Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
Сәуір 2018

Жалағаш ауданында күріш егу науқаны басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.05.2018 09:50

Жалағаштық шаруалар күріш егуді қолға алды. Биыл аудан бойынша 32,7 мың гектарға егіс егу жоспарланып отыр. Өңір диқандары 18100 гектар жерге Сыр маржанын сеппек. Күріш егісіне 5,1 мың тонна тұқым дайындалды.

Дән себуді алғаш болып ақсулықтар бастады. Ақсу ауылындағы «Сәрке батыр» ЖШС биылғы жылы 1490 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні күріштің 250 гектарға жуығы егілмек.

Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев аталмыш серіктестіктің егіс алқабында тұқым себу жұмыстарын көрді. Қара жерден несібесін күтетін шаруалармен жүздесіп, көктемгі дала жұмыстарына қатысты шараларды талқылады.

Аудан басшысы өткен жылы аудан диқаншылары күріштен рекордтық өнім жинағанын, биыл да сол межеден түсірмеу үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, «Сәрке батыр» ЖШС директоры Т.Бодыбай, аудан ардагері Ж.Адамбаев сөз алып, бата берді.

Бүгінгі күні аудан бойынша 3500 гектар жаңа жоңышқа, 285 гектар жаздық бидай, 60 гектар арпа, 1900 гектар мақсары дақылдары егіліп, ескі жоңышқа жаппай тырмаланды.

Аудандық ішкі саясат бөлімі

 


ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТЕСТ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫСЫ ҚАЛАЙ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 15:47

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектерге айрықша мүмкіндік бар секілді. Бұрынғыдай емес, бүгінде грант саны да едәуір артып отыр. 20 мың гранттың басым бөлігі техникалық бағыттағы және сұранысқа ие мамандықтарға бөлінбек. Мемлекет мұндай жомарттықты еріккеннен жасап отырған жоқ. Ең біріншіден, тегін гранттың көп болуы ата-аналардың қалтасына салмақ салмайды. Екіншіден, білім бәсекесінің көшіне тек аты ғана бар жеке оқу орындары ілесе алмай қалады. Бір сөзбен айтқанда, қаптаған білім ордаларының саны қысқарады, сұрыпталады. Бұл сапасыз оқу орындарымен күресудің бірден-бір жолы болмақ. Үшіншіден, оқушылардың оқуға, білім грантын жеңіп алуға деген құлшынысы артса, оны алу мүмкіндігі де жиілейді. Демек, оқушы психологиясының көкжиегі жақсы жағынан кеңейе түседі.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде қорытынды аттестаттау және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және оны өткізу барысы сөз болды. Брифингке Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова мен Ұлттық тестілеу орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Асқар Еңсепов қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Мектеп бітірушілері үшін биыл Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №74 бұйрығына сәйкес, 11 (12) сынып білім алушылары үшін қорытынды аттестаттау 29 мамыр мен 30 маусым аралығында жүргізіледі. Мектеп бітірушілер мектеп базасында өтетін қорытынды мемлекеттік аттестаттауда ана тілінен (эссе), Қазақстан тарихынан, алгебра және анализ бастамаларынан, орыс тілінен (қазақ тілі) және таңдау пәнінен емтихан тапсырады. Филологиялық мамандықтарға түсуге ниет білдірген балалар үшін таңдау пәндері қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті болып белгіленді. Ал, 15 маусымға дейін бітірушілерге орта білім туралы аттестат беріліп, ЖОО-ына түсуге талапкерлер 20-24 маусым күндері қала мен аудан орталықтарындағы тестілеу пункттерінде өтетін ҰБТ сынағына қатысады.

Облыс бойынша биылғы оқу жылында мектепті 7102 оқушы бітіреді екен. Тиісінше оның 5196-сы (73,1%) ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Сәуір айындағы мәлімет бойынша “Алтын белгіге” – 343, “Үздік аттестатқа” 227 үміткер тіркелген. Қаңтар айындағы көрсеткіште олардың саны жоғары болатын. Уақыт жақындаған сайын саны қысқарып, өз-өзіне сенімділерінің ғана қалуы заңдылық та шығар. Мектеп бітірушілер облыстағы жұмыс істейтін 9 ҰБТ өткізу пункттерінде (Қызылорда қаласында – 2, аудан орталықтарында – 7) білімдерін сынамақ. ҰБТ нәтижелерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында талапқа сай қажетті техникалық құралдармен жабдықталу үстінде. Әрине, келеңсіздіктердің болмауы үшін барынша жағдай жасалмақ. Барлық тестілеу пункттерін байланыс желісін тұншықтырғыш құралдармен жабдықтап, қолға ұсталатын металл іздегіштермен қамтылады.

- Тестілеу кезінде сынақ тапсырып жатқан талапкерлерді әр адам онлайн трансляция арқылы көре алады. Елді мекендерден балаларды тасымалдау, тамақтандыру және жатын орындарымен қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы мәселесі толық шешілген, - деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова

Бүгінгі күні ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Өйткені, әрбір бітірушіге оның білім деңгейі мен қабілетіне қарай кәсіби бағдар беріліп, қай деңгейде, қандай оқу орнында кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар екендігі жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Арал ауданындағы “Қамбаш” олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында облыстың «Алтын белгіге» үміткер 130 оқушының дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дайындықта Алматы қаласынан және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы сабақ беруде.

Оқу жылының басынан облыстық білім ұйымдарында қорытынды аттестаттау мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мектеп бітірушілердің дайындығы үшін қажетті байқау сынақ кітапшасы алынып, айына екі-үш реттен сынама тест тапсыруда. Ай сайын сынама тест қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында, білім бөлімдерінің кеңестерінде пән мұғалімдерін қатыстыра отырып, талқылануда.

- Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша биыл бөлінген 20 мың гранттың 16 мыңы бакалавриатқа, оның ішінде 11 мыңы техникалық мамандықтарға, 3 мыңы магистратураға, 1 мыңы PhD доктарантураға бөлінді. Бұл – мектеп түлектеріне, оқу орнына түсуші талапкерлерге берілген зор көмек. Өткен жылы білім грантының саны 7 мыңға көбейсе, биылғыдай көрсеткіш бұрын болмаған. Бұл түлектер үшін мемлекеттік грант есебінен білім алуға жасалған үлкен мүмкіндік, - деді Ұлттық тестілеу орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Асқар Еңсепов.

Тағы бір жаңалық, енді ұлттық тестіде 50 балдан төмен жинаған оқушылар да қайта сынақ тапсыра алады. Әрине, сынақты қайта тапсырған түлектер тек ақылы оқуға ғана бара алады. Бұл жүйені де қос қолдап қолдауға болатын шығар. Рас, бұған дейін мектепті енді бітірген ұл-қыздардың бүкіл өмірін түпкілікті ҰБТ-ға байлап қойғандай едік. Түлектер санасында “межелі балды жинай алмасам, біттім, құрыдым” деген ой тұрды. Соның кесірінен талай түлек өмірін тап осы жерде тоқтатты. Яғни, тесттің қалың тұман екенін оқушыларға айтқанда, артынан жарқырап күннің де шығатынын ескерткен жөн еді. “Тестті қайта-қайта тапсыру бармақ басты, көз қыстыға” әкеліп соқтыруы мүмкін” деген пікірді де айтатындар жоқ емес. Сонымен, 11-сынып оқушыларының жаз маусымы басталғанда әдеттегідей бір дүрлігіп алатыны бар. Биыл да сол үрдістен жаңыла қоймаймыз-ау. Біздікін қойшы, бір мезгіл, ал түлектердің жүректері жыл бойына дүрсілдеумен болады. Жақсы оқығандары үмітті, маңдай терді ақтау жайын көп ойласа, мектептің үштігіне үміткерлері сындарлы сынақта кездейсоқ ғажапқа кезігіп қалам ба деумен әлек болып жатады. Жалпы, елімізде ҰБТ-ның жаңа форматы қолданысқа енгеніне де жыл толды. Оған дейін ҰБТ жайында республикалық, аймақтық БАҚ беттерінде есепсіз пікірлер мен сансыз мақалалар легі жарық көрді. Елең еткізер жайттарымен ел есінде қалатын сынақтың жақсы жаңалығын жариялауда жағымпаздар алдына жан салмады. Тиісінше, тесттің тиімсіз тұстарын талқылап, ұлтына жаны ашығандар ұлттық тесттен ұтылған жерімізді ұдайы айтудан шаршамады. Кей түлектің бағын ашқан, енді бірінің сағын сындырған ҰБТ-ның биылғы барысы мен нәтижесі қалай болар екен? Бұл білім саласында қызмет етіп жүрген жандар мен бітірушілердің бас уайымына әлдеқашан айналған бас сауал болар, бәлкім?!

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Сыр елінен шыққан тұңғыш генерал Есен Демесінұлын еске алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 14:35

2018 жылдың 27 сәуірінде Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында ішкі істер органдарының зейнеткері, милиция генерал-майоры Демесінов Есен Демесінұлын еске алу құрметіне арналған жиын болып өтті. Ішкі істер департаменті бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың және ардагерлер кеңесінің бастамашы болуымен ұйымдастырылған шараға ішкі істер министрлігі өкілдері, қоғам қайраткерлері, Сыр елінің ардагерлері және ішкі істер органдарынан құрметті зейнеткерлікке шыққан ардагерлер қатысты.

Есен Демесінұлы ішкі істер органдарында 40 жылдан астам қызмет атқарған. Ол өз уақытында ішкі істер органдарының беделді ардагері және озаты болған. Қызмет атқарған кезеңде облыстық ішкі істер басқармасының қалыптасуына және дамуына орасан зор үлес қосып, өзінің адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, 13 жылға жуық уақыт Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы лауазымында қызмет еткен.

1991 жылы СССР Президентінің Жарлығымен «милиция генерал-майоры» деген жоғары әскери шенін алады. 1997 жылы ІІО қатарынан құрметті еңбек демалысына шығады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің ордендерімен, медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталып, КСРО ІІМ-нің «Еңбегі сіңген қызметкері» белгісінің иегері атанған. 2005 жылы 67 жасқа қараған шағында өмірден  озды.

Шара аясында Есен Демесенұлының 80 жасқа толуына орай, шәкірттерінің, бірге қызмет еткен әріптестерінің, замандастарының естеліктері жазылған, Қажы Қорғанұлының құрастыруымен әзірленген «Сыр елі бағымды ашты, қастерледі» атты кітаптың тұсауы кесіліп, облыстық, ведомстволық деңгейдегі баспа беттерінде шәкірттері мен ізбасарларының ой толғамдары мақала ретінде басылып шықты. Сонымен қатар, «Qyzylorda» телеарнасы ұжымының ұйытқы болуымен Есен Демесінұлының өмірінен, еңбек жолынан сыр шертетін танымды, тағылымды бейнеролик әзірленіп, көрермендер назарына жол тартты.

Шара одан кейін «Динамо» спорт кешенінде өткен спорттық турнирге ұласты. Шағын футбол жарысына құқық қорғау органдары, күш және басқа да арнайы құрылымдардың қызметкерлерінен жасақталған 16 құрама команда қатысты. Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі құрамасы иеленсе, ІІ орынды ҚР Ұлттық ұланы 5447 әскери бөлімінің командасы қанжығасына байлады. Ал жарыстың қола жүлдегерлері болып Қызылорда облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасы танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен, бағалы сыйлықпен, дипломдармен марапатталды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Қызылордада Төтенше жағдайлар органының лауазымды тұлғасы сотталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 12:02

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оны болдырмау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволардың өкілдері Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Жандарбеков және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы О.Бержанов қатысты.

Кездесуде Б.Байхожаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда профилактикалық шаралардың уақытылы жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, оның алдын алу шараларына қысқаша тоқталып өтті.

Ал, кездесу барысында Б.Жандарбеков сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басқа салалармен қатар, 2017 жылы өкінішке орай төтенше жағдайлар органдары қатарында да орын алғанын тілге тиек етті. Мысалы, облыстық төтенше жағдайлар депаратментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің бұрынғы басшысы А.Умаровтың жемқорлық қылмысын атап өтуге болады. Ол мекеме басшысы және мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілеттілік берілген лауазымды тұлға бола тұра 2017 жылдың шілде айында бас есепші Г.С. арқылы азаматша К.К.-дан баласын жұмысқа орналастырып беру ниетімен 200 000 теңге пара алған. Сондай-ақ, ол заңсыз тапсырмалар бере отырып, өзінің қылмыстық әрекетіне басқа қызметкерлерді тарта отырып, аудиторлық тексеру қорытындысымен анықталған кемшіліктерді актіде көрсетпеу үшін аудиторға 1 300 000 теңге пара берген.

19.03.2018 ж. Қызылорда қаласының №2 сотымен А.Умаров жасалған қылмыстар үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және полковник шенінен айырылды.

 


Акция аясында тұрғындардан 90 дана атыс қаруы өтемді түрде қабылданды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 12:02

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2018 жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында халықта заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өтемді түрде сатып алу акциясы жүргізіліп жатқаны белгілі.

Шара басталған уақыттан бері азаматтардан өз еріктерімен заңсыз қаруларды өткізу жайлы 44 арыз тіркеліп, 90 дана атыс қаруы қабылданды.

Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.

Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы республика аумағында өткізіліп жатқан акцияға азаматтар өз үлестерін  қосады деген сенім білдіреді!

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Қызылордада «Бастаудың» алғашқы тобында 326 азамат оқуда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 10:01

Кәсіп ашудың қыр-сырын үйретуге бағытталған «Бастау» жобасы «Атамекен» ҰКП-ның ұйытқы болуымен өткен жылы басталды. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы қарапайым халықты кәсіпкерліктің негіздеріне бастап, маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді.

Биылғы жылы «Бастау» жобасы бойынша Қызылорда облысында 1600 адамды оқыту жоспарлануда. Өткен жылы өңірдің 5 ауданының тұрғындары ғана қатысқан болса, биылғы жылы бұл жобаға 7 аудан мен Қызылорда қаласының азаматтары да қатысу мүмкіндігіне ие болуда.

Бүгін біз жоба аясында Жаңақорған ауданында оқып жатқан азаматтар туралы айтпақпыз.

Жаңақорған ауданында тест тапсырған 51 қатысушының 48-і қажетті межеден асып, жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Оқу 1 ай көлемінде өтеді. Осы оқу барысында қатысушыларды кәсіпкерлік негіздеріне, дағдыларға үйретіп, кәсіпкер ретінде дайын қылып шығаруға тырысамыз. Бітіргеннен кейін болашақ кәсіпкерлер өздерінің жобаларын қорғайды. Ал біз Кәсіпкерлер палатасы аталмыш азаматтардың жобасын сүйемелдеп, қаржыландырылуына көмек көрсетеміз», - дейді бизнес-тренер Бауыржан Қыдырбекұлы.

Жобаға қатысушылар курсты аяқтаған соң өздерінің бизнес-жобаларын қорғайды. Жобаны арнайы құрылған комиссия мүшелері тыңдап, жан-жақты зерттейді. Содан соң жоба мақұлданып, барлық талаптарға сай болған жағдайда қаржыландыру үшін қаржы ұйымдарына жолданады. Бұл оқу курстарына келген әрбір қатысушы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті пайдаланып, өзінің кәсібін ашып, жұмысын бастағысы келеді. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын дамытуға, жұмыссыздар санын азайтуға да септігін тигізеді.

Жоба туралы оқуға қатысушылардың пікірімен танысқан едік.

«Негізгі салам қазақтың ұлттық көлөнер бұйымдары. Соның ішінде киіз үй, бесік, сандық, тойтабақтар жасай аламын. Мемлекеттің көмегін пайдалана отырып, қолдан келетін ісімді кәсіпке айналдырғым келеді. Цех ашып, жұмысшылар алып, ұлттық өнерді дамытқым келеді», - дейді жобаға қатысушы Асқар Исаев.

Жобаның келесі қатысушысы Сағындық Мекебаев: «Қазір кәсіпкерлікке жақсы қолдау болып жатқаннан кейін «Бастау» жобасына қатысу үшін тіркелдім. Қазір міне, оқып жатырмын. Кәсіпкер болғым келеді. Біздің ауыл бұрын мал шаруашылығымен айналысқан, малға қолайлы. Үйде ірі қара малдарымыз бар. Соны әрі қарай дамытып, мал санын көбейтіп, өсірсем, кәсіпке айналдырсам деген жоспарым бар», - дейді.

Айта кету керек, «Бастаудың» сәуір айында басталған алғашқы легінде тестілеуге 329 азамат қатысып, 1 айлық курсты 326 адам оқуда.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан азаматтарды қабылдады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 09:57

Биыл Чернобыль атом электр станциясында болған қайғылы жағдайға 32 жыл. Сұм апат зардабында қаза болғандарды еске алу күніне орай кеше аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев апатты залалсыздандыруға қатысқан жерлес азаматтарды қабылдап, құрмет көрсетті.

- Осыдан 32 жыл бұрын Чернобыль қаласындағы апат мыңдаған адамның өмірін қиды. Апат зардабын жоюға 32 мың қазақстандық қатысқан болатын. Адамзат тарихындағы осы оқиға әрбір қазақстандықтың жадында мәңгі сақталмақ. Ауданымызда Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан 10 жауынгер болса, қазіргі кезде 5-еуі ауданда, 4-еуі өзге өңірлерге қоныс аударса, 1-еуі қайтыс болған. Бүгінгі жүздесуді пайдалана отырып, ауданымыздың қоғамдық-саяси жұмысында белсенділік танытып жүргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Егемен еліміздің игілігін бірге көрейік, - деді аудан басшысы.

Жүздесу барысында ғасыр апаты жайлы айтылып, еркін әңгіме өрбіді.

Сондай-ақ, Қайратбек Әубәкірұлы апатты залалсыздандыруға қатысқан барлық азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын және естелік сыйлықтар табыстады.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 09:46

Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында адамзат тарихындағы ең сұмдық техногендік апаттардың бірі - 1986 жылғы 26 сәуірдегі Чернобыльдағы атом электр станциясындағы жарылыста өздерінің азаматтық борыштарын өтеп, апат салдарын қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан бір топ жерлестерімізбен кездесу өткізілді. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары М.Самитов ардагерлерге чернобыльдық апаттың зардабын жоюға қатысып, сол кезде танытқан батылдықтары мен төзімділіктері, көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін алғысын білдірді.

Шара барасында ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаттары табысталды. Сондай-ақ, ауданның өнерпаздары тақырыптық әндер орындап, Чернобыль апатына қатысушыларға құрмет көрсетті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен «галстуксіз» бейресми кездесу өткізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 09:37

«Рухани жаңғыру» аумақтық жоба офисінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаевтың аумақтық және құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен «галстуксіз» бейресми кездесу өтті.

Іс-шара мемлекеттік қызметшілер арасында еркін сұхбат алаңын құру мақсатында бейресми форматта өткізілді.

Баршамызға белгілі, елімізде «Рухани Жаңғыру» атты бағдарлама жүзеге асырылып, оның «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты мемлекеттік қызметшілердің санасын трансформациялауға бағытталған кіші бағдарламасын өңірімізде Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментімен жүргізілуде.

Осыған байланысты, сұхбат алаңы облыстың мемлекеттік қызметшілерінің ой-санасы мен ойлау өрісін өзгертуге жаңа әдістерді қолдануға бағытталған болатын. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік органдар қызметінің түрлі бағыттары бойынша көкейіндегі сауалдарын қойып, әсіресе әлеуметтік қамтамасыз ету, әдеп ережелерін сақтау, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мәселелеріне тереңірек тоқталды.

Осы ретте, Департаменттің осыған ұқсас кездесулері түрлі мақсатты топтармен тұрақты түрде өткізілетін болады.

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА "БАЙҚОҢЫР ӘКК" ҰК" АҚ НЫСАНДАРЫНА БАСПАСӨЗ ТУРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2018 09:31

27 сәуір күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен "Байқоңыр" ӘКК" ҰК" АҚ нысандарымен танысу үшін БАҚ өкілдеріне баспасөз туры өткізілді.

Алғашқы нысан "Байқоңыр" ӘКК" ҰК" АҚ офисінде журналистер басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаевпен кездесті. Басқарма төрағасы ӘКК жұмысы туралы баяндады.

"2011 жылы "Қызылорда" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ құрылды. 2013 жылы "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" Ұлттық компаниясы АҚ болып өзгертілді. 2011 жылдан бері бүгінге дейін кәсіпкерлермен және даму институттарымен бірге 62 жоба қабылданса, қазіргі кезде оның 32 жобасы іске асырылды. Оның ішінде әлеуметтік, экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын игеру салалары бойынша бірлескен жобалар бар. 2013 жылы балық және күріш кластерін дамытуға кірістік. Қазіргі кезде балық өнімдерін шығаратын 5 кәсіпорын бар, шетелге өнім шығарып жатыр. Күріш кластерін дамыту үшін «Байқоңыр агрохолдингі» құрылды. Қазірдің өзінде 47 мекеме бірігіп жұмыс істеп жатыр. ӘКК басты қызметі мемлекеттік жекеменшік әріптестіктікті дамытуға бағытталған. Яғни, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту, үкіметтік бастамаларды іске асыру", - деп атап өтті Темірхан Кенжебаев.

Атап өту керек, "АгроХолдингБайқоныр", «ЖанАрайжем», «Шипажай Жанақорған» және өңірдегі тағы да басқа кәсіпорындар "Байқоңыр" ӘКК-мен бірлесіп құрылған.

Мұнан соң, журналистер Қызылорда қаласында орналасқан "Сыр-Балажаны" балалар шағын орталығында болды. Жобаның жалпы құны - 97 220,5 тың теңге. Бүгінгі таңда шағын орталықта мектеп жасына дейінгі 100-ге жуық бала тәрбиеленеді. Орталық заманауи ойын жабдықтарымен, жиһаз, техника және бейнебақылаумен қамтылған. Нысан іске қосылғанда жаңа жұмыс орындары ашылды.

Сондай-ақ, журналистер «РМЗ–Шапагат» ЖШС «WEILER» неміс компаниясының жаңа технологиялық желісі бойынша жылына 40 мың ш.м. үй тұрғызатын үй құрылысы комбинаты мен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жұмысымен танысты.

"2013 жылы ӘКК еншілес кәсіпорны «Қызылорда автобус паркі» ЖШС облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа үлкен сыйымдылықтағы 20 автобус сатып алды. Бұдан бөлек, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС Қызылорда қаласында автобус паркінің жұмысын ұйымдастыру және жолаушы тасымалы жүйесін жаңғырту инвестициялық жобасы аясында табиғи газбен жүретін 92 экологиялық таза автобус алу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қарыз алды. ӘКК банк алдында автобус паркіне кепіл болды. Табиғи газбен жүретін 112 автобус облыс орталығындағы маршруттарға бөлінді ", - деді Темірхан Кенжебаев.

"Өткен жылы Қызылорда қаласында автобустарға арналған тұрақжай, жанармай құю бекеті және көлік жуу орталығы бар автобус паркі ашылды. Парк 200 дана қоғамдық көлікке арналған. Мекемеде 400-ден астам адам жұмыс істейді", - деп атап өтті автобус паркінің директоры Нұржан Ахатов.

Журналистер барған келесі нысан Сырдария ауданындағы «Шаған Агрофуд» ЖШС мал бордақылау алаңы мен ет комбинаты болды. Бүгінде мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны -  637,1 млн. теңге. Жоба ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылады деп жоспарлануда.

Баспасөз турында журналистер Жалағаш ауданындағы «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС болып, элеватордың жұмысымен танысты.

Серіктестік директоры М.Еспановтың айтуынша, күріш өңдеу зауытының жобалық қуаттылығы тәулігіне 150 тонна. Элеваторда әрқайсысы 1700 тоннаға дейін күріш сақтайтын 9 қойма бар.

"Күріш кластерін құру мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ облыстағы ірі өндірістік күріш элеваторының иесі саналатын «Жалағаш элеваторы» ЖШС 100 пайыз үлесін сатып алды. Жыл сайын «Байқоңыр Агрохолдинг» ЖШС көмегімен фьючерстік келісім-шарт негізінде аймақта пайда мен бәсекеге қабілеттілікке жеткен күріш өсіру шаруашылықтарының қатары артуда.  Мәселен, 2015 жылы 27 шарт жасалса, 2016 жылы 27 күріш өсіру шаруашылығы қаржы алды, ал 2017 жылы 47 шаруашылықпен фьючерстік келісім жасалды. Нәтижесінде 26,8 мың тонна шикі күріш және  4,5 мың тонна тұқым жиналды.  2018 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын 26859 тонна күріш тұқымын сатып алуға 34 шаруашылықпен фьючерстік келісім жасалды", - деді М.Еспанов.

Айта кету керек, 2016 жылы жиналған өнім есебінен 2,1 млрд. теңге кіріс болды.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары