Өзекті мәселелер

  • 13.06.19

    Ежелден халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болып келді және бұл бағытта жас ұрпақтың болашағына берік байлам жасалды. Әсіресе, дарабоз қарттарымыздың даналық ойы, салиқалы сөз саптау үлгісі, өмір белес­терінен  көрген-білгенін, ғибратты әңгімелерін  тәрбие құралына айнал­дырып, одан жақсылыққа ұмтылу, ынтымақ­қа ықылас қою, бауырмалдық қасиетк­е бет бұру секілді тағылымның түрлі ө...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанған адамның алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіні белгілі. Дәрігердің ауырған жерін тәптіштеп сұраса, көпшіліктің дертінен айыққандай күй кешетіні тағы бар. Алайда «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Көбісі ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдай мен оқиғаны бастан кешетінінен бейхабар. Бұған...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Тоқсаныншы  жылдардығы тоқырау көптің есінде ғой. Жоспарлы экономикадан нарықт­ық экононмикаға бет бұрып, жаңа белесті бағын­дыруға бой түзедік. Бұқара бұған бірден үйрене қойған жоқ. Әркім «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Ал отба­сы ошақ қасында болған әйелдер ала  дорбасын асынып, көшеге шықты. Сауда-сат­тықпен айналысты. Ал еркек­ кіндіктің кейбірі көше кезіп кетсе, енді бірі арақ-ша...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    «Бірінші байлық – денсаулық». «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттаған бойда осы аталы сөз ойға оралды. Жоқ, басқаша ойлап­ қалмаңыз. Ауладағы самал желмен­ тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан тіршілік нәрі, баршасы мұнда шаруасына мығым ие...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Әдетте, футболда көбінесе шабуылшылар­ға аса мән береді. Алайда­ команданың жеңуіне қақпашылардың үлесі зор екенін бірі білсе, бірі білмес. Үздік қақпашы найзағайдай жылдам реакц­иясымен, болаттай төзімді жүйкесімен және де дұрыс позиция таңдай білетін ақылымен командасына сеп­ті­гін тигізеді. Әсіресе, ойын тағдыры шешіле­тін «пенальти» секілді шиеленісті ойын кезін­де­ қақпасын голдан қор­ғап,...

    Толығырақ...
Қазан 2018

«Үздік бақылаушы» анықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2018 09:39

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық бақылау жұмыстарына қоғамдық ұйымдарды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Үздік бақылаушы!» байқауы жарияланған болатын.

Байқаудың басты мақсаты «Жасырын сатып алушы» әдісімен түрлі салалардағы әкімшілік кедергілерді, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандартының бұзылуы мен тұрмыстық жемқорлық фактілерін анықтау және оны алдын алу бағытында тиісті шаралар жүргізу болып табылды.

Байқауға 5 қоғамдық ұйымдардан үміткерлер қатысып, "Үздік бақылаушы" байқауының жеңімпазы анықталды.

Осы орайда, көлік кұралдарын тіркеу саласындағы проблемалық мәселелерді анықтауға, медициналық қызметтің сапасын бақылау мен халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызметтердің стандарттарға сәйкестігін қадағалауға үлес қосқаны үшін «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығының жоба үйлестірушісі Жанұзақ Қайрат Темірханұлы байқау жеңімпазы болып танылып, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталады.

Б.Әбдіқадыров

 


Мектептерде ақша жинауға тыйым салынады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2018 09:35

Орта мектептерде ата-аналардан заңсыз ақша жинауды және оқушыларды ақылы тестілеуден өткізуге мәжбүрлеуді болдырмау мақсатында №12, №170 орта мектептерінің ата-аналарымен кездесу өтті.

Ата-аналармен кездесу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы А.Сәлімжан орта мектептерде заңсыз ақша жинау мен ақылы тестілеуге мәжбүрлеу мәселесі қатаң бақылауда екендігін жеткізді және ата-аналар комитеттерін осы мәселеге бірлесіп қатаң қоғамдық бақылау орнатуға шақырды.

Кездесу барысында А.Сәлімжан заңсыз ақша жинауға жол бермеу үшін осы іске ата-аналар комитеттерімен қатар, тәлімгерлерді тарту маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, А.Сәлімжан орта мектептерге бюджеттен бөлінетін арнайы шығыстарға кеңінен тоқталып, бюджеттен мектеп қажеттілігіне сатып алынатын тауарлар мен қызметтер туралы түсіндіріп өтті. 
Кездесу қорытындысымен ата-аналар комиттетерімен бірлесіп осы бағытта белсенді профилактикалық шаралар жүргізуге келісілді.

Жалпы, облыс бойынша барлық орта мектептерде ата-аналар комитеттерімен және тәлімгерлермен кездесулер ұйымдастырылып, онда орта мектептерге және балабақшаларға бюджеттен қаралған шығыстар туралы кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Б.Әбдіқадыров

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ІРІ ЖОЛ АПАТЫ ОРЫН АЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2018 09:24

Апта басында орын алған жол-көлік оқиғасының нәтижесінде 4 адам қаза тапты. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясына ОІІД анықтау басқармасының бастығы Әміржан Утегенов, ҚІІБ Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан Шағырбай, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Қаюпов қатысты.

Бауыржан Ибраевтың айтуынша, жол-көлік оқиғасы кешкі 7-лер шамасында болған.

"Кеше Қызылордада қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды. «ВАЗ 2114» маркалы автокөлігінің жүргізушісі әуежай бағытынан қалаға қарай келе жатып, Сұлтан Бейбарыс көшесі мен әуежай трассасы бойында «SNACMAN» және «Опель вектра» көлігіне соқтығысқан. Нәтижесінде "ВАЗ" көлігінің жүргізушісі және 2 жолаушысы сол жерде көз жұмды. Ал, екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Бүгінде оның біреуі қайтыс болды. Ал, "Опель вектра" автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы дәрігерлік бақылаудан өтіп, үйлеріне жіберілді", - деді Бауыржан Ибраев.

Сонымен қатар, осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда.

- Бұл жыл басынан бері адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасы. Қаза болғандар ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің 25-30 жастағы әскери қызметкерлері. Бүгінге дейін облыста 74 мың жол-көлік оқиғалары орын алды, - деді Б.Ибраев.

Ал, Руслан Шағырбайдың айтуынша, жүк көлігі жүргізушісіне бұған дейін ешқандай әкімшілік шара көрілмеген.

Сондай-ақ, айта кету керек, бүгінде сол қиылысқа бағдаршам орнату мәселесі шешілуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


БАЛАЛАРЫМЫЗ СЕНІМДІ ЖЕРДЕ ОТЫР МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.10.2018 17:56

Бұдан былай білім ұяларын қарапайым қарауылдар емес, мамандандырылған күзет агенттіктерінің мамандары күзетуі мүмкін. Сондай-ақ, мектеп асханаларындағы шарықтаған бағалар да қалтаға қонымды болып жатса, таңғалмаңыз. Себебі енді бұл мәселелермен прокуратура айналыспақшы. Апта басында БАҚ өкілдерімен кездескен облыс прокуроры осылай деді. Еркін форматта өткен басқосуда Х.Дәуешов билік пен халық арасындағы көпір саналатын журналистерден елдегі өзекті деген мәселелерді сұрады.

Шынында да, орта есеппен алғанның өзінде  500-ден аса оқушы оқитын мектепте қарауыл деген жоқтың қасы. Күндіз не мұғалім, не директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, одан қалды, еден жуушы есік күзетіп отырса, кешкілік зейнетке шыққан қарт кісілер қарауылдыққа шығады. Былай айтқанда, балаларымыз сенімді жерде отырған жоқ. Сондықтан мектеп оқушыларын мамандар күзетуі қажет дейді Х.Зейноллаұлы.

Облысымызда Байқоңыр қаласы бар. Аты қазақтікі болғанымен, заты – орыстікі. Сол себепті онда бару – шекара асумен тең. Шетелге шығу құжаты болмаса, өте алмайсың. Алайда адам алдынан күрделі мәселе шыққан сайын, жұрт оны шешудің тиімді жолын емес, төте жолын іздегіш келеді емес пе? Байқоңырға баратындар да тап сол оңай жолды тауып алыпты. Қандай дейсіз ғой, сол жақтағы бір кісінің үйіне тіркеле салады. Болды! Үйіне тіркегіштер де мұны кәдімгідей кәсіп етіп алған. Бір адамды мың теңгеден тұрғызатын көрінеді. Тіпті, кейде айына 40-60 адамды тіркейтіндер де бар екен. Кезінде бүкіл елді шулатқан Күлекбаев, кешегі Д.Тенді өлтірген Құдайбергенов те кезінде Байқоңырға осылай кіріпті. Сондықтан, бұл мәселемен күреспесе, қылмыстың көбейе беруі мүмкін.

Бұдан бөлек басқосуда облыстағы аяқсыз қалған құрылыстар да сөз болды. Себебі, жан-жағын қоршап қойып, қарауылсыз қалдыратын құрылыс нысандарының ішінде не болып жататыны беймәлім. Кешегі елді шулатқан Шалқиядағы оқиға да осындай иесіз қалған құрылыс алаңында болған-ды. Бұл қауіптенерлік жағдай болғандықтан, прокуратура құрылыс алаңдарын бақылаусыз қалдырмау жолымен жұмыс істеп жатқандарын  айтады.

 


Ақмешіттегі аладоп аламаны PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.10.2018 17:52

Өткен жексенбіде Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан облыс әкімінің кубогы сарапқа салынды. Жалпы, республикадағы журналистер қауымының аладопты ермек етіп жүргендеріне біраз уақыт болды. Елордамыз Астана қаласында арнайы БАҚ лига құрылып, апта сайын доп теуіп жүр. Одан бөлек те, республиканың әр аймағында футбол жарыстарын өткізу дәстүрге айналып келеді. Өзге өңірлерде жалауын желбіретіп жүрген жарыстарға Сыр журналистері “Ақмешіт” командасын үкілеп қосады. Мамыр айында Талдықорған қаласында “Жетісу” және “Огни Алатау” газеттерінің 100 жылдығына орай өткен жарыста қызылордалық тілшілер 2-орын алған болатын. Ал, араға бірнеше ай салып Астана қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған турнирде топ жарды. Тамыз айында Тараз әкімінің кубогы сарапқа салынған жарыста да “Ақмешіт” жақсы ойын өрнегін көрсетіп, төртінші орынға тұрақтады. Осылайша, спортты тек насихаттауды сөзбен емес, іспен де дәлелдеп жүрген “Ақмешіт” елде өткен доп додасында өзара үш команда шығарып, үш топта бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов қатысып, сәттілік тіледі.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен командалар қатысты. Олардың қатарында Оралдың “Жайық”, Астананың “Хабар”, “Sport-59”, Шымкенттің “Eрнияз медиа” командалары бар. Сондай-ақ, Талдықорғаннан “BAQ Жетісу”, Тараздан “Taраз-пресс”, “Жамбыл медиа”, Түркістаннан “Рейтинг”, жергілікті “Сыр медиа”, “Қаламгер”, “Qyzylordatv” командалары тарихи шаһардың мерейтойына арналған турнирді тартысты өткізуге атсалысты.

Турнирдің қорытындысы бойынша шымкенттік “Ернияз медиа” командасы жеңімпаз атанып, 600 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ақтық сында ғана сыр берген тараздық “Taraz-пресс” (400 мың теңге) бабында екендіктерін көрсетсе, 3-орын Астана қаласынан келген “Хабар” телеранасына (200 мың теңге) бұйырды. Сонымен қатар, турнирдің үздік ойыншылары әртүрлі номинациялармен марапатталып, қаржылай сыйлықтарға иелік етті.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕҢБЕК ЖӘНЕ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.10.2018 09:40

Қарттар күні мерекесі қарсаңында «Гранд Плаза» мейрамханасында еңбек және соғыс ардагерлері мен аймақтың қоғам қайраткерлеріне арналған мерекелік дастархан жайылды.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев жиылған қонақтарды құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

«Бүгінде облысымызда 70 мыңға жуық зейнет жасындағы қарияларымыз бар. Олардың әлеуметтік мәселелері біздің ұдайы назарымызда. Осы орайда, аймақтағы егде жастағы азаматтар үшін лайықты өмір сүру сапасын арттырудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдадық. Жоспарға сәйкес егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қорғауға, денсаулығын жақсартуға, қоғамдық өмірге тартуға, компьютерлік сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар жүргізілуде»,-деді аймақ басшысы.

Сөз соңында аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Сейілбек Шаухамановты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сондай-ақ, жиналған көпшілікті еңбек ардагерлері Оразбай Әбішев пен Тұрғанбай Маханов та құттықтады.

Атап өтейік, қазіргі таңда, Қызылорда қаласында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық қарттар үйінің жанынан 100 орындық және қалалық ардагерлер үйінің жанынан ашылған 50 орындық оңалту орталығы жұмыс істейді. Ал, Шиелі ауданындағы 50 орындық ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға  арналған күндізгі стационар жағдайында оңалту бөлімдерінде 3 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асып келеді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, көмекке мұқтаж 250 жалғызбасты қарт пен мүмкіндігі шектеулі адамға, аз қамтылған жандарға түскі астар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 250 ардагер «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалап қайтқан болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Ардан аттамаған абыздар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 16:12

Ауласында жасыл желегі теңіздей толқыған Ардагерлер үйінен қалың ойға шомылып шықтым. Құлағымнан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Оразғали Бекбанов көкеміздің саңқылдай шыққан зор дауысы кетер емес. «Адамның мінез-құлқын дауысынан ажыратуға болады» деген даналық пікірдің жаны бар. Орекеңнің өзіне ғана жарасатын қою үні өзіне сенімді, кімге де болсын пікірін тайсалмай жеткізетін батыл мінезді адам екенін танытып тұрғандай. Ағамызбен тілдесе қалсаңыз, өзіңіздің өмірге деген таным, көзқарасыңыздың мүлде соны сипат алары анық. Небір даналық лебіздерді қиқу шықса қара үзіп шығар тұлпардай көсілте жеткізгенде, елдің ынтымақ-бірлігін, тату тірлігін насихаттауды қанына сіңірген абыз ақсақалға еріксіз сүйсінесіз. Сұңғылалық жүрген жерде күншілдік пен іштарлықтың болатыны да өмірдің өзінен туындаған қағида. Орекеңнің жағымпаздыққа, жалғандыққа жаны қас дағдысы, қынабынан суырған қайраулы қылыштай өткір тілі кейбір пысықайлардың дегберін қашыратынын, сыртынан күңкілдеуге соқтыратынын несіне жасырамыз?! Әрі бұл қасиет Бекбановтың туабітті мінезі екені де баршаға мәлім. Басқасын айтпағанда ұзақ жылдар бойы аудан орталығы Жаңа Қазалы (қазіргі Әйтеке би кенті) кентінің тізгінін ұстаған тұста да бұғып қалған сәті болған емес. Мұндайда ағамыздың өзі ел ішінде бірлі-жарым телі-тентектің кездесуі қалыпты жайт деген қағиданы ұстанады екен. Бұл да кеңпейіл қазекеңнің атадан балаға мирас қылған ұлттық ерекшелігінің көрінісіндей.

Тазалықтың табалдырықтан басталатынын бәріміз де жақсы білеміз. Ауласында жасыл желек масатыдай құлпырған, алуан гүлдерінен жұпар аңқыған көрікті ғимараттың іші-сырты мұнтаздай. Маңайдағы жарқырата сырланған таутеке мен өзге де мүсіндер, орындықтар, кіреберістегі ардагерлер өмірінен сыр шертетін қызықты деректер темірдей тәртіпті ұнататын, талғамы жоғары жанның қолы тигенін аңғартып-ақ тұр. Енді аудандық ардагерлер кеңесі мен ардагерлердің нақты кезеңде атқарып жатқан тағылымға толы жұмыстарына тоқталсақ.

Ардагерлерді аудан көлемінде қолға алынып жатқан сан алуан жұмыстардың басы-қасында көресіз.

- Үлкенін сыйламайтын қазақ жоқ. Көп жаңылса, көнеден сұрайды. Үлкенге арқа сүйеу, ақыл-парасатына құлақ асу – ежелден бар ерекшелік. Аудандық ардагерлер кеңесі осы бағытты ұстанады. Жеке бастың қамы емес, қоғамның мүддесін ойлауды, Елбасы мен үкімет қабылдаған бағдарламалар, қаулылардың орындалуына мұрындық болуда. Қазірге таңда аудан елді мекендері мен мекемелерде ардагерлер кеңесінің 77 бастауыш ұйымы бар. Олар заман талабына сай келетін құралдар және мүліктер (жұмыс столы, орындықтар, телефон мен сейф, компьютер, теледидар, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды, домбыра, газет тігінділері), тағы басқа заттармен жабдықталған. Жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалған. Әрбір ардагердің картотекасы жасалып, компьютерге салынып, сайты ашылды. Елбасы саясатына қашанда қолдау білдіріп, өмір жолында жиған мол тәжірибелерін қоғамның дамуына жаратудан қалыс қалмайды. Адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, бойына патриоттық рухты сіңіре білу тұрғысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алдымызға қойып отырамыз, - дейді Қазалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов.

Ағамыздың сөзі шындықтан жырақ емес. Бекбанов басшылық жасайтын ардагерлер кеңесі ел ішінде төбе көрсетіп қалатын керіскендерді келістіріп, бітістірумен шектелмей, мүгедек жандарға қайырымдылық жасауды, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қол ұшын созып, демеушілер арқылы көмектер беруді тұрақты дағдыға айналдырған. Сондай-ақ, қадірменді қарттардың өсиет айту, өнеге көрсету, бата беру, шежіре сөз жарысы, «Әжелер ансамбілінің» өнерін көпшілікке ұсыну, «Қарттардың да өнерге бар таласы», «Дені сау кәрілік»  тағы басқа да тақырыппен спорттық жарыстар өткізуі тұрақты дәстүрге айналған. Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толған мерейтойы ауқымды түрде аталып өтілді. Арнайы мерекелік медаль шығарылып, марапатталуы да ардагерлер абыройын асқақтатты. Оған қоса «ЭКСПО -2017» көрмесіне, Астана қаласының мерейтойына бір топ ардагер саяхаттап барса, мезгілінде бір жазда 100 ардагерге дейін санаторияларға жіберіліп,  демалып қайтқан болатын. Сонымен қатар, тиісті ардагерлерге үлкен қалаларға барып, денсаулығын түзетуге квоталар алынып берілуде. Орайы келгенде, ардагерлердің тарихи ескі қалалар мен әулиелердің мәңгілік мекендеріне, ескерткіштеріне тағзым жасағаны да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Түркістан қаласы мен Мағдума Мазами, үш жүзге пір болған Мүсірәлі қожаға, Жанқожа бабаға, Қызылбас палуанға, Бегім анаға, Қосым қожаға, Ақирекке барып қайтуы қариялардың ризашылығына бөленді. Аудандық, теміржол ауруханаларынан ардагерлерге арналған арнайы палаталар ашылып, жұмыс істеуде.

Иә, «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ұлағатты нақыл текке айтылмаса керек.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Кенттегі көше кітапханасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 15:00

Аудан орталығында жүзеге асқан осынау жағымды жаңалықты тамашалауға келгендер шараны ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылықтарын жаудырып жатты. Тіпті, «көше кітапханасы» деген аталуының өзі естігенді селт еткізердей екен. Тұп-тура көше бойына орналасқан көше кітапханасының негізі мақсаты – көпшіліктің кітап оқу және кітап алмасу арқылы адамның жан дүниесін байыту, білімге даңғыл жол ашу, жаңа идеяларға кілт табу, рухани құндылықтарға қол жеткізу.

Бір ерекшелігі, әлденеше жерде орналасқан көше кітапханасы арқылы аудан тұрғындарының өздері күткен қоғамдық көлік келгенше кітапты оқуға, немесе өзімен бірге ұнаған кітабын алып кетуіне, кейін қайтарып беруіне, болмаса өзге кітаппен ауыстырып оқуға мүмкіндігі бар. Әрі бұл үшін ешқандай құжат талап етілмейді де, оқырман билеті де сұралмайды. Баршасы кітап алған адамның жауапкершілігіне байланысты.

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген даналық сөзін мысалға келтіре отырып, көше кітапханасының жұмысына сәттілік тіледі. Мұрат Нәлқожаұлының осы шараға әкім ғана емес, оқырман, аудан тұрғыны ретінде қатысып, жанашырлық танытуы, оқырмандармен еркін пікір алысуы, суретке түсіп, қарапайымдылық үрдісін сақтауы да көпшілікке жылы әсер қалдырды.

Облыс көлемінде (тіпті еліміз бойынша десек те артық емес) тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «көше кітапханасының» бастамашысы аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, қолдаушылары мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова бастаған кітапханашылар болғанын атап кеткен жөн.

«Көше кітапханасының» ашылу салтанатында ақын Мұңсызбай Әубәкіров өзінің жеке кітапханасынан кітап сыйға тарты.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Өзгерістерді өзіңнен баста! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.10.2018 12:34

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының мақсатын мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне түсіндіру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты 11 мекемеде, яғни Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Қорқыт Ата мемориалды музейінде, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында, Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесінде және Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандық, Байқоңыр қалалық архивтерінде бейресми жиналыстар өткізілді. Жиын барысында мекеме басшылары бағдарламаның мақсат-міндеттері туралы хабарлама жасап, мекеме қызметкерлері өз ой-пікірлерін білдірді және бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдағы уақытта атқарылуға тиіс жұмыстар талқыланды.

Алдағы уақытта осы бағыттағы шаралар жалғасын табатын болады.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 11 12 13 14 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары