Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 30 Қаңтар 2019

ТУЫСЫ ЖАМАНДЫ ТҮЙЕ ҮСТІНДЕ ИТ ҚАБАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
31.01.2019 11:55

БАЛАНЫ   КІШКЕНТАЙЫНДА ҚАЛАЙ   БАР,

СОЛАЙ   ЖАҚСЫ  КӨРУ  КЕРЕК

Менің өзімнен 4 жас кіші туысқан інім бар. Мектеп қабырғасында  өте  нашар­ оқыды. Үштіктен гөрі екілігі көп болатын. Кішкентайындағы бұзықтығы бір бөлек. Аулада тұрып көшеде кетіп бара жатқан көліктерге тас лақтыратын. Кейде тіпті терезелерін сындырып, талай ұрыс та естіді. Үлкендер жағы ұрысты, бірақ болмады. Қайталай беретін. Енді бірде таппай қалатынбыз. Барлық достарын, барады-ау деген жерлерді аралап шығатын едік. Жоқ. Сонда асықпай, кешкі­лік компьютерлік клубтан кеп тұратын. Содан кейін де талай сол жерден таптық.

Өзіне берілген бағалы сыйлықтарды өзі қызыққан болмашы заттарға ауыстыра салатыны тағы бар. Ойлан­байды. Бір сөзбен айтқанда, өзі нені қалайды, соны істейтін. Бір жағынан, анасы (әкесі қайтыс болып кеткен) күндіз-түні жұмыста болғандықтан, көбіне әже мейірімі себепкер болды ма деген де ой келеді. Көрегенділігі көп кейуана қанша бұзықтық жасаса да немересін ұрғызбайтын. Ал 9-сыныпты бітір­генде, тәртіпсіз, төмен оқитын оқушыларды мектептің қуатын әдеті емес пе? «Балаларыңызды колледжге беріңіздер» деді. Қой­шы, содан не керек, әлгі бала колледжг­е түсіп, дін жолына бет бұрды. Ортасын түзеді. Жақсы жора-жолдастар тапты. Шүкір, қазір Құранды жатқа біледі. Өте сауат­ты. Иманды. Иманы берік қызды қолына қондырды. Бір қызы бар. Анасына қарайлап отыр. Ал, ең бастысы, әжесі өмірден өтерде дем салған да өзі. Сұрақ? Неге ол бүгінгі топтасып төбелесіп жүретін жас­тардың санатында емес? Тым бұзық әрі сабақ­қа құлықсыз болды ғой. Неге ол қатыгез балалардың санын көбейтіп кетпеді? Себебі, оны кішкентайында қалай бар, солай жақсы  көрді.

Психология ғылымдарының докторы Әлия Төлегенова бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты жүргізген семинар-тренингтерінде дәл осыны үндейді. «Ата-ана бала болмысын сол күйі қабылдап, оны қандай жағдай­ болмасын шексіз жақсы көретіндігін, яғни сүйіспеншілігін сездіртуі қажет, оның сенімді серігін­е айналуы керек. Себебі бала психологиясында «ата-анам мені тілалғыштығым үшін ғана жақсы көреді», «қателік жасасам, кешірмейді» немесе «сүйіспеншілігіне сызат түседі» деген сыңаржақ ой қалыптасуы мүмкін екендігін айтады. Салдарынан қанша күшті тәрбиелеп отырсаңыз да, қасында сіз жоқта не сыртта білдіртпей, жасыры­н түрде бұзықтық жасап, үйде «тәртіпті» болып көрінуді әдетке­  айналдыруы  ғажап  емес.

 

БАЛАНЫҢ   ЖАҚСЫ

БОЛМАҒЫ АТА-АНАҒА

БАЙЛАНЫСТЫ

«Әке – балаға сыншы» дейді қазақ. Шыныменде баланың мақсат-мұраттарын айқындап, оған бағыт­ көрсетіп беретін бірден-бір жан – оның әкесі. Сондықтан кейбір маңызды істерде әке баласын өзімен бірге ала жүріп, оған оң мен солын, ақ пен қараны таны­тқаны абзал. Сондай-ақ, ұл баланы­ үй жұмыстарына да аралас­тырған жөн. Қарындастарына көмектесу де артықтық етпейді. Әкімсіз, ақсақалсыз ауыл болмайтыны секілді, ақылшысыз әулет болмайды. Ал ол ақылшы кім? Әрине, отбасында әуелі әкесі. Филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелдің «Бүгінгі балалар ұялмайды, себебі ұялмайтын шешелерден туып жатыр» дегені бар еді. Яғни, баланың жақсы болмағы тікелей ата-анасына байланысты екенін айтады. «Абай «Туғызған ата-ана жоқ, туғызарлық бала жоқ» дейді. Баланың жақсы болмағы ата-анаға байланысты, нақтырақ айтсақ, ата-ананың тікелей байланысты екенін айтып отыр. Байқап отырғанымыздай Абай тек «анаға» байланысты деп отырған жоқ, «атаны» қоса айтып отыр. Сонда, қазақша айтсақ, баланың жақсы болмағы атаның күшіне (шаһуатына), ананың жатырына байланы­сты болмақ. Осыдан келіп, «туу», «туғызу», «туысы» деген баланың сапасын анықтайтын ұғымдар пайда болады. Қазіргі қазақ «туысы» сөзін мүлдем түсінбейтін болды: ол не, «родственник» пе дейді? Осының бәрі қазақтықтан мүлдем алыстап кеткендігіміздің салдары. Әйтпесе, бұрынғы қазақ бір адамға риза бол­ғанда­, «Па, шіркін! Тусаң ту!» деп айғай­лайтынын неге ұмытып қалдық? Немесе қазақта мынадай мақал бар: «Бітісі жаман қамысты су ішінде өрт алады, туысы жаманды түйе үстінде ит қабады». Дана қазақ болуы мүмкін емес нәрсеге тіреп, мәселені ақылға сыйымсыз  (абсурд) жағдайда жет­кізіп отыр. Туысы жаман адамның сүрінбейтін  жерден  сүрінетінін, қателеспейтін жерден қателесетінін айтып­ отыр. Ал біз қит етсе, «нағашы­сына тартқан ғой» дейміз. Өзімізден көрмейміз, кінәні өзімізден іздемей­міз, өзгеге жаба саламыз. «Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көреді» деген мақалды ұқпаймыз, ұққымыз келмейді» дегені бар. Жөн-ақ. Көбін­де екі бала төбелесіп не ұрсысып қалса, ата-аналары өз балаларының сөзін сөйлеп, жақтап шығатыны өтірік емес. «Өзі бастапты ғой» деген сөзді алдыға тартып, ақтап алғысы келеді­. «Қарға баласын «аппағым» дейді» демекші, қанша жерден бұзықтық жасап тұрса да, кінәлілер қата­рына қосқысы жоқ. Ал бұл баланың одан кейін де «менікі дұрыс екен» деген­ ой қалыптастыруына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Салдарынан соңғы кезде әлеуметтік желіге тарап кеткен жасөспірімдер арасындағы кикілжі­ңдердің, жалғызға топтың жабыл­ғаны секілді бейнежазбалардың көбейетіні анық. Естеріңізде болса, әлеуметтік желілердің бірінде дәретханада ұл баланы соққыға жыққаны­ туралы видео тарап кеткен болатын. Кейіннен бұл видеоның Қызылорда қаласы мектептерінің бірінде болғаны анықталды. Бұл Түркістан облысындағы жағдайдан кейін жария болған дүние еді. Бірақ, ІІМ баспасөз хатшысы Алмас Садубаев­тың айтуынша, Қызыл­ордадағы бұл оқиға осыдан бір жыл бұрын  болған  екен.

– Полиция видео бойынша тексеру жүргізіп, соққыға жыққан жас­өспірімдерді және оқиғаны видеоға түсіргендерді анықтаған. Ол оқиға бір жыл бұрын, 2018 жылы 10 қаңтарда Қызылордада болғаны анықталды. Ол кезде жәбірленген оқушының ата-анасы полицияға арызданбаған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекс­тің 293-бабының 2-бөлімі (бұзақылық) бойынша соталды тергеу бас­талды,- деді А. Садубаев.

 

ТОПТАСЫП   ҚЫЛМЫС

ЖАСАҒАНДАРДЫҢ   ӨЗІНЕ

ДЕГЕН   СЕНІМДІЛІГІ   ТӨМЕН

Осылайша Қазақстан мектеп­теріндегі әлімжеттік туралы бір аптада­ екі видео таралып кетті. Қаламызға қатыс­ты әлгі бұзықтық жасаған бозбаланың қай мектептің оқушысы екенін білу үшін қалалық білім бөлі­міне хабарласқанымызда, жауап беруде­н түрлі себептер айтып жалтарды. Әуелі бөлім басшысы, одан кейін сондағы жауапты маман бастарын ала қашқаны өтірік емес. Тіпті, ресми түрде жалғыз ғана «Қай мектептің оқушысы болғандығын» сұрап хат та жаздық. Өкініштісі, бір ғана сол сұраққа  жауап  келе қоймады. Ал білім бөлімінің баспасөз хатшысы Бақыт Бектібайқызы ол баланың бүгінгі таңда колледж студенті екенін, бұзақылық жасаған уақытта мектеп оқушысы болғанын айтып қалды. Қызылорда облысы Полиция департаментіне де ресми хат жолдадық. Онда да қай мектептің оқушысы екенін, ол кездегі мектеп инспекторының кім болғанын білгіміз келді. Бірақ, бәріңіз білетіндей, сол баяғы тергеу ісінің құпиялылығына байланысты артық ақпарат берілмеді. Тек ІІМ  баспасөз  қызметі таратқан ақпаратты  ғана  мәлімдеді.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотын­ың төрағасы Қ.Абдуллаев өзінің бір мақаласында «Қылмысқа барған жасөспірімдерге топ құру, топ болып әрекет ету тән. Осындай жасөспірімдер ересек кісілермен салысты­рғанда жалғыз өзі қылмыс жасауға өте сирек баратындығы практикалық тұрғыдан дәлелденген. Бұдан олардың өз-өзіне сенбеуі ғана емес, сонымен қатар олардың достық жөніндегі түсініктері теріс бағытқа ие болғанын және осындай достыққа ұмтылатындығын да бай­қауға болады» деген еді. Рас, әйтпесе бірі екіншісін ұрып тұрғанда, ажыратудың орнына видеоға түсіріп жатқанның түсінігі «досыма көмектесіп жатырмынмен» шектеліп тұрғаны ғой. Сондықтан олардың да жазасы жеңіл болмауы керек деп ойлаймыз.­

 

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ   ЖАСАЛЫНҒАН

ҚЫЛМЫС  АЗАЙМАЙ  ТҰР

ҚР Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет (Qamqor.kz) сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы еліміз бойынша барлығы 292 286 құқықбұзушылық (қылмыс) жасалыныпты (оның 823-і – адам өлімі). Оның ішінде 2125-і кәмелет жасқа толмаған бала­ларға қатысты жасалынған. Айта кетей­ік, сол 2125-інің 32-сі адам өлімімен аяқталған екен. Ал жалпы құқықбұзушылықтың (292286-сы­ның) 7655-і (27-сі адам өлімімен аяқталған) біздің облысымызға тиесі­лі. Ал соның 61-і – кәмелетке толмағандарға қарсы жасалынған қылмыс. Екеуі қайтыс болған. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалынған қылмыстың соңғы 3 жылдағы статистикасы көңіл көншітпей тұр. Мысалы­, 2016 жылы бұл көрсеткіш облысымыз бойынша 51 (тек кәмелетке толмағандарға қатыстысын айтып отырмыз) және ешқандай адам өлімі болмаған болса, 2017 жылы 60 және 1 адам өлімімен аяқталған. Көбеймесе, азаймапты. 2018 жылдағыны жоғарыда айтып кеттік. Әрине, бәрін тіреп әкеп құқық қорғау  органдарының  маманда­рына  жүктеп қоюға болмайды. Бұған жоғар­ыда айтып өткендей ата-ана, жора-жолдастары, арала­сатын  ортасы  да жауапты.

ТҮЙІН. «Жапырақ тамырдан нәр алады» дейді қазақ. Бүгінгі өсіріп отырған ұрпағың – ертеңгі ел болашағы. Ал ол ұлағатты болсын десең, дұрыс бағытта тәлім алуына әке де, ана да бірдей жауапты екенін ұмытпау керек. Бірақ еңбек етуге ебі жоқ, сылбыр жүріске салынған, қолынан ұялы телефон түспейтін кей әкелердің балаларына қандай тәрбие беретіні ойлантады. Сондай-ақ, кез келген құнды нәрсе, ең алдымен, адам баласының арманынан идея ретінде, сонан соң зат ретінде түсетіні секілді, жақсы бала да алдымен ата-ананың арманынан идея ретінде дүниеге келіп, содан кейін ғана жарық өмірге тіршілік иесі ретінде келеді екен. Ал қазіргі қазақ жасы иманды ұрпақты армандай ма? Армандаумен туған балалар бар ма өзі? Қайдам. Біз байлық пен дәулетті, атақ пен мансапты алғашқы орындарға қойып кеткен секілдіміз. Соларға жетіп, мақсатымыздың орындалғанына ғана қуанып жүргендейміз. Омар Жәлелұлы «Жақсы» атты кітабында «Қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіп «Біздің ата-бабаларымыздың бәрі Жақсы, бәрі Әулие өткен. Себебі – олардың жүрегінде ғаллат (дүниеге деген махаббат) болмаған» дейді. Ал шын Жақсы «малым – Жанымның садағасы, жаным – Арымның садағасы» деп өмір сүреді. Ал Жақсы болудың бірінші шарты – Жақсылармен бірге жүру: «Жақсымен бірге жүрсең – Жақсы боласың, Жаманмен бірге жүрсең – жын ұрып бақсы боларсың» деген екен.

Жансая  ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТА МИЛЛИОНДАҒАН НҰСҚА БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
31.01.2019 11:46

Бексұлтан  БОСТАНДЫҚОВ,

тоғызқұмалақтан  жастар  арасындағы

Азия  чемпионы:


Бүгінде Бексұлтанның шыққан өз биігі, өз белесі бар. Тақта үстіндегі тартыстан тайсалмайтын тоғызқұмалақшының талабы таудай.

Ақтөбедегі аламанға аттанарда ақжол тілеп, «асығың алшысынан түссін» деп айтқанбыз. Сірә, Сыр намысы жолында сыр бермейтінін білсек керек, сенімге селкеу түспеді. Біз де жолымыздан жаңылмай, жеңімпазбен жолығып, жап-жақсы сұхбат жүргізейік деп шештік.

- Бексұлтан, жеңіс құтты болсын! Алды­мен­  жарыс  туралы  айта  кетсең...

- Көп-көп рақмет! Біз барған ерлер арасын­дағы ҚР чемпионаты Ақтөбе қаласында өтті. 13 команда қатысқан ел бірін­шілігінде Қызылорда облысы жалпыкомандалық есепте 1-орыннан көрінді. Шымкент қаласы – екінші, Павлодар облысы үшінші орынды иеленді. Негізі басты қарсылас­тарымыз Ақтөбе мен Түркістан құрамалары­ болатын. Олармен орта жолда шеберлік байқасып, айқын басымдықпен жеңдік.

Жалпы, Ақтөбеге бапкерлік құрам жастард­ы алып барды деуге әбден болады. Сенім ақталды. Соның арқасында 4 спортшымыз: Ермұхамед Әләйдар, Рауан Ыбрай­, Асылбек Қаржаубаев, Дамир Ахметовт­ер ҚР спорт шебері нормативін орындады.

- Алдағы жарыстарға дайындық қалай? Қандай турнирлер күтіп тұр?

- 14-20 ақпан аралығында Көкшетауда әйелдер арасындағы ҚР командалық чемпионаты өтеді. Оған да облыс құрамасы барады. Одан өзге мемлекет және қоғам қайраткері Н.Ергешбаевты еске алуға арналғ­ан халықаралық турнир ұйымдас­тырылады. Сосын Түркістан облысында тоғызқұмалақтан ҚР кубогы өтпек. Ең басты­сы, сәуір-мамыр айларында 5-ші әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Барлық жарыстардан жүлделі қайтуды мақсат тұтамыз. Осы жолда еңбек етіп жатырмы­з. Әлем чемпионатында өзім халықаралы­қ  дәрежедегі спорт шебері нормативін  орындауым  керек.

- Тоғызқұмалақ спортына қалай келдің?

- Тоғызқұмалақты ең алғаш мектеп қабырғасында үйрендім. Тұрғанбай Бол­ғанбайұлы  деген  ағайымның  септігі бол­ды­. Алғашында мектепішілік турнирлерге қатыссақ, араға ай салмастан аудандық жарыстарға да жарап қалыппыз. Мен барған алғашқы үлкен жарыс Шиелі ауданында өтті. Бір ғана ұпай еншілеп қайтқаным есімде (күліп). Десе де, бұл мені қайрады, шыңдады. Кейін аудандық, облыстық жарыст­арда  үздік саналып, республикалық­ додаларда бақ  сынап жүрдім.

Жаңа айтып өткенімдей, алғашқы ұстазым­ Тұрғанбай Болғанбайұлының тоғызқұм­алақ спортына келуіме ықпалы болды. Қазір ол кісі өмірден өтіп кетті (күрсініп). Одан кейін Хәкімжан Елеусінов ағайымның еңбегі зор. Әрдайым білгенімен бөлісіп, ақыл-кеңесін аямай отырады.

- Жалпы, облыстағы тоғызқұмалақ спор­тына деген қолдау қаншалықты деңгейде?

- Қолдау жаман емес. Мысалы, былтыр­ біз  Ақтөбе қаласындағы спартакиададан 1-орын алғанда Түркия еліне баруға мүм­кіндік жасалды. Шетелдегі жарыстарға баруға­ мүмкіндік бар. Жақсы нәтиже көр­сеткен спортшыларға арнайы стипен­диялар тағайындалады. Мысалы, мен Азия чем­пионатынан 1-орын алған кезімде облыс­ әкімінің бір реттік стипендиясы бұйырды. Қолдаудың қай түрі болмасын, адамды жігерлендіреді, құлшынысын арттырад­ы.

- Меніңше,  тоғызқұмалаққа  ұлттық спорт деп ғана қарау оның аясын тарылтатын  сияқты. Қалай  ойлайсың?

- Иә, мұнымен келісуге болады. Өз басым­ тоғызқұмалақты шахматтан артық көрмесем, кем санамаймын. Өйткені, тоғызқұм­алақтағы бір ойында миллиондаған нұсқа бар. Өте күрделі. Шахматтағы фигуралар ойыннан шығып қалғанда, тақта­ үстіндегі тартысын жалғастыра алмайды­. Мұнда бүкіл тастар соңына дейін ойында қалады. Тоғызқұмалақты тек ұлттық ойын ғана емес, шахмат секілді әлемдік ойын деп қараған жөн. Сол деңгейге көтерілсе деймін. Бірақ, бұл қазіргі тоғызқұмалақ шарасыз күйде деген сөз емес. Осы күні Чехияда жылына екі рет тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылады. Швейцария, Түркия, Венгрия секілді елдерд­е халықаралық турнирлер өтіп жүр. Жыл өткен сайын олардың қатары да, деңгейі де өскені байқалады. Енді ол жақтарда арнайы мектептер ашылып, жастарды бау­лыса деген ойым бар. Себебі, ойыншылардың көбісі үлкендер болып отыр. Қазіргі күні әлемдік жарыстарда қырғыздар, моңғолдар бізге жап-жақсы қарсылас. Бұл сол жерлердегі мектептердің әсері болса керек.

- Облыстағы жас тоғызқұмалақшылар туралы не айтасың? Жастардың қарқыны­ қалай?

- Негізі  тоғызқұмалақта жас ешқандай рөл атқармайды. Барлығы адамның ойлау жүйесіне, қабілетіне байланысты. Біздің жастардың қарқыны өте жоғары. Мысалы, біз Азия чемпионатында 10 медаль алдық. Жастар деген өте көп. Оның үстіне жыл сайын­ жаңа есімдермен толығып жатыр.­

- Биыл  қателеспесем, тоғызқұмалақтан 5-ші рет әлем чемпионаты өтеді. Ел құра­масының, облыс  спортшыларының  әлеуеті қалай?

- Әлем чемпионатына қыздардан Ақерке Кенжебекова, Ұлдана Махамбетамин секілді тоғызқұмалақшылар қатысса, ұлдардан мен барамын. Біздер тоғызқұмалақтың рапид түрінен бақ сынаймыз. Және өзіміздің жаттықтырушымыз Хәкімжан Елеусінов блиц (шапшаң ойналатын түрі) түрінен қатысады. Қазір дайындығымыз жақсы. Қазақстан құрамасының да дайын­дығы өте жоғары. Өз ісінің мамандары, кәсіпқой ойыншылар тұрғанда қорқатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.

- Дайындық жұмыстарын қалай жүргі­зесің? Ішкі  дайындық  дегендей...

- Жыл соңында өз-өзіме есеп беремін. Ойындарыма сараптама жасаймын. «Кімнен ұтылдым», «қалай және ойынның қай уақытында?» деген секілді сауалдардың жауабын шешімімен қоса табуға тырыса­мын. Сосын әр ойынды жазбаша жүргіземін. Өзім физикалық дайындықты қатты қолдаймын. Ойында 3-4 сағаттап отыратын кездер болады. Адамның миы тез шаршайды ғой, энергия жоғалтады. Бас шаршаған соң, басқа дене мүшенің қа­лыпты жұмыс істемейтіні анық. Сондықтан, жан-жақты жұмыс жүргіземін. Жүзу, жүгіру секілді шыдамдылыққа баулитын спорт  түрлеріне  назар  аударамын.

- Тоғызқұмалақты интернеттен жүктеп алуға болады. Бұл өз кезегінде оның тара­луын арттыратыны  сөзсіз  ғой.

- Иә, бұл бағдарламалармен де жұмыс жүргіземіз. Олардың жүктелуі де артып келе­ді. Ойыншы ретінде мені қуантады. Онымен қоса, ол үйренемін деген адамға таптырмас мүмкіндік. Деңгейі де төмен емес. Қазір тоғызқұмалақты онлайн ойнау­ға да болады. Сайттар арқылы да ойнауға мүмкіндік бар. Байқағаным, онда шетел­діктер көп отырады. Қорыта айтқанда, мұндай бағдарламалардың шығып жат­қаны тоғызқұмалақтың дамуына айтарлықтай өз үлесін тигізеді.

- Рақмет, Бексұлтан! Жеңісті күндер көп болсын!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

 


АТҚА МІНУ – ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ ТАНУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:41

«Атқа мінген кезімде мен өз басым, Тақта отырған адамды менсінбеймін» деп келетін өлең жолдары бар еді. Иә, бір оқығанда менменсіну, өркөкіректік байқалатындай. Мен бірақ мұны басқаша­ түсіндім. Жердің кеңдігі, жылқы­ның ерлігі деп те айтуға болады. Қазақтың қанында жылқыға деген жылылы­қ бар. Бір-біріне «Ат жалын тартып мінерің аман болсын» дейтін қазақ, бір-бірінен ат құйрығын оңай кесісе салар ма? Ат шаптырым жердегі ағайынымен байланысты ат басындай алтынмен айырбастамағаны тағы бар.

Қамбар батырды Қарақасқасыз, Алпамыс­ты Байшұбарсыз, Қобыландыны Тайбурылсыз, Ақан серіні Құлагерсіз елестету мүмкін бе? Иә деп иек қаққаннан, жоқ деп басты шайқау көп болар. Ендеше, қазақты да жылқысыз елестету мүмкін емес. Жалпы алғанда жылқы жайлы теңеу де, тіркес те, мақал да, барлығы-барлығы  көп.

Ертеде бip аттың тұсауын ұрлаған адамға Төле  би ер тармағы үшін  бір бесті айып төлеуді бұйырады. Төле бидің үлкен айып кесуі ел ішінде мынандай істің болашақта жайылмауын көздеген болатын. Тіпті, одан да ауыр жаза қолданған деген де мәліметтер кездесе­ді. Халық есінде бұл билік: «Тұсау ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел  сақтайды»  деген сөзі арқылы атадан балаға мұра болып келеді. Түсінгенге бұл  да  өнеге.

Өткен аптада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасы Н.Назарба­евтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық бағдарламасы аясында С.Айтбаев атындағы Көр­кемсурет галереясында «Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы» атты көрме ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – атқа міну мәдениеті кешегі бабаларымыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалардың ұрпағы аттың оң-терісін ажырата білгенін түсіндіру, көрме арқылы жастардың жылқыға деген құрметін арттыра білу, атқа міну мәдениетін санаға сіңіру. Қазақ қоғамындағы жылқының қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындыруды көздеген шараға зиялы қауым өкілдері, жергілікті қылқалам және қолөнер шеберл­ері  қатысты.

Көрмені облыс әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов ашып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық бағдарла­масы, оның  жүзеге  асырылуы жайлы ой  бөлісті.

- Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениеті туралы айтылды. Жалпы, біздің  халықтың  өмірінде  жылқының орны  ерекше. Ата-бабаларымыз  ең  алғаш­ рет атты қолға үйретті. Бізде жылқымен бітеқайнасқан қадір-қасиет бар. Б.Момыш­ұлы «Ұшқан ұя» деген кітабында қазақтың атқа мінуден айырылып бара жатқанын кейіпкер арқылы еске салад­ы. Одан бері қаншама уақыт өтті. Расында біз алыстап қалдық. Бүгінгі шара жас буын үшін өте қажетті. Ұйымдас­тырған музей ұжымына алғы­сымызды  білдіреміз! - деді ол.

Батыр Баукеңнен алыстамай тұр­ғанда тағы да айталық. Жазушы Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» атты кітабында Бауыржанның жылқыға деген­ жанашырлығын жазады. Өзі мінетін ақбоз аттың үстіне, жабудың астына күлеңкіні қаптайды. Суық жел мен сықырлаған аязда қара басының ғана емес, жылқының да жанын ойла­ғаны  өзгелерге  сабақ  болыпты.

Көрмеге Қызылорда қаласының тұр­ғыны, жеке коллекционер, ХVIII ғасырдан сақталып келе жатқан күміс ер-тұр­ман әбзелдерін жинаушы, бәйге атын ұстап-баптаушы Қожабек Бөлебайұлы да қатысып, заттарын қойды.

- Ел Президентінің мақаласы осы күні қоғамда жақсы талқыланып жатыр. Соның бір тарауында ат ұстау, міну, ертте­у деген тақырыптар айтылған. «Ат – ердің қанаты» демекші, қазақ халқы­  жылқысыз өз өмірін елестете алмай­ды, кез келген тұрмыс-тіршілігін осымен байланыстырады. Сусыны да, еті де пайдалы. Мінсең спорт, ауру-сырқаудан да ада боласың. Айта берсек,  өте  көп, - деді  ақсақал.

Көрме екі топтамадан тұрды: біріншісі – ежелден ат баптаған қазақтар жаһандық мәдениетті дамытуға үлес қосқаны жайлы баяндалатын фото­суреттер және екіншісі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған ат әбзелдері, киім үлгілері, этнографиялық бұйымдар, тұрмыстық заттар және ер қаруы бес қару, атқа міну мәдениетінің тарихына қатысты  суреттер.

- Жылқы қазақтың ажырамас бір бөлігі  деп  білемін. Ертеде жігітті атына­  қарап  танитын  болған. Жылқы сол уақыттағы мінсе көлігі, жесе тағамы, ішсе сусыны еді ғой. Шыны керек, біздің буын жылқыдан мүлдем алыстап барады. Мұндай шаралардың ықпалы арқыл­ы ата-бабамыздың тұрмыс-тір­шілігімен жете танысып, атқа міну мәдениетіне қайта оралуымыз керек. Қазір  атқа  мінудің  денсаулыққа пай­дасы­ дәлелденіп болды емес пе? - дейді Қорқы­т ата атындағы ҚМУ-дың 2-курс студент­і, көрмені тамашалаушы Жаһанге­р  Жақыпбек.

Көрмеге Сыр бойы суретшілерінің жылқы тақырыбына арнаған туын­дылары да қойылды. Сондай-ақ, атақты­ суретші Әбілхан Қастеевтің қолымен салынған «Бүркітші» картинасы да көрменің төрінен көрініс тапты. Жалпы­ алғанда көрмеде жылқыға қатысты барлық­ деректер қамтылып, көптеген заттар қойылған. Көрме жұмысы 15 ақ­панға  дейін сағат 9:00-19:00 аралы­ғын­да жұмыс  істейді.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


БІЗГЕ СӨЗ ЕМЕС, НӘТИЖЕ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:32

Әдеттегідей облыстық басқарма басшылары жапа-тармағай жылды қорытындылап жатыр. Есепті жиында атқарған жұмысыңды көрсетіп, алдағы жоспарлар жөнінде айтылады ғой. Бұған басқарма басшылары басымен жауапты. Десе де, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бұл жолғы брифингке облыстық ауыл шаруашылығы, облыстық табиғи ресурстар  және  табиғат пайдалануды реттеу, облыстық ветеринария басқармалары басшыларының орынбасарлары келіпті. «Орынбасары басшының орнын қаншалықты баса алады екен?» деп біз отырмыз. Ашығын айтайық, барлығы да ісіне жауапты шығар, дей тұрғанмен, олардың сөзге шорқақ екендігін анық байқадық. Баяндамадан бас көтеріп, көсіле сөйлегендері шамалы. Асылында, мұның бәрі де тәжірибемен келетін дүние ғой деп өзімізді жұбаттық. Дегенмен, бізге сөз емес, жыл ішінде нендей жұмыстардың тамамдалғаны маңызды.

Әңгіменің әлқиссасын ауыл шаруашылығы бас­қар­масы басшысының орын­басары Сейілбек Нұ­рым­бетов бастады. Асыраушы сала­да толайым табыстардың барын айтып, біраз шаруаның беті қайтқанын жеткізді. Негізгі қорға тар­тылған ин­вестиция 5745,0 млн теңгені құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өсім алған. Ал, былтыр облыста 96,6 млрд теңгенің  өнімі  өндіріліпті.

– Тамақ өнімдерін өндіруге негізгі капиталға 883,2 млн теңге инвестиция салынды. 2018 жылы аймақта 184 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тарылды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 95,3 мың га, майлы­ дақылдар – 10,3 мың га, малазықтық дақылдар – 61,5 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 17,4 мың га, күріш 87,3 мың гектар жерге егілді,- деді Сейілбек Серғазыұлы.

Былтыр облыста су тапшылығы  болғаны  белгілі. Бұған  қарамастан,  күріш­тен – 473422 тонна, күздік бидайдан – 7483 тонна, арпада­н – 368 тонна, тарыдан 1766 тонна өнім алын­ған. Ел үкіметі үнемі экспорттық әлеуетті арттыруға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта атқар­ылған жұмыстар да аз емес. Айталық, 2013 жылы Қызылорда облысы сыртқы нарыққа 3 өнім шығарса, қазір 15 түрлі тауарды шетел асыруда.

Сейілбек Серғазыұлы биыл облыста асыраушы салағ­а серпін беретін 9 жобаны іске қосу жоспарланғанын жеткізіп, алда атқарылар шаруа­лардың шаш етектен екендігін айтты. Дегенмен, неге екенін қайдам, ол баяндамасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқан­дығына тоқталмады. «Бұл бағдарламаның орындалу барысы­  қай  ауданда  төмен?» деп сауал қойдық. Аз-кем күмілжіп қалғанын да көрдік. Шамасы, бұл сауалға дайындықсыз келген-ау деп топшыладық. Яғни, алдындағы ақ параққа жазылған сан­дарды оқып беріп, құтыл­ған­ды  жөн  көрді.

– 2018 жылы ауылдық елді мекендерге барып жұмысқа орналасқан білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуме­ттік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен салаcы бойынша 279 маманға бір жолғы көтерме жәрдем­ақы төлеуге 265,7 млн теңге, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға 386 маманға 1 405,8 млн теңге бөлінді. Бұл ба­ғыттағы жұмыстарға респуб­ликалық бюджеттен 1 млрд 905 млн теңге қаржы қарал­ған,- деді Сейілбек Нұрым­бетов. Ал біздің әлгі сауалымызға бар болғаны:

– Өңірдегі барлық аудандар тиісті жұмыстарды ат­қаруда. Аудандар бойынша қосымша ақпаратты жол­даймыз,- деп қысқа қайырды.

Брифингте облыстық ветер­инария басқармасы басшысының орынбасары Бер­лі­бек Ахмет өз саласында қандай шаруалардың шешіл­ге­нін айтты. Былтыр аймақта эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында республикалық қазынадан 5190,4 мың доза және энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджеттен 641 мың доза ветеринариялық препараттар сатып алынған. Олар аймаққа белгіле­нген мерзім ішінде жеткізілген.

– Биыл берілген тап­сырмаға  сәйкес  аса  қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы 5031,8 мың доза ветеринариялық препараттар бөлінбек. Бүгінгі таңда оларды тасымалдау қызметі бо­йынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, жеңімпаз анықталды. Сарып (бруцеллез) ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтиже­сінде 57 бас мүйізді ірі қара, 190 бас уақ мал анықталып, тиісті талап­тарға сәйкес сойылды,- деді Берлібек Ахмет.

Айта кетейік, сарып ауруы аймақ бойынша 39 пайызға төмендеген. Былтыр қаңғы­бас иттер мен мысықтарды жоюға бюджеттен 43,3 млн теңге бөлінген. Бұған 26561 ит пен мысық ауланып, инсинератор пештерінде өрте­ліп, типтік жобадағы мал қорымдарына тасталған. Сондай-ақ, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына­ қарсы өткен жылы 127 елді мекен қолайсыз деп танылған. Оларға тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде 22 типтік жобадағы мал қорымдарының жоба-сметалық құжаттары әзір­леніп, облыс тайқазанынан 6 мал қорымына 86,5 млн теңге және Қазалы ауданының бюджетінен 2 мал қо­рымына  41,1 млн теңге қар­жы бөлінгенін  жеткізді.

Ал табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов жыл ішінде жасаған жұмыстарын жіпке тізді. Ең ауқымдысы, агроөнер­кәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жос­парланған. Атап айтқанда, 1,5 млрд текше метр су жинай­тын Қараөзек және  600 млн текше метр су жинайтын Күміскеткен су қоймалары.

– Өздеріңізге белгілі, Кіші Арал теңізінің қалпына келуі облыста балық шаруашылығы саласын дамытуға зор мүмкіндіктер жасады. Облыс бойынша балық шаруашы­лығына маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі мен 203 көл тізімге алынды. 2018 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізінің учас­ке­лері толықтай және 203 көл­дің 142-сі (немесе 70%) бекі­тіліп беріліп, 61-і резервте болатын. 2018 жылы 46 көл табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітіліп беріліп, жаңадан 100-ге жуық жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі күні балық шаруашылығына маңызы бар 188 көл (немесе 93%) табиғат пайдаланушыларға бекітіліп, көл­дердің саны 61-ден 15-ке азайды. Балық аулау көлемі соңғы 5 жылда 36 пайызға өсіп, 2018 жылы облыста 8 477 тонна балық ауланды,- деді Бауыржан Серікұлы.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Арал теңізінің  құрғаған  ұлтанына Қазақстан тарапы соңғы 25 жылда 173 мың гектар алқап­қа сексеуіл екпелерін ексе, жыл сайын облыс бюджеті есебінен онда 5 мың гектар жерге орман отырғызу жұ­мыста­ры жүруде. Бірақ, бұл шаралар нәтиже бере ме, бермей­  ме, белгісіз.

Қалдықтарды басқару мәселесі де күн өткен сайын күрделеніп барады. Бұл шаруа тез арада шешілуі қажет.

– Полигондарды экологиялық және санитарлық талап­тарға сәйкестендіру мақсатында соңғы 3 жылда об­лыстық бюджеттен полигон құрылысына 246 млн теңге бөлінді. Энергетика министрлігінің қолдауымен құрамында сынап бар жарамсыз электр шамдарын бөліп жинауға арналған 850 арнайы контейнерлер орнатылды. 2018 жылы 147 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық­тардың 4,7 мың тоннасы өңделген. Қайта өңдеу үлесі 3,19%-ды құрады,- дейді Бауыр­жан  Шәменов.

Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік ая­сында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені және полигон құрылысын салу  жоспарланып  жатқанын жеткізді.

Орынбасарлар  осылайша басшысының орнын жоқ­татпай жыл ішінде атқарған жұмысын баяндап берді. Десе де, оларға ораторлық  қасиет­ті  терең меңгерсе  екен дей­міз.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


БІЗГЕ СӨЗ ЕМЕС, НӘТИЖЕ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 11:32

Әдеттегідей облыстық басқарма басшылары жапа-тармағай жылды қорытындылап жатыр. Есепті жиында атқарған жұмысыңды көрсетіп, алдағы жоспарлар жөнінде айтылады ғой. Бұған басқарма басшылары басымен жауапты. Десе де, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бұл жолғы брифингке облыстық ауыл шаруашылығы, облыстық табиғи ресурстар  және  табиғат пайдалануды реттеу, облыстық ветеринария басқармалары басшыларының орынбасарлары келіпті.

«Орынбасары басшының орнын қаншалықты баса алады екен?» деп біз отырмыз. Ашығын айтайық, барлығы да ісіне жауапты шығар, дей тұрғанмен, олардың сөзге шорқақ екендігін анық байқадық. Баяндамадан бас көтеріп, көсіле сөйлегендері шамалы. Асылында, мұның бәрі де тәжірибемен келетін дүние ғой деп өзімізді жұбаттық. Дегенмен, бізге сөз емес, жыл ішінде нендей жұмыстардың тамамдалғаны маңызды.

Әңгіменің әлқиссасын ауыл шаруашылығы бас­қар­масы басшысының орын­басары Сейілбек Нұ­рым­бетов бастады. Асыраушы сала­да толайым табыстардың барын айтып, біраз шаруаның беті қайтқанын жеткізді. Негізгі қорға тар­тылған ин­вестиция 5745,0 млн теңгені құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өсім алған. Ал, былтыр облыста 96,6 млрд теңгенің  өнімі  өндіріліпті.

– Тамақ өнімдерін өндіруге негізгі капиталға 883,2 млн теңге инвестиция салынды. 2018 жылы аймақта 184 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тарылды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 95,3 мың га, майлы­ дақылдар – 10,3 мың га, малазықтық дақылдар – 61,5 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 17,4 мың га, күріш 87,3 мың гектар жерге егілді,- деді Сейілбек Серғазыұлы.

Былтыр облыста су тапшылығы  болғаны  белгілі. Бұған  қарамастан,  күріш­тен – 473422 тонна, күздік бидайдан – 7483 тонна, арпада­н – 368 тонна, тарыдан 1766 тонна өнім алын­ған. Ел үкіметі үнемі экспорттық әлеуетті арттыруға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта атқар­ылған жұмыстар да аз емес. Айталық, 2013 жылы Қызылорда облысы сыртқы нарыққа 3 өнім шығарса, қазір 15 түрлі тауарды шетел асыруда.

Сейілбек Серғазыұлы биыл облыста асыраушы салағ­а серпін беретін 9 жобаны іске қосу жоспарланғанын жеткізіп, алда атқарылар шаруа­лардың шаш етектен екендігін айтты. Дегенмен, неге екенін қайдам, ол баяндамасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқан­дығына тоқталмады. «Бұл бағдарламаның орындалу барысы­  қай  ауданда  төмен?» деп сауал қойдық. Аз-кем күмілжіп қалғанын да көрдік. Шамасы, бұл сауалға дайындықсыз келген-ау деп топшыладық. Яғни, алдындағы ақ параққа жазылған сан­дарды оқып беріп, құтыл­ған­ды  жөн  көрді.

– 2018 жылы ауылдық елді мекендерге барып жұмысқа орналасқан білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуме­ттік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен салаcы бойынша 279 маманға бір жолғы көтерме жәрдем­ақы төлеуге 265,7 млн теңге, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға 386 маманға 1 405,8 млн теңге бөлінді. Бұл ба­ғыттағы жұмыстарға респуб­ликалық бюджеттен 1 млрд 905 млн теңге қаржы қарал­ған,- деді Сейілбек Нұрым­бетов. Ал біздің әлгі сауалымызға бар болғаны:

– Өңірдегі барлық аудандар тиісті жұмыстарды ат­қаруда. Аудандар бойынша қосымша ақпаратты жол­даймыз,- деп қысқа қайырды.

Брифингте облыстық ветер­инария басқармасы басшысының орынбасары Бер­лі­бек Ахмет өз саласында қандай шаруалардың шешіл­ге­нін айтты. Былтыр аймақта эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында республикалық қазынадан 5190,4 мың доза және энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджеттен 641 мың доза ветеринариялық препараттар сатып алынған. Олар аймаққа белгіле­нген мерзім ішінде жеткізілген.

– Биыл берілген тап­сырмаға  сәйкес  аса  қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы 5031,8 мың доза ветеринариялық препараттар бөлінбек. Бүгінгі таңда оларды тасымалдау қызметі бо­йынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, жеңімпаз анықталды. Сарып (бруцеллез) ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтиже­сінде 57 бас мүйізді ірі қара, 190 бас уақ мал анықталып, тиісті талап­тарға сәйкес сойылды,- деді Берлібек Ахмет.

Айта кетейік, сарып ауруы аймақ бойынша 39 пайызға төмендеген. Былтыр қаңғы­бас иттер мен мысықтарды жоюға бюджеттен 43,3 млн теңге бөлінген. Бұған 26561 ит пен мысық ауланып, инсинератор пештерінде өрте­ліп, типтік жобадағы мал қорымдарына тасталған. Сондай-ақ, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына­ қарсы өткен жылы 127 елді мекен қолайсыз деп танылған. Оларға тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде 22 типтік жобадағы мал қорымдарының жоба-сметалық құжаттары әзір­леніп, облыс тайқазанынан 6 мал қорымына 86,5 млн теңге және Қазалы ауданының бюджетінен 2 мал қо­рымына  41,1 млн теңге қар­жы бөлінгенін  жеткізді.

Ал табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов жыл ішінде жасаған жұмыстарын жіпке тізді. Ең ауқымдысы, агроөнер­кәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жос­парланған. Атап айтқанда, 1,5 млрд текше метр су жинай­тын Қараөзек және  600 млн текше метр су жинайтын Күміскеткен су қоймалары.

– Өздеріңізге белгілі, Кіші Арал теңізінің қалпына келуі облыста балық шаруашылығы саласын дамытуға зор мүмкіндіктер жасады. Облыс бойынша балық шаруашы­лығына маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі мен 203 көл тізімге алынды. 2018 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізінің учас­ке­лері толықтай және 203 көл­дің 142-сі (немесе 70%) бекі­тіліп беріліп, 61-і резервте болатын. 2018 жылы 46 көл табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітіліп беріліп, жаңадан 100-ге жуық жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі күні балық шаруашылығына маңызы бар 188 көл (немесе 93%) табиғат пайдаланушыларға бекітіліп, көл­дердің саны 61-ден 15-ке азайды. Балық аулау көлемі соңғы 5 жылда 36 пайызға өсіп, 2018 жылы облыста 8 477 тонна балық ауланды,- деді Бауыржан Серікұлы.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Арал теңізінің  құрғаған  ұлтанына Қазақстан тарапы соңғы 25 жылда 173 мың гектар алқап­қа сексеуіл екпелерін ексе, жыл сайын облыс бюджеті есебінен онда 5 мың гектар жерге орман отырғызу жұ­мыста­ры жүруде. Бірақ, бұл шаралар нәтиже бере ме, бермей­  ме, белгісіз.

Қалдықтарды басқару мәселесі де күн өткен сайын күрделеніп барады. Бұл шаруа тез арада шешілуі қажет.

– Полигондарды экологиялық және санитарлық талап­тарға сәйкестендіру мақсатында соңғы 3 жылда об­лыстық бюджеттен полигон құрылысына 246 млн теңге бөлінді. Энергетика министрлігінің қолдауымен құрамында сынап бар жарамсыз электр шамдарын бөліп жинауға арналған 850 арнайы контейнерлер орнатылды. 2018 жылы 147 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық­тардың 4,7 мың тоннасы өңделген. Қайта өңдеу үлесі 3,19%-ды құрады,- дейді Бауыр­жан  Шәменов.

Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік ая­сында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені және полигон құрылысын салу  жоспарланып  жатқанын жеткізді.

Орынбасарлар  осылайша басшысының орнын жоқ­татпай жыл ішінде атқарған жұмысын баяндап берді. Десе де, оларға ораторлық  қасиет­ті  терең меңгерсе  екен дей­міз.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АҚЫН ЖЫРЫМЕН АЯҚТАЛҒАН ЖИЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 11:23

Әне-міне дегенше, доңыз жылының алғашқы айын артқа­ тастадық. Әдеттегідей барлық деңгейдегі әкімқаралар былтыр атқарған жұмысын жіпке тізіп, салмақтап, саралайтын сәт те жетті. Бұ жолы Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев ел алдында есеп берді. Бұған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы арнай­ы қатысты. Ел алдында дейміз-ау, аудандық мәде­ниет үйіне жиналған көпшіліктің арасында ақ жағалылар көп болды. Облыстық басқарма мен аудандық бөлім басшы­лары тайлы-таяғымен осында жүр.

Сондай-ақ, залдың ал­дың­ғы қатарында уағында жауап­ты қызметтерді атқарып, зейнетке шыққан қария­лар жайғасқан. Не болса, о болсын, зал лық толды. Қысқасы, есепті жиын жылдағы сценарий бойынша өрбіді.

Ғанибек Қазантаев ә дегеннен аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвес­тиция кемігенін айтты. Оған себеп­: екі жыл бұрын аудан аумағындағы «Қараөзек» газ компрессорлық станциясының  іске қосылуы екен. «2017 жылы негізгі капиталға са­лынғ­ан инвестиция 52 млрд 581 млн теңгеге жетті. Ал 2018 жылы ол 39 млрд 324 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 31,4 пайызға кеміген» деп атап өтті. Есесіне, 2018-2019 жылдары жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын Тереңөзек кентіне автоматты газ тарту станциясын орнату және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысының жобасы іске асырылуда. Бұған былтыр республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге және облыс қазынасынан 120 млн теңге қаржы бөлінген. Ал әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қазынадан қаржыландыру үшін 25 жоба ұсынылған. Атап айтқанда, Айдарлы ауылындағы ескі емхана ғимаратын балаба­қша ашу мақсатында қайта жаңғы­рту,  Аманкелді  ауылындағы №8 «Айгүл» балабақшасы ғимаратына күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізіл­мек. Сонымен қатар кент орталығы мен ауылдардағы көшелер, Тереңөзек кен­тінд­егі орталық алаң, тұрғын үйлерді абаттандыру сынды 25 жоба қаржы­ландырылмақ.

– Аудандық қазынадан Бесарық және Жетікөл ауылдық округінің тұрғын үйлерін­е дейінгі ауызсу жүйелерін жүр­гізуге жоба-сметалық құжаттама дайындалып,  сараптамадан өткізуге 11,3 млн теңге және А.Тоқмағамбетов елді мекеніне  кіреберіс жолының 5 шақырымын, «Самара-Шымкент-Жаңадария» жо­лының 5 шақырымын, «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жолының 12 шақырымын, Тереңөзек кентінің Керейтбаев көше­сін орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттарын дайындауға 19,6 млн теңге қаржы бөлінді,- деді аудан әкімі  Ғ.Қазантаев.

Тереңөзек кентінде өткен жылы 18 пә­терлі 3 қабатты №3 тұрғын  үй  және      24 пәтерлі №4 тұрғын үйдің құрылысы тамамдалып, кезекте тұрған 42 отбасыға баспана кілті табысталған. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын жеткізді.

Былтыр облыс көлемінде жаппай кәсіпкерлікті жетілдіру үшін біраз күш жұмсалды. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында бұл жоба тағы да үш жылға ұзартылды. Бұған облыс қазынасынан 34 млрд теңге бөлінді. Десе де, сырдариялықтар көрсетіліп жатқан көмектің игілігін көруге асығар емес. Өйткені, аудандар арасында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Сырдария ауданы орта деңгейде тұр. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізінде былтыр 241,4 млн теңгенің 12 жобасы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы шеңберінде 538,7 млн теңгенің 183 жобасы қаржыландырылып, 201 жұмыс орны ашылған. Ал «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 94,3 млн теңгенің 29 жобасы  мақұлданған.

Жалпы, Сырдария ауданы ауыл шаруа­шылығы саласына бейімделген. Былтыр асыраушы салада атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, аудан бойын­ша ауыл шаруашылығы сала­сында өндірілген өнім көлемі 12 млрд 148 млн  теңгені  құрайды.  Мемлекеттік бағдарламалардың  орындалу  барысы да қалыпты  деңгейде.

Аудан басшысы білім беру сала­сында жыл көлемінде жеткен жетістіктеріне ерекше тоқталды. Сырдариялық өрен­дер­ білім бәсекесінде халық­аралық, республикалық,  облыстық  байқауларда­ дес бермей келеді. Ұлттық бірыңғай тес­тілеуге  қатысқан 216 мектеп  бітіруші  түлек­тің  180-і мемлекеттік грантты иеле­ніп, 83,3 пайызбен 1-орын­ға  шықты­.

Аймақ басшысы Ғанибек Қонысбек­ұлының баяндамасын мұқият тыңдады. Қырымбек Елеуұлы бүгінгі нарықта орын алып жатқан өзгерістер жөнінде және облыс көлемінде атқарылып жатқан шаруалар барысына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, ол аудан әкімінің жұмысын оң бағалады. Бірақ, кейбір саладағы кеткен кемшіліктерді атап өтті. Мәселен, соңғы екі жылда Сырдария ауданында бірде-бір индустриялдық  жоба  іске  аспаған.

– «Тереңөзек кенті Қызылорда қаласына жақын орналасқан. Халықтың керек­-жарағын қаладан тасиды» дегенді қою қажет. Елді мекендерден шаш­тараз, монша ашуға болады ғой. Ол үшін халықтың қалаға ағылмайтыны анық. Мұның барлығын жергілікті кәсіпкерлер қолға алу керек,- деп ескерту айтты.

Есепті кездесудің қызығы, халық тарапы­нан ұсыныс-пікірлерге келгенде басталды. Шығып сөйлеген халықтың көпшілігі ауданның құрметті азамат­тары мен ұстаздар қауымы болды. Олардың барлығы Ғ.Қонысбекұлының ең­бегін  жақсыға бағалады. Тіпті, тұрғындардың бірі Қырымбек Елеуұлына өлең арнады. Осылайша, сандар сөйлеген жиынның соңы ақынның жыр шумағымен  аяқталды.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Б.Есжанов (сурет)

 


АТА-АНАСЫН ТАСТАП КЕТУ – ҚАТЫГЕЗДІКТІҢ ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ДЕҢГЕЙІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:20

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейл­і отбасы» ұлттық байқауында «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған  ата-анасын  тастап кету қазағы­мызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс» деп айтқан болатын.

Валентина Қосманбетова 17 жасында тұрмыс құрған. Еркіндікті сүйген орыс қызының салт-дәстүрді берік ұстан­ған отбасына келін болуы оңайға соққан жоқ. Ата-енесінен бөлек қан­шама сол үйдің адамдарына ас-суын дайындап-ақ шаршайтын. Одан қалды құдықтан су алып, тасып, сексеуіл бұтайтын. Алайда ол қиындықтан қашып отбасын ойрандамады. Керісін­ше, балалы болса да Теміржол вокзалы емханасындағы аспазшы қызметін тастама­ды. Осында 34 жыл еңбек етті.

«Ол кезде автобус деген жоқ. Жаяу жүресің. Бір баланы балабақшаға, біреуін мектепке апаратынбыз. Одан жұ­мысыңа жаяу барасың»,- деп сол кезде­гі қиындықтарды есіне алды. Ал небәрі соңғы үш жылын Қызылордадағы «Қарт­тар мен мүгедектерге арналған» мекемеде өткізген анадан «мұнда қалай тап болдыңыз?» деп сұрау оңайға соқ­пады. Әңгімені әріден бастап отбасы, ошақ қасы туралы айта келіп, балаларына кеп тірелгенде: «Үлкен ұлым маған ренжіді. Сөйтіп Америкаға кетіп қалды. Қазір сонда келініммен бірге тұрады» деп көзіне еріксіз жас алды. Сөйтсек, Валентина әжейдің қаланың орталығындағы көпқабатты үйлерде екі бөлмелі пәтері болған екен. Бір ұлы қайтыс болып, екіншісі өзге қалада тұрып жатқанда, Алматыдағы апасы (одан өзге еш туған-туысы жоқ) хабарласып, өзімен бірге тұруды сұрайды. Қартайып, жалғыз өзі жалғызсырап жүрген В.Қосманбетова алғашында көп ойланғанымен, кейіннен келіскен. Осылайша, пәтерін сатып, апасының үйіне Алматыға көшіп барады. Ал ақшасын апасына береді. Алайда апасы басынд­ағы баспанасын жалғыз қызының атына жазып берген. Кейіннен өзі қайтыс болғаннан кейін әлгі қызы бұ кісіні үйден қуып шығады. Шүкір, жақсы­ адамдар жолында кездесіп, бахыт­ Нұрманов есімді азаматтың арқасын­да  осында  келеді.

Апаға қарттар үйі 3 жылдан бері қарашаңыраққа айналған. «Балам әлі-ақ  алып  кетеді» деген үміт отын да байқам­адық  көзінен. Құр босқа өзгені де, өзін де сендіргісі келмейтін болар, бәлкім?

«Баланы ата-ананың мейірімімен өсіру керек. Себебі баласы мейірімді болып өссе, кейін ата-анасын тастап кетпейді» дейді психологтар. Әрине, ата-ана – баға жетпес  байлық. Ол мейірімін берді ме, жоқ па, ол тіпті талқығ­а салынбауы да қажет дүние. Түптен келгенде, анаңды тоғыз ай құрсағында көтергені үшін, толғақты басынан кешіріп, өмірге әкелгені үшін сыйлап өтуің қажет. Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деге­н сөз бар. Бұл да дәл соған саяды. Валентина әжей айтпақшы, «бүгінгі адамдар қатыгезденіп кеткен». Әйтпесе, қарияларымыз қарттар үйін паналар ма еді? Туған анасына қарауды қиын­сынып, кеудесінен кері итерер ме еді?..

Бақсақ, «Қарттар мен мүгедектерге» арналған үйде жап-жақсы жағдай жа­салған­. Бір сөзбен айтқанда, қажет­тінің бәрі  бар. Әрине, біз оған қарсы емеспіз. Бірақ бұл әзірге қарттар үйінің есігіне қара құлып салынатын күн жақын емес дегенді білдіре ме деп қорқамыз.

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


БҮГІНГІНІҢ МОТИВАТОРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:15

Бұл бөлмеден қазақылықтың иісі аңқып тұр. Жерге төселінген кілем, жер үстел, қазақы самаурын, құрақ көрпе, бәрі-бәрі бар. Тіпті, «Қарттар мен мүгедектерге арналған» мекемедегі осы бір бөлмеге аяқкиіміңізді шешіп кіресіз. Бұл – облысымызға белгілі ақын, сазгер­ Кенже Маханбетованың бөлмесі. Иә, Кенже Бануқызы туралы талай жазылып та, айтылып та жүр. Алайда бүгін біз оны сіздерге басқа қырынан таныстырмақпыз.

Өмірінің соңғы 23 жылын осында өткізген оған қарап, тек тамсанасың. Жасы елуге келсе де, отыздағы қыз секілді  сұп-сұлу. Арбаға таңылса да, өз-өзін күте білетін талантты жан. «Шаршадым, жалғызбын» деген сөзді аузына алмайды. Шашын бояп, өзіне жарасымды етіп қырыққан. Қасында отырып он екі мүшеміз сау бола тұра, өзімізге олай күтім жасамайтынымызға ұялып кеттік, тіпті. Ашуланбайды, жекірмейді, жай ғана байсалды үнмен тіл қатады. Сыпа­йы. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Өйткені дауысы жағымды. Аяқ-қолы балғадай кей келіншектердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарына шеберлік сабағын өткізетіндей. Бұл – бір.

«Қонақ келсе, отырады деп осы көр­пешелерді алдым. Жылда жаңалап тұрамын» дейді құрақ көрпелерді көрсетіп. Шындығында, өзім сұрадым, «өзіңіз алдыңыз ба?» деп. Мойындаңызшы, біздің өзіміз кейде өз меншігіміздегі үйімізге бұлай қарамаймыз ғой. «Ниетіңе беремін» деген Алла. Осы бір «қонақ келсе» деген сөзінің өзі оның жалғызсырамайтынын айғақтатып тұр. Себебі іздеп келетін дос-жарандары көп. Туған-туыс, бауырлары да «апалап» тұрады. Ән айтатын мектеп оқушы­ларына дейін дауыстарын қойып беруге­ арнайы келетін кездері болады екен. Оның  бәрін  суреттерден  байқадық. Бұл – екі.

Кейде тағдырдың аз-кем қиындығына қажып, қиналып кетеміз. Жоқшылықта не жалғыздықта «Алла маған не жаздың?» деп түңіліп, өміріміз осымен бітетіндей күй кешетініміз өтірік емес. Ата-анамыздың барына, бауырларымыздың бүтін, балаларымыздың амандығына шүкірлік айтуды ұмытып жатамыз. Бәріне бір Алланы кінәлап, «неге қатал тағдыр бердің?» деп табалайтындарымыз да бар арамызда. Одан қалды, ағайынның арасында жағдайы түзу біреуі болса­, «сол маған көмектеспеді» деп бұлданамыз. Бәріне тек өзгені кінәлап, өзімізді періштедей сезінеміз. Өзіміз­ден басқаның бәрін өзгерткіміз келеді. Расында, бұл – тек өз-өзіңізді алдау ғана. Шындығында адам өзі өзгермей, өмірі өзгермейді. Бүгінде «қиыншылықта өмір сүріп жатырмын» дейтін адам болса, демек ол өзінен. Ойланып отырып, неге осы сөзді Кенже Бануқызы айтпайды деген ой келді. Әйтпесе, өздігімен жүре алмайды, арбаға таңылған. Жанында ата-анасы жоқ, қайтыс болып кеткен. Ең болмаса отбасылы да емес, сүйікті болғысы келеді. Бірақ, шағым­данбайды. Өйткені өмірді сүйеді, еңбектенеді, алдағы жарқын өмірден үмітін үзбейді. Жаны таза. Сондықтан да оған елу жасты ешкім бермейді. Бұл – үш.

Бір күні Кенже Маханбетова апасының үйінде отырып, теледидардан өзі сияқты арбаға таңылған балаларды көреді. Қараса, бәрі бір мекемеде өмір сүретін секілді. Осыны көре салып, ата-анасы өмірден өткеннен кейін өзіне қарап жүрген туған апасына осындай мекемеге барғысы келетінін, сонда тұрғысы келетінін жеткізеді. Өйткені жұмыс пен үйдің екі ортасында жүріп, қажып кеткен апасын аяйды. Сөйтіп, бір-ақ күнде шешім қабылдап, небәрі 27 жасында осында келеді. Мұны «сондай­ керемет жан бола тұра, неге осында жалғыз, бауырлары қайда?» деп сұрайтындарыңызды білгендіктен жазып­  отырмын. Батылдық деп осыны айтуға болады. Әйтпесе, Алматыдағы ағасы өзіне шақырып, мұнда жіберуге барынша қарсылық танытқан. Бірақ ол ешкімге  салмақ салғысы келмеді. Мұны төртінші қасиеті деп білерсіз.

Бұл – ХХІ ғасыр. Ескіліктің адамы қаншалықты жаңа технологияны жақтыр­мағанымен, оның көшіне ілесе алмаса, артта қала береді. Жаңа нәрсе шықты ма, білу керек, үйрену керек. Қазіргі талап осындай. Су да бір орында тұрса иістене беретіні секілді, адам да бір орында тұрып қалмауы қажет. Күнделікті  өз-өзін  шыңдап,  жан-жақты дамығаны өзі үшін жақсы. Әрі қазіргідей бір айлықтың ешнәрсеге жетпейтін заманында жан-жақты болмасаң, аштан қаласың. Ең құрығанда, ақшам жоқ десең, интернеттен-ақ бәрін үйреніп алуға болады. Жалқаулығыңызды жеңсеңіз, әрине. Жаны өлең жазып рақат табатын Кенже апайдың бөлме­сінен байқаған тағы бір бұйымымыз – ән жазатын құрылғы. Арнайы сатып алға­н. Ақындығымен қоса, сазгерлігін де дамытып жүр. Талай байқауларда өз сөзіне жазылған өз әндерін орындап, жүлделі орындарды алған (Осы бір бөлменің кілтін 1998 жылы мекеменің сол кездегі бас­шысы  байқаудан  1-орын алып келгенде берген екен. Содан бері осында). Кейде әнін  сатады. Бірақ, көбін тегін береді екен. Қолы ашық. Бұл – бес.

Елбасы бір сұх­батында «Бақыт дегенді көбі мәңгі­лік деп ойлайды, бірақ ол – бір сәт­тік. Бақыт мысалы мені балаларым, немер­елерім мойныма асылып келіп, құшақтағаны. Мен жақында бір мәлімет оқыдым. Лондондағы  университетте 15  мыңнан астам адамнан «бақыт деген не?» деген сауалнама жүргізіпті. Білесіз бе, көбінде, бірінші орында отбасы мен бала болған» дейді. Рас. Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Ақын Кенже Маханбетовамен өткен бір жарым сағат сұхбатта айтқаны есімнен кетер емес: «Кейде сайыстардан жүлделі орын алып, қуанып жатамын. Бәрі қол соғып, гүл шоқтарын беріп жатады. Бірақ, қайтып келсең, есігіңде қара құлып тұрады.­ Күтуші апайлар «шаршап келген боларсың» деп жатқызады. Осындайда сені күтіп отыратын, бір шайыңды берсе де қасыңда сүйікті адамым болса ғой деп армандаймын. Иә, осында 23 жыл тұр­ғанда, ұсыныс айтып келгендер болды. Бірақ, олардың ішінде жүрегіме жақынын, өкінішке қарай, кездестіре алмадым. Біреуі «біз екеуміз қосылсақ, мен зейнетақымды балаларыма беріп тұрамын, сен менің күнделікті темекімді алып беріп тұрасың ба?» дейді. Ал маған­ ондай еркектің не керегі бар? Ер-азамат­, керісінше, әйелін асырап, соны бағу керек емес пе?» деді. Бұл – өзіндік «менін» жоғалтпаған, «әйтеуір бір азаматтың етегінен ұстайын» деп келісе салмаған Кенже апайдың тағы бір қыры. Өз-өзін жоғары бағалауы. Ал өзін бағалағанды, өзгелер де сыйлайтын болады.

Айта берсең көп. Тіпті, қарыз алмайтынының өзін үлгі етуге болады. Бүгінгі «мотивация» деген сөздің сәнге айналған заманында бірнәрсе шабыт бермесе, жұмыс істеуге құштарлығы артпай­тын жандарға сөзсіз мотиватор. Тіпті, жалқаулығын жеңе алмайтындар, бір сәт Кенже апай мен өзінің он екі мүшесінің сау екенін еске түсірсе екен деген тілегіміз бар.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


ҒАСЫР ПЕНДЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:08

Керемет күтім,

Киімі бүтін.

Сусыны – шарап,

Тамағы – түтін.

 

Қымбат небір,

Көлігі темір.

Құлқыны құрдым,

Құрысын-ай, жебір...

 

Айтпайын атап,

Арманы – АТАҚ...

Ойпырмай, ойы –

Мансап пен мадақ.

 

Тілін төсеп,

Айтатыны – өсек:

Бәсеке...

Күндеу...

Бір күнгі «төсек»...

 

Жат оған таныс,

«Жыр-әні» – ТАБЫС...

Қарпып қалу,

Болса егер «шанс»...

 

Кәсібін «неке»-леп,

Кәттаны «көке»-леп...

Кей жерде «прямой»,

Кетеді «төтелеп»...

 

Бұндайлар жалпы,

Бұрыннан қалпы –

Өзінен ЗОРға,

Жағыну салты...

 

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


СОРЫП ТАСТАДЫҚ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:05

Мұхтар  ШЕРІМ

Қарын аш, бала жас демек­ші, түнгі төртте ішім құрылдап, аш ішегім шұрылдап кеткен соң, ақырын төсегімнен тұрып, тоңазытқыш жаққа келсем, әйелім шоқиып отыр. Бірдеңе сорып. Біздің тоңазытқыш өмірі толып көрген емес еді, тек нан, тағы да нан, сосын нан тұратын. Кешелі бері тоңазытқышымыздың іші қуырдаққа, қызыл, қара уылдырыққа, шұжықтарға толды­ да кетті. Көршіміз Құдай болмаса да, Құдайдың қоңсысы сияқты шіреніп жүретін.

Тек кекетіп ғана күлетін, қай жерден­ жымқыруды ғана білетін, қарсы келсең, бәйтерекке ілетін, ішкені  алдында, ішпей қоя сал­ғаны артында, нағыз сыбайлас жемқор, әрі миллионер болатын. Соның әйелі кеше келіп: «Тоңазытқышымыз толып кетті, сіздердікі бос қой, ертеңге дейін тұра тұрсыншы?» деп бәрін қойып кеткен еді. «Балаларыңыз жеп қойып, масқара болып жүрмеңіздер!» деп ескер­тіп те кетті. Сол екен, балалары­мызға: «Көршінің қуырдағына тиіспеңдер, жай әншейін иіскеңдер!» - деп ұрысып таста­ғанбыз. Міне, он баланың анасы, жәрдемақысына биыл 228 теңге ғана қосылған әйелімнің аузында бірдеңе бұлтың-бұлтың етеді.

- Әй, не жеп отырсың? - деп сұрадым мен.

- Ет...

- О, атаңа нәлет...

- Мен әншейін, қуырдақты сорып отырмын.

- Көршіден ұят қой, ұят!

- Балалар бағана сорып кеткен...

- Жындысың ба? Адам деп біздің тоңазытқышқа тастап кетті ғой?

- Қуырылған еттің майын сорып тастадық әншейін. Жеген жоқпыз...

- Немене пәле етіп тастағансыңдар? - деп тоңазытқышты ашып қалсам, қуырылған еттер бүрісіп, майларынан жұрдай, былайша айт­қанда, қазіргі қағынған қыздар сияқты «тырдай­»  болып­  тұр  екен.

- Бұл не? - деп сұрадым мен.

- Сорып тастадық.

- Сені де сореп-сореп тастай салсам, басқа біреу қатындыққа алар ма еді?

Қашан оянғанын қайдам, кіші балам белімнен түртеді.

- Әй, саған не жоқ, жал­мауыз?

- Әке, мен де сорайыншы?

- Бәләйінші, бәләйінші! - деп тоңазытқыштың есігін тарс жаптым да, құшақтай алдым.

- О, айналайын, тоңазытқышым менің! Бізден сен бақыттысың! Толып тұрсың, тойып тұрсың! Қазақстан штрафстан болып кетті! Айлығымыз ауыз сүртуге жарамайды. Жарамаса, қойныңдағы қатының да қарамайды. Жастарымызда не үй жоқ, үй жоқ болған соң, көте­ріңкі көңіл күй жоқ...

Осылай ыңыранып тұрғанымда, әйелім мені жұлқи тартып:

- Отан үшін, тамақ үшін алға!- деп ұрандатты да, тоңа­зытқышты ашып, кенеттен шабуы­л бастады. Сол екен, аш балал­арым уралап, қуырдақты қылғытып, шұжықтарды асқазандарына сырғытып, тамақ біткенді «тұтқынға» алды. Енді қайттік? Ертең миллио­нер көршімізге қай бетімізді көр­сетеміз? Осыны сұрасам, кіші балам­: «Қампиған іші­мізді, ақсиған тісімізді көрсетеміз!» деп қояды. О, қу тамақ!

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары