Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 29 Қараша 2018

Жастардың жігерін жаныды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.11.2018 11:34

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында Сыр өңіріне танымал тұлғалар мен жастардың кездесуі ұйымдастырылды. «Жастар тәрбиесі – қоғамның іргетасы» тақырыбындағы алқалы басқосу басқа жиындардан өзгерек өткендей. Себебі, қатысқан студенттер қадірлі қонақтармен еркін пікір алмасып, көкейде жүрген өзекті сауалдарына жауап ала алды.

Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасы дін істері бөлімінің басшысы Е.Есов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Б.Камалов, облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы, ОАТТ мүшесі С.Алдашбаев, Панкратионнан ҚР-ның спорт шебері, ММА жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Ғ.Әлсерік тағы басқа діни бірлестік өкілдері, теологтар, мәдениет және спорт майталмандары келді.

Елбасы «Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастар қолында. Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер» деген болатын. Ендеше ұлтты ұйыстырып, болашақты бұлыңғыр етпеу – жастардың тізгініндегі дүние. Е.Есов осы турасында сөз қозғап, шара шымылдығын ашты. Мұнан соң С.Алдашбаев жастар мәселесін салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып, пікірін білдірді.

- Мәселен, біз үнді киносын көп көреміз. Сондағы дәстүрлеріне де көзіміз үйренген. Ал қазақтың салт-дәстүрлері ше? Бізге өзіміздің мәдениетті білу аса қажет. Біз ата-әжелерімізден осыны сұрауымыз керек. Қазақта ет асылған кезде малдың басын тартады. Сыбаға тартудың ережесін білмейтіндер табылуы мүмкін, - деді ол.

Сөз соңында жастарға «Он екі нәрсе бар қарғысқа ұшыраған, қазақ дастандарында бар. Соның не екенін сұраңдар. Мұсылман дінінде жеті құсты қасиетті құс санайды. Соны біліп, маған айтыңдар» деп тапсырма берді.

«Қазір дінге беріліп кеткен жастарымыз бұл дүниеден баз кешіп, қатты кетіп қалғаны соншалық, ата-анасын құрметтемейді. Ал кейбірі дүниеге қатты беріліп кеткені соншалықты руханиятымызды, ұлттық құндылықтарымызды ойламайды». Бұл пікірді ММА жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғ.Әлсерік айтты. Кей замандастарының кері қылықтарына тоқталып, тіпті ата-анасын сыйламай кететінін де жеткізді. Алдымен ата-ананың разылығын алу қажеттігін айтып, жастарды Отанын сүюге, ата-анасының қас-қабағын аңдап, жүрегіне реніш түсірмеуге шақырды.

Осылайша жастар бойындағы ұлттық рух, ұлттық тәрбиені арттырып, зиянды әдеттер мен теріс жолға түсуден сақтауға үндеген жиын студент жастар үшін тағылымды болды.

Ж.Қойшыбекова

 


ОҚУШЫЛАР ҮЙІНДЕ БАЛАЛАР ТЕХНОПАРКІ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.11.2018 10:14

Кеше Жалағаш ауданындағы Оқушылар үйінде балалар технопаркі ашылды. «3D модельдеу», «Цифрлық білім беру бағдарламалары», «Робототехника» үйірмесінде қазіргі заман талабына сай жабдықталған құрылғылар балалар игілігіне пайдалануға берілді.

Оқушылар үйінде 14 үйірме жұмыс істейді. Оның 3-еуі техникалық бағытта жұмыс істеуде.

Оқушылар үйіндегі балалар технопаркінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жаңа заман талабына сай жабдықталып, балалар игілігіне ашылған үйірмелердің жұмысына сәттілік тіледі.

- Балалар технопаркі – оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа баулуға бағытталған қосымша білім берудің жаңа бір форматы. Ауданда тұңғыш ашылып отырған технопарк жалағаштық оқушылардың техникалық қабілеттерін дамытуға жаңа бір серпін береріне сенімдіміз, - деді Жағыпар Айтбайұлы.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Оқушылар үйіндегі бірқатар үйірме жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, технопарк робототехника кабинетімен, 3Д принтерлермен және тағы да басқа қажетті құрылғылармен жабдықталған. Ғимараттың жөндеу жұмыстарына және жабдықтауға аудандық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАРМАҚШЫДА «ЖАСТАР ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА» АУДАНДЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.11.2018 15:19

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылған шарада Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев алғы сөз сөйлеп, әрі қарай 10 аталым бойынша жыл үздіктері марапатталды.

Форум барысында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ж.Алдабергенов, «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облысы филиалының төрағасы Т.Тлес, аудандық окушылар үйінің «Робототехника» үйірмесінің белсенді қатысушысы, облыстық байқаулар жеңімпазы А.Тоқмырза сөз сөйледі.

Шара қорытындысында Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері, қоғам белсендісі А.Досболов аудан жастарының үндеуін жариялады.

Жастар корпусы «Zhas Project» жобасы жеңімпаздарының және аудандық оқушылар үйінің «Робототехника» үйірмесінің көрмесі ұйымдастырылды.

«Жастар корпусын дамыту» жобасы бойынша Қармақшы ауданынан 13 жоба жеңімпаз болып танылды. Ауыл шаруашылығы саласы - 3 жоба, ұлттық қолөнер - 5 жоба, балалар ойын-сауық орталығы – 2 жоба, тамақ өнімдері - 2 жоба, сән салоны - 1 жоба.

Форум аясында «Кәсіпкерлік бағытында және IT технологиялар», «Жастар саясаты және жастар ұйымдары» тақырыптарында секциялық жұмыстар өтті.

Секциялық жұмыстар әрі қарай жастар форумның пленарлық отырысына жалғасты.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


МҰНАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ МА, СОРЫ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.11.2018 12:21

Бүгінгі  күннің  бүлкілі

Расул  ЖҰМАЛЫ,

Саясаттанушы

Ұлттық  экономикамыздың күретамыры  мен дамуымыздың  басты  үміті – мұнайдың  бағалары қайта  құлдырады.

Лондон биржасында өткен сау­далауда Brent маркасы 7,8 па­йызға арзандап, баррель құны 61 долларға, 7,5 пайызға төмендеген WTI маркасы 53 долларға жетті.

Бұның басты себептері қа­тарында мұнай нарығында ұсы­ныстың тұтынудан асып түсуін, бағаны реттеу тұрғысында «қара алтын» өндіруші елдердің, ең алдыме­н ОПЕК мүшелерінің арасында ауызбіршіліктің жоқтығын, балама қуат көздерін пайдалану бойынша технология­лардың дамығанын, тиісті нарыққа кең көлемде Ирак, Иран, Либия секілді ірі ойыншылардың шыққанын, тиісті салада сланецтан өндірілетін мұнай мен газ көлемінің артқанын атауға  болады.

Сондай-ақ, мұнай бағасының қазіргі төмен­деуі­не­ Америка мен оның президенті Дональд Трамп айтарлықтай үлес қос­ты. Біріншіден, бұған дейін мұнай қо­рын  сақтап келген Құрама Штаттарының оны кең көлемде өнді­ре баста­ғаны сонша, бүгінде атал­ған­ өлшем бойынша Ресейді басып­ озып, Сауд Арабиясынан кейін әлемде екінші орынға шықты. Екіншіден, ғаламдық мұнай нарығында бағаның тым қымбат екенін алға тартып, оның төмендеуіне саяси алғышарт­тарды қамтамасыз етті. Соңғыларының қатарында саудиялық журналист Хашогджидің өлімі­не байланысты шыққан дауда­ Саудияға қолдау білдіргенін ескерген жөн. Бұнымен тікелей байланысы бар ма, жоқ па, Эр-Рияд әйтеуір мұнай экспортын күрт арттырып, оның бағасының құлдыруына себепкер болды. Соңғы жаңалықтардан соң қуанышын жасыра алмаған Трамп өзінің Twitter-парақ­шасында Сауд Арабиясына алғысы­н жаудырды. Үшіншіден, Иранмен арада қырғиқабақ ахуал­ға және санкциялық қы­сымға қарамастан, Ақ үй осы елдің мұнай сатуына жағдай жасады.­

 

«СЫБАҒАНЫҢ»  СЫБАҒАСЫ

Әйткенмен, мұнай нарығындағы дағдарыстар негізінен алғанда­ табиғи құбылыс болып табылатынын ескеру керек. Сәйкесінше, Американың да мұнай саясаты бірінші кезекте экономикалық прагматизмнен келіп туындайды. Тек кезіндегі Кеңес Одағы мен оның бүгінгі мирасқоры Ресей «қара алтын» бағамының құбылуы­нан әлдебір астар, бәсекелестердің арам пиғылдарын іздейтін. Әрине, отандық экономиканың күйзелі­сін, онымен бірге әлеуметтік жағдайдың нашарлауына келгенде, автор­итарлы билік себептерді өзінің қатесінен емес, басқа біреу­дің арандатуымен түсіндіруге дайын­ тұрады. Олай ыңғайлы да, жауапкершілік те жоқ.

Қысқа мерзімге өзін ақтағанымен, осындай солақай ұстаныммен ұзаққа шаппайтыны анық. Есте­ріңізде болар, сонау 2005 жылы Қазақстан билігі өндірілетін мұнай көлемін 70 милионнан 150 миллионға жеткіземіз деп мәлімдеді. Бұл тұрғыда Қашаған кен орнына зор үміт артты. Содан бері он емес, он үш жыл өте шықты. Экологтар мен жергілікті жұрт­тың жанайқайына қарамастан, мақтаулы Қашаған кәсіпорны іске қосылды. Алайда мұнай көлемі сол баяғы 70-80 миллионнан асар емес. Сорақысы сол, одан түскен табыстың басым бөлігі шетелдік компаниялар еншісінде. Мұнайлы өлкелердің өзінде өркендеудің орнына табиғатқа, жергілікті халық­тың денсаулығына орасан нұқсан келтіріп жатыр. Қашағанның кесірінен Каспий­дің итбалығы мүлде құрып кетуге қалды.

Ендігі түйткіл жал­ақы хақында. Қазақстанда өндірілетін мұ­найдың баррелінің өзіндік құны – 6 доллар. Бұл – әлемдегі ең төмен өлшем. Келетін пайда неғұрлым көп болса, әділ есептеу бойынша жалақы да соғұрлым жоғарғы болатыны ақиқат. Бізде олай емес. Қазақстанда аталмыш көр­сеткіш айына 600-1000 долларды құраса, Сау­дияда 5000-8000 доллар. Салыстыру үшін: Америкада мұнайдың өзін­дік құны 32 доллар бола тұра, орташа  жалақы – 10 000 доллар, 17 долларлық мұнай өндіретін Норвегияда орташа жал­ақы – 13 000 доллар, мұнайдың өзіндік құны 15 долларлық Аустра­лияда 14 000 долларға жетеді. Әлемде ең төмен жалақы алатын мұнайшылары Суданда – 5000 доллар.

Сонда Қазақстанда жалақының қоры қайда кетіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Бірін­шіден, оның басым бө­лігі компанияның таза пайдасына аударылуы ықтимал. Екіншіден, топ-менеджерлер мен шетелдік мамандардың қалтасына түседі. Мәселен, 2016 жылғы ашық деректер  бойынша «Қаз­Мұ­найГаз»  бастықтары – Фрэнк Куйларс­тың жылдық табысы –$292 000, Питер Лэйн­дікі – $235 000, Кристофер Уолтондікі – $217 000. Отандық мұнай серкелерінің табысы құпия. Бірақ уақыт өткен сайын олардың жасырын шоттары әшкереленіп, миллиондаған долларға яхта мен арал, тоқалдарына бриллиант пен виллалар сатып алады. Үшіншіден, шылқымайға батқан олар өз құлқындарынан қалған тиын-тебенді ғана «қара алтынды» өндірудің машақатын көрген мұнайшыларға береді. Оның өзін­де оларды жарылқап тастағандай қылып беріледі. Ал еңбекшілер жалақыны көтеруді сұраса, қожа­йындары жұмыстан шығарады. Ол өз алдына, қудалап, күштік әре­кетке  баратыны  мәлім.

 

МҰНАЙДЫҢ  БУЫ

Кезінде Сауд Арабиясының мұнай министрі шейх Яманидің айтқаны бар: «Тас ғасыры тастың таусылғанынан аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де өтеді». Бүгінгі ғаламдық экономика үрдістеріне қарағанда осы болжам іс жүзіне асып келе жатқандай. Мұнай бағаларының төмендеуі – бірінші кезең ғана. Бірақ Қазақстанды алғашқы соққының өзі есеңгіретіп  тастады.

2014 жылдан бері әлемдік мұнай бағасының төмендеуі біздің экономиканы дағдарысқа ұшыратты, теңгеміз құнсызданып, дол­ларға шаққандағы бағамы 185-тен 380-ге жетті. Жан басына сана­ғанда ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) 13,8 мыңнан 7 мың долларға дейін кеміді. Қаржы тапшылығы салдарынан талай кәсіпорындар банкрот атанды, бірсыпыра банк лицензиядан айырылды, әлеуметтік ахуал нашарлай түсті. Жағдайды еңсеру мақсатында үкімет болашақ ұрпақтарға деп жинаған Ұлттық қор мен халықтың жинағы зейнетақы қо­рына қолын салды. Енді міне, жыл сайын азаматтарға салынатын айып­пұлдарды, түрлі мәжбүрлі салық­тарды (жұмыссыздық үшін, денсаулықты, көлікті міндетті түрде сақтандыру үшін, жаңа мекен­жайда  уақытша тіркелу үшін, т.б.) ойлап тауып жатыр. Есесіне әлеуметтің сатып алу қабі­леті төмендеп, қоғамды кедейлік жайлады. Бұның салдары ретінде ұрлықтың, бопсалаудың, өзіне-өзі қол жұмсаудың жиілегені ащы шындыққа  айналды.

Әрине, экономикадағы түйт­кілдерді кешенді шешудің орнына­ салмақты халық иығына арта салу немесе шетелден қарыз алып жаба қою оңай көрінер. Соңғысы қазірде 176 миллиард доллардан асып жығылады. ТМД елдері арасында бұл да – ең жоғары көрсеткіш.

Анығы бір, зор үміт артқан мұнай дәуірі аяқталып келе жатыр. Ең өкініштісі – «қара алтынның» бағасы шарықтап тұрған заманды Қазақстан өз пайдасына жарата алмады. Тіпті тәуелсіздік алғанында толықтай Нөл деңгейінен бастаған Сауд Арабиясы немесе Бірік­кен Араб Әмірліктері құрлы болмадық. Экономиканы дамытып, бәсекелестікке қабілетті арттыру сөз жүзінде қалды. Іс жүзінде мұнайдан түскен миллиардтар той мен қажеті күмәнді форумдар өткізуге кетті. Осылайша әу баста сауатты елі бар, қойнауында мұнай ғана емес, толықтай Менделеев таблицасы жатқан Қазақстанға арабтар қол жеткізген алға басу тек арман. Қазіргі жүйеде тіпті қол жетпес қиял. Мұнай бағасы 120 доллар болғанда экономиканы өркендете алмаған шенділердің бұл көрсеткіш 60 долларды құрағанда бір нәрсені тындырарына сенудің өзі қиын.

Ақиқатында тығырықтан шығудың­ кілті мұнай бағасына, табиғи байлықтарға, жердің аумағы иә халықтың санына емес, саяси реформаларға келіп тіреледі. Олардың дені – демократиялық әділ таңдау арқылы биліктің, барлық құзыреттің қолынан іс келетін мемлекетшіл азаматтарға беріл­месе, он емес, жүз бағдарлама қабылдансын, оларды қанша қарқынд­ы, үдемелі, топ жарушы атасын­, мардымды нәтиже шықпайды. Ол неғайбыл. Қоғамның өзі де әлжуаз.

 

МӘСЕЛЕНІҢ  ЕКІНШІ  ЖАҒЫ

Әзірше мұнай бағасының шарық­тауынан халықтың басым бөлігінің қолы игілікке жетпеді. Ал жемқорлықтың шектен шық­қаны, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі, экономиканың ғылымға негізделген заманауи салаларының бұғатталуы, экологиялық ахуалды­ң ушығуы, т.б. жағымсыз әсері шаш етектен. Кезінде Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан тәуел­сіздігін алуы сынды мұнай бағасы төмендеуінен болған жағымды нәтижелер бар әрине. Дайынға малданбай, алға басудың балама тетіктерін ойластырдық. Нәтижесінде орта және шағын кәсіпкерлік серпін алды, банк саласы едәуір дамыды. Шикізаттан түскен пайда­ мардымсыз болғандықтан, билік­тің өзі салық төлеушілермен, яғни қарапайым халықпен санасуға мәжбүр болды. Бұның өзі елдің демократиялық жолмен дамуына мұрсат берді. Ал енді мұнайдың арқасында байыған сайын Ресей­дің империялық саясаты күшейіп, көршілеріне қырғидай тиетін әдетін ескерсек, «қара алтын» бағасы­ның құлдыруы ұлттық қауіпсіздікке де оң әсерін тигізді.

Олай болса мұнай бағасының төмендеуіне қарапайым жұрт қайғырм­айды. Ол тіпті қажет емес шығар. Онсыз да бағасы шарықтап тұрғанда жерасты байлығының рақатын­ көрмеген халық енді тіпті татпас. Ол екіталай. Кім біледі, бәлкім лауазым иелерінің мұнайдың буынан арылып, кеш те болса мемлекетшіл іс-қимылға көшуіне өмірдің өзі мәжбүр етер.

Айналып келгенде өркениетті, бақуатты әлемнің басым бөлігі сол шикізатқа кенде елдер емес пе. Ендеше жерден қазып алғанды сатқа­нға мәз болған, тұрпайы шаруа­шылықтан қол үзіп ақылға жүгінген экономиканы ойлаған абзал. Бұл жолмен жүрсек, өзімізге деген сенім қалыптасуы өз алдына, болашақ ұрпаққа кереметтей байлық болмаса да, таза ауа қалдырғанымыз  құнды.

 

Автордың  пікірі  редакцияның ұстанымына  сай  келмеуі  мүмкін.

 


СИММЕТРИЯЛЫ» САЯСАТ һәм ҮШ ЖЫЛДЫҚ «АЗЫҚ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.11.2018 12:17

Мұнай бағасы бұрынғыдай «менмұндалап» тұрған жоқ. Жер астының ахуалын жер үстіне шыққанда «жайып» салып тұрған бұл шикізаттың көзі де түгесілейін деді, бәлкім? Соңғы екі айда баға құбылмалылығы тіпті 30 пайызға жуықтады. ҚР ҰЭМ мәліметінше, қазан айының басында баррелі 86,2 доллар болған қара  алтын  қарашада  58,8-ге  бір-ақ түсті. Соған қарамастан бас экономист келер  жылы  номиналды жалпы ішкі өнім 64 трлн теңгеден 2023 жылы 86,5 трлн теңгег­е дейін жетеді деп болжап отыр. Болжам­ да жоспар мен тапсырманың шегінде­ жасалатынын ескерсек, тұрақты қарқын­ның сақталып, сақталмауы екіталай. Экономиканың қорапта тұрған сала емес екендігі  тағы  бар.

Мықтылық пен әлсіздіктің, байлық пен кедейліктің, алдыңғы лек пен шеткерінің арақашықтығы айқын сезіліп тұрған дәуірде ел экономикасын көтерудің өзі – мәртебе. Көз алдымызда көлеңке секілді әп-сәтте орнын ауыстырып үлгеретін үдемелі үдерісті алыстан емес, әр адам өз үйінен іздесе де табады. Мәселен, үстіңіздегі киім Қырғызстан не Түркияда, аяқкиіміңіз Америка не Германияда тігілген. Тұрмыстық техника­ларыңыздың ешқайсысы Қазақстанда жасалма­ған, көлігіңіз екі бастан шекарадан өтіп, сіздің басқаруыңызға берілген. Бұдан көретініміз  не?

Қазақстан экономикасы сырт елдермен сауда-саттық, импорт-экспорт арқылы даму көкжиегіне көз тігіп отыр. Ал біреудің қазанына қарап күнелтуге­ болмайтыны бәрімізге белгілі жайт. Соған қарамастан, 2019 жылы сыртқы тасымалдау 54,1 млрд доллардан басталып, 2023 жылы 65,7 млрд долларға дейін жеткізілмек. Тиісінше, импорт та 32,9 млрд доллардан төрт жыл ішінде 6,7 млрд доллар­ға  еселенеді деп күтілуде. Бұл сандар түйенің үстінен түсіп, шымшықтың тұмсығына ілініп келген жоқ. Апта басында 2019-2023 жылдар­ға арналған жаңартылған­ әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдауға бағытталған Үкімет сағатында айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттің үш жылдық «азығы» бекітілді. Сонымен, «тайқазанның» қақпағы қалай ашылды?

- 2019-2021 жылдарға арналған бюджет пара­метр­лерінің болжамы қайта қаралды. Республикалық  бюджет кірісі 2019 жылы – 6 трлн 786 млрд теңге, 2020 жылы – 7 трлн 360 млрд теңге, 2021 жылы 7 трлн 998 млрд теңге көлемінде болжануда. Рес­публикалық  бюджет  шығыстарының  болжамы 2019 жылы – 10 трлн 727 млрд теңге, 2020 жылы – 11 трлн 59 млрд теңге, 2021 жылы 11 трлн 402 млрд теңге көлемінде айқындалды. 2019 жылы бюджет тапшылығы 2018 жылдың деңгейінде жалпы ішкі өнімге қарағанда 1,5%-ға жоспарланған, ал 2020 жылы – 1,4% және 2021 жылы 1,3%-ға дейін төмендейді, - деп баяндады ҚР Ұлттық экономика министр­і  Т.Сүлейменов.

Сын сағатында тікелей байланысқа шыққан бас банкир де өз саласына қатысты мәлімдеме жасады. Әдетте біз мұнайға тек шикізат көзі мен экспорт тауары­ ретінде қарайтынымыз рас. Шын мәнінде қолымызға ұстап жүрген қызылды-жасылды құнды қағаздарымызға да тікелей қатысы бар.

- Ұлттық банк мұнай бағасы төмендеген кездегі Қазақстан Республикасының 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына өзгерістерді қолдайды. Қазақстан Ұлттық банкі өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтайды. Сондай-ақ, инфляция бойынша орта мерзімді мақсаты 4%-ға жуық деңгейде қалады. Инфляцияның өсуін болдырмау үшін ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдатуға болады. Сонымен қатар, базалық­ мөлшерлеме нақты көрсетуде экономиканың ұзақ мерзімді өсу қарқынынан аспайды, - деді Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Д.Ақышев.

Дәл осы мәселе Сенатта Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалық етуімен Палатаның кезекті жалпы отырысында талқыланып, заң қабылданды. Сонымен қатар депутаттар ұсыныстарында инфрақұрылымдық жабдықтауға мән берді. Бұл ретте газдандыру бойынша Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына жалпы сомасы 7,8 млрд теңге,­ оның ішінде 2019 жылға 3,8 млрд теңге көзделді. Мәжілісмендер мақұлдаса, өзге де өңірлердегі кезегін­ күтіп тұрған мәселелер өзегі жойылмақ. Дәл осы жиынның бас қаржыгерсіз өтпейтіні тағы анық. «Симметриялы» саясатты жатқа соғатын Смайылов қарауға ұсынылып отырған «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заң жобасының негізгі параметрлеріне тоқталды.

- Бюджеттің негізі мен оның қаржылық мүмкін­діктері ынталандыратын макроэкономикалық саясат­ты жүргізу негізінде құрылған. Ол бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін біртіндеп төмендету және салық түсімдерінің орнықтылығын қамтамасыз  ету арқылы іске асырылуда. Айталық, өңірлерді бюджеттік қамтамасыз ету деңгейін теңестіру және тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдарға 4,8 трлн теңге сомасында қаражат­, оның ішінде келер жылға 1,6 трлн теңге жоспарланды. Жалпы алғанда 2019 жылға рес­публикалық  бюджеттің  қаражаты есебінен өңір­лерге 2,7 трлн  теңге  бөлінеді, - деп мәлімдеді  ҚР  Қаржы  министрі   Ә.Асханұлы.

Елдегі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар көрсеткіші қол жеткізген пайыздық мөлшерлемелер тікелей және жанама факторларды негізге ала отырып өнім өндіретінін ескерсек, «балта сабынан озбайды». Олай деуімізге себеп те жоқ емес, соңғы жылдары әлем елдерінің жаһандық экономикадағы жандануы біркелкі қалыптан ауып түсті. Жаһан­дану үрдісінің тегеурінді белең алған тұстағы жағдайды мемлекет басшысының өзі «Жаһандану қазіргі әлемге­ әлсіздік әкелді. Лаңкестік, ақпараттық соғыст­ар, экологиялық апаттар да шекарадан өтіп, бүкіл адамзатқа жаһандық қауіп төндірді. Әлемде әлеуметтік-экономикалық даму тепе-теңсіздігі күшейді. Жаһанданудың жағымды әсерлерін әлемнің өте дамыған елдерінің азғантай топтары ғана сезінді» деп топшылаған еді. Мүмкіндік бере отырып­, тоқырауға жол ашқан бұл үрдістің тәжірибесі­ әлі де «қызыл санақта» тұр. Сол шеңберден шыққан кезде ғана аяқ-қолы шираған елге айнала­мыз.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


«ЖАУҚАЗЫНДАҒЫ» ЖАУАПСЫЗДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
29.11.2018 12:11

Бір  хаттың  ізімен...

Редакциямызға Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Қасқырбай Әли есімді азамат хат жолдады. Ол ауылдағы мемлекеттік «Жауқазын» балабақшасында болып жатқан кейбір кемшіліктермен толық танысып, оны басылым бетіне жариялауды өтінген екен. «Жазған құлда шаршау жоқ». Ат-көлікті сайлап, сол күні кешке-ақ батыр бабаның атындағы ауылға аттандық...

 


МЕМЛЕКЕТТІК  БАЛАБАҚШАНЫҢ  МЕҢГЕРУШІСІ

МЕМЛЕКЕТТІК  РӘМІЗДЕРДІ  МЕНСІНБЕЙ   МЕ?

Жанқожа батыр ауылы тіректі елді мекендер тізбесіне енген. 2 мыңға тарта тұр­ғыны бар. Біздің мұнда табан тіреуімізге түрткі болған – ауылдағы жалғыз бүлдір­шін­дерге тәлім-тәрбие беретін №24 «Жауқазын» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Осы арада айта кетейік, аталмыш бөбекжай бұған дейін де біздің басылымның сын садағына ілік­кен. Былтыр «МЕМЛЕКЕТ­ТІК РӘМІЗДЕР ТАЛАПҚА САЙ БОЛСА...» деген тақырыппен мақала басылды. Міне, араға жыл салып, қайта қозғауға мәжбүрміз. Рас, еңселі ғимараттың сәулетіне сөз жоқ, кескіні келісті. Дегенм­ен, балабақшаның табалды­рығын аттамай жа­тып­, көңіліміз құлазып сала берді. Өйткені, дардай мемлекеттік мекеменің маңдайшасында Мемлекеттік Елтаңба ілінуі тиіс межелі орында тақтай ғана жабыстырылыпты. Бәлкім, ақын Абайдың «Кейде ызадан да күлемін» деуінің мәні осында шығар. Ал, Заңнамаға сүйенсек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміз­де­рін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңб­а басқандай жазылған. Және «Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс» делін­ген. Әрі-беріден соң, мемлекеттік меке­меге басшылық қызметке келген азамат (ша) ҚР Заңнамасын білуге және оны құрметтеуге міндетті екендігі айтылғ­ан. «Жар басындағы жантақты, жанынан безген нар жейді» демекші, тұтас ел қастер тұтатын Елтаңбаны балабақ­ша басшысының елемеуі нені білдіреді? Жауап­кершілік жүгі қайда? Әлде, балабақша басшылығы сыннан сабақ алмаған­ы ма? Айтпақшы, жа­қында­ Елтаңба­дағы «Қазақстан» жазуы латын графикасымен өзгертілетіндігі белгілі болды ғой. Оны мұндағы жауап­тыла­р­дан сұраудың өзі басы артық дүние сияқты­. Біздіңше, тіректі елді мекеннің түзелуі  мемлекеттік  рәміздерді  құрмет тұтудан  басталатындай  көрінеді.

 

«БАХИЛАСЫЗ»   БАЛАБАҚША

Көңіліміз құлазыған күйі хат иесі Қасқырбай Әлимен бірге бөбекжайдың табалдырығын аттадық. Бұл кезде жұмыс уақытының басталғанына біраз болған. Қызметкерлерге қайдан және нендей мәселемен келгенімізді айтып, балабақша меңгерушісі Жанар Түменбаевамен жолығуымызды сұрадық. Қызығы сол, сырттан келген меймандарға арнайы балабақшада болуы тиіс «бахила» таппай біраз кідірдік. Шамасы, қызметкерлер тазалық табанымыздан басталатынын естен шығарып алса керек, батпақ кешіп келген аяқкиімі­мізбен кіруге рұқсат берді. Содан Жанар­ Түменбаеваның кабинетіне бас сұқтық. Ол «Жауқазын» балабақша­сына басшылық қызметке былтыр тағайын­далыпты. Енді, негізгі мәселемізге көшсек...

 

«АШЫНҒАННАН   ШЫҒАДЫ

АЩЫ   ДАУЫСЫМ»

Жалпы, Қасқырбай Әлидің қолында «оператор» деген құжаты бар. Бір жарым ай бойы аталмыш ғимаратқа жылу жүргізген «Жылу ХІХ» ЖШС-де тәжірибеден өткен. Жолдасы – мұғалім, өзі – жұмыссыз. Сөйтіп, 2015 жылы сәуірде бала­бақшаның отжағушысы ретінде жұмысқа қабылданған. Осы тұста балаба­қша меңгерушісі Баян Төке­нова еді. 2015 жылы жұмыс беруші мен қызметкер арасында екі жақты еңбекшарты жасалған. Үш жыл қатарынан отжағушы болып еңбек еткен ол 2018 жылдың  сәуірінде әдеттегі­дей­ уақытша жұмыстан босатылады...

Биылғы жылу маусымы бұрынғыдан өзгеше басталды. Себеп:

– Үш жыл бойы өз жұмысымды адал атқардым. Менің үстімнен еш­қандай арыз-шағым түспеді. Жылу маусымы біткесін мені босатты. Ол туралы маған ешқандай ескертілген жоқ. Биыл менің орныма осы балабақшаның есепшісі Баян Жәкееваның әкесі және шаруашылық меңгерушісі Бағдагүл Иманқұлдың туған құдасы Мәлік Жәкеевті жұмысқа қабылдапты. Мейлі, ол да жұмыссыз жүрген азамат ғой. Десе де, білдей мемлекеттік мекемеде таныс-тамырлардың жұмысқа қабылдануы қаншалықты заңды? - дейді жұмыссыз қалған­  отжағушы.

Біз осы мәселені алға тартып, Жанар­  Берікқызынан сұрағанбыз. Алайда  ол:

– Маусымдық жұмыс 15 сәуір күні толық аяқталды. Қасқырбай Әли уақытында жұмыстан босатылды. Ал, Мәлік Жәкеевтің біздің қызметкерлер­дің туысы екендігінде хабарым жоқ. Негізі, ол кісінің жолдасы да, өзі де жұмыссыз. Жаңадан келген отжағушы жұмыссыздық арқылы бізге келді. Комисси­я отырысы өтіп, арнайы хатта­мамен үш адам жұмысқа алынды. Сіздерге  хат  жолдаған Қасырбай Әли конкурсқа келген жоқ,- деп қысқа  қайырды.

Бізді толғандыр­ғаны 2 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар аядай ауылда кім мен кімнің туыс екенін білмеу таңғалдыратын жайт. Қасқырбай Әли­дің айтуынша, комиссия отырысы өтетін күні кешкі сағат 17:18-де хабарлаған. Ал, конкурс 17:30-да басталып кетіпті. Қызығы сол, оның құрамында балабақша меңгеру­шісі, комиссия төрайымы Ж.Түменбаева, балабақша кәсіподақ төрайымы Ш.Ниязова, балабақша тәрбиешісі Д.Садвасова, ауыл әкім­шілігінің жетекші маманы Қ.Қимағанбетов және балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Б.Иманқұл бол­ған. Қызметке конкурс 05.10.2018 жылы өтеді. Бір қызығы, комиссия хаттамасында  үміткер  Қасқырбай Әли мен шаруашылық меңгерушісі Б.Иман­құлдың арасында (05.10.2018 жылы кешкі сағат 19:00-де) туындаған келеңсіздіктер егжей-тегжейлі баяндалыпты. Тағы бір дерек, «араздық» комиссия  отырысынан  кейін «өткен». Десе де, хаттамаға екеуара мәселенің жазылуы қаншалықты  дұрыс? Алайда жұмыссыз қалған отжағушы мұны жоққа  шығарып  отыр.

– Комиссия отырысына ауыл әкімшілігінің жетекші маманы Қ.Қи­мағанбетов пен балабақша тәр­бие­шесі Д.Садвасова қатыспаған. Бұған көзім анық жетеді. Хаттамада көр­сетілген  мән-жайлар болған емес, - дейді ол.

Бұл мәселедегі түсінбестік тудырып тұрған тұстың бірі мынау. 05.10.2018 жылы бөбекжайдың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Б.Иманқұл Қасқыр­бай Әлидің үстінен мекеме басшы­сы Жанар Түменбаеваға «5 қазан күні де мас болып айқайлап кетті. Осы арыз арқылы тиісті шара қолдануыңызды сұраймын» деп арыз жазған. Ал құжат бойынша бұл уақытта Қ.Әли бұл мекемеде жұмыс істемейді. Егер, дәл осындай жайт орын алса, арыз иесі жергілікті полицияға неге шағымдан­баған? Сонда­ қарамағында жұмыс істемей­тін ауыл тұрғынына шара көру балабақша меңгерушісінің құзырына жата ма? Оған қоса Қасқырбай Әлидің мас бол­ғанын анықтайтын учаскелік полиция инспекторының немесе дәрігердің анықтамасы  бар  ма? Мұның астарында­ не жатыр? «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, Қасқырбай Әли балаб­ақшадағы өзі көрген бірсыпыра жайтқа тоқталды. Оның көкейіндегі сауал­дардың жауабын алу үшін бөбекжайдың шаруашылық жөніндегі меңгеру­шісі Б.Иманқұлмен, есепші Баян Жәкеевамен жолыққымыз келген. Бірақ олар жұмыс уақытында болғ­ан жоқ. Оған себеп, есепші аудан орталығынан қатынап еңбек етсе, шаруаш­ылық жөніндегі меңгеруші отбасыл­ық жағдайға орай ақысыз демалысқ­а шығыпты. Ал, балабақша психологі  жұмыс  уақыты  басталғанына­ біраз болса да, орнынан табылмады. Кешігіп  келді.

Бізге хат жолдаған азамат мекемеде жылу маусымы кезінде де біраз кемшіліктер орын алатынын жеткізді. Оны бұрын осы мекемеде жұмыс істеген отжағ­ушы Әділбек Әбілдаев та растап отыр.

– Жасыратыны жоқ, Жанар Түменбаева «қыстыгүні солярканы аз жақ» деп тапсырма жүктейтін. Басшы болған соң, амал жоқ, бұйрығын орындауымыз қажет, - дейді  ол.

Біз  Әділбек  Әбілдаевтан «Сіз  де  осы мекемеде бұрын жұмыс істепсіз. Конкурсқа қатыспауыңызға не себеп?» деп сұрағанбыз. Сонда ол:

– Біздің биыл жұмысқа қабылданбайтынымыз әлдеқашан белгілі болға­н. Оны балабақшада жұмыс істейтін әріптестерім айтты. Сосын құжат дайындаған жоқпын,- деп ашығын  айтты.

Ал ауыл әкімдігіндегілер коммуналдық қазыналық кәсіпорынның ішкі жұмыстарына  араласа  алмайтындығын жеткізді.

– Біз тек жұмыссыз жандарды есепке­ алып, ұсынамыз,- дейді Арықбалық ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жұбаныш Аманғалиұлы.

– Ауылда жұмыссыз жүрген адамның бірі менің орныма барса, шағымданбас едім. Мысалы, ауылда Балғабек Тілеубергенов есімді тұрғынның өзі де, әйелі де жұмыс істемейді. Мектеп жасындағы балалары  бар. Нағыз әлеуметтік қол­дауды қажет ететін отбасы. Бұл тура­лы бүкіл ауыл тұрғындары да, әкім де, басқа­ басшылар да жақсы біледі. Егер шынымен де тұрмысы төмен адамды жұмыс­қа алатын болса, неге Балғабекті алмас­қ­а? Мен онда ешқандай өкпелемес едім. Балғабек пен әйелінің жұмысыз жүргеніне біршама уақыт болды. Жуырда ауылдан ашылған спорт кешеніне де жұмысқа тұра алмады. Қараңыз, Мәлік Жәкеевтен бөлек, отбасында әкесі, анасы,­ жолдасы жұмыс істейтін Самат Ешниязов жұмысқа қалай қа­былда­нады? - дейді Қ.Әли.

Сондай-ақ, отжағушы маусымдық жұмыс аяқталған кезде толық айлық есебін (расчетный) алмаған. Бүгінгі таңда оның қолында 2015 және 2017 жылдары жасалған еңбекшарты бар. Ал 2016 жылы жасалған еңбекшартын сұраған­быз, балабақша басшылығы әрі-бері іздеп, таппады. Сонымен қатар 2017 жылы жұмыс беруші мен қызметкер арасында жасалған еңбекшартында Қасқырбай Әлидің қолы қойылмаған.

– Мына еңбекшартын сұрап, ала алмай­ жүрдім. Мұнда қойылған қол менікі  емес, - деп таңданды Қ.Әли.

Еңбекшартына бір адамның орнына екінші адамның қол қоюы қаншалықты  заңды?

Қысқасы, қарапайым отжағушының басындағы түйткіл – осы. Ол ресми орган өкілдерінен аталған істің ақ-қарасын анықтап беруді сұрайды. Редакция тарапы жазылған жайдың жауабын басылы­м  бетінде  жариялауға  әзір.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ немесе ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
29.11.2018 12:04

ҚР Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде жұмыс істеу қабілетіндегі 8,5 миллионнан астам тұрғынның 5,1 миллионнан астамында түрлі банктерден алған несиесі бар екен. Бұл – әрбір төртінші қазақстандықтың несиесі бар деген сөз. Осы несиегерлердің 1 млн 200 мыңға жуығы алған ақшасын қайтара алмай, проблемалық несиеге айналдырған. Бұл – жалпы сомасы 1 триллион 2 миллиард теңгеден астам қаржы. Мұндай үрдіс әлемнің кез келген елінің банкінде бар. Алайда олардағы проблемалық несие 1-2 пайыздан аспайтын көрінеді. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 8 пайызды құрайды екен. Яғни банкке уақытылы, берілген мерзімі өткеннен кейін кемі  90 күнге дейін қайтарылмаған несиелер пайызы осындай. Бұл – қайта сауыққан түрі. Экономика ғылымдарының кандидаты Дәуренбек Боқаевтың айтуынша,  2014 жылы мемлекет тарапынан осы проблемалық несиені шешу үшін  250 миллиард теңге бөлініпті. Ол кезде жалпы берілген несиенің 33 пайыздайы қайтпай тұрған жағдайда болған дейді. Сөйтіп бөлінген қаржының арқасында біртіндеп 22 пайызға дейін төмендеп, 2016 жылғы ресми статистика бойынша  8 пайыз болыпты. «Дегенмен мұның өзі бұл жағдайға көп көңіл бөлуді, реттеуді қажет етеді» дейді Д.Боқаев.

Былай қарасақ, халық несиені кейде ойланбай алатын секілді. Бүгінгі бақталасқан заманда бірі екіншісінен кем түспес үшін шығынға батқанын байқамай да қалып жа­тады. Қарапайым ғана тойдың өзін несиеге дүркіретіп өткізіп, ертеңіне «қалай төлеймін?» деп басы қатып жүргендерді талай көрдік. Мысалы, ҚР Статистика коми­тетінің 2018 жылғы қыркүйектегі Ұлттық банк ұсынған деректеріне сүйенсек, заңды тұл­ғаларға кредиттер беру өткен айға қарағанда (тамыз) 5,3 пайызға азайыпты және ол 7571,5 млрд теңгені құраған. Есесіне жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,4 пайызға өсіп, жалпы сомасы 5096,1 млрд теңгеге жеткен­. (Ал кредиттердің жалпы сомасында ұзақ мерзімді кредиттер 85,5 пайызды (10827,8 млрд теңге), қысқа мерзімді кредиттер 14,5 пайызды (1839,8 млрд теңге) құраған). – ред.). Оның ішін­де 25,7 пайызы – айналым құралдарын сатып алу, 25,3 пайызы – азаматтардың тұтынушылық мақ­сат­тары, 10,4 пайызы – құрылыс және азаматтардың тұр­ғын үй сатып алуы, 5 пайызы – жаңа құрылыс және қайта қалпына келтіру, 8,7 пайызы – негізгі қорларды сатып алу, 0,6 пайызы – құнды қағаздар сатып алу, 24,3 пайызы  өзге де мақсаттар  үшін  несие  алған.

Енді осы проблемалық несиеге ұшырамас бұрын не істеуге болады? Экономистер халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек дейді. Д.Боқаев бұл үшін мектептерде «Экономика негізде­рі»  пәнін оқытуды да ұсынады. Бұл пән кейбір мектептерде бар көрінеді. Ал жалпы мектептердің бағдарлама­сына  әлі  енгізілмепті.

– Қаржылық сауат­тылығы төмен адамдарға не шара қолдана бересің? Кепілге қоятын заты жоқ.  Жалақысы аз не оның өзін  уақытылы ала ал­май­ды. Бұл банк жүйесінің үлкен проблемасы болып тұр. Сондықтан банктер бір тұлғаның қайтара алмай­ қалған қарызының есебін басқалардың есе­бі­нен өндіріп алу үшін пайыз­дық үстемақыны жоғары етіп қояды. Жалпы, дүние­жүзінде осындай түсінік бар,- дейді экономика ғы­лымдарының  кандидаты.

Сондай-ақ ескеретін тағы бір жайт, статистика­ бойынша банктен несие берудің үстемақысы орта есеппен 17 пайыз екен. Ресми жағдай осылай. Бірақ, халықтың қаржылық сауаттылығының төмен екенін пайдала­натын кейбір қитұрқы банктер «Несиеге қызмет көрсету» пунктінде жа­зылған 17-18 пайыздың сомасын қоса есептеп жібереді. Осылайша ха­лық 17 пайызбен несие алдым деп ойлағанымен, ол 30 пайыздың үстіне шығып кетеді екен. Осыдан келіп, проблемалық несиелер көбейе береді. Тіпті, бір күн кешеуіл­детсе, үстемеақылары қосыла  кетеді. Салдарынан қиналғанда қол ұшын созған банкке бар-жиған тергенін беретін халық жапа шегуде. Одан қалды, коллекторлардың да қайта-қайта қоңырау шалып, мазасын алатыны тағы бар. Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов «Коллекторлар бизнес жасап отыр» деп дабыл қағады. Шынында да, несиеңіз уақытылы төленбей, «қара» тізімге еніп кетсеңіз, жалақы алатын карточкаңызға дейін коллекторлардың ықпалымен жабылып, тіпті, Қазақстан аумағынан да шыға алмай қаласыз. Ал оны  аштыру  қымбат. Сол үшін Р.Алшанов: «Ұлттық банктен бастап коллекторларға дейін бұл жүйені реттеуі керек. Әйтпесе, қоғамда үлкен наразылық тууы мүмкін. 1 млн 200 мың халықтың наразылығы деген оңай дүние емес»,- дейді. Ал егер несиеңізді уақытылы төлей алмай, телефоныңызға маза бермейтін коллекторлардың дөрекі сөзі мен сес көрсетуінен шаршасаңыз, «Заң заң­ғары» орталығы маман­дарының мына кеңесі кәдеңізге жарап қалар.

«Сізге телефон шал­ған кезде тұтқаны көтергеннен кейін бірден былай  деп айту керек:

– Сәлеметсіз бе? Екеу­міздің әңгімеміз аудиотаспаға (запиське) жазылып жатқанын ескертемін! Аты-жөніңізді, лауазымыңызды, кол­лекторлық агенттіктің атауын­ және коллекторлық агенттіктің тіркеу нөмірін айтыңыз. Егер сіз маған дөрекілік танытып, қорқытсаңыз, балағат сөздер айтып намысыма тисеңіз, осы аудиотаспамыз  прокуратураға жолданатын болады,- дейсіз».

Десе де, кейбір коллекторлар аудио жазуға болмайтынын, оның заңсыз  екенін айтып, алдауы мүмкін екен. Осы тұрғыда ҚР «Коллекторлық қызмет туралы» заңының 16-бабы, 1-бөлігі, 7-тармақшасына сәйкес, «борышкер коллекторлық агенттіктің жұмыскер­лерімен өзара іс-қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейне­техника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге  құқылы» екенін айтсаңыз  жетіп  жатыр.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары