Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 08 Қараша 2018

Халқын сұлу сазбен тербеткен еді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:40

«Жақсының аты өшпейді» деседі. Рас екен. Жуырда өткен қазалылық ақын әрі сазгер марқұм Батырхан Нұрымбетовті еске алуға арналған аудандық әншілер байқауы көп жайтты ұғындырғандай. Сырға толы, таңғы шықтай мөлдіреген әндерімен тыңдарманның көңілін баурап, жүрегін жаулаған Батырханды көпшілікке таныстырудың өзі артық шығар. Көпшілік әлі күнге егіле іздейтін, өмірден ерте кеткен әнші Нәби Аймұратов орындаған « Гүлім, гүлім, гүлімсің» деп басталатын әнді кім білмейді дейсіз? Ә дегеннен тыңдарманын елең еткізген осынау әннің авторы Бәкең болатын. Мұнан өзге де қаншама әндер жазып, халқының көңілінің нақ төрінен орын алған ақпейіл де қарапайым мінезді Батырханның жалған ғұмырдан өткенініне де жыл толыпты.

Түктібаев атындағы елді мекенде өткен байқауға талапкерлердің көп қатысуы жұртшылықтың сүйікті сазгеріне деген ыстық ықыласын аңғартты. Аталмыш шараға Қазақстан авторлық қоғамының мүшесі, сазгер Серік Төлеуов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галя Оспанова, белгілі әнші, ұстаз Анар Әділова тәрізді нағыз өнер майталмандары қазылық етті. Бұл кешке «Ақмаржан» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Тәжімұратов, №88 мектеп директоры Қуандық Қожалепесов, сазгердің сыныптастарыдемеушілік жасағанын атап кеткен жөн. Осынау әсем әуен көкке қалықтаған байқауда Әмір Сариев бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, өнерімен дараланғандар түрлі номинациялар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сазгерді еске алуға арналған шара Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты ән кешімен жалғасын тапты. Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап өнер иесінің өнегелі жолына тоқталды. Сазгер шығармашылығына арналған «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Сазгерлікпен қатар, ұстаздық жолда да аянбай тер төккен талант жайлы Қазалы ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбаев тебірене әңгімелеп, Алға ауылдық округінің әкімі Абдолла Төлемісов, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов өз естеліктерімен бөлісті.

Аудан өнерпаздары ақын, сазгердің әндерін орындады. Өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Білім беру қызметінде де заңбұзушылық бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:35

Ағымдағы жылдың 10 айында облысымыздағы 4 колледж бен 11 мектептің білім беру қызметімен айналысу үшін берілетін лицензиялары тоқтатыла тұрған. Бұл туралы өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы білім беру саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаев айтты.

Есепті мерзім ішінде департаментпен барлығы 36 бақылау шаралары жүргізілді. Оның 20-сы – ішінара, 16-сы – жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде 4 колледж, 11 мектеп және 5 балабақша, барлығы 20 мекеменің білім саласындағы заңбұзушылықтары бойынша 310 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал 4 колледж бен 11 мектептің 6 айға лицензиясының мерзімі тоқтатыла тұрды. Себебі олар стандартта көрсетілген талаптарды орындамаған. Мысалы, білім беру мекемелерінде егер бір сыныпта не топта 24 білім алушы болса, онда кей сабақтар екі топқа бөлініп оқытылуы қажет. Тексеру барысында осы талаптардың бұзылғандығы анықталды. Сондай-ақ, сабақ беретін ұстаздардың талапқа сай келмеуі, оқулық жетіспеушілігі мәселелері де бар, - деді Ерлан Қарабалаев.

Сонымен қатар департаментке осы 10 айдың ішінде «Е-лицензиялау» бағдарламасы бойынша білім беру қызметімен айналысу үшін лицензияны немесе лицензияға қосымшаны алуға және қайта рәсімдеуге арналған 154 өтініш түскен. Ал білім туралы құжаттарды апостильдеу көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін алуға 141 адам өтінім білдіріпті. Алайда оның тек 138-і қанағаттандырылған. Қалған 3-еуінен бас тартылыпты. Себебі білім туралы құжаттағы адамның аты-жөнін тексерген кезде, ондай кісілердің аталған оқу орындарында оқымағандығы белгілі болған. Ерлан Қарабалаев қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына хабарланғанын айтады.

Айта кетейік, кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілгелі, профилактикалық бақылау атты жаңа ұғым қалыптасқан. Бұл бойынша тексеру жұмыстары мекемеге барып та, бармай-ақ та жүргізіле беретін болады. Себебі жаңа бағдарлама барлық білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен тәрбиеленушілердің, педогог қызметкерлерінің санын компьютерден-ақ көрсетіп тұрады. Және бір баланың екінші жерде тіркелуіне жол бермейді. (Әсіресе, балабақшаларда болатын жағдай – ред.). Сондай-ақ, онда білім ұяларының техникалық базасы жөнінде де ақпарат қамтылатын көрінеді.

Департамент басшысы биылғы Елбасы Жолдауына да тоқталып өтті. Айтуынша, 2019 жылы «Педагог мәртебесі» атты жаңа заң қабылданады екен. Онда ұстаздардың жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа азайту және тексерулер мен есеп берулерді азайту мәселелері қарастырылады дейді. Оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі үшін білім беру мекемелеріне бақылау камераларын орнату қажеттілігі де айтылды. Қазіргі таңда республика бойынша мектептердің 80, балабақшалардың 58 пайызына бейнебақылау орнатылыпты. Ал бұл көрсеткіш облысымыздағы мектептерде 67, балабақшаларда 39 пайызды құрайды екен. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда бұл меже 100 пайыз болуы тиіс.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Қазалыдағы тағылымды шара PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:26

Ғани  Мұратбаевтың  мемориалдық  музейіне  -  50 жыл

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих». Қазалы қалалық мәдениет үйіндегі Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің 50 жылдық мерейтойына арналған шарадан осындай ой түйгенбіз. Аталмыыш шара қарт Қаратау мен айдынды Арал арасындағы қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысудан басталды. Айта кетерлігі, қазақтың қолөнерін қастерлеген көрмеге қызығушылық танытқандардың қарасы мол болуы ұлттық өнеріміздің бәсі қашанда жоғары екендігін аңғартты. Біздің назарымызды Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің «Электронды есептеуіш машинасының операторы» тобының ІІ курс студенті Мұрат Жақсымұраттың (жетекшісі – информатика пәнінің оқытушысы Аяжан Ильясова) жасаған «AGROBOT» көп функциялы роботтандырылған құрылғы (дән себуге, арамшөптерді тазалауға, астықты жинауға арналған) магнитше өзіне тартты.

- Ғалымдар егістік жағдайы туралы әртүрлі ақпараттарды алу және жинақтау мүмкіндігінің туындауы ақырында оларды жедел өңдей алатын технологиялардың көптеп шығарылуына алып келеді деген пікірлер білдіруде. Бүгінгі біздің жасап келген макетіміздің аты – «AGROBOT». Агроботтар өзіне орнатылған камера арқылы піскен астықты айқындап, оларды жинап алуға қабілетті. Агробот астықтың арасынан арамшөптерді де ажырата алады. Олар LED дисплейдің көмегімен егістіктің электронды картасына қарап та жұмыс істей алады. Агроботымыз күннен қуат алады, - деген Мұраттың жұмысына сәттілік тіледік.

Қолөнер шеберлерінің көрмесінде облыс орталығы, өзге аудандармен қатар Қазалы ауданынан «Жас прожект» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған «Мархаббат» қолөнер шеберлерінің орталығының бұйымдары қойылды. Көрмеге келген көпшілікке ағаштан ойылып жасалынған қобыз, домбыра, бесік, санамақ секілді мүсіндер мен ұлттық нақышта тігілген киіз үй жабдықтарын, құрақ көрпе, жастық, төсеніштер қойылды.

- Қолөнер жұмыстарын көпшілікке насихаттау, дәріптеу көптен бергі арманым болатын. «Қазақ» деген сөздің өзінен тіліміз бен діліміз, салтымыз бен өнеріміз, әсіресе қолөнер шеберлігі есіп тұруға тиісті. Қазалыда ағаш ұсталығы, зергерлікпен айналысатын шеберлердің қатарын неге ұлғайтпасқа? Бүгінгі шарада осы арманым жүзеге асқандай болды. Ел ағалары тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатындығына сенімім зор, - дейді қолөнерші Мархаббат Асанова.

Қазақтың қолөнерін әлемге танытсақ деген қарындасымыздың алғаусыз пейілі біздің де көңілімізді тебірентті.

Мұнан соң «Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференция өзінің тартымдылығымен ерекшеленді. Шарада аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның сәтті өтуіне тілектестігін жеткізді.

Алғашқы болып сөз алған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова «музей ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың алтын ордасы, өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір, Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ғимараты облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында» дей келе, музейді басқарған басшылар мен еңбегі сіңген жандардың есімін атап өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында батыс өңірдегі музейлермен байланыс жасалғаны да көпшілікке мәлім. Музей осы жылы Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен алғашқы құрылтайына қатысты. Ғанидың туған күніне орай дәстүрге айналған футбол жарысы мен «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасы үздіксіз өткізіліп келеді. Музей қоры тың экспонаттармен толықтырылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуде.

Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Тәттігүл Қартаева, тарих ғылымдарының phd докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев, Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Гүлсара Сейілова, мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің аға ғылыми қызметкері Жазира Шілдебаева, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қызылорда қаласындағы Салахаддин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының өнертанушысы Тұрсынбек Омаров және басқалар жұртшылыққа құнды деректерге негізделген хабарлама жасап, ойларын ортаға салды.

Шара «Ғанидың қара шаңырағы» атты мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерейтойға келген қонақтар, музей ұжымының озаттары марапатталды. Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне тағзым жасалып, музей ішімен танысты. Музейдің мәжіліс залында ұйымдастырылған «Музей – рухани тәрбие орталығы» атты дөңгелек үстел тартымды өтті. Екі жақты жасалған меморандумға сәйкес, Шалқар ауданынан келген делегация Ақтан батыр ауылындағы батыр кесенесіне тағзым етіп, ауылдағы №190 мектеп жанындағы «Тарихи-өлкетану» қоғамдық негіздегі музейінде болды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


"ҚЫЗЫЛОРДА, МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕҢМЕН!" БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2018 16:49

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында 7 қарашада А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Бұған дейін байқауға 100-ден аса суреттер мен бейнероликтер келіп түсті. Үздіктерді таңдау желі қолданушыларының лүпіл басуы арқылы жүргізілді.

Ұйымдастырылған сайыстың нәтижеcі төмендегідей:

«Жас суретшілер» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Асылбек Кәусар Ербұланқызы;

ІІ орын – Асылбек Нұрай Ербұланқызы;

І орын – Зейнулла Әнел.

«Үздік фотосурет» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Адамбек Айым Нұрлыбекқызы;

ІІ орын – Абдрахманова Тоғжан;

І орын – Жібек пен Ұлпан Кенжеғалиевалар.

«Жақсылық сыйла» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Нұртай Нұрислам Жандосұлы;

ІІ орын – «Креатив» шығармашылық клубы;

І орын – «Шын жүректен» еріктілер тобы.

«Үздік аула» байқауының үздігі:

- Көктөбе көшесі 103 үй, 32 пәтер тұрғыны Еркін Ердуман.

Байқауға қатысқан барша қала тұрғындарына алғыс айта отырып, жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтаймыз!

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 


Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ҰЖЫМЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ 3 НОМИНАЦИЯҒА ИЕ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2018 14:14

Ағымдағы жылдың 30 қазан - 6 қараша аралығында Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театрлар фестивалі өтті.

Фестивальге Башқұртстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің театрлары және Қазақстаннан бірнеше театр ұжымдары қатысты.

Фестиваль аясында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнер жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Сондай-ақ, шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Т.Жүргеновтің өміріне арналған деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш фестивальге Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен қатысты. Спектакльді қойған режиссер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, суретшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Пірмаханов.

Өнер додасының қорытындысы бойынша Халықаралық фестивальдің тақырыптық айнасын ашқан Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы үш бірдей номинацияға ие болды. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара рөлін сомдаған Бақытбек Алпысбай «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Сырым Әбдразақов бас кейіпкердің бейнесін үздік сомдағаны үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫРДАҒЫ СЕНІМДІ СЕРПІН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.11.2018 12:14

«Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер...». Ғұмыр дидарында адамның іс-әрекетімен өлшенетін құндылықтар қатарында жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттік пен әділет­сіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан бар. Бұлардың қай-қайсысын адамгершілік таразысына тарту­ үшін таразы да әділ болуы шарт. Ал халықтың талқысынан өтіп, таразысында өлшену – тіпті қиын дүние. Билік пен бұқараның тіл табысып, ел мен елдің бітісіп, сөз  бен  істің үйлесуіне баға беру­ші – халық. Қараға да, ханға да айтқан­ сөзінің киесі бар халық айтс­а, қалт  айтпайды.

Елбасының өзі  Алаштың  анасына балаған Сыр өңіріндегі тындырымды тірлік те осындай игі амалдардың нәтижесінде істеліп жатқаны белгілі. Қызылорда облысы тұр­ғындарының  әлеуметтік  ахуалын көтеріп, экономикалық  жағдайын өрге  жүздіруде аймақ  басшысының еңбегін айтпай кету – айып. Ал оны дәріптей білу – адамгер­шілік  жүк. Өйткені облыс соңғы бес жылда экономикалық жетіс­тіктерге қол жеткізіп, әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату тұрғысынан алдыңғы қатарда келеді­. Оған дәлел – 6 жыл ішінде 200-ден астам әлеуметтік нысанның ашылуы. Денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет саласына  баса  назар  аударылғанын осыдан-ақ аңғару қиын емес. Ал соңғы 5 жылда халықтың жан басына шаққанда әлеуметтік салаға­  арналған бюджет шығыс­тары бойынша республикада об­лыстардың көшін бастап тұр. Аграр­лы аймақты индустриалды аймаққа айналдырып, жасыл эконом­ика дәлізіне көшу, бірқатар саланы сандық технологиямен жабдықтау, жалпыөңірлік өнім бойынша оң векторға өту, халық тұрмысының жақсаруы, жастар болаша­ғына бағдар беріп, қолдау көрсету, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарын ашу мақсатында инвестиция тарту, мұның барлығы – үздіксіз ізденімпаздық пен тұрақты қадағалауы бар жұмыстың нәтижесі. Осы секілді қарқынды тірліктің тізбегін айқындап, ел президен­тінің өзі сенім артқан аймақтың тынысын,  тіршілік тінін айқындау үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев апта басында Астана қаласындағы Қазақстанның орталық­ коммуникациялар қыз­ме­тінде  брифинг  берді. Сонымен, Қ.Елеуұлының елең еткізер жаңалығы  қайсы? Сыр  өңірінде тағы қандай  серпінді  жобалар  бар?

ЖАҢА   ЖОБА – ЖАҢА   ЖЕТІСТІК

Бес жылға уақытты кері шегерсе­к, ол кезде облыста апаттық жағдайдағы 37 мектеп болды. Ал бүгін бұл мәселе үш ауысымдық оқумен қоса түбегейлі­ шешілді. Тек биыл тағы екі мектеп осындай жағдай­да деп танылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін жағдайдағы 57 медициналық бекеттің 49-ы жаңа нысанға көшірілсе, қалғаны келер жылдың­ еншісінде. Апатты баспана тұрғындары деген тіркес те жаңа қоныс иелері деген сөзбен алмастырылды. Барлық салаларды онлайн-қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 37 жобаның тізбесі құрылды. Тіпті цифрландыру процесін қарқынды дамыту үшін  арнайы  облыстық  цифр­лық  технологиялар  басқармасы  құрылды.

Құнды құжаттардың қай-қайсысында да рухани жаңғыру, әлеуметтік-экономикалық өрлеудің басты қадамы адами капиталды дамытудан баста­лады. Ал капитал құндылығы балаға тәрбие беруден бас­та­латынын ескерсек, аймақта «Балапан» бағдар­ламасы мерзімінен бұрын орындалып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс іс­тейтін  балабақшалар саны екі есеге артты. МЖӘ аясында бү­гінде түрлі салалар бойынша 34 млрд теңгеден астам қаржыға 75 жоба жүзеге асырылуда. Ал білім саласына облыс әкі­мінің құйып отырған инвестициясы ре­тінде жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан, әсі­ресе ауылдық жерлердің дарынды түлектеріне  арнал­ған аймақ басшысының 100 білім беру гранты бөлінуде. Биыл олардың саны 2 есеге артты, осылайша облыс әкімі­нің грант иегерлері­нің жалпы саны 900-ге  жетіп отыр.

 

АГРАРЛЫ  САЛАДАН –  ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚҚА

Индустриалды аймаққа айналып жатқан Қызылорда облысында өндіріс орындарының көп­теп ашылып жатқаны экономикалық дамудың даңғыл жолын бағыттап тұр. 2015-2019 жылдарға ар­налған ҚР индус­триалды-иннова­циялық даму мемлекеттік  бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және өндірістік қуаттарды тасыма­лдау бойынша Қазақстан-Қытай жобаларының 51  бірлескен  тізімі  жасақтал­ған болатын. Солардың бірі – тампонажды цемент зауыты. Жылына 1 миллион тоннаға тарта немесе астам өнім өнді­ретін зауыт Қазақстан бойынша алғаш болып Қызылорда облысы, Шиелі ауданында іске қосылады. Бүгінде нысанның барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

- Ағымдағы жылдың желтоқсан айында біз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы бағдарламасы аясында жүзеге асырыл­ып  жатқан  тампонажды  цемент зауытын мерзімінен бұрын іске қосамыз. Кәсіп­орында 260-тан астам адам жұмыс істейтін болады. Жер­гілікті салық көлемі артады, сондай-ақ, өндірісті іске қосу арқылы цементке арналған қаптар, асфальтбетонға минералды шаң шығаратын шағын және орта кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы брифинг ба­рысында.

Тампонажды цемент мұнай-газ және атом өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Әсіресе, апатты және қалпына кел­тіру жұмыстарын жүргізуде таптырмас зат. Шығарылатын өнім қатты аязға, суға және кор­ро­зияға қарсы төзімді, цемент­тің тағы бір маңызды сипат­тамасы 10-12 сағатта кебед­і.

 

СУ   ТАПШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ   РЕТТЕЙМІЗ?

Агроөнеркәсіп саласында да шаруасы  шалқып тұрған Сыр өңірі енді автоматтан­дырылған жылыжай салып, электронды ветеринария және агробиржа жобасының тетігін тапты. «Электронды ветери­нария»  жобасы аясында «Mobi-VET» мобильді қосымшасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – фермерлік шаруашылықтар мен халықтың жоспар­лы  ветеринариялық  іс-шараларды орындауы бо­йынша толық ақпарат алу. Соны­мен қатар, «жобалық басқа­ру» аясында аймақта электр­онды сауда алаңы – Агроби­ржаны құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл өнімді тиімді өткізуге көмектеседі және де негізгі тірек сыртқы нарық­тарға  жасалады.

- Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапасы жағынан ғана емес, бағасы жағынан да бәсе­кег­е қабілетті жоғары сапалы дайын  өніммен  шығу  міндетін қойып отырмыз. Бұл тұста «ақылды технологияларды» енгізу  арқылы  жақсы  нәтижеге  қол жеткізе аламыз. Бірінші кезеңде біз төрт түлікті бақылауға  арналған навигаторларды іске қостық, «электронды ветеринария» жобасы мен авто­маттандырылған жылыжай құрылысы жүзеге асырыла баста­ды, - деді облыс әкімі.

Жетекші сала ретінде жыл­дан­-жылға дамып келе жатқан күріш шаруашылығында биыл су тапшылығы мен күн райының қолайсыздығы секілді қиындықтар болды. Соның салдарынан 600 мың гектарға жуық күріш егістігі бапқа­ көнбеді. Алдағы уақытта су жеткіліксіздігі орын алмас үшін және су тасқыны кезінде 2 млрд текше метрдей су жинайтын «Күміскеткен», «Қара­өзек» су қоймаларын салу мәселес­і  қарастырылмақ.

- Күріш, тұз және балық өңір экспорттай алатын тауарлардың соңғысы емес. Облыс үлкен экспортт­ық әлеуетке ие және сала экспортқа бағдар­ланған болуы мүмкін. Агро­өнер­кәсіп­тік кешенін дамыту біз үшін өңірлік экономикаға үлес ретінде­ ғана емес, сондай-ақ, осы салада ауыл халқының басым­  бөлігін  жұмыспен қамту тұрғысынан  да  маңызды  болып табылады. Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының  үлесі 2,5%-дан 3,7%-ға дейін артты, - деген аймақ әкімінің сөзі экономика құрылымындағы өзгерістердің са­палылығын  аңғартып  тұр.

 

СОЛ   ЖАҒАЛАУДА «СҮЙІНШІ»   ХАБАР   БАР

Бұрын қалың шеңгелден аяқ алып, бас көтеріп жүре алмай­тын дарияның сол жа­ғалауы бүгінде шағын қалаға айналды. «Сырдың сол жағалауы» деген атқа лайықталып тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Өңірде соңғы 2 жылда мемлекеттің және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Жыл соңына дейін бұл салада тағы да «сүйінші» хабар болуы мүмкін.

- Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» өңірді дамыту­ және азаматтары­мыз­дың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Ең алдымен, бұл, әрине, тұрғын үй сатып алу бойынша  жаңа  мүмкіндік­терді  қамтиды. Осыған  бай­ланысты бүгінде Қызылорда облыс­ының аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көп­пәтерлі тұрғын үйдің құры­лысы жүр­гізілуде. Жыл соңына­ дейін кемін­де 55 тұрғын үйді іске қосамыз, олардың қатарында Сырдарияның сол жағала­уындағы 14 көппәтерлі тұрғын  үйден  құралатын  тұтас шағын  мөлтек  ауданды  пайдалануға беру  жоспарланып отыр, - деді аймақ  басшысы Қ.Көшербаев.

Соңғы 3  жылда  жеке  тұр­ғын үй құрылысы шеңберінде 24 мыңнан астам жер телімі инжен­ерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде тек 2017 жылдың өзінде тұрғындарды баспа­на­мен қамту 17%-ға жуық, ал 2018 жылдың 9 айында тағы 4%-ға өсті.

 

ОҢ  ҮРДІСТЕН  ЖАҢЫЛМАЙМЫЗ

Аймақ экономикасында соңғы алты жылдықта мұнай өндіру саласының жағдайы мәз емес. Мұнай өндіру көлемінің 10-12%-ға қысқаруы маңызды мәселеге айналды. Республика бойынша өнім көлемі азаюының 70%-дан астамы Қызыл­орда облысында орын алды. Тек ағымдағы жылдың өзінде болжам бойынша 600 мың тоннад­ан астам жетіспеушілік байқалды. Мұнай мен бүгінгі таңда уран өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне қарамай, жоспар биыл да орында­лады деген үміт бар. Экономикадағы оң үрдістер 2 жыл бойы жұмыссыздық деңгейі­н 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Бұл бүгінде республика бойынша орта есеппен салыстырғанда біршама  төмен.

- Өңір үшін негізгі міндет шикізаттық емес секторды дамыту­  арқылы  экономиканы әртараптандыру болып табыла­ды. Сонымен қатар, 2019 жылы  тұзды  қайта өңдеу және кальцийленген сода өндіру зауыт­тарының құрылысы жоспар­лануда. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар санын қысқар­тудың ең тиімді жолы – шағын және орта бизнесті дамы­ту, - деді аймақ  басшысы.

Облыс халқын сумен қам­тамасыз ету және газбен жаб­дықтау мәселелері де кезең-кезең­імен шешімін табуда. Қазіргі таңда аймақ халқының 95%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 63%-ы табиғи газды тұтынады. 2020 жылға қарай тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейін 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр.

 

РЕСЕЙЛІКТЕР  «БАЙҚОҢЫРҒА»   МҮДДЕЛІ

Қызылорда облысын айт­қанда ең бірінші Байқоңырды сұрамайтын адам жоқ. Экологиялық мәселе туралы байыпты да, байыпсыз да әңгіменің ел арасында өріп жүретіні аймақ халқы үшін таңсық емес.

- Ресейліктер «Байқоңырдағы» барлық жұмысты бітіріп, «Восточный» ғарыш айлағына көшеміз деп отырған жоқ. Олар көптеген жобасын «Байқоңыр» арқылы іске асуына мүдделі екенін айтуда. Өйткені, ғарыш айлағының орналасуы және барлық жағынан алғанда «Байқоң­ыр» тиімді. Сондықтан Петропавл қаласында  9 қарашада өтетін жиында «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мүмкіндігін одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданады деп күтілуде, - деді Сыр өңірінің басшысы брифинг барысындағы әңгіме арасында.

Жақында тағы бір мәселенің төбесі көрінді. Ол – Қазақстан-Ресей мемлекеттерінің Байқоңыр қаласында арнайы экономикалық аймақ құру  мәселесі. Өйткені, ғарыш айлағына инвестиция салуға ниетті мемлекеттер қатары Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай елдерімен толығып отыр. Ресей  мен  АҚШ  арасындағы  санкцияларға  қарамастан Қазақстанның терри­ториясы арнайы экономикалық аймақ болса, салықтық преференциялар  қаржы  салуға мүмкіндік  бермекші.

Н.ҚАЗИ

 


ШЫНЫ ЗАУЫТЫ ШЫНЫМЕН ІСКЕ ҚОСЫЛА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
08.11.2018 12:10

Басталмай жатып басы даудан арылмаған Қызылорда қаласындағы  шыны  зауытының «тағдыры» төңірегінде сан түрлі болжамдар бар. Бұқараның көкейінде «айтулы жобаның болашағы қандай болмақ?» деген сауал  жүр. Мұның ақ-қарасын анықтау – уақыт енші­сіндегі дүние. Десе де, сиырқ­ұйымшақтанып кет­кен­ жобаның нақты қашан іске қосылатыны әлі де белгісіз сыңай­лы.  Әу баста бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісінен соң құрылысы біраз кешеу­ілдеді. Бірнеше лауазымды тұлғалар жауапқа тартылып, қылмыстық істің ұзаққа созылғаны да ел назарында. Сонымен қатар, былтыр ақпан айында ондағы жұмысшылар 4 айдан бері жалақысын ала алмай жүргендігін айтып, шағым­данғаны да есімізде. Не керек, шыны зауытының қашан шындап­ өндіріске көшетінін көпшілік айырудан қалды.

Оған шенеуніктердің әр жерде айт­қан мәлімдемелері сеп болып отыр. Мәселен, өткен жылы премьер-министрдің орын­басары Ерболат Досаев «Қы­зылордадағы шыны зауыты биыл­ғы қазан айында (2017 жыл. – ред.) өз жұмысын бастайды» деп сүйінші сұраған. Ал былтыр бас қалада өткен баспа­сөз брифингінде аймақ бас­шысы Қырымбек Көшербаев: «Ағымдағы жылы күзде, бәл­кім, қазанда немесе қараша айын­да шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құрал­да­рынан оқыған шығарсыздар, бас мердігерге қатысты қыл­мыстық іс қозғалса да, аталған кәсіпорында негізгі құрал-жабдық­тардың бәрі бар. Меніңш­е, «Бәйтерек» ұлттық холдингі, инвестициялық қор, Қазақстанның даму банкі және инвестор бірлесіп, ол зауытты қазанда, ары кетсе қараша айынд­а іске қосамыз. Себебі ондай өндіріс облысқа ғана емес, ел экономикасына да ауадай  қажет», - деді.

Дегенмен, облыс әкімі былтыр­, яғни 18 қазан күні зауыт­  алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында шығаратынын айтқан. Өткенде ғана бас шаһардың мерей­лі  мерекесін  думандатып атап өттік. Әйтсе де, әдеттегідей  мақтаулы  жобаның  жемісі «желінбей»  қалды.

Енді міне, кеше ғана Астана қаласында өткен баспасөз брифинг­інде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы «Өңірде гаджеттерге арналған ультра-әйнек шығарылады. Жобаның құны – 150 млн доллар. Мен арнайы зауыттың директорын шақырдым. Шыны зауытының ашылуына байланысты күдік болды. Бірақ Қызыл­ордада шыны зауыты болады. Қазіргі таңда зауыттағы құрылы­с-мон­таж­дау жұмысы 90%-ке бітті. Зауытқа 100%-ке құрал-жабдықтар жеткізілді. Менің ойымша, мұндағы өндіріс 32 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Сондай технология бар. Зауытты іске қосу үшін ауа темпера­туа­расы +20 градус болуы­ керек­. Құдай қаласа, біз сәуір-мамыр  айында  (алдағы  жылы. – авт.) өндірісті іске қосамыз. Бұл зауыт өз сала­сында Орталық­ Азияда монополист болады»  деп атап өтті.

Бәрін айт та, бірін айт, айлар­ алмасып, жылдар жылжып жатыр­. Ал, шыны зауытының келешегі күн өткен сайын сағым­дай бұлдырап барады.

Асан  ДӘУЛЕТ

 


ЕСЕПСІЗ САЛЫНҒАН НЫСАН НЕГЕ ЕСІК АШТЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
08.11.2018 12:06

Осыдан екі жыл бұрын қала күніне орай ел игілігіне берілген солтүстік сапаржай әлі күнге қаңырап бос тұр. Тіпті, нысанның лентасын облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі қиғаны есімізде. Ол аз десеңіз, «Жалағаш-Аққұм» бағытына қатынайтын автобустың алғашқы рейсіне сәт сапар тілеп, шығарып салдық. Сол уақытта бұған қуанған қарашаның қарасы қалың еді. Қазір ше?

Алғашында «бұған дейін әр орталықтан (базар, теміржол вокзалы) жолаушы тасымалдаған автобустар бір орталыққа біріктіріліп, солтүстік бағытқа қатынайтындар әлгі нысаннан жолға шығады»­ деп жоспарланған. Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Төретам, Қазалы, Арал ауданының жолаушылары жылы да жайлы жерден сапарға аттанатынына сенімді болдық. Сондай-ақ, тұрғын­дарға ыңғайлы болуы үшін арнайы қалаішілік қоғамдық көліктердің де бағыт­ын өзгертті. 20 шаршы метрді құрайтын сапаржайда күту залы, медициналық пункт, диспетчерлік, механикалық, ана мен бала бөлмелері қарастырылғанын көзбен көрдік. Айта кетейік­, аталмыш нысанның құрылысын «Романов и К» ЖШС өз есебінен жүргізген. Біз осы мәселені былтыр да көтергенбіз. Сонда Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы­сының бұрынғы орынбасары Ерлан Жаңаба­ев: «Тасымалдаушылар авто­бекетке барған тиімсіз дейді. Себебі халық ол жерге бармайды. Қазіргі таңда­ біз мұны бұқараға түсіндіріп жатырмыз. Келген тасымалдаушыларды реттеп, әзірше аралық аялдама ескі базар жақтан ашылды. Автобустар сол жақтан қатынап жатыр. Алдағы уақытта сол­түстік ауданға қатынайтын автобус­тарды жаңа сапаржайға көшіретін боламы­з» деген болатын. Оның айтқанына да жылдан асып жығылды.

Жақында аталмыш түйткіл төңіре­гінде қайта мәселе көтердік. Өйткені Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға баратын жолаушылар жазда күннің астын­да, күзде желдің өтінде тұруға мәжбүр. Міне, қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Бұған үн қосқан әлеуметтік желідегі ағайында есеп болмады.

– Мен де осында (фейсбук әлеуметтік  желісі. – ред.) бірнеше рет жаз­ғанмын. Бірақ нәтиже жоқ. Арал, Қазалы, Қармақшы (Төретам), аудандарына қатынайтын ауданаралық үлкен сыйым­дылықтардағы автобустар теміржол вокзалынан жүреді. Ол жерде жолау­шыларға бірде-бір жағдай жасалмаған. Билет бағасы шарықтап тұрса да, әжетхана, жайлы асхана, жолаушыларға арналған күту орны қарастырылмаған. Қашан барсаңыз да, қолына түскенін астына төсеген қарабайыр халық, құдды бір көше кезбелеріне ұқсайды. Құдай-ау, біз жаһандануға жармасқан, дамудың даңғыл жолына түскен елміз ғой, - дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Әзиз Дүкенбай.

Әнеукүні бұған байланысты аталмыш басқарма өкілдері: «Қызылорда қаласының «Шымбай» көшесі 96 мекенжайда «Романов и К» ЖШС-нің сапарж­айы ашылған болатын. Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобустар осы сапаржайға келетін болып­ жоспарланған. Бірақ, аталған аудандардан келетін жолаушылар «Ескі базар» аумағынан түсіп қалып, автобустар сапаржайға бос келіп, қайтар жолда сапаржайдан «Ескі базар» аумағына бос барып жүрді. «Ескі базарға» елді мекен тұрғындары негізінен қажетті тұрмыстық заттар алу үшін келетін болғандықтан, сапаржайға шамамен 300-400 теңгемен такси жалдап барады. Одан әрі қарай Жалағашқа жолақысы 400 теңгені құрайтын автобустармен барады. Барлығы 700-800 теңгені құрайды. Осындай жағдайда жолаушылар өзіне тиімді жағын қарап, «Ескі базар» аумағынан 600-700 теңгемен үйіне дейін жеткізе­тін таксилерге кетті. Бұл өз кезегінде, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тасым­алдаушылардың  автобустарының бос жүруінен шығындары көбейіп, жүргізушілер өз наразылықтарын білдіре бастады. Басқарманың қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті полиция қызметі өкілдерінен құрылған арнайы жұмыс тобымен Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобус жүргізушілеріне сапаржайға бару туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жолаушы тасымалдау қызметін көрсетушілердің автобустарының барлығы жекеменшік бол­ған­дықтан (банк несиесі арқылы автобус алғандар да бар) шығынға жұмыс істемейді.  Жолаушылардың  сапаржай­ға  бармауына байланысты бүгінгі таңда қала әкімдігі «Ескі базар» аумағынан автобустар үшін арнайы жер учаскесін бөліп отыр. Жалағаш, Сырдария аудандарынан келетін автобустар осы тұрақтан жүруде. Сонымен қатар, Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға автобустар теміржол вокзалы жанындағы «Салтанат» ЖШС-не қарасты сапаржайдың жолаушыларға қызмет көрсету пункті арқылы жүруде. Аталған аялдама Қармақшы, Төретам, Қазалы, Аралға баратын жолаушылардың өтініштері бо­йынша ұйымдастырылған. Бұл жолаушылардың көлік түрін таңдауға (пойыз­ға билет болмаған жағдайда автобусты таңдау мүмкіндігі болады) қолайлы. Автобусқа билет алған жолаушылар жақы­н тұрған теміржол вокзалына барып­, автобустың белгіленген жүру уақытына қарай келуіне болады. Жолау­шылар үшін арнайы ғимарат салуға жер учаскесіне байланысты мүмкіндік жоқ. Сондықтан тасымалдаушылардың табыст­ары жолаушыларға байланысты болады» деп жауап берді.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегенд­ей, ендеше сапаржайды іске қосудағы негізгі мақсат не? Халық қашанғы­ тентіреп жүруі тиіс? Әлде жауапт­ылар нысанның есігін есепсіз ашқан  ба?

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары