Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
Қазан 2018

Қыруар қаржысын сақтап қалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.10.2018 16:50

Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасынан 36-орынға көтерілді. Мұндай жетістік – мемлекеттегі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жуырда жарияланған Елбасы Жолдауының басым бағыты да кәсіпкерлікті дамыту және өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталып отыр. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» тағы 5 жылға созу және өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатында алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Елдің экономикасын өркендету, бизнесті дамыту ісіне Сыр өңірі де өзіндік үлесін қосып келеді. Оған аймағымызда бүгінгі күнге дейін жасаған келелі істер дәлел. Сондай-ақ, биылдан бастап облыста кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланды. Бұл – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шешімі. Саланың бағыт-бағдары, аймақтағы жай-күйі турасында өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғ.Жақсылықов айтып берді.

 

-  Жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Оған барлық қаржы көздерінен 32 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер, әрбір 148 ауылдық округ, кент пен қалаға жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. Бүгінгі күні осы ауқымды жұмыстардың айтарлықтай үш нәтижесі бар екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда облыста 41 393 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп, республика бойынша көшбасшы болып тұр. Екіншіден, соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жартыжылдықта аталмыш сала бойынша 86 842 адам жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, 143 257 миллион теңгенің өнімі өндірілді, - деді Ғ.Жақсылықов.

 

Байқағаныңыздай, мемлекет, жергілікті билік те кәсіпкерлік саласын дамытуға қыруар қаржы бөліп отыр. Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі тіпті бөлек тақырып. Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі бизнес өкілдеріне әрдайым қолдау білдіріп келеді. Айта кетейік, жыл басынан бері кәсіпкерлерді құқықтық қорғау бойынша Палатаға 134 өтініш түсіп, оның 66-сы оң шешімін тапқан. Осындай көмектің арқасында бизнес өкілдері 982,8 миллион теңге қаражатын сақтап қалды. 47 сот отырысының 34-інде кәсіпкерлер жеңіске жетті. Кәсіпкерлердің құқығын белден басып, қызметіне кедергі келтірген мемлекеттік органның 11 лауазымдық тұлғасы Палатаның бастамасымен тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Тек Қызылорданың ғана емес, Ресейдің нарығында жоғары беделге ие болған «Далатекс» ЖШС жақында республикалық көрме-байқауға қатысып, халықтың ықыласына ие болды. Ал «Браунис» компаниясы Астана қаласынан тағы бір дүкенін ашты. Өңір кәсіпкерлерінің еңбегі жанып, жоғары нәтижеге қол жеткізгенінің бір көрінісі осы. Мемлекет салаға баса назар аударып, қолдап отыр, ендеше, бизнес өкілдері де аянып қалмасы анық.

 

Ж.Қойшыбекова

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.10.2018 16:34

Оқу орталығында 3 дәрісхана, көрме залы және 2 конференц-зал, сырттан келген қатысушыларға арналған хостел мен асхана бар. Аталмыш ұйым семинарлар, турнирлер және басқа да білім беруге қатысты іс-шараларды өткізу бойынша қызмет көрсетеді.

Қызылордада «ЖанАрай» ЖШС-де оқу орталығы мен қонақүй кешенінің ашылу салтанаты өтті. Еске салайық, «Жан Арай» ЖШС-нің зауыты үй жануарларына арналған азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысады. Ал 2016 жылы кәсіпорында қаз фермасы ашылған болатын. Қазіргі уақытта, агрокешен 250 ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне 150 тоннаға жуық күріш, 170 тонна ұн мен 80 тонна жем өнімдерін өндіруде.

«ЖанАрай» мекемесі –  заманауи талаптарға сай ауқымды агроиндустриялық кешен. Бүгінгі күні оқу орталығы, мейрамхана мен қонақүй ашылып отыр. Бұл өңірдің экономикасына инвестиция салудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың тағы бір жарқын көрінісі»,-деді аймақ басшысы оқу орталығының ашылу салтанатында.

«ЖанАрай» оқу орталығы ғимаратында экран, проектор және басқа да құрылғылармен жабдықталған 80 және 50 адамға арналған 2 конференц-зал, 3 дәрісхана, 200 орындық көрме залы, 50 адамдық хостел және 100 адамға дейін қабылдай алатын асхана бар.

«Мұнда оқу семинарлары мен мастер-кластар, шахмат турнирлері және басқа да іс-шаралар өткізуге болады. Жақында ауыл әкімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өтті. Ауылшаруашылық қызметкерлері үшін кәсіпорында көрнекі тәжірибелік оқулар өткізуге өте ыңғайлы», - деді «Жан-Арай-Жем» ЖШС бас директоры Бақдәулет Махашов.

Айта кетейік, оқу орталығы, қонақүй және мейрамхана кәсіпкердің жеке қаржысына салынған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«ТӘБӘРІК» ТАУАР һәм «ТОЙМАЙТЫН» ТҰТЫНУШЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
18.10.2018 12:09

Өзіміз «тәбәрікке» тәуелді болғанымызға қарамастан өзгеге та­ратқанды құп көреміз. Бұған мысал ретінде мұнай өндіруші елдер­дің  алдыңғы  қатарында болсақ та, теріскей­дің жанар-жағармайына тәуелділігімізді айтуға болады. Жерасты байлығымыздың бар қай­мағын шекара асырып, табыс тапқанға қуанамыз, ал сол байлықтың үстіндегі иелерінің үлесін ұмыт қалдыр­ғанға ұқсаймыз. Өйт­кені Қазақстан жылына 70 млн тоннаға жуық мұнай экспорттайды, бұл – өндірілетін бар қара  алтынымыздың  80 пайызынан астамы. Дереккөздерге сүйенсек, оның 12 млн тоннасы – аспанасты елінің «сыбағасы». Ал 5 млн тоннасы  Баку – Тбилиси – Жейхан  құбырына құйылып, қалған байлықтың  барлығы  Ресей территориясымен жү­ріп, Шығыс Еуропаға, одан қалды теңіздің, Қарашығанақ пен Қа­шаған мұнайы ресейлік черноморлық Новороссийск портына жеткі­зіледі.

Бұл жерден тауардың  басым  бөлігі Босфор мен Дарданелла арқылы­ Еуропаның ба­тыс­ бөлі­гіне  тасымал­да­нады. Экономикалық ортақ одаққа мүше, мұ­най өндіруден дүние­жүзінде бірінші орында тұрған Ресейде өндіріл­ген  мұ­найдың 40 пайызы ғана экспортқа жө­нелтіледі. Ал  атағы  қыр  асып  жатқан Қазақстан өз аумағын бензинге «тойдыра» алмай отыр, көгіл­дір отынмен қамту көр­сет­кіші тіпті 50 па­йызға да жетпеген. Ал біздің жалпы экспор­тымыздың 50 пайызы – мұ­най-газ өнімдері. Неме­неге  жетісіп, арқа  жү­німізді сыртқа «қомпайтып» көрсетіп жүр­міз?

«ЭКСПРО»  халықаралық  сарап­тама компаниясының мәліметіне сүйенсек, жыл басында елімізден Украинағ­а тасымалданатын  сұйы­тыл­ған газдың көлемі 30 пайызға  артқан­ болатын. Соның нәтижесінде Украинаның  пропан-бутан  нарығы дағдар­ысты еңсеріп, сапалы әрі еуро­палық  стан­дартқа толық жауап беретін газ тұтынып отыр. Бар-жоғы бір тоқ­санның ішінде Украинаға жеткізілген сұйық  отынның  көлемі  осыншама өссе, жыл соңына дейін тағы да артуға себеп  табылмайды  емес. Осы жағдайға қатысты­  мұнай өнімдері нарығының сарапшысы  И.Кудин­ов:

- Біздің есебіміз бойынша биыл Қазақстаннан Украинаға тасымал­данатын сұйытылған газдың көлемі әлі де арта түспек. Қазақстандық мұнай компаниясы тасымалының арқасында 2017 жылы тамыз айында Украина газ нарығындағы  үлкен дағдарысты еңсе­ріп, бағаның шарықтап кетпеуіне қол жеткізді. Украинада сұйытылған газға сұраныс жыл сайын артып келеді. Айталы­қ, автогазға деген қажеттілік тек бір айда 150 мың тоннаны құраған. Мұнай өнімдері нарығының сарап­шылары қазіргі күні қазақ газы Украина­ нарығын­ың 18 пайызын құрайтынын айтады. Жыл соңына дейін пайыздық үлес арта түсуі әбден мүмкін, - деген болжам  жасаған еді.

Еліміздің көп бөлігі әлі қатты отын қолдануға мәжбүр. Бас қаланың өзіне ілеспе газ Сыр еліндегі Қараөзек станциясынан Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау арқылы 2019 жылы жетуі, ал Астанада 2021 жылы аяқталуы  тиіс. Жыртығымыз  жамалмай жатып, тағы бір келісімге қол қой­дық. «ҚазТрансГаз» компаниясы Қытайдың «PetroChina International Company Limited» компания­сымен экспорт­тау  туралы  келісім  жасасып, қол  алысты. Естеріңізде  болса, был­тыр­ 5 миллиард текше метр газды толы­ғымен жө­нелтті. Сірә қос тарапқа да қолайлы болса керек, 2019 жылы екі еселен­ген, яғни жылына 10 миллиард текше  метр  газ  экспортталмақ.

Ал «ҚазТрансГаз» директорлар кеңесіні­ң төрағасы Қайрат Шәріп­баев­тың айтуынша, Қытайға экспортталатын газ көлемін ұлғайту үшін Қазақстандағы газ тасымалдау жүйесі жаңаланған. Жүйеленген есеп бойынша Қытайға  экспортталатын газ көлемін 10 миллиард текше метрге жеткізуден жылына 2 миллиард доллардан астам таза пайда түседі. Газ экспортын екі есеге­ көбейту мемлекет басшысының транзиттік потенциалды дамыту стра­тегия­сы мен екі ел басшыларының келісі­мдері арқасында жүзеге асы­рыл­мақ. Жақында жоғары техноло­гия­лық 3 компрессорлық  станция пайдалануға  беріледі  деп  күтілуде.

Мұнай өндіру жөнінен әлемдегі  15 алпауыттың ортасындағы Қазақ­станға өткен жылы бензин мен дизель­дік отынның 30, әуе керосинінің 60 па­йызы импортталып келген. Себеп сол, қорда жеткіліксіз. Сылтау мынау, жетпей жатса көршіден ала саламыз. Ал алыс-берістің арғы көрсеткішіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Есесіне тәуелсіз сарапшылар 2025 жылға дейін әлемдік барланған мұнай қорының Қазақстандағы  үлесі 3,3-тен 5,5 па­йыз­ға­ дейін  жоғарылауы мүмкін деген болжам­  айтып  отыр.

Еліміздегі сұйытылған және ілеспе газ қолданысын дамытуда алдымен ішкі нарықты қамтып, содан кейін сыртқ­а  тасымалдауға  мән  берген  абзал­ болар  еді. Алайда  сала  дамуының  басты­ қадамын экспортқа теліп қойған  дұрыс па, бұрыс па? Ал жылдың  алғаш­қы үш  айында-ақ  елімізде  газ  экспорты­ 1,5 есеге артқан. Әлі де өсіруге болатын­ әлеует те, мүмкіндік те жоқ емес. Тек «қазанның» «қақпағын» ашпас­  бұрын кімді «тойдыру» керек­тігін  білген жөн.

 

О.МӨҢКЕ

 


ЗЫМЫРАН АПАТЫ 51 жылда 50-ге жуықтады PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.10.2018 12:04

Бағымызды сорымызға айырбастап, Байқоңырды жалға беріп, «саяси сауда алаңына» айналдырғаны­мызға биыл 24 жыл, әлі 26 жыл уақыт Ресейдің «ойын­шығына» қарап отырамыз. Өкініштісі сол, қазақ даласы­ның көгінен қара бұлт пен қою түтін арылмады­. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көкке көтерілген ресейл­ік зымырантасығыштар мен ғарыш кемелерінің сапары сәтсіздікке ұшырап, Қазақстан аумағына құлау­мен аяқталып жүргеніне 22 жыл болды. Осы жылдар ішінде 20-ға жуық зымыран апаты қазақ елінің территориясына залал келтірген. Әлі 26 жыл жалға берілген мерзім бар. Соңғысы қазан айының екінші онкүндігі  басталар  тұста  орын алды.

Ұмытсаңыздар, естеріңізге салайық, осыдан екі жыл бұрын ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау ғарыш айлағынан ұшатын «Союз» типіндегі тасымалдаушы зымыранның бөліктері түсуі үшін Қазақстаннан арнайы жер бөлінгенін және ол үшін Ресей Қазақстанға жылына 460 мың доллар төлейтінін айтқан болатын. Бір қызығы, бұл төлем зымыранның қанша бөлігі түссе де сол қалпында сақталады.

- Мұнда мәселе бөліктердің құлау траекториясының өзгеруі жайлы болып отыр. Яғни, бұрын бөліктер Жезқазған қаласының аумағына құлайтын, ал енді Ақтөбе­ облысы, Ырғыз ауданы және Қостанай облысы, Жангелді ауданының территориясына құлайды. Осы мақсатқа 63 мың гектар жер бөлініп отыр. 22 мың гектар­ Ақтөбе облысында және 41 мың гектар Қос­тана­й облысында. Бұл аймақтарға зымыран қалдықтары алдағы бір-екі жылдың көле­мінде құлай бастайтын болады, - деп «сүйінші»  жаңалығын  жалпақ жұрт­қа  жеткізген еді.

Айтқаны айдай келді, бірақ территориядан жаңылы­сып құлаған бұл жолғы «Союз» ғарыш ке­мес­інің бөл­шек­тері Жезқазған қаласынан 25 шақырым жерге түс­кен, қалған бөліктері Бал­қаш маңынан іздес­тірілуде. Ал апаттың қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіргені әлі анық­талған жоқ. Халық денсаулығына қандай зиян келтір­геніне де «қауіп жоқ» деген қо­ры­тынды шығару әдетке айналға­лы  қашан?!

- Мұнда авиациялық керосин мен оттегі қолданылған. Сондықтан, ғарыш кемесі құлады ма әлде жанармайы жанып кетті ме деген сұрақтарға тек үкіметаралық комиссияның қорытындысынан кейін ғана жауап бере аламыз. Оған екі жақтан да тиісті орындардың­ өкілдері түгел қатысады, - деп мәлімдеді ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир­ Беккер.

Ресми органдардың мәліметінше, ғарыш кемесі Байқоңырдан әуеге бағыт алған кезде­ «NASA» мен «Роскосмос» тікелей көрсетілім­де бақылап отырған. Арада 12 секунд өткенде­ жүргізуші «апат» болғанын мәлімдейді. Ал ғарышта 50-ден аса биологиялық және меди­циналық тәжірибелер өткізуі тиіс «Союз МС-10» зымыранының командирі Алексей Овчинин мен «NASA» ғарышкері Ник Хэйг ешқандай зақымсыз, капсуламен шығып үлгерген. Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына сенсек, апатқа ракетаның қапталы­ндағы төрт бөлігінің бірі бөлініп шыққанда екіншісіне соқтығысып, салда­ры­нан әуе кемесі шайқалып кеткен.

1967 жылдан бері Байқоңырдан 400-ден астам зымыран ұшырылса, соның 50-ден астамы апатқа ұшыраған. Ал 1999 жылы екі мәрте оқыс оқиға орын алғанда, Ресей Қазақстанға алғашқысында 37 млн 947 мың теңге, кейінгісінде 57 млн 249 мың теңге өтемақы төлеген. Бұл – ресми ақпарат. 2007 жылы да Жезқазған территориясына ғарыш кемесі құлап, теріскейлік көршіміз 2,5 млн теңге айыппұл төледі. Ал оны халықтың денсау­лы­ғы мен әлеуметтік қажеттіліктеріне үлес­тіріп беріп жатқан ешкім жоқ. Осыдан бес жыл бұрын 2013 жылдың жазында «Протон-М» ғарыш кемесі құлап, жүздеген гектар жерге­ 600 тоннаға тарта гептил төгіліп, қоршаған ортаға келтірген зияны 13 миллиард теңгеге бағаланды. Бұл жолы бақыр тиын да берілме­ді, бірақ Байқоңыр қолданыста. Енді міне, тағы да апат. Ал шығын төлене ме, әлде жоқ па, ол да белгісіз. Белгілісі, Ресейдің радиация­лы қоқыс полигонына айналып бара  жатқ­анымыз...

Н.ҚАРАСАЙ

 


 

Сіз  не  дейсіз?

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

қаламгер-эколог, жазушы:

«Космостың басқа залалсыз отыны болуы мүмкін емес»

- Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың апатқа ұшырауы – бізге таңылған дүние. Ресейге ғарыш айлағын жалға беру мәселесінде 25 жылдан бері халық пікірін тыңдам­аған соң, қазір ешкім ешнәрсе айтпайтын болды. «Байқоңыры» бар Қазақстан болғанша, ғарыш айлағы жоқ Швейцария сияқты ел болсақ та ешнәрсеміз кетпес еді. Бізден әлдеқайда озық технологиямен, дамыған ғылым сатыларымен өркендеп жатыр. Бұл ғарыш айлағында бізге беймәлім тірлік өте көп. Жарияланбаған оқыс оқиғалар мен айтылмай келе жатқан кішігірім апаттың қаншасы болғаны бізге белгісіз. Екі ел арасында келісім болғанымен, сол жердің заңын, халқын, халықтың мүддесін, экологиясын­ мейлінше сақтауға, құрметтеуге міндетті. Бұл шартта қаралған. Шынына келгенде Байқоңырдан техникалық, ғылыми тұрғыдан беріп жатқан пайдасы шамалы. Бұрын «Протон» құлайтын еді, қазір «Союз» да құлайтын болды. Мен ел аумағынан 100 шақырым ұзаққа құлады, 22 тонна гептил жерге төгілді деп естідім. Алайда айналып келгенде­ тағы да қазақтың жерінде орын алыпты.

- Бұл жолы гептил қолданбапты деген мәлімет тарап­ жатыр. Әуе керосині бар екен...

- Әуе керосині де айналып келгенде сол ғой. Космостың­ басқа залалсыз отыны болуы мүмкін емес. Келісімшарт бар екен деп, осыншама жөнсіздікке баруға болмайды. Меніңше, ғарыш айлағын әкету керек. Ол апатсыз болмай­ды, ел мен жерді, халықты, экологияны, түптеп келгенде халықаралық заңдылықты сақтау керек. Отыз жылға жуықтаған уақыт ішінде бір ғана Айымбетовтан басқа кім ұшты? Сондықтан «Байқоңырдың» пайдасынан зияны әлдеқайда көп деп есептеймін.

 


АДАМНЫҢ ҮШ ТҰҒЫРЫ немесе өмір де есептен тұрады PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
18.10.2018 11:57

Қазақстан Республикасы – жер көлемі жағынан, жерасты пайдалы қазба байлықтарымен, жерүсті табиғаты мен ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндігі бар, әлемге таныла бастаған ауқымды мемлекет. Шетелмен байланысы нығайып, өнеркәсібі мен өндірісі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыптасып, рухани жаңғыруды үйлестіру бағытында әрекеттер жасалуда. Өмір болған соң біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Дұрысы да, бұрысы да болады. Бұл – заңдылық. Мемлекеттік деңгейде тұжырым жасау оңай шаруа емес. Оқыған, тоқығандарымды тұжырымдап, ой бөлісіп көрейін.

Кез келген адамның үш тұғыры  болады.

1. Отбасылық тұғыр.

2. Материалдық тұғыр.

3. Рухани тұғыр.

Мемлекет отбасыдан тұратындықтан, отбасында мемлекеттің де үш тұғыры бар деуге болады. «Отбасы – шағын мемлекет» деп келдік ғой. Бүкіл тіршіліктің негізі осыдан бастау алады. Отбасының тыныс-тір­шілігі әрқалай. Аталған үш тұғыр бір-бірімен тығыз байланыста өрбитін секілді. Бірінсіз бірі болмай­ды. Математикалық тілмен үшбұрыш қатаң қозғалмайтын фигура делінеді. Отбасының мықтылығы да осы үш тұғырдың қатар өрбуінде болар. Осы үш тұғырдың қайсыбірінің кемдігінен отбасы жағдайының кемшіндігі туындайтын тәрізді. Соған сәйкес заманына лайық мақал-мәтелдер айтылған. Азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне орай әлеуметтік ахуалына сай болу орын алған. Діни әдебиеттерде адамға қатысты иманды, имансыз, өмірде бай, кедей, орташ­а, толыққанды не толыққанды емес, қуатты, әлсіз, отбас­ылы, жалғызбасты, жесір т.с.с терминдер қолданылған. Мұның барлығы да отбасылық тұғырдан бастау алып, мате­риалдық және рухани тұғырмен байланысты тіршілік етеді. Әркімнің жаратылысына, қалыптасу ұстанымына қарай әртүрлі деңгейде күй кешеді. Барлығын бірдей ету мүмкін емес. Мемлекет осы жағдайдың барлығын қалыптастыруға әрекет­ етеді. Мемлекеттің басты­ капиталы адам болғандықтан, бүкіл тіршілік сол адамның үш тұғыры негізінде дамиды.

Еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыруда атқарылатын және атқарылған жұмыс түр­лерін есепке алу керек.

1. Адам – отбасы туралы, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғарыда айтылған үш тұғыр жөніндегі жан-жақты сараланған ғылыми  негіздегі  тұжырымдар:

- адам мен отбасы үшін толыққанды тіршіліктің  өмір  ағымына  сай  үйлесім­ді­лі­гін бейнелейтін қажетті шаралар;

- адам мен отбасы үшін толыққанды өмірге лайық әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық қажеттіліктің барлық түрін қамтамасыз етерлік материалдық дүниелер жүйесі;

- адам мен отбасының отбасылық тұғыры мен материалдық тұғырын қалыптастыру үшін өмір ағымымен жаңғырту жүйесі жайлы ғылыми негізделген шаралар;

2. Адам капиталының деңгейін, құнын, салмағын әлемдік деңгейде көтеру бағытындағы іс-әрекеттер жүйесі.

Бұл – менің адамның үш тұғыры  жайлы­  өмірдегі тіршілік іс-әрекетін жинақтап­, тұжырымдаған  жеке пікірім.

Мемлекет деңгейінде атқарылатын қайсыбір жұмыс болмасын, осы адамның үш тұғырын шыңдайтын әрі сол халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін нығайтатын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды мақсат тұтатын шара болғаны маңызды. Осыған сәйкес рухани тұғырды алдын ала мақсатты, жоспарлы, жүйелі қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Адамның да, отбасының да қалыптасу ұстанымы, тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, өмірге деген көзқарасы, адами қасиеті мен рухани деңгейі әрқалай.

Алла тағала барша мақұлық үшін тір­шілік етуге лайық сезім мүшелерін берген. Діни әңгімелерде «несібені барлығына бірдей етіп шашамын, ал оны теріп жеу өзіңе  байланысты» делінеді. Қазақта амандасқанда, «мал-жаның аман ба?» деген дәстүр болған. Малы жоқ адам күйсіз деп есептелген. «Малы жоқтың күйі жоқ, күйі жоқтың үйі жоқ» деген мақал туындаған. Содан да болар, қазақ мал бағуға басымдық­ жасаған. Малдың өсіп-өнуін, күй-қоңы­ның  жақсы болуын ойлаған. Абайдың өлеңі­ндегі «... Ерте барсам жерімді жеп қояр деп, Ықтырма мен күздеуде отырар бай» деген сөздердің айтылуы соны меңзейді. Малдың жаз жайлауы мен қыс қыстауы дегендей, жайылымдық өрісі шүйгін, ішетін суы таза, жем-шөбі мол, жыл мезгіл­деріне орай жағдайы жасалса, әрине мал қоңды да, күйлі де, төлді де болып, ырыс-береке  молаяды. Мұның барлығы айтуға оңай. Қазіргі  таңда  бір  пресс  шөп –  350-500 теңге, түрлі құрама жемнің килосы­ 50-150 теңгеден болса, мал асырауға мүм­кіндік болар ма екен? Бір сиырдың азығы үшін күнделікті қажеттілік 17-20 кило жем-шөп болса, теңгеге шаққанда орташа 10-15 кг жем 1000-1500 теңгені, шөп 200-250 теңге, барлығы шамамен 1500 теңгені құрайды. Айға шаққанда 45 000 теңге шамасында болады. Бұған табыс көлемі 100 000 теңге болатын отбасы тәуекелге баруы­ мүмкін бе? Күнделікті қажетіне 1-2 литр сүт, айранды 400-500 теңгеге дүкеннен сатып алып (онда да мүмкіндік болса), пайдаланғаны тиімді емес пе? Мал бағу да, тұтыну да – есеп.

«Ораза-намаз – тоқтықта» дейді. Ораза тұтатын – адам. Ораза тұтып, намаз оқу үшін де күй керек.  Материалдық қажет­тілік адам өмірі үшін де маңызды роль атқара­ды. Отбасының материалдық жағдай­ы жан-жақты жетілген болса, оның мүшелерінің де көңіл күйі көтеріңкі болады.­ Кемшін болса, әрине пәс, қияли ойлы сезім байқалады. Бұл – өмір. Өмір тоқтамайды. Өз арнасымен алға жылжи береді. Адам қалай ілеседі, үйлеседі? Не иірімге түседі, не жағада, не қайырда қалады. Анықтау – уақыт  еншісінде.

Қандай жағдай болмасын, отбасы үшін тіршілікке сай қажетті дүниелерді топтап көрейік:

- баспана;

- коммуналдық жүйе;

- төсеніш заттар, тұрмыстық бұйымдар;

- күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері;

- киім-кешек;

- теле-радио кешені;

- рухани дүниелер, білім жүйесі;

- автокөлік не басқа көліктер;

- үй жануарлары;

- қосалқы шаруашылық;

- үй, тұрмыстық жиһаздар, т.б.

Осы аталған не қалыс қалған дүниелер үшін мемлекеттік деңгейде қаншама зауыт­, фабрика, кәсіпорын, шаруашылық жұмыс істейді. Әр адам не әр отбасы мүмкіндігіне, қажетіне қарай тұтынады. Сапасына, қолжетімділігіне мүмкіндік ескеріледі. Бұл дүниелер Қазақстанда жасалған ба, шетелден тасымалдана ма? Екеуі де болуы мүм­кін. Бірақ елімізде жасалған заттар үшін басым­дық беріліп, солардың айналымға түсуі ел үшін маңызды. Өткен ғасырдың бас жағында Германияның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халқының саны салыстырмалы түрде жақсы дамыды. Германиялықтарда немістің қағазына немістің қаламсабымен жазасың, немістің киімін киіп, немістің затын тұтынасың дегендей идеология қалыптасқан. Жеті-сегіз жыл бұрын парламент депутатымен пікірлесудің сәті түсті. «Елімізде 17-18 миллион халықты­ тіршілік үшін қажетті дүниемен ең болмаса­ 40-50 пайыз қамтамасыз ете алатын мүм­кіндік бар ма? Егер дағдарыс жағдайына тап бола қалсақ, ел қиналып қалмайды ма?» дегендей сауал қойдым. «Жаныңа не керек, қажет нәрсенің бәрі дүкенде тұрған жоқ  па? Не үшін басыңды қатырасың?» деп еді марқұм. Қандай оймен айтқанын өзі  біледі.

Жоғарыда мал бағу да, тұтыну да есеп деп едік. Сол сияқты өмір де – есеп. Адамның үш тұғыры да есепке тіреледі. Адамның, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту арқылы оның рухан­и дүниесін үйлесімді дамыта отырып, мемлекеттің жағдайын көтеретін тәріздіміз. Сондықтан әрбір адамнан бастап 18 миллион халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін отбас­ылық қажеттіліктің игерілу деңгейі, өмір сүру мүмкіндігіне сай қажетті мате­риалдық дүниелер топтамасы керек. Осы екі тұғырды әлемдік деңгейде бәсекеге қабілет­ті әрекеттер үшін қажетті рухани дүниелерді өрістету жүйесі нақтыланады. Осы қажеттіліктерден туындайтын түрлі өндіріс, өнеркәсіп салалары зауыт, фаб­рика, түрлі компаниялар мен шаруашылық, агросекторлар, индустрияның ауыр,  жеңіл түрлері, адам денсаулығын нығайту бағытындағы қажетті дүниелер т.с.с. толып жатқан дүниелердің барлығының түпкі мақсаты адамның үш тұғырының негізіне байланысты жоспарлы түрде дамиды, оны нығайтудың стратегиялық жоспарын жүзеге­  асырады. Бүкіл жүйенің, 18 млн халықтың үш тұғыры үшін жасаған іс-әрекеті есепке алынады. Өмір болған соң қателіктер болады. Жөнделеді. Нәтижесі ескері­леді. Мемлекет ішінде қай мекеме бол­масын, ол мал шаруашылығымен, болмаса­ егінмен айналыса ма, машина шығарумен, әлде ғылыммен айналыса ма, түпкі мақсат адамның отбасылық, материалдық, рухани­ тұғырынан бастау алып, соны одан әрі нығайту­  ­бағытында өрбігені дұрыс секілді. Экономикалық есеп жүргізуде, нәтижесін анықтауда басты назарға алынады. Бұл жерде мынаны ескеру керек. «Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым» деген мә­телмен екі қолға бір күрек табылар деген­ – екі бөлек ұғым. Өз күніңді өзің көр, үкіметте шаруаң болмасын десек, үкіметтің не керегі бар? Жұмыссыздықта адамның үш тұғырынан туындайтын факторлар, жетіспейтін жағдайлар бар. Жергілікті өзін-өзі басқарудың барлық іс-әрекеті (әкімдік, халық қалаулылары, ардагерлер кеңесі, комиссия, т.б.) отбасылық, материалдық, рухани тұғырды жергілікті халық санын толық  қамтитындай ұдайы дамыту, есепке­ алу бағытында болғаны жөн. Бұл үдеріс мемлекет деңгейінде жүргізілсе, бір ел, бір мақсат, бір мүдде, бір мемлекет терминдері жарасымды естіліп, үйлесімділігін нақтылай түседі.

Ескеретін мынадай жайт бар. Мемлекет – ортақ, ел – ортақ дейміз. Жер – ортақ дегенді айта алмаймыз. Жерасты, жерүсті пайдалы қазбалар, Менделеев кестесінде бар барлық элемент Қазақстанда өндіріледі. БАҚ беттерінде 10 млн халқы бар Дубайдың­ өндірген мұнайын бір Қызылорда өндіреді деген дерек бар. Басқа да кен орындары жетерлік. Оларда (Дубайда. – ред) жұмыс істейтіндердің, зейнеткерлердің жалақысы мен зейнетақысы 10-20 есе жоғары және түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Шетелде­ адам тұғырының әлеуметтік-материалдық деңгейіне ерекше мән берілген. Қазақта «Естіген құлақта жазық жоқ», «Еркек естіп ойланады» деген сөздер бар. Кен орын­дары, мұнайы, қазба байлықтары бар кей жерлердің, сондай-ақ, ауыл шаруашылығына  есептелген ауқымды жерлердің иесі айтылады. Ата заңда меншік құқығы – жекеменшік деп жазылғанымен, мемлекет ортақ болғасын байлығы да ортақ болуы керек ғой. Неге санаулы адамдардың материалдық тұғырын нығайтамыз да, көп­шілі­гін есепке алмаймыз. Республика көле­мінде осы тәріздес әрекеттер көп. Елдегі  18 миллион тұрғынның материалдық, рухан­и тұғырын арттыруға осындай мекемелерден не бөлінеді? Жалпылама есептеліп, бюджетке кете ме, басқа жаққа кете ме? Өзі Астана не басқа қалада тұрып, Қызылордада мұнай шығатын жердің иесі болады. Естігесін мысал ретінде айтып отырмын. Мұндай жағдай көп болуы мүмкін. Олар жұмысқа жергілікті адам­дарды ала қоймайды. Өз адамдарын сырттан­ аусымдық (вахталық) әдіспен жұмыс істейтіндей есеппен алады. Жеке мүддені көздейді. Жұмысқа жергілікті жерден­ қанша, сырттан қанша адам тартыл­ды?  Мұны  кім  реттейді?

Бір ел, бір мақсат, бір мүдде, бір мемлекет дегенді айттық. Егер Құмкөл кенішінде­ басшы, мәселен, шымкенттік болса, жұмысшының 70-80 пайызы шамасында сырттан, өз жерінен әкелуі сөзсіз. Сыбайластық та, жемқорлық та орын алуы мүм­кін. Бұған талдау жасалынуы қажет. Жергі­лікті жерден мамандығы болса да жұмыс­қа орналаса алмайтын жағдай болады. Орын жоқ. Жұмыссыздық туындап, адамның  үш тұғырына ықпал етеді. Тепе-тең­дік бұзылады. Қызылорданың тұрғыны жергілікті жерде жұмысқа орналаса алмай, Атырау не Маңғыстау, т.б. жерге кетуі мүмкін. Бұл да әсер етеді. Әкімшілік осындай жайттарды саралап, талдау жасау арқы­лы адамның үш тұғырын нығайтудың шараларын ұйымдастыру керек. Сол үшін мемлекеттік қызметкер керек. Мемлекет­тік қызметкер өзінше, жеке кәсіпкер өзін­ше, кәсібі жоғы өзінше, зейнеткер өзінше әрекет жасаса, одан мемлекет болмайды. Бүкіл республика бойынша Астана, облыс орталықтарынан бастап жергілікті жерлерде, алыс-жақын барлық елді мекендерде адам тұғырының үш тармағын қатар қалыптастыруға жүйелі әрекет жасасақ, нәтиже­лі жұмысқа қол жеткізуіміз анық. Әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарып, халық­тың байлығы нығайып, мемлекетіміз дами түседі деген ойдамын.

Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, сол бағытта түрлі шаралар жасалынып жатыр. Бірақ, барлығы бір-біріне байланысты кешенді жүргізуді қажет етеді. Мәселен, адам жан мен тәннен тұрады. Аурудың өзін емдегенмен, рухани әлемі емделмесе, оның жазылуы екіталай. Мен адамның үш тұғыры жайлы қысқаша ғана сипаттама бердім. Оның әрқайсысына ғылыми негізде тұжырымдама жасау шексіз. Мәңгілік десе де болады. Ел мәңгі­лік болса, ол да мәңгілік. Жеке ойымнан аздаған мағұлмат бердім. Мүмкін оқырмандардың да пікірі бар шығар. Соңғы екі-үш жылдың шамасында үштұғырлы тіл деген термин өмірге енді. Қазір бәсеңдеген сыңай­лы. Бұл – адамның рухани тұғырының бір элементі. Мемлекеттік тіл Ата заңмен бекітілген. Ата заңды құрметтеу қалай? Ол – рухани жаңғыру талабы. Жоғарыда өмірдің өзі есеп дедік. Есепке алуды ғылым дейміз. Адамның үш тұғырына байланысты­ мемлекеттік деңгейде жүргізілетін барлық шараларды жоспарлау, пайда, зиянын нақты­лау, есепке алу ғылыми негізде ұйымдастырылып, болашаққа қажетті нақт­ы ұсыныстар арқылы берілсе, жұмыс нәтижесін шамалап, іс-әрекетімізді бағамдаймыз. Статистикалық мәлімет бір басқа да, мемлекеттік деңгейде іске қосылған өндіріс орындарының ғылыми негізде пайда-зиянын, қажетті-қажетсізін саралау басқа­ нәрсе. Содан соң салыстырмалы түр­де отыз елдің ішіндеміз бе, не он бес елдің қатарындамыз ба, саралауға болады. Сол үшін Ғылым академиясының нақты тұжырымды ұсыныстары керек деп ойлаймын.

Несіпбай  КЕНТБАЕВ,

зейнеткер,  еңбек  ардагері,

Қызылорда  қаласы

 


ЖАРЫҚ ЖЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.10.2018 11:53

Жарық сөнсе, тірлік­тен мән кеткендей күй кешетін жұрт дүйсенбіден бері әбігерге түсті. Олай дейтініміз, қаланың кейбір мөлтек ауданында жарық біресе өшіп, біресе қосылып, әбден қажытты. Ұнжырғасы түсіп, атынан айырыл­ғандай кейіпке енген жұртшылық күннің суығында жылумен қоса жарық­тың да жоқ бол­ғанына ашуланды. Бұ­рынғыдай әр үйде тұратын майшам да жоқ қазір. Одан қалды теледидар, телефон, тоңазытқыштың бәрі жарықпен байланысты екендігі  белгілі. Уақытылы төлемде­рін төлеп отырса да, сағаттап жарыққа жары­маған қызылордалықтар мәселенің не үшін бұлай болғанын түсінбей даурығуда. Осыған орай біз орын алған жайт туралы мамандардан сұрас­тыр­ған  болатынбыз.

– 16 қазандағы жағдай техникалық ахуалдар нәтижесінде болған. Бүгінгі таңда Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша Сол­түс­тік-Оңтүстік электр энергиясын өткізуге (квота) шектеу енгізілгендіктен, солтүстіктен электр энергиясын ала алмауда. «KEGOC» АҚ мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта «ЖГРЭС» энергоблогын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Уақытша орын алған келеңсіздіктерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бұл ретте «Энергосервис» ЕЖШС өз тарапынан тиісті міндетін толықтай орындап отыр. Тәуліктік қажет энергияға толық көлемде тапсырыс беріліп, электр энергиясын өндіруші мекемелердің алдында төлем қарызсыз орындалуда. Көріп отырғандарыңыздай, аталған жағдай біздің құзырымыздан тыс, техникалық себептерге байланысты болған. Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде,- деді «Энергосервис» ЕШЖС мекемесінің инстаграм желісіндегі es_kzo парақшасының модераторы Еламан Меңдіқұл.

Ал қаланың кей бөліктерінде жарықтың болу себебін мамандар ол жерлерді «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің қамтамасыз етуімен түсіндірді. Бірақ оның қуаты қала аумағын толық қамтуға жетпейтін көрінеді. Сол себепті қалған электр энергиясын өндіруші мекемелерден сатып алуға мәжбүр екенбіз.

 

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ОСЫ ДА ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
18.10.2018 11:50

Халықтан “Халыққа“ хат

Құрметті «Халық» газетінің редакциясы! Осы хатым­ арқылы Сіздерге төмендегіше жағдайымды білдіремін. Мен бес баланың әкесімін. Жолдасым Бағила Құрманалиева ауылдағы №94 мектепте тарих­ пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Жалақы­сы – 100 мың теңге. Анам Айдай – зейнеткер, 36 мың теңге зейнетақы алады. Анам жиі сырқат­танып қалады. Зейнетқысы дәрі-дәрмегіне жұмсалады. Отбасымдағы бес баламның төртеуі мектепте  оқиды.

Мен екі жылдан бері ауыл мектебінде қысқы мерзімде бу қазандығының операторы болып жұмыс істедім. Осы аралықта ешқандай басшыларым тарапы­нан сын-ескертпе алғаным жоқ. Тиісті құжатым­ да бар. Жуырда ауылдағы жұмыспен қамту комиссиясының отырысы осылай шешті деп, мені бұрынғы жұмысыма қабылдамады. Себебі «әйелің мектепте жұмыс істейді, анаң пенсия алады» дейді. Ал олардың алатын ақшасы сегіз адамға бөлгенде жетпейді. Осылайша менің орныма әйелі бала­бақшада толық стажбен жұмыс істейтін адамды алды. Оның бір кішкентай баласы бар. Өзі вахтада жұмыс істейтін еді. Жұмыссыздыққа да жақында тіркелген. Мен болсам бұрыннан бері жұмыс­сыздықта тұрақты тіркеудемін. Осылайша қазір жұмыссыз қалдым. Осы да әділеттілік пе? Осы өтінішімді  газет  бетінде жариялап, мәселені тиісті орындарға  жеткізуге  ықпал  етсеңіздер  екен.

Руслан  ЕСНАЗАРОВ,

Жанқожа  батыр  ауылының  тұрғыны,

Қазалы  ауданы

 


БҰЛ ӘЛІ БАСТАМАСЫ ҒАНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
18.10.2018 11:38

Диас  БАХРАДДИН,

байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


БІЗДІҢ  АНЫҚТАМА: Диас Бахраддин қазіргі таңда Қызылорда облысы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған  мектеп-интернат-колледжінің    11-сыныбында оқиды. Байдарка және каноэде есуден ҚР спорт шебері. 2 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, күміс және бірнеше мәрте қола жүлдегері атанған. Биыл Испанияда өткен лицензиялық халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Диастың Аргентинадағы көрсеткіші мынадай болды.

Каноэ бірлік бәсекесінде сынға түскен Диас іріктеу кезеңінде мәреге екінші болып келсе, ширек финалда украиналық спортшыны артта қалдырды. Ал, жартылай финалда венгриялық спортшыдан озып, финалда өзбек спортшысынан басым түсіп, 1:54.66 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып келді.

Жалпы,  жасөспірімдер олимпиада  ойындарына  облыстан  3 спортшы қатысты. Олар: байдарка және каноэде есуден Диас Бахраддин мен Эльнура Нұрланова, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко. Жарыс қорытындысында Эльнура Нұрланова каноэ есу жарысында үздік төртікке енсе, жеңіл атлетикадан Галина Панасенко шеберлігін шыңдай түсті.

Айта кетейік, 2014 жылы дзюдодан жерлесіміз Бауыржан Жауынтаев жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы атанған болатын.

Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиада ойындары бүгін өз мәресіне жетеді. Осыған дейін қызылордалық спортшы Диас Бахраддин байдарка және каноэде есу спортынан ел құрамасы қоржынына алтын медаль салған болатын. Бұл аталмыш спорт түрінен облыс спортшыларының және ел құрамасының тарихындағы алғашқы медалі болып отыр. Мұхиттың арғы жағында жүрген жерлесімізбен және жаттықтырушысымен желі арқылы байланысып, жеңісімен құттықтап, жедел сұхбат жасауға талпынып көрген едік. Бапкері Мұхитдин Миербеков шәкіртінің жеңісіне қуанып жатқандығын айтса, жаттығу арасында біздің сұрақтарға жауап берген Диастың қарапайымдылығына риза болдық.

- Диас, жеңіс  тағы да  құтты  бол­сын­!  Қандай сезімдесіз? Ең алдымен  жарыс  туралы  айта  кетсеңіз...

- Рақмет сіздерге. Әрине, қуаныштымын! Бұл жарысқа әлемдегі 15 елдің түрлі мықты спортшы­лары жиналды. Мен олардың барлығын жеңу керектігін түсіндім. Жаттықтырушыларыммен бірге бұл жарысқа 1,5 жыл дайындалдым. Жаттығу өте ауыр болды, бірақ біз мақсатымызға жеттік. Маған жүктелген тапсырма олимпиада алтынын алу болатын.

- Аталмыш спорт түріне қалай тап болдыңыз?

- Мені анам 12 жасымда Тасбөгет кентіндегі №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандан­дырылған  балалар-жасөспірімдер мектебіне оқуға берді. Онда мен Мұхитдин Миербеков, Диана Хазиев­а секілді білікті жаттық­тырушылардың қоластында тәр­биелендім,  шынықтым.

- Сіздің  жетістігіңіз – байдарка және каноэде есуден Қызылорда облыс­ы және Қазақстан Республикасы спорты тарихындағы алғашқы медаль. Жеңісіңізді кімге арнайсыз?

- Бұл медальді ең бірінші ата-анама және бапкерлерім Диана Геннадиевна мен Мұхитдин Хамитұлы­на  арнаймын. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының   200 жылдығына  тартуым  болсын.

- Жалпы, Сыр  өңіріндегі  атал­ған  спорт түрінің  даму  көрсеткіші  туралы­  ойыңызд­ы  білсек...

- Бұл спорт түрінің біздің өңірі­мізде ашылғанына 5 жылдай уақыт болды. Өте қызық спорт дер едім. Егер оған қатысқан әр спортшы кәсіби түрде айналысса, сезінсе, көптеген жетістікке жетеді. Осындай аз уақыт ішінде Қызылорда облысында Азия ойындарының, әлем чемпионатының жүлдегерлері пайда болды және енді олимпиада чемпионы да бар.

- Бәрекелді, Диас! Аргентиналықтардың, жергілікті халықтың байдарка  және  каноэде  есу  спортына деген  көзқарасы  қандай  екен?

- Аргентинада бұл спорт түрі жақсы дамыған. Жарысқа да қа­тысты әрі жеңісіне сенімді болды. Халқы­ қолдады. Жарыс соңында бізді жай қатысушы деп емес, қазақтардың да өте мықты екеніне көз  жеткізді.

- Сізге Сыр елі, Қазақ елі сенеді.

- Сенімдеріңізге көп-көп рақмет! Әлі де көптеген жетістіктерге жетемін. Бұл бастамасы ғана.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 

P.S. Сұхбаттан кейін ұялы телефоныма Диастан хат келді. Ашып қарасам, “Менің қазір жаттығуға баруым­ керек. Мені жаттықтырушым күтіп отыр” деп жазып жібе­ріпті. “Мақұл, кедергі  келтірмейін” дедім  мен.

 


ҚАРМАҚШЫ – ЕЛДІК пен ЕРЛІК МЕКЕНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.10.2018 11:24

Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатының бір бөлігін құрап жатыр. Замана алмасқан сайын ұлттар мен ұлыстарға астана болып, қағанаттардың туы тігілген қоныс баршағ­а құнды жәдігерлерімен таныс. Мәңгілік өмір іздеген ойшыл, тұтас түркі жұртының көсемі Қорқыт бабамыз­ да осында тұрақтапты. Ал қайсарлығымен тарих беттерінде аты алтынмен жазылған Тұмар ханша, дұшпанын адастырып, халқына жаңа өмір сыйлаған ержүрек Шырақ та Қармақ­шы топырағының тумасы. Осындай  жауынгер  жұрттың, талант­ты­  жыраул­ардың  өңірінде  ұлы думан.

Қармақшы ауданының құрыл­ғанына биыл 90 жыл. Тұранның төрінде орналас­қан киелі мекеннің жұрты тағылымды тойды­ кең көлемде атап өтті. Ауданға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы­ барып, айтулы күнмен тұр­ғындарды  құттықтады.

Шара шымылдығы Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешенінде ашылды. Алдымен мал сойылып, аруақ­тарға құран бағышталды. Мұнан кейін театрландырылған қойылым көрсетіліп, Қорқыт бабамыздың өмірінен қысқаша үзінді келтірілді. Келісті сәулетімен көзге түсетін кешен бұл күні ерекше құлпыра түскендей. Сыртында тізіліп бес қаруы сай батырлар қорғап тұр. Жел тұрған сайын қобыздың қоңыр үні құлаққа келеді. Бір сәт оғыз заманына өтіп кеткендей еді көпшілік. Амфитеатрда жыршылар жыр айтып, әншілер тамылжыта ән шырқап, Қармақшы аспанында қобызбен қоса домбыра күмбірі қалықтады. Ауа райының салқындығы той тойлауға келген бұқараны тоңдыра­ алмады. Қайта мерекелік көңіл күйі көтеріле  түскендей.

Салтанатты шара аудан орталығы Жосалы кентінде жалғасты. Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде «Қармақшы – елдік пен ерлік мекені!» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, ғылыми, рухани парасат-пайым деңгейінде ой қозғалды. Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жұртшылыққа жүрекжарды лебізін білдірді.

- Құрметті зиялы қауым, барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт ата мекені, адамзаттың айға ұшар арманын орындаған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан қасиетті Қармақшы ауданының 90 жылдық мерей­тойына қош келдіңіздер! Ұлы Жібек жолы бойында Батыс пен Шығыс өркение­тін тоғыстырып, адамзатты құндылықтармен насихаттауда Қармақшы өңірі ерте дәуірлерден мәдени,­ рухани мұралардың, ізгілік пен парасаттың бесігі болып келеді. Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі, Сақтардың Ордасы болған Шірік-Рабат­ шаһары осы киелі топырақтағы ежелгі мәдениеттің дәлелі емес пе? «Сыр елі – жыр елі» деген ұғымды Сыр еліне мәңгі қалыптастырған да – осы Қармақшы жұрты. Сондықтан да жырдың  бастауын Қорқыт бабадан алған, талайды таңдай қақтырған Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы, жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Атап айтқанда, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін қалап, Кете Жүсіп, Шораяқ­тың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуовтың күмбезін көтерген жыр керуені  Қармақшы  жерінің «Жүз шайыр­ елі» аталуына себеп болды. Дарын­дылар туған елдің бүгінгі мерейтойы құтты   болсын! Аймақ  тарихында алты­н әріппен жазылар тағылымды  оқиғалар көп болсын. Елбасының  сараб­дал саясатын іске асыруда қармақ­шылықтар жаңа ізде­ніс, жаңа жетістіктермен көзге түсе берсін, - деп құттықтауын  жеткізді.

Осындай қасиетті топырақта дүние­ге келген жыршы, жыраулары, дулығалы батырлары, дуалы ауыз билер­і мен еңбек ерлері, тәуелсіздік жылдарында қол  жеткізген жетістіктері туралы кітап шыққан болатын. Конференция барысында сол кітаптың тұсауы кесілді. Қорқыт ата атындағы  ҚМУ-дың бір топ ғалымдарының еселі еңбегінің, тынымсыз ізденіс­терінің арқасында шыққан еңбек турасы­нда кітаптың ақылдастар алқасының жетекшісі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Қорқыттану және өлке тарих­ы ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының  докторы, профессор  Бағдат  Кәрі­бозұлы тарқатты.

- Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың тарихшы, әдебиетші бір топ ғалым­дары «Менің Отаным – Қазақстан» серия­сы бойынша Қармақшы ауданы туралы кітап жазуды өткен жылы бастағ­анбыз. Бір жылда осы кітапты жарыққа шығардық. Бұған дейін облыс­тың 4 ауданы және Қызылорда қаласы туралы кітап шығарылды. Әрбір қазақ, қазақстандық өзінің туған­ жері, елі туралы білуі керек. Туған жері туралы біліп өсу – әр азаматтың парызы. «Менің Отаным» сериясы бойынша шығып жатқан кітаптар еліміздегі барлық облыстық кітапханаларға таратыл­ады. Солтүстік Қазақстанның қазағы Оңтүстік Қазақстанда ұлттың тарихына қатысты қандай тарихи жәдігерлер бар, оның маңызы қандай, қалай зерттеліп жатыр, қандай археологиялық экспедициялар жұмыс істеп жатыр, нәтижесі қандай екенін білуі керек. Яғни, еліміздің барлық бөлігі тарихымыздан хабардар болуы тиіс. Бұл тұжырымдаманың авторлары – еліміздің ардақты азаматтары Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғарин. Бұл кітаптар бүгінгі ұрпақты отан­сүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды деп ойлаймын. Кітап 5 бөлімнен тұрады. Ғалымдардың айтуынша, әлемдік өркениеттің екінші ошағы Сыр мен Әмудің ортасындағы Тұран ойпатында­ жасалған. Яғни, түрік өркениеті. Біз сол  өркениетті  жалғастырушылармыз, - деді Б.Кәрібозұлы.

Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, Қармақшы ауданының құрметті азаматтары Бақберген Досмамбетов, профессор Темірхан Тебегенов, жырау Алмас  Алматов  баян­дама  жасады.

Мұнан соң облыс әкімі Қ.Көшербаев аудандағы Т.Көмекбаев, Иіркөл, Қуаңдария ауылдық округтерінің шаруаш­ылықтарына көгалдандыру жұмыстарына арналған трактордың кілтін  табыстады.

Түстен кейін дүлдүл ақындардың сөз  барымтасы басталды. Ақын, қазақ айтысының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Жүрсін Ерман бастаған жүйріктер шаршы топта бақ сынасты. Айтысқа аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев келіп, айтыскерлердің бағы мен бабының қатар шабуын  тілеп  сөз  бастады.

Алғашқы жұп – Сырым Әділбеков пен Рүстем Қайыртайұлы. Қармақшылық Сырым туған жұртын қуанышты күнімен  құттықтады.

«Жырласам, көңілімді мұң баспайды,

Айтқан сөзім қалайша шыңға аспайды.

Алғаш боп алдарыңа келіп тұрмыз,

Ақындар енді неге жармаспайды.

Осы ауылдың баласы болғаннан соң

Айтысты мен бастамай кім бас­тай­ды?»,- деп шырқаған  ол  жырдың тиегін­ ағытып, туған жері Қармақшының тағыл­ымды тарихын ұлықтады. Жас жігіттердің арасында жарасымды қалжың айтылд­ы. Соның бірі Рүстем Қайыртай «туған еліңе келіп мал бақпайсың ба?» деген сарында сұрақ қойды. Оған шаппа-шап жауап берген Сырым «төрт жыл бойы оқыған дипломды төрт түлік бағу үшін алмаймын»  деп  әзілмен  жауап  қайтарды.

Екінші болып айтыс аламанына Айдос Рахметов пен Оразхан Сейілхан шықты. Қос шайырда екеуара­ диалогтан гөрі бірінің туған жерін мақтап, жыр айтуы­ көбірек болды. Нұрмат Мансұров пен Эльдар Ықсановтың айтысы жиылған жұртшылық үшін қызық болған сияқты. Айтысты алтын балық ұстап алып, оған тілегімді айттым деп бастаған Эльдар соңында Нұрматтың өткір әзіліне тап болды. Одан соң Аруна Керімбек пен Ержеңіс Әбді қыз бен жігіттің  айтысын көрсетті. Ержеңіс Қармақшыдай киелі жерге келін бол деп ұсыныс тастаса, алғашында­ келін болмайтынын кесіп айтқан Аруна соңғы жағын­да  жібіп сала берді. Осылайша дарынды ақындар­дың сөз додасы қыза түсті. Жиналған халық қайсысы оза шабар деп аңдысын аңдып отырғанда, Мұхтар Ниязов пен Мақсат Ақанов сахна төрінен көрінді. Осыған дейінгі айтыстарда кіл қыз балалармен ғана айтысып жүрген қарағандылық Мақсатқа­ Мұхтар «айтыстың гинекологы» деп ат беріп, уытты­ әзілімен түйреді. Оған қарсы Мақсат «емделуге өз әйеліңді ала келесің бе?» деген сарында сауал қойды. «Саған әйелімді апарғанша, арам өлсін» деп елді қыран-топан күлкіге қарық қылған Мұхтар ары қарай елдегі саяси жағдайларды сөз етіп, тәуелсіз еліміздің жетістіктерін жырға қосты. Қос ақынның шаппа-шап өнеріне тәнті болған халық жиі-жиі шапалақ ұрып, оларды қолдап отырды.

Осылайша Қармақшының 90 жылдық торқалы тойына келген жұртшылық айтыс өнерімен сусындап, көңілдері марқайып қалды. Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда. Сөз барымтасы барысында шешенд­ік сөздері мен әдемі ұйқасына, қарсыласына­ тұтқиылдан сауал тастап, сәйкесінше өзі де ұтымды жауап қайтарып отырған мықтыны ел көріп отыр. Қазылардың шешімімен, айтыстың бас жүлдесін, жеңіл автокөлікті адуынды ақын Мұхтар Ниязов қанжығасына байлады. Бірінші орын, 1 миллион теңгені Сырым Әділбеков жеңіп алса, екінші орын, 700 мың теңгені Аруна Керімбек еншіледі. Ал үшінші орын, 500 000 теңге Эльдар Ихсановқа бұйырды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлығы­, 200 мың теңге тарту етілді. Осылайша айтыст­ың туын көтеріп, ежелгі өнерімізді тағы бір ұлықтаған дарабоз ақындардың ел алдында мәртебесі биіктей түсті.

Аламан айтыс аяқталысымен ақын Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклі қойылды. Н.Бекежа­нов атындағы драма театрдың актерлері сомдаған образ, қойылым өте жоғары дейгейде өтті. Қорқыттың өмір жолын айқын суреттеген актерлер таланттылығын тағы бір дәлелдегендей. Қойылым соңында Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашев бұқараның алдына шығып, мерейтоймен баршаны құттықтап, алғаусыз тілегін жеткізді.

Мұнан соң кезек ұлттық ойындарымызға келді. Аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен  спорт сайысына 70-ке жуық спортшы қатысты­. Қол күрес, гір көтеру, түйе балуан сайыстары бойынша күш сынасқан олар жеңімпаз бен үздік­тердің өнеріне куә болды. Түйе  балуан сайысыны­ң нәтижесі бойынша 66 келілік салмақта бірінші орынды Арман Жалғасбекұлы ұтып алды. Ал 80 кел­лік  салмақта  Әсет  Әбдіреевтің  бағы жанып­,  бірінші  орынды жеңіп алды. Қол күресінен Талғат  Қанаев  мықтылығын  дәлелдеп, бірінші орын алса, гір тасын­ көтеруден Ермек Фазлиев жеңісті қолдан бермеді. Дүбірлі ат жарысына ұзын саны 30-ға жуық жүйріктер қатысты. Сайын даланы тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен қатысушы­лардың ешқайсысы да осал болмады. Қызылорда, Тараз, Шиелі, Арал, Сырдария, Жалағаштан арнайы келіп бақ сынасты. Нәтижес­інде құнан бәйге бойынш­а бірінші орынды­ (300 мың теңге) қызылорд­алық Ақтай Әділет жеңіп алды.  Екінші орынды (200 мың теңге) қызыл­ордалық­ Бауыржан Әубә­кіров­ алса, үшінші орын (200 мың теңге) жалағашт­ық Дамир Даниярға бұйырды­. Аламан  бәйге бойынш­а қарсыластарынан оқ бойы оза шауып­, алғашқ­ы болып­ келген шиеліл­ік Ақтай Әділетұлы бірінші орынды (500 мың теңге) иеленді. Екінші орынды (300 мың теңге) қызылордал­ық Нұрғиса  Тұрсынбай, үшінші  орынды (200 мың теңге)­  аралдық  Ержас  Ақжанов  еншіледі.

Мерекелік шаралар легі Орталық алаңда жал­ғасты.­ Қазақ эстрадасының жұлдызы Жұбаныш Жексен, Айбек Қоңырбай, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар қатысқан концертті аудан жұртшылығы сүйсіне  тамашалады.

- Қармақшымыздың туған күнімен барша тұр­ғындарды құттықтаймын. Бүгінгі салтанатты шаралар­ға куә болып жатырмыз. Ұнады. Ұйым­дастырушыларға рақмет. Ауданымыздың аты әрқашан­  асқақтай берсін, - деп тілегін айтты аудан тұрғыны  Гүлжаһан  Нұржанова.

Осылайша салтанаты асқан, мейманасы тасыған шырайлы мекен Қармақшының тойы ән мен биге ұласқан концертпен тамамдалды. От шашулар шашылы­п, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады­. Қойнауы құпияға, тылсымы талай тарихи оқиғаларға толы Тұран ойпатының бүгінгі бет-бейнесі­ – Қармақшының  тарихи даталары мұныме­н  толастамақ  емес.

 

Жазира  ҚОЙШЫБЕКОВА

 


Шаттығы шалқыған Шиелі PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.10.2018 10:48

Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның куәсі болған байырғы өлке. Шығысында алты Алашқа әйгілі Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене сұғынып, етегін жайып, баурайы­н берген қарт Қаратау жатыр. Одан ары Арқадан бастау алып Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені бар. Талай тарихи оқиғаның куәсі, әдеби шығарманың өзегі болған атақты “Телікөлді” де осы өңірден табасыз. Батысы облыс орталығының шекарасына иек артқа­н, түстігінде  ізің  әдепкіде  сайрағанымен, ізінше ғайып  болатын­ Қызылқұм да  төбе көрсетеді.

Мінеки, ертегідегі Ертөстіктей күн сайын жетілген, уақыт өткен сайын өскен өңірдің осындай таңғажайыптары бар. 1928 жылдың қыркүйек­  айында құрылған ауданның биыл 90 жылдығы жыл көлемінде тойланып  келеді. Өткен  аптада  даңғайыр  диқандардың  ала  жаздай  теккен  төрі, есіл еңбегі  ақталатын “Алтын күз – 2018” мерекесі  мен  ауданның  торқалы  тойы қатар  тойланды.­

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖАДЫРАТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

Шиелідегі шаттық тойы ауылшаруашылық өнім­дерінің жәрмеңкесімен басталды. Жиырма екі ауылдық округ­тің шаруалары өзде­рінің өнімдерін аудан халқын­а тиімді бағада ұсынды. Яғни, жәрмеңкеде жер­гілікті ауыл шаруашылығы тауарлары өзге сауда орын­дарынан 20 пайызға арзан­датылған бағам­ен саудаға қойылды. Жалпы, Шиелі – ауыл шаруа­шылығы қар­қынды дамығ­ан  ауданның  бірі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған­ Жолдауында: “Агроөне­ркәсіп кешенінің әлеуе­тін толық іске асыру керек­. Негізгі міндет – еңбек өнім­ділігін және қайта өңделген ауыл  шаруашылығы  өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту”, - деп атап көрсеткен болатын. Әлбетте, Қа­зақстанның агроөнер­кәсіп кешенінің болашағы зор. Еңбектеген кезінен ең­бек­тенсе, егіншінің ұлы да, етікшінің ұлы да аш қал­майды. Өйткені, әуелгісіне ен дала ерекше өнім, кейін­гісіне сарқылмас төзім береді. Бүгінде ала жаздай тер төк­кен шаруалар бейнетінің зейнетін  көріп  отыр.

ЕҢБЕК   ОЗАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

“Алтын күз – 2018” мерекесінің жалғасы театрландырылған қойылым, ауыл шаруа­шылығы озаттарын марапа­ттау шарасына ұласты. Шиелінің ауыл шаруашылы­ғы саласының еңбеккерлері биылғы тойға жарқын жүзбен келді. Мұның себебі, аудан үшін агроөнеркәсіптік саланың барлығында нәтижелі, табысты жыл саналып отыр. Диқандар мен малшылар азық-түлік өнімдерін өнді­ру­ді еселей түсті. Аудан орталығындағы Иманжүсіп Құт­панұлы атындағы орталық стадионда өткізілген жыл қорытындысына жиналған жұртшылықтың қатары қа­лың  болды.

Шарада диқандар мен малшылардың биылғы табанды еңбегінің қорытын­дысы сараланып, қол жет­кізген табысы мен жетіс­тіктері жиналғандардың назарына­ ұсынылды. Мерейлі мерекеге арнай­ы келген облыс әкімі­нің орын­басары Серік Са­лауатұлы “Алтын күз” мерекесімен және Шиелі ауданының  90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, Шиелі  ауданының  аграрлық салада  атқарған  жұмыс­тарына жақсы  баға  берді.

Мереке барысында сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауданның еңбек озаттарына сый-сияпат жасаса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жиналған жұрт­шылыққа концерттік бағ­дарлама  ұсынды.

 

“ШИЕЛІ  ШЕЖІРЕСІ” ЖАРЫҚҚА  ШЫҚТЫ

Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына арнал­ған “Шиелі шежіресі” деп аталатын кітаптың тұсау­кесері де өтті. Астана қаласындағы “Фолиант” баспасынан 1000 данамен басылып шыққан кітапта 1928-2018 жылдар  аралығындағы Шиелі ауданының тұрмыс-тір­шілігі, жеткен жетіс­тіктері, тұлғалары  қамтыл­ған.

Мерейтойлық кітаптың авторлар ұжымында Қазақстанның мәдениет қайраткері, журналист Ақайдар Ысым­ұлы, “Қазақ тілі” қоғамдық бірлестігінің Шиелі аудандық филиа­лының төрағасы Өркен Исмайл, сатирик, журналист, аймақтық “Шарайна-Сейхун”  газетінің  бас редак­торы  Нұрмахан  Елтай, облыстық “Кызылординские вести” га­зеті­нің Шиелі, Жаңақор­ған  аудандарының меншікті тіл­шісі Махсұт Ибраш­ев, Шиелі аудандық “Өскен өңір” газетін­ің бас редакторы Нұрболат Пірім­беттер  бар.

Кітап негізінен анық­тамалық ретінде, танымдық бағытта құрастырылған. Кітаптағы аты аңызға айналған батырлар мен еңбек ерле­рі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Мерейтойлық кітап арқылы Шиелі ауданының тарихы таразыланып, өткені түгенделіп, кейінгі ұрпаққа тарту етілді десек те болады.

 

КӨҢІЛГЕ  ҚОНЫМДЫ КІТАП  КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Мерейтойға арналған “Шиелі шежіресі” кітабының тұсаукесерінен соң, конференциясы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Әнес Сарай, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Дос­мұхамед Кішібеков, журналист, қоғам қайраткері Әбді­жәлел Бәкір, тарих ғылым­дарының докторы, профессор, Шиелі ауданының “Құр­метті азаматы” Мадияр Елеуов,­ жазушы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жерлесіміз Ақайдар Ысым­ұлы, еңбек ардагері мен зиялылар және жастар қатысты.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлі­баевтың Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына және “Алтын күз” мерекесіне­ құттықтауын Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Алмасбек Есмаханов  оқып  берді.

Сонымен қатар, Ы.Жақаев ауылындағы №149 мектеп алды­на ұлағатты ұстаз Әлиакбар Сағындықұлының бюс­тінің ашылу салтанаты өтті. Шара ғылыми-танымдық конференциямен  жалғасып, мектепке  тұлғаның  аты  беріл­ді.

 

ШИЕЛІЛІК   ШАЙЫРЛАРДЫҢ  ШАШУЫ

Шаттығы шалқыған өңір­дегі той “Асылдар туған, шежіре тұнған – Шиелі” атты ақындар айтысымен жалғасты. Аудандық “Салтанат сарай­ында” өткізілген сөз сайысында Иранғайып Күзенбаев, Мейірбек Сұл­танхан, Талғат Күзенбаев, Кенжебай Жүсіп, Інжу Таспамбетова, Еркін Садықұлы, Ержан Әмір, Мейірбек Ибраги­мов, Бекжан Ержігіт, Шыңғыс Құдайберген сынды ақындар айтыс көркін қыздырды. Бір қызығы, бұл ақындардың  барлығы  Шиелі шығарған  шайырлар  еді.

Шиелі топырағының сыбағ­алы дәстүрін Бұдабай, Иманжүсіп, Нартай, Махамбетқали сынды дүлдүлдер салған­ өнер соқпағының ұрпақтан ұрпаққа ұласып, өнер-өзен ағысын жоғалт­пағанын айғақтап, жұртшылыққа таныстыруды мақсат еткен сөз барымтасы өз деңгейінде өтті. Айтысқа қатысқан 10 ақын елдің кешегісі мен бүгінін, ауданның жетіс­тіктерін жарыса жырлады. Айтыстың тағы бір ерекше­лі­гі, ақындар ешқандай жүл­де үшін таласқан жоқ. Елбасы жолдауынан туындайтын “Туған жерге тағзым” жобасын жүзеге асыруға талаптанып, өзара мерейтойлық айтыс жасады. Кешкісін орталық стадионда эстрада жұл­дыздарының қатысуымен гала концерт өтіп, мерекелік от шашумен қорытындыланды.

Төл  тарихымыздың  алтын  тамыры саналған, аттары аңызға  айналған  жеті  әулие – Оқшы  ата, Асан  ата, Есабыз  әулие, Ғайып  ата, Қыш  ата, Қабыл ата, Кітап  ата  осы қасиетті  топырақтан  мәңгілік  мекенін  тапқан. Халқыма жайлы  болсын деп  Жерұйық іздеген  Асан  Қайғы бабамыздың  да  бейіті осы өлкеде. Бабаның жаны жай таппаса, осы  мекенді мәңгілік тұрағы етер ме еді, кім білсін!? Шиелі киелі, қасиетті  топырақ  болмаса, Мейірбек  ақын  айтқандай, бір  миллиард  Қытайда  жоқ 40 батыр бір ғана Шиелінің  ауылында  болар  ма  еді? Он  ғасыр алыптарының бесеуін берген бай бесік саналар  ма еді? Міне, осындай  алыптарды  тудырған  ауданның   90  жылдық  торқалы  тойы  өз деңгейінде  атап  өтілді. Байқағанымыз, аста-төк, ысырап, дарақылық  пен даңғазалық  болмаған  секілді. Жұп-жұмыр,  жинақы. Бастысы, аудан  халқы  мерекелік  көңіл  күйді  сезіне алды.

Рыскелді   ЖАХМАН

Қызылорда-Шиелі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары