Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 31 Қазан 2018

МЕРЗІМІН КҮТПЕГЕН МЕРЕЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.11.2018 10:12

Футболдан ел біріншілігінің 31-туры өз мәресіне жетті. Алда әлі екі тур болса да, ҚПЛ-дің жүлдегерлері белгілі болды. Әдеттегідей “Астана” 71 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орынға 61 ұпаймен Алматының “Қайраты” жайғасқан. Яғни, “Астана” алдағы екі ойында жеңілсе де, “Қайрат” чемпиондықты тартып ала алмайды. Сондай-ақ, “Тобыл” биылғы жылдың қола жүлдегері атанып отыр. 50 ұпай жинаған қостанайлық команданың өзінен бір саты жоғары тұрған “Қайратқа” жете алмасы анық.

Айтпақшы, “Тобыл” араға жеті жыл салып, алғаш рет жүлдеге ілігіп отыр. Олар соңғы рет 2010 жылғы чемпионатта бас жүлдені иеленген болатын. Содан бері алғаш рет қола жүлде иеленіп, үздік үштіктің қатарына кірді. Төртінші орындағы  42 ұпайы бар “Ақтөбеге” де “Тобылға” жету арман болып тұр. Осылайша, үздік үштік біріншілік аяқталмай-ақ белгілі болды. Қызықсыздау секілді. Тартысты ойын 4-орын үшін таласта болмақ. Өйткені, 5-6-орындарға  40 ұпаймен “Жетісу”, “Ордабасы” клубтары иелік етсе, 39 ұпай еншілеген “Қайсар” жетінші орында тұр. Мінеки, тартыс осы командалар арасында өрбиді. Төртінші орын алған команда еурокубоктік ойындарда бақ сынайтыны баршаға мәлім. Сонымен қатар, “Атырау”, “Ертіс”, “Қызылжар”, “Ақжайық”, “Шахтер” секілді командалар ҚПЛ-ден шығып қалмау үшін жанталасатын болады. “Оқжетпес” пен “Тараз” бірінші лигадан премьер-лигаға жолдамасын алып, тас түйін дайындықпен отыр.

“Қайсар” 3 қараша күні Талдықорғанның “Жетісуын” өз алаңында қабылдайды. Бұл – осы маусымдағы “қасқырлардың” үйде өткізетін соңғы ойыны. Ал, биылғы ел чемпионатындағы қорытынды ойыны 11 қарашада “Ақтөбеге” қарсы өтеді. Естеріңізде болса, 2-айналымның аяғында да “Қайсар” “Ақтөбеге” аттанған еді.

31-турда сырбойылық клуб Оралға қонаққа барған болатын. Ауадай керек үш ұпай үшін жерлестеріміз “Ақжайықты” 0:4 есебімен тас-талқан етті. Былтыр да дәл осы турда “Атырауды” 4:1 есебімен өз алаңында ойсырата жеңген-ді. Жалпы, гол соғуға шорқақ келетін “Қайсардың” 31-турда ашыла түсетіні бар ғой дейміз. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында “Қайсардың” бас бапкері Стойчо Младенов: “Біз өте жақсы ойнадық. Сырт алаңда төрт гол соғып, жеңіске жету күнде бола бермейді. Мен қуаныштымын, ризамын. Жігіттерге рақмет! Енді келесі ойынға тыңғылықты дайындалу керек”, - деді.

Жалпы, 31-тур ойындарын алаң жиегінен 18000 көрермен тамашалаған. Ең аз көрермен жинаған “Ақжайық” пен “Қайсар” арасындағы ойын болып отыр. Матчқа небәрі 1000 көрермен келген. Ел біріншілігіне қатысты мына бір қызықты ақпаратты да жазғанды жөн санадық. “Астана” футбол клубы сапындағы Юрий Логвиненко Қазақстан премьер-лигасының 7-ші рет чемпионы атанып, премьер-лиганы ең көп жеңіп алған Андрей Богомоловпен теңесті. (7 рет, мансабын аяқтаған). “Ақтөбе” сапында  4 рет (2007, 2008, 2009, 2013), “Астана” сапында 3 рет (2016, 2017, 2018).

ҚПЛ сұрмергендері арасында 10 гол соққан “Қайсардың” шабуылшысы Братислав Пунощевац та бар. Көш басында 18 голды өз атына жазған “Ақтөбенің” ойыншысы Маркос Пиззелли келе жатыр.

 

“Қайсар”  сапындағы  гол  авторлары:

Курьор – 7 (1);

Пуношевац – 6;

Асхат Тағыберген – 5 (4);

Володимир Аржанов – 3 (1);

Франк Джа Джедже – 2;

Абдель Азиз Ламанж – 2;

Думан Нәрзілдаев – 2;

Тоқтар Жаңғылышбай – 1;

Марк Гурман – 1;

Мақсат Байжанов – 1;

Александр Марочкин – 1;

Игорь Зенькович – 1.

 

Кубоктік  ойындарда  салынған  голдар:

 

Тоқтар Жаңғылышбай – 1;

Валерий Коробкин – 1;

Франк Джа Джедже – 1.

 


ШУАҚТЫ ЖЫРЛАР, ШЫРАЙЛЫ ШУМАҚТАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:00

Қазақ поэзиясы қашанда өсу, өркендеу үстінде. Қандай заманның тұсында да ол өзінің жедел жүрісінен жаңылған жоқ. Сондықтан да оны аға буын ақындарымыздың бірі айдай нұрлы, күндей жарық, таудай асқақ, далада­й дарқан деп бағалаған болатын.

Егер ұлттық поэзиямызды алып ақ айдынға теңесек, оған жан-жақтан құйып жатқан мөл­дір бұлақтар қаншама. Шүкір, Сыр бойында да өлеңін өмірім деп бағалаған қабілет-қарымы мықты жас та, жасамыс та қалам иелері аз емес. Солардың бірі – ұстаз ақын Ерғали Абдулла сияқты­ елгезек інім. Сатирада сойылы, өлеңде ойы мықты азамат. Ара-тұра мөлдіретіп моншақтай-моншақтай мөлтек әңгі­мелер жазудың да хас шебері. Жазғандары әр жылдары төрт-бес жинақ болып оқырмандарын ойлы дүние қатарында қуант­қанын да білеміз. Сонан бері қаламы жүйрік інімізге тілектес, ниет­тес болып жүрген жайымыз бар.

Өткен жылы автордың баспадан «Өмірімнің өлеңдері» деген атпен кезекті жыр кітабы жарық көрген. Соған пікір жазып, қолдау көрсетудің сәті бүгін түскен сияқты. «Ештен кеш жақсы» деген­дей. Бала жастан өлең өрнектеуге әуес болған бір кездегі Ерғалиды қазір өзіне тән айтар ойы айшықты, ақ қағазға түскен жыры салмақты ақын десек те болады. Осы кітапқа енген­ «Тоба ету» өлеңіндегі төрт жол оның ақындық кредосы іспеттес.

Ұлдарым, қыздарым – орманым,

Ар үшін, жар үшін жолдамын.

Адалдық ақ дәні – сепкенім,

Асыл ой – ақ бидай – орғаным.

(«Тоба ету», 3-бет)

Алдымен туған жеріне ақын қарыздар. Қаршадайдан өзі туып-өскен Арал топырағын, оның талай­ы тағдырын жырлауда Ерғали­ ақынның «темір таяғы инедей, темір етігі тебендей» болғаны анық. Бұл осы жинақтың қай бетін ашсаң да көзіңе жылыұшырай көрінетін сурет.

Тұңғиық түбі балдыр-ды,

Жайынға ұйық салдырды.

Жағада аққу, бірқазан,

Құлақтың күйін қандырды.

 

Оттан бір түспей қазаны,

Балықшы болған мазалы.

Құлаштай мұрты шаншылып,

Тулаған тайдай сазаны...

(«Аңсау», 44-бет)

Бұл бас-аяғы жеті-сегіз шумақтан тұратын жоғарыдағы өлең­нің екі-ақ шумағы біз дәйектеген.

Мұндай жырлар жинақта молынан ұшырасады.

Ерғалидың осы жинақтағы менің ілгеріде жазған «Аквариумдағы балықтар» атты өлеңіммен аты да, заты да, танымы да, табиғаты да ұқсас «Аквариумдағы балық» деген өлеңін мен шебердің қолынан шыққан шедевр деп бағалас­ам артық емес. Аталмыш жыр былайша аяқталады.

Тұңғиық жоқ тереңге батыратын,

Аквариумда әр таңын атыратын.

Салтанатты мұңлыққа

көзін сүзіп...

өлең жазып мұңайып отыр ақын.

(«Аквариумдағы балық», 7-бет)

 

Ал, 6-беттегі «Көгілдір әлем» жырындағы:

Көгілдір әлем

Жұпарлы саумал аңқыған,

Тентегің едім далаңды сайын шаң қылған.

Шаршап бір келіп шалқая кетсем төсіңе,

Аялап тұрар абзал анадай нар тұлғаң.

 

Немесе осы беттегі «Кешкі  жыр»  өлеңінің:

Көкіректі жыр кернеп барады алып,

Мың күйдіріп, жандырып, сараланып.

... Шаңырақтан серпіліп бата алмай бір,

Ұйып қалды далада қараңғылық, - деген шумақтардың шырайлы­ дүниелер екені күмән туғызбайды.

Бір айта кетерлігі, жоғарыдағы екі өлең де осыдан аттай қырық жыл бұрын қалам ұшына ілігіпті. Сонан бері Ерғали інім елін, жерін, оның тамаша табиғатын жырлаудан танбай, талмай келе жатқан айтары айшықты, берері берекелі ақын. Мұны мен ақынның «Рамазан­ айы» (12-бет) жырынан да айқын аңғардым.

Ұлық тұтып ұлағатты бұл айды,

Жаным менің бір толастық сұрайды.

Періштелер қалықтап жүр әуеде,

Малғұн біткен жер астында жылайды.

 

Алтын күрек-жайлап ескен самалы,

Шығар күннің қандай әсем жамалы.

Сағынып кеп ақ Ләйлісін көргенде,

Мәжнүннің болған сондай жанары...

 

Ақынның жинақтағы «Менен қалған бір белгі» өлеңі де маған кәдімгідей әсер еткенін, көңілімді көп ойға бөлеген дүниенің бірі болғанын айта кетсем деймін. Сол сияқты жинақтағы «Бекетай құмы», «Ақтан батырдың серті», «Бұқарбай батырдың Хан Кенеге айтқан тәубесі», «Арыстарды іздеу», «Ақ сауыт туралы жыр» өлеңдерін нағыз азаматтық пафоста жазылған дүниелер деп бағалаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ерғали ақынның:

Түнге тартып түнерем,

Қабақтарым – қара тас.

Байлауы жоқ бұл өлең,

Алдаспандай ақ алмас, - деп жазғанындай, ақ алмастай өткір, өрнекті өлеңдері көбейе берсін. Оқырманы іздеп жүріп оқитын ізгі жүректі ойлы ақын болуына тілектеспін.

Толыбай  АБЫЛАЕВ

 


Қызылордада «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары бірінші болып бірыңғай киім үлгісіне көшті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.11.2018 09:57

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының II облыстық слетінде клуб мүшелері жасыл түсті бірыңғай киім үлгісінде өнер көрсетті.

Қазіргі уақытта республика бойынша бірінші болып Қызылорда облысындағы «Адал ұрпақ» клубтарының 16 000-нан астам мүшелері арнайы әзірленген жасыл түсті бірыңғай киім үлгісіне көшті.      

Облыстық слет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Шараға білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері, облыс аудандарынан «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарынан оқушы делегаттар қатысты.

Слет барысында «Адал ұрпақ» клубына жаңадан қабылданған оқушылар ант қабылдап, олар еліміздің патриоты болуға әділдік пен адалдықты ұстануға ант етті.

Сондай-ақ, «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының мүшелігіне қабылданған оқушыларға арнайы төсбелгілер тағылып, куәліктер берілді.

Жиында сөз алған облыстық департаменттің басшысы А.Мұхимов «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы қатарына жаңадан қабылданған оқушыларды құттықтап, оқуда озат және еліміздің патриот азаматы болуға өз тілегін білдірді.

Іс-шара барысында оқушылардың қатысуымен флешмоб, суреттер көрмесі, сурет салу және бейнеролик конкурстары өтіп, жеңімпаздар алғыс грамоталармен және дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Б.Әбдіқадыров

 


Құн бар, құндылық жоқ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 14:22

«Нарықтық экономикада барлық нәрсенің құны бар, бірақ ешқайсысының құндылығы жоқ». Бұл сөздің авторы – Жак-Ив Кусто. Рас, бүгінде сан түрлі ақпарат тарап жатыр, алайда құнсыздық көп. Бұл – талғам биігінің тым төмендеуіне әкеп соқтыратын ауыр кесел. Өйткені оқырманға жол тартқан кез келген сөйлем сөйлеп, түсіндіріп, ұғындырып тұруы керек. Әсіресе экономикалық тақырыптарды қаузап жүрген журналистер үшін бар мәселе – осында. Өзің түсінбеген нәрсені өзгеге де түсіндіре алмайсың. Оқырман мен көрерменге ұғынықты болуы үшін сол саланы шақпасаң да, хабарың, түсінігің болғаны дұрыс. Осы ретте облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен аймақтағы экономика саласына қалам тербеп келе жатқан бірқатар журналистер мен сала мамандарының кездесуі өтті.

«Үш экономист отырған жерде бес түрлі пікір бар» деген де өте орынды айтылған. Қаржы саласының ардагері Қ.Әжібеков, Қызылорда облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Е.Шаврова, ҚР Ұлттық банкі ММ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы З.Әбеновамен өткен дөңгелек үстел осы қағиданың заңдылығын дәлелдеді. Басылым беттерінен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы мақалалар жазып жүрген тілшілер қауымы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын сала мамандарына жолдады. Шыны керек, мақала жазушы қауымның алдынан шығатын алғашқы кедергі – дерек пен дәйек, екіншісі – пікір үндестігі немесе қарама-қайшылығы. Осы тұрғыдан қаламының сабы көлденең жатып қалатын кездер бар. Міне, осы кемшілікті болдырмас үшін сала ардагерінен алдымен басқармалардан арнайы жауапты тұлғалардың бар-жоқтығын сұрады. Қ.Әжібекұлының айтуынша, Е.Николайқызы, Ж.Бекжанова, Д.Тасыбаев, А.Сыздықова, Р.Демесінова сынды облыс мекемелеріндегі экономист мамандарға жолығып, мәлімет алуға болатынын жеткізді.

Жалпы, түсіндіру керек нәрсені алдымен журналистің өзі ұғынып, санадан өткізіп, содан кейін ғана тілмен жеткізуге тиіс. Әйтпесе, домалақтағанның бәрі доп бола бермейді және діттеген жеріне жетпейді.

Халық-хабар

 


Қызылордалық 35 кәсіпкердің Германияда тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 13:53

Қымбатты оқырмандар, бүгін назарларыңызға «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Іскерлік байланыстар» құралына тағы да тоқталғымыз келіп отыр. Аталмыш құрал кәсіпкерлерге шетелде тәжірибе алмасуға, оқуға, біліктілік арттыруға мүмкіндік береді. Біздің сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан жауап берді.

- Мәдина, «Іскерлік байланыстар» құралы дегеніміз не, қандай ерекшеліктері, тиімділігі бар? Осыған тоқталып өтіңізші.

- «Бизнестің  жол картасы» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыстар» құралы қолданылады. 2017 жылдан бастап бұл құралды ұйымдастыру, өткізу шараларының барлығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілген. Биылғы жылға дейін «Іскерлік байланыстар» құралының оқу курстары тек қана Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында ғана ұйымдастырылатын. Осы жылдан бастап Қызылорда облысы кәсіпкерлері тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты біздің өңірде өткізетін болды. Жалпы, «Іскерлік байланыстар» құралының не ерекшелігі бар, қандай мақсатта қолдануға болады? Бұл құралдың мақсаты отандық кәсіпкерлердің шетелге барып, іскерлік байланыс орнатуына, жаңадан тәжірибе жинақтауға, шетелдік алдыңғы қатарлы технологияларды үйренуге ықпал жасау, көмектесу болып табылады. Аталмыш құрал екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі үш аптаны қамтиды. Оның екі аптасы тікелей аудиторияда, тренингтер ұйымдастыру арқылы жүргізіледі. Ал қалған бір аптасы онлайн-вебинар түрінде ұйымдастырылады. Егер бір аптаның ішінде іскерлік салаға қатысты қажетті тақырыптар қарастырылатын болса, қалған уақытта тренер мен қатысушының арасында кеңес жүргізу өткізіледі. Осы кеңес жүргізу барысында қатысушы өзінің бизнес-жоспарын жасайды. Бірінші кезең осымен аяқталады. Кезең аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығына сертификат беріледі. Биылғы жылы 3-21 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласында «Іскерлік байланыстар» курстары ұйымдастырылды. Оған облыстан 35 адам қатысып, бірінші кезеңнен сәтті өткендігі туралы сертификаттарын алды.

- «Іскерлік байланыстар» құралының бірінші кезеңінен өткен азаматтардың бұдан кейінгі қадамы қандай? Германияға бару үшін қандай талаптар қойылады?

- 12 қазаннан 12 желтоқсанға дейін екінші кезеңге қатысу үшін құжаттар жинақталуда. Екінші кезеңге өткен азаматтар арнайы құрылған қазақстандық-германиялық комиссия алдында әзірлеген бизнес-жоспарларын қорғайды. Комиссия алдында бизнес-жоспарды қорғау 11-14 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Ол Алматы немесе Астана қаласында болады. Қызылорда қаласынан оқып шыққан 35 азаматтың барлығы екінші кезеңге үміткер болуға толық мүмкіндіктері бар. Ол үшін арнайы құжаттар пакетін дайындап, өткізуі тиіс. Екінші кезеңге өткен азаматтардың барлығы әлгі комиссия алдында қорғалатын жобаларға қойылатын талаптары: шынайы, өміршең, қолдауды қажет ететін бизнес-жоспар болуы тиіс. Мұндай жоспар иесі мемлекеттің атынан Германияға барып, 1 айлық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Ерекше тоқталатын жайт, барлық шығындар мемлекет есебінен төленеді. Қатысушы тарапынан болатын шығын, Қызылордадан Алматыға немесе Астанаға дейінгі және кері қарайғы жол шығыны ғана. Қалған шығындардың барлығы мемлекеттік мойнында.

- Әңгімеңізге рахмет!

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары