Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 22 Қараша 2018

САМАРА-ШЫМКЕНТ ТРАССАСЫНДА АВТОБУС АУДАРЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.11.2018 09:53

Облыстық жергілікті полиция қызметінің соңғы ақпараты бойынша автобуста 36 адам болған, оның 34-і - Өзбекстан Республикасының азаматы.

Кеше сағат 20.40 шамасында Шымкент-Самара автожолының бойында Арал қаласының маңында «Сарыағаш-Нижний Новгород» бағытында қатынайтын Ресей Федерациясынан Өзбекстан Республикасына бара жатқан автобус аударылды.

Автобус ішінде Ресейден қайтып келе жатқан 36 адам болған. Оның 34-і - Өзбекстан азаматы. Ал 2 жүргізуші - Қазақстан Республикасының азаматтары.

Зардап шеккендерге көмек көрсету және ауруханаға апару мақсатында Арал ауданының әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері оқиға орнына шықты.

Оқиға орнында арнайы қызметтердің 10 бірлік техникасы жұмыс істеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың хабарлауынша, 3 адам ауруханаға жеткізілді, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. 1 жолаушы аудандық ауруханада ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.

17 жолаушы Арал ауданы әкімдігі қызметкерлерінің көмегімен жол бойындағы қонақүйге орналастырылды. Автобус иесі кешке дейін оларды тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз етеді. Қалғандары өз бетінше Ресей Федерациясына қайтып жолға шыққан.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Он мемқызметші қызметімен қоштасыпты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2018 17:29

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылатын іс-шараларға халықтың сенімі артқан. Бұл пікірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты.

Абзал Сансызбайұлының сөзінше, адамдар көп шоғырланған қоғамдық орындарда 105 әлеуметтік сұхбат жүргізіліп, нәтижесінде жұртшылық тарапынан оң бағаға ие болғаны расталып отыр.

- Елбасы биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатындығын жеткізді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуды тапсырды. Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің саны – 3 721. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде жергілікті атқарушы органдардан – 36, орталық атқарушы органдардан 40 қызметкер мемлекеттік қызметтен кеткен. Ал теріс себептер бойынша 10 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылған. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін – 7, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін – 2, басқа себептермен 1 адам, - деді Департамент басшысы.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша облыстағы мемлекеттік органдарда барлығы 54 тексеру жүргізіліпті. Қорытындысы бойынша 168 бұзушылық белгілі болған. Бір қуантарлығы, былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 43 пайызға кеміген.

Теміржол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында жобалық топ 4 тексеру шарасын өткізген. Бақылаудың нәтижесінде теміржол саласында қызмет көрсету сапасының төмендігі және жолаушылардың билетсіз жүруі бойынша 24 заңбұзушылық анықталып отыр. Табылған кемшіліктер негізінде 8 жолсерікке әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң алдында жауапкершілікке тартылған.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын тиімді пайдалану және жұмыстан тыс жұмыстан қалу фактілерін болдырмау мақсатында 18 басқармада «Кіруді бақылау және басқару құралдары мен жүйелері» орналастырылған. Бес мемлекеттік органда автоматты компьютерлік сөндіру жүйесі орнатылған. Яғни жұмыс уақыты аяқталған кезде компьютерлер автоматты түрде өшіп қалады.

Ж.Қойшыбекова

 


ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН "АРХЕОЛОГ" ЛАГЕРІН АШУ ЖОСПАРЛАНУДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2018 17:23

Енді қызылордалық оқушылар мен студенттер Сығанақ және Жанкент қалаларының қазба жұмыстарына қатысады.

Келер жылдан бастап облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Солардың бірі - жастарға арналған "Археолог" лагерінің ашылуы.

"Біздер бірнеше жобаларды ұсындық. Егер олар қаржыланса, келер жылдан бастап жүзеге асырамыз. Сонымен қатар, жастарға арналған арнайы археологиялық лагерь ашуды ұсынып отырмыз. Оқушылардан және студенттерден құралған топ 20 күн ішінде ортағасырлық көне Сығанақ және Жанкент қалаларының қазба жұмыстарына қатыстырылады. Сондай-ақ, лагерде ғалымдармен кездесу, қасиетті нысандарға экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастырылады", - деді тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Асхат Сайлау.

Бұл жоба көне өлкенің тарихы мен мәдениетінің дамуы туралы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған.

Айта кету керек, "Қазақстанның қасиетті нысандары" жобасы аясында облыстық мұражай "Қызылорда облысының киелі жерлеріне саяхат" жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде 400 бала ортағасырлық көне қалалар және сәулет ескерткіштеріне саяхат жасап, қасиетті жерлерді аралады.

Өңірлік  коммуникациялар  қызметі

 


30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУ НЕГЕ ҚИЫН? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.11.2018 12:44

Он жыл кері шегінсек, елі­міздің экономикасы туралы әңгіме өрбіту қиынның қиыны еді. Сөзіміздің басы «дағда­рыстан» басталып, соңы «қайт­сек те еңсереміз» деп аяқталатыны есімізден шыға қойған жоқ. Сол тұста халықтың да әлеуметтік ахуалы төмендеп, экономиканың аяғына тұсау салынғ­андай күйге түстік. Даму процесінің үдемелілігіне байланысты ол кездегі сандық көрсеткіштер арасы айтар­лықтай өзгеріске түспеген еді. Жуырда дүниежүзілік банк сарап­шылары Қазақстан экономикасының 10-нан  4 пайыз­ға  құлдырағанын  мәлімдеді.

Рас, егемендік алғаннан кейін 10 жыл өткенде тұрақты дамудың  даңғылы  қалыптасты­. Ел тауқыметтен бас көтеріп, әлеуметтік теңсіздік мәселесі шешіле  бастады. Жұмыссыздар қатары азайып, елге тар­тылған инвестиция көлемі біраз шикізатты игеруге мүм­кіндік  берді. Жерасты байлықтарын  игере  бастаған кез де – осы. «Экономика қалай құл­дырады?» деген заңды сұрақ туын­дары хақ. Мәселе сол 2007-2008 жылдары дегбірі­міз­ді қашырған дағдарысқа келіп тіреліп тұр.

- Экономика секторларының арасындағы өнімділік көрсеткішінің құлдырауы Қазақстанның  дамуына  ке­дер­гі  келтірді. Халықтың табыс­ы азайып, әлеуметтік жағдайы нашарлады, ауыл шаруашылығы тығырыққа тірелді. Қазақстанға экономиканы диверсификациялау, жеке секторға қолдау көрсету және инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру қажет. Қазіргі көрсеткіштермен 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу қиын болады. Қазақстан бизнес жүргізуге қа­жетті дүниенің барлығын қамтығанымен,  экономикалық көрсеткіштер нәтижесі тұр­ғындардың  тауып отыр­ған табысымен сәйкес келмейді. Қазақстан ДСҰ-ға қабылданғанымен, оның әлеуе­ті мен мүмкіндігін өз пайдасына асыра­ алмады. Әлі күнге дейін экспорттық себетті дивер­сификациялай  алмай отыр. Кәсіп­орындар мен компаниялар үкімет қа­былдайтын шаралардан тыс, тәуелсіз  жұ­мыс істеуі тиіс. Қолданысқа  заманауи технологиялар енгізу қажет. Ең бастысы әрі маңыздысы, Қазақстанға икемді саясат­қа бет бұру қажет, - деген пікір білдірген Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекш­і экономисі Хулио Ревилла.­

Жуырда ғана Дүниежүзілік банк жариялаған «Doing bussiness» рейтингісінде 190 елдің ішінде 28-орынға тұрақтаған ел – Қазақстан. Осы деңгейі­не қарап инвесторлар қолайлы орта деп санап, қаржы құйғанымен, олардың қатары көп емес. Зерттеу деректерінде экономиканың дамуы­на кедергі келтіріп тұрған басты үш себеп ретінде жемқорлық, тамыр-таныстық пен нарықтың құ­былуын анықтаған. Десек те елімізде жүргізілген барлық экономикалық шаралар өз жемісін беріп, қарышты дамуға қол жеткізіп келеміз. Басты бағыты­мыз да айқын, әлем елдерінің жүріп өткен жолдарын електен өткізіп, нарықтық қатынас заңдылықтарын, механизмдерін тәжірибеге енгізу­ге талпынып жатқанымыз өтірік емес. Өткен аптада бас экономист еліміздің жыл басынан бергі дамуына бір шолу жасады. Айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсуі есепті кезеңде 4,1 пайызды құраған. Жоғары инвестициялық белсенділік, инфляцияның бәсеңдеуі, сондай-ақ, экономиканың базалық салаларында өндірістің ұлғаюы экономикалық өсудің негізгі факторлары саналғанмен, оларды еңсерудің жолы да бар. Бастысы, өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Кейбір салалық өндірістердің де төмендігі бар, әрине. Өйткені кіріс пен шығыс қатар жүретінін ескерсек, бұл – заңдылық. Жалпы, экономикалық жағдай­дың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы­ екенін анық байқап жүрміз. Осыншалықты оң өзгерістерге қарамастан кейбір аймақтар өнді­рістік белсенділік таныта алмай келеді. Осы тізім­дегі Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының қатарында Қызылорда да бар. Сыр еліндегі басты мәселе мұнай өндірісінің күрт төмендеуінен туындап отырғанын аймақ басшысының өзі де айтып жүр. Қарышты даму даңғылына түскен аймақ ретінде әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштің жоғары сатысына көтерілу қызыл­ордалықтар үшін аса қиын еместігін аңғарамыз.

Жаһандану дәуірінде индустрияға бет бұру – уақыт талабы. Сондықтан өнеркәсіпке тартыл­ған инвестиция – экономиканың діңгегі. Мейлі, әлем елдерін де айналып өтпеген дағдарыс Қазақстан­ға кері әсерін тигізсе де, өз дамуын тежемейтіні анық. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш кемшілігіміз болып көрсетіліп тұрса, алдағы он жылдықта екі есе даму теориямыз қалып­тасуы мүмкін. Дүниежүзі елдерімен салы­стыра отырып сандық көрсеткішке­ мән беру біздің бағытымызды бұрып, айқын мақсатымыздан айыра алмайды. Өйткені, экономиканың бәсекеге қабілетті­ дамуы нарықтық қатынас­тарды игере және ұйымдастыра білгенге байлан­ысты. Ал теріс мәнге ие салалардың болашағын уақыттың еншісіне қалдырайық...

Н.ҚАЗИ

 


БІЗДІКІЛЕР БАСЫП ЖЕЙДІ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
22.11.2018 12:28

Өзімізбен тамырлас түрік елінде «байдың байлығын айтып, жарлының жағы талды» деген мәтелі бар екен. Кемедей көлік мініп, ат шаптырым алаңда биік-биік сарайларда ауызынан ақ май ағып отырған ауқаттылардың өміріне қызыға да, қызғана да қарайтынымыз рас. «Байдың асын байғұс қызғанғандық» емес, ерінбегеннің ерні жыбырлап, әлгі байды әңгіме  қылатынымыз да шындық.  Ақиқатын  айтайық. Енді негізгі мәселемізге   ойыссақ...

Қарашаның 6-сы күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев ірі көлемде парамен ұсталды. Әуежайда тұтқындалған одан 115 мың еуро, яғни 49 миллион теңгеге жуық қаржы табылған. Осы ретте бір-екі жыл көлемінде ел қаржысын қалтасына басып, Қазақстаннан тайып тұрған қашқындардың бірсыпырасына тоқталсақ. Біздегі­ іргелі кәсіпорынның бірі «Қаз­атомөнеркәсіп» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 70 миллион долларды ұрлап, шекара асып кеткен. Ал үлескерлердің 14 миллиард теңгесін үптеп кеткен «Азбука Жилья» ЖШС-нің директоры, бұрынғы Мәжіліс депутат­ы Ерқанат Тайжанов осыншама қаржысымен Австрияда алшаң басып жүр. Белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, ұрлықпен жиған миллиардтарына жылжымайтын мүліктер сатып алыпты. Естеріңізде болса, Ерқанаттың «баспана салып беремін» дегеніне 4 мыңнан аса тұрғын сеніп, ақыр соңы сан соғып қалған. Сондай-ақ, жалған құрылыс компаниясын құрып, алаяқтықпен айналысқан Мирхат Әлімбеков үлескерлердің 5,5 миллион доллар қаржысын жымқырып, Біріккен Араб Әмір­лігіне тұрақтаған. Жоғарыда аталған фактілердің барлығын бұрынғы еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов 2016 жылы мәлімдеген еді. Тағы айта кететін жайт, 2015 жылы мәжіліс депутаты Азат Перуашев Еуропарламенттен қазақстандық қылмыскерлер жымқырып кеткен 140 миллиард долларды қайтаруды сұраған болатын. Қазақстаннан қаржы жымқырып қашқандардың саны 1600-ден асыпты. Ал одан сәл ертеректе Халықаралық Интерпол қаржы ұрлап қашқан 55 қазақстандыққа іздеу жариялаған-ды. (Бұл 2015-2016 жылғы деректер. – ред.). Өңешіне өгіз құлап кетердей жемқорлардың жемсауына осыншама миллиардтаған қаржылар қалай сыйып кеткендігі қайран қалды­рады.

Дәулеттілердің қаржысын есептеп, кімде қанша ақша барын ұдайы жариялап тұратын әлемдік “Forbes” атты журнал бар. Аталмыш басылым миллиардерлердің қайырымдылыққа деген көзқарасын да назардан тыс қалдырмапты. Мәселен, Microsoft-тің негізін қалаушы Билл Гейтс – жер бетіндегі ең ауқатты адам. Осыдан екі жыл бұрын оның байлығы 77 млрд долларды құраған. Ол жұбайы Мелинда Гейтстің қоры арқылы денсаулық сақтау ұйымдарына қолдау білдіріп, кедей елдердегі туберкулез, безгек және СПИД-пен күресу­ үшін вакцина құрастыруға қыруар қаржы салады. “Alibaba” компа­ниясының негізін қалаушы Джек Ма 2015 жылы Қытайдың ең жомарт меценаты деп танылған. Сол жылы ол  23 млрд доллар байлығы­ның 2,3 млрд долларын қайырымдылыққа жұмсаған. 2014 жылдан бері Ма Қытайдың экологиялық пробле­маларын шешумен айна­лысатын қайырымдылық қорын басқарады, басқа кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға оқытады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім беру саласына да қолдау көрсетеді. «1 млн долларың болса, сен байсың және ол ақшаны жұм­сай аласың. 10 млн долларың болса,­ сен доллар курсына мазасызданып, ақшаны қайда салу туралы­ ойланасың. Ал 1 млрд долларың болса, ол сенің ақшаң емес. Ол өздеріне қарағанда тиімді пайдала­ну үшін адамдардың саған сеніп тапсырған қаржысы» депті бір сөзінде миллиардер. “Forbes” тізіміндегі тағы бір миллиардер – америкалық кәсіпкер Уоррен Баффет. Оның иелігіндегі қаржысы – 66 млрд доллар. 2006 жылы Баффет байлығының 99%-ын қайырымдылық шараларына жұмсайтындығын жариялады. Сол жылы ол АҚШ тарихындағы ең ірі қайырымдылық шарасын жүзеге асырды. Кедей елдердегі СПИД, безгек  және туберкулезбен күресетін Билл  және  Мелинда  Гейтс қорына­ 37 млрд доллар бөлді. Сол уақыттан  бері тұрақты түрде қар­жы құйып келеді. Әр жылдың  1 маусы­мында мұқтаж жандарға жәрдем жібереді. 2015 жылы Билл мен Мелинда Гейтс қорына тағы 2,8 млрд доллар аударды. Саясаткер және кәсіпкер Майкл Блум­берг­тің дәулеті 43 млрд доллар деп бағаланады. Миллиардер 1990 жылдан бері түрлі қайырымдылық шараларына белсенді түрде араласады. 1996-2002 жылдар аралы­ғында Джон Хопкинс атындағы университеттің басқарма төрағасы болғанда, коммерциялық емес Денсаулық сақтау мектебін құрды. Жыл сайын ұйымға орта есеппен 200 млн доллар бөліп отырады­.

Дүние дидарындағы ең дәулеттілер дегені – осылар. Өзіне емес, өзгеге­ болсын дейді ғой, шіркін! Ең қызығы, олар ел қазынасына қол сұғып, бүгінгідей жетістікке жетпеген. Барлығы да – жаңа технология­ны ойлап тапқан ғұламалар. Тағы бір айта кетейік, Билл Гейтс те, Уоррен Баффет те, Джек Ма да жер қазып, алтын іздеп, мүлік жиған жоқ. Технологияның тілін меңге­ріп, миллиардерге айналды. Ал біздегі миллиардерлерден кімді айтар едіңіз? Басым бөлігі табиғи байлығымыздың (газ, уран, көмір, мұнай, т.б. – ред.) арқасында алпауы­т компания құрып, бай-бағландардың көшіне іліккен.

Ақша десе, көктемде көк қуған қойдай тулай жөнелетіндерді жоғары­да айттық. Олардың пайдасынан гөрі зияны көп боп тұр. Сіз бен біздің салығымыздан түскен қаржыны қалтасына салып, шетелде шалқып жүр. Қазекеңнің «қы­ран құс шашып жейді, қара құс басып жейді» дейтіні бар. Бүгінде шашып емес, басып жейтін біздің «қара құстардың» құлқыны неткен кең еді...

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АРАЛДЫ САҚТАУ – АДАМЗАТ АРМАНЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
22.11.2018 12:21

Адамзат баласымен бірге ықылым заманнан жасап келе жатқан Арал теңізінің мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түспей тұр. Кезінде Өзбекстанмен шектесіп жатқан ұлы теңіз адам қолымен жасалған апаттың салдарынан жағалауынан жүздеген шақырымға дейін қайтып, бұл арадағы табиғи тіршіліктің тамыры тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрғанда әртүрлі қоғамдық ұйымдар құрылды. Жұртшылық өкілдерінің республикалық, одақтық биліктен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберіне дейін дабыл қаққаны күні кешегідей есімізде.

Бұл ретте Елбасымыз бастамашы болған Халықаралық Аралды құтқару қоры жергілікті жерден бастап әлемдік деңгейге дейін өзінің қажырлы еңбегі, іскерлік байланыстарымен жан-жақты танылды. Соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болған бұл қордың құрылғанына ширек  ғасыр  болды.

Жуырда әлемдік қоғамдастық әлі күнге дейін көз тігіп, құлақтарын тосып отырған Арал теңізі мәселесіне орай Түрікменстанның Түрікменбашы қала­сын­да  Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан Президенттері бас қосып, онда Арал мәселесі ауқымды әңгіме арқауына айналып, бұл аймақты одан әрі дамыту жайы сөз болға­ны белгілі. Орта Азия мемлекеттерінің басшылары жиналған бұл саммитте­ алдымен халықаралық Аралды құтқару қорының жүйелі жұмысы, Арал өңіріндегі бүгінгі таңда экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағытта атқарылып  жатқан іргелі істер­дің жай-жапсары  жан-жақты  айтылды.

Арал мәселесінің маңыздылығын сөз еткен осынау саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарб­аев:

- «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасын жүзеге­ асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы эколо­гиялық жағдай елеулі түрде жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Судың тұздылығы төмендеп, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келуде. Арал теңізінің қазақстандық бөлі­гіндегі микроклимат пен әлеу­меттік жағдай жақсарды. Ба­лық өңдейтін бірқатар кәсіп­орын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда, - деді.

Мемлекет басшысы Арал дағдарысы адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі болып саналатынын атап өтіп, 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайғанын айтты. Жыл сайын Арал теңізінің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырым­ға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зар­дабын  тигізуде.

Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағдай­ын жақсартуға бағыт­талған Халықаралық Аралды қорғау қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы проблемамен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымына, барлық Қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті. Су шығынын 50-60 процентке қысқартып, өнім­ділікті 4-5 есе арттыратын тамшылатып суару сияқты заман­ауи технологияның және суаруға қолданылатын суды үнемді пайдаланудың маңызды­лығын  да  айтты.

Иә, ХХ ғасырдың орта шені­нен бастап жер шарын мекен еткен күллі адамзаттың басты мәселесіне айналып, алаңдаушылығын туғызған Арал теңізінің Солтүстік бөлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­ден­ті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назар­баевтың  тікелей қолдауының нәтиже­сінде сақталып, қазіргі таңда әлемге Кіші Арал теңізі деген атпен белгілі болып­  отыр.

Елбасының 2005 жылғы 27 сәуірде Арал өңіріне жасаған жұмыс сапары кезі­нде айтқан «Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген тарихи сөзі бұл күндері шындыққа айналды. Сонан бері жағалау­да кәсіпкерлік қанатын кеңге жайды. Дегенмен күнгейдің көлеңке жағы да болады екен. Қазір Кіші Арал теңізіндегі балықтың барлық түрі ауланы­п, оның мөлшері біз күткендегіден барған сайын көбейе түсуде. Бұл біздің  алаңдаушылығымызды  да  туғы­зы­п  отырған  жайы бар.

Кезінде «Каттегаттан – Арал теңізіне дейін» атты әлемдік жобамен қайт­қан теңіз табанына серпінді сенім, үкілі үмітпен байырғы балық аулау кәсіп­шілігін қайта оралтқан, теңіз суы шама­дан тыс тұзданып, тіршілігі мүлдем тоқтағ­анда кеуіп бара жатқан айдынды камбала-глосс сияқты балық түрімен балықтандырған Дания үкіметі бұған орай 6 млн дат кронын жұмсаған. Бұл сөйтіп айдыны суалып абыржыған аралдық­тардың жүрегіне үміт отын жаққан­ болатын. Мұның сыртында Дания­ мемлекетіндегі түрлі қоғамдық ұйымдар Аралды қорғау мақсатында 2 млн дат кроны көлемінд­е гуманитарлық көмек қол­дарын созғаны есімізде. Сол кезеңде балық аулау құралдары, басқа да жаб­дықтар  келіп,  аралдық  балық­шылардың ертеңг­е  деген  сенімін  оятқан  еді.

Осыдан екі жыл бұрын, нақтырақ айтқа­нда, 2016 жылғы 8 тамызда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Катте­гаттан – Арал теңізіне дейін» Халық­аралық жобасының үйлестірушісі Курт Кристенсенді қабылдап (суретте), онда Арал теңізі мәселесінің оңтайлы шешімін табу,  «САРАТС-2» жобасының екінші кезеңі  әңгіме  арқауына  айналған  еді.

Әрине, жоғарыдағы Халықаралық жобаның алғашқы отырысы 1991 жылы Алматы қаласында өткені баршамыздың есімізде. Облыс әкімімен болған кездесуде Халықаралық жобаның үйлес­тірушісі Курт Кристенсен өзі соңғы рет 2008 жылы Арал өңірінде болғ­анда аудан, облыс тіршілігі азғантай жылдардың ішінде адам танымастай өзгеріп, ауқымды жұмыстардың атқары­лып жатқанына көзі жеткенін айтқан.

Осы сапарында ол Солтүстік Арал (Кіші Арал) айдынынан шамадан тыс мөлшерде балық аулау ондағы су маржа­нының қорын мүлдем жойып жібере­тінін тілге тиек еткен еді.

«Ауруын жасырған өлетінін» ұмытпайық, ашығын айтайық, ағайын. Қазақта «басшысы жоқ ел жетім, балығы жоқ көл жетім» деген мәтел бары осындайда ойға оралады. Тоқшылықта аштық­та жеген құйқаның дәмін ұмытпа­ деген. Сонау 1996 жылдары бір жылда 30 тонна камбала ауланса, қазір бір жылда 7 мың тонна сазан, дөңмаңдай, көк серке, шабақ және басқа балық түрлері ауланып, Арал теңізі балықшыларының бұл нәтижесі рекордтық көрсеткішке жетіп отырған көрінеді. Соған­  сәйкес Арал ауданында жиырмаға жуық балық өңдейтін кіші зауыттар­ мен мекеме­лер «мен мұндалайтыны» жасырын емес. Бұл Кіші Арал айдынындағы балықтар негізінен экономикалық бағытта ғана ауланып, өңделіп жатқандығын  көрсетеді.

Таяқтың екі ұшы бар екенін еңкейген қарттан бастап еңбектеген балаға шейін біледі. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда, су айдынынан заңсыз балық аулаушылар (кәсіби балықшылардың жөні мүлдем бөлек) шамадан тыс көбейіп кеткен. Кейбір дереккөздердің дәйекті дәлелдемелеріне сүйенсек, заңсыз балық аулаушылар қатары қазір кәсіби балықшылармен салыс­тырғанда 50 пайызға жетіп отырғаны айтылады. Бұл дегенің жергілікті қазына қазанының қамы үшін емес, қарақан басының қамы үшін жүргендердің қолында мемлекет меншігіндегі, халық дастарқанындағы байлықтың босқа рәсуа болып бара жатқанын көрсетеді.

Ақыры біздің кәсіпкерлік бағыттағы заңды балықшылар мен заңсыз балық аулаушылардың саны қанша деген сауа­лымыздың жауабы да табылды-ау. «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің дерегіне сүйенсек, есепте тұрған 400 балықшы болса, заңсыз теңіз түбін тіміскілегендер саны 200 адамнан асады екен.

Осы соңғы топтағы 200 заңсыз балық аулаушылардың сайда ізі, санда өздері жоқ көрінеді. Несібелерін заңсыз­ жолмен айырып жүрген оларға әзірге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа табыл­май тұрғанын қайтерсің. Себебі, жер көлемі 70 мың шаршы шақырымды құрайтын байтақ Арал ауданындағы балық қорғау инспекторының саны – бар болғаны 10 адам. Олар күллі Кіші Арал айдыны мен көлдерге көлденең қол сұғып жүрген 200-ден астам заңсыз балық аулаушылармен күресуге шын мәнінде дәрменсіз тәрізді. Әрине, Кіші Арал айдынында табиғатты пайдала­нушылар, балық аулаушыларды бақылау механизмі жоқ емес, бар көрінеді. 18 аймаққа бөлінген бұл судағы экологиялық ахуалды сақтау, табиғат байлықтарын қорғау қаншалықты дәрежеде екені соларға мәлім болса керек.

Қазына қазанын тасытатын, балық өндірісінен түсетін қаржы тәуелсіз мемлекетіміз, қала берді, облыс, аудан эконом­икасы үшін ауадай қажет-ақ. Бірақ оның екінші жағы бар екенін де ұмытпайықшы.

Арал ауданындағы балық шаруашылығының болашағы қандай болмақ? Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Бұрын балық уылдырық шашатын мезгілде ұлы теңізде ұйыған тыныштық болатын. Осы кезде балықтар емін-еркін уылдырық шашып, балықшы атау­лы белгілі бір кезеңге дейін теңізге қайық түсірмейтін. Есітуімізше бүгінде бұл тірлік кереғар көрінеді. Турасын айтқанда, жай күндерді айтпағанда осынау «өліара» кезеңде де әлгі заңсыз балық аулаушылар теңіз түбіндегі балықтарды қолдануға тыйым салынған қытайдың торымен, электр қуатымен, газбен, жарылғыш заттармен қынадай қыратынын есіттік. Осы арада айта кететін жайт, әлгі заңсыз балық аулаушылардың бұрын құлақ естіп, көз көрмеген зиянды әрекеттерінен бір рет ғана пайдаланатын қытай аулары теңіз түбінде жатыр. Олардың су асты тірші­лігін бүлдіріп жатқанын табиғат жанашырлары неге білмеске? Бірақ осы уақытқа дейін бұған қарсы күресуге олардың дәрменсіздік танытып отыр­ғандары қалай? Естіген құлақта жазық жоқ. Сонда қырағы қорықшылармыз, табиғат пайдаланушыларымыз, әлекедей жаланған эколог мамандарымыз қайда қарап жүр екен?

Тағы бір мәселе, 2005 жылдан бері пайдалануға берілген тоғыз қақпалы бөгет жайы. Бөгеттің су өткізгіш қабілеті орасан зор. Қайық түгілі қара тасты­ да екпіні үйіріп әкетердей әлем-тапырық. Соның нәтижесінде Кіші Арал теңізі өмірге келді. Жағажайға табиғи тіршілік қайта енді. Адамдар сонан бері Арал теңізіне сергек сеніммен, үкілі үмітпен көз тігеді. «САРАТС» жобасының екінші кезеңін асыға күтеді.

Кіші Аралмен бірге Арал ауданында кәсіпкерлік көкжиегі кеңейді. Бір ғана 2016 жылғы мәліметке көз жүгіртсек, тек ғана 9 балық зауытының өнеркәсіптік қуаты 20 мың тонна су маржаны өнім­дерін өңдеуге толық жеткен көрінеді. Бұл – Кіші Арал теңізіне байланысты мәселенің бірінші жағы. Екінші жағына­ ойысайық енді. Көкарал бөгетіндегі 9 тесік арқылы ұлы теңіз жағына сумен бірге қаншама халық байлығы ағып өтіп жатқанының есебі жоқ. О жақтағы ащы судан тау-төбе болып қырылып жатқан балықтардың жанына адам баласы бара алмайтын халге жеткен. Әсіресе «Барсакелмес» табиғи қорығының қорықшылары «Возрождение» аралының маңын­дағы «Жантақты» деген жердегі өзен-өзекшелер балықтар бейіті іспеттес дейді екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әңгімеміздің тұздығы – «Балығы жоқ көл жетім». Ендеше Арал теңізі болашақ ұрпақ үшін де ауадай қажет екенін есте  сақтайық. Балық – халық байлығы. Сондықтан оның қорын көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпақ­қа  жеткізейік. «Ашыққаннан құныққан жаман» екенін ұмытпайық.

Айна  БАЙМАХАНОВА,

«Арал  теңізі»  қоғамдық  бірлестігінің  төрайымы,

Толыбай  Абылаев,

журналист

 


Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары