Өзекті мәселелер

  • 19.09.19

    Әлемдегі өте қауіпті қылмыскерлер қамалатын, қауіпсіздігі ең қатаң сақталатын «Алькатрас» түрмесінен 1963 жылға дейін бірде-бір тұтқын қашып шыға алмаған. Ел абақтыны «Рок» (құз) деп те атайды. Сыртынан қарағанда сұсты көрінетін түрме әу баста қорғаныс шебі ретінде қолданылып, кейінірек әскери түрме салып, содан соң өте қауіпті қылмыскерлерге арналған абақты ретінде пайдаланылған. Толығырақ...

  • 19.09.19

    ЖҮРЕК   ДЕРТІНЕ  ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА  КӨМЕК

    Кеудедегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер не  бар?!  Оны адам ағзасының «моторы» дейміз. Бірақ жүрек дерті жас талғамай тұр. Тым жасарып бара жатыр. «Жүрегі тоқтап қалыпты», «жүрегі ауырады»  деген сөздер бүгін­де  жасамысқа  емес, жастарға да  айтылатын  болды.

    ...
    Толығырақ...
  • 19.09.19

    Әлемнің  дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру идеясы жарқын  болашаққа бас­тайтын жол болуы тиіс. Жаһандану үдерісі дәуірінде еліміз өз тәуел­сіздігін орнықтырып, шекараларын айқындап, ядролық қарудан бас тартып, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтай отырып, әлемдік ау­қымдағы тұрақтылық, достық, толеранттылық идея­ларын негіздеуде. Және бұл мәселелер Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі...

    Толығырақ...
  • 19.09.19

    «Мәңгілік ел» идеясының негізі – бұл біздің Қазақстан халқы ұрпақтарының алдындағы жауапкершілік, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына ену мәртебесі белгіленген және бұйырған лайықты және ұлы Қазақстанды дамытудағы біздің стратегиямыз. «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарих...

    Толығырақ...
  • 19.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    ОЙ   ТОЛҒАДЫМ  БІР   КЕЗЕК

    Сөз жоқ, социализмді гүлдендіріп, коммунизм ор­нат­пақшы болған қоғамды қайтадан құру машақаты бастал­ғалы сонау отызыншы жылдардан «коммунизмнің сталиндік алып құрылыс­тары» ұранымен жүргізілген шабуылдан табиғаттың тепе-теңдік заңдылығын бұзып...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019

Қызылордада «Бизнес-кеңесшіні» оқыған азаматтарға 1 млрд. теңге берілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.01.2019 11:52

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасымен ұйымдастырылып жатқан «Бизнес-мектеп» құрылымы – бүгінде іспен айналыссам деген азаматтар арасында сұранысқа ие жобалардың бірі.

Бұл туралы Палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов: «Біздің мамандар оқытып ғана қоймай, жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. 2017 жылы «Бизнес-кеңесші» оқу курсын оқыған 1555 азаматтың ішінде жалпы сомасы 271,8 млн. теңгені құрайтын 76 адамның жобасы шағын қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылса, өткен жылы біз сапаға басымдық бердік. Атап айтқанда, «Бизнес-кеңесші» оқу курсы бойынша 1347 адамды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыттық. Бүгінгі күнге дейін олардың ішінде 412-сі өз жобаларына әртүрлі қаржы көздерінен 1 млрд. теңге алып, кәсібін жүргізуде», - дейді.

Мұнан өзге, өткен жылы «Бизнес өсу» жобасы аясында 136, «Тәлімгерлік оқыту» бойынша 65 адам білімін жетілдірген.

Сондай-ақ, алғаш рет Қызылорда қаласында «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Қазақстан-Британ техникалық университетінің тәлімгерлері Қызылордаға келіп, облыс бойынша 35 азаматты оқытқан.

Ал «Аға сеньорлар» жобасы аясында өңірімізге Түркия елінен 7 сарапшы келіп, кәсіпкерлерімізге өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, бұл мамандар Сырдария ауданында және Қызылорда қаласында мектепке дейінгі білім беру саласында, Жалағаш, Қазалы аудандарында кондитер және наубайхана саласында, Қызылорда қаласында пластик өңдеу саласында, Жаңақорған ауданында емдеу-сауықтыру шипажайының асхана сервисін жетілдіру, Арал ауданында балық өңдеу саласы бойынша біздің кәсіпкерлерімізге бизнесін жүргізу бойынша тың ақпарат беріп, тегін қызмет көрсетті.

Оқырманға түсінікті болуы үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы «Бизнес-мектеп» құрылымына енетін жобалар туралы қысқаша ақпарат беріп өтсек:

«БИЗНЕС-КЕҢЕСШІ» – бастамашыл азаматтар мен кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті жүргізуге негізделген қысқа мерзімді оқыту курсы.

«БИЗНЕС-ӨСІМ» - жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге бизнесінің тиімділігін арттыру мен дамытуға арналған оқыту курсы (оқыту тақырыптарының тізімінің ішінен кәсіпкерлердің таңдауы бойынша).

«ТӘЛІМГЕРЛІК ҚАҒИДАСЫ» – монақалалар, шағын қалалар мен аудан орталықтарында тәлімгерлік қағидасын негізге ала отырып кәсіпкерлер үшін жобалық оқыту.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«Сатып алуда» да сыбайластық бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.01.2019 17:50

Елдің бәсекеге қабілетін төмендетіп, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, республиканың халықаралық аренадағы «келбетіне» кері әсерін тигізеді. Тақырыпқа тұздық болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы Елбасы аз толғап жүрген жоқ. БАҚ беттерінде де жиі көтерілетін мәселе. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңғыртудың ең басты мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл бағытта біздің жасаған әрекеттеріміз мемлекеттік аппараттағы жемқорлықтың деңгейін төмендетті. Оны халықаралық сарапшылар да атап өтті. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын дайындау қажет. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ескерту үшін қоғамды, ақпараттық мүмкіндіктерді, жаңа құқықтық тетіктерді пайдалану керек. Басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу және пайдалану қажет» деп қадап айтқан болатын.

Жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлық мәселесі Сыр өңірінде де тамырымен жойылып кетпеді. Жыл сайын жауапты органдар хабарлайтын ақпараттар сөзіміздің айқын дәлелі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында осы саладағы дәйекті деректерді тілге тиек етті.

Абзал Сансызбайұлының сөзінше, 2018 жылы Қызылорда облысы көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 139 қылмыс тіркелген. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында – 108, Арал ауданында - 10, Қазалыда - 7, Шиеліде - 6, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында - 3-еуден, Жалағашта 2 қылмыс тіркелген. Ал Сырдария ауданында ешбір қылмыс тіркелмеген екен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментімен тіркелген қылмыстарды салалар бойынша жіліктеп шығыпты. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары мемлекеттік сатып алу саласында ең көп орын алған.

  • мемлекеттік сатып алу саласы - 38 қылмыс;
  • құрылыс саласы - 29 қылмыс;
  • қорғаныс істері саласы – 15 қылмыс;
  • ішкі істер органдары бойынша – 10 қылмыс;
  • білім беру саласы - 9 қылмыс;
  • әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету саласы - 7 қылмыс;
  • ауыл шаруашылық саласы – 4 қылмыс;
  • денсаулық сақтау саласы – 2 қылмыс.

Аталмыш заңбұзушылықтарға сәйкес, есепті мерзімде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің баптары бойынша 46 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 2 167 342 теңге өндіріліпті.

Облыстағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 3691 адам. Нақты жұмыс істейтін азаматтар 3 611 болса, бүгінгі күнге дейін 80 бос орын қалыптасып отыр.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барған азаматтар заң бойынша жауапқа тартылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жемқорлықпен күрестің алдын алу мақсатында облыс бойынша 4 785 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр. Айталық, 3 772 лекция мен семинар, 37 конференция мен форум, 161 дөңгелек үстел, 78 спорттық шара, 104 флешмоб және жастар мен оқушылардың қатысуымен 198 интеллектуалдық ойын мен конкурс, 5 спектакль, 195 балалар театрландырылған қойылымы және 235 көпшілік акция мен өзге де іс-шаралар өткізіліпті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша облыстық арнайы мониторингтік топтың 12, ал аудандық мониторингтік топтардың 29 отырысы болған.

Мұндай статистикаға қарап Сыр өңірінде сыбайлас жемқорлықпен күрес ғана емес, оның алдын алу жұмыстарының өзі ақсап тұр деп айта алмаймыз. Профилактикалық шаралар жыл өткен сайын еселеніп келеді. Алайда парақорлықпен пайда тапқысы келетіндердің «талабы» жоғалар емес. Әсіресе, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселесі аса өткір.

Жазира  БАҒЛАН

 


ТАБЫСТЫҢ КІЛТІН ТАПҚАН ҰЖЫМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.01.2019 17:35

Болат  жолдың  бойында

Қай уақытта да мемлекеттің күретамыры болып саналатын, ел мен елді жалғап жатқан теміржолдың орны ерекше. Қазірде теміржолшылар еліміздің экономикасын нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Сондықтан да олардың құрыш білек, жалын жүрек жұмыскер екендігін, сонымен қатар рухани өмірімізде де белсенділік танытатын, әрдайым өмірде еңбекті жанына серік ететінін білеміз.

Соның бірі – аудандағы ең ірі өндіріс орны Қазалы локомотив жөндеу зауытының ұжымында қазір бірнеше мамандық иелері қоян-қолтық араласып, ұйымшылдықпен еңбек етуде. Нәтижесінде кездескен қиындықтарды қажырлы еңбегімен жеңе білді. Кезінде қосалқы бөлшектердің тапшылығы, тапсырыстың азаюы, тағы басқа да қиындықтар мен кедергілер ұжым мүшелерінің төзімі мен кәсіби шеберлігін сынға салып, біраз абдыратқан еді.

Әйтсе де, білікті басшы, тәжірибесі мол маман, «Құрметті теміржолшы», зауыт директоры Нұрлан Алмағамбетов өз тарапынан Қазақстан және Ресей мемлекетінің алпауыт мекемелерімен тығыз байланыс жасап, ауқымды жұмыстар атқаруға түбірлі шешім қабылдап, ұжымдағы оң психологиялық ахуалдың орнығуына, мамандардың істің көзін, табыстың кілтін тауып атқаруға деген құлшынысы мен кәсіби шеберлігін, зауытта ырғақты жұмыс ауанын қалыптастырды.

Ең алғаш рет Қазақстан бойынша ТЭМ7А сериялы ең қуатты маневрлік тепловоздарына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып шығарылды. Бұл тепловоздың ерекшелігі сол, барлық электрлік сызбалары заманауи түрде жаңғыртылған, микропроцессорлық басқару жүйесі енгізілген, жылдамдығы жақсартылған, шанағы күшейтілген, электрлі динамикалық тежегіш орнатылған , өте ауыр салмақты құрамаларды тартуға мүмкіндігі мол, уақытпен тексеріліп, түрлі сынақтан өткен сенімді машина. Заман талабына сай заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген бұл техниканы игеруге зауыттың жұмысшы-қызметкерлері біліктіліктерін қалыптастырып, жоғарғы кәсіби шеберліктерін жетілдіре отырып қол жеткізді.

Сонымен қатар, ұжымда еңбек тәртібін қатаң сақтауға, жұмыс сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруға ерекше маңыз берілген. Әрбір маманнан жауапкершілік қатаң сұралады. Жұмыс барысында оның кәсіби шеберлігінің деңгейі, ізденісі мен еңбегі үнемі ескеріліп отырады. Басшы мамандардың жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуі қатаң қадағаланады. Мамандарды қызмет сатысы бойынша өсіргенде де оның біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне баса назар аударылады. Зауыт өндірісіндегі жұмысты ұйымдастыруда жетекші мамандарға үлкен үміт артылады. Сондықтан ұжымның шешуші учаскелерінде іскерлікпен еңбек етіп жүрген мамандар есімі әрқашан құрметпен аталады.

Мәселен, жоспарлау бөлімінің бастығы -Жалғасбек Үмбетов, инженер-технолог Ғалымжан Қосуақов, бас механик Серік Әбдіразақов, аға шебер Бектай Мұқашев, шебер Қыпшақбай Маханов, бригадир Амандос Ысқақов, жөндеушілер Асылбек Таңжанов, Тасболат Шазындаев, Руслан Оңғаров, Өмірбек Жаңабаевтың қомақты үлесін атап өткен ләзім.

Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан өндірісті модернизациялау шараларына және жұмыс көлеміне сәйкес жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында Қазалы локомотив жөндеу зауыты бойынша 2019-2022 жылдарға болжамдар жасалып, ауқымды іс-шаралар бекітілген. Негізгі тапсырыс беруші мекемеден басқа сыртқы мекемелермен келісімшарттар жасасып, атап айтатын болсақ, ФГУП «ЦЭНКИ»-Космический центр «Южный», «Қазцинк» ЖШС, «Қазхром» ЖШС, «Арселлор Миттал Теміртау» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, т.б. мекемелермен қызу жұмыс жасалуда.

Алдағы уақытта сан қумай, сапа үшін күресетін, табыстың кілтін тапқан ұжымға жұмыс көлемі мұнан да арта түсетініне сенім мол.

Қанай  Жамбылов,

Қазалы  локомотив  жөндеу  зауытының  қызметкері

 


Жақсы басшы бұқараның қамын жер PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.01.2019 17:30

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалидың назарына

Қалыптасқан ахуал осылай сөйлеуге әкеліп тұр. Қазіргі таңда басшылар жайлы ел арасында аса жағымды пікірлер айтыла бермейтінін несіне жасырамыз? Десе де, ұжымның жақсы атағы мен олқылығы өзгеден бұрын мекеме басшысына тиетінін мойындауға тура келеді. Жанқожа батыр ауылынан телефон соғылды. Қоңырау шалған Руслан Есназаров есімді тұрғын амандық-саулықтан соң өзінің жұмысқа орналасқанын айтып, аудан, ауыл көлеміндегі азаматтарға, «Халық» газетінің ұжымына, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовке ризашылығын білдірді. Мен де қуанып қалдым.

Біршама уақыт бұрын бұл ініміз «Халық» газетінің бас редакторы Н.Нұмағанбетовтың атына жолдаған хатында аталмыш мектепте жылу қазандығының маусымдық негізде операторы болып жұмыс істегенін, биылғы маусымда орнына басқа адам алынғанын, өзінің бес баласы барын жазған болатын. Мектеп директорымен тілдесіп, барша жайтқа қанықтық. Оған қоса мектеп басшысы бұл мәселе өзінің назарында екенін, алдағы уақытта Русланның жұмысқа орналасуына көмек жасалатынын айтқан еді. Жауапты құлағымызбен естігенімізбен, «әй, қайдам?!» деген сенімсіздік те көкейде жалт ете түскен. Азамат алдамады. Уәдесінде тұрды. Бүгін Руслан жұмысқа қосылды. Бәлкім, кейбіреулер «өзі от жағушылық әрі уақытша болса, несіне жар салады. Біреуге жарнама жасауға жазып отыр ғой, мына неме?» деуі де мүмкін. Кім не десе де, өзінің еркі. Уақытша екені рас. Алайда біреуге болмашы болып көрінген бұл жұмыстың қадірі «отбасыма кіретін табыстың көзі. Осы жалақыма тым құрығанда үйімді жылытатын көмір немесе азық-түлік аламын ғой» деп қуанған Русланға, маңдайынан ащы терін тамшылатып, адал еңбекпен нанын тауып жүрген көптеген қарапайым адамдарға жақсы белгілі.

«Алла сертіне берік жанды ұнатады» деген ескіден жеткен есті сөз бар. Талабыңыз оң болсын, Алик Тілеумбетов бауырым! Осындай бұқараның қамын жейтін басшыларыңыз көбейе бергей, Бектұр Қали мырза!


Жұмабек Табынбаев,

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы

 


Тектілік дарыған тұлға PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.01.2019 17:27

Елеу Көшербаевқа - 90жыл

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өшпейтұғын соңында із қалдырған».

Осынау жыр жолдары қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамызға тура айтылғандай. Әркімнің ғұмырында өзінің тағылым тәрбиесі, өнегелі жолымен өшпестей із қалдырған адамдар болады. Мен үшін қоғам қайраткері марқұм Елеу Көшербаев ағамыз – дәл осындай тұлға. Өз басым еліне қадірлі, халқына қалаулы атанған Елекеңдей асыл азаматтың қарамағында қызмет жасаған кезімді өмірдің шынайы мектебінен өткен шағым деп сағына еске аламын. Орайы түскенде, қызығы мен қауырт шаруасы мол болған сол жылдардан аз ғана үзінді келтірсем.

1989 жыл болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев шұғыл кабинетіне шақырды. Мен ол тұста «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшардың партком хатшысы едім.

Елекең «Сіздің ауылда Жанқожа батырдың дүниеге келгенін білесің. Батыр бабаға аудан орталығынан ескерткіш орнату көзделуде. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Елге беделді азаматтармен тілдес. Кездесу уақытын белгіле. Мен де барамын. Қармақшы ауданында қызмет жасап жүргенімде Қорқыт бабаны дәріптеген едім. Енді Жанқожа батыр әрі әулие бабамызды ұлықтауымыз қажет» деп қысқа қайырды. Дереу тапсырманы орындауға кірістім. Жиынымызға Елеу ағамыз қатысты. Ауыл тұрғындары көтерілген мәселені қызу қолдады. Жанқожа батырдың ұрпағы Айдарбек Табынбаев, Әбибулла Қосболов басқа да ардагерлер құнды пікірлерін жеткізді. Осылайша бабаны ұлықтаудың алғышарты жасалды. Жарты әлемді билеген кеңес үкіметінде ұлттық батырымызды дәріптеу, мұндай қадамға бару оңай емес еді.

Арада бірнеше жыл өте ағамыздың тілегі қабыл болды. Ол кезде Елеу Көшербаев ағамыз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде еді. Батыр атамызға республикалық дәрежеде ас беріліп, кесене орнатылды. Кіндік қаны тамған ауыл баба есімін иеленді. Мен совхоз директоры ретінде ауыл азаматтарын бастап асқа арнайы келген Ұзақбай Қараманов, Әубәкір Тыныбаев, Сағидулла Құбашов, Иманғали Тасмағанбетов, Сейілбек Шаухаманов, Роза Бағланова, Дәуірхан Айдаров, Алтыншаш Жағанова, өзге де мәртебелі меймандарға қызмет жасадым. Елеу Көшербаев ағамыз құттықтау сөз сөйлеп, мен символикалық кілтті қабылдап алдым.

Сәл шегініс жасасам. 1988 жыл. Сол тұстағы одақтың астанасы Мәскеу қаласында өткен «Арал экологиясы мәселесі» жөніндегі Кеңеске Қазақстаннан республикалық делегация қатысты. Делегация құрамында Роза Бағланова, Мұхтар Шаханов, Елеу Көшербаев, Жәлел Қизатов, Н.Уәлиев тәрізді елге танымал тұлғалар болды. Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозда бас зоотехник болып жұмыс істейтінмін. Осы сапарда мен де болып, тура бір апта есімі көпшілікке жақсы мәлім тұлғаларға қызмет жасағанымды өмірімнің ең бір жарқын белесінің бірі санаймын.

Елекең Қазалы ауданын басқарған тұста мал бордақылау бағытында Ақбел участогінен мал бордақылау алаңын ауданда ең алғаш біздің совхозда ұйымдастырған едік. Бұл жерде 5000 бас қой бордақыланып, қозы айырдық. Сондай-ақ, қыс мезгілінде бие саууды қолға алған болатынбыз.

Жаңалыққа жаны құштар, қашанда қоғам мүддесін бәрінен жоғары қоятын қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамыздың жарқын бейнесі жылдар өткен сайын ұрпақ зердесінде жарқырай бермекші.

Берік Бисембаев,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері,

Қазалы ауданы

 


ТІРШІЛІКТІ “ТҰНШЫҚТЫРЫП” ТҰРҒАН ТАУАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.01.2019 12:15

КҮНДЕЛІКТІ   КӨРІНІС

Облыс орталығындағы үлкен әрі «абыройлы» супермаркеттен сауда жасадым­. Касса қызметкерлері зат­тарымды рет-ретімен сұрыптап, сыртында арнайы жазуы бар полиэтилен пакетке  салып  берді. ТЕГІН.

Жұмысқа келер жолдағы кішігірім дүкенге күнара бас сұғамын. Ілтипатын білдіріп, қос қолдап ұстайтын полиэтиле­н  қалташасына  заттарымды  сыйдырып, қолыма  ұстатады. Көлеміне  қарай  АҚЫЛЫ.

Желді күні құстардың қанатын талдыры­п, ұшып бара жатқанының куәсі  боламыз.  АЯНЫШТЫ.

Ең сорақысы, жүздеген жылдар бойы шірімейтін, қоқыстар ара­сындағы полиэтилен пакеттердің аспанд­а ұшып, жерде аяққа оралып жүргені... Пластикалық қалдықтардан өндірілген бұйымдардың тіршілік иелерінің  өмірін  жалмауы... ЭКОЛОГИЯЛЫҚ  ЗАРДАП.

Ал, біздің күнделікті сауда жаса­ғанда, қоқыс шығарғанда, тіпті тамақ сақтағанда да тұтынып жүрген затымыздың зардабы шаш етектен асып түседі. МӘСЕЛЕ.

 

ТЕГІН  ЗАТ  «ОЛЖА»  ЕМЕС

Бала кезімдегі бір оқиға есімде қалып қойыпты. Ол кезде қоғамдық көлікте жүру құны 15-20 теңгені құрайды. Азық-түлік өнімдерінің қаптамасы да, қабы да қатты қағаздан жасалатын. Дүкенге барғанда қаптан тігілген дорбаны өзімізбен алып жүретінбіз. Кейіннен жар­тылай синтетикалы қолдорбалар айналым­ға түсті. Бір күні автобусқа төлейтін ақша болмай, тәтелерім жолақысына сондай екі дорба берген еді. Әлгі  жүргізуші де ләм-мим демей­ алып  қалғаны көз алдымда сақтаулы. Біз тұтынып жүрген полиэтилен пакеттердің бүгінде дәл осындай құны жоқ. Өйткені қазіргі өнімдердің көбі ақаулы, бір реттік делінгенмен, үстінен салынған зат кейде астынан домалап түсіп жатады. Сондықтан да сауда орындарында бұл пакеттерді екі-үш қабаттап салып береді. Ал тұтынушы оны өзіне тиесілі «олжа» деп қабылдап, тегін нәрсеге құмарлығын арттыра түсетіні анық. Одан қалды, қоқыс шығаруға таптырмас дүние. Жалпы, полиэтилен пакеттер алғаш рет АҚШ-та сэндвич, нан, жемістер мен көкөністердің сыртқы орамасы ретін­де 1957 жылы шығарыла бастады. Он шақты жылдан кейін бұл елдегі өнімдердің 30 пайызы осындай қаптамаға оралды. 1973 жылы Батыс Еуропада пакет өндіру көлемі 12 млн данаға жақындады. Сексенінші жылдары ірі сауда орындары кеңінен қолдана бастаған соң 2000 жылдары бұл пакеттер әлемдік деңгей қажеттілігіне байланысты жылына 5 трлн данаға дейін өндірілді. Әрине, бұл кезде тауардың зияндылығы жөнінде ешкім ешнәрсе айта қоймады. Қазіргі күні бұл пакеттердің түрі де, көлемі де жеткілікті. Экологиялық зардабы пайдасынан асып түспесе, кем  емес.

 

ПОЛИЭТИЛЕН  ПАКЕТ  ӨНДІРУГЕ

ТЫЙЫМ  САЛЫНА  МА?

Ашық дереккөздер мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемдік деңгей­дегі теңіздер мен мұхиттарға 7 млн тоннаға тарта қалдық пакеттер тасталады. Соның салдарынан жүз мыңдаған тіршілік иелері пластикалық қоқыстан зардап шегеді екен. Осындай экологиялық зардаптарына байланысты Еуропаның кей елдерінде пластикалық дорбаларды қолдану үрдісі тыйылған. Мәселен, Дания 1994 жылдан бастап полиэтилен пакеттерді тегін таратқан дүкендерге салық салады. Фин елінде қоғамдық орындарда қолданылған пакеттерді қабылдайтын автоматты қондырғылар бар. Француздар да 2016 жылдан бастап пластикалық бұйымнан жасалған пакеттер мен ыдыстарды өңдеуге және қолдануға тыйым енгізген. Әріге көз тастамай-ақ, көрші ресейліктердің өзі бұл өнімді қолдап отырған жоқ, ондағы 70-ке тарта сауда маркеттері пакет таратуды доғарды. Өзбек ағайындар да биылдан бастап бүл мүлікке тыйым­ салуда. Ал Қазақстан ше? Бізде әлі күнге пакеттер құстармен жарыса ұшып жүргенінің куәсі бо­ламыз. Ал экологиялық алаңдаушылық  мәселесі  ушығып  тұр.

- Әлемнің көптеген елінде пластик пакеттерді, ыдыстарды тегін беруге тыйым салып жатыр немесе шектеу қоюда. Мәселен, Кенияда мұндай қалталарды пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Ал, Англияда мұны тек ет сатушылары ғана қолдана алады. Неге Қазақстанға да осы тәжірибені енгізбеск­е? Біз кімді қорғап отырмыз? Бізде де өндірушілер бар емес пе?! Пластма­сса  өнімдерінің  зияндылығы анық емес пе? «Coca-Cola» мен «Pepsi» секілді пластиктен жасалған контейнерлердегі сусындар өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар 2020 жылға дейін пластикалық өңделген мате­риалдың көлемі 40 пайызды ғана құрайтын  құтыларда сусындар шығаратынын мәлімдеген еді. Бұл Қазақстан өндірісіне қаншалықты әсер етеді? «Райымбек ботлерс», «Көкшетау минера­лды сулары» секілді өзге де өндірушілерге неге осындай міндет қоймасқа?! - деген мәтінмен осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын ел азамат­ы Саржан Саят ҚР Инвес­ти­циялар және даму (қазіргі Индус­трия­  және  инфрақұрылымдық  даму – ред.)  министрлігін­ің сайты­на  ұсы­ныс­  айтқан­  еді.

Оған министрлік тарапынан жауап­ та берілді. Бірақ полиэтилен пакеттерден қашан құтылатынымыз жөнінде нақты уақыт көрсетілмеген.

- Қазақстан нарығында қайталама шикізатты пайдаланып, полимер қаптамалар өндірісімен айналысып отырған 50-ден аса компания бар. Компаниялардың басым бөлігі Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент қалаларында шоғырланған. Қалған қалаларда 1-2 компания ғана. Қазіргі таңда ҚР Энергетика министрлігі бір рет пайдалануға арналған полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қою немесе тыйым салу бойынша халық­аралық тәжірибені зерттеп, Қазақстанда бөлшектеп сатуда полиэтилен пакеттердің өндірісіне біртіндеп тыйым салу керек деп есептеп отыр. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды енгізу. ІІ кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым­ салуды енгізу. Бұл бастама жергілікті басқару органдарының, «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі ассоциа­цияның  және  «Атамекен» ҚР ҰКП-нің қарауына жолданды. Жергілікті басқару органдары бұл бас­таманы толықтай қолдады және балама­ нұсқаларын өндіру қажет болад­ы деп есептейді. «KazWaste» полиэ­тилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды қолдап отыр және полиэтилен пакеттерді сатуды міндеттеу керек деп есептейді. Алайда полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым салуды қолдамады. Өйткені, біріншіден, кішігірім полиэтилен пакет­ті пайдалану тиісті гигиенаны­ қамтамасыз етеді (нанды және нан өнімдерін, сүт өнімдерін және тағы да басқаларды қорғайды). Екіншіден, Қазақстанның пакет өндірушілері қаншама жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. «Атамекен» де бұл норманың кәсіпкерлік қызметке шектеу салып, жұмыссыздықты ұлғайтып, бюджет кірісін төмендетеді деп есептейді. Энергетика министрлігі бұл бастаманы қалыңдығы 0,015 мм-ден жұқа полиэтилен пакеттерден өзге, яғни бір рет пайданалануға арналған полиэтилен пакеттерге қатысты қолдануды ұсынып отыр. ҚР ЭМ жұмыссыздықты болдырмау үшін және бюджет кірісін тоқтатпау үшін балама қаптамалар өндірісіне жағдай жасау мәселесін қарас­тыру қажеттігін айтады. Себебі оларды қол­данғаннан кейін адамның ден­саулығына да, қоршаған ортаға да зиян келмейді. Сонымен қатар, қаптама өнім­дерінің балама нұсқаларын өндіруде шығынды субсидиялау мүм­кіндігі де қаралуда, - деді ҚР Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс  Қасымбек.

Статистикалық деректер көзі адамзат баласының жылына 4 триллион пластик пакеттерін қоқысқа тастайтынын мәлімдеп отыр. Салдары­нан 1 жылда 1 миллион құс, 100 мың су сүтқоректілері және есепсіз ұсақ балық қырылады. Жыл сайын әлемдік мұхиттарға 6 мил­лион 300 мың тонна қоқыс тасталса, соның басым бөлігін полиэтилен ма­териалы құрайды. Есептей беріңіз.

 

ЖҮЗ   ЖЫЛДАН   АСТАМ ШІРІМЕЙТІН   ҚАЛДЫҚТАР  БАР

Әлем теңіздерінің пластикалық қоқыстан қандай зардап шегіп жатқанын естуіміз де, көруіміз де алғаш емес. Көкжиекке көз тастауға ерінсеңіз, өз өлкемізде су айдындарындағы тіршілік иелерінің өмірімен қалай қош айтысып жатқанына бір сәт назар аударсаңыз да болады. Әсіресе, Арал теңізіндегі бір реттік қолдануға арналған пластикалық кермешелердің салдары ондағы сусыз­ тіршілік ете алмайтын мақұлықтардың өмірін жалмап жатыр. Одан қалды, пластикалық қалдықтардан жасалатын үрлемелі шарлар да құстардың аяғына оратылып, олардың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Сондықтан аспанға шар ұшыру үрдісіне де тыйым салған жөн. Ол түгілі, үйіңізден шыққан қоқыс араласқан жуындыны жеймін деген қора жануарлары да целлофан қаптаманы қорыта алмай, өлексеге айналады.

Ахметжан Сағындықов, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің  экологы:

- 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына полиэтилен пакеттерді қабылдауға және көмуге тыйым салынды. Қоқыстарды тұрмыстық санатына байланысты сол жерде іріктеп, тиісті орынға өткізеді. Бұл жұмыстар ҚР Экология Кодексінің 301-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Яғни, ҚР Экологиялық Кодек­сінің 301-бабының 1-бөлігі, 9-тармағында пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамаларын полигондардың қабылдауына келмейтін қалдықтар тізіміне жатқызған.

Береке Данышманов, «Ибрайхан және К» ЛТД ЖШС-нің бас техно­логы:

- Полиэтиленді пакеттер қоршаған ортаға едәуір залал келтіреді. Өртеген кезде ол ыдырамайды, улы газдар бөледі. Түрлі тыныс алу жолдарының ауруына себепші болады. Сондықтан полиэтиленді қалдықтар қатты тұрмыстық қалдықтардан іріктеу алаңында  бөлек  іріктеледі.

Сайлаубай  Жұбатырұлы,  жазушы-эколог:

- Полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдықтардан жасалатын тауарлардың табиғатқа зияндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті әлемдік проблема болып тұр. Өркениетті елдердің біразы табиғат­қа қисапсыз залал келтіріп отырған бұл тауарды тұтынудан бас тартып отыр. Әлемдік деңгейдегі мақалаларды оқып қарасаңыз, Антарктидадан Солтүстік теңізге, Гаваиге дейін әлемдегі әр құс­тың ас қорыту жүйесінде пластикалық қалдық кездеседі. Суға түскенде де өңін бұзуы қиын полиэтилен пакеттерді теңіз жануарлары медузаға ұқсатып жеуге ұмтылады екен. Осындай оқиға салдарынан жыл сайын 100 мыңнан аста­м кит, су тасбақасы, итбалықтар мен құстар өлуде. Қарапайым күннің өзінде жануарлар осы қалдықтардың кесірінен қырылып жатыр. Сондықтан біздің елге де полиэтилен тауарлардың кең таралуына, қолданылуына тыйым салған жөн секілді.

 

Әлемдік зерттеу қорытындысына көз жүгіртсек, табиғаттың өзі жаратып тұрған апельсиннің қабығы 2-5 апта, ал алманың дәні 2 айдың ішінде табиғатта еріп жоғалады екен. Сіз оқып отырған газеттің қағазы 6 апта, темекінің қалдығы 1-5 жыл арасында, қағаз орамал ылғалды жағдайда 1 ай ішінде шіриді. Сағыз тастаған жерінде 5 жылға дейін өңін бұзбай жатады. Ал пластикалық негізде өндірілген тауарлар 50-100 жылдың арасында, пластикалық құтылар және қаңылтыр банка 50, балық қармағының жібі 600 жылда жойылады екен. Полигондарға тастауға рұқсат етілмейтін полиэтилентерефталат құрамынан жасалған шиша табиғатта 100 жыл бойы сақталса, теңізде жойылу мерзімі 400-600 жыл аралығын құрайтын көрінеді. Ал оны өртеген кездегі иіс тіпті адамның ағзасын улайды. Ғалымдар да табиғи ортада ұзақ жылдар сақталатын қоқыстар ауаны ластап, нәтижесінде қатерлі ауру тудыратынын айтып отыр. Таза экологиялық өнім емес заттардың зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жететінін бағамдап отырған боларсыз. ТЕГІН өніммен табиғатты ластамайық!

 

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Қазақстан  Журналистер

Одағының  мүшесі

 


«ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУ» АУЫЛ ӘКІМІНЕ ЖҰҚҚАН БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.01.2019 12:07

«Қолдан келмеген шаруаның бәрін болашаққа ысырып тастадық» депті тілден қағынған біреу. Қағілез қауым астарлы әзілдің қатпарын түсінген шығар, бәлкім?! Иә, әдеттегідей жылдағы «дәстүрге» сай әкімқаралар «күнделіктерін»  ашып, ел алдындағы  есепті кездесуін бастады. Осы төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітсек дейміз...

Бұрындары бұқарадан «аудан әкімі ауылға ешқашан ат ізін салмады» деп еститін едік. Бүгінде ақ жағалылар мұндай «әдеттен» арыла бастаған ба, әлде, олардың халыққа жақындай түскендігінің белгісі ме, әйтеуір жыл бойы елде атқарылған шаруалар бары­сын егжей-тегжейлі баяндап, жүздесетін болды. Әрине, жергілікті биліктің бұл әрекетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазір қарашаның көзі ашық, көкірегі ояу. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін дәуір әлдеқашан өтті. Сондықтан атқамінерлер есепті кездесуге атүсті қарауды қойған сыңайлы. Өйткені БАҚ-тан бө­лек, әлеуметтік желінің әлеуеті артып, кәдімгідей ықпалды күшке айналып үлгерді.

Ауыл жастары қандай мәселеге кімнің жауапты екендігін біледі және сұрайды. Бұл – оның құқығы. Десе де, өңірдегі кейбір ауыл ақсақалдары «жауырды жаба тоқудан» алыстай алмаған тәрізді. Аудан басшыларының есепті кездесуі қалай және  қай деңгейде ұйымдастырылатынын, қа­лыптасқан сценарийлерге өзіңіз де қанық шығарсыз, құрметті оқырман! Бұдан бөлек, ауыл әкім­дері де қулықтың қыр-сырын бір кісідей меңге­ріпті-міс. Олар «елдегі бар түйткілді жоғары жаққа жайып салады-ау» деген ақсақалдардың аузын «майлап», шалдар­ға шай беретінді шығарыпты. Одан қалды, жергілікті жерде мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін адамдарды есепті кездесуге алдыру баяғыдан бар. Ал аузында «бас­тырығы»  барлардың  «мәу» демейтіні шындық. «Ауыл әкімінің жұмысымен таныспыз ғой. Біраз шаруа атқа­рылды. Аудан көлемінде қандай игілікті істер атқары­луда?» деп мик­рофонды аудан әкіміне ұсынатын «салт» орна­ғалы  да  көп  болды.

Айтпақшы, үш өтірік­тің бірі – статистика. Осы  статистика дегеннен шығады, «дәстүрлі» жиында қылмыстың тө­мендеп, барымташылық бәсеңдеп, есесіне, аудан бюджеті  ұлғайып, инфра­құрылымның жетіліп шыға келетіні  несі?!

Ауыл тұрғындары оң бағалаған бұл жиын ба­та берумен, алғыс айтумен аяқталатыны анық. Ұмытып­ барады екенбіз, есепті жиыннан ұйықтап қайтқан қауымның да қарасы қалың.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары