Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 10 Қазан 2018

«ҰР ТОҚПАҚ» һәм «СЫБАҒАЛЫ» МИНИСТРЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.10.2018 11:59

Мерзімінен бұрын жолданған Жолдау­ дегенге де құлағымыз үйрене бастады­. Күз мезгілін әдетте «балапан санайтын уақыт» деп қарайтын саяси топтар күтпеген жерден абдырап қалды. Тыңнан түрен салды ма, әлде түлен түртті ме, әйтеуір қатты қысқан «толғақ» жыл соңына дейін шыдатпады. Шыны керек, осы жолғы оқиға ойда жоқта орын алды. Алдыңғы жолдаудан қалған «сарқыт­» әлі таусылмаса да, мәзірге соңғысы­н қосуға тура келді. Бұл да жаңа жоспар, тың тіршіліктің тіні болуы мүмкін.

Өйткені жыл соңында мемлекеттік бюджетті министрлер «мөңі­ретіп» кететінін жақсы білеміз. Ал жеме-жемге келгенде қаржыға жүген сала алмай, қай ақшаның қай «жайлауға» кеткенін өздері білмей, мең-зең күй кешеді. Ал қағаз бен тілге келгенде олардан шебер құжат құнттаушы, олардан асып түсетін орақ орушы табылу қиын. Бұл біздің ғана артып отырған сынымыз емес, оны өздерінен бастап ел президентіне дейін біледі. Сондықтан болса керек, Үкімет пен Парламент үйінде ара-тұра «шаң» шығып тұрады. Ал «үй сыртында» жаны шыққалы отырған­  қанша  халық  бар...

Жыл сайын мемлекеттік қызметтегі мүйізі қарағайдай басшылар мен қосшыларды Парламент төріне жинап, жылдық жұмыс жүктейтін ел президенті бұл жолы олардың басын Ақордаға жинады. Мақсат бір, мұрат айқын, жоспар жүйелі, ал жолдау ортақ. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы саяси құжат тікелей көрсетілім арқылы халыққа таныстырылды. Дәл осы жиында шаруасына «шалынып» жүрген министрлер «сыбағасын» алды.

Жүгі жеңіл еместігін аңғартқан Жолдауд­а мемлекет басшысы отандық өнімдерді өндірудің маңыздылығына мән берді. Халықтың үстіне жапқаны көбіне Түркия, Қырғызстан, Қытай елдері­нің киімдері екені рас. Тіпті министр­лерге өз елінің тауарларын кигенн­ен  гөрі, «Германияның кәс­төмі», «Италияның туфлиі» деген тір­кестер қатты ұнайтын сияқты. Ал ел президенті олардың мұндай ойларына «құрық» салып, бастан-аяқ қазақстандық болып жүруді меңзеді.

- Сендер киген киімдерді шешетін болса, жалаңа­ш қаласыңдар! - деген сөзінен-ақ осы жайтты­  оңай  түсіндік. Ал Елбасының өзі – отан­дық­  өнім тұтынушысы.

Әзірге отандық өнімдерді тұтынатын бізге белгілі үш «қазақста­ндық қазақ» бар. Мемлекет басшысы, Әсет  Исекешов  және  Азат Перуашев.

Президенттің өзі «қазанға» салып «қайнатқан» білім саласының «сорпасына» елдің бас педагогі жауапты. Апатты мектептер, үш ауысымдық білім ошақтары, мектепке дейінгі білім беру нысандары секілді толып жатқан мәселелер Сағадиевке «ұр тоқпақ» болып тиді.

- Баланың барлық ақыл-ойы алты жасқа дейін қалыптасатынын барлық ғылым дәлелдеді. Ал біз мұнымен ешқашан айналыспадық. Бар әлем мұны біледі. Бұл жүйеде квалификациялық талаптарды, білім беру әдістерін, тәрбиешілер мен балабақшадағы  басқа  да  қызметкерлер жалақысын қайта қарау керек. Министрлік әкімдікпен бірігіп, жол картасын­ дайындасын. Ерлан, осы да қиын ба? - деп бас мұғалімге нақты тапсырма жүктеді.

Ал жылына 100 тәулікке жуық уақытын мәжбүрлі түрде жіберілетін жиындарда өткізетін, көше сыпырып, сенбілікке шығатын мұғалімдер мәртебесі бұдан былай заң жүзінде қорғалады. Қысқасы, «Ұстаздар мәртебесі туралы» Заң әзірленеді.­

Мемлекеттік «сауыннан» шелегі толмаса қайтпай­тын, бірақ не сүті піспейтін, не айраны ұйымайтын «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының басшысы Келімбетов залда жоқ болып шықты. «Әйтеуір бір жерде жүретін» ол бұл жолы оңай сытылды. Өйткені бұл жолы да бір жерде жүрген көрінеді. Ақша мәселесіне келгенде бас экономист  те  орнынан  тұрды.

- Сен қай жерде нақты ақша жетіспейді, соны білуің керек. Енді министрлердің орнына мен жұмыс істеуім керек пе? - деген Елбасының ес­кертуінен кейін ес жиса, қанеки?!

Ал бұдан былай елімізде «тегін баспана» деген болмайды. Өңірлердегі пәтерлердің құнына қатысты­  жарытып жауап бермеген әкімдер сынның  астында  қалды.

- Үкімет те, әкімдер де жұмыс істемейді. Барлықтарыңа айтарым, сендерге басқа не керек?! Адамдарға жақсы жағдай жасау үшін не керек? Барлығы­н бердік ғой! Мен барлық әкімдерге ескертем­ін, жыл соңында қызметте қалу-қал­мауларың  өз  атқарған  жұмыстарыңа  байланысты болады, - деді  мемлекет  басшысы.

Бұл сөзді естіген халық бар өңірдің әкімін ауызша­ ауыстырып, орнына өз жерлестерін тағайынд­ап қойды. Әкімдерді «мен жүретін көшелерд­і жылтыратып қояды» деп қалжың араласт­ырып  «қағытып»  алды.

Біздің елдегі жүйелі жұмыстың нәтижесін көру қиын  емес. Десек  те, ақсап  тұрған  салаларға  білікті басшы жетпейтін көрінеді. Ал білгіштер – тек шетелд­е. Осы ұғымды санаға байлап алған қазақстан­дықтар «Air Astana» әуе компаниясын ағылшынға  басқартып, «Назарбаев  университеті» билігін жапондарға беріп қойған. Бұдан былайғы тірлік те «жансызданып» бара жатса, президент «Егер жөнді жұмыс істемесеңдер, орындарыңа шетелден адам аламын» деген уәдесін орындауы әбден мүмкін.

 

О.МӨҢКЕ

 


АДАМИ КАПИТАЛ – ДАМУДЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.10.2018 11:55

Парсылардың  әйгілі патшасы Кир бір күні түс көріпті. Түсінде аяғының астына шуағын­ төгіп тұрған жарық күн енеді. Ол күнді үш рет ұстамақ болып, құшағына қысуға ұмтылғанымен, күн үш ретте де оның құшағынан сытылып шығып кетеді де, домалаған күйі алыстай береді. Өзіне ұстатуға мүмкіндік бермеген бұл күннің сырын ашпақ ниетпен көріпкелдерге жүгінген екен. Іздеген адамы да табыла қалады. Содан патша түсінбестік түр танытып, бір жағынан уысына түспеген күнге ренжіп, түсінде көрген жайттың бәрін алдына келіп тұрған түс жорушыға баяндайды. Сонда көріпкел:

- Сіз отыз жыл патшалық құрасыз, - деп жорыған екен.

Шынында да Кир патша отыз жылға тарта  әмірін  жүргізеді.

Біздің елдің егемендік алғанына да осынша  уақытқа  жуықтады. Осы ретте­ біз өз сұрағымызға мемлекет басшысының кезект­і Жолдауынан аз-кем жауап іздеп көрдік.

- Алғаш  тәуелсіздік  алған  жылдардан­  бері  қандай  жетістікке  жеттік?

- Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңы­зы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени­ орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаңа елордамыз – Астананы салдық. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық.

- Дамудың даңғыл жолына қалай түстік?

- Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік. Соған байланысты, мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым. Олардың жүзеге асырыл­уы табысты дамуымыздың негізгі факторына  айналды.

- Мәртебеміз  қандай?

- Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет­ болды. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілді.

- Қалай қарай бағыт алып барамыз?

- Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген­ зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді  атқаруға  дайынбыз.

Тарихи қысылтаяң кезеңдерді бастан­ кешірген Қазақстанның күрделі құбылысқа бет бұрғанын естіген жұрт алғашында таңданыстарын жасырмады. Ұлан-ғайыр даланың төсінде созылып жатқан елді дербес қалыптастыруды ұйғарған президент үшін жаңа жетіс­тікке жету жолындағы бағдарламалар әзірлеу оңайға түскен жоқ. Елдегі қиыншылық тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, саяси дипломатиялық қарым-қатынас, экономикалық дағдарыс сияқты­ ел болашағы үшін маңызды салалар­дың тамырына қан жүгіртпеді. Нарықтық қатынас талаптарына толықтай­ жауап беруі үшін алдымен ел экономикасының еңселі болуы шарт. Ал бұған жауапты тұлға – ел басқарушының өзі. Тығырықтан жол тауып шығуд­ы ойлаған мемлекет басшысы Н.Назарб­аев өзінің халық сеніп тап­сырған жауапкершілікті  ескере  отырып, дамудың даңғыл жолына түсетін стратегиялық бағдарлама әзірледі. Бұл үрдіс бүгінге дейін дәстүрлі түрде жалғас­ып келеді. Қазанның 5-жұлдызында Елбасы­ның халыққа арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс­ пен тұрмыс сапасын арт­тыру» тақыры­бындағы Жолдауы – осының­  айғағы.

Саяси маңыздылығы құнды құжатта халықтың әлеуметтік ахуалының жақсару­ы мен ел дамуының қарқын­дылығына  басымдық  берілген.

- Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдеріс­тері  күшейе  түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда. Жаңа технологиялар, робот­тандыру мен автоматтандыру еңбек  ресурстарына  және  адам капиталының   сапасына  қатысты  талаптарды күрделендіруде. Қаржы жүйелерінің мүлде  жаңа архитектурасы түзілуде. Бұл орайда қор нарықтары кезекті­ қаржы дағдарысына алып келуі мүмкін жаңа «сабын көбігін» үрлеуде. Бүгінде жаһанд­ық  және  жергілікті  проблема­лар тоғыса түсуде. Мұндай жағдайда  сын-қатерлерге  төтеп берудің­ және мемлекеттің табысқа жетуіні­ң кепілі – елдің  басты­  байлығы – адамның  даму  мәселесі  болып  отыр, - деді мемлекет  бас­шысы  Жолдау  ба­ры­сында.

Рас, біз жылдар бойы дамып  келе жатқандығымызды айтып мақтанғанымызбен, әлемдегі нанотехнология мен ақпарат секунд сайын жаңарып отыр. Жаһандық экономиканы бетке алып отырған әр мемлекет сол үдеріске ілесіп, өркениет көшінен қалмауы керек. Өйткені біз болашағымызға сындарлы саясат­ымызды қалыптастыра отырып, жаңа жетістіктер мен соны серпіліс­терге толы идея­мызбен бара жатырмыз. Таным­ көк­жиегіміз де кеңейіп, басты капитал құндылықтарына баса мән беруімі­з де бекер емес. Өйткені адами құндылықтар өркениет­ биігінде тарызыға салынады. Бұл ретте сапалы білім беру, сапал­ы әрі қолжетімді медициналық жәрдемге қол жеткізу, индустрия-инновация, өнеркәсіптің жоғары техноло­гиялық секторы секілді маңызды фак­тор­лар ел дамуының негізгі көр­сеткі­шіне  жауап  бермек. Осы  жайт­ты­ басты назарға алған ел президенті мемлеке­т пен адамдардың күш бірік­тіруінің  ар­қасында  ғана  жалпыға ортақ еңбек  қоғамын құра  алатындығымызды  айтты. Сондай-ақ, саяси құжаттың бірінші  бөлімінде-ақ  халық  табысының өсуіне мән берді. Тіпті Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жал­ақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырды. Ал бұған дейінгі жұмыс істеп келе жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Егер солай болған жағдайда ең кемі 3 жыл ішінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 224 миллион теңге салық түсіп, 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкін­дік болады. Демек,­ экономикалық  саясаттың  негіз­гі элементтері де алысқа ұзай қоймасы анық. Ол үшін Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушы­ларға қолдау көр­сетуге баса мән беруі қажет. Сауда-саттық­  саласында  ортақ  одақпен  жұмыс істеп отырғаннан кейін сауда саясат­ына селқостық танытуға бол­майды. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Соныме­н бірге, халық тұтынатын тауарла­рдың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектескен  жөн. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, ішкі нарықты отандық тауар­лармен толтыру үшін де маңызды. Бұл ретте  Елбасы Үкіметке өңдеу өнер­кәсібі  мен  шикізаттық  емес  экспортты­ қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Атакәсібіміздің бірі саналатын агроөнер­кәсіп саласы әлі әлеуетін көтеруг­е мұқтаж. Ел президентінің айтуын­ша, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің  экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе  көбейту – негізгі міндет. Ол үшін  ауыл  шаруашылығы  саласындағы «ақылды адамдарды»  тарту арқылы басқару­дың үздік тәжірибесін пайда­лануымыз  керек. Бұл  айтылғандардың барлығы – қазақстандықтардың  табысын­ арттыру  үшін  істеліп  жатқан  дүние.

Халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты сипаты – өмір сүру деңгейі­нің артуы. Бұл ретте бірінші реттегі тапсыр­ма – алдағы бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты  ішкі  жалпы өнімнің 10 пайы­зы­н­а дейін жеткізу. Екінші тапсырма – мек­теп­ке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту. Тіпті балабақша қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігін президенттің өзі қадап айтты. Үш ауысымдық мектептер де түбегейлі жойылады.

Осыдан 10-20 жыл бұрын мектеп қабырғасында білім алғандар біледі. Ол кездегі мектептің тәртібі мен мұғалімге­ деген сыйластықтың қандай екенін. Сабақ оқыту кезінде ұзын таяқшамен «сыбаға» алып үйге қайтатын. Есесіне, сабақ оқулы, ұстазға деген құрмет бар. Қазір ше? Қазір «оқысам, өзім үшін оқимын» деген сөздерді оқушының аузынан естіп жүрміз. Ал дауыс көтеріп сөйлесе, тіпті ол кезде заң алдында жауа­п беруге немесе оқушының өзінен, одан қалды ата-анасынан «жұдырық» жеуге мәжбүр. Бұл – мұғалім мәртебе­сінің төмендегені. Мектептің жүрегі саналатын олардың беделін көтеру­ді президенттің өзі жекелей қадағалай­тын болды. Яғни, келесі жылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме­лер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға­, жөнсіз тексері­стер мен мін­деттен тыс функ­циялардан арашалауға тиісті «Педагог мәртебесі туралы» Заңды­ әзірлеп, қабылдау қажеттігін тапсырды. Айт­пақшы, келер жыл жастар үшін мәр­тебелі жыл болмақ. Оған Қазақстан  президенті  Н.Назарбаевтың Жолдау  барысындағы:

- Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариял­ауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлерд­ің  әлеуметтік ортасын жаң­ғыртуға  кірісуіміз  қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқыл­ы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны  ілгерілетуді қолға алу керек­. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппа­й мектеп туризмін қайта жаң­ғырту керек. Бүгінде халықтың әлеуметтік  көңіл  күйін  айқындайтын  негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық  әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция, - деген түйін сөзі дәлел.

Қоғамға қажетті мәдениет, спорт, денсаулық, кәсіпкерлік, құқық қорғау, экономика, білім, баспана секілді барлық саланы қарастырған Жолдау әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуына үндеген маңыз­ды  әрі тарихи құжат төрінен орын  тапты.

 

Н.ҚАЗИ

 


ЖАЙСЫЗ ЖАТАҚХАНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
11.10.2018 11:29

«Қойшыны таяғы, қасқырды аяғы асырайды» дейді. Қазірде бұл мақал қалам ұстаған ағайынға қатысты да айтылып жүр. Себебі газет­ пен  телеарнаға «азық» іздеп жүретін  тілшілер  қауымы  бірде қалада,­ бірде далада жүреді. Өткен жексенбіде Тасбөгет кенті тұрғын­дарының өтінішімен Ш.Есенов көшесіндегі жатақхана жайым­ен танысып қайтқан болатынбыз. Кент деген аты болмаса, қалаға тиіп тұр. Алайда тұрғындардың жайсыз жатақханада өмір сүріп жат­қанын көріп, дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деу бос әурешілік пе деп қалдық.

Мұндағы №20 көпқабатты ғимараттың іргесі 1980 жылы қаланған­. 1997-2000 жылдары қараусыз қалғандықтан, кент тұр­ғындарына тұрғын үй үшін бөлініп берілген екен. Алайда қазіргі таңда іргесі сөгіліп, ескіргендіктен және талапқа сай болмағандықтан, тұрғын үй кәріз жүйесі мен ілеспе газ желісіне қосылмай тұр. Жиырма жылға жуық орталықтандырылған жылу жүйесінсіз күн кешіп келе жатқан тұрғындар қыс түссе, подъезде отын жарып, пәтерге пеш жағып әлек боламыз дейді. Мұржалар да адамдардың өздерінің қолымен жасалғандықтан, жаққан отын тұтанып болмайтын­  көрінеді.

– Көпқабатты үйде тұрады деген атымыз ғана. Қыс бойы отын жағып шығамыз. Отынымыз кейде тұтанып болмайды. Талай көршілердің бала­ларының  иістеніп  те  қалған  сәттері болды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бар мұнда. Олардың жағдайы қыс түссе, тіптен қиындайды, - дейді жатақхана тұрғыны Бақыткүл Жәнібекова.

Жылу жүйесінсіз өмір сүріп келе жатқан тұрғындардың бұл жалғыз проблемасы емес. Олар ретсіз жүр­гізілген ток сымдарынан да қорқады. Өйткені жатақхана дәлізіндегі ток сымдары адам шошырлық жағдайда тұр. Ал бұл адам шығынын болдырмасына кім кепіл? Естеріңізде болса,­ Жаппасбай батыр көшесіндегі жаңа үйлердің бірінің электр тарату торабы­ ашық қалып, жас баланы ток ұрғаны  бар. Ойын баласы байқау­сызда сымдарды ұстаймын деп, соңын­да бір қолынан айырылған еді. Әрине, ата-ана баласын бақыламай ма деп кінәлауыңыз мүмкін. Алайда торапты ашық қалдырғандар ше? Бұған кім жауапты? Суретте көріп отырғандарыңыздай, мұнда да еш бақыл­ау жоқ. Ток сымдары қалай болса, солай орналасқан. Ұзын дәліздің мына басы мен арғы басына дейін салбырап орналасқан сымдар. Өрт қауіпсіздік ережелері осылай сақталушы ма еді? Бұл тораптарды қалыпқа келтіру үшін міндетті түрде адам өлімі қажет пе?

Жақында ғана БАҚ өкілдерімен кездескен облыс прокуроры Х.Дәуешов аяқсыз қалған құрылыс алаң­дарын сынаған-ды. Мұндай құрылыс алаңдарын нағыз қылмыс ошақтарына балап, меншік иелерін жауапқа тарту керектігін де айтқан болатын. Дәл осындай аяқсыз қалған қоғамдық әжетхананың құрылысы да осында орналасқан. «Балалар ойын алаңының орнына жатақхананы мекендейтін әр үйдің бір-бір әжетханасы тұр» деп журналистер бір даурыққанда, әкімдік бұл мәселені осылайша шешкен болатын. Сол кезде осындағы үш жатақхананың екеуіне әжетхананы толығымен аяқтап, салып берсе, бір қоғамдық әжетхана құрылысын «қаржы жетпеді» деп аяқсыз қалдырыпты. Алайда көпшілікке арналғ­ан әжетханаға тұрғындар балала­рын жіберуге қорқады. Оның үстіне жақында ғана 2-сынып оқу­шысын  зорламақшы болған азғын да осы үйден шыққандықтан, тұрғындар ертелі-кеш балаларын уайым­даумен  отырады.

– Біз көпшілік әжетханаға о бас­та­ қарсы болдық. Алайда әкімдік­тегі­лер біздің әжетханамызды бұзып, орны­на осыны салып берді. Амал жоқтықтан балаларымызды осында жібереміз. Кешкілік өзіміз еріп баруымызға тура келеді. Қорқынышты. Әрі қазірдің өзінде толып, жағдайы мәз болмай тұр. Біздің тұрғын үйге канализация жүйесі де қосылуға келмейді. Тек жаңғыр­тудан өткізіп беруге болады деп отыр. Алайда не канализация жүйесі, не газ кірмейтін болса, жаң­ғыртудың бізге керегі қанша? - дейді жатақхана тұрғыны Роза Шүлембаева.­

Өткен қыста Титов қыстағындағы жатақханалардың бірі құлап, ел біраз шуласты. Тұрғындар тұрмайтын бөлігі қирап қалғанда, облыс әкімі арнайы комиссия құрып, қаладағы барлық жатақхананың жай-күйін тексеруді тапсырған еді. Нәтижесін­де сол Титовтағы №32 жатақхананың жағдайы мәз еместігі еске­ріліп, тұрғындарға Жаппасбай батыр көшесінің бойынан жаңадан пәтер кілттері табысталған болатын. Сол кезде Тасбөгеттегі осы №20 жатақхананы «іргесі мықты, жөндеуге келеді» деп көзге ілмегені­не тұрғындар наразы. Алайда ХХІ ғасырда жылу жүйесіне қосылмаған, газ жүргізілмеген, кәріз жүйе­сі жоқ көпқабатты үйді көргендеріңіз бар ма? Әбден  тозығы жеткенді­гін бір көріп-ақ аңғаруға бола­ды. Тіпті, баспалдақ­тары тесіліп, адамның жүріп-тұруының өзі мүм­кін  емес.

Шүкір, бүгінде елулік­ті  еңсердік. Енді дамыған отыз елдің қатарына кіруді мұрат етіп отырмыз. Осы ортақ мақсат жолында біраз жұмыстар да атқарылып жатыр. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда осы бір жатақхана тұрғындарының үйіндінің астында қалып қоймаймыз ба деген үрейі сейілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Шынында да, осындағы 70-ке жуық отбасы жалғыз баспаналарын апатты деп танып­, жаңа үйдің кілтін табыстаса деген үмітпен отыр. Сол үміт отын хал­қының қамын ойлаған әкімдер сөндірмейді деп сенеміз.

 

Жансая  ЕЛУБАЙҚЫЗЫ,

Суреттерді  түсірген  автор

 


СОЛ ЖАҒАЛАУДАН АНА ОБРАЗЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
11.10.2018 11:11

 

Аманкелді  КЕНЕНБАЕВ,

суретші,  мүсінші:

 

Шеберханаға мен барғанда ол кісі картинасын әурелеп жатқан еді. Санаулы күндерден соң өтетін “Сырдария” атты жеке көрмесіне қызу дайындық жүргізуде. Онда біршама картиналары жинақталған кітабының да тұсауы кесілмек. Мен болсам, осындай қысылтаяң уақытта суретшінің әр  секунды санаулы екенін біле тұра, “бірнеше минутқа ғана мазалаймын” деп алып, сағаттан аса сөйлетуге келгендеймін. Өйткені, табалдырықтан “Ассалаумағалейкүм!” деп амандасқаннан бастап төрге дейін де әңгімеміздің жараса кеткенін сездім.

Сұхбат барысында құлағым суретшіде болғанымен, көзім айналадағы картиналарға, бюст-мүсіндерге қайта-қайта түсіп кете берді. Мұны бағанадан бері бажайлап отырған мүсінші ағамыз әңгімеден соң маған жұмыстарын таныстырды. Расын айтайын, кейбір картиналарын түк те түсінбедім. Тырыстым. Болмады. “Автор көрерменнің деңгейіне түсуге міндетті емес” деген ой кейіннен барып санамда жаңғырып қала берді...

- Суретші – күндіз-түні өз қиялымен  күресетін  адам. Бұл – менің  ойым. Енді мұны сіздің көзқарасыңызбен толықтырсақ...­

- Менің ойымша, әлемдегі барлық бала суретші болып туылады. Тек, біреуінде ол қасиет аз, біреуінде көп болады дегендей. Бірі дамытады, екіншісі мүлдем елемейді. Суретші күрескер болуы мүмкін, суретші тыныш­тықты қалауы да ықтимал. Суретш­і  ең  бірінші адам болуы керек­. Жалпы алғанда, кез келген өнер  иесі ең алдымен адамгершілігімен даралануы тиіс. Ал, сіз бен мендегі, ол мен сіздегі пікір қайшылығы өте  орынды.

- Осы шетелде сурет, мүсін өнерін жоғары бағалайды деп жатамыз ғой. Сонда шын өнерді қабылдауға біздің түйсігіміз  жетпей  ме? Әлде...

- Біздің халықта өнерді бағалау, тіпті өте жоғары дәрежеде бағалау деген бұрынғы заманнан бері бар. Бірақ, қазіргі уақыт абдырап тұрған шақ. Өнер ешқашан өз құндылығын жоймайды, жоғалтпайды. Өз сарынымен, өз күшімен ылдилап жүріп келе жатыр. Шетелде құндылық деп бағалау сан ғасыр бұрын басталып кетті. Мәселен, бір картинаны қазір сатып алса, 2 жылдан соң екі есе бағад­а сатуға болатынын және оны өзгелердің алатынын біледі. Арнайы жинайтын коллекционерлер, ұйымдар, музейлер бар. Аукциондар ұйымда­стырылып  тұрады. Ұрланған кар­тинаның  құнын  өсіреді. Жалпы, жұртшылыққа  қызық.

- Өткен  көрмелеріңіз  туралы  айта кетсеңіз.

- Биыл Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде “Сұлутөбе” атты жеке көрмем өтті. Биылғы жылдың шымыл­дығын түріп, ең алғаш болып аштым десем де болады. бір ай бойы алматылықтар  тамашалады, өз  бағасын беріп жатты. Негізі, ол жерде көрме өткізу – кез келген қазақстандық суретшінің арманы. Жалпы, Алмат­ы қаласында бұған дейін де көрме өткізіп жүрміз ғой. 2016 жылы Астана қаласында бүкіләлемдік суретш­ілер  биенналесі өтті. Ол  жер­де­ өз  жұмыстарыңды  таныстырасың. Осы жылы тағы да Астана қаласында бүкіләлемдік фестиваль ұйымдас­тырылды. Шақырған  соң, ол жерден де  табылдым.

- Шетелдегі  көрмелеріңіз  ше?

- Қазір әртүрлі пікірлер айтыла береді ғой, бірақ сол Кеңес үкіметі кезінде өнерге деген қамқорлық жақсы­  болды. Шетелдік көрмелерге картинаның өтуі қиын еді. Ол уақытта­ көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Менің жұмыстарым алғаш рет 1986 жылы Чехословакияда өтті. 1989 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында жұмыстарым өнерсүйер қауымға таныстырылды. 2007 жылы “Қазақмыс” корпорациясынан хабарла­сып, конкурсқа шығарма­ларымды қоюға рұқсат сұрады. Оған 36 суретшінің жұмысы ұсынылып жатыр­ екен. Барлығы бір-бірінен асып түсетін атақты суретшілер. Содан­ не керек, менің жұмысым ұнап, “Қазақстанның жаңа өнері” атауымен  Англияның  Лондон  қаласында өткен өнер шарасына аттанып кеттік. 8 күн бойы еліміздің жаңа өнерін әрі бірнеше өнерін паш еттік. 2010 жылы Мұстафа Шоқайдың тастұғ­ырын Францияның Париж қаласына орнату мәртебесіне ие болдым­. Польша, Жапония, АҚШ секілді елдерде де көрмелерім өтті. Бірақ, АҚШ-қа өзім барған жоқпын, картиналарымды электронды нұс­қада жібердім. Көрме үш бөлікке бөлініп көрермен назарына ұсы­нылды. Қорытындысында маған “Алтын қыран” деген медаль берілді. 2016 жылы ғой деймін, тағы да сол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында конкурс  өтті. Оған да  қатысып  көр­ген едім. Нәтижесінде кезекті рет  алтын  медаль  бұйырды.

- Ең ұзақ салған картинаңыз қандай­?

- Әрине, оны тап басып айту қиын. Уақытын нақты айта алмаймын.  Мысалы, тарихи картиналарды салуға ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Ондағы ат әбзелдерін, артындағы оқиғаларды анықтап көрсету керек болады. Менің шығармашылығым, менің картиналарым сезімге құра­лады. Кейде бір сәтте ғана, кейде бірнеше  күн.

Ал, мүсін өнерінде бұл басқаша. Көбіне шығармашылыққа деп алған жеке мүсін не бюст болмаған соң, осынша уақыт деу дұрыс емес. Барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыс болғандықтан,  оны  белгілі бір уақытта  аяқтауға  мәжбүрміз.

- Бір сұхбатыңызда “Ақын Әбділда Тәжібаевтың рухынан ұялдық” депсіз. Жалпы, Ақордадан бөлінген қаржының  ауылға  жетпей қалатыны бізде бар жайт  ғой. Тағы қандай тастұғыр не ескерт­кіш иесінен ұялуға мәжбүр бол­дың­ыз. Жалпы, ескерткіш жа­сау­дағы­  қиындықтар  туралы  білгіміз  келіп  тұр.

- Айта кетейін, негізі конкурс бюст-мүсінге ғана ұйымдастырылған еді. Ескерткіш деп атайын десек, болмайын деп тұр. Оның үстіне бюсттің ғана қаражаты қаралған. Алматыдан арнайы тас алдырып, ескерткіш секілді етіп, еңсесін көтеріп, биіктетіп қойдық. Қазір Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапхананың алдында тұр. Қысқасы, кішкене бюст ол жерге жараспас еді. Әбділда алып ақын ғой. Жалпы, мүсін өнерінде көптеген қиындықтар болып тұрады. Біткен іске  сыншы көп. Авторлық жұмысымның  бірі – теміржол вокзалында тұрған Жанқожа батырдың ескерт­кіші. Комиссияға ұсынылған өзгеше, лайықты шығармалар өтпеді. Комиссияның шешімі солай болды. Ақпан айында басталған жұмыс маусым айынд­а тапсырыс берушілерге ұнамай қалып, жұмысты жалғастыруға біз кірістік. Ал, ескерткіш қыркүйек айында ашылуы керек. Негізі, мұн­дай ескерткіштер ең кемі 6-7 ай жасалу­ы керек. 5 метрлік сұлбасын жасау үшін бізге 15 күн ғана уақыт берді. Тапсырыс беруші – Қазалы ауданы әкімдігі. Сол 15 күнде 3 дүр­кін адам келіп жұмысымызбен танысты­. Яғни, ол айтарлықтай қиындық еді. Өзіміз уақытты үнемдеп пайдаланып жатқанымызда, олар қызық көріп, қайта-қайта мазалайды бізді. Міне, осы секілді.

Одан қалды сол жақтан небір білгіш ақсақалдар пайда болды. Олар мем­лекеттік комиссияға біздің үстімізден арыз жазды. Сондағы жазғаны “Атамызды еңкейтті, атамыз ешқашанда иіл­меген” деген секілді. Болмаған соң мен Жанқожаның шырақшы немересімен жолықтым. Сонда сол кісі “Осылар-ақ қоймайды екен, атаммен бірге жауға шапқан сияқты. Өзің біл” деді. Жалпы,­ Жанқожа өте қарапайым, шағын адам болған екен. Бірақ, ескерткішке олай қоюға да болмайды. Оның үстіне оған жанындағылар айтады екен. “Сіз жауға қарсы  шыққанда, ашуланғанда зора­йып­  кетесіз” деп. Міне, осыны ескеріп, ескерткішті жасадық. Сондай қиын­шылықтар бар. Оның да болғаны дұрыс. Жұмысқа сын да, мақтау да айтылады. Тек, автор  өз ісіне жауап бере алуы керек,­ қорғап  шығуы  тиіс.

- Әлгі Қазақстандағы мүсіндердің барлығы­  бір-біріне  ұқсас  болуы  осыдан ғой  сонда?

- Иә, мүсіншілердің ойы шектеле­тіні рас. Бұл тұрғыда біз Жанқожаны өзгеше етіп жасадық деп айта аламын. Соның өзінде де шектеулердің болғанын айтып кеттім ғой. Батырлар көп, біз өз ұғымымыз арқылы батыр Жан­қожаны шығардық деп ойлаймын.

- Кімнің мүсінін жасағыңыз келеді?

- Жақсы сұрақ екен. Рас, жүрек қалауың немесе өзің қатты берілетін жұмыстар болып тұрады. Мысалы, менің бір эскиздік жұмысым бар еді, Бегім ана деген. Оның алдында “Сыр ана” деген конкурс болды. Сыр анамыз үшін 6 эскиздік жұмыс тапсырдым. Білесіз бе, бұл дегеніңіз алты дүркін ойлану, қаншама сағатты жоғалту, маңда­й тер, есіл еңбек ғой. Содан не керек, қорытындысында өзге біреу конкур­стан жеңімпаз болып, “Сыр ана” монументін тұрғызды. Темірден жасады­ да, әкеліп қоя салды. Ол – өнер емес.

- Сонда “Сыр ана”  монументі әуелде­  мүсін  ретінде  жасалуы тиіс екен  ғой...

- Иә, Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы  бойынша алдық ғой деймін сонда биіктігін. Қазіргісі қанша екенін, кімдер істегенін де білмеймін. Сондағы “Сыр анаға” көптеген күшім кетті. Әлгінде сөзімді Бегім ана деп бастадым ғой. Соны жалғастырайын. Жолдас жігіт екеуміз осы мүсінге де біраз күшімізді жұмсадық. Ол мемлекеттік комиссиядан өтті. Барлығы дайын болып, енді ғана істейін деп жатқанда аяқсыз қалды. Сөйтсек, мұны бастаған жеке кәсіпкер екен  де, мемлекеттен ешқандай  қара­жат­ бөлінбеген екен. Жалпы, Бегім ананың­ өмірі ескерткіш жасауға тап­тырмас образ еді. Сондықтан асқан құлшыныспен бастағанбыз. Жоба бойынш­а сұлбасын қаламыздың көп­теген жерлеріне қойып та көргенмін. Қызығы мынау, кейіннен Қазалы ауданын­да Бегім анаға ескерткіш қойылды­. Өкініштісі, ол кезінде мемле­кеттік комиссиядан да, облыстық комис­сиядан да өтпей қалған жұмыс болатын­. Қазір ол Бегім ана ма, басқа ма, мен білмеймін. Сыр – Алаштың анасы ғой, сондықтан осы тақырыпта тамаша туынды жасауға дайынмын. Ол образды сол жағалауға орналастыру керек­. Екі рет сүрініп қалған тақы­рыбымды айтып отырмын. Мүмкін, үшінші  рет орындалып  қалар...

- Біздің газетке берген пікіріңізде “Бізде  мүсіншілердің  ойы  шектеледі” деп едіңіз.  Соны  бір  тарқатып  айтсаңыз.

- Негізінде мен біреуге бәле жап­қаннан гөрі, авторға жауапкершілікті артқым келеді. Егер жақсы туынды тудыр­а алса, авторға ешкім кедергі келті­ре алмайды. Автор өз туындысын қолдауы, қорғауы  керек.

Орайы келгенде айта кетейін, бұдан біраз уақыт бұрын фейсбукте “Сыр бойы батырлары” атты Жаркен Исмағұловпен бірігіп жасаған ескерткішімді біреу сынап жатыр екен. Мен түсінбеген жерін түсіндіріп, шығу тегін толық айты­п шықтым. Бұл атауды (Сыр бойы батырлары – ред.) Кемалбек Сағым­баев ағамыз қойып берді. Негізі, Арқаның батырлары, Сырдың батырлары деп бөлуге болмайды. Жалпылама “Қазақ батырлары” деуге болар ма еді. Әр мүсін не картина біздің баламыз секілді. Оның өмір сүргенін қалаймыз, сондықтан салғыласпаймыз. Ата-ана балас­ын үшін бәріне барады ғой, сол секілді уақытында мен де ештеңе демед­ім. Сол кездегі әкім Серікбай Нұрғисаев: “Менен барлығы қаланың әр жерінен батыр бабамызға орын беріңіз деп жер сұрайды. Сыр батырлары деп пе, үлкен монумент жасайық”, - деді. Сөзінде тұрып 98 миллион теңге­ бөлді. Ол Ш.Есенов көшесіне, Сырдария жағалауында қойылуы тиіс  еді. Тұғыры 10-15 метр, ескерткіш те 15 метр биіктікте болуы керек-ті. Бұл 2004 жыл болатын. Ауыс-түйіс болып, жаңад­ан келген әкім “маған 15 метр­лік ескерткіштің керегі жоқ” деді ме, әйтеуір қаражатты “кескілей” бастады. Бірінші 50 миллионға қыс­қартты­. Біз де ескерткішті 10 метр қыламыз деп шешіп, жұмысты бастап жатқанбыз. Кейіннен 30 миллионға, содан соң 25 миллионға бір-ақ түсір­ді. Әкімге керек емес ескерткіш, бізге де керек емес болар. Енді ол мону­мент  емес, қуыршақ  болды ғой. Әкімге болған жайтты айттым. Сөйтсем оған олай ешкім айтпайды екен. Соңында біз 32 миллионға жасап­ шықтық. Ол енді баяғы Ш.Есено­в көшесіне жарамайды. Орталы­қ алаңға да қойып көрді, болмады­. Қыстыгүні қырауда сан қиындықты бастан өткеріп жасап едік, ақырында  жаздың ыстық күнін­де қалалық саябақтың алдына қойды.

Менің ойымша, жоба нақты бел­гіленуі  керек. Ол әкім ауыса ма, бас­қа  ауыса  ма, өзгермеуі керек. Бір-бірі­нің жұмысын жалғастырмайтыны анық олардың. Мысалы, монумент деген сөзге жауап беретін ерекшеліктер болады­. Өлшемі, орналасуы, т.б. Оны әкімдер жақсы білуі тиіс. Бір-бірі­нің жұмысына көңілдері толмай, жаңалық әкелгісі келетіндерін айтамын.

- Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайд­ың  мүсін-ескерткішін жасауда белсенділік  танытқаныңызды  байқадық. Қалың  қазақ тайлы-таяғына дейін  тегіс білетін тұлғаны ұқсату оңай болмаған  шығар.

- Мұстафа Шоқайдың бюстін жаса­у  туралы  конкурс  жарияланғанда  мен “әкем ғой ” деп бәсекелестікті күшейту үшін, қыздыру үшін қатыс­қан болатынмын. Сонда көптеген өнер иелері, журналистер менің жұмысыма жақсы баға берді. Бірақ, комиссия мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Жалпы, комиссиядағылардың бір-бірін мойындамайтын, өзара қарсылығы бар адамдар екенін сезген де едім. Тіпті, олардың бірі маған тиісе бастады. Мен Мұстафа Шоқайдың тақия киген нұсқасын жасаған едім. Ол болса, “ол кісі мүлдем тақия киме­ген” деп қиғылықты салады. Менде фотосы  болатын, оның үстіне туыс­ты­ғы бар, бес саусағымдай біле­мін ғой. Қысқасы, комиссия отырысы­ 6 рет өтті. Идеям дұрыс, бірақ, шаршай бастаған соң басқаша жасағаным дұрыс шығар деп жүрген­мін. Қанша уақытым кетті, қоя саламын ба деген де ой болды. Бір күні түнгі сағат 2-лер­дің кезінде ұйқыға кеттім. 20 минут ұйықтадым ба біл­меймін, түс көріп жатыр екенмін. Франция. Париж. Қымбат мейрам­хана. Бүкіл өнер иелері  бар. Солармен емін-еркін араласып, сұхбат құрып  жүрмін. Содан артымнан қара киім киген біреу келіп “Тұр, жұмысыңды істе!” дегендей болды. Мен мұны атам екен деп қабылдадым. Ұйқым қанып қалыпты. Эскизім мені күтіп тұр. Бірден жалғастырып, таң атқанша аяқтадым. Сол жұмысым барлық комиссиялардан өтті. Бірақ, Мұстафа Шоқайға мемлекет тарапынан  ешқандай қаржылай қолдау бол­ған жоқ. Демеушілік көмек көрсе­тілді. Сондықтан авторымын деп арнайы­ жазған жоқпын. Аман-есен Парижге орнатып қайттық. Онда 24  күн  болдық. М.Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамының басшысы Яшар Дініш, М.Шоқай қорының төрағасы Базарбай Атабаев, одан өзге Тұрғанбай Маханов, Мұрат Бақтиярұлы, т.б. секілді кісілердің еңбегі көп сіңді.

- Аға, шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан   Рыскелді   ЖАХМАН

 


ПОЛИЦЕЙ ӨНДІРІС МАТЕРИАЛДАРЫН БҰРМАЛАҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
11.10.2018 11:08

Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігінің ішінде жүргізу­шісінің сыра ішіп отыр­ғанын байқаған.

Содан жүргізушіні медициналық куәландырудан өт­кізу үшін облыстық наркология орталығына алып барып, «жеңіл дәрежедегі» масаңдығы туралы қорытынды алған. Мұнысымен қоймай, әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы іс бойынша дәлелдемелерді бұр­малау мақсатында жүр­гізушіге көпқабатты үйлердің арасын­а авто­көлікті өзі басқарып кіргізуін талап еткен.­ Айтылған талапты орындаған сәтте, полицей автокө­лікті тоқтатып, масаң күйде бас­қарғаны үшін әкімшілік құ­қық­бұзушылық  туралы хаттаманы   толтырған.

Облыстық прокуратурамен сот қаулысын зерделегеннен кейін ЖПҚ қызметкеріне қатысты материалдар алдымен СДТБТ-не Қылмыстық кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен тіркеліп, сотқ­а дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда об­лысы бойынша депар­таментіне жолданған. Кейіннен сот үкімімен Д.Амангелдіұлына әкім­шілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша дә­лелдемелерді бұрмала­ғаны үшін ҚР Қылмыстық  кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Ал Қызылорда қаласының  мамандандырылған әкімшілік сотының қау­лысымен жүргізушінің әрекетінде құқықбұзушылықтың құрамы бол­мауы­на байланысты әкім­шілік іс қысқар­тылған.

 


БАҒЫТЫМЫЗ – ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.10.2018 11:04

КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдетілген сапалы эко­номикалық өсу мен елдегі өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканың сапалы әрі тұрақты  дамуына  қол  жеткізу­ жөніндегі міндеттер бар.

 

Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілетті­лігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институ­ционалдық ортаны жетіл­діруге, сондай-ақ, адамның табиғатқа теріс ықпалын бары­нша азайтуға негізделуі тиіс. 2050 жылға дейінгі бекітілг­ен стратегияның да басты­  мақсаты  – экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілі­гінің артуын қамтамасыз ететін  басымдықтағы сек­торларын дамыту, индус­трияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру, эконо­микалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негі­зінде экономикалық өсім ортал­ықтарын құру және эконо­миканың басымдықтағы секторларын дамыту барыс­ында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету. Дәл осы бағдарламасында ел прези­денті ұлттық экономиканың жетекш­і күшін кәсіпкерлік деп нақтылап, шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударған еді. Және бұл үлестің 2030 жылға қарай аз дегенде­ екі есеге өсуін міндеттеген болатын. Сол тапсырманың жүгі бүгінде сала мама­ндарының иығына артылған. Осы жүктің салмағын сезінген облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау жылын үш жылға дейін ұзартты. Соның нәтижесінде аймақт­а жұмыс істеп тұрған субъектілер 11 пайызға артып, Қызылорда облысы аймақаралық тізімнің көшбасында тұр. Облыста барлық көздерден 32 млрд теңге­ қаржы қарастырылған жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген. Онда кәсіпкерлерге­ қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер мен әрбір 264 елді мекенге жауапты лауазымды тұлғалар бекітілген. Жұмыссыздардың, жастардың, ерекше қажеттілік­тері бар азаматтардың жаңа бизнес-идея­ларын іске асыруға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңбе­рінде жалпы сомасы 200 млн теңгені құрайтын 224 мемлекеттік грант бөлін­ген. Сонымен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы шеңберінде де жалпы сомасы 97,4 млн теңге құрайтын 405 мемлекеттік грант беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өтеусіз грант есебінен жыл соңына дейін 1005 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Жалпы, жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік салас­ында жұмыс істейтін азаматтардың санын кемінде 90 мың адамға жеткі­зу жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті күшейтудің маңыз­дылығын Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдаула­ры мен Үндеулерінен және барлық бағдарламаларынан тыс қал­дырмай келед­і. Биылғы бес әлеуметтік бастамасының бір бағытын «Шағын несие­  беруді  көбейтуге»  арнауының өзі – өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай­ кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалы­п  отырған  мүмкіндік.

 

КЕНДІ   ИГЕРУ –  ЗОР   МҮМКІНДІК

Мемлекет басшысы стратегиялық мақсатқа жету жолында атап өткен бағыттың­ бесіншісінде бізге үдемелі инновация­лық индустрияландыру жаңа кезеңінің толық бағдарламасын әзірлеу мен жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес өндірістік активтерді жаңарту қажеттігін қадап айтқан болатын­. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр топырағында жалғассыз қалған емес. Жан-жақтан инвесторларды тартып, қордағы  бар  қажетті  кенді  игерудің өзі – экономиканың әртараптануына ықпал ететін мүмкіндік. Мәселен, ағымдағы жылдың жартыжылдығында «Балауса Процессинг» компаниясы алыс және жақын шетелдерге 120 тоннадан астам аммоний метаванадат экспор­ттаған. Аймақтағы индустрияландыру бағдарламасының аясында «Баласауысқандық ванадий кен орнында­ автоклавты қайта өңдеу» жобас­ы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап өз өнімдерін Ресей, Тайвань, АҚШ және Ұлыбританияға экспор­ттайды. Бүгінде онда «Қара тақтатасты  автоклавты  қайта өңдеу» жобас­ы  бойынша  жұмыстар  жүргізілуде. Бүгінде кәсіпорын  құрылысында 150 адам жұмыс істеп жүр. Ал зауыт пайда­лануға берілген кезде 550 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Үш кезеңнен тұратын жобаның 2-кезеңі іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, жалпы құны 9 млн АҚШ доллары болатын «Қуаты 10 МВТ күн электр станциясының құрылысы» жобасының да болашағы зор. Жобаның бастамашысы – жаңар­тылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын салумен айналысатын «ХидроЭнерджи Компани» болгар компаниясы. Осы секілді Қызылорда облысында инновациялық технологияларды қолданатын бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық ахуалына оң әсерін тигізеді. Олардың бірі – «ДжиТиЭл-Казахстан» ЖШС-нің «Ресейл­ік (ДжиТиЭл) технологияларды пайдалана отырып, ілеспе мұнай мен табиғи газды (метанды) өңдеуге арналған модульдік типті қондырғыны салу және пайдалану» жобасы. Айта кетейік, компания пайдаланатын технология «Expo-2017»  көрмесінде  таныстырыл­ған.

 

АТАКӘСІП   ЖЕМІССІЗ   ЕМЕС

Стратегияның алтыншы мақса­тында дүниежүзілік өндірістік нарықтың көшбасшысы болуға септігін тигізеті­н,  ауыл  шаруашылығын   ауқымды  жаңғырту қажеттігіне баса мән беріл­ге­н. Бұл ретте Сыр өңірінің атқа­рып­ жатқан­ жұмыстары жеміссіз емес. Әсіресе сырбойылықтардың дәстүрлі саласы, атакәсібі саналатын күріш шаруашы­лығын дамыту алдыңғы орында­. Бұл туралы аймақ басшысы Қ.Елеуұлы  жартыжылдық  қорытынды есебінде:

- Алайда күріш шаруашылығы ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, сонымен қатар,  жер экологиясын сақтап­ қалу жолдарының бірі екенін ескер­у қажет. Күріш егісін азайту арқылы­  біз құнарлы жер  аумақтарын да қысқартамыз. Ал, жердің сортаң­дануы бірнеше жылдық ғана кезеңді қамтиды. Сондықтан да, заманға сай технологиялар арқылы күріш өндірісін дамытып, оның экспорттық әлеуетін күшейту  жолын  қарастыру керек, - деген­  болатын.

Ауылшаруашылық дақылдарын өңдеудің жаңа технологияларын қол­дана  отырып, суармалы егіншілік пен басқа да дақылдарды өсіру бағытын дамыт­амыз. Сонымен қатар, аймақта мал  және  балық  шаруашылықтарының­ болашағы  зор.

 

БІЛІМ. БӘСЕКЕ. ТАЛАП

Көпжылдық мақсаттарға қол жет­кізуге  арналған стратегияда барлық сала қамтылған. Сондықтан бұл құжатты  «болашақтың  жоспары» деп атаса да болады. Өйткені ел президенті «Біз­дің  жастарымыз  оқуға, жаңа ғылым-білімді  игеруге, жаңа  машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдала­нуға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндік­терді жасап, ең қолайлы жағдайларм­ен қамтамасыз етуіміз керек­» деген болатын. Міне, біз, яғни Қызылорда облысының жастары бұл үдеге келгенде сенімді ақтаудамыз. Мектепке дейінгі және мектептегі жетістік­терді  қоспағанда Сыр жастары білімге құштар екенін кез келген жерде­, кез келген уақытта дәлелдеуге дайын. Биылғы білім күні қарсаңында өткен тамыз кеңесін­де  аймақ  басшысы  Қ.Елеуұлы:

- Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғысынан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысын­а көтерілуге ұмтылған елімізг­е жасампаз, білікті, өзгеріс­терден  қорықпайтын мамандар қажет. Бұл – Елбасының тұжырымы, нақты тапсырмасы, білім саласын ұйымдастырушы Сіз бен Бізге аманаты! Адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім сала­сының үлесі кез келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да, бұл саланы әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару­, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп талап ететін салалар­мен бір қатарға қоймай, керісін­ше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвестициялық сала ретінд­е қарау қажет. Білім беруге инвестици­я тарту – жекелей адам мен тұтас мемлекет үшін де оңтайлы шешім, - деді.

Бұл ретте ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз – түлектерім­іздің жұмыспен қамтылуы. Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсізд­іктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал олар  мүлде  басқа  саладан  орын  табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайд­ы ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау – үлкен міндет. Осы олқылық орын алмас үшін аймақта білім беру саласының мектепке дейінгі кезеңінен бастап жоғарыға  дейін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектепті­ң орнына 45 білім мекемесі салынған.­

«Біз қайда бара жатырмыз?». Бұл сауалдың жауабын мемлекет басшысы өзі айтты:

- Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс. Дамушы елдер арасынд­а осы клубтағы орынға бәсе­келестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты  сезіне  отырып, ұлтымыз  жаһандық  экономикалық  тайталасқа  дайын болуға  тиіс.

Демек, біз жаһандық экономикаға болашаққа  білімді  ұрпақпен, экономи­калық белсенділігі жоғары халықпен, жаңа технологиямен бара жатырмыз. Біз – қандай  сын-қатер  болса  да,  бойын­ тік  ұстауға  әзір  елміз.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


САНА САУАТСЫЗДЫҚТАН УЛАНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
11.10.2018 10:40

Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшырағандай дел-сал күйде еді. Кейін теріс ағымда жүргенін біліп, дереу дін саласы мамандарының көмегіне жүгінген.

Тура жолдан тайдырып ғана қоймай, сананы улап, өміріңнің астан-кестенін шығаратын мұндай мәселеге Әсел неліктен кезікті? Қателік қайдан? Кінәлі кім? Бұл сұрақтардың жауабын кейіпкердің өз сөзінен оқыңыз.

- Әсел, деструктивті діни ағымның «адамы­» болуға  не  себеп  болды? Алдымен  осыған  тоқталсаңыз...

- 2009 жылдары менімен бірге мектепте оқитын қыздар орамал тағып жүруші еді. Олар бір ағымда жүрді деп ойламаймын. Бірақ  содан  кейін  менде  дінге деген­  қызығушылық  туындады. Әрі үйде отбасылық мәселелер көп болып, нағыз керемет өмір, тату отбасы дін ұстанған үйлерде болады деп түйдім. Сол қыздармен араласа келе осы пікірім нықтала түсті. Университетке түскен уақытымда дінді қатты қыспаққа ала бастады. Намазханаларды жауып, намаз оқуға кедергі келтірілді. Орамал таққан таныс құрбыларым оқу орнына кіре алмай қалған қиын сәттер де болған. Бірақ тобымда бірге оқитын қыз орамал тағып келіп жүрді. Ол 6-сыныптан бастап орамал тағады­ екен. Бірден сол қызға қызығып кеттім. Айтқан сөздерінің барлығы мен үшін дұрыс, тура бағыттағы дін секілді көрінетін. Табиғатымнан  қызығушылы­ғы басым адаммын. Мүмкін, сол қасие­тімнің де әсері тиген болар, сол қызға қалай еріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Құрбым маған намаз оқуды үйретті. Ағалары намазхан екен. Ол кезде­ интернетте уағыздар жоқ еді. Мешіттен барып сабақ алатынбыз. Және аудио­жазбалар  арқылы да уағыздар тыңдадық. Телефонымызға бір-бірімізден жазып алып  тыңдайтынбыз. Одан бөлек мектеп­тегі қыздар қолыма бір диск берді көруге­. Онда қабір азабы көрсетілген болатын. Өте қорқынышты. Егер  намаз  оқымасақ­, дәл солай азаптанатымды ұқ­тым. Дінге жетелеген сол қорқыныш деп ойлаймын.

- Ол кезде сіздің діни біліміңіз жоқ па?

- Иә, мүлдем жоқ. Дінге енді келген кезім. Алғашында құл­шыныс өте жоғары болады ғой. Максимализм. Бірден қабылдап, бірден кесіп айтамыз, анау дұрыс, мынау дұрыс емес. Осылайша телефо­н арқылы таратылған аудиожазба-уағыздарда нағыз таза дін Сауд Арабияда деп насихаттала бастады. Ал осы жақтағы мешіттер мен ондағы имамдар туралы­ теріс пікірлер жүрді. Пайғамбарымыздың  «менің мирасқорларым осы жақта, хақ дін осы жақта (Сауд Арабиясы)» деген хадисін келтіріп, бізді сен­дірді. Сол уақыттан бастап біз мешіттен алшақтай  бастадық.

- Сонда бірінші кім «жұқтырып»  отыр?

- Ағасы бастап отыр  ғой. Одан  қарындасына, кейін  маған  жеткен.

- Тұрмысқа шыққан жігітіңіз де теріс діни ағымнан  ба? Әлде...

- Намаз оқып жүрген кезімде қиналатынмын. Таң  намазына  біреу оятса, бірге жүрсек, әңгімеміз, ортамыз бір болса екен деген тілегім болды. Ол кезде оқуды, алдыма қойған мақсатымды да ұмытқам. Тұрмысқа шыққым келе бас­тады. Өзіміз сияқты намазхан, сүннетпен жүретін жақсы жігітке жолығуды арманд­адым. Құрбым тұрмысқа шығатын болып, «тойда болатын жігіт жолдаспен кім танысқысы келеді?» деп мақтай жөнелді. Менің ықыласым ауып, сұрап алдым. Үш рет кездесіп, ұнатсақ, отбасын құратынымызды, ешқандай діни білімім жоқ, бірақ күйеуіме бойұсынатымды айттым. Үйлену тойын жасамаймыз. Оның барлығын оған дейінгі тыңдап жүрген уағызымнан түсініп қойғандықтан, бұл мен үшін қалыпты нәрсе болды. Осылайша танысып, әке-шеше­міздің рұқсатымен ол кісіге тұрмысқа шықтым. Үйленген кезде бір күмәнданғаным – оқу оқуыма қарсы болды. Қызыл­ордаға келін болып түскеннен кейін Алматығ­а барып жоғары оқу орнында оқуымды қаламады. «Егер жалғастырар болсаң, талағыңды беремін. Ол жақта еркек мұғалімдер бар. Сен бәрібір дипломмен жұмыс істемейсің. Алла – ризық беруші, тамақтандырушы, сен дипломың жоқ болса да аш қалмайсың, өлмейсің. Сен осы ісіңмен Алла тағалаға күмән келтіріп жатырсың» деп күнде хабарласатын. Талақ деген олар үшін заңды некеде­н де жоғары. Осылай жүргенімде арада 2-3 ай өтіп, құрсағыма бала біткенін білдім. Сонда да күйеуім оқуы­ма келіп, телефонындағы уағызын тыңдатты. Осы  жағдайды  ұстаздарына айтып­, сұрақ  қылып қойғанда, ар жақтан «егер әйелі еркегін тыңдамайтын болса, мойынсұ­нбаса,  бөтен еркектермен  араласы­п жүрсе, мен оған рұқсатымды  беремін­» деп айтып жатыр ұстазы. Біз ол кісіге не үшін сенуіміз керек дедім, айдала­да отырған адам, біздің жағдайымызды білмейтін, ажырас деп оп-оңай қалай айта салады? «Жоқ, Дильмурат айтты,­ болды, талақ!» деп, сол кісінің сөзін өзіне үкім етіп алып, мені екіқабат күйімде тастап кетті. Робот секілді, өзінің жеке ойы жоқ-тұғын. Маған­ отбасым­ керек, академиялық оқуды  алдым­ да, бәрін  тастап,  күйеуім­нің артына­н  кеттім.

- Қайтадан үй болуға келісті ме күйеуіңіз?

- Бір рет талақ айтып қойғаннан кейін тағы 2 ай жүрді. Ұстаздарынан сұрады. «Бір рет айтып қойдым, қайта қосылсам бола ма? Ол бір ретке санала ма, үш рет талақ ету болып санала ма» деген сұрақтарының шешімін табу үшін. Қосылдық. Бір қызығы, оның достары қонаққа келеті­н болса, бір бөлмеден шықпай, көрінбей отыратынмын. Күйеуімнің талабы­.

- Мешіттегі  жамағаттарға  деген­  пікіріңіз  қандай  еді?

- Біздің  ортамызда (тек  намазхан қыз-келіншектер) қатып қалған қағида, түсінік десе де болады, мешіттегі намазхан қыз-келіншектерді, сондағы білім алып жатқан кісілерді жақтырмайтынбыз. Ол мінез келе-келе жек көрушілікке айналды. Намаз оқымайтын, қысқа киініп, ашық-шашық жүретін әйелдер қауымына мән бермейміз. Намаз оқитын, бірақ бізден өзгеше әйелдерге деген  жеккөрініш  қатты  болды.

- Ал музыкаға деген көзқарасыңыз  ше?

- Музыка тыңдауға болмайды дейтін. Тұңғышым балабақшаға баратын. Тіпті таксиге мінген кездің өзінде кішкен­тайым «музыканы өшір, тозаққа түсесің» деп  айтып  жататын  көлік жүргізу­шісіне. Ал  мультфильм­дерді  дыбыссыз  режимде көретін. Себебі, арасында музыка­  ойнатылад­ы ғой.

Осылайша өмірім өтіп жатты. Бір күні қатты ауырып, ауруханада жатып қалдым. Сонда өз анам ғана қатты қайғырып, артым­нан келді. Дінге кіргелі бері жа­қын­-жуығым мен туған-туыстарымнан алшақтап кеткенімді сол кезде түсініп, қынжылдым. Анам да дұрыс емес екенін айтты. Сонымен барлық пікірлерді ойла­ны­п, таразылад­ым. Біршама жылдардан кейін Қызылордаға келіп, өз бетімш­е жұмыс істей  бастадым.  Мен ойлана келе, мешіт­ке­ барамын деп шештім. Содан осындағы мешіт­ке келіп, имамнан сұрақтары­ма жа­уа­бым­ды алдым. Дін орталығы­ның маманда­ры да қолдауын аяп қалмады. Негізі, сана  сауатсы­здықтан  уланады  екен.

- Сонымен, қазір дәстүрлі дінімізге  көштіңіз  ғой?

- Әрине. Бұл да бір Алланың сынағы шығар. Алайда күйеуім әлі сол ағымның ішінде, сол топта жүр. Шығару қиынға соғуда. Ол ағымның түсінігінше, әйелі мен  баласының  күнәсіне  жауапты –  күйеуі. Сондықтан  менің  осындай  дұрыс шешім­ге келгенімді қабылдай алмауда. Күйеуімнің ойынша, мен діннен безініп, бұзылған әйелмін. Ал ол мұндай ауыр күнәні көтергенше, талақ беріп, жеңіл­дікте  болуды қалайды.

- Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

(Кейіпкер есімі өзгертілген).

Сұхбаттасқан   Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


Мүшелерге мінездеме PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
11.10.2018 10:39

Бауырлас он екі мүше,

Бір анадан туғанмен,

Әрекеттері әртүрлі...

Бас – ақшаға тартып,

Аяқ – басқаға тартып,

Әуреге салды әркімді...

 

Ауыз – айта береді,

Қысыр сөзді құрап та...

Сыпсың сөз ереді,

Сене берме құлаққа.

 

Көз – шындықтың куәсі,

Ақиқатқа берілген.

Тегінен солай туасы,

Жалғаннан ол жерінген.

 

Бірақ  қазір  басқаша,

Көрмейтін бар «көрсоқыр».

Сылып алып тастаса,

«Катарактысын» сол соқыр.

 

Қол да ырыққа көнбей тұр,

Айырмай адал-арамды...

Сезімге онша сенбей тұр,

Сыбайлас етіп араңды...

 

Құрысын, күрделі мүшелер де,

Құлқынның соңынан қуып жүр...

Түбінде солар түзелер ме,

Ар-ұяттан да суып жүр...

 

Иә, мысал мен мысқыл да,

Ащы мен қышқыл да,

Әзіл мен оспаққа,

Әжулап қоссақ та,

Ағзаға әсер етпейтін болды.

Сырт көзге сыпайы көрініп,

Шыншыл, таза, шынайы көрініп,

Басқа жаққа беттейтін болды...

 

Мүшелердің мінезін,

Дұрыстайтын дем керек.

Болмаса, өзің білесің,

Ерекше басқа ем керек.

Әйтпесе...

Қ.ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ЕЛУДЕГІНІҢ ЕСТЕЛІГІ Мысқыл-мысал PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
11.10.2018 10:37

Елуде еді өз жасым,

Тыйылмады көз жасым...

Жұмыс іздеп шығып ем,

Киім-кешек тозғасын...

 

Онша емес-ті күйім де,

Жоқ еді жеке үйім де.

Елу мың төлеп тұрамын,

Біреудің ескі үйінде.

 

Әркімдерге алдандым,

Жұмыс іздеп сандалдым...

Табаным тозып тауып ем,

Тапқаны құрысын, таңғалдым.

 

Сілтеумен барсам қожайын,

Сызылып пара сұрайды...

Соншама несін созайын,

Ұмытқан-ау Құдайды.

 

Әркімнен алып қарызды,

Апарып берсем ӘЛГІГЕ:

«Өтедің енді парызды,

Басқа жоқ, - деді – әңгіме».

 

Не болмас дейсің бұл күні,

Түйткілі көп тұрмыста.

Келтіріп ӘЛГІ күлкіні,

«Салды» мені құрылысқа...

 

Білімім қалды жайына,

Аз ақы алдым айына.

Жал-жая түгіл жетпеді,

Сүт қосып ішер шайыма.

 

Алшыдан тұрмай асығым,

Жер қазып, лай тасыдым...

Көп ұзамай «қысқарып»,

Жігерім құм боп, жасыдым.

 

«Бес жүз мың» босқа ол кетті,

Ол кеткенде мол кетті.

Құдайдан да қорықпай,

Қожайын оны қолды етті.

 

Қу тақырда мен қалдым,

Өтей алмай қарызды.

Озбыр шіркін ол қалды,

«Өтедің» деп парызды.

 

«Әр жерге ұрсам маңдайды»,

Жұмысқа еш жер алмайды.

Кеткенсің деп қатайып,

Жасыңа қарап таңдайды.

 

Бар жерде бар ма досым-ай,

Озбырлық деген осылай.

Адамдар не боп барады,

Қайтейін, қалқам, шошынбай.

Ақырын берсін бір Құдай!

 

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


“ЖАЗУ ҮШІН ЖАҒДАЙ КЕРЕК” (Әзіл әңгіме) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
11.10.2018 10:31

Шағын  редакцияның  әдеби бөлімі орналасқан қуыс бөлмесінде бірі бәкене, бірі ұзынтұра – домалана қалған қозы қарындары ғана ұқсас – қос  шабандоз  маужырай  есінеп  қарама-қарсы отыр. Қарама-қарсы отырған соң қарап отырсын ба, ауыз жарықтық есіне­уден есін жиған сәтінде деу парызы болғандықтан мің­гірлеуден  жалықпайды.

– Білемісің, Дюма дөкей ғұмырында екі жүз елу том еңбек жазыпты, - деп қалды бәкененің жайын ауызы жиырыла­  беріп.

– Иә, жазу үшін жағдай керек!­ Көрер едім жазғанды, менің басымдағыны сол Дюма дөкейіңе берсе, байтал түгіл бас қайғы боп, безіп кетер еді.

– Өз басым, сол екі жүз елу томыңды – басыма баспана, артымда алашағым, алдымда керек-жарақ, төбемде түндік шамым жарқырап тұрса да – ғұмыр бойы жазбақ түгіл көші­ріп шығуға, әй, дәтім жетпес.­

– Көрер едім, сол Дюма дөкейіңнің мына мен сияқты он жыл омалып онжылдықты оқып шықса; бес жылы білім көтеремін деп бекерге кетсе; екі жыл есеңгіреп жолдамамен жансыз мекенде “жолаушы” болса; парызды өтеп пақыры оралғанда, қане, даңғыл жолдың далиып жатқаны; астанаға адамы боп алыну үшін кемі жылың жылжиды; оқыған-тоқы­ған кәсібіңе орай, өз жамбас, дегеніңе орай жылы-жұмсақ қызмет орныңа омалуың үшін, әй бір жылың аздық етеді...

...Көрер едім, бес жылдан әріге біреудің қуыс үйінде тап­қаныңның тең жартысын беріп бүрісіп тұрып жатсаң, көрер едім, екі жүз елу том түгіл екі жүз елу  жол  жазғанын...

– Пай-пай, дедің-ау! Бальзак ше, Бальзак. Мына сенде бардың сексен проценті де болмаған онда. Өмірі қарыз сұрап қалтыраумен өткен. Бірақ, жүз елу том мұрасы бар...

– Бальзак! Түгі де болмаған, қарыз сұраумен өткен!.. Көрер едім, сол Бальзагіңді, таңғы жетіде­ тауықтан бұрын тұрып жалғ­ыз ұлды жер түкпіріндегі балаб­ақшаға желдей есіп жете­лесе; одан құйын-перін құлқын сәріде жұмысқа келгенінде, шаруа­сы болмаса да бастығың шақырып  басыңды  шұқыса...

...Содан, бос отырып болдырып жұмыстан шыққаныңда күткен көлігің келе қалмайды. Алысып-тартысып бір, бір жарым­  сағат шамасында жете­сің­-ау тұрағыңа... Көрер едім Бальзагіңнің  тұрағының  түбінен трамвай тарсылы тыным тап­паса... әлгі қанша еді?

– Жүз елу.

– Иә, жүз елу том жазғанын.

– Тәйт! Трамвайдың тарсылына бола... Ал, Сименов ше? Жорж Сименонды айтамын. Парижде трамвай жоқ деп кім айтты, оның шуы Алматыңды алты орар.

– Бұның қанша жазып еді?

– Төрт жүз он бес роман... (Кей сәттерде бәкене сары нақ білмесе де жорамалмен жо­сылтып отыр).

– Не дейді!.. Иә, көрер едім Жоржыңды да біздің үйдегідей аю әйелге тап келсе төрт жүз он бес бет жазғанын...

...Бір сәтке әңгіме тамам болып, екеуі әрі қарай не айтар екенсің дегендей бір-бірін күтіп тапжылмай отырды. Ауыз жарықтық тек есінеуді ғана мойнына  алған.

Үнсіздікті сағат қоңыраумен қатар ұзынтұра үзді.

– Мынауың не дейді-ей?

– Бестің белгісі.

– Қалайсың..?

– Сәл-пәл.

– Кеттік онда.

Көп өтпей тапал мен ұзынтұра сырахананың түп төрінде ыдыстарын мығым ұстаған күйлері үзілген әңгімелерін қайта жалғады. Әңгімені, әлбетте, сырадан босаған бетте бәкененің жайын ауызы бастайды.

– Лопа де Веганы естуің бар шығар?..

– “Вега” сигаретін тартқанмын...

– Сол сабаз екі мыңнан астам­ пьеса жазыпты дейді.

– Көрер едім Вегаңды да, мына біз сияқты бір-бірінің көңілін жықпай әр күні кешке екі-үш сағатын сыра ішуге жоғалтса­...

Көрер едім, на Дома-мюмаңд­ы да, дос-жараны жетерл­ік боп күні мен түні той-томалаққа жалғасып жатса...­

Көрер едім, ана Бальзак-мальзагіңді, ауылдан ат сабыл­тып ағайын-туғаны топырлап жатса...

...Көрер едім, ана Сименон-бименоныңды, мен сияқты қарға  тамырлы  қазағы  болса...

Көрер едім, мына...

Әңгіме әріге кетті. Тапал ұлылардың ұлы ісін айтудан тайынбады, ал ұзынтұра  шынылап  сыра  келген сайын өзіне белгілі  шындықтың  бетін ашып бедірейе  берді.

...Ертесінде екеуі де кешегі көп сілтегеннің әсерінен өздеріне тапсырылған тапсырманы орындай алмай бір-бірден сөгіс алды...

Иә, жазу үшін жағдай керек...­

 

Берік  САДЫР,

Астана

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары