Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 31 Қаңтар 2019

Көктайғақтың кесірі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.01.2019 14:38

Қызылордада ауа райының қолайсыздығына байланысты 131 адам зардап шекті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz интернет газеті.

Қызылорда қаласында кеше жаңбыр жауып, арты мұзтайғаққа айналды. Соның салдарынан бірнеше жол-көлік оқиғалары болды. Олардың бейнежазбалары әлеуметтік желіде желдей есіп, тез тарап кетті. Ауа райының қолайсыздығынан жарақат алған адамдар баршылық.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қалалық ауруханада 131 адамға көмек көрсетілген. Оның 8-і ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар Арал ауданында 5, Қазалыда 1 адам жарақаттанып, Қармақшы ауданында тағы 1 адам жансақтау бөліміне түскен.

Қызылорда облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда қаласында 11 жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам ауруханаға жеткізілген. Ал, қала аумағынан тыс жерлерде 6 көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам жарақаттанған. Адам шығыны жоқ.

 


ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ һәм ҮКІМЕТ ЖҮГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 13:00

БІРҚАТАР  ӘКІМ  АУЫСАДЫ...

Әдетте әр аптада Үкіметбасының төрағалығымен министрлер кабинетінің өкілдері есеп беретін Үкімет сағаты өткізілетін. Онда Премьер-министр қарамағындағы 16 министрдің шаңын қағып-сілкіп, тозаңнан «тазартып» қайтаратын. «Сын сағатынан» сау тамтығы қалмай шыққан министр келесі аптада құжатын құнттап, баяндамасын жаттап, «қаңғырып» жүрген цифрлық көрсеткіштерін жинақтап келу дағдысын үйренді. Бұл жолғы жиын беттен алмаса да, буыннан «қағып» түсті.

Сәрсенбінің сәтті күнінде өткен жылғы атқарылған жұмыстардың өлшемі мен бірлігіне есеп алу үшін ел президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс  әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрлік басшылары да қатысты. «Президент жиын өткізеді» деген әңгіме естілісімен «министрлер кабинетінде ауыс-түйіс болады», «бірқатар әкім ауысады» деген секілді қауесеттер желмен «жарысты». Алайда «ұр тоқпақ» «ұр» дегенге ұра бермейді. Жылдағы жиынның ізімен өткен басқосуда былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесі сұралды. Барлық әкімдік, министр, мемлекет қызметкерлерінің істеген істері жіпке тізіліп, сүзгіден өтті. Оның ішінде президенттің өзі де бар.

Елдегі қай саланы алып қарасаңыз да, тамырына тас байланып тұрған ешқайсысы жоқ. Тек арагідік кей министрлердің тәжірибесінің аздығы мен есепке мән бермейтінінің салдары халықтың көзіндегі теріскенге айналып жүр. Өткен жылдың экономикалық көрсеткіштері жақсы болғанын, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін жағдайдың да, мүмкіндіктің де көп болғанын президенттің өзі айтты. Сонымен, президент министрлерге қандай тапсырма жүктеді? Қай салаларға маңызды көңіл бөлінбей жүр? Сағынтаев командасы отставкаға кетуге әзір ме?

 

НЕСИЕ  КІМГЕ  БЕРІЛЕДІ?

Несиеден артылған ақшаға нан сатып алып жеп отырғанымыз рас. Үстеме пайызбен беретін несиеден несібесін айырып отырғандардың көбі – кәсіпкерлер. Президент өзінің Жолдауы барысында экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмін іске қосуды тапсырды. Бұл жұмыстардың алғашқы легінің демі қайнап жатыр. Ал аталмыш секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазартқанмен соңғы 10 жылда банктердің несие­лері 5,5 трлн теңгеге өскен. Бұл – 70 пайыздық өсім. Осы уақыт ішінде 7 банк жойылып, 2 банктің жұмысы қайта жанданып, 5 трлн теңге сызылып қалған.­ Яғни, қарыз алушылар осы жылдар ішінде берген ақшаның бәрін қайтарм­аған. Несиелер уақыт өте келе проблемалы сипат алып, банктердің шарттарды өзгертуге тырысқанына қарамастан, мәселе сол күйінде қалған.

- Сіз өзіңіз дұрыс басқармай, бақыламағансыз. Құр­дым­ға кетіп бара жатқан компанияларға несие беру керек пе еді? Олар алған ақша құмға сіңіп кетті. Барлық екінші деңгейлі банктер мен Үкімет бұл мәселені тиісті деңгейде бақыламаған. Кімге болса, соған берген. Ол компания қайтад­ан несие алып, төлей алмаса, тағы сұраған. Әлемде кім олай жұмыс істейді? - деді Елбасы.

Бұл мәселеге де миығынан күліп қараған Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің өзі кінәлі. Оны айыптап отырған біз емес, президенттің өзі дәл солай деді.

 

БОС  ЖАТҚАН  ЖЕРДІҢ  ӨЗІ – БАЙЛЫҚ

Тонымызды теріс қаратып киюге мәжбүрлеп жүрген мәселенің қатарында жанар-жағармай отыны алғашқы кезекте. Жуырда ғана төртінші мұнай өңдеу зауытын әзір салу қажет еместігі айтылды. Демек бізде өз нарығымызды­ бензинмен және дизель отынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оның үстіне сала мамандары экономикалық өсімнің драйвері ретінде отын-энергетикалық кешен­нің сақтаулы екенін айтып отыр. Тіпті алдағы жылдары жанар-жағармай пайдалану көлемі бірнеше есеге артуы мүмкін. Өйткені Ұлттық банк ел азаматтарына отандық көлік сатып алатындай жедел түрде бағдарлама әзірлеп, несие беруге дайын. Бас банкирдің сөзіне сенсек, бұл бастама импортты алмастыруға серпін беріп, сырттан келетін тауарлардың жағымсыз сипатта өсуін тоқтатады. Ал дәл қазіргі күні әр облыста үздіксіз және үзіліссіз жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары бюджетке қаншалықты салмақ салып отыр? Кеңейтілген отырыс барысында бұл мәселе де тысқары қалған жоқ. Неге дейсіз ғой. Қаржыны үнемдеу мақсатында тұрғын үй құрылысына қажетті материалдар отандық болуы­ керек. Бұл – ел экономикасының локомотиві. Мұны қадағалау әкімдерге тапсырылды.

Ал экономиканың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Кең даламыздың игерілмей жатқан­ бөлігінің өзі – байлық. Ұлан-байтақ жеріміз болғанмен ұлтарақтай телімге зар болып жүргеніміз рас. Игерілмей жатқан көлемі тіпті ішіңді ашытады.

- Дүниежүзінде игеруге болатын жер Қазақстан, Ресей­, Украинада ғана қалды. Егер де барлық елдер АҚШ-тағы секілді азық-түлікті көбірек тұтынатын болса, әлемдегі азық-түлік 2,5 млрд адамға ғана жетеді­. 2040 жылы жер бетінде 8,9 млрд халық болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты барлығ­ы бізге келеді. Осы үрдістерге дайындалу керек, - деді президент өзі төрағалық етіп отырған отырыста.

 

БАС   ҚАРЖЫГЕРДІҢ   АБЫРОЙЫ   ҚАНДАЙ?

Жуырда ғана «аты мен тегін» өзгерткен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі  Ж.Қасымбек биыл бас-аяғы 120-ға жуық жобаның іске қосылатынын сүйіншіледі. Базалық металдарға қатысты әлемдік бағаның төмендеуіне, сауда әріптестігіне қатысты санкциялар мен сыртқы факторларға қарамастан кей сала қарқынды өсуде. Ал өнеркәсіп саласы бойынша Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы көрсеткіштер біршама төмен. Отырыстың ортасында президент ашуға булықты. Оған бас қаржыгер Ә.Смайыловтың үстелдің төменгі жағына отырғаны себеп. Бақсақ, қаржы министрінің басы алтын екен. Ол вице-премьерлерден кейін отыруы  тиіс.

- Қожамжаровтан бастап бәрің бір орынға жылжыңдар. (Қаржы министрі Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев пен Қайрат Қожамжаровтың арасындағы босаған орынға келді - ред.) Міне, оның орны, - деді президент.­

Ал банкирге бағытталған мәселе көлегейлі экономикаға қарсы жүргізіліп отырған жұмыстың әлсіздігі еді. Салық-бюджет саясатында ауқымды жұмыстар атқары­луда. Десек те алдағы үш жылда бұл мәселені 40 пайызға қысқарту – бұлжытпай орындайтын тапсырма.

 

КІМ  КЕТІП, КІМ  ҚАЛАДЫ?

Еліміз тыныш, қоғам тұрақты дегенімізбен ішін­ара мәселелер әлі де шикі. Мәселен, ел прокуратура­сы жұмысшылардың еңбек құқығын бұзудың 37 мыңнан астам жағдайын анықтаған. Бұл тұрғыда еңбек­ақы бойынш­а қарыз, еңбек қауіпсіздігін бұзу, жал­ақыны дұрыс есептемеу, зиянды жағдайдағы жұмыс үшін үстеме­ төлемеу, шетел кәсіпорындарында біздің азаматтардың құқығын кемсіту секілді мәселелер байқалған. Осының барлығы немқұрайдылық пен тәртіпсіздіктің салдарынан орын алуда. Бұған жол бермеу керектігін бас прокурор Қ.Қожамжаров­қа қадап тапсырды. Одан бөлек, баспана, сауда нарығы, жастарды баспанамен қамтамасыз ету, импорт­, экспорт нарықтарына жеке-жеке тоқталған прези­де­нт­ барлық министрді тапсырмасыз қалдырған жоқ. Экономиканы банкротқа ұшырайтын компаниялардан тазартпайынша ісіміздің алға баспайтынын мәлім­деген президент ашулы кейіппен Үкіметке шүйлікті. Жеке-жеке кабинетте желкесіне артып отырған жүк болма­ған соң босаңсып кеткен Үкіметтің де, министр­лердің де «шаңы» бұрқ ете қалды.

- Банктер үнемі сүрінеді. ...Нарықтық мемлекеттерде банкроттық институты кеңінен таралған. Сендер Үкімет пен министрлер емес, қорқақсыңдар! Шешім қабылдай алмай, аяқ-қолдарың қалтырайды. Сонда не үшін жұмыс істейсіңдер? Барлық банктерді тазалап беріңдер, сонда үкімет өз міндетін орындады деп есептеймін, сосын отставкағ­а кетіңдер! Міне, сол кезде жұмыс істеген боласыңдар!  - деді президент.

Осы айғайдан соң министрлер мен Үкімет кабинетінің өкілдері кірпідей жиырылып қалды. Мемлекет басшысының ашуы тарқап, «Кетпеңдер, қалыңдар да жұмыстарыңды аяқтаңдар» деп мәлімдеген кезінде естерін жиғандай болды. Қалай болғанда да, Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер де, әкімдер де «мақтау қағазына» лайық деп танылған жоқ. Дәл осы жиын барысында айтылған отставка мәселесі болмаса да, бірқатар министр мен екі-үш әкім жылы орнынан жылыстауы мүмкін.

 

Н.ҚАЗИ

 


ДАҒДАРЫСТЫҢ КӨКЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 12:53

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Бүгінгі Қазақ елінде дағдарыс туралы жиі айтылады. Оны өз алдына экономикалық, қаржылық, саяси тағы басқа түрлерге бөліп қарастырамыз.

Аталғанның қайсысы да маңызды да сезімтал. Алайда осылардың қатарында ең шешуші тұсы – сенім дағдарысы болар. Сөз болып отырғаны адамдардың бірі-біріне сенімі, бизнестің – банктерге, банктердің – мемлекетке, халықтың – баспасөзге. Ерекше орынға қоғамның билікке, оның адалдығына деген көзқарасы ие. Ал елдің іргетасы ретіндегі сенім әлсіз не ғайып болса, ондай елдің өміршеңдігі де бұлыңғыр.

Тәуелсіздік жылдары халықт­ың сол билікке деген қатынасы мынадай кезеңдерден өтті: абдырау – үміт арту – қолда­у – күдіктену – көңілдің қалғаны. Әсіресе, 2010 жылдан бері саяси басшылыққа деген сыни көзқарас күшейіп, кері­сінше  оның жағымды имиджін сақтап  қалудың мүмкіндіктері әлсірей  түсті.

Сонымен қатар елдегі ахуалды сенімнен айырылуға шақ құрылымдар арқылы реттеу әдеті билікті қысылтаяң жағдайға итермелеп келеді. Себебі төтенше жағдай туындай қалса, алдыңғы шепке шығып қорғайтын тек күштік құрылымдар емес, ашынғандарды тоқтата алатын, ол үшін қоғамда саламағы бар тұлғалар болу керек.

Алайда соңғы жылдарда елім­ізде болып жатқан дағдарысты оқиғалар барысында аталмыш шептен билікшіл партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы ассамб­леясы, мәслихат пен парламент көрінбеді. Жер митинг­ілерін, Қарағанды мен Жаңаөзенде жұмысшылар ереуіл­ін еске түсірсек, Астанадағы Әбу-Даби кешенінің құрылысшылары наразылық білдіргенде, басқа да оқиға­ларда көргеніміз  сол дағды.

Мәселенің одан бетер ушығуына билік басындағылардың халықтан тек мәртебе мен байлы­ғы жағынан емес, ой-өрісі  тұрғысынан да алшақтауы түрткі болады. Бұл қоғамның іштей жікке бөлінуін асқын­дыруы өз алдына, тұтастай биліктің абыройына да дақ түсі­ріп  отыр.

Осындай қарама-қайшылықтардың көбеюі әркімді алаңдатауы қажет, өйткені олар­ға деген қара­пайым азаматтардың реакциясы бұрын­ғы­дай күліп қоюмен шектелмей, күннен-күнге өршеленіп барады. Был­тырғы Мәжіліс депутаты Владимир Божконың ауыл жастарының қалаларға ағыл­уын шектеу жайлы мә­лімдемесінің әлеуметтік желілерде қандай ашу-ыза тудырғаны айтылғанға дәлел.

Осыған ұқсас жағдай ІІМ Әкімшілік полициясының ЭКСПО­ кезінде тұр­ғындарды Астанадан әрірек кетуге үндеген сұхбатының зор дау-дамайға ұласқаны да ұмытылмаған болар. Тиісті тізімде «патамаушта-патамушта» мырзаны, жуындыны ысырап қылмай, онымен  ересектердің өзі, одан барып еден­ді жууға шақырған әкімді немесе жанармайды үнемдеу үшін азаматтар бір көлік­пен жүру керек деп жаңалық ашқан министрді, кезекте тұ­рып қайтыс болған қарияның өз үйінде де сондай табыспен өле алатындығын айтқ­ан ақылсынған депутатты, т.б. атауға тұраралық.

Мұның бәрі артық қыламын деп тыртық қылудың салдары болар­. Сондай-ақ лау­азым иелерінің халық алдындағы жеке абыройына  осылайша нем­құрайды қарауы сол халық­қа еш бағынбауының көрсет­кіші болып табылады. Бастық біреу, тек соның ал­дында жауап­ беруге міндет­тімін деген жоғарыдан төменгі­ деңгейге дейін тараған құбы­жық басқару жүйесінің  көрі­нісі осы.

 

ҚИСЫҚ   ШЕШІМ   мен  ТҮЗУ  ОЙ

Сонымен, әлеуметте депутаттарға, полицияға, кеденге, сот өкілдеріне сыни көз­қарас­тардың көбейіп, тіпті күшейіп бара жатқаны жасырын емес. Және бұлай болудың себебі олардың орынсыз сөздерінің иә болмаса жемқорлыққа бой ұсынып байлығын паш етуінде ғана жатқан жоқ.

Шикі заңдардың, солақай шешімдердің, сот қабылдаған әділетсіз үкімдердің оң пікірге әкелмейтіні белгілі. Айталық, Қазақстанды тәуелсіздіктен айырып, Ресейге қосуға үндеген Ермек Тайчибековке рақымшылық жасалып, ал енді Қазақ жерін шетелдіктерге беруг­е қарсы шыққан Макс Боқа­евты қапаста ұстау туралы қисынға кіріп-шықпайтын ұйғарымдар қоғамның ашуына тиді. Тіпті оларды қабылдап отырғандар Қазақ мемлеке­тінің мүддесіне берілгеніне күмән білдіргендер табылды.­

Сол сияқты бір миллион доллар парамен ұсталған Қорғас кеден бекетінің бастығы Василий Ни жауапкершіліктен босатылғаны және бұған жемқордың жұмыс орнында жақсы мінездеме берілгені жеткілікті болған. Ал енді Қарағанды облыс­ындағы орта мектеп дирек­торы 414 мың теңгені орынсыз қолданғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айры­лып, оның бар мүлкі тәр­кіленген. Немесе ЭКСПО-2017 Құрылыс департаментінің бастығы Қажымұрат Үсеновты бір миллиард теңгені жымқыр­ғаны үшін сот оны екі жылға кесіп, екі айдан кейін амнистиямен босатқан, ал таяуда оның ұлы Мақсат Үсеновке адам өліміне алып келген бір­неше жол апатына кінәлі бол­ғанына түкіріп жол жүру куәлі­гін қайтарған шешімдерді оң бағалау мүмкін емес.

Асылында қабылдайтын үкімдері әділ болу үшін соттар халық алдында жауапты болуы шарт. Бірақ бізде ондай тәуел­ділік формалды ғана. Құзыретті мекемелер шартты түрдегі заң емес, сот төрағасының қабағына қарауға үйренген. Тиісінше, қателігі көзге ұрып тұрса да бұрыс шешім қабылдауға жоғарыдан түскен тапсырыс мұрындық  болуы ықтимал. Қоғам оны жүз жерден сынап-мінегенде лауазымы тоқтатылып, жауапқа тартыл­ған соттарды көрер едік. Олай емес. Бұл – жүйенің бөлшегі болып, айтқанымен жүрсең, оның қорғауында боласың деген­ сөз. Ондай жүйеге білік пен адалдық иесі емес көзін жұмған орындаушы керек екендігі де сондықтан болар.

Үстемдік құрған ойынның жиіркенішті ережелері қоғамды іштей күйзелтіп, шенділер­дің заңнан жоғары тұрғаны жайлы сезімді нықтайтыны мәлім. Олардың көпшілігі ұстал­ған күннің өзінде жауапкершіліктен оңай жалтарып кетемін деп үміттенуі де жасырын емес. Ендеше жемқорлыққа қарсы шексіз науқан­дарға қарамастан, билік орындарындағы келеңсіздіктің жалға­сып отырғанына таңғалудың реті шамалы. Аталған келеңсіздіктер ел экономикасына орасан зор нұқсан келтіріп жатыр. Сондай-ақ бүгінгі күн­нің «серкелері мен дөкейлері­нің жетістіктерін» көріп өскен жас ұрпақ қандай құндылық­тарға еліктейтіні, ертең кімнің жолын қайталайтыны айтпаса да түсінікті.

Екі ортада сенімнің шайылуы аздай, мемлекеттің атынан әрекеттенуші мекемелерден түңілу мен қорқу етек жаяды. Мәселе бұнымен шектелсе игі ғой. Алайда күндердің бір күні таяқтың екінші ұшы азаматтардың тағдырын таптаған шенділердің өзіне келіп тимесіне кім кепіл?

Себеп – екіленген стандарт­тар салтанат құрған заманда заңды жолмен өз құқықтарын қорғай алмағандар қаһарына мінуінде. Соның бірі көпбалалы отбасының иесі Өмірбек Жампозовтың лажы қалмағандықтан әуелі екі полиция қызметкерін жаралап, сосын өзіне қол жұмсағаны көпшіліктің жағасын ұстатты. Оның алдында Атырау, Жамбыл, Алматы, басқа қалаларда болған террорлық шабуылдар нақты полицияға қарсы бағытталғанын тергеу анықтады. Бұндай шектен шыққандыққа айдап сал­ған алғышарттар (жемқорлық, әділетсіз үкімдер, әлімжеттік, кемсіту, қинау) әшкереленбей, аталғандай қауіп-қатерді болдырмау неғайбыл.

Қысқасы, сенімсіздік жайлаған қоғамның ұзақ мерзімде іштей тұрақтылығын сақтап өркендеуі мүмкін емес. Сенім дағдарысы қоғам мен биліктің арасын улап, алауыздыққа жол береді. Өз кезегінде өмір шындығынан алшақтаған, жауапкершіліктен безген билеуші орта мәртебесін сақтап қалу мақсатында күштік іс-қимылға, түрлі шектеу мен тыйым салуларға барады. Оның қарамағындағы баспасөз құралдары шынайы ақпаратты таратудан қалып, қайтсе де «қамқоршысын» ақтап шығуға, тоқырауды даму деп, сыншыны жау етіп көрсетуге күш салады. Оған басым­ көпшілік сене бермесе де, не болса о болсын, қазіргі күйіміз нашарламаса болды деп немқұрайдықпен қарайды. Басқаша айтқанда, біріне-бірі өтірік сенгендей құлық танытады. Нағыз оппозицияның орнын жасанды оппозицияның басқаны да жағымсыз үрдістің  сипаты.

 

АҢҒАЛДЫҚТЫҢ   ҚҰНЫ

Рас, өтіріктің арты бір тұтам деген нақылды бала шағы­мыздан жаттап өстік. Авраам Линкольнның «Халықтың бір бөлігін ұзақ уақыт, не халықтың бәрін қысқа мерзімде алдау­ға болар, бірақ бүкіл халықты ұзақ уақыт алдау мүмкін емес» деген сөзі де көпшілікке таныс. Бірақ тарихи тұрғыда тұтастай халықтардың ұзақ жылдар алданып келе жатқаны осыны жоққа шығарады. Бүгінгі Солтүстік Корея мен Түркменстанды  мы­салға алыңыз.­ Тіпті кешегі Кеңес Одағының құрамында отырып, компартияның коммунизм жайлы сандырағына, капитализм әне-міне құриды деген ертектеріне талай буын шын ықыласымен сеніп келді ғой. Ендеше өзгенің болмаса да, өз тарихынан сабақ алу адам бала­сының пешенесіне жазыл­мағаны қайран қалдырады.

Осындайда тағы бір парадокс назар аудартады. Сөз болып отырғаны әдетте үлкендер балаларын «мына өмірде еш­кімге сенбе, тек өз ақылыңа жүгін» деп тәрбиелеуі. Сөйте тұра сол алдау-арбаудың тұзағына өздері түсіп жатады. Күдігі бола тұра, өз ақшасын қаржылық пирамидаға сеніп тапсырғанда, жеңілдікпен пәтер алу мақсатында пәленше әкімнің туысымын деген алаяққа жиған-тергенін бере салғанда, үкімет 99 рет берген уәдесін орындамаса да 100 рет сөзінде тұратынына иланғанда. Пушкиннің сөзімен айтқанда: «Мені алдау қиын емес, алдануға өзім әзір тұрсам». Бәлкім, бұл кей кездері ұсқынсыз шындықты мойындағанша құлаққа жағымды өтірікке сенуді жеңіл санаған адам баласының жа­ратылысы, іштей аңғалдығының кесірі болар. Тек айналып келгенде басты сұрау кімнен болмақ: алдаушыдан  ба, әркез алдануға  көнгеннен  бе?

Сорақысы сол, сенімін жоғалтқан қоғамда шындықты өтірік, батылдықты жағымпаздық, намысты екіжүзділік, адалдықты алаяқтық, ұлтжандылықты өзімшілдік жеңеді. Бұндай ортада тыныс алған қоғам не кешегі Кеңес Одағы тәрізді іштей іріп-шіріп, ақы­ры құрып тынады; не төзімі таусы­лғанда наразылығы ас­үйлерде қамалып қалмай көше мен алаңдарға шығады. Алайда­ оның өзі мұрат еткен әділ де сенімі берік қоғамға әкеле қоюы шарт емес. Керісінше, оның орнын әдетте әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай бұрынғыдан бетер күйзеліс басып­ отырады. Олай болса, істі насырға шаптырмай сенім мәселесін қолға алу аман қалудың жолы екенін кеш түсін­бесек игі.

Автордың   пікірі  редакцияның ұстанымына  сай  келмеуі мүмкін.

 


ҰРЫҚ ДОНОРЛЫҒЫ ТЕКСІЗДІККЕ СОҚТЫРМАСЫН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.01.2019 12:45

Елімізде жасанды жолмен балалы болғыс­ы келетін әйелдерге ерлердің ұрығы жетпей жатыр. Әсіресе, қазақ  және орыс ұлтының до­норлары  тапшы. Бұл – бала таптыруға қауқарлы азаматтардың мүлдем  азайып кеткенінің көрінісі. Ұрық тапсыратын 100 азаматтың 10-12-сінің ғана денсаулығы қалыпты көрінеді. Міне, мәселе бала сүйгісі келетіндердің артқанын­ан емес, дені сау донорлардың аздығынан туынд­ап отыр. Ал оның сыртында жасанды ұрықтандырудың машақаты тағы тұр. Статистикаға сенсек, жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді екен. «Қалайда балалы болсам» дейтін олардың жан жарасын түсінуге болады, әрине. Бірақ бізді алаңдататыны басқа. Дәл қазір елімізде бір донор өзінің аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады.

Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Ал олардың кейбіреуі 20-30 жылдан­ кейін бір-бірімен кездейсоқ танысып, отасып жатса, не болмақ? Тексіздікке соқтыратын түйткілдің тіні қашан  тарқатылады?

Жалпы, бұл мәселенің көтерілгеніне де біраз уақыт болып қалды. Қоғам оған көзінің қиығымен қарағысы келсе де, бұл да бір ауызға алатын­ айтулы мәселеге айналып барады. Нақтырақ айтқанда, ер-азаматтардың жыл сайын белсіздікке ұшырауы көбейіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл еркектердің өмір сүру салтына тікелей байланысты екен. Дұрыс тамақтанбау, жұқпалы ауруға шалдығу, өздігінен емделу, қозғалыстың жоқтығы – осы проблемаға әкеліп жатыр.­ Дүниежүзілік денсаулық сақтау­ ұйымы белсіздіктің осындай 33 себебін тізіп көрсеткен. Яғни, балалы­ болғысы келген отбасылар осының кесірінен донорлық ұрықты алуға мәжбүр. Өкінішке қарай, қалай қиналсақ та, бұл тәсілге тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ. Өйткені бұл заңмен бекітілген. Ұрық донор­лығы елімізд­е 20 жылдан бері қолданылып келеді. Қазақстанда мұнымен айналысатын 20-дан астам репродуктивті орталық бар. Бұл тәсілді таңдайтындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл тіпті дәрігерлердің өзін алаң­датып  отыр.

Елімізде 16 мыңнан астам ер-азамат белсіздікке шалдыққан. Демек, осынша отбасы  бала  сүю қабілетінен­ айырыл­ған. Еліміз  бойынша  жылына­ тек бір клиниканың өзінде дәл осы тәсілмен кемінде 60-70 бала туады. Ал біздегі донор­лар саны саусақпен санарлық. Де­мек­, осы санаулы донор­дан жыл сайын жүздеген бала дүниеге келіп жатыр.

– Қазақ ұлтының ұлттық коды – ең таза қаны еді. Енді ХХІ ғасырдың аяғында біздің ұлттық кодымыз жойы­лып кете ме деген қауіп бар. Мына түрімізбен кете берсек, соған жетеміз. Біз тексізденуге өзіміз жол беріп отырмыз. Донорды алсын­, әке болсын, ана болсын. Бірақ оны заңдастырып, қай елдің, кімнің баласы­н алып отырғанын білетін нақты факті­лері болсын. Бұл жерде оны жүйелі түрде заңдастыру керек. Осыны қол­ға алса, ағайынды екеудің бір-бірін алатын қасіретінен арыламыз деп ойлай­мын, - дейді белгілі драматург, «Тексіздер» шығарма­сының авторы Сая Қасымбек.

Иә, бізге келер басты қауіп донор туралы ақпараттың жасырын сақ­талуында болып отыр. Ұрық донорлығы кезінде гендегі психологиялық һәм физиологиялық ерекшеліктер балаға өтеді. Сондықтан дәрігерлер мұндай қадамға барар алдында қан тазалығын сақтауға баса мән беру қажетін  айтады.

Алайда ұрық донорлығын таңдайтындар тек ерлі-зайыптылар емес. Дені жалғыз басты қыздар мен әйелдер көрі­неді. Олар клиникаға келіп, каталогтан таңдаған жанына тап­сырыс бере алады. «Бойы 170 см, салма­ғы 68 келі. Шашының түсі қара, ішпейді, шекпейді, маманд­ығы қаржыгер. Кіші жүз. Әлім». Донор анкетасында бар болғаны осылай ғана жазылғ­ан мәліметтер көрсетіледі. Тіпті, донорға жүгінген ерлі-зайыптының өзі де болашақ балаларының әкесі кім екенін білуге хақысы жоқ. Міне, осы бір жан кемінде 20 рет донор­ бола алады. Демек осы бір жапыр­ақ қағаз өзінің тегінің кім екенін білмейтін тағы 20 баланың дүниеге келуіне себеп болады. Ал егер бір донор бірнеше клиникаға жасушасын өткізген болып шықса, бұл сан еселене түсуі мүмкін. Осы жерде жеті атадан аспайтын жауапкершілікті де ұмытып отырған жайымыз бар.

– Менің ұсынысым Қазақстан бо­йынша аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір базасын құру керек. Сосын барлығы тек сол орталықтан ғана алып отыру керек. Донорлар да тек сол орталыққа тапсыру керек, - дейді репродуктолог-дәрігер  Алмаз Ибрагимов.

Егер бұлай жасайтын болсақ, құл­қынын ақша тескен кей донорларға бір емес, бірнеше рет аталық жасу­шасын тапсыруға тыйым салынар еді. Бұл мәселе Еуропа елдерінде әлдеқашан жолға қойылған. Мәселен, Ұлыбританияда бір донор тек 10 бала­ның биологиялық әкесі бола алады. Жаңа Зеландияда бір донордың аталық жасушасын төрт, Австра­лиядағы бес отбасыдан артық қолданбайды. Аталған елдерді алаңдатып отырған бір ғана мәселе екені белгілі. Ол – бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу, ауру бала санын­ азайту. Ал жеті атадан аспайынша қыз алыспайтын қазақ үшін бұл мәселе жауап­кершілікті қажет етуі тиіс. Шариғатта жасанды ұрықтандырумен перзентті болуға бір жағ­дай­да ғана рұқсат етіледі. Ұрық, аналық жұмыртқа және жатыр некелі жұбайларға ғана тиесілі болуы шарт. Ал, неке болмаған жерде бұл зина жасаумен тең дейді мамандар. Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде барынша ашықтық сақталған. Бала 16-ға тол­ғанда әкесінің кім екенін білуге құқы бар  көрінеді.

– Бір донордан 20 бала туғаннан кейін оны қолдануға болмайды деу дұрыс емес. Ал біздің елімізде халықтың саны сонша көп емес. Яғни, олардың бір-бірімен кездесу мүмкіндігі жоғары. Сол себепті бұл санды ең болмағанда екі есе азайту керек, - дейді «Экомед» орта­лығының директоры Салтанат Байқошқарова.

– Ұрық иесі белгісіз болған жағдайда­ ол жерде адамның тектілігіне нұқсан келеді. Шариғатта бұған қырағы қарайды. Өйткені дүниеге келген баланың тегі мәлім болуы керек.­ Құранда туған баланы өз әкесі­нің атымен атаңдар деген. Ұрықты беруіндегі мақсаты – ұрпақ сүйсін деген ниет. Оны басқа мақсат­тарға жұмсау шариғатта күнә болып есептеледі. Осы күндері өзінің ұрығын белгілі бір орындарға, мекемелерге өткізіп, сыйлау немесе ақша табу мақса­тында жасалып жатқан амал шариғатқа түбегейлі қайшы, – дейді «Салы молда» орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қарасайұлы.

Гүлжан  РАХМАН,

журналист,

Астана  қаласы

 


ЖАЛАҚЫСЫ – 13 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
31.01.2019 12:20

Еңбегің сайлы болса, ішің майлы­ болар. Республика бойынша ең жоғары және ең төмен жалақын­ы кім алады? 2018 жылдың төртінші тоқсанындағы статис­тиканы Sputnik Қазақстан сайты жариялады.

Сонымен, елді елең еткізетін, талайлардың тәтті түсіне айналатын айлықты аталмыш басылымның мәліметінше, кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу, қаржы және сақтандыру қызметі және өзге де өңдеу өнеркәсібі сала­ла­рындағы бас директор алатын болып шықты. Қанша дейсіз бе? 13 миллион 192,4 мың теңге!

Ал ең төменгі жалақы 15,6 мың теңгені білім беру және мемлекет­тік басқару  салаларындағы  үй-жайларды  жинап-тазалаушы  алады екен.

Салалық құрылымдағы ең үлкен атаулы жалақы карьерлерді қазу және өңдеу өнеркәсібінде тіркелген – 390,4 мың теңге. (Орташ­а республикалық деңгейден 2,2 есе жоғары).

* Қаржы және сақтандыру қызметі­нде – 364,7 мың теңге  (2,1 есе  жоғары),

* Кәсіби, ғылыми және тех­ни­калық  қызметте – 332,5 мың теңге­ (1,9  есе  жоғары),

* Ақпарат және байланыс саласында – 261,7 мың теңге (1,5 есе жоғары),

* Құрылыс саласында – 227,5 мың  теңге  (1,3 есе жоғары).

Ең  төменгі атаулы жалақы 107,9 мың теңгені білім беру қызметкерлері алады екен. Бұл республика бойынша орта көрсеткіш­тен 38,7 пайызға төмен көрінеді.

Аймақтар бойынша ең жоғары жалақы Атырау облысында – 320,5 мың теңге. Бұл орташа респуб­ликалық көрсеткіштен шамамен 1,8  есе  жоғары.

Түркістан облысында 109,7 мың теңге, республика бойынша орташа деңгейден 37,7 пайызға төмен.

Жұрттың қалтасына түсер қаражат­ын санап, айды аспанға шығару мақсатымыз емес. Еңбе­гіне қарай өнбегі. Десе де, орташа айлық мөлшері әлеуметтің әлеуе­тін саралауға септігін тигізеді. Қалың бұқараның тұрмыстық жағдай­ын бағамдауға мүмкіндік береді. Осы тұста «сананы тұрмыс билейді» деген тәмсіл еріксіз ойға оралып тұр. Бұл сөздің қашан, қайда пайда болғаны беймәлім, бірақ ел арасында жиі еститін тіркесімізге  айналды. Қазір бұқара­ 50 теңгеге нан ала ма, әлде газет сатып алғанды құп көре ме? Айлығыңыз шайлығыңыздан артылса, нұр үстіне нұр. «Жалақым жоғары» деп кім айта алады?..

Ж.БАҒЛАН

 


Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары