Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 14 Қараша 2018

ҚАДІРІН ТҮСІРМЕЙІН ДЕП КАДР АЛМАДЫМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
15.11.2018 11:42

Сұрақсыз  сұхбат

 

Болат  ОМАРӘЛИЕВ,

фототілші:

 

Ол кісімен сұхбаттасу қиынның қиыны болды. Әлденеге өкпелі ғой деймін, әріптестердің көпшілігімен сұхбатқа келіспей жүргеннін сырттай естігенбіз. Мұнан соң аш қасқырдай құлқыным ашыла түсті. “Болмайды” деген сайын, әңгімелесу үшін ынтызарлығым артып барады. Қалайда сұхбат алуым керек. Сірә, ол кісі өшіру үшін қызыл шоқты қайта-қайта үрлегенін білмесе керек-ті...

Редакторым Нұржан Нұрмағанбетов екеуміз екі жақтан қолқалап, фототілшіні ырыққа көндіргендей болдық. Ойда жүрген бірнеше сұрақты қағазға түсіре салып, үйін бетке алдым. Жұмбақтап отырған кейіпкеріміз 50 жылға жуық уақытын фото түсіруге арнаған Болат Омарәлиев болатын. Дәл бүгін 70 жасқа толған қазыналы қартты көзімізбен көріп, дидарласып қайтқан едік. “Фотоаппаратты қайта қолға алуға қалай қарайсыз?” деген сұрақты қойғанымыз сол еді, “Қазір ештеңеге қызығушылығым жоқ. Шәмші, Мұқағали тіріліп келсе, түсіруге болады” деді күліп. Түздегі кісілердің көбісі “Болат ағаның қадіріне жете алмай жүрміз” дегенді жиі-жиі айтады екен. Рас-ау, мерейтойы қарсаңында фотокөрмесін, фотожинағын көреміз бе деп ойлағанбыз. Айтпақшы, Сыр бойын басқарған бірнеше әкім уәде де берген көрінеді...

Біздің әңгімелесуіміз 3 бөлімнен тұрды. Әуелгісі таныстық, сөзбасы болса, екінші бөлім дастарқан басында, шай үстінде жалғасты. Ал, үшінші бөлім “қырағы фототілшінің архивін көру” деп аталады. Қойылған сұрақтардан тыс тақырыпта да әңгіме өрбіген соң, біз жанрды өзгерткен дұрыс шығар деп таптық. Әйтпесе, жұп-жұмыр жауапқа артынан сұрақ дайындай салу қолымнан келмейтін дүние емес еді...


ҚҰРБАНДЫҚПЕН  КЕЛГЕН   ӨНЕР

Табиғатқа өте жақын болдым. Ауылда өстім. 13 жасқа дейін ауылдан жинап­ алған әсеріммен әлі келе жатырмын. Уақытында өлең де жаздық. Бір жерде өлең оқығаным бар еді. Сонда Қомшабай Сүйеніш деген ақын қағазға қарап, мен жатқа­ оқыдым. Жұртшылық таңырқады. Өйтпегенде ше, олар суретке түсіретін адамнан ондайды күтпеді. Қомшекең де таңғалды. Қоярда-қоймай, оқып көрейін деп  5-6 өлеңімді алып қалды. Кейіннен бала-шағамды алып, еңбек демалысына шықтым. Қоғалыкөл ауы­лындағы Жирентай деген көлдің жағасындағы жайлау­да Жылқыбай деген нағашымның үйінде жатып қызыққа тап болдым. Нағашым оқып жатқан газетке суретім мен әлгіндегі өлеңдерім бір бет болып шығыпты. Суретші Қайырбай Зәкі­ров екеуміздің өлеңдері­мізді тұсаукесер деп беріпті. Қомшекең мақтауын да келістірген. Сонда нағашым: “Біздің қазақ аяғындағы сөзді басына, басындағысын аяғына қойып жаза береді екен-ау” деген еді. Сөзі сүйегім­нен өтіп кетті. Содан кейін өлең жазбай кеттім.

17 жасымда повесть жаздым. Оның көлемі 4 қалың дәптер болды. Кітапқұмар едім. Жақында журналист Тілеген Бекарыстанов деген інім “Аға, сіз жазушы екенсіз ғой” дейді маған. Басымды алып қаша жөнел­дім. “Ой, аға қойыңызшы, “Ленин жолын­да” 1973 жылдың 13 маусымы күні әңгімеңіз шығыпты” дейді. Уақытында жаздық-сыздық. Суретті де салдық. Егер жазушы болса­м, ақын болсам, ортақол болар едім. Ал, менің ондайға  барғым  келмеді.

 

АЛҒАШҚЫ  ТЕК  пен  АЛҒАШҚЫ  ҚАТЕЛІК

Менен екі жас кіші не­мере інім Мұхиттың фотоапараты болды. Ол кезде ондай құрылғы дүкенде 12 сом тұрады. Қалмайын деп мен де алдым. 15 жасымда ең бірінші “Қыз көктемі” деген фотоэтюд түсіріппін. Оны “Ленин жолына” (қазіргі “Сыр бойы” – ред.) апарып бердім. Менің тегім негізі Өмірәлиев ғой, онда Омарәлиев деп қате жазылып кетіпті. Солайша менің тегім куәлікте де, қолданыс­та да өзгерді. 16 жасымда “Ленин жолында” фото­тілшінің орны босады. Жұмысқа алыңыз деп Ұзақ Бағаевтың алдына бардым. Ұзекең мінезі өте жұмсақ кісі еді. “Әкеңді шақырып кел­ші, сонымен сөйлесейін” деді. Әкем базарда ет сататын. “Тағы бірдеңені бүлдір­дің бе? Бағаевты сырттай ғана танимын, не деймін енді?” дейді шарасыз күйде­гі адамдай абдырап. Не керек, жабырқап болса да барды. Бірақ, кабинеттен күліп шықты. Сонда Бағаев әкеме: “Болат – өте талантты бала. Жұмысқа алмасақ кейін тас­та­п кетеді. Фототілшілік – қазақта кенже қалған өнер. Тіпті, бізде мұны өнер деп қабылдайтындар жоқтың қасы. Баланың қазіргі күні ұстазы жоқ, өз білгенімен түсіріп жүр. Мен балаңызға айлық деп қаламақы бере­йін. Аптасына бірнеше мәр­те шығатын газет комбайн секілді суретті жұтып жатыр. Жас ғой, әйтпесе газет жұмысының қиындығынан тастап кетеді” депті. Кейіннен білдім маған айлық төленіпті. Айлықты 2 жыл бойы ауылда сабақ берген, өзімнің жақсы көретін аға­йым алып келіпті. Мұны кассир апай зейнетке шығып бара жатып айтып кетті. “Болат, мен саған бір сыр айтамын. Ешкімге айтпа!” деп бастады. Уақытында ешкімге айта алмадым. Қазір айтқаным, мұндайдың болатынын жұртшылықтың  білсін  дегенім  ғой.

Суреттер  бұрын-соңды  еш жерде  жарияланбаған.


Елбасы Н.Назарбаев Сыр елінде


Ақын Асқар Тоқмағамбетов


“Тырнаның түнде ұшуы”


4 РЕТ  КІРІП, 4 РЕТ  ШЫҚҚАН

Мен 18 жасқа келгенде “Сырдария” деген аудандық газет ашылды, соған жұмыс­қа орналастым. Сақтаған Есмаханұ­лы  деген  басты­ғым “неге кешіктің?” дейтін үнемі. “Этюд түсіріп жүріп қалып едім” десем, “сенің-ақ этюдің таусылмайды екен. Жұмыс істейсің бе өзі?” деп ұрысатын. Авто­бус жоқ, болғанның өзінде адам ығы-жығы. Қысқасы, жұ­мыс­қа қатынау қиын еді. Сол жұ­мыс­қа 4 рет кіріп, 4 рет шығыппын. Бірде ауданның басшысы мен әйелі сенбілік­те жұмыс істеп жүргенін түсіргенмін. Арт жағында біреудің бал­тыры көрініп қалыпты. Оны газетк­е тап солайынан баса салыпты. Басшының  әйелі қиғылықты салып, мені жұмыстан шығартқан еді. Міне, осы секілді себептер болды. Енді бірде тракторшыны фотоға түсірдім. Қай­та оған күнін толық жазып, қолымды қойып қойғаным жақсы болып­ты. Ол суретті алты айда­н соң газетке шығар­ып жіберген. Ал, тракторшы ол уақытта қайтыс болып кеткен екен. Сонда да газеттен шығып­ қалғанмын. Қазіргі “Егемен Қазақстанның” сол кездегі Қызыл­орда облы­сындағы меншікті тілшісі Бай­жігіт Әбдіразақовтың айта­ты­ны ғой, “Болат, сен 4 рет кіріп, 4 рет шықпағаныңда мынандай мықты фотогр­аф болмас едің. Сені ол жақ әбден шынық­тырып  жіберген ғой” деп. Сөзінің де жаны  бар   шығар...

 

5  ЖЫЛДАН  СОҢ БҰЙЫРҒАН  СЫЙЛЫҚ

Облысты басқарған Мұх­тар Құл-Мұхаммед “Бөке, мен сізді Алматыда тұрады деп ойлағанмын. Сіздің жаным­да күндіз-түні суретке түсіріп жүргеніңізді біл­меппін” дегені бар еді. Баспасөз хатшысы Сахитжан Бермағамбетовке “Бөкеңе фотоаппарат алып бер” деп тапсырған болатын. Менен “жақсы фотоаппараттар қанша тұрады?” деп сұрады. “2-3 мың доллар шығар” дедім. “10 мың долларға алып  беремін. Сізді құрметтеуіміз керек, кітабыңызды шығарамыз” деді.

...Мен әуежайға барсам, тікұшаққа 10 минуттан аса уақыт кешігіп қалыппын. Су тасқыны кезі ғой. Бастыққа хабарлассам, “көлік келеді, сонымен Жалағашқа бар” деді. Жалағашта бір топ адам тікұшақтың қонуын қарап тұрсақ, жерге гүмп ете қалды. Адамның ойы жаман ғой, сонда бірден кітап пен фотоаппарат есіме түсті. Бәрі бітті, кетті деп ойладым. Ана жақта өзгелердің жан  үшін арпалысып жат­қанын содан соң барып ойға алдым. Мені көбісі тікұшақта болды деп ойлады. Бір ажалдан аман қалдым. Бірақ, бұл алғашқысы емес еді. “Алматы ақшамы” газетінде мылтық оғынан қалай қорғанғаным туралы 2 бет материал жазылған болатын.

...Осы оқиғадан кейін (тікұшақ  апаты – ред.) 6 айдан соң Жапониядан Алматының фирмасы арқылы фотоапп­арат келді. Бір апта­дай ұстап, қалай түсіретінін үйреніп жүрген едім. Сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың орынбасары Мадияр Алдоңғаров шақырған екен. Бардым. Ол өз жағдайын айта жөнелді. “Бөке, осындай да осындай, Байқоңырдан бір фотог­рафты алып едік, соған фотоапп­арат керек болып тұр. Бір айдан соң, мұнан да жақсысын алып береміз...”. Түк қи­нал­ғаным жоқ, бере салдым. Бірақ, бұл фотоаппараттың ешқан­дай бюджеттің ақшасына алынбағанын, сыйлық ретінде берілгенін айттым. Кейіннен біраз кісі “Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ал­ды­нан өтуің керек еді” деп айтты. Расында, менің басым­а ондай ой келмеді, өкі­ніп  қалдым.

Арада 5 жыл өтіп кеткеннен кейін әкімшіліктен хабарласты. Бардым. Аппарат басшысы, баспасөз хатшысы барлығы отыр екен. “Бөке, мынау сенің фотоаппаратың екен ғой, ұят болды, қайтарып берейін деп едік” дейді. Сірә, қазіргі әкім Қырымбек Көшербаевтың ықпалы  болды  ғой  деймін. Мен бүкіл жұмыстарымды түк­ке тұрғысыз аппаратпен түсір­дім. Жұмыстың жағымды, құн­ды болуы сапасына байланысты­ емес. Маңызы – фотоаппаратты өзіңе бағын­дыра білуіңде. Әркімнің өз тақыр­ыбы  болады. Менің тақырыбым – талантты, танымал адамдардың бейнесі. Мысалы, Елбасының Қызыл­ордаға келген­ сапарларының барлығын да суретке түсірдім. Бірақ, назар аударатындай тым ерекшесі болмады ғой деймін.

 

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ШӘМШІМЕН

БАЙЛАНЫСТЫРҒАН

Шәмші Қалдаяқов өлерінің алдында, ұмытпасам 1989 жылы болуы керек, Қызылорда педагогикалық училищесінде концертін өткізді. Аядай ғана залдың ішінде. Күрк-күрк жөтеліп отыр. Шашы аппақ қудай. Жанын­да ешкім жоқ. Көрермені жиырма шақты адам ғана. Былайынша айтқанда, мүлдем елеусіз келген не елеусіз қалған адамдай. Сонда Шәмшіні аяп, сол бейнесін көрсеткім келмей суретке түсере алмадым, түсір­медім. Жүз суретке түсірсек те, кейіпкердің шынайы бейнесін шығара алмауымыз мүмкін. Сосын ­ғой, өлеңге беріліп кете­тініміз. Ішкі толғанысын бере алмаған  соң  солай  болады.

Жалпы, менің шығармашылығым Шәмшімен тікелей байланысты болды. Оның әндері­нің  тақырыптарына  байланыс­ты суреттер түсіріп отырдым. Мысалы, “Кешікпей келем деп ең...” деген әніне орай сағатқа қарап тұрған, елеңдеп тұрған сурет­тер  түсірдім.

Өз басым небір мықты жігіттермен жұмыс істедім. Солар­ мені көтеріп кетті. Бірақ, Алматыға барғанда көп жұмыс істейтін едім деп ойлаймын. Онда келіп-кетіп жүрген тұлғалар да көп ғой. Осыған да шүкір. 1983 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен шараға об­лыс­тан делегация аттанды. Қазақстанның өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонда менің 10 шақты жұмысым қойылыпты. Кейіннен Украин­ада, Польшада өткен көрмелерде туындыларым көп­шілікке ұсынылды. ЭКСПО-2017 көрмесінде де бірқатар суреттер­ім төбе көрсетті. Фотожурналистердің Мәскеуден шығатын жалғыз журналы бар. Соған да, басқа да халықаралық, республикалық газет-журналдарға еңбектерім еніп отырады.

 

ШЕРХАНҒА  ҰСТАЛЫП, СӨЗГЕ  ТҰСАЛЫП...

Бір күні Алматыда көшеде келе жатсам, жазушы Асқар Сүлейменов кездесіп қалды. Амандықтан соң, қолыма кілт ұсынды. “Менің басқа екі бөл­мелі үйім бар. Анаммен бөлек тұрамын. Мына квартираға сен жайғас. Сені бір-екі күнде ана мұрт (Шерхан Мұртаза – ред.) жұмыс­қа шақырады” деді. Асқар­мен кереметтей байланысым жоқ еді. Жақсылық жаса­ғаны ғой. Мен одан үй сұрамадым, тұратын жер сұрамадым деймін ғой ішімнен. Осыны ақын Ибрагим Исаға айттым. Сөйтсем ол: “Ойбай, ол жынды­ бала-шағаң бар екен демейді, бір-ақ күнде қуып шығады” деді. Дәл осыны драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа айтсам, “Ойбу, Асқар мәрт жігіт ғой. Айтты ма, ол саған квартираны беріп тұр. Қолын қайтардың ба, енді сені көрместей болады. Бекер­ істедің” деді. Артынша ақын Қайырбек Асанов хабарласты. “Бөке, Шерхан сені “Қазақ әдебиетіне” жұмысқа шақырып жатыр” деп. Қарап отырсам, Шерхан Мұртаза мені 13 жыл бойы жұмысқа шақырыпты. Әлгі пәтерге уақытша тұрсам да, Алматыға сіңісіп кетер­  ме едім?

Кейін Шерхан Парламентте депутат кезінде Байқоңырға келді. Сонда бір кездесу барысында барлығын таныстырып жатып мені “Болат Омарәлиев” дегенде, “Ааа, мынау екен ғой оңбаған. Бұл мені талай рет масқ­ара қылған. Өзінде түр де жоқ екен” дегені бар. Ол өзі Бауыр­жанның ауылынан ғой. Қасқабас адам көрсе, бұйрабас деп, бұйрабас адам көрсе, қас­қабас деп керісінше сөйлейтін. Солай теріс сөйлегенін білдім де, жай ғана күлдім.

 

ӨМІР  ӨКІНІШТЕН ТҰРАДЫ

КазТАГ-тың фототілшісі Владимир Ягунин деген болды. Әйелі қайтыс болып, шарасыз күйде қалды. Мүгедек жалғыз баласы бар еді. Өзі Тереңөзек­тікі, қазақ болып кеткен. Бір күні сол хабарласты. “Болат, менің архивімді алып қалшы. Далада қалдым, өлетін уақытым да жақындап қалды” деп. Мен соны алып қала алмадым. “Сатып алып қал” деген соң ба, арым бармады. Одан кейін Шие­ліде аудандық газетте жұмыс істеген Сайдхасан Хутаев деген мықты фототілші болды. Ол да “нашарлап барамын. Бүкіл архив­ім далада қалды. Алып қалшы” деді. Оны да алмадым. Екі үлкен өкінішімді айтып отырмын. Сатып алсам да, архивті­ аман сақтауым керек еді деймін осы күні. Амал жоқ. Одан өзге де көптеген фототіл­шілер өз жұмыстарын жұртшылық назарына кеңінен ұсына алмады. Кейбіреуі жоғалтып алды, қараусыз қалды дегендей. Мен 48 жыл бойы архивімді жоғалт­паппын. Кітаптардың арасына жинай бердім, жинай бердім. Түп-түзу болып сақталды. Әр суретімнің өзіндік тарихы бар. Сонысымен ыстық маған­. Мысалы, Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылында таудың төбесіне шығып, айналаға қарап отырсам тырналар ұшып бара жатыр екен, үш­бұрыш болып. Талай құстардың ұшуын түсіріп жүрсем де осы кадр ерекше әсер етті. Үш­бұрыштала ұшатыны ауаны жарып­, кесіп отыратыны ғой. Сол фотоны қимай, өзгертпей 30 жыл сақтадым. Сөйттім де негатив күйінде “Тырнаның түнде ұшуы” деп тақырып қойдым да шығарып жібердім.

Бір күні Балдәурен деген жиен­ім сканер деген аппарат әкеліп берді. Төрт жыл бойы бүкіл жұмыстарымды  сканерлеп, компьютерге көшіріп алдым. Архивім­ – менің  байлығым.

Жазып  алған

Рыскелді  ЖАХМАН

 


БАЛАҢЫЗҒА ЖҮРЕГІҢІЗДІ БЕРЕ АЛАСЫЗ БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.11.2018 11:33

Балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба? Тура мағынасында. Кеудеңізден алып, балаңыз үшін бере аламысыз? Батылдық жете ме? Кім кеудесіндегі лүпілін тоқтатып, мына дүниенің қызығын  ұрпағына  тәрк  ете  алар?

Жуырда бір танысым әлеуметтік желімен бейнебаян жіберіпті. Әке­нің ақырғы сөзі хақында. Жай әке емес, жүрегін балаға сыйлаған батыр әке жайында. Ұрпағына өсиет қалдырған әке турасында. «Жүрексізге» әсер ете қоймас, бірақ басынан аяғына дейін нақыл айтып, ұрпағының болашағына алаңдаған қырықтар шамасындағы жігіт ағасына не көрінді дейсіз ғой. Ұққанымдай баласының жүрегі ауырса керек, тірші­ліктің «моторын» ауыстырмаса болмайды. Содан донор іздейді ғой келіп. Табыл­майды. Не керек ақы­рында әкесі баласына жүрегін бермек. Батырл­ық па?

Енді мысалға көшейік, елімізде ажырасу саны жыл санап өсіп келеді. Сандар сөйлесе бүй дейді, 2012 жылы 47 598 отбасы ойрандалса, 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 жылы 53 007 шаңырақ шайқалған. Бертін келе бұл көрсеткіш төмендеген жоқ. Соңғы бес жылда 200 мыңнан аса отбасының шырқы бұзылған. Шаңырақ көтерген әрбір үшінші жұп екіге айырылады. Деректер қорқынышты ма? Сол қорқынышты қоғамды түзіп жатқан біз ғой. Әріге барсақ, елімізде жалғызбасты аналардың саны жарты миллион­ға жеткен. Осы шамалас бала жарым отбасында тәрбиеленуде. Жарты­ миллиондай бала әкесіз өсіп келеді. Ол ол ма? Шата балалардың санын көбейтуде де салымыз суға кетіп тұр. Некесіз туған балалардың саны 80 мыңнан асып жығылған. Айтпаса сөздің атасы өледі, жылына 400 мың сәби жарық дүниенің есігін ашпай қоштасады екен. Әрине, түсіктен.

Бірде Құнанбай мен Абай дауласып қалыпты. Сонда Ибрагимнің әкесі: «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал», - депті. Осы бір ауыз сөзде Құнанбайдың бар арман-мұраты жатқан сыңайлы. Біздің қоғамда әкелер Абайдай ұл тәрбиелеуге құлықты ма? Ұрпақ алдындағы­ жауапкершілікті сезіне ме? Жауап беру қиын.

Тағы сандарды сөйлетсек, былтыр Қармақшы ауданында 214 жұп шаңырақ көтерген. Ал оның 67-сі ұя бұзған. Маман сөзіне илансақ, отбасын ойрандайтындардың дені – 40 жасқа дейінгілер, әсіресе 23-29 жас аралығындағылар. Осынша шаңырақта бала не әкенің, не шешенің тәлімін көрмей өсуде. Марио Пьюз­о айтады: «Егер адам өз балаларына шынайы әке бола алмаса, ол адам емес». Айтқандай-ақ, жеке басының қамын күйттеп, отбасылық қиыншылықтан жалтарып, ұрпағын «жарым тәрбие иесі» атандырған­ әке кім? «Неліктен ұлы әкесін жақсы көргеннен әкесі ұлын артығырақ жақсы көреді? Өйткені, ұлы – оның жарат­ылысы. Барлық адам өзі даярлаған дүниен­і сүйеді» дейді әлемнің бірінші ұстазы­. Аристотель айтқандай, өз жасағанын сүйе алатындар сұйылып, өз қажетін күйттегендер неге көп? Жүрек былай тұрсын, шаңырақтың шыжығ­ы мен қызығына шыдамын қимайтындар неге қаптап кетті? Жауапкершілік. Қазір бізге жетіспейтіні – осы адами қасиет. Жануар­дан жауапкершілік сұралмайды. Өйткені онда сана жоқ. Ал адамнан ше? Әр пенде өзі істеген ісіне жауап беруі тиіс. Ал, бала – адамның ұлы ісі, бар мақсаты. Әйтпесе адам не үшін өмір сүреді? Жалпы­ тіршіліктің мәні не? Келу мен кету мақсат емес, бастысы – ұрпақ қалдыру. Жай ұрпақ емес, өмір сүруге бейім, келесі ұрпақты дүниеге әкелуге және өмірге бейім етуге қауқарлы  ұрпақ. Кез келген жануарды алыңыз. Дүниеге ұрпақ әкелед­і және сол ұрпақты өмір сүруге үйретеді. Ал адамның баласынан жерінгені жануардан төмендігі ме? Ұрпақ – ұлттың жалғасы, келешегі, ертеңі. Сіз болашағыңызға күмән келтіріп, өміріңізге сал­ғырт қарамайсыз ғой. Сол сықылды ұлт келешегіне бейжай қарамау керек­.

Айтпақшы, әлгі бейнебаянды Льюис Сандерсон есімді актер даярлапты. Мұндағы мақсаты – көкек ана мен көкек әкелердің қатарын­ сирету, ажырасуға бейімдердің санасына түрткі салу. Бейнебаян­ды «youtube» желісінен бірнеше мәрте тамашаладым. Көпшілік әртістің шеберлігін емес, жіберген қателігін сынапты. Қателігі сол, үлкен адамның жүрегін балаға салуға келмейді және тірі адамның жүрегін ешқашан донорлыққа алмайды. Бастысы, бейнебая­н ұрпаққа деген сүйіспеншілікке толы. Айтып, айтпай не керек? Бетін аулақ қылсын, сонда да балаңызға жүрегіңізді бере аласыз­  ба?

Дастанбек   САДЫҚ,

журналист

 


БІРІККЕН БІТІРЕДІ, ҰЙЫМДАСҚАН ҰТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.11.2018 10:58

Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндеттерін қалт жібермей келеді. Оған қол ұшын созып, бірліктің түбінде тірлік барын дәлелдеп отырғандар қатарында «Нұр Отан» партиясы да бар. Сонымен, сырбойылықтар қандай нәтижеге қол жеткізді? Судың сағасында отырып, егіншілер су тапшылығы мәселесін қалай еңсерді? «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі қандай жұмыстар атқарды?

Ел президентінің жолдауда айтылған тапсырмаларына сәй­кес бүгінде аймақта цифрлан­дыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған жобалар қарқынды жүр­гізілуде. Мәселен, сандық технологияға көшу аясында кәсіп­керлер үшін коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды алуға бағытталған геоақпараттық онлайн сервис жобасы жұмыс істейді. Кәсіп­керлер үшін 40-тан астам қызмет түрлерін көрсететін бұл жоба республика бойынша үлгілі жоба ретінде өз бағасын алды. Бұл тура­лы «Нұр Отан» партиясы облыс­тық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құтты­қожаев партияның кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясында мәлімдеді.

Жиында сөз бастаған Қызыл­орда облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудағы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы жетекші партияның рөлін айтып өтті. Еліміздің бас партиясы мыңдаған қазақстандыққа көмек көрсе­тіп, мемлекет басшысының нақты­ жобалары мен бастама­ларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде осы мақсатта партияның Орталық аппараты ұйым қызме­тін жаңғыртып, цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарла­масына үлес қосуға бағытталған 20-дан астам әлеуметтік, стратегиялық және бастамашыл жобаларды қолға алды. Бұл бағытта біздің облыстағы цифрландыру аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды беру бойынша геоақпараттық онлайн сервис (geoser­vice.geoportal.kz) жұмысы республика бойынша үлгілі жоба ретінде атап өтіліп, Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасына таныс­тырылғаны естеріңізде болар. Одан қалды, ІТ-технологияларды қолдану арқылы балалардың білім алуына қолжетімділікті арттыру бағытында өңірде 13 ІТ-сыныптар жұмыс iстейдi. Аталмыш сыныптарда нақты кезеңде 65 бала тегін білім алуда. Мұнан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Қызылор­да қалалық білім берудің оқу-әдістемелік орталығынан  «ІТ-IMAQORDA» атты балаларға ар­налған технопарк ашылған. Ең басты­ бағыттарының бірі – «English for jastar» жобасы. Қазір бұл жоба аясында барлық ауданда 11 ерікті 350-ден астам ауыл балаларына ағылшын тілін тегін үйретуде. Болашақта шетелдік еріктілерді де әкелу қарастырылып отыр.

- Қазіргі таңда өңірімізде 12 мыңнан астам «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі бар. Аудандық, ауылдық елді мекендерде мыңдаған еріктілер мен белсенділер де жұмыс істеуде. Білім – қай заманда болсын, өзекті, маңызды мәселе. Дамудың басты құралы да білім болып қала бермек. Мен «Нұр Отан» партиясының баста­масымен басталған «English for jastar» жобасының аудандағы үйлес­тірушісімін. Бүгінде аудан бойынша – 90, облыста 350-ден астам оқушыға ағылшын тілін үйретіп, оқытудамыз. Нәтиже бар. Жастардың ағылшын тілін игеруге­ деген құлшыныстары жоғары. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, ақылы түрде тіл игеруге мүмкін­дік­тері жоқ балаларға үлкен көмек. Сондай-ақ, қаламыздың сол жақ жағалауында жастар орталығы бой көтеруде. Сыр жастарына «Жастар жылында» үлкен сый болмақ. Әйнекпен көмкеріліп, заман талабына сай салынып жатқан бұл ғимаратта жастарымыз шығар­машылықпен айналысып, жаңа жобала­рды жүзеге асырады деп сенемі­з. Біз бұны әкелік қам­қорлығыңыз деп білеміз, - деді аталмыш жоба қатысушысы, Сырдар­ия ауданы Иса Тоқты­баев атындағ­ы №3 мектеп-лице­йінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айдана Жәлиева.

Ел ертеңі деп сенім үкілеп жүрген жастарға деген қолдау көрсетудің өзі – жетістік. Келешектің даму тетігі – білімде. Сол үшін де оқуға құмар, білімге ынтыза­р жастар үшін аймақ басшыс­ы шетелде білімін жал­ғастыруға мүмкіндік сыйлап отыр. Сонымен қатар партияның кезекті есеп беру-сайлау жиынында  ауыл  шаруашылығын әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар легі сөз болды.

- Суармалы су тапшылығының алдын алу мақсатында шаруа­шылығымызға құрғақ­шылыққа төзімді перспективалы дақылдарды енгіземіз. Осыған орай, Алматы қаласындағы «КосАг­роКоммерц» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі зертха­насы орталығына барып, өз жеріміздің топырағын зерт­теуден өткізіп, бізге де соя дақылын егуге болатынына көз жеткіздік. Сондықтан алдағы жылы өз егіс алқабымызға 300 гектар соя дақылын егуді жоспарлап отырмыз, - деді  «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Тұрмағанбет» ЖШС директоры Н.Пірмантаев.

Биылғы ауа райының қо­лайсыздығымен алысып, су тап­шылығы мәселесін оңтайлы шешу Қызылорда егіншілері үшін оңайға соққан жоқ. Еккен еңбегінің нәтижесіне жете алудың­ өзін үлкен аманат са­найтын диқаншы қауым аяқ­судан тапшы­лық көргенін жиі айтып  жүр.

Бүгінде Қызылорда облысында 48715 партия мүшесі, 272 бас­тауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Жиын соңында партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің екі жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлары нақтыланды. Сондай-ақ, партияның саяси кеңес құрамына бірқатар азамат қабыл­данды.

Н.ҚАЗИ

 


ӘДЕПТЕН АТТАҒАНДАР ӘДІЛ ЖАЗАСЫН АЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
15.11.2018 10:48

 

 

Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі:


Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы, биліктің жарқын келбеті. Сондықтан да оған жүктелетін міндет те ауыр. Жұмысы нық, жауапкершілігі зор болумен қатар, тәртібі де түзу болуы тиіс. Әйтпесе, әдебі кеңесте талқыланып, абыройына нұқсан келуі ғажап емес.

Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп келеді. Тіпті, мүлт кеткен аудан әкіміне дейін жасырып қалмай, ісін Әдеп кеңесінде қарады. Сондықтан аталмыш департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан едік.

– Берікбол Ұзақұлы, әңгіме­мізді Әдеп жөніндегі кеңеспен атқа­рылып жатқан жұмыстардан бастасақ.

– Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңеспен 2018 жылдың 9 айында өткізілген                 10 отырыста 55 мәселе қаралды. Оның 24-і тәртіптік істер болса, 31-і немесе 57%-ы – заңнама бұзушылықтарының профилактикасы бағытындағы мәселелер. Ағымдағы жылы Әдеп жөніндегі кеңесімен мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының алдын алу мәселесіне басымдық беріліп, бұл бағыт­тағы аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының есептері өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты.

Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 16 қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды, оның ішінде  8-іне  Әдеп кодексі  талап­тарын бұзғаны үшін «ескерту», «сөгіс», «қатаң сөгіс» тәртіптік жазалары қолданылса, 8-іне мемлекеттік қызметке кір келтіре­тін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі турал­ы ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды. Мәселен, Кеңестің ағымдағы жылдың 27 сәуірінде өткен отырысында Арал аудандық прокуратурасының берген материалына сәйкес, ҚР Жер кодексінің талаптарын өрескел бұз­ған Арал қаласының әкімі Б.Махатов пен орынбасары Р.Жа­наевтың тәртіптік істері қаралды. Аталған лауазым иелеріне бірнеше азаматтың жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш­терінің қаралу мерзімдері­нің сақталмауы, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын ұзарту және жер учаскесін табыстау талаптарын бұзып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәр­тіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін  Кеңес шешімі негізінде «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту»­ түріндегі тәртіптік жазалары қолданылды.

Кеңестің 21 маусымда өткен отырысында Арал аудандық мәслихатының депу­таты, аудандық әйелдер кеңесінің төрайы­мы А.С.-ның арызына сәйкес, Департаментпен жүргізілген тексеру нәтижесімен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Г.Исмайлованың тәртіптік ісі қаралды. Лауазым иесі 2018 жылдың 20 мамыры күні Арал ауданында өткізген жиналыс барысында өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен жиынға қатысушылар тарапынан сыни көзқарастар туындауына себепкер болып, яғни азаматша А.С.-ға дөрекілік танытып, бұл кісілерді жиналысқа шақырмағандығын айтып, залдан шығып кетуін сұрап, өзінің іс-әрекетімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Кеңес шешімі негізінде берілген ұсынысқа сәй­кес, басқарма басшысының орынбасары Г.Исмайловаға «қатаң сөгіс» тәртіптік жаза­сы қолданылды.

Сондай-ақ, биыл Әдеп жөніндегі кеңес­тің Шиелі және Арал аудандарында көш­пелі отырыстары өткізілді. Өйткені атал­ған аудандарда сыбайлас жемқорлық көрі­ністері жиі орын алған. Осылайша, орын алған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтар аудан активімен бірге талқыланып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар қабылданды. Мәселен, Арал ауданында орын алған қылмыстардың барлығы да мемлекеттік қызмет көр­сету кезінде, яғни қызмет алушыға тікелей­ қағаз жүзінде қызмет көрсету барысында орын алғаны белгілі болды. Осыған орай, Кеңес аудан әкімдігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның отырысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесін арнайы қарап, электронды қызметтердің үлесін арттыру жөнінде ұсынымдар берілді.

– Демек, Әдеп жөніндегі кеңес заңбұзушылықтардың алдын алуға басты назар аударады­ ма?­

– Иә. Әдеп жөніндегі кеңестер мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын, мемлекет­тік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарын қараумен қатар, Мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасын жүзеге асырады.

Осы мақсатта 2018 жылдың 9 айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен Әдеп жө­ніндегі уәкілдердің қатысуымен облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің қызметшілерімен 321 кездесу, семинар-кеңес пен дөңгелек үстел өткізілді. Шаралар барысында мемлекеттік қызметшілер­дің әдебі мен мінез-құлық нормалары кеңі­нен түсіндіріліп, агенттікпен әзірленген Әдеп кодексінің қойын кітапшасы (Pocketbook) таратылды.

Жалпы, бұл шаралар мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп кодексін бұзу фактілерінің азаюына септігін тигізді. Мәселен, 2018 жылдың 9 айында облыс бойынша 13 мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін тәр­тіптік жаза қолданылса, 2017 жылдың осы кезеңінде 21 мемлекеттік қызметші тәр­тіптік жазаға тартылған болатын. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері 38 пайызға төмендеген. Бір сөзбен айтқанда, әдептен аттағандар әділ жазасын алады.

– Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызмет туралы заңанаманың, Әдеп кодексінің сақталуын бақылау. Осы бағытт­а қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Департаментпен 2018 жылдың 9 айын­да облыстағы мемлекеттік органдарда 45 тексеру жүргізілген. Оның 8-і жос­парлы­ болса, 37-сі жоспардан тыс болған. Тексеру­ нәтижесімен, 166 бұзушылық анықталып, оларды жою туралы мемлекет­тік органдар­ға 15 ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ, департаментпен берілген ұсыныстар нәтижесін­де шағымданған 9 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

– Қазіргі уақытта заңбұзушылықты өрескел бұзған мемлекеттік қызметшілерге тәр­тіптік жазаларды қолданумен қатар, Әкім­шілік айыппұлдарды салу  қаншалықты  жүзеге асырылуда?

– Әкімшілік істерді қозғауда департаметпен жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 айында «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодексі­нің баптары бойынша 41 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 2 069 337 теңге­ өндірілді. Әкімшілік істердің 17-сі ҚР ӘҚТбК-нің 274-бабының 1-бөлігі, яғни мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның, аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды және мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім­дерде қасақана ұсынбауы немесе толық, анық ұсынбауы фактісі болып отыр.

– Елбасы биылғы жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесін тағы атап өтіп, бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан қорғау қажеттілігін тапсырды. Бизнесті қорғауда қандай шаралар қабыл­дануда?

– Инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған «PROTECTING BUSI­NESS AND INVESTMENTS» сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы облыста осы жылдың 21 маусымынан бас­тап жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Агенттік және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлт­тық бюроның департаменттері қызметкерлерінен мобильді топ құрылып жұ­мыс істеуде. Мобильді топтың басты мақсаты – инвестициялық жоба­ларды сүйемелдеу барысында болуы мүм­кін әкімшілік кедергілер мен жемқорлық тәуекелдерінен қорғау. Жедел топ тәулі­гіне 24 сағат 7 күн бойы жұмыс істейді жә­не фронт офистегі үйлес­тіруші­мен тікелей байланыста болады.

Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы құны 592,7 млрд теңгені құрайтын республиканың және аймақтың индустрияландыру картасына енген 15 инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынды. Оның 8-і шетелдік болса, 7-еуі – отандық инвестордың жобасы. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «PROTECTING BUSINESS AND INVESTMENTS» фронт офисі алаңында инвесторлармен қатар кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдап, қараудамыз. Бұл бізге кәсіпкерлердің проб­лемалық мәселелерін жедел түрде шешуге, бизнесті кез келген араласудан қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі күні фронт офиске инвесторлар мен кәсіпкерлерден 12 өтініш түсіп, оның 8-і өз шеші­мін тапса, қалған 4-еуі қаралу үстінде. Мәселесі шешілген 8 бизнес субъектісінің 5-еуі лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты болған. Осыған орай, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіргені үшін 2 лауа­зымды тұлға тәртіп­тік, 1 тұлға қылмыстық жауапкер­шілікке тартылды.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


«АТАСТЫРУ» САЛТЫН ЖАҢҒЫРТУ КЕРЕК ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
15.11.2018 10:37

«Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айттырып әпергенін білмейтін қазақ жоқ, тіпті білуге тиіс. Алыстан қарасы көрінген ер-азаматтарға жол беру үшін құрбыларының ат басын бұрып, жол беруін айтқан Данагүлдің көрегенділігі кейін де аңызға айналды.

“Қыз Жібек” фильмінен көрініс

Алыс елден дау-дамайды шешіп келе жатқан Төле би атқосшысымен қырық қарақшының қолына түскенде атасының жазған хатындағы жұмбақты­ «Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қырық қарақшының қолына тұтқын болып түскен екен. Қырық құнан атан берсін дегені – қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені, жиырма балуан­ берсін дегені – сегіз ақсақал берсін дегені. Оң босағадағы алтыны мен едім, сол босағадағы күмісі баласы еді. Атам мені артық көруші еді. Жұмбағымды шешер деп ойлаған екен. Алтынымды түгел берсін дегені – мені алып келсін дегені» деп шешкен екен.

Бұл әңгіме Төле би мен оның келінінің даналығын ғана көрсетіп тұрған жоқ. Қазақ халқының отбасын құруға ежелден бейжай қарамайтынын, ер-азаматтарды сыйлай білетін келін таңдайтынын ұқтырып тұрғандай. Өйткені салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын жоғары санайтын халық үшін өмір құндылықтарының алдыңғы қатарында отбасы тұратыны айтпаса да түсінікті. Соны ескеріп, «Он үште отау иесі» деп балаларын ерте үйлен­діріп, өмірге ерте бейімдей­тін болған. Қалыңдықты да жастайынан айттырып, бесік құдалық жасап немесе атастырып қоятын салттар­ өз орнымен қолданылып келген. Ал қазіргі жастардың дені «атастыру» салтыны­ң не екенін де білмейді. Сондықтан болар, көбісі екі жастың сезіммен және есеппен үйленгенін құп көре­ді. Ал атастыру дегеніміз қандай салт, қазір қолданыста бар ма? Зер салып, оқып көрейік.

Атастыру – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі. Қыз бен жігіттің ата-анасының балалары кішкентай кезінде немесе бесікте жатқан кезден-ақ, «балаларымыз өскенде отау құрсын» деп өзара уәделесіп қояды. Бір жағынан осы салтты келісім немесе уәделесу салты деп атауға болады. Себебі адамдар өздері алдын ала келісімге отырып, уәделесіп алады. Атастыру сөзінің тағы бір синонимдес мағынасы – байлау. Демек, атас­тыру ол екі отбасыны, екі елді, екі руды байлау, жақындастыру деп айтсақ, қателеспейміз. Егер де қыздың әке-шешесі ұл жақтың ниетін қабылдап, ұсыныстарымен келіссе, жігіт пен қыз атастырыл­ған болып есептеледі. Сол үшін ұл бала­ның жақындары қыз баланың отбасына алдын ала қалың мал төлеген. Атастырылған балалардың өскенде үйленуі – міндетті шарт. Кейбір адамдар «сізден ұл туып, бізден қыз туса немесе керісінше сізден қыз туып, бізден ұл туса, бас қосып құда болайық» деп әлі туылмаған балаларын атастырып қоятын. Атастыру­ ғұрпында бірнеше маңызды ережелер де бар.

Егер де атастырылып қойған жігітке атастырылған қыз ұнамай, ол басқа қызға үйленгісі келсе, онда жігіт жақ қыз жағына мал түрінде айыппұл төлейді. Жігіт қыздың үйіне қалыңмалды төлеп болғаннан кейін ғана бара алады. Оған дейін болашақ қалыңдығының үйіне келсе, онда жігіттің қылығы әдепсіз болып­, мініп келген атын алып қалып, өзін жаяу қайтарады. Сондай-ақ, жігіт қалындық төлеп болғаннан кейін қыз­дың үйінде бірнеше апта немесе бір ай көлемінде бола алады. Бірақ қыздың үйінде тұрмай өзіне шатыр тігіп алуы тиіс.

Ал бүгінгі шаңырақ құру тойларына жастар қалай жетіп жүр? Әрине, өзде­рінің қалауларымен. Жастар өздері та­ны­сып-білісіп, бірге өмір сүруге шешім қабылдап, отбасын құрады. Тіпті, бас құрмай тұрып жігіт қыздың, қыз жігіттің үйіне емін-еркін барып жүре береді. Бірге тату-тәтті тұрып жатқандар көп, бірақ ішінара бір қарын майды шірітіп жүргендер саны артып барады. Осындайда ескі дәстүр қайта жаңғырса, неке куәлігін ажырасу куәлігіне айырбас­тайтындар саны азайып, тіпті мүлдем жойы­лар ма еді, кім білсін?!

«Атастыру» салтына көзқарасыңыз қандай?» деген сауалнама жүргізіп көр­дім. Респонденттердің 20-30 пайызы бұл салт түгілі, сөзді де түсінбеді. Налыдым­. Рас. Қазақылықтың қаймағы санап жүрген Сыр елінде осындай жастар­ бар деп өзім ойламадым. Сөздің төркінін түсінбей тұрған адам салтты жаңғырту­ туралы қайдан пікір айтсын?! Хош, орта жастағылардың бірлі-жарымы ғана қолдайтынын айтса, аға буын өкілдерінен жақтайтындар да, даттайтындар да кездесті. Десек те, қазақтың сөз қоржынындағы «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Алған жарың ақылды болса, жұмақтағы хормен тең, жаман болса, маңдайға біткен сормен тең», «Өнер­сіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген­ секілді сөздері отбасын құруға аса жауап­кершілікпен қарауды меңзейді.

Көпшіліктің келіспеуінде де бір мән бар сияқты. Өйткені ерте заманда­ бұл салтпен үйленетіндердің дені  13 жасында отау құрған. Кейін өсе келе таңдауы басқа қызға түссе немесе соған­ көңілі түссе, оны тоқал ретінде алып берген. Ал бүгінде ерте үйленетіндер және екінші әйел алып отырғандар өте сирек немесе жоқтың қасы. Өйткені қазіргі жастардың талғамы ол кездегі міндеттермен сәйкес келмейді. Таңдап алған жарларымен де босаға берік­тігін ұстай алмай, жолайрықтан тастап­ кетіп жатқандар күн санап көбеюде. Өкінішті, әрине. Талғам бөлек, заман басқа, талап әртүрлі болғандықтан, бұл – өте күрделі мәселе.

Н.ҚАЗИ

 


 

Сіз  не  дейсіз?

Майдагүл  ОҢДАСЫНОВА,
көпбалалы  ана:
- Жасымыз 80-ге жақындап қалды. Біздің жас күніміздің өзінде атастыру салты болған жоқ. Біздің әжелеріміздің уақытында бұл салт жақсы қалыптасқан. Айттыру деп те атайды. Бала бесікте жатқанда, болмаса ес біле келе екі жақ келісіп, құдаласады. Сол уәде бойынша екі жас міндетті түрде қосылуы керек. Берірек уақытты алып қарасақ, халықтың қысылтаяң кездерінде би-болыстар, байлар, ауқатты адамдар жас қыздарға құда түсіп, тоқалдыққа алатын болған. Ол кезде де құда түсіп келген адамға әлеуметтік жағдайына байланысты өсіріп отырған қыздарын ұзатып отырғаны туралы әжелеріміз  айтып отыратын. Соған қарағанда атастыруды өте көне заманда ғана жақсы қолданған. Ал қазіргі жастар мұны тіпті түсіне де қоймайды ғой.

Гүлмира  ӘШІРБЕКОВА,
«Рухани  жаңғыру»  орталығының  бөлім  басшысы:
- Қазақта бірін-бірі жақсы білетін адамдар сәбилері дүниеге келмей жатып, келіседі. Перзенті туылған соң бесіктен атастырып, бірін-бірі құда деседі. Оларды бесік құда дейді. Бұл салт әлі күнге сақталған. Алайда кейбір жастар оған келіспей, өз таңдауларын жасап жатады. Егер үлкен кісілердің тәжірибесіне сүйенсек, өзіңе жақын таныс адамдармен құда болған дұрыс. Өйткені мұндай келісіммен құрылған отбасы ешқашан ажырамайды. Өзім және жақындарым атастыру салтын орындап көрмеппін. Атастыруда жастардың тілегі ескеріле бермейді. Алайда бір-бірімен танысып, жақын араласып, ұнатып үйленгендер қатары көбейіп келеді. Сондықтан аталмыш салтымыз жаңғырып жатса, қолдар едім.

Айдос  ӘЛМЕНОВ,
қала  тұрғыны:
- Негізі атастыру жақсы салт және оның пайдасы да көп. Жақында Самарқандтың Ургут деген жеріне досымыздың баласының шаңырақ құру тойына бардық. Сонда осы салттың куәсі болдық. Жігіттің жасы 18-де, жас келін 17-де. Естіп білгеніміз, екеуін кішкентай бала күндерінде атастырып қойған. Серт беріп, уағдаласқан соң ата-ана балалардың тәрбиесіне мән беріп, 90 пайыз атастырудың тәртібімен жүреді екен. Бұдан шығатын нәтиже қандай? Бүгінде қоғамдық дерттің асқынып бара жатқан түріне айналған ажырасу процесі ол жақта мыңның бірінде ғана кездеседі. Ал бізде бұл күрделі мәселеге айналып отыр. Бірақ, бұл қадамға бару үшін алдымен баланың тәрбиесін де соған ыңғайлау қажет деп ойлаймын.

 


ҚЫТЫҚ ТУРАЛЫ ХИКАЯ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.11.2018 10:24

Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі бар. Тек қылуетке түсіп кеткен.

Бал дәурен кезімізде: «Мына жерде қой бар, мына жерде ешкі бар, мына жерде сиыр бар, мына жерде жылқы бар, мына жерде күлкі бар, қытық, қытық!» деп қолтықтан қытықтасып ойнаушы едік. Сөйтсек, қытықтың негізгі қайнар жері ол ұсқынсыз ұңғыма емес, керісінше бұлтиған ажарлы бет болған екен. Көрбай-жербай емес, қытық та құлпырған жерді қалайды емес пе?! Оның үстіне, о замандағы Қытықтың қызметі қайнап, көкке көтеріліп, дәурені дүр­кіреген кез. От тілді Оспанхан ағамыз айтқандай: «...бұ қытық бетімізді қоныс еткен, содан бері ар-ұятымыз үшін, жанын салып көп іс еткен, осы қытықты қорғаймыз деп, ертеде көп соғыс өткен».

Күндердің күнінде жаңағы Қытығымыз жайлы орнынан жылжығаны сол екен, жұрттың бәрі жаңа жетекші Арсыздыққа жағымпазданған. Ал арсыздық болса, жер-көктегі өзіне жайлы беттерге­ жайғасып алған. Алған да Қытыққа қиғылықты салған. Ақыры адамның «қолтығына қуып тыққан, біреулер бөк­сесіне жіберген, біреулер сонау өкшесіне жіберген, енді біреулер қытығын, түу табанына түсіріп жіберген». Аңғарсаңыз, адамдар «қазір бетімнің қытығы қашайын  деген бе, мүлдем қысылмайтын­ болыппын» деп аспаннан салбырап түскендей сұрықсыз бетіне аңқайған. Мұндай  беттерді қара бет, көн бет, жүзі қара, беті қалың, бетінің ары жоқ, ұятсыз, қытықсыз дейді. Бетте қытық болмағасын, қыз баласында құр шырай ғана қалған. Шырай да әпербақанға шыдамай, қытықпен қол ұстасып қаша жөнелген деседі. Қыз атаулы қанша сабылып іздесе де, шырай мен қылықты тудыратын қытықтан айырылған. Тіпті, Қытықты келтіру үшін қыздар өз-өзін қытықтап көрген. Бірақ, Қытық батыр мүлдем бармаған, қыз бен қызметке әбден көңілі қалған. Оның да жөні бар. Өздері беттеріне тағайындаған барып тұрған Арсыздық басшы боп тұрғанда бұларға орын бұйырмасы да белгілі. Бір қарағанда-ақ бет ажарымен бірталай еркекті құлататын  бетпердеге құмар шүйкебастар таң шапағы білінгеннен бетіне сұлу шырайдың суретін салуы сол себепті болса керек. Әйтпесе, өзін әрсіз де әлсіз сезінеді.

Жігіттің бір қызға көзі түсіп:

– Қарындас, сіз тұрмысқа шыққансыз  ба? - десе, қыз ақтала сөйлеп:

– Жоқ, үйден боянбай шыққанмын, - депті.

Иә, сөзінің жаны бар. Бүгінгі қыздар әдетте таңертең бірінші боянады, сосын барып оянады. Мұның бәрі – қытықтың жоқтығы. Қытық кеткелі, беттің  берекесі кетті. Күніге көретіні – бес батпан бояу, опа-далаптың он атасы,­ макияжға арналған эмульсия, көрік берер­ крем, шырай келтірер «шпаклевка», косметиканың көк тіреген химиялық көкесі, т.б. Егер қытық болса, қылық та, шырай да, көңілдің күн райы да көрініп, болмысы керемет болушы еді.

Қытығы жоғалған ұлттың құты жоғалады. Неге?

– Зина жасау, жезөкшеліктің етек жаюы – қытығы жоғалған қыздардан;

– Қытықтың жоқтығынан қызталақтар (некесіз туған бала) көбейген;

– «Қарны тоқтық, қытығы жоқтық, аздырар адам баласын!»;

– Қытығы бар қазақ қоғамдағы жемқор­лық қылмысқа баруға қорқатын болған;

– Бұрынғы әуендерде жүрекке қытығы мол үн жететін;

– Бүгінде бетінің қытығы бар, ар-ұятты үлкендер ұлы даламызда ұшыраспайды-ау!

– Қазіргі балаларды қытықтасаң, ішек-сілесі қатып күлмейді. Сезім мүшелері өле бастаған;

– Баяғыда басына бантик таққан қыздарға қарап, «он екіде бір гүлі ашылмаған» деп елжірейтінбіз. Қазір ше? Елжірей қоятын бастарында бантигі жоқ.

– Ұлдан ұят, қыздан қытық кете бастады;­

– Қазіргі ғаламдық мәселеге айнал­ған албасты ауру «ажырасудың» жастар арасында жайылуы – қытықтың құрдым­ға айналғанынан. Елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Әділет министр­лігінің мәліметі бойынша өткен жылы жаңа құрылған 140 мың отбасының 51 мыңы дәм-тұзы жараспай айырылысып  кеткен.

– Саф алтындай қытықтың сарқыл­ғандығынан әлем алдында да құтымыз жоғала бастаған. Ұлыбританияның бедел­ді басылымы «The Economist» жария­лаған соңғы мәліметіндегі ондықтың  тізімінде ажырасудан бірінші орында­ АҚШ иелігіндегі Гуам аралы тұр. Ресей – екінші, Беларусь – үшінші орында. Ары қарай ретпен алаңсыз оқып отыр едім, кенет көзім бақадай бақы­райып, шарасынан шығып кете жаздады.­ Қарасам, қара тізімде Қазақстан тұр. Ажырасудан 10-орында. Масқара! Жазғы­ Олимпиада ойындарында ондық тізімінен көріне алмай жүріп, ажырасудан алдымызға жан салмай, «бізді білесіңдер ме?» дегендей әлем алдында бой көрсеткеніміз ұлымызға да, қызымызға да ұят-ақ. Бетім-ай!

Дерекке көз жібертсек, көрші Қыр­ғыз­стан бұл тізімде 48-орыннан көріне­ді. Мұнда мың адамға шаққандағы ажырас­у көрсеткіші – 1,7. Ал Қытайдікі – 1,8. Жер-жаһанды жайлаған жаһан­дану заманында қытығымыз қысық көздерге жұтылып  кетпесе  жақсы.

Мұндайда атам қазақ «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген. Қақпағымыз жоғалғалы қай заман?! Алаш елінің анасына айналған Зейнеп апамыздың сөзіне зер салсақ, «қазақ қызының қытығы кетеді деп алақанын ешкімге ұстатпаған». Тіпті, сол замандағы сұлулар бетін өпкен самалға қытығы келіп, тітіркене бойын жияды екен. Міне, он екіде бір гүлі ашылмаған, бәденінде қытығы мен майда дірілі басылмаған, ақ тамағын күн шалмаған асыл арулар!

Аруларды аспанға көтеріп, алақанына салып, аялай білген зар замандардағы жыраулардың сұлу сөздерін оқып, сурет­ көргендей сүйсінесіз:

– Ешкім білегінен ұстамаған (Дома­лақ­ ана аңызында);

– Шашынан ешкім сипамаған (Доспамбет);

– Маңдайы күнге тимеген (Доспамбет);

– Ешкімге көзін салмаған (Шал ақын: «екі көзі ел көшсе төңіректе»);

– Түймесін ешкім ағытпаған (Доспамбет);

– Адам бетін көрмеген (Дос­пам­бет);

– Белін ешкім шешпеген (Доспамбет);

– Көркін құлыпқа сақтаған (Ақтамберді),

– Назыменен күйдірген (Бұхар);

– Құлқыменен сүйдірген (Бұхар);

– Омыраулы жұпарлы (Бұхар);

– Ұяты бар (Көтеш).

Бұрын шашы белінен аспаған бойжеткен бұрымдыларға «беттеріңде қытық қалды ма, қалмады ма!» деп ұрысса­  керек. Қазір әй дейтін әже, қой дейтін  қожа  жоқ.

«Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» дейді. Күлкі қайдан шығады? Қытықтан. Ал қытық деген не? Ой жүгіртіп көрейікші. Пәлсапашылар  айтады: «Қолтыққа, табанға не тамақ  астына біреу-міреудің қолы тиген­де болатын жайсыз сезім» деп. Әсте олай емес. Қытық – жанға жағымды жайлы сезім, қылықтың туысы, қоғамды сақтаушы, отбасылық адами құндылық. Қалай  дейсіз  ғой? Былай. «Ұлтты қыз сақтайды». Ал қызды не сақтайды? Әлбетте  қытық, ар-ұят.

Қытық туралы айтқанда Сара-Джейн Блэйкморді айналып өте алмаспыз. Ол 2000 жылы Аустрияда қытықтың алуан түрлі қырын ашып, арнайы зерттеу жасаған­ ғалым. Ұсақ-түйек ғалымдар сықыл­ды ананы-мынаны емес, адам баласы­на пайдасы бар асыл-ақық дүниен­і бақылаған еңбегіне базар жоқ! Оның айтуынша, қытық дегеніміз – адам терісінің жәндіктер мен кішкентай жануарл­арға жанас­қанда болатын құбылыс. Сөйтсек, бұл тері­міздің қауіп жайындағы бізге берген бел­гісі екен. Міне, қараңыз! Ал қытықтаудан­ кейін орын алатын күлкі болса, ешқандай­ қауіптің төніп тұрмағанын сезінгеннен соң шығатын дүние дейді. Адам өз-өзін қытықтап жарытпайды. Неге дейсіз ғой? Себебі, адамның өз-өзіне қауіп төндір­мейтінін ми әуелден-ақ сезетін көрінеді. Бұл туралы ежелгі заманда Аристотель­дің өзі-ақ айтып кеткен. Ал әлдекімнің сізді қытықтауына еш қарсылық жасай алмасаңыз, онда оның қолына өз қолыңызд­ы лезде қойсаңыз болғаны, сонда ми өзіңізді-өзіңіз қытықтап жатқанд­ай күй кешіп, сезінуді дереу доғарад­ы  екен.

Қытықтың ерекше қыры – адамдарды­ жақындастырушы алтын көпір. Мәселен, ана өз сәбиін қуанту үшін қытықтайды. Жұптар да солай. Ал психологтардың айтуынша, «қытықтау – әлеуметтік ойынд­ардың  жоғары деңгейі».

Қытықтаудың бір қыры – жауыңды қинауға жақсы екен. Тарихта бұндай азаптаулардың болғанын оқып, аузым ашылды да қалды. Қытық арқылы қорлауд­ы фашистер де, әрідегі Рим әскерлері де қолданған. Мәселен, олар қалыпты қытықтау емес, өздерінің  ең бір әккі әдістерімен жәбірлеген. Былайша айт­қанда,  адамның  аяқтарын қосақтап байлап,­ оған тұз жаққан да, ішке ешкілерді кіргізген. Ал ешкілер оның табанын  жалағанда,  қытықтан  өле  жаздап, ауыр күй кешеді екен. Міне, қызық!

Есейген сайын қытықтан қорық­пайды екенбіз. Қытықтауды көбіне балалар­ сезеді. 40-тан асқан ересек адамдар терінің ерекше сезімталдығы азайғандықтан, көбіне күлмейді.

Байқайсыз ба, қазіргі жастардың қызығы мен қытығы сиреп қалған. Ажырас­у  ауруы  тіптен жайлаған. Ауыз­ға  алуға  арланасың.

Қалжыңға құлақ түрейікші...

Бір жігіт пен қыз қыдырып жүрсе керек. Бір кезде қыз:

– Мен тоңып қалдым, - депті.

Жігіт костюмін шешіп береді. Біраздан соң қыз:

– Тағы да тоңып барамын, - дейді.

Жігіт дереу көйлегін шешіп береді. Тағы біраздан соң қыз:

– Білесің бе, бала кезімде өстіп тоңып­  қалсам, әкем құшағына алып жылытатын  еді, - депті.

Сонда жігіт:

– Енді түн жарымында мен саған әкеңді қайдан табамын? - деген екен.

Мына қыздың қытығы қанында да мүлдем қалмаған-ау! Қан берем десе, тіпті бұрынғы бомж да қызықпастай. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлылардың ұлағатты сөзі отау болар ұлымыз бен қызымыздың ой-санасында ұлып тұрса ғой, шіркін!

Қытықтанушы

Нұрсұлтан  ОҚПАНҰЛЫ

 


БАНКРОТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.11.2018 10:20

Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

- Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

- Неге?

- Шындықты қазір ешкім сатып алмай­ды. Одан да  өтірік  әкеліп сат.

Әкемнің айтқанына көнбедім. Дүкенді аштым. Шындықты табу қиын екен. Қазақстанда адам баласы айна­лыспаған кәсіп қой. Конкурент жоқ. Әкем қателескен ғой. Бірақ, қаладан шындықты емге таппайсың. Ауылдан алдыр­ған қапшық-қапшық шындық­тарды арзан бағамен өткізе алмадым. Қарызға да ешкім алмайды. Тіпті тірі адам келіп саудаласпады. Керісінше көшенің арғы бетінде «өтірік» сататын дүкенші байып кетті. Сөредегі өтіріктер көтерме саудамен жұқпай өтіп кетеді. Өтірікті, әсіресе, басшылар мен депу­таттар тапсырыспен алдырып жатыр. Бизнесі гүлденіп, «өтірік кафе», «өтірік асхана» салды. Жұрттың бәрі өтірікке тойып кекіріп жүр. Енді ол «өсек» сататын­  базар  ашты. Оған да сұраныс көп екен. Ішім күйді. Қолымнан сауда жасау келмейді. Әкемнің ақылын тыңдама­ғаныма  оңбай  өкіндім. Бизнесті тастадым. Қарызға белшемнен баттым. Жақында «Өтірікшілер» партиясы құрылды­. Бүгінде  тіркелушілер  саны  өте көп. Өтірікке семірген партия белсен­ділері  «Қазақстан»  атауын «Өтірікстан» етіп  өзгертуге  ұсыныс  тастапты. Жоғары­ жаққа  қол  жинап  жатыр. Бекітіліп кетсе не болады? Қатты қорықтым. Оянып кеттім. «Уф» түсім екен)))

Нұрлыбек   ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

 


ЖЕР БЕТІНІҢ ШАМШЫРАҚТАРЫ (Деректі әңгіме) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.11.2018 10:10

Айжарық   СӘДІБЕКҰЛЫ

Апай кетерінде: «Демалыстарыңда үйге келіп тұрыңдар» деп ақылын айтып­ жатыр. Біз де қарап қалмай ауылдан алып  шыққан  күйінде  тұрған  бір дорба­ күрішімізді  сыйладық. «Бізде күріш қат қой»  деп  апай  қуанып  қалды.

Демалыста арагідік апайға барып, шаруашылығына жәрдемдесіп тұрдық. Сөйтіп жүргенде мен тағы ауырып қалдым. Дәрігерлер емдеді, бірақ жүйкеге жүк түсіріп, қиын дене қимылымен айнал­ысуға  болмайды  деп  бір-ақ  кесті.

Сонымен маған бұл оқу да бұйырмады. Ауылға қайтуға ыңғайландым. Алдан мен Кейкі: сен кетсең біз де қайтамыз деп қарап тұр. Маған қарағанда бұл екеуінің денсаулығы мықты. Қиын жаттығу қимылдарын орындауда ортекед­ей орғиды. Әй, екеуің ақылда­рың­нан алжаспаңдар. Тағы да бір оқуды таст­ап елге күлкі боларсыңдар деп тоқтатт­ым. Келесі жылы бірге боламыз. КазПИ-дің тарих факультетіне түсуге дайындалып келемін.

– Онда жарын келетін болсаң, оқи берейік, - деді  Кейкі.

Қалтамда көк тиын жоқ. Айына беріп  тұратын  14 сом стипендиям өңештен өтіп кеткен. Не істесем екен деп түнімен ойландым. Қайдан ойыма келгенін білмеймін, ертеңіне талқы шай ішіп отырып, ол екеуіне мен оқыстан жағдайымды баяндап, көмектесуін өтініп Шаяхметовтың атына хат жазамын дедім. Алдан мен Кейкі шошып кетті. Ұят қой дегендеріне болмай деген­іме бақтым. Көп ұзамай ЦК-дан шақыру келді. Ол кезде ЦК Панфиловтың бойында болатын. Үшеуміз жүре­гіміз шәукілдеп бардық. Күзетші милиционер тоқтатты. Шақыруды көрсеткесін мені пропуск беретін терезеге алып  барып ішке кіргізіп жіберді. Кілем  төселген жолмен жүріп келемін. Алдымнан тағы бір  күзетші  тосып  алды. Пропускамды көрсеткесін жоғары көтеріліп, есігінде «Нұрғалиев» деген жазуы бар кабинетке кіргізіп жіберді. Ол кісі тағы бір кабинетке ертіп барды. Есігіндегі жазудан білдім, Сандлер деген кісі екен. Ол жазу столының тартпасынан менің хатымды алып:

– Мынау сенікі ме? - деді.

– Иә, менікі.

– Шаяхметов жолдас хатыңмен танысты. Жылап отырып жазған екенсің. Көмек көрсетіледі. Басқа қандай өті­нішің бар? - деді Нұрғалиев.

– Ағай, өтінішім, ол кісіні көруге бола ма? - дедім. Содан­ ол екеуі жатып кеп күлсін. Мен  қысылып  қалдым. Санд­лер  басын шайқады.

Нұрғалиев: – Жарайды, бұл айтқаның да болсын, - деп бірінші басшының қабылдау бөлмесіне алып барды. Онда жасы тоқтасқан, келімі келген көзі көк бір әйел отыр екен. Нұрғалиев ағай оған бірдеңе деді. Әйел «хорошо» деп басын изеді. Сосын ағай: «Ал, шыда­мың жетсе, күтіп оты­ра­сың» деп кетіп қалды.

Апай «фамилияң кім?» деді. Айттым. Үндеген жоқ. Бөлменің оң жағындағы есікті ашып ішке кіріп кетті. Көп бөгелген жоқ, қайта шығып орнына жайғасты. Үлкен кісі­нің қабылдауын күтіп отырып қалғып кетіппін. Апайдың иығымнан түрткенінен селк етіп ояндым. Ол оң жақтағы есікті ашты. Мен ішімнен ата-бабамның аруағына сиынып ішке кірдім. Міне, ол қандай адам?! Газеттегі портретінен көргенімдей маңдайы жар­қырап кабинеттің төрінде патшадай болып отыр. Ірі кісі екен. Маған бұрышта тұрған шағын столдың орындығын  нұсқап:

– Отыр бала, - деді. Ішімнен «біссі­мілә» деп отырдым. Ол «Правда» газетін оқып отыр екен. Шамасы, бүгінгі нөмірі болар, газеттің әр жеріне шұғылып қызыл қаламымен сызып қояды. Газетті одан әрі оқып отыра берді. Мен де күтіп отырдым. Оң жағындағы бөлек столда түрлі түсті 8 телефон тұр. Газеттің беттерін түгел шолып шыққасын бүктеп қойды. Сосын жұрт айтатын «құпия кнопкасын» басып жіберді-ау деймін, қоңырау сыңғыр еткенде, қабылдау бөлмесіндегі апай кіріп келді. Оған бірдеңе деді. Мен не дегенін түсінбедім. Қас-қабағын бағып отырмын, енді ол «Известия» газетін оқуға кірісті. Ал әлгі апай шамалы уақытта менің алдыма күміс подноспен бір аққұман шай әкеліп, шағын сүлгі жайды. Стақан толы қаймақ, қазы аралас туралған ет салат, қызартып пісірген бауырсақ, жұқалап тілген қара нан, құмшекер, шанышқы, шай қасық. Бұл не деген құрмет?! Көңілім босап отырып қалыппын.

Үлкен кісі: – Бала, шай ішіп ал, -деді. Шай болғанда қандай?! Кәдімгі үйдегідей сүт қатқан қою шай. Мені аш қарынға ел қондырып алды-ау деген шамада ол «Известия» газетін қайырып қойып:

– Ал, бала, сөйлей бер, - деді. Күн­дікке әлде қандай болады деп тығылып отырған мен сөйлей жөнелдім.

– Аға, мен астанаға Қызылорда облысын­ың Қазалы­  ауданына қарасты Максим­ Горкий­ атындағы колхоздан келген едім, оқимын ба деп. Онымен, хатымда жазғанымдай, денсаулығым сыр  беріп оқудан шығып қалдым. Әкем 1942  жылы Ленинград шайқасында опат болған. Үйде қартайған әжем, кол­хозшы шешем­, мен – үшеуміз... - дей берге­німде, Жұмабай аға сөзімді бөліп:

– Өтінішіңді алдық бала. Көмекті алдымен  колхоздан  сұрауың  керек  еді. Сұрадың  ба? - деді.

– Сұрағанбыз. Көмек бере алмады.

– Олар көмек бере алмаса, аудан басшыс­ына баруларыңа болатын еді ғой.

– Баруға бата алмадық.

– Аудан басшысынан қорқасың, ал Қазақстан  басшысынан  қорықпайсың, ә? Нағыз  жаужүрек батыр сен болдың ғой, - деп күлді.

Мен тілімді тістеп отырып қалдым.

– Бала, өтірік айтушы болма. Ұят болады. Мәселең шын болсын. Жал­ған  болса, анығын анықтау бізге қиын емес, - деді.

– Аға, құдайақына, жазғанымның жалғаны жоқ, - деп орнымнан ұшып тұрдым.

– Отыр, отыр. Сенің жағдайың Нұр­ғалиев пен Сандлерге тапсырылған. Ол екеуіне соға алдың ба?.

– Иә, мені сізге Нұрғалиев аға ертіп келді.

- Маған неге келдің?

– Аға, мен ауылға қайтпақшымын. Сәті түссе кейін келермін оқуға. Кетерім­де сізді бір көргім келді. Сізді көргенімді Әжем мен Апама айтып барайы­н  дегенім  ғой.

– Бала, сен ауылды қоя тұр. Сенің жағдайың денсаулық және оқу министр­лігіне  хабарланған. Ондағылар сені әуелі емдеттіреді. Келесіде қалаған оқуға түсуіңе көмектеседі. Қайткенде де оқуың керек. Оқымай мұратыңа жет­пей­сің, - деді.

Менің кеудемді өксік қысты. Көзім жасқа толып кетті. Үлкен адамның кабине­тінен қалай шығып кеткенімді білмедім, көзім жасқа көміліп...

Содан, әзіретіңе мағұлым, Нұрға­лиев ағай мені жетелеп жүріп бір кассадан қол қойдырып мың жарым сом ақша алып беріп, осыған киін, тәуір тағам­мен тамақтанып жүр, - деп мені қызметтік машинаға мінгізіп жіберді. Шофёр айдап отырып мені бір үлкен ғимаратқа әкеліп салды. Кейін білсем, бұл, мәссаға-а-ан, совминнің ауру­ханасы  екен.

Бұйырған деген, ақшамның жарты мыңын кейін керек болып қалар деп жинақ кассасына жытырдым да, қал­ғанын «қанды көйлек» достарыммен бөлістім.

Дәрігерлер тарапынан менің тек­серілмеген мүшем қалмады. Тәуір тағам­, жайлы жатыс, дәл диагноздың арқа­сында екі айда сауығып шықтым. Ойым ауылға тартып кету еді. Жұмагүл апай ауылға жаз шыққасын барып қайтарс­ың. Оған дейін біздің үйге жаты­п жұмыс істе. Тапқаныңнан  ана екі досыңа қарайлас. Тарығып  қалмасын, - деп  ақыл  қосты.

Апайдың басы алтын ғой. Ақылын алып жұмыс істедім. Жағдайымыз оңалайын деді. Бұрынғыдай емес, уайым­-қайғы сейілді. Біз де қатардан қалмай ойнап-күліп жүретін болдық. Келесі жылы КазПИ-дің тарих факультетіне стипендиямен түсіп, Тәңіртаудың шыңына шырқап шыққандай болдым. Сөйтіп, бәрі дұрыс бола бастаған еді. Анау Кремльдің тақыр бас волюнтарисі ұлтымыздың өлгенде көрген көшбасшысын көктегі бұлтпен талас­қан лауазымынан төмендетіп оңтүстікке жіберді. Мұндай күймеспін. Кімге тиісерімді білмей аласұрдым. Кеудемді кернеген кек қазандай қайнап-қайнап, әрең дегенде басылды. Содан бері сол сойқанды албастыдан бетер жек көріп кеттім. Бірақ жек көргенде не істерсің... Сталиннің кадры дегені ғой. Ой, көк­тігіл-ау! Өзі бір шошқа мойын ұсқынсыз еді. Сталинді жазғырып күстана­лайтындай ол одан артық болса екен-ау! Өресіздің  аты – өресіз. Ақыры өзі де ұзаққа  бара  алған  жоқ. Он жылдан кейін айналасындағы қасқырлар өзін де Кремльден қуып шықты ғой. Ол ант атқа­н  сонда  бір  өкінген  шығар  өкіріп.

Менің ақылымның жетпейтіні: Кремль осы қазақ халқынан қандай жаманд­ық көрді?! Жерінің бар байлығын әке-көкелеп, сенен артық пана бола­тын біздің кіміміз бар деп, он тоғы­зыншы ғасырдың алпысыншы жылдарынан баста­п солардың құрдымына тоғы­тып келмедік пе? Сонда да жақ­паймыз. Кремль қазақтың өз еркін өзіне бермеді. Елімізді Шаяхметовке дейін де, кейін де пиғылы жат келімсек­терге билетті, Қонаевтан кейін тағы да бір арамзасын жіберді көзін көкшитіп. Әй, бұлардан өлгенде де құтыла алмайтын шығармыз...

– Сонымен Шаяхметовтың ілтипатымен дертіңізден жазылдыңыз, қалаған оқуыңызға түстіңіз. Ал Алдан мен Кейкі неғылды? - деді Дидарбек оның сөзін бөліп.

– Иә, айтпақшы, Алдан мен Кейкі техникумды ойдағыдай бітіргесін елге оралып, екеуі екі орта мектепке тұра-тұра қалды, физкультурник болып. Алдан­ кейін Алматыда инязды (шет тілі дегені) бітірді. Одан Фрунзе барып диссерта­циясын ағылшыннан қорғап, ғылым кандидаты болып келді. Кейкі әуелі Алматы ауылшаруашылығы инсти­тутына түскен. Дипломын алысымен университеттің заң факультетін сырттай бітіріп алды. Көптен бері дыңдай совхоз директоры. Пенсия жасымыз жақын қалды. Үш дос амандық болса зейнетке қатар шығамыз ғой...

– Е-е, мұратқа жеткен деген осы. Бір жақсының арқасында...

– Иә, иә, айтарыңыз не. Алаш ардақтылары ұлтымыздың шамшырақтары ғой, - деді Жәкең қолына домбырасын ала беріп. – О дүниені білмеймін, ал исі қазақты жер бетіндегі тозақтан қорғап, осы күнімізге жеткізген сол шамшырақтарымыз емес пе? Жердегі жұлдыздар деп, әне, соларды айту керек. Біз оларға қарыздармыз. 1966 жылы он жетінші қазан айында Шаяхметов дүние салды деген қаралы хабарды есіткенде, көз жасым­а ие бола алсамшы, әкем өлгеннен бетер азалап қайғырдым. Асылзаданың сондағы қамқорлығын кеудемнен жаным шығып кеткенше ұмытпаспын-ау... Үрім бұтақтарыма айта-айта кетер­мін. Асыл адамның мәңгілік мекені Пейіштің төрінен бұйырғай...

*  *  *

Жәкең әңгімешіл екен. Қанша деген­мен көпті көрген көнтерлі кісі ғой. Дидарбек оның әңгімесінен редакцияға әр кездегідей бір кеудеге жүк болар­лықтай ой арқалап оралды. Зердесінде: қазақтың қарапайым колхозшы қызы Жұмагүл... мемлекет қайраткері Шаяхметов... Қазақтың бес облысын бөліп алып Ресейдің құзырына бермекші болған­ залым билеушімен арыстандай алысқан Тәшенов... Осылар ғой, Жер бетінің шамшырақтары! Ұлы Жаратушы оларды жер бетіне туған халқына қамқор болсын деп кезегімен жіберіп тұратын болар. Олар халқының жанын заман құбылып, қоғам өзгеріп, уақыт алға озған сайын осынау дүние жарыққа кезегімен келіп, бірін-бірі ауыстыру арқылы сақтайды-ау деймін?! Сол шамшырақтарымыздың ұлт көшбасшысы болған кемеңгерлігінің арқасында ғой, халқымыздың мың жыл аңсап арман­даған  мұратына  көші  аумай  жеткені.

(Соңы. Басы өткен санда.)

 


ЖЫҒЫЛМАЙДЫ, ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕР ЖОЛДА! PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
15.11.2018 10:00

Жыл басталғанда “ҚАЙТҚАН ҰЛДА ҚАЙЫР БАР немесе...” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8447:2018-01-20-06-49-54&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп жазған едік. “Немесе “Қайсарды” өз түлектері түлетеді. Нақтырақ айтқанда түлете ме, түте-түтесін шығара ма, ол жағы әзірше белгісіз. Сәл кейінге шегініс жасайық. Алдыңғы жылы премьер-лига ойындарына жолдама алған “Қайсарды” бірінші лигаға қайта қадам басудан құтқаруға бірнеше жерлесі желпініп жеткен-ді” деп басталады мақала.

Араға 5 күн салып “Қайсардың” алғашқы қадамы” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8472:2018-01-25-05-07-54&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп тақырып қойып тарқаттық. Ол Түркия еліндегі оқу-жаттығу жиынындағы алғашқы жолдастық кесдесуі турасындағы мақала еді. Наурыз айында көптен күткен ел біріншілігі де басталды. Оған дейін де “қасқырларға” қатысты ақпараттар мен жаңалықтарды назардан тыс қалдырмадық. ҚПЛ-дың биылғы алғашқы матчында “Ақтөбені” қабылдап, ешкім күтпеген есепті тіркегенде “ЛЕГИОНЕРСІЗ ӨНЕР немесе 12-3=?” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8736:-12-3&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп жаздық. Мақала “Айтпақшы, тақырыптағы математикалық есепті шештім деп масайраудың қажеті шамалы. Түсініксіз көрінсе, таныстырып, жөн-жобасын айта кетейік. Ақын Мұхтар Шахановтың “12-3=?” деген поэмасы бар. Онда үлкендер мен жастардың соғысы туралы баяндалады. Арғы жағы айтпай-ақ түсінікті шығар. Қажет деп тапсаңыз, поэманы оқыңыз. Бұл матч көпшіліктің көкейіндегі осыған дейінгі жалаң болып келген ойды дамыта түскендей. Біздің мақсатымыз – “Қайсар” ойыншыларын сынау емес, қазақ футболына жанашырлық таныту. Легионерлер ел футболын қарыштататын болса, ендігі құйып жатқан ақшаның ақталатын да уақыты жеткен шығар...” деп түйінделеді.

Сәуір айының басында “Қайсар” ойыншылары Астанаға қонаққа барған болатын. Бір топ жанкүйерлермен бірге біз де бас қалаға аттанып кеттік. Ойынның қызығы, жолдың қиындығы турасындағы жолсапар жазбамыз “Астана” жүрісінен жаңылмады” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8838:2018-04-05-05-09-34&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деген тақырыппен газет бетіне жарияланды. Арада бір жеті өтті. 4 ойыннан 1 ғана ұпай жинаған немесе 12 ұпайдың 11-інен көз жазып қалған жерлестерімізге деген жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай, ашу-ызасы айтарлықтай қатты болды. Бұл кезде “ҚАҢҒЫП КЕЛГЕН ШҮРЕГЕЙ КӨЛГЕ ПАНА БОЛМАЙДЫ немесе “Қайсар” бапкері қыл үстінде тұр” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8871:2018-04-12-05-02-12&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп айғайлаған тақырыпта мақала жазылды. Біз өз кезегімізде алдағы ойындарда “Ертіс”, “Қайрат”, “Ордабасы”, “Тобыл” секілді азулы командаларға қарсылас атанатынымызды ескерте келіп, бапкер ауыстырудың тиімсіз екенін жаздық.

Мұнан кейінгі жазғанымыз өте қызықты болды деп айта аламыз. Өйткені, “Елу жылда – ел жаңа” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8899:2018-04-19-04-46-21&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) атты мақалада тарихи мәліметтер келтірдік. “Биыл – “Қайсардың” 50 жылдық мерейтойы. Қызылорданың басты клубы саналатын команда аталмыш датаға әзірлігін бастап та кетті. Бір жағынан мерейтойын кең көлемде тойлауға қамданса, жақсы ойын көрсетуге де тырысып жатқандай. Бір қызығы, осыдан тура 50 жыл бұрын құрылған клуб алғашқы кездесуін 14 сәуірде өткізіпті. Биыл “қасқырлар” ел біріншілігінің 5-турында дәл осы күні өз алаңында Павлодардың “Ертісін” қабылдады” деп басталды мақала. “Алғашқы гол, алғашқы жетістік!”, “Кезекті ойын, кезекті кемшілік!”, “Кызыл-Ордадан” “Қайсарға” дейін” деп аталған қызықты тақырыпшалары үшін де бұл материалды қайта оқып шығуыңызға әбден болады.

“Қайраты қашып, қайсарлығы жоғалды” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8933:2018-04-26-04-11-03&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп тақырып қойылған кезекті мақалада Алматы қаласына жасаған жолсапарымыз туралы кеңінен жаздық. Алатау бөктеріндегі ойынды көзімізбен көріп, “Қайсарды” қолдап қайттық. Ел біріншілігінің 7-турында “Тең ойынмен тірнектеп жинаған ұпай” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8991:2018-05-03-04-40-01&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) атты материал қаламнан еріксіз туды. Бұл 7 ойын бойы жанкүйерлеріне жеңіс сыйламаған жерлестерімізге арналған орынды сын еді. Әне-міне дегенше бірінші айналым мен 11-тур ойындары да аяқталып қалды. Осы уақытта біз “Жеңіліссіз серия жалғаса ма?” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9127:2018-05-24-04-29-02&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деген сауал тастадық. Өйткені, “Қайсар” соңғы 5 ойын бойына жеңілмей және гол жібермей келе жатқан болатын.

Газеттің №21 санындағы “Тең ойын көбейсе, ұпай азаяды” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9163:2018-05-31-04-32-56&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деген тақырыптағы мақаланың да көтерер жүгі ауыр болды. Мұны былайша қарастыруға болады. 3 ойында 2 рет тең ойнап, 1 рет ұтылған болсаңыз, еншіңізде 2 ұпай болады. Тиісінше, 2 рет ұтылып, 1 рет жеңсеңіз, 3 ұпайға иелік етесіз. Біз осыны меңзеген едік. Ел чемпионатының 15-турында сырт алаңдағы “Қайсардың” “Ертістен” үш ұпай алуын “Көп күттірген жеңіс” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9338:2018-06-28-04-53-18&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп атауымызға расында лайық болатын. Одан кейін “Ордабасының осал жерін тапты” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9404:2018-07-12-04-30-13&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деген мақала газет бетінде жарияланды.

“Еліміздегі ең таңдаулы стадиондардың бірі – Ақтөбеде орналасқан “Қобыланды батыр” атын иеленген футбол алаңы. 12805 адамға арналған бұл жерден футбол тамашалау көпшіліктің арманы деуге әбден негіз бар. Себебі сол, “Ақтөбе” футбол клубының қолдаушылары “Қазақстандағы №1 жанкүйерлер” деген атақты әлдеқашан алып қойған. Командасы қаншалықты қиын жағдайда тұрса да, мұнда үнемі футбол атмосферасы, еуропалық деңгейдегі қолдау болады. Оны өткен жылы байқағанбыз. 2017 жылы ел біріншілігінің 21-турындағы “Ақтөбе-Қайсар” арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Бардық. Тамашаладық. Нәтижесінде “Алтыншы тең ойын әзірге алтылықта қалдырды” деген мақала жазылған еді. Ал, биыл премьер-лиганың 22-турында тағы да Ақтөбеге бару мүмкіндігі туды. 1000 шақырымды артқа тастап, 14 сағатта “Қобыланды батыр” атындағы Орталық стадионға табан тіредік” деп басталатын мақаланың тақырыбы “Түздегі текетірестің тоқтамы” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9576:2018-08-16-05-10-36&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп қойылды. Себебі де бар, статистика оны растайды. Сырт алаңда тәп-тәуір ойнайтын “сырттандарымыз” бұл жолы “Ақтөбеге” есе жіберіп алған еді.

Біз қай кезде де болмасын, “Қайсардың” ойындарын назардан тыс қалдырмадық. Ақты – ақ, қараны – қара деп, сөзбен сабап та, сылап та алып жаттық. Командадан келген-кеткен ойыншылар туралы, турнирлік кесте, статистикалық мәліметтер мен Сыр футболына қатысты қызықты ақпараттармен мейлінше бөлістік. Жанкүйерлердің жанайқайы да жазылды. Футболшылардан сұхбат та алынды. Жанкүйер әрі журналист Фаризат Амангелдінің “Қайсардың” шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбаймен сұхбаты “Симуляция жасау – футболдағы қулық” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9077:2018-05-17-04-13-29&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деп берілсе, футболшы Дәуренбек Тәжімбетовпен сұхбат “Футболды допсыз да баспен ойнауға болады” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9605:2018-08-23-04-38-24&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) деген тақырыпта жарық көрді. Соңғы жазылған “Мерзімін күтпеген мерей” (http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9919:2018-11-01-04-14-17&catid=9:2011-11-18-09-11-08&Itemid=9) атты мақаламызда “Астананың” біріншілік аяқталмай жатып жеңімпаз атанғаны туралы ғана емес, “Қайсардың” біршама ойынына арналды.

Осылайша, биылғы футбол маусымы да өз мәресіне жетті. Жығылмаймыз, жеңіске жетер жолда! Алға, “Қайсар!” Келесі маусымда кездескенше! Ендеше, елімізде ҚПЛ ресми түрде жабық! Айтпақшы, “Қайсарды” өз түлектері түлете алды, түте-түтесін шығармады...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ЖАЛАҒАШ және СЫРДАРИЯ АУДАНДАРЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.11.2018 09:26

Кеше Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев жұмыс сапарымен Сырдария және Жалағаш аудандарында болып, жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру шарасына және сумен жабдықтау жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысып, бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты.

Жалағаш ауданының М.Шәменов ауылдық округінде таза ауызсу берілді. Облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.

«Халық денсаулығының мықты болуы ең алдымен таза ауыз судың сапасына байланысты. Мемлекет қолдауының арқасында аймағымызда сумен қамту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында 2020 жылы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға жетуі керек делінген. Осы ретте, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында кент және 9 елді мекенде ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді», - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, сумен жабдықтау жүйесі республикалық және облыстық бюджет есебінен құрылған. Құрылыстың бас мердігері – қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Жалпы, соңғы 5 жылда Жалағаш ауданында 17 әлеуметтік нысан: мектеп, 9 балабақша, 3 амбулатория, аудандық емхана, 2 клуб және спорт кешені салынды.

Сондай-ақ, Таң ауылдық округінде тәулігіне 100 тонна күріш өңдейтін цех ашылды. Айта кетейік, биылғы жылы ауданның шаруа қожалықтары 36 315 гектар жерге, оның ішінде 22 366 гектарға күріш еккен. Сонымен қатар, жалағаштықтар мақсары, бидай және жоңышқаның мол өнімін жинады.

Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бесарық ауылындағы облыстық бюджет есебінен салынған "Жаңадария" арнасы арқылы өтетін көпірді аралап көріп, ел игілігі үшін жұмыс жасап тұрған құрылыс нысанына оң бағасын берді.

Көпірдің ұзындығы - 60,2 метр, ені - 13 метр. Айта кетейік, Сырдария ауданында соңғы 5 жылда 20-ға жуық ірі және шағын көпір салынған.

Сонымен қатар, аймақ басшысы "Абай-Дәулет" ЖШС-нің өндірістік базасымен және Бесарық ауылындағы әлеуметтік нысандармен танысты. "Абай-Дәулет" ЖШС-нің базасында жылқы бордақылау алаңы, кірпіш зауыты, қой фермасы, құрама жем дайындау цехы, алма бағы және түйе шаруашылығы жұмыс істейді. Кәсіпорын қайырымдылық жобаларына белсене қатысады. Мысалы, жақында орта мектеп оқушылары үшін спорт жабдықтарын сатып алып, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары