Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2210
mod_vvisit_counterКеше2743
mod_vvisit_counterОсы аптада11513
mod_vvisit_counterӨткен аптада16249
mod_vvisit_counterОсы айда44676
mod_vvisit_counterӨткен айда81370
mod_vvisit_counterБәрі4031519


Өзекті мәселелер

  • 19.09.19

    Әлемдегі өте қауіпті қылмыскерлер қамалатын, қауіпсіздігі ең қатаң сақталатын «Алькатрас» түрмесінен 1963 жылға дейін бірде-бір тұтқын қашып шыға алмаған. Ел абақтыны «Рок» (құз) деп те атайды. Сыртынан қарағанда сұсты көрінетін түрме әу баста қорғаныс шебі ретінде қолданылып, кейінірек әскери түрме салып, содан соң өте қауіпті қылмыскерлерге арналған абақты ретінде пайдаланылған. Толығырақ...

  • 19.09.19

    ЖҮРЕК   ДЕРТІНЕ  ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА  КӨМЕК

    Кеудедегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер не  бар?!  Оны адам ағзасының «моторы» дейміз. Бірақ жүрек дерті жас талғамай тұр. Тым жасарып бара жатыр. «Жүрегі тоқтап қалыпты», «жүрегі ауырады»  деген сөздер бүгін­де  жасамысқа  емес, жастарға да  айтылатын  болды.

    ...
    Толығырақ...
  • 19.09.19

    Әлемнің  дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру идеясы жарқын  болашаққа бас­тайтын жол болуы тиіс. Жаһандану үдерісі дәуірінде еліміз өз тәуел­сіздігін орнықтырып, шекараларын айқындап, ядролық қарудан бас тартып, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтай отырып, әлемдік ау­қымдағы тұрақтылық, достық, толеранттылық идея­ларын негіздеуде. Және бұл мәселелер Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі...

    Толығырақ...
  • 19.09.19

    «Мәңгілік ел» идеясының негізі – бұл біздің Қазақстан халқы ұрпақтарының алдындағы жауапкершілік, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына ену мәртебесі белгіленген және бұйырған лайықты және ұлы Қазақстанды дамытудағы біздің стратегиямыз. «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарих...

    Толығырақ...
  • 19.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    ОЙ   ТОЛҒАДЫМ  БІР   КЕЗЕК

    Сөз жоқ, социализмді гүлдендіріп, коммунизм ор­нат­пақшы болған қоғамды қайтадан құру машақаты бастал­ғалы сонау отызыншы жылдардан «коммунизмнің сталиндік алып құрылыс­тары» ұранымен жүргізілген шабуылдан табиғаттың тепе-теңдік заңдылығын бұзып...

    Толығырақ...
Қазан 2018

СЫР МЕДИЦИНАСЫНА СЕНІМ ЗОР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
18.10.2018 10:45

«Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

 

ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы мүмкіндік екенін аңғарасыз. Ал айлық табысы туралы әңгіме бөлек. Оған арнайы тоқталған Елбасы «алғашқы  медициналық-сани­тар­лық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап­ ауруларды емдеу ісін басқаруд­ың жаңа тәсілін енгізген учаскелік медицина қыз­меткерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға дейін көбейтуді тапсырамын» деп қадап айтты.

Облыстық денсау­лық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлі­метінше, Ұлт көшбасшысының бұл  тапсырмасын орындау Сыр өңірінде басталып та кетті. Бүгінгі күні облысымызда дәрігерлердің жалақысын арттыру үшін жүйелі жұ­мыстар жүргізілуде. Нәтиже­сінде көрсет­кіш 1:1,4-ке жеткен. Осы ретте басқарма басшысы А.Әлназарова «аймақтық сала дәрі­герлерінің жалақысының 20 пайызға көбеюі өз кезегінде облыс тұр­ғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапас­ы мен қолжетімділігін арттыруға оң септігін тигізетін болады» дейді. Бұл біздегі меди­ци­на саласы мамандарының атына­н жеткізілген зор жауапкершілік  екенін  ұқтық.

 

МЕДИЦИНАЛЫҚ   КӨМЕК  ҚОЛЖЕТІМДІ   МЕ?

Бұл сауалға облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова «Өз басым осы салада қызмет жасағаныма 30 жылдан асып кетті. Халықтың арасында боламыз, жекелей де кездесеміз. Облы­стың денсаулық сақтау саласын­да атқарылған жұмыс­тарға тұрғындардың көңілі толады»­ деп жауап берді. Елбасы­ өз сөзінде, «медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл  күйінің аса маңызды контенті болып саналады» деген болат­ын. Ендеше бұқараның «көңіл күйін» жайлы ету үшін ақхалаттылар сапалы қызметін аямауы тиіс. Облысқа Қырымбек Көшербаев әкім болып келген уақыттан бастап облыстық бюджет қаражатынан 54 амбулато­риялық нысан жаңадан салынды. Елді мекендердегі БМСК ұйымдарының 63 пайызы жаңартылды. Дәрігерлік аймақтағы халық саны 2200-ден 1700-ге дейін азайтылып, 2019 жылға дейін 1500-ге жеткізу жоспарланып отыр. Көзделген іс тиянақты аяқталса, аймақтық дәрігерлерге деген жүктеме кемиді. Бұл дегеніңіз – науқастардың сапалы­ медициналық көмек алуына мүмкіндіктері артады деген сөз.

Биылдан бастап 92 жас маман осы салаға тартылып, оның 60 па­йызы БМСК ұйымдарына жіберілген. Осылайша ондағы дәрі­герлердің саны артып, 95 пайыз­ға жеткен. Бұл – сапаны көтеріп, медициналық қолжетімділікке апаратын қарышты қадам.

 

АУРУДЫ  ЕМДЕУДІҢ  ТЫҢ  ТӘСІЛІ

Облыста ісік ауруларын зерттеу мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында салынуға жоспар­ланған  онкологиялық профиль­ді көпсалалы 300 төсек орындық аурухананың  жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150,5 миллион теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынады. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев онкологиялық орталық құрылысы келер жылдан қалмай басталуын тиісті мекемелерге тапсырған болатын. Бұл – сала қызметкерлеріне ғана емес, осы дертке шалдыққан­дарға бағытталған қолдаудың бірі. Онкологиялық аурулардың алдын­ алу, олардың емдеу жол­дар­ын қарастыру  мақса­тында  өңірімізде  зерттеу  жұмыс­тары жүргізіліп, тың тәсілдері ой­лас­тырылуда. Мәселен, 2016 жылы онкологиялық орта­лық­та паллиативті көмек көр­сете­тін бөлімше, биыл диаг­ности­калық палаталар ашылды. Осындай ауқымды шаралардың нәтижесінде қыс­қа уақытта онкологиялық ауруларды анықтауға болады. Ал паллиативті көмек ІV сатыдағы онкологиялық сырқаттардың толық ем алуына жағдай туғызды.

 

«ЖЫЛДАМ   ЖЕҢІСКЕ»   ЖЕТТІК

Облыстың денсаулық сақтау саласы бойынша жүргізіп отырған «Жылдам жеңіс» әдісі бойынша денсаулық сақтау нысандарының ІТ-инфрақұрылымын, сондай-ақ, созылмалы ауруларды басқарудың шешімдері, аурушаңдықты ерте анықтау және цифрландыруды қолдана отырып медициналық көмек көрсету шараларын қамтиды. Елбасы Жолдауындағы «2019 жылдың қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс» деген болатын. Яғни, салан­ы цифрландыру – медициналық қызметтің сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Қазіргі таңда облыстағы барлық медициналық ұйымдар 100% ақпараттық жүйемен қамтылған. Интернет, ком­пьютермен толығымен жабдықталған. Басқарма басшысының айтуынша, ендігі ке­зекте электрондық денсаулық паспор­тын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмек­тің қолжетімділігі мен тиімді­лігін арттыру көзделіп отыр. Осылайша медицина қыз­мет­керлері жаңа жүйемен тия­нақ­ты тірлік тындырмақ. Бұл – аталмыш сала бойынша жүр­гізілген мемлекеттік саясаттың  жемісі.

 

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


ЛАҚТЫҢ АЙЛАСЫ (ертегі) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.10.2018 10:32

Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

– Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

– Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

– Кіммен?

– Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

– Мен оны ертіп келейін, - деді.

Бұл ербиген неме қайда барар дейсің деп  ойлаған  қасқыр:

– Бар, тезірек ертіп кел, - деді.

Лақ төмен қарай жүгіре жөнелді. Іле бір шошақ тастың басына шықты. Қараса, асты терең құз екен. Тұсында үлкен терек өсіп тұр. Соңғы үміт сол еді. Секірмеске лаж жоқ. Ал секірейін десе жүрегі дауа­ла­мады.

Оны көрген қасқыр:

– Ей, неғып тұрсың ербиіп?- деді айбар­ шегіп. – Бері кел, бармасаң!

– Ағам жүрмей жатыр… қазір барам, - деді лақ.

– Жүрмесе… қазір мен көрсетем қалай жүруді, – деді қасқыр орнынан қозғалып.

Қауіп төнгенін сезген лақ ілгері қарай секіріп кетті. Лақтырған бөріктей құлдилап кеп көк теректің бұтағына жалп етті. Тұла бойы оңбай ауырса да, аман қалды.

Аздан соң есін жиған лақ:

– Ей, ақымақ, қасқыр, бері кел! - деді қасқырға.

– Не  деп  тұрсың-ей,  қайталап  айтшы, - деді қасқыр төбеден төніп.

– Ей, ақымақ, бері кел деймін!

– Сен сілімтікті ме! Мойныңды үзіп, жұлып алмасам, қасқыр атым құрысын. Дүлей ашумен төмен қарай секіріп кеткен қасқыр теректің діңіне қатты соғылып, сеспей қатты.

Жеңіске жеткен лақ одан ары жүрді. Жолда бір қабанға кезікті.

– Аға, мұнда неғып жүрсің, - деді лақ сасқа­нда не айтарын білмей.

– От оттап, су ішіп жүрмін, - деді шошқа қорс-қорс етіп.

– Аға, мен қорқам, - деді лақ еркелеп.

– Неден қорқасың, қасыңда мен бармын ғой…

– Білмеймін…

– Онда маған ілесіп жүр.

– Жоқ, аға, мен сізге мініп алайыншы. Шаршадым!

– Мейлің.

Лақ тастың үстіне шығып, қабанға секіріп мініп алды.

– Ой, аға, арқаң қандай жұмсақ, - деді ол сәлден соң.

Қабан мінгізерін мінгізсе де, аздан соң жайсыздана бастады

– Лақ, түсші, көкем! Менің қытығым кеп тұр, - деді қипалақтап.

– Ой, аға, қойшы! Түспейінші! - деді лақ түскісі  келмей.

Лақ түспеді. Қайта жабыса түсті. Лақ құшағын қатты қысқан сайын қабан күлкіге тұншығып, желіге берді. Ақыры ол қалың бұтаға кеп қойып кетті. Лақ артынан сыпырылып түсіп қалды. Аздан соң бір бұғыға кез болды.

– Ата, мен адасып қалдым, сай табанына­ түсіріп қойшы, - деді жыламсырап.

– Кел, менің екі мүйізімнің ортасына отыр, - деді бұғы екі сөзге келмей.

Лақ бұғының айтқан жеріне жайғаса кетті. Сөйтіп бұғы оны лезде сай табанына әкелді. Өзі жайына кетті.

Лақ біраз жүрген соң тағы да бір қас­қырға кез болды.

Бұл түні­мен отар торып, түк іліктіре алмаға­н аш қасқыр  еді.

– Мен сені жеймін, - деді ол лақты көрген жерден.

– Жесең же, - деді лақ бірден келісіп. – Бірақ бір тілегім бар, соны орында.

– Айт тілегіңді!

– Мен әлі баламын ғой… шамалы ойнат­шы  мені.

– Қалай ойнатам?

– Арқаңа мінгізіп ал да, ана суда жүз. Ойыным қанған соң жей бер.

Қасқыр көнді. Лақ оның үстіне мініп алды. Екеуі су бетінде сынаптай сырғып жылжи жөнелді. Лақ іштей қатты қорықса да, онысын білдірген жоқ.

– Алақай, қандай жақсы! - деп айғай салды тіпті. Сөйтті де, қасқырдың көзін аяғымен баса қалып:

– Ағатай, жүзе бер, жүзе бер! Тез жүз! - деді қызыққа батқан кісі болып.

Қасқыр бар күшін салып жүзе берді. Бір кезде төбе басында жүрген қос төбет суда жүрген лақты көріп, тұра ұмтылды.

Өзіне қарай ағып келе жатқан төбеттерді көрген лақтың қуанышында шек болмады. Олардың дыбысын қасқыр біліп қала ма деп қауіптеніп:

– Ағатай, жүзе бер, жүзе бер, - деп тағы айғайлады бастырмалатып.

Судың сылдыры мен лақтың айғайынан түк естімеген қасқыр қарқынына қарқын қосып жүзе берді. Сақпан тасындай зулаған қос төбет жақындап қалғанда лақ:

– Ағатай, көзіңді жұмып, жүзе бер, - деді, өзі секіріп кетуге ыңғайланып. Сәті жеткенде жағаға қарғып шығып, қос төбетке­  қарсы  жүгірді.

Қасқыр сонда ғана көзін ашып, лақты көріп, тұра ұмтылды. Бірақ бұл ажалына асығумен бірдей еді. Қос төбет қос бүйір­ден іліп, жайратып салды.

Айлакер лақ демде төбе басына жетіп, сонда жайылып жатқан қалың отарға қосылды.

Дәнеш   АХМЕТҰЛЫ

 


ҚОРҚЫТ АТА: АҚИҚАТ пен АҢЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.10.2018 10:10

Қорқыт атаға қатысты әртүрлі деректерде­гі көптеген шығармалар мен ғылыми еңбектердің жарық көргенін білеміз. Арасында мәліметтері бойынша қарама-қайшылықты, өзара үйлеспейтіндері де аз емес. Ғылым үшін олардың­  дұрысы мақұлданып, бұрыстары терістеліп, тек ақиқат шындықтың айқындалғаны ләзім. Әсіресе, абыз атаның­ ғұмыр кешкен дәуірі, өскен ортас­ы жайлы тұшымды пікір, дәлелді тұжырым жоқ. Сондықтан, қатысты дерек­ көздері мен мәліметтерге  ғылыми негізде талдаулар жасалып, зерде­ленуі қажет-ақ. Қорқыттануға үлес қосқан алғашқы дерек көздері және өзге ғылыми еңбектерді қысқаша атап өтейік.

Неміс ғалымы Х.Ф.Диц 1815 жылы Дрезден  қаласы кітапханасы қорынан 12 жырдан тұратын «Оғыз тайпалары тіліндегі Қорқыт ата кітабы» қолжаз­басын тауып, ғылыми айналымға шығарған.­

Итальяндық ғалым Е.Росси 1956 жылы Ватикан кітапханасынан «Қор­қыт ата кітабының» 6 жырдан тұратын екінші қолжазбалық нұсқасын тауып, итальян тілінде Дрезден және Ватикан нұсқаларының факсимилесін бірге жари­ялаған. Зерттеуші  ғалымдар 12 жырдан  құралған  қолжазбаны Абдал­лах Ибн Фарах атты автор арқылы шамаме­н ХІV-ХVI  ғасырларда  жазыл­ған деп тапқан. Сондай-ақ, Рашид­-ад-Диннің 1301-1307 жылдары жазып бітірген «Жылнамалар жинағы» көп томдығында Қорқыт, Оғыз, олар­дың­  ұрпақтары жайлы мәліметтер берілсе­, Әбілғазы Баһадүр ханның  1601 жылы жарық көрген «Түрікмен шежірес­і» еңбегінде Қорқыт атаға қатыст­ы  деректік   жазбалар  кездеседі.

Осы айтылған жайттар бойынша ғылыми негізде мәліметтер беретін еңбек түрік ғалымы Орхан Шайк Гөкйай арқылы 1973 жылы Стамбул қаласында баспадан жарық көріпті. «Дедем Коркудун китабы» аталған мың беттен аса көлемдегі осы кітапқа­ Қорқыт атаға қатысты әлемдегі бар материалдар жинақта­лыпты.

Сондай-ақ, іргелі еңбектердің бірі – 1989 жылы Анкара­  қаласында  басылған, 2 томнан тұратын Мұхаррем Ергиннің «Деде Коркут Ки­таби» атты еңбегі. Осында мәтінге қоса, факсимиле және әр сөздің тіркеме көр­сеткіштері жазылыпты. Қорқыт атаға қатысты осы жаз­балардағы жырлар мен өзге мәліметтердің бәрі бірдей шындыққа сай келеді деп айтуғ­а болмайды. Себебі, Қорқыт абыз заманынан бері ауызша айтылып келген жырла­р мен деректік мәлі­меттер хатқа түскенше арада 700-800 жылдай уақыт өткен. Сондықтан, ауыздан-ауызға таралып келген жырлар мен әпсаналардың ұмытылған жерлерін сол айтушылар шығарм­ашылық тұрғыда өз­дерін­ше  толықтырып, жаңартып  отырған  болса керек.

Кезінде, әкесі, академик С.П.Толстовпен бірге Хорезм ғылыми-зерттеу экспедициясы құрамында болған ғалым, тарихшы-этнограф Л.С.Толс­тованың пайымдауынша, халық естелігі шеңберінде өмір сүретін тарихи деректер мен айғақтардың сақталу мерзімі 200, 300, одан қалды, 500 жыл екен («Использование фольклора при изучении этно­ген­еза и этнокультурных связей народов». М, 1983, стр.22).

Осы жырлар мен әпсаналардың баяндауынша Қорқыт ата – қасиеті мен қызметі тұрғысында жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Ол бақсы, көріпкел әулие, асқан күйші, жырау (озан), ру мен тайпа және хандардың кеңес­шісі, уәзір, дана қарт ретінде суреттеледі. Осы тұста абыз ата жайлы беделді отандық ғалымдарымыздың энцикл­опедиялық жинақта        (А, 1999) қысқаша жазылған қорытынды пікір­лерін келтірсек артық болмас.

«Бұл жырлардың VII-VIII ғасырлар арасында туғаны, араға уақыт салып Қап тауынан асып, Анадолы жеріне табан тіреген ұрпағының ата жұртын сағынып, есінде қалған Қорқыт жырын қағазға түсіргені ғылымда дәлелденген шындық... Бұдан шығатын қорытынды: Қорқыт ата рухани мұрасы бүкіл түркі халқының VII-VIII ғасырдан кейінгі мәдениетіне негіз болып қаланған іргетас­ екен». («Қазақ энциклопедия­сының» бас редакторы, академик Ә.Нысанб­аев, 7-б).

«Қорқыт – ғалымдардың көпшілі­гінің дәлелдеуіне қарағанда Ислам діні оғыз, қыпшақ арасына тарамай тұрғанда өмір сүрген бірінші абыз, бақсы­лар­дың атасы», - дейді филология ғылы­мының  докторы  Ш.Ыбраев, (23-б).

«Ескі дәуірдегі (VII-VIII ғ.ғ) Қорқыт туралы айтылатын қария сөздерді, ғажайып әпсаналарды сақтап келген бір ғана қазақ пен түрікмендер екен», - дейді академик Ә.Марғұлан (47-б).

Жоғарыда айтылған осы ой-пікірлер шындыққа толық сай келеді. Атап айтқанда, Сыр бойы мен Қаратау қойнаулары жерінде, төңірегінде болған оқи­ғалардан туған ретінде Х.Г.Короғлы атап өткендей «Қорқыт ата кітабындағы» I-II-III-IV-XII жырларды, оған қоса V реттегі «Ер жүрек Домрул батыр» әпсанасын қосар едік. Бұл жыр, академик В.В.Бартольд болжағандай, Кавказ жерінде туған емес. Себебі оғыздардың жаз жайлайтын Ұлытау жерінде «Домбауыл дыңы» және «Сарын шоқысы» деген қасиетті жерлер бар. Бұл жыр Тәңірі дініндегі ертедегі ата-бабалардың Ислам діні таралуы қарсаңында оған қарсылық ниетінен туған. Сондай-ақ, «Іш оғыз тыс оғызға қарсы болып, Бейректі  өлтіргенінің баяны» деген жыр «батыстық пен шығыстық оғыз арасын­да болған 1043 жылғы соғыс, оғыз-қыпшақ ұлысының бүлінуі» суреттелген деген, аяулы ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаевтың пайымдауы шындыққа сай келмейді. Аруз кегін оның баласы Бисат жоқтап, Салор, Қият, Сейілхан, Қараманды өлтіреді, өлгендер ішінде Қазан, Теріс Ұзамыш, Оқшы болуға тиіс деген деректер қайдан шыққаны, қайсы мәліметтен алынғаны белгісіз. Есесіне, жырда Аруздың басы кесілген соң, Тыс оғыз бектері бұны көріп тез аттан түсті, Қазанның аяғына жығылды, кешірім сұрады, қолын өпті деп жазылған сөздер шындыққа біртабан жақын дейміз. Ертедегі ата-бабалар замандарында «шүлен тарқату», «ханталапай» салт-дәстүрлері болғаны белгілі. Осы жырдағы жағдай да «ханталапайдан» соңғы ру басшылары арасындағы кикілжің салдарынан ғана туындаған болса керек.

Ал, Қорқыт атаның ғұмыр кешкен дәуірі, өскен ортасын айқындауымызға мүмкіндік беретін алғашқы жазбаша айғақтық деректер Ғазан ханның уәзірі, әрі дәрігері болған Фазал-уллах Рашид-ад-Диннің Қорқыт, оғыз, олардың ұрпақтары жайлы мәліметтер берілген «Жылнамалар жинағы» кітабында хатқа түсіпті. Үш томнан тұрған аталған еңбекті жазып шығуға кеңесші ретінде Болд Чинсан (министр) және 6 шежіре­шілер құрамында «тарих институты» құрылған. Олардан өзге көшпелі түрік тектес халықтардың және үнді, қытай, француз тарихынан хабардар ғұламалар шақырылған. Нәтижесінде аталған кітап 1301-1307 жылдары жазылып шыққан.

Академик Ә.Марғұлан сол еңбектен алып төмендегінше жазған: «Рашидеддин жазып алған әпсана бойынша Қорқыт үш ханның уәзірі болған. Олар – Инал Сар Ябғу хан, Дойлы, Көл-Еркі. Инал хан елді көркейтті, бейбітшілік орнатты, жеті жыл патша болды. Қайы Инал хан Мұхаммед пайғамбармен тұстас еді... Көл-Еркі хан болғанда Қорқыт оған кеңес беруші еді. Инал ханның­ баласы Тұман ер жеткенде хан­дықты Көл-Еркіден тартып алуды ойлады. Сонда Қорқыт Тұманға: «Сенің жас кезіңд­е ел басқаруды Көл-Еркіге берген­ едік. Ол енді қартайды, бірнеше жыл өмірі қалды, бірақ сен тақты одан тартып  алсаң, халық саған наразы болады, бұл саған жараспайды», - дейді (Энциклопедиялық  жинақ. А. 1999., 55-б)

Филология ғылымының докторы, профессор Ш.Ыбраев «Қорқыт және шаманизм» атты еңбегінде жоғарыда аталған кітаптан 354 жыл өткен соң жарық  көрген Әбілғазының «Түрікмен шежіресі»  кітабы мәліметтері бойынша­ төмендегіше  жазады.

«Іс жүзінде Әбілғазының еңбегінде Қорқыт бес ханның замандасы. Олар Инал Иавы, оның кенже ұлы Дулы Қайы, оның кіші інісі Көл Еркі, оның күйеу баласы, әрі жиені Тұман хан және оның ұлы Қаңлы (Қанды) Иавы. Рашид Әд-Диннің де, Әбілғазының да жаз­баларында аты аталған бұл адамдардың (бәрі хан болмаған) тарихта болғандығы белгілі». (Энциклопедиялық жинақ, А, 1999, 579-б).

Жоғарыда аталған хандардың ғұмыр кешкен уақыты қайсы? Оны білу үшін Орхон руна жазуында айтылған Шығыс Түрік қағандығы (6-8 ғ) құрамына кірген оғыздар тарихынан желі тартқанымыз жөн болар. Орхон-Енисей жазуларын 1997 жылдан үзбей зерттеп келген ғалым Бекжан Орынбайдың «Түркі күлбізік жазба ескерткіштері тілінің семиотика-семантикалық негіздері» атты зерттеу еңбегі 2016 жылы «Қазығұрт» баспасынан басылып шыққан. «Ана тілі» газе­тіні­ң №3/19-25/І-2017 жылғы санын­да Күлтегін жазба ескерткіштерінің текс­тологиялық түзетілімі, транскрипциясы мен аудармасы оқырман қауым назары­на  ұсынылған.

Үлкен жазу!

Үс(т)те Көк Тәңірі көк аспан кеңіс­тігін, аста айғыз жерді жаратып табынт­қанда, екеуінің арасында адам баласы қылынған. Адам баласында тақ үстінде аталарымыз, Ер, Алып ұлық билеушілеріміз Боджман қаған асыл Үстенмән джабғу, Қазықұл қаған, Мәукен қаған, Арыслан Бек Йұғұрыш (уәзір), Тоңқбек қаған тектес ер бектер отырған. Отырып, түрік халқының елін, билік заңын ұстай  берген, құрып  нығайта  берген. 13-ші кіші жазуда Күлтегіннің 47 жаста қайтыс болғаны, Табғаш қағанының тас қашаушы шебері Чаң Сәңұнның осы жазбаларды бәдіздегені айтылыпты. Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бекжан Орынбай ескерткіш жазбасындағы бұрынғы ғылымдар Бумын деп оқыған есім бір ғана дыбыс - Дж таңбасының оқылмауы себебінен жаңылыс қатені түзеткен.

Еске алар болсақ, Рашид-ад-Динің «Жылнамалар жинағы» шежіресінде Оғыз ханның Күн хан атты баласынан Қай, Баят, Алқраулы, Қарауйлі елдері таралғаны айтылса, Эргене-Кондағы Ашина (Көкбөрі) түріктерінің Алтын қазысы (би) үлкен ұлы Мергеннен Ұранқ­ай және Қоңырат ұрпақтары таралға­ны  баяндалады.

Тарихшы, академик Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабының деректеріне­ жүгінсек, Батыс түрік қағанатының негізін салушы Боджман (Бумын) қағанның інісі Үстенмән Жабғу әскерлері соғыста жеңілген Солтүстік Алтайдағы  жұжандардың қалдықтарын алдына­ салып қуа отырып, малдарын айдап  көше  қонған, соңынан  ерген 120 мыңдай­ халқымен 555-556 жыл­дары аймағы­мызға келіп қоныстанып қал­ғаны  мәлім. Күлтегіннің үлкен жазуын­да Иоллығ тегін арқылы «асыл» «Үстен­мән Жабғу» делініп тасқа бәдізделген, қай тайпасынан шыққан осы қаған әскерлері жұжандықтарды Еділ өзенінен ары қуып тастаған болатын. Бұл жағдай 558 жылдары орын алған. Фирдоуси мәліметтерінде Үстенмән әскерлерінің келген ізі ретінде Жетісу жері, Шу, Талас алаптары, Гулзарунның солтүст­ікке бұрылысынан төменірек (Байырқұм) оны кесіп өтіп, Әмудария бойымен кеткені айтылады. Әскерлер соңынан жүріп қоныстанған халық осы із бойында Талас, Шу алаптары, Қаратау жайылымдары, Сыр өзені орта ағысы  бойын  жайлаған.

Еділ өзенінен өтіп, қара үзген жужандықтарды (аварларды) қуып жетіп, құртуға Үстенмән Жабғының мұршасы келмейді. Артындағы еліне жолшыбай қақтығысқан эфталиттер қайтадан тиісе­ бастайды. Түрік әскерлері батысқа жаса­ған­ жорығын тоқтатып, кері оралуға мәжбүр болады. Тарихи деректерге қарағанда, Үстенмән өз қарауындағы туысқан түркі елдері басшыларына сауын­ айтып, әскер жината бастайды. Эфталиттер  мемлекеті  іргесіндегі, ауданымыз  жеріндегі  Сығанақ (Сұғ-он-оқ) жеріне әскери бекініс салынып, түрік­тер үлкен шайқасқа дайындалады. Қазір­де Сырдария өзенінің сол жаға­лауын бойлай салынған Көктөбе, Қаратөбе, Абызтөбе, Келінтөбе, Балапан­төбе, оң жағалаудағы Ақтөбе, үстіртте Үштөбе қарауылдық әскери бекініс ретінде салынған деуге болар, құрылыстың  биік жал топырақтан үйілген орындары бар. Сығанақ әскери бекінісінен Бестам қару-жарақ шеберханалары қалашы­ғы да қашық емес. Археолог ғалымдар Қ.А.Акишев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич еңбектерінде аталған төбелер мен Сығанақ қаласы орнынан жиналған керами­ка  деректері  ішінара  тексеріліп мерзімделгенде, олардың 5-6-ғасыр­ларға жататыны ғылыми негізде тұжы­рымдалған­.

Жасұзақ   АМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР  ІІМ-нің  Құрметті  ардагері,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі,

Жаңақорған  ауданы

(Жалғасы  бар.)

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ 14 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.10.2018 10:05

Ағымдағы жылдың 1 қазаны бойынша, қолданыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 41 393-ті  құрады.  Соңғы жылы олардың саны 11 пайыздан асқан еді. Бұл ШОБ өсу қарқыны бойынша республикадағы өңірлер арасында ең жақсы нәтиже болып табылады.

16-17 қазанда Қызылорда облысы әкімдігінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәжіліс өтіп, онда 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа жұмыс орындарын ашу, 2018-2020 жылдардағы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру және  жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың санын азайту  мақсатында аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үш жылдығы  жарияланды.

Жиналысқа ауылдық округ пен аудан әкімдері, кураторлар - ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты аймақтық департаменттер мен инспекциялардың, басқарма мен өңірлік қаржы институттарының басшылары қатысты.

«Жылдың басында жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 97,5 мың болса, бүгінгі күні олардың саны 35,8 мың адамды құрайды. Яғни 62 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған және ресми түрде тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан астам адам жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында жұмыс істеуде», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ішкі өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 14,2 пайызды құрайтынын атап өтті.

«2018 жылдың соңында шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі кемінде 15 пайызды, 2020 жылы 25 пайызды құрауы керек. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылды.  Осыған орай, ауылдық округтердегі  кәсіпкерлікті дамытуға жауапты тұлғаларға ауыл әкімдерімен бірлесіп, нақты жобалар аясында, оның ішінде  зәкірлі жобаларды қолдауды  және олар іске қосылғанша бақылау жасауды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Аудан, ауылдық округ әкімдері мен кураторлар кәсіпкерлік субьектілерін ашу бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы есеп берді. Мысалы, жыл басынан бастап 1 қазан аралығында Сырдария ауданында - 2167, Қызылордада  26099 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Аймақ басшысы қала басқа аудандарға үлгі болуы керек екенін нақтылап, жыл соңына дейін мемлекеттік органдар басшыларының өз саласы бойынша ШОБ дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарының қорытындысы  тыңдалатынын атап өтті.

Мәжілісте кейбір ауылдық округтердің әкімдері мен олардың кураторларына  сөгіс пен ескерту берілді, жыл соңына дейін оң нәтиже бермеген жағдайда, жұмыстан босатылатынын ескертті.

«Мемлекет барлық жағдайларды жасауда: қаражат бөлінді, бағдарламалар әзірленді,  сіздерден тек осы жұмыстарды өңірімізде  ұйымдастыруға деген ниет қажет. Біз облыс тұрғындарының әл-ауқатына жауаптымыз, жауапкершілікті алып, нәтижелі жұмыс істеуге тиіспіз. Жыл соңында  әрқайсыларыңыздың есептеріңіз тыңдалып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестеріңіз қарастырылатын болады», - деді Қ. Көшербаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы екінші деңгейдегі банктердің басшыларына несие портфелін ұлғайтуды тапсырды.

«Егер банктердің филиалдары жұмыс істемесе, аймақтағы ШОБ-тің дамуына үлес қоспаса, онда қызметін дұрыс атқармайтын жергілікті  филиал директорларын жұмыстан босатуға  немесе филиалды мүлдем жабуға қатысты басшыларынан талап етуге  тура келеді», - деді облыс әкімі.

Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы  жергілікті кәсіпкерлікті дамытуда әрбірінің  жеке жауапкершілік таныту керектігін ескертті.

Анықтама: Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің, облыстық қоғамдық кеңестің және Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  үшжылдығы  ретінде жарияланды. Осы уақыт аралығында аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілетін болады. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту облыста үш маңызды мәселенің шешім табуына: салық базасын ұлғайтуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. ШОБ субъектілерін қаржыландыру үшін облыстық бюджеттен 32 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап жобаларына 3 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Болашақ және өз істерін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашылды. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Цеснабанк» АҚ  Қызылорда филиалы және өзге де мекемелер орналастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Мая Сыдық: «Қолөнерім – кәсібім» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.10.2018 09:58

Бүгін біз Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны, 27 жастағы кәсіпкер Мая Сыдық туралы айтпақпыз.

Тігін тігіп, тоқыма тоқу Маяның алғашында жай ғана қызығушылығы болатын. 19 жасында тұрмысқа шығып, бүгінде 3 баланың анасы атанған ол осыдан төрт жыл бұрын балаларына, тұрмысқа қажетті заттарды өзі тігіп, тоқуды үйренеді. Істеген жұмысы өзінің ғана емес, ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып, тапсырыстар түсе бастайды. Осылайша жас келіншектің қызығушылығы кәсіпке айналып, нәсібін табуға себеп болады.

«Ауыл тұрғындары тарапынан түскен тапсырыстың артуы қажетті құрал-жабдық алып, шығаратын өнім түрлерін де көбейтуге себеп болды. Құрал-жабдықтар әзірлеп, сатқан өнімдерден түскен қаржыға алынды. Тапсырыс көлемінің артуынан қасыма көмекші алдым. Бір жылдай болды бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Қазір қыз жасауын, жаңа қонысқа қажетті төсек-жабдықтар дайындап жатырмыз», - дейді Мая Сыдық.

«Кәсібімнің облыс көлемінде танылуына Кәсіпкерлер палатасы көп көмектесті», - дейді. Аудандық, облыстық көлемде өткізілетін көрмелерге қатысу арқылы өніміне деген сұраныс та еселене түскен. Осындай жас кәсіпкерлердің жобаларына арналған көрмелердің бірі осы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті. Байқаудың өткізілетіні туралы Палата мамандарынан естіген Мая жолдың алыстығына қарамастан, Астанаға келіп, ұлттық нақыштағы өнімдерін Елорда төрінде көрсетті.

«Астанадағы жас кәсіпкерлердің жобаларына арналған көрмеде жүлдеге ие болғаным жоқ, бірақ тәжірибе жинақтадым. Өзім секілді өзге де жас кәсіпкерлердің өнімдерімен таныстым. Алдағы уақытта мұндай байқауларға қандай дайындықтың болуы қажет екендігін көрдім, ойыма түйдім», - дейді жас кәсіпкер.

Мая жақында «Еңбек» бағдарламасы аясында 240 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Аталмыш қаржыға тігін машинасын алып, кәсібінің көлемін одан әрі арттыра түспек. Жас кәсіпкердің кәсібі табысты болсын деп тілек білдіреміз.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


БІРҚАТАР МИНИСТРЛІК БАСШЫЛАРЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.10.2018 09:44

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым вице-министрлері мен комитет басшыларынан құралған Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық ақпараттық-насихаттық тобы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша кездесулер өткізіп, аймақтың әлеуметтік-өндірістік нысандарының жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында ҚР Ішкі істер министрі Қызылорда облысы ІІД-нің «Бірыңғай төтенше қызмет «112» жобасымен танысты. Қызылордада «Смарт Қауіпсіздік» жобасын іске асыру аясында өрт қауіпсіздігі, құтқару қызметі, полиция, жедел жәрдем және авариялық газ бойынша кезекші қызметтерді біріктіретін «112» Бірыңғай төтенше қызметі енгізілуде. «112» қызметінің мониторинг жүйесі барлық кіріс қоңырауларын, сондай-ақ, қаланың электрондық картасы бойынша экипаждарды көрсетеді. Патрульдік жасақ мобильдік қосымшасы бар планшеттермен қамтылған, онда барлық қоңыраулар оқиғаның сипаттамасымен қоса келіп түседі.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ағымдағы жылдың маусым айында ашылған Жалағаш АІІБ әкімшілік ғимаратында болды. АІІБ-ның үш қабатты әкімшілік ғимаратында бақылау-өткізу пункттері, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну кабинеттері бар. Сондай-ақ, кешен қызметкерлерге арналған жатақхана, арнайы мекеме, жауап алу мен тир бөлмелерін қамтиды.

Облыс активімен кездесу барысында Елбасы Жолдауының негізгі міндеттерін іске асыру механизмдері  талқыланды.

Ақпараттық топпен кездесуде облыс әкімі Қ.Көшербаев Жолдаудан туындайтын тапсырмалардың аймақта орындалу барысымен таныстырды.

«Мемлекет басшысы әрқашан қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне баса назар аударып келеді. Осы Жолдауда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бұрын қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа бағыттары ұсынылды», - деді аймақ басшысы.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жолдаудың міндеттері бойынша водомстваның  атқарған жұмыстары жайлы баяндады.

«Мемлекет басшысы Жолдауында негізгі басымдықтарды айқындап берді. Оның ішінде полиция қызметінің құрылымын жаңғырту, оны жаңа деңгейге көтеру туралы нұсқау берілді. Себебі қоғамдық қауіпсіздік бәрінен де маңызды болып табылады. Қазіргі таңда көп істер атқарылды, бірақ ішкі істер органдарының жұмысында әлі шешілмеген мәселелер бар, сондықтан әлде де атқаратын жұмыстар көп», - деді ҚР Ішкі істер министрі.

Өз кезегінде, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мен олардың жүктемесін төмендету  Жолдау басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтаудың электрондық паспорттарын енгізу дәрігерлердің жүктемесін айтарлықтай азайтады. Бүгінгі күні 15 млн. Қазақстандық электрондық медициналық паспортпен қамтылған, ал 2020 жылға қарай барлық азаматтар электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етілетін болады», - деді Ләззат Ақтаева.

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Жолдауда мұғалімдердің мәртебесін жоғарылату, артық тексерулерді жою, ынталандыру шаралары мен мектеп оқушыларына жүктемені төмендету жөнінде ерекше атап өтілгенін  айтты.  Статистика бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында оқушыларына ең жоғары жүктеме қоятынын,  қазіргі таңда министрлік білім беруді жетілдіру бойынша ұсыныстар жинақтап жатқанын айтты.

«Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар ашудың озық тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді. Мектепке дейінгі мекемелердің 72 пайызы жекеменшік, сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балаларды  жүз пайыз балабақшамен қамту мәселесі шешімін тапқан», - деді вице-министр.

Ақпараттық-насихат топ өңірдегі әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, аудандарда халықпен кездесулер өткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


БЮДЖЕТТІК БАСЫМДЫҚТАР ӘЛЕУМЕТТІК САЛА МЕН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫНА БЕРІЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.10.2018 16:00

2019-2021 жылдарда Қызылорда облысы бюджетінің басымдықтары әлеуметтік мәселелер мен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға беріледі. Бұл туралы облыстық мәслихаттың отырысында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәлімдеді.

Мәслихат отырысында аймақ басшысы алдағы үш жылға арналған бюджет жобасымен  таныстырды.

«Өткен жылдардағыдай, облыстық бюджет әлеуметтік бағытын сақтауда.  Бұл әлеуметтік-экономикалық дамуға ерекше мән берілген Мемлекет басшысының ағымдағы Жолдауы аясында да маңызды болып табылады. Мысалы, Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және облыс бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасы аясында облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 64 пайызға жеткізу мақсатында тиісті қаржылар бөлініп, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғаса береді»,-деді аймақ басшысы.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Қорқыт Ата әуежайының терминалын салу, облыстың медицина мекемелерін арнайы техникамен жабдықтау, 600 орынға арналған колледж бен 200 адамға арналған жатақхана құрылысы, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жобалары сияқты бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, аталған жұмыстар тірек елдімекендерді одан әрі дамыту жоспарының шеңберінде жүзеге асырылатын болады, жалпы алғанда 16 тірек елдімекенді, сондай-ақ, «Орда» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің, облыстық қоғамдық кеңестің және Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  үшжылдығы  ретінде жарияланды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту облыста үш маңызды мәселенің шешім табуына: салық базасын жақсартуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

«Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету мақсатында біршама қаражат бөлінуде. Атап айтсам, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несие беру үшін облысқа жалпы 3,4 млрд. теңге қаралған. Осы қаражат аясында облыстағы 679 кәсіпкердің жобасына 2 млрд. 145 млн. теңгеден аса шағын несие ұсынылған. Шағын несие беру аясын кеңейту мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. теңге шағын несие қаражаттары негізінде облысымыздың микробизнес субъектілерінің 280 жобасы қаржыландырылып, 600-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Одан бөлек, тұрақты бизнестің 102 жобасына аймағымыздың екінші деңгейлі банктері арқылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 5 млрд. теңгеге жуық несие қаражаттары ұсынылған»,-деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биылғы жылы облыста 184,5 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілді. Оның ішінде күріш егісінің көлемі  87,3 мың гектарды құрады, қазіргі таңда күріш жинау жұмыстары жалғасуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАЛАНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫНДА 200 ҰСТАЗҒА МЕДАЛЬ ТАҒЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.10.2018 15:19

Кеше Қызлорда қаласы мәслихатының мәжіліс залында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздар қауымын құттықтап, оларға Қызылорданың 200 жылдығына арналған "Мерейтойлық медальді" табыстады. Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі мамандары, ардагер ұстаздар және белсенді, білікті мұғалімдердің барлығына құрмет көрсетілді.

Қаламыздағы ұстаздарға құрмет көрсету, оларды марапаттау тек бүгіннен басталған жоқ. Қазан айының 4-і күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде Ұстаздар күні мерекесінде арнайы жиын өтіп, ол жерде де ардагер ұстаздарға, сала мамандарына "Мерейтойлық медаль" беріліп, талантты, дарынды оқушылардың, жастардың қатысуымен мерекелік концерт өткен болатын. Одан бөлек сол жерде қаламыздағы ең беделді 10 ұстазға Бурабайда демалып келуге арнайы жолдама берілді.

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы өзінің құттықтау сөзінде білім саласындағы жетістіктердің жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде қаланың білім саласын қамтамасыз етуге 21 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жыл сайын қала бюджетінің 45-50 пайызы білім саласына бағытталып келеді. Нәтижесінде қаладағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға орындалды.

Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер 100 пайызға қамтылды.

Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде Қызылорда қаласы түлектерінің жетістіктерін де ауыз толтырып айтуға болады.

Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл – 91. Ең жоғарғы балл - 135. Қала түлектерінің 561-і 100-ден жоғары балл жинады.

2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 98 оқушы «Алтын белгі», 100-ден астамы "Үздік аттестат" иегері атанды.

2018 жылы мектеп бітірген 2141 бітірушінің 980-і мемлекеттік грантты иеленді. Биылғы оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда қаласы аймақта 1-орынға шықты.

Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаев жиын соңында: "Ұстаздарға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау – біздің парызымыз. Қызылорданың биылғы 200 жылдығында ең көп медаль алып жатқан - осы білім саласының мамандары. Себебі Сіздер барлық марапатқа лайықсыздар" - деп, қорытындылады өз сөзін.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР» АЛЛЕЯСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.10.2018 15:16

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында жаңғыртылған Жалаңтөс батыр аллеясының ашылуы мен мерекелік концерт өтті. Қазалы ауданы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жанындағы аллеясын жаңғыртып, таныстырылымын ұйымдастырды.

3 га аумаққа брусчатка төселіп, Жалаңтөс батыр ескерткіші аумағында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, ротондар мен шағын архитектуралық нысандар орнатылды. Жаңғырту жұмыстары демеушілердің көмегімен жүргізілген.

Еске сала кетейік, Жалаңтөс баһадүр ескерткіші 2010 жылы қыркүйек айында қойылған болатын. Ескерткішті жаңғырту жұмыстары 20 қыркүйекте басталып, 15 қазанға дейін жалғасты.

Сондай-ақ, кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазалы ауданы өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының концерті өтті. Онда қазақтың халық әндері, ұлттық билері, әлемдік классикалық музыканың озық үлгілері орындалды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев аллеяны қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, Қазалы ауданының тұрғындарымен кездесті.

Айта кетейік, Қызылордада аудандардың шығармашылық ұжымдарының концерттері және қала мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар өткізілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«Бизнестің жол картасы» аясында 8 жылда 1332 жоба қаржыландырылған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.10.2018 15:11

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Қызылорда қаласы әкімдігі ұйымдастырған Жолдаудан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған активте айтты.

«Бизнестің жол картасы» қабылданған 2010 жылдан бері біздің облысымызда жалпы құны 55,73 млрд. теңгені құрайтын 1332 жоба мақұлданған. Оның ішінде осы жылдың өзінде жалпы құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын 335 жоба қаржыландырылып отыр. Бағдарлама қабылданған 8 жылдың ішінде 9081 жұмыс орны сақталып, жаңадан 4446 жаңа жұмыс орны ашылды», - дейді Палата басшысы өз хабарламасында.

Мұнан өзге, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жұмыссыздардың, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға биылғы жылдың өзінде жалпы сомасы 200 млн. теңге құрайтын 224 мемлекеттік грант бөлінген.

Өздеріңізге белгілі, 2018-2020 жылдар аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы болып жарияланды. Жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Оған барлық көздерден 32 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер, әрбір 264 елді мекенге жауапты лауазымды тұлғалар (кураторлар) бекітілді.

Ғалымбек Жақсылықов «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» бағдарламасы шеңберінде де жалпы соммасы 97,4 млн. теңге құрайтын 405 мемлекеттік грант беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. Өтеусіз грант есебінен жыл соңына дейін 1005 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр екен.

Сондай-ақ, Палата директорының айтуынша, кәсіпкерлердің алған несиелерінің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға 900,2 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері 4,1 млрд. теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданып, субсидия қарастырылды. Жыл соңына дейін кемінде 10 млрд. теңге несиені субсидиялау көзделуде.

Айта кету керек, өңірде кәсіпкерлерге қолдау көрсету тек қаржылай қолдаумен шектеліп қалып жатқан жоқ. Кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша «Бастау» және «Бизнес-кеңесші» жобалары іске асырылуда. Бұл жобаларға тұрғындар тарапынан қызығушылық бар. Осы жобалар шеңберінде екі жыл ішінде 5063 адам оқу оқып, өз істерін ашуда.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жүргізілген жұмыстардың арқасында 9 айдың қорытындысымен біршама нәтижесі бар екенін де айтып өтті.

Бүгінгі күні облыста 40 988 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға артып отыр. Республикалық өсімнен 2,7 есе жоғары. Осылайша, біздің өңір - ақпан айынан бастап жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бойынша республикада көшбасшы.

Бұл - жергілікті азаматтардың масыл болмай, кәсіп ашып, өмірлерін жақсартуға деген ынтасының және өздеріне сенімінің көрінісі. Сонымен бірге, соңғы статистикалық көрсеткіштерге сәйкес биылғы жылдың бірінші тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік саласында 84 250 адам жұмыс істейді. Яғни, өсім бар.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары