы сол жағалаудың сиқын қашырған қауесеттің басты кейіпкерлері ретінде Кәрім Мәсімов, Асқар Мамин, Әсет Исекешевтердің есімдері ел аузынан түскен жоқ. Ауқымды идеологиялық сипатқа ие бол­ған сыбыс шындыққа айналған жағдайда тәуелсіздік алғаннан кейін жетінші премьер атанған Мәсімовтің оралуы мүмкін бе? Мүмкін. Өйткені оның тұсындағы құрам «дағдарысқа қарсы Үкімет» атанған еді. Сон­дықта­н орынтаққа оралуда тиянақты тәжірибесі бар және саяси беделінің ықпалдылығы өзгенің ығына бағын­дыра  қоймайды.

Әдетте екі жеп биге шығу әдісі ойында да, саясатта да бар. Кейде «екі жегендердің» де жолы жабылып, ойын құрбанына айналатын сәттер болады. Ал биге жетуге бір қадам қалғандар ше? Онда да тура осындай қағида. Мәселен, қазіргі бірінші вице-министрдің Үкіметбасы «статусына» қол жеткізіп, табан тіреуіне бір адым ғана жетпей тұр. Бірақ, қадым аттағанның бәрі бірдей Сағынтаев секілді «секіре» алмайды. Оған дәлел – орайлы сәттен үміт күткен Өмірзақ Шөкеев. «Үкімет сағатының» «үлкен тіліне» айналмаған күйі қол  бұлғап, «Самұрық-Қазынаға» жол тартқан еді. Дәл осындай үміт пен күдіктің ортасында қазір Асқар Мамин  отыр.

Саяси динамиканың дақпыртты қауесетінде аты аталған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те Серік Ахметовтың үкіметі тұсында орынбасарлық қызмет атқарған. Оның әкімдік қызметін елдегі ең ірі холдинг саналатын қордың басшылығына ауыстыруы мүмкін деген жорамал жоқ емес. Алайда өткелде ат ауыстырмайтын тәмсілге сүйенсек, биыл Астана қаласын­ың 20 жылдық мерейтойы. Сол себепті жылы орнын суытпауы да, сыбыстың шындыққа айналуы да ықтимал.

- Қалай десек те, 6 ақпанға дейін ештеңе өзгере қоймас. Яғни, отставка болған жағдайда министр­лердің көбі өз орындарын сақтап қалады деген сөз. Елдің бір өңірін басқаруы мүмкін делінетін Жеңіс Қасымбектен (Инвестициялар және даму министрі - ред.) өзгесі. Әрине, одан басқалары да ауыс-түйіске дайын  болуы  керек, - деп ашып айтты саясаттанушы Талғат  Қалиев  өзінің «Telegram» каналында.

Қазақ ертегісіндегі түлкі өзінің жүрген ізін жасыру­ үшін қоянның құйрығын тартып алады. Бұл желіге сүйенсек, қоғамның  түлкісі  мен  қоянын анықтау оңай тимесі анық. Өйткені біздегі ауыс-түйіс­тер­дің себеп-салдары мәселенің мәнісі ретінде ашық айтылмайды. Себебі мем­лекет пен қоғамдағы тұрақты ахуалды, түрлі топтар мен элита ішіндегі топтардың мүдде тепе-теңдігін сақтау маңызды фактор. Бұл да  дұрыс. Еліміздің  стратегиялық маңызын­  есепке алғанда, сырт көз биліктегі ауыс-түйісті қалт жібермей бақылайды. Жылдың жауапты айлары енді ғана басталғанын ескер­сек, әліптің артын баққанымыз абзал. Айтпақшы, 2016 жылы президент үкіметке қойылатын кінәрат жоқ болғандықтан құрамын сақтап қалған еді. Бұл жолы кімнің қандай шеңберден асып кеткені немесе мәреге жетпей қалғаны да беймәлім? Мәселе – қосылғыштардың орнын ауыстырғанда емес, қосындының мәні қалай өзгеретінінде...

СЕМСЕР

 


ХИДЖАМА: ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.02.2018 11:35

Кемпір-шал деп тілімізді түйрейміз-ау, бірақ басты жаңалық атау­лының барлығын осы кісілер арқылы біліп отыратынымыз рас. Жиын-тойы тарқамайтын үлкен кісілеріміз барған жерінде адам денесінен қан алдыру арқылы ем жасау, яғни хиджама туралы естіп, біліп келеді­. Онысын алты жаннан тұратын отбасына айтса, одан әрі отыз алты адам емнің осы түрінің кең таралып жатқанынан хабардар болады деген сөз. Ауыздан-ауызға  жеткен  әңгімелер мені бейжай қалдырмады. Профилактикалық ем түрін­де қолданудан басталатын хиджама егде тартқанда жаның­а бататын аурулардың алдын алу болып саналады. Әрине, денсаулығыңыз туралы барлық ақпаратқа қанығып, санитарлық ережелерді ұстанып жасаған жағдайда. Ал қазіргі кезде хиджама жасау­мен айналысатын мамандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Әлеуметтік желіні бір ақтарсаңыз, толыққанды мәліметке қанық боласыз. Ауруынан айығып, алғысын  жаудырып  жатқандар одан да көп. Десек те дәстүрлі емес медициналық емнің қаншалықты пайдалы немесе зиян екенін білу үшін арнайы мамандарды іздедік.

Әдеттегідей сурет пен жарнаманың «отаны» сана­латын «Инстаграмм» әлеуметтік желісін парақтадық. Қызылорда өңіріндегі хиджама жасаушыларды іздеген біз үшін «Мой доктор» клиникасының жарнамасы «жарып тұр». Желінің төменгі тұсына түсе берсеңіз, жеке тұлғалардың  үйіңізге  келіп, хиджама  жасап  беретін  жарнамалары  жиі орналасқан.


Қан   сараптамасы міндетті...

Қала орталығындағы «Мой доктор» клиникасы. Есігі айқара ашық. Кіреберіс ауызда  пациенттердің  сырт­қа киетін аяқкиімдері мен бөлмеге кірердегі арнайы аяқкиімдері. Тыныштық. Сірә, жан мен тән тыныштығы орнағ­ан сияқты. Өйт­кені артық  ауыз шу жоқ. Бұл акус­тиканы менің есік қақ­қан қолым бұзды. Есіктің сыртындағы жазуға қарадым. «Ерлерге хиджама жасау бөлмесі». Айналама қараймын, адам жоқ. Амалсыздан, есікті аштым да, саулық сұрадым. Бір азамат алғысын ай­тып­ шығып бара жатыр. Осы емді қабылдаған болуы керек. Оны сұрап үлгермедім. Кабинеттегі админстратор қыз жылы қабылдады. Хиджама қабылдаудың мән-маңызын  білуге  барған маған  маман барлығын ашып түсін­дірді.


Сәкен  Әбілдаев,

«Мой  доктор»

клиникасының  дәрі­гері:

- Орталыққа хиджама жасау үшін келетін әр па­циенттің өміріне, денсаулы­ғына бейжай қарамаймыз. Мін­детті түрде емханада тапсырған медициналық  жалпы қан сараптамасы қорытындылары болуы керек. Егер осы орталықтан тап­сы­рамын десе, оған да жағдай жасалған. Емдеу курсын­  алу үшін арнайы ва­куумды банканың бір қорабын 3000 теңгеге сатып алып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Бір курс емнің бағасы бес мың теңгеден басталады. Ал ем кезіндегі құрал-жабдықтардың   тазалығына  баса  мән береміз. Нау­қасқа хиджама жасалып бол­ған соң бөлме дезинфекц­ияла­нып, кварц шамы қо­сылады. Пациенттер көбіне қалыпсыз қан қы­сымы, жүрек ауруы, остео­хон­дроз, буын аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, варикоз, өкпе, тері және сал аурулары секілді әртүрлі ауру түрлеріне ем іздеп келеді. Ал зиян­ды жағына келсек, әзірге ешбір емделуші шағым жасаған жоқ. Хиджама жасаған соң емделу­шіні міндетті түрде бақы­лауға аламыз. Ал науқастан алынған ұйыған қан құйылған  құтылар дезинфекцияланып, жоюға жіберіледі. Соңғы кезде үй жағдайында қызмет етушілер пайда болды. Оларда мұндай ереже қалай сақталып жатқанын айту қиын. Адам өмірінің маңызды шарасы ре­тінде хиджаманы жасатқан жағдайда арнайы орталы­қ маманд­арына  жүгінген дұрыс деп  есептеймін.

Клиникаға келген пациент­тердің өміріне немқұрайды қарамайтын мамандардың пікірінше, әр науқас өз ден­саулығына осы бастан мән беріп, қарттықтың  салдарынан туындайтын  түрлі  аурулардың алдын  алуы  керек.


Қан   сараптамасы міндетті   емес...

Хиджама – тек емдеудің түрі ғана емес, ағзаны тазарту, аурудың алдын алып, оның салдар­ымен күресудің тиімді әрі дінде рұқсат етілген түрі. Рас, дінде рұқсат етілген. Тіпті бұрын дін қызметкері болған кей имамдар хиджама жасаумен айналысып кеткен. Мәселе онда емес, жұмыстың қай түрі болмасын, адалынан келген нәпақа болса, еш әбестігі жоқ. Тек намазға жығылған жандардың арасында соңғы кездері осы еммен айналысып, тіпті үй жағдайында қабылдап, үйіңізге де барып емдейтін маман­дар көбейіп кетті. Мұн­дай жағдайда медициналық талап­тардың сақталуына қандай кепілдік бар? Емделушінің жағдайы  күрт  нашарлап не­ме­с­е есінен танып қалса, ары қарайғы  жағдай  не  болмақ?!

- Хиджама жасаумен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Үйде арнайы жабдық­талған бөлме бар. Барлығы талапқ­а сай. Сондай-ақ, үйге шақырту бойынша да жұмыс істейміз. Ол кезде де барлық құрал-жабдық өз тарапымнан. Емделушінің төсек жабындысы ғана  өзінен  болуы керек. Хиджама жасалған науқастың жағдайын одан кейін де үш күн бақыл­ауда ұстаймын. Алынған қанның түріне қарап, процесті қайтадан қабылдау қажетті­гін немесе қажет еместігін айта­мын. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемде ауыр жағдайға тап келген клиент  болған емес,- дейді үйге шақырту бойынша хиджама  жасаушы  Жұлдыз.

Арнайы медициналық ор­талықтағы мамандар үшін емделушінің соңғы қан сараптамасы қорытындысы міндетті түрде қажет болса, үйге барып қызмет жасайтын Жұлдыз үшін оның түкке де қажеті жоқ. Егер ол пациенттің қан құрамы «қиындау», гемоглабині аз болса­  ше?..

- Маған ешқандай медици­налық қорытынды анализ керек емес. Өйткені ол гемоглабинге қарамайды. Алынатын қан – ет пен терінің арасындағы «жарамсыз» қан, ал тамырдағы қан мүлдем басқа. Кейде көбік, сарысу күйінде лимфадағы артық қандар шығады. Оның алынғанын тіпті сезбей де қаласыз. Бас бөлігіне  жасағанда шашты қырмай ала береміз. Көзі көр­мейтін, құлағының шуы бар кісі­лер жасатса, осы кедергілерден арылады. Бір айта кетерлігі, алмаспен тілсек те, тыртық қалдырмаймыз, - деді Жұлдыз.


Шариғат   не   дейді?

Жалпы, хиджама сөзі қан алдыру деген мағынаны білді­реді. Бұл ежелде емдеудің ең тиімді жолы саналған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) де қан алдырып отырғаны жайындағы хади­стер – нақты дәлелдің көзі. Ата-бабаларымыз оған сырқаттың көп түріне ем екенін біліп, яки қан қысымы, бас ауруы, қан қоюлануы мен рухани кеселдердің алдын алу үшін жүгінген. Қазіргі хиджама мамандары вакуумды бан­калар арқылы жұмыс істесе, бұрынғылар шертпе, мүйізді үшкірлеп, сонымен тіліп қан шығарған. Залалсыздандыру жағдайы да әртүрлі екенін осыда­н-ақ  аңғара  беріңіз.

Ал қызметтің бұл түрімен айналысып жүрген мамандар мен хиджама туралы дін қызметкерлері не дейді?


Жеңіс Садықов,

«Құддыс  Ишан»

мешітінің   имамы:

- Хиджама әдісімен кезінде Пайғамбар (с.ғ.с.) да емделген. Сондықтан ежелден келе жатқан қауіпсіз, табиғи ем десе де болады. Хиджамаға қатысты бірнеше хадис те бар. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай­ дейді: «Егер де сіздерден біреулеріңіздің қаны тасыса, одан қан алу қажет. Қан та­сыған жағдайда адам өліп те кетуі мүмкін». Яғни, бұл жерде «қанның тасуы» сөзін қан қысымының көте­рілуі деп түсінген жөн. Дін жолында жүрген бауыр­лары­мыз­дың хиджама жасаум­ен айналысуына еш қарсылы­ғым жоқ. Тек арнайы оқып, тиісті құжатын алып, сауатты әрі таза жұмыс істесе болды. Өйткені білмеген адам бір нәрсені  бүлдіретіні  анық.



Қайырбек Отызбаев,

қалалық  «Айтбай»  мешітінің наиб  имамы,  дінтанушы:

- Дінімізде «хиджама» сөзі денедегі артық қанды алдыру арқылы  емдеу  дегенді  білдіреді. «Хиджама» сөзі мұсылман үшін еш таңсық емес. Бір сөз­бен айтқанда, Пайғамбар (с.ғ.с.) медицинасы деп те кең таралған. Оның артықшылығы жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисі бар: «Шипа үш нәрседе: бал ішуде, хиджама жасату (қан алдыру) және отпен күйдіру. Алайда үмме­тімді күйдіруден тыямын». Енді бір хадисте: «Расында емделген нәрселеріңнің ең абзал­ы – хиджама немесе ол емдеріңнің ең жақсысы», - деген.­

Демек, хиджама жасату – дінімізге қайшы дүние емес. Тіпті ежелгі қытайлықтар, вавилондықтар және мысырлықтар да қан алдыру арқыл­ы дерттеріне ем іздеген. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда көптеген дерттің алдын алуға көмегі тиюмен қатар, сырқат  жанның  дерті­не­ шипа табуына жол ашып жата­ды. Дегенмен ескеретін жайт, хиджама­ны арнайы оқыған, белгілі бір тәжірибесі бар ме­диц­ина мамандарына жасат­қан жөн. Егер оны жасау­ жолдарын дұрыс біл­мейтін кісі ке­рісінше адам ден­саулы­ғына зиян келтіріп алуы  әбден  мүмкін. Сондықтан білікті  де  тәжірибелі  маман­ға жүгінген  әлде­қайда  абзал.


ПАЙДАСЫ   мен ЗИЯНЫ  ҚАНДАЙ?

Бойындағы «харам» қаннан арылып, арқасының құрысып, шекесінің тырысуынан құтылғандар да бар екен. Бұған дейін медицинаның еміне көнбеген аурудың бұл түрінің атын емделу­шінің өзі де білмейді.


Шолпан  СЕЙДАХМЕТОВА,

қала  тұрғыны:

- Таңертең ұйқыдан тұр­ғанда сергек оянғаныммен, түс­тен кейін маңдайым тырысып, шекем солқылдап ауыратын. Үнемі. Бірде үйге атама хиджама жасайтын келіншек келді. Мен де ауруымды айта қойдым. Ол да ұсынысын жеткізіп, сол мезетте жасап көруді ұсынды. Шекемнің тырысқанынан көңіл күйімнің бұзылатынын көріп жүрген үйдегілер де қарсы болмады. Содан маңдайыма хид­жама жасаттым. Содан бері шүкір, шекем солқылдап, маңдайым тырысқан емес.

Дәл осы үй жағдайына шақырып, хиджама жасатушының бірі қан алдырудың шипасын көрмеген.


Дәмелі  АЙТПЕНОВА,

пациент:

- Көңіл күйім бұзылып, қан қысымым көтеріліп, денемде бір жайсыздық пайда болды. Сонан қатарластарым хиджама жасату­ арқылы бел ауруынан айығып, қан қысымынан құтылғанын айтты. Мен де соған бел байладым. Үйге шақырттым. Тазалық, өз ісіне мұқияттылық қала болсын, ауыл болсын, талапқа сай болу керек. Ал маған келген хиджамашы қолына медициналық қолғап та әкелмеген. Қолында мақта да, спирт те жоқ. Мен өзім зейнеттегі дәрігер болған соң үйге жедел қажет жабдықтарды алып қоямын. Әлгі маманға сол қобдиша қорымдағы бар затымды беріп, «көпреттік» деп әкелген банкасын стерилизациядан өткізіп, қолдануға рұқсат бердім. Әйтпегенде оның ісінің шалалығы көрініп тұрды. Жасаттым, бірақ баз баяғы қалпыма қайта түстім. Бәлкім, менің тым талапшылдығымнан ісін жөнді атқара алмаған шығар.


ДЕРТ   ЖҰҚТЫРУ ҚАУІПТІЛІГІ   ЖОҒАРЫ

Хиджамада терінің жоғарғы жағындағы белгілі бір нүктелерді тілу арқылы қан шығарылады. Қан алу үшін қазіргі заманауи құралдарды пайдаланған дұрыс. Ауру бір науқастан екіншісіне жұқпау үшін әрбір емделушіге жеке құрал-жабдықтар қарастырылуы тиіс. Хиджама жасалғанға дейін және кейін барлық құралдар тазаланып, дезинфекциялануы шарт. Әрбір ем қабылдаушы үшін бұрын қолданылмаған жаңа құралдарды пайдалану маңызды.


Сәбит  ПАЗЫЛОВ,

Қызылорда облыстық

медицина орталығының  директоры:

- Қан алу процесі – ойын емес. Ең бастысы, тазалық талапт­ары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Адам қанын босату – кез келген кісі үйреніп алып жаса­й беретін массаж емес. Қан қандай жағдайда алынып жатыр­? Хирур­гияда стерильді материалдар  қолдануы шарт. Сол талап сақталып жатыр ма? Сақталмаса, ағзада  кіш­кене жарақат болса, инфекция түсуі мүмкін. Басқа бір аурулар  жұқтыруы ықтимал. Банканы бір рет ғана пайдала­ну керек. Бірақ ол солай жасалынып жатыр ма, бәлкім бір ауру адамның пайдаланған банкасы болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау саласының мамандары не медициналық ұйымдарда, не қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде есепте жоқ емдеудің бұл түріне осылайша түбегейлі қарсы. Оған себеп, адам анатомиясы – зерттеуді қажет ететін сала.


КІМГЕ   СЕНІП, ҚАНДАЙ МАМАНҒА   ЖҮГІНЕСІЗ?

Дәстүрлі емес медициналық қызметтің түріне жататын қан алу әдісі денсаулық сақтау саласының да, тіпті қо­ғамдық денсаулық сақтау департаментінің де бақыл­а­уында жоқ. Денсаулық сақтау министр­лігінің  құзыретіне  тек  дәстүр­лі медициналық мекемелерді тексеру ғана кіреді екен. Ал ҚР Үкіме­ті­нің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы №1325 қау­лысына негізделген ҚР Лицензиялау туралы Заң жо­басының «Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицен­зиялау» деп аталатын 26-бабының 47-бөлі­гінде дәстүрлі емес медициналық қызмет түр­лері көрсетілген. Оның ішін­де халықтық медицина (емшілік), гомеопатия, гирудотерапия, қолмен емдеу, рефлекс ар­қылы емдеу,­ шөп­тер­мен және табиғ­и құралдармен емдеу сатылары бар. Ал хиджама тізімде де жоқ. Ал қан алумен айналысатын ма­мандардың жеке лицензиялары мен сертификаттары  бар.

Кімге сеніп, қандай маманға жүгіне­сіз, ол – сіздің құқы­ғыңыз. Хиджама әдісі­мен емделу жа­йында сала мамандары мен медицина саласы қызметкерлерінің пікірін  бір  арнаға тоғыс­тыру мүмкін болмады. Пациенттердің де жасаған пайы­мы бө­лек. Жан саулы­ғы­ңызды дәрі-дәр­мек­сіз жақсартқыңыз келген жағдайдың өзінде сенімді ма­манға қаралғаныңыз әлдеқайда пайдалы.

Еңкейіп барып еңсесін тіктеген ежел­гі ем тәсілі бү­гін­де қан алу биз­несіне  айнал­ып  бара жат­қан  жоқ  па?

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ЖҮГЕНСІЗ НАРЫҚ, ЖҮДЕУ ХАЛЫҚ немесе бұғаусыз кеткен бағаға тоқтау бар ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
01.02.2018 11:26

Бағаны өз ырқына жіберген күннен бастап, ол үнемі шарықтау үстінде. Біздің қоғамда «арзандапты» деген әңгіме айтылмайды да. Әсіресе, жолдаудан кейінгі жалақы өсулер­ мен әлеуметтік жәрдемақылардың көтерілуінен кейінгі баға өзгерістеріне өзіміз де үйре­ніп алғандаймыз. Биыл да монополистер уақыт созып жатпай-ақ баға өсіруге кірісіп кетті. Жаңа жыл келе салысымен азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтің төлемдері тағы да қымбаттады. Жыл соңында инфляц­ия 7,1 пайызға жетті. Онсыз да жыл бойы көтеріліп келген бағалар әлеуметтің әмиянын тонап, қалтасын аз қаққан жоқ еді. Қымбатшылық құрсауына түскен жұрттың қамын кім ойлайды? Бұған «кінәлі» кім?

 

НАРЫҚ  ҚАРЫҚ  ҚЫЛДЫ  МА?

Қымбатшылықты  қанша  айтсақ та назар аударған билікті бай­қамаймыз. Нарық заңын сақтауды бірінші орынға қоятын үкіметтегілер қарапайым халықтың тұрмыстық деңгейімен санасып жатпайды. «Еліміз бойынша алға ілгерілеу бар. Жағдайымыз жақсы» деп жүр­ген «сырты семіз, іші арық» адамдары көп қоғамда өмір сүріп отырғандаймыз. Әлеуметтік жағынан нашар қорғалған адамдар үшін сол нарықтың теория мен тәжірибесі­нің арасы жер мен көктей екені жасы­рын емес. Үкімет инфляциямен күресіп, жалақыны, зейнет­ақыны көтеріп қойғанмен, оның нәтижесі мардымсыз. Жұрт жалақысы мен зейнетақысын алмай жаты­п, базардағы баға шарықтап шыға келеді. Баға еркіндігін жеке басының  пайдасына  пайдаланатын алыпсатарлардың жағдайын жасап отырған бүгінгі нарыққа нара­зы  болмай  көр  сосын.

 

ОТАНДЫҚ  ӨНІМ  НЕГЕ

ИМПОРТТАН  ҚЫМБАТ?

Алыпсатарлар демекші, бүгінде еліміздегі тауар өндірушілер санынан ортадағы делдалдардың саны жүздеген есе көп. 2017 жылдың жыл бойына қымбаттауларына зер салса­қ, әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы шарықтап отырғанын аңғарамыз. Ұлттық экономика министрлігінің мәлім­деуінше, 2017 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша пияз - 32,8, картоп - 30,9, сәбіз - 23,9, сиыр  еті - 13,2, қой еті - 13,1, консервіленген сүт - 10,4, сары май - 9,4, кондитерлік өнімдер - 8,7, мәйекті ірімшік - 8,6, мұздатылған балық - 8,4, жылқы еті 7,9 пайызға қымбаттаған. Осыған қарап-ақ, өзіміздің өнімдердің сонау шекара­  асып келетін импорттан қымбат болып отырғанын аңғару қиын емес. Бұған көбіне облыс­тардағы өндіретін өнімдерге алыпсатарлар тым көп сауда үстемесін қосатыны себеп екен. Осының әсерін­ен әр өңірлердегі өнімдер едәуір қым­баттап, импорттық тауар­мен салыст­ырғанда, бәсекеге қабілет­тілігі  төмендейді. Осыдан  кейін он қолдан өткен тауар он есе қым­батқа түседі. Мысалы кез келген ресейл­ік, қырғызстандық сүт және сүт өнімдері ақмолалық ұқсас өнім­нен арзан тұрады. Бұған тосқауыл қою үшін Ұлттық экономика министрлігі сауда субъектілері қосатын үстемеақыны шектейтін арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісеміз деген уәж айтқан болатын. Бірақ қалың бұқара үшін бұл жоба әлі күшіне ене қойған жоқ. Осыдан кейін де отандық өніміміз импорттан қымбат күйінде әлі  тұр.

 

ТАРИФТЕР  ТАҒЫ  ҚҰБЫЛДЫ

Көзге көрінбегенімен, біртіндеп болса да қымбатшылықтың «ауы­лы­на» апарып отырған өзгерістер қызмет­ көрсету саласында қылаң берді. Мәселен, құқықтық қызмет көрсету - 7, медициналық қызмет - 6,9, көлiк құралдарын сақтандыру - 6,8, демалыс, ойын-сауық және мәдениет сала­сындағы қызмет - 6,5, қо­ғамдық тамақтандыру 4,1 пайызға ұлғайды. Бұған қоса, соңғы 5 жыл ішінде елі­міздегі коммуналдық қызмет ақысы бірте-бірте көтеріліп, барынша қымбат­тады. 2017 жылдың соңғы айын 2016 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны, сондай-ақ су, электр энергиясы, газ және жылу тарифтері бірден 8,1 па­йызға өскен. Бұл жылдағы кезеңдермен салыс­тырғанда екі пайызға дейін артық. Ыстық су бағасы 11 айда 14,9 пайызға дейін көтеріліп, бүгінде қазақстандықтар ыстық суға орташа есеппен 1 текше метр үшін 237 теңге төлеп отыр. Осы сияқты еліміз бо­йынша газ  тарифі 10,6 пайызға  қымбаттаған. Бір  жыл бұрын бұл көр­сет­кіш 7,5 пайыз болған еді. Бұл өзгеріс­терден жылу тарифтері де қалыс қалға­н жоқ. 9,6 пайызға өскен бұл қызметке  қазақстандықтар  1 Гкал үшін  3,9  мың  теңге  төлейді.

Алматы қаласында коммуналдық қызметтің ақысы 5,1 пайызға өссе, Астана қаласында 5,9 пайызға жоғарылаған  екен.

 

ЖОЛ   ЖҮРУ  БИЛЕТІ   ДЕ

ЖОҒАРЫЛАДЫ

«Жолаушылар тасымалы» ак­цио­нерлік қоғамының мәліметінше, тасымалда­ушы облысаралық әлеуметтік бағыттардың тарифі 7 пайыз­ға көтерілді. Қымбаттаудың тек мемлекет есебінен субсидияланатын ел ішіндегі 11 бағыт пен «Тұлпар Тальго­» жүрдек пойыздарына қатысы жоқ. Олардың билет құны халықтың сұраны­сына қарай құбылмалы. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар да кейбір бағыттар бойынша билет бағас­ын  3-4 пайызға қымбаттатқан.

 

ШЕТЕЛГЕ  ШЫҒУ  ЕКІ  ЕСЕ  ҚЫМБАТТАДЫ

Шетелдік төлқұжат алушылар үшін мемлекеттік БАЖ-дың мөлшері екі есеге, нақтырақ айтқанда, 4-тен  8 айлық есептік көрсеткішке артты.

Былтыр төлқұжатқа төлем 9 мың 76 теңге болса, биылдан бастап азаматтар төлқұжатқа 19 мың 240 теңге  төлейді. «Біз осы уақытқа дейін бұл құжатты рәсімдеуге көңіл бөлмей келіппіз. Енді ескі баға бо­йын­ша алуға үлгермей қалдық. Жақын­да кіші ұлымыздың емі үшін шетелге шығамыз. Отбасымыздан төрт адам баратындықтан, бұл баға біздің қалтамызға едәуір салмақ­ салғалы тұр»,- дейді Айман Бақыт­қы­зы есімді астана­лық  тұрғын.

 

СӨЗ   СОҢЫ

Күнделікті қолданатын көкөніс өнімдерінің бағасы бүгін базарда шарықт­ап тұр. Жұрт көп баратын, «Артем» аталатын астаналық базарда­ картоптың  бағасы – 130, сәбіз – 135, пияз 130 теңге болып тұр. Жеміс-жидектерден, мандарин – 650,  банан – 400,  алма – 450 теңге. Жекеле­ген дүкендердегі бағаларға мән беріп, бақылап жатқан ешкім жоқ. Онда көкөністердің бағасы екі есе болып тұрса да таңғалмайсыз. Екінің бірі күнде базарға бара алмайтынын ескер­сек, осындай шағын маркеттердің өзі әлеуметтің әмиянын теріс айналдырып тұр. Бүгінгі нарықтың бағасы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі 24 284 теңгені салыстыру мүмкін емес. Әлеуметтанушылар үкімет бір қаулыны шығарумен ғана шектелмей, дамыған елдердегідей әлеуметтік пакеттер жасаудың түрлі жолдарын қарастыру қажет деп есептейді. Екінші жағынан бұл жерде бұқараның «алма піс, аузыма түс» деп отыратын масылдық түсініктен аралып, еңбек етуі де маңызды. Қалай болған күнде де нарықтағы бағаның өсуін еріксіз тежейтін қоғам құра алмай келе жатқанымыз өкінішті.

Гүлжан   РАХМАН,

Астана   қаласы

 


 

Күнай  ЕЛЕМЕС,

социолог:

– Үкімет өз тарапынан бағаны көтермеудің, коммуналдық қызмет тарапынан бағаны шектеудің шарала­рын қанша қарастырса да, нарық жағдайында бұл тиімді болмауы мүмкін. Өйткені бағаны ауыз­дықтау  үшін  оны  үкімет қатаң назарда ұстау керек. Ал дәл қазіргі нарық заманында ондай бақылауды енгізу мүмкін емес. Өйткені оның екінші жағы бар. Дамыған елдерді мысалға келтірсек, оларда халықтың тұрмысы 100 пайыз жақсы деп айта алмаймыз. Олар тұрмысты жақсартудың басқа тетіктерін меңгерген. Нарықтық тетіктерді пайдалана білу керек. Бізде отбасылық шығындар көбіне білім алу мен денсаулыққа қажетті дәрі-дәрмекке, ем алуға кетеді. Біздегі дәрі-дәрмектер барлық зейнеткерлерге тегін немесе белгілі бір кең көлемдегі жеңіл­дікпен босатылса, онда бұл мәселе де реттелер еді. Екіншіден, отбасылық табыстың бір бөлігі оқуға кетеді. Ақылы оқуға кететін шығын бір бөлек, тегін оқитын сту­денттердің өзі шәкіртақыны жарытып ал­майды. Бұған банктердегі несиелеріміздің өсімақысының көп­тігін  қосыңыз. Екі адамның бірі несие алып, оған артық ақша төлеп, қалта­сындағы қаржы­сынан қағылып, тап­қанын банкке өткізіп жүр. Міне, біздегі мәселе осылай саралай берсек, тізіле береді ғой. Банк­тердің саясатын реттеп, әлеумет­тік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың жағдайына қарай жұмыс істей бастаған кезде ғана бұл мәселе шешімін  табады.

 


 

 

Тақырыпқа  тұздық

ЭЛЕКТР  ЭНЕРГИЯСЫ ЕРТЕҢГЕ

ҚАЛА  БЕРЕ  МЕ?

 

Елімізде тарифтердің тағы құбылып, коммуналдық қызметтің қым­баттағанын айтқан болатынбыз. Бұл мәселе депутаттар тарапынан да қызу қолдау тауып отыр. 24 қаңтар күнгі Мәжілістің отырысында Қазақстан халқ­ы Ассамблеясынан сайланған депутат­тар сараланған тариф тоқта­тылғаннан кейін электр энергиясының бірден қымбаттап кеткеніне алаңда­ушылық  білдірді.

Аталған мәселеге байланысты мәжілісмендер Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Осыған дейін Мәжілісте «ҚР-дағы электр энергиясы мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң жобас­ы қаралған болатын. Сол тұста Энергетика министрлігі электр энергиясы тарифін төмендету мен энергия таратушы кәсіпорындарды қолдау бағытын­да заңнама нормаларына сәйкес барлық шаралар қолға алы­натынын  айтқаны да есте. Аталған заң жобасының  алғашқы  міндеті – аймақтық электржелілі компанияларды ірілендіру арқылы электр энергиясының бағасын төмендету болған. «Алайда іске келгенде мұның бәрі керісінше болып  шықты. Кері­сінше, 2017 жылдың 1 тамызында Энергетика министрлігі сараланған тарифті алып тастады. Ал бұл электр энергиясының бірден қымбаттауына алып келді. Халыққа бұрынғыдан көп ақша төлеуге тура келді. Құзырлы ведомство заңның нормалары мен талаптарына қарамастан, тарифтердің өсіміне жол беріп, электр желілерін кү­шейту бойынша жұмыс нәтижесін халық­қа таныстырған жоқ», - дейді депутат Шәкір Хахазов. Бұған қоса депутат Энергетика министрлігінің «2019 жылы тариф арзандайды» деген ақпаратына күмән келтірді. Ш.Хахазовтың айтуынша, Энергетика министрлігі халық пен депутаттарға берген уәдесін орындамақ тұрмақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша электр энергиясын тағы 10 па­йызға қымбаттатып жіберген. Осыған байланысты ҚХА депутаттары Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, Энергетика министрлігін нақты осы мәселеде  бірқатар шараларды қолға алуға  міндеттеуді  сұрап  отыр.

 


ЫЗАЛАНДЫРҒАН ЫЗА СУЫ МА ӘЛДЕ...? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.02.2018 10:20

Арайдағы ағайынға, әсіресе, өзен жағасына жақын отырған жұртқа қыстың қытымыр мінезі «әсер» етпейді. Себебі мұз қарыған ауа райында қайдан шыққаны белгісіз көлемді су елдің есігінің алдына бір-ақ келген. Тұрғындардың айтуынша, судың ағысы бар. Сырдарияның дәл түбінде орналасқан үйлерге «аяғы бар» су қайдан тап болған? Көктен түсті ме, жерден шықты ма? Жер астынан шығатын ыза суы ғой десек, жергілікті тұрғындар «олай емес» деп дес бермейді.

- Осы Арай мөлтек ауданы, Сырда­рия көшесіне көшіп келгеніме 10 жылдан астам уақыт болыпты. Тіпті ыза судың түр-түсін, шығатын  орындарын да біліп қалдық. Ол қып-қызыл боп жердің астынан шыға­ды да, сол жерде тұрып қалады. Қазір мына су менің үйіме дейін барып тұр. Көршілердің қорасының бәрі су. Қазір күн аяз болған соң ол қатып қалған, әйтпесе кейбір жер­лер­де судың тереңдігі бір метрге дейін жетеді. Егер күн жылыса, су алған жерлердің барлығы еріп, сел болып кетеді. Ол кезде тіпті ұстай алмай қаламыз ба деп қорқамыз, - дейді Арай мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер Сағира Ка­ши­мова.­

Дарияның демі ішінде. Сырдың сұлу өзенінің табиғатын тамашалап, құтты жерге қоныстандық деген жұртшылық жылдар өте өздерін мұндай тосынсый тосарын біліп пе?! Тұрғындардың сөзінше, бұрын Тәуелсіздік даңғылы салынбай тұрған кезде сол жерде оқпан болыпты. Бұлақ секілді шығатын. Сол маңдағы көршілер жабылып, бітегеннен соң бір уақыт басыл­ған. Алайда даңғыл жол салынып жатқа­нда су құбыры тесіліп, су сода­н шығып жатқан жоқ па деп те топшылайды. Хош. Қайдан шықса­ да, әзірге мұз болып тұрғанымен, үйдің сыртқы есігінен енуге сәл-ақ қалған су халықты әбігерге салып жатыр. 31 желтоқсанда жаңа жылмен қоса, белгісіз суды да қарсы алған тұрғындар жанын шүберекке түюге мәжбүр болған. Сырдария көшесінің тұрғыны Роза Байбуланова болса, «су ауланың ішіне кіріп, моншаның іргетасын жібітіп жіберді» дейді. Тіпті үйдің қабырғасы жарыла бастаған. Су келген алғашқы сәттен-ақ тұрғындар қимылдап, төтенше жағдайлар де­пар­таментіне хабарласқан. Фейс­б­ук әлеуметтік желісіне салып­ та хабардар етіпті. «Онан соң «Нұр Отанға» да бардық. Нә­тиже күтіп отырмыз. Егер көмектесе алмаса, бізді «сносқа» жібер­сін. Оған дайын­быз» деп базынасын айтты Р.Байбуланова. Күн өткен сайын көбейген суды уайым­да­ған тұр­ғындар қобалжудың көке­сі көк­темде болмаса игі еді дейді.

Мұқым елдің мұңын тыңдап, мәселені көзімізбен көргеннен кейін жауаптыларға сұрау салдық. «Қазсушар» РМК учаске басшысы Жорабек Нұрымбетовқа хабар­ласқанымызда, жағдайды сарап­таған ол оқиғаны ушықтырмау қажеттігін айтып, сабырға шақыр­ды. Маманның сөзінше, «Арайға» келген су – ыза суы. Әрі ол – таби­ғи құбылыс. Оған адам билік  жүр­гізе  алмайды.

- Ол – жерасты суы. Қатып қалған соң қазір ағып та тұрған жоқ. Сырдариядағы су деңгейі түсті, біріншіден. Екіншіден, күн сал­қын болғаннан кейін капилияр болады. Капилияр дегеніміз – жер қыртысының түтікшелері. Сол түтікшелер арқылы су із тауып, содан­ жерасты сулары шығады. Жоғарыдан қысым келіп, нәтижесінде пайда болады. Ал қысым қайда болады? Су көбейгенде, күн жылығанда. Күн жылығаннан кейін босайды жердің қыртысы. Сол кезде жайлап су шығып жа­тады. Мұздағаннан кейін өзі қатып қалады. Су ақпай қалады. Көк­темде сол ашылады, ағады. Егер дария­дан шығып жатқан су болса, аппақ, мөлдір болмайды, ол топырақ  болып шығады да, 2 сағаттың ішінде дамбыны бұзады. Дамбының астынан да шығуы мүмкін. Ол біреудің үйінің, қорасының іші­нен де шығуы мүмкін. Ешкім болжай алмайды. Ол дарияның бойымен келіп Бірқазаннан шығуы да мүмкін. Оны ешкім дәлелдей алмайды. Егер дамбының астынан су шығып, алатын болса, екі-ақ күнде бұзып кетеді. Қазір су кетпеу үшін әкімшілік дамбы салып жатыр, - деді «Қазсушар» РМК учаске басшысы Ж.Нұрымбетов.

Осылайша елдің көңілін күпті етіп, Сырдария көшесіндегі үй­лер­ді кезген судың «төркіні» белгілі болды. Ал дарияның дүмпуінен қорқып дүрліккен тұрғындарды көшіру турасында Ж.Нұрымбетов: «Тұрғындардың ешқайсысы көші­рілмейді. Бәрі уақытша нәрсе. Ертең барлығы басылады», - деп қадап  айтты.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


ҮЗДІКСІЗ КӨМІР ТАСЫП, ДӘРМЕН ҚАШЫП ЖҮР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.02.2018 10:18

«Адал еңбек – ердің досы» дейміз. Өте орынды. Нарық алқымнан алып, қымбатшылық жайлаған бүгінгідей кезеңде еңбек етіп, мал тауып, от­басын асырағанның артық болмасы анық. Десе де, не жайлы айтқымыз келгенін мақаланы оқу барысында көзіңіз жететіні анық, құрметті оқырман!

Арықбалық ауылдық округіндегі ауылдық мәдениет үйінің кескін-келбеті, ішкі-сыртқы безен­дірілуі, аумағының тазалығы, көгалдандыру жайы, ауыл өнерпаздарының жеткен жетістігі өзгелерге үлгі болғандай. Аудандағы елді мекендер арасындағы «халық театры» атағы бар жалғыз ұжым мүшелер­і  алуан түрлі тақырыптағы қойылымдары­мен көрермендер көңілінен шығып жүргені де мақтауға  лайықты.

Алайда «айтпаса, сөздің атасы өледі» деген бар. Түсінікті болуы үшін таратыңқырап жеткізсек. Ауылдық мәдениет үйінде қысқы маусымда екі азамат от жағушы болып жұмыс істейді. «Алатау» аталатын қатты отын, яғни көмірмен жылытылатын шағын қазандыққа тәулігіне белгіленген мөл­шерде, күн суытса, онан көп көмір жағылады. Салқын­ күні екінші қазандық іске қосылады. Ал қысы қытымыр Қазалының ауа райының жаймашуақ бола бермесі көпке жақсы мәлім. Әсіресе соңғы тәуліктердегі қызыл шұнақ аяздан адам тұрмақ төрт түлік малдың да берекесі қашқаны, мектеп, балабақшаларда оқу-тәрбие жұмыстарына, жолаушылар тасымалына біршама қиындықтар туындағанын несіне жасырамыз? Мұндай сәттерде от жағушылардың онсыз  да жеңіл саналмайтын жұмыстары тіпті ауырлай түсері белгілі. Сонымен айтар мәселемізге оралсақ.

Ауылдық мәдениет үйінің екі от жағушысы күнделікті 12 сағаттан жұмыс істейді. Қалыптас­қан жағдай соны қажет етеді. Бұл – таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін  қоларбамен қазандыққа көмір тасып, оны жағып, күлді қоларбамен сырт­қа шығарып,­ арнаулы орынға төгіп, күнұзағына үздіксіз бейнеттенген адам түнде ғана тыныстап, таң ата қайтадан кезекшілікке келеді деген сөз. Немесе түнгі кезекшілікте тұрған адамның да басын­ан осы жағдай өтеді дегенді білдіртеді. Оның үстіне «Жұмыстан соң жуынып-шайынып (ауысым бойына көмір тасып, от жағып, күл шығарған адамны­ң кескін-келбеті қандай болатынын көз алдыңы­зға елестетіп көріңізші) тазаланатын да орын жоқ» дейді өзім тілдескендер. Кімге де бұлайша­ еңбек ету оңай емес. Әрине, еңбегінің өтеуіне жалақы алатыны рас. Алайда ауыр жұмыстан соң адам ағзасы демалысты, қайтадан күш жинап, еңбекке деген қабілетті орнына келтіруді қажет етеді. Осы ретте от жағушылардың жұмыс кестесі тым тығыз емес пе деген пікір қылаң беред­і. Соған орай, от жағушы тәрізді ауыр жұмыста дәл осындай штат бірлігімен екі адамның жұмыс істеуі дұрыс па, әлде қосымша адам беруге мүмкіндік қарастыруға бола ма, Еңбек туралы заңда қалай жазылған, бұған құзырлы орындар не айтар екен деген  сауалмен  сөзімізді түйіндесек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы   ауданы

 


«ҮЙДЕГІ ПРОБЛЕМАСЫН СОТТА ШЕШЕМІН ДЕУШІЛЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.02.2018 10:17

Осылай деп Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов дабыл қағып отыр. Сот төрелігін жүзеге­  асырудың 2017 жылдың қорытындысына арналған кеңей­тілген кеңесінде төраға елімізде азаматтық істердің еселеп көбейгенін мәлімдеді.

«Азаматтық істер өте көбейіп келеді, 5 жылда екі есе», - дейді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов. Оның айтуынша, 2013 жылы аталмыш заң бойынша тіркелген істер 560 000  болса,  былтыр  900 000-ға жеткен.

ҚР Азаматтық кодексі арқыл­ы қандай қатынастар реттел­еді? Заңға сүйенсек, тауар­-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар және тағы басқа. Осы сарындағы заңсыздықтардың күрт артуы­ ондағы мамандардың қызметіне де әсер етуде. Мәселен, «Алматының Әуезов ауданында бір судья күніне 12 іс пен материалды қарайды екен. Төрт жылда жүктеме 4 есеге өсті. Судьял­ар қағазға көмілуде. Адамдарды конвейнерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын?! Сонда қарап отырсақ, 900 мың іс  болса, кемінде 2 миллиондай­ адам сот әуресінде жүр. Оған сот аппаратын, прокурор­ларды, адвокаттарды, сарап­шыларды, сот орындаушыларын  қо­сыңыз. Бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ. Ал елі­міздің  дамуын­а  үлкен кедергі» деп қадап  айтты  Жақып  Асанов.­

Бір қызығы, арыз беріп жүргендердің көбісі кәсіпкер­лікпен айналысып, бұқараға пайдасын тигізіп жүрген азаматтар екен. Олар осындай олқылықтың салдарынан жеке бизнесін қоя тұрып, уақытының көбін сот органдарының табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

- Бірі меншігін даулайды, екіншісі  қарызын  талап  етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі проблемасын сотта­  шешемін  деушілер де көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден «жағдайың қалай?» деп сұрасаң «біреумен соттасып жатырмын» дегенді жиі естисің. Сонда қалай? Табиғ­атынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын хал­қымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сот­қа жүгіреміз. Қит етсек­, сол. Екеуара дауды сот аренаға  шығарып,  айқай-шумен шеш­кі­міз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу  мәдениетіміз қайда  жоғалып  кетті?», - деп ашынды Жо­ғарғы  сот  төрағасы.

Сондай-ақ, ол сотқа арыз­данудан бұрын таныс іздеп сандалат­ын «қасиетімізге» де тоқталды. «Сотта ағам бар, көкем бар  деп  қорқытамыз. Сондағ­ы мақсат - әділдік емес. Оппонен­ттен өш алу, абыройын айрандай төгу. Сондықтан Ел­басымыз дамуымызға кедергі болат­ын осындай әдеттерден арылуымыз қажет деп шегелеп айтты. Рухани жаңғырамыз десек­, соның  негізігі  бір шарты - осы», - деді  Жақып  Асанов.

Елбасы оны жаңа қызметке ұсынған кезде алдына нақты міндет  қойып  берді. Ол – жұрт­шылықтың  сотқа  деген  сені­мін арттыру. Заңның халық алдын­дағы абыройы да оның әділдігінен көрінетіні белгілі емес пе? Бұл туралы да жаңа лауазым иесі Жақып Асанов толығырақ  айтып  берді.

«Басшылыққа таяуда келгендіктен, сот жүйесінің қандай да бір кемшін тұстары туралы айту жөн болмас. Оның үстіне түбегейлі өзгерістерді жария ету. Бірақ мен бір нәрсені атап өткім келеді, біз ешқандай рефор­ма  ұсынбаймыз. Судьялардың жетінші съезінде Презид­ент  берген  нақты  тапсырмалар бар. Осы бо­йынша жұмысымызды жал­ғас­тырамыз», - деді Жоғарғы сот  төрағасы  Ж.Асанов.

 


ЕКІ АУДАНҒА ОРТАҚ МӘСЕЛЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.02.2018 09:58

Құлықсыздық  жойылса,

жұмыссыздық та  төмендейді

Өткен жұмада Жаңақорған және Шиелі аудандарының әкімдері жыл ішінде атқарған жұмыстарын саралап, ел алдында есепті жиынын өткізді. Жиынға арнайы барған облыс басшысы Қырымбек Көшербаев алдымен Жаңақ­орған ауданында ашылған орталық емхананың жұмысымен танысты. Жақында ғана ел игілігіне берілген нысан­  бір мезгілде 250 кісіні қабылдай алады. Кешен заманауи қондырғылармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда қатерлі ісік, қан тамыры, көз ауруларын, т.б. тексеруге толық мүмкіндік жасал­ған. Бүгінде 166 дәрігер, 400-ден астам медицина қызметкері еңбек етуде. Аудандық емхананың бас дәрігері Сәулебек Ысқақовтың айтуынша, мамандар тапшылығы жоқ. Қажетті мамандар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа қабылданған. Жаңа мекеменің жұмысымен танысқан аймақ басшысы оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.

Осыдан кейін Жаңақор­ған ауданы әкімі Ғалым Әміреевтің есепті кездесуі басталд­ы. Бұған облыс әкімі, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары және жергілікті тұрғындар қатысты. Оңтүстік өңірде жыл ішінде ілкімді істер атқарылған. Былтыр аудан қазынасына 14 млрд 708 млн 748 мың теңге салық төлемдері түсті. Республикалық  бюджет 91,3 пайызға (болжам 13 млрд 677 млн 755 мың теңге, түсім 12 млрд 493 млн 492 мың теңге)­, яғни 1 млрд 184 млн 058 мың теңгеге кем орындалды. Ал жергілікті бюджет 102,3 пайызға, яғни 47 млн 120 мың теңгеге артық орындалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға  қойған  міндеттері  жүйе­лі түрде жүзеге асуда. Әсіресе, кәсіпкерлікті жетілдіру барысында тындырымды тірлік барын байқадық. Айталық­, 2017 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3338-ге жеткен. Бұлардың 3 мыңнан астамы белсенді жұмыс істеуде. Ал кәсіпкерлік қай өңірде қарқынды дамыса, салықтық базаның нығая түсетіні және жұмыссыздық деңгейі бә­сеңдейтіні белгілі. Былтыр ауданда 11126,4 млн теңгенің өнімі өндіріліп, одан түскен салық 1141 млн теңгені құраған. Ал кәсіпкерлік субъектілерінде 9 мыңнан аса тұрғын еңбек етуде. «Нәтижелі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау  қоры» АҚ арқылы 96,2 млн теңге болатын 34 жоба  қаржыландырылған. Сондай-ақ, Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұсы­нысыме­н 238,7 млн теңгенің 52 жоба, «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 43,0 млн теңгенің 6 жобасы несиелен­дірілген. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің сөзінше, қаржы ұйымдары арқылы несие­ алып, кәсібін дөңгелеткендер саны еселене түскен. Ал «Батыс Еуропа­-Батыс Қытай» халықаралық авто­жолының бойында 5 сервистік кешен іске қосылып, жұмыс істеуде.

Индустриялық-инновациялық дамуы­ жағынан Жаңақорған ауданы өзгелерден көш ілгері. Былтыр ел қазынасына қомақты инвестиция тартылып, өңір экономикасы өрістеп, мемлекеттік әріптестік аясында ауқымды жобалар жүзеге асқан. Олардың ішінде «Каз­атомпром» АҚ-на қарайтын уран өндірумен айналысатын «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС және қорғасын-мырыш өнді­ре­тін «Шал­қия Цинк ЛТД» АҚ аймақ әлеуе­тінің артуына елеулі үлес қосып келеді­. Шикізат қоры мол өңірде ауқымды жобал­ар қанат жайғалы тұр. Алдағы уақытта индустриялды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында ауданда «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кенішті модер­низациялау және кен байыту фабрикасын салу, «Премиум Класс-Строй» ЖШС-нің жылдық қуаты 30 мың тонна­ әк шығаратын, «БК Кызылордацемент» ЖШС-нің қуаты жылына 560 мың тонна­ цемент өнімін өндіретін, «Қы­зыл­орда AGROPlus» ЖШС-нің жылына­ 12 мың 750 тонна томат пастасын шыға­ратын зауыттардың құрылысы жүргі­зіл­мек. Сонымен қатар жел-күн электрстанцияларын салу жоспарланып отыр.

Былтыр жаңақорғандықтар ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста «Ең үздік» аудан атағына ие болды. Жаңадан «агро-индустриялды» аймақ құрылып, шағын шаруалардың кәсіп бастауына қолайлы жағдай қалыптас­қан-ды. Ол агроаумаққа инфрақұрылым тартылған. Ал диқандардың елеулі еңбегінің арқасында егілген 9967 гектар­ күріштің әр гектарынан 48,6 центнер өнім алынды. Бұрын игерілмей жатқан аумақтар қайта қалыпқа келтіріліп, шаруал­ар күріштің жаңа сортын егуге ден қойған. Ал мемлекеттік несиелер арқылы  ата  кәсіпті жандандырып отырған жандардың қарасы қалың. Жалпы, Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бір бөлігі  осы  оңтүстіктегі ауданға тиесілі. Өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасы бойынша мал басын  арттыруға  ден  қойылған.

Есепті жиында өңірдегі жүргізіліп жатқан құрылыс барысы да сөз болды. Былтыр ауданда 6 мектептің іргетасы қаланса, оның 2-еуі пайдалануға берілді. Қалғаны биыл іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар нысандар пайдалануға беріл­ген. Аудандағы бірнеше мектептің жылу қазандықтары толық жаңартыл­ған. Өңірлік маңызы бар бірнеше тасжолдың құрылысы тамамдалған. Өңір басшысы Ғалым Әміреев қорытынды сөзінде «былтырғы жыл Жаңақорған ау­даны үшін табысты болды» деп атап өтті.

Бұдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының кешегі жолдауы, мемлекет басшысы мен АҚШ прези­денті Д.Трамптың кездесуі жөнінде және облыста атқарылып жатқа­н шаруалар төңірегінде көпші­лікке таныстырды. Сонымен қатар биыл Жаңақорғанда жүзеге асатын жобалар­ туралы да айтты. Және аудан әкімі Ғалым Әміреевке өңірдің кіріс көлемін көбейту, ет комбинатын салу, жұмыссыздықты төмендетеу керектігін ескертті.

 

 

Ауыл  әкімдері  ай  қараған  ба?

Түс  ауа  аймақ басшысы  бастаған топ Шиелі ауданының Жуантөбе ауылдық округі Алғабас елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылған спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Кешенінің жалпы құны – 42 млн теңге. Ауыл тұр­ғындары  атынан Орынбай Ахметұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Осыдан­ кейін облыс әкім Шиелі кентінде жаңа­дан салынатын орталық аурухананың алғашқы кірпішін қалау рәсіміне қатысты­.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жыл сайынғы Жолдауларында ұлт денсау­лығын жақсарту жайын ұдайы айты­п келеді. Осы ретте, мемлекет тарапы­нан тұрақты қолдаудың нәти­жесінде еліміздің денсау­лық сақта­у са­ласы­  жүйелі  түрде даму үстінде. Соңғы екі жылдың ішінде Сыр өңі­рін­де заманауи құрал-жабдықтармен қамтыл­ған 41 денсаулық сақтау нысаны салынды. Шиелі ауданында біраздан бері шешілм­ей жатқан­ жаңа аурухана салу мәселесі болатын­. Бүгін, міне, біз оның құрылысын бастадық. Аманшылық болса, аурухана келесі жылы пайдалануға  беріледі,- деді облыс әкімі.

Шиелі ауданы әкімі Әшім Ораз­бекұлы  ел  алдында  өткен жылы өңір­дегі атқарылған  жұмыстары  туралы есеп берді. Аудан қазынасына несиелерді қоса  есептегенде  жоспарланған 13 млрд 131 млн теңгенің орнына 13 млрд 237 млн теңге, оның ішінде өңір бюдже­тінің өз кірісі 1 млрд 789 млн теңгені құраған. Былтыр ауданның өнеркәсіп орындары 24 млрд 103 млн теңгенің өнімін  өндірген. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жобалық  құны 64 млрд теңге болатын зауыт­тың құрылысын бастаған-ды. Қуаттылығы  жылына 1 млн тонна томпонажды­ цемент өндіреді. Бүгінде онда 380 адам еңбек етуде. Бизнесті жетілдіру мақсатында Шиеліде индустриялды аймаққа 96 гектар жер бөлініп, 6 жобаға тиісті жер телімі табысталған. Айталық, «Шиелі Жолшы» ЖШС асфальт-бетон шығару  зауытын  іске  қосты. Жоба құны – 55 млн теңге.

Ауданда алма бағын өсіру мақса­тында 78 гектар жер телімі ұсынылған. Бүгінде 34 гектар жер теліміне 48 мың түп алма көшеттері отырғызылған. Оның 15 гектарына мемлекеттік қолдау ретінде 20 млн теңге субсидия төленген. Өткен жылы өңірде 4 мың тоннадан­ аса ет, 19 мың тонна сүт өндірілген. Ал агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында 197 майда қожалықтар мен 252 дара кәсіпкердің бірігуімен 28 ауыл шаруаш­ылығы кооперативі құрылған. Несие алып, кооперативтің тынысын кеңейтіп  жатқандары  жетерлік.

2017 жылы өңірдің негізгі  қорына 22 млрд 936 млн теңге инвестиция тартыл­ған. Республикалық бюджет есебіне­н жобалық құны 6 млрд 41 млн теңгені құрайтын 150 төсектік аурухананың құрылысы басталды. Сонымен қатар кентте 197 млн теңгеге 7 шақырым­  инженерлік инфрақұрылым желілері жүргізілген. Дегенмен өңірде өзекті мәселелер  де  жоқ емес. Айталық, соңғы жылдары  ас қорыту ағзаларының аурулары 7 пайызға, жүрек қан тамыр аурулары 29 пайызға артқан. Ал барымтамен айналысатындар  көбейген. Былтыр  мал ұрлығы 29 пайызға өскен. Мұны аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ашына айтты. Сонымен қатар жат діни ағымның жетегінде кеткен бірқатар азаматтардың бар екенін де жасырмады. Сондай-ақ, былтыр ҰБТ нәтижесінде шиелі­лік түлектер облыста ең төменгі нәтиже көрсетті. Мәдениет саласында да біраз жайттың беті ашылғандай болды­. Аудан басшысының сөзінше, 2016 жылы алынған музыкалық аспаптар  әлі күнге пайдаланылмаған. Осыған қатысты мәденит сала­сының  басшысына  ескерту беріп, жұмыс бағытын өзгертуді міндеттегенін жеткізді. Бұл коммуналдық кәсіп­орын­нан түскен қаржы бюджеттің 2-ақ па­йызын құ­райтын көрі­неді.

Шиеліде шикілік көп сияқты. Мұны аудан әкімінің сөзін мұқият тыңдаған облыс әкімі Қырымбек  Көшербаев: «Құлан» бағдарламасы бойынша бірде-бір адам қатыспаған. Бұған тікелей ауыл әкімдері кінәлі»,- деп ашық айтты. Ал жұмыссыздық деңгейі 5 па­йызды  құрап  отыр. Бұл облыстық көр­сеткіштен  көп.

Жиын  соңында облыс әкімі аймақта­ атқарылған шаруаларға қысқаша тоқталды. Ал Ресей­де білім алып жатқан  студент Сұлтанмұрат­ Бауыржанұлы өңірдегі тындырымды тірлікке дән риза екендігін айтып, алғысы­н  білдірді.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Жаңақорған,  Шиелі  аудандары

 

P.S. Жергілікті  жұртпен  жүздескен  аймақ  басшысы  «биыл – Қызыл­орда облы­сында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияланғаны­н жеткізді. Тиісінше өңір әкім­деріне осы  бағытта  жүйелі  жұмыс  істеуді тапсырды.

 


«АТТАНДАП» КЕЛЕТІН АТА-АНА КӨБЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.02.2018 09:57

Ұстазым, қадіріңнің кете­тінін қайдан білейін? Талай шәкірт жүзіңе тіке қарауға тіксінді емес пе? Бұрын Сіз тұратын үйден екі көше  аулаққа жүрдік. Қорыққаннан емес, құрметтің белгісі ғой баяғы. Әлі күнге алдыңа  баруға имене­міз. Әңгіменің шындығы сол... Ата-анамыз бастауышқа  барғанда  «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп өзіңе аманаттағаны есімізде. Содан болар­ кемшілігімізді кеші­ріп, тәртібімізді түзедің...

Ең ұлы мамандық – ұстаздық. Ендеше, сол салада еңбек ететін жандар ұлы деуге лайық...

Қит етсе кәнілауға құмармыз. Уағында мұғалімнен таяқты кім жемеді,­ айқайды кім естімеді? Одан бас жарылып, көз шыққан жоқ. Мінсіз болсақ, математика мен геометрия, химия­ мен биологиядан бестік алар едік. Деңгейіміз үштіктен аспаған соң, «ұят» деген ұғым үшін төрттікке талпындық. Түк шықпады... Есесіне, ұстазымыз тәртібімізге қарай «сыбағамызды» берді. Соның арқасына ғалым болмаса­қ та, ғалымның қолына су құюға жарадық. Әйтпесе, әпербақан жігіт­тердің шыбықтай мұғалімге шамасы жетпеді  дейсіз  бе? Бұл  мектеп пен үйде­гі  тәрбиенің  үйлесімділігі еді.

Жақында Алматы облысы Іле ауданы Боралдай ауылындағы мектепте жаға ұстатарлық жайт орын алды. Қысқасы, ата-ана мектеп мұғалімін оқушылардың көзінше ұрып-соққан. Қазір жәбірленуші ауруханада жатыр. Бас-ми жара­қатын алған. Деректерге сүйенсек, 6-сы­нып оқушысы мұғалімнің сабақ жүр­гізуіне кедергі келтірген. Ал ұстазы тәртіпке шақырған. Сабақтан соң оқушы ата-анасына «мұғалім мені ұрды» деп шағымданған... Былтыр да осыған ұқсас оқиға болған. 9-сынып оқушысы ағасымен қосылып мұға­лімін мектептен шығарып алып төм­пештеп тастаған. Мұндай деректерді жинақтасақ жетіп артылады. Бұл тек әлеуметтік желілерде қызу талқыланғандары  ғана.

– Осы біздің үйдегі екі бала  ешқашан мектептегі болған нәр­сені айтқан емес. Басқа ата-аналарды тыңдап отырсам, балалары сайрап­ айтып барады екен. Негізі мектептегіні үйге, үйдегіні мектепке тасымау керек. Тек  балалар  сабақтарын оқып, тиісті бағасын алып жүрсе, сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді,- дейді ата-ана Шолпан Тілекова.

– Қазіргі ата-аналар да, балалар да мүлде басқа. Біздің кезімізде біреуге шағымданған  баланы  мазақтайтын едік. Бүгінде бәрі де керісінше. Ұстазы бір ауыз сөз айтса, бала ата-анасына шағымда­нады, ал ата-анасы өре түре­ге­леді,- дейді ата-ана Гүлнар Жомартова.

Біздіңше, мектеп басшылығы, оқушы және ата-ана үш жақты байланысты бекіткені абзал. Әсіресе, білім ордасындағы психологтар жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе мектепке «аттандап» келетін ата-ана мен мертіккен мұғалі­мнен  көз  ашпаймыз.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЕШТЕН КЕШ ЖАҚСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.02.2018 09:56

Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым бар сенің қасиетің.

Осы бір өлең жолдарын білмейтін қазақ кемде-кем. Бірақ, мәнін терең түсініп, ұстаздың ұлағатын ұғынып жүргендер соншалықты көп дей алмаймыз. Биліктің өзі енді ғана көңіл бөліп, қанатының астына алып жатқан жайы бар. Әрине, айлығына ақша қосқаннан барлығы шешіле кетті деу ақымақтық шығар. Десе де, Елбасы Жолдауында айтылғандай, мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы осы жылды­ң 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбеймек.

Аталмыш өсім биыл 1, 2, 5, 7-сынып мұғалімдеріне, қыркүйек айынан бастап 3, 6 және 8-сынып ұстаздарының, 2019 жылдың қыркүйегінен 4, 9, 10-сынып және 2020 жылдан бастап 11-сынып мұғалімдерінің жалақыларына қосылады. Сондай-ақ, төлемнің жаңа жүйесі енгізіледі. Енді педагогтердің біліктілік деңгейі ескеріледі. Категориялары­ ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесімен сара­ланады. Расталған соң, олардың жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін көтеріледі. Жаңа жүйе бойынша, 15 жылдық жұмыс өтілі бар, қалалық мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы 147 000 теңге, ал ауылдық  жердегі  ұстаздардың айлығы 179 000 теңге болады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, біздің облыста 20 460 мұғалім бар. Олардың 67%-ы жаңартылған мазмұнмен білім береді.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың ай­туынша, мұғалімдер жалақысының өсуі жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты. Бізде “Білім беру мен ғылымды дамытудың 2019 жылға арналғ­ан” мемлекеттік бағ­дарламасы бекітілген арнайы кесте бар. Осының негізінде олардың жалақысы жоспар бойынша өседі. Қазіргі таңда елімізде 300 400 ұстаз бар. Олардың 67 пайызының жалақысы  осы  жылы  көбейеді. Ал қалған мұға­лімдердің жалақысының көтерілуі жоспар бойынша жүргізіледі”, - дейді ол.

“Алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі” деген болатын Алаш арыстары. Егер де, олар тіріліп келіп, қазіргі хал-ахуалмен танысса, төрдегі төрелерді түтіп жейтін шығар. Ұстаз мәртебесінің төмендеуіне өзіміз кінәліміз. Билік мұғалімді қолбала деп емес, ханбала деп қабылдағанда бәрі басқаша болар ма еді? Сананы тұрмыс билеген заманда, әлеуметтік жағдайының әлеуетін көтеріп алған ұстаздар, әуелі еңсесін, сосын мәртебесін де көтеретін шығар. Ендеше­, ештен кеш жақсы дейік...

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 


Дұрыс па, бұрыс па? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.02.2018 09:53

Бас-басына   би  болу...

Үкімет отырысынан шыққан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты журналистер сұрақтың астына алыпты. Тілшілердің бірі министрге: “Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесу барысында Ақтөбедегі ата-аналар жеке діни мектеп ашу жөнінде ұсыныс айтыпты. Осы ұсыныс қанша­лықты  орынды?” деген сұрақ қойған. Сауалға жауап берген министр: “Бізде діни білім беретін медреселер бар. Қалған білім беру жүйесі діннен бөлінген. Ол туралы заңда жазылған. Алайда қазіргі таңда жеке мектеп ашуға да болады.

Мысалы, қыздар мен ер балаларға арналған. Олар жеке-жеке оқуы қажет. “Аталған білім ордасы қарапайым мектептерден несімен ерекше­ленеді?” дегенге жауап та бар. Біз “азаматтарымыз осындай жеке мектепті ашуға қаншалықты дайын?” деген сұрақты қарас­тыру­дамыз. Ол мәселені талқылап жатырмыз. Бірақ,  ол мектеп ҚР Білім және ғылым министрлігінің сертификациясынан өткен және діннен бөлінген болады. Ал мектептің ерекшелігі – мұнда қыздар орамалсыз жүре алады. Себебі, онда ұлдар жоқ. Десе де, бұл мектеп діни білім бермейді. Жоғарыда аталған ұсынысты қолдайтын ата-аналардың өздері жиналып, демеушілер тауып, жеке мектептерді ашуға мүмкін­діктері бар. Ол үшін барлық жағдай жасалып отыр”, - деді.

Сіздіңше бұл дұрыс па, бұрыс па?

 

Оқушыға   жапондарша қарау...

Жапониялық балалар кішкентай күнінен-ақ мектепке жалғыз қатынайды екен. Яғни, ата-анасының көмегінсіз өзі барып, өзі келеді. Бұл жас жапондықтың ерте есеюіне ықпал етеді. Сондай-ақ, мектеп оқушыларды ұжымдық жұмыстарға баулиды. Олар кабинетті жинастырады, тазалайды. Асханада кезекші болады. Тіпті, дәретхана жуады. Ол жақта мұндай қызметке арналған жұмысшы жоқ. “Бәрі бәріне жауапты” деген қағиданы қатаң ұстанады.

Мұғалім тақтаға математикалық теңдеу жазады. Сосын сыныптың аурасына назар салады. Сәл уақыттан соң бір оқушы қол көтереді. Мұғалім оның жанына келіп, дәптерін көреді. Есептің жауабының астын сызады, бәрі дұрыс. Ары қарай таң­ғажайып құбылыс басталады. Енді әлгі оқушы орнынан тұрады да, қолын көтерген келесі оқушының есебін тексе­реді. Осылай-осылай жалғаса береді. “Егер өзің білген нәр­сені басқаға үйретсең, ақпараттың тоқсан пайызы миыңда қалады. Тақтаның алдына шығып жай ғана түсіндірсем, ақпараттың қырық пайызы ғана оқушыға түсінікті болады. Өзара талқылай отырып, бір-біріне үйретсе ғана ақпарат сіңімді болмақ”, - дейді жапондық мұғалім Кунито Иту.

Айтпақшы, мұғалім оқушыларды қате жауабы үшін де мақтап, көкке көтереді. Сабақ үстінде оқушының мұғалімді алмас­тыруға да қақысы бар. Есесіне, Нобель сыйлығын алған физиктердің тең жартысы жапондардан шық­қан.

Сіздіңше бұл дұрыс па, бұрыс па?

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары