Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018

Қазалыдағы тағылымды форум PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 11:15

Қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектепте өткен «Тәуелсіз елдің тірегі – жас ұстаздар» атты облыстық жастар форумы тартымдылығымен ерекшеленді. Өз жұмысын жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың мұражайына барып, танысудан бастаған форумға қатысушылар Қазалы аудандық кәсіподақ комитетінің «Серпін» жастар кеңесінің атқарған істеріне шолу жасап, «ZHAS PROJECT» жобасымен жұмыс істеп отырған жас ұстаздар көрмесімен танысты.

Жиналғандар алдында Қазалы ауданы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті жанынан құрылған «Серпін» жастар кеңесінің есебін берген кеңес төрағасы Талант Нұрмаханов тұғырлы биіктен көрінерлік талапты жастардың бастамасынан құрылған, қоғам өміріне араласып өзіндік қолтаңба қалдыруды жөн санаған қазалылық «Серпін» жастар кеңесі уақыттың межесімен санаспай толымды істердің ұйытқысы болуда. Өткен жылы «Кәсіподақтар күніне» орай облыстық іс-шараға қатысып, белсенділік танытты. Ауданда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысқан шараның жоғары деңгейде өтуіне «Серпін» жастар кеңесі үлкен үлесін қосты. Қамбаш көлі жағалауындағы «Наурыз» жағажайының ашылуына, ойын мен биге толы күндердің қызықты өтуіне жастар кеңесінің қосқан үлесі зор. Жастардың шығармашылығын дамыту, жастар белсенділігін арттыру қашан да қоғамнан тыс қалған жағдай емес. «Серпін» жастар кеңесінің төрағасы Талант Нұрмаханов «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде ұйымдастырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес жастардың өзін-өзі дамытуға ұмтылуларын, отансүйгіштік пен мәдениет сезімін дамыту мақсатын көздеген «Кәсіптік жаңару мен жаңғыру» атты жас ұстаздардың республикалық жазғы лагерінде болып, өзара тәжірибе алмасудан өтіп қайтты. «Серпін» жастар кеңесі облыстық, аудандық білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығына белсенділікпен қатысып келеді» дей келе, бірқатар жайттарды ортаға салды.

Форумда Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова мән-мағыналы құттықтау сөз сөйлеп, «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілесов, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Құзыреттілікті дамыту және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Сәуле Жарболова және басқалар өз ойларын ортаға салды. Шараға Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысты. Форумға қатысушылар Үндеу қабылдап, пікірлерімен бөлісті.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 


"СҰЛТАН" МЕШІТІ ТƏЛІМДІ МƏУЛІТ ӨТКІЗДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 11:10

Кеше Қызылорда қалалық "Сұлтан" мешітінде адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз туылған айға құрмет жасалып, тəлімі мол мəуліт шарасы өтті. Игі шараға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, "Ақмешіт Сырдария" орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы, дінтанушы, ұстаз Батырбек Убаев жəне қала имамдары мен жамағаттар қатысты.

Мəуліт айының қадір-қасиетіне ерекше тоқталып, насихат еткен өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы жамағаттарды рухани аймен арнайы құттықтады. Сонымен қатар "Сұлтан" мешітінде тəлім алған, Құран үйренген шəкірттерге арнайы сертификат табыстады. Ұстаз Батырбек Убаев "Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отағалық өнегесі" тақырыбында тұщымды уағыз жүргізді. Мұнан соң мəуліт шəриф оқылып, Пайғамбарымызға салауат айтылып, жамағатпен дұға жасалды. Игі шараға келген барша қонақтар мен жамағаттарға мəуліт тəбəрігі үлестірілді. Сауапты шараға қаржысымен, қол көмегімен ат салысқан бауырларға Алла разы болғай!

 


ЕҢБЕК АУЫЛЫНДА БІРҚАТАР КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 11:08

Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жалағаш ауданы Еңбек ауылдық округіндегі 200 адамға арналған мейрамхананың және шағын маркеттің ашылуына қатысты.

- Аймақ басшысының бастамасымен облыста биылғы жыл жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланған болатын. Жартыжылдықтың қорытындысымен игі бастама үш жылға ұзартылды. Қолдауды сезініп, кәсібін ашуға ниет білдіргендердің саны артып отыр. Оның ішінде осы Жалағаш ауданында да серпіліс бар екенін атап өтуге болады. Мәселен, 2018 жылдың 1 қарашасына тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілер саны 2342 бірлікті құрап отыр. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 927-ге артқан, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Кәсіпкерлік нысандардың ашылуында Еңбек ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Балханов сөз сөйлеп, ел игілігіне пайдалануға берілген нысандардың ашылуымен құттықтады.

Айта кету керек, аталмыш кәсіпкерлік нысандар ауыл азаматы, «Еңбек Жер» ЖШС директоры Шакизатхан Искаковтың жеке қаражаты есебінен салынған. Оның бастамасымен ауыл орталығынан Мүсірәлі баба мешіті, балалар алаңдары, 30 жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблінің сахналық киімдерін тіктіруге қолдау көрсетіп келеді.

Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға оқу құралдары мен мектеп формаларын, ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көпбалалы отбасыларға азық-түлік, материалдық көмек, балалардың жазғы тынығу лагерьде демалуларына үнемі қолдау көрсетіп келеді.

2017 жылы жеке қаражаты есебінен май құю бекеті және сыйымдылығы 80 бас мал бордақылау алаңын ашып, жұмыс істеуде.

2018 жылы 2017-2018 оқу жылының бастауыш сынып үздіктеріне 30 дана велосипед тарту етті.

Бүгінгі күні ауыл орталығынан 200 адамға арналған «Асылзат» мейрамханасын, шағын маркет кәсіпкерлік нысандарын ел игілігіне пайдалануға беріп, қазіргі таңда 9 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ТӘУЕЛСІЗДІК – АЗАТТЫҒЫМ, ТАҢ НҰРЫМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 10:59

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік – азаттығым, таң нұрым» атты салтанатты жиын аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде өтті. Онда қазақ халқының басынан өткен небір қиын-қыстау замандарынан көрініс көрсетілді. Жиынды аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ашып, аудан халқын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтады.

- Бүгін бүкіл Қазақстан жұрты тәу етіп, құрмет тұтар ең асыл мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында бас қосып отырмыз.

Бұл – барша қазақстандықтар үшін де, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын қандастарымыз үшін де айрықша күн, ерекше мереке.

Бұл – азаттықты аңсаған бабаларымыздың асқақ рухы алдында, азаттық үшін жан алысып, жан беріскен аманаты алдында тағы бір тағзым ететін тарихи күн, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Салтанатты жиында аудан басшысы өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан түрлі сала өкілдерінің қызметкерлеріне облыс әкімінің, облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының, аудан әкімінің алғыс хаттарын, аудан әкімінің құттықтауын, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстады.

Жиын соңы аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БИЗНЕС-ҚАУЫМДАСТЫҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 10:53

Аймақ басшысы кәсіпкерлерді Тәуелсіздік күні мерекесімен және «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша "Хан Тәңірі" марапатының берілуімен құттықтады.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ, кәсіпкерлер қатысты.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту  арқылы 3 маңызды мәселе шешіліп жатқанын атап өтті: біріншіден, салық базасының ұлғаюы, екіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және үшіншіден, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығының жақсаруы.

"Біз биыл жалпы бюджеті 32 млрд. теңгені құрайтын кешенді «Жол картасын» әзірледік! Оның ішінде аталған қаражаттың 3 млрд. теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларға бағыттадық. Жыл басынан бері қайтарымсыз гранттар, несие алудың қадамдық іс-әрекетін, типтік бизнес-жоспарларды әзірлесек, ал жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалар бекітілді. Бұдан бөлек, бекітілген лауазымды тұлғалардың жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша есебін ай сайын тыңдаймыз», - деді аймақ басшысы.

Атап өту қажет, егер жыл басында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37 450 бірлікті құраса, онда ағымдағы жылдың 10 айдағы қорытындысымен оның саны 42 066 бірлікке жетті. Яғни жыл басынан бері жұмыс істеп тұрғандардың санын 4616 бірлікке толықты. Өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім 12,7% болды. Сондай-ақ, егер жыл басында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс істеп тұрғандардың үлесі 75 пайыз болса, онда ағымдағы жылдың 10 айында оның үлесі 81 пайызға жетіп, өсім 6 пайызды құрады.

Кездесуде "Жан Арай" ЖШС директоры Бақдаулет Мақашов, "Асбол" ЖШС директоры Ғани Пірімжанов және жас кәсіпкер, "Zhas project" республикалық байқауының қатысушысы Ердаулет Есмағанбет сөз сөйледі. Сондай-ақ, өңірдің бірқатар кәсіпкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері 1 300 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 4,2 млрд. теңге шағын несие берілді. Өткен жылмен салыстырғанда шағын несиелер көлемі 2 еседен астамға өсті. "Бизнестің Жол картасы-2020" бағдарламасы аясында "Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау" компоненті бойынша қазіргі таңда жалпы құны 9,5 млрд. теңгеден астам 150 кредит мақұлданды. Ал несие бойынша ішінара кепілдікті жалпы құны 1,5 млрд. теңгеге шағын және орта бизнестің 63 субъектісі алды. Ұсынылған кепілдіктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты.

Сонымен бірге, бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында өңірде 14 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, облыста әкімшілік кедергілерді қысқарту бағытындағы жұмыстар да өз жалғасын табуда. Өткен жылы республика бойынша алғаш рет Қызылорда қаласында толық форматтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Бүгінгі күні орталық «бір терезе» қағидатымен кәсіпкерлерге 40-тан астам, оның ішінде жер, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерге қосылу мәселелері бойынша қызмет түрлерін тегін көрсетуде. Өзге өңірлердің делегациялары Қызылорданың Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмыс тәжірибесімен алмасуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Балғындар қуанышы еселене түсті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 10:38

Тасбөгет кентінде жаңа «Нұр Орда» балабақшасы ашылды. Бұл ұлық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңындағы тасбөгеттік тұрғындарға арналған ерекше сый болды. Келбеті келісті ғимарат 140 орынға лайықталған. Жаңа заманға сай әсем дизайны көз сүріндіреді. Есік алдында балаларға арналған алаңқай да көптің көңілін аударып үлгерді.

Бөбекжайдың ашылу салтанатына арнайы келген аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

- Алда келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын. Сол тәуелсіздігіміздің арқасында өз тағдырымыз өзіміздің, қазақ халқының қолына келді. Осыдан 27 жыл бұрын көк байрағымызды көтеріп, тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан үлкен алпауыт мемлекетке айналды.

Бүгін «Нұр Орда» балабақшасын іске қосып отырмыз. Облыстық бюджеттен 534 миллион теңге қаржы бөлінді. Сыр еліне белгілі «Интегрострой» ЖШС құрылыс мекемесі салып беріпті. Мұнда халқымыздың асыл арманы мен үкілеген үмітін іске асыратын, елге тірек болатын балалар тәрбиеленіп шықсын деп тілек білдіремін, - деді облыс әкімі.

Мұнан соң Тасбөгет кенті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Молдашұлы баршаны қастерлі мерекемен құттықтай отырып, осындай зәулім балабақша үшін билік басындағыларға кент тұрғындары атынан алғыс білдірді.

Ал «Нұр Орда» бөбекжайының меңгерушісі Эльмира Тәкенге құрылысын жүргізген мердігер «Интегрострой» ЖШС-нің директоры Бағдаулет Ысқақов сиволикалық кілтті табыстады. Рәсім кезінде сөз алған Қ.Көшербаев мердігер мекеме басшысының 3 жылға дейін осы балабақшаның сапасына жауапты екенін ескерте кетті.

Ж.Қойшыбекова

 


ЕЛ БАҚЫТЫН ТЕРБЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.12.2018 10:25

Кеше Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесіне орай «Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы аудан тұрғындарын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

-Бүгінгі мерекенің еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Себебі, кезкелген ұлт үшін Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік, береке мен бірлік, тілі мен дәстүрі – еңқымбат, ең асыл ұғымдар. Біздер, абыз аталарымыз сан ғасырлар бойы армандаған азатты, арайлы күнге жеттік. Баһадүр бабаларымыз жанын пида еткен тәуелсіздік туы осыдан 27 жыл бұрын көкте желбіреді. Тәуелсіздік – біздер үшін баға жетпес бақыт, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Сонымен бірге ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан түрлі саланың өкілдерінің қызметкерлеріне облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Сондай-ақ,шәкірттері халықаралық және облыстың мақтанышына айналған, өңіріміздің рухани-мәдени дамуына серпінді үлес қосқан мәдениет саласының майталманы, жыршы Зәуре Кәрібаева, Жосалы кенті орталығындағы №15 жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асылов Марат «Астана қаласының 20 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты жиын мерекеге арнайы дайындалған аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


«Коворкинг» орталығы – кітапхананың жаңа келбеті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.12.2018 16:18

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі халықтың білімге деген құштарлығын арттыру болып табылады.

"Нұр Отан" партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг орталық ретінде қайта құру жобасын ұсынды. Жобаның басты мақсаты – барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі "Жас отан" Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалымен өзара қызметтік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында шығармашылық және ғылым жолындағы жастардың бірлесе жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруды қолға алған болатын.

Осындай жобалардың аясында қалалық №12 кітапханада «Коворкинг» орталығының  ашылу рәсімі өткізілді. Салтанатты шараға  қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Кітапқа деген қызығушылықтың азайып бара жатқан қазіргі кезеңде «Коворкинг» орталықтарының жастардың отандық әдебиеттермен қатар әлемдік классика, қазіргі заманауи әдебиеттерді таңдап оқитын бірден-бір тиімді жоба болатынына, түрлі форматта бірлесіп өткізілген іс-шаралардың жастардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге ұмтылуға септігін тигізетініне зор сенім білдірді. “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстан кітапханалары» жобалары аясындағы атқарылуға тиісті шараларды айтып, жастарды өркениетке ұмтылуға шақырды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Нұржамал Мырзамұратова облысымыздағы осындай интеллектуальды жастар орталықтары туралы айтып, құттықтау сөз сөйледі.

«Коворкинг» - білім мен ғылымға ұмтылған жастардың бас қосар рухани  орталығы. Жастарды тұлға ретінде қалыптастыру, бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, оларды өмірге қажетті дағдыларға үйрету, кітапқа қызығушылығын арттыру - кітапхана қызметтерінің негізгі бағыттарының бірі.

«Коворкинг» орталығының жұмысы жайлы "Жас Отан" Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес түсінікті жеткізіп, жастарды бұл орталықта тек қана кітап оқып қана қоймай жаңа идеялар мен бастамалардың көшбасында болып бірлесіп іскерлік кездесулер, семинарлар, тренингтер, дәрістер өткізіп, игілікті іс-шараларда жиі бас қосуға шақырды. Алдағы уақытта білім орталықтарында интернет желісін сауатты пайдалана білу мақсатындағы «Блогерлер мектебі», бір-біріне ағылшын тілін үйрету, домбыра тарта білуді үйрету мақсатындағы «Болашақ» жобалары, жергілікті ақын-жазушылармен кездесу кештерін өткізу жоспарларын айтып өтті.

Жас оқырмандар Тұрсынбай Төребай С.Сейтманның «Рухани жаңғыру», Бақытбек Фарида қазақтың өршіл ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» жырын мәнерлеп оқып, бабаларымыздың жастарға деген сенімін қайта жаңғыртты.

Өз шығармашылықтарынан төгілте жыр оқыған жас талапкер ақындар мен «Караокеге» қосылып ән салған  жастар білім орталығының ажары мен сәні екендіктерін дәлелдегендей болашақтарына деген зор сенімді ұялатты.

 

 


Ғалымбек Жақсылықов: «Хан-Тәңірі» - Елбасының бізге берген ең жоғары бағасы» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.12.2018 14:20

Өздеріңізге белгілі, Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпір өтті. Аталмыш телекөпірде біздің облысымызда жылына 1 млн тонна өнім шығару қабілеті бар цемент зауыт іске қосылды.

Бұл ауқымды шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсыру, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттауды ұйымдастырды.

Аталмыш шараларда Сыр кәсіпкерлері жеңіс тұғырынан көрініп, үздіктердің сапынан орын алды. Нақтырақ айтқанда:

- «Қазақстанның үздік тауары – 2018» республикалық көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Далатекс» ЖШС жеңімпаз атанды.

- Мемлекет басшысының «Парыз – 2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «СКЗ - U» ЖШС КҮМІС жүлдеге ие болды.

- «Парыз – 2018» сыйлығының «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «РУ-6» мекемесі ҚОЛА жүлдемен марапатталды.

Бұл айтулы күндегі ең үлкен марапат біздің облысқа берілді. Қызылорда облысы «Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» ретінде танылып, Елбасы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына «Хан-Тәңірі» сыйлығын табыс етті.

Мемлекет басшысынан алынған мұндай жоғары бағаның артында өңір басшысы бастаған азаматтардың, салаға жауапты мамандардың уақытпен санаспай жасаған өлшеусіз еңбегі, маңдай тері жатыр.

Облыста кәсіпкерлік саласын дамыту сөз күйінде айтылмай, іспен дәлелденді. Жыл басында аймақ басшысы биылғы жылды облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Бұл бастама кейін үшжылдыққа ұзартылды. Аталмыш бастама аясында өңірде 65-тармақтан тұратын кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» қабылданды.

Жол картасына салаға қатысты негізгі бағдарламалар енгізіліп, қаржыландырудың барлық көздерінен 32 млрд. 86 млн. теңге тартылды. Соның ішінде, «Стартап» жобалардың өзіне 3 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды.

Саланы дамыту үшін қабылданған шешімдер мен бөлінген қаржы алғашқы нәтижелерін де бере бастады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оның ішінде 42 066-сы жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7 пайызды құрады. Бұл - республикада ең жақсы көрсеткіш.

Міне, жылды қорытындылар сәтте Ұлт Көшбасшысы табыстаған марапат Сыр азаматтарының, кәсіпкерлерінің осындай еселі еңбегіне беріліп отырған жоғары баға деп білемін.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға жағымды жағдай қалыптастыру мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бойынша жұмысын алдағы уақытта да жалғастыратын болады. Аймағымызда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты баршаңызды бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.

 

 


ТАБЫСТЫ ЖЫЛДАР ТАҒЫЛЫМЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.12.2018 14:12

Жер бетінде азаттықты аңсамайтын, еркіндік үшін күреспейтін халық жоқ шығар. Тіпті құндақталған сәбидің өзі қолын шығару үшін бұлқынады. Тарихшы ғалымдардың айтуынша, қазақта бостандықты көксеген 250-ден астам ірілі-ұсақты көтерілістер болған екен. Ата-бабаларымыз қан кешіп, жан  берген азаттық жолы – ешқашан  жадымыздан өшпейтін, өшіруге болмайтын  шежіре. Елдің еркіндігін  көксеген күрестерде ерлігімен есте қалған  қайраткерлер  мен батырлардың  есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпақ алдындағы  міндет.

Алайда  біз осы қасиетті де қастерлі мерекенің маңызын түсініп жүрміз бе? Тәуел­сіздік мерекесін атап өткенімізге 27 жыл болды.  Сонша уақыт өтсе де,  сана­м­ызды мазалайтын осы сұрақ неге қайталана береді? Мемлекеттік маңызы бар мереке­ні атап өтпей жатып, көшелерді қызылды-жасылды шамдармен безендіріп, жасыл шыршаны жасан­дыратынымыз қалай? Атал­ған мәселе айтылып та, жазы­лып та жүр. Өкінішке қарай, жыл сайын осы көрі­ністі қай­та көруге мәжбүр боламыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухан­и жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында «сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған тапта­урын қағидалардан арылу» қажеттігі баса ай­тылады. Ол үшін «жаңа дәуірдің жағымды жақтарын» бойға сіңіргеніміз абзал.­ «Рухани жаңғыру» бағдарл­амасы қоғамдық санан­ы жаңғыртуды көз­дейді. Ал қоғамдық сананың өзгеруі әрбір адамның жаңалыққа ұмтылысы мен білімді игеруіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жуыр­да ғана қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламаның жалғасы ретін­де «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жа­риялады. Қазіргі таңда бір­неше тілге аударылып, әлемнің түкпір-түкпірінен айтылған оң пікірлер мақалада ұсынылған жобалардың маңызын арттыра түсті. Ендігі міндет – әрбір жобаның сәтті әрі сапалы жүзеге асырылуында. Түсіне білгенге «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы тәуелсіз мемлекетті дамытып, ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды сақтауды  мақсат  етеді.

Сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өтіп, тарихи шешім қабылданды. Сол күннен баста­п эволюциялық даму жолын таңдаған еліміз тұтас­тығынан айырылмай келеді. Ал 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігі туралы» заң қабылданды. 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері қазақ жастары әділдік іздеп, Алматы қаласындағы орталық алаңға жиналды. Ызғарлы күндердің естелігі әлі күнге жаралы жүректерде жазул­ы. Сондықтан да екі бірдей саяси маңызы басым оқиға болған күнді барынша мазмұнды өткізуге көңіл бөлу  қажет.

Мемлекет басшысы «Тә­уел­сіздік дәуірі» атты еңбе­гінде «Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мереке­лік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүк­те­сін қоюмен бірге, оның баста­лған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей  алады», - деген пікірі жоғарыдағы  ойымызды  тия­нақтай  түседі.

Қазақстанның тәуел­сіз­дігін алдымен Түркия мем­лекеті мойындаса, артынша Ресей мен АҚШ, Қытай, бас-аяғы 102 мемлекет құттықтау хаттарын жолдаған. Алғашқы жылдары Елбасының «алдымен экономика, сосын саясат ұстанымымен» басқару жүйесі бүгінгі күні өз нәтижесін беруде. Мемлекет басқа­руда стратегиялық жоспарл­аудың маңызын «Қазақстан - 2030», «Қазақстан - 2050» бағдарламалары арқылы түсінуге болады. Біз ұзақ және қысқа мерзімге жасал­ған жоспарларды жүзеге­  асыру  арқылы  барлық салада қарышты даму жолына  түстік.

«Үстіде көк Тәңірі, астымызда қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам ба­ласы жаралған екен, Адам бала­сы үстінде ата-бабам Бумын­ қаған, Естеми қаған отырған екен», - деп келетін ерлікті ту еткен, рухы биік елдің баласы ес жиып, Ұлы дала өркениетін әлемге танытуымыз қажет. Шынтуайтына келгенде, Тәуелсіздік күні мерекесі кешегі мен бүгінгіні сарапқа салатын салмақты шара ретінде аталып өткені жөн.

Тәуелсіздік алған жыл­дары жеткен жетістіктерді әр саладан аңғаруға болады. Бір ғана құрылыс саласы бо­йынша Сыр өңірі Астана қаласынан кейінгі орынды алып келеді. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік же­тіс­тіктерін бір ғана Қызыл­орда облысының дамуынан көре­мін»  деуі  тегін  емес.

2000 жылдары Аралдың тағдыры халықты алаңдатқан мәселенің күрмеуі шешілді. 30 шақырымға созылған Көкарал бөгетін салу мен Кіші Аралды сақтап қалу сәтті жүзеге асты. Әлемдік деңгейде қолдау тапқан бұл жобаның мүмкіндіктерін енді түсініп келеміз.

Бүгінгі күні Қазақстан   50-ден астам халықаралық ұйымдардың мүшесі. Көптеген сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан әлемге құлаш ұрды. Экономикалық кеңес, Кеден одағын құру және бірқатар маңызды заңдарды қабылдау – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Мемлекет басшысы экономикалық ахуалды жақсартуға бар мүмкіндіктерді қарастырды. Соның нәтижесінде 1991-2000 жылдар аралығында бір ғана ішкі жалпы өнімнің 1 пайыздан 30 пайызға өсуі сөзіміздің дәлелі. Тәуелсіз­дік алған екінші онжылдығында бұл көрсеткіш арт­паса, кеміген  жоқ.

Алтын қыран. Самұрық құс. Киіз үй. Бәйтерек. Бұлар – тәуелсіз Қазақстан астанасының айшықты бейнес­і. Ұлттық мифология мен тарихи санамен тығыз байланыстағы бұл символдар әрбір азаматтың рухын көтеріп, кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатары анық. Астана­ның көшірілуінен бастап­ бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері Елбасы есімімен тығыз  байланысты.

Журналистика саласының табыстары да Тәуелсіз­дік  жылдарынан көрінеді. Ең алдымен БАҚ туралы заңның­  қабылдануы, толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Мамандар даяр­лаудағы ізденістер мен жаңа­шылдық талаптарына сәйкес еліміздің 20-ға жуық ЖОО-да оқытылуы бәсекелік қабілетті арттыра түседі. Бір­неше рет Еуразиялық медиа­форум мен түрлі халық­аралық  деңгейдегі кездесулер журналистердің кәсіби біліктілігін  дамытты. Соңғы деректерге  сүйенсек, Қа­зақ­станда  интернет  қолданушылар саны 2 миллионнан  асты.

Тәуелсіздік жылдарындағы нәтижелі істердің бірі – шетелдегі отандастарымыздың елге оралуы. 2009-2011 жылдары жүзеге асырылған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 860 мыңнан астам қазақ қоныс аударды. Кез келген дамушы мемлекет үшін демографиялық ахуалдың маңызы өте зор. Кезінде елден көшіп кеткен қандастарымыз да қайтып оралды. Дүниежүзінің 35 елінен 700-ге жуық қандасымыз Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына  келді.

Табысты жылдары білім, мәдениет, спорт саласын дамыту­ға ерекше көңіл бө­лінді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында үш ауысымдағы мектептер жойылып, елді мекендерде ауылдық амбулаториялар ашылды. Сыр өңірінде қа­зіргі таңда апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда білім алатын оқу­шылардың мәселесі толы­ғымен  шешілді.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласы ерекше дамы­ды. Әсіресе ауылда оқитын балалар үшін мем­лекеттік гранттар бөлініп, қазіргі таңда оларды жұмыс­қа орналастыру да шешімін тауып отыр. Білім беру саласындағы тағы бір жетістік – Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың елге қызмет етуі де көңіл қуантады.

Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, Германия, Беларусь секілді 30-дан астам елдің ғалым­дарымен тығыз байланыс орнаты­лып, 2011 жылғы мәлімет  бойынша 5 мың магистр, 500 PhD доктор да­йындалған. Елбасының биыл­ғы Қазақстан халқына жолдауында ғылым, білім саласына бұрын-соңды болмаған қаржы аударылып, нәтижелі ғылыми ізденістерге баруға мүмкіндіктер туып отыр.

Мәдениет саласындағы зор табыстарымыздың бірі – ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне Қорқыт ата мұраларының  тізімге алынуы. Бұған дейін бұл тізімде Сыр өңірінің 9 киелі нысаны бар. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында елдегі өнер ұжымдары бірнеше Еуропа елдеріне барып, концерт беріп келді.

Спорт саласында Қазақстан бойынша 32 мыңға жуық кешендер салынған. Сыр өңірінде спорт кешендерін ашу қарқынды жүзеге асы­рылуда.

Бір мақаланың аясына Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер тізбегі сыймайды. Тәуелсіздік күнін тағылымды өткізу үшін жоғарыда аталған табысты жылдар көрсеткіші де жеткілікті.

Өкінішке қарай, қастерлі мерекенің қасиетін түсін­бейтіндер бізді қатты алаңдататынын жасырмаймыз. Бүгінгі ұрпақ татулықты ту еткен елдің тәуелсіздік жолындағы тарихын қаншалықты түсінді? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда Тәуелсіздік күні мереке­сінен бұрын Жаңа жыл, Хэллоуинді асыға күтіп, оны мазмұнды өткізуге да­йындық жасап жүретіндер қатары  азаяр  емес.

Түркі дүниесінің абызы Қорқыт бабамыз мәңгілік тұрағын тапқан, ежелгі астаналар  мекені, қасиет пен құт дарыған өлкеде өркениет көшінің өшпес ізі бар. Сондықтан да Тәуелсіздік күнін құр даңғазаға айналдырмай, табысты мемлекетті дамытудың тарихи жолынан тағылым алғанымыз жөн.

Гүлмира   ӘШІРБЕКОВА,

облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының  бөлім

меңгерушісі, ф.ғ.к.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары