Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 10 Қаңтар 2019

ТЕҢСІЗДІК ТРАПЕЦИЯСЫ һәм ҮМІТІ АЗ, КҮДІГІ БАСЫМ ЖҮЙЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
10.01.2019 13:16

ЛАЙЫҚТЫ  ДЕМАЛЫСҚА  ҚАШАН  ШЫҒАСЫЗ?

Байқап қарасаңыз, жасы егде тартқан, бірақ жақсы жалақы алатындар жұмыстан айырылмауға, ал төмен жалақымен күн көріп отырғандар зейнет демалысына шығуға асығады. 2018 жылға дейін әйелдер 58 жасында зейнет демалысына шығып келді. Алайда зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістерге­ байланысты әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын ұзартылып­, 2027 жылы ерлердің зейнет жасымен теңеседі. Қазақ «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деген.

Бейнеттің түбі саналатын демалысқа жету үшін де еңбек өтілі мен зейнетақы жинағында тиісті қаражат болуы шарт. Қазақстанда бұл жүйенің қалыптасқанына 22 жыл уақыт болса да, әлі күнге өзгеріск­е ұшыраумен келеді. Жалпы, әлем елдерінде зейнеткерлікке шығуды­ лайықты демалысқа шығу деп бағалайды. Сол үшін көптеген елдер тәжірибесінде зейнетақы аударымдарын алдағы жақсы өмірім үшін деп жинақтайды. Бұл жүйе бізде де бар. Еңбек етіп тапқан еңбекақысының 10 пайызы­ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылып тұрады. Есесіне­, егде тартып, зейнетке қол жеткізгенде сол еңбегін өзіне жарата алады. Оның үстіне мемлекет басшысы биыл барлық сала жалақысы мен зейнет­ақы, жәрдем­ақы көлемдерін арттыруды тапсырды.

- Базалық зейнетақыны қоспағанда ең аз дегенде 36 108 теңге зейнетақы аласыз. Ол 2018 жылы 33 745 теңге болды. Осыған дейін базалық зейнетақының орташа мөлшері 15 274 теңге еді. Енді 2018 жылғы 1 қарашада 25 192 теңге болды. Зейнетақы төлемдері­ жыл сайын 7 пайызға артады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан баста­п жасына қарай еңбек сіңірген жылдары үшін қосымша­ қаржы қосылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5 пайызға өседі. Ал, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі­не байланысты есептеледі. Ең төменгі күнкөріс деңгей­і мөлшерінің өзгеруіне байланысты базалық­  зейнетақы  өскен, - деп  мәлімдеді ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  басқарма  басшысы  Жадыра­   Дәулетханова.

 

ЗЕЙНЕТАҚЫ   МӨЛШЕРІ   АРТТЫ

Бәрімізге белгілі, 1998 жылға дейін ешқандай зейнетақы жарнасы аударыл­ған жоқ. Зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын еді. Сондықтан 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Қазіргі таңда еңбек өтілі қорға аударылған жарнаға байланысты есеп­теледі. Сонда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ескеріліп, ал 1998 жылдан­ кейін қорға аударылған міндетті зейнетақы жарнасына байланысты ынтымақты зейнетақы алады. Бай­қап қарасаңыз, екі тұста да еңбек өтілі есептеліп тұр. Айта кетейік, ер-азаматтар үшін әскерде болған уақыт кірсе, әйелдер үшін баласын бағып-күткен үш жыл кезең еңбек өтілі ретінде­ есептеледі. Сонымен қатар, жоғар­ы оқу орнында, орта кәсіптік мектептерде оқыған кездер де қарастырылады. Ал ең басты жаңалық, ағымдағы жылдан бастап­ зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерінің  өскен­дігі.

- Қазақстан  Республикасының «2019-2021  жылдарға  арналған  республикалық  бюджет  туралы»  Заңында  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап­ айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2525 теңге болса, ең төменгі зейнетақы 36108 теңге, күнкөріс деңгейі 29698 теңге, базалық зейнетақы төлемі 16037 теңге, ең төменгі жалақ­ы 42500 теңге болып белгіленді. Осыған байланысты 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап жасы­на байланысты  зейнетақы  төлемдерінің  алып отырған  мөлшері 7%-ға арттыр­ыл­ды. Мемлекеттік базалық зейнетақы  төлемінің  мөлшері  ең  төмен­гі  күн­көріс деңгейінің өзгеруіне байла­нысты  көбейтілді. Мысалы, зейнеткер­дің еңбек өтілі 33 жыл және одан жо­ға­ры болған жағдайда зейнетақысының мөлшері 2018 жылғы желтоқсан айын­да базалық зейнетақы төлемімен қосқанда 66378+28284=94662 теңген­і құраған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап­ 7 пайызға көбейткенде 66378*7%=71024 теңге, оған 29698 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқан­да 71024+29698= 100722 теңге алатын болады, яғни 6060  теңгеге  көбейді.

Егер еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда орташа зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемін қосқанда 47659+ 20930=68589 теңге мөлшерін­де зейнетақы алушы, ағымдағы жылдан бастап 7 пайызға арттырылғанда 47659*7%= 50995 теңге, оған 21977 теңге базалық зейнетақы төлемімен қоса, барлығы 50995+21977= 72972 теңгені құрап, 4383 теңгеге ұлғайды. 2018 жылдың желтоқсан айында ең төменгі зейнетақы мөлшері еңбек өтілдері 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы төлемімен қоса 33745+20930=54675 теңге мөлшерін­де  зейнетақы  алатын  зейнеткердің зейнетақысы 7 пайыз есебімен 33745*7%= 36108 теңге, оған базалық зейнетақы төлемін қосқанда 36108+21977=58085 теңге болады немесе­ 3410 теңгеге арттыр­ылды. 2019 жылдан бастап тағайын­далатын зейнетақы төлемін есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғарғ­ы мөлшері 116150 теңгемен шектеледі­. Осы табыстан есеп­телетін зейнетақының ең жоғарғы мөлшері базалық­ зейнетақыны қос­пағанда 116150*75%=87113 теңгені құрайды, яғни ең жоғарғы табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс, - дейді ҚР Еңбек, әлеуме­ттік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Айгүл Маханова.

 

ҮМІТІ АЗ, КҮДІГІ  БАСЫМ  ЖҮЙЕ

Жыл сайын мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауынан тың жаңалы­қ күтетін зейнеткерлер қауымы бұл жолы да риза кейіпте. Десек те, нарық­тың қымбатшылығы да әсер етпей­ қоймайды. Содан болса керек, халық мемлекет тарапынан қолына тиетін қаражаттың  аз-маз  көбейгенін  қалайды. Және бұл саланың жұмысына үміті аз, күдігі басым жүйе деп қарайтындар қатары­  көп. Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақ­ы қорының мәліметіне сүйенсек­, өткен жылы шалғайда орналасқан елді мекендерде, сондай-ақ қор бөлімшелері жоқ аудандарда зейнет­ақы қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдың екінші тоқсанында барлық қажетті техника­лармен және жерсеріктік байланы­с құралымен жабдықталған «Мобильдік кеңсе» жобасы­  іске  қосылған. Бүгінде  аталмыш жоба Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында жүзеге асырыл­уда. Бұл жобаны Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында іске қосу бойынш­а ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2019 жылы жоба қордың Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе­, Ақмола, Жамбыл, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстық фи­лиалдарында жүзеге асырылады деген жоспар  бар.

 

ЖӘРДЕМАҚЫ,  ЖӨРГЕКПҰЛ –

БІР   ОТБАСЫНЫҢ   «ТАБЫСЫ»

Одан өзге мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақы және тағы да басқа жәрдемақы алушыл­ардың төлемдері 5 пайызға арттырылады. Мәселен, жалпы ауру салдары бойынша­ 1-топ мүгедегінің мемлекеттік әлеумет­тік жәрдемақысының мөлшері 2018 жылы 54306 теңгені құраса, ал 2019 жылдан 57020 теңге болады, яғни 2714 теңгеге  көбейеді. ІІ топ мүгедегі 43275 теңге мөлшерінде жәрдемақы алса, 2019 жылға мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақысының мөлшері 2163 теңгеге көбейді. Ал, мүгедек баланы және кәмелетке толған­, бала кезінен бірін­ші топ­тағы­ мүгедектерді бағып отырған ата-анасына, қамқоршысына бері­летін жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі 1,05 есе­ленген мөл­шерінде есептеліп, 29698*1,05=31183 теңгені  құрайды.

- Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар­ға отба­сын­ың еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған әр мүшесі үшін жәрдем­ақысының мөлшері 24325-тен 25540 теңгеге арттырылып, яғни 1215 теңгеге көбейді. Одан әрі отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелерiнiң санына қарай коэф­фициенттерінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақысының мөлшері де өзгерді. Ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін мемлеке­ттік арнайы жәрдемақылар, арнау­лы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдемақыларының мөлшері   айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәй­кес көбейді. Атап айтқанда, бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдем­ақы мөлшері бірінші, үшінші бала туған­да 2018 жылы 91390 теңге болса, 2019 жылы 95950 теңге, яғни 4560 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туғанд­а 2018 жылы 151515 теңгеден 159075 теңге немесе 7560 теңге­ге артты. Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәр­демақының мөлшері туу кезектілігіне байла­нысты: бірінші балаға 14544 теңге болса, екінші балаға 17195 теңгені, үшін­ші балаға 19821 теңгені, төртінші және одан да көп бала туғанда 22473 теңгені құрайтын болады, - деп мәлім­деді ҚР Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитетінің Қызыл­орда облыс­ы бойынша департаментінің бөлім  басшысы  А.Байтұрсынқызы.

Шыны керек, әлеуметтік құрамы біркелкі заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Тіпті тоңғандар мен тойғандарды салыстыруға келмейді. Біреудің бір айлық жалақысы кей отбасылардың өмірлік қарызымен тең екенін көзіміз көріп жүр. Тепе-теңдігі жоқ трапецияның ішінде өмір сүріп келе жат­қан халық­тың кей бөлігі мемлекеттен та­ға­йындалатын жәрдемақыға қарап отырға­ны анық. Сондықтан зейнетақы, жәрдемақы мөлшері өс­кенмен, нарықтық экономиканың қол жеткізбей тұрған тұстарының еркін қимылдауға мүмкіндік беріп тұрғаны шамалы. Айтпақ­шы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынты­мақты зейнетақы 8 пайыз­ға, базалық  зейнетақы   6%-ға арттырылған еді. Енді 2019 жылдың 1 қаң­тарынан  бастап қайта жалғ­асын тауып, зейнет­ақыны  индекстеу инф­ляцияның екі  пайызымен  қоса  жүргізіледі.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ҚАРА, ҚАНДЫ ҚАРАҒАНДЫҒА! PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
10.01.2019 12:30

Америкада қандай да бір қайғылы оқиға бола қалса, құқық қорғау орындары әлеуметтік желіде 45 секундта реакция береді екен. Кім біліпті, желідегі ресми парақшаларына “осындай да осындай, пәлен уақыт шамасында, түгенше деген жерде, мынада­й оқиға болды” немесе “арнайы мамандар  оқиға  орнына бара  жатыр, анық-қанығын  қосымша  хабарлайтын боламыз” деген секілді жазбалар жазатын шығар? Одан кейін бүкіл жұртшылық парақша­ны  аңдып отыратыны  анық. Ресми бол­ған соң, дереккөз сақталады, қауесет тарата­тындар  аз  болады  және  таратса жазала­нады.

Ал, енді неге 45 секунд? Өйткені, ол уақыт аралығында ресми органдар нақты ақпарат бер­месе, оқиға мың құбылып­, кім көрінгеннің миында “пісіп”, таралып, өтірік ақпарат өрбиді екен. Бізде ше? Жауапты органдар нақты жауап пен ақпарат­ беруге  асықпайды, билік болса жамап-жасқап  әлек...

Екі  жыл  тоғысқан  шақта, жаңа  күнтізбе  ашылға­н  сәтте  елді  елең  еткізетіндей  оқиға  болды.­ Он күннің ішінде “Қарағанды оқиғасы” деген ат алып, тарихта қалуға қам жасап қойды. Әттең, жақсы­   жағынан   болсайшы...

8 қаңтар күні Астанада Ішкі істер министрі­нің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов брифинг өткізіп, Қарағандыдағы оқиғаның қалай болғаны, неден басталғаны турасында айтып берді. Сүлейменовтің сөзінше, оқиға былай болған: “Жедел тергеу шаралары барысында жаппай төбелеске қатысқан 14 адам анықталды. Егер суреттерден байқасаңыз, мейрам­хананың аумағы үлкен. Сол күні көңіл көтеру орталығында 400-ге жуық адам болған. Таңғы сағат 4-тің кезінде қонақтарға мейрамхананың жабылатыны туралы ескертілген. Бұл тө­белестің басталуына себеп болған. Ерегіс жанжалдың соңы төбелеске айналған. Төбелестен 23 жастағы жігіт  қаза  тапқан”.

Әлеуметтік желіде желдей ескен пікірлердің арасынан “Біздің құзырлы органдардың бір кемшілігі – дер кезінде ақпарат бермейтіні. Сол себептен әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат тарады” дегені көзімізге оттай басылды. Тіпті, республикалық телеарналар да уақытында үн қоса алмады. “Кеншілер қаласындағы қайғылы оқиғаға қатысты­ ой-пікірін білдірмеген адам кемде-кем. Бұл – ұлттық санамы­здың өскенін көрсетті” деп жазады желі қолданушысы. Иә, рас Қарағандыдағы оқиға ұлттық санамызды сілкіндіріп, ұлттық мінез көрсете алатынымызды дәлелдеп­ бергендей.

“Қарағандыдағы “қанды” оқиға ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Өрімдей жас азамат қанішерлердің қолынан ажал құшты. Барлық туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Қанішерлер тиісті жазала­рын алу керек” деп жазды сенатор Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ішкі істер министрлігі Қарағандыдағы оқиғаға “ұлт­аралық қақтығыс емес” деп баға берді. Ал, жаман ұлттың болмайтынын, жаман адамның болатынын есте сақтаған жұртшылық қылмыстың өтеуі тек ғана жаза екенін айтуда­. Қазақ отбасын қара жамылдырған армян жігітін қарғап-сілеп, “тұтастай ұлтты Қазақстаннан қуып шығу керек” деген  ұстанымдағылар да көп болып тұр. Басты екі бұттың ортасынан көтеруді ұсынып, “Қарағандыдағы қара халық­қа қарап сап түзеңдер!”, “Ұлтшыл болыңдар, намысты таптатпаңдар” дейтіндер де табылады. Блогердің сөзін мысалға келтіріп, “Қазақты қазақ ғана өлтіруі керек” десек, буынсыз  жерге пышақ ұрғандай болып, көп­шіліктің ашу-ызасын оятып алуымыз мүмкін. Десе де, ойланатын жағдай. Кінә­лі­лер лайықты жазасын алуы тиіс. Ешкімді еш­кім өлтірмеуі керек.

Рыскелді   ЖАХМАН



Сөзбе-сөз

Мұхтар  СЕҢГІРБАЙ,

журналист,  саясаттанушы:

- Қарағандыдағы қайғылы оқи­ға мен Юрий Юриннің төңі­регіндегі дау-дамай туралы пікір сұраға­н кісілерге жауап бермей жүр едім. Себебі, этносаралық конфликт саласын зерттеген адам ретінде білетінім – әсіресе белгілі бір нақ­ты жағдаяттан тұтанған конфликт кезінде оқиғаның жай-жапсары жайлы көрмей-білмей пікір айт­саң, онсыз да өршіп тұрған отқа май құя түсесің, жағдайды шиеленістіріп, көлемі тұрмыстық оқиғадан (төбелестен, қитұрқы  ақпараттан, т.с.с.) үлкен әлеуметтік-саяси мәселеге дейін тез ушығатын дауры­қпаның бір тарабына айналып, сен де оның ушығуына үлес қосқан­ болып шығасың. Әсіресе, ұлттық құндылықтар, оның тарихы­, оның басқалармен салыстырғандағы әлеуметтік ахуалы сөз болып жатқан конфликт кезін­де фактілер, салқынқанды ойлау­ емес, стереотиптер, ескі өкпе-наз, өз ҮКІМЕТІНЕ деген наразы­лықтан туған ашу-ыза алдыңғ­ы орынға шығады. Оның үстіне, егер үкімет өкілдерінің конфли­ктіні  өркениетті  жолмен, екінші қайталанбастай етіп, бітіммен шешуге ұмтылысы бай­қалса, білгеніңді айтып қалуға болар­ еді. Үкімет, әсіресе жергі­лікті жердегі әкімшіліктер, өкінішке қарай, бәрін жылы жаба салу, ақпаратты жасыру, өз басын­ арашалап қалу, ашулы халықты қорқыту сияқты советтік әдіс­терді ғана қолай көреді. Сондықтан, мұнда “конфликтіні шешудің, реттеудің мынадай әдістері бар” десең, көсемсігендей, біреудің қиындығынан ұпай жинағандай көрі­несің. Сондықтан жалпы бір айдың көлемінде болған ұлтаралық мәселеден туындаған екі оқиғаға қарапайым тұрғын ретінде ашық ақпарат­ көздерінен бақылау жасай­  келе мынадай төрт тұжырым  жасадым.

1. Қазақ ұлтшылдығы – Ресей отаршылығына, Совет одағының езгісіне қарсы наразылық, постколониализмнің белгісі ғана емес, өз үкіметіне, өз елінде бәсекелі, әділ, заң үстемдігі орнаған, әлеуметтік теңдікке негізделген қоғам құра алмағ­ан мемлекеттің саясатына деген наразылықтың жемісі. Қарағандыдағы жастардың полиция өкілімен сұхбатын шолып шықсаңыз, онда жиналған жұрттың “Неге армяндар келіп бизнес ашады, неге біз ашпаймыз?”, “Келімсектер өз елдеріне кетсін!” деген сияқты ұрандарынан өзге ұлт өкілдеріне деген тіс қайраудан гөрі лайықты әлеуметтік орта қа­лыпта­стыра  алмаған  әкім­шілікке көрсеткен сесті  байқадым. Қазір­гі жалынды жастардың көбі – жоқшылық, заңсыздық жайлаған 90-жылдардағы өліара кезеңнің ұрпақтары.  Өкінішке  қарай, олар – әлеуметтік әділетсіздік ғана емес, рухани жұтаңдықтан, құн­дылықтардың болмауынан, идео­логиялық вакуумнан, жасанды совет­тік декорацияны әрі қарай “әшекейлеген” ұлттар “достығынан” зардап шеккендер.

2. Қазақ ұлтшылдығы өте қауіпті шегіне қарай өршіп барады. Әлеуметтік желі толған “хейт спич”: “келімсектер елден кетсін” деген ұрандар. Бұл, әрине, 130 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатырмыз деген идеоло­гияның нәтиже бермегенін айғақтайды. Мұндай ұстанымды тез арада өзгерту мүмкін емес. Бұл – конфликтінің құрылымдық тұр­ғыда алдын алу деген ұзақ процесс. Тамыры тереңге кеткен ұлт­ара­лық  стереотиптерді біз ғана емес, Англия мен Ирландия сияқты дамыған елдер де шеше алмай отыр. Солтүстік Ирландияда әлі күнге дейін ортасы дуалмен қоршалған, бір-бірімен араласпайтын ағылшын және ирланд кварталдары бар. Бірақ, бізден бір айырмашылығы – олар (олар ғана емес, қанды конфликтіні бастан кешкендердің барлығы) бір жақ толық жеңіп, екі жақ толық жеңілетін “жеңіс-жеңіліс” схемасының болмайтынын түсінген. Яғни, “бір ұлттың құқығы біткен жерде екіншінің құқығы басталады”, бейбіт, қатар өмір сүруді үйренбесе, ешкімге­ де жақсылық болмайды дегенді түсінгендер. “Жер біздікі, біздің айтқанымыз дұрыс” деп ұранда­тып жүргендер ұзақ соғыстан соң я жерінен айырылып тынады­, я  консоционализм  тәрті­бімен  билікті  пропорционал  түрде бөліп алуға мәжбүр болады. Қа­рапай­ым тілмен айтсақ, президент – қазақ, премьер-министр – орыс, орынбасары – ұйғыр, парламент төрағасы – украин, депутаттардың 68 пайызы – қазақ деген­  ереже  енгізіледі.

3. Үкімет ақпараттық саясатты конфликтінің жедел алдын алу бағытына қарай бұрмаса, бірде болмаса бірде мұның соңы үлкен қантө­гіске ұласуы мүмкін. Ол үшін объективті, жедел, ашық, сендірерлік ақпарат мемлекеттік идеоло­гияның басты арналары арқы­лы халықтың көкейіне қонатын формада беріліп отыруы керек.­ Яғни, халық әлеуметтік желілердегі отқа май құятын жалғ­ан ақпаратпен сусындап отырғанда “Қазақстан”, “Хабар” телеарналары оқиға орнынан ТІКЕЛЕ­Й РЕПОРТАЖ жүргізіп, тиісті адамдармен сөйлесіп, не жағдай болып жатқанын халыққа түсіндіріп отыруы керек. Сонда ғана халықтың билікке деген сенім­сіздігі бәсеңдейді, халық пен үкімет  арасындағы сенімді диалог арнасы қалыптасады. Жағдай ушығып жатқан алғашқы тәуліктерде нақты­ ақпарат пен өзара сенімді диалогтың (конфликтіге қаты­сушы тараптардың арасында және билік пен тараптардың арасында) жоқтығы – өте қауіпті.

4. Ұлтшылдықтың бұл потен­циалын сырттағы арандатушы күштер  пайдалануы  мүмкін. Сол­түстік  Қазақстандағы  жағдайды тұрақсыздандырудың қорқынышты  сценарийлері  көп айтылып­ жүр. Ондай арандату бола қалса, бұған азаматтық қоғам да, тұр­ғындар да, ең бастысы – үкімет те дайын емес.

(Фейсбуктегі парақшасынан  алынды.)

 


ЖЕЛІГІП ЖҮРСІЗ БЕ, ЖЕРІНІП ЖҮРСІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
10.01.2019 12:09

ДЕПУТАТ  НЕГЕ  АЛАҢДАДЫ?

Соңғы кезде «қай сектадасың?» деген­ қалжың аралас сұрақ қоюшылар қатары күрт өсті. Бұл әңгіменің төркіні діни-наным сеніміне байланысты емес, қосымша ақша табушыларға бағыт­талады. Әлеуметтік желіні ашып қарағанд­а кез келген жазбаның астынан «Біз күнделікті интернетте отырамыз. Атақты адамдардың күнделікті тірлігін бақыл­ап, қараймыз. Сол кетіп жатқан бос уақытыңызды тиімді пайдаланып, интернет арқылы жұмыс істеп, табыс табуды­ үйреніңіз.

Байлықтың жолын көрсетуге көмектесеміз. Тек жұмысқа деген ынтаңыз бен ниетіңіз болса жет­кілікті. Хабарласыңыз!» деген сарындағы жарнамалардан көзіңіз ісінеді. Ақшасының көп, материалдық жағ­дайының  жақсы болуын кім қаламайды  дейсіз? Сіз де, біз де ақшаны артық, байлықты бекер деп танымайтынымыз анық. Осы мәселе көзімізге шел қаптатып, «бұл не деген батпан құйрық?» деген­ сауалға жауап іздеп жүріп, сол желілік маркетингтің менеджеріне айнал­ғанымызды аңғармай қаламыз. Яғни, тауар өткізуші агент қызметін игере  бастайсыз.

Жалпы, желілік маркетинг өткен ғасырдың бел ортасында басталған. Алғаш рет 1945 жылы американдық Lee S.Mytinger және William S.Casselberry есім­ді екі кәсіпкердің «Nutrilite Products» компаниясының ұлттық дистрибьюторы болуы­мен негізі қаланған. Аталмыш кәсіпкерлер бизнестерін желі­лік маркетингтің іргелі негіз­де­рін қолдану арқылы жүргізді. Кейін­нен бұл жүйе кең тарап, әлем елде­ріне­ тарады. 1950 жылдардың соңында АҚШ-та осы жүйені арқау еткен «Shaklee» және «Amway» деген екі компания  құрылды. Бұлар – қазіргі таңдағы желілік маркетинг жүйе­сінің алпауыт өкілдерінің бірі. Оның  табыс көзі 1980-1990 жыл­да­ры  шарықтау шегіне­ жеткен. Бүгінде АҚШ-тың көптеген штатында желілік маркетинг заңды түрде  реттел­се, Қытай мемлекетінде­ қатаң  шектеулер  қойылғ­ан. Естеріңізде  болса, 2016 жылы мәжілісмен Жамбы­л Ахмет­беков сол кездегі премье­р-министр К.Мәсі­мовке  желілік  маркетинг қызметі­нің  жанданы­п  бара  жатқанына  алаң­даушылық білдіріп, депутаттық  сауал­  жолдаған  еді.

- Желілік маркетинг тауарларының тоқсан пайызы елге контрабандалық жолмен әкелінеді. Қазақстанда заңмен  тыйым салынған қаржылық пирамида секілді жүйе. Желілік маркетингтің құрбандары – негізінен халық­тың аз қамтылған санаттары, әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен тұрғындар. Сондықтан Қазақстанда желілік маркетинг қызметін заңмен шектеген дұрыс, - деген ұсыны­сына Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының барлы­қ  мүшелері  қол  қойған  еді.

 

«ҮШБҰРЫШТЫҢ»  ТӨБЕСІ

Уақыттың жылжып жатқанына үш жыл болды, алайда маркетингтің бұл түріне қатысты ешқандай шешім қабылданған жоқ. Айтылған сөз де, атылған оқ та қабырғадан әрі аса алмады­. Сауданың бұл түрімен айналы­сып келе жатқандар одан ешқанд­ай зардап көріп жатпағанын айтады.

Фариза, 40 жаста, желілік маркетинг  менеджері:

- Менің  бұл  салада  жүргеніме  5-6 жыл болды. Нақты қай маркетингпен айналысатынымды айтпақ-ақ қояйын. Онда күнделікті тұр­мысқа қажетті заттар, косметика, киімдер сатылады. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Ешкімді қинамаймын. Өздері сұраныс береді, каталог бойынша сол затын әперемін. Маған­ қалатын пайда – үстіне қосыл­ған  пайызы ғана. Өзіме де ке­рек­ті  заттар болса, жеңілдікпен ала аламын. Ал жабу мәселесіне келсек, басқасын қайдам, дәл өзім айналысып жатқан фирмадан зардап шектім деген халықты­  көрмеппін.

Желілік маркетингпен сауда жасай­тындардың ұтатыны сол, мұн­да тек алушы, сатушы және өндіруші зауыт ғана бар. Бір қарағанда жеңіл ақша табудың бірден-бір жолы ретін­де көрінеді. Алайда олай емес. Өйткені сіз ұсынған тауарды үнемі тұтынатындар болмаса, сатып алушылар кездесе бермейді. Және бұл қаржылық пирамида секілді, өзің кіресің, екі адам қатарыңа қосып, ол екеуі тағы екі адам қосып, команда жасақтайды. Төменгі сатылардағы адамдар өліп-талып жұмыс істейді, «үшбұрыштың» төбесінде отырғандар қызығын көреді. Әрине, маркетингтің барлығы бірдей осындай емес, десек те, негізгі жүйе осыған келіп саяды. Мәжілісменнің айт­қаны  да осы түрі болуы мүмкін. Қайбір жылдары елімізде қаржылық пирами­даның жұмысына тоқтау салған­дай қозғалыс болған, ізінше атауын өзгертіп, жұмысын қайта жалғас­тырғанына  ел  куә.

Азамат, 28 жаста, желілік мар­ке­тинг­  құрбаны:

- Осыдан 7-8 жыл бұрын қала орта­лығындағы бір компанияға ин­тер­нетпен  сауда  жасаушы менеджер болып  жұмысқа тұрдым. Жанымдағылардың күнделікті оқыған лекцияларына қарап, миллионер болып кететіндей көріндім де, қажетіме мініп  жүрген  көлігімді сатып, ақ­шамды салып, кіріп алдым. Айтуынша, ол қаржы еселенуі керек болатын. Алайда  жұмыста  сауда жоқ, ізіңнен адам қосып, компанияға ақша түсіру керек екен. Сонда барып өзіңнің жасағы­ң  құрылады. Екеуміз бірге бай боламыз, миллионер боламыз деп досым­ды да осы «қораға» кіргіздім. Оның  маған  қарағанда  отбасы, бала-шағасы  бар-тұғын. Бір-екі әңгімелесуге келген соң ол да көлігін сатып, мен секілді ақшасының бәрін соларға ұстата салды. Алты айдың қалай зымырап өткенін білмей қалдық. Отбасым­ызда ұрыс-керіс, жанжал шыға бастады. Ең өкініштісі, досым отбасынан ажырап қалды (соған себепк­ер болғаныма өкінемін). Енді қайтсін, отбасын асырайтын кіріс жоқ. Миымыз уланып, сол сетевойда (желілік маркетинг – ред.) жүре бердік. Не керек, ақыры ешқандай нәтиже шықпайтынын біліп, ұйымнан шығып кеттік. Көп ұзамай сол ұйымның жұмысы заңсыз екенін білдік. Ал біздің шығынымызды ешкім де өтеген­  жоқ.

Феруза Рахымқызы, психолог, «Bilim  Foundation»  қоғамдық  қорының  координаторы, ЮНИСЕФ-тің Ұлттық   мастер-тренері:

- 16 жастан асқан жандардың көбісі  жүйелі маркетингпен айна­лысуға ұсыныс алған болар. Аталған саламен айналысатын мамандар әңгімені арыдан бастай келе, «өз материа­лдық жағдайыңызды жақсартқыңыз  келе  ме?», «қанша қаржы тапқыңыз келетінін өзіңіз шешкіңіз келе ме?» деген тәрізді барлығы «әрине» деп жауап қайтаратын сұрақтарды қоя бастайды. Өзін сыпай­ы, мәдениетті ұстайды. Мұн­дай сұрақтардан, әңгімеден кейін адам өзін «керемет» табысқа жақын әрі тез арада жететіндей сезінеді. «Иә, әрине» деген бір ғана жауабы бар провакациялық сұрақтар – жиі қолдан­ылатын псиxологиялық теx­ноло­гияның бір түрі. Көбіне мұндайға өз еркі төмен, ергіш, сенгіш, қарызы көп, тығырықтан шыға алмай жүр­ген, оңай жолмен ақша тапқысы келеті­н адамдар кіреді. Жүйелі маркетингті ұсынатындар да, оған мүше болатындар да – оңай жолмен ақша тапқанды қалайтындар. Бұл да – бизнес­тің  бір  түрі.

 

АШ  ҚАСҚЫРДАЙ  «ҰЛЫП» ТҰРҒАН  БИЗНЕС  КӨП

Әрине, әр қазақтың кәсіпкер атанып, бизнесін жүргізгенін жақсы көреміз. Алайда тура жолды табамын деп тегіс жолдан ауытқып кетіп жатқандар екі есеге көбеюде. «Жас өркен» танымдық порталына кәсіпкер, «Бизнес бастау» шеберлік сыныбының тренері Ахметбек Нұрсиланың  берген  сұхбатынан  осы мәселені  кезіктірдік.

- Қазіргі  жастардың көбі «желі­лік маркетинг» дегеннің соңынан кетіп жатыр. Несие алып, қарызға батқандар  қаншама?! Әлдебір затты­  сатып алғызатын көрінеді. Оларды­  «Үш-үштен топтасып, қаржы пирамид­асын  құрамыз,  сөйтіп аз ғана  уақытта  түсіңе де кірмейтін ірі  көлемдегі жалақы алып отырасың» деп үміттендіреді. «Бір ай­лықпен қашанғы  жүрмексің? Сенің қабілетің осынша ақша табуға жетеді.­ Пәлен жылда екіқабатты үйің, астыңда керемет көлігің болады. Ол үшін мұнша доллар алып келіп, бізге тіркелесің. Үш таныс адамың сенің соңыңнан сондай ақшамен жазылсы­н. Ол үшеуі де адам тартсын. Сонда саған айына пәлен мың доллар­ өздігінен келіп тұрады» деген құрғақ қиялдары тағы бар. Адам­дардың бәрінің қалталы болғыс­ы, жақсы өмір сүргісі келеді. Содан да жаңағындай сұлу сөзге алданып­ қалып жатыр. Мен «желілік маркетинг» дегенді өзгенің есебінен күн көру деп түсіндірер едім. Өзіңді де, өзгені де қарызға батыру. Өрке­ниетті елдердің бәрінде желілік маркет­ингке тыйым салынған. Бізде жастардың көбі желілік маркетинг­тің  ақша табуды­ң адал жолы еместігін түсін­ген соң ғана  опынады. Бір қызы­ғы, желілік маркетингті жарнама­лайтындар оны бизнес деп түсіндіреді екен. Бизнес бастауға үйрететін масте­р класқа шақырсам, жастардың көбі желілік маркетингке адам жинап жатыр деп ұғыпты. Фейсбукте де жастарға қаратып «кәсіп ашыңдар, істің  көзін  табыңдар»  деген­  мағынадағы  посттар жазамын. Кейбір ағайын «Қазақтың бәрі кәсіпкер болып кетсе, малды кім бағады­? Кім сантехник болады?»  деген­ пікір  жазады. Шындығында, қазір айына 1 миллионнан артық табыс­ табатын қазақтар өте аз. Ал 60-70 мың теңгеге күзетші болып жүрген қазақтар жетіп артылады. Мен осыған намыстанамын, - депті А.Нұрсила.

Хош, косметика бұйымдарын сататын­ компаниялардан бөлек, биологиялық қоспа, дәрі-дәрмектер сататын желілік маркетингтер де бар. Ал ондағы заттардың қоспасы мен құрамын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бар болғаны, сатушы мамандардың кеңесі мен қағаздағы құрамына ғана сенуге тура келеді. Кейбір елдер­ секілді бізде желілік маркетингпен айналысуға заңмен шектеу белгіленбеген. Сондықтан ашық бизнес көз­дері аш қасқырдай «ұлып» тұр. Мұн­дай компаниялардың қызметін реттеп,­ не кемшілігін түзеп, артықшылығын жасырып отыратын заң­нама­ жоқтың қасы. Дәл осындай режим­де бүгінде Қазақстанда 60-қа тарта желілік компания нанын жүргізіп отыр екен.

Бұл тақырыпқа неге оралды дей­сіз ғой, жақында бір танысым желі­лік маркетингтің бір түріне шақырды. Айтуынша, үш ай ғана қиналып, одан кейін суша ағып келіп жатқан қаржыға малынып қалады екенмін. Коттедж үй мен қымбат көлікті есепте­мегенде, әрине. Сосын өзінен сұрадым.

- Қанша ай болды кіргеніңе?

- Бір жылға жуықтады?

- Онда неге үйсіз және жаяу жүрсің?!

- ???..

Жарнамасы осы жерден тамам болды.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


АЙЫРҚАЛПАҚТЫ АҒАЙЫН АТҚА ҚОНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.01.2019 12:06

Апта басында Бішкекте 300-ге жуық қырғыз белсенділері билікке қарсы нара­зылы­қ шеруін өткізді. Олар Қытайдан келген еңбек мигранттарының саны артып бара жатқандығына қарсы екендігін жеткізді. «Азаттық» радиосының қырғыз қызметінің хабарлауынша, қаланың орталық алаңына жиналғандар қазіргі билікке бірнеше талаптар қойған.

– Қырғызстан жетекшілігі (билігі. - ред.) халықпен кеңеспей Қытайдан несие алды, елді қаржылық­ жағынан тәуелді қылды. Басқа да жайттармен қатар осы мәселені де қозғап тұрмыз, - дейді наразылардың бірі Жолдашбек Орозов.

Сонымен қатар, жиналғандар Қытайдан заңсыз келген мигранттарды депортациялауға және Қырғыз­стан тұрғындарымен некелесетіндерге азаматтық бермеуге үндеген.

Осыған дейін әлемдік БАҚ Қытайда «саяси үйрету орталықтары» бар екендігін жазған. Алайда аспанасты елі мұны жоққа шығарып келеді. Былтыр БҰҰ Қытайдың Шыңжан аймағында шамамен бір миллиондай мұсылман аталған орталықтарда қамауда­ отырғанын мәлімдеген.

Бұған дейін де осыған ұқсас наразылық шаралары бірнеше рет өткізілген. Ел президенті Сооронбай­ Жээнбеков былтырғы жылы желтоқсан айында өткізген баспасөз мәслихатында бұл мәселеде аса сақтық таныту керектігін айтқан болатын.­

Біздің бір ойымыз айтады, Қазақстандағы жағдайды көрсе, Алатаудың арғы жағындағы қоңсы қонған көршілер қазақтармен «жылап көрісер» еді-ау...

 


ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ немесе САНА ҚАБІЛЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
10.01.2019 12:05

Өркениет көшінің етегіне жабысып жатқан жалғыз біз емес. Жаһандық деңгейге ұмтылғандардың қатары­ көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Осыдан он жыл бұрын сіз цифрлы басқару туралы ойлап па едіңіз? Ойладыңыз! Бірақ дәл осы цифрландыруға көшеміз деген ой миымызда болмағаны рас. Соңғы кездері осы жасанды интеллект мәселесі көз алдымыздан көлбеу өтетінді шығарды. Өйткені әлемді «электронды миға» табындыру процесі өте жылдам жүріп жатыр. Қанша дегенмен адамның жұмысын робот тартып алады дегенге сену қиын.

Ми тетік арқылы жұмыс істегенмен, оның ойлау, сезіну секілді сана қабі­леті адамнан асып түспесі анық. Facebook, Google, Microsoft, Sam­sung сынды әлемдік алпауыттар уақыт беде­рімен санаспастан жасанды интеллект жасауға бар күшін салып жатыр. Тіпті аз уақыт шеңберінде қолданысқа араласуы да мүмкін. Одан қалды, Илан Маск бастаған SpaceX компаниясы Марсқа ұшудың жолы мен жоспарын сынақтан өткізуде. Бұл әрекеттерден техникалар төңке­рісі немесе сананың алмасуы орын алмайды. Бар болғаны электронды түрде адам жұмысын жеңілдету сияқ­ты. Мемлекет басшысының «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және үлкен деректермен жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртін­деп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі» делінген. Яғни, біз технология­лық революцияның қарқынын жедел­деткен сайын кей кәсіптің түрін белден сызып тастауымызға тура келеді. «Sinovation Ventures» компаниясының төрағасы Кай Фу Ли жасанды интеллект бағытталған жерде ауқымды жұмыс орындарының қысқаруы, қолда бар компания­лардың байлығын шоғырландыра отырып дамытады деген пікірде. Ал Астана төріндегі экономикалық форум­ға келген калифорниялық сарапш­ылар алдағы 10-15 жылда әлемде технологиялық төңкеріс әб­ден шегіне жетіп дамып, бірде-бір бизнес инновациясыз қаржысын ақ­тай алмайтын болады дегенді айтты.

- Бизнес әлемі инновацияларды ескер­мейтін болса, мұның соңы үлкен тәуекелге алып келеді. Себебі қазір Start-ap жобалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай тез көбеюде. Жаңа әлеуметтік желі немесе қосымша жобасын­ың өзі қыруар қаржы тауып отыр. Инновациялық революция бүкіл әлемді жаулап алады, - дейді Стэнфорд жоғары бизнес мектебінің професс­оры  Илья  Стребулаев.

Жасанды интеллект мәселесіне ойысайық, Қазақстанның тәуелсіз­дік алғанына небәрі 30 жылға ғана жуықтады. Ал әлемде біздің тарихты­ емес, тарихи уақытымызды он орайтын мемлекеттер бар. Ақшалы алақаннан саясат ысқылап отырған АҚШ-тың өзі бұл деңгейге жеттік деп мастанып, күнделікті сатылымнан түскен ақшаны желмен айдап отырған Қытай да дамып кеттік деп дандайсып отырған жоқ. Американың «Forbes» журналының мәліме­тінше, бүгінде Қытай компьютер, электроника, смартфон, телекоммуникациялық технология салаларында жасанды интеллект өнімдерін өндіруді қолға ала бастаған. Қазір бұл процестің қарқыны күшті. Аспанасты елінің технологиялық өндірісі әлемде үстем күшке айналса да таңғалуға болмайды. Өйткені дәл қазір «ақырзаман тетігін» өндіруші елдердің көшбасында да осы ел тұр. Сандық көрсеткіштен бөлек технологиялық болжамдар жасанды интеллект процесінің жылдам дамуы жаһан жиынтығын геосаяси өзгеріс­терге бастағанымен бірге дүние­жүзілік экономикаға 15,7 трлн доллар табыс қосатынын айқындап отыр. Ал жасанды интеллект саласының көшін де осы «электронды мидың» отаны – Қытай бастауы бек мүмкін. Ал, біз әзірге бұл саланың сынығын құрастырып, жұрнағын жалғау­  процесін  игеруді  бастаймыз. Сіз  қалай  ойлайсыз?

Н.ҚАЗИ

 


УӘДЕЛЕР ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
10.01.2019 12:02

Өткен жылы облыс про­куроры Х.Дәуешов бірқатар БАҚ өкілдерінің басын қосып, галстуксыз кездесу өткізген болатын. Қашанда қара халықтың қамы үшін тер төгетін тілшілер қауымын шақыра отырып, ел-жұрттың көкейіндегі маңызды деген мәселелерді ортаға салуымызды сұраған-ды. Басқасы басқа, білдей қадағалау органы басшысының бұқараның жайын ойлағаны, әрине, қуантқан болатын. Бар білгенімізді «мынадай мәселелер бар» деп айтқан да едік. Арада бір­неше ай өткеннен кейін «басқосу тек айтылған жерде қалып қоймады ма екен?» деген ниет­пен біз көтерген мәсе­лелердің орындалуы қалай, қаншалықты деңгейде ше­ші­ліп жатыр деп қайта хат жолдап, сұрастырдық.

Басқосудағы басты мәселе облыс аумағындағы аяқсыз қалған нысандар болған-ды. Себебі құрылысы уақытша тоқтап тұрған ғимараттардың қауіпті екені бесенеден белгілі. Естеріңізде болса, Шалқиядағы жантүршігерлік оқиға осындай қаңырап қал­ған нысанның ішінде болып еді. Сондай жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық прокуратура құрылысы аяқталмаған 85 ғимаратты анықтапты. Бұл қала бойынша. Соған сәйкес қала әкім­дігіне де тиісті шараларды қолдану керектігі ескертіліпті.

– Жергілікті атқарушы органдармен қолда­нылған шаралардың нәтижесінде 85 ғимараттың 41-інің құрылысы аяқталған болса, 44 нысан иелерімен келіссөз жұмыстары жал­ғасуда,- деп жазылған облыс прокурорының  бізге  жолдаған  хатында.

Халидолла Зейноллаұлымен мектеп асханасын да талқылағанбыз. Ондағы қымбат баға тілшілер тарапынан наразы­лық тудырғаны рас. Баласы сабаққ­а баратын ата-ана оған күнделікті кем дегенде 100 теңге беріп жіберуге мәжбүр. Өйткені одан төмен болса, асханад­ан су ішіп, тәтті жеу бала үшін арман болады. Себебі мұндағы тағамдар қымбат. Бәлкім, тендерге итеріп салат­ындар табылар. Алайда облыс әкімдігінің  асханасындағы арзаншылық неге мектеп қабырғаларында жоқ деген ой біздікі. Әрі шұжық (сосиска) қосылған бәліштер сату қаншалықты бала денсаулығына пайдалы екенін түсіне  алмадық. Облыс прокуроры бұл турасында:

– 2018  жылғы  оқу  жылынан  бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қазақстандық оқушыларды сапалы тағаммен қамта­масыз  етудің  бірыңғай  стандарттарын енгізді. Қазақ тағамтану академия­сының Ұлттық салауатты тағамтану орталығ­ы ұсынған 4 апталық ас мәзіріне көшу үшін қосымша қаржыны қажет етеді, - депті.

Алайда баға туралы ешқандай ақпара­т айтылмаған. Бұл кездесудегі мектеп асханаларындағы қымбатшылық мәселесі айтылған күйі қалғанын көрсететіндей.

Мұнан бөлек Байқоңыр қаласына тұрақты тұрмақ болып рұқсатнама алу үшін Төретам кенті мен Ақай ауылындағы  тұрғын  үйлерде  формальді  тіркеу фактілері бары да сөз болған-ды. Бұл мәселе бойынша қадағалау органы бірқатар  жұмыстар  атқарған.  Мәселен, осындай заңбұзушылыққа барған 12  тұрғын  үй  тексерулердің нәтижесін­де  анықталыпты.

– Мысалы, 21.11.2018 жылы Қармақшы ауданы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің көші-қон полициясы бөлімімен аталған елді мекенд­ерде нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеген 12 тұрғын үй анықталып­, тұрғын үй иелері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы Кодексінің 493-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылд­ы,- делінген хатта.

Иә, қадағалау органы құқықтық сала­да зор өкілетікке ие. Ол барлық өзге құқық қорғау органдарының қызмет­ін  үйлестіре алады. Сондықтан да мәселесі шешілмеген қарашаның қашанда одан көмек сұрауы – заңдылық. Ал ел азаматтарын қорғап, құқықтық тәртіпті орнатуда еңбек ететін прокуратура бұл мәселелерді әлі де түбегейлі шешеді деген үміттеміз. Мектеп асханал­арындағы баға тұрақтылығы мен қаңыраған құрылыстар осыдан кейін де елеусіз қалмайды деп сенеміз­.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары