Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 24 Қазан 2018

БЕРЕКЕЛІ БЕСАРЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 11:55

ТІЗГІНҚАҒАР:
Шындықтың шырақшысы, кеше ғана келместің кемесіне мініп, кете барған Шерхан Мұртаза «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген екен. Сол сияқты тілшілік қызметіміздің арқасында аймақтағы елді мекендердің біразын көзбен көрдік. Олардың жағдайын бір кісідей білетініміз рас. Кейбір ауылдың түтіні түзу ұшса, енді бірінің халқы тұрмыс тауқыметін тартып отыр. Жұмыссыздық дейтін кеселдің кесірінен. «Ағайының  бай болса, шайнағаның  май  болар» немесе «ел – ерімен еңселі» дейді жұрт. Бірден айтайық, ауылдың әл-ауқатын көтеру айналып келгенде ауызбіршілікке, ат үстіндегі азаматтарға тіреледі. Біз соны ұқтық. Оған Сырдария ауданындағы Бесарығыңыз мысал бола алды.
Бай дүйсенбіде берекелі Бесарыққа арнайылап ат басын бұрдық. Аудан орталығы Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай – 56, Қызылорда қаласынан 25 шақырым қашықтықта жатқан ауылдың бүгінгі бет-бейнесі мынадай...

ҚЫСТАҚТАН   АУЫЛҒА   ДЕЙІН

Ұлы Отан соғысының сойқаны тамамд­алған соң елдің тұрмысы бірден түзеле қоймады. Соғыстан қайтқан солдаттың жағдайы белгілі. Бас көтерер азаматтар бірлі-жарым ғана. Жергілікті жұрт басын тауға да, тасқа да соқты. Әйтсе де, ауызбір­ші­ліктен айнымады. Елуінші жылдары майда  ауылдарды  біріктіріп, колхоздастыру  кезеңі  жүрді ғой. Сол уақыт­та­ аудандағы «Огородник», «Жаңа тұрмыс», «Победа», «Тасарық» сияқты­ шағын елді мекендер Бесарық қыстағына ұйымдасып, жыр алыбы Жамбылдың есімімен аталыпты. Колхоз басқармасының төрағасы болып Ким Дик Ман тағайындалды. Аталған ауылдар осы төңіректегі Балжан сай, Пірәлі, Тораңғыл сайының бойын тазалап­, қалың сексеуілді аршып, егін екті. Қазір айтсақ, таңғаламыз-ау! Ә дегеннен мұндағы ағайын жарма қазып, қызу тірлікке бел шеше кірісіп кеткен екен. Ол кезеңде бүгінгідей техника болды дейсіз бе? Барлығы да табан ет, маңдай  термен  жасалған. Не деген тегеурінділік десеңізші...

Осы арада бір әңгіме айта кетейік­. Ертеректе абыз ақсақалдың баласы қызмет бабымен басқа ауылға қоныс аударыпты. Әлгі қария ұлынан «Балам, ауыл маңында қанша бейіт бар екен?» деп сұраса керек­. Әкесінің бұл сауалына «Ел шетінде бір ғана бейіт бар, оны неге сұрадыңыз?»,- дейді ұлы таңданып. Сонда ақсақал «Е-е, онда бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл болды ғой»,- деген екен. Бұл тәмсілдің мағы­насы тым тереңде. Бірлігі жарасқан Бесарықтың маңа­йында бір ғана бейіт бар екен. Мұны өлкетанушы, ауыл тұрғыны Жұмабай Байзақұлы айтып берді. Ауылдың тарихына көз жүгіртсек, таңдан­басқа шара жоқ. Уағында қой шаруашылығы мен егін ша­руа­шылығы қатар түлепті. Дерек­терге  сүйенсек, бір  ғана Бесарықтағы қой саны  52 мыңнан асып жығылған. Ерен ерлердің еңбегі елеусіз қалсын ба?! Аядай ауылдан 4 «Ленин орденінің» иегері шығыпты. Сөйтіп, айлар алма­сып, жылдар жылжиды. Мамыражай тірлік. Бертінде колхоздастырудан береке кетіп, басынан бақ тайды. Көпшілік балапан басына, тұрымтай тұсына ағылған шақ. Өйткені, жоғары жақтағы саяси оқиғалардың салқыны мұндағы ағайынды­  да бейжай қалдырмады. Елден­  көшкендері  қаншама?!

Тек тәуелсіздік алғаннан кейін Бесары­қ ауылы деп ресми түрде аталды­. Содан соң ғана кемел келешекке бой түзеді...

БІР  АТАНЫҢ   БАЛАЛАРЫ

Аталмыш  ауыл аяққа қалай тұрды? Мызғымайтын ауызбіршіліктің сыры неде? Көпшіліктің қызығатын да, қызғанатын тұсы – осы. Шыны керек, мемлекет есебінен бөлінетін қаржы далиып­ жатқан даладағы мыңдаған елді мекендерге жете бермейді. Сондықтан ауылдың әлденуі үшін инвесторлардың көмегі ауадай қажет. Елбасының өзі «ауылды түлету – ұлтты ұлы ету» демеп пе еді?! Бұл бағыттағы жұмыстар жүр­дім-бардым жасалмауы тиіс. Жанашырлықпен, жүрекпен қолға алынуы қажет. Бесарыққа бүгінгі таңда «Абай-Дәулет» және «Бесарық» ЖШС біраз қол ұшын созып отыр. Негізгі бағыты – ауыл шаруа­шылығы. Ғасырлар тоғысында құрылған шаруашылық бүгінде бірқатар жетістікке жетті. Биыл Сырдария ауданы бойынша басты дақыл күрішті бірінші боп орып бітірді. Облыста бұрын-соңды болмаған су тапшылы­ғына  қарамастан, мұндағы  диқандар 486 гектардан 67 центнерден өнім алды. 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен «Бесарық» серіктес­тігі асыраушы салада ауқымды тірлікті бастаған. Қазіргі таңда техникалық базасы­ нығайып, кешегі орақ маусымында сужаңа 5 комбайн, 2 жатка, т.б. техникалар жұмыс істеген. Бізді ауылдың тыныс-тіршілігімен таныс­тыруға Мұрат Сәрсенбаев күтіп алды. Ол – «Абай-Дәулет» ЖШС дирек­торы. Директоры дейміз-ау! Бұ кісінің де уақытында айналыспаған кәсібі жоқ. Тоқырау жылдары талай тірліктің басын шалған. Дегенмен, арман-мақсаты алдам­апты. Мақсат дегеннен шығады,  әлемге әйгілі миллиардер Уолт Дисней компаниясын қалай құрды? Ол өз ісін бастауға қаржы сұрап 302 компания басшы­сына барған көрінеді. Ешқайсысы қолдамайды. Содан ол діттеген мақсатына жету үшін 303-ші компанияның есігін ашуды ар көрмеді. Сөйтіп, ақыры мақсатына жетеді. Мәкең де осындай табандылығының арқасында ойлаған арманын іске асырды. Тіпті, тоқсаныншы жылдары біздің облыстан күрішті солтүстік өңірге, ондағы өнімді Қызыл­ордаға тасып, нәпақасын тапқан.­ «Біз үш ағайынды жігітпіз. Үлкені – Марат, мен және інім Дәулет. Сыр салы­сы­н өндіруді қаладағы «Боқконтор» деп атала­тын маңдағы шағын ғана бір цехтан  бастағанбыз» дейді Мәкең өткенін еске алып. Әуелгіде «Абзал и К» компаниясымен бірге жұмыс істеп, бертінде бөлініп шыққан көрінеді. 1996 жыл­дары  күріштің  шығымдылығы да, бағасы­ да әжептәуір артып, бизнесті кеңейтуге­ мол мүмкіндік алады. «Не керек­, барлығы да еселі еңбектің арқа­сын­да осы күнге жеттік»,- дейді «Абай-Дәулет»  ЖШС директоры.

Бұлар биыл бірінші рет 20 гектар­ жерге 140 мың түп «Мырза­шөл» (торпеда.- ред. ) қауынын егіпті. 700 тонна өнім жиналған.­ Айта кетейік, қауынның бұл сорты көптен бері облыста өсірілмей келеді. Жақында ғана «Бесарық ауылында өсірілген» деп үлкен нарыққа жол тартты.­ Тіпті, экспортқа да жөнелтілген. Бұл да болса, «Берекелі Бесарық» деген бейресми брендтің бір дәлелі. Ауыл тұрғындары бізді құшақ жая қарсы алды. Олардан «Мырзашөл» сорты туралы­  сұрағанбыз.

– Шаруашылық өндірілген қауынның  тең  жартысын  осындағы  ағайын­ға тегін таратты. Ақы сұраған жоқ. Елдің еңсесі кәдімгідей көтеріліп қалды. Көңіл ғой. Осындағы бірталай азамат шаруашылықта жұмыс істейді. Айлықтары  уақытылы. Ауылға да біраз көмек жасап жатыр,- дейді ауыл тұр­ғыны  Орынбек  Сейтмұратов.

Сонымен қатар 14 гектар жерге картоп­  егіп, 7 гектарынан 50 тонна өнім алыпты. Айтпақшы, бизнесте бәрі ойла­ғандай бола бермейтіні бар. Алғаш рет 7 гектар жерге алма ағашын еккен ғой. Шығымдылығы мәнтті емес екен. «Тәуекел­»  дейді  Мәкең.

Ағайындылар асыл тұқымды мал басын­ арттыруды да көздеп отыр. Үш жылдан бері Гиссар тұқымды қой өсірумен­  айналысуда. Орташа салмағы 140 келіге дейін тартады. Сондай-ақ, түйе шаруашылығымен де айналысуды  жөн  санаған. Бұл бағытта бірқатар  жоспар дайындап қой­ған­ көрінеді. Аталмыш шаруа­шылық бір бағытта ғана жұмыс істемейді. Қазіргі күні қыш кесек өндіру ісін де жандандыруда.

Бизнесті әртараптандыру дегенің­із  – осы.

 

«ЕЛДЕ  БОЛСА,  ЕРІНГЕ  ТИЕДІ»

Әлдекімдер  әлеуметке  жасаған жақсылығын жарияға жар салып­, танауы көкке шаншылып, мұртымен аспан тіреп тұрады. Талай­  байшыкештердің  бойынан байқағанымыз – осы. Дейтұр­ғанмен, ауқаттылардың барлығы сондай деуден аулақпыз. Өйткені, байлығын басып емес, шашып жейтін жомарт жандар ортамызда да жүр. Аталмыш қос шаруа­шылық  өздері жұмыс  істеп жат­қан­  топыраққа  талай  жәрдем жасаған­. Бесарыққа бір жылдың ішінде бақандай 30 млн теңге инвестиц­ия құйған. Қазақша айтқан­да, осыншама қаржыны ауылдың игілігі үшін жұмсаған. Көрген көзде айып жоқ. Бұған дейін  «Берекелі Бесарық» деп ел ішінде  аталып  жүрсе, биыл Сәр­сенбаевтар   оны  кіреберіс  қақпаға орнатыпты.  Арнайылап. Ауылдың қандай екенін айшықтап тұру үшін. Балабақша, мешіт, мәде­ниет  үйін  жаңғырту  жұмыстарына­ демеушілік  жасаған.

Ауылды аралап жүріп, мәде­ниет  үйінің маңына келдік. Құд­ды қалада жүргендей сезіндік. Өйткені орталық алаң мұнтаздай тап-таза. Гүл өсіріп, ерекше стильде құрастырылған әткеншектер көздің жауын алады. Ол аз десеңіз, кейбір аудан орталығында жоқ субұрқақ Бесарықта бар. Бұлардың барлығын бақылауға, гүлзарды күтіп-баптауға компания есебінен бірнеше қызметкер бөліп те қойыпты. Ең ерекше­  тоқталатын жайт, сол маңда ауыл мақтаныштарының суреті ілулі тұр. Осы топырақтың тумалары. Мәселен, «Батыр ана» Қаншагүл Әлиева, озат механи­затор Мырзабек Төренұлы, ардагер ұстаз Рая Бекмұрзаевалар – ауылдың  айнасы.

– Мына суреттегі азаматтар –  ауылдың  тұрғындары. Мұны көр­ген барлық адамның кеудесінде мақтаныш  сезімі  ұялайтыны  хақ. Бесарықта туып-өскен, елге танымал­ перзенттеріміздің суре­тін осында іліп  тұрамыз. Бұл жас­тар­ға мотивация беретіні сөзсіз. Біз елге болсын, осы халықтың тұр­мысы түзелсе екен дейміз,- деді  кәсіпкер.

«Бесарық» ЖШС бас кеңсе­сінде мұражай орын тепкен. Онда осы ел маңынан табылған құнды жәдігерлер қойылған. Жасыра­тыны жоқ, кәсіпкердің өз кеңсе­сінен мұражай ашып бергенін алғаш­ көруіміз. Осы тұста ауыл мектебінің директоры жолықты. Ол өз сөзінде серіктестіктің Бесары­ққа келгелі біраз мәселе­нің шешімін тапқандығын жет­кізді. Айталық, жастар арасында дзюдодан  халықаралық  жарыстар  тұрақты  түрде  өткізіледі  екен. Өткенде бокс, таэквандо үйірмелері  өз жұмысын бастапты.  Қажетті құрал-жабдықтардың барлығы  серіктестік есебінен алынған. Сондай-ақ, «Бесарық» ЖШС әлеуметтік аз қамтылған оқушыларға  жәрдемдесіп, оларды да лагерьге жіберіп тұратын көрінеді. Негізі ауылда 422 от­басы  тұрады. Халық саны – 2330. Жақында ғана осындағы бірнеше үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп те беріпті. Инвестор инфр­ақұрылымды да бір жолға қоюға ниетті. 6 көшеге асфальт, 2  көшеге тас төсеуге әзір.

– Біз «Берекелі Бесарықты» одан әрі дамытуға 5 жылдық жоспа­р құрып қойдық. Оның барлығы кезең-кезеңімен іске асырылады. Ауыл ішінен спорт кешенін, арақ-шарап сатыл­майтын азық-түлік дүкенін, 150-200 адамға лайықт­алған тойхана салуды межел­еп отырмыз. Дана қазақ «Елде болса, ерінге тиеді» дейді ғой. Менің басты ұстанымым – осы, -  деді «Абай-Дәулет» ЖШС дирек­торы Мұрат Абайұлы.

ТІЗГІНТАРТАР: Айтпақшы, Мәкең бұл ауылдың тумасы емес. Дейтұрғанмен, кәсібін «Берекелі Бесарықтың» арқасында жандандырып отыр. Жері жомарт, халқы адал топырақты түлету – әр кәсіпкердің басты парызы. Қайталағанның айыбы жоқ. «Қыран құс шашып жейді, қара құс басып жейді».

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


СУДЬЯ ӘР ІСТІ ЖҮРЕКТЕН ӨТКІЗЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
25.10.2018 11:33

Марат ТҰРҒАНБАЕВ,

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы:

Заң саласындағы тың өзгерістердің бірі «тергеу соты», «тергеу судьясы» деген жаңа ұғымдардың енуі десек қателеспейміз. Десе де, ашылғанына 3 айдың жүзі болса да, тергеу соты ұғымының не білдіретінін, оның қызметінің қандай екенін көбі түсіне бермейді. Сондықтан Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Марат Тұрғанбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Жаңа қызметімен құттықтап, соттың атқаратын қызметтерімен жіті танысып қайттық.

– Бүгінде тергеу соты ашы­лыпты десең, көбі «ол не?» деген сұрақты  қояды. Оның мәнісіне  бара бермейді. Ақпараттандырғанда да «тергеу соты ашылды» деп жалпылама айтылғаннан кейін халық түсінбей жатады. Осы сәтте айта кетсеңіз, тергеу соты немен айналысады, бұл  бізге  не  береді?

– Негізінен тергеу судьясы нау­рыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Ол кезде арнайы соттың ашылмаған уақыты, судья №2 сотта болды. Ал 1 тамыздан бастап Елбасы Жарлығымен ресми түрде сот құрылып, мамандандырылған тергеу соты болдық. Тергеу соты дегеніміз – сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының бәріне араласатын сот. Ал тергеп- тексеру­ бітіп, іс сотқа жолданғаннан кейін біздің құзырымыз тоқтайды. Біз­дің құзырымыз – тек ғана сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіліміне тіркелгеннен бастап, айыптау актісі мен немесе іс аяқ­талғанда сотқа дейінгі іске қатысу­шы адамдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау.

– Өзіңіз айтып өткендей, тергеу соты дәлелдемелерге қатыспайды. Алайда сол дәлелдемелерді анықтау үшін арнайы органға  санкция  бере­сізд­ер. Соның  түрлеріне  тоқта­лып   өтсеңіз.

­– Біріншіден, бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі. Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезде тергеуші өтінішхатпен шығады. Күзетпен ұстау бұл­тартпау шарасын қолдануды санк­циялау жөнінде. Сондай-ақ, жасыр­ын тергеу әрекеттеріне бері­летін санкция бар. Мұндай әрекеттер ЕРДР-ға (арнайы бағдарлама. – ред.) тіркелген істер бойынша жүргізіледі. Егер тергеушінің жасырын тергеу әрекеттерін жүр­гізу керек деген пікірі болатын болса, ол арнайы өздерінің ішін­дегі құзырлы органдарына тап­сырма  жазады.

– Ол  қандай  қылмыстарға  байланысты  жүргізілуі  мүмкін?

– Жасырын тергеу әрекеттері арнайы санаттағы істер бойынша ғана болады. Ол теріс қылықтар бойынша жүргізілмейді. Яғни  1 жылдан астам бас бостандығынан айырылу жазасы көзделуі мүмкін онша ауыр емес, орташа, ауыр, аса ауыр қылмыстар жасаған адамға қатысты жүргізіледі. Мұның бірнеше түрі бар. Бұл туралы Қылмыстық процестік кодекстің 231-бабында толығырақ айтылған. ЖТӘ1 (жасырын тергеу әрекеттері) – ол адамды немесе орынды жасырын аудио немесе бейнебақылау, ЖТӘ2 – электр, телеком­муникация, байланыс желіле­рі арқылы берілген ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу. Ал үшіншісі – абоненттер, абоненттік құрылғылар арасындағы қосулар туралы ақпаратты жасырын алу, 4-шісі компьютерге, 5-шісі поштаға байланысты, 6-шысы – орынға жа­сырын кіру, оны тексеру.

– Яғни сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы болса, теле­фонын тыңдау деген  секілді  ғой?

– Иә. Мысалы бір кісі жерін заңдастыру үшін жер қатынастары бөліміне барды делік. Онда бөлім маманы не басшысы осы қызмет үшін 40 мың теңге сұрады делік. Ол адам не істейді? Арнайы құзырлы  органға арызын береді. Алайда­ арыз берерде, көрінеу жалған ақпарат беріп тұрса, жауапкершілікке тартылатындығы ескертіледі. Содан­ кейін бұл іс ЕРДР-ға тір­келіп, қылмыстық іс қозғалған болып­ есептелінеді. Тергеуші мән-жайды қарай келе, өздерінің ішіндегі құзырлы органға тап­сырма жазады. Мәселен, теле­фонын тыңдау туралы (Тапсырманың өз тәртібі, мәтіні бар. Соны толық сақтау керек). Ал құзырлы органның ішіндегі арнайы бөлім «күдіктінің телефонын тыңдау үшін мына уақыт аралығында санк­ция беруіңізді сұраймын» деп қаулы шығарады. Ол жасырын пошта байлан­ысы арқылы бізге келеді. Себебі құпиялылықты сақтауымыз керек. Ешкімнің білмеуі, естімеуі қажет. Өйт­кені сыртқа ақпарат кетіп қалса, ол қылмы­стың бетін ашу мүмкін болмай қалады.

Телефон тыңдауға келетін болсақ, бір ерекшелігі – жаңағы орындайтын орган өз  бастамасымен телефон нөмірін немесе Imei кодын анықтап жаза алмайды. Оны тергеуші берген тапсырмасында көрсетуі тиіс. Егер тергеушінің тапсырмасында болмай, оны оперативті уәкіл өзі анықтап, өзі жазатын болса, бұл жағдайда санкция беруден бас тартамыз. Онда бағанағы біз айтып отырған іс-әрекеттің бәрін 24 сағатқа тоқтатып қоямыз да, тергеушіге мән-жайды айтамыз. Ал ол бұл құжаттың бәрін қайта дұрыстап жіберуі қажет. Бұл – процестік нормалардың сақтал­у мәселесі. Бұдан бөлек біз негіз­ділігін де қараймыз. Яғни санкция беру негізді ме, әлде негізсіз бе? Ал жасырын тергеу  әрекеттері біткеннен кейін, «судың да  сұрауы бар» дегендей, жауап беретін кез келеді. Мысалы, іс аяқталды, тергеу бітті, сотта іс қаралды, үкім шықты. Содан­ кейінгі алты айдың ішінде кімге қыл­мыстық істер аясында жасырын тергеу әрекеттері жүргізілді, соларға хабарлама беру керек. Яғни, мынадай істің аясында телефоныңыз тыңдалды деп. Мысалы, Ивановтың телефонын тыңдады делік. Ал ол басқа мәселе бойынша Петровпен сөйлеседі. Оперативті уәкіл жасырын тергеуд­і Ивановқа жүргізгеннен кейін тергеу­шіге Петровтың да әңгімесін тыңдау­ керектігін айтуы мүмкін. Содан Иванов сотталып, Петровтың іске мүлдем қатысы жоқ екендігі анықталғанда, оның да құқықтарына нұқсан келмесі үшін хабарла­ма  берілуі  шарт.

– Ал ол адамдар, жаңа сіз мысалда кел­тірген  Петровтар  «неге менің телефонымды­ тыңдайсың?» деп уәж айтуы  мүмкін бе?

– Айтуы мүмкін. Сосын олар сот ар­қылы моральдық зиянды төлеттіруге де бара  алады.

– Оны  кім  төлейді?  Үкімет пе?

– Үкімет төлейді, бірақ оны кейін оперативті уәкілден регрестік түрде өндіріп алады. Сол үшін барынша жаппай жасырын  тергеуге санкция беріп жатқан жоқпыз, өйткені сұрауы бар. Енді ғана ашылғандықтан, әлі бұл жағдаймен бетпе-бет келген жоқпыз. Себебі жоғарыда айтып өткен алты ай мерзім әлі келген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болайын» деп тұр (күліп).

– Иә, өзіңіз айтып өткендей енді ғана ашылып  жатырсыздар. Осы орайда сұра­йын дегенім, жұмыс барысында кемшіліктер кездесіп­  жата  ма? Әлі түсінбей не түсі­ніс­пей  жататын  сәттер  бола  ма?

– Дұрыс айтасыз. Бізде мысалы, құжаттарды, мәліметтерді алуды санкциялау деген де бар. Бұл бойынша тергеу орындарынан әлі де шатасып келіп жатыр. Мысалы, пәленшеевтің банкте мынадай есепшоты бар ма, анықтау үшін санкция керек дегендей. Біз айтамыз, «кешіріңіз, банк туралы заң бойынша оны прокурор арқылы не өзің біле бересің. Ал бізге есепшотын өзің анықтап алғаннан кейін, сол есепшоттан мына есепшотқа ақша ау­да­рылды ма, соны анықтау қажет болғанда, санкция сұрайсың» деп. Осылай түсін­діреміз. Екінші мәселе, мысалы «Сабалақта» кісі өлімі болды делік. Содан арнайы­  орган куәлерді іздестіреді, видеокамераларды қарайды,  тексереді, бірақ ешкімді таппайды. Содан қылмыстың бетін қалай да ашу керек болған соң, олар бізге келеді де қалада орналасқан телефонның стационарлық базаларының қылмыс болған жерге жақынынан оқиға орын алған сәтте сол маңайда қандай телефо­ндар болды, соны анықтау үшін санкция  беруімізді сұрайды.

– Ол көп болып кетпей ме?

– Болып кетеді. Бірақ біз бұлай жаппай бере алмаймыз. Себебі заң бойынша нақты адамның аты-жөні не телефон нөмірі көрсетілуі тиіс. Көбіне осындай сәттерде олар «біз енді қылмысты анықтай алмаймыз ғой» деп ренжіп жатады. Десе де, олар мәселенің екінші жағын қарастырмай тұр. Мысалы, дәл сол қылмыс болған күні ол жерде иммунитеті жоғары­ тұлға жүруі мүмкін немесе бір шаңыра­қтың отағасы дәл сол күні өзге келінш­екпен кездесіп, көңіл көтеріп келді делік. Сонда егер біз жаңағы санкцияны берсек, ол адамды тергеу органына шақырады, ол үшін үйіне қоңырау соғады­, тергеуге келеді, ақырында болған жайтты әйелі де естиді. Сөйтіп айрандай ұйыған отбасы  ажырасудың сәл-ақ алдында қалады. Ал ол кісі сотқа беруі мүмкін. «Кешіріңдер, менің бұл қылмысқа қатысым жоқ, неге бір ақымақтық жасағаныма бола отбасымның шырқын бұзасыңдар» дегендей. Мүмкін бұрын жаппай бере берген шығар. Бірақ қазір біз сүзгіден өткіземіз.

– Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде тергеушілердің үстінен шағымданатын адамдар­ аз емес. «Тергеудегі күдіктіге түрлі қысым көрсетеді, кейде жасамаған қыл­мысты да мойындатқызады» деген қауесеттерді де естіп жатамыз. Осыған байланысты анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің немесе прокурордың әрекет­теріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдар болды ма? Болса, нақ­ты кімге қатысты және қандай  жағдайда?

– Сотымыз ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сол уақыт аралығында мұндай жағдайлар кездескен емес. Дегенмен айтар едім, мұны қазір көбі түсіне бермейді. Жүрген жерлерімде де айтып жүремін, сонда да бұл тақырыпқа арнайы бір семинар өткізу қажет-ау. Прокуратура, тергеу органдары, БАҚ өкілдері, заңгерлер қауымдастығы барлығы қосылып, бір ақылдасу керек болып тұр. Негізінен, өзімнің судьялық қызметте 15 жылдық тәжірибем бар. Соған сүйенетін болсам, істі қарау кезінде, тергеушінің әрекет­теріне қатысты шағымдар айтылатын кездер­ болады. Мұндай сәттерде біз арнайы­ қаулы шығарамыз. Сол қаулы бойынша­ прокуратура істің мән-жайын тексереді. Кейіннен олардың шығарған шешімі сот ісіне үкім шығарарда арнайы кеңесу бөлмесінде ескеріледі. Ал қазіргі таңда күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолданғанда, көп ата-ана көз жасын көл қылып, жылап жүреді. Кім баласын қисын? Әр қарға баласын аппағым дейді. Сол үшін ата-анасы болса, барынша кіргізуге тырысамыз. Кірсін, қатыссын, тыңдасын. Неге ол балаға бұлтартпау шарасы­ қолданылып, күзетпен ұстау мәселесі­ талқыланып жатыр? Қандай қылмыс жасағаны, кіммен жасағаны, әдісі,  ойы,  әрекеті, соның бәрін ата-ана­с­ы білсін деп  айтамыз. Сол кезде көбі­несе­ ата-аналары түсіне бастайды. Әйт­песе, оған дейін сіз айтып өткендей, бар кінәні полиция, прокуратура, сот қызметкерлеріне жауып, шағымданып, жылап жүреді. Сосын  барынша қолдан кеп жатса,­ ауыр қылмыс, жалпы қылмыс жасады­ деп қамай бермейміз. Қазір позиция­ басқаша. Егер отбасы, беделі болса, осыған дейін қылмыс жасамаса, арақ ішіп, көшеде тентіреп жүрмеген болса,­ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы­н қолдану мәселесін талқы­лаймыз.

– Ол кезде жұмысына барып жүреді ме?

– Үйқамақта болса, бара алмайды.

– Тек үйде отыра ма?

– Иә. Бұл шара қолданылған кезде, міндеттемелер жүктейміз. Адвокаттан басқа ешкімді қабылдамайсың, теле­фонмен интернетке кірмейсің, үйіңнен шықпайсың, қылмыстық қудалау орга­нының адамы келсе, кіргізесің, өзіңді міне үйде  отырмын деп көрсетесің дегендей.

– Осындай жағдайлар болды ма тәжі­рибеңізде?

– Болды.

– Неше  рет?

– Көп  болды.

– Ол  қанша  уақытқа  бе­рілуі  мүмкін?

– Үйқамақ екі айға беріледі.

– Яғни тергеу барысы изоляторда болға­ннан, үйінде болғаны дұрыс.

– Иә. Ол да – қа­маудың түрі. Мемлекет белгілеген арнайы органда емес, үйінде отырады. Барынша жеңілдік ғой. Үйқамақ егер ауырлау болады деп есеп­тесе, онда кепіл қолданамыз. Әр қылмыс­тың санатына қарай, кепілдің өз мөлшері бар. Көбіне баласы қылмыс жасап қояды да, әке-шешесінің үйлері бар, соны бағалап­, кепілге қояды. «Баламыз тергеу орнына барып жүреді, шақырған кезден кешікпейді, қылмыс  жасамайды, ешқайда­ қашпайды» деп мойындарына  алады. Ал егер осы  шарттардың  бірін  бұзатын болса­, кепілдегі үйді мемлекетке алып қояды. Оны да ескертеміз. Іс сотта қаралып біткеннен кейін кепілді кепіл берушіге  қайтарамыз.

– Сіздерде  үйлерін  кепілге қойған кезде­р  болды  ма?

– Иә. Үй, автокөлік, жер телімі немесе ақшалай берген кездер болды.

– Тергеу судьясының өкілеттігіне  мәйітті эксгумациялау да  кіреді. Сот ашыл­ға­лы  қайтыс болу  себебіне  сенбей­, мәйітті  қайта  ашқызған  жағдай  кездестi  ме?

– Біздің тәжірибемізде әлі мұндай жағдай кездескен жоқ. Негізінен сот барысында кейбір істер бойынша кейде көтеріліп жатады. Өйткені 1-ші өткізген сот медицина сараптама жауабын кейбір азаматтар қанағат тұтпай жатады.

– Өз тәжірибеңіздегі ең қиын сот туралы  айтсаңыз. Шешім шығаруға қи­налғ­ан  сәттерді өткердіңіз бе?

– Судья әр істі жүректен өткізеді. Өйткені оның артында адам тағдыры тұр. Қиындықтар болмайды емес, болады. Әсіресе, жаза тағайындау мәселесінде. Ойланасың, 6 жыл берген дұрыс па, 10 жыл берген дұрыс па деп. Себебі кісі өлтірудің де түрлері бар.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


Жасампаздық жолындағы ЖАЛАҒАШ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 11:22

Жалағаш ауданында «Алтын дән» еңбек мерекесі елге құрметті ерлердің мерейтойымен бірге тойланды. Аймақ­тан түлеп ұшқан таланттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтың 120, Ілияс Қабыловтың 115, Социалистік еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтой­ы да осы күні атап өтілді.

Жас ұрпақ туған жердің дарабоздарын жақсы таниды әрі құрмет биігінде  ұстайды. Оған дәлел – Т.Жүргенов оқулары. 9-10-сыныптың оқу­шылары арасында «Алып ердің асыл нары – Темірбек Жүргенов» көркем­сөз оқу шеберлерінің сайысы салтанатты шаралардың бастауы болды. Мұнан кейін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» пьесасы көрермен назарына ұсы­нылды. Облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрдың актерлері сахнала­ған қойылым көпшілік көңілінен шыққан сыңайлы. Жұрт­шылық Т.Жүргеновтей тұлғаны  терең  тани  түсті.

Түс ауа Дәуімбай елді мекенінде мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловтың бюстінің және саяб­ақтың ресми түрде ашылуы болды.­ Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев сөз алып, Ілияс Жүсіпұлының халыққа абыройлы қызмет еткендігін, ізгі істері мен елеулі еңбектерін тілге тиек етті. Ал «Рухани жаңғыру және Ілияс Қабыловтың мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда аталмыш тұлға туралы естеліктер айтылып, зерделене  түсті.

Алқалы басқосу барысында професс­ор Бағдат Кәрібозұлы қайраткердің әдебиет жайлы ойларына тоқталды. Ал профессор Баймырза Қожамберлиев оның философиялық тұжырымдарын айтып өтті. Елге белгілі тілшілер қауымы да осы жиынн­ың басы-қасынан табылып, қайраткердің өнегелі өмірі мен шығарм­ашылық жолы жайында өзіндік  ой-пікірін ортаға салды.

Мерейтойдың екінші күні орталық стадионда қазақ күресінен түйе балуандар сайысымен ашылды. Дүбірлі бәсекені тамашалауға халық көп жиналып, қайсысы жығып салар екен дегендей бақылап тұрды. Алматы, Шымкент, Қызылорда қаласынан қатысқан 12 балуан да – «сен тұр, мен атайынның» нақ өзі. Шаршы алаңда білегін сыбана кезегін күтіп тұр. Кім күшті, кім шебер күреседі? Кіл мықтылар арасынан өзінің ең үздік екенін дәлелдеген қармақшылық Еламан Ерғалиев жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Сыйға – 2 миллион теңге. Ал екінші орын, 500 мың теңгені аралдық Нұрым Сәлімгереев еншілесе, үшін­ші орын, 300 мың теңгені Қызыл­орда облысының атынан қатысқан Мақсат Исағабылов алды.

- Бүгінгі түйе балуандар сайысында жоғары өнер көрсетуге тырыстым. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Барлық жерлестерді мерейлі мерекемен құттықтаймын. Қазақ елі жасай берсін, - деп игі тілегін айтты күрес­тің жеңімпазы Еламан Ерғалиев.

Мерейтойы тойланып отырған тұлғаларға арнайы «Тағзым» алаңы ашылды. Шараға Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Байқадамов, ҚР Парламент Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы келіп, аудан тұрғындары мен қонақтарын осындай айтулы күнмен құттықтады. Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен мәселелер осы өңірде белсенді жүзеге асып жатыр. Бұған куә болған билік өкілдері даңқты тұлғаларды насих­аттау, құрмет көрсету «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі десті.

«Тағзым» алаңында бой көтерген тағы бір ескерткіш тарихи тұлғаларға бағытталған. Заманында «қылышынан қан тамған» Қызыл империяға қарсы шығып, көтеріліс жасаған құрбандарға, Семей, Чернобль зардабынан ажал құшқан, Ауған соғысына қатысып, көз жұмған жауынгерлерге арнап ескерткіш-бюст қойылды.

Биыл ауданда су тапшылығы мәселесі туындағанына қарамастан диқандар ел несібесін сақтап қалды. Айталық, аудан бойынша егілген 401 гектар­ жаздық бидай, 60 гектар арпа, 2200 гектар мақсары дақылдары жиналып, 1 гектар жаздық бидайдан 10,3 ц/га, арпадан 5 ц/га, мақсарыдан 8,1 ц/га орташа өнім алынған. Егінжай ерле­рінің еселі еңбегі «Алтын дән» салтанатты шарасында бағаланып, озаттар белгілі болды. «Озат егін шаруашылығы» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Байтабын» жауап­кершілігі шектеулі серіктесті­гінің директоры Сапарбек Мыханов марапатталды. Сыйлыққа тоңазыт­қыш берілді. «Озат бригадир» номинациясы бойынша І дәрежелі дип­ломға Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадирі Болат Ділдабеков лайық деп танылды. Тоңа­зытқыш тарту етілді. «Озат жатка­ машинисі» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен Бұқарбай батыр­ ауылдық округіндегі «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаткисі Қайрат Бәкіров марап­атталды. Сыйлығы – газ плита­. «Озат комбайншы» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом мен газ плитаны Мақпалкөл ауылдық окру­гін­дегі «Құрманбай-Ата» шаруа қожа­лы­ғының комбайншысы Мейрамбек Қырықбаев алды. «Озат күріш өсіру­ші» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломға Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішшісі Болат Алжанов ие болды. Сыйлыққа газ плита алды. «Озат бидай­ өсіруші» номинациясымен Аламесек ауылдық округіндегі «Көктөбе» шаруа қожалығының бидай­ өсірушісі Берік Исаев мара­патталып, газ плитаны олжал­ады. Диқандардың төккен тері мен еңбегін баспасөз бетінде дер кезінд­е ақпараттандырып, олардың еңбегі мен өнбегін халыққа шебер жеткізе білгені үшін БАҚ өкілдері де марапат биігінен көрінді.

Мерекеге орайластырылған шаралар легі мұнымен толастамады. Аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Ұлт келбетін ұлықтаған тұлғалар» тақырыбында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған жүйрік ақындар топқа түсті. Шара шымылдығын ашқан Ж.Ерман ақындардың халықтың сөзін сөйлейтінін айта  келе, «шындықты айтамын деген­ ақын қандай жағдайда да айтады»­ деп, сөз додасына түсетін азаматтарға  сәттілік  тіледі.

- Аудан астықты жинап, қамбаға құйып, соның аясында елден шыққан тұлғаларды ұлықтау жөніндегі шараға біз көктемнен бастап дайындалдық. Қазақ елінің дамуына үлес қосқан Т.Жүргенов, І.Қабылов сияқты аталарымызды еске алып, осындай шарал­арды ұйымдастырып отырмыз. Алты Алашқа белгілі азаматтар жазық­сыз жалаға ұшырап, атылып кетті. Бүгінгідей тыныштық заманымыз сол кісілердей азаматтарымыздың арқасында келді. Біз оларды әрқашан ұмытпаймыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырту мақсатымыз болатын. Дарқан далада күріштен мол өнім алып, еңбек озаты болған Ұ.Еспанов ағамыздың 90 жылдық мерейтойын да «Алтын дән» мерекесімен бірге өткізіп отырмыз. Қазақтың қай тойы да балуандардың күресінсіз, ақындардың айтысынсыз өтпеген. Сондықтан да Қазақ­станға белгілі ақындарды Жала­ғаш­ деген шағын ғана жер бол­ғаны­мен, бірлігі мықты ел екені­мізді айтады, қарапайым еңбек­ші елдің рухын көтереді деп шақы­рып  отырмыз, - деді аудан әкімі  Қ.Сәрсенбаев.

Айтыс аламанында Астана, Қостанай, Алматы, Орал, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларынан 12 айтыскер бақ сынасты. Белгілі жырау Алмас Алматов бастағ­ан қазылар алқасы ақындардың сөз сайысына төрелік етіп, лайықты бағасын берді. Ең алдымен  сөз  бастаған А.Рахметов пен Т.Мықи ағалы-інілі айтыстың әдемі үлгісін көрсетті. Жиыл­ған жұртшылық ұнамды сөз айтқан кезде серпіліп, қол шапалақтап, қолдау білдіріп отырды. Танымал тұлғалардың ерлігін дәріптеп, қоғамдағы түйткілдер­ді жырына арқау етті. Сырдариялық Н.Мансұров пен қармақшылық  С.Әділбеков те сөз додасында өзіндік қарым-қабілетін көр­сетті. Екеуінің арасындағы ұстаз бен шәкірттің жарасымды әзілі де халық жүрегінен орын алғандай. Айтыскерлердің арасында дара стилімен, сөз саптауымен ерек Мұхтар Ниязов пен дарынды Рүстем Қайыртайдың айтысы жоғары деңгейде өтті. Оған қазылар қойған ең жоғары баға дәлел. Жұртшылық алдына шыққанда шаппа-шап айтыста алдына жан салдырмайтын қос айтыскер бұл жолы да бабында екенін байқатты. Осылайша сөз барымтасы әр ақынның деңгейіне қарай жал­ғасын тауып отырды. Ақтық сынға­ Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Нұрмат Мансұров, Айбек Қалиев суырылып шықты. Олардың ұпай сандары өзгелерге қарағанда озық тұр. Сол себепті үздіктердің нағыз сөз сайысы қайта жалғасып, Жүрсін Ерман «Құлмамбет» айтысын қайта жаңғы­ртты. Бұл жолы қос-қостан емес, төрт ақын да сахна төрінен көрінді. Кезек-кезек жырлап, жағым­ды айтыс жасаған олар көптің көңіл күйін көтеріп тастады. Елдің жайын, өзекті мәселесін  сөз  етіп, арасында қалжыңы да  жарасқан  шешендерге ел тәнті болды. Айтыс соңында бас жүлде (1 миллион теңге) Нұрмат Мансұр­овқа бұйырды. Бірінші орын, 500 мың теңгені Рүстем Қайыртай­  иеленсе, екін­ші  орын, 400 мың  теңгені Айбек Қалиев, үшінші орын, 300 мың теңге жүлдені Мұхтар Ниязов алды.

Кешке Орталық алаңда гала-концерт ұйымдастырылып, елге белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Шара соңы отшашуға ұласып, халыққа  мерекелік көңіл күй сыйланды. Осылайша жасампаздық  жолындағы Жалағаштағы екі күнге созылған дүбірлі думан жоғары деңгейде аталып өтілді. Елдің елеулі тұлғалары ұлық­талып, еңбек озаттары бедел биігі­нен көрінді. Ең бастысы, жұртшылық  дән  риза.

 

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


ӨТКЕННЕН СЫР ШЕРТІП, КЕЛЕШЕККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН МУЗЕЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 11:03

«Жеңіс» бағының аумағын зор әсермен­ аралап шықтым. Күз айының әсері айқын сезілсе де, бақтың іші тым көрікті. Жапырақтары құдды алтын түске қолдан боялғандай тал-терек, мұнтаздай асфальт жолдар, түнгі жарықтар, қаз-қатар орналасқан Қазалының тау тұлғалы перзенттерінің мүсіні кеудеңде туған жеріңе деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бақтың нақ төріндегі Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне­  бас сұққанымда, жұмыс уақы­ты  жаңа басталған еді. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, ғима­ратқа аяқ басқаннан тартымдылық пен жинақылықтың куәсі болдым. Қайда қарасаңыз да, айнадай жалтыраған тазалы­қтың  үлгісін көресіз.

Аудандық  тарихи-өлкетану музейі­нің директоры Сәкен Әлішевпен екеуар­а  әңгімеміз  салғаннан  үйлесімін тапты. Қашан көрсең де кішіпейіл, ағеден қалпынан танбайтын Сәкен құрдасым білік-парасаты, міндетті жұмысына деген жауапкершілігі мол қасиетімен өзгелерден шоқтығы биік тұрады. Мұны әрі талай қызмет сатысында дәлелдеп те жүр. Сәкен келтірген қызықты да сыры терең деректерді тыңдай отырып, ойыма қазекеңнің «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген даналық сөзі оралды. Шындығына жүгінсек, аудандық тарихи-өлкетану­ сынды киелі де қастерлі ұжымды бас­қарудың жүгі ересен екені әмбеге аян.

Жұмысын бастаған бірнеше жыл (2014 жылдың қыркүйегі) көлемінде аталмыш  музей бірқатар ауыз толтырып айтарлықтай шаруаға мұрындық болды. «Мың рет естігеннен, бір рет көзбен көрген артық». Ендеше, бірге саяхат  жасалық.

Ғимаратта үш зал орналасқан. Алғаш­қысы Тәуелсіздік залы деп аталады. Сондай-ақ, археология және этно­графия, өлке тарихы залы келушілерге көптеген соны деректерді ұсынады. Атап кетерлігі, музейдің ішкі жұмыс­тарының жүргізілуі барысында музей жанынан қоғамдық кеңес бірлестігі құрылды. Осынау ұрпақ игілігі үшін жасалған ұлағатты қадам, музейдің ішкі жұмыстарының жүргізілуіне және ашылуы­на Қазалы ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов ағамыз баста­ған ел азаматтарының белсене араласу­ы  Сәкеннің  жұртшылықпен  тіл табыса білер дағдысын, көпшіліктің ортақ мүддеге жұдырықша жұмылатын ауызбіршілігі молдығын аңғартады. Бұның  барлығы – келешек  ұрпақ  үшін жасалып  жатқан  жұмыстар.

«Ағымдағы жылғы  Ұлыстың ұлы күні – Наурыз  мерекесі  аясында аудандық  тарихи-өлкетану  музейінің  ашылу­ салтанатына  қатысқан Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев ел тарихын түгендеп, кеше мен бүгінді жалғайтын жәдігерлері мол, музейдің болашағы жарқын болатынына сенім білдірді» дейді өзіміз тілдескендер. Сенім үдесінен шығудан асқан абырой болар ма? Осы тұрғыда Халықаралық ескерткіштер күні қарсаңында музей ғимаратында­ ұйымдастырылған «Ескерткіштер – халық қазынасы» атты жылжымалы көрме көпшіліктің көңілінен шықса, Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Мәскеудегі «Жеңіс шеруіне» қатысқан Шамша Бисембаев көкемізге арнап құрмет бұрышы ашылуы баршаны елең еткізді. Шамша ағамыздың жұбайы Оспан­ова Қанымкүл апамыз батырдың ордендері, медальдарын құжаттарымен бірге музей қорына сыйға табыстады. Рәсімде сөз алған батырдың туыстары Шәкеңнің соғыста жасаған ерлігін, өнегел­і ғұмырын өскелең буынға то­лыққанды түрде әңгімелеп берді.

Нақты дерекке жүгінсек. Музейге келген аудан тұрғындарына 15 рет экскурсия жүргізіліп, 375 адам тамашалапты. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жанкен­т-Оғыз-Қыпшақ астанасы, Ұлы Жібек жолының бас қаласы» тақырыбында Жанкент қалашығына мектеп мұғалімдерімен бірге жасалған экскурсия шын мәнісінде, өте жоғары деңгейде өтіпті. Жанкент қалашығында экскурсия кезінде табылған қыш ыдыс сынықт­ары және музей қорында сақ­таулы тұрған экспонаттардан музей келуші­леріне «Жаңа қала, жаңа қоныс» атты тақырыптағы көрме қатысушы­ларды тарих қойнауына жетеледі. Атқарыл­ған қызғылықты шаралар мұнымен шектелмейді. Астана қаласының  мерейтойы барысында Мәдениет орталығындағы «Астана – арман қала» атты көрмеге қойылған әсем қаламыздың көрікті ғимараттарының фото­суреттері, музей қорындағы самауырлар коллекциясын 200-ге жуық адам тамаш­алап, жақсы әсер алған болатын. Оған қоса музей жанындағы қоғамдық комиссия мүшелерімен өткен «Туған жер – тұнған шежіре» атты дөңгелек  үстелде келелі мәселелер  қозғалды.

Сәкен Әлішев басшылық жасайтын ұжым мүшелері имандылық қағидатын да назардан қалыс қалдырмапты. «Қазалы ынтымағы» қоғамдық бірлестігі аудан мектептеріндегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына музей ғимаратында экскурсия  ұйымдастырса, аудандық ардагерлер кеңесімен бірлес­е «Туған жер – тұнған шежіре» тақырыбында өз өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхат жасалды. Аудандық  білім бөлімімен бірлесе отырып «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қарттар мерекесі қарсаңында жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбымен аудандық ғылыми жобалар конкурсы ұйымдастырылды. Жас ұрпаққа жергілікті халық арасында кеңінен танымал болған тұлғалар мен халқына аянбай еңбек еткен арда­герлеріміздің ерлігі мен өнегесін насихаттай отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеген конкурс өзінің мақсаты­на жеткен сынды. Жуырда облыс орталығында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейто­йы аясында өткен «Ортаймаған қазаны, қасиет­ті Қазалы» тақырыбындағы көрмені көп­шілік жылы қабылдады.

«Ұйымдастыра білген ұтады» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек   ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы   ауданы

 


ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАУІПТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.10.2018 10:49

Жұмыссыздық. Кедейлік пен қылмыстың қоздырғышы да – сол. Әсіресе, жастар арасында. Негізі қазақ жастары білім алуға құштар. Бәрі дерлік жоғарғы оқу орнына түсіп, дипломды маман атанғысы келеді. Кейбіреулер: «Қазақ жастарының бәрі сот, прокуро­р, банкир немесе бизнесмен болғысы келеді» деп кекете­ді. Несі бар, болсын! Армандауға, мақсат қоюға, соған ұмтылуға әркімнің  қақы бар. Мәселе – олардың осы құштарлығын, ұмты­лы­сын  дұрыс  бағыттай алмайтын білім саласында. Мәселе – елге  қай  жерге, қандай маман  керегін алдын ала жоспарлап, оларды  жұмыспен  қамти  алмай  отырған Үкіметте.

Қазақстан – айналдырған 18 миллион халқы бар ел. Оның жартысынан азы ғана жұмыс істеуге қабілетті шығар. АҚШ-тың бір қаласының тұрғынынан да аз адамды жұмыспен қамти алмаған­ы  ма? Егер  миллиард  болсақ  қайтер  еді?

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қарағандылықтармен кездесуінде осы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне ерекше  тоқталды.

- Үкімет пен әкімдіктер Президенттің орта білім беруде диагностика жүйесін енгізу және неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға балалардың кәсіби бағдарын айқындау туралы тапсыр­масын орындауға тиіс. Кәсіби бағдар беру сабақтары бойын­ша міндетті оқу бағдарламасына енуі қажет, әсіресе мектептің жоғарғы сынып­тарында кәсіп таңдау кезінде шешім қабылдауда бала­лардың болашақтағы өз мүмкіндіктерін зерделеуіне мүмкіндік беретін сабақтарды ендіру қажет. Бұл оқушылардың қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын, кол­ледждерді,  жоғарғы оқу орындарын бітірген соң жұмыс табудың жолдары қандай болатынын анықтауы­на мүмкіндік береді. Бұл ерекше назар аударуды қажет етіп отырған жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне оң ықпал етер еді, - деді  Сенат Төрағасы.

Әрине, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі – жаһандық проблема. Әлемде мүлдем жұмыссыз 260 млн адамның 70 пайы­зынан астамы 27 жасқа толмаған жастар екен. Олардың қатарына күніне 2 доллар ғана табаты­н  300  млн  адамды  қосуға  болады.

Осы деректерді айтқан Қ.Тоқаев: «Жастардың жұмыссыз қалу мәселесін шешу – Қазақстан үшін де стратегиялық маңызы бар міндет. Сенат Қазақстандағы жастардың арасын­дағы жұмыссыздық мәселесін тиісті заңдар қабылдау арқыл­ы шешу жұмысына үлес қосуға әзір. Бұл – жауапкер­шілігі өте үлкен міндет, себебі халқымыздың әл-ауқаты мен тұтастай мемлекетіміздің тыныс-тіршілігі осы мәселенің шешілуіне тікелей байланысты», - деді.

...Іссапардан соң үйге қайттым. Такси жүр­гізу­шісі жас жігіт екен. Екі дипломы бар. Бірақ жұмыссыз. «Танысым да жоқ, табысы­м да жоқ» дейді. Жүзінен мұң  байқалады. Яғни, жоғарғы оқу  орнына қабылда­на­тын­ студенттерді алдын ала қажеттігін зерттей отырып жоспарлау,­ жұмыс берушімен ЖОО арасында байланыс орнату, оқу бітірген түлектерді жұмысқа арнайы жолдамамен орна­ластырудан бөлек, жұмысқа қабылдаудағы тамыр-таныстық менталит­етін  де  жою  керек. Әр  азамат – бір  үйдің  асыраушысы. Асыраушылар  жұмыссыз  қалмаса  екен...

Әділбек  ҚАБА,

Facebook-тегі  парақшасынан

 


АЙНАДАҒЫ БЕЙНЕМДІ ТАРТЫП АЛҒАН КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 10:46

Неге екені бел­гі­сіз, айнадан өз кейпімді көр­меймін. Бала кезден солай. Айнаның арғы бетінде үнемі шашы сары түсті, толқынды бұйра шашты бойжеткен тұратын­. Үстіндегі желбегей ақ көйлегінің сау-тамтығы жоқ жыртық, кейбір жерлері қанға толы еді. Ал көзі үнемі төмен қарап тұратын. Бұл көріністі алғаш  рет жеті жасымда бай­қадым. Анамның мектепке киюге­ сатып алып берген су жаңа костюм, шалбары мен галстугын тағып алып, айнаның алдына келе бергенімде...

Есімді екі күннен кейін бір-ақ жиыппын. Төсегімнің жанында отырған әкем мен анамның  жүзі солғын тартып, уайымдап  отыр еді. Дәрігерлер дертімді дөп басып, таба алмапты. Есесіне үйге қайтатыныма қуанып мен отырмын. Бірақ үйге келген соң табалдырықтан аттауға батылым жетпей, өлердей қорыққаным есімде. Әкемнің аяғына оратылдым. Ол еркелетіп, «тәтті мен ойыншық әперемін» деп айтып, үйге  кіргізді. Содан бері он сегіз жыл өтті. Жастықтың  жалына жармасып, өмір сүріп келемін. Айнаға қарасам болды сол елес-бейнені әлі күнге дейін көремін. Көріпкелге жүгініп, емшіге  жүгіріп шарқ ұрсам да құ­пияның кілті табылмады. Орта мектепті үздік аяқтап, үлкен қалаға жоғар­ы оқу орнына түстім. Бірақ сол сарышашты қыз әлі де қыр соңымнан  қалған  жоқ.

Бір күні сабақтан өте кеш қайттық. Аспан түнеріп, жел тұрып, жаңбыр сіркірей бастады. Аялдамаға жүгіріп келген мен топтастарыммен бірге өзімнің мекенжайыма жеткізер қоғамдық көлікті күттім. Менің тобым­дағы студенттер, тағы бір екі-үш қарияға лезде қажетті авто­бусы келе қалып, кете барды. Жалғыз отырмын. Күзгі жаңбыр толаста­п жаумаса да, желең киініп шыққан мені жауратып жібергені­ рас еді. Қай пәннен қандай  тапсырма бергенін ойлап үйге тез  жетсем деп отырғам. Өз ойыммен өзім әуремін. Екі көзім көліктер  ызғып өтіп жатқан­ үлкен көшеде. Кенет­ жұқа жемпірімнің сыртынан иығыма қойылғ­ан салмақты сезіндім. Біреуді­ң қолы секілді. Жаңа ғана жалғыз­ отырған мені мына жағдай тіпті  састырайын  деді.  Кері қарауға батылым  бармай  бір минуттай тұрып қалдым. Сол жағымнан әлдекімнің тыныс алған үні шыға ма? Бар күшімді жинап артқа бұрыла бергенім­де айнадан жиі көретін «келбетке­» маңдайым соға жаздады. Тағы да жанарын төмен салып тұр. Ашулы. Бәрі  өзім «танып алған» бейне.­ Тек көйлегінің  етек жағына қараға­ным­да,­ Құдай  сақтасын, ешқандай­ аяқ та, оған киілген аяқкиім де жоқ. Бейне­ бір аспанға асылып тұрған адам ба дерсің. Бұл қалай болғаны? Сөйлеуге де асықпай ма, қайтеді? Осылай арбасып тұр­ғанымда бір көлік ысқырып келіп тоқтады. Жалт бұрылсам үйге қарай жеткізетін автобус­  екен. Әзірейілден құтыл­ғандай ентіге басып, мініп алдым­. Көліктің ішінде бос орын көп екен. Жалғыз жолаушы өзім ғана сияқт­ы. Бойым үрейден әлі арыла қоймағандықтан,  жүргізушіге  жақын­  бардым. Сасқан  үйректің  «амалы». Жылдамдығы  артқан  сайын­  жүргізушіге  риза көңілмен қарап қоямын. Бес аял­дамадан өттік. Келесісінен  мен түсем­ін. Сосын тура үйге қарай тартпақпын. Сол сәт автобу­стың артқы жолды көрсететін айнасына көзім түсті. Манағы «елес-қыз». Дәл артымда тұрғандай. Тым жақын. Тыныс алғаны да сезіле ме...

 

А.АДАМБАЙ

 


НҮКТЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 10:35

Адамзаттың ең атақты көріпкел жазушысы әл үстінде жатыр. Тура тоқсанның тоғызына келген  қарт  мылқау  еді. Ажал құрығы мойнына­ мықтап ілініп кетіп бара жатқан кезде ғана басы­н  сүйеп  аузына су тамызып отырғандарға «менің  төсегімнің  астындағы қобдишаны  алып  беріңдерші» деді.

Тоқсан тоғыз жыл мылқау болып жүрген шалдың сөйлей алатынына отырғандардың ешқайсысы таңғалмады. Құлып орнына бітеу шығырық салынған кішкентай қобдиды аштырған­ шал ішінен әбден көнеріп сарғайып кеткен қолжазбалары мен түбінде жарқырап жатқан қауырсын қаламсапты алдырды. Қарттың халіне бүкіл адамзат құлақ түріп отырған-ды. Қарт бітеу шығырықпен құлыптанған қобдид­ы ашты дегенді естігенде барлық адам баласын үрей басты. Жер әлем теңселіп, барлығы жерді құшып орнынан тұра алмай жатты.

Сарғайып кеткен қолжазбаның ең бетіндегі парақтарын қолына ұстаған қарт «Бұл – менің тағдырым, бұл – барлықтарыңның тағдырларың. Міне, осы. Мен бұны сексен жылдың алдын­да  жазғам». Оқылмай қалмасын, ең соңғы рет  болса да оқылсын. Ал мынау қалғандарын сосын  оқисыңдар.

«… Әлдеқайдан тапқанын кім білсін екі бала ойнап жүріп кішкене ғана бір құты тауып алды. Айналдыра қарап отырып біреуі – мен білсем тап осы Сүлейменнің сиқырлы құмырасы деді. Әй қайдам, ықылым замандағы Сүлейменнің құмырасы мұнда қайдан болсын. Ақыры екеуі айтыса-айтыса Сүлейменнің сиқырлы­ құмырасы деп шешті. Сиқырлы құмырадағы суды ішкен адам он сегіз мың ғаламның тілін біледі екен десті олар. Қалтасынан кішкентай бәкісін шығарған біреуі шұқылап отырып құмыраның қақпағын ашты. Міне қызық, құмыраның ішінде екі-ақ тамшы­ су қалыпты. Кәне бөліп ішелік десті. Ақыры бөліп ішті. Судың не құдіреті барын­ кім білсін, екеуінің тура көз алдынан жылдар түгілі ғасырлар зуылдап өтіп жатты. Ақыры жер бетінде тіршілік атаулыдан тек екеуі қалды. Қанша заман өтті. Енді екеуі бір-бірінен жери бастады. Екеуі бір-бірі­нен қашып екі жаққа кетті. Бірақ қалай кетсе­ де бір-бірімен қарама-қарсы кездесіп отырды. Енді екеуі бір-біріне жауықты. Бір-бірін өлтірмек болды. Бірақ жер бетінде олардың бір-бірін өлтіретіндей ешбір зат іздеп таба алмады. Сосын екеуі бір-бірінің  алқымдарынан ала кетті. Тұншығып барады. Тұншықтырып барады. Енді екеуінің де аузы-мұрындарынан қан атқылап кетті. Тыйы­лар емес. Қан бүкіл жер бетін жауып қалғанша ақты. Жер бетін қан жауып бол­ғанда ана екеуі де ақыры өліп тынды. Енді тіпті ғаламдық уақыт өтіп жатты. Бүкіл ғалам еш тіршіліксіз қыл аяғы үп еткен жел жоқ еді. Тек жер бетін қып-қызыл қызғалдақ жауып, қаулап тұрды. Уақыт өте қызғалдақтар гүлді бастары жерге тартып солып бара жатты…»

Тура осыны жазып болған күні кеште бөлмеме екі сұлба келді. Бірақ мен оларды көре алғам жоқ. Тек дауыстарын естідім. «Ау, ақымақ пенде, сен ақырзаманды өзің тілеп алдың, ендігі жалғыз жол жаназаңнан бұрын осыдан құтқарылатын шығарма жаз. Сонда ғана адамдарды азаптан құтқарасың. Ал, олай істемегенде адамзаттың бақи дүниеге яки мәңгілік өміріне баратын қақпа жабылады. Сенің тек жеті күндік ғана уақытың бар. Шығарм­аңның тек соңғы нүктесін мына қаламмен – тағдыр қаламымен қоясың» деді де ғайып болды. Жанталасып қайта өз қала­мы­ма  жармастым.

«Уақыт  өте гүлді бастары жерге тартып солып­  бара  жатқан  қызғалдақтардың  арасына ғайыптан бір қара қарға ұясын алып ұшып келді. Талығып жеткен қарға қонарға еш бұта таба алмай, сенделіп ары ұшты, бері ұшты, ақыры жерге ұясымен қоса құлап түсті. Құлаған­ ұяның ішінен бір шымшым топырақ жерге шашырап кетті. Топырақ жерге тиісімен бастары салбырып солып бара жатқан қызғалдақтар қайтадан қаулай жөнелді. Тура қарғаның тұмсығы тиген жердегі бір тал қызғалдақ бас­қасынан өзгеше екі ашаланып биіктей берді, биіктей берді… Ақыры аспанға тірелген бәйтерекке айналды. Аспанды онан ары биіктетіп жіберді. Тағы қанша уақыт өтті. Бәйтеректің екі ашасынан тамырланып екі зат өсіп келе жатты. Ай-күні жетіп бәйтеректен бір әйел, бір еркек пайда болды». Осыны жазып болып тағды­р-қаламымен нүктені қойғалы жат­қанымда сол жақ құлағыма біреу сыбырлады. «Ей, ақымақ адам баласы, сен сонша ақымақ па ең, Адам атаң мен Хауа анаңның әзер жеткізген­ жерінен қалай біржола кеткелі жатырс­ың» деді. Мен жазғанымды жыртып таста­п қайта бастадым. Екі сұлба әр жеті күн сайын келіп тұрды. Тағдыр нүктесі қойылмаған шығарманы ала алмады. Енді міне, менің бақиға кетер уақытым толды. Мен сендерді мына нәпсінің дүниесінде мәңгі қалуларыңды қаламаймын. Қарт тағдыр қаламын қолына алды...

Қ.МҮБАРАК

 


АМАН ҚАЛУДЫҢ АМАЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
25.10.2018 10:25

Адам баласы күтпеген және төтенше жағдайға тап болған кезде адамгершілік пен асыл қасиет ұмыты­лады. Ұшақ апатынан кейін командаластарының етін жеп, аман қалған спортшылар туралы естуіңіз бар ма? Естімесеңіз, қайғылы оқиға туралы айтып берейік...

1972 жылы 13 қазанда спортшыларды Уругвайдан Чилиге алып бара жатқан ұшақ Анд шыңында құлаған. Ұшақта отырған регби командасы болатын. Апаттан кейін 45 адамның  33-і тірі қалған. Ал, бірнеше күннен соң ауыр  жарақат алған тағы бесеуі көз жұмады. Тірі қалғандар болса, құтқарушылар іздеп табады деген үмітін үзген жоқ.

Жылы киімсіз бол­ған  спортшылар  сөйтіп қар арасында қалды. Оның үстіне, тамақ аз, таулы аймақ болғасын ауа жұту да қиын. Бірақ, құтқарушылар коман­даны іздеп таба алмады. Сегіз күннен соң радио арқылы іздеушілер тобы өз жұмыстарын тоқтатқанын  хабарлайды.

Қарындары ашып, тоңа бастаған кезде спортшылардың бірі, дәлірек айтқанда, Роберто Канесса тағам ретін­де қайтыс болған әріптестерінің етін жеуді ұсынады. Басында бәрі бұл идеядан шошып кеткенімен, бірнеше күндік аштық не істетпейді? Канес­са өз өмірінде алғаш­ рет адам етін кесіп жатқанда  қолының қат­ты  дірілдегенін  айтады.

Апаттан 18 күннен кейін қар көшкіні болып тағы сегіз адам көз жұмады. Қармен оранған ұшақ енді жыли түсті, ал қайтыс болғандар тамаққа айналды. Апат болған күннен бір ай өткен соң бірнеше спортшы кеш батқанша қай жерге дейін барып үлгере алатын­дарын тексеріп көрмек болады. Сөйтіп жүріп олар ұшақтың бір бөлігін тауып алады. Мұнда киім толы чемодан, аккумулятор мен аз ғана тәтті тағамдар болады. Спортшылар рацияны жөн­деуге тырысқанымен, қолдарынан  келмеген.

Екі айдан соң тірі қалғандар саны 16-ға жетті. Олардың үшеуі көмек іздеп, таудан түсіп кетеді. Бұл 12 желтоқсан еді. 10 күн  саяхатында       65 шақырымды артта қалдырған олар тау ағы­нына тап болады. Бір күннен соң өзенге жетіп, жергілікті бақташыны көреді. Өзеннің арғы жағында тұрған бақташы тасқа қағаз бен қарандашты байлап, спортшыларға лақтырып жібереді. Регбишілер өздерінің кім екендерін, қандай оқиғаға тап болғандарын жазып жібереді. Бақташы олар­ғ­а нан мен ірімшік лақтырып, жылдам құт­қарушыларға бет алады.

Сөйтіп, спортшы­ларға әскери гарнизонның алты өкілі мен журналистер келеді. Басында бұл оқиғаға ешкім сенбейді, сол кезде тө­мен түскен үш спортшы ұшақ құлаған жерге алып барады. Көп ұзамай құтқарушылар ке­ліп, ұшақта қалған спортшыларды  да  алып кетеді.

Қорқынышты апаттан тірі қалған 16 спортшы таудағы өмірін әлі ұмытпаған, қайтыс болған командаластарына құрмет көрсету үшін олар жыл сайын жиналып тұрады.

Төлеш  ЕСЕТ,

Проспорт.kz

 


ҚОРҚЫТ АТА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 10:10

Тарихшы Менандрдың деректерінде парсы шахы Хұсырау Ануширван одақ­тасы түріктердің алдын алып, 563 жылы өз тарапынан эфтал­иттерге күшті соққы береді­. Түріктермен болған соғысты баяндаған Фирдоуси 558 жылдан бергі 7 жылдық дайындықтан соң олардың алдымен Шаш қаласын басып­ алғанын, негізгі күш­терінің Шыршық өзенінен кешіп өтіп, Самарқан жеріндегі өз әскерлерінің алдыңғы тобымен қосылып, эфталиттердің негізгі күші топтас­қан Бұхара қаласына қарай бағыт алғанын мәлімдейді. Эфталиттердің патшасы Гатфар жазық далада соғысуды қаламай, Қаршы таулы аймағына шегініп кетеді.

Несеф қаласы маңындағы соғыс 8 күнге созылып, эфталит­  әскерлерінің  жеңілісімен  аяқталады. Соғдиана жерлерін Үстенмән әс­керлері сол 565 жылы толық жаулап алады. Ұлы Жібек жолы үшін қағандығы жерін кеңейткен Үстенмән Жабғы солтүстік Кавказды басып өтіп, 575 жылы Қырымды иеленген. Елі мен жері үшін 45 жыл дерлік аттан түспей бар күш-қайратын жұмсаған Ұлы қаған 576 жылы өмірден озады­. Қағанаттың астанасы көне Құяс (Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш тауы бөктері)  қаласы  болғандығы айтылып  жүр. Десек те, Талас­ даласындағы көк шатырлы хан ордасында Рим елшісі Земарх­ты Үстенмәннің (Ди­завул­) қабылдағаны тарих­шы Менандр еңбек­терінде жа­зылып­ қалғаны оқырмандар­ға  белгілі.

Батыс түрік қағанатында Үстенмән өмірден өткен соң, билікке оның ұлы Қара Сор түрік (Пармуда) келеді. Ал, Шығыс түрік елінде Мұқан, Арыслан Тобахан қағандар қайтыс болғанда, тақ таласынан туындаған «Ұлы жанжал» салдарынан 585-587 жылдары Төременге (Апохан) еріп, «Солтүстік аймақ хандығы», шамамен 100 мыңнан аса хал­қы Үстенмән қаған ізімен келіп, біраз бөлігі Сыр өзені­нен өтіп, Бұхара жеріне дейін қоныстаныпты. Осы мәліметтер Наршахидің «Бұхар тарихы», Абу-л Хасан ан-Нишабуридің «Білім қазынасы», Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітаптарында (А.1993, 112-б) жазылған екен. Аймағымызға екі ретте қоныстанған осы түркі жұрты аталған оғыздар арасынан, кейінде Қорқыт абыз, Алпамыс батырлар өмірге келген.

Ал, Қара-Сор түрік Бөке хан кезінен Бұқар бектігінде хандық құрған Үстенмән шөбересі Инал хан (Инал Сырмау-Нәлі, Қорқыт ата уәзір болған 1-ші хан) қытай қызы Сян-Шиге үйленіп, одан Тұман туылған соң, 601 жылы тайпалар соғысы кезін­де опат болады. Інісі Дойлы (Басы  тегін)  ағасынан қалған жеңгес­і Сян-Шиді әмеңгер­лік жолымен алып, сол әйеліме­н  (қам­қоршылар  табу  мақсатында) Қытайға келеді­, бірақ бұл жерде  ұсталып­  қа­лады (604). Басы тегін қытай тілінде «Поши» аталған, ол сөз «Құрбан» хан мағынасын білдіреді екен. Бұдан әрі Батыс­ түріктерінің ханы, Нәлі ханның балауса ұлы Тұман (Қыт. – Дамань) болып шығады. Академик В.М.Жирмунскийдің пікірінше, Тұман хан атынан елді 7 жылдай немере ағасы Көл-Еркі басқарған. Ресми қытай деректерінде осы қамқоршы Киби тайпасының бегі болған Мохе-хан Гелен ретінде көрінеді. «Мохе» қытай тілінде, «әулие» мағынасында түсіндіріледі. Ал, түркі тіліндегі Гол-Еркі (Кол-Еркі) сөзі, қытай иерогли­фінде естілуіне сәйкес, Гелен болып хатқа түскен. Мұндағы Кол атауы ханның сипат­талуында көлдей ұлағатты мағын­асын берсе, еркі (иркин) лауазымын білдіреді.

Шешесінің кепілдікте ұсталуын  пайдаланған  қытай жағы екі аралықта кедер­гі болға­н, ұнамсыз Тоғон еліне шабуылдауды  Тұман  ханнан талап етеді. Түріктер  608 жылы Тоғонға соққы беріп, соғыстан көп олжамен ора­лады. Осыған орай, ұзындығы 15 шақырымнан кем емес ауданымыз жеріндег­і Сыр өзенінен Сығанақ­қа тартылған Тұман арығы Тоған­нан келтірілген құлдар арқылы қазылған деген­  аңыз  да  жоқ  емес.

Шаш билеушісі Шегуй хан 612 жылы Тұман ордасына шабуыл жасап, оның әскерлерін жеңеді. Тұман нағаш­ы жұрты Қытайға қашып барады да, сонда жүріп 618 жылы қастандықтың құрбаны болады. Одан әрі қаңлы жерінде билік құрып келген Шегуйдің інісі Түн Жабғу хан (Қаңлы Иавы) Батыс түрік қағанатындағы таққа отырады. Кезінде, Түн Жабғу хан Кавказ елін бағындырады, алайда 630 жылы ол да бақталастықтың құрбаны болады. (Л. Гумилев, Көне түріктер, А., 1993, 139-б).

Әбілғазы жазбасында Қорқыт ата аты-жөндері дұрыс аталған бес ханның заман­дасы болғаны айтыла тұрса да, олардың өзара туыст­ық байланысы дұрыс көрсетілмеген. Атап айтқанда, Дулы Қайы Нәлі ханның, Тұман хан Дулы Қайының, Қаңлы Иавы Тұман ханның ұлдары емес. Осы жағдайдан, Рашид-ад-Дин мен Әбілғазы шығармалары аралығында 354 жылы өткен мерзімде халық естелігіндегі айтылған аңыздарда шатасу орын ал­ғаны  көрінеді.

Қаңлы-Иавы (Түн Жабғу) дәуірінде оның еліне  627 жылы  саяхаттап келген қытай ғұламасы Сюань тақуаның жазбаларында Түркі елінің 25 дыбысқа негізделіп жасалған жазуы барлығы, солдан оңға қарай көлденеңнен оқылатын кітаптары жайлы айтылыпты. Тарихшы тақуа көр­ген түрлі музыка аспаптары жиын-тойларда ойналып, дөңгеленіп би билей­тіні, айтыс­ өнері дамығаны атап өтілген. Заманындағы ғұла­ма, пұт (будда) діндары ре­тінде  зор  құрмет пен бе­делге­ ие  болған  осы Сюань Цзянь Түн Жабғының құрметіне бөленіп, бірге аңға да шығады. Осы жайлы өзінің «Ұлы таң патшалығы тұсындағы батысқа саяхат» атты жаз­басында төмендегіше әңгі­мелепті:

«Қаған жасыл жібектен желбегей шапан киген. Оның қасында жанына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олардың  үстіне  кигені қамқа шапан,  шаштарын  бұрымдап өрген. Басқа нөкерлері аң терісі­нен жасалған ішік киіпті, бөріктері жұмсақ матадан­ сырылып тігілген. Қолдарына  айбалта, садақ,  ту ұстаған. Аттары шетінен сәйгүлік. Түйе, ат мінген аңшылардың көптігіне көз сүрінеді». (Т.Жұртбаев, Дулыға,­ ІІ-том., А.,1994,  84-б ).

Ертедегі ата-бабаларымыз тарихы үшін ширек ғасыр уақытын жұмсап, «Западняя Монголия и Урянхайский край» көптомдығы кітабын жазған академик Г.Е.Грумм-Гржимайлоның, сондай-ақ, Ресей Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Н.Я.Бичуриннің (1777-1853) ежелгі қытай  тарихи жазбаларына  сүйеніп жазып шыққан «Ерте  замандарда Орта Азия­ны  мекендеген халықтар жөніндегі мәліметтер жинағы­»  кітабындағы  еңбектерінің аса зор маңызы болды дей аламыз.

Тарих ғылымының док­торы Л.Н.Гумилевтің 1967 жылы «Древние тюрки» атты кітабы жарық көреді. Контрреволюциялық  ұйымға мүше болғаны үшін 1921 жылы ату жазасы  берілген  әкесінің ұлы болғаны себебінен, 1935 жылдан автор саяси қуғын-сүргінге ұшыратылады. Санкт-Петербург универ­ситетінің тарих факультетін 1946 жылы бітірген Л.Гу­милев 1949-1956 жылдары қамауға  да  алынады.

Л.Гумилевтің Евроазияшылдық идеясы пассионер­лік (жүйелеу) туралы ілімінде және В.И.Вернадскийдің биосфера туралы теория­сында  көрініс  тапқан. Оның этногенез теориясын шә­кірттері этнолог В.А.Мичурин, географ В.Ю.Ермолаев, жазушы Д.М.Балашов, т.б. жалғастырды. Әйтсе де, ғылыми еңбектері кеңес ғалымдары  тарапынан  негіз­сіз сынға ұшырайды. Қазақ Совет энциклопедиясына да оның аты-жөні енгізілмей қалған. Кейінгі жылымық жылдары қудалау тоқталып, 1989 жылы КСРО мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, 1992 жылы Ресей жараты­лыстану  Ғылым академиясының  академигі  атағы берілді. Астана Еуразиялық мемлекеттік  университеті де Л.Гумилевтің атымен атал­ған (мәлімет ҚҰЭ, 3-т, А.2001, 87-б).

Ғалымның «Древние тюрки» кітабы «Көне түріктер» атымен 1993 жылы ғана қазақ тілінде басылып шығады. Кітаптың соңғы беттерінде автор арқылы ертеде таққа отырған хандардың ономастикалық кестесі берілген. Онда өзге халықтарға таны­луына орай хандардың қы­тайша, грекше, арабша, парсыша, армянша, соғдыша оқылуы, аудармасы мен түсіндірмесі жазылған. Өмір­ден бұрын өткен отандық беделд­і ғалымдарымыз ол кітаппен таныса алмаған.

Көрнекті  этнограф, филология ғылымының док­торы А.Сейдімбек  «Қорқыт аңыздары»  шығармасында  төмендегіше  жазады: «Ата жағынан Қорқыт Оғыз тайпасының Қайы (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, ана жағынан қалың Қыпшақ нағаш­ы жұрты болып­ келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қарақожа деген кісі болса керек»­. Одан ары ғалым: «Аңыз бойынша Қорқыттың кіндік  қаны тамған ата меке­ні Қараспан тауы еді дейді... Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап­, дауыл соғып, дүние­нің астан-кестені шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорығ­ан жұртты үрей билей­ді. Бұл жөнінде ел есінде сақ­тал­ған  мынандай  сөз  бар:

Қорқыт туған кезінде

Қара аспанды су алған,

Қара жерді құм алған,

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған!

Шынында да, Қорқыт туысы­мен жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, дүние тіршілік маужыр күйге түседі. Жұртшылық мұны жақсы ырымға  балап: «Бұл бізді қорқытып дүниеге келген бала болды, есімі Қорқыт болсын!­» - деп құлағына үш рет айқайлап атын Қорқыт қояды («Қорқыт ата,» энц. жинақ, А, 1999, 105-б).

Ғұлама филологтың шығарм­асында төмендегінше жазылған жолдар да бар.

«Еуразияның қуаң даласына  бейімделген түркі тектес тайпалар бойлықты қуалай ұшатын жыл құсына ұқсас еді. Яғни, қысқа қарай Сыр, Шу, Талас, Іле бойына, Қаратау, Алатау етегіне шоғырл­анған оғыз-қып­шақтардың қалың тайпасы жаз шыға Ұлытау, Кішітау, Бесқазылық (Қарқаралы, Балқан­, Қызыларай, Баян, Қарағайлы)  тауларын  көктей өтіп, Сарысу, Есіл, Нұра, Торға­й, Ертіс өзендерінің шүйгін алаптарына дейін шырқай көшіп жайлаған» (100-бет).

«Ұлытаудағы Сарын шоқысын Қорқыттың қобыз шалған биігі еді деген сөз бар. Соны ырым көріп бұл шыңның басында Домбауыл да қобыз шалыпты дейді. Домбауыл кешені күні бүгінге дейін Ұлытау өңірінде аман-есен  сақталған. Сарын шоқы­сының батысы мен оңтүстік батысында «Қорқыт көл», «Қорқыт су» деген екі атау бар. Қорқыт суын жергілікті халық «Құрдым» деп те атайды. Бұл Ырғыз бен Торғай өзендерінің суын жұтып жатқан­ құпия құм. Арқырап-сарқырап жеткен қос өзеннің суы осы құмға жеткенде көз алдыңда жуасып, зым-зия жоқ  болады. Сондықтан, бұл өңірдің халқының аузында «Су аяғы Қорқыт» немесе «Су аяғы Құрдым» деген сөз сақталған. Ақмоладағы Барбы көлін де Қорқыт жайлап еді деген аңыз бар» (114-бет).

Атап өтер жайт, Батыс түрік қағанатында Үстенмән Жабғу немесе Ұлы Қара Сор түрік Бөке хан (Совэ) замандарында болған Қорқыттың әкесі Қарақожа Рашид-ад-дин­ шығармасында баят тайпасы­нан,  ал  Әбілғазының  «Түрікмен шежіресінде» қайы тайпасынан шыққандығы айтылады. Көптеген беделді ғалымдар соңғы нұсқаны жақтайды. М.Қашқари мәліметтері бойынша баят тайпасы ХІІ ғасырға дейін қаңлылар, бір бөлігі қимақтар құрамында болған. Ал, Рашид-ад-диннің өзі баятта­р XIV ғасырда ғана оғыздар  құрамына қосыл­ғанын мәлімдейді (ҚҰЭ, 2-т, А,1999, 219-бет).

Филология ғылымының докторы, профессор Ш.Ыбраевтың жазуынша: «Қазақтың бақсылар сарынында Қарақожа пері мен дәулердің атасы, бақсылардың пірі ретінде­  айтылады» (Қорқыт ата, А,1999, 597-бет). Осы орайда Фирдоуси келтірген төмендегіше мәліметтер де еске  оралады. 589 жылы Герат­ түбінде Бахрам Чубин жаман түс көргеніне қара­мастан Үстенмән Жабғының ұлы Совэмен (Бөкехан) со­ғысты­  бастайды.

«Түріктер парсыларды қорқыту үшін дұшпандарын дуалауға кіріседі. Дуақанттар аспанға от тастап, өртейді де, сол арқылы аңыратып жел шақырып, қара бұлттарды үйіреді, сөйтіп аспаннан парсылардың үстіне оқ жаудырады. Бірақ, Бахрам айғай салып, мұның тек көзбояғыш жалған көрініс екенін, іс жүзінде ешбір оқтың жоқ екенін айтады, сөйтіп дуа­қанттар діттеген мақсатына жете алмайды. Парсылар жеңіск­е жеткен осынау ай­қастан кейін, олардың қолына дуақант тұтқын болып түсе­ді. Ол Бахрам көрген түсті өзі­нің жібергенін мойындайды» (Л.Гумилев, Көне түріктер, А.1993, 82-бет). Аталған дуақант Қорқыттың әкесі Қарақожа ма, басқа ма, ол жағы анықталмаған.

Академик В.М.Жирмунский «Оғыздың батырлық эпосы және Қорқыт кітабы» мақаласында кеңінен шолу жасап, сын тұрғысында талдаулар жүргізілген. Атап айтқанда, араб тарихшысы Ибн ал-Асир, Имад-әд-дин, парсылық авторлар Равенди, Джузджанилер жазған баят тайпасынан шыққан Қорқыт ибн Абд-ал Халид, «Түрікмен шежіре­сінде» сөз болатын Шахмәлік пен Тоғрул-бек шайқасына қатысқан қайы тайпасынан шыққан Қырқұт-бек, сондай-ақ К.Багрянородный (948 ж) атап өтетін оғыздармен соғысатын печенектер көсемі Күрқұт, т.б сөз болады. Қайсы бір тарихшылар оларды аңыз болып таралған Корқыт  атамен шатастырғысы  келеді. Әйтсе де, академик В.В.Бартольд өзінің «Орта Азия түріктері тарихы» атты лекцияларында бұл ғылыми болжамның шындыққа сай келмейтінін, қанағатсыздығын атап өткен (Қорқыт ата, Энц. жинақ, А,1999., 508-бет)

М.Ергиннің «Қорқыт ата кітабы» текстологиясына арна­лған еңбегінің кіріспе сөзінде Қорқыт Мұхаммед пайғамбар заманында өмір сүрген деп көрсетілсе (Анкара, 1958-1963), Рашид ад-диннің «Огузнаме» кітабында да Қорқыт абыз 601 жылы қазаланған Инал Нәлі ханның замандасы екені, оның баласына Тұман атын бергені жазыл­ыпты (Баку, 1987, 70-71-бб). Сондай-ақ, Түрік­мен  ғалымдары  жинастырған­ «Салур баба Құл-Ағли оғлы» атты ел тарихын баяндайтын еңбекте «Қорқыт 7-ғасырда жасаған Инал Сырмау ханның тұстасы» 95 жыл өмір сүрген, Қарақожа ұлы екен деп нақты айтылған. Өзара тәуелсіз осы мәліметтер академик Л.Гумилевтің бірнеше елдерінің жазба­ тарихи деректерінен сараптал­ып алынған «Көне түріктер»  кітабы  мәліметтері­мен  сәйкес келеді.

Қорыта айтқанда, көшпе­лі халықтың таза табиғи ортасын­да дара туылған Қорқыт­ абыз жүз жасқа жете ғұмыр кешіп, жер ортасы Сыр өзенінің жағасында фәни жалғанна­н  өткені  шындық.

Кезінде, атаның тәңірі діні үрдісінде жерленген мүрдесі бұрын жарияланған мақалаларымызда атап өтілгендей, 994 жылдан Хорасан өңірінің  билеушісі бол­ған­ Саманидтер арқылы «Дін қорғауш­ысы» атағын алған Себук­-тегін кезінде Х ғасырдың соңғы жылдарында мұ­сылмандық жоралғысында қайта жерленген деуімізге бола­ды. Еліміздің байырғы өткен тарихының шынайылығы жолында анықтама жүргізуге, зерттеушілікке тән мамандығымыз бен тәжі­рибе­мізге орай, аздап болса да үле­сімізді қосқанды жөн көрдік.

 

Жасұзақ   АМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР  ІІМ-нің

Құрметті  ардагері,

ҚР  Журналистер

Одағының  мүшесі,

Жаңақорған  ауданы

(Соңы. Басы өткен санда.)

 


ҚОРҚЫТ – СЫР, ҚОБЫЗ – САРЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.10.2018 10:00

“Қорқыт!..

Бабамыздан қалған

Қобыз –

Өкініш пен арман.

Тыңдасаң, сыр айтады,

Мөлтілдеп мұң айтады” деп келетін ақын Оңталап Нұрмахановтың “Қорқыт-Қобыз” өлеңі бүгінде ән ретінде де кеңінен танымал. Сыр айтады, мұң айтады. Бірақ, қуанта ма? Білмеймін, бастысы, бабадан жеткен аманатқа қиянат жасамағанымыз қуантады. Қорқыт абыздың аспабын іске асырып, мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат еткендердің шоғыры әбден қалыптасып үлгерді. Өйтпегенде ше, арада бірнеше жыл емес, бірнеше ғасыр өтіп кетті.

Тақырыптан әсте ауытқымаймыз. Өткен жылы Қармақшы ауданына қарасты Сортөбе атты қалашықтан тастан жасалған қобыз бейнесі табылған болатын. Сол уақытта қазақ тілінің лексиконына тасқобыз деген жаңа сөз қосылды. Қазба жұмыстарын жүргізген археолог ғалымдар Сортөбеге Қорқыт ата кесенесінің жақын екенін айтып, қала мен Қорқыт атаның өмір сүру уақытын шамалас деп тапқан еді. Жалпы, қобыз бейнесінің Сыр топырағынан табылуы тосын жаңалық емес. Дегенмен, бұл бұлтартпас дәлел бола алады. Неге деп ойлайсыз?

Қорқыт – тұтас түркі жұртына ортақ, түркі тілдес ұлттардың барлығы тайлы-таяғына дейін тегіс танитын тұлға. Оны бөлу арқылы біз ештеңе ұта алмаймыз. Қайта бабаны аласартып алуымыз мүм­кін. Десе де, абыздың біздің ауылда туып, Сыр бойында қобыз атты қайталанбас музыкалық аспапты дүниеге келтіргенін мақтанышпен айтуымыз керек. Рас, қазіргі таңда Қорқыт ата мұрасын жаңғырту, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау бағыт­ында біршама ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Солар­дың бірі облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқ­армасының ұйымдастыруымен Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру” бағдарла­малық  мақаласы  аясында тұң­ғыш рет өткізілген “Қорқыт. Қобыз” атты қылқобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың республикалық байқауы саналды­. Бұл байқаудың Сыр елін­де өтуінің себебін жоғарыда айта  кеткен  болуымыз  керек.

Ұлттық өнерді дамыту, қыл­қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың шығармашылығын насихаттау, оларға жан-жақты қолдау көрсету және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан өнер бәйгесіне арнайы келген жұртшылықтың  қарасы көп болды. Бай­қағанымыздай, бірнеше кісінің жөн сұрап, байқауға асығып бара жатқаны­, келгені көз алдымыздан өтіп жатты. Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі іс-шараға сай безендірілген. Әсіресе, шымылдығы театрландырылған көрініспен ашылған байқаудағы Қорқыт  атаның  образынан  бөлек, ол отырған орындықтың қобыз бейнесіне енуі бізді таң-тамаша ете білді. Қобыз үні, қобыз сарыны – ­ өз алдына бөлек әңгіме.

Шараға қатысқан облыс әкімі­нің орынбасары Руслан Рүстемов жиналған жұртшылықты I республикалық “Қорқыт. Қобыз” қобызшылар байқауының ашылуымен құттықтады.

- Өнер – мәңгілік. Бір ел екінші елге өзінің өнерімен, мәдениетімен, ғылымымен, тарихымен мақтанса, ол әдептілікке жатпайды екен. Қобызды қазақ халқы өнер көшінің құнды жәдігері санайтын болса, оның біздің аймақта болуы, бастау алуы шынында мақтаныш. Бабадан қалған мұраны келер ұрпаққа жеткізу, табыстау, аманаттау – барлығымыздың  міндетіміз, - деді ол.

Жалпы, байқауда 17-55 жас аралығындағы еліміздің әр өңірінен келген қылқобызшылар Қорқыт күйлерін насихаттаса, қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, Қорқыт дәуіріндегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады.

- Сонау Қорқыт атаның қобыз үнінен бастау алған Қорқыт ата мұралары біртуар дарын иелері –  қобызшылар арқылы күні бүгінге жетті. Сан ғасырлар өтсе де сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамызды, дәстүрлі музыканы­ насихаттау – ортақ парызымыз, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Әлқуат Қазақбаев.

Сонау Қорқыт ата мұралары біртуар дарын иелері Ықылас Дүкен­ұлы, Қойлыбай бақсы, Тілеп Оспантайұлы атты қобызшылар арқылы жалғасып, кешегі (Сы­майыл) Нышан Шәменұлына дейін жетіп, одан бері Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Сматай Үмбетбаев, Әбдіманап Жұмабеков, Базархан Қосбасаров, Әлқуат  Қазақбаев, Саян Ақмолда­, Бұрхан Мұхаммеджанов, Бақыт Кәрібаева, Мақсат Мұхаммеджанов тағы басқа қобызшылар ар­қылы  күні  бүгінге  жалғасты.

- Қорқыт ата мұрасын жаңғырту  бағытында көптеген жұмыстар  атқарылуда. Солардың  бірі  осы байқау болып отыр. Байқауда  17-55 жас аралығындағы еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар Қор­қыт күйлерін орындаса, қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, Қорқыт дәуіріндегі көне жыр үлгі­лерінен үзінділер айтады, - деді белгілі  жыршы  М.Сәрсенбаева.

Өнер жарысына түскен қобызшылар прима қобыз, фортепиано сүйемелдеуімен сазды күйлерді нақышына келтіре орындады. Бас жүлде елордалық Шолпан Шарапатоваға бұйырды. Ал, І орынға алматы­лық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімса­лова лайық деп танылды. Екінші орынды Оралдан келген Мөлдір Жалмұханбетова мен алматылық ару Әсел Қыдырмұрат еншілесе, үздік  үштікке  шымкенттік  Анарбек Мырзабай мен қызылордалық Айдана­  Рүстембек  жайғасты.

Ал, қобызбен жыр айтушылар арасындағы сында қызылордалық Марат Сүгірбай, алматылық Қазбек Әдікей, қостанайлық Қыдырбек Қиысхан, қарағандылық Әлібек Бимендиндер жүлдегерлер қатарынан  көрінді.

Рыскелді   ЖАХМАН,

Н.Нұржаубай (сурет)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары