Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 26 Желтоқсан 2018

IT МАМАНЫН ОҚЫТАТЫН МАМАН КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
27.12.2018 11:45

Алмат  ҚУАНЫШБАЕВ,

«GRAND  master»  бағдарламалау  мектебінің  негізін  қалаушы  және  жетекшісі:


– Алмат, «Телефонның IMEI кодын тіркеу керек пе?» деген сауал көптің көкейінде жүр. Бұған байланысты фейсбук әлеуметтік желісінде наразылық танытып жатқандар көп. Не айтасыз?

– Жасыратыны жоқ, қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бүгінгі таңда елімізде 24 миллион ұялы теле­фон  бар екен. Ақпараттарға сүйенсек, оның 12 миллионы тіркеліп үлгерген. Ашығын айтайын, өз басым әлі тіркелген жоқпын. Тіркелгім де келмейді.

 

– Неге?

 

– Бұл – менің азаматтық құқығым. Сіз ұялы телефонның IMEI кодын тіркеттім дегенше, сізді бақылауға алды дей беріңіз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Шындап кіріссе, тиісті органдар телефонымыздың IMEI кодын тіркемей-ақ тексере алады ғой. Бірақ сот пен прокуратураның рұқсатымен ғана. Билік тарапы бұл мәселені «телефо­н ұрлығына байланысты тіркеу  керек»  деп айтып жатыр. Халық­қа түсіндерме  жұмыстары өте аз жүруде.­ IT саласының маманы ретінд­е айтатын­ болсам, 24 миллион телефонды бақылауда ұстау мүмкін емес. Бұған біздің техникалық базамыз­ да, ресурсымыз да, мамандар да жетіспейді. Келер жылдан бастап­ телефонымды өшіріп тастаса да, тіркетпеймін. Мені іздеген адам болса, өздері тауып алар.

– Ұялы телефонымызда жеке басымызға қатысты ақпараттар мен фото суреттер бар. Мұны бақылауға алу мүмкін бе?

 

– Мүмкін. Қолымыздағы қалта телефондар Қазақстанда құрастырылып жатқан жоқ. Оңтүстік Кореяда жасалады. Саяси тұрғыдан алып қарасақ­, аталған мемлекет АҚШ-пен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Герман­ия канцлері Ангела Меркельдің телефонын тексергенде, Сіздің телефоныңызды бақылауда ұстау  не тұрады?

 

– Айтыңызшы, еліміздің ақпараттық базасы хакерлік шабуылдардан қаншалықты  қорғалған?

 

– Біздегі ақпараттық база 97 па­йызға қорғалмаған. Өткен жылы наурыз­ айының 12-17 аралығында елімі­здегі  екінші  деңгейлі  банк­терге хакерлік шабуыл жасалды. Банкомат­тар ақша шығармай тастады.­ Клиенттер карточкасын банкомат­қа  салады. Құпия кодын теред­і. Банкоматтар банк клиент­теріне әдеттегідей чек шығарып беред­і. Тиісті операциялар орын­далып, клиенттің қолында «ақшаң алынды» деген чек тұр. Бірақ ақша жоқ. Банктерг­е осындай шабуыл жасал­ып жатқанда, басқа тиісті органдар  не  істейді?

Мәселе компьютерде емес. Өзіңізде! Хакерлер – психолог. Сіздің инстаграмда, фейсбукта, Вконтакте желісінде парақшаларыңыз бар. Егер шабуыл жасайтын болса,­ алдымен Сізді біраз уақыт бақыла­уға алады. Қайда жүрсіз? Нені бөлісесіз? Қандай түсті ұнатасыз? Шетелдік әншілерден кімді тыңдайсыз? Осының барлығын қадағалауда ұстайды. Содан компьютеріңізге өзіңіз ұнататын шетелдік әншінің жартылай жалаңаштанған суретін жібереді. Психологиялық тұрғыдан қандай әрекетке баратыныңыз түсінікті. Жіберілген сілтемені бассаңыз, Сіз өзіңіз туралы ақпаратқа кіруге хакерлерге рұқсат бердім дей беріңіз.

Ірі компаниялардың мамандары «Базаға антивирустық бағдарлама орнатт­ық. Біз хакерлік шабуылдардан толықтай сақтандық» деп ойлайды. Бұл – қателік. Елімізде ІТ техно­логия мен ІТ мамандар туралы түсі­нік әлі дамыған жоқ. Әсіресе, біздің облыста. Ең бірінші, осының ара­жігін ажыратып алуымыз тиіс. Таныс­тарым «теледидарым жұмыс істемей қалды, көмектесші» деп  хабарласады. Мен ІТ технолог емеспін. Енді бірі келіншегінің әлеуметтік желідегі парақшасын бұғаттап тастауды өтінеді. ІТ маманы ретінде қолымнан келеді. Бірақ мұндай қадамдарға барған­  емеспін.

 

– Фейсбукта Nametests.com деген­ болашақты «болжайтын» ойын бар. Мұны желі қолданушылары жиі пайдаланады. Естуімізше, «әлгі ойынды қолданған сайын­ өзіңіз туралы ақпаратты кеңін­ен таратасыз» деген рас па?

 

– Рас. Сіздің фейсбук, WhatsApp желісіндегі ақпараттарыңыздың бар­лығ­ы Американың Сан-Диего қаласында, Германияда немесе Нидерландияда болуы мүмкін. Себебі фейсбук­тің негізгі базалары осында орналасқа­н. Nametests.com  – спам.

 

– Байқасаңыз, кешкілік интернет желісі нашарлап қалады. ІТ маманы ретінде айтыңызшы, мұның сыры  не?

 

– Өткенде ІТ саласында жүрген жігіттермен осы төңірегінде талқы­ладық. Бірақ жауабын таппадық. Мүмкін кешкілік интернет тұтынушыларының саны күрт көбейетін шығар. Содан  болуы  ықтимал.

 

– Еліміздегі  ІТ  саласының даму деңгейін  қалай  бағалайсыз?

 

– Бұл сауал маған бірнеше рет қо­йылды. Нақты бағалауды қажет етсе, 3+1 деген баға берер едім. Жақында­ облыста QR коды бар «Сенім» деген жоба іске қосылды. Ол қаладағы қоғамдық көліктерде орналасқан. Былайынша айтқанда, бұл – электронды әмиян. Сіз соны пайдалану арқылы 90 теңге емес, 45 теңге төлей аласыз. Мен соны тұтынып жүр едім. Бірақ автобус кондукторлары QR кодты­ өшіріп тастай береді. Себеб­ін сұрағанбыз. Кондукторлардың сөзін­ше, бұл бағдарламамен күнде­лікті «план» орындалмайды екен. Мәселе ІТ саласындағы маманда немесе­ оған бөлініп жатқан қаржы­да емес. Проблема – халықтың өзін­де. Шыны керек, халықтың ІТ са­ла­сындағы сауаты өте төмен. Қазір кез келген кісіге телефоныңызға «Сенім» бағдарламасын орнатып, ақша салып қойыңыз десең, оған күмәнмен қарайды. Елдің сенімі қалыптас­пайынша, ІТ саласында алға жылжу болмайды. ІТ технологияны тұтынатын кім? Халық. Біз тұрғындар үшін жоба  жасаймыз. Билік  кез  келген       ІТ саладағы жобаны жүзеге асыру үшін алдымен елге түсіндірме жұмыс­тарын жүргізбейді. Үйді шатырдан емес, іргетасынан бастап қалайды ғой. Ең әуелі тұрғындардың жаңа технологияға деген көзқарасын зерттеп, білімін жоғарылату қажет. Мысалы, egov  электронды  порталы. Мен өзіме қажетті  құжаттардың  барлығын  egov порталына жүгіну арқылы үйде отырып­-ақ дайындай аламын. Сондай-ақ, есепшілердің де жұмысы жеңі­лдеді. Міне, осындай айтулы жобала­рға ерекше тоқталуға болады. Дегенмен, ІТ жобаға елдің сенімін қалыптас­тыру – негізгі  шаруа. Тіпті, кәсіпкерлердің  де  білімі  жоқ.

– Сырдария өзенінің сол жағалауында «Ақылды қала» салынып жатыр ғой. Қалай ойлайсыз, «ақылды қала» жобасы  өзін-өзі  ақтай  ма?

 

– Жоқ. Білесіз бе, Оңтүстік Корея мемлекеті осыдан он жыл бұрын 25 млрд долларға «ақылды қала» салды. Мұнда барлығы автоматтанды­рылған. Өкінішке қарай, дәл қазір онда ешкім тұрмайды. Себебі, құны өте-өте қымбат. Қазақстанда «ақылды қала» салумен айналысатын компа­ниялар бар. Астанада бұл үйлердің 1 шаршы метрі қателеспесем, 1850 долларды құрайды. Яғни, 700 мың теңгеден басталады. Енді есептей беріңіз. Меніңше, біздегі баспаналардың барлығы «смарт» болады­ деп ойламаймын. Басым бөлігі коммуналдық құрыл­ғыларға орнатылатын шығар. Біз осыдан біршама жыл бұрын қоқыс жәшігіне орнататын аппарат ұсындық. Жәшік қоқысқа толған соң «Қызылорда тазалығы­на» белгі (сигнал) келеді. Уақыт пен жанармай үнемдеуге болады­. Көшедегі құдықтардың қақпағын ұрлап кетіп жүрген жігіттер бұл аппаратты да «аман» қалдыр­май­тын секілді. Аппараттың бағасы – 250 мың теңге. Облыс тұрғындары компью­терлік сауаттылығы жөнінен өзге өңірлермен салыстырғанда көш соңында. Қызылордалық тұрғындардың ІТ технологияның игілігін көруге асығар емес.

 

– ІТ саласындағы жаңа  техно­ло­гияны жүзеге асыру үшін қанша қаражат­  қажет? Оған ынталы инвесторл­ар  бар  ма?

 

– Біздің облыста қалталы кәсіп­керлер баршылық. Осыған қара­мастан, инвестор  табу  қиын.  Басты себеп­ сол, кәсіпкерлердің көпшілігі ІТ саласынан бейхабар. Егер бұл мәселег­е жергілікті әкімдік араласса, көмек көрсетілуі мүмкін. Тағы да қайтал­ап айтайын, инвесторлар ІТ  сала­сы­н толық түсінбейді. Түсінген  күннің  өзінде, тәуекелге бел бууға қорқа­соқтайды. Ал бір жобаны­ іске қосу үшін екі жарым жылдай уақыт керек. Мысалға, VIDER деген жоба жасап жатырмыз. Онда облыстағы барлық мекемелердің, сервистік қызмет­  көр­сету  оралықтарының, т.б. байланыс  телефондары  орнатылады. Мұны жүзеге асыру үшін кемі 10-15 млн теңге­ қаржы қажет. Бүгінде осы жобағ­а инвестор­ іздестіру үстіндеміз.

 

– Жақында  облыстық  цифрлық технологиялар басқармасы және  ІТ  парк   ашылды...

 

– Цифрлық технологиялар бас­қармасының ашылғанына қуаныш­тымын. Алдағы  уақытта басшысымен, мамандарымен  кездесіп, бірігіп жұмыс істейміз деген ойдамын. Бүгінгі таңда ІТ саласында жүрген мамандардың ассоциациясы бар. Мен соның төрағасымын. Біздің облыст­а осы салада еңбек етіп жүрген жастар бар. Солардың басын қосып, ауқымды жобаларды іске асыруды жоспарлап жүрмін.

Иә, ІТ парк ашылды. Әйтсе де, 8 компьютер орналасқан жерді «ІТ парк» деп атай алмаймын.

 

– Өзіңізді толғандырып жүрген мәселеле­р  бар  ма?

 

– Көп ғой. Неден бастасам екен? Келесі жылы облыстағы бүкіл ауданды­  аралап, ІТ саласында  жүрген маманд­арды оқыту, мектептердегі мұғалімдерге семинар өткізу жос­парда тұр. Жасыратыны жоқ, өңірдегі кейбір мектептің ұстаздары бізге  өздері хабарласады. «Мектепте­ жаңа технологиялар бар. Робото­техника сыныбы тұр. Пайдаланып жатқан  жоқпыз» деп ұсыныс айтады. Ал оны іске асырайын десе, ма­ман­ жоқ. Маман­ болса да, білімі тым таяз. Бүгінгі таңда елімізде 5 мыңға тарта ІТ саласының  мамандары  жетіс­пейді. Ол аз дегендей, биыл облыс­та ІТ саласында келеңсіз жайтт­ар орын алды. Өңірдегі бір­неше оқу орын­дарында ІТ мамандығында оқитын студенттер саны төмендеп кетті. Көп­ші­лігі гуманитарлық салаларға бет бұрып кеткен тәрізді. Мен сеніммен айта аламын. 2030 жылға таман гумани­тарлық салада­ғы мамандарға сұраныс азаяды­.  Бос  орындар  жоқ.

Университеттер мен колледждер­дің оқу бағдарламасын қарасаңыз, таңғаласыз. Болашақ ІТ мамандары ЖОО-да Microsoft PowerPoint, Microsoft Word, Microsoft Excel, т.б. программаларды оқиды. Жауырды жаба тоқып қайтейін. Университетте білім беретін мамандардың білімі де төмендеу. Оларды оқуға шақырсақ, келмейді. Біздің басты мәселеміз – осы. Айта кетейін, бұл жалғыз біздің облыстағы  проблема  емес.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АДАМ ӨЗІН ТАНЫМАЙЫНША, ҚҰДАЙЫН ТАНЫМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.12.2018 11:38

Адам болып жаратылған соң, адам өз өмірін мәнді, мағыналы етіп өткізуге тиіс. Алайда үнемі жаман нәрсе ойлау, күйзеліс, жабырқап жүру жанды жеп бітеді. Бүгініне шүкіршілік айтумен емес, ертеңін армандаумен болса, дәл қазіргі сәтін бағалай алмай қалады. Ал бұлай өмір сүру адамды бақытты етпейді. Енді қайтпек керек? Ол үшін адам өзін-өзі танығаны дұрыс. Себебі адам өзін танымайынша, Құдайын да танымайды екен. Бұл – абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының сөзі. Ал Құдайын танымаған адамның қандай болатыны бәрімізге белгілі. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп өзінің еңбектерінде «бұрынғылар біреуге ренжіген адамды көрсе, әлі өзін танымаған деп атайтын» деп жазады. Ал адамның өзін-өзі тануы психологиямен астасып жатыр. Алайда кәсіби психология Омар Жәлелше айтқанда, ұлттық тамырмен жалғасып, ұлттық тамырдан нәр алу керек, бүкіл жиналған білім қазақтың қазанында қайнатылуы шарт. Сонда ғана ол қазақтың рухани қарнына сіңеді, қазақтың рухани қарны қорытады.

СІЗДІҢ  ПРОБЛЕМАҢЫЗ – ОЛ БАР БОЛҒАНЫ  СІЗДІҢ  ОЙЫҢЫЗ

 

Атақты психолог Луиза Хейді біл­мейтін адам жоқ. Оның өміріндегі түрлі қиындықтар оның психология әлеміне келуіне түрткі болған екен. Мысалы, оның ата-анасы ол бір жарым жасқа келгенде­ ажырасып кетеді де, Луиза әкесіз қалады. Кейіннен анасы өзге біреуге тұрмысқа шыққанымен, өгей әкеден еш жақсылық көрмейді. Ал бес жасқа келгенде қаңғыбас көршісі оны зорлап кетеді. Ең сорақысы, жұрт бұған «өзің кінәлісің» деп кінә артады. Айуан­ға 15 жыл жаза кескенімен, Луиза «түрмеден шыққаннан кейін мені жаза­лай­тын шығар» деген қорқынышпен өмір сүреді. Есейе келе туған некесі­з сәбиі, оны асырай алмай өзгелерге беріп кетуі, кейіннен дәулетті кісіге тұрмыс­қа шыққанымен, оның тастап, өзгеге үйленіп кетуі – бәрі-бәрі өміріне ауырт­палық әкеліп, соңында қатерлі ісік ауруы­на шалдықтырады. Өміріндегі өкпе-реніш, ашу-ыза ішке жинала бер­ген­нің салдарынан ол жазылмайтын дертке шалдығады. Дәрігерлер оған тек 6 ай өмірінің қалғанын айт­қанда, Луиза ауруханадан шығып­ кетіп, өзінің ішкі әлеміне үңіліп, зерттей бастайды. Осылайша психологияға ден қойған Л.Хей 91 жыл өмір сүреді. Айықпас дертке шалдыға  отырып, ауруын жеңген ол бұл туралы өзінің «Көгіл­дір» атты кітабында былай деп  жазады: «Жазылмайтын» деген сөз мен үшін бір нәрсені ғана біл­діреді: бұл дәстүрлі әдіспен емдеуге келмейтін жағдай. Сондықтан да сауығудың жолы­н табу үшін, турасын айт­қанда, әркім өз ішіне үңілу керек. Егер мен операцияға келісіп, бірақ ескі таным­дардан арылу үшін ештең­е істемесем, дәрігер бейшара Луизадан дым қалмағанға дейін кесе берер еді. Мен операцияға барсам да қатерлі ісікті тудырған өз ойла­у жүйемді өзгерткен болар едім де, қатерлі ісік енді қайтіп туындамас еді. Егер рак немесе басқа аурулар қайта пайда болып жатса, ол бәрін кесіп тастамағаннан емес. Бұл жерде себеп адамның өз санасына өзгеріс жасам­ауында жатыр. Сондықтан ол ауруды өз бойында, мүмкін денесінің басқа бөлігінде  туындатты».

Бұдан туындайтын ой: жасыры­н  реніш, ашу, ыза, өзін және басқаларды сынау, кінәлі сезіну – денсаулық үшін ең зиянды нәрсе. Біз байқамаймыз, бірақ психология ілімін­де адамның ойлау­ жүйесі, мінезі ауруды тудыра да, жаза да алады. Бұл мәселе көп жерлерде айтыла бермейді. Себебі егер адам өзін-өзі жақсы танып,­ ру­хани тұр­ғыда бай болса, фарма­цевтика саласы дамымай  қалар ма еді. Ал бұл – өзгенің кәсібі.

Психологтардың айтуы бойынша адам әр сағат сайын өзін қинап болса да жымиып тұруы керек екен. Адамның жүзінде жымию процесі басталғанда миға бәрі жақсы деген сигнал барып, ми шешілмейтін проблемаларды оңай шеше береді екен. Алайда бұл көп адамға­ оңайға соқпайды. Себебі біз көбіне өзгенің табысын есептеп, өміріне қызығып, көреалмаушылық танытып жатамыз. Немесе «бұндай болу бізге қайда?» дей келе, өз-өзімізді тым төмендетіп, оған лайық көрмей жатамыз. Алайда бұл жаман ойлардың бәрі адамның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мысалы, (Л.Хейдің кітабында толық айтылған) көп қызғану, көре алмау, ашулану бауырдың ауруына әкелсе, өзін-өзі бағаламау, төмен санау – көкі­рек тұсының қатерлі ісігіне әкеп соқтыруы мүмкін. Дәл сол сияқты әйелдерде еркектерге қатысты проблема болса, төменгі жағы ауырып, жазылмас дертке шалдығуы да ғажап емес. Ал өзгеге төз­бей, өз күшін теріске шығаратындар аллергиямен жиі ауырады екен. Ал мұ­ның бәрін мінезді түзеу, қажетті аффир­мацияны айту арқылы емдеуге болады.

Сондай-ақ, сіздің проблемаңыз – ол бар болғаны сіздің ойыңыз. Біз әлі бол­мағ­ан дүниені «менде мұндай көлік болмайтын шығар, аурудан жазылмайтын шығармын, мұндай байлық бізге қайда, зәулім үйді армандаудың өзі қорқы­нышты» деген секілді жаман ойлай­ бастасақ, ол шынында да солай болады. Сондай-ақ «мені бәрі жек көре­ді, мені бағаламайды» деп жиі шағым­дансаңыз, бүкіл өміріңізде сондай адамдарды өзіңізге тартады екенсіз. Сол үшін адам ең әуелі жақсы нәрсе ойлауы қажет. Себебі ой өзінің соңынан сізден берілетін сезімді ергізеді.

 

ЖАҚСЫ  СӨЗ – ЖАРЫМ  ЫРЫС

 

Негізі, қазақ қоғамында психология ертеректе де болған екен. Алайда біз оның психология екеніне мән бермеген­ сыңайлымыз. Мысалы, ата-бабамыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, бұрыннан жақсы сөз айтуға шақырады. Тіпті, жаман аурудың атын атамай, кеңге жайы­лып кетуінен де қорыққан. Қарап тұрсаңыз, психология да солай үндейді. Адам аузынан шыққан әрбір сөзге абай болуға шақырады. Қаншалықты жаман сөзді жиі айтасыз, соншалықты сол сөздің өңіңізде орындалуына ықпал жасайды екенсіз. Мысалы, белгілі айтыс­кер А.Тұрсынбаева өзінің инста­грам желісіндегі парақшасында: «Сөздің киесі бар. Кешегі қыршыннан қиылған Денис Теннен «спортта қай жасқа  дейін жүресің?» деп сұрағанда «25 жасқа дейін» деп жауап берген екен. Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбіне сөзді:

«Атым Ораз болғанмен,

Отыздан жасым аспаған.

Иегін сақал жаппаған.

Сүйінбаймын, Жамбылмын,

Таңжарықпын, Шарғынмын» деп бастайтын...

Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан  Асылбек  Исщанов  деген  ақын  бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысынд­а: «Бір күнде бес ақынмен,

Айтысып бәрін жеңетін,

Оразалының жолын бер» деп жырла­ған екен...

Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек  тура  Оразалы  ағасы  ұқсап жол  апатынан  қаза  тапты...

Атақты Жәнібек Кәрменовтің керемет термесі бар. Сол терменің ішінде «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар кездеседі. Сол Жәнібек ағамыздың жолға жалғыз шығып­ кетіп, жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу білсе, біреу білмес... Атақты Мұқағалидың да: «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,­

Қырықтың бесеуінде» деген өлеңі бар. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен екен...» деп қайырады.

Шынында да, тіпті, Ислам дінінің өзінде «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген хадис те бар. Ал біз басқасын былай қойғанда, бауыр еті баламызға ашуланғанда «Бір пәлеге ұрынайын деп жүрсің бе, бұл түріңмен адам болмайсың, сабағыңды оқымасаң, оқудан шығып қаласың, адам болмайсың» деген секілді ауыр сөздерді жиі айтамыз. Ал енді осы бір ауыз сөздің өзіңіздің балаңыздың өмірін қалай өзгертетінін бір сәт ойлаңызшы...

 

САНА  СЕНБЕЙ,  АРМАННЫҢ ОРЫНДАЛУЫ  ЕКІТАЛАЙ

 

Адам  есейген сайын ақылы толыс­қанымен, бала сияқты кез келген нәр­сеге­ сене бермейтін болады. Тіпті, кіш­кентай кезіндегі армандарының орындалуы қиын сияқты көрінеді. Неге? Өйткені негатив көп. Әсіресе, күйзеліс­ке көп шалдығатын әйел затының ер-азаматына сенбеуі ажырасуға дейін әкеп жатады. Мысалы, менің Жамила атты құрбым (есімі өзгертілді) осыдан бес жыл бұрын тұрмысқа шықты. Бұған дейін жеке кәсібі бар оның қолынан ақша түспейтін. Қайда барамын, не аламын деп алаңдау ол үшін мәселе емес еді. Алайда тұрмысқа шыққалы бәрі өзгерді. Тәуелділік, табысы жоғары бола тұра ер-азаматына бағыну, қажет кезде жұбайынан қолдау таппау әрі оның көп қаржы таба алатынына сенбеу ажырасуға әкелді. Ортада бала тірілей жетім қал­ды. Отбасы ойрандалып, бала тәрбие­сіндегі әке рөлі жоққа айналды. Себеп не? Көп қыз-келіншектердің басында кездесетін бұл проблема неге бүгінгі күнге дейін шешімін таппай, керісінше­ ушығып барады. Терең үңілсек. Көп жағдайда әйел адамдар жұбайларының табысының аздығына не мүлдем жұмыс істемейтіндігіне ашуланып, шағым айтып­ жатады. Жамилада да тура солай болатын. «Бәрін мен табамын, мен істеймін» дей келе, ер-азаматының алдын­да міндетсіне бастады. Ал психология ілімі, алдымен, әйелге ер-азаматына сенуге шақырады. Әйелдердің санасын­да көбіне «бұл қайбір асырайды­ дейсің, жұмыс та таба алмай жүр» немесе­ «бәрін өз қолыма алмасам болмай­ды» деген түсінік қалыптасады. Рас ғой? Шындығында көп жағдайда солай. Сондықтан да олар ерлерінің алдына түсіп, жауапкершілікті өз мойын­дарына алып кетеді. Бұл – қате. Себебі, әйел еркегінің алдына түсу арқыл­ы оның анасы секілді қызмет көр­сетіп кететін көрінеді. Осылайша оның бойында еркектік гормондар дамып, нәзіктігін жоғалта бастайды. Жігіттері­міздің көп жағдайда жұбайларының көзіне шөп салуы да осы кезде басталады екен. Себебі олар үйде нәзік әйелді емес, өзіне қамқорлық танытып кеткен ананың бейнесін көретін көрінеді. Сондай-ақ, әйелінің алдында әлсіз­де­ніп, өзінің мықты екенін көрсету үшін нәзіктеу жанды іздейді екен. Ал ондай қадамға бармас үшін, ер-азаматымызға сенуіміз қажет. Оның бізді асырайтынына, табысты болатынына сананы сендіру­ керек. Дәл сол сияқты өзге армандар­дың да орындалуы үшін алдыме­н соған сенім болуы заңдылық. Визуализация жасай отырып, дәл сол арманмен өмір сүріп жатқандай күй кешу оның орындалуына бір қадам алдыға­  басқанмен  тең.

Сондықтан мәңгілік елде жайсаң жандар өссін десек, бұл ілімнің түбіне үңілу артықтық етпейді. Ал ол үшін жақсы нәрсе ойлап, ауыздан жақсы сөз айтып, жақсылыққа сене білумен қатар, өз-өзіңе есеп беру де қажет. Бұл ретте Абайдың: «Егер де естi кiсiлердiң қатарында болғың келсе, күнiне бiр мәртебе,­ болмаса жұмасында бiр, ең болмаса, айында бiр, өзiңнен есеп ал! Сол алдың­ғы есеп алғаннан бергi өмiрiңдi қалай өткiздiң екен, не бiлiмге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнiнде өзiң өкiн­бестей қылықпен өткiзiппiсiң?» - деуі де адамды өзін-өзі тануына бағыт бере­ді. Сондай-ақ адамды өз болмысымен қабылдай алуға үйрену керек. Ол адам сараң ба, сыйлық күтпеңіз, салмақты ма, романтика күтіп әуре болмаңыз. Сиырды қанша саусаң да қымыз шығара­ алмайсың ғой. Тура сол сияқты.

Жансая  ЖҮНІСОВА

 


ЖАЛАҚЫНЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
27.12.2018 11:30

Елбасы Н.Назарбаев  ағымдағы жылдың 5 қаза­нындағы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің еңбек­ақысын төлеудің жаңа жүйе­сін пилоттық режимде мемлекеттік органдарда енгізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ  бұған дейін пилоттық жоба ретінде енген мемлекеттік органдар жобаның тиімділі­гін қаншалықты бергендігі жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл  агенттігінің басшысы Алик  Шпекбаевтан да сұраған­ еді. Осы кезде А.Шпекбаев пилот­тық органдар ретінде алынған Агенттік (облыстардағы барлық құрылымдарын қоса есептегенде) пен Әділет министрлігі, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айтқан.

Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын екі, екі жарым есеге дейін көтергенін, тіпті, соның арқасында кадрлардың жұмыстан кетуі де айтарлықтай азайғанын баяндаған-ды. Ал жалақысы көтерілген жақсы орын­ға­ 16 адамға дейін үміткер бары белгілі болды. Тіпті, жалақ­ысы  2,6 есе  көбейтілген­ агенттікте 1 орынға 28 адам үмітті екен. Мұны Елбасымен өткен басқосуда баяндаған А.Шпекбаевқа Н.Назарбаев «тәтті агенттік болып тұр­сыңдар ғой» деп астарлап болса­ да қалжыңдап алған еді. Біз де ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қо­рлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда об­лысы бойынша департамен­тінің бастығы Абзал Мұхи­мовқа сұрау салып, өңірі­міздегі пилоттық жобаның қалай іске  асырылып жатқанын сұраған  болатынбыз.

Департамент басшысының бізге жолдаған хатына сүйенсек, бүгінде мемлекеттік қызметшінің жалақысы тек екі параметрге ғана сүйеніп берілетін көрі­неді. Еңбек өтілі және атқаратын лауазы­мының санатына байланысты. Мұнда қызметшінің атқаратын жұмысының ауырлығы мен оның тиімділігі ескерілмейді екен. Ал еңбекақы төлеу­дің­  жаңа  жүйесінде өзгешелік көп, ол 2  бөліктен  тұрады. Мәселен,  біріншісі – мемлекеттік қызметкерден білімді талап­ ететін жұмыстың күрделілігін ескере­тін факторлық-балдық шкала. Ал екіншісі – қызметкердің жыл бойы атқарғ­ан жұмысы жөнінде және жылына бір рет өткізілетін бағалау нәтижесі негізінде берілетін бонустық жүйе. Алға­шқы факторлы-балдық шкала негі­зі­нде лауазымдардың барлығы 3 фактор арқылы бағаланатын болыпты. Бірін­шісі, еңбек міндеттерін тиімді орындау үшін қажетті білім деңгейі, құзыреті және жұмыс тәжірибесі болса, екін­ші­сінде лауазымға жүктелген міндеттердің күрделілігінің дәрежесі бағаланады. Соңғысында қызметкердің нәтижеге қол жеткізбеу жауапкершілігінің дәрежесі сараланады (Демек бұрынғыдай жұмыс орындалсын, орындалмасын, тұрақты жалақысының аударылуы екіталай). Бұл факторлардың әрқайсысына­ балл шығарылып, олардың жиынтығы жаңа еңбекақы жүйесінде лауазымның алатын орнын анықтайды екен. Ал барлық лауазымдарды бағалау нәтижесінде олар 4 блокқа топтастырылады. Алғаш­қы топ жауапты хатшыларды, аппар­ат жетекшілері мен комитет төрағалар­ын қамтитын жоғары басшыл­ық құрамды қамтыса, кейінгісі негізгі құрам деп аталады. Үшін­шісі – құқықтық, қаржылық, кадр­лық, ақпараттық және қоғамдық қатынастар үшін жауапты әрекет­ етуші топ. Сондай-ақ, соңғысы – әкім­шілік және шаруашылық қызметке жауапты лауазы­м­ды тұлғалардан тұратын қо­салқы  құрам.

Айта кететін тағы бір жайт, егер бұрын Маңғыстау облысы әкім­дігінің бас маманы Әділет министр­лігінің бас сарапшысынан орташа есеппен­ 70 пайыз аз алатын болса, қазіргі таңда мұндай айырмашылық 10 пайызды ғана құрайды екен. Шынында министрліктің беделі қашан да жоғары болған. Сондықтан ондағы маман­дарға берілетін жалақының көп болуы да заңдылық секілді көрінетін. Алайда атқаратын қызметтерінің ауыртпа­лықтары бірдей. Тек министр­ліктің Астанада орналасқаны болмаса. Сол себепті жаңа жүйеде мемлекеттік қызметші қай жерде істемесін, оның жұмысының күрделілігі, нәтижеге жете алуының есептелуі көңіл қуантады. Ауылдық округ әкімі аппаратының жетек­ші маманының ең төменгі жал­ақысы да екі есеге артыпты. Егер олар бұрын 50  мың теңге алып келсе, енді 100 мың теңге жалақы алатын болған. Бұл өз кезегінде кадр тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кадр әлеуетін арттырады дейді А.Мұхимов. Сондай-ақ Елбасы­ мемлекеттік орган басшыларына үнемделген қаржыны қызметшілер­дің еңбекақысын көбейтуге пайдалана алатын құзырет берген. Бұл туралы Н.Әбішұлы Жол­дауында да айтып өткен болатын.

– Еңбекақы төлеу­дің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік  органдардың басшыларына «бюджет­тік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық бер­дім. Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жа­лақысын артты­руға бағыттау мүмкін­дігін алды. Қазіргі уақытта көп­теген мемлекеттік органдар жаңа модель­ге көшуді қалап отыр. Ең бастысы – олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек. Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет­ шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайлан­дыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақыл­ауда ұстауды тапсырамын. Бұл жерде аталған жобаның беделін түсір­мес үшін формализм мен теңгер­ме­шілікке­ жол бермеу  қажет, - деген болаты­н мемлекет  басшысы.

Мұнан бөлек Н.Назарбаев жұмысын уақытылы атқармайтын, тек «қаламын бір орыннан екінші орынға жылжытып қоятын» мемлекеттік қызметшілерді қысқартуды да тапсырды. Бұл туралы «Өз тәжірибемнен білемін. Бір бөлімде 10 мемлекеттік қызметші отыратын болса, соның үшеуі қалғандары үшін жұмыс істейтін. Біз соны білмейді дейді ме? Одан да сол үшеуін қалдырайық та, үнемделген қаржыны солардың жалақысын көбейтуге жұмсайық» деген-ді. Рас. Атқаратын қызметтері бірдей мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істемей-ақ өзгелермен тең дәрежеде жалақы алуы әділетсіз болар еді. Десе де, бүгінде пилоттық органдарда мемлекеттік қызметшілердің немесе штат бірліктерінің қысқартылуы болмаған. Бұл туралы арнай­ы жолдаған хатымызға жауап берген­  А.Сансызбайұлы  айтты.

Жалпы, жалақының жаңа форматта есептелуі мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтатып, сұранысты көбейткен сыңайлы. Өйткені агенттіктің оңтүстік өңірлеріндегі құрылымдарына 1 орынға 60 адамға дейін үміткер болыпты. Тіпті, жалпы үміткерлердің ішінде  шетелдің белді оқу орындарында оқып келген студенттер де жетерлік екен. Алайда кез келген реформа алдымен халықтың  әл-ауқатын  арттыруға бағытталуы керек. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көбейту мақсатында үнемделген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпесе екен дейміз.

Жансая   ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІ БОЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.12.2018 11:24

Адамға Құдай үрейді төн­ген қауіптің алдын алып, одан құтылу үшін берген болуы мүмкін. Жыл сайын қыс мез­гілін өзенде мұз қатып, Сырдың суы толып-тасып, тасқын­ қаупінен үрейленіп бастаймыз. Міне, қазір тәуелсіз ел болсақ та жыл сайын ол тас­қын судан азаптанып және оған қарсы миллиондаған қаржы бөлініп келеді. Одан гөрі «Көксарай» су реттегішінен Кіші Аралға дейін Сырдың сол жақ қапталынан жүз шақырымдай оңтүстік сырттан үлкен канал қазылса, су басу қаупінен біржола құтылып әрі ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі проблемалары шешілер еді. «Көксарай» су қоймасы салынғалы бері су басу қаупі біраз бәсеңдеп, егін шаруашылығына су тапшылығы да бұрынғыдан гөрі кеми бастады. Сондықтан тағы да үлкен су қоймасын салып, Қызылқұм каналын қазуды ертерек бастау ең өзекті проблемалардың ше­шімі болар еді.

Аймағымыздың қолайсыз табиғи климатымен қатар үстімізден Байқоңыр мен Арал экологиялық қаупі де төніп тұр. Бір мақаламда сол­түстік ішкі суларымызды оңтүстік өңірлерге бұрып алып келу жолын айтып, ауыл шаруашылығын өркендету туралы жазып едім. Өңіріміз қысы аязды, жазы аптап ыстық болғандықтан, енді осы сәтті пайдаланып, сол ішкі суларымызды бұрып, Торғай өзенінің төменгі жағынан жасанды көл немесе теңіз жасап, жел бағытын өзгертіп, Қызылқұм өңірін жаз мерзімі ұзақ, қыс мерзімі қысқа, яғни табиғаты әсем, жұмсақ климатты гүлденген гауһар ал­қапқа (бриллиантовая долина) айналдыра алсақ деген ойым болып еді. Маған Аралды қалпына келтіруден гөрі оның орнын ауыстырсақ деген ой бәрі­нен басым­ болып тұр. Киелі қазақ халқына бұл да Алланың бір сыйы болар. Сол­түстік өңірлерде де тасқын сулар мен жауын суларын жиып және өзен суларын бөгеп, екі-үш су қоймасын салып, игілігімізге пайдалануға әбден болады. Көлді аймақтар маңайы жалаң даладан гөрі қыста жылы болады. Жыл сайын қайта-қайта қысқы аяздан үрейлене бермей, жанға жайлы климат жасап алудың жолын тапсақ деймін. Мұнан біз тағы жылу-энергиялық миллиардтаған қар­жы үнемдейміз. Ерте көктемде күн жылына бастайды. Сонда Қызылқұмға қалаған егінді егіп, мол өнім алуға бола­ды. Басқа республикаларға қарағанда біздің өңірде науқас адамдар мен аурудың түрлері де тым көп екені байқалады. Әрине бұл тым қолайсыз ауыр экологиялық климатымызға байланысты екені анық. Сондықтан «Мәңгілік ел» іргетасын құруда осы табиғи экологиялық қолайсыз жағдайды ескеріп, жасанды көркем табиғат жасап алуымыз аса қажет. Сонда адам еңбекқорлығы артып және адам менталитетінің өзге­руі­нен әдептілік үстемдігі бой алып, бәрі өз орнына келеді. Солтүстік суларымыздың бағытын оңтүстік өңірлерге бұрып, жасанды теңіз жасау тым қиын проблема емес. Бұған бірнеше мил­лиард­ қаржы кетсе де триллиондаған кіріс келтіріп, мәңгілік еліміз негізгі табиғи іргетасын құрып және басты байлық – денсау­лыққа да ие болар едік.

Оңтүстік көрші республикаларда каналдар осындай қиын-қыстау кезеңдерде ұлы болашақ үшін қазылған. Ал «Ферғана» каналы аш-жалаңаш кезеңде­ қолмен қазылып, ол өңір қазір алтын­ аймақ болып аталып кеткен. Ол канал жердің биік деңгейімен қазылып, арықтармен су алқаптарға құлдилап ағады. Әрине кең Қызылқұм өңірін одан да әсем, гауһар аймаққа айналдыруға болады. Бұл үлкен қол күшімен амалға асады. Дегенмен, Қызылқұм каналын қазып, өңірімізде ауылдарды дамытып бастағанда ғана халық саны өсе бастайды. Әйтпесе, ертең тым кеш болуы мүм­кін. Осындай коммуналды жүйелерді ертерек құрып, әртүрлі төтенше қиын-қыстау кезеңде азаптан сақ болған жөн. Жыл сайын жоспарға сәйкес бюджеттен бөлінген қаржы игерілмей қалып жатыр екен. Яғни жылдық жоспарға қосымша резервтегі осындай құрылыстарды да бастап, бөлінген бюджет қаражаты толық игерілсе деймін.

Мен білетін Тартоғай ауылынан Тұрсынбай датқа (Ботабай) ауылы аралық Сырға салынған паромды талай рет су алып кетіп, жыл сайын өзеннен өтпек болған талай азаматымыз ажал құшты. Әлемдік алып кеңестік одақ кезінде орындалмаған проблемаларды егемен­дік ықпалымен қарқынды орындай бас­тадық. Кең елімізде мыңдаған шақырым жол жүйелері мен көпір құрылысы тоқтаусыз жалғасып, коммуналдық жүйелер ел экономикасының дамуына берекелі қимыл-әрекет қарқын алды. Ендігі кезектегі көпірді осы айтылған жерден салып бітіруін үмітпен күтіп жүрміз. Мұнан ауыларалық байланыс нығайып, ауыл шаруашылығы өркендеп, ауылдардың дамуына жол ашады.

Бұрын Сыр өңіріне мақта егілген екен. Сол кездерде мақта алқабын кеңей­тіп, ауылдарды дамытып алғанымызда кенеттен мұндай төмен халге түс­пеген болар едік. Кеңестік кезеңнің монокультуралық геосаяси саясатынан хабарым бар. Әрине, бұл – қате саясат. Мақта – суды тым аз талап ететін техни­калық дақыл. Біздің Сыр бойы климатында мақта өнімінің өзіндік құны оңтүстік көрші республикаларға қарағанда екі-үш еседей арзан болуы мүм­кін. Ол жақта жыл сайын егін алқабын қыс мезгілі трактормен айдап, сосын атыздап көл етіп, толтырып суарады. Әйтпесе ол жерден ешқандай өнім алуға болмайды. Оған қаз-үйрек қонып, аңшылық та ететінбіз. Міне, Сырдың суы қайда кетіп жатыр? Кеңестік ғалымдардың осындай қатесінен бір теңіз жойылды. Сосын тағы зиянкестерге қарсы у шашады. Ал бізде болса қысқы аязда жер тоңдап, тыңайып әрі зиян­кестер мен құрттар жойылады. Мақтаның гүлімен қатар оның жапырағынан да бал арасы бал жинайды екен. Біз жақта мақтаға у шашпағандықтан, алақандай жерден мол бал алуға болады. Біздің шыжыған жазда мақта қаулап өсіп, күн кенет салқындай бастаған кезде мақтаның түйнегі дамып, ерте жетіледі. Яғни өңірімізде ұзын талшықты мақта өсіруге­ қолайлы екенін білдіреді. Бұл жұқа талшықты Мысыр мақтасы тәрізді сапалы мақта сортына жатады.  Мақта егіп көр­меген соң алғашқы кездерде біраз қиын болатыны анық. Екі-үш жыл егіп тәжі­рибе артқан соң бәрі өз орнына келе бастайды. Сөйтіп әлемдік мақта нарығына өзіміз ие болуымыз әбден мүмкін.

Түркістан облысына қарағанда жазда бізде күннің ыстық болатыны байқалады. Мақтаның тамыры жерге қанша терең дарыса, мақта соншалықты биік өседі. Яғни Түркістан атырабының қат­ты жеріне қарағанда біздің жер жұмсақ, Қызылқұмда мақта биік өсіп, өнімді болады. Бұған Қызылорда қаласында еккен мақтамның тәуір болғаны дәлел. Мамыр айының 20-сына дейін еккенім қыркүйек айында толық ашылып болды. Ертерек теріп алуға болады екен. Канал жүйелері болмаған соң өңіріміз­дің оңтүстік жылы құнарлы жерлері игерілмей бос жатыр. Мен егінмен көп айна­лыстым. Тағы айтайын дегенім, мақта шитісін ғана екпей оны өз талшы­ғына орап, тағы жылы қабықпен орап егіп көрсек, мақта ертерек өніп шығар деген ой келген еді. Ұнды қатырып орап, қабық (оболочка) жасаса болады. Бірақ ұн қамырға айналған кезде жылулық сақтамай кері әсер етуі мүмкін. «Қалауын тапсаң, қар жанар» дейді. Бұл біздің салқын өңірлер үшін үлкен табыс­ болар еді.

Бұрын құрылыста сылақшы-бояушы әйелдер бригадалары болатын. Ал қазір бәрі де саудаға шығып, сырттан келген заттарды сатып отыр. Мұнымен тірлік болмайды. Сондықтан су жинап даламызды игеріп құр бос отырып тоқыраған ауылдарда фермерлік мақта, т.б. көптеген егін алқаптарын дамыту керек. Қаламызда мақта өңдеу зауыттары мен тоқыма комбинаттары және тігін фабри­калары құрылса, мыңдаған жұмыс орындарына ие болып, ішкі нарықта өз тауар­ларымыз мол болар еді. Мақта майына да қарық болып қалар едік. Мақтамыз көп болса, еліміздің солтүс­тік қалаларында да тоқыма комбинаттарын құруға болады. Қала кеңейіп, халық өсіп келеді. Сондықтан ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдей­тін жеңіл өнеркәсіптік өндіріс құрып, жұмыс орындарын көбейтсек, жағдайы­мызды жақсартады. Әйтпесе өндіріс аз болғандықтан жұмысқа орналасу үшін тамыр-таныс арқылы пара беруге тура келеді. Кеңестік кезеңнің өзінде Өзбекстанның ішкі нарығында барлық ауыл шаруашылық қол техникасы, ыдыс-аяқ пен киім-кешектер, т.б. заттарын жеке­лер қолдан жасап шығаратын. Ол жақта сексенінші жылдары «Жигули» машинасының қосалқы бөлшектері қолдан жасап шығарыла бастаған еді. Халқымыздың еңбекқор жасампаздығымен ғана экономикалық дамыған елдер қатарына ене аламыз. Ал үкімет тек каналдар­ мен жол, коммуналдық байланыс жүйелерін құрып берсе, халықтың еңбек етуіне жол ашқаны болар еді.

Егер канал қазылып, Қызылқұмға су келсе, егетін егіннің түрі өте көп. Оңтүс­тік республикаларда күзгі (озимь) бидай­ егеді. Ол аса өнімді болып, биік өскен сабағы мен кебегін малға жем етеді. Ол бидайдың наны өте дәмді әрі аз ғана жесеңіз де тойып, бақуатты жүре­сіз. Бұл ұн мен біздің ұнды араластырып, нан пісіруге болады. Өнімді бидай­ егіп осылай етсек ұн қорымыз артып, экспортқа шығаруға болар еді. Етті тағам­дарды аз қабылдап, орнына осындай тойымды нандар мен дәрумен­ді жемістерді азық етіп әдеттенейік. Егін шаруашылығының дамуы мал шаруа­шылығының дамуына аса ықпалды. Сиыр малы үшін дәнді дақыл құмай (сорго) егу өте тиімді. Ол ақ жүгері кәдімгі жүгері тәрізді өсіп, дәні бір топ сабақ ұшында болады. Оның өте құнарлы сабағын майда қиқым етіп комбикорм құрамын байытуға болады. Жаздың ыстық күндері мұның сұйық көжесі аса колориялы ас әрі нағыз сусын болады. Фольгаға оралған құрт плиткалары мен ерігіш құрт ұнтақтарын шығарсақ деймін. Ас атасы құрт көжеге не жетсін. Оның дәнінен аса сапалы биологиялық спирт алуға болады. Осындай жасампаздығымыз ғана бізді алға тартады. Байлық қолға енген ақшада емес. Яғни халықтың қолына қанша мол ақша түссе, ол ақша сонша құнын жоғалтады­. Қалай түсіндірсем екен? Мәселе – еңбек туындысында. Алып-сатпай, өнімді еңбек (созидательный труд) етіп, өнімін игілікке пайдалану бәрінен де абзал.

Кеңестік кезеңде банкте ақша болмай бізде жұмысшылар үш-төрт ай еңбекақысын ала алмай қиналып жат­қанда мақта еккен және жемістерін алыс Балтық бойынан Қиыр Шығысқа дейін апарып сатқан өзбектер жеңіл өнер­кәсіптік инфрақұрылымын дамытып, елін жаннат мекенге айналдырып алды. Ал қазір олар Перенея түбегінен Малайзияға дейін таралып еңбек етіп жүр. Бір өзбек досым қазақтарға қырғыздардан гөрі өзбектер жақын деген еді. Қандай білімді десейші. Мен Өзбекстанда туып-өскендіктен, оның сөзімен толық келісемін. Яғни 80 пайызға жуық халықтың тегі қазақ болған десем жаңылмаймын. Енді біз де солар сияқты болып еңбекқор болсақ деймін. Біздің Сыр бойында совхоздардан гөрі колхоздарды көп құрып, көпсалалы егін шаруашылығын дамытып алу керек еді. Міне, соның әсерінен бүгінге дейін ұрлық, сыбайлас жемқорлық жалғасып келеді. Кеңестік кезең жіберген барлық қателерінің азабын әлі де тартып келеміз. Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары өзбектер алыс мақта еккен сыртқы жол бойына қоныстанып, күнін көріп, халық саны лезде екі еседей өсіп кетті. Сондықтан ауылдардың дамуы бізге барлық жағынан да тиімді болып тұр.

Экономикалық дамыған елдер қатарына енгіміз келсе, ауыл тағдырын қисынсыз жағдайға қалдыруға болмайды. Әйтпесе енді дами бастаған елдер бізден озып кетуі сөзсіз. Бірінші қажет­ті ауылдардың азық-түлік өнім­дері ғана халық жағдайын жақсартып, тәуелсіз­дікті қорғайды. Күнделікті тұтынатын және ірі өндіріс құралдарының бәрін өзімізден шығаруға толық мүмкіндік бар. Мәселен, алып Ресей елін сырттан жан-жақты қанша қыспаққа алып, санк­ция жарияласа да ешқандай әсері болмай, ол өзінен-өзі дербес дамып келеді. Біз де ең алып елдердің бірі боламыз. Қуатты, алып ел болуымызға біздің де барлық жағынан жағдайымыз жет­кі­лікті.

Алтын Орда құлағанымен, Дешті-Кыпшақ елінде елдің құрамы болған руаралық мәдени байланысып және жайлауларымыз малдарға толған ауылдар дамып, миллиондаған қазақ Орта Азия асып, Иранға барып қоныстанды. Иран шахының сарбаздары тек алыс жолға төзімді жауынгер қыпшақтар бол­ған дейді. Енді ежелден егін шаруашылығымен айналысып, өркениеті дамыған Сыр өңірінде ауылдарды жаңаша қайта жаңғырту ел экономикасының дамуымен қатар оның болашағы үшін үлкен үлес болар еді. Ауылдардың дамуы­ барлық қоғамда, әсіресе жұмыссыздық жайлаған капиталистік қоғамда­ да әрқандай дағдарыстың алдын алуға аса ықпалды. Телеарналар мен интернетке ие азық-түлікті ауыл өмірі қаладан еш қалыспайды. Енді ауылдарда каналдар қазып бастап, алыс ауылдар арасына шағын ауылдар салып, қаламен тығыз байланысып, оның экономикалық дамуына жол ашу қажет. Шағын ауылдың әрбір үй жақын маңайына егін егіп, мал бағу бізді молшылыққа жеткізеді. Яғни малды далаға айдап жібергеннен гөрі шағын ауылдар маңайына жоңышқа егіп, малдың бір жерде жайыл­ғ­аны – заман талабы. Жаңа шағын­ ауылдар көп болып, үйіңнің маңайы егін егіп, бір отбасы күні-түні еңбек ететін жеке отбасылық мердігер (семейный подряд)  болса деймін. Дала халқы болған біз қазақтарға осы көпнысаналы­ (многоцелевой) жол тиімді болар­ деген ойдамын. Нәтижесінде ауылдар кеңейген соң тағы да шағын ауылдар көбейіп, Қызылқұм игеріліп, гауһар аймаққа айна­лады.Сонда ғана ел экономикасы мұнайға тәуелді болмайды.

Бекназар ӘБСАДЫҚОВ,

зейнеткер,

Қызылорда қаласы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН АУЫРАТЫН БАЛАЛАР КӨБЕЙГЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.12.2018 11:20

Дүниежүзіне кеңінен тарал­ған бұл кесел жылына миллиондаған адамның өмірін жалмайды екен. Бір ауырған адам өмірінің соңына дейін күресіп өтеді. Тақы­рыпқа тұздық болып отырған қант диабеті ауруы асқазан асты (ұйқы) безінің беттаклеткаларының инсулинді аз мөлшерде шы­ғаруы­мен, осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, қант алмасуының бұзылуымен сипатталады. Қанда инсулин аз болғанда ұлпалар қантты сіңіре алмай қалады. Бұл процесс қант мөлшерін өсіреді, осылайша гипергликемия дами береді. Аталмыш ауру Қы­зыл­орда облысында, әсіресе балалар арасында өршіп тұр. 2018 жылы диабетпен ауыратын балалардың саны біршама көбейген.

- 2017 жылы қант диабеті ауруымен алғаш рет 18 бала анық­талс­а, биыл бұл көрсеткіш 26 бол­ған. Қызылорда облысы көлемінде диабетпен ауыратын 126 бала есепте тұр. Оның ішінде 69 балаға инсулиндік помпо (күні бойы ағза­ға инсулиннің аздаған мөлше­рін енгізетін құрылғы. -ред.) орна­тылған. Яғни балалар осы дәрілік аппарат­қа тәуелді, - дейді облыстық штаттан тыс балалар эндокринологы Райса Ысқақ.

Ауру турасында сала маманы оқырмандар үшін қажетті ақпараттармен бөлісті. Райса Бөрі­байқызының сөзінше, инсулиндік помпо науқастанған балаларға өте қажет. Аппаратты қолданбай жүрген балаларда көбіне баланың бой өсуі тежеледі. Өйткені, ағзаға инсулин жетіспейді. Ал помпода жүргендер кез келген жерде қолданып, инсулин жіберіп, тамақ ішеді. Аурудың...

 

Себебі

...әлі күнге дейін нақтыланбаған. Көп жағдайда дұрыс тамақтанбаудан  туындайды. Фаст-фуд, газды сусын­дарды пайдалану, т.б. Екінші себебі – ағзаның иммунитеті төмендеуі. Жөтеліп, тұмауратқаннан кейін де пайда болуы ғажап емес. Енді бірінде қанмен келуі мүмкін, яғни  тұқым  қуалайды.

 

Алғашқы белгілері

Бала суды шектен тыс көп ішеді. Көбіне жаз мезгілінде ауырғанда ата-аналары байқамай қалып, ауруды­ асқындырып, дәрігерге кеш әкелетін­ жағдайлар болады. Тіпті комамен алып келеді. Себебі, жазда­ ағза суды көп талап етеді. Кіші дәретке көп шығады. Дәретінің түсі аппақ, су сияқты келеді. Көпіршік секілді. 3-4  жастағы балалар еден­ге­ кіші дәретін жіберіп қойған кезде­ кепкеннен кейін сол жердің шырыш­танып қалғанын аңғаруға болады. Немесе шалбарларын тез жуып тастамай, біршама уақыт қойып қойған кезде дәретінің қатып қалғаны көрінеді. Өйткені, құрамында қант болады. Науқас­танған адам тез арықтайды. Бір айдың көлемінде 3 келіге дейін салмақ­ тастауы мүмкін.

 

Сақтану жолы қандай?

Мәселен, тұмаумен ауырмас үшін алдын ала иммунитет көтеретін дәрі-дәрмектер қабылдауға мүмкін­дігіміз бар. Осылайша дертке дауа табудың жолын оңай табамыз. Ал қант диабетінен сақтанудың белгіленген жолы жоқ.

Сонымен, аталмыш дертке шалдыққандар ең алдымен инсулин тапшылығына душар болады. Инсулин деген не? Оның адам ағзасына атқарар қызметі қандай? Меди­цина маманының сөзіне сүйенсек, инсулин – ұйқы безінен шығатын зат. Біздің ағзамызға түскен сүт, кофе болсын, құрамындағы қантпен инсу­лин реакцияға ұшырайды. Инсу­лин – беттаклетка. Соның әсері­нен иммунитетіміз бұзылады. Келе-келе ұйқы безінен инсулин шықпай қалады. Сондықтан, мидан бастап аяққа дейінгі тамырдың бо­йында қант жүреді. Ол қайда бара­ры­н білмейді. Оны реакцияға ұшырататын инсулин жоқ. Сөйтіп организмде жүре келе ацетон пайда болады. Науқастың аузынан ацетонның иісі шыға бастайды.

 

Инсулин жетіспеушілігінің алдын алу үшін

...науқастанған кісілердің ағзасына инсулин ендіреді. Оның екі түрі бар, ұзақ және қысқа әсер ететін. Қысқа әсер ететін инсулин тамаққа арналған. Тамақтанар алдында салады. Тамырға емес, тері астына егіледі. Екі иыққа, екі кіндіктің айналасына және екі санға салынады. Бұл әдіс ауырған балалардың ата-анасына үйретіледі. Өйткені, балалар өмір бойы инсулинмен жүруі тиіс...

 

ТҮЙІН. Дүниежүзілік  диабет  федерациясының  деректеріне  сүйенсек,­ жыл сайын осы дерттен 5 миллионнан астам адам көз жұмады екен. 2016 жылға дейін осы сырқаттан әрбір 7 секундта бір адам ажал құшқан, ал 2016 жылы әрбір 6 секундта бір адам өмірімен қош айтысыпты. Бала дүниеге келгеннен бастап сақтандыра алмайтын аурудың бір түрі – қант диабеті. Әлі өмір соқпағына түсе қоймаған балалардың есеймей жатып осындай ауыр кеселге шалдығуы қоғам болып дабыл қағарлық түйткіл. Тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ауыздықтай алмай келе жатқан­ «құпия» дерттің дауасын күні бүгінге дейін ешкім тапқан жоқ. Тіпті сақтану жолы да беймәлім. Десе де, «үмітсіз шайтан ғана», медицинамыз өркендеп жатыр, күндердің күнінде бұл аурудың да жазылу жолы жария болар. Әрине, осы ретте халық дәрігерлердің біліктілігіне үміт артады...

 


Жаға жылдық әзілдер PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.12.2018 10:57

Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін:

- Мадам, сіз маған үйге баратын жолды көрсетіп жібере аласыз ба?

- Иә ...

- Менің қайда тұратынымды сіз қайдан білесіз? Біз таныспыз ба?

- Өшір үніңді! Мен сенің әйелің­мін!

 

***

- Аяз ата, маған ойыншық көлік сыйлашы, - деп бала айғай салады.

- Айғайлама, Аяз ата сыбырлағаныңды да жақсы есітеді, - дейді оған анасы.

- Иә, бірақ әкем есігін жауып алды, есітпей қалуы мүмкін.

***

- Айыпталушы, сіз әмиянды қашан тауып алдыңыз?

- 31 желтоқсан күні.

- Онда неге бірден полицияға тапсырмадыңыз?

- Сол күні полицияда ешкім болмады.

- Ал келесі күні ше?

- Келесі күні әмиянда ештеңе қалмады.

***

- Жаным, Жаңа жылға қандай сыйлық  алғың  келеді?

- Ой, білмеймін, тіпті ...

- Жақсы, онда саған ойлануға тағы бір жыл уақыт беремін.

***

Жаңа  жыл  мерекесі өткеннен кейін екі дос:

- Жаңа жылды қалай қарсы алдың?

- Білмеймін, әлі ешкім айтып берген жоқ...

***

1 қаңтар, таңертең. Емханада тексеру. Дәрігер палатаға кіріп, тізімге қарап:

- Талапов осында ма?

- Мен.

- Фамилияңыз қандай?

***

1 қаңтар. Әке-шеше телефон арқылы:

- Балам, Жаңа жылды қалай қарсы алдың?

Баласы нені сұрап жатқанын нақты­  түсінбей:

- Мен оны қарсы алған жоқпын... Ол өзі келді.

***

Ер адамның үш кезеңі: 1. Аяз атаға сенетін кез. 2. Аяз атаға сенбейтін кез. 3. Өзі Аяз ата болатын кез.

 


Жым-жым жұмбақтар PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.12.2018 10:52

Берсең ала береді,

Бермесең шара көреді.

(Жайынауыз  басшы)

 

Бір істі бастап кетеді,

Бітірмей тастап кетеді.

(Жауапсыз  жұмысшы)

 

Кеше сылады,

Бүгін құлады.

(Сапасыз  құрылыс)

 

Алдымен біліп кетеді,

Артынша іліп кетеді.

(Сұғанақ)

 

Қылығы бетер қудан да,

Сөзі сұйық судан да.

(Суайт)

 

Аңқаулардың  арасында АЛЫП  болады,

Білімділердің  арасында  «балық»  болады.

(Білгірсымақ)

 

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


Мен әлi қызбын PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.12.2018 10:33

Бір күні табиғи шырша мен жасанды шырша кездесіп қалды.

– Привет, таудың жабайы Шыршагүлі! Есінеп отырсың ба, ентігіп отырсың ба, қаба­ғың түсіп кетіпті ғой? - деп сұрады жасанды шырша мың бұралып.

– Сәлеметсіз бе? Сізді та­ны­мадым?

– Жасанды шыршамын ғой. Қолдан ұрықтандырыл­ған, ой, кешіріңіз, қолдан жа­сал­ған. Атым – Елкабике. Өзің неғып жатырсың, түбіңнен шабылып?

– Өлетін шығармын... Біз­дің қорықтың бастығы бір мектеп­ке мені сыйға тартыпты. Қазір әкетеді.

– Е, сендердің күндерің әлдеқашан біткен. «Модыдан» қалғансыңдар. Қазір Қазақстан бізге қарайды. Жаңа жылдары бізсіз өтпейді... Бір жағы сендерді кесіп, мерекелік шырша етпегендері де жақсы. Ертеңіне-ақ қайтыс болып кетесің­дер. «Просто», обал сендерге, жаным ашиды... Ал, біз деген... Біз, ойхой шіркін, мәңгі өлмейміз! Өйткені, жасан­дымыз! Біз мықтымыз! - деген жасанды шырша ойыншықтарын сылдырлатып, диотт­ы шамдарын жағып, табиға­ттағы  құрбысына  қасын кере  қарады.

– Сендер мақтаншақсыңдар! Адамдар да мақтаншақ! Мақтаншақ шенеуніктер жыл сайын ысырапшылдыққа жол береді.

– Сен абайлап сөйле! Адамдардың  қызығын  көре алмайсың  ба? Ал, онда тұрған не бар? Шенеуніктер өз қалтасынан төлеп жатқан жоқ, қазынаның қаражатына шырша сатып алады. Соны да сөз етіп... Көре алмай  тұрсың  ғой, ә?

– Кешір, Елкабике... Биыл Алматы әкімдігі елден ерекшеленеміз, бәрі бізге тамсанып, сілекейлері ағатын болады деп, жалпы  құны  жетпіс миллионнан  асатын шырша сатып алды. Шымкент қаласы әкімдігі айдалаға асыққандай, дәл тәуелсіздік күні шырша орнатып жатты. Сонда деймін-ау, тәуелсіздікті сыйламағаны, шашылып жатқан арсыздықты, пысықайлықты өздеріне жинамағаны ма? Ал, қайран қазақ контейнерлерде тұрып жатыр, балалары күрк-күрк жөтеліп... Құдай оларды «ұрып» жатыр! Халық шыршалардың тым жасанды болып кеткенін  айтып  отыр. Әңгімелеріне  құлақ  салсам, ескі болса­ да, бұрынғы  шыршамыз «табиғи әрі әсерлі көрінетін еді» дейді...

– О, албасты! Қара мұны! Сен өзің бәлеқор қатын екен­сің  ғой?

– Кешіріңіз, мен әлі қызбын... Күйеуге енді шыққалы тұрғанымда, қырқып әкетті...

Мұхтар   ШЕРІМ

 


Сәдуақасованың Сырдағы сеансы PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
27.12.2018 10:20

Шахматтан әлемнің  үз­дік 15 әйелдің қатарына енген  4 дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасова Қызыл­ордада алғаш рет бір мезгілде ойын сеансын өткізді. Сеанс­қа 1-3-разрядтағы 25 жасөс­пірім қатысты. Спорттық шарада облыс әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасы басшысы­ның орынбасары Жақсылық Оспановтар төбе көрсетті.

Шарада алғаш болып сөз алған Р.Рүстемов шахмат спортының шығу тарихына, Динара Сәдуақасованың өмір жолына тоқталды. Одан соң шахматшының өзі сөз сөйле­ді. “Қазақстан аймақтарында бір мезгілде өтілетін ойындардың мақсаты – шахмат ойынын әйгілеу” деп бастаған Динара Сәдуақасова бір мезгілдегі ойындар, шеберлік сабақтары мен турнирлердің жас жеткіншектерге ықпалы зор екенін айта кетті. Сондай-ақ, қызылордалық жас шахматшыларға осындай жағдай жасаған облыс әкімі­не, спорт басқармасы басшысына өз алғысын жеткізді.

- Мен үшін жастарға шахмат ойын ғана емес, өзін-өзі дамытудағы ең күшті құрал екенін жеткізу өте маңызды. Бүгінгі күні шахмат – бизнес күрес үлгісінің бір түрі. Шахмат логиканы дамытады, миды жаттықтырады, есте сақтауды арттырады, тиім­ділікті жоғарылатады. Биыл мен Елбасы қорының қолдауымен Атырау, Шымкент қалаларында болдым. Өткен жылы Ақтауда түрлі сеанстар өткізгенмін. Келесі жылы біз географиямызды кеңейтеміз. Менің сеансымда болашақ әлем чемпиондары, гроссмейс­терлер мен шын шеберлер бар деп сеземін. Біздің балаларымыз  интеллектуалды әлеует­ке­ ие, оны ашуға және дамытуға біз өз үлесімізді қосуымыз керек­, - деді ол.

Динара биылғы жылы республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезгілде ойындар, шеберлік сабақтар, турнирлер өткізді. Келесі жылы Астана қаласында республикалық студенттік турнирді өткізуді жоспарлап отыр. Ал, 22 желтоқсан күні Астана қаласында Динара Сәдуа­қасова атындағы шахмат академ­иясының тұсаукесері өтті. Мектепте аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетім балалар үшін тегін сабақ берілетін болады­.

“Алдағы уақытта мықты шахматшы әйелдердің TOP-10-на кіретініме сенімдімін. Сонымен қатар, әлем чем­пионатында жеңіске жетіп, алтын тәжді Қазақстанға алып келсем деймін. Осы биікті бағындырып, Аста­наның, қазақ қыздарының деңгей­ін әлемге әйгілі ететін күн де алыс емес екенін ішкі түйсігім сезеді” дейді шахматшы.

- Мінеки, бүгін Динара Сәдуақасова Сыр еліне келіп, тақта үстінде бір мезеттік сеансын өткізіп жатыр. Меніңш­е, мұндай  ойындар  жас шахматшылардың жіге­рін жанып, қызығушылығын одан ары  оята  түседі. Сондықтан, мұндай ойындардың көптеп ұйымдастырылғаны жақсы, - дейді шахматтан облы­с тарихындағы тұңғыш ФИДЕ шебері, мақтанышымыз, чемпионымыз Әсел Серікб­ай.

“Адам өзін үздіксіз жетіл­діріп отыруы керек” деген ұстанымдағы Динараның алты тіл білетінін бірі білсе, бірі білмесе керек-ті. Жатпай-тұрмай ізденсе  ғана  адам шыңға оңай шыға алады. Жан-жақтылық та спорт­шының бойынан табылуы тиіс.

Сеанстың қорытындысы бойынша Сәдуақасова ең қызықты ойын көрсеткен №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырыл­ған балалар-жасөспірімдер мектебінің шахматшылары Сұлтан Аманжол мен 6 жастағы Айжұлдыз Қанатқызына жақында ғана жарық көрген “Шахмат оқып үйренейік” атты кітабын  сыйға  тартты.

 


ҚАРАҚШЫЛАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.12.2018 10:12

Ықылым заманнан бері ұрылар мен қарақшылардың мекені, қандары қарайған басмашылар жай­лаған Құрама тауларынан Сүлеймен қарақшы қасына Қараман мен Парманқұлды ертіп, Шыршыққа қарай аттанды. Басмашылар жайлаған бұл Құрама тауына Сүлеймендер бір ай бұрын достары Елсапа­ мен Нұрсапаны көру үшін келген  болатын.

Шыршыққа бет алған алғашқы күні олар түн ауғанша жүріп, бір тастың түбіне қонып шықты. Ертесі­не жан-жағы қына-түксіз жалаңаш жартас қоршаған сайлы жолмен ұзақ жүрді. Күн сәскеден ауғанда алдарынан созылып жат­қан асу шықты. Қарақшылардың бірі Қараман айтты:

- Мына асу онша биік емес екен. Не болса да осыдан асып бір-ақ тоқтайық.

Қарақшылар асу басына қиналмай көтерілді. Біраз жүрген соң асудың арғы жиегіне жетті. Асудың етегі қалың тоғай. Тоғайдың ортасы  ашық  алаңқай. Алаңқайда­ бірнеше күрке тұр. Күркелердің маңайында ары-бері жүрген адам көп. Барлығы мылтық асынған. Оларды көрген Сүлеймен тобы дереу кейін шегініп, тоғайда жүр­ген адамдар көрмейтіндей жерге келіп  тоқтады.

- Бұлар кімдер болды екен?

- Бұлар да тау ықтаған басмашылар  шығар, Парманқұл.

- Бұлай тұра берсек, көзге түсіп қалуымыз мүмкін. Әнебір қара­йып көрініп тұрған үңгірдің аузы болар, сонда барып паналай тұра­йық. Не істерімізді сонда кесіп-пішерміз.

Үңгір деп келгендері жаппа тастардың қуысы екен. Оншақты адам сиятындай кең қуыста қарақшыл­ар кешке дейін күтуді жөн көріп демалды. Кеш батып, айналаны қараңғылық басқан кезде үшеуі ойласып, өздері күн­діз көрген күркедегі адамдарға шабуыл  жасамаққа  бекінді.

- Сүлеймен, шабуыл жасаймыз дейміз, мүмкін олар бейбіт жүрген адамдар  болсашы, біреу-міреуін  нақақтан-нақақ өлтіріп, обалына  қалып  жүрмейік.

- Парманқұл, елден жырақ түз тағысы ғана жүретін мұндай тау ішінде тегін адамдар күрке тігіп, мылтық асынып жүре ме? Құдай біледі бұлар да басмашылар. Басмашылар біздің достарымызды өлтірді, енді оларды аямаймыз, көздерін құртамыз. Бұлардың да басмашы екені анық. Оларды қаннен-қаперсіз отыр­ған жерлерінде бас саламыз. Жауды­  аяған  жаралы.

Сүлеймен осылай қызулана сөйледі.

Қарақшылар аз-кем тұрды да, қолдарына мылтықтарын алып, оқ-дәрі салынған белдемшелерін белдеріне байлап, тас қуысынан шығып, асу шетіне келгенде, сонау төменде, бағана өздері көрген тоғай ішінен әлі сөне қоймай, жылтырап жанған шоқтарды көрді. Барлығы бірден сол жақты бетке ала ылдилады. Тоғай шетіне де ілікті. Күндіз жоғарыдан тұтасып көрінген тоғай іші анау айтарлықтай қалың емес екен. Үш қарақшы күркелерге жақындады. Күркелер маңы тып-тыныш. Түн кезіп, алар жемтігін оңай қарпып кететін, нысанаға жақындағанда бірін-бірі тілсіз ұғатын бөрілердей әбден сұмдықтың небір түрлерін бастарынан өткізіп, шетінен тісқаққан қарақшылар атанған Сүлеймендер аз-кем уақыт тың тыңдап тұрды да, шеткі күркені қоршады. Барлығынан  жылдам Қараман  мысық  жүріс­пен күрке ішіне кіріп, артынша қайта  шықты.

- Мына күркенің ішінде  бірде-бір адам жоқ, тек бес-алты қап ұн ғана  бар  екен.

- Бұл жерде басқа үш күрке тұр. Үшеуміз үшеуіне барып, бір мезгілде­ күркені жығып жіберейік. Егер іштен біреу шықса ұрып не атып құлата  берейік, - деді Сүлеймен.

Осыған келіскен үшеуі аяқтарын еппен басып, жапа-тармағай тарасты­ да, бір-бір күркенің қасына барып тұрды. Парманқұл ең шеткі күрке­нің  жанына жете бергенде, «Ал бастаңдар!»  деген Сүлейменнің айғайы тоғай  ішін  жаңғырықтырып жібер­ді. Айғайдың артынша, кебу ағаштардың сықырлай құлаған дыбыс­тары  шықты.

Сүлеймен бар күшпен қос қолдап итеріп жіберіп күркені құлатты. Шатыр-шұтыр сынған шыбықтардың астынан адамдардың шошынып өкірген дауыстары шықты. Әлден соң шыбық астындағы дауыс­тар тына қалып, сынған бұтақтар қозғалақтап, астындағылар сыртқа шығуға талпына бастады. Сүлеймен ескі әдеті бойынша осындай шабуылд­арға шыққан уақытта үзеңгісін де ала жүретін, сол үзеңгімен шыбықтары қозғалған тұсты аямай соқты. Алғашқы қозғалған жері соққыдан соң бірден тына қалды. Екінші жерден бұтақтарды сындыра шыққан біреудің басынан тағы да үзеңгімен ұрды. Оның қасынан шыққан үшінші біреу: «үйбәй, өлтірмә, өлтірмә» деп айқайлап тұрып келе жатқанда Сүлеймен оны да бір перді. Бұл күркеден басқа адам шыққан жоқ. Сүлеймен ойраны шығып жатқан ана жақтағы күркелерге бұрыла бергенде, қара түнді дірілдетіп жіберген мылтық дауысы естілді. Осыдан кейін мылтық дауы­сы­ жиілеп, атыс басталды да кетті. Сүлеймен еңкейе салып, серіктеріне­ қарай жүгірді. Жүгіріп келе жатып, құлаған бір күрке ағаштарына сүрі­ніп кетіп, етпетінен түсті.

Сол құлаған жерде біреу бар екен. «Ә, әнәңниң... мә сеңгә» деп Сүлейменге пышақ сілтей бергенде Сүлеймен оның қолын шап беріп ұстап алып, әлгі пышақ сұқпаққа ниет­тенген адамның тамағын сол пышақпен орып-орып жіберді. Тамағынан сойылған адам Сүлейменнің үстіне құлады. Сүлеймен оны бір шетке лақтырып жіберіп, орнынан тұрып серіктеріне көмекке ұмтылды.

Қараман мен Парманқұл екеуі Сүлеймендей емес, олар күркедегі адамдарды алдымен мылтықпен атып, содан  барып  тірі қалғандарын­ ұрып-соғып  жайратып  салды.

Көп уақыт өтпей мылтық дауысы­ да, адамдардың айғайы да сап ты­йылды.

Айғай-шу тоқтаған соң Сүлеймен: «Қараман, Парманқұл» деп айқай­лады. Артынша:

- Сүлеймен, Парманқұл, амансыңдар ма? - деген Қараманның дауыс­ы  шықты.

- Болды, айқайламаңдар енді, аман сияқтымыз. Қашып кетіп тірі қалған басмашылар сыртымыздан дауысты бағыттап мылтық атпасын. Одан да таңға дейін паналайтын жер табайық, - деді Парманқұл.

Ай жарығында асуға шығып бағанағ­ы қуысқа жетуге болмайтынын барлығы сезіп, тоғайдың екінші шетіне қарай жылжып, ну ағаштың жанына келіп отыра-отыра кетісті. Қазақ қарақшылары сол түнді нудың тасасына отырып, ұйқысыз өткерді. Таң сызаттанып атқанда түндегі ойран­ салған жерлеріне бет алды. Көп кешікпей тоғай ортасындағы күркелер қасына маңдай тіреді. Мұнда келгенде бұл үшеуі өз көздеріне өздері сенбей қалды. Күркелердің қирағаны түк емес-ау, күрке маңын­дағы, шыбықтар астындағы серейіп-серейіп жатқан өліктердің ахуалы адам қарай алмайтындай жиіркенішті еді. Әне біреуінің басы мылжа-мылжа болып кеткен. Ал шеткі жақта етпеттей сілейген біреу­дің басы анадай жерде төңкеріліп жатыр. Осы сияқты күйдегі өліктер шашылып жатыр. Бірақ қан кешуді бұрын талай бастарынан өткізген бұл үш қарақшы өлі денелердің мұндай күйін көріп шошынып не жиіркенген жоқ, іштерінен «өздеріңе сол керек қаныпезер басма­шылар»  деді.

- Кешеден бері нәр татпадық, жеуге жарайтын бірер азық болса тойынып алайық.

- Қазір ол жайын қоя тұршы, Қараман. Одан да тоғайды бір аралап шолып шығайық, мүмкін тірі қалған  басмашылар  болса, тығылып жатқан шығар, - деді  Сүлеймен.

Барлығы бірдей тоғай ішіне енді. Біраз жүргенде тоғай ағаштары жиілеп­, қалыңдай бастады. Тоғай ішін сүт пісірімдей аралап, сиректеу­ шетіне шыға бергенде, бір долана ағашының тасасынан шапан киген біреу шыға келіп, мылтығын бұларға қарата бір атты. Қараман етпетінен жата қалды. Ал әлгі адам мылтық ұңғысын Сүлеймен мен Парман­құлға қарата тағы атты. Құдай сақтап, мылтық атылмады. Оғы таусыл­ған екен. Басмашы мылтығын тастай сала артына қарай қаша жөнелді. Ашуға булыққан Сүлеймен лезде әлгіге жетіп барды да, бала құрлы көрмей, жоғары көтеріп тұрып жерге­ бірақ  ұрды. Артынша Парманқұл да жетіп  келді.

- Тоқта, өлтіріп қойма, - деді осы кезде Қараман жерден тұра беріп.

- Өй, сен тірі екенсің ғой. Сені мылтық оғы тиіп өлді деп ойлағам. Құдайға шүкір,  аман екенсің.

Жерге сылқ етіп оңбай түскен басмашы осы кезде ыңырсып басын көтерді. Қараман шап етіп оның сақалы­нан  ұстап алып:

- Сұмырай, шыныңды айт, айтпа­саң, осы жерде бауыздап кетеміз. Алдымен кімсің һәм бұл жерде не істеп жүрген адамсыңдар? - деді.

Басмашының айтуынша, бұлар Ташкент маңындағы бір қышлақтан қызылдардан қашып, осында тығылып жүргендер екен. Басшылары Сайфулла деген сарт екен, ол қызылдарға қарсы осы тауларда күресіп жүрген басмашылардың бірі болып шықты.

- Мұнда орныққандарыңа қанша уақыт болды?

- Алты айдан асты.

- Сол алты айдан бері тамақты, оқ-дәріні қайдан алып жүрсіңдер?

- Алғашқыда өзімізбен алып келген малдарды азық еттік. Одан соң жақын маңдағы ауылдарға барып­ ұрлық жасап қайтамыз. Бұдан бөлек мына таудың арғы жағында Боштай паруанашының, Шураб үңгірінде Әрипхон хоқим­нің жасақтары бар, қатты қиналсақ, солардан азықты да, оқ-дәріні де аламыз. Бір-бірі­мізге қарасып тұрамыз.

- Әрқайсысың әр топқа бөлін­генше неге бірігіп алмайсыңдар сол  басмашылармен?

- Басшыларымыз олай етуге болмайды дейді. Бірігетін болсақ, қызылдар бізді тез тауып алады.

- Сендерден басқа да топтар қай жерлерде орналасқан?

- Менің білуімше Тарам, Шым­ған осы Құрама мен Қоқан тауларында басмашы топтары көп, оларға төрт құрбашы басшылық жасайды.

- Атың кім өзіңнің? - деді Парманқұл.

- Тохиржон.

Сүлеймендер Тохиржонды тағы сұрақтың астына алып, біраз жайтқа қанық болды. Содан басмашыны желкелеген күйі қираған күркелер маңына келді.

- Тохиржон, -деді бір кезде Сүлеймен. – Жасақтарыңда қанша адам бар еді?

- Жиырма екі адам едік. Оның тоғызы өліпті, менімен қосқанда, он үші қашып кеткен екен.

- Олар қашса қайда барады деп ойлайсың?

- Боштайға, не Әрипхонға ба­рады да.

- Олай болса, - деді Сүлеймен мылтығын сығымдай ұстап. – Бұлар өздерін басмашы атап бейбіт жат­қан ауылдарды қан қақсатады екен, сол басмашыларға қарсы күресейік. Қане, Қараман, Парманқұл аттанайық әлгі басмашыларға. Сен, Тохир­жон, бізді Боштай мен Әрипхонға баста. Ендігі кезек – Боштай мен Әрипхондікі.

Күллі Сыр бойы мен Ташкент маңына, Қазығұрт, Алай, Қамшық, Тәжік таулары мен бүкіл оңтүстік атырабына «қарақшы» деген аты жайылған, осы өлкелердегі әмбе ұрылар мен қарақшы-баукеспелер­дің көсеміне айналған бұл үш қарақшының жауға, әділетсіздікке қарсы алғашқы әрі соңғы аттануы емес еді.

Абдулла  БЕКӘДІЛҰЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың   магистранты

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары