Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 03 Қазан 2018

ҚОС ҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛА ТОЙЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.10.2018 11:54

Тарихы талайларды таңғалдырған, жыр елі, Сыр елі – Қызылордаға – 200 жыл! Жылдары ғасырлармен ұласатын, қойнауына құт қонған Қызылорда қаласының тарихы – таусылмайтын шежіре, мәңгі жырланатын жыр десек, артық айтқандық болмас. Тамырын тереңге жайған бәйтерек секілденіп, өзіне бар жақсыны жинаған киелі мекеннің мерейлі күнін жыл сайын ерекше етіп атап өтеміз. Биыл да қаланың туған күні, яғни қос ғасырлық мерейтойы өз дәрежесінде, биік деңгейде тойланып жатыр. Сөз жоқ, тойды қазақ қашанда Құдайдың қазынасына балаған. Дегенмен, той тойлау дегеніміз – ас ішіп, аяқ босатып, бір-біріне мақтау айтып ғана тарасу болмауы керек. Бұл жолы да қала мерекесі мұндай үрдістен ада болды дей аламыз. Рухани өмірге қадам басқан шаһардың ажарын ашатын, халықтың игілігіне қызмет ететін орталық ашылды. Ұлттық ұстындар ұлықталып, аудандардың жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Қала халқы арзан тауар алып, мәре-сәре болып қалды. Қайырымдылық акциясы жабырқаған жандардың жүрегін жылытып, ақындары сөз барымтасына түсті, ат шаптырылып, балуандар белдесті. Бір сөзбен айтқанда, Қызылордадағы қала күні құр даңғазамен емес, нақты істермен айшықталды.

1000   ОТБАСЫНЫҢ

ЖҮРЕГІН   ЖЫЛЫТТЫ

Қала күні мерекесіне орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы ұйымдасты­рылып, әлеуметтік аз қам­тылған отбасыларға көмек көрсетілді. Шара аясында 1000 отбасы 20 млн теңген­ің азық-түлігімен қамтылды. 40-тан аса автокөлікке тиелген азық-түлік өнімдері арнайы бөлінген әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен барлық­ отбасының үйіне жеткізілді. Сонымен қатар, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің аумағында акция шеңберінде қаржылай көмек көрсеткісі келетіндерге арнайы жәшік қойылды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шараға арнайы келіп, атсалысқан кәсіп­керлерге алғыс білдіре отырып, жиналған жұртшылықты қала күні мерекесімен  құттықтады.

- Ұлт  Көшбасшысы, Елбасымыз: «Мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шара жасау – хал­қымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі. Мемлекет пен бизнес экономикалық ғана емес, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуде де әріптес болуы­ тиіс» деген болатын. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында арнайы бір күннің «Жүрек жылуы» атауымен қайырымдылыққа  арналуының негізі осында, - деді аймақ  басшысы.

Жақында ғана өткен «Жүрек жылуы» өнер фестивалінің қорытынды кешінде облыс әкімі аталмыш шараның аясы кеңейе түсетінін айт­қан болатын. Яғни, 2019 жылы өнер фестивалінің қаржы­сы 3 есеге дейін өсетін болады. Сондай-ақ, номинациялардың  саны да  көбеймек. Мұның өзін біздегі қам­қор­лықтың нышаны, жана­шырлықтың белгісі деуге болады­.

- Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай түрлі деңгейдегі іс-шаралар­ ұйымдастырылып жатыр. Солардың  бірі – дәстүрге айнал­ған «Жүрек  жылуы»  акциясы. Біз мәдени­-көпшілік шаралармен қатар, қайырымдылық шараларын да көптеп өткізуді жөн деп санадық. Мұқтаж жандар­ бар және оларға мемлекет тарапынан­ қолдау да бар. Шараға көп­теген кәсіпкерлер  өз үлесін қосуда, - деді қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

Айта кету керек, қайырымдылық шараларын өткізу аймақтың игі дәс­түріне айналған. Өткен жылы 800-ге жуық отбасыға көмек көрсетілген еді. Жыл басынан бері Наурыз, Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінде аймақ­тағ­ы 2 мыңға  жуық  тұрмысы  төмен отбасы­на  15 млн  теңгеге  заттай көмек  берілді.

 

ҰЛТТЫҚ   ТАҒАМДЫ

ҰЛЫҚТАДЫ

Ақмешіт атырабының қос ғасырлық мерейтойын тойлау «Сыр сүлейлері» аллеясында жалғасты. Оған арнайы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықова, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келіп, ұлттық тағамды ұлықтаудың куәсі болды. Ақ мол болсын, халықтың ризық-несібесі арта түссін деген арда тілекті арқалаған жиынға жұртшылық көп жиналды. Қаз-қатар тігілген үйлерді аралап, ондағы көркем көрініспен танысқан Қырымбек Елеу­ұлы Сыр халқын айтулы мерекемен құттықтады.

Иә, бұл дата өзге мерекелерден өзгерек­. Себебі, сүйікті қаламыз жа­сампаз  болашаққа қарай тағы бір тарихи­ қадам жасады. Бұл – Сыр жұртшылығы үшін үлкен мереке! Алтын күзбен қатар келген мерейлі күнде ұйымдастырушылар келушілерге күз «дәмін» ұсынды. «Сыр сүлейлері» аллеясы­н көшпелі қазақтың кәдімгі ауылы дерсіз. Бір шетінде асық ату ойын­ы, енді бір жерде гір көтеру  сайы­сы­  қызу  жүріп жатыр. Ал қол күреске  жиналған  азаматтардың  қара­сы­  қалың. Кіл күштінің ішінен ең мық­тысы­н таңдауға жанын сала жан­күйер  болып  жүр. Бастысы, салтанатты  жиынға келген қарапайым халықтың жүзіне күлкі үйірілген. Мәз-мейрам. Қамысқаладан Қызылордаға дейінгі  уақыт  керуенінде  жүргендей еді жұрт. Арнайы дайындалған ақ шатыр­ларда қаладағы үздік мейрам­ханалардың қала күніне сыйлығы ұсыныл­ды. Бір қарағанда қамыстан жасал­ғандай  көрінетін  торт-үй, Қор­қыт  мемориалдық кешені мен оның нақыл­ сөздері жазылған торт, Қызыл­ордаға 200 жыл деген жазулары бар кішігірім тәттілер бұқараның назарын аударды.

- Бұл торттың идеясы біздің Қызыл­орданың қамысты қала болып атал­ғанына  арнап  жасалған. «Әлем таныған күріш қыз» деген тортымыз бар. Ірімшік, құрт, майсөгі, қауынқағы бар таба  наннан жасалған қараша үйіміз бар. Қарап отырсақ, қазақтың осыған дейінгі  қолданып  келген, қазір  де  пайдаланатын тұрмыстық дүниелері, ұлттық  тағамдары. Осыны біздің маманд­ар  тәттіден жасап, ұсынып отыр. Елге  ұнаған  сияқты, - деп  қуанды­  «Шах сарайы»  мейрамханасының  басшы­сы  Жұмабай  Қаражанов.

Осындай көркем шараға қатысушыларға арнап айқара ашылған жолдың жиегінде бір топ жастар киелі домбырамызды қолына ұстап, күй төгілтті. Домбыра күмбірі мерекеге ерекше леп беріп тұрғандай. Ұлттық киімімізбен сәнденген өнерлілер халық әндерін тамыл­жыта шырқады. Кезек келесі бір үйге келгенде таңданысымыз одан әрі арта түсті. Себебі мұнда қауын мен қарбыз­ гүл себетіне айналып, баклажан мен жүгері, қияр мен қызанақ пирамида, асқабақ пен қырыққабат жануарлар кейпіне еніпті. Қиялына қанат біткен алтын қолды шеберлер мұны қала күніне  тарту  етіпті.

- Бүгінгі көрмеге қойылған жұмыстардың барлығы технология сабағы барысы­нда оқушыларға үйретіледі. Сабақ­та  пайдаланады.  Мерекеге  әркім өз фантазиясындағы нәрселерін жа­сады­. 200 жылдық мерейтоймен халықты­, білім саласындағы әріптестерімді  құттықтаймын.  Қызылордамыз жылдан-жылға  көркейіп  жатыр. Осының бәрі Елбасымыздың, облыс әкімі­нің арқасы. Алғысымыз шексіз, - деп жүрекжарды  лебізін  жеткізді №278 орта мектептің  технология  пәнінің мұғалімі  Әлия Талғатқызы.

Қалалық технология пәні бірлес­ті­гінің жетекшісі Сәуле Қайыптан сұра­ған­ымызда, «Қауын-қарбыз» фестив­а­ліне  54 мектептің мұғалімдері қатыс­қанын мәлімдеді. Осында қойылған өнер туындылары сол 60 шақты мұға­лімнің еңбегі екен. Бұл ретте қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі де көмегін аямапты. Қажетті жеміс-жидек, көкө­ніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз еткен. Қатысқан жұртшылық үшін ең қызығы, мерекелік шара тамамдалған соң тұрғындар өзіне ұнаған жемісті тегін алуына мүмкіндік жасалыпты.

- «Қауын-қарбыз» фестивалінің мақсаты – Қызылорда өңірінде өсіріл­ген қауын сорттарын көрсету. Жергі­лікті жойылып бара жатқан түрлерін қайта қалпына келтірумен айналысып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – сол. Арғы түкпірінде Орта Азияны, Ресейдің нарығын жаулап алған өзбектің мырза­шөл­ деген сортына сәйкес келетін­ жер­гілікті қауын сорттарын іздесті­рудеміз. Мұндағылардың бар­лығ­ы  жергі­лікті  Қызылорда  қаласында­ өсірілген қалай­сән, қара күләбі, тор­лама,­ саржау сорттары. Өнімді өндірумен қатар, ғалым  болғандықтан, ғылыми­  жағына  да  мән  береміз. Тұқым шаруашылығын  жолға қою, жойылып бара  жатқан  сорттар­ын  қайта  қалпына­ келтіру жұмыстарын  алдыңғы  орынға  қоямыз, - деді ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Мұнан ары жүрсеңіз, тарихи көм­беге тап боласыз. Киіз үйдің ішінде Ақмешіттің тағылымды тарихына қараст­ы дүниелер көрмеге қойылған. Ақын,  жазушы А.Тоқмағамбетовтың өзі пайдаланған жазу машинкасы да бар мұнда.

- «Ақмешіт-Перовск-Қызылорда» атты экспозициялық көрмесін халық назарына ұсынып отырмыз. Ақмешіт бекінісінің макеті қойылған. Дарияның оң жағалауында орналасқан, айналасында орлар қазылып суға толтырылған.­ Бекіністе мұнаралар, тұщы суы бар үш құдық және 2 мешіт, медресе және жауда­н қорғанатын мықты темір қақпа болған. Бекініс 1818 жылы салынған. Дәл осы сыртқы келбетін макет ретінде көрініс қылып көрсетіп отырмыз. Қызылорда қаласы астана болған ке­зең­нен фотосуреттер,  архивтік құжаттар  қойылған, - деп көрмеге қатысты ақпарат берді «Ақмешіт музейі» филиалының  меңгерушісі  Кенже Ахметова.

Жиын аяқтала бастаған тұста балға үймелеген арадай, бір жерге жиналып таласып-тармасып жатқан жұртты көзіміз шалды. Жақын барып қарасақ, тұрғындар тегін таратылған қауын-қарбызд­ан  алып  жатыр  екен.

- Барша  жұртшылықты Қызылорда қаласының  мерекесімен шын  жүректен­ құттықтаймын. Күні кеше ғана №264 мектеп-лицейінде ауқымды шаралар өткізгенбіз. Бүгінгі шара тіпті керемет өтуде! Балалар да мерекені сезініп жатыр­. Тегін қауын, қарбызды арқалап жұрттың бәрі ырза болып кетіп бара жатыр. Еліміз  аман, жұртымыз  тыныш болсын, - деп  қала тұрғыны  Гүлзар Баша­рова  ақ  тілегін  жеткізді.

 

«РУХАНИ   ЖАҢҒЫРУ»

ОРТАЛЫҒЫ   АШЫЛДЫ

«Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының ашылуы­ айтулы датадағы айрықша жаңал­ық болды. Сырдарияның сол жағалау­ынан пайдалануға берілген алғашқы­ нысан да – осы. Ол қазақ ұлты үшін қастерлі. Себебі дәл осы ғимараттың түпнұсқасында 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізін­де салынған құрылысқа жан бітті. Енді тәуелсіз елдің ұрпағы мұнда халық  үшін  тер  төгетін  болады.

 

ЕЛБАСЫ  НЕ  ДЕДІ?

200 жылдық той мұнымен тоқтап қалған жоқ. Кешқұрым Нартай Беке­жанов атындағы драма театрында өткен салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшыс­ы Г.Әбдіқалықова Сыр жұрт­шылығын мерейтоймен құттықтап, Елбасы­ Н.Назарбаев жолдаған құт­тықтауын  жеткізді.

«Ерте замандардан бері ұлтымыздың ұйытқысы болған Сыр өңірі – қазақ баласы­ үшін қашанда қадірлі. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Осы байтақта қазақ жыршылық өнерінің айрықша мектебі қалыптасты.

Шығыс даналығында: «Халықтар қалаларды, ал қалалар мемлекетті құрайды» деген тәмсіл бар. Өркениеттің өлшеуіндей болған әсем қалалардың Сыр бойында болғаны да тегін емес. Әлеуметтік-саяси  мақсаттарды  жүзеге асыруда сол қалалардың маңызы ерекше­  болды. Бүгінгі Қызылорданың бағасы  да солардан  кем  емес.

Алмағайып замандарда Сыр өңірі талай ұлт пен ұлысты жат деп жатсынбай, бауырына басты. Сасқанға сая, жабыр­қағанға  пана  болды.

Алғашқы  өнер-білім  ордалары орын тепкен, ұлт зиялылары шоғыр­ланған Қызылорда өңірі бүгінде Тәуел­сіз Қазақстанның өсіп-өркендеген ірге­лі облысына  айналды. Қызылорда  қала­сы­ Сырдың сол жақ жағалауына қарай кеңейіп­, сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарға ұласты. Жаңарған, жасар­ған Қызылорда – азаттығымыздың  айқын көрінісі, ынтымағымыздың  жемі­сі.

Берекелі Сыр  жұртшылығына  ырыс­ты ынтымақ пен берекелі бақ тілеймін! Екі ғасыр қазақ топырағын тебір­ентіп, қазақ баласын тербетіп келе жатқан қасиет­ті жер аман болсын!» - делінген Елбасының  құттықтау  хатында.

Ел Президентінің алғаусыз тілегінен соң, өңір басшысы Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

- Жаңа қала - сол жағалаудан инвесторлардың  қаржысы  есебінен  салынып жатқан 16 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақша мен «Болаша­қ» университеті кампусы және жастар ресурстық орталығының жыл соңын­а дейін пайдалануға берілуі қала тұрғындары үшін негізгі мерейтойлық тарту болмақшы. Бүгін біз ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару  Комитетінің  сызба-нұсқасымен салынған сол жағалаудағы алғашқы нысанн­ың  салтанатты  ашылу  рәсімін өткіздік, - деді облыс әкімі.

Мерекелік жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Виталий Брынкин, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты Иранбек Оразбаев және ҚР Елтаң­басының авторы, «Құрмет» орденін­ің кавалері Жандарбек Мәлі­беков Қызыл­орда қаласының  200  жылдығы  мерей­тойлық­ медалімен  марапатталды.

 

ӨНЕРПАЗДАР   ТАРТУЫ

Қай мерекенің болмасын шарықтау шегі немесе қорытындысы ретінде гала-концерт ұйымдастырылады. Сүйікті қаламыздың туған күніне арналған гала-концертке туған топырағымыздан түлеп ұшқан эстрада жұлдыздары арнайы келді. Төреғали Төреәлі, Мәдина Сәдуа­қасова, Серік Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова сынды әншілер кеш көрігін қыздырды. Ел сүйетін Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас та қадірлі қонақ болды. Орталы­қ алаңға жиылған жұрттан жер қайысатындай. Жұлдыздардың өнеріне зор ықыласпен қол соққан қала тұрғындарының мерекелік­ көңіл күйі өте жоғары­  болды.

 

ЖӘРМЕҢКЕ   ЖАРЫЛҚАДЫ

Мерейтойға орай сенбі күні ауыл шаруа­шылығы  өнімдерінің  жәрмеңкесі болды. Оған Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған ауданына­н  барлығы  550  тоннаға  жуық өнім  әкелінді.

Арал ауданының жәрмеңкесі Тас­бөгет кентінде, қармақшылықтардың тартуы «Мерей» шағын ауданында ұйымдастырылды. Теңіз төскейінен жеткен балықты арзан бағада сатып алуға ағылған жұрттың саны көп. Аралдан 16,8 тонна балық және балық өнім­дері әкелінген. «Мерей» шағын ауданында  жыршылар  жыр  айтып, тұрғындарға  мерекелік  көңіл  күй сыйлады.

Жалпы, жәрмеңкеде төмендегідей өнім түрлері қала жұртшылығына қолжетімді бағада ұсынылды – 145 тонна картоп және көкөністер, 14,9 тонна сиыр, жылқы және қой еті, 59 тонна ақ күріш, 65 тонна қауын-қарбыз, 1,1 тон­на­  сүт, қымыз-қымыран, 17 тонна жем-шөп, сондай-ақ, 150 бас қой-ешкі, тоқты әкелінді. Қала орталығында өткі­зілген ауыл шаруашылығы жәрмең­ке­лерінде барлығы 248 көлік қатысып,  550 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері  нарық  бағасынан 10-15 пайыз­ төмен  бағада  ұсынылды.

Осылайша, Алашқа ана, қазаққа пана болған құтты өңір, екі ғасырдың куәсі Қызылорда қаласы мерейтойының негізгі  бөлімі  өз деңгейінде аталып өтті. Мерекелік шаралар одан ары жалғасады. Атап айтқанда, облыс аудандары өнерпаздарының Қызылорда қаласындағы шығармашылық концерті мен аудандар әкімдіктерінің тұрмысы  төмен  отбасыларға қайы­рымдылық акциясы бо­ла­ды­. Бос жұмыс орындары­ және ауылшаруашылық жәр­мең­келері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаевтың «Сурет әлемі­нің сырын жеткізген» атты жеке көрмесі де көп­шілікті күтіп тұр. Сондай-ақ, «Туған қалаға ағаш сыйла» ағаш отырғызу  ак­циясы,  мүмкіндігі шектеулі студент­тер арасында  «Өнерім  саған, Қазақстан!» атты об­лыстық фес­тива­ль бар. Қысқасы, Қы­зылор­дадағы қала күні құр сөзбен емес, нақты істермен  айшықталғалы  тұр.

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ,

Жазира  БАҒЛАН,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 


ӘКЕЛЕР ЖАЯЛЫҚ ЖУЫП, БЕСІК ТЕРБЕТСЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
04.10.2018 11:45

Бесіктегі уілдеген баланы аналар мен әжелердің әлди айтып тербетіп, ертегі айтып ұйықтатқанын санамыз терең қабылдап қалған. «Балаға тек әйел қарау керек», «жаялықты әйел жуып, бесікті де әйел «күзету» керек» деген ұғым бар. Сондықтан қазақ қоғамында ер адамның декреттік демалысқа шыққанын оғаш көретініміз рас. Ал шетелде әкенің декретке шығуы – қалыпты жағдай.­ Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия­,  Франция  елдерінде баласының  тәрбиесіне аса мән беретін­ әкелер ақылы демалыс алады. Баланың әкесіне ең азы бір айға  жуық уақыт демалыс алу міндеттелетін ел – Швеция. Әкелердің 70 пайызға жуығы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан боса­ты­латын  ел – Финляндия. Жалақының толықтай сақталу кепіл­дігі­мен он апта бала бағатын әкелер – тек Испанияда. Ал Қазақстанда ше?

Біздің елде мұндай заңның барын айтып, алға тарт­қанда  «қатындар  құтырды»,  «ер-азаматтарды  сыртта  батыр, үйде  қатын  етті» деген секілді алыпқашпа сыбыстар гулеп кетті. Дегенмен, өсек-аяңның мұндай түріне мән бермейтін әкелер саны еліміз­де 73 мыңға жуықтаған. Бір ғана Қызылорда облы­сы­нда 2017 жылы 758 азамат декреттік демалысқа шықса­, ағымдағы жылдың жартыжылдығындағы көрсеткіш әкелердің жауапкер­шілігін арттырғанын аңғартады. Яғни, бала бір жасқ­а толғанға дейін оның күтіміне байланысты табы­сынан айырыл­ған жағ­дай­да  төлене­тін әлеумет­тік төлем алып  отыр­ған әке­лер­дің үлес салма­ғы 2,5 есеге артқан. Нақты..­.

Ер-азамат деген кім? Ол – ініміз, ағамыз, әкеміз, көкеміз, баламыз. Бұрынғының ер-азаматтары қандай болған? Қамшы сабының ұшына байлан­ған жылдарды есептемегенде, қазақ халқының ері де, әйелі де күшке мығым, іске төзімді, жылқының жалын­да ойнап, түйенің қомында босана­тын  мықтылықтың  иесі  еді. Әке  дегеннің құрметі мүлдем бөлек. «Ердің  азығы – түзде» деген тәмсіл  о  кездегі  қазақтың  ұранынан кем емес. Ал отанал­ары ошақтың қасында, қазанның  құлағынан  қолдары  босамайтын, бап пен  бақты  білетін  кемең­гердің өзі болған. Босағадан  аттап  шықпаған деп айтпағанның  өзінде аттан­  түскен құтты  қонақтың  алғысын арқалап­  отыратын жандардың қатарынан  табылған.

Сонымен, еркек не үшін декреттік демалысқа шығады деген ой сізді де мазалап отыр ма? Мені де мазалаған. Сіздің ойыңызды сан-саққа жүгіртіп, менің санамда жаңғырып тұрған бұл сауалға заң қарсы емес. ҚР Еңбек Кодекс­інің 100-бабы, 1-тармағында «жұмыс беруші жұмыскерге ата-ана­сының таңдауы бойынша баланың анасына не әкесіне бала үш жасқа толған­ға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті» деп анық көрсетілген. Міне, осы заң аясында ағымдағы жылдың­ жартыжылдығында қызыл­ордалық 2 мыңға жуық әке декреттік демалысқа шыққан. Әйелдер саны  4 мыңнан асып жығылады. Яғни, екі жақ та теңбе-тең көрсеткішке шамалас. Бұл – Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалынан алынған дерек.

Аталмыш заң негізінде демалыс шартын бұған дейін де, яғни бала бір жасқа толам дегенше төленетін жәр­демақыны құжат рәсімдеген адамның атынан пайдаланып келгендер болды. Яғни, отбасындағы әйел жұмыссыз не айлық табысы аз болған жағдайда босан­ғанға дейінгі және кейінгі кезеңдерге төленетін әлеуметтік жәрдем­ақыны ер адам өзінің атына рәсімдеп, алайда жұмыс істеп жүре беретін еді. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша  филиалына  сауал  жолдадық. Жауап  келді.

- Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік сақтан­дыру жүйесінің қатысушылары болға­нымен табысынан айырылмаған, яғни баланың күтімімен айналыспаған жұбайлары, нақты жағдайда, әкелері өтініш жасап, оларға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер тағай­ындалып, төленуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметі бойынша барлық төлем алушылардың жартысына жуығы еңбек қызметін жалғастыруда немесе төлем тағайындалған кезеңде кәсіпкерлік қызметі­нен та­бысы бар екендігі анықталған. Демек, табысынан айырылу фактісі жоқ. Қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен заңсыз төлемдерді болдырмау мақсатында табыс­ынан  айырылуы  туралы  мәліметтердің шынайылығын анықтау бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл фактіні дәлелдемеген жағдайда Қор арқылы­ төлем тағайындалмайды. Нақ­тырақ айтқанда, 2018 жылдың 2 шілдесінен бастап қолданыстағы 2003 жыл­ғы 25 сәуірдегі №405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 23-бөлім, 2-бабында бала бiр жасқа толға­нға дейiн оның күтiмiне байла­нысты табысынан айырылған  жағ­дайда төленетiн әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзі үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген, балаға күтімді жүзеге асыратын және Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына тағайын­далады деп көрсетілген, - деді филиал директоры  А.Қайруллаев.

Қысқасы, қазақ  халқының  ертедегі қай ері, қай батыры болсын, елін, Отанын­ қорғап, сол арқылы батыр, ер деген  атақ алған. Бұл жөнінде Нұр­пейіс Байғанин:

- Бұрынғының ерлері,

Береңгі сауыт кигені,

Беліне садақ ілгені,

Жасанған жауға тигені,

Ерлікпен дәурен сүргені..., -деп  бастап,

Кемесін құмға шөккізген.

Алмасын тасқа қайраған,

Жауды көрсе жайнаған,

Халықтың қамын ойлаған,

Байтақ елін қорғаған, - деп тамамдайды.

 

Ал қазір... Қазір бәрі басқаша, заң шеңберінде. Тіпті күнделікті тұрмы­сы­мыз да заңның шеңберінен айналып шыға алмай қалған. Өтірік деңізші. Тірескеннің тізесін бүктіріп, қайратына әдісін жолдас еткен ер-азаматтарымыз үйде бала бағып отыр дегенде беті жыбырламайды деп ойламайық, намысы­ өзегін екіге жарып, амалсыздың әрекетін жасап отырғаны шындық. Шын мәнінде оны бала бағуға келіст­ірген – әйел емес, заман. Әлеуметтік жетіспеушілік қаққан қазы­ғынан ары ұзатпай тұр... Солай дейміз, бірақ өмір кейбір жағдайларда мәжбүрлікке  итермелейді. Ондай сәтте көнбеске  шара жоқ.

Дегенмен, әкенің декреттік демалысқа шыққанын Заң құптайды, ал Сіз ше?

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 

 


 

Сыргүл  МОЛДРАИМОВА,

Қызылорда  медициналық  жоғары  колледжінің

әдістемелік  бөлім  меңгерушісі:

- Бүгінгі  «жаһандану  дәуірі» дегенді қазақ үшін аса бір жақсы құбылыс деп айта  алмаймын. Ғасырлар бойы ұлттық қанмен біте қайнасып келе жатқан көп құндылықтарымыздан бізді ажыратып жатқаны былай тұрсын, еліміздің құқықтық заңдарына ауыз салуы әр азаматты ойландыруы тиіс. Соның бірі – отбасында әкелердің де бала күту демалысына шығуы. Бұл үкіметтің халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жасаған шарасы шығар, яғни отбасында ер-азаматтың жалақысы аз болып, әйелдің жалақысы жоғары болса, осылай жасаға­н отбасылық бюджеттің молаюына септігін тигізеді екен. Бірақ бұрынғыс­ы  ел  қорғап ат бауырында жүрген, бертінде еліміздің барлық саласында еңбек  өнімділігін  арттыратын, отбасының қамқоршысы, «асқар тау» деп теңеуін­ тапқан қазақ ер-азаматының болмыс-бітімін қайда қоямыз?! Жарайды, бағып-қаққаны өзінің кіндігінен шыққан ұрпағы дерсіңдер. Ол азамат бала баққан  соң  оның  тамағын дайындайды, киімін жуады. Бара-бара жұмыстан шаршап­ келетін әйеліне тамақ істеп, кірін жуып қоятын болады ғой. Сонда біз ер-азам­атымызды қайда апара жатырмыз?! Статистикаға жүгінсек, елімізде декретт­е отырған еркектердің үлесі көп емес және басым бөлігі басқа ұлт өкілдері екен. Егерде батыс елдеріндегідей заң және нарықтың ырқымен жүре беретін  болсақ, болашақта ел қорғайтын емес, ошақтың қасынан ұзай алмайтын  бөріктілер көбейеді. Батыс елдерінде демекші, еркектерінің 66 пайызы декретке шығатын Финляндия елінің экономикасы шарықтап бара жатқанымен, рухани мешеулікке келе жатқан ел. Оларда туыстық, бауырлық қарым-қатынас, ұрпақ өрбіту және тәрбиелеу деген ұғымдар жоқ. «Көшеде ит пен мысық жетектеген  кемпір-шалдарды көп көресің» деп Фин еліне іссапармен барып келген әріптесім айтып отыр. Табиғатынан «еркек – түзде, әйел – үйде» деген ұғыммен  өсіп-өнген  қазақтың  болмысы  бұрмаланбаса  екен.



 

Феруза  РАХЫМҚЫЗЫ,  психолог,

«Bilim  Foundation»  қоғамдық  қорының

координаторы,  ЮНИСЕФ-тің  ұлттық  мастер-тренері:

- Табиғи заңдылыққа байланысты баланы өмірге әкелетін және оның тәрбиесіне жауап беретін ол – әйел. Ер  адамдардың  міндеті – отбасын  асырау және оны қорғау. Бала өмірге келген уақыттан бастап бейсанал­ы түрде анасын таниды, ал қалған отбасы мүшелерін 5-6 айдан соң ғана айыра бастайды. Соныме­н қатар, аналар баланы бесікке салып тәрбиелеп,  мәпелеп,  уақы­тында  табиғи  түрде тамақтандыруы аса маңызды. Ал, әкелер табиғи­ сүтпен қамтамасыз ете алмайтындықтан, бала тек жасанды сүтпен тамақтанады. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, ана сүтін­дегі дәрумендер балан­ың физиологиялық және психологиялық  дамуына өте қажет. Мінез ерекшеліктеріне келер болсақ, ер адамдарға қарағанда әйел адамдар сезімтал. Сондықтан сәбидің өзін қалай сезінуін, эмо­циясын, қажеттілігін, көңіл күйін анасы ғана сезеді. Сол себептен, менің ойымша, декрет­тік демалысты әйел адамдар өздері алғаны дұрыс болар еді.

 


АДАМ ТАҒДЫРЫ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУҒА ТИІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.10.2018 11:37

Бұл – Қазалыда өткен кеңейтілген мәжіліске төрағалық жасаушы аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың сөзі. Аталған­ жиынның күн тәртібіне сай бірнеше бөлімнің басшылары хабарлама жасаған болатын. Солардың қатарындағы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің басшысы Әліби Әбиев келтірген деректер жұрт­шылықтың көңілін өзіне аударды. Бөлім басшысының айтуынша, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп-ұстау және қауіпсіз қатынасты қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылға 8,5 млн теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржының 4 млн теңге­сіне жоба-сметалық құжаттар әзір­ле­ніп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен жол қауіпсіздігін қысқы маусымда үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларына аудандық маңыздағы автомобиль жолдары қалың қардан тазар­тылып, тұз араластырылған құм автомо­биль жолдарына төселіпті.

«Оған қоса, күтіп-ұстау және қауіп­сіз қатынасты қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен «МАНСУРИ» ЖШС жеңімпаз болып танылып, келісімшарт жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жол-құрылыс техникалары мен автокөлік құралдары дайындыққа келті­рілген. Сондай-ақ, тайғаққа қарсы себі­летін инертті материалдар әзірленіп, жоба-сметалық құжатта қысқы кезеңде техникаларға қажетті жанар-жағармай көлемі қарастырылған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына­ «Тайғақ жол» және «Жылдамдықты шектеу» уақытша ескерту жол белгіле­рін қою жоспарланған. Десе де, шалғай орналасқан Шәкен, Сарбұлақ елді мекендері мен Қожақазған, Бармас, Аққұ­дық учаскелеріне қысқы мезгілде аудан орталығымен жол қатынасында қиындықтар туындайтыны жалған емес. Биыл­ғы жылдың қаңтарында Шәкен елді мекеніне қоғамдық көліктер қатынасы үзілген болатын. Аталған жолдар аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының тізбесіне енгізілмеген. Алайда­ осы елді мекендердің қысқы маусымда аудан орталығымен үздіксіз қатынасын қамтамасыз ету мақсатында бөлім тарапынан «Самара-Шымкент-Шәкен-Шилі», «Самара-Шымкент-Қожақаз­ған учаскесі», «Басықара-Алпар-Сары­бұлақ» бағыттарына жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы әкімдіктері тарапынан тиісті көшелерді қысқы маусымда күтіп-ұстау қаражаттарына бюджеттік өтінім тапсыруды осы кезден бастап нақтылау ұсынылады», - деді бөлім басшысы.

Ә.Әбиевтің сөзіне аудан әкімі адам тағдыры, қауіпсіздігі басты назарда болуы­ тиіс екендігін, қысқы мезгілде тұрғындардың тайып құлап жарақат алмау­ы үшін барынша жұмыс жасалуы тиістігін, бұл мәселе қашанда тұрақты назарда ұсталуы керектігін баса айтты. «Көшелерге себілетін тұз аралас құм да өз мөлшерінде болғаны абзал» деген аудан басшысы қыс мезгілінде білім ордаларының ауласы мұз, қардан мұ­қият­ тазаланып, балалардың денсаулы­ғы мен өміріне ешқандай қауіп төн­дір­меуі, кейбір мектептерде аудан әкімі аралап жүргенде қолға алынатынын, та­залықпен айналысуға тиісті мекеменің қардың жауып болғанын күтіп отыр­мағаны жөн екендігін ашып айтты.

Мәжілісте күзгі мерзімді әскерге шақыруды ұйымдастыру барысы туралы­ хабарлама жасаған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Серік Саянов келтір­ген дерекке сүйенсек, зерделеу барысында Көларық, Аранды, Арықбалық ауылдық округтері әскерге шақырылушы азаматтармен жақсы деңгейде жұ­мыстар істесе, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Құмжиек, Ақжона, Қызылқұм, Майлыбас, Бірлік  ауылдық  округтерінен  әскерге шақырушыларды аудандық шақыру комисс­иясына жеткізу азайып кеткен.

Мәжіліске төрағалық жасаушы Мұрат Нәлқожаұлы бұл мәселені жан-жақты зерттеп, шұғыл түрде шешуді тиісті лауазымды басшыларға қадап тапсырды. Жиында өзге де салалар бойын­ша хабарламалар тыңдалды.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


РУХАНИ МЕШЕЛДІКТІ БІЗДІҢ ТАБИҒАТЫМЫЗ ҰЗАҚ КӨТЕРМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
04.10.2018 11:31

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры:

 

- Бүгінгі әлемдік кино өнерінің даму үдерісіне қандай баға бересіз?

- Еуропа киноөндірісі­нің жетістіктері  қуантады. Озық ойлы мемлекеттерге қарап көш түзейміз. Қажеттіліктерді үйренеміз. Салыстыру арқылы даму деңгейіне баға береміз.

Өнердің тілі ортақ. Оның мүмкіндігі де шексіз. Осы қарым-қатынас құралы ар­қылы киногерлер адамзатқа өзін мазалаған ойларын жет­кізіп жатады. Бүгінгі үздік идеялардың ауқымы таңғалдырады. Ғылыми прогресс кинода бар. Адамның қиялының шексіздігін киногерлер­дің жер шарының келешегі туралы болжамдар жасаған фильмдерінен көруге болады.

Жүректің құпиясы ашылған. Мидың мүмкіндігі көрсетілген. Жанның жаратылысы зерттелген. Ғаламшар мен ғарыштың тылсым құпия­лары ашылған. Бүгінгі кино үдерісіндегі көптеген туындылар терең философиялық мәнге ие. Бұл – шығармашылық  тұлғалардың ізденісінің жетістігі. Ғылым мен өнерге қосқан үлесі. Адамзатқа ұсынғ­ан игі өнімі.

Бүгінгі заманда бәсекеге қабілетті мамандардың бақ сынауға толық мүмкіндігі бар. Әлемнің кез келген нүк­тесіне  барлық есік әлеумет­тік желі мен қалта теле­фон арқыл­ы қолжетімді. Бұл – идеяң­ды жүзеге асыру билігі өз қолыңда тұрғандығының айқын  дәлелі.

Біз, кинотанушылар қа­шанда отандық режиссер­лердің үлкен жетістіктерінің куәгері болғымыз келеді. Режис­серлеріміз  масштабты идеяларымен таңғалдырып, олардың халықаралық беделін­ің үстем болғаны маңызд­ы. Жеке киностудиялардың қарқынды дамып, фильмдерімен әлемдік прокатта батыл қадамдар жаса­ғанын қалаймыз. Киногерлеріміздің отансүйгіштігі мен ұлттық құндылықтар алдын­дағы жауапкершілігі артып, белсенді болуын тілейміз.

- Ал, отандық  режиссерлер кино нарығына қалай бейім­делуде?

- Нарық – еркіндік. Нарық – мүмкіндік. Нарық – бәсеке. Нарық – әділдік. На­рық – ашық алаң. Нарық – есеп. Нарық әр адамның өзіне жеке өмірінің жауапкершілігін көтеруді үйретеді. Адамзаттың қай заманда да бар қалауы еркіндік болған. Дәл қазіргі нарық дәуірі әр адамға жеке тұлға ретінде өз өмірін өзі басқарудың кілтін беріп отыр.

Меніңше, дәл бүгінгі нарық заманында еркін ойлайтын, бәсекеге қабілетті, нағыз кәсіби мамандардың белсенділік танытуының мүмкіндігі көп деп есептей­мін. Себебі, дәл осы уақытта іскерлікті көрсетудің тетігі көп. Қабілетіңнің қарымын әділ екшелейсің. Идеяларыңды еркін жүзеге асыра аласың. Тәуелсізсің.

Қазіргі уақытта кез келген режиссердің жеке киностудия ашып, қалаған жобаларын жүзеге асыруға мүмкін­дігі бар. Мемлекет барлығын маған жасап беруге міндетті деген ойдан арылып, мен елімнің дамуына өз мамандығыммен қандай үлесімді қоса аламын деген жауапкершілікті көтеретін сәт. Сын сағаты деп айтар едім. Сапаның деңгейі өзгеруі керек­. Сұрыптау да әділ жүреді. Қазір көрерменнің де талғамы мен талабы өзгерген. Нашар фильміңді қанша тықпаласаң да көрмейді.

Коммерциялық кино бағы­тында жасалып жатқан қадамдар  бар. Санаулы  болса­ да белсенді авторлардың шығармашылық жолын бақылап, іштей қабілет-қарымын бағамдап отырамыз. Ғажайып туынды жасамаса да кино арқылы қаржы тауып отыр. Аудиторияға өнім ұсынуда. Қашанға дейін прокатта тек шетелдің өнім­дерімен қоректенеміз?! Ұлт­тық рухыңды жігерлендіретін дәрумендер алу үшін соған сай өнім тұтынуың керек.

Сұранысқа сай жұмыс істеу сол саланың маман­дарының міндеті деп есептеймін. Егер  кино  саласының өз  кәсіби  мамандары  бел­сен­ділік танытпаса,  нарыққа  бейім­делуге  құлықсыз  болса, әрине шоу-бизнес өкілдеріне­ енді кино түсіргеннен басқа­ не қалады?! Іскерлер қа­шанда игерілмеген бос кеңістіктен қаржы табуды қалайды. Ау­дитория бар да, сапалы өнім жоқ. Әрекет жоқ жерде, нәтиже жоқ. Нарықтың талабында ешбір бәсекелеске ренжу жоқ.

Кәсіби киногерлер бір маңыз­ды фактіні ескеруі керек.­ Бүгінгі техникалық прогресс дәуірінде кино­өндірісінің атқаратын рөлі ерекше. Келешектің  барлы­ғы экран  өнерімен  байла­нысты. Қазір кітап та, қажетті ақпараттар да тек электронды  нұсқада  көбірек оқы­лады. Демек, режиссерлер мен  операторлық  маман­дық­қа деген сұраныс жоғары бола­ды. Әсіресе, операторлық өнердің алтын дәуірі туды  деп  айтуға  болады.

Кез келген адам қазір өз-өзіне оператор. Қалта телефон арқылы кино да түсіруге болады. Яғни, әуесқой бәсекелестер өте көп болады. Қажеттіліктен кәсіби шебер­лігін ерікті түрде шыңдайтындар да көбейеді. Ақылы курстар да көп. Демек, өз іскерлігіңді белсенді түрде көрсете алмасаң, кәсіби ма­ман­ ретінде арнайы жоғары оқу орнынан дипломы болмаса да әділ бәсекелес болатын  әріптестер  табылады.

- Ұстазсыз. Білім жүйесін­де қандай өзгерісті қалайсыз?

- Бүгінгі балалар еркін­дікті жақсы көреді. Шәкірт­терімнің ішкі әлемінің күйі мен үшін маңызды. Етене тану мақсатында олардың сұранысы мен қалауын зерттеймін. Тілін түсінуге тырысамын. Оларға еркін кестемен жұмыс істеген ұнайды. Қатып қалған қағидалар, бос мораль оқудың тәсілдері ұнамайды. Олар ақылды. Еркін. Батыл. Үнемі ісіңді, сөзіңнің салмағын бақылайды. Білім­нің өзі – табиғи үдеріс. Оған зорлық жүрмейді. Қысыммен берілген білім қабыл­данбайды. Ерікті түрдегі қалау көп нәрсе шешеді.

Біз өмірге келгеннен бастап үйренуге деген табиғи талпынысымызды бастаймыз. Білім құштарлықтың арқасында қабылданады. Ұстаздар шәкірттерді қы­сыммен емес, шабыттандыру арқылы жігерлендіру тех­никасын көбірек қолданса ұтады. Уақыт меніңше, келешекте білім жүйесіне үлкен өзгерістерді енгізеді. Талап өзгереді. Шығармашылық мүмкіндікке көп мән беріле­ді. Қажетсіз мамандықтардың саны да көбейеді. Сұ­рыптау қатаң жүреді. Өйт­кені, жаһандану заманының сұранысы мүлдем бөлек. Онда үнемі өз-өзіңді шыңдап, жан-жақты болмасаң, қарқынды  бәсекелестік мүм­кіндігіңді  шектейді.

Бүгінде бір адам ауқымды компанияның басқару жүйесі мен жұмысын жалғыз жүр­гізуге қабілетті. Оған техникалық мүмкіндіктер ықпал етеді. Көп қызметкерлер кейде­ энергиясын сапасыз және өнімсіз бағытта бос жұмсайды. Еш нәтиже бермейді. Көбісі, тек жалақы күтеді. Бір мекемеде 100 қызметкер болса, көп жағдайда соның 5 пайызы ғана белсенді. Өзі қызмет жасайтын саланы үлкен жетістікке жете­лейтін де, жауапкерші­лігін көтеретін де – солар.

Біз көп жағдайда әділет­тілік қалаймыз ғой. Меніңше, қабілет-қарым мен білім­нің әділетті үстемдік құратын заманының ауылы алыс емес. Сол себепті, әр адамның келешегінің қандай болатынын өзінің білім деңгейі екшейтін болады. Білім – күш. Біліміңнің күші жетсе, мүмкін емес қамалды аласың, білімсіз болсаң, жай ғана жарам­сыз  болып  қаласың.

- Шәкірттеріңізді бақы­лайсыз. Бүгінгі жастар қандай?

- Ақымақ емес. Жеке мүд­десін көпшілігі жақсы біледі. Кез келген тоқырау үдерісі – бізді жаңаша деңгейге көтеру­ алдындағы дайындық сатысы. Сол үшін бүгінгі жастар жаман деген пікірмен келіспеймін. Ол түбегейлі зерт­телмеген жаңсақ ой. Үлкендер осындай көзқараста болса­, онда олар өздерінің кейінгі буынға үлгі болу ұстанымдарын қайта қарастырып көруі керек деп есептеймін.

Жалқау деген көзқараспен мүлдем келіспеймін. Оларға  бар  болғаны  ескірген­ жүйе жарамсыз. Біз бір нәр­сені мойындауымыз ке­рек,­ адамзат үнемі жаңаша деңгейде жаңғырып отырады. Санада, жалпы ойлау жүйе­сінде өзгерістер болуы заңды.

Жастар жеке ресурстарын мүмкіндігінше игеруге келгенде пысық. Өздігінен іздене біледі. Үнемі мүмкіндік іздеп жүреді. Шәкірттерім өз уақыттарын тиімді игереді. Сапалы білім талап етеді. Ақылы оқу орнында оқыған соң, ата-анасының төлеп отырған  қаржысының  құнын біледі.

«Тұран» университетіндегі  тәжірибемнен жастардың толқынынан байқайтын бір мінездемені жақсы біле­мін. Істеріне тиянақты. Шә­кірт болса да іскер. Жауап­кершілік көтереді. Жаңашылдыққа талпынады. Шетелдік кәсіби шеберлердің тәжірибесін игеру мақсатында әртүрлі мәдени шараларды­ өз қалауларымен белсенді түрде талап етеді. Оқу орнының ұстаздары да шәкірт­терге барлық мүмкіндікті жасау­ жолында тыным таппайды. Еңбекқор ұжымның іскерлігіне  қарап, «Тұран» университетінің келешегінен Қа­зақстанның Гарвардын кө­ремін.

- Мемлекеттің дамуы әр саланың сауатты да кәсіби маман­дарына байланысты. Мамандық  таңдауда  неге  мән берген  дұрыс?

- Мамандықта адасып жүретіндерге жаным ашиды. Өмірде жолым болмайды деп өз жанын өзі күйзеліске душар­ ететіндер бар. Әркім өз қайғысының құрбаны. Қалауыңа көп мән беруді балаға,­ меніңше, балабақшадан үйретуді білім жүйесінде сауатты жолға қою маңызды. Мектеп табалдырығында баланы­ң сол қалауына ерекш­е мән беріп, сол салаға бағыттауды жолға қойып беруг­е ата-ана мен ұстаздар бірлесіп жұмыс істесе, нәтижелі болады. Жоғары оқу орнын­а талапкер тек өмірдегі нақты мақсаты бойынша шебер­лігін шыңдауға толық дайын  болып  келсе, сауатты маманның сол саладағы негізі  дұрыс  қаланады.

Әр адамның болмысын зерттесеңіз, оның бойына міндетті түрде бір қабілеттің дәні салынғанына көзіңіз жетед­і. Кез келген адам – өз өмірінде бір жауапты мис­сияның иесі. Адамның қалауы көп түйінді шешеді. Осы бағытта шеберлікті шыңдау маңызды. Егер осы жолда өзіңізді толық танып, шеберлігіңізді шыңдап шықсаңыз, теңдессіз маманға айнал­асыз. Үлкен жетістікке жеткен шеберлерді сол саланың Құдайына теңеп жатуы да бекер емес. Себебі, оның шеберлігіне теңдесер ешкім жоқтығының  дәлелі. Демек, ол адам өзінің  өмірлік  жолы мен  миссиясын  дұрыс  жолғ­а қоя білді  деген сөз.

Белгілі бір сала тоқырап жатса, басты себепті оның мамандарынан іздеген жөн. Демек, ол салада мамандықта адасып жүргендердің саны көп. Ең әуелі, олар өзін алдап­ жүргенін түсінуі керек. Екіншіден, әр саланы мемлекет­тің дамуының маңызды бір бөлігі деп қарастырсақ, онда оларға қоғамда өздерінің «тежеуі­ш» қызметін атқарып жүргенін ашық түрде түсінік­ті тілмен түсіндіру керек. Дамы­ған мемлекеттердің жетістігінің артында әр саланың өз мамандарының ла­йықты деңгейде көтеріп отырған жауапкершілігін көруге  болады.

Ата-аналардың өзі кейде мамандық таңдауда балаларының тағдырына ықпал жасап­, өздері шешіп жатады. Баласының жеке қалауымен есептеспей, оның қабілет-қарымы тартпайтын жаққа бағыттаудың рухани қиянат пен қылмыс екенін олар да түсінуі керек. Ең бірінші зардапты әлбетте өз баласы тартады. Маман­дық алу – бұл жауапкершілік. Бұл – сенімділік. Бұл – келешегіңе кепілдік.

- Өнер саласының өкілі, мемлекетіміздің азаматшасы ретінде халықтың ішкі күйі, қалауы туралы қандай ойлар  мазалайды?

- Бейбітшіліктің өзі көп нәрсе. Оның құнын білемін. Осы бейбіт өмір­ге мен де қоғамның бір мүшесі ретінде­ тәубе етемін. Таңертеңгі ұйқыңнан алаңсыз күйде тұру да – үлкен бақыт. Осындай бейбіт заманда көп түйт­кілді шеше алмай отырсақ, онда оған өзіміз ғана кінәліміз. Еркіндік бар. Игерем деген ниет болса, нарықта бос кеңістік жетеді. Көзін тапса, іскерлік қабілетің жетсе, қалаған жобаңды жүзеге асыруға мүмкіндік те көп.

Территория бар. Тәуелсіздік бар. Тіл бар. Ұлт бар. Ресми және заңды. Мемлекетті  өзіміз қалағандай деңгейге  көтеру тек өзімізге байланысты.­ Мүмкін билік пен халық арасындағы мәмілеге келу шеберлігін әлі де меңгеруіміз керек шығар. Бірлік көп нүктенің орнына бір нүктені қоятынын үйренсек деймін.

Біздің ойлау деңгейімізге, іскерлік шеберлігімізге бір-ақ көрсеткіш әділ баға береді. Дәлелдер – бұл біздің шамамы­зды  екшелейді. Елдігіміздің артында  қашанда  ер-азаматтарымыздың  бет-бейнесі тұрады.

Мен қазақтың жігіттерінің ой еркіндігін – рухының бірлігінен көр­гім келеді. Олардың жүрегінің кеңді­гін – жетім, тастандылардың жоқ­тығынан білгім келеді. Жігіттердің жауап­кершілігін – отбасындағы ажырас­у көрсеткішінің аздығынан сезінгім келеді. Олардың ер-азамат ретіндегі ерлігін – ел үшін жасаған нақты­  іскерлік қадамдарынан көргім келеді. Намысының еңсесі – Қазақстанның байтақ территориясындағы көптеген азып-тозған ауылдардың орны алып шаһарларға айналған сәулет өнерінің биігінен көрінсе деймін.

- Адами құндылықтар алдыңғы қатарғ­а шыққан зайырлы қоғамға айнал­у үшін неге баса назар аудару қажет  деп  ойлайсыз?

- Материалдық пен рухани құндылықтарды тепе-теңдік заңдылығының шеңберінде үйлестіру маңызды. Жан мен тәннің қажеттілігін бір-бірінен ажыратып қарау дұрыс емес. Біз екеуін­е де мұқтажбыз. Екеуі де біздің жер бетіндегі тіршілігіміз үшін маңыз­ды. Нарық заңдылықтарымен келісім мен үйлесімге келуді үйренуден басқа бүгінгі таңда біздің алдымызда таңдау тұрған жоқ. Әлеуметтік санадағы теңдікті орнатудың бір-ақ жолы бар. Ол – идеология.

Өремізде ертелі-кеш өзгерістер болаты­ны анық. Адамның табиғаты рухани дертке ұзақ төзе алмайды. Адам – болмысынан  ақыл-парасаттың­ иесі. Оның программасының негізі өте мықты қаланған. Кім соны қандай деңгейде шыңдайды. Мәселе сонда. Ақылды адамның кез келген уақытта ақымақ қадамға баруы да ғажап емес. Бірақ, ақырында айналып келіп түбінде бізді арымыз мазалайды. Бұл мазасыздық күйі – біздің таби­ғатымызға қарсы шығудың, азғын­даудың  тиімді  емес  екендігінің көрсеткіші. Өзімізді тәрбиелеу – шебер­лік сонда. Жаратылыстың заңдылы­ғын бұзатын та – өзіміз.

Мен үшін адам құқы сақталған қоғам ғана зайырлы. Санада үлкен серпіліс болуы керек. Рухани тазару. Кемелдену. Болмысыңды  тану. Жаңа сапаға өту. Өз арыңа есеп беру. Жаңаша ойлау. Жауапкершілік көтеру. Адами қарым-қатынастың орны бөлек. Бізге дәл қазіргі уақытта осы айығу үдерісімен мақсатты түрде жұмыс істейтін идеология керек. Рухан­и мешелдікті біздің табиға­тымыз ұзақ көтермейді. Ғажайып өмірді де бізге сырттан біреу келіп жасап бермейді. Бар тылсым – идеяда. Оның күшін сауатты игере білсек, алтын дәуір жасау да – адамдардың өз қолында.

- Еркін ойлы әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Анель  АСҚАРҚЫЗЫ,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Алматыдан

 


АНАСЫН БАЛТАЛАҒАН БЕЗБҮЙРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
04.10.2018 11:30

Қақаған қыс. Күн кешегіден әлдеқайда суық. Арқадан соққан саршұнақ аяз өтіп барады. Бүгін үйге қанша от жағылса да жылымай қойғандықтан, Алтын­шаш үш баланы алып нағашысының үйіне баруды ойлағ­ан. Жолдасы Жарас та бұл шешімін құптай кеткен­діктен, кешкі астан кейін өзі апарып тастаған болатын. Әрі жаңа жыл мерекесі жақындап қалды, құттықтай барсын деген­і болар. Бұл кезде үйде тек анасы қалған. Ол кісінің олай-былай жүретін жағдайы жоқ. Соңғы үш жылда аяғы ауырып, жүрісі нашарлағандықтан, балда­қтың көмегіне сүйеніп қалған-ды. Сол жүрістен кейін оңалмады. Қазір екінші топ мүгедегі. Келіні берген тамақтан кейін жылы пештің түбін­де ұйықтап қалды. Есікке жақын­ болса да, бұдан асқан жайлы жер болмағандықтан, осында  жатты.

Ал Жарас екі сағаттан кейін ғана үйге оралды. Қолында бір бөтелке арағы және досы Тал­ғат бар. Жаңа ғана келіншегін апарып тастай сала ішімдік ішіп алған оған ендігі жерде ащы судың ауырлық қылатыны сөзсіз. Қырсыққанда, ол шарапты да қайтар жолда жаңа жылды сылтауратып апасы Қатипаның үйіне соққанда алдын­а қойғанын айтсаңызшы. Өзі ішімдікке біртабан жақын оған бұл аз боп қалды ма, әйтеуір, Жарас апасының үйінен  шыға  сала  дүкеннен бір бөтелке  арақты сатып  алған. Сол-ақ екен, алдынан Талғат шыға келді. Екі дос бір-бірін іздеп тапқандай. Жүздері бал-бұл жайнап, бас қосатындарына мәз. Отырысты осылайша Жарастың  үйінде жалғастыратын  болды.

Сағат тілі кешкі оннан асты. Жарас пен Талғаттың әңгімесі де, бөтелкедегі ащы суы да бітер емес. Арасында әлденеге ашуланып, бір-біріне боғауыздан боратады дейсіз. Күбір-күбір дауыстары да мазаны алып барады. Күләш апаның (анасы.– ред.) ұйқысы сан бөлінді. Бір жағынан мазасы қашып, уайымға салынып кетті. Себебі соңғы кезде ба­ласы ішімдік ішсе болды, түрлі мінез шығарып, берекені алатын-ды. Тіпті, ашуланып, қолына ілінгенді лақтыратынды да әдетке айналдырыпты. Соны ойлап қорықты ма екен, Талғатқа «біз жатып демалайық, қайтпайсың ба?» деп қалды. Бұл уақытта арақтың да түбінде аз қалған. Соңғы стақанын ішіп болған Талғат «қайтамын» деп аяқкиімін киюге талпынды. Сол сәтте Жарас бөтелкелесінің қайтатынына ашуланып, «қайтпайсың» деп әлгінің бетінен бірнеше рет ұрады. Әуелі шарап, одан арақ ішкен Жарастың қатты масайып қалғаны байқалып тұр. Бұрын-соңды мұндай мінезін көрмеген Талғат есін іле-шала жинап, қашуға ты­рысты. Аяқкиімін  киер-ки­мес­тен сыртқа қарай алып ұшып, әйтеуір  құтылды.

Талғаттың ерте кеткеніне ашуланған Жарастың көзі пеш түбінде жатқан анасына түсті. Досына «қайтпайсың ба?» деп айтқанына ашуланған ол, «бәріне осы кінәлі» дегендей, анасына аларып қарап тұр. Сәл тұрды да, дереу сарайдағы көмір  сындырып жүрген ағаш сапты  балтаны  алды.  Алдымен темекісін  шегіп алған ол ашуын­ басқандай болған. Бір кезде құдды мың жылдық жауын­а қарсы  шабуылдап  келе жатқандай үйге беттеді. Келді де ұйықтап жатқан анасының дәрменсіз күйін пайдаланып, оның  басынан  бірнеше­ рет  әлгі балтамен ұрды. Мұнысымен қоймай қабырға тұсынан аяғымен қатты тепті. Осылайша қатыгездікпен өз анасын өзі өлтіреді де, дым болмағандай  келесі бөлмеге барып  ұйықтап  қалды.

Таңертең  ұйқысынан тұр­ған Жарас өз көзіне өзі сенбе­ді. Пеші бұзылып, анасы болса қансырап өліп жатыр. Өзінің істегеніне сенгісі жоқ. Дереу, киімін ауыстырып, ағасы Мұхиттың  үйіне барды. Барды­ да түнде үйге өзге біреулердің кіргенін, анасын өлтіріп кеткенін айтып, қайғырғандай кейіп танытты. Өңі қашып кеткен­ Мұхит тез арада үйге жетті. Расында да анасын біреу өлтіріпті. Екеуі полиция қызметкерлерін шақырды. Ал­ға­шында Жарас ағасына өтірік айтқанымен, кейіннен ішкі істер бөліміне барғанда, бар кінәсін  мойындайды.

Басты  сот  талқылауында  да Жарас қолымен істегенін  мойны­на алды. Өз қолымен анасын о дүниелік еткенін, өкінетінін жеткізді. Алайда бәрі тым кеш еді. Ақ сүтін беріп өсірген аяулысын кім өлімге қияды? Оның үстіне өз қолымен айуандықпен өлтірген адам қанша жерден өкінсе де, жа­за­дан  қашып  құтыла  ал­май­ды.

Қазір Жарас темір тордың арғы бетінде. Сот оған 17 жыл жаза  кесті. ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылған ол қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде  жазасын  өтеп  жүр.

(Кейіпкерлердің  есімдері  өзгертілген.)

 


ЕРЕН ЕҢБЕК һәм ұрпақтар сабақтастығы PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.10.2018 11:19

Қазақта «Ұрпағымен мың жасасын» деген сөздің жүгі ауыр екенін сезіндім. Тарихта Шыңғыс ханның үрім-бұтағы  – хан империясының құрамында болған Орта Азия мен Иран, Алтын Орда мен Юань Қытайы, тағы басқа мемлекеттердегі моғол билеушілері. Хан империясы­ тарағаннан кейін бұл мемлекеттер дербес өмір сүрді, дегенмен Шыңғыс хан әулеті билікті өз қолдарында сақтап қалды. Мұны қазіргі тілмен айтқанда, хандық династия дейді. Бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра, аманат болып келе жатқан құндылықтардың қатарында осындай сабақтастық та бар. Соның бірегейі – еңбек.

Бала күнімізде «Кім болам?» тақырыбында шығарма жазатын едік, әр оқушының арманы бөлек, талғамы бас­қа. Қиялымыз көкке бірге ұшқанымен, армандардың түйісуі екіталай еді. Десек­ те, оның да орындалатынын еске салатын дүниелер баршылық. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз қазақ деген­ мал баққан елміз, Бірақ, ешкімге соқ­тықпай, жай жатқан елміз...» деп бастайтын жыр жолдарынан кейде атакәсі­бімізді тапқандай боламыз. Ескеретіні, қазір қазақ тек мал бақпайды, заманның қасқыр болуына байланысты қоғамға қажетті барлық саланың тетігін игеріп алған. Және бұл «дәстүрі» ұрпақ сабақтастығына мұра болып қалуда. Осы ретте және еңбек күні қарсаңында қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Елбасының «Рухани жаңғы­ру» мақаласының аясында, шаһардың 200 жылдық мерейтойының құрметіне «Атакәсіп – алтын мұра» тақырыбымен V облыстық форум өтті.

Шарада елі үшін еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан, өзінің абыроймен атқарған ісін кейінгі ұрпаққа теліп, оларды да сол бағытта тәрбиелеген еңбек династиясы отбасыларының мүшелері сахна төріне шығарылды. Аймақтың бетке ұстар қалыптарына айнал­ған бұл әулеттерді жекелей таныстырудың артықтығы жоқ. Олар – білім саласы бойынша сан жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан, ұрпақ жалғастығы осы саламен тығыз байланыс орнатқан қазалылық Сексенбаевтар әулеті. Ғасырлар тоғысы мен жылдар серпініндегі жалпы­ еңбек өтілі 305 жылды құраған бұл отба­сының келер ұрпаққа берер азығы білім нәрімен сақталған. Ал шаруа адамының образы қашанда жоғары және бағалы. Өйткені атакәсіппен шұғылданудың өзі үлкен жауап­кершілікті жүктейді. Сондықтан қазақ «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Осы қағиданы 142 жылдық еңбек өтілімен бұлжытпай орындап келе жатқан жалағаштық Ойнаровтар әулетін халық арасында «танымаймын» дейтіндер некен-саяқ.

Айлы түн, ашық аспан астында алтыбақан теуіп, ақ­сүйек іздеген де, ауыл-ауылды­ аралап, сал-серілігін таныт­қан да, таңды таңға ұластырып жыр жырлаған да – қазақ. Бұл уақыт өткізудің не болмаса қыдырудың көрінісі, мәдениеттің жұрнағы емес, бұл – мәдениеттің бастау бұлағы, қайнар көзі. Осы үр­дістің шамын өшірмей, мәдениеттің мәйегін 166 жылдық өтілмен мәпелеп келе жат­қан династия – сырдариялық Сәдуақасовтар әулеті. Бұл отба­сының мүшелерінің басым­ көп­шілігі – музыка саласының мамандары.

Ырысты өңір саналатын Қызылорданың солтүстік бөлігінде де жайқалған­ егістік бар. Қарасаң, көзің тоятын, көңілдің көрігін ашатын алқаптың бәрі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Осы салада 257 жылдық еңбек өтілімен атадан мирас етіп, маңдай терлетіп жұмыс істеп келе жатқан Арал ауданындағы Бердімағамбетовтер әулеті. Дәл осы салада көк біткенге нәр сыйлап, бітік шыққан егіннің жағдайын жасаудан жалықпаған отбасы мүшелері Жаңа­қо­рған ауданында тұрады. 58 жылдық еңбек тәжірибесімен шаруашылықтың шашауын шығармай, оны бабадан атаға, атадан балаға құнды мирас деп есептеп келе жатқан Көкетовтер әулеті де сахна төріне көтерілді.

Тарихтың естеліктеріне жүгінер болсақ, Қазақстан жеріндегі тұңғыш темір­жол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы Орал тар табанд­ы теміржол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткенне­н кейін Урбах-Астрахан тар табанды­ теміржол іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті. Осы байтақ жерді айналып өтпеген темір­жол саласында қызмет ететін отба­сы­лар жетерлік. Десек те дәл Өтегеновтер әулеті секілді 502 жылдық еңбек өтілі бар еңбек әулеті жоқ десек қателес­пейміз.

Қазақтың «Бас аман болса, бөрік табы­лады» деген баба Қорқыттың сөзі денсаулыққа тікелей қарата айтылған. Және Артур Шопенгауер де «Біздің бақыты­мыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деп топшылаған. Осы тоғыз бақытымыздың түгел болуы­ үшін күндіз-түні күресіп жүрген жандардың еңбегі ерен. Әсіресе ден­саулық  саласында  жалпы еңбек өтілі 138 жылды құрайтын Сейтпамбетовтер әулеті бұл ретте еліміздің мақтанышына­ айналып отыр.

Халықтың тыныштығын тілеп, кір­пігінің қамсыз ілінуі үшін сақтық шара­ларын ұйымдастырып, елдің тілекшісіне айналған қармақшылық Назарқұловтар әулетінің ішкі істер саласындағы жалпы еңбек өтілі – 74 жыл. Әулет үлке­ні Есет Камаладинұлы – ішкі істер органдарының подполковнигі, сала ардагері, еңбек өтілі – 22 жыл. Осы уақыт аралығында ол ұрпақтарына адал қызмет етуді, халықтың аманаты мен өмірін иыққа арта жүріп жұмыс істеудің қыр-сыры мен жауапкершілігін үйретіп келе­ді. Ал өміріміздің басты кепілі денсаулық болса, оның жәрдемшісі спорт екені белгілі. Таңертеңнен ұйқыдан оянғаннан бастап біздің әр қимылымыз шынықтыру жұмыстары, ал оны тереңдете игеру спорт саласына қатысты. Денсаулықтың кепіліне айналған бұл саланы меңгеріп, игеріп келе жатқан­ жалағаштық Елеусіновтер әулетінің болаш­ағы зор. Бүгінге дейін жалпы еңбек өтілі 81 жылды құраса, аға буын өкілі Мектепхан Елеусінов өмірінің 50 жылын осы арнаға арнаған.

- Еңбек әулеттерін ұлықтап келе жат­қан бес жыл ішінде байқағаным, біз­дің аймақта қалыптасқан еңбек әулеттері – өз кәсібін жетік меңгерген, сол қалыптарымен құрметке бөленіп отырған қарапайым азаматтар. Демек, бұл күннің негізгі идеясын еліміздің әр тұр­ғынының бойына сіңіре білу. Сыр елін­де еңбекқор жандар көп десек қателеспей­міз. Арғы тарихты ақтармағанда, бергі кезеңнің өзінде аймағымыздан 102 Социа­листік Еңбек Ері шыққан. Олардың есімдері облыс тарихында алтын­ әріптермен жазылып қалды. Еңбек ерлерінің кезіндегі ерен еңбектері бүгінгі жас ұрпақ үшін аңызға ай­нал­ғандай. Дала академигі Ы.Жақаев, ер-азаматтармен бірдей еңбек еткен Ш.Қазантаева, С.Жұмабекова, Ұ.Алтайбаева, Ж.Таспамбетова, З.Ержанова секілді ақ жаулықты анала­рымызбен мақтанамыз. Ал дала төсін көркейткен  ерен ерлердің жалғасы қы­зыл­ордалық А.Ералиев пен Ю.Пя – тәуел­сіз еліміздің төл мақтаныштары. Бүгінгі 200 жылдығын атап өтіп жатқан сүйікті қаламыз Қызылорда да сол жасам­паз еңбектің арқасында жасарып, жаңарып келеді. Өңірімізде ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық құндылықтарын жеткізіп отырған еңбек әулеттері қаншама?! Осындай жандармен кездескенде елдің байлығы, оның көркеюінің кепілі және болашақ жеңісінің мәні жерасты байлығында емес, адами әлеует пен рухы мықты жандар екенін түсінеміз. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Ынтымағы жарасқан ел ғана береке табады­, сондықтан жастар, еңбек етіңіз­дер, жемісін көріп, әлемге еңбек арқылы­ танылыңыздар. Еңбек бәрін жеңбек, - деп сөзін түйген аймақ басшысы Қ.Көшербаев елге үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан 9 отбасына «Еңбек әулеті» номинациясының лентасын тағып, барлығына да теледидар табыстады.

Сондай-ақ, форум барысында «Еңбек жолы» республикалық байқауы­ның жеңімпаздары мен кәсіподақ ұйымдарының үздік жас мамандары және әртүрлі саладағы жастардың үздік тәлімгерлері марапатталып, бағалы сыйлықтар берді. Атап айтар болсақ, Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-ин­тер­натының жоғары санатты мұғалі­мі Сара Баймаханова білім және ғылым салас­ындағы үздік оқытушы, ал үздік жас маман номинациясын Қазақ көлік және техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Нұрбек Аскарбек иеленді. Денсаулық сақтау саласы бойынша  үздік тәлімгер номинациясы Қызыл­орда медициналық жоғары колледжінің оқытушысы, дәрігер Несібелі Иршаева және үздік жас маман марапатына рент­ген-эндоваскулярлық хирургия бөлімі­нің дәрігері Нұрбол Базарбаев лайық деп танылды. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ең үздік тәлімгер ретінде «Ақтөбе и К» ЖШС қызметкері Сапар Елемесов марапатталса, үздік жас маман­ атағына «Сыр маржаны» ЖШС қызметкері Назым Қуандыққызы ілікті. Мұнай-газ саласы бойынша табыстал­ған марапат «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС қысымды сақтау цехының бастығы Салимжан Мырзалиев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өнді­рістік филиалының қызметкері Алмат Сарбалаевқа бұйырды. Халық үшін ең маңызды байланыс саласындағы үздік тәлімгер ретінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы қызметкері Ғалияш Усекее­ва, ал үздік жас маман ретінде Абылайхан Абуов марапат төрінен көрінді.

Иә, ұрпақтар сабақтастығы, болашақ ұрпақтың өнегесі, ел ертеңі, еңбекшілердің ерен еңбегі, ел үшін еткен қызмет, тағысын тағы, барлығы да бүгін­гі ұрпаққа үлгі, келешекке өнеге. Еңбек династияларын ұлықтауды бастағанымызға небәрі 5 жыл болды. Бірақ осы уақыт аралығындағы атқарған істер тарих­ беттерінде сақталатынына сенім­діміз.

Н.ҚАЗИ


Күләйша  Сексенбаева, ұстаз:

- «Еңбек күніне» орай ұлағаты мол шара ұйымдастырып жатқан­  облыс әкімшілігіне  ризамын.  Әр саланың қазынасын  іздеп жүрген еңбек әулеттерінің басын­ қосып, оларды  көпшілікке  таныст­ыру – ұрпақ  жадында  сақталатын  рухани­ құндылық. Біз – ұстаздар әулетіміз. Жалпы еңбек өтіліміз 305 жылды құрады. Өзімнің 43 жылдық тәжірибем бар, 25 жыл басшылықта­ болып, қалған  жылдары  ағылшын пәнінен сабақ бердім. Жастар­дың  әр нәрсені біліп, үйренуі осындай игіліктен басталады. Әйтпесе­  кімнің кім екенін, қандай еңбек сіңіріп жатқанын  ешкім де білмейді. Осындай  жақсы үрдістің  келешекте  де жалғасын таба беруіне тілектеспін. Біз  жастарға үлгі  болуымыз  керек.

Кенжебек   ӨТЕГЕНОВ,  теміржолшы:

- Бүгінгі өтіп шатқан шара келер ұрпаққа үлкен өнеге қалдыратыны анық. Өйткені бүгін ата аманаты, баба мұраты, болашақ келбеті көрініс тауып отыр. Ұрпақтар сабақтастығы сөз болған ортадан төбеміздің көрінгеніне қуаныштымын. Біз – темір­жолшылар әулетіміз. Әкеміз теміржол бойында өскен. Біз де сол даңғыл­ жолмен келе жатырмыз. Арғы жағын айтпағанда әкемнен бастап, ағам, мен, қарындасым және біздің балала­рымыз, барлығымыз – теміржолшымыз. Ағам екеуміздің жарымыз да осы саланың қызметкері. Ағам Жандарбек Өтегенов отбасымен бірге «Мерейлі отбасы» байқауына қа­тысуда­. Әрқайсысымыз әр бөлімде қызмет еткенімізбен, мақсатымыз бір, жұмысымыз ұқсас. Ағам Жан­дарбектің  еңбек  өтілі 39 жыл, маған 35  жылға  жуықтады.

 


ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ ЕРЛЕРІ ДЕ ЕСКЕРІЛСЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.10.2018 11:16

Соғыс ардагерлерінің де, соғыс балалары болып саналатын тыл ардагерлерінің де қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Олардың өмірдерегі туралы ондаға­н жылдар бойы айтылып та, жазылып та келе жатқанымен, адамзатқа түскен ортақ ауыртпалық – екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын жуық арада ұмыту мүмкін емес. Оларға арнайы мәртебе беріліп, мемлекет деңгейінде шешімін тауып жатса да, жауынгер­ ақын Қасым Аманжоловтың «күркіреп күндей, өтті ғой соғыс» деп өлең жолдарында айтыл­ғандай, күндей күркіреген зеңбіректер дауысымен бірге соғыс жылдары алыстаған сайын, соның зардабын тартып, қиыншылығын басынан өткерген аға ұрпақты әлі де мазалайтын ойлар бар екен.

Бұл туралы­ ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп зейнетке шыққан тыл және еңбек ардагері Әбжами Жанаев ағамыз былайша сыр шертеді.

– Менің әкем Жанай Құдабаев 1900 жылы қазіргі Мұратбаев ауылы төңірегінде дүниеге келіпті. Патша үкіметінің құлауы, Кеңес үкіметінің орнауы, ақ пен қызыл айқасқан аласапыран, азамат соғысының жалыны­  орталықтан жырақ жатқан қазақы ауылды тікелей шарпымаса да, елге ортақ ауыртпалықтан ешкім де шет қалмаған. Одан кейін келген ТОЗ немесе­ колхоздастыру науқанына, іле-шала пайда болған колхоз,­ артель шаруашылығына Жанай әкем белсене араласқан.

Өзге  ауылдастарының көбінде тігерге тұяқ қалмаған  тұста  әкем үш үйір жылқы, отыздай ірі қара, жүзге жуық ұсақ жандығымен сельхозға мүшелікке кіріп, соның өркендеуі жолында күш-жігерін аямай еңбек еткен. Сол  жылдары аудан төңірегінде алпысқа жуық колхоз  пайда  болса, қазіргі Мұратбаев ауылына жақын­ тұста құрылған «Дихан» колхозы егін шаруашылығы жөнінен де, мал шаруашылығынан да өзгелер­інен  оқ  бойы  озық  тұрған.

Ал, 1941 жылы соғыс басталғанда әкемді өзі сияқты­ жасы келген азаматтармен бірге Ресейдің Магнитогорск қаласындағы еңбек майданына алып кетті. Сол кездегі Магнитогорск соғыс машиналарын құрас­тыратын зауыттар қару-жарақ, бронь құрыштарын дайындайтын зауыт, толып жатқан майдан сұранысын қанағаттандыратын өндіріс ошақтарының орталығ­ы  болғаны  белгілі.

Ал, ондағы металл балқытатын мартен пештерінің, өзге де адам төзгісіз жанкешті еңбекті қажет ететін қара жұмыс үшін жүздеген, мыңдаған қазақстандықтардың еңбек армиясы құрамында Магнитогорскіге жіберілгені тарихтан аян. Кеңес Одағына әйгілі «День Победы» әніндегі «Дни и ночи, у мартеновских печей.­ Не смыкала, наша Родина очей» деген өлең жолдары ондағы азапты еңбектен хабар берсе керек. Ол жердегі 12-14 сағаттық еңбекақы төленбейтін тынымсыз ауыр қара жұмыс, от жағылмайтын сызды барактардағы  тақтай  төсектер, ескі-құсқы киім, жұмырыңа жұқ болмайтын өлшеулі құнарсыз тамақтан ашқұрсақ жүрген талай жан тән азабы мен жан азабының дертінен­  көз  жұмып, сүйектері жат жерде қалса, еңбек тозағынан аман қалған бірсыпырасы құр сүлдерін сүйретіп елге жеткен. «Дихан» колхозынан Айтжан Палуанов, Жүсіп Матаев, менің әкем Жаңай Құда­баев соғыстың алғашқы жылынан осы дүрбелеңге қатысып,­ сұрапыл аяқталғаннан кейін бір-ақ оралды. Мұндай адамдар Қазалы ауданында жүздеп болуы мүмкін, республика бойынша айтудың өзі артық шығар.­ Өкініштісі, қазір олардың атын, кімдер екендігін  әскери  бөлім де, үкімет  те  білмейді.

Әкем Жанай 1946 жылдың соңында денсаулығынан айырылып келеді. Сонда да қарап отырмай елдегі еңбекке араласып, мал бақты, соғыстан кейінгі «Дихан»­ колхозының аяғынан тұруына шама-шар­қынша үлесін қосты. Алайда еңбек армиясында көрген тауқыметі арыстай азаматты ажал құрығынан құт­қармады. Әкем 1947 жылдың күзінде қайтыс болды.

Кеудесін  оққа тікелей тоспаса да қаншама бейнет көріп, мемлекет үшін өлшеусіз қызмет жасап, ортақ жауды ойсырата жеңу үшін де, бейбіт кезеңде де күш-қуатын аямай, денсаулығын берген, тіпті өмірін де қиған, 47 жыл ғана ғұмыр кешкен менің әкем сияқты жүздеген тағдырлардың бар екенін ешкім де жоққа шығара  алмас. Елі үшін ерен еңбек сіңірсе де елеу­сіздеу­ қалған сол бір аянышты да, қиын тағдыр иелеріне «Жеңіс» саябағынан арнайы орын беріліп, белгі қойыл­са, есімдері тасқа қашап жазылса, мұны кейінгі ұрпақтың аталарының айта алмай кеткен аманатына адалдығы деп түсінуге болар еді, - дейді ол.

Әбжами ақсақалдың бұл айтқандары өмірдің өзінен алынған шындық екенін қуаттайтын көзі тірі куәлардың да азайып бара жатқаны ақиқат.

Әйтсе де, уақытында ешқандай мақтау-мадақтауға, марапатқа ие болу ойларына да кіріп-шықпаған, бейнет­тен, қиыншылықтан өзге ештеңе де көрмей, өмірден өткен қарапайым жандар туралы бұл есте­ліктен мүмкін болса қорытынды шығару бүгінгі ұрпақтың­ парызы мен қарызы десек, артық айтқандық  болмас  еді.

Аудандық «Қазалы» газеті бас редакторының орынбас­ары Сахи Қапар да әкесі Қапар Махшатовтың Магнитогорскідегі азапты тірліктің бел орта­сында болып келгені туралы естелігін алға тартып, шындығында  жүздеген қиын тағдыр иелеріне тағзым жасау  қажеттігі  жайлы орынды көтеріліп отырға­нына қолдау  білдіретіндігін жеткізді.

Аудан көлеміндегі идеологиялық ахуалға үнемі зертте­у жүргізіп, бақылап отыру міндетіне кіретін аудандық ішкі саясат бөлімінде көптеген жобалар қарастырылған. Қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыс  негізінде  жүзеге  асырылатын  сол  жобалар­дың  бәрі  бірдей өзін-өзі ақтап жүр, өміршең жобалар­ десек, артықтау болар.

Қайта патриоттыққа, ерлікке, еңбекке толы өмір­деректері өскелең ұрпақ үшін үлгі болатын, ел басына күн туғанда ортақ Отанды қорғау үшін еңбек майданының көрігін қыздырып, жастық жалынын, денсаулығын, өмірін сол сынаққа арнаған жандарды насихаттауға арналған жобалар әлдеқайда тиімді болар еді.

Олар туралы деректер іздестірілсе, жинақталса, іс-шаралар өткізілсе, мүмкін болса Магнитогорск қаласына­ сапар ұйымдастырылса, кітап жазу қолға алынса, басқа да сауапты да, жауапты, сауатты жұмыста­р іске асырылса, көп ұрпақтың көңіліндегі тоң-шемен жібіп, олқылықтың орны толар еді, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Әлімжан  ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,

Қазалы  ауданы

 


ТАРИХИ БЕЛГІСІ БАР АТАУЛАР ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.10.2018 11:12

Қызылорда  қалалық  ономастикалық

комиссияның  назарына

Биылғы Қызыл­орда  қаласының  200 жылдығын облыс және қала әкім­шілігі үлкен салтанатпен және жағымды іс-шаралармен, қаламызға тарту, сыйлықтармен өткізуге барынша дайындалды. Дүркі­реген сән-салтанатты тойларды өткізуде би­ліктің  тәжірибесі  де, шеберлігі де мол екендігіне күмә­німіз жоқ. Қаланың мерейтойына тарту ре­тінде­ жаңа дүниелер, ғимараттар мен құ­рылыстардың да берілетініне сені­міміз мол. Жаңадан  салу­ға, ескіні жаңартуға соңғы  жылдарда  көп істердің атқарылғанын айтуға болар. Дегенмен, көп­теген ескі белгілер, ескі атаулар, ескі орындардың еш із қалдырмай өзгертіл­ге­нін, ауыстырылғанын, ұмытылып бара жатқанын да айтқан жөн.

Мысалы, қаламыздағы ескі ком­мунистік символды білдіретін көше, ша­ғын­ аудан, ауыл, елді мекен атаулары түгелдей жаңарып болды.­ Бұл жақсы, әрине. Бірақ, бір­жақтылыққа – жер, мекен, көше  аттарын қалпына келтіруде оларды бірың­ғай  адам  аттарымен, көпшілігі кеңестік заманның қайраткерлерімен  ауыс­тыру  жағы  басымдық алып бара жатқ­аны бірден көзге ұрады. Қала мен облыс бедеріндегі тарих­и белгілерді арқалаған атаулардың көпшілігі соңғы бір ғасырда атқа мінген кеңестік дәуірдің адамдарының атта­рына ауыстырылды. Осы орайда «бұл мәселеде терең ойланбай асып-тасып кету, даңғазалық болып жатқан жоқ па?» деген заңды сауал туындайды. Мәселен, биылдан бастап «Өлке­тану» пәнін мектепте оқитын бүгінгі жас буын мен келешек ұрпағымыз туған қаласындағы көше атауларына қарап бұрын­ғы­ Қамысқаланы, 1818 жылы қоқандық хан Омар салған Ақмешіт қамалын (бекінісін), 1853-1867 жылдары Форт-Перовск­ий, 1867 жылдан уездік  қала Перовский, 1918 жылы Ақмешіт, 1925 жылы Қызылорда деп аталған туған қаласының тарихын көз алдына­ елестете ала ма? Жоқ. Себебі, қаламыздағы бұрынғы Қамысқала, Ақмешіт, Перовск кездерінен  тарихи белгі ре­тін­де­ атаулар, ескі ғимараттар қал­маған деуге болады. Тек, бір ғана атау – осыдан 420 жыл бұрын қазылған Сарқырама арығы қалды. Құдайға шүкір, бұл тарихи белгі қайтадан қалыпқа келтіріліп, қаламыздың тарихи мақтанышына ай­нал­атын ескерткіші де болып­ отыр. Бірақ, әзірше жал­ғыз  ғана. Енді бұрынғы Сарқы­рама көшесіне өз атын қайтарсақ, қала көшелерінің тізіміне «Қамысқала» деген көше атын қоссақ, қаламыздың тарихына әділеттілік жасаған болар едік.

Көнекөз қариялардың ай­туынша, қаламызда бұрын «Шолақ арық», «Бегілік арық», «Қожа арық» деген арықтар және көше атаулары болған. «Шолақ арық» бұдан 275 жыл, «Бегілік арық» 245 жыл бұрын қазылған. Бұл үш арықты сол кезде Сыр аймағында егінші­лікпен айналысқан қарақалпақтар  қазды деген сөз бар. Бұл атауларды да ретін тауып жаңғыртқанның артығы бол­маса керек  деп  ойлаймын.

Қаламыздың тарихында ежелден көше аттарына ие болып­ келген «Шымбай», «Атбас­ар», «Бақтияр» деген көше, шағын аудан атаулары да қала тарихынан жоғалып ба­рады. Көнекөз қариялардың айтуын­ша, «Шымбай жолы» деген көне замандағы сауда керуе­нінің жолы болса, «Атбасар» атауы Атбасар бағытына байланысты қатынастан, сауда кәсібінен бастау алатынын топшылауға болар. Ал «Бақ­тияр»  атына келсек, бұл атауды­ еш мағына арқаламаған деп айту қиын. Бұл кісі де тарихта белгілі бір орны бар адам бол­ғаны  анық. Бірақ, не үшін бұл атаудың ұнамағанын білсек, дұрыс болар еді. Осындай сұрақты көшелік мәртебеден айырылған «Дихан», «Үйсін тұйығы», «Ащысай», «Базар», «Қазақ», «Шымкент» деген атау­ларға да байланысты қойсақ артық болмас еді. «Қазақ» дегеннен шығады, «Өзбек», «қарақалпақ», «түрік­мен» кө­шелері болған, «Журба» көшесі 1945 жылға дейін «Қарақалпақ» көшесі аталған. Қаламен шеңберлес аймақта «Қаратоғай», «Қожа арық», «Ноғай бауы» сияқты жадымыздан шығып қалған  жер  аттар­ы  қаншама.

Жалпы алғанда, қаламыздың әрбір ауданы, бөлшегі, қалтарысының өзіне тиісті тари­хы, жер атауы бар, бұрын болған. Соларды сұрастырып, іздеп тауып қайта жаңғыртсақ, сол жерлерге кішкентай да болса белгі, тақта, жазба қой­сақ, жас ұрпаққа, келешек буын­ға үлгі, өнеге болар еді. Олардың туған елі мен жерін сүюге деген құштарлығын артты­рар еді. Бүгінгі көше атаулары­на  қарап  жас  буынның туған­ қаласына деген сүйіспен­шілігін арттыра аламыз ба?  Жоқ!  Қаладағы  қазіргі ономастикалық саясат соны дәлел­дейтіндей тұрғыда жүр­гізілуде.

Мысалы, бұрынғы әскери комиссариат, қазіргі Қорқыт ата ескерткішінің маңы бұрын «Қайық аузы» деп аталыпты. Сол жерде адамдар дарияның екі жағасына қайықпен қатынап тұрған. Қала тұрғыны, ұстаз Ә.Ешпановтың айтуынша, сол жерде «Шалтақ ауылы» деген ауыл да болған. «Бұл ауылдың  ортасымен мал айдап өткендер  салық төлеп отыр­ған» дейді  Әбдімәжит аға.

«Қайық  аузының» сол жақ бетінде «Қоқан  қашқан» деген кішкентай  құм  бар. 1853 жылы орыс әскері қоқандықтарды қуған кезде қоқан бегі  соғыстан аман қалған әскерімен «Қайық аузы» арқылы ат жалдап дария­дан өтіп, осы кіші­гірім  құмға  аялдаған. Осы  кезде­ орыстар жеңісін тойлап үрмелі аспаппен кернейлетіп жатқанда  бұрын  мұндай  әуен­ді естімеген бек: «Шаһарымды алсаң ал, кернайыңа зауық болдым» деген­ әңгімені осы жерде айтса­ керек. Зер салып іздей білсек, осындай оқиға­ларды қала­мыздың әрбір қалтарысы, ауданын­ан табуға болады­. Қаламыз тарихқа, дастан­ға  тұнып  тұр.

Сөз соңында жоғарыда айтқаны­мызды тағы да қайталап айтсақ артық болмас. Ел, жер, қала, өңір, аймақ тари­хы­на байланысты, оның шы­най­ы тарихи беттерін қайта жаңғырту, жандандыру мәселесінде жеке мүддемізді күйттеуге, ата-бабамыздың аттарын ғана мәңгілеуге, атын қалдыруға асығып, соған әуестеніп бара жатқан жағдайымыз бар. Даң­ғойлы­ғымыз, мақтаншақты­ғы­мыз басып барады. Қаланың 200 жылдығына арналған даңғаз­а той-думан, салтанатты жиналыстардан гөрі оның бедер­інде болған тарихи атауларды орнына келтірумен атқар­сақ, қаламызға көп пайда келтірген болар едік. Рас, мақтануға тұрарлық тарихымыз, мақтауға тұрарлық бабаларымыз бар. Бірақ мақтансақ, бәрі­міз түгел, тұтас мақтанайық. Бір халық, бір жамағат, бір ұлт болып.

Туған өлкеміздің тарихы өте алыстан, тереңнен бастау алатынын  ұмытпайық, аға­йын!

 

С.ЕСМАХАНҰЛЫ

 


БІЛІМДІ МҰҒАЛІМ ҚОЛБАЛА ЕМЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.10.2018 10:40

Динара  БАЙМЫРЗАЕВА,

үш  тілде  оқытатын  дарынды балаларға арналған  сыныптары  бар

“Мұрагер” мектебінің  директоры:

- Динара  Қонақбайқызы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының “Ұстазы қандай болса, мектебі де  сондай  болмақ” деген­ сөзі  бар. Өзіңіз  басқарып  отыр­ған  мектеп  туралы  қандай пікір  айтасыз?­

- Облыста маманданды­рылған 4 мектеп бар, екі “Білім-инновация” лицейі және облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты. Төртіншісі – Қызыл­орда қаласындағы “Мұрагер” мектебі. Мамандандырылған мектептерде белгілі бір пән­дерді тереңдетіп оқытады. 5-сыныптан бастап жараты­лыстану бағытындағы пәндер­ді ағылшын тілінде оқытып жатыр­мыз. Сонымен бірге, ағылшын тілін 3-4-сыныптарда 3 сағаттан, 5-9-сынып аралығында аптасына 5 рет өтуде.

- Мектептің техникалық базасы­  туралы  білсек...

- Техникалық базасы  десек, қазір бізде 2 информатика және демеушілердің көмегімен жасақталған география каби­неті бар. Робототехника, 3Д модельдеу  кабинеті  ашылмақ. Физика, химия, биология кабинеттері де жасалады. Ағылшын тілін меңгертетін 2 лингофон кабинеті, 4 спортзал, асхана бар. Жалпы алғанда оқушыларға да, мұғалімдерге де толық жағдай жасалған деп айтуға  болады.

- Биылғы тамыз кеңесінде №2 “Мұрагер” мектеп-гимназиясы аймақтың үздік мектебі болып танылды. Нәтижесінде мектепке 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ел көкейінде “ол қаржы қайда жұмсалады?” деген сауал бар екен.  Осыны  нақтыласақ...

- Иә, өткен жылдағы жетіс­тіктеріміздің арқасында облыс әкімінің сертификатына ие болдық. Әрине, аталмыш қар­жы білім ошағын дамытуға, білім саласын тереңдетуге жұмсалады. Біз 5 сыныпқа интера­ктивті  тақта  алайын деп отырмыз. Сондай-ақ, фото-видео студиясы үйір­месін ашамыз. Үйірмеге қатысушылар мектебіміз, қаламыз жайында қысқаметражды ролик­тер, фильмдер түсірсе дейміз, ол үшін арнайы кабинет жасақтаймыз. Әлеуметтік желіден балаларды ажырата алма­ймыз. Сондықтан, онда қызықты, пайдалы дүниемен айналыссын  деген оймен қол­ға алмақшымыз. Одан бөлек те, қаражат материалдық базаны нығайтуға жұмсалатын болады.

- Осы жылы мектептің 1-сыныбында 21 сынып ашылғаны туралы­  ақпарат  бүкіл Қазақстан­ға тарап  кетті. Мұны демография­лық  өсім деп  қабылдағандар  бар. Себебін  қалай  түсіндіресіз?

- Директор болып тағайын­далғалы менің мақсатым жоғарыда айтылған “маманданды­рылған” деген статусты алып қалу болып отыр. “Неге бала көп?” деген сұрақ бар. Тек бұл ғана мектеп емес, №101, №264 мектеп-лицейлерінде де бар жағдай­. Осы мөлтек аудан енді бой көтеріп келе жатқан, халық тығыз қоныстанған аудандардың қатарына кіреді. Биыл 21 сынып ашылуының 3 себебі бар. Бірін­шісі, қай кезде де ата-аналардың қоятын талабы жоғары, балаларын тереңдетіп оқытатын мектепке бергісі келеді. Екіншісі, осы мөлтек ауданда орыс тілінде оқытатын мектеп жоқ. Жаңа аталғ­ан мектептер тек қазақ тілінде оқытады. Жылда орыс тілінде 2-3 сынып ашылатын болса, биыл 5 сынып болды. Үшіншісі, “Саяхат” мөлтек ауданында мектептің жоқтығы. Былты­рғы жылы сол ауданның  18 көшесінің балалары оқыса, биыл тағы да 20 көшесі қосылды.­ 624 баланың бірінші сыныпқа қабылдануына осы себептер әсер етті. Біз үш ауысымдық мектепке өткен жоқпыз. 80 пән кабине­тінде 1 ауысымда 78 сынып оқи­ды, барлығы 143 сынып. Қалған 65-і түстен кейін оқытылуда. Алдағы уақытта Жаппасбай батыр­ көшесі мен “Саяхат” мөл­тек ауданында жаңа мектептер бой көтерсе, балаларымызды сол мектептерге ауыстыратын боламыз.

- Мектепте шенеуніктер мен қалталылардың  балалары  оқиды деген  қаншалықты  рас?

- Иә, мұндай пікір бар. Әлгін­де айтқанымдай, ата-аналардың мектептерге қоятын талабы жоғары­ болғандықтан шығар. Бірақ, мұнда ешкім ешкімді бөле-жарып жатқан жоқ. Барлы­ғы бірдей мектеп формасын кисе, сабақ беретін мұғалімдері де бір. Сұраныс көп болған соң, бала саны да көп. Мектеп бай-кедей деп ешкімді бөлмейді. Барлық оқушыға қоятын талап бір. Ол – сапалы  білім.

- Мектепте мұғалім саны жеткілікті ме? Кадр таңдауда қанда­й ерекшелікке баса назар аударасыз?

- Мұғалім саны орыс бөлімін­де де, қазақ бөлімінде де жеткі­лікті. Кадрларды арнайы тесттен өткіземіз. Бұрын қайда жұмыс істегені, тіпті жетістіктері де қызықтырады. Жас маман бол­ған жағдайда, “қандай ғылыми жобамен айналысты, қандай олимпиадаларға қатысты?” деген сынды сұрақтарға жауап іздеп көреміз. Өйткені, шығармашылық жетістіктері, еңбектері бар адам оны міндетті түрде жалғастырады деп ойлаймын.

- Мойындау  керек, қазіргі  кезде­ мұғалім қолбаланың “синонимі” деңгейіне  дейін  жетті. Бұған кінәлі  өздері  ме, өзге ме?

- Қолбала деген сөзіңізге келіс­е алмай отырмын. Себебі, мықты мұғалім болса, оқушы оның артынан жүгіреді. Бізде өз ісінің нағыз мамандары бар. Оларды ата-аналардың өздері іздеп келеді. Егер мұғалім өзінің мықтылығын дәлелдей алса, оқушылар да, ата-аналар да сыйлап, үлгі ететін болады. Мүмкін, сіздің айтып отырғаныңыз ұстаздардың сенбілікке шығуы, театр­ға баруы, т.б. шығар. Бірақ, мен ойлаймын, театрға бару да – мұға­лімнің міндеті. Мәдени іс-шаралар, жиналыстар кері әсерін тигізеді деп ойламаймын, мұға­лім  жан-жақты болуы керек. Ал, сенбілікке тек жас мұғалімдерді жібереміз. Неге қаланы көркейт­песке, неге мектеп айналасын таза ұстамасқа? Біз балаларды тазалықты сақтауға тәрбиелей­міз, оқытамыз. Неге оны өзімізге көрсетпеске? Меніңше, жақсы ұстаз, білімді ұстаз қолбала емес.

- Электронды  күнделік  жайы көпшілік мектептерде қиындық тудырып  жатқан  көрінеді. Сіз­дерде   қалай?

- Бізге “Қазақтелеком” толық мүмкіндік жасап отыр. Дәлірек айтқанда, интернетпен қамтамасыз еткен. Қазір Қызылорда­ қаласының барлық мектебі “Күнделік” жүйесіне қосыл­ған. Электронды күнделікке республика бойынша кір­дік. Бұл “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы  аясындағы  жұмыс­тар. Бастапқы кезеңдер болға­н соң қиындықтар туып жатқан болар, әйтпесе толық үйреніп алған мұға­лімге айтарлықтай кедергі дей алма­йсыз. Біріншіден, мұның бюджетке тиімді тұстары бар. Екіншіден, қойылған баға өзгертілмейді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Үшіншіден, сіз ол жерде кім­нің сабаққа кіргенін не кірмегенін, толтырғанын не толтырмағанын біліп отырасыз. Алдағ­ы уақытта жаңа ком­пьютерлер келеді. База әлі де нығая түседі.

Мен электронды күнделік­ті  2013 жылы Оңтүстік Корея­ға делегациямен барған кезде көргенмін. Ондағы кез келген адамның арнайы деректерді көрсету арқылы электронды нұсқада барлық бағаларын көре алады екен. Сонда олар бізден кемі 20 жыл бұрын енгізг­ен болып отыр ғой. Бірінші жаңалықты қашан да қиындықпен қабылдаймыз. Қағаз журналды күліп еске алатын­  да күндер келеді.

- Мектеп асханалары да  жиі-жиі сын садағына ілініп жатады­  дегендей...

- Мектептегі асхана өте үлкен, жайлы. Тегін ыстық тамақ тұрмысы төмен 130 бала­ға беріледі. Ал, жалпы оқушыларға арналған жеңіл тағам­дардың түр-түрі бар. Өзде­ріңізге белгілі, ыстық тамақты дайындауды конкурс арқылы кәсіпкерлер ұтып алып, осында бүкіл құрамымен келеді. Біздің кәсіпкердің жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Оқушылар ғана емес, ұстаздар да осы жақтан дәм татып жатады­. Жағдай жасалған, көңіліміз  толады.

- Рақмет, шығармашылық табыс тілейміз! Алдағы төл мерекелерің­із  құтты  болсын!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ТӨЛ СПОРТҚА ТӨР БЕРГЕН КҮН PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
04.10.2018 10:28

Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай бәйге түрлерінен “Сыр тұлпары” және қазақ күресінен түйе балуа­ндар арасында республикалық жарыс ұйымдас­тырылды.

Ипподромда өткен бәйге­нің ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен құрметті қонақ ретінде келген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысушыларға сәттілік  тіледі.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында биыл Қызыл­орда қаласында “Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы” ашылды. “Руха­ни жаңғыру” бағдарламасы аясында Жаңақорған ауда­нының ат спорты бөлімшесіне 8 жылқы беріліп, мектеп оқушылары республикалық деңгейдегі жарыстарда жүл­делі орындарды иеленуде. Сондай-ақ, облыста 16 мыңнан аса  спортшы ұлттық спорт түрлерімен шұғыл­да­нады.

Жарысқа Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан 100-ге тарта шабандоз бәйге­нің төрт түрінен сынға түсті.

Жеңімпаздар мен жүл­дегерлер  қомақты  қаржылай сыйақымен марапатталды. Тай бәйге жеңімпазы 800 мың теңгені, құнан, тоқ бәйгеден қара үзіп келген спортшы 4 млн теңгені, аламан бәйгеде­ оқ бойы озық шыққаны  8 млн  теңгені  иеленді.

 

Жарыс  нәтижесі:

ТАЙ  БӘЙГЕ (5 шақырым)

1-орын Бақыт Сәдуақас (Алматы қаласы, жылқы аты: Хантәңір, жылқы иесі: Ұлан Омаров);

2-орын Ғалымнұр Ертөс (Алматы, жылқы аты: Қасқалдақ, иесі: Мирхат Бұлғынов);

3-орын Шыңғыс Ізтілеу (Алматы, жылқы аты: Қалдыкүрең, иесі: Секенай).

 

ҚҰНАН  БӘЙГЕ  (13 шақырым)

1-орын Ақжол Жұматай (Алматы, жылқы аты: Нұрқасқа, иесі: Әлнұр Назарба­ев);

2-орын Шермұхамет Серік (Қызыл­орда, жылқы аты: Елік, иесі: Руслан Игенбаев);

3-орын Ғалымнұр Ертөс (Алматы, жылқы аты: Алғон, иесі: Әлнұр Назарбаев);­

4-орын Бауыржан  Әбубәкір (Қы­зыл­орда, жылқы аты: Изза, иесі: Қор­ғанбек  Аделина).

 

ТОҚ  БӘЙГЕ  (21 шақырым)

1-орын Бақыт Сәдуақас (Алматы, жылқы аты: Көкдауыл, иесі: Ұлан Омаров)­;

2-орын Ақжол Жұматай (Алматы, жылқы аты: Джел, иесі: Әлнұр Назарбаев):

3-орын Нұрбек Самат (Алматы, жыл­қы аты: Алужаз, иесі: Қайрат Маханов­);

4-орын Еркебұлан Базарбай (Шиелі ауданы, жылқы аты: Шамшырақ, иесі: Әбдіғани Шорабаев).

 

АЛАМАН  БӘЙГЕ  (31 шақырым)

1-орын Дамир Саймасай (Жамбыл, жылқы аты: Аспархан, иесі: Қайрат Маханов);­

2-орын Ақжол Жұматай (Қарағанды, жылқы аты: Бұйражал, иесі: Нұрлыбек Мұхамедияров);

3-орын Бақдәулет Бақытжанұлы (Қызылорда, жылқы аты: Фаус, иесі: Нағи  Қорғанбек);

4-орын Данияр Дамир (Алматы, жылқы аты: Көкдауыл, иесі: Ғабит Үмбетов);

5-орын Бекзат Сәдуақасов (Жамбыл, жылқы аты: Қаракөз, иесі: Ардығали Мирасов).

 

Бәйге “Евразия” спорт кешенінде қазақ күресінен өткен түйе балуандар сайысымен жалғасты. Бұл жарысқа Алма­ты, Шымкент қалаларынан, Жамбыл,­ Түркістан, Қызылорда об­лыстарынан  барлығы 24 балуан қатысты. Нәтижесінде жүлделі орындар жерлестері­міздің еншісінде қалды.

2017 жылғы “Қазақстан барысы” Еламан Ерғалиев жарыс жеңімпазы атаны­п, 2 млн 800 мың теңге сыйақыға иелік етті. Екінші орынды Мақсат Исағабы­лов (800 мың теңге), үшінші орынды Айбек Серікбаев (400 мың теңге­)  алды.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары