Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1581
mod_vvisit_counterКеше2779
mod_vvisit_counterОсы аптада13251
mod_vvisit_counterӨткен аптада18090
mod_vvisit_counterОсы айда15681
mod_vvisit_counterӨткен айда58946
mod_vvisit_counterБәрі4196771


Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 20 Желтоқсан 2018

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2018 17:43

Облыс әкімі Қ.Көшербаев энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аймақ басшысы тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету коммуналдық қызметтердің жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  Қызылорда қаласында «Smart квартал» жобасы іске асырылуда, аталған жоба табиғи монополия субъектілермен көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтыну көрсеткіштерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар, 2019 жылы жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін облыс орталығында, Жаңақорған, Шиелі және Жалағаш аудандарында жалпы қуаты 150 мегаватт болатын 4 күн электр станциясының құрылысы жоспарлануда», - деді аймақ басшысы.

2018 жылдың қорытындысы бойынша энергетика саласының үздік қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысында 300 км-ден астам электр желілері қайта жаңартылып, 90-нан астам қосалқы станция орнатылды.

2019 жылы облыстың барлық 7 аудан орталығын орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету, сол арқылы аймақты көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Облыс тұрғындарының 98 пайызы тұратын ауылдық елдімекендердің 83 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары болып табылады. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы ауылдық елдімекендер мен аудан орталықтарын Бірыңғай сумен жабдықтау операторы құрылды. Сумен жабдықтаудың жергілікті желілері коммуналдық меншіктен республикалық меншікке "Қазсушар" РМК "Арал" СЖКБД филиалының балансына берілді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2018 17:35

Облыстық медицина орталығының жанында кардиологиялық, нейроинсульттік және офтальмохирургиялық орталықтар, онда 1500-ға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Бұл орталықтардың жұмысы әлеуметтік және экономикалық тұрғыда маңызды екенін атап өткен жөн. Соның арқасында қызылордалықтар ота жасату үшін бұрын астаналық мекемелерге немесе Ресейге барса, бүгінде облыстық медицина орталығында жасата алады.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы жұмыс істеп тұр.

Медицина орталығының қызметкерлерін облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтап, бұл орталықтың құрылысы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегі екенін атап өтті.

«Облыстық медицина орталығының толық аяқталуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды саясатының жемісі. Елбасы елмен бірге қуанды, осыдан 20 жыл бұрын желтоқсан айында Сыр бойына келіп, медицина орталығының лентасын қиды. Заман талабына сай болуға аманат арқалатты. Облыстық медицина орталығы өңірде көпсалалы медициналық көмек көрсететін жалғыз орталық. Осы орталықтың  заман талабына сай болып, медицинаның соңғы жетістігін игеруге күш салуымыз қажет. Президентіміз «Нұр Отан» партиясының кезекті отырысында қызылордалық дәрігерлерге жоғары бағасын берді»,-деді аймақ басшысы.

Медицина орталығының ұжымы атынан медицина ардагері Тұрғанбай Маханов құттықтады.

Орталықтың үздік қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара барысында облыстық медицина орталығының жас дәрігерлері Елбасына арнаған үндеухатын жолдады.

Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен, апатты деп танылған 64 пайыз медициналық нысанды жаңадан салуға мүмкіндік жасалды. Облыстың барлық 7 ауданында  емханалар жаңадан салынды, Арал, Қазалы, Шиеліде ауруханалар бой көтерді.

Облыс дамуының бірыңғай перспективалық жобасы аясында 2025 жылға дейін өңірдің барлық медициналық нысандары, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жаңартылады. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 61 жобасы қарастырылып, 29 жоба іске асырылуда.

Сонымен қатар, мамандар даярлау мақсатында 72 қызылордалық студент облыс әкімінің гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының бакалавриаты мен резидентурасында білім алуда, ал аймақ дәрігерлері шетелде тәжірибеден өтуде.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


АУДАН ӘКІМІ "Б КОРПУСЫ" ЖАЙДАРМАНШЫЛАР КОМАНДАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2018 14:54

Бүгін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жас мемлекеттік қызметшілердің арасында өткізілген көңілді тапқырлар сайысында өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленген Жалағаш ауданы әкімдігінің "Б корпусы" командасын қабылдады.

Аудан басшысы жастарға ұтымды әзілмен, сүбелі сөзбен xалықтың көңілінен шығып, жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестігін білдірді. Өз кезегінде жайдарманшылар аудан әкіміне алғыстарын білдіріп, сенім үдесінен шығуға уәде берді.

Айта кетейік, 9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай Мемлекеттік Қызмет Істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда КВН филиалының ұйымдастыруымен "Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ" тақырыбындағы жас мемлекеттік қызметкерлердің арасында көңілді тапқырлар сайысына Қызылорда облысынан 11 команда қатысып, нәтижесінде Жалағаш ауданы әкімдігінің "Б корпусы" командасы жүлделі ІІ орынды иеленген болатын.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша сұхбат алаңдары өткізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2018 14:50

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2018 жылдың сәуір-қараша айларында Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында сыбайлас жемқорлықтың, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша сұхбат алаңдары өткізілді.

Сұхбат алаңдарына мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері мен тұрғындар қатысты. Онда сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа жол берген жағдайлардағы жауапкершілік, құқықбұзушылықтың салдары және онымен күресу бойынша ұсыныстар жинақталып, тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсынылды.

Сұхбат алаңдарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығы басшысының орынбасары Ержан Жаров, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Б.Байходжаев, Қызылорда облысы бойынша арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Анар Ізден, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Ләззат Қаржаубаева, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Ж.Тұсмағамбетов спикер болып, өз ойларымен бөлісіп, сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып отыруды ұсынды.

 


КӨППЕН ЖҮРІП АДАСҚАНША... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.12.2018 14:38

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

«Көппен көрген – ұлы той» деуші еді атам қазақ. Елдің бірлігіне, халықтың бүтіндігіне үндеуші дұрыс-ақ нақыл. Бірақ...

«Көптің сөзі – темір талқы, қисайғанды түзетер», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген дана сөздер де баршылық. Бұл адамның өз ортасынан бөлінбей, оны қадір тұтуын меңзейді. Көпшілік қателесуі ешқашан мүмкін емес. Себебі, көрген-білгені көп ақсақалдар, ақыл мен парасат иелері жол сілтеп отырады. Қайта келіспеске лаж жоқ.

Десе де, осы көпшілік ұғымы әу баста артылған мәнінен айырылып, бұрмаланған сияқты. Көпшіліктің бірімін деген жеке адамның ықтияры мен жауапкершілігін шектеуі өз алдына.

Әсіресе, бодандықта болған заманда көпшіліктің мысын коммунистік идеология басып тастады. Адам деген мемлекет­тің винтигі, тұр десе тұрып, жат десе жату керек деген ұран салтан­ат құрды. Ұжымнан бөлінбей, саппен жүру қағидаты мектеп табалдырығынан әркімнің миына құйылды. Көпшілікпен бірдей ойлау, бірдей сөйлеу, бірдей дауыс беру аман қалудың ғана емес, жарқын өмір мен сәтті карьераның алғышартына айналды. Партияның саясатын бірауыздан мақұлдау, басшылықты ұлықтау, бұнымен келіспегенді айыптап лағынет жаудыру кеңін­ен етек жайды. Сондағысы мәселенің анық-қанығына үңілу міндет емес еді, жоғарыдан нұсқау түссе жеткілікті. «Пастернакты оқымасам да, шығармаларын тұла-бойыммен жек көремін» секілді.

Билік пен көпшілік ажырамас ұғымдар екенін дәріптеуші ойын ережелерін XX ғасырдың зұлматтарын бастан кешіріп, рухани сағы сынған қоғам да қабылдауға мәжбүрленді. Жүре-бара қалыс қалу немесе одан әрі көпшілікпен бірге қол көтермеу дөрекілік ғана емес, мына біреу айдан түсті ме деген­ реакция туғызатын болды. Осылайша көпшілік дегеннің сесі қоғам дамуының басты заңын­а, азаматтардың құлқы мен жан-тәнін анықтайтын негізгі сипатына айналды.

Көпшілік ұғымының осынау психологиялық құдіретін, балама көзқарас пен сыни ойды жоққа шығаратын қабілетін билік жақсы ұғынды. Онысын оңды-солды қажетіне жаратты. Уақыт өте ешкім көзімен көріп, қолымен ұстамаса да көпшілік өзіндік өмірі бар субстанцияға айналды. Тіпті ең жағымсыз заңдар мен қаулылар сол көпшілікке арқа сүйей отырып қабылданды. Кезінде кириллица әліпбиіне өткенде, қазақ мектептерін жапқанда, қазақ жерлерін тың игеруге бергенде «басым­ көпшіліктің өтінуінше» деген желеу – үгіт-насихаттың басты құралы бол­ғаны  мәлім.

 

ТОБЫРЛЫҚ   ТҮЙСІК

Осы ұғымды естігенде әркімнің ойына ең алдымен жануарлар келетіні белгілі. Шынында да тобыр не үйірге бірігу – қоршаған ортадағы мақлұқтардың тірі қа­луы­ның бірден-бір жолы. Ондай  топта әр мүшенің өзіндік орны белгіленген – бірі басшы, екіншісі – сақшы, үшіншісі – қосшы дегендей. Бұл иерархияда жоғары орналасқандар тиісті абыройға иелік етіп, қалғандары оның үкі­міне толық ба­ғынуға әзір. Сондай отарлық түйсіктің айқы­н  мысалын  1986 жылы Британиядағы Корнуолл кентінде бол­ған оқиғадан кө­реміз. Бірнеше мың қой бар отардың серкесі неліктен екені белгісіз, биік жартастан теңізге секіргенде оның соңынан еріп, қой­дың  бәрі қырылған.

Таңғаларлық көрі­нер, бірақ ғалым­дардың пайымынша осындай соқыр бағыныш адам баласына да тән екен. Басшысын сайлап, оған өзінің атынан сөйлеу құқын беріп, лауазым ұсыну – соның бір көрінісі. Осы орайда­ Лидс университетінің ғалымдары жасаған әлеуметтік сынақ­қа назар салсақ. Олар екі жүздей адамды үлкен залға жинап­, бір-бірімен сөйлесуге тыйым салған және қалаған бағытт­а жүруін тапсырған. Сол топтың ішінде жасырын микрофон арқылы екі-үш адамға белгілі бір бағытта жүруіне нұс­қау берілген. Ақырындап қадамы нық әлгі екі-үшеудің артынан осылар жолды біледі-ау деген сеніммен қалғанның бәрі ілесе кеткен. Сондағысы адамдар  оларды әлдебіреу басқарып отырғанын сезінбеген. Зигмунд Фрейд бұл құбылысты­ ақпарат жеткіліксіздігі жағда­йында адам баласындағы тобыр­лық түйсікке жүгінудің бірінші орынға шығуымен түсіндірген.

Көптеген жағдайда ақпараттың тапшылығымен қатар ондай түйсікке шешім қабылдаудың жылдамдығы әсер етеді. Әдетте белгілі бір ұйғарымға келу үшін адам ойлану керек, түрлі деректерді салыстырып сараптан өткізу керек. Оған уақыт пен күш кетеді. Ал адам­ға көпшілік атынан дайын шешім ұсынылса, соны қабылдай салу оңай көрінеді. Жұрт­тың бәрінің таңдауы осы болса, басқа амал жоқ. Қалай болғанда не істесе де өзіне көпші­ліктің зиян келтірмейтінін біледі де, олай болса бұл таңдау­ маған да кесірін тигізбес деп пайымдайды әр пенде.

Психологтар бұндай әдетті кішкентай балалардың ересектерге еліктеуіне, олар сықылды сөйлеуіне, олардың қылық­тарын қайталауына ұқсатады. Себебі, буыны әлі қатпаған, ақылы толыспаған бала қайсының дұрыс, қайсының бұрыс екенін аңғармайды. Сөйтіп барып­ өмірден түсінігі бар, тәжірибесі жеткілікті дегендерге автоматты түрде еліктейді. Дәрігерлер үлкендерге балалардың көзінше темекі тартпауға, арақ ішпеуге, дөрекі сөз айтпауға кеңес беретіні де сондықтан.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҢ   ШАҢЫ   ШЫҚПАС

Адам бойындағы осындай әлсіздік мен сенгіштікті түрлі алаяқтар, әсіре діншілдер, арам саясаткерлер өз пайдасына асыруға ұмтылатыны түсі­нікті. Сол себепті аталғандардың әрқайсысы ғалымдарды, тиісті саланың мамандарын не болмаса еркін ойлы азаматтарды, тәуелсіз баспасөзді жақтырмайды. Өйткені, олар әр мәселенің анық-қанығына жеткісі келеді, үнемі күмәнданады, ыңғайсыз сұрақтар қояды. Оларға жауап беру мен өз шешімінің дұрыстығын дәйектеудің машақаты өз алдына­, бұл қатардағы қоғам мүшесінің деңгейіне түскен билеушінің мәртебесіне нұқ­сан келтіруі ықтимал. Ал, онысы тобырлық түйсіктің бол­мысына  қарама-қайшы.

Алайда  адамзат  тарихында тың жаңалықтарды ашқан, өркендеуге бағыт берген тұлғаларға зер салсақ, негізінен тобыр­лық түйсікке бағынбаған, ізденімпаз жандар екенін көреміз. Алайда енді жоғары мансапқа жеткен бойда солардың талайының тобырлық санағ­а басымдық бергені бай­қалаған. Себебі, кез келген жаңа­шылдық олардың көшбасшылығына қауіп төндіруі мүм­кін. Демократияшыл боп бастаған Фидель Кастро, Владимир Путин, Асқар Ақаев және басқалардың жылдар өте менменшіл билеуші боп өзгеріп шыға келгені айтылғанға дәлел. Айналып келгенде осындай тұлғалар мен олардың серік­тестері, қосшылары мен сақ­шы­лары белгілі қоғамның «алтын 5 пайызын» құрап, өздеріне ыңғайлы тәртіп орнатады. Қалған 95 оған мүлтіксіз ба­ғынады. Билікті сақтап қалуға бекінген қандай да автори­тарлы жүйенің консервативті болуы­  сондықтан.

Орта деңгейдегі тобырлық түйсіктілерге келсек, олар да жаңашылдыққа ұмтылмайды. Тек, жеке басының қауіпсіздігі мен мүлкіне қатер төнсе ғана батыл әрекеттерге баруға дайын.­ Қалған жағдайда билік басына кім келсін оны мадақтауға, кеше ғана күнкөсем көр­ген алдыңғы басшыны жамандауға даяр тұрады. Жек­көрі­нішті көрінгенімен бұндай екіжүзділік те – тобырлық табиғ­аттың талабы. Нақты көзқарастары әлі қалыптас­пағандықтан төменгі сатыдағылар жарқын болашақ пен әлеуметтік мәртебесін өсіруді уәде еткен кез келген популисті қолдауға әзір.

Осыдан келіп билік түсі­нігіндегі көпшіліктің өзі өте бұлыңғыр екенін аңғарамыз. Көріп отырғанымыздай, бірін­ші кезекте жеке басының қамын ойлаған мансапқұмарлар сол көпшіліктің жаршы­ла­рына айналады. Формалды түрде ондайлар билік партиясының мүшесі болуы мүмкін. Айталық, Кеңес Одағында коммунистік партия мүшеле­рінің саны 8 миллионға, ал комсомол мүшелерінің саны     15 миллионға жететін. Сонымен қатар, шынайы балама болмағ­андықтан не басшылықтың нұсқауымен сайлауларда көпшілік билікке дауыс беруі мүмкін. Тіпті бұған дейін ас­үйде сол билікті жамандаса да. Себебі, ойында баяғы көпші­ліктен шығып қалмау қорқынышы, жалғыз өзім не бітіре­мін, басым бәлеге қалып жүр­мей ме деген үрей үстем бо­лады.­

Әлбетте, өз пікірі бар, айтылғанның бәріне көз жұма илана бермейтіндерді кәсіп­орын қожайыны, партия мен мемлекет серкелері ұнат­пай­тыны белгілі. Сондықтан, ұжымда бұндай жаман әдетке жол бермеу мақсатында әлгі­лерді жұмыстан қуады, сот­тайды, елден безуге мәжбүр етеді, қысқасы амалын тауып үнін өшіреді. Бұл өмірлік сабақ­ты ұғынған қалғандары бұрынғыдан бетер жалтақ, көнгіш, бастық не десе де, тіпті намысына тисе де төзуге бейімдел­еді.

 

ӨЗІҢ   ҚАНДАЙ   БОЛСАҢ,

БАСШЫҢ   СОНДАЙ

Бірақ, сескеніс, білімсіздік, әр нәрсеге сыни көзбен қарай аламаушылық, немқұрайлық жайлаған топтың қолдауы өз алдына алдамшы дүние. Тарихта бұл тұзаққа талай билік түскен, әлі де түсетін түрі бар. Мәселен, 1991 жылдың көк­темінде өткен референдумда Кеңес Одағын сақтап қалуға алып  империя  азаматтарының 93 пайызы дауыс берді. Оның ішінде Қазақстан да болған. Алайда арада жарты-ақ жылдан кейін Ельцин, Кравчук және Шушкевич КСРО-ның жо­йылатыны  жайлы шартқа қол қойғанда  оны қолдаған әлгі 250 миллион халық ләм-мим демеді. Біреуі де көше мен алаңға шығып наразылық біл­дірмеді. Ал, әлгі көпшіліктің өтірік қолдауына иланған КСРО көсемдері сол күйлі құрдымға  кете  барды.

Осындай адасқандық басқа да елдер мен олардың көсемдерінің басынан өтті. Муссолини, Чеушеску, Мубарак, Қаддафи, Бен Али, Салех – осылардың бәрі президенттік сайлауларда 90 пайыздан жоғар­ы дауысқа иелік етіп, соңғы сәтіне дейін халқының сөзсіз сүйіспеншілігіне иемін деп сенді. Ақыры кешегі жуас азаматтары ұйымдастырған дүмпулердің құрбанына айналды. Яғни, авторитарлық ор­тада сайлаудағы дауыс артқан са­йын, күдіктің де көбейетіні хақ.

Әрбір ұлттың тарихында көшбасшының маңызы зор. Тіпті Уинстон Чирчилль «ешқан­дай  адамзаттың тарихы жоқ, бары – жеке тұлғалардың өмірбаяны ғана» деген екен. Мәселе тарихтың ше­шуш­і сәттерінде сахнаға Ататүрк, Гавел секілді елін биікте­рге көтерген даныш­пандармен қатар керісінше барына­н айырылып, халқын апатқа ұшыратқан тұлғалар шығып тұрады. Ол жайында Наполеон «қойдың арыс­тандарды бастағанынан гөрі, арыстанның қойды бастағаны артық» деген.

Өкініштісі, қоғам неғұрлым ұйқыда болса, ал демократия талаптары еленбесе, ондай елдің тізгіні кездейсоқ сая­сат­керлердің қолында кетуі де соғұрлы­м ықтимал. Өйткені, ол дебатқа шығу, өткір сұрақтарға жауап беру, өмірінде жемқо­р­лыққа,  басқа  заң­бұзушы­лыққа бармағанын дәлелдеу, әділ сайла­у сияқты демокра­тиялық сүзгіден өт­пеген­. Осылайша  басқалардан артықшылығын  ашық  күресте көрсет­пеген. Ал, тағдырлы шешім  жабық есік жағдайында қабылданса, билік басына жеке басының қамын тұтас халық­тан жоғары­  қойған  саясаткерлер­дің келу мүмкін­дігі артады. Сорақыс­ы сол, бұдан келіп туын­дайтын дағдарыстың жүгін бүкіл ел көтеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде мықты, әлеуеті зор деген ұлт­тардың өздері естен­  танарлық  соққы  алған.

Демек, кез келген мемлекеттің  тұрақталығының қайнар  көзі – ондағы көпшіліктің белсенділігі, білімпаздығы, жауапкершілігі. Бұны қара­пайым азаматтар ғана емес, лауазым­ иелері де түсінуі қажет. Себебі, іс насырға шапса­, кесірі өздерін де айналып өтпесі анық. Өз алдына саясат та – аса маңызды іс болғандықтан,  сол қоғамдағы әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететіндіктен, оның тізгінін саясаткерлерге ұстатып қоюға болмайды. Сайып келгенде, дұрыс саясат – жеке біреудің меншігі емес, қоғамның тікелей бақылауы бол­ғанда  ғана  жүзеге  асады.

P.S. Хәкім  Абайдың  жиырма үшінші қара сөзін еске тағы бір түсірсек: ...Қазақтың жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көп­пен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым  көпке  келіп  пе? Біреу­ден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер біле­тұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің атының арығаны жақсы­  ма? Жоқ, жармысы арыса,­ жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің  түгел  жұтағаны  жақсы ма? Жарым-жартысының  аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген­  жаман күйеу қалың­дығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Енде­ше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!

 

Автордың  пікірі  редакцияның ұстанымына  сай  келмеуі  мүмкін.

 


БҰРЫНҒЫДАЙ «БАП» ҚАЙДА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.12.2018 14:31

Жаңа  жылдық  қарбалас

Бүгінде Григориан күнтіз­бесіндегі «Жаңа жыл мереке­сіне» деп бөлінген қаржыны әдеттегідей жергілікті әкімдік буып-түйіп дайындап отыр. Бюджет тапшылығы бүйірден қысқасын ба, әлде президент­тің пәрменінен кейін бе, биыл жаңа жылдық әлем-жәлем безен­дірулерге бұрынғыдай ақшаны оңды-солды шашу тыйылғандай.

Әзірге Алматы әкімдігі былтырғы жомарттығына басып, биыл жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға қазынадан 75 млн теңге бөлуді ұйғарыпты. Естеріңізде болса, Бауыр­жан Байбек бастаған қала билігі өткен жылы жел­тоқсандағы барлық мерекеге бақандай 630 млн теңге жұм­сап, елді естен тандырған. Биыл қаржының аз бөлінуіне қарағанда, шамасы, Алматы әкімі былтыр сатып алынған түрлі-түсті жарық шамдары осы жылы да кәдеге жарайды деп шешкен  секілді.

Мәлімдемелері ылғи «хит»-қа айнала­тын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шырайл­ы шаһар тұрғындары жаңа жылды «вау» дейтіндей көңіл күймен қарсы алу үшін барын салып жатқан көрінеді. Бюджеттен 70 млн теңге жұмсауды жөн санаған екен. Шымкент әкімі өз сөзінде:

– Мен ойлаймын, үлкен қала үшін 70 млн теңге көп ақша емес. Кез келген адам өмірді «вау» деп сүргісі келеді. Әйелдер неге боянады? Біз неге әдемі киім сатып аламыз? Неге сыйлық  жасаймыз?  Себебі  «вау» болу  үшін. Егер тұрғындар жаңа жылдық­ безендіру қажет емес деп шешсе, оны  жасамай  түнерген қала­да­  өмір  сүрейік  онда, - дейді.

Есесіне Қызылорда қаласының тұрғындары оңтүстік әкімі айтпақшы, биыл «вау» демейтін тәрізді. Былтыр қазынадан бөлінген 12 млн теңгеге облыс орталығындағы бір­қатар көшелерге жаңа жылдық жарық шамдары жүргізіліп, әжептәуір әр беріп, тұрғындарға тамаша тарту жасалғ­ан-ды. Биыл  ше?

– Жаңа жыл мерекесінде Қызыл­орда қаласында жылдағы дәстүрге сай шырша тігу, безендіру жұмыстары жүргізіледі. Мерекелік шырша қаланың бес жерінде орнатылады. Олар: Орталық алаң, Жібек жолы көшесі, Теміржол вокзалы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион және Ы.Жақаев көшесі бойында. Бұдан бөлек Жібек жолы, Абай, Желтоқсан, Тоқмағанбетов көшелері және қаланың шет аймақтары жаңа жылдық мерекеге сай безендіріледі. Осы жұмыстардың барлығына қалалық бюджеттен 6 млн теңге қарастырылған. Жаңа жылдық безендіру жұмыстарының барлығы Тәуелсіздік мерекесінен кейін басталады, - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.

Айтпақшы, Тәуелсіздік мерекесі аталып өткеннен кейін келесі күні-ақ орталық алаңда жергілікті қала басшылығы іле-шала шырша орнатуға кірісті. Ал, жаңа жылдық безендірулерге өзге өңірлердің қанша қаржы бөлгені әзірге белгісіз.

Мұндайда «Наурыз мейрамына неге осылай жан­таласа дайындалмаймыз?» деге­н сауал жауапсыз қала бермек.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы,

Сурет  Д.Эшатованың  фейсбуктегі парақшасынан  алынды. (17.12.2018ж)

 


МАҚТАНА АЛАСЫЗ БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
20.12.2018 14:27

- Қазақ болғаныңызға мақтанасыз ба?

- Әрине! Мақтанамын! Не айтып тұрсың?!

Бұл сұраққа әдеттегі жауап осы. Ал енді мы­сал­ға  көшейік...

Бірінші көрініс: Құ­рылыс басы. Қайнаған тіршілік. Қыс. Бетті аяз қариды. Оған қарап жатқан құрылысшылар жоқ. Биік ғимараттың қабырғасын өріп жатыр, кір­пішті кезегімен қалап жатыр. Күңк еткен біреу екіншісіне қарап: «Ас ішерде деген, қазақ ғана қыста құрылыс салады. Әйтпесе, көктем болғанда мынаның қабырғасы сөгіледі ғой», - дейді. Екіншісі оның ізімен: «Қазақты Құдай бейнетке жазған, орыс болса, қап-қап цементті бесін­ші қабатқа қолдап тасымас еді», - деп жауап қатты.

Екінші көрініс: Базар. Ығы-жығы халық. Бұрымдысын сабаққа бару­ға  даярлаған  ана. Ана тілін алмаған қыз. Анасы: «Бәрі – қырғыз­дікі. Бәрі – қытайдікі. Бәрі – өзбектікі. Қазақ тек шашылуды біледі. Әу баста қой баққан, сол күйі күйбің тірлікті ғана қалайды. Асылы, қазақ – жалқау. Әйтпесе осыны өзімізде тігуге болады ғой!».

Үшінші көрініс: Банк. Мұнда да сапырылысқан жұрт. Бірі несие төлеп, бірі бала­бақшаға ақша салып жатыр­. Енді бірі несие алуда. Ұзын сонар кезектен жанжал шықты. Кезек­ бұзылған. Біреу кезексіз банк қызмет­керіне кіріп кеткен. Сонда бірі: «Айтсаң, өзімізге тиеді. Осы сорлылығымызбен ел бо­луы­мыз қиын шығар. Қазақ ғана бір-бірін алдай­ды. Қазақ ғана бір-біріне қысастық қы­лады». «Баранами были, так ими и остались», - дейді екінші қазақ. Жай қазақ емес, өзінше «интеллигент қазақ».

Денеміз дір етпейді. Шімірікпейміз де. «Қа­зақта не әкеңнің ақысы бар?!» дейтін ешкім жоқ. Күнделікті күйбің тір­лікте қазақты осылай қазақ жер етуде. Ал содан кейін мақтана аласыз ба?

Тағы бір қызық мысал, қазақты қарекетіне орай «неміс», «татар», «еврей», «өзбек», «қытай» ету басым. Одан бөлек, шыққан дарынымызды да баз біреудікіне ұқсата саламыз. Мәселен, «Қазақтың Гомері», «Қазақтың Есенині», «Қазақтың Модельианиі», «Қазақтың Вашингтоны», тағысын тағылар. Шыққан «ұлымызды» «Қазақтың Мағжаны», «Қазақтың Нұрсұлтаны», «Қазақтың Жамбылы» десек, аузымыз қисайып қала ма? Әлде біздің мәдениет пен өнер, дәстүр мен салт кейін дамып па? Болмаса өзгеден көшіріп басатын, аударып алатын «ұрлықшы» халықпыз ба? Жоқ! Күллі Еуропа бұтына жапырақ байлап жүргенде, қазекем шалбар киіп, атқа қонып, жұрт аңсайтын әрі қорқатын, көргенін үлгі ететін ұлт болған. Мәдениеті мен дәстүріне, ойы мен дағдысына тәнті еткен. Кентаврлар  елі  атанған.

Бойыңызды мақтаныш кернеді ме? Кеттік арыға. Аңыз дейміз бе, тарих дейміз бе, Гомер ақсақал жазып қалды­рған «Илиада» дастаны бар (Жұрт поэма десін, ал біз дастан және қисса жазғанбыз). Сол туынды Троя со­ғысы туралы өрнектейді. Соғыс­ қызған шағында әйгілі Ахилдің інісі Гектордың қолынан өліп, Ахил трояндық ханзаданы жекпе-жекке шақырады. Приамның ұлы сол жекпе-жекте мертігіп, Ахил жауын қосынға дейін атпен сүйреп барады. Шөп-шалам, бұта-тасқа соқтыққан Гектордың денесі адам көргісіз күйге түседі. Беріге келейі­к, Тигр мен Евфрат өзені аралығында Ассирия деген мемлекет болған. Алғашқ­ы мемлекеттің та­рихы да қанқұйлы. Жеңілген елдің патшасын арбаға жегіп, ел астанасына дейін Асси­рияның патшасын сүйреп келуі керек екен. Нақ тарих солай. Сәл жылжиық, Лидия мемлекеті. Крез сол елдің соңғы билеушісі еді. Кир Лидияны жаулап, патшасы Крезді торға салып, торды айналдыра от қояды. Мермрад әулетінің соңғы тұяғы осылай мерт болады. Одан беріректе, Рим деген империя болған. Сол алып державаны  құлату үшін қанша тұлға мерт болды? Карфагендік Ганнибал Барка, алғашқ­ы көтерілісші Спартак, тағысын тағылар. Олар Римге барар жолдың бойында ит-құсқа жем болып, крестк­е ілініп жан тапсырды. Солай қор болды. Дәл солай тарих жауды азаптап өлтір­ген, мүрдесін қор еткен билеу­шілердің қанқұйлы саясат­ымен жазыла берді. Кешегі­ Гитлер де, Сталин де жауын аяған жоқ. Өлтірді. Өлтірген соң мүрдесін қор­лады. Қанша қазақ батырының басы Ресейде Эрмитаж бен Кунсткамерада жатыр. Денесі бөлек, басы бөлек.

Ал қазақ ешқашан жауына қорлық көрсетпеген.

Сол қазақ ешкімге қиянат қылмаған.

Сенбейсіз бе? Тағы бір мысал, Кекірелі деген елді мекен бар. Атаулы жерден оңтүстік-батысқа қарай 12,5 шақырым жерде Тықы батырдың мүрдесі жатыр. Қазақ батыры емес, қарақалпақтың қолбасшысының бейіті. Қазақ жерінде өзге батыр неге жерленген дейсіз ғой. Мән мынада, ел аузындағы әңгімеге сенсек, күн­дер­дің күнінде шау тартып, қартайған шағында Жақайымның Жылқайдар батырының қамсыз жатқан ауылына қарақалп­ақ Тықы үш жүз сарба­зымен  шабады. Қызын күң, ұлын құл етіп, малын айдап әкетеді. Қарт батырды қапыда өлтіріп, сауытын қанжығаға байлап кетеді. Мұны естіген Есет, Толыбай, Ақтан, Жанқожа батырлар қазақ жеріне етене енген қарақалпақтарды Хиуа жеріне апарып тығады-мыс. Он жеті-он сегіздер шамасындағы Жанқожа Тықы батырды жекпе-жекте мерт еткенде, батырын тастап қарақалпақтар жан сауғалайды. Мұны аңғарған қазақтар жау болса да батырлығын еске­ріп, арулап жерлеп, мұнара көтереді. Мұнымен қалайша мақтанбасқа?! Қалай кеуде кермеске?! Жауының аруа­ғына құрмет көрсеткен баба жұрттың қасиеті бойға леп, денеге қуат береді.

Әр ұлттың өзіне тән қасие­ті бар. Ұлт – уақытындағы адам. Оның бойындағы бар қасиет ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Әкеден балаға­, атадан немереге. Қазақта жатқан жері жақсы, қаны текті деген әңгіме содан шықса керек. Ал ұлтты жа­манд­ау, қазақты даттау – әр адамның өзін сөгумен тең.

Рас, қазақ кеш қимылдайды. Бірақ қимылдайды. Өйт­кені біз кеш қарекет етеміз. Мәселен, сандық технологияға қазақ енді келді. Сымсыз байланыс дегенді кеше игердік. Себебі, сіздің де, біздің де сандық әлемге қызығушылығымыз болған жоқ. Енді үйреніп жатырмыз. Айтпақшы, қазақтың арысы Мұстафа Шоқай «Жаман ұлт жоқ, жаман адам бар» дегені бар  емес  пе?

Африкада арыстан деген жануар бар. Біздің танымда ол аң патшасы. Айбаттылықтың, қаһарлылықтың ныша­ны.­ Есесіне гиена деген тағы бір жыртқыш бар. Жыртқыш деуге келмейді. Қарақшылық қылып, өзге әлсіз етқорек­ті­лердің азығын тартып жейді, мықтысынан ұрлап жейді. Әйтеуір шәуілдеп күнін көруде. Екі жыртқыш бір-біріне жау. Гиенаның жақ күші арыстандікінен мықты. Оның жағының күші 71 атмосфералық қысымға тең. Сүйекті жұғым көрмейді, шайнай салады. Ал арыстан­дікі 40 атмосферлік қысымға тең. Бірақ жалғыз арыстан мен жалғыз гиена кездессе, міндетті түрде арыстан жеңед­і. Бірақ, гиеналар арыс­тандардың жемтігіне айналуы қиындау. Өйткені олар топ болып өмір сүріп, ирархиялық заңдылықты сақтайды. Солай аман қалады. Солай­ көбейген. Ал арыстандардың гиена жемтігіне ай­нал­ғаны жиілеп кеткен. Өйт­кені арыстан прайдпен өмір сүргенмен, олардың табиға­т­ында қалыптасқан заң бар. Еркек арыстандар прайд қожасы болу үшін жан алысып, жан берісіп төбелеседі. Кім әлсіз, сол прайдтан кете­ді. Әлсіздік – кемшілік. Одан бөлек жеңген арыстан жеңілгенінің ұрпағын шайнап өлтіреді. Өзгеден тұқым қалмасын деген де заңдылық. Тағы бір қызығы, арыстандар да өз ұрпағына (ұрғашы арыс­танға) шаппайды. Уақыты келгенде оны да үйірден қуып жібереді. Жеңілген арыстан да, үйірден қуылған арыстан да жаңа прайдқа қосылғанша жалғыздан-жалғыз күн кешеді. Оларға жал­ғыз жүріп жем табу қиын. Әрі бөлек-салақ жүрген арыстан гиенаға таптырмас азық. Гие­на­ның ұтымды саясаты – бір­лігінде. Сол үшін әлсізін де, мықтысын да жауға бермейді.

Мысалдан ойға, кемші­лікті тайға таңба басқандай көрсетіп, бетке баса бер­ген­нен ұтқандар жоқ. Бізге ке­ре­гі – бірлікпен тірлік ету. Кемшілік кез келгенде бар. Ал ұлт кемшілігі – біздің кемшілігіміз. Біз оң жүрсек, ұлт та оң қадам жасайды. Сол жүрсек, ұлт та теріс қимылдайды. Қорыта айтқанда, ұлтты кеміткенше, өз басымыздағы мінді түзейік. Қа­зақтығымызбен мақтанайық!

 

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист

 


Жел тұрмаса PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.12.2018 14:24

Қазалы ауданында біршама жыл бұрын басы дауға қалып, ісі тәртіптік кеңесте қаралып, қызметінен босаған бір ауыл әкімі осы лауазымға қайта кірісіпті. Ескі де, жаңа әкім жоғарыдағы ықпалды бір кісінің інісі көрінеді.

***

Жақында облыстағы бір аудандық ауруханаға басшылық етуге келген бас дәрігер қарамағындағы қызметкерлерге дөрекі сөйлеп, мәдениет­сіздік танытады екен. Сырттан келген су жаңа басшының бұл әдеті сонда жұмыс істейтін қызмет­керлердің қытығына тиіп жатыр деседі.

***

Бір аудан әкімі бір бөлімге білікті кадр таппаған­ соң, сол салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мамандығы өзге адамды басшылыққа  әкеліпті.

***

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сы жарық көргеннен кейін облыстық басқарм­алардағы мемлекеттік қызметкерлер журналистерге «Елбасының мақаласына орай ақысына материал жазып беріңізші» деп жиі өтініш  айта  бастапты.

 


ШАҺИДТЕР РУХЫНАН СҰРАУ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.12.2018 14:17

Аймақ  басшылығы  назарына

Қарымды  қаламгер, белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназдың «Қазалы» аудандық газетінің биыл көктемгі екі бірдей санында (17-21 сәуір) және халықаралық «Түркістан» газетінде (23 тамыз) жарияланған «Арықбалық ахиреті» атты еңбегі біраздан көңіл көзінде жүр. Даңқты Жанқожа батыр, әулие ғұмырнамасына өмірінің ұзақ жылдары мен шығармашылық әлеуетін арнаған жазушының бұл еңбегі де сол сабақты тақырыптың жаңа бір тармақ өрбіткен бұтағы іспетті. Айтпағы терең, дерек-мағлұматы тамырлы осы еңбек көңілге көп ой салды.

Батыр, әулие Жанқожа баба­мыз­дың біз  білетін  ғұмыр-тағдырындағы ең бір ереуіл де қасіретті кезең – 1856 жылдың соңынан 1860 жыл – өмі­рі­нің ақыр сәтіне шейінгі уақыт. Бұл кезең ХІХ ғасырдың орта шенінде орыс жаугершілері іш өлкелерімізге сыналап кіріп, сол жылансырғақ жылжуда белді-белді бекеттер – «Райым­», «Қазалы», Перовск бекі­ністерін көтере қорғандап, табан тірей орнығып алған тұс еді. Сол қатардан «Қазалы» форпосты маңында 1856-57 жылдары болған батырдың ел азаттығы жолындағы ақтық шайқасы, сонан кейінгі «аруақ қайтқан, талап мұқалған» шарасыз халдің үш жылы – әулиенің жан қинаған жалғы­здықта, ой-толғақта өткізген аса қиын ғұмыр-алабы болды. «Қы­зылдың құмаршығын ғана жанға тал­ғажау еткен», анығы, батыр-әулиенің мына жалғандағы өз жан-қылуетіне кеткен бір басалқалы сәті еді ол. Тіміскі ниеттер өз пиғылдарында жандары жай тапқан ба – сұмдық қасірет­тің салқын лебі тым тақау қалған...­

Біз тарихтардағы талай ереуіл жайттар мен қанды-қасап оқиғаларға әбден қаныққан жұртпыз. Тіпті, мыңжылдықтар оқиғаларын көзбен көргендей сенімде жүреміз. Ал осыдан бір жарым ғасыр шамасы ғана бұрын, өз төрімізде бұрқап өткен, шын мәнінде төл тағдырымызда ауқымы зор, мәні терең жайттардан шала-пұла екенімізді осы өзіміз көп­аса парықтай бермейміз. Кешірімсіз кемшіндігіміз деуге болар еді.

Қазақ жерінің ауқымды аумағында тағдыр таланына жазған ерлік істің неше үлгісін сонау жас шағынан бастан кешіп келген Жанқожа бабамыздың хас батырлық һәм әулиелік дәргейге жеткен рухани толымды кезеңі – сонау жылдар еді. Шын мәнінде, қуаты Сырым Датұлының, Кенесары хан күресінің қатарында тұрған, ал терең қасіреті мен жан тебір­еністері қатпарында, демек, адам жанының сезімдік құбылыс­тарында бәлкім, солардың бәрінен тереңірек кеткен жағдай бұл. Зерт­теуші үшін, әсіресе, жан сейісі – қаламгер  үшін  терең  тақырып...

Мен, оқырман ретінде біраз уақыт, батыр ғұмырының соңына халық қасіре­тінің үлкен қанды нүктесі боп қойылған сонау оқиғаны (батырдың Қазалы маңындағы соңғы шайқасын) ғалым Т.Шойынбаевтың нақты, қысқа мәліметтері арқылы жаным ауыра қабылдап, сол деректерге біраз байырқалап келген адам едім. Ал М.Қаназ сөзі бұл танымды бұзған жоқ, өз шындық-дерегімен әрірек, биігірек бір білік пен таным тұғырына­ апарып орнықтырды. Және жағдайдың адамдық болмысы мен адами сырын қазбалай айтып жеткізді. Батыр­дың адамдық болмысы, адами сыры – әулие өмірбаянына тәубелі-ықыласты ұрпақ үшін аса құнды тарап­. Бұл сезім жазушының алғашқы «Ел қорғаны – Ер Жәкем» (2008 ж.), 2014 жылы жарық көрген «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – 240» кітаптарының ресми-қатқыл, тарихи-келте, батыр­лық баяндаулары арасынан көркем сөз, пәлсапалық өрнектеу­лерде шаң бере бастаған бір адами нәзік тін еді.

Дәстүріне берік автор мына аталмыш  мақаласында да барлық тарихи уәж, дерек-дәйек, тіпті, дақпыртты дейдісөз жорамалдарды бір дестеде жаймалап, тағы да байыпты зерде, сараптау мехнатын жүргізеді. Архив­тер мен дереккөздерде бірде айқын, бірде бұлыңғыр ишаралар артына бұқтырылған мәліметтерді бері тарта,­ реттілік пен қисын таразысына сала, тек ақиқат тұғырлы шындыққа жүгінеді, әділігіне адал сөз саптауға тырыс­ады. Мойындатар деректілік сенімі және батыр-әулиенің адами жан қасіретін ұғыну сезімін әкелетін рухани тұшыну да осы жайттардан туындап  жатыр.

«...Оқпанынан от шашып тұрған зеңбіректер мен анталаған картечке қарсы ел намысы, туған жер азаттығы үшін көрінеу-көзге жалаң кеуделерін тосып, құрбандыққа кеткен қайран боздақтар-ай!..» деп басталатын еңбектің ой-сарыны әлі де Қазақ шежір­есі бедерінде анық, толық орны мен бағасын ала алмаған, тарихи-мораль­дық түйінді тұжырымы жасалмаған тарихи ұлы оқиға, елеусіз-ескер­усіз кеткен есіл ерлер аруағы хақын­дағы күйзелісті көңілде жатыр. Мәселе қордалы да сабақты. «...Содан бері талай заман төңкерілді, қоғам қырық құбылды, балапан – басы­на, тұрымтай – тұсына, байтал түгіл бас қайғы алмағайып кезеңдер өтті. Патшалы Ресейдің қас жауы, одан кейінгі Кеңес өктемдігі кезінде талай тәлкекке түскен көтеріліс қалай ғана егжей-тегжейлі зерттеле қойсын.

Елдігімізге сын болып табылатын осы бір әлдеқашаннан көкейде жүр­ген түйткілді оқиға туралы сол жазық-жапасыз боздақтардың негізгі іздеушілері, жерлестерім – Қазалы жұртының үлкен-кішілерінің қаперіне салу сіздің бұл пақырыңызға парыз етілді. Уақыт озған, бірде-бір куәгердің көзі жоқ, ауызша деректер болса да келмеске кеткен, сол кездегі дұшпандардың қолынан өткен құжаттардың көбісінде шейіттер туралы мағлұматтар баспа-бас түгенделіп, қағазға түспеген. Біз сол бұлыңғыр соқпақты шыжымдап көрдік. Сол күйі сұраусыз жоғалып бара жатқан аруақтардың рухтары үшін, бейкүнә төгілген қан­ның өтеуі үшін, жетіліп келе жатқан жас ұрпақ санасының сергектігі үшін... Ақыры, еліміздің абыройы үшін». Қамтыңқырап алынған осы кесек сөзде мақаланың недәуір рухани­ салмағы тұр. Бір жарияланым төңірегінде біраз ой қозғай, бізге де қолға қалам алғызған осы салмақ.

«Өлі аруақ риза болмай, тірі байы­майды» деген тәжірибелік уәж де бұл жерде өңсіз тартып қалар еді. Мәселе­ Жаратқанның жалпақ жалғанында жер басып жүрген тірілердің мойнындағы парыз деген салмақта жатыр. Мақала бұл хақында ә дегеннен өткір мәлімдейді: «Өткен, 2017 жылдың  9 қаңтарында өзіміздің Қазалы маңында, басым бөлігі Арықбалықта, ел азаттығы үшін кеуделерін оққа тосқа­н жанкешті боздақтарымыздың қызыл қырғын бықпыртқа ұшырағанына 160 жыл болды. Әріні әрі делік, беріні қызыл құрсаудың қыспағында болып едік деп бұқпантайлалық, еліміз егемендік алғалы 30 жылға таяп қалса да, ұлығы – ел абыройы, берісі – бүгінгі ұрпаққа, әр азаматтың арына қатысты бұл мәселе жөнінде мәу деген бір пенде болса кәне? Жабулы­ қазан сол жабулы күйінде жатыр. Ештеңе болмағандай, ешкім ештеңе білмейтіндей.

Халықтың сол ызалы толқуының шырқау шегі қан судай аққан Арықбалық ахиреті болатын...». Автордың осы атап көрсеткен мерзім межесінен бері де жыл өтіпті. Жабулы қазан – әлі жабулы қалпы... Өз тарихымызда біз үшін, ұрпақ үшін алақол саясатқа салатын жайттар болмаса керек. Ал Жанқожа батыр, әулие өмірінің ең қасіретті кезеңі, төменгі Сыр елінің азаттық жолында жан беріскен аса елеулі күрес оқиғасы – бедері жермен жексен болған мәлімсіз бейіттей көзден де, көңілден де тым алыста, елеусіздеу өшіп бара жатқаны қалай? Бұл – өкінішті жайт! Мақаланың өз сөзімен айтсақ: «...Ел аман, жұрт тыныш­та біздің мұншалық бой­күйез­дігімізді ата-бабаларымыздың адал қандары, ахирети аруақтар кешіре алар ма екен?». Соңғы екі ғасыр шамас­ы оябын алсақ, елім деп еңіре­ген­ Сырым Датұлы күресі, Кене­сары хан жорықтары, 1916 жылғы ұлт-азаттық­ қозғалыс,  Желтоқсан  көте­рілі­сіндей – қазақ тарихындағы шоқтығ­ы  биік оқиға ғой бұл.

Автор тарихи дерек-дәйектер арқыл­ы  бекемделген  сол  күнді – 1857 жылдың  9 қаңтарын – қазақ азаттығ­ы жолындағы халық күресінің бір Күні, боздақтарды еске алып, аза тұтып, рухтарына құран бағыштайтын күн етіп белгілеуді айтады. Сонау­ аруақты жерде ерлер рухына ескерт­кіш көтеру мәселесін ұсынады. Осы тұс аталмыш еңбектен тағы бір үлкен ой сұранып тұр: «Қазалы – әр үй, әр көшесі заманалардан сыр тартқан, тұтасымен тарихи қала... Халық көтері­лісінде қоршауға алынған осы қала – тарихи оқиға ошағында – елеулі­ бір белгі тұрар болса, көне шаһар­дың мән-мазмұны байи түсер еді... Дұшпандарының әлдеқайда үстем екендігін көре-тұра, елдік намыс­, туған жер тазалығы үшін оққа өңеш-жалаңаш ұмтылып, нағыз қан-қасапта адал қандарын төгіп, шейіт кеткен сол боздақтарға құран бағыштарлық бір белгі қажет-ақ... Байыпта­п қараған адамға өлкеміздегі осы бір қасіретті оқиғаның орны үңірейіп-ақ тұр... Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалары­мыздан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүл­кіл­деп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түгендеуіміз керек». «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың рухы алдында парыз­дармыз» деген болса, бұл сөздерге алып, қосар не бар?» дей келіп, автор өз идеясындағы рухи ескерт­кіш-белгінің өзі көңілде айшық­тап-бәдіздеген нақты таңба, сипаттарына шейін байыптай тоқ­талы­п  өтеді.

«Сайын даланың ең соңғы ұлы батыры­, әулие Жанқожа өмірі осымен тамамдалды» деген, ұлы бабамыз ғұмырнамасына тәнті орыс зерттеу­шісі И.В.Аничковтың соңғы сөзі бар еді. Саналы ұрпақ ықыласы сол тұжы­рым­ды жоққа шығара, батыр-әулие­нің ел жады мен жүрегіндегі рухи өмірін жалғастырып әкеткеніне азат еліміз, жаңа тарихымыз, жалпақ жұр­тымыз куә. Ел сеніміне салып айтсақ, бұған аруақ разы! Ал енді, сонау­, батыр өміріне қатысты, халықтық  сипат­тағы сұрапыл қанды оқиға­ның  рухани­ таңбасы әлі қойылмағаны  қалай?!.

Атой үнді мақала алғаш «Қазалыда» шыққанына 8 ай. Ел ауқымында сөзі уәлі «Түркістан» газеті бетінде мәселе қойылғалы 4 ай. Аз уақыт емес. Сабақты сөз айтылғасын, ең болмағанда, сол салмақты оқиғаның 161 жылдығына қарата біраз жұмыс тындыруға болатын еді ғой. Алматыдан ел тынысына көңілі жіті жазушы сөзімен айтсақ, Қазалыда әлі күнге «мәу» деген бір пенде жоқ. Бұл не сал­ғы­рттық? Көп ақтаңдақты тарихымыз мүддесін күн тәртібіне қойған «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» талабын, Елбасымыздың өзі айтқандай («Хабар». 2.12.2018ж.), құрғақ протоколды сөз, науқан үшін ғана дабыралатып, қалғанын беталды қоя беретін немқұрайдылықтың бір мысалы ма бұл? Айт­қыз­бай-ақ қолға алатын аруақ алдындағы тірілер парызы деген­ қайда?

Орбұлақтағы шағын ғана Жәңгір шайқасын саналы ұрпағы ел ауқы­мындағы ерлікке көтерді. Ұлытау, Түлкібас, Созақ жерлерінде әр тарих сүрдегінің кезеңдері «қиқымына» шейін құрмет тәртібіне қойылып жатыр­. Ал өлкесінде талай шежіре тұнған Қазалы ауданының басшылы­ғы бұл ретте де «сен тимесең, мен тимен­ бадырақкөз» саясатта, әлдене-әлдекімнің ауанын бағып, тым-тырыс отырған сыңайлы ғой?

Аруақ рухын жерге баспаған иманды дәстүрімізде, қазақ азаттығы жолын­дағы халық күресі – «Арықбалық қанды қырғыны» шаһид құрбандары естелігін Қазалы жерінде жадылы­ ел, саналы ұрпақ еске ала тәу етер бір қастерлі орын мен күн белгілену­і қажет. Осы жайт айтылудай айтылып келеді. Бұл тілекті ел көзіне, басшылық назарына осы үн қосумен  тағы  ұсындық.

 

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, қоғам  қайраткері,

«Парасат»  орденінің  иегері

 


Қысқартылған полицейлер қайда барады? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
20.12.2018 14:15

Естеріңізде болса, ІІМ Қ.Қасымов осыған дейін министрлік аппаратындағы және жергілікті департаменттегі лауазымды тұлғалардың 400-ден астамының қысқартылатыны туралы айтқан болатын. Осыған орай аймағымызда қанша полицияның қысқартылатыны және олардың қайда баратыны туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Қ.Мұхитовқа сауал жолдаған болатынбыз. Сауалымызға бастықты­ң орынбасары Ж.Оспанов 10 пайыз қыс­қарту болатыны жөнінде жауап беріпті.

– Қызылорда облысы Полиция департаментінің штаттық саны 2120 бірлікті құрайды, алдағы уақытта аталған штаттық бірліктің 10 пайызын қысқарту жұмыстары ҚР Ішкі істер министрлігімен жүзеге асырыла­тын болады. Сондай-ақ, штаттық лауазым­дары қысқартылған қызметкерлерді бос лауазымдарға тағайындау жұмыстары жүргізілетін болады,- делінген­  Ж.Оспановтың  бізге  жолдаған  хатында.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары