Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 15 Қараша 2018

Қызылорда облысы Полиция департаментінде бөтен мүлік ұрлығының алдын алу бағытында жұмыс кездесуі өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.11.2018 10:55

Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен облыс көлемінде күзет қызметінің барлық түрімен айналысатын жеке күзет ұйымдары басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және департамент басшылығының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Аталмыш басқосудың мақсаты - кәсіпкерлік субъектілерінде орын алған бөтен мүлік ұрлықтары және басқа да қылмыстар жайлы және бөтен мүлік ұрлығының алдын алу, болдырмау үшін барлық нысандардың, үй-жайлар мен пәтерлердің техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа заманауи технологияларына сай күзет-дабыл қондырғыларын және жоғарғы үлкейту қабілеті бар бейнебақылау камераларымен, оның ішінде жасырын камералармен жабдықталуын, сондай-ақ орталықтандырылған бақылау торабымен немесе жеке күзет ұйымдарының кәсіби білікті күзетшілерімен күзету мәселелерін қарастыру.

Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілерінде орын алған бөтен мүлік  ұрлықтары және басқа да қылмыстар жайлы департаменттің Криминалдық полиция басқармасы бөлім бастығы, полиция подполковнигі Асқар Ізбасаров баяндама жасаса, облыс көлемінде мүліктік қылмыстарының, оның ішінде пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында нысандарды күзетке алу, бейнебақылау камераларын орнатуда жүргізіліп отырған үгіт-насихат жұмыстарының барысы жайлы департаменттің күзет қызметін бақылау бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Салтанат Жусупова айтып өтті.

Қазақстан Республикасының «Күзет қызметі туралы» Заңында күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлер мемлекеттiк органдарға заңдармен жүктелген мiндеттердi орындауда осы мемлекеттiк органдарға жәрдемдесуге мiндеттi деп көрсеткен. Сондай-ақ, нысандардың қазіргі жаңа заманауи қауіпсіздік қондырғылармен, бейнебақылау камераларымен және жеке күзет ұйымдарының күзетімен толық қамтамасыз етілмеуі басты күрделі мәселелер болып табылады.

Күн тәртібіндегі аталған мәселе бойынша қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға полиция қызметкерлерінің жеке күзет ұйымдарымен бірлесіп, іс-шаралар өткізу жайлы мәселелер талқыланып, бірқатар тиімді шешімдер қабылданды.

Сонымен қатар, жиын барысында бірқатар күзет ұйымдарын  өз қызметтік міндеттерін адал орындап, күзетке алған объектілерде құқықбұзушылық пен қылмысқа жол бермегені үшін марапатталды.

Заңды тұлғалардың жеке адамдардың өмiрiн, денсаулығы мен мүлкін, сондай-ақ заңды тұлғалардың мүлкін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін және күзет ұйымдарының қызметкерлері күнін мерекелеуге байланысты ҚР ІІМ-нің «Грамотасымен» «Сирена КZ» ЖШС марапатталса, Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Алғыс хатымен» «Руслан-Казақстан», «МК Секьюрити КZ», «Kulan Security», «Кызылорда-Рахат», «Нур-Али секъюрити», «Шер-Улан», «Сырдария-Күзет», «ТС Секьюрити», «Батыл» Күзет агенттігі» марапатталды.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

 


Қызылордада Диагностикалық орталық жеке денсаулық ұйымдарының қызмет жасауына негізсіз кедергі жасауда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.11.2018 17:07

Қызылордада стоматологиялық көмек көрсететін жеке денсаулық сақтау ұйымдары проблемаға кездесіп отыр.

Қыркүйек айында Кәсіпкерлер палатасына стоматологиялық көмек көрсететін жеке денсаулық сақтау ұйымдары «Дента Люкс» және «Қанат-Орда» ЖШС-терінен Қызылорда қалалық қаржы бөлімі мен «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» ШЖҚ МКК тарапынан стоматологиялық қызмет көрсету саласында бәсекелестікті шектеу іс-әрекеттеріне шағым түсті.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 12 желтоқсандағы №1053 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының 6-тармағында «Стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеті оқушылар саны кемінде 800 адам болатын білім беру ұйымдарында ұйымдастырылады», - деп көрсетілген.

2018 жылғы 3 қыркүйекте Қызылорда қалалық қаржы бөлімі www.gosreestr.kz веб-порталында коммуналдық меншіктегі 19 мектеп ғимаратының ішінен 14 шаршы метрден кем емес тұрғын емес жайларды 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін стоматологиялық қызмет көрсету мақсатында мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тендерін өткізу туралы хабарлама жариялайды.

«Дента Люкс» ЖШС және «Қанат-Орда» ЖШС ұйымдары тендерге қатысу үшін тізілімнің веб-порталында өтінімдерін тіркеткен.

Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларына сәйкес екі немесе одан да көп өтінім берілген жағдайда, оларды мүліктік жалдауға беру тендер өткізу арқылы жүзеге асырылуы тиіс болатын.

Дегенмен, тендерге қатысушылардың өтінімдерін қабылдау барысында Диагностикалық орталық Қаржы бөлімінен №271, 257, 211, 261, 253, 6, 140, 197, 233, 235, 261, 7 мектептерде оқушыларға стоматологиялық көмек көрсету үшін тұрғын емес жайларды өтеусіз пайдалануға беруді сұраған. Аталмыш өтініш қалалық коммуналдық меншік нысандарын жалға беру үшін тендер өткізу жөніндегі тұрақты комиссия отырыстарында бірнеше мәрте қаралған.

Нәтижесінде тендер өткізуден бас тартылған.

Мәселені жан-жақты зерделеген Палата мамандары заң талаптарының бұзылғандығын анықтады.

Біріншісі, Диагностикалық орталықтың заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысуы

Диагностикалық орталық шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ретінде мемлекеттік кәсіпкерлік субъектісі болып табылады.

Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша заң қолданысқа енгенінен бері, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының мәліметінше, 2016-2018 жылдар аралығында Диагностикалық орталыққа Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде стоматологиялық көмек көрсету үшін 666 355 300 теңге бөлінген.

Дегенмен, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан Диагностикалық орталықтың жүзеге асырып отырған қызмет түрлеріне қатысты тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалау және кәсіпкерлік ортада мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын анықтау мақсатында жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес стоматологиялық қызмет түрімен айналысатын Қызылорда қаласы географиялық шекарасында 32 жеке нарық субъектісі бар екенін ескере отырып, осы қызмет түрі бәсекелестік дамыған ортаға жататындығы анықталған.

Осының негізінде Департамент 2018 жылғы 1 қазанда Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасына бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасалуы туралы арнайы нұсқама жолдаған. Аталған нұсқамада Диагностикалық орталықпен жүзеге асырудағы стоматологиялық қызметтің тоқтатылуы көрсетілген.

Екіншісі, тұрғын емес жайларды Диагностикалық орталыққа өтеусіз уақытша пайдалануға заңсыз берілуі

Қаржы бөлімінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы №33 және 2018 жылғы 26 қаңтардағы №69 бұйрықтарымен 26 мектептің теңгеріміндегі тұрғын емес жайларды Диагностикалық орталыққа стоматологиялық кабинеттер ашу үшін жалдау ақысы өндірілмей орналастыруға берілген.

Дегенмен, «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңында тұрғын емес жайларды Қаржы бөлімі тарапынан Диагностикалық орталыққа өтеусіз уақытша пайдалануға беруге негіз жоқ. Бұл жағдайда мектептердегі тұрғын емес жайлар мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі қажет.

Үшіншісі, тендерді өткізуден негізсіз бас тарту

Әдепкіде, барлық 19 мектеп директорының мектеп ішіндегі бос тұрған кабинеттерді Диагностикалық орталыққа беруіне орай, тендер өткізуден бас тартылғандығы туралы Палатаға хабарланды. Одан кейін қаржы бөлімі 2018 жылғы 2 қазандағы хатымен барлық 19 мектептің тұрғын емес жайларды өз қажеттілігіне пайдалануына байланысты, оның ішінде 7 мектепте оқушылар көп болғандықтан тендер өткізуден ресми түрде бас тартылғанын хабарлаған.

Дегенмен, Қызылорда қалалық білім бөлімінің ресми мәліметіне сәйкес қаржы бөлімімен аталған мектептерде оқушылар орнының тапшылығы жоқ, керісінше, артық орындар бар екендігі анықталды.

Жалпы, осы мәселеге қатысты биыл наурыз және қыркүйек айларында екі мәрте тендер жарияланып, бас тартылған. Осылайша, кәсіпкерлер босқа әуре-сарсаңға салынған. Құжат дайындауға босқа қаржы шығындалған, уақыт жұмсалған.

Төртіншіден, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына негізсіз сілтеме

Диагностикалық орталықтың 2018 жылғы 18 қыркүйектегі №01-655 хатымен Қызылорда қаласындағы мектептердегі стоматологиялық кабинеттерді «Қызылорда қаласының тұрғындарына стоматологиялық көмекті жетілдіру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде жабдықтау жоспарланып отырғаны хабарланды.

Дегенмен, мұндай жоба 2018 жылғы 17 қазандағы жағдай бойынша өңірде іске асырылып жатқан 75 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының арасында жоқ. Сондықтан күні бұрын бұл жобаның экономикалық қорытындысына сілтеме жасау жөнсіз. Бұның үстіне, Диагностикалық орталықтың мектептерде өз бетінше стоматологиялық кабинет ашуға ресурстары жоқ.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бұған дейін Диагностикалық орталыққа берілген 26 мектептегі тұрғын емес жайлардың 8-інде ағымдағы жылғы 16 шілдеге дейін стоматологиялық кабинеттер орналастыру бойынша ешқандай жұмыс атқарылмаған.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы іске асырылғанның өзінде оның шеңберінде 20 мектептегі стоматологиялық кабинеттерді жабдықтау жоспарлануда. Ал, бүгінгі күні Диагностикалық орталыққа 26 мектептен тұрғын емес жай беріліп отыр. Жобадағы көрсеткіштен де жоғары.

Бұған қоса, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің нұсқамасына сәйкес стоматологиялық қызмет көрсету нарығы Қызылорда қаласы географиялық шекарасында бәсекелестік дамыған ортаға жатады.

Сондықтан бәсекелестік дамыған ортада Диагностикалық орталық арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асырылуы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін ұлғайтуға алып келеді. Керісінше, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамаға сәйкес мемлекет кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін қысқартуға бағытталған шаралар қабылдау қажет.

Осыған байланысты нұсқамада Диагностикалық орталықтың бұл нарықта кәсіпкерлік қызметке қатысуына тыйым салынған.

Кәсіпкерлер мен коммуналдық кәсіпорын арасындағы даудан туындаған әлеуметтік-экономикалық салдарына қатысты Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Осы проблема негізінде бүгінде бірқатар мектептің оқушылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мерзімінде стоматологиялық көмек ала алмауда. Оның үстіне соңғы 3 жыл ішінде стоматологиялық көмек көрсететін жеке денсаулық сақтау ұйымдары 666 млн. теңгенің тапсырысынан құр қалып отыр. Тағы да 26 мектепті мүліктік жалдауға бермеуден жергілікті бюджетке кіріс түспеуде. Сондай-ақ, жеке денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан 26 мектептегі стоматологиялық кабинеттерде шамамен 78 жаңа жұмыс орны ашылмай отыр», - дейді.

Аталмыш проблема жақында Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінде қаралды. Бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Әзірге мәселе Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыстық прокуратурада қаралуда. Нәтижесі жөнінде өздеріңізді қосымша хабардар ететін боламыз.

 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ТАРИФ «ТОҚПАҒЫ» һәм ҚАРАШАНЫҢ ҚАҺАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.11.2018 12:11

Еліміздегі жұмсақ креслода кабинетінің кілтін айналдырып отырған бірқатар министр­лікті «су шайып» кетті. Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысын айтамыз. Тоғыз айдан бері баянд­амаларын толғақ қысып тұрғандай оқып келген бас экономист пен бас энергетик тығырыққа тірелді. Коммуналдық тариф­тердің түзілу саласындағы заңды­лықтың  сақталуына  жүргізілген тексерістің нәтижелері  оларды  қайта-қайта орын­дарынан  тұруға  мәжбүрледі.

Бірақ, сөйлей-сөйлей  шешендік  өнерге   бейімделген  олар үшін үшбұрыштан төртбұрыш жасау әсте дүние емес. Десек те, ел президентінің табан­ды талабы бұл жолы жауапты министр­лердің жалтаруына да мүмкіндік берген жоқ. Ашылған ауыздың қайта жабылатыны секілді өздерінің қателіктерінен туындаған мәселені енді күн демей, түн демей,­ майшаммен отырса да айдың аяғына дейін бітірулері тиіс. Әйтпесе, тесіктен кірген  жыланды басына ақ құйып, есіктен шығарып  салатын әдетімізден жаңылмаған қазақпыз  ғой.

Хош, халықтың қалтасын қақпаса, оны бүтіндеп берейін деген жан табылмасы анық. Бұған дейін де, қазірдің өзінде су, жылу, газ, жарықтың мәселесін жырлап отырған қарашаның қаһары қымбатшылыққа түсіп тұр. Бұл біздің сөзіміз не ойым­ыз емес, президенттің өзі жолдауалды сауалнама жүргізгенде коммуналдық қызметтер бағасының қымбатшылығы ел арасындағы өзекті мәселе екенін аңғарған. Ол ол ма, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау комитетінің «Моноп­олияға қарсы органның белсен­ділігін қалай бағалар едіңіз?» деген сауалнамасына респонденттердің 70 пайыздан астамы «төмен» баға берген. Ал «орташа», «жоғары» деп бағалаушылар 10 пайыздан әзер асып тұр. Осыдан кейін президент қамшы­сын кімдерге қарата сілтейтіні  белгілі  емес  пе?

- Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Инвест­ициялар орнына тариф» бағдар­ламасын  қабылдадық.  Бұл  бағдарлама  2009 жылдан бастап 7 жыл бойы монополистерге өз өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуатын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге келістік. Ірі энергетикалық компаниялар осы қаржы есебінен қуатын жаңартудың орнына тұтынушылар есебінен заңсыз байып­ келді. Бұл компаниялар қызмет көр­сету құнына қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын қосып, өндірістік шығындарды негізсіз арттырған, - деп мәлімдеді Елбасы қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Энергия жеткізуші компаниялардың осы әрекеттерінен тұрғындар 14 миллиард теңге шығынға ұшыраса, энергиямен қамтамасыз ететін компаниялардың заңсыз кірісі 15 миллиард теңгеге жеткен. Бас прокуратурамен жүргі­зілген тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тарифтерді төмендету үшін бөлінген субсидиялар да өз мақсатында игерілмеген. Құмға сіңген, болмаса желге ұшқан. Жо-жоқ, қыруар қаржыны олай бетімен жіберіп қоюы әсте мүмкін емес, сірә біреудің «шатырына» жұмсалған болар. Ал тұрғындарын тығырыққа тіреп қойған­ облыстардың қатарында Қызылорда да бар.

- «Астанаэнергосбыт» мекемесі тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен. Ал іс жүзінде одан 2 есе арзан бағаға сатып алған. Соның салдарынан Елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы негізсіз алынды. Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар да осындай әрекетпен 1 млрд теңге­ көлемінде негізсіз пайда тапқаны белгілі болды. Монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн тұтынуш­ыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды өтеген. Сондай­-ақ, 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілген, - деді Бас прокуратураның алқа отыры­сында  «Нұр  Отан»  партиясы төрағасының бірінші орын­басары  М.Әшімбаев.

Бірқатар коммуналдық тарифтерге қатысты аймақтағы ахуалды білмек болып, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын­ қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарластық.

- 2018 жылдың басынан бастап реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері, сумен және жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтерін қоспағанда, өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-мен өндірілетін электр энергиясы бағасының 1 кВт сағатқа 9,4 теңгеден 11,13 теңгеге өзгеруіне байланысты «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның реттелетін қызметтері­нің тарифтері қолданыстағы тарифтермен салыстырғанда суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне 1,1 пайыз­ға және сарқынды суды бұру қызметіне 1,7 пайызға өзгертіліп бекітілді. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның жылу­мен жабдықтау қызметіне төтенше реттеуші шаралар­ ретінде тарифтің шекті деңгейі бекітілді. Оның ішінде орташ­а босату тарифі қолданыстағы тарифпен салыс­тырғанда 3,4 пайызға өзгертілді, ал халық үшін – 1,6 пайыз­ға. Тарифтердің өзгеруінің басты себебі, тауарлық газдың көтерме бағасы 1000 текше метрге ҚҚС-сыз 7545 теңгеден 8677 теңгеге өсуіне байланысты. Алайда субъектімен амортизациялық аударымдарды мақсатқа сай емес пайдаланғаны үшін биылғы 1 желтоқсаннан бастап «Қызылордажылу­электрорталығы» МКК-ның жылумен жабдықтау қызметінің тарифі 1,2 пайызға төменде­тіледі. Тағы бір айта кетерлігі, Елбасының 2018 жыл­ғы 5 қазандағы халыққа жолдауында белгі­ленген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіле­нетін тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында апта сайын департаментте азаматтарды қабылдау күні өтеді, - деді аталмыш  департаменттің  бөлім  басшысы К.Тоқан­қызы.

Сондай-ақ, 2017 жылдың қорытындысына талдау нәтижесінде ағымдағы жылы 10 табиғи монополия субъектілеріне 17 уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, тұтынушыларға 358 млн теңге­ қайтарылған. Ал жылумен жабдықтаушы мекемелерге 2017-2018 жылдардағы жылу беру кезеңіне қайта есептеу жүргізіліп, тұрғындарға 54,8 млн теңгедей қаржы кері берілген. Бұл – Қызылорда облысындағы жағдай.

- Прокурорлық тексеру аясында «Қызыл­орда  электр тарату  тораптары» компаниясының 73,5 млн теңге көлемінде негізсіз табыс алғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі негізі­нде монополистпен уақытша өтемдік тариф­і енгізіліп, соның нәтижесінде электр энер­гия­сын  беру  қызметінің құны кВт/сағатына  4,945-тен 4,934 теңгеге дейін төмендеді. Табиғи монополиялар заңнамасын бұзғаны үшін кәсіп­орынға ӘҚБтК-нің 164-бабы 5-бөлігімен әкім­шілік жауаптылыққа тартылып, 1,4 млн теңге көлемінде  айыппұл  салынды, - деп хабарлайды­ Қызылорда  облысының  прокуратурасы.

Бүрсігүні Үкімет сағатында да осы мәселе қызу талқыға түсті. Бас энергетик «көтерме сауда­ бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету тауарлық газдың түпкі бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 6-дан 15%-ға дейін төмендетуге мүм­кіндік береді» деген мәлімдеме жасады. Ал Үкіметбасы «Жосықсыз монополистер мен тариф­терді көтеру арқылы пайдаға кенелген компаниялар заң алдында жауап беруі тиіс. Оны тергеу барысы жариялануы керек» деген қатаң тапсырма берді. Жыл аяқталып қалды. Шенеуніктердің «шырылдайтын» уақыты алда. Орындықтарының астынан шыққан суға «сира­ғымнан  келмейді»  деп  қарамаса сол-ақ...

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТЕҢІЗДІ ДЕ ТЫНЫҚТЫРУ ҚАЖЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.11.2018 12:05

Мұхтар  ОРАЗБАЕВ,

Арал  ауданының  әкімі:

Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлымен сұхбаттасуды біраздан бері жоспарлап жүр едік. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, соның реті өткен жұмада келді. Әу баста кездесуді түс ауа сағат 3-ке деп белгілегенбіз. Әдетте басшылардың айтылған уақытта келмейтініне әбден етіміз үйренген. Тағы да сол жайт. Не керек, әкімдіктің алдында тапжылмай 2 сағат күттік...

Ілби басып, именіп, аудан басшысының кабинетіне кірдік. Құрақ ұшып қарсы алды. Сөйтсек, кешігуінің себебі мынада екен. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай облыс орталығынан бір топ делегация Аралдың бүгінгі бет-бейнесімен танысуға келіпті. Меймандарды күтіп алып, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, енді ғана босаған сәті көрінеді. Одан қалды жұмаға жоспарланған бірнеше құрылыс нысандарын аралап қайтқанын айтты. Ат үстінде жүрген азаматтың бізді жас демей, мән-жайды түсіндіріп, ілтипат танытқанына іштей риза болғанымыз рас. Енді екеуара әңгіменің әлқиссасына кіріссек.

– Мұхтар Әуесұлы, 6 жыл Арал ауданы әкімі аппаратының басшысы, одан  кейін тағы да осынша уақыт Арал ауданы  әкімінің  орынбасары қызметін атқарып келдіңіз. Оның үстіне осы топырақ­та туып-өстіңіз. Бір сөзбен айтқан­да, елдің арғы-бергі тарихынан хабары бар азаматсыз. Аралдық аға­йын­ның  бүгінгі  әл-ауқаты  қалай?

– Бүгінгі таңда аудан тұрғында­рының  саны 80 мыңға жуық. Соңғы  5 жылда халық саны 7,5 мыңға көбейді. Кешегі күнмен салыстыр­ғанда елдегі ағайынның хал-ахуалы айтарлықтай жақсарды. Мәселен, бізде бірнеше балық өңдеу зауытының жұмыс істейтінін білесіз. Мені таңғалдыратыны, әлгі зауыттарда ешкімнің еңбек еткісі келмейді. Ал, өзге өңірлерде екі қолға бір күрек таппай­ жүргендері қаншама? Жалақысы тәп-тәуір. Дегенмен, соңғы кезде­ аудан тұрғындары бизнес бастауға ықылас танытып жатыр. Қуа­ныштымыз, әрине! Бұған жергілікті билік тарапынан қолымыздан келгенше мүмкіндік жасаймыз.

Тағы бір жайт, қазір халықтың көзқарасы кәдімгідей өзгерген. Жасыр­атыны жоқ, бұрын «Маған жұмыс тауып беріңіз», «Әлеуметтік жағдайым нашар. Көмек қажет» деп есік қағатындардың қатары көп еді. Бүгінде бұл әдеттен арылдық. Бізге «Көшемізге қашан асфальт төселеді?», «Жарық қашан жүргізіледі?» деп шағымданады. Жекелеген проб­лемалардан гөрі тұтас елге қажетті инфрақұрылымды сұрайтын болды. Бұл ненің көрсеткіші? Елдің тұр­мысы түзеле бастағанның белгісі. Соның  дәлелі.

– Аймақ  басшысының  өзі САРАТС-2 жобасының басталғанын мәлімдеді. Айтыңызшы, ғасыр жобасының екінші кезеңі балық шаруашылығының өріс­теуіне қаншалықты жол ашады?

– Биыл 8 компоненттен тұратын «ғасыр жобасының» 2-ші кезеңі басталд­ы. Оның 5-еуі іске асып жа­тыр­. Рас, ауқымды дүние. Бүгінгі таңда Арал теңізі қаладан 17 шақырым ғана қашықтықта. Егер САРАТС-2 сәтті жүзеге асса, қала мен теңіздің арасы 1-1,5 ғана шақырым болмақ. Қазіргі күні 9-шы балық өңдеу зауытының құрылысы жүруде. Жақын күндері ол да іске қосылмақ. Осы жоба аясында Қамыстыбас және Ақшатау көл жүйелерін қалпына келтіру секіл­ді маңызды мәселелер де шешімін табады. САРАТС-2 жобасы арқылы теңіз толысып ғана қоймай, кенезесі кепкен кебір жерлер нәрленеді. Жайы­лымдық пен шабындық суланып, аграрлық секторға да серпін беред­і. Шынын айту қажет, қазір Көкарал бөгетінен өткен балықтар Үлкен Аралдың тұзды сорында қырылып жатыр. Сондықтан осы бөгетті көтеруді  бүкіл  балықшы  қауым  асыға күтіп жүр.

– Жалпы, заңсыз балық аулау­шылармен күрес қалай жүргізілуде? Сондай-ақ, теңізде балық қоры азайды деп  айтылып  жүр.

– Сіздің сауалыңыз  өте  өзекті. Дәл  қазір  теңізде  бұрынғыдай  балық жоқ. Азайған. Жылына 7,5 мың тонна­ балық аулануда. Мұны балықшылар да айтып отыр. Тарлан тарих бетте­рінде Арал өңірінің тұрғындары балық шаруашылы­ғымен аты шық­қаны тайға таңба басқандай боп жазул­ы тұр. Біздің бренд. Ендігіде, қу шөппен  ауызды  сүрте  бермей, ондағы балық қорын сақтаудың жолын­ қарастыру қажет. Осыған орай, жақын­да Үкіметтің қаулысы шықты. 1 учаскеге 2 қайықтың жүруіне рұқсат берді. Дұрыс-ақ! Дегенмен, теңізден нәп­ақа­сын теріп отырған балық­шылар үшін бұл өте қолайсыз. Шыны керек, дәл қазір 1 учаскеде  60-70 қайықтан жүр. Ал теңізде күн өткен сайын­ балық қоры азаюда. Не істей­міз? Менің ойым­ша, үлкен тәуе­келге бел буып, теңізді 1-2 жыл тынық­тырса, оған бақыла­уды күшейт­сек. Аталған мерзім ішінде су маржандары­ өсіп, көбейетініне кәміл сенімдімін. Яки, балық жолын (рыбахо­д. – ред.) салуымыз тиіс. Әйтпесе, бұл мәселе күн өткен сайын­ күрделене бермек. Хабарыңыз бар шығар, балықтың уылдырық шашу уақытында теңізді жауып тастайды. Бірақ біздің балықшылар бұған да қарамайды. Нан талап­. Теңізді ашқанын асыға күтеді. Аманөткел, Бөген, Аққұлақ, Қарашалаң, Қаратерең, Жаңақ­ұрылыс  сынды­ ауылдың тұр­ғын­дары осы теңіздің арқасында түтінін түтетіп отыр. Қайт­кен күнде де атакәсіптің керегесін кеңейтіп, одан әрі өрістетудің жолын іздеуіміз қажет. Әйтпесе, өңірдегі негізгі  шаруа­шылықтың  алға  жылжуы  қиын­дайты­ны  анық.

– Осы жыл сайын ауданда балықшылар слеті өтеді ғой. Бұл шара ата­кәсіптің жандануына қаншалықты ықпалын  тигізіп  жатыр?

– Иә, бұл мереке ертеректе тойла­натын. Тоқырау жылдары қол үзіп қалдық. Облыс әкімі Қырымбек Елеу­ұлының бастамасымен соңғы жыл­дары балықшылар слеті қайта ұйымдастырылып жүр. Бұған ел-жұрт куә. Аталмыш мереке балықшы қауымға үлкен рух беретіні сөзсіз. Салтанатты­ шарада балықшылар марапат төрінен көрініп, мерейі тасып жатады. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын  шетелден  келген мамандармен балық  шаруашылығы  жөнін­де тәжірибе алмасады. Өткізіліп жатқа­н  шаралар  өз  нәтижесін беред­і. Бұған  сенімдімін.

– Аймақта аудан орталықтарының ішінде  қала мәртебесі бары – тек ғана Арал қаласы. Биыл Аралдың қала статусы­ атағын алғанына 80 жыл болыпты. Дегенмен, тым-тырыс. Мұны атап  өту  жоспарда  бар  ма?

– Арнаулы даталарды атап өту, мерекелерді тойлау дұрыс ғой. Десе де, біз оған кететін қаражатты жол салуға, жарықтандыру жұмыстарына жұмсағанды жөн санап отырмыз. Той өтеді, кетеді. Ал салынған жол, қойылғ­ан жарық шамдары ел игілігіне кәдеге жарайды. Жалпы алғанда, біз ауданға қатысты мерейлі мерекелерді ұдайы ұйымдастырып келеміз.

– Мұхтар Әуесұлы, бүгін ғана (09.11.2018 жыл. – ред.) аудан орталығындағы теміржол өткелі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылып қалды. Тұрғындардың қатынасы қиындап кетті. Негізі, жаңадан темір­жол өткелін салу жоспарда бар ма?

– Біз бұл мәселені қайбір жылы көтердік. Жобада бар. Бірақ, бұған өте қомақты қаражат қажет. Арал қаласының оңтүстік-шығысында бұрын өткел болған. Оған жөндеу жұмыс­тарын жүргізу үшін «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ келісім беруі тиіс. Сол арқы­лы ғана шешімін таппақ. Келіс­сөздер жүргізудеміз. Түйткілді шешуді­ң тағы бір жолы биыл теміржол өтке­лі Шиелі ауданында салы­нады деп жоспарлануда. Аталмыш ауданның жобасымен таныс­сақ деп отырмыз. Шынын айтқанда, ауданға республикалық бюджеттен ақша алу да оңай емес. Өйткені онда халықтың санына, экономикалық көрсеткіш­терімізге қа­рай­ды. Ал темірж­ол  салу  қымбатқа  түсіп тұр.

– Былтыр кальцийлендірілген сода зауытын салу мәселесі көтерілді. Кейінне­н  айтылмады. Себебі неде? Бұл зауыттың  құрылысы  басталды  ма?

– Биыл аталмыш жобаның құрылысы  басталды. Өткенде аманат капсуласын орналастырдық. Оған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы қатысты. Жалпы, жобаның құны – 93,5 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 300 мың тонна кальцийлендірілген сода шығарады­. Қазіргі күні тиісті жұ­мыстар  жалғасын  табуда.

– Елден естіген ақпаратымыз бойын­ша осыдан бір апта бұрын ауданға­  қарасты  ауылда  барымта­шылар  құрықталған. Таңғалдырғаны, оны тұрғындардың өзі ұстап беріпті. Сонда жергілікті учаскелік полиция қайда қараған? Осы бағытта нендей жұмыстар   атқарып   жатырсыздар?

– Барымташылар қарашаның  3-інен 4-іне қараған түні ұсталған. Бұл жайт менің жіті бақылауымда. «Мал  ашуы – жан ашуы» ғой. Елдегі ағайын  бірден  олардың үстінен арыз жазыпты. Кейіннен не нәрсе әсер еткені­н қайдам, олар арыздарын қайта­рып алып жатыр екен. Шамасы­,  ағайыншылыққа  салған-ау! Бұл  жерде­ жергілікті учаскелік полицей­дің де кінәсі бар. Таза, әділ жұмыс істеу қажет емес пе? Мен барым­ташылардың жазаға тартыл­ғанын қалаймын. Қозғалған іс соңына­  дейін жетуі керек. Әйтпесе, мал ұрлығы кәсіпке  айналып  кететін түрі  бар.

– Арал ауданы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша облыста көш басында тұр. Неліктен? Әлде Сіз кадр таңдауда  қателік  жасадыңыз  ба?

– Кадр таңдаудан қателестім деп айта алмаймын. Бұл жерде ерекше тоқталатын жайт бар. Аудандық халық­ты жұмыспен қамту орталығының бұ­рынғы директоры Ә.Жалғасбаевтың үстінен 9 факті тіркелген. Яғни, осыншама заңсыз әрекеттерге барған – бір ғана лауазымды тұлға. Аудан бойынша жалпы саны 13 факті тіркелді. Оның біреуі Жақсықылыш кенті әкіміне  байланысты. Ол құжат­қа салғырт қараған. Мен ауданның аппарат  отырысында, бас­қа да жиын­дарда сыбайлас жемқорлықтың алдын­ алу төңірегінде үнемі сөз қоз­ғаймын. Бір ғана қызметкер­дің әрекеті­ баршамызға зиянын тигі­зіп отыр. Мұндайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген қазақтың ескі мәтелі ойға оралады. Бұл бағыттағы жұмыстарды да күшейттік. Жақында ғана Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті маман­дары осында келіп кездесу өткізді. Біраз мәселелер қозғалды. Экраннан аяғын шалыс басып­, сыбайлас жем­қорлыққа жол беріп, түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдар туралы сюжеттер көрсетілді. Меніңше, мұның барлығ­ы өз нәтиже­сін береді деп ойлаймы­н.

– Соңғы  кездері  аудандық  музейдің ескіргендігі, жаңасын салу қажеттілігі туралы жиі айтылып жүр. «Сақалды құрылыстың» мәселесі де өзгеріссіз. Аудандық музей ғимараты жаңадан салын­а  ма?

– Өзіңіз айтып отырған «сақалды құрылыстың» (Арал қаласындағы құрылысы толық тамамдалмаған музей­. – ред.) мәселесі белгілі. Ал қазіргі музейге биыл ғана 3,5 млн теңге­ге жөндеу жұмыстарын жүргіз­дік. Рас, Сіздің көтеріп отырған мәселеңіз  орынды. Тағы да айта кетейін, бүгінде  бізге  бірнеше  әлеумет­тік нысандар аудай қажет. Айтал­ық, орталық кітапхана, оқушылар үйін салу да басты назарда тұр. Мұның барлығы айналып келгенде тағы да сол қаржыға  тіреледі.

– Облыста ауыл-аймағы ең алыс орналасқан ауданның бірі – Арал. Тиісінше, инфрақұрылым жайы да (мәселен, жол салу) қымбатқа түсетіні анық. Бұл бағыт­та нендей жұмыстар қолға алынды? Сондай-ақ, еліміз бо­йынша ең таза суды  аралдық  аға­йындар  ішіп отыр. Елді мекендерді ауыз­суме­н қамту жағы қа­лай іске асуда­? Қанша ауыл тір­шілік нәрімен қамтама­сыз  етілген, қаншасында  қажеттілік  бар?

– Бүгінгі таңда ауданға қарасты барлығы 57 елді мекен бар. Олардың 43 пайызы ауызсуға қосылған. 13 елді мекен тасымалмен ішіп отыр. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Конту, Аманөткел, Шижа­ға елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылды. Сексеуіл кентінің тұрғын үйлеріне су кіргізіліп, Арал қаласының №2 және №4 ықшам аудандарының ауызсу құбырлары жаңғыртылды.

Аудан орталығынан Бел­аран ауылы 350 шақырым қашықтықта жатыр. Ең алыс жатқан елді мекен. Бұған жол салу біраз қаржыны талап етеді. Сондықтан тұрғындар қаражолмен қатынап жатыр. Халықт­ың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі ұдайы басты назарымызда. Жыл ішінде 1,5 млрд теңгеге жуық қаржыға жолды күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Айта кету керек, көптен бері шешімін таппай келе жатқан­ «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автокөлік жолы орташа жөн­деуден өтіп, жол бойында орнал­асқан 12 мыңға жуық тұрғылықты халықтың күнде­лікті тыныс-тіршілігі біршама жақсар­ды. Сондай-ақ, Арал қаласына, Райым-Водокачка, Қызылжар, Аманөткел елді мекендеріне кіреберіс жолдары мен Жаңақұрылыс-Бек­арыстан би жолы жөндеуден өтті. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен инфрақұрылым жайын қалыпқа келтіруге жұмыс істеп жатырмыз.

– Аудан жастары арасында жұмыссыздық деңгейі қалай? Кәсіп бастауға ниеттілер бар ма? Болса, өзіңізге ұнаған бір жобаны  айтыңызшы...

– Қазір ауданда 4313 кәсіп­керлік субъектісі тіркелсе, оның 725-і – жастар. Жас буын­ның бизнес бастауға деген құл­шынысы жоғары. Дей тұрғанмен, олардың алдында бірнеше­ келеңсіздіктер бар. Идеясы болса, оны іске асыруға қаржысы  жоқ. Ал аталған бағдарлама арқылы жобасын жүзеге асырайын десе, кепілге қоятын дүниесі жоқ. Жақында облыстық «Zhas Project» жобасы қол­ға алынды. Ұсынылған 28 жоба­ның 14-і мақұлданды. Бұлардың ішінде өзіме ұнағаны – Ақбай ауылындағы құс өсіру жобасы.  Сосын  бөдене  бағу да – тәп-тәуір  бастама. Сәтті­лік тілейміз!

– Өзге өңірлерге жолымыз түссе, Аралдың шұбатын мақтайды. Былай   қарағанда, сұраныс бар сияқты. Шұбат өңдеу цехын салуға ниетті кәсіпкерлер бар ма?

– Мұнымен Сексеуіл кентінде бір кәсіпкер айналысып көрген. Белгілі себептерге байланысты цехтың жұмысы тоқтады. Сексеуіл, Аралқұм, т.б. ауылдарда түйе өсіріп, шұбат сатып отырған тұрғындар бар ғой. Оларға өнімін бір жерге өткізгеннен гөрі, өздері сатқаны ыңғайлы боп тұр. Қалаған бағаны қоя алады.

– Айтыңызшы, механик болған оңай ма, әлде әкім бе?

– Мына сауалыңыз қызық  екен. (күліп) Мен өзім «ТехНарды» бітірдім. Негізі, мамандығыма сәйкес өзіме өндіріс ұнайды. Ботатірсек кезімізден бастап жұмысқа араластық. Еңбек жолымды 1997 жылы «Аралбалық» акцион­ерлік қоғамы автопаркінің механигі ретінде бас­тадым. Есімде қалғаны, автопаркте 47 техника бар еді. Оның 10-ы ғана жүретін. Қалғаны қаңтарылып тұр. Соларды жөндедік. Балық ауладық.  Сенесіз  бе, Қамбаш көлінен бір жылымнан 10  тонна  балық  шығаратынбыз. Не керек, екі жылдан соң мекеме  ыдырады. Содан, сәтін салғанда, 1999 жылы мемлекеттік қызметке конкурс арқылы қабылдау туралы Заң шықты. Тапсырдым. Өттім. Содан бері мемлекет­тік қызметте келеміз. Қалай айтсам екен, әкім болу, әрине, абыройлы қызмет. Тиісінше, саған артылған сенім мен жауапкершілік те жоғары. Менің мақсатым – халықтың тұрмысын түзету.

– Билік адамды қаншалықты өзгертеді? Әсіресе, жастард­ы. Мәселен, орын­басарларыңыз 35 жасқа енді жеткендер екен. Мұны қалай бағалайсыз?  Олардың тәжірибесі  жеткілікті  ме? Кадр мәселесі сіз үшін қаншалықты  маңыз­ды?

– Мемлекеттік қызметке жастар қажет. Қазіргі жастар алғыр. Кемшілігі болса, мойын­дайды. Мен осы қызметке келгелі 15-ке жуық ауыс-түйіс жасадым. Әркім өз деңгейіне қарай тиісті қызметтерге барды. Ал орынбасарларыма келсек, барлығы да жас жігіттер. Адамгершілік тұрғысынан алсақ, өзімнен үлкен азаматтарға жұмыс барысында тиісті тапсыр­малар жүктеп, орындалуын талап етсем, тағы да ыңғайсыз. Оның іштей ренжуі мүмкін. Тіпті, өзінен кіші  азаматтың   талап  қоюы­на  қапаланады ғой.

– Фейсбук әлеуметтік желі­сіне  тіркеліпсіз. Дегенмен, еш­қандай жазба жария­ламайсыз. Мұның сыры  неде? Әлде, жоғары  жақтан бақылау бар ма? Сынды­  қалай  қабылдайсыз?

– Иә, фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелдім. Өзім бәрін бақылап, қарап отырамын. Уақыт болса, әрине. Төбемізден төніп, жоғары жақтан белгілі бір деңгейде қойылатын шектеу жоқ. Өзімнің принципім – осы. Қандай жұмыс істесек те, оның әділ бағасын халық бере­ді. Егер айтылып жатқан­ сын орынды болса, дұрыс  қабылдаймын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары