Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Қараша 2018

ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА ӨЛГЕН МАЛ ИЕСІНЕ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 18:23

Өлген малдарға ветеринариялық зертханамен «лептоспироз» ауруына қорытынды берілген жағдайда бюджет есебінен өтемақы төленетін болады. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қараша күні Жаңақорған ауданы Байкенже ауылдық округінің Шалқия ауылында ұсақ мал (қой) қырылу дерегі тіркелген. Мал иесі Ахмет Рахимовтың айтуынша, шығын - 116 бас қой. Алайда ауру ошағын зерттеу барысында облыстық комиссия 40 бас қойдың өлгенін нақтылады.

"Аудандық ветеринариялық зертханасына «лептоспироз» ауруына және азықтан улануға күмәнді деп, патологиялық материал өткізілген. Егер диагноз расталса, мал иесіне бюджеттен өтемақы төленеді", - деді аймақ басшысы.

Қазір жағдай тұрақты. Мал тұрған қоражайларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ветеринариялық шаралар атқарылып, қатаң бақылауға алынған. Өлекселер өртеліп, арнайы мал қорымында көмілді, мамандар зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Хабарлама түсе салысымен, ауру мал оқшауланып, сарысу және антибиотиктермен емдік шаралар жүргізілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Бекұзағын ұмытпайтын елі бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 17:47

Өте де берсін жүріп көш,

Көңілімде азынап сынық пеш.

Жүз жасайды демеңдер,

Пайғамбар жасым – қырық бес!

 

Қайран да, қайран Аралым,

Іздесем сенсің табарым.

Асқақтап шыққан ұлың ем,

Төмендеп кетіп барамын, – деп жырлағанымен, ешқашан төмендемейтін, Сыр руханияты сөз болған сайын қайта аты асқақтай түсетін айтыстың ақтаңгері, жыршы, термеші Бекұзақ Тәңірбергеновтің 60 жылдығына орай өткен аптада “Қайым айтыс Құлагері” атты жас ақындар айтысы өтті. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіндегі мазмұнды шараны Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы, Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында Белкөл кенті әкімдігі ұйымдастырды. Айтысты “Алтын домбыраның” екі дүркін иегері, шаппа-шап айтыстың шебері Мұхтар Ниязов жүргізді.

- Ең біріншіден, айтысқа қош келдіңіздер демекпін. Қазақ халқы қашан да сөздің қадір-қасиетін ұғына білген, сөзге тоқтаған. Елбасының мақаласы аясында, ұлттық өнерімізді қолдау мақсатында сөз сайысын ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсат – жас ақындарды халыққа таныстыру, жастарды қолдау. Барлық ақындарға сәттілік тілеймін! - деді кент әкімі Тастайбек Мұсабаев.

Айтысқа Қызылорда қаласынан, Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан 14-25 жас аралығындағы 12 ақын қатысты. Жыр додасына айтыскер ақын, Бекұзақ Тәңірбергеновтың өнердегі, өмірдегі досы Серік Ыдырысов, айтыскер ақын Мамыр Байдәулетов және ақынның ізін, жолын жалғаған ұлы Ұлықбек Тәңірбергеновтер қазылық жасады.

- Бүгін өшкенім жанып, қайтқаным келіп жатыр. Менің ең бақытты күнім десем де болады. Өмірден ерте кеткен, алты Алаш еркелеткен Бекұзақ досымның 60 жылдығы Сыр елі жұртшылығында тойланып жатыр. Бекұзақтың ізбасарлары бүгінгі айтыстың көркін қыздыратынына сенемін, - деді Серік ақын.

Бірнеше сағатқа созылған сөз барымтасында айтыс сахнасына алғаш шығып, тұсауын кестірген жас таланттар да, Жүрсіннің жүйріктерінің сапына ілігіп қалған айтыскерлер де болды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге қазалылық ақын Нұрзат Қару лайық деп танылды. Тағы да бір қазалылық Өміртай Есебаев 1-орынға ие болса, 2-3-орындарды қос шиелілік Мейрамбек Ибрагим мен Бекжан Ержігіт өзара бөлісті. Айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы С.Ыдырысов қазалылық Бекзат Серіковке арнайы сыйлығын табыстады.

- Алуан-алуан жүйрік кеп, әліне қарай шапқан жас тұлпарлардың сөз сайысы жоспарлы шараның өтті, болдысы емес, болашағынан зор үміт күттіретін жаңа талап, жас дарындарды табуымызбен өз құнын биіктете түскені, түпкі мақсаттың үдеден шығуы көңілге қуаныш сыйлады десек болғандай. Осы шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан ел азаматтарына, алтын уақытын бөліп келген жаны аяулы жақсыларға Тәңірбергеновтер әулетінің және ақынның отбасының атынан шексіз алғысымды білдіргім келеді, - деді ақын Ұлықбек Бекұзақұлы.

“Аралдың табанынан су кеткенмен, Жұртының жүрегінен жыр кеткен жоқ” деген өміршең жыр жолдарының авторы, қайым айтыс Құлагерінің есімі осылайша ел алдында елеулі түрде ұлықталғандай.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ОНЛАЙН-ҚЫЗМЕТ ЖОБАСЫ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 15:39

Кәсіпкерлерге онлайн-режимде техникалық шарттарды алуға және коммуналдық қызметтерді қосуға мүмкіндік беретін цифрлық жоба үздік деп танылды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев партияның есеп беру-сайлау конференциясында хабарлады.

Қызылордада "Нұр Отан" партиясының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің екі жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлары анықталды.

Отырысты ашқан Қызылорда облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудағы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы жетекші партияның рөлін айтып өтті.

"Нұр Отан" партиясы мыңдаған қазақстандықтарға көмек көрсетіп, Мемлекет басшысының нақты жобалары мен бастамаларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде осы мақсатта партияның Орталық аппараты партия қызметін жаңғыртып цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған 20-дан астам әлеуметтік, стратегиялық, бастамашыл  жобаларды қолға алды. Бұл бағытта біздің облыстағы цифрландыру аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды беру бойынша геоақпараттық онлайн сервис (geoservice.geoportal.kz) жұмысы республика бойынша үлгілі жоба ретінде атап өтіліп, Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасына таныстырылды»,-деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.

Облыстық филиалдың атқарған жұмыстары туралы партияның бастауыш ұйымдарының мүшелері баяндады. Еңбек Ері, «Құрметті теміржолшы», партия ардагері Оразбай Әбішевтің айтуынша, "нұротандықтардың" қолдауымен үйінен өрт шығып далада қалған  Сырдария ауданынан Абдраевтар отбасындағы - 7 адамға, Сералиевтер мен Кәриевтер отбасына көмек көрсетіліп, жаңа баспана табысталған. Ал 2-топ мүгедегі Мұса Бегалиевтің отбасына жеңіл автокөлік берілген.

Қармақшы аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Тұрмағанбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

"Суармалы су тапшылығының алдын алу мақсатында шаруашылығымызға құрғақшылыққа төзімді перспективалы дақылдарды енгіземіз. Осыған орай, Алматы қаласы орталығындағы «КосАгроКоммерц» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зертханасы орталығына барып, өз жеріміздің топырағын зерттеуден өткізіп, бізге де соя дақылын егуге болатынына көз жеткіздік. Сондықтан алдағы жылы өз егіс алқабымызға 300 гектар соя дақылын егуді жоспарлап отырмыз»,-деді Н.Пірмантаев.

Саяси кеңес құрамына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, «Байқоңыр» аумақтық партия филиалының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов,  аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімдері Мұрат Ергешбаев пен Әшім Оразбекұлы, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Кақар Даташев және облыстық партия филиалының «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес қосылды.

Айта кетейік, Қызылорда облысында 48715  партия мүшесі, 272 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қой қырылып қалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 11:30

Жаңақорған ауданында жеке тұлғаның уақ малы белгісіз кеселге шалдығып жатыр. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

- А.Рахимов деген азамат Байкенже ауылдық округінің қыстауына барып отырған. Сол жерде қойлары белгісіз аурумен ауырып, өлген. Мал иесінің айтуы бойынша, Жаңақорған ауданы әкімдігінің бүгінгі берген (12 қараша – ред.) мәліметіне сәйкес, 116 бас уақ мал шығынға ұшыраған. Ветеринар дәрігерлер барып, типтік жобада салынған мал қорымдарына апарып, 30 басты өртеп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Ауырып тұрған малдар оқшауланып, қан сарысуы және қосымша антибиотикпен емдік шаралар жүргізілген. Қазір ветеринария басқармасы, облыстық, аумақтық ветеринариялық бақылау қадағалау инспекциясы, ветеринариялық зертханалардан құралған комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізуге жіберілді, - деді Е.Әпетов.

Ал малдардың не себепті өліп қалғаны туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Ерсұлтан Әпетов: «Болжамды диагноз бойынша, лептоспироз ауруына күмәнді болып тұр. Соған байланысты барлық патологиялық үлгілер, қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаға жөнелтілді. Вирусологиялық, токсикологиялық, микробиологиялық зерттеу жүргізіледі. Солардың қорытындысы берілгеннен кейін ғана толық хабардар етеміз», - деді. Егер диагноз нақтыланатын болса, ол малдардың барлығы өртеледі және аса қауіпті аурулардың қатарынан болғандықтан, мемлекет шығынды өтейді. Болжалды диагноздағы ауру жұқпалы болғандықтан, адам денсаулығына да қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан сақтық шаралары – басты мақсат.

Лептоспироз ауруы соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын анықталған. Егер үш жыл бойы бұл ауру тіркелмеген болса, дертке қарсы дәрі-дәрмек те алдырылмайды екен. Яғни Жаңақорған ауданынан ауру ошағы тіркелмеген, вакцина бөлінбеген. Сондықтан иелері 2400-ге жуық малға Алматы аграрлық Ұлттық университетінің «Сана» ЖШС-нен шыққан вакцина алдырып, ветеринар мамандарға алдын ала ектірген. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша эпизотиялық іс-шаралардың алдын алу мақсатында 13 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес орындалып жатыр екен.

Жазира  БАҒЛАН

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЙЫЗДАР ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАЙТА ОРНАТЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 11:20

Қазалы станциясында № 481 «Ташкент-Самара» пойызы; Арал теңізі станциясында №378 «Маңғышлақ-Алматы» пойызы; Сексеуіл станциясында №618 «Қызылорда-Астана» пойызының қатынасы қайта орнатылды.

Естеріңізге салайық, 12 қараша сағат 23:40 шамасында Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметкерінен Қазалы-Арал бағытындағы Арал ауданына қарасты "Қамыстыбас-Шөміш" аумағының 2426 шақырымында ПК-7 П-1273 жүк пойызының рельстен шыққандығы туралы шұғыл хабар түскен болатын.

Қазіргі таңда апаттың себебі анықталып жатыр. Айта кетейік, адам шығыны жоқ.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Бәкіровтің айтуынша, рельсті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, оқиға салдарынан тоқтаған жолаушы пойыздар: Қазалы станциясында №481 «Ташкент-Самара» пойызы; Арал теңізі станциясында №378 «Маңғышлақ-Алматы» пойызы; Сексеуіл станциясында №618 «Қызылорда-Астана» пойызының қатынасы қайта орнатылды.

«Жедел қабылданған шаралардың арқасында жолаушылар пойызының қатынасы тез арада қалпына келтірілді, аталмыш пойыздардағы жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді. 2 тораптың 1-еуі тазартылып, екіншісі бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп мәлімдеді Ерлан Бәкіров.

Түнде орын алған оқиғаға қатысты Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан келесідей шаралар қабылданды: рельсті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев оқиға орнында болып, тиісті жұмыстардың жүргізілуін қадағалады, Арал және Қазалы станцияларында тоқтаған жолаушы пойыздардың қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталмыш пойыздағы жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылды. Пойыз ішіндегі ауа райын сақтауға қажетті қатты отын қоры жасақталды. Дегенмен, өрт сөндіру техникасы мен жедел жәрдем көлігі арнайы кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар, жақын маңдағы елді мекендердегі медициналық бекеттер қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын тұрды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ЖҮК ПОЕЗДЫ РЕЛЬСТЕН ШЫҒЫП КЕТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 10:03

16 вагон рельстен шығып кетті, зардап шеккендер жоқ.

12 қараша сағат 23:40 шамасында Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметкерінен Қазалы-Арал бағытындағы Арал ауданына қарасты "Қамыстыбас-Шөміш" аумағының 2426 шақырымында ПК-7 П-1273 жүк поезы рельстен шыққаны туралы хабарландыру түскен, апаттың себебі анықталып жатыр.

ТЖД мәліметіне сәйкес, машинист Б.Баймаханов басқарып отырған ТЭЗЗА-0137 тепловозы тежегіш магистралінде қысым төмендеуіне байланысты 73 шақ./сағ. жылдамдығымен келе жатқан бойда сағ. 23.05 жедел тоқтау жасаған.

Поезд құрамын қарау барысында поездың бас жағында 6-21 вагондары рельстен шыққаны анықталды (құрамында 45 вагоны бар жүк поездының 16 вагоны аударылған, жүгі анықталуда). Адам шығыны жоқ.

Қазіргі таңда оқиға орнында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ апатты-құтқарушы қызметтерінің 70 қызметкері (оның ішінде 2 қалпына келтіру поезды), ТЖД, сондай-ақ, Арал және Қазалы аудандары әкімдіктері мен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының 25 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Оқиға салдарынан 3 жолаушы поезды тоқтап тұр, атап айтқанда:

1) Қазалы станциясында № 481 «Ташкент-Самара» поезды;

2) Арал теңізі станциясында № 378 «Маңғышлақ-Алматы» поезды;

3) Сексеуіл станциясында № 618 «Қызылорда-Астана» поезды.

«Алматы-Маңғышлақ» жолаушы поездында 723 адам, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 39 бала, «Қызылорда-Астана» поездында 191 адам, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 40 бала, «Ташкент-Самара» поездында 183 жолаушы, оның ішінде 13 бала бар. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ, жергілікті полиция қызметінің күшімен 3 поезд жолаушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

«Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан келесідей шаралар қабылданды: рельсте жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, жолаушы поездар Арал және Қазалы станцияларында тоқтап тұр. Аталмыш поездағы жолаушыларға қажетті көмек көрсетілуде. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылған. Поезд ішіндегі ауа райын сақтауға қажетті қатты отын қоры жасақталды. Зардап шеккен жолаушылар жоқ. Дегенмен, өрт сөндіру техникасы мен жедел жәрдем көлігі арнайы кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар, жақын маңдағы елді мекендердегі медициналық бекеттер қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын», - деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 09:57

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай Қызылорда қаласының мәдени күндері аясында Жалағаш ауданында «Жыр әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда» атты қала өнерпаздарының мерекелік концерті өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ауқымды шараға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық мәслихат хатшысы, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішұлы, аудан тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сөз алып, аудан тұрғындарын Елордамыз Астананың 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларымен құттықтады.

- Қызылорда қаласы 200 жылдық мерейтойға үлкен жетістіктермен жетті. Соның бірі, 200 жылдық мерейтойдың ең басты тартуы - Сырдарияның сол жағалауындағы бой көтерген жаңа қала. Бұл той – өткеннен өнеге алу, бабалардан қалған бай мұраны ұлықтап, асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу деп түсінуіміз қажет, - деді қала басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ, қала басшысы 
- Еңкейіп еңбек етуден жалықпайтын жалағаштықтар қашан да ел ризығын молайту жолында аянып қалған емес. Мұның барлығы аудан халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Осы қадір-қасиеттің, бауырмал пейілдің арқасында Жалағаш жұртының жанашыр, тілектес ниетін әрқашан сезініп келеміз. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданы арасындағы іскерлік, рухани байланыс күн санап артып келеді, - дей келе, барша жалағаштықтарға Қызылорда қаласының ыстық ықыласын, алғысын жеткізді.

Аудандық мәдениет үйінде өткен аудан тұрғындарына арналған мерекелік концертте Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қаланың 200 жылдық мерейтойына Жалағаш ауданының жасаған тартуына ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлына және де бірқатар азаматтарға «Қызылорданың 200 жылдығына арналған» мерейтойлық медальді табыстады.

Салтанатты шарада қала өнерпаздары аудан халқына мерекелік концерт ұсынып, жалағаштықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында Жалағаш ауданы қала халқына «Жалағаш жырдың мекені» атты аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын және аудан тарихынан сыр шертетін көрме ұсынған болатын.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАЛА ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 09:37

Кеше аудандық мәдениет үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай қала өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Жыр әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда» атты мерекелік шарасы өткізілді.

Әсем ән мен көркем күй үйлесім тапқан іс-шараға аудан әкімі Ғ.Қазантаев, облыстық мәслихат хатшысы, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Н.Байқадамов, Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішұлы, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, шаруа қожалық төрағалары, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын Астана қаласының 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық және Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойларымен құттықтап, аймақтың және ауданның дамуына үлес қосып, еңбек сіңірген азаматтарды "Қызылорда қаласына 200 жыл" мерекелік медалімен марапаттады.

Мерейтойлық құттықтаудан соң қала өнерпаздарының ұйымдастыруымен мерекелік концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.

Айта кету керек, Қызылорда қаласының 200 жылдығына Сырдария ауданы тарту ретінде облыс орталығында "Универсам" сауда үйінің жанындағы алаңға жаңғырту жұмыстарын жүргізді және «Өнері өрден, орны төрден – Сырдария» атты мерекелік концерт өткізді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2018 09:26

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары және қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев дер кезінде мониторинг жүргізу және алдын алу шараларын ұйымдастыру аймақ тұрғындарына зиян келтірмей су тасқыны кезеңінен өтуге мүмкіндік беретінін еске салды.

"Жыл сайын облыста су тасқынының алдын алу, бөгеттердің жағдайын тексеру және зақымдалған аумақтарды нығайту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Биыл су тасқыны қаупінен шығынсыз өтуіміз керек. Бірінші кезектегі міндетіміз - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау", - деді аймақ басшысы.

Көктем-қыс маусымына дайындық туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов баяндады. Сырдария бойында 56 ықтимал қауіпті аймақ анықталды, оларға 109 жауапты мекеме бекітіліп, отын мен шығын материалдары сатып алынды, 79 эвакуациялық және 99 қабылдау пункті, сондай-ақ, 2 "Қазавиақұтқару" тікұшағы қызмет көрсетуге дайын.

"Бөгеттер мен қорғаныс бекіністерінің жағдайын зерттеу барысында 37 нысан анықталды, оның ішінде 25-і бірінші кезекте жөндеуді қажет етеді. Қазалы ауданында 18 нысан жөндеуден өтті, қалғаны бойынша жұмыс жүргізілуде", - деді А.Шәменов.

Ауа райы және басқа да төтенше жағдайлар кезінде аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы облыстық ТЖ департаменті бастығының м.а. Асқар Төлешов мәлімдеді. Оның айтуынша, қыс мезгілінде өңірде 232 адам мен 32 арнайы техника жұмылдырылып, 13 жылыту пункті мен радио және телефонмен жабдықталған 3 медициналық-құтқару пункті жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, қысқы маусымға дайындық туралы басқа да жауапты мекемелердің басшылары мен қала және аудан әкімдері баяндады.

Облыс әкімі Қ. Көшербаев жауапты тұлғаларға Сырдария өзеніне тәулік бойы мониторинг жүргізіп, жеке құрамды тұрақты дайындықта ұстауды, сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда қатты суықта жол-көлік қатынастарын тоқтатуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА 2 АНГИОГРАФИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНА ҚҰРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.11.2018 17:31

Қызылордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2 ангиографиялық зертхана құру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік аясындағы жобалардың маңыздылығын атап өтті.

"Бүгін біз облыстық медициналық орталықта және Қазалы аудандық орталық ауруханасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ангиографиялық зертхана құру туралы екі келісімшартқа қол қойдық. Барлық қажетті шаралар жүргізілді. Қазіргі таңда аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 34 млрд. теңге болатын 75 жоба іске асырылуда", - деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі таңда аймақта 2009 жылы облыстық медициналық орталық базасында орнатылған жалғыз ангиографиялық қондырғы жұмыс істейді, оның көмегімен 5 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, операциялар жасалған. Нормативтерге сәйкес, 1 ангиографиялық қондырғы 250 мың адамға есептелген, аймақта жалпы қажеттіліктің тек 40%-ы ғана қамтылатынын ескерсек, бұл жобаны іске асыру өте қажет.

"Ангиографиялық зертханалардың құрылуымен қатар, алғаш рет аудандық аурухана деңгейінде МЖС аясында эндоваскулярлық хирургия енгізіледі, бұл жоғары технологиялық медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік береді", - деді А. Әлназарова.

Айта кетейік, өткен жылы "Медтроник Қазақстан" ЖШС Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке қаржылық есебінен 2 ангиографиялық қондырғы құру туралы бастама көтерген еді.

МЖӘ жобаларын іске асырудың тиімділігін ескере отырып, 75 жобаның 30-ы, яғни  МЖӘ жобаларының жалпы санының 40%-ы денсаулық сақтау саласына берілген. Сондай-ақ, спорт, білім беру, цифрландыру салаларын дамыту және ТКШ жаңғырту жобалары қолға алынған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары