Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 06 Желтоқсан 2018

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ 3D-КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 11:28

3D-картаға қола дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі 150 ескерткіштің виртуалды үлгілері - 60 археология ескерткіші және 90 сәулет ескерткіші кіреді.

Қызылорда облысының аумағында 30 республикалық және 256 жергілікті маңызға ие 286 ескерткіш бар.

"Бұл - Орталық Азия үшін тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге бағытталған бірегей жоба. Ең озық жабдықтар мен технологиялардың көмегімен барлық нысандардың құжаттамасы дайындалған. Осылайша танымдық-тарихи анықтама ғана емес, ескерткіштерді егжей-тегжейлі зерттеуге арналған аса дәлдікке негізделген құрал болмақ. Болашақта ескерткіштердің деректер базасы кеңейтіледі. Оқушылар мен студенттерді квест және басқа да ойын түрлері арқылы тарту үшін бағдарламалық өнімді әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Қазір түрік әріптестеріміз қызығушылық танытуда", - деді жоба авторы, Халықаралық Орталық Азия зерттеу институтының директоры Дмитрий Воякин.

Дмитрий Воякиннің айтуынша, 3D-картаны дайындау кезінде ескерткіштердің дәлдігі жоғары үш өлшемді үлгілерін жасау үшін 70 000 000-нан астам полигон әзірленді.

"Аймақтың мәдени ескерткіштерінің 3Д-картасы - «virtualmap.xyz» интерактивті веб - ресурсын құру үшін 33 000-нан астам сурет, ежелгі қалашықтардағы 4000-нан астам сурет, 40 000-нан астам аэрофотосуреттер және 13 сағаттан асатын пилотсыз ұшу аппараттарынан бейне түсірілімдер мен 450-ден аса және жерден 1000-нан астам панорамалық сурет жасалды", - деді Д.Воякин.

Карта арнайы сайтта ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта толықтыру жұмыстары жүргізілуде, 2019 жылдың қаңтар айында қолжетімді болады деп жоспарлануда.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ДАРЫНДЫ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН «САМҒАУ» СЫЙЛЫҒЫНА ҚҰЖАТТАР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 10:53

Қала әкімінің қолдауымен өткізілетін Қызылорда қаласының дарынды жастарына арналған «Самғау» жастар сыйлығына үміткерлерді қабылдау басталды. Сыйлық – өңіріміздегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, білімге, өнерге, ғылымға, спортқа жаны құмар, азаматтық қоғамды қалыптастыруда өзіндік үлес қоса алатын жастарға биік белестерден көрінуіне ықпал жасау, одан әрі шығармашылығын шыңдау, саяси-мәдени, рухани байлығын арттыру, қолдау көрсетіп, көтермелеу мақсатында тағайындалады.

Бұл туралы кеше брифингте қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жанболат Досмаханов айтты.

«Самғау» сыйлығы биыл 7 мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Қойылатын талаптары: 14 пен 29 жас аралығындағы барлық қала жастары. Қызылорда қаласы жастарына арналған «Самғау» сыйлығының тағайындалуының басты қағидасы өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен, жоғары санаттағы мамандықтарды игерген жастарға табысталады. Сонымен қатар, өз саласының және қоғамның жалпы дамуына қосқан үлесі мен инновациялық идеялары қошталады»,- деді Ж. Досмаханов.

Биыл «Самғау» сыйлығының өтуін «Қызылорда-Ақиқат Айнасы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ЖАСТАРЫНА АРНАЛҒАН «САМҒАУ» СЫЙЛЫҒЫН ТАҒАЙЫНДАУ ЕРЕЖЕСІ

Қызылорда қаласы жастарына арналған «Самғау» сыйлығы жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жастар ұйымдарының өзара байланысын нығайту, қала жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени деңгейінің артуына және жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, талантты, білімді, саяси және қоғамдық өмірде белсенді жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында тағайындалады. 
Ұйымдастырушылар: 
- Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Қызылорда-Ақиқат Айнасы» жастар қоғамдық бірлестігі. 
Қойылатын талаптар:
14 пен 29 жас аралығындағы барлық қала жастары. 
Қызылорда қаласы жастарына арналған «Самғау» сыйлығының тағайындалуының басты қағидасы өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен, жоғары санаттағы мамандықтарды игерген жастарға табысталады. 
Сонымен қатар, өз саласының және қоғамның жалпы дамуына қосқан үлесі мен инновациялық идеялары қошталады.
«Самғау» сыйлығы төмендегі бағыттар бойынша қаланың дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып белсене атсалысқан жастар үшін тағайындалады:
- өз саласы бойынша (білім, ғылым, өнер, мәдениет және спорт) жоғары және жақсы көрсеткіштерге, жетістіктерге қол жеткізгені үшін;
- әлеуметтік маңызды жобалар және қоғамдық өмірге белсене қатысуы;
- мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша қосқан жаңашыл бастамалары;
- жеке басының жетістіктері;
- аудандық, қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысуы және жеңімпаз аталуы.
«Самғау» сыйлығы ұлты, нәсілі, жынысы, діні, білім деңгейі мен әлеуметтік жағдайына шектеу қойылмайды. 
Қызылорда қаласы жастарына арналған сыйлық он жасқа (сыйлық көлемі 100 000 (бір жүз мың теңге) тағайындалады және бір адамға екі мәрте сонымен қатар, осы уақытқа дейін осы сыйлықты алған жастарға қайта берілмейді. 
Қызылорда қаласы жастарына арналған «Самғау» сыйлығы үш кезең бойынша ұйымдастырылады:
- бірінші кезең: үміткерлердің құжаттарын қабылдау (2018 жылғы 14 желтоқсанға дейін);
- екінші кезең: «Самғау» сыйлығының жеңімпаздарын анықтау (2018 жылғы 18 -19 желтоқсан);
- үшінші кезең: «Самғау» сыйлығының иегерлерін марапаттау (2018 жылғы желтоқсан айы).
Қызылорда қаласы жастарына арналған «Самғау» сыйлығына үміткерлер мына төмендегі құжаттарды 2018 жылдың 14 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-не (Қызылорда қаласы, қалалық мәдени және демалыс паркі) тапсыруы қажет: 
- жұмыс орнынан /оқу орнынан/, саласы бойынша мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан ұсыным хаттары (қол жеткізген жетістіктері мен марапаттарын көрсете отырып);
- түйіндеме (қазақ және орыс тілдерінде жазылған, 3х4 фотосуретімен);
- өмірбаяны; 
- жұмыс орнынан /оқу орнынан/ анықтама;
- орта арнаулы немесе жоғары білімі туралы диплом (көшірмесі);
- жетістіктері (алғыс хаттары, мақтау қағаздары, дипломдары және т.б.) /сканер арқылы жасалған көшірмелері/; 
- «Мен осы сыйлыққа неге лайықтымын?» тақырыбында қатысушы үміткерлердің өздерінің жетістіктері бойынша таныстыруы (таныстыру барысында пайдаланылатын слайдтарды көрсету әдісі қатысушылардың өз еркінде); 
- мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша өткізген, қатысқан шаралары жайлы мәлімет, жарияланған мақалалар, жүзеге асырған жобалары және басқа да ұсыныс, кепілдеме хаттары;
- 10х15 фотосуреті (1 дана, электронды нұсқасымен); 
- жеке куәлігі (көшірмесі), тұрғылықты мекен-жайы бойынша анықтама.
- банкте есеп-шоты бар екендігін растайтың анықтама қоса ұсынылуы қажет (жеңімпаз болып таңылған жағдайда сыйақы көрсетілген есеп-шотқа 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін аударылады);
Құжаттар бекітіліп, беттеліп ұсынылуы қажет (портфолио түрінде).

Ескерту: Тапсырылған құжаттар рәсімдеу талаптарына сәйкес келмеген немесе толық ұсынылмаған жағдайда қарастырылмайды және аталмыш байқауға деңгейлес өзге байқауларда жеңімпаз атанған жастар қатыса алмайды. Ұсынылған құжаттар кері қайтарылмайды. 
Қосымша ақпараттарды қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нен алуға болады.
Байланыс телефоны: +7 747 510 21 74, 26-42-45

 


Діни экстремизм, терроризм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 10:42

Осы тақырыпта Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы сұхбат өткізді.

Шара мақсаты - жастардың діни сауаттылықтарын арттыру, жат ағымдардан сақ болуға және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Бақтияр Оспанов қатысып, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында дәстүрлі емес діни ағымдардың сипаттары, экстремизм, терроризм туралы айтылды. Жат діни ағымдар адам санасын улайтыны және осы арбаудан арылу жолдары туралы тереңінен түсіндіріліп, терроризм мен экстремизмнің алдын алу және онымен күресудің жолдары, елімізге келтіретін зардаптарын жан-жақты талдап, жастарды қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ болуға шақырды. Шараға М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің студенттері қатысты.

Оқырмандар назарына кітап көрмесі ұсынылды.

 


«СЫРЫМДЫ ЖЕТКІЗ ЖЫРЛАРЫМ...» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ МҮШӘЙРА ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 10:26

Кеше Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық «Жыраулар үйінің» ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын, ұстаз Мұхамбетқали Шыңғысовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Сырымды жеткіз жырларым...» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қайырбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы талапкер ақындарға сәттілік тіледі.

Ақын, ұстаз Мұхамбетқали Шыңғысов ағамызбен замандас болып, көзін көрген зиялы қауым өкілдері, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудандық мәслихат депутаты, ақын Алтай Үсеновтер естеліктер айтты.

Мүшәйраға қатысқан 12 ақынға арнайы құрылған әділ қазылар алқасы төрелік жасап, нәстижесінде бас жүлде Ғабит Кәдірбайға /Қызылорда қаласы/, І орын Ақжол Түменбайға /Қазалы ауданы/, ІІ орын Орынкүл Тынымбаева /Қармақшы ауданы/, ІІІ орын Тұрар Бекмұрзаевқа /Қармақшы ауданы/ бұйырды. Барлық қатысушы ақындарға арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


АУДАН ӘКІМІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 10:19

Кеше 6 желтоқсан - Прокуратура күніне орай аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қабылдады.

-Мемлекет билігі органдары жүйесінде прокуратураның орны қашанда ерекше. Жоғары қадағалау жасауға конституциялық өкілдігі бар бұл салаға Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету, Заң күзетінде тұру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғау міндеттелген. Қазіргі таңда ауданда прокуратурамен қоса аудандық сот, ішкі істер бөлімі аудан әкімдігімен бірлесіп, әлеуметтік-саясаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселелерін қатаң бақылауда ұстап келеді, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Қабылдау барысында құқық қорғау саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерекелік медалімен, ауданның Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Кездесуде 2016-2018 жылдың желтоқсан айына дейін аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарған Нұрлан Ибраев сөз алып, ізгі тілегін білдірді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


«АТАМЕКЕН» ДАМУДЫҢ ЖАҢА МАҚСАТТЫ МОДЕЛІН ТАНЫСТЫРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.12.2018 09:45

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ұлттық палата Төралқасының кеңейтілген отырысында айтты.

Эльдар Жұмағазиев жаңа жылдан бастап «Атамекеннің» маңызды міндеті өнімді қаржыландыру және өткізу мәселелерін шешуде бизнеске көмек көрсету болатынын атап өтті. Бұл үшін клиенттік бағдарлану, фокустану және жобалық тәсіл принциптері бойынша функционал құрылымы қайтадан құрылатын болады.

«Жұмыс үш кезеңнен тұрады. Біріншісі қаңтар айының басынан мамыр айының басына дейін өтеді. Біз 1,2 млн кәсіпкердің «ауласын» аралап шығамыз, бұл бірыңғай сандық база құруға мүмкіндік береді», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Екінші кезең шеңберінде кәсіпкерлерге электронды сауалнама жүргізіліп, проблемалық мәселелерге талдау жасалады. Қорытынды кезең - кәсіпкерлердің жергілікті атқарушы органдармен және Үкіметпен бірлескен іс-қимыл жоспарын пысықтау. Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, «Атамекенде» арнайы қызметтер тізілімі, өнімдердің жеке төлқұжаттары, тиісті қызмет көрсету регламенттері пайда болады.

ҰКП әр бағытқа арнап цифрлық шешім дайындайды. «Кредиттік агрегатор» сервисі қаржыландыруға арналған, өнімді өткізу үшін «Жеткізушілердің, өндірушілердің және әлеуетті сатып алушылардың бірыңғай тізілімі» болады. «Atameken.Academy», ол бизнесті офлайн және онлайн режимде үйретеді. Ерекшелігі, бұл «топтамалық ұсыныстар» алаңы болмақ. Негізгі фокус - шағын және микро-бизнес, сондай-ақ, бар орта кәсіпорындардың диагностикасы, оның ішінде қаржылық диагностика. Әрбір орта кәсіпорынның даму жоспары қорытынды ретінде жүреді.

«Біз фермерлердің жартысынан көбі біліктілігін арттыру қажеттігіне тағы да көз жеткіздік. Ақтөбе облысының скрининг нәтижелері 20 жылдық өтілі бар фермерлердің жыл сайынғы айналымы жылына 3-4 млн теңгеден аспайды. Олар өз бетімен тығырықтан шыға алмайды. Сондықтан, біз «Atameken.Academy» арқылы жергілікті кеңселері шеңберінде агробіліктілікті дамытуды бастаймыз». Біз фермерлер алдында нақты талаптар қою керек деп санаймыз, атап айтқанда топырақты талдау, тыңайтқыштарды пайдалану, агротехнологияларды пайдалану, тұқымдарды жаңарту және жылу үнемдейтін технологияларды пайдалану. Субсидияларды осы шарттар сақталған жағдайда ғана бөлу қажет. Ал орындалмаған жағдайда мемлекет үшін жер учаскелерін алып қою құқығын қалдыру керек», - деді Басқарма мүшесі.

Эльдар Жұмағазиев Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен келесі жылы Ұлттық палата 20 млрд теңге алуды жоспарлап отырған «Бастау» жобасын жүзеге асыруға тоқталды. 2018 жылы бес әлеуметтік бастама аясында Мемлекет басшысы бизнесті шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлді. Ақша өткен жылы «Бастау» түлектерінің жобаларын қаржыландыруға бағытталды, бұл - 1 300-ден астам адам.

«Келесі жылы олар әлдеқайда көп болады, себебі оқытылғандар саны екі есе артады, ал қаржыландыру деңгейі ағымдағы жылдың деңгейінде қалады», - деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

Қалалардағы стартаптарды қаржыландыру мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Микроқаржылық ұйымдар үшін «кіру билеті» қымбат, ал операциялық субсидиялар жоқ, деді Эльдар Жұмағазиев. Нәтижесінде МҚҰ жобаларды қаржыландыруға құлықсыз.

Ұлттық палата балама ретінде жеке микроқаржыландыру жүйесін дамытады.  «Атамекен» жанынан құрылған МҚҰ аясында төрт өңірде 7 млрд теңге көлемінде 1,5% қайтарымсыз пайызымен қаржылай көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін ҰКП тағы 10 облыста осындай ұйымдар құруды жоспарлап отыр.

Кеңес барысында кадрларды даярлау мәселесі көтерілді. Бүгінде дуалды оқытуға кәсіпорындарда студенттерді оқытуға дайын 2300 компания тартылған. Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, ҚР БҒМ оқытуды практикалық негізге ауыстыру ұсынысын қолдады. Спикердің пікірінше, бұл колледждерге бөлінетін қаражатты босатып, тәлімгерлердің еңбегін өтеуге 10 млрд. теңге жұмсауға мүмкіндік береді.

«Біз бес жыл ішінде дуальды оқытуға 25 мың компания мен 300 мыңға жуық студент тартамыз. Жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігін көрсететін колледждер мемлекеттік тапсырыстан айырылады», - деді спикер.

Келесі жылдан бастап барлық мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін элективті түрде оқыта бастайды. Ол барлық өңірлерде пилоттық режимде іске қосылды.

«Қазір бағдарлама жоғары оқу орындары мен колледж оқушыларына бейімделеді. Идеясы қарапайым. Мысалы, оқыған кез келген стоматолог өз кабинетін ашып, өзін тамақтандырып, жұмыс орындарын құра алады», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары «Атамекен» екі жыл бойы жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын бағалау жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын еске салды.

«Бүгінгі таңда елімізде 2 мыңнан астам мамандық пен 108 ЖОО бар. 141 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, өз мамандығы бойынша түлектердің 35,5%  жұмыс істемейді», - деді спикер.

Қазіргі таңда Ұлттық палата ҚР БҒМ бірлесіп түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен ЖОО лицензиясын қайтарып алу туралы жұмыстар жүргізіп жатыр.

Atameken.kz

 


Шиеліде Кәсіпкерлер палатасының алаңында 30 жер телімі аукционға шығарылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.12.2018 14:07

Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы ғимаратында кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін аукцион арқылы алу шарасы өткізілді.

Аукционға аудандық жер қатынастары бөлімі жалпы көлемі 2372 гектарды құрайтын 30 жер телімін ұсынды. Олардың 15-і шаруа қожалығын жүргізу үшін, 14-і ғимаратқа қызмет көрсету үшін, 1-еуі – өндірістік мақсатқа арналған жер телімдері.

Жер телімдерінің жалпы бағалық құны 3 млн 947 мың теңгеге бағаланса, бастапқы сатылу бағасы 4 млн 342 мың теңге болып көрсетілген болатын. Өткізілген аукцион нәтижесімен аталмыш жерлер 4 млн 737 мың теңгеге сатылды.

Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін Палата алаңында өткізу бастамасын Кәсіпкерлер палатасының көтеруімен осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласы әкімдігі қолдаған болатын. Содан бері жер телімдерін аукцион арқылы беру шарасы Қызылордада нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

Нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша 53 жер телімі жеке меншік құқығымен, 89 жер телімі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен сатылып, мемлекеттік бюджетке 101 млн 51 мың теңге қаражат түсті.

2018 жылдың І жартыжылдығында өткізілген 5 аукцион бойынша барлығы 300 өтініш қабылданып, 103 жер телімі уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен, ал 13 жер телімі жекеменшікке сатылды. Қорытындысымен қазынаға 41 млн 46 мың теңге қаржы түсті.

Енді міне, аудандардың арасында алғашқы болып Шиелі ауданы аукциондарды Палата алаңында өткізуді бастады. Бұл туралы Палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қожахмет Ілиясов: «Бүгін алғаш рет Шиелі ауданында кәсіпкерлік үшін жер телімдеріне арналған аукцион Шиелі аудандық филиалының алаңында өтуде. Бұл – аудан кәсіпкерлігін дамытуда жасалып отырған оң бастама. Жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуда жергілікті деңгейде шешуді қажет ететін бірден-бір түйткілді мәселе жер телімдеріне келіп тіреледі. Аукционның кәсіпкерлердің қарашаңырағы  Палата алаңында өткізілуі – ашықтықты, жер бойынша орын алып жүрген бірқатар мәселелердің оң шешіліп, қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, қолдаған Шиелі ауданы әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», - деді.

Бүгінгі аукционда бірнеше жылдан бері жайылымдық мақсатта жер ала алмай, осыған дейін Палатаға өтінішпен келген аудан кәсіпкері Ғафур Байдеу өзінің шаруа қожалығы үшін 300 гектар жер телімін ұтып алып, бизнеске жасалып жатқан қолдау үшін Кәсіпкерлер палатасына алғысын білдірді.

Шиелі ауданы әкімдігі Палатаның ұсынысымен Қызылорда қаласында қолданысқа еніп, сәтті жүргізіліп келе жатқан жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту барысындағы кадастрлық төлемді бөліп төлеу тәжірибесін өздерінде енгізуді бастап кетті.

Айта кету керек, Қызылорда қаласы – кадастрлық құнды бөліп төлетуге келіскен республика көлеміндегі әзірге жалғыз мемлекеттік орган.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ» НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
06.12.2018 13:01

Дүкен  сөрелеріндегі  баға маусымдық және сақтау шығындарына байланысты құбылмалы күй кешіп тұрады. Одан қалды, отандық және импорттық өнім деген тауар белгісі және бар. Осы айырмашылықтар күз бен қыстың, қыс пен көктемнің алмасу сәтінде «құтырып» кетеді. Ырыққа көнбеген күйі ұшынған бағаны иемденеді. Қымбатшылықтың құрсауында  қалған  халықтың  азық-түлік өнімдеріне адами  тәуелділігі  болған соң көнбеске шарасы жоқ. «Арыстан  алыстан  ақырса, аттың аяғы шалынады» деген тәмсіл базар бағасы мен  қарапайым  тұтынушыға  арналғандай. Қымбатшылық туралы естілгеннен бастап, сауда нарығы да бағадан «жаңылып», күрт өседі. Бұл  қатарға «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау»  жұмбағының  жауабы да  қосылыпты.

Ала жаздай арзаншылыққа  үйреніп  қалған  халық жұмыртқа бағасының күрт өсуіне таңғалып отыр. Өйтпегенде ше, бір аптаның ішінде мамыр-қыркүйек айлары аралығында 20-22 теңгеден алып жүрген жұмыртқа қазір 27-28 теңгеге шарықтап шыға келді. Бұл – арзаны. Егер жоғары сұрыпты, қораптағы өнімді алғыңыз келсе, оның бағасы қымбатырақ. Бұл науқандық құбылыс еліміздің барлық өңірлерін қамтып отыр. Бағаны бағамдап қайту үшін қала орталығындағы тұрғындар жиі баратын сауда орнына барып, аталған өнімнің бағасын салыстырып қайттық. Тауық өнімінің 10 данасы 281, 319, 325 теңгеден сатылуда. Ал 30 данасы 843, 957 және 975 теңге аралығында айналымда  тұр.
- Жұмыртқа бағасының өзгеруі – маусымаралық құбылыс. Яғни, жыл сайын жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністер көбейіп, жұмыртқаға сұраныс азайғандықтан  баға арзандайды. Күз бен қыста сұраныс көбейгенде, баға өз қалпына келеді. Мамыр-тамыз айларында  қыркүйек-сәуір  аралығымен салыстырғанда, халық екі есе аз жұмыртқа сатып алады. Мұны жеміс-жидек пен көкөністің көбеюімен, жазғы демалыстармен түсіндіруге болады. Нарықтық экономиканың заңына сәйкес, өндірушілер жазда жұмыртқаны арзандатылған бағамен сатуға мәжбүр. Тіпті, біраз шығынға да ұшырайды. Күзде сұраныс көбейген соң, әлбетте баға өз қалпына келеді. Бірақ, халық бағаның өсуіне ғана мән береді, арзан бағамен сатылғанын ұмытып кетеді, - деп мәлімдеді ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті  Максим  Божко.
Өткен аптада бас экономист еліміздегі қымбаттап тұрған азық-түлік тауарларының атын атап, «Тауық еті бағасының өсуі, негізінен, құс етінің шамамен 50 пайызы АҚШ-тан импортталатынына байланысты» деген еді. Ізінше тауық жұмыртқасының да «абыройы» артып шыға келді. Оның үстіне ауыл шаруашылығы министрлігі құс тұмауының өршуіне  байланысты  ресейлік зауыттардан әкелінетін құс өнімдеріне шектеу қойды. Себеп пен салдар қосылып, нәтижесі нарық бағасының тұрақталмауына соқтырып  отыр.

 

Н.ҚАЗИ

 


БІЗ ЕШКІМНІҢ ҚҰЛЫ ЕМЕСПІЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
06.12.2018 12:54

«Орысқұл», «Арабқұл», «Түрікқұл»... Бұл тіркестер – елімізде, әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен қолданылатын ұғымдар. Неге орысқа, арабқа һәм түрікке құл болмақпыз? Егемен болсақ, елдігіміз өз алдына, сонда қандасын бұлай кемсітудегі мақсаты қайсы кейбір пақырлардың? Сөздеріне зер салсақ, шала қазақша сөйлегені үшін немесе тілді білмегені үшін, тура тарихты насихаттағаны үшін, тіпті, сол елдің мәдениетін, өркениетін өзінің рухани­ қазынасын байыту, көңіл сарайын­ кеңей­ту мақсатында тұтынғаны үшін осылай тілмен жазалап жатыр екен. Рас, ана тіліміздің ахуалы арқаны кеңге салып, бейжай отыруды көтермейді. Патриоттық сезімнің де әр жүректе­ атойлап тұрғаны шамалы. Тезге салса,­ түзелмейтін тентек жоқ. Әр қазақты онсыз­ да жүздеген жыл бойы қабағымен басқарып келген үлкен ұлттарға құл етіп, байлап бере берсек, көпке ұзамай күліміз көкке ұшпай ма?

Әлеуметтік желі – әркімнің жеке мінбері. Жазбаңды­ ешкім тексермейді, ақпаратыңның рас-өтірігін талдамайды. Осыдан келеді-дағы, ойына не келді, кімнің жүріс-тұрысы ұнамайды, назарындағы кісісін жердің жарығы табылса тығып жіберердей етіп сынайды. Және интернетте эксклюзивті бейнелерге түсіріліп, қазақша білмегені үшін әлеуметтік желінің «жұлдызы» болып жатқандардың көпшілігі – қара­пайым­  қызметкер,  жасы  келген  қарт, студент жастар. «Фейсбук»  желісінің  осы іспетті провокатор­ларға тағы да үлкен пайдасы – жүз мыңнан үш жүз мыңға дейінгі тіркелушісі бар топтар. «Жұрт не демейді?», «Ит жоқ, кіре бер», «Айта берсін»... Топтар тізімін ондап,  жүздеп  жалғастыра беруге әбден болады. Бірақ, маңыздысы ол емес. Маңыздысы – аталған топтард­ың басым көпшілігі – ашық топтар. Демек, бір ғана тұлғаның ойы, субъективті пікірі мыңдаған адамға ұсынылады. Міне, содан кейін көрінгенді «орысқұл», «арабқұл» етіп көрсетіп жатады. Мысалы, қайбір уақыттарда «Zero.kz» рейтинг агенттігінде біршама беделі бар, күнделікті дамып келе жатқан «365info.kz» сайты «Мейрамбек те «орысқұл» ма? Онда неге Кремльде ән салуды армандайды?» деген материал жариял­ады. Кішкене ғана ақпарат желіде тез тарап,­ таяз ойлайтын кейбіреулер тіпті қазақ эстрадасының беделді әншісінің ит терісін басына қаптап жатты.

«Қазақ әншілері Кремльде ән айтуға неге құмар? Шыныме­н, неге солай? Неге орысқа танылғымыз келіп тұрады? Одан бізге не пайда? Орыс бізді неғылсы­н? Қит етсе, орыстың шоу-байқауларына, түрлі ән-би кон­курстарына қатысуға асығып тұрамыз. Орыстың  құлдығынан  құтылғанымыз  кеше  ғана  емес пе? Біздің шоу-бизнес  жұлдыздары  алдымен  қазаққа ұнауды, қазақтың  көңілінен шығуды  неге  ойламайды  осы?

Біршама уақыт бұрын Қайрат Нұртас «Кремльде ән салу арманым» депті. Оның несі арман? Қай орыстың әншісі «Республика сарайында» ән салуды армандаймын деп айтыпты. Бізге Тәуелсіздіктің әр жылы қымбат. Демек, Ресейден барлық жағынан тәуелсіз болу керекпіз. Осыны кім, қашан ұғынады?

Жарайды, Қайрат өз алдына. Ал Мейрамбек ше? Күллі қазақтың сүйікті әншісі де Кремльде ән салуды асқақ арманы санайды. Анығында, біз орысқ­а ешнәрсені дәлелдеуге тиіс емеспіз.

Біздің шоу-бизнес олардан жоғары болма­са­, кем емес. Біздің әншілер орыстың әншілерінен талантты болмаса, талапсыз емес».

Сайтта 2625 көрілім жинаған ақпараттың толық мәтіні – осы. Өнер – ұлт, ұлыс таңдамайтын қасиет. Егер қазақ эстрадасының әншілерін орыс халқы шынымен Кремльде тыңдайтындай болса, бұл – мақтан­ыш. Мақтаныш деуіміздің себебі, орыс – ұлық, біз қормыз деу емес, орыстың музыкасы да, эстрадасы да, әдебиеті де, кинои­ндустриясы да әлдеқашан дамып кеткен­. Ал дамушы елдің әлем елдеріне гастрольд­ік сапар жасауы, аудиториясын кеңейтуі – ешқандай да «орысқұлдық» емес. Шығармашылық адамының өз ойы, арман-мұраты болады. Тіпті, жалғыз­ қазақ емес, футболда күллі әлемнің аяқ­доп­шылары «Мараканада», «Сантьяго Бернабеуде», «Камп Ноуда» доп тебуді армандайды. Сонда олар «бразилияқұл» немес «испанқұл» ма?

Беспаев тақырыбына қайта оралсақ, «біздің шоу-бизнес олардан жоғары болмаса кем емес. Біздің әншілер орыстың әншілерінен талантты болмаса, талап­сыз емес», - дейді. Кез  келген нәрседе біз бәсекеге қабілеттіміз. Осы сөйлемнің астарынан бір сұрақ жылт ете қалады. Мысалы, пәленше әнші Өзбекстанда, Қырғызстанда концерт беріпті десе, аса елең етпей­міз. Неге орыстарға деген қорқыныш, сенім­сіз­дік пен үрей һәм жақтырмау сезімдері санамыздан әлі күнге  жоғалмаған?

Рас, Кеңес үкіметі уағында орыстардан көрген құқайымыз аз емес. Қанау да болды, аштық жасап, қолдан қыру да естен кеткен жоқ. Айта берсек, көп-ақ. Бірақ, сол қиын-қыстау күндердің өзінде қазақ пен орыстың әдебиеті, өнері аралас-құралас болды. Өнер саласында болсын, әдебиетте болсын, қазақты орыстың­ осы саладағы азаматтары қор санамай, иықтас, үзеңгілес жүрді. Тіпті, хакім Абайдың өзі орыс әдебие­тін бас алмай оқып, айналасы екі айға жуық уақытта ауқымды тілді бір адамдай меңгерген. Сонда Абай да «орысқұл» ма? Шәкәрім ше? Кешегі Шоқан Уәлиханов,  Ахмет  Байтұрсынов,  Мұхтар Әуезовтердің қай-қайсысы болса да, орыспен шүйіркелесіп, дос болып-ақ келді ғой. Сонда әдебиеттегі, жалпы саяси­ өмірдегі марғасқа интеллигенттерімізді «орысқұл»  дейміз  бе?

Қазақтың классикалық әдебиетінің шарықтау шегіне­ жеткен шағы – өткен ғасырдың бел ортасы. Советтік цензура алқымнан алып тұрса да, қоғамдағы айтулы проблемаларды түгел дерлік шығарма, кітап етіп жазды. Орыс жазушыларымен арада әдеби үндестік болды. Пікірлес, сырлас жазушылар шықты. Толстойды, Чеховті, Горькийді, Достоевскийді оқу, тіпті, орыс классикалық орыс әдебиетінің түгелімен танысу – ғылым жолындағы адамға, білімін дамытпаққа бекінген кісіге қойылатын алғашқы талаптардың  бірі. Орыс әдебиетін оқығанның бәрі «орысқұл» емес. Орысша сөйлеудің өзі – жетістік. Тек орысша емес, халықаралық маңызы бар тілдерде судай ағып тұрсаң, жетістік емей, немене!? Білген, әрине, өзің үшін пайдалы, орысша білгенің үшін де «орысқұл» деп айыптайтындар табылып жатады. Қате. Өйткені, ол азамат өзінің тіл білуі арқылы орыс халқының мүддесіне орай әрекет етіп жүрген жоқ ғой. Сондықтан, істің анығына көз жеткізбей тұрып, өзге тұлғаның азаматтық позициясын тілдемеген абзал.

Неге орысты танысаң, «орысқұл», дініңді танысаң, «арабқұл» болуың керек? Ислам – барша мұсылманның ортақ діні. Құран – күллі мұсылманның қасиетті кітабы. Қағба – қажылық атты парызыңды өтейтін киелі  орын. Құран араб тілінде, Қағба да араб жерінде.­ Дініңді  түбегейлі  тануың үшін арабтың тілін үйрен­сең­, мұсылманша сауат ашсаң, не үшін «арабқұлға» айналасың­? Жоқ! Ешкім арабтардың мүддесі үшін қызмет етіп, елге ылаң салып жатқан жоқ. Дінімізді насихаттап, діни сауаты төмен кісілер үшін тура жол сілтеп жүргендердің көпшілігін сол әлеуметтік желілерде арабтың құлы етіп, есекке теріс мінгізіп жібере саламыз. Осындай теріс ұғым таратушылар арабқа емес, Ислам дініне қарсы жасалып отырған әрекет деп білеміз. Қоғамдық пікірдің сапасының төмендігін, құбылмалылығын байқаймыз бұдан. Намазын қаза етпей, оразасын өтеп жүргендер – арабтың құлы емес, Алланың  құлы.

Орыс пен арабқа құл еткені аздай, Оғыз Доғанның әуе компаниясының арасында болған мәселеден кейін қазақ тілінің жыртысын жыртқан Оғыздың сөзін сөйлегендерді де «түрікқұл» деп айыптады. Рас Оғыз Доғанның ұлты – түрік. Дегенмен, бұл азамат қазақ тілінде және қырғыз тілінде таза сөйлей алады. Түркі халықтарының бір-біріне осындай рухани қолдау көрсеткенін жақтау да түріктің құлы болу қарекеті екен-мыс. Сол шулы даудың кейіпкері Оғыз Доған бір сұхбатында: «Сіздер, Түркияны жақсы көрсеңіздер, мен қуанамын. «Түркияқұлдар» дегенім, бұл туған жерім Түркиямды жақсы көретіндер емес әлбетте... Мысалыға, мен қазақ халқын өте жақсы көремін деп «қазаққұл» болмаймын ғой...», - дейді.

Туған жерін, ана тілін менсінбей, өзге ұлттың күйін күйттеп, сол елдің мүддесіне жұмыс істейтін адамды құл деп айтуға болады. Басқа бағыттармен ешқашан ешкім ешкімге құл болмақ емес. Әйтпесе, неміс пен кәрістің көлігін мінгендерді «немісқұл», «кәрісқұл» деп, әдемі жейде кигендерді «италияқұл» деп неге айтпаймыз?!

Міне, осал жеріміз – осы. Біреудің жер-жебіріне жетіп, осал тұсынан дырау қамшымен осып жібер­мекке әзір тұрамыз. Татулығымызға нұқсан келтірерлік осындай стереотиптерден бойымызды алшақ ұстағанымыз  абзал.

Әділет  МӘДЕНИЕТ,

әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ-дың

Журналистика факультетінің  ІІ курс  студенті

 


ШЫР ЕТКЕН ҚОҢЫРАУЫҢ, ДҮР ЕТКЕН АҒАҢ БОЛУЫ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
06.12.2018 12:41

Нұрбек  ӘМИША,

журналист, «болашақ»  бағдарламасының  түлегі:


«АУЫЛ  БАЛАЛАРЫ  ӘЛЕМ  ТҮГІЛІ,  ҚАЛАНЫҢ  ЖАСТАРЫМЕН  БӘСЕКЕЛЕСЕ  АЛМАУЫ  МҮМКІН»

– Нұреке, туған топыраққа қош келдіңіз! Біраз жылдан бері Астана қаласында қызметтесіз. Англияда «Бо­лаша­қ» бағдарламасымен екі жыл оқып қайттыңыз. Өзіңіз туып-өскен жерді сағынған шығарсыз...

– Әрине. Оны  сөзбен  айтып  жеткізу  мүмкін  емес  ғой.

– Сіз бен біздің ауыл іргелес екен...

– Иә, Жаңақұрылыс пен Қара­тереңнің арасы таяқ тастам жер ғой.

– Бұл жолы елге келуіңізге түрткі болған – «Туған жерге тағзым» акциясы. Әңгімеміздің әлқиссасын ауыл төңірегінен  бастасақ...

– Мен Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылының қарасирақ бала­сымын. Сонда дүниеге келдік. Топырағына аунап, таяқты ат қып мініп, балалық шағымыздың бал сәттері өткен қасиетті мекен. Үш мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар. Аядай ғана ауыл. Ағайындарым, бауыр­ларым әлі күнге Қаратереңде тұрады. 1999 жылға дейін елді мекендегі мектепте білім алдым. Сосын шым-шытырығы, тірлігі құж-құж қайнаған алып шаһарға аттандық. Оқуға түстік, еңбекке араластық... Жасыратыны жоқ, «ауылға жиі барамын» деп айта алмаймын. Англиядан оқудан келіп, Астананың әуежайынан түсіп, бірден Қаратереңге қарай тарттым. Есейген сайын елге деген сағыныш  еселеніп, туған жердің қажетіне жарасам дейсің. Өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастайсың. Бүгінде ауылдағы мұғалімдермен тығы­з байланыстамын. Шетелде жүрген кезде мұғалімдерге біраз ұсыныс жасадым. Бірақ, белгілі себептермен ол орындалмай қалды. Ше­тел­де жүріп ауылда ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаздармен, оқушылармен интернет арқылы байланыс орнатқым келді. Өкінішке қарай іске аспады. Дегенмен, елге барғанда балала­рмен жүздесіп, ақыл-кеңесімді айтып­ кетемін. Шыны керек, қазір бәріне қолжетімді ғой. Емін-еркін ақпарат алмасуға да мүмкіндік бар. Қазір ауыл балалары үшін смартфондарыңыздың өзі жаңалық болмай қалды. Өзіңіз білесіз, бүгінде бәсеке­лестік күшті. Біздің ауыл балалары әлем түгілі, қаланың жастарымен бәсекелесе алмауы мүмкін. Осыны ойласам, қынжылатыным рас. Кеше елге барғанда балалардың ағыл­шын­шасын байқадым. Оқиды. Бірақ, түсінбей  оқиды  екен. Әрине, ауылда­ қаладағыдай  мүмкіндік  жоқ. Менің­ше, бұл бағыттағы  жұмыстарды  әлі де  күшейту  керек.

– Ұйымдастырылып  жатқан  акция­  туралы  не  айтасыз?

– Қызық болғанда, осыдан 5-6 жыл бұрын осындай форум өткізу идеясы менің де ойыма келген. Ол кезде Астана қаласындамын. Бұдан журналист Құрманәлі Қалмахан да хабардар. Әйтсе де, жергілікті әкім­дікке ұсынысымызды айтқан жоқпыз. Содан біршама уақыттан кейін Б.Сапарбаев әкім болып тұрған тұста Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты «асын ішіп, аяқ босатып­ кету» емес. Бұған дейін де бұл шара Қызылордада бірнеше рет өткізілді. Әрине, қажетті дүние. Өз топырағыңнан түлеп ұшып кеткен адамды көрген кезде одан үлгі аласың. Жасыратыны жоқ, мұндай жайт өзіміздің де басымыздан өтті. Аға буынға еліктеп өстік. Жырау Алмас Алматов ағамыз «ағаш ағашқа қарап сән алады, адам адамға қарап тәлім алады» дейді. Ел алдында жүрген азамат­тардың көпшілігіне туған топыра­ғы әсер ететіні сөзсіз. Бір адамның адам боп кетуі үшін жүзде­ген­ адам қызмет қылады. Жалпы, ел­ге келіп, «Қызылорда керемет, өсіп-өркендеп жатыр» деп кететіндер де бар шығар. Бірақ, негізгі мақсат ол емес деп ойлаймын. Шараның тағы бір мақсаты елге есеп беру деп біле­мін. Сондай-ақ, Сыр елінен қанаттанған азаматтардың бір-бірімен байланысын нығайтуға сеп болатыны анық. Идеологиялық тұрғыдан алғанда­  ұтымды  жоба  секілді.

 

«АЙМАҚТЫҚ  БАҚ-тың

ТЕК  ПРОПАГАНДАЛЫҚ  РӨЛІ ҒАНА  ҚАЛДЫ»

– Әңгімемізді біздегі БАҚ-тың беде­л­і төңі­регінде жалғастырсақ. Осы­дан­ 10-15 жыл бұрынғы БАҚ пен бүгінгі БАҚ-ты салыстыруға келе ме? Жалпы­, елімізде­ еркін сөз бостандығы бар ма?

– Меніңше, еркіндіктің болуы не болмауы баспасөздің немесе теле­арнаның басшысына байланысты. Басшысы қандай саясат ұстанады, сол орындалады. Ал одан қандай әділдік күтесіз? Сондықтан бұл жерде­ «еркіндік» дегеннің өзі – абстра­ктілі дүние. Саяси жүйе тұр­ғысынан қарасақ, ол уақытта біраз еркіндік болғаны рас. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс шыққалы газет­тердің тақырып аясы тарылып қалғаны шындық. Екіншіден, газеттердің оқылуы да төмендеп кетті. Бұл жалғыз біздің елде емес, барлық әлемде­ солай. Шынын айтқанда, смартфондар газеттерді «өлтіріп» тастады­. Әлемдік ірі газеттер оқырмандарын жоғалтпау үшін жаңа мульти­медиаларды әкелуде. Мәселен, кеше Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионаты шетелдік басылымдардың сайтында тікелей эфирде­ жүріп жатты. Сөйтіп, заманға ілесу­дің амалдарын қарастыруда. Ал қағаз басылымдардың рейтингі күн өткен сайын құлдырап барады.

– Аймақтық басылымдардың жұмысын­  қалай  бағалайсыз?

– Мен аудандық газеттерді оқып жүрген жоқпын. Аймақтық БАҚ-тың тек пропагандалық рөлі ғана қалды. Жасыратыны жоқ, өңірлік газеттер мемлекеттен ақша алады. Сондықтан мемлекеттің айтқанын орындауы тиіс. Газеттердің жағдайы бұрынғыға қарағанда нашарлап кетті. Тек мемлекеттік жұмыстарды насихаттаумен шектелуде. Бұдан жақсы нәрсе көріп отырған жоқпыз. Мың жерден газет­тің макетін өзгертіп тастасаң да, оны ешкім оқымайды. Мені қынжыл­та­тыны: газет – ақша. Оған миллион­даған қаржы ел бюджетінен  бөліну­де.­ Демек, мұнымен мемлекеттік идео­логтар айналысуы қажет. Не үшін осындай қадамға барады? Нелік­тен ел оқымайтын материалдарды шығара­ береді? Осы мәселені мен айтып та жүрмін. Ал аудандық газеттердің жағдайы тіпті мүшкіл. Мен үшін қажеті де шамалы. Оны неге әсірелеуім  қажет?

– Олардың сайттарын қарап тұра­сыз­  ба?

– Жоқ.

– «Егер мемлекеттік тапсырысты доғарса, басылымдар жұмысын тоқтады» деген пікір бар. Бұған келісесіз бе?

– Мәселен, қандай газеттер?

– Тапсырыспен «күн көріп» отыр­ған  басылымдарды  айтамын.

– Мен мұнымен келіспеймін. Керісінше, газеттердің жаңадан тыны­сы ашылуы мүмкін. Өйткені, көп адам газет шығарудан, бір нәрсе айтудан қорқып қалды. Себебі оны айтқызбайтынын біледі. Бұған «Рател­ь» сайтының, т.б. жабылуы дәлел. Бірақ мүмкіндік берілсе, газетт­ерді жандандыра алатын адамдар­ табылады. Мұның бәрін мемлекеттік тапсырыспен байла­ныстыруға болмайды. Меніңше, мемлекеттік тапсырыстар басы­лымдарды «өлтір­ді». Сонымен қатар бұл журналистердің шығармашылығына да әсер ететіні сөзсіз. Шынын айтқанда, біржақты қарау дұрыс емес.

– Шетелдік БАҚ пен біздің елдегі БАҚ-ты салыстыруға келе ме?

– «Батыстың газеттерінің бәрі жақсы, біздікі жаман» деу қателік. Әр қырынан қарау қажет. Батыстың медиа­ саласы еркін. Ол тек ауызбен айтылып қана қоймайды, заңмен де, іспен де жасалады. Бізде еркіндік мүлде жоқ деп те айта алмаймыз. Ойын ашық айтып жүрген азаматтар да баршылық. Бірақ, оны тыңдайтын жүйе жоқ. Менің ойымша, ол әлі де келе қоймайтын шығар. Американың өзі мұндай еркіндікке 300 жылдан соң қол жеткізіп отыр емес пе? Кеше ғана тәуелсіздігін алған елден қандай еркіндік  күтеміз?

– Сонда еркіндікке жыл емес, ғасырлар  керек  пе?

– Иә, ақпарат алмасу, кез келген жағдайда министрдің есігін ашып сұхбат алатын жағдайға жету үшін алдағы 20-30 жыл да аздық етеді. «Әне-міне ақпаратқа еркін қол жет­кіземіз» деп өтірік иллюзияға да түсудің де қажеті шамалы. Дегенмен, демократиялы мемлекеттерде де басыл­ымдардың барлығы әділ деп те айтуға болмайды. Ол басылымның иесіне, оның ұстанған саясатына байлан­ысты  ғой.

 

«ЕЛІМІЗДЕГІ   ЖУРНАЛИСТЕРДІ ДАЯШЫ   СИЯҚТЫ   КӨРЕМІН»

– Шетелде тілшілердің беделі, ықпалы   қандай?

– Еліміздегі журналистерді даяшы сияқты көремін. Біздің 90 пайызымыз сондай секілдіміз. Өкінішке қарай! Мемлекеттік тапсырыс арқылы бәрін ақшамен «байлап» тастаған. «Мәзірдегі» нәрсені ғана жазасың, айтасың. Ал, мұндай жерде журналистің қандай беделі болуы мүмкін. Менің қызығатыным, ВВС журна­листері Тереза Мэймен емін-еркін сұхбат  құрады. Тіпті, соның деңге­йінде сөйлеседі. Қажет болса, сауалдарымен састыра алады. Осындай журналистика қалыптасса, мойындауға болады. Есі дұрыс адам саясаттан кетуі керек немесе журналистикадан жоғалуы қажет.

– Бүгінде журналистикаға жа­қын­даудың  қажеті  жоқ  па?

– Сенің әлгіндегідей саясаттың құралы, даяшы болып жүргің келе ме?

– Сонда журналистикаға келге­ніңізге  өкінесіз  бе?

– Жоқ, өкінбеймін. Мен қазіргі саяси жүйеге байланысты айтып отырмын. Тапсырмамен орындалған мақала, сюжет – ол журналистиканың міндеті емес.

– «Болашақпен» оқыған маман­дарға бағдарламаның тиімділігі мен тиімсіз тұсы қайсы? Өзіңіз оқыған маман­дық  бойынша  жұмыс  бар  ма?

– Тиімділігі – ауыл жастарына мүмкіндіктер мен жеңілдіктердің берілуі­. Бұл – үлкен жоба. Тағы бір жаңа­лық, былтырдан бастап шетелде­ оқы­ған маманға 1 жыл сонда қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Ал келгеннен кейін оқыған мамандардың көбі өз салаларын таппай жүре­ді. Шетел­де алған білімің мен тәжі­рибе­леріңді іске асыру үшін өз мемлекетің сол стандарттарға сай болуы қажет. Бұған мемлекет дайын бол­маса, сен қайда барып жұмыс істей­сің? Қазір «Болашақ» бағдарламасымен оқыған мамандардың көпшілігі жеке бизнес бастап, кәсіпкерлікке бет бұрып кетті.

Мен «саяси қатынастар» мамандығын таңдадым. Елге келген соң жұмыс іздедік. Партиялық бағытта да жұмыс істеп көргім келген. Алайда сәті түспеді. Ашығын айтайық, біздің жүйеде (Қазақстанда. – ред.) жұмыс­қа орналасу оңай емес. Ол үшін шыр еткен қоңырауың, дүр еткен ағаң болуы­ керек. Дегенмен, ішкі принциптерім бар. Адам бәсекелестікке дайын жүруі тиіс.

– Қазіргі қазақ қоғамы алға жылжып  бара ма, кері  кетіп  бара  ма?

– Бір орында тұрған сияқты.

– Ағылшын тілін қашан үйрендіңіз?

– Англияға оқуға бармай тұрып, Германияға 10 адам боп іссапарға бардық. Сонда 10 адамның ішінде біреуі ғана шет тілін біледі екен. Орыс тілінің де қажеті болған жоқ. Бізге әлі де «постсоветтік елден келген» деген көзқараспен қарайды. Қазір заман ашық, оқып, іздену керек­. Осыдан кейін өзіме ағылшын тілін үйрену керек деп талап қойдым.

– Жас  журналистерге  қандай ақыл-кеңес  айтасыз?

– Ақыл айту бар да, оны орындау бар. Дәл қазір мүмкіндік мол. Мәселен, ағылшын­ тілін «үйренемін, оқи­мын» деген адамға интернетте толып тұр. Біз­дің жастар өздері сызып алған­ шеңберден шығуы қажет. Бастысы талап қойып, оны іске асыруға талпынуы  керек.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары