Өзекті мәселелер

  • 13.06.19

    Ежелден халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болып келді және бұл бағытта жас ұрпақтың болашағына берік байлам жасалды. Әсіресе, дарабоз қарттарымыздың даналық ойы, салиқалы сөз саптау үлгісі, өмір белес­терінен  көрген-білгенін, ғибратты әңгімелерін  тәрбие құралына айнал­дырып, одан жақсылыққа ұмтылу, ынтымақ­қа ықылас қою, бауырмалдық қасиетк­е бет бұру секілді тағылымның түрлі ө...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанған адамның алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіні белгілі. Дәрігердің ауырған жерін тәптіштеп сұраса, көпшіліктің дертінен айыққандай күй кешетіні тағы бар. Алайда «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Көбісі ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдай мен оқиғаны бастан кешетінінен бейхабар. Бұған...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Тоқсаныншы  жылдардығы тоқырау көптің есінде ғой. Жоспарлы экономикадан нарықт­ық экононмикаға бет бұрып, жаңа белесті бағын­дыруға бой түзедік. Бұқара бұған бірден үйрене қойған жоқ. Әркім «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Ал отба­сы ошақ қасында болған әйелдер ала  дорбасын асынып, көшеге шықты. Сауда-сат­тықпен айналысты. Ал еркек­ кіндіктің кейбірі көше кезіп кетсе, енді бірі арақ-ша...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    «Бірінші байлық – денсаулық». «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттаған бойда осы аталы сөз ойға оралды. Жоқ, басқаша ойлап­ қалмаңыз. Ауладағы самал желмен­ тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан тіршілік нәрі, баршасы мұнда шаруасына мығым ие...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Әдетте, футболда көбінесе шабуылшылар­ға аса мән береді. Алайда­ команданың жеңуіне қақпашылардың үлесі зор екенін бірі білсе, бірі білмес. Үздік қақпашы найзағайдай жылдам реакц­иясымен, болаттай төзімді жүйкесімен және де дұрыс позиция таңдай білетін ақылымен командасына сеп­ті­гін тигізеді. Әсіресе, ойын тағдыры шешіле­тін «пенальти» секілді шиеленісті ойын кезін­де­ қақпасын голдан қор­ғап,...

    Толығырақ...
Қазан 2018

МЕРЗІМІН КҮТПЕГЕН МЕРЕЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.11.2018 10:12

Футболдан ел біріншілігінің 31-туры өз мәресіне жетті. Алда әлі екі тур болса да, ҚПЛ-дің жүлдегерлері белгілі болды. Әдеттегідей “Астана” 71 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орынға 61 ұпаймен Алматының “Қайраты” жайғасқан. Яғни, “Астана” алдағы екі ойында жеңілсе де, “Қайрат” чемпиондықты тартып ала алмайды. Сондай-ақ, “Тобыл” биылғы жылдың қола жүлдегері атанып отыр. 50 ұпай жинаған қостанайлық команданың өзінен бір саты жоғары тұрған “Қайратқа” жете алмасы анық.

Айтпақшы, “Тобыл” араға жеті жыл салып, алғаш рет жүлдеге ілігіп отыр. Олар соңғы рет 2010 жылғы чемпионатта бас жүлдені иеленген болатын. Содан бері алғаш рет қола жүлде иеленіп, үздік үштіктің қатарына кірді. Төртінші орындағы  42 ұпайы бар “Ақтөбеге” де “Тобылға” жету арман болып тұр. Осылайша, үздік үштік біріншілік аяқталмай-ақ белгілі болды. Қызықсыздау секілді. Тартысты ойын 4-орын үшін таласта болмақ. Өйткені, 5-6-орындарға  40 ұпаймен “Жетісу”, “Ордабасы” клубтары иелік етсе, 39 ұпай еншілеген “Қайсар” жетінші орында тұр. Мінеки, тартыс осы командалар арасында өрбиді. Төртінші орын алған команда еурокубоктік ойындарда бақ сынайтыны баршаға мәлім. Сонымен қатар, “Атырау”, “Ертіс”, “Қызылжар”, “Ақжайық”, “Шахтер” секілді командалар ҚПЛ-ден шығып қалмау үшін жанталасатын болады. “Оқжетпес” пен “Тараз” бірінші лигадан премьер-лигаға жолдамасын алып, тас түйін дайындықпен отыр.

“Қайсар” 3 қараша күні Талдықорғанның “Жетісуын” өз алаңында қабылдайды. Бұл – осы маусымдағы “қасқырлардың” үйде өткізетін соңғы ойыны. Ал, биылғы ел чемпионатындағы қорытынды ойыны 11 қарашада “Ақтөбеге” қарсы өтеді. Естеріңізде болса, 2-айналымның аяғында да “Қайсар” “Ақтөбеге” аттанған еді.

31-турда сырбойылық клуб Оралға қонаққа барған болатын. Ауадай керек үш ұпай үшін жерлестеріміз “Ақжайықты” 0:4 есебімен тас-талқан етті. Былтыр да дәл осы турда “Атырауды” 4:1 есебімен өз алаңында ойсырата жеңген-ді. Жалпы, гол соғуға шорқақ келетін “Қайсардың” 31-турда ашыла түсетіні бар ғой дейміз. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында “Қайсардың” бас бапкері Стойчо Младенов: “Біз өте жақсы ойнадық. Сырт алаңда төрт гол соғып, жеңіске жету күнде бола бермейді. Мен қуаныштымын, ризамын. Жігіттерге рақмет! Енді келесі ойынға тыңғылықты дайындалу керек”, - деді.

Жалпы, 31-тур ойындарын алаң жиегінен 18000 көрермен тамашалаған. Ең аз көрермен жинаған “Ақжайық” пен “Қайсар” арасындағы ойын болып отыр. Матчқа небәрі 1000 көрермен келген. Ел біріншілігіне қатысты мына бір қызықты ақпаратты да жазғанды жөн санадық. “Астана” футбол клубы сапындағы Юрий Логвиненко Қазақстан премьер-лигасының 7-ші рет чемпионы атанып, премьер-лиганы ең көп жеңіп алған Андрей Богомоловпен теңесті. (7 рет, мансабын аяқтаған). “Ақтөбе” сапында  4 рет (2007, 2008, 2009, 2013), “Астана” сапында 3 рет (2016, 2017, 2018).

ҚПЛ сұрмергендері арасында 10 гол соққан “Қайсардың” шабуылшысы Братислав Пунощевац та бар. Көш басында 18 голды өз атына жазған “Ақтөбенің” ойыншысы Маркос Пиззелли келе жатыр.

 

“Қайсар”  сапындағы  гол  авторлары:

Курьор – 7 (1);

Пуношевац – 6;

Асхат Тағыберген – 5 (4);

Володимир Аржанов – 3 (1);

Франк Джа Джедже – 2;

Абдель Азиз Ламанж – 2;

Думан Нәрзілдаев – 2;

Тоқтар Жаңғылышбай – 1;

Марк Гурман – 1;

Мақсат Байжанов – 1;

Александр Марочкин – 1;

Игорь Зенькович – 1.

 

Кубоктік  ойындарда  салынған  голдар:

 

Тоқтар Жаңғылышбай – 1;

Валерий Коробкин – 1;

Франк Джа Джедже – 1.

 


ШУАҚТЫ ЖЫРЛАР, ШЫРАЙЛЫ ШУМАҚТАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:00

Қазақ поэзиясы қашанда өсу, өркендеу үстінде. Қандай заманның тұсында да ол өзінің жедел жүрісінен жаңылған жоқ. Сондықтан да оны аға буын ақындарымыздың бірі айдай нұрлы, күндей жарық, таудай асқақ, далада­й дарқан деп бағалаған болатын.

Егер ұлттық поэзиямызды алып ақ айдынға теңесек, оған жан-жақтан құйып жатқан мөл­дір бұлақтар қаншама. Шүкір, Сыр бойында да өлеңін өмірім деп бағалаған қабілет-қарымы мықты жас та, жасамыс та қалам иелері аз емес. Солардың бірі – ұстаз ақын Ерғали Абдулла сияқты­ елгезек інім. Сатирада сойылы, өлеңде ойы мықты азамат. Ара-тұра мөлдіретіп моншақтай-моншақтай мөлтек әңгі­мелер жазудың да хас шебері. Жазғандары әр жылдары төрт-бес жинақ болып оқырмандарын ойлы дүние қатарында қуант­қанын да білеміз. Сонан бері қаламы жүйрік інімізге тілектес, ниет­тес болып жүрген жайымыз бар.

Өткен жылы автордың баспадан «Өмірімнің өлеңдері» деген атпен кезекті жыр кітабы жарық көрген. Соған пікір жазып, қолдау көрсетудің сәті бүгін түскен сияқты. «Ештен кеш жақсы» деген­дей. Бала жастан өлең өрнектеуге әуес болған бір кездегі Ерғалиды қазір өзіне тән айтар ойы айшықты, ақ қағазға түскен жыры салмақты ақын десек те болады. Осы кітапқа енген­ «Тоба ету» өлеңіндегі төрт жол оның ақындық кредосы іспеттес.

Ұлдарым, қыздарым – орманым,

Ар үшін, жар үшін жолдамын.

Адалдық ақ дәні – сепкенім,

Асыл ой – ақ бидай – орғаным.

(«Тоба ету», 3-бет)

Алдымен туған жеріне ақын қарыздар. Қаршадайдан өзі туып-өскен Арал топырағын, оның талай­ы тағдырын жырлауда Ерғали­ ақынның «темір таяғы инедей, темір етігі тебендей» болғаны анық. Бұл осы жинақтың қай бетін ашсаң да көзіңе жылыұшырай көрінетін сурет.

Тұңғиық түбі балдыр-ды,

Жайынға ұйық салдырды.

Жағада аққу, бірқазан,

Құлақтың күйін қандырды.

 

Оттан бір түспей қазаны,

Балықшы болған мазалы.

Құлаштай мұрты шаншылып,

Тулаған тайдай сазаны...

(«Аңсау», 44-бет)

Бұл бас-аяғы жеті-сегіз шумақтан тұратын жоғарыдағы өлең­нің екі-ақ шумағы біз дәйектеген.

Мұндай жырлар жинақта молынан ұшырасады.

Ерғалидың осы жинақтағы менің ілгеріде жазған «Аквариумдағы балықтар» атты өлеңіммен аты да, заты да, танымы да, табиғаты да ұқсас «Аквариумдағы балық» деген өлеңін мен шебердің қолынан шыққан шедевр деп бағалас­ам артық емес. Аталмыш жыр былайша аяқталады.

Тұңғиық жоқ тереңге батыратын,

Аквариумда әр таңын атыратын.

Салтанатты мұңлыққа

көзін сүзіп...

өлең жазып мұңайып отыр ақын.

(«Аквариумдағы балық», 7-бет)

 

Ал, 6-беттегі «Көгілдір әлем» жырындағы:

Көгілдір әлем

Жұпарлы саумал аңқыған,

Тентегің едім далаңды сайын шаң қылған.

Шаршап бір келіп шалқая кетсем төсіңе,

Аялап тұрар абзал анадай нар тұлғаң.

 

Немесе осы беттегі «Кешкі  жыр»  өлеңінің:

Көкіректі жыр кернеп барады алып,

Мың күйдіріп, жандырып, сараланып.

... Шаңырақтан серпіліп бата алмай бір,

Ұйып қалды далада қараңғылық, - деген шумақтардың шырайлы­ дүниелер екені күмән туғызбайды.

Бір айта кетерлігі, жоғарыдағы екі өлең де осыдан аттай қырық жыл бұрын қалам ұшына ілігіпті. Сонан бері Ерғали інім елін, жерін, оның тамаша табиғатын жырлаудан танбай, талмай келе жатқан айтары айшықты, берері берекелі ақын. Мұны мен ақынның «Рамазан­ айы» (12-бет) жырынан да айқын аңғардым.

Ұлық тұтып ұлағатты бұл айды,

Жаным менің бір толастық сұрайды.

Періштелер қалықтап жүр әуеде,

Малғұн біткен жер астында жылайды.

 

Алтын күрек-жайлап ескен самалы,

Шығар күннің қандай әсем жамалы.

Сағынып кеп ақ Ләйлісін көргенде,

Мәжнүннің болған сондай жанары...

 

Ақынның жинақтағы «Менен қалған бір белгі» өлеңі де маған кәдімгідей әсер еткенін, көңілімді көп ойға бөлеген дүниенің бірі болғанын айта кетсем деймін. Сол сияқты жинақтағы «Бекетай құмы», «Ақтан батырдың серті», «Бұқарбай батырдың Хан Кенеге айтқан тәубесі», «Арыстарды іздеу», «Ақ сауыт туралы жыр» өлеңдерін нағыз азаматтық пафоста жазылған дүниелер деп бағалаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ерғали ақынның:

Түнге тартып түнерем,

Қабақтарым – қара тас.

Байлауы жоқ бұл өлең,

Алдаспандай ақ алмас, - деп жазғанындай, ақ алмастай өткір, өрнекті өлеңдері көбейе берсін. Оқырманы іздеп жүріп оқитын ізгі жүректі ойлы ақын болуына тілектеспін.

Толыбай  АБЫЛАЕВ

 


Қызылордада «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары бірінші болып бірыңғай киім үлгісіне көшті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.11.2018 09:57

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының II облыстық слетінде клуб мүшелері жасыл түсті бірыңғай киім үлгісінде өнер көрсетті.

Қазіргі уақытта республика бойынша бірінші болып Қызылорда облысындағы «Адал ұрпақ» клубтарының 16 000-нан астам мүшелері арнайы әзірленген жасыл түсті бірыңғай киім үлгісіне көшті.      

Облыстық слет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Шараға білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері, облыс аудандарынан «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарынан оқушы делегаттар қатысты.

Слет барысында «Адал ұрпақ» клубына жаңадан қабылданған оқушылар ант қабылдап, олар еліміздің патриоты болуға әділдік пен адалдықты ұстануға ант етті.

Сондай-ақ, «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының мүшелігіне қабылданған оқушыларға арнайы төсбелгілер тағылып, куәліктер берілді.

Жиында сөз алған облыстық департаменттің басшысы А.Мұхимов «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы қатарына жаңадан қабылданған оқушыларды құттықтап, оқуда озат және еліміздің патриот азаматы болуға өз тілегін білдірді.

Іс-шара барысында оқушылардың қатысуымен флешмоб, суреттер көрмесі, сурет салу және бейнеролик конкурстары өтіп, жеңімпаздар алғыс грамоталармен және дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Б.Әбдіқадыров

 


Құн бар, құндылық жоқ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 14:22

«Нарықтық экономикада барлық нәрсенің құны бар, бірақ ешқайсысының құндылығы жоқ». Бұл сөздің авторы – Жак-Ив Кусто. Рас, бүгінде сан түрлі ақпарат тарап жатыр, алайда құнсыздық көп. Бұл – талғам биігінің тым төмендеуіне әкеп соқтыратын ауыр кесел. Өйткені оқырманға жол тартқан кез келген сөйлем сөйлеп, түсіндіріп, ұғындырып тұруы керек. Әсіресе экономикалық тақырыптарды қаузап жүрген журналистер үшін бар мәселе – осында. Өзің түсінбеген нәрсені өзгеге де түсіндіре алмайсың. Оқырман мен көрерменге ұғынықты болуы үшін сол саланы шақпасаң да, хабарың, түсінігің болғаны дұрыс. Осы ретте облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен аймақтағы экономика саласына қалам тербеп келе жатқан бірқатар журналистер мен сала мамандарының кездесуі өтті.

«Үш экономист отырған жерде бес түрлі пікір бар» деген де өте орынды айтылған. Қаржы саласының ардагері Қ.Әжібеков, Қызылорда облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Е.Шаврова, ҚР Ұлттық банкі ММ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы З.Әбеновамен өткен дөңгелек үстел осы қағиданың заңдылығын дәлелдеді. Басылым беттерінен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы мақалалар жазып жүрген тілшілер қауымы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын сала мамандарына жолдады. Шыны керек, мақала жазушы қауымның алдынан шығатын алғашқы кедергі – дерек пен дәйек, екіншісі – пікір үндестігі немесе қарама-қайшылығы. Осы тұрғыдан қаламының сабы көлденең жатып қалатын кездер бар. Міне, осы кемшілікті болдырмас үшін сала ардагерінен алдымен басқармалардан арнайы жауапты тұлғалардың бар-жоқтығын сұрады. Қ.Әжібекұлының айтуынша, Е.Николайқызы, Ж.Бекжанова, Д.Тасыбаев, А.Сыздықова, Р.Демесінова сынды облыс мекемелеріндегі экономист мамандарға жолығып, мәлімет алуға болатынын жеткізді.

Жалпы, түсіндіру керек нәрсені алдымен журналистің өзі ұғынып, санадан өткізіп, содан кейін ғана тілмен жеткізуге тиіс. Әйтпесе, домалақтағанның бәрі доп бола бермейді және діттеген жеріне жетпейді.

Халық-хабар

 


Қызылордалық 35 кәсіпкердің Германияда тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 13:53

Қымбатты оқырмандар, бүгін назарларыңызға «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Іскерлік байланыстар» құралына тағы да тоқталғымыз келіп отыр. Аталмыш құрал кәсіпкерлерге шетелде тәжірибе алмасуға, оқуға, біліктілік арттыруға мүмкіндік береді. Біздің сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан жауап берді.

- Мәдина, «Іскерлік байланыстар» құралы дегеніміз не, қандай ерекшеліктері, тиімділігі бар? Осыған тоқталып өтіңізші.

- «Бизнестің  жол картасы» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыстар» құралы қолданылады. 2017 жылдан бастап бұл құралды ұйымдастыру, өткізу шараларының барлығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілген. Биылғы жылға дейін «Іскерлік байланыстар» құралының оқу курстары тек қана Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында ғана ұйымдастырылатын. Осы жылдан бастап Қызылорда облысы кәсіпкерлері тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты біздің өңірде өткізетін болды. Жалпы, «Іскерлік байланыстар» құралының не ерекшелігі бар, қандай мақсатта қолдануға болады? Бұл құралдың мақсаты отандық кәсіпкерлердің шетелге барып, іскерлік байланыс орнатуына, жаңадан тәжірибе жинақтауға, шетелдік алдыңғы қатарлы технологияларды үйренуге ықпал жасау, көмектесу болып табылады. Аталмыш құрал екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі үш аптаны қамтиды. Оның екі аптасы тікелей аудиторияда, тренингтер ұйымдастыру арқылы жүргізіледі. Ал қалған бір аптасы онлайн-вебинар түрінде ұйымдастырылады. Егер бір аптаның ішінде іскерлік салаға қатысты қажетті тақырыптар қарастырылатын болса, қалған уақытта тренер мен қатысушының арасында кеңес жүргізу өткізіледі. Осы кеңес жүргізу барысында қатысушы өзінің бизнес-жоспарын жасайды. Бірінші кезең осымен аяқталады. Кезең аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығына сертификат беріледі. Биылғы жылы 3-21 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласында «Іскерлік байланыстар» курстары ұйымдастырылды. Оған облыстан 35 адам қатысып, бірінші кезеңнен сәтті өткендігі туралы сертификаттарын алды.

- «Іскерлік байланыстар» құралының бірінші кезеңінен өткен азаматтардың бұдан кейінгі қадамы қандай? Германияға бару үшін қандай талаптар қойылады?

- 12 қазаннан 12 желтоқсанға дейін екінші кезеңге қатысу үшін құжаттар жинақталуда. Екінші кезеңге өткен азаматтар арнайы құрылған қазақстандық-германиялық комиссия алдында әзірлеген бизнес-жоспарларын қорғайды. Комиссия алдында бизнес-жоспарды қорғау 11-14 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Ол Алматы немесе Астана қаласында болады. Қызылорда қаласынан оқып шыққан 35 азаматтың барлығы екінші кезеңге үміткер болуға толық мүмкіндіктері бар. Ол үшін арнайы құжаттар пакетін дайындап, өткізуі тиіс. Екінші кезеңге өткен азаматтардың барлығы әлгі комиссия алдында қорғалатын жобаларға қойылатын талаптары: шынайы, өміршең, қолдауды қажет ететін бизнес-жоспар болуы тиіс. Мұндай жоспар иесі мемлекеттің атынан Германияға барып, 1 айлық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Ерекше тоқталатын жайт, барлық шығындар мемлекет есебінен төленеді. Қатысушы тарапынан болатын шығын, Қызылордадан Алматыға немесе Астанаға дейінгі және кері қарайғы жол шығыны ғана. Қалған шығындардың барлығы мемлекеттік мойнында.

- Әңгімеңізге рахмет!

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ҚОРҒАНБЕК ҚАЙРУЛЛАЕВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 10:39

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаевтың 75 жылдығы атап өтілді.

Кеше Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, еңбек ардагері Қ.Қайруллаевты әріптестері мен замандастары мерейтойымен құттықтады.

"Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында, халықтың оң назарында жүрген азаматтарға Сыр бойы кенде емес. Біз сол азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға мысал, жастарға өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз.Осындай нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі де бірегейі - Қорғанбек Қайруллаев ағамыз. Еңбек жолын ауылындағы шаруашылықта механизатор болып бастап, өңірдің басшылық құрамындағы жауапты лауазымдарды атқарды. Түрлі жауапты қызметтерді атқара отырып, өзін білікті басшы және елінің нағыз ұлтжанды азаматы екенін көрсете білді. Бүгінгі күні де аймағымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеп келеді», - деді аймақ басшысы.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Сондай-ақ, мерейтой иесін еңбек ардагерлері Тұрғанбай Маханов пен Ибрагим Әбибуллаев құттықтады. Өз кезегінде Қорғанбек Қайруллаұлы жиналған қауымға риясыз көңілдері үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Қорғанбек Қайруллаұлы 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, одан соң Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы туған ауылындағы шаруашылықта механизатор, Қызылорда локомотив депосында слесарь-дизельші, тепловоз машинисінің көмекшісі болудан бастаған. Арқа төрінде біліктілігін шыңдап, тәжірибе жинақтаған туған жері Сыр өңіріне оралып, Қызылорда облыстық атқару комитетінің заң кеңесшісі, 1975-1987 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1987-1990 жылдары облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Ел мүддесі жолындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атанды, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қорғанбек Қайруллаұлы өмірлік жары Қарипа Қатпарқызымен бірге қазіргі таңда 2 ұл, 2 қыз дүниеге әкелген үлкен әулетке айналып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «RAMIZ.KZO» ЧАТЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 10:33

Қызылорда облысында мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолданудағы кемшіліктер жайлы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы What'sapp-чаты жұмыс істей бастады.

Қызылордада мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста облыс әкімі Қ.Көшербаев мемлекеттік рәміздердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын айтты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, «Мемлекеттік рәміздер - ұлттың рухы мен санасы, оның ерлігі мен көрегенділігі, болашаққа деген сенімі, ұмтылыстары мен қилы тағдырының бейнесі". Сондықтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу – еліміздің әрбір азаматының парызы ", - деді аймақ басшысы.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов аймақтық ұйымдар мен мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуы мен орналастырылуындағы кемшіліктер туралы баяндады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында өңірдің 628 мекемесінде мемлекеттік рәміздерді тексеру бойынша кезекті рейд өткізілді. Рейд қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды: кейбір мекемелерде мемлекеттік рәміздер тақтасы жаңа стандартқа сәйкес өзгертілмеген, ҚР туы орнатылған ғимараттардың түнгі жарықтандырылуы қамтамасыз етілмеген.

«Мемлекеттік рәміздерге байланысты түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп, мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдануда кемшіліктерді жібермеу жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілгенімен, кемшіліктер әлі де қайталанып келеді. Алдағы уақытта мұндай кеткен кемшіліктерді тез арада жою және халықтың көзіне оғаш көрсетпеу мақсатында анықталған кемшіліктерді суретке түсіріп, салып отыратын «Ramiz.kzo» чаты жұмыс істейтін болады. Онда мемлекеттік рәміздерді қолдануда жіберілген кемшіліктер талқыланып, мекеме басшыларына шұғыл түзету ұсынылады және кемшілікті түзеткендігі жөнінде есебі де ұсынылатын болады», - деді Т.Маханов.

Сондай-ақ, жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов және аудан әкімдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Отырысты қорытындылай келе, аймақ басшысы анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды және атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты облыстық ішкі саясат басқармасына жіберіп отыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік мекемелердегі, аумақтық департаменттер мен инспекциялардағы мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы мен стандарттарға сәйкес қолданылуын тұрақты түрде тексеретін инспекциялық топ жұмыс істейді. Ай сайын рейд жүргізіліп, анықталған кемшіліктер мен оларды түзету туралы ақпараттар БАҚ-та жарияланады.

2015 жылдан бастап облыста мемлекеттік рәміздерді сатып алудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесі енгізілді. Саны мен жауапты тұлғалар туралы ақпарат көрсетілген мемлекеттік рәміздер бойынша бірыңғай база құрылды. Облыста мамыр айындағы республикалық инспекциялық топтың мониторингісі бойынша мемлекеттік рәміздердің бірыңғай базасын құру туралы аймақ тәжірибесін басқа өңірлерде тарату ұсынылып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Әйел «әрекетінің» артында кім тұрады? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2018 10:25

Бүгінгі қоғамдағы әйел мәртебесі қандай? Теріс діни ағымның жетегінде кетпес үшін қыз-келіншектер жамағаты не істеуі қажет? Осы төңірегінде пайымды пікірлер «Қыз-келіншектердің қоғамдағы ролі» тақырыбындағы республикалық форум барысында талқыланды.

Алқалы басқосуға ҚР ҚДМ ҚКК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, РАТТ мүшесі А.Әбдірәсілқызы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Ш.Әділбаева, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Б.Абуов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, Жамбыл облысы әкімдігінің «Оңалту орталығы» КММ директоры А.Сембекова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанындағы «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Н.Аймаханова және облыстық «Әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі Л.Сыдықова арнайы келді.

- Тарихта төрт астананы қамтыған Сыр елі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрдің алтын қазығы және Әбдіжәлел бабтың туын тіккен киелі қақпасы болды. «Дін қайдан басталса, сол жерден бұзылып, қайта қалпына келеді» деген тәмсіл бар. Бүгінгі қыз-келіншектердің республикалық форумын біздің аймағымызда өткізудегі мақсатымыз – қаймағы бұзылмаған рухани құндылықтарымызды, оның ішінде қыз баланың рухани келбетін қалыптастырудағы ұлттық тәрбиенің рөлін дәріптеу мен талқылау, - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

Одан соң «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Абуов форум жұмысына сәттілік тілеп, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Махановпен екеуі шығып, қыз-келіншектерді оңаша қалдырды.

ҚР ҚДМ ҚКК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы қазіргі Қазақстан қоғамындағы әйелдер мәртебесін тілге тиек етті. Ол әңгімесін қоғамды дүр сілкіндіріп, резонанс тудырған – дүниеге әкелген нәрестесін қоқысқа лақтырған әйел жағдайынан бастады.

- Сол кезде бұл туралы жазбаған БАҚ қалмады. Ерінбеген екінің бірі оларды жерден алып, жерге салып жатты. «Не деген безбүйректік, өзі де күні кеше ғана бала болған еді ғой» деген сияқты сөзімізды айттық. Бірақ, әдеттегідей, бірнеше мәселені тағы да ұмытып кеткен сияқтымыз. Ең алдымен, «сол безбүйректер қайдан шықты?» деген нәрсені. Сол қыз баланың аяғы ауыр кезіне кемінде 100 адам куә болды. Ата-анасы, достары, баланың әкесі, ұстаздары бар. Барар жер, басар тауы жоқ қыздың сондай қадамға баратынын болжап, білу қиын ба еді? Сол 100 адам қайда қарады? Екінші мәселе – сол баланың әкесі қайда? Оның ата-анасы қайда қарады? Осыдан кейін барып, «сіз бен біз қайда қарадық?» деген сауал туады. Оны кім тәрбиеледі? Оны сіз бен біз жасап жатқан қоғамның құндылықтары тәрбиеледі. Мен кейде ақылман ағайынға айтқым келеді, айттым да, қыз баланың сондай қадамға бармауы үшін сіз не істедіңіз? Жалпы, әйел-анаға жасалған қандай қиянатқа тосқауыл болдыңыз? Қай қиындығын бөлісіп, азабын жеңілдеттіңіз? Қазақтың ең төтесінен тап басып айтылатын сөздері ыңғайсыз естіледі. Сондай сөздердің бірін айтуға мәжбүрмін. Қыз бала немесе әйел адам айға қарап желіндеп, күнге қарап құлындайтын ертегінің биесі емес. Қыз-келіншектің істеген әрбір қылмысының да, оның істеген әрбір жақсылығының да арғы жағында ер-азамат тұрады. Сол ер-азаматтар, олардың жауапкершілігі қайда? – деді А.Әбдірәсілқызы.

Ал «Нұр-Мүбарак» Қазақ Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Шамшат Әділбаева қыз-келіншектердің деструктивті діни ағымның соңынан кетуін діни сауаттылықтың аздығынан, жоқтығынан екенін айтты. Дінді ұстанғанда әрдайым біліммен бірге алып жүруге тиіспіз. Себебі, «білімсіз жерде дін көрсоқыр бір дін секілді болып қалады» деді ол.

Әдептілік ережелері, діни құндылықтар мен имандылық ұстанымдары туралы ойлар тізбегін Жамбыл облысы әкімдігінің «Оңалту орталығы» КММ директоры Альбина Сембекова кеңінен тарқатты. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі діни тақырыптардағы мақал-мәтелдер, иманды ұрпақ тәрбиелеу турасындағы құнды ой маржандарын жария қылды.

Форум соңында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов дін саласында үздік қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Махановтың Алғыс хатымен марапаттады.

Ж.Қойшыбеков

 


Ауылдағы тағылымды той PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.10.2018 11:31

Ел үшін қызмет еткен батыр Жақыпбек Маханбетов атындағы ауылдың биыл 90 жылдық торқалы тойы. Дүбірлі думан алдымен Ақсуат мәдениет үйінде жыр керуенімен ашылды. Шараға қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов келіп, жұртшылықты құттықтады.

- 2018 жыл біздің еліміз үшін, Сыр өңірі үшін мерейтойға толы болды. Өйткені, Елбасымыздың төл туындысы саналатын Астана қаласының 20 жылдық мерекесі, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына өздеріңіз куә болдыңыздар. Барлығымызға құтты болсын! Шуақты, жемісті күндеріміз көбейіп, ырыс-несібеміз артып, ауылдың абыройын асыратын таланттар көбейе берсін. Елдің ынтымағы арта берсін. Бүгін міне, облыстық деңгейдегі жыршы, термешілердің фестивалі ұйымдастырылып отыр. Ауылдың мерейтойында бүгінге дейін көптеген жұмыс атқарылды. Көшелер жөнделіп, жаңа нысандар салынып, демалыс орындары іске қосылуда. Мұның барлығы халықтың игілігі үшін, – деді қала әкімінің орынбасары.

Осылайша белгілі жырау Марат Сүгірбай бастаған сырбойылық жыршы, жыраулар мерейтой иелеріне өнер көрсетті. «Кімнің батыр, кімнің бақыр екенін жырау білер» деп әйгілі Қорқыт бабамыз айтпақшы, тағылымды тарихымызды «арқалаған» дарындар сахнаға шыққанда көрермендер бір серпіліп қалғаны рас. Ешнияз сал, Балқы базар, Жиенбай жырау, Шораяқтың Омары, Сәрсенбай, Нұртуған, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Жаңаберген, Бұдабай, Нартай сияқты ақын-жыраулардың өшпес әні мен тозбас жырын төгілткенде жұртшылық көпке дейін риза болып, ду қол соқты. Жыр керуенінің жұртшылыққа деген рухани тартуынан кейін көпшілік орталық алаңға беттеді. Онда тойға келген ағайынға алты қанатты киіз үй тігіліп, еркін күрес, қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойыннан жарыс өткізілді. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Байқадамов Ж.Маханбетов ауылының 90 жылдық төсбелгісімен ауылдың дамуына еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Мерекелік шаралар легі мұнымен толастамады. Елге еңбек етіп, дарынымен көзге түскен азаматтар ұлықталды. Қоғамдағы өткір мәселелерді фельетон жанры арқылы сын садағына іліктірген журналист, ардақты ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаевқа құрмет білдірілді. Ауылдың ішінен оның атында көше ашылып, ескерткіш тақта қойылды. Өскелең ұрпаққа өнегелі із тастаған өр рухты тұлға турасында қала әкімі Н.Нәлібаев былай деді.

-        Сүйікті қаламыз Қызылорданың іргесінде орналасқан, күн сайын көркейіп келе жатқан Ақсуат ауылдық округі, Жақыпбек Маханбетов ауылының 90 жылдық тойы баршамызға құтты болсын. «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» деген мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың осы қанатты сөзі ауылдарымыздың дүйім елге тірек екенін көрсетеді. Биыл айбынды Астанамыздың 20 жылдығы, Сыр елінің бас шаһары Қызылорданың 200 жылдығы, сұлу Сырдың бойында, үлкен жолдың етегінде орналасқан Ж.Маханбетов ауылының мерекесін тойлаудамыз. Бүгінде бұл ауыл халқымыздың жайлы өміріне тірек бола алатын, түтіні түзу шығып, тұрмысы түзелген, бірлігі мен берекесі жарасқан, мақтанып айтар елді мекенге айналуда. Қашан да дара таланттарды, өнердің биік шыңын бағындырған тұлғаларды, қайраткерлерді, ержүрек батырларды түлеткен қасиетті мекен. Мұның барлығы ұлына да, қызына да ұлағатты тәрбие беріп отырған ауыл халқының өзіне тән бір ерекше қасиетінің арқасы. Ауыл халқының осылай мақтанып айтар тұлғаларының бірі – елдің азаматына айналған, көрнекті ақын И.Исаев ағамыз. Ибрагим Исаев – жай ғана ақын емес, ол бүкіл қазақты мойындатқан бірегей ақын. Ауыл жастары ақын аталарымен жақын танысып, шығармаларына қанығып, өлеңдерін жастанып оқып жүретініне біз сенеміз, - деді қала басшысы.

Ақынның даралығы туралы әнші Қ.Болманов құрметке толы жүрекжарды лебізін жеткізсе, досы Пермебай Балкеев жанашыр жолдасының айтқан сөздерін тебірене еске алды.

Иә, Ибрагим Исаев – өлеңдеріне ең көп сөз жазылған талантты ақын. Оның 1200-ден астам өлеңіне ән жазылып, халық жүрегінен орын ала білді. Сондай-ақ, «Алтын сырға», «Таң алдындағы ән», «Тербеледі қайыңдар», «Жанымның жарығы», «Салқын сәуле», «Сағым дүние», т.б өлең жинақтарын шығарды. Талантты ақын туған жерінен жырақ жүрсе де, ауылын әрдайым ұмытпай, жырға қосты. Шығармашылығының негізгі бөлігі туған өлкесіне арналғаны осының анық айғағы секілді.

Түстен кейін «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қала әкімі Н.Нәлібаев таққан Қызылорда қаласына 20 жыл, Ж.Маханбетов ауылына 90 жыл төсбелгісі түрлі салада үздік қызмет етіп жүрген, ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың кеудесінде жарқырады. Кеш соңы эстрада жұлдыздары Қыдырәлі мен Қарақат бастаған өнерпаздардың өнеріне ұласты.

Ж.Қойшыбекова

 


Қызылордада 80 адам екпеден бас тартыпты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.10.2018 11:29

Денсаулық мәселесін тілге тиек еткенде, вакцинаға қатысты пікір қайшылығы туындап жатады. Өткен аптада ҚР ДСМ ҚДСК Қызылорда облысы департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен өткен жылжымалы аймақтық семинарда осы тақырып талқыға түсті.

Басқосуға Алматы қаласының ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы», «Санитарлы эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығы» филиалының вакцинамен басқарылатын инфекциялар мен иммунопровилактиканың мониторингісі басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Г.Мухаметова, «Фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Л.Ералиева арнайы келді. Сондай-ақ, көршілес Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан облыстық және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, аудандық басқармалардың және ЕСМ-нің медициналық қызметкерлері, Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басқарма мамандары, т.б. медицина мамандары келіп, тың идеялар алмасты.

Жиыннан түйгеніміз, иммундау шаралары медицинаға бүгін енген жаңалық емес. ХVІІІ ғасырдан бері жүргізіліп келе жатқан шараның бірі. Осының нәтижесінде 1978 жылдан бері «Натуралды оспа» ауруы мүлдем жойылып кеткен екен. 2002 жылдан бастап біздің елімізде «полиомиелит» ауруынан, 2012 жылдан «безгек» ауруынан бос статусын ұстап келеді. Қазақстан алдын ала егу кестесіне сәйкес 19 жұқпалы ауруға қарсы алдын ала егулер жүргізген. Олар – туберкулез, құрөзек, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит, вирусты гепатит В, вирусты гепатит А, қызылша, қызамық, эпидпаратит, гемофильді инфекция, пневмококкты инфекциясы, құтырма, кене энцфалиті, күйдіргі, туляремия, іш сүзегі, оба, тұмау. Бұл жұқпалы дерттерге қарсы алдын ала егу сәби дүниеге келген күннен бастап 56 жасына дейін жүргізіледі екен. Оны арнайы егу бөлмесінде, жыл сайын оқытылған және рұқсаты бар егу аяжандары жүргізуі тиіс.

Қазіргі күні өңірімізде жұмыс істейтін 225 емдеу-сауықтыру мекемелерінің 183-інде егу бөлмелері бар. Сол арқылы жұртшылыққа сапалы қызмет көрсету көзделген. Жыл басынан бері облыс бойынша жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы алдын ала егулерден бас тартқандар саны – 80. Оның 44,2 пайызы – 1 жасқа толмаған нәрестелер. Азаматтар көбіне АбКДС+ВГВ+ИПВ, БЦЖ және пневкокке қарсы екпелерден бас тартады. Оның негізгі себептері – вакцинаға деген сенімсіздік және діни көзқараспен байланысты деседі.

Семинар барысында осы деректер тілге тиек етіліп, жұқпалы аурулардың алдын алу жолы – екпе егудің маңызы турасында бейнероликтер көрсетілді. Семинарға қатысқан 150 азаматтың медицина саласында қызмет етіп, сол салада білім алып жүргенін ескерсек, мамандар өздеріне қажетті мағлұматтармен сусындады деген ойдамыз.

Ж.Қойшыбекова

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары