Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Жұма, 11 Қаңтар 2019

Қызылордада ауыл шаруашылығы саласының проблемалары талқыланды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.01.2019 15:21

Жақында Қызылордада Қазақстан фермерлер Одағының облыстық конференциясы өтті. Жиынға Қазақстан фермерлер Одағы басқарма төрағасының орынбасары Жақып Өмірзақов, ҚР Ауылшарушылық министрлігінің өкілдері, сондай-ақ сала кәсіпкерлері қатысты.

Жиында Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков Палата және өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер атынан өзекті мәселелерді ортаға салды.

Біріншісі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен қолданысқа енгізілген мамандандыру схемасының жергілікті кәсіпкерлердің құқығын шектеп отырғандығы жайлы.

«Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасы» бойынша биылғы жылдан бастап біздің облысымыздағы кәсіпкерлерге зияны тигелі отыр. Себебі «2019 жылдың қаңтар айынан бастап субсидияларды беруде осы мамандандыру схемасын басшылыққа алынсын»,-деп көрсетілген. Бір ғана мысал келтірейін, бүгінде Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары алма өсірумен айналысуда. Алайда мамандандыру схемасында біздің облыстың аудандарының ешқайсысы да алма бағын өсіру бойынша басым бағыттар қатарында көрсетілмеген. Яғни бұл бағытта іс бастап жүрген азаматтар субсидияға қол жеткізе алмайды деген сөз. Мәселен, жанымызда тиіп тұрған Түркістанның кәсіпкерлері алма еккені үшін субсидия алатын болса, жанында тұрған Жаңақорған, Шиелі аудандарының азаматтарына бұл қолжетімсіз. Біз министрліктен кәсіпкерлерге тең жағдай жасап, бұл тармақты алып тастауын сұрадық», - дейді Жасұлан Серіков.

Палата маманы, осы құжаттың нәтижесінде екінші проблеманың да шығып тұрғандығын айтты. Қазір аталмыш мамандандыру схемасын «ҚазАгро» АҚ ҰБХ-нің еншілес ұйымдары басшылыққа алып жұмыс істейтіндігін жеткізді. Аталмыш мамандандыру схемасында сүт бағытындағы сиырлар біздің облысымыз үшін басым бағыттар қатарында жоқ екен. Бұл - егер облыстан бір азамат сүт бағытындағы сиырларды өсіру үшін іс бастағысы, несие алғысы келсе, «ҚазАгро» несиелендіре алмайды деген сөз.

Жасұлан Серіковпен көтерілген келесі мәселе де егін шаруашылығымен байланысты. 2019 жылдан бастап жаңа ережеге сәйкес барлық егін алқаптары белгілі бір гербицид немесе тыңайтқыштар себетін кезде агро-химиялық талдау жасауға міндеттелген. Бұған дейін егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер жерге қанша тыңайтқыш себетінін өзі анықтайтын. Ал жаңа ереже бойынша кәсіпкер бірінші ақылы түрде агро-химиялық талдау жасатып алуы керек те, сол талдау нәтижесі қанша гербицид немесе тыңайтқыш себуді көрсетеді, соны жасауға мәжбүр болмақ. Егер одан артық себілетін болса, сол мөлшеріне онда субсидия төленбейтін болады. Яғни өз жерінің жағдайын жақсы білетін шаруа енді өзге мекеменің агро-химиялық талдауының нәтижесіне тәуелді болып қалғалы отыр.

Палатаның бөлім бастығы бұл туралы: «Рас, бұл талап бізге алдағы уақытта керек болар. Дегенмен, шаруалар дәл қазір оған дайын емес. Министрлік өткен жылдың екінші жартыжылдығында бұл ережені қабылдап алды да, 2019 жылдан бастап қолданысқа енгізуді міндеттеп қойды. Қарапайым шаруа бұған дайын емес. Ең болмаса шаруалар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Ал оған уақыт қажет. Бұл жерде биылғы жылы шаруалардың аталмыш салада субсидия ала алмай қалу қауіпі тұр. Сондықтан да аталмыш ережені қолдану мерзімін 2020 жылдан бастаған жөн. Мұны шаруалар да айтып отыр», - дейді.

Жиында Кәсіпкерлер палатасының маманы тыңайтқыштар мен гербицидтерді субсидиялау бойынша және бір мәселені ортаға салды. Ереже бойынша субсидия көлемі 35-тен 50 пайызға дейінгі аумақты қамтиды. Дегенмен, бүгінгі таңда уәкілетті орган кеткен шығынның тек 35 пайызына ғана субсидиялап отыр екен. Ереже бойынша 50 пайызға дейін субсидиялауға болады, алайда министрлік осы уақытқа дейін тек 35 пайызын ғана субсидиялаған. Кәсіпкерлер палатасына келген шаруалар болашақта күрішке субсидия берілмей қалуы мүмкін деген қауесетті естіп, тыңайтқыштар мен гербицидтерге арналған субсидияның толық берілуін сұрап отыр.

Талқылауда көтерілген ең маңызды мәселе – күрішті тасымалдау. Қызылорда облысы - күрішті экспорттайтын жалғыз өңір. Күріштің экспорты арқылы еліміздің экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Дегенмен, күріш егумен айналысатын шаруалар жыл сайын кездесетін мәселе, өнімді экспорттау кезеңінде (қазан, қараша, желтоқсан айларында) «Қазақстан Темір Жолы» АҚ тарапынан вагондар жетіспеушілігі пайда болады.

Бұл туралы Жасұлан Серіков: «Біз мына жайтты ескеруіміз қажет, күрішшілер өнімдерін алатын серіктестерімен алдын ала келісім жасап, өздеріне міндеттеме алады. Өнімді мерзімінде жеткізе алмаса, айыппұл төлейді. Кәсіпкерлер тұтынушы-серіктестерін жоғалтып алмау үшін вагондар болмаған кезде бірнеше есе шығынмен, өнімдерді көлікпен жіберуге мәжбүр болуда. Бұл мәселе шаруалар тарапынан тұрақты көтеріліп келеді. Алайда әзірге шешімін тапқан жоқ. Ақпан айында өтетін республикалық жиында осы проблемаға ерекше мән беруін сұраймыз» - деді.

Жиында көтерілген мәселелердің барлығы хаттамаға түсіріліп, ақпан айында өткізілетін Қазақстан фермерлер Одағының республикалық отырысында Қызылорда облысының атынан айтылатын болды.

Айта кету керек, осы отырыста Қазақстан фермерлер Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған Омархан Пашкенов сайланды.

 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Дариядағы су деңгейі Қызылорда қаласы маңында қауіп тудырып тұр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.01.2019 12:25

Сырдариядағы су деңгейі Қызылорда қаласы маңында қауіпті шегіне жетті, деп хабарлайды astanatv.kz.

«Тасбөгет» гидробекетінде су 704 сантиметрге жеткен. Қазір өңірде облыс бойынша тасқынның алдын алу қызметтері күшейтілді. Мұз кептеліп қалса, өзендегі су арнасынан тасуы ықтимал деген қауіп те бар. Бүгінгі күні Сырдарияның жартысында мұз толық қатпаған, сең жүріп жатыр. Мамандар болса, «Жағдай жіті назарда, үрейленуге негіз жоқ» деп отыр.

«Майда-майда мұздар келіп, дария деңгейін көтеріп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, шешім қабылданды. Төмен қарай түннен бастап, секундына 800 текше метр су жіберілді. Мұндағы мақсат - су деңгейін мұз қатқанша көтермеу. Қазіргі таңда елді мекендерде, шаруашылықтарда жағдай қалыпты», - дейді Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.

 


Арықбалық – ар мен намыстың мекені! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.01.2019 12:08

Қазалы  ауданының  әкімі  Мұрат  Ергешбаевтың  назарына

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Мұның астарында жас ұрпақты елін, жерін сүюге, өткен ата-бабамыздың есімін жадымызда сақтауға, қала берді имандылыққа шақырған ұлағатты тәрбие жатқаны анық. Бұл, әсіресе, дәл бүгінгідей саясаттың қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан кезеңде аса қажет екенін ешкім теріске шығара қоймас.

Елбасының «Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті» деген лебізі бар. Бүгінгі күн қазақ тарихында қанды әріппен жазылып, зардабы жалпақ жұртқа аса ауыр тиген қасіретті күннің бірі десем, артық айтқандық емес. Бір сәт сарғайған тарих парағына көз салайықшы.

Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген) тайға таңба басқандай анық жазылған.

Осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәліметті кеудесінде адамгершіліктің титімдей ұшқыны бар пенденің көзіне жас алмай оқуы мүмкін емес.

Жанқожа батыр ауылы Арықбалық ауылдық округінің орталығы саналады. Мұнан екі жылға тарта уақыт бұрын (2017 жылдың күзінде) сол тұстағы Қазалы ауданы әкімі Нажмадин Шамұратовтың қолдауымен батыр ауылында Арықбалық шайқасы құрбандарын еске алуға арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға округ әкімі Сапарбек Қуатов бастаған ауыл көлеміндегі мекеме басшылары, ұжымдар, аудан орталығында тұратын жекелеген азаматтар, ауыл тұрғындары, баба ұрпақтары демеушілік жасағанын атап кетпеу әділетсіздік болар еді. Өткен жылы ауылда Алик Тілеуімбетов басшылық жасайтын №94 мектеп ұжымы «Әскери қолданбалы спорт сайысы» түрінен ауқымды жарыс ұйымдастырды. Бұл жолғы шараға «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосын, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев бастаған ұжымдар демеушілік танытып, «Қазалы» газетінің журналистері белсене араласқан болатын.

Ал биыл... Аудан орталығында тұрғанымен, бар зейіліміз ауылда екенін несіне жасырайын? Қаңтар айы басталысымен ауыл жақтан жақсы жаңалық күткенім рас. Ел үшін басын бәйгеге тігіп, арыстанша алысқан (көпшілігі күші тең емес шайқаста мерт болған) батыр атам бастаған боздақтардың аруағын еске алып, қандайда болмасын шара ұйымдастырылатын шығар деп елеңдегенмін. Өкінішке қарай, бұл күндер үн-түнсіз өтті. Таң атысымен батыр атам ауылындағы «Сарқұл қожа» мешітінің имамы Мұратбек Бәлкеев бауырыма қоңырау шалып, Жанқожа бабамыз бастаған Арықбалық шайқасына қатысушы ержүрек сарбаздарға, сол қандықасапта мерт болған марқұмдардың аруағына құран бағыштауын өтіндім. Мұратбек сөзге келмеді. Мұнан соң ауылдағы №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовке хабарластым. Директор інім болса өзінің сырқаттанып, дәрігерден ем қабылдап жүргенін, алдағы аптада Арықбалық шайқасы құрбандарын еске алуға арналған спорттық шара өткізу ойы барын жеткізді. Қай кезде де ауылдағы ортақ істен бойын тартпайтын Алик Тілеумбетовке ағыл-тегіл алғысымызды жаудырдық.

Мәдениет үйінің директоры Марат Жақсылықовтан жылдағы дәстүрмен жоғарыдағы оқиғаға байланысты шара өткізуді округ әкімі Сапарбек Қуатовқа білдіргенін, жоспарланған шараның ауылдағы спорт кешенінің директорының науқастанып қалуына орай кейінге қалғанын естідік.

Десе де менің көкейімде «бүгін (10.01.2019 ж) ауыл әкімі мәдениет үйінде жылдық есебін беріпті. Жиын барысында округ әкімі Сапарбек Қуатов осы күннің ауылымыз үшін қаншалықты маңызды екенін, Арықбалық шайқасына қатысқан батыр атамыз бастаған аяулы азаматтардың ерлігі, ел үшін төгілген қаны, қыршынынан қиылған боздақтардың асыл бейнесі мәңгі ұмытылмайтынын бір-екі ауыз сөзбен атап кеткенде де болар еді. Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қарапайым халықтың (әсіресе емшектегі нәрестелер, балалар, ауру-сырқаулар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін? Енді сол естігеннің аза бойын қаза қылатын қанды қырғынды қазіргі ұрпақтары жыл сайын еске түсірсе, артықтық ете ме? Ол үшін кімнен, қандай нұсқау керек? Мекеме басшысы ауырып қалса, өзге адам бар емес пе? Не де болса дер уақытында үнсіздік танытқан дұрыс емес тəрізді. Кейін қандай шара өткізсе де өздері білер. Қазақ тарихында ойып орын алатын кез келген көтеріліс, қозғалыстан маңыздылығы кем түспейтін Арықбалық шайқасын аудан көлемінде еске алғанда да ұтылмас едік» деген ауыр ой қылаң берді.

Жадыма танымал заңгер, ақынжанды азамат, Жанқожа батырдың ұрпағы Есекей Құдайбергеннің «Сол боздақтар кəуірлердің азабы жанына батқасын шықты ғой. Əйтпесе кім қақаған қыста қолына таяқ алып жауға шабады. Жанқожа баба да қатерді сезді, білді, дегенмен намысқа шыдамаған бауырларын бастуға мəжбүр болды. «Сол Арықбалықта қалуым керек еді» деп өкінішпен кеткен жоқ па? Арықбалықты намыс пен ардың, құлдық санадан арылудың жолын аңсаған жандардың қаны тамған жер деп қастерлей алсақ кәнеки?!» деген лебізі оралғанда денемді белгісіз сезім кернеді.

Белгілі жазушы Молдахмет Қаназ ағамыз Арықбалық шайқасы құрбандарына арнап аудан көлемінен ескерткіш-белгі қоюды мәселе қылып көтеріп жүргені көзі қарақты оқырманға жақсы мәлім. Азаттық жолында шейіт кеткен батыр бабаларымызға қандай құрмет жасасақ та орынды. Олай болса, қарымды қаламгердің ұсынысы ел ағалары тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз!

Қар жамылған Арықбалық алқабы талай сырды бауырына басып мүлгіп жатыр.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «ескерту» берілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.01.2019 12:00

Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық аумақтық инспекцияның басшысына Әдеп кодексінде көзделген тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы берілді.

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы Жаңақорған аудандық аумақтық инспекциясының басшысы қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін оған қатысты ҚР-ның ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, аудандық соттың қаулысымен 6012 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Аталған жайт Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің назарына ілініп, кеңестің кезекті отырысында аудандық аумақтық инспекцияның басшысының тәртіптік ісі қаралды.

«ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» 5-тармағының 13- тармақшасында «Мемлекеттік қызметшілер жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуі тиіс» және 7-тармағының 1-тармақшасында «Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс» деп көрсетілген, - дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Б. Байхожаев.

Тәртіптік істі қарау нәтижесімен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде көзделген тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Жаңақорған аудандық аумақтық инспекциясының басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы берілді.

Б.Әбдіқадіров

 


Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары