Өзекті мәселелер

  • 17.01.19

    Марат  ӘЙТІМОВ:

    Қас талант тасада қалмайды. Түптің түбінде танылары хақ. Күндердің күні маңдайы жарқырап, жұлдызы биіктей түсетіні белгілі. Сөйтіп, аты мәшһүр адамға айналары сөзсіз. Бұған мыңдап мысал келтіруге болады. Айталық, миллиардтаған қытайды мойындатқан, әлемдік «мен» деген өнер майталмандарының өзі құрметпен ...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Қызылордалықтар қашанда күн суыта бастасымен жандарын шүберекке түйіп отырады. Бұрыннан-ақ тосыннан келетін апат халықты дүрліктіріп қойған. Дария суының арнасынан асып, елге төндірер қаупін айтамыз. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы да бөлініп келеді. Арнайы бөгеттер салынып, мұз жару жұмыстарына дейін ел қазынасынан ақша шығарылады. Иә, табиғаттың тосын мінезін біліп болмайсың. Десе д...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Халық арасында білім саласына қатысты айтылатын сын көп. Әсіресе, жұмыс іздеп, мұғалім болу­ды армандайтындар, тіпті, еден жуушы болып жұмыс істегісі келетіндерден «мектептің ставкасы мынанша» дегенді естіп жүрміз. Алғашында сенбейтінбіз. Өркениетке қадам басқан елімізде еден жуушыдан пара сұрамайтын болар деп ойлайтынбыз. Бірақ дәл сондай жағдаймен бетпе-бет келгендердің бар екені жасырын емес...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Баспанасыз жүргендердің бағы жанатын болды. Талайдың табал­дырығын тоздырып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасылар енді өз елінен пана табады десек те қателеспейміз. Тек жиған-тергеніңіз қалтаңызда емес, банк есепшотында болса болғаны. Естеріңізде болса­, өткен жылы Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы жылдық есеп беру кездесуінде:

    ...
    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Әрдайым әдемі болып жүруді қалайтын қыз-келіншектер киім үлгісіне келгенде ерекше талапшыл. Тіпті кейбір сұлулар үшін құрбы­ла­рының үстіндегі жейде немесе көрші­сінің спорттық белдемшесінің өзіні­кімен бірдей болуы «ғаламдық проб­лемамен» пара-пар. Мұндай көрі­ніс­ке сіздің де жиі куә болып жүрге­ніңізге сенімдіміз. Байқағанымыз, бұрымдылар өзгеше болуға ұмтылады. Бүгінде талғампаз бойжеткенде...

    Толығырақ...
Қаңтар 2019

ТІРШІЛІКТІ “ТҰНШЫҚТЫРЫП” ТҰРҒАН ТАУАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.01.2019 12:15

КҮНДЕЛІКТІ   КӨРІНІС

Облыс орталығындағы үлкен әрі «абыройлы» супермаркеттен сауда жасадым­. Касса қызметкерлері зат­тарымды рет-ретімен сұрыптап, сыртында арнайы жазуы бар полиэтилен пакетке  салып  берді. ТЕГІН.

Жұмысқа келер жолдағы кішігірім дүкенге күнара бас сұғамын. Ілтипатын білдіріп, қос қолдап ұстайтын полиэтиле­н  қалташасына  заттарымды  сыйдырып, қолыма  ұстатады. Көлеміне  қарай  АҚЫЛЫ.

Желді күні құстардың қанатын талдыры­п, ұшып бара жатқанының куәсі  боламыз.  АЯНЫШТЫ.

Ең сорақысы, жүздеген жылдар бойы шірімейтін, қоқыстар ара­сындағы полиэтилен пакеттердің аспанд­а ұшып, жерде аяққа оралып жүргені... Пластикалық қалдықтардан өндірілген бұйымдардың тіршілік иелерінің  өмірін  жалмауы... ЭКОЛОГИЯЛЫҚ  ЗАРДАП.

Ал, біздің күнделікті сауда жаса­ғанда, қоқыс шығарғанда, тіпті тамақ сақтағанда да тұтынып жүрген затымыздың зардабы шаш етектен асып түседі. МӘСЕЛЕ.

 

ТЕГІН  ЗАТ  «ОЛЖА»  ЕМЕС

Бала кезімдегі бір оқиға есімде қалып қойыпты. Ол кезде қоғамдық көлікте жүру құны 15-20 теңгені құрайды. Азық-түлік өнімдерінің қаптамасы да, қабы да қатты қағаздан жасалатын. Дүкенге барғанда қаптан тігілген дорбаны өзімізбен алып жүретінбіз. Кейіннен жар­тылай синтетикалы қолдорбалар айналым­ға түсті. Бір күні автобусқа төлейтін ақша болмай, тәтелерім жолақысына сондай екі дорба берген еді. Әлгі  жүргізуші де ләм-мим демей­ алып  қалғаны көз алдымда сақтаулы. Біз тұтынып жүрген полиэтилен пакеттердің бүгінде дәл осындай құны жоқ. Өйткені қазіргі өнімдердің көбі ақаулы, бір реттік делінгенмен, үстінен салынған зат кейде астынан домалап түсіп жатады. Сондықтан да сауда орындарында бұл пакеттерді екі-үш қабаттап салып береді. Ал тұтынушы оны өзіне тиесілі «олжа» деп қабылдап, тегін нәрсеге құмарлығын арттыра түсетіні анық. Одан қалды, қоқыс шығаруға таптырмас дүние. Жалпы, полиэтилен пакеттер алғаш рет АҚШ-та сэндвич, нан, жемістер мен көкөністердің сыртқы орамасы ретін­де 1957 жылы шығарыла бастады. Он шақты жылдан кейін бұл елдегі өнімдердің 30 пайызы осындай қаптамаға оралды. 1973 жылы Батыс Еуропада пакет өндіру көлемі 12 млн данаға жақындады. Сексенінші жылдары ірі сауда орындары кеңінен қолдана бастаған соң 2000 жылдары бұл пакеттер әлемдік деңгей қажеттілігіне байланысты жылына 5 трлн данаға дейін өндірілді. Әрине, бұл кезде тауардың зияндылығы жөнінде ешкім ешнәрсе айта қоймады. Қазіргі күні бұл пакеттердің түрі де, көлемі де жеткілікті. Экологиялық зардабы пайдасынан асып түспесе, кем  емес.

 

ПОЛИЭТИЛЕН  ПАКЕТ  ӨНДІРУГЕ

ТЫЙЫМ  САЛЫНА  МА?

Ашық дереккөздер мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемдік деңгей­дегі теңіздер мен мұхиттарға 7 млн тоннаға тарта қалдық пакеттер тасталады. Соның салдарынан жүз мыңдаған тіршілік иелері пластикалық қоқыстан зардап шегеді екен. Осындай экологиялық зардаптарына байланысты Еуропаның кей елдерінде пластикалық дорбаларды қолдану үрдісі тыйылған. Мәселен, Дания 1994 жылдан бастап полиэтилен пакеттерді тегін таратқан дүкендерге салық салады. Фин елінде қоғамдық орындарда қолданылған пакеттерді қабылдайтын автоматты қондырғылар бар. Француздар да 2016 жылдан бастап пластикалық бұйымнан жасалған пакеттер мен ыдыстарды өңдеуге және қолдануға тыйым енгізген. Әріге көз тастамай-ақ, көрші ресейліктердің өзі бұл өнімді қолдап отырған жоқ, ондағы 70-ке тарта сауда маркеттері пакет таратуды доғарды. Өзбек ағайындар да биылдан бастап бүл мүлікке тыйым­ салуда. Ал Қазақстан ше? Бізде әлі күнге пакеттер құстармен жарыса ұшып жүргенінің куәсі бо­ламыз. Ал экологиялық алаңдаушылық  мәселесі  ушығып  тұр.

- Әлемнің көптеген елінде пластик пакеттерді, ыдыстарды тегін беруге тыйым салып жатыр немесе шектеу қоюда. Мәселен, Кенияда мұндай қалталарды пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Ал, Англияда мұны тек ет сатушылары ғана қолдана алады. Неге Қазақстанға да осы тәжірибені енгізбеск­е? Біз кімді қорғап отырмыз? Бізде де өндірушілер бар емес пе?! Пластма­сса  өнімдерінің  зияндылығы анық емес пе? «Coca-Cola» мен «Pepsi» секілді пластиктен жасалған контейнерлердегі сусындар өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар 2020 жылға дейін пластикалық өңделген мате­риалдың көлемі 40 пайызды ғана құрайтын  құтыларда сусындар шығаратынын мәлімдеген еді. Бұл Қазақстан өндірісіне қаншалықты әсер етеді? «Райымбек ботлерс», «Көкшетау минера­лды сулары» секілді өзге де өндірушілерге неге осындай міндет қоймасқа?! - деген мәтінмен осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын ел азамат­ы Саржан Саят ҚР Инвес­ти­циялар және даму (қазіргі Индус­трия­  және  инфрақұрылымдық  даму – ред.)  министрлігін­ің сайты­на  ұсы­ныс­  айтқан­  еді.

Оған министрлік тарапынан жауап­ та берілді. Бірақ полиэтилен пакеттерден қашан құтылатынымыз жөнінде нақты уақыт көрсетілмеген.

- Қазақстан нарығында қайталама шикізатты пайдаланып, полимер қаптамалар өндірісімен айналысып отырған 50-ден аса компания бар. Компаниялардың басым бөлігі Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент қалаларында шоғырланған. Қалған қалаларда 1-2 компания ғана. Қазіргі таңда ҚР Энергетика министрлігі бір рет пайдалануға арналған полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қою немесе тыйым салу бойынша халық­аралық тәжірибені зерттеп, Қазақстанда бөлшектеп сатуда полиэтилен пакеттердің өндірісіне біртіндеп тыйым салу керек деп есептеп отыр. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде полиэтилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды енгізу. ІІ кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым­ салуды енгізу. Бұл бастама жергілікті басқару органдарының, «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі ассоциа­цияның  және  «Атамекен» ҚР ҰКП-нің қарауына жолданды. Жергілікті басқару органдары бұл бас­таманы толықтай қолдады және балама­ нұсқаларын өндіру қажет болад­ы деп есептейді. «KazWaste» полиэ­тилен пакеттерді тегін таратуға тыйым салуды қолдап отыр және полиэтилен пакеттерді сатуды міндеттеу керек деп есептейді. Алайда полиэтилен пакеттердің өндірісіне тыйым салуды қолдамады. Өйткені, біріншіден, кішігірім полиэтилен пакет­ті пайдалану тиісті гигиенаны­ қамтамасыз етеді (нанды және нан өнімдерін, сүт өнімдерін және тағы да басқаларды қорғайды). Екіншіден, Қазақстанның пакет өндірушілері қаншама жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. «Атамекен» де бұл норманың кәсіпкерлік қызметке шектеу салып, жұмыссыздықты ұлғайтып, бюджет кірісін төмендетеді деп есептейді. Энергетика министрлігі бұл бастаманы қалыңдығы 0,015 мм-ден жұқа полиэтилен пакеттерден өзге, яғни бір рет пайданалануға арналған полиэтилен пакеттерге қатысты қолдануды ұсынып отыр. ҚР ЭМ жұмыссыздықты болдырмау үшін және бюджет кірісін тоқтатпау үшін балама қаптамалар өндірісіне жағдай жасау мәселесін қарас­тыру қажеттігін айтады. Себебі оларды қол­данғаннан кейін адамның ден­саулығына да, қоршаған ортаға да зиян келмейді. Сонымен қатар, қаптама өнім­дерінің балама нұсқаларын өндіруде шығынды субсидиялау мүм­кіндігі де қаралуда, - деді ҚР Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс  Қасымбек.

Статистикалық деректер көзі адамзат баласының жылына 4 триллион пластик пакеттерін қоқысқа тастайтынын мәлімдеп отыр. Салдары­нан 1 жылда 1 миллион құс, 100 мың су сүтқоректілері және есепсіз ұсақ балық қырылады. Жыл сайын әлемдік мұхиттарға 6 мил­лион 300 мың тонна қоқыс тасталса, соның басым бөлігін полиэтилен ма­териалы құрайды. Есептей беріңіз.

 

ЖҮЗ   ЖЫЛДАН   АСТАМ ШІРІМЕЙТІН   ҚАЛДЫҚТАР  БАР

Әлем теңіздерінің пластикалық қоқыстан қандай зардап шегіп жатқанын естуіміз де, көруіміз де алғаш емес. Көкжиекке көз тастауға ерінсеңіз, өз өлкемізде су айдындарындағы тіршілік иелерінің өмірімен қалай қош айтысып жатқанына бір сәт назар аударсаңыз да болады. Әсіресе, Арал теңізіндегі бір реттік қолдануға арналған пластикалық кермешелердің салдары ондағы сусыз­ тіршілік ете алмайтын мақұлықтардың өмірін жалмап жатыр. Одан қалды, пластикалық қалдықтардан жасалатын үрлемелі шарлар да құстардың аяғына оратылып, олардың өмір сүруіне кедергі келтіреді. Сондықтан аспанға шар ұшыру үрдісіне де тыйым салған жөн. Ол түгілі, үйіңізден шыққан қоқыс араласқан жуындыны жеймін деген қора жануарлары да целлофан қаптаманы қорыта алмай, өлексеге айналады.

Ахметжан Сағындықов, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің  экологы:

- 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына полиэтилен пакеттерді қабылдауға және көмуге тыйым салынды. Қоқыстарды тұрмыстық санатына байланысты сол жерде іріктеп, тиісті орынға өткізеді. Бұл жұмыстар ҚР Экология Кодексінің 301-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Яғни, ҚР Экологиялық Кодек­сінің 301-бабының 1-бөлігі, 9-тармағында пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамаларын полигондардың қабылдауына келмейтін қалдықтар тізіміне жатқызған.

Береке Данышманов, «Ибрайхан және К» ЛТД ЖШС-нің бас техно­логы:

- Полиэтиленді пакеттер қоршаған ортаға едәуір залал келтіреді. Өртеген кезде ол ыдырамайды, улы газдар бөледі. Түрлі тыныс алу жолдарының ауруына себепші болады. Сондықтан полиэтиленді қалдықтар қатты тұрмыстық қалдықтардан іріктеу алаңында  бөлек  іріктеледі.

Сайлаубай  Жұбатырұлы,  жазушы-эколог:

- Полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдықтардан жасалатын тауарлардың табиғатқа зияндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті әлемдік проблема болып тұр. Өркениетті елдердің біразы табиғат­қа қисапсыз залал келтіріп отырған бұл тауарды тұтынудан бас тартып отыр. Әлемдік деңгейдегі мақалаларды оқып қарасаңыз, Антарктидадан Солтүстік теңізге, Гаваиге дейін әлемдегі әр құс­тың ас қорыту жүйесінде пластикалық қалдық кездеседі. Суға түскенде де өңін бұзуы қиын полиэтилен пакеттерді теңіз жануарлары медузаға ұқсатып жеуге ұмтылады екен. Осындай оқиға салдарынан жыл сайын 100 мыңнан аста­м кит, су тасбақасы, итбалықтар мен құстар өлуде. Қарапайым күннің өзінде жануарлар осы қалдықтардың кесірінен қырылып жатыр. Сондықтан біздің елге де полиэтилен тауарлардың кең таралуына, қолданылуына тыйым салған жөн секілді.

 

Әлемдік зерттеу қорытындысына көз жүгіртсек, табиғаттың өзі жаратып тұрған апельсиннің қабығы 2-5 апта, ал алманың дәні 2 айдың ішінде табиғатта еріп жоғалады екен. Сіз оқып отырған газеттің қағазы 6 апта, темекінің қалдығы 1-5 жыл арасында, қағаз орамал ылғалды жағдайда 1 ай ішінде шіриді. Сағыз тастаған жерінде 5 жылға дейін өңін бұзбай жатады. Ал пластикалық негізде өндірілген тауарлар 50-100 жылдың арасында, пластикалық құтылар және қаңылтыр банка 50, балық қармағының жібі 600 жылда жойылады екен. Полигондарға тастауға рұқсат етілмейтін полиэтилентерефталат құрамынан жасалған шиша табиғатта 100 жыл бойы сақталса, теңізде жойылу мерзімі 400-600 жыл аралығын құрайтын көрінеді. Ал оны өртеген кездегі иіс тіпті адамның ағзасын улайды. Ғалымдар да табиғи ортада ұзақ жылдар сақталатын қоқыстар ауаны ластап, нәтижесінде қатерлі ауру тудыратынын айтып отыр. Таза экологиялық өнім емес заттардың зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жететінін бағамдап отырған боларсыз. ТЕГІН өніммен табиғатты ластамайық!

 

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Қазақстан  Журналистер

Одағының  мүшесі

 


«ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУ» АУЫЛ ӘКІМІНЕ ЖҰҚҚАН БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.01.2019 12:07

«Қолдан келмеген шаруаның бәрін болашаққа ысырып тастадық» депті тілден қағынған біреу. Қағілез қауым астарлы әзілдің қатпарын түсінген шығар, бәлкім?! Иә, әдеттегідей жылдағы «дәстүрге» сай әкімқаралар «күнделіктерін»  ашып, ел алдындағы  есепті кездесуін бастады. Осы төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітсек дейміз...

Бұрындары бұқарадан «аудан әкімі ауылға ешқашан ат ізін салмады» деп еститін едік. Бүгінде ақ жағалылар мұндай «әдеттен» арыла бастаған ба, әлде, олардың халыққа жақындай түскендігінің белгісі ме, әйтеуір жыл бойы елде атқарылған шаруалар бары­сын егжей-тегжейлі баяндап, жүздесетін болды. Әрине, жергілікті биліктің бұл әрекетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазір қарашаның көзі ашық, көкірегі ояу. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін дәуір әлдеқашан өтті. Сондықтан атқамінерлер есепті кездесуге атүсті қарауды қойған сыңайлы. Өйткені БАҚ-тан бө­лек, әлеуметтік желінің әлеуеті артып, кәдімгідей ықпалды күшке айналып үлгерді.

Ауыл жастары қандай мәселеге кімнің жауапты екендігін біледі және сұрайды. Бұл – оның құқығы. Десе де, өңірдегі кейбір ауыл ақсақалдары «жауырды жаба тоқудан» алыстай алмаған тәрізді. Аудан басшыларының есепті кездесуі қалай және  қай деңгейде ұйымдастырылатынын, қа­лыптасқан сценарийлерге өзіңіз де қанық шығарсыз, құрметті оқырман! Бұдан бөлек, ауыл әкім­дері де қулықтың қыр-сырын бір кісідей меңге­ріпті-міс. Олар «елдегі бар түйткілді жоғары жаққа жайып салады-ау» деген ақсақалдардың аузын «майлап», шалдар­ға шай беретінді шығарыпты. Одан қалды, жергілікті жерде мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін адамдарды есепті кездесуге алдыру баяғыдан бар. Ал аузында «бас­тырығы»  барлардың  «мәу» демейтіні шындық. «Ауыл әкімінің жұмысымен таныспыз ғой. Біраз шаруа атқа­рылды. Аудан көлемінде қандай игілікті істер атқары­луда?» деп мик­рофонды аудан әкіміне ұсынатын «салт» орна­ғалы  да  көп  болды.

Айтпақшы, үш өтірік­тің бірі – статистика. Осы  статистика дегеннен шығады, «дәстүрлі» жиында қылмыстың тө­мендеп, барымташылық бәсеңдеп, есесіне, аудан бюджеті  ұлғайып, инфра­құрылымның жетіліп шыға келетіні  несі?!

Ауыл тұрғындары оң бағалаған бұл жиын ба­та берумен, алғыс айтумен аяқталатыны анық. Ұмытып­ барады екенбіз, есепті жиыннан ұйықтап қайтқан қауымның да қарасы қалың.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


НЕСИЕ НЕСІБЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
17.01.2019 11:53

Көше бойын жағалап жүрер болсаңыз, «ақша таратушы» компаниялар туралы мағлұматқа біраз қанығып қаласыз. Екінші деңгейлі банктерден бөлек, пайызының «шекесін» томпайтып тұрып несие беретін түрлі микроқаржылық ұйымдар бас сұқпасыңа қоймайды. Айлығы шайлығынан аспай тұрған халық үшін «қарызға» деген нәрсе «тегін» сөзімен теңесіп кеткелі жиырма жылдың жүзі болды. Содан бері жұрт өзінің жағдайын жасау үшін тыраштанып тапқан жалақысын жаналқымнан қысып тұрған несиеге төлеп келеді.

Бір айлық қаражатымен жыртығын жамап жатқанда тігісі сөгілетін кедейлік өмірдің тоқымында отырғанымыз рас. Әйтпесе несиеге үйлену тойын жасап, ипотекаға үй, бөліп төлейтін банктік қарыздарға тұрмыстық қажеттілігін алып отырған бұқара болмас еді. Ол ол ма, қазіргі сықиып киініп жүргендердің желкесінде жарты миллионға дейін қарызы, ауырып ем алып жүргендердің мойнында жүз мыңдаған несиесі бар. Өйткені қазір дәріханалар дәрісін бөліп төлеуге берсе, емдеу клиникалары қарызға ем жүргізетін деңгейге жеткен. Бұдан сандық технологиялық көрсеткішіміз артты деп қуанудың қажеті жоқ. Бұл – халықтың әлеуметтік ахуалының күн санап тұрақтылықтан ауытқып бара жатқанының көрінісі.

Қазақстан экономикасы 2008-2017 жылдар аралығында қиын жағдайды бастан­ кешірген. Мұны Дүниежүзілік банк сарапшылары мәлімдеді. Осы уақыт аралығында кері кету көрсеткіші бойынша әлемнің бірқатар елдерінің экономикасын  артқа  тастаған.

- 2000 жылдары Қазақстан эконо­микасы ерекше қарқынмен дамыды. Себебі энергоресурстардың  бағасы өсіп, ішкі  сұраныс  ұлғайды  және  инвес­тиция көлемі артты. Дәл осы кезеңд­е кедей­шілік пен әлеуметтік теңсіздік көрсеткіші оң нәтиже көр­сетті. Қиындық 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін өршіген. Қазақстан экономикасының баяу­лағаны соншалық, ол 2008-2017 жылдар аралығында 10%-дан 4%-ға дейін төмендеді, - деп жазылған Дүние­жүзілік  банктің  зерттеуінде.

Ал дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекші экономисі Хулио Ревилла «экономика сек­торларының арасындағы өнімділік көрсеткішінің құлдырауы Қазақстанның дамуына кедергі келтірді. Халықтың табысы азайып, әлеуметтік жағдайы нашарлады, ауыл шаруашылығы тығырыққа тірелді» дегенді алға тартып отыр. Біздегі ахуалдың аттан ауып тұрғаны­н сырт көз де бақылап отырғанын осыдан-ақ аңғару қиын емес. Халықт­ың қарыз  «құдығына» бас қойып, несиенің құрығына ілінетіні түсінікті құбылыс. Бүгіннің өзінде елімізде 40-қа жуық банк жұмыс істеп тұр. Банктік жүйе де бұлыңғыр. Олай деуі­мізге себеп, өткен жылдың қорытын­дысы бойынша еліміз­дегі екінші деңгейлі банктерге айып­пұл салу және өндіріп алу түріндегі 23 санкция мен жазбаша ұйғарым түріндегі 33 шектеулі ықпал ету шарасы көрілген. Тіпті әкімшілік жауапкершілік көзделген бұзушылықтар үшін банктерге салын­ған әкімшілік айып­пұлдардың жалпы сомасы 6 млн 965 мыңнан астам теңгені  құраған. ҚР Ұлттық  банктің  ресми мәлімдеуінше, «Еуразиялық банк» АҚ – 2 млн 405 мың теңге, «Сбербанк России» ЕБ АҚ – 1 млн 154 мың 402 теңге, «ForteBank» АҚ – 1 млн 202 мың 500 теңге, «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ – 757 мың 575 теңге, «Банк Центр Кредит» АҚ – 962 мың теңге, «Цеснабанк» АҚ – 401 мың теңге, «Қазпочта» АҚ 98 мың 650 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Несие саясаты айрықша дамуда. Оған дәлелдің де қажеті жоқ. Дегенмен, соңғы уақыттары халықтың тұтынушылық несиеге деген сұранысы күрт артқандығын айтпасақ, «ауруын жасырған өледінің» кері келері анық. Оған жоғарыда айтқандай, қарапайым жұрттың дәрі-дәрмек, киім-кешек, ем-дом, тұрмыстық техникалар мен тауарлар үшін несиеге белшесінен батуы себе­п. Өткен жылғы дереккөздерге сүйенсек, республика бойынша тұтыну несиесін тұтынғандардың қарызы 2,9 триллионға жеткен. Одан қалды, ав­токөл­ікті несиеге алу бойынша да соңғы қатарда емеспіз. Әсіресе, Қызыл­орда облысындағы тұтынушылық несиеге­ арқа сүйейтіндер пайызы 60-қа жетіп­ті-міс. Міне, халықтың қалыпты жағдайы – осы. Айтылып жүрген орта­ша­ жалақы  көлемі  ең құрығанда 100 мың теңгеден асса, мұндай келең­сіздік көз алдымызға көлеңкесін түсірмес еді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ҚАЗАҚТЫҢ КӨБЕЙГЕНІ БИЛІККЕ КЕРЕК ЕМЕС ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.01.2019 11:50

Статистика комитеті сайтының мәліметі бойынша бүгінгі күні халық саны 18 млн 398 мыңнан асады (ақпарат секунд­ сайын өзгеріп тұрады). Бұл дегенің­із – өзбек елінің жартысы, ресейлік­ бір қаланың тұрғыны. Қытайлармен тіпті салыстыруға да келмей­ді. Ал жеріміз кең. Әлем бойынша жерінің кеңдігі жөнінен 9-орынды алып отырмыз. Тәп-тәуір. Десе де, қазіргі күні халық саны аз болғандықтан да, қаншама ұлан-ғайыр жеріміз бос жатыр. Рас. Ел аралап шықсаңыз, бір облыс пен екінші облыстың арасында түк жоқ. Тек жазық даланы аңғаруға болады. Сондықтан  бізге халық  капиталын  кө­бейту  қажет.

Алайда жоқшылық, баспана мәселесі, мардымсыз жалақы мен бір айдан келесі айға әрең жететін зейнетақы мен жәрдемақы тәуелсіздігімізді алған жылдардан  бергі  халық  санын  20 мил­лионнан да асыра алмай­ келеді. Тіпті, дүниеге ұрпақ әкеліп, адам капиталын көбейтетін аналарға босан­ғаннан кейін берілетін жәр­демақының да көлемі ауыз толтырып айтарлықтай өспейді. Газетіміздің өткен санында ҚР Еңбек, әлеумет­тік қорғау және көші-қон коми­теті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы А.Байтұрсынқызының 2019 жылы жәр­демақының қаншаға көбей­тілгендігі туралы мәлімдеме­сін жариялаған едік. Назар салсақ, бала туғанда берілетін бір жолғы жәр­демақы мөл­шері 2018 жылы бірінші, екінші, үшінші бала туғанда 91390 теңге болса, осы жылы 95950 болып, 4560 теңгеге ғана көбейтіліпті. Ал төрт және одан да көп бала туғанда­ берілетін бірреттік жәрдем­ақы 2018 жылы 151515 теңге болса, биылдан бастап 7560 теңгеге артқан екен. Сөйтіп, енді 159075 теңге берілетін болып бекітілген. Ал ай са­йын­ғы төленетін жәрдем­ақыларды айтуға аузың бармайды. Олар ары кетсе, жыл сайын 2 не 3 мың теңгеге ғана көбейіп отырады. Оның үстіне еліміздегі мұндай жәрдемақылар тек бала бір жасқа толғанға дейін ғана беріле­ді.

Мысалы, көрші өзбек елін­де 2018 жылдың 8 тамызында балаларға екі жасқа дейін берілетін жәрдемақы (бұл елде бір жасқа дейін емес, бала екіге толғанша беріле­ді – Ж.Е.) 2 есеге өскен. Нақтылайтын болсақ, егер бұрын ай сайын  бір  балағ­а 172 240 сум берілетін болса, енді ол жаңа айлық көрсеткіш бойынша 184 300 сумға көбейтіліп, жәрдем­ақылардың екі есеге ұлғайтылуына байла­нысты, осы соманың екі еселенгені төленетін болған. Яғни олар енді 368 600 сум алатын болып отыр. Ал халқы­ның саны 25 миллионнан асатын алашапанды ағайынның жер көлемі бар болғаны біздің екі не үш облысымыздың жалпы аумағына сәйкес келеді.

Көрші Ресей елінде де аналардың жағдайы жақсарып келеді. Ертеңін ойлағ­ан ел президенті жап-жақсы бастама бастаған. Мәселен, бұл елде 2007-2019 жылдар аралығында екінші не одан кейінгі баласын босанған аналарға бірреттік төлем жасалынады. Бұл, орысш­а айтқанда, «материнский капи­тал»­ деп аталынады. Ал бұл бірреттік төлем Ресей елінде 453 026 рубльді құрайды. Яғни біздің теңгеге шаққанда 2 265 130 теңге екен. «Аналар бұл ақшаны үй алуға, балаларын оқытуға немесе тағы да басқа жағдайларға пайдалана алады» деп жазған www.pfrf.ru сайты. Мұнда мұнан өзге де көрсетілетін жәрдемақы түрлері көп. Қандай қолдау десеңші!

Ал Финляндияда баланың жәрдем­ақысын беретін кезде әйелдің жүктілік бойынша дер кезінде есепке тұруын міндетті түрде ескереді екен. Бұл елде балаға жәрдемақыдан бөлек «пакт» төленетін көрінеді. Кейбір деректерге сүйенсек, пакттың көлемі ақшалай жәрдемақыдан да көп болатын көрінеді. АҚШ-та бала тууына және күтіміне қатысты жәрдемақы тек әлеуметтік осал топтарға беріледі. Бұл да жақсы. Ал Эстонияда бірреттік жәр­демақы 320 еуро екен. Егер үшем туса, әр балаға 1000 еуродан төленеді. Сондай-ақ бала белгілі бір жасқа толғанша берілетін жәрдемақы түрлері бар елдер де бар. Мысалы, Ұлыбритания 10 жас­қа дейін ай сайын 105 еуро, 10 жастан кейін 70 еуро төлесе, Голландия әр балаға­ 6 жасқа толғанша айына 58 еуро, 6-11 жас аралығында 70,5 еуро, 12-17 жас аралығында 82 еуро төлеп отырады екен.

Тәуелсіз журналист Тоқтар Жақаш фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақ­шасында:

– Кеудесін  ашқан  есуас  қыз  ұлттық трагедия  емес.  Ұлттық  трагедия деген – көпбалалы отбасыға берілетін 16 мың теңге жәрдемақы мен депутаттардың 900 мың теңге жалақысы! Әне, ұлтқа кереметтей жаның ашыса, осыны эфир­де­  талқылашы! - деп жазған еді.

Рас. Елімізде ана мен баланың жағдай­ы осылай жасалып жатса да, «шүкірлікке» үйреткен тәрбие олардың бір бас көтеріп, «жәрдемақы көлемі аз, көбейтіңдер» деп айтуға жібермей отыр. Есесіне, депутаттарымыздың жалақыларының аздығына шағымданып, көтеруін талап еткенін көргенде, жағамызды ұстаған едік! Ойлап қарасаң, қазақтың көбейгені билікке, ел азаматтарына керек емес секілді. Басқалай бағамдай да алмай отырмыз! Түптеп келгенде, жердің сатылуы да осыдан шығады емес пе? Егер Қытай секілді миллиардтан асып жатсақ, жерді сатпақ түгілі, өзіміз тұруға қуықтай орын таппас едік.

Жансая  ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ТАРИХИ ЖОЛ мен БҮГІНГІ ЖОЛ ТОҒЫССА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.01.2019 11:45

Қызылорда  облысы  әкімінің  назарына

Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында Арал ауданы, Құмбазар елді мекенінің бір топ ақсақалдары мені арнай­ы ат сабылтып іздеп келді. Қолдарында 2013 жылғы облыс, аудан көлеміне тарайтын газеттері бар. Басылымдарда бір топ ауыл тұрғындарының сізге арнайы жазған хаттары  жарияланыпты.

Онда: «Біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық­қа Жолдауын ықыласпен тыңдадық. Оның «Қазақстан - 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты­» атты Қазақстан халқына Жол­дауынан экономиканың күретамыры – жол құрылысы екенін нақтылаған сөздері біздің ауылдың шешімі табылмай келе жатқан келелі мәселесіне де қатысты екенін байқадық.

Расында да, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне жолдың маңызы айрықша­! Олай дейтініміз, кезінде «Құмбазар» деген­ше, «құт базар десеңші» делінген ауданымыздағы  ең  шұрайлы  да  мазалы жердің бірі – осы Құмбазар елі. Ауыл шаруашылығына  өте  ыңғайлы болғаны сондай – қиындыққа тап болған  жандар осы маңды төңіректейтін.

Өкінішке қарай, соңғы кезде заман талабына сай жолдың болмауы шаруашылыққа кері әсер етіп, тұрғындар арасында ренішті жағдай­ қалыптастырып отыр. Бірақ, әр істің өз шешуі болатыны сияқты, бұл келелі мәселенің де өз шешімі бар. Ол – Құмбазар мен үлкен жол – трассаны қосса болғаны. Арасы небәрі – 11 шақырым ғана! Әлгі үлкен жол – трасса Қызылжар елді мекені мен Қамыстыбас стансасының бойында жатса, ол Қамыстыбас арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық  жолына  қосылады.

Демек, Құмбазар сынды ауыл шаруашылығына қолайлы жерді үлкен жолмен заманауи талаптарға сай жол салып қосар болсақ, аудан экономикасына оң өзгерістер әкелері сөзсіз», - делінген  екен.

Осының алдында ғана Арал ауданының Ақбай, Бекбауыл және Үкілісай елді мекендерінің бір топ тұрғындары да жолыққан-ды. Олардың да облыс, аудан көлеміне тарайтын газеттерде сіздің атыңызға жол азабын­ тартып отырғандықтарын білдірген хаттары жарияланған екен. Ол газеттерде: «Бүгінгі таңда діні­міз, рухани құндылықтарымыз өзімізге, мұсылман боп есептелінетін қазақтарға, қайта оралып жатқан мына заманда – Арыстан баб әулиенің жеті жердегі жайының бірі – Ақбай елді мекенінен 20 шақырым жердегі қасиетті орынға келіп, мінәжат етіп жатқан халықта қисап жоқ. Алайда халықтың қасиетті орынға­ мұнан да көбірек сапар шегуіне жолдың қиындығы  біраз  бөгет  болып  тұр.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолынан бастау алып, Ақбай елді мекенінің үстімен әулие жатқан жайға қарайғы жерді асфальттап, жағдай жасаса, ауданымызда, тіпті Сыр өңірінде туризмнің дамуына да өзіндік серпін берер еді.

Егер теміржол бойындағы Үкілісай, Бекбауыл елді мекендері Ақбай арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ұлы жолына қосылса, Арыстан баб әулиеге мінәжат етушілердің екі бағытта да келуіне жағдай жасалар еді. Әрі Үкілісай, Бекбауыл тұрғындарының тізгіндеуге келмейтін теміржол көліктеріне телміруін кемітіп, жеке көлік тізгініне өздері-ақ ие болып, жағдайла­рын жақсарта түсулеріне мол мүмкіндік туары­  анық-ты», - деп жазылыпты.

Бұл ұсыныстың бәрі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қарапайым халыққа жасап отырған қамқорлық саясаты­мен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ, бұл ұсыныстардың тағы бір ерекшеліктері – ұлтымыздың рухын көтерер, тарихымызды түгелдеуде бағыт-бағдар беріп отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әйгілі «Болашаққа бағдар: рухани­ жаңғыру» атты мақаласындағы: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы тала­й-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімде­рі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», - делінген ойымен ұштасып жатқаны таңғалдырады.

Өйткені, жергілікті тұрғындардың көтерген келелі мәселелері, өткенді былай қойғанда, ХІХ ғасырдағы Сыр бойы халықтарының басқыншылармен күресте Жанқожа батыр бастаған халық көтерілісшілерінің де негізгі күре жолы болғандығы тарих шежірелерінен, аңыз әңгімелерден айқын көрініс тауып, ұрпақтар сабақта­стығын  аңғартып  тұр!

Мәселен, «Қазақстан» ұлттық энциклопедия­сындағы мәліметте: «Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түркімен Аймұхамед балуанды жібереді.­ 1836 жылы Ақирек деген жерде (Ақиректе Арыстан  баб  әулиенің жеті жердегі жайының бірі бар. - Н.Ж.) елге тізесі батқан осы Аймұхамед балуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған­ балуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр  болады» - делінген-ді.

Бұл жеңіс – Сыр өңірі халқының Хиуа хандығының озбырлығына қарсы күрестегі тарихи жеңісі еді. Бұл оқиғадан соң, Хиуа хандығының қазақ жерін басып­ алу, иемдену жоспарлары іске аспай, тек қарақшылық шабуылдармен ғана шектелуге мәжбүр болғаны­ да рас-ты. Демек, бұл тарихи шайқас – соғыс басымдығын қазақтарға алып берген шайқас болатын. Ал, шайқастың болған жері – Ақбай-Үкілсай-Бек­бауыл қара жолының бойында, яғни «Мәстәт» деген жердің  маңындағы  төбе.

Шайқастың тап сол жерде болуы да заңдылық еді. Өйткені, Аймұхамед балуан жасақтары Сыр бойы мен қырды байланыстырып тұрған күре жолмен, яғни «Құмбазар» елді мекені үстімен, Нұрша әулие жатқан жердің тұсымен, қазіргі теміржол өткелі тұрған жер арқылы Ақирекке өтсе, Жанқожа бабамыздың сар­баздары Ақиректің солтүстігіне таман­ жатқан Мақпал көлін (Мақпал көлі – Жақайы­м бабамыздың келіні Мақпал анамыздың құрметіне аталған. Оның бір кездері табиғаты теңдессі­з сұлу, балығы мол көл болғаны әлі күнге халық жадында. Кезінде Көкше жерінен шегініп келе жатқа­н Кенесары ханның көл табиғатына қызығып­, ордасын осы жерге тігуді ойластырғ­аны да аңыз әңгімелерден мәлім. – Н.Ж.) қоныстанып отырған Ақтан батыр бабамыздың қонысы­нан шығып­, Аймұхаме­д балуан жасақтарын күтіп  алғаны­ да тарих­и  шындық.

Ендеше, Құмбазар елді мекені тұрғындарының көтеріп отырған жол мәселесі Нұрша әулие жатқан жердің тұсымен теміржол өткелі арқылы Ақбай-Үкілсай-Бекбауыл бағытындағы жолмен тоғысса, нұр үстіне нұр  болып, тарихымыздың жаңғыра беруіне кең мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, ол жолдың тоғысар­ жері Жанқожа батыр мен Аймұхамед балуанның жекпе-жекке шыққан жері болғандықтан, болашақ ол жерге Жанқожа бабамызға арнап ескерткіш қойылып жатса, ұрпақ рухының көтеріле беруіне де септігі тиер еді.

Тағы да тарихқа жүгінсек, 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыс­тыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бір­неше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресей­дің Райым бекінісінің бастығы Ерофеев бас­таған отряд келіп, хиуалықтарды талқандауға көмектеседі.

Райым бекінісінен шыққан Ерофеев бастаған Ресей­ әскерлерінің жүріп өткен жолы – бүгінде Қамыстыбас-Қызылжар жол бойындағы Ескіұра елді мекені тұсындағы Құмбазар елді мекеніне апарар 9-11 шақырым қара жол. Осы қара жолды заманауи қайта жаңғыр­тып, халық игілігіне берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Иә, сөз соңында түйіп айтар болсақ, болашақ Ақбай-Үкілсай-Бекбауыл жолына Нұрша әулие тұсынан­ теміржол өткелі арқылы Құмбазар елді мекені­н қосса, сонымен қатар, Құмбазар елді мекенін Қамыстыбас-Қызылжар жолына да қосып, шеңбер жол жасасақ, аудан экономикасының, әсіресе ауыл шаруашылығының жаңа серпінмен дамуына даңғыл жол ашылар еді.

Осылайша, тарихи жол мен бүгінгі жолды ұштастырып, жаңғыртуды ұсынып отырған елді мекен тұрғындарының өтінішін сізге жеткізуді ауыл ақса­қалдары маған аманаттаған еді. Аманатқа қиянат жасам­айын деп сізге сол аманатты ақпарат құралдары арқылы жеткізуді жөн санадым.

Нұрбай   ЖҮСІП

Арал  ауданы

 


ТЕНТЕКТІК ТАЛАНТҚА ТӘН PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
17.01.2019 11:17

Марат  ӘЙТІМОВ:

Қас талант тасада қалмайды. Түптің түбінде танылары хақ. Күндердің күні маңдайы жарқырап, жұлдызы биіктей түсетіні белгілі. Сөйтіп, аты мәшһүр адамға айналары сөзсіз. Бұған мыңдап мысал келтіруге болады. Айталық, миллиардтаған қытайды мойындатқан, әлемдік «мен» деген өнер майталмандарының өзі құрметпен қарайтын, дарынды әнші, ел мақтанышы Димаш Құдайбергенді білмейтін адам кемде-кем. Алты құрлықты аузына қаратқан дарабозға жер-жаһанның түкпір-түкпірінен жылы лебіздер лек-легімен айтылуда. Тіпті, телеарнаны ашып қалсаң да, радионы қосып қалсаң да, Димаштың дара дауысын естисіз. Мақтаныш емес пе?

Енді қызықты қараңыз, біз мақтаған Димаш – Ақтөбенің тумасы. Оны Қызылордамен не байланыстыруы мүмкін? Жақында Instagram әлеуметтік желісінде Димаш «Менің өнердегі әкем, ұстазым Марат ағайды Жаңа жыл мерекесімен құттықтауға келдім. Әнші боп қалыптасуыма тікелей септігін тигізген осы кісі», - деп бейнесәлемдеме жолдады. Содан жан-жаққа сұрау салдық. Марат Әйтімов деген кім? Әлем жұртшылығы әншілігімен мойындаған Димаштың бұл кісімен қандай байланысы бар? Ерекше құрметпен қарауының сыры неде?

Бұның себебін білгіңіз келсе, сұхбатқа көз жүгіртіңіз...

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл». Біреу білсе, біреу білмес, Сіз әлемге әйгілі әнші, ел мақтанышы Димаш Құдай­бергенге музыкалық колледжде 4 жыл сабақ берген алғашқы ұстазы екенсіз. Яғни, оның талантын тұңғыш танып, өнер адамы боп қалыптасуына ықпал еткен жанның бірі – өзіңсіз. Біз біл­мейтін  студент  Димаш  қандай  еді? Естелік  айтып  берсеңіз...

– Жалпы, мен Димаштың ата-анасы Қанат пен Светлананы бұрыннан танимын. 1992 жылы жолдамамен Ақтөбе облысына келіп, жұмыс істей бастаған кезім. ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Светлана Айтбаева – менің ең алғашқы шәкірттерімнің бірі. Ал, Димашты 6 жасынан бастап білемін. Былайынша айтқанда, көз алдымда өсті ғой. Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің жанындағы балалар студиясының фортепиано класында білім алды. Ол орта мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң 2011-2014 жылдар аралығында А.Жұбанов атындағы колледждің ән салу бөлімінде оқыды. Менің класымда. Оның өзгелерден ерек болуының себебі мынада. Ол –  Қанат пен Светлананың тұңғышы. Қазақи  тәрбиеге  салсақ, ата-әжесі­нің  баласы. Бала кезінен ата-әженің тәлімін алған адам жаман болмай­тыны анық. Қарапайым. Тәрбиелі. Сезімтал еді. Жалпы, кейбір балалар ойнап жүріп оқиды. Десе де, бұлар берілген білімді бойына тез сіңіріп алатын қасиетке ие. Бәрі емес, әрине. Димаш сабақтың бәрін бестікке оқыды дей алмаймын. Кейде қиқарлығы да, тентектігі де бар-тын. Бұл талантты адамдарға тән дүние деп ойлай­мын. Айналасында қиналған достары болса, шекпенін шешіп беру­ге дайын тұратын. Көл-көсір құр мақтау емес. Көзіміз көрді. Жер-жаһан­ға танылып, даңқы асқақтағанына 2-3 жылдың көлемі болды. Осы уақыт ішінде «жұлдыз ауруымен» ауырып, өзгелер секілді өзгерген жоқ. Өзгермейтініне сенімдімін. Баз баяғы өзімнің төл шәкіртім. Ақтөбеге­ келсе, маған бір соқпай кетпейді. Талай­ жылдан бері өнер саласында жүрмін ғой. Бір байқағаным, өнер адамы  талантты  болған сайын қарапайым  боп  келеді  екен.

– Сөз жоқ, Димаштың  бағын  ашқан­ Қытайдағы «Мен әншімін» байқауы. Төл шәкіртіңіз халықаралық жобада бақ сынап жатқанда қандай сезімде­  болдыңыз?

– «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Иә, Димаштың бағын ашқан, әлемдік аренаға кеңінен танылуға ықпал жасаған Қытайдағы «Мен әншімен» жобасы. Бұл – үлкен аудитория. Кейде ойлаймын, шәкіртім осы байқауға қатыспағанда қайтер еді? Не болса да, халықаралық жобаға қатысуға мұрындық болған азамат­тарға алғыс айтамын. Әр апта сайын Димаш сахнаға шыққанда жүрегім аузыма тығылып, өзім қатысып­ жатқан­дай қобалжитынмын. Тіпті, қарауға дәтім жетпейтін. Тақымымызды  қысып, әнін айтып болғанша­, демімізді ішімізге тартып отырдық. Аллаға шүкір, жобада елдің атын абырой­мен  алып  шықты­. Қазақ деген­ ұлттың бар екендігін әлемге таны­тып жүрген екі адам болса­, соның бірі – Димаш. Дәл қазір әлем­нің әр қиырында шәкір­тімнің  жан­күйерлері,  фан-клуб­тары  құрылды.

– Естуімізше, музыкалық білімі  бар, кәсіби  әншінің  дауысы – 2 октава. Ал Димаштың дауысы – 4 октава. Тіпті,  4,5-5  октаваға дейін жетеді екен. Рас  па?

– Рас, әр әншінің дауыс көлемі әртүрлі болады. Тіпті, дауыс көлемі  1 октавадан сәл ғана асатын әншілер де бар. Дегенмен, Димаштың дауыс көлеміндей әншілер өте сирек кездеседі. Шәкіртімнің аты шыққан соң көршілес жатқан ТМД елдерін қоспағанда, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, т.б. мемлекеттерден маған түрлі хаттар келе бастады. Олардың арасында талас-тартыс тудыратын сауалд­ың бірі – Димаштың дауыс көлемі. «Сіз, Димаштың ұстазысыз. Оның дауысы қанша октава?» деп менен көбісі сұрайды. Оның дауысы 5 октаваның көлемінде. Тағы бір ерекшел­ігі, ол дауысының мүмкін­діктерін шебер пайдалана алатын жағдайға   жетті.

– Кешегі Жаңа жыл мерекесінде Димаш  шаңырағыңызға келіп, арнайы құттықтап кетті. Оны әлеуметтік желі­ден байқадық. Әрі-беріден соң сізге түрлі сыйлықтар жіберіп тұратын көрінеді. Жасыратыны жоқ, қазір аз-кем танымалдылыққа ие болған кей әншілер «жұлдыз ауруымен» ауырып, ұстаздарын ұмытып жатады. Шәкір­тіңіздің осындай адами қасиетін қалай  бағалайсыз?

– Бұл енді тәрбиеге келіп тіреле­тін  дүние. Димаштың Ақтөбеге таба­ны тисе болды, міндетті түрде шаңырағыма келіп, сәлем беріп кетеді. Анда-санда сыйлықтар жіберіп тұрады. Мерекелерде хабарласып, құт­тықтайды. Қызық айтайын, шәкір­тімнің Америкадағы жанкүйерлері Димаштың атынан арнайы есепшот ашып, жиналған қаржыға жақында ғана немістің фортепиано аспабын алып, класқа әкеліп қойды. 26 жылдың ішінде біраз шәкіртке ұстаз болдық­. Әрқайсысының орны бір бөлек. Ешқайсысы алдымнан кесе өткен емес. Өзімді ұстаз ретінде жолы болған адаммын деп есептеймін.

– Димаштың  өзі  ұстазым  деп  сізді құрметтейді. Оны журналистерге берген­ сұхбатында айтты да. Әлемді мойын­даған  таланттың  тұңғыш  ұстазы­ болғаныңызға  мақтанасыз  ба?

– Ол үнемі журналистерге берген сұхбаттарында менің атымды атап, «менің алғашқы ұстазым» деп құр­меттеп, сәлем жолдайды. Мен де адам баласымын ғой. Шәкіртің әлем сахнасын бағындырып жатса, неге мақтанбайсың? Мақтанамын, әрине!

– Біз  дара  дауыс  иесін қаншалықты танып, мойындап, қастерлей алдық?

– Оның репертуарындағы әндер, біздегі әншілерге қарағанда ерекше. Анау-мынау адам түсіне де бермеуі мүмкін. Бұған ешкім ренжи қоймас. Шәкіртімнің өнерін тыңдап, бағалауға да дайындық қажет. Ол үшін музыкалық сауат та болу керек. Бүгінде Димаштың ең алғаш «Ел арна» телеарнасында қатысқан музыкалы­қ жобасын қайта-қайта көрсетіп жүр. Неге екенін білмедім? Сол уақытта музыкатанушылар пікір айтты. Оларды да кінәлауға бол­май­тын  шығар.

Байқасаңыз, соңғы жылдары марапа­т, төсбелігі, небір атақ, медаль дегеніңіз көбейіп кетті ғой. Былтыр Тәуелсіздік мерекесінде көптеген артис­терге атақтар берілді. Шынын айтайын, бұлардың арасында оған лайық емес әншілер де бар. Ал, біздің Димашқа  ештеңе де берілген жоқ. Бұл ешқандай да өкпе, реніш емес. Менің мақтанатыным, шәкіртімнің бойында кертартпалық қасиет жоқ. «Маған неге атақ берілмеді?» деп айтуда­н  аулақ. Сенімдімін! Біз Димаш­тың еңбегін қаншалықты бағала­п, құрметтей аламыз? Бұл – уақыт  еншісіндегі  дүние.

– Кәсіби маман ретінде айтыңызшы, бүгінгі сахнада жүрген әншілердің қанша пайызын талантты әнші деп айтуғ­а  болады?

– Менің  әу  баста  алған  білімім – академиялық вокал әншісі. Эстрад­а әншісі емеспін. Елімізде джаз, кант­ри,­ т.б. бағыттағы әншілер өте аз. Әншілерді пайызға бөліп, пәлен-түген деп айтқым келмейді. Десе де, қай заманд­а да, қай салада да та­ланттар сирек кездеседі. Әйтсе де, үздіктердің арасында осалдардың жүруі  де – заңдылық.

– Фонограммамен ән айтатын әншілерге  көзқарасыңыз  қандай?

– Бұл мәселеге әзірге бір жақты жауап бере алмаймын. Рас, өкінішке қарай, фонограммамен айтатын әншілер бар. Бұған тиісті органдардан белгілі бір деңгейде заң қабылданбаса, фонограмма дегеннен құтыла алмаймыз. Кейбір залдардың дыбыс аппараттары мен акустикасы нашар. Сәйке­сінше, әншінің дауысы бәсеңдеу шығып­, көрерменге дұрыс жетпейді. Мынаны ескеріңіз, түптің түбінде фоногра­ммамен айтатын әншілердің сахнадан кететіні анық. Солай болуға тиісті де.

– Димаштан өзге елге танымал шәкірттеріңіз  бар  ма? Олармен  байланысып  тұрасыз  ба?

– Эстрадада  алдарына  жан  салмай еңбек етіп жүрген шәкірттерім жет­кілікті. Ерке Есмахан, Нұрболат Абдулл­ин, Ақтөбе қаласындағы филармо­нияның солисі Айбек Қарағұ­лов, Данияр Құлжанов, Нұртас Омаров, т.б. сынды балаларым бар. Нұртас Омаров жас та болса, бас болып­, 2018 жылдың өзінде 7 рес­пуб­ликалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Сондай-ақ, Астана, Алматы қалаларында білімін жетілдіріп жатқан шәкірт­терім көп. Менің арманым, енді шәкірттерім академиялық бағыттағы әншілер арасын­да топты жарып шықса деймін. Әсіресе, академиялық ба­ғытта  жүрген  Гүлдана  Алдадосовадан  көп  үміт күтемін.

– Қателеспесем, туған жеріңіз – Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақарық ауылы. Қазір Ақтөбе қаласында тұрасыз. Мұнда қалай келдіңіз?

– Аппақ шаңы бұрқыраған Ақарық ауылында туып, сонда ер жеттік. Менің ағайын-туысқандарымның барлығы қазір Қызылорда облысында тұрады. 1992 жылы Алматы­дағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ән салу факультетін тамамдағаннан соң жолдама­мен Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік универс­итетінің музыкалық білім маманд­ығына оқытушы болып кел­дім. Сосын Ғ.Жұбанова атындағы филар­монияда қызмет еттім. Қазір Димаш оқыған колледжде жұмыс істеймін. Бүгінде Ақтөбеге келге­німе­  қуанбасам,  өкінбеймін. Қазақтың қай жерінде қызмет етсең де, бәрі бір емес пе? Бөліп-жаруға қарсымын. Міне, Ақтөбеге келуімнің сыры осы. Ал, ауылға ара-тұра барып тұрамыз.

– Сіз үшін ұстаз бақыты деген не?

– Меніңше, ұстаздық дегеніміз – жанкештілік. Шәкірттерің елдің алдын­да абыройлы болса, ұлт үшін қызмет етсе, одан артық қандай бақыт­ қажет. Баланы оқытқаннан кейін, нанын­ адал жеуге тәрбиелеу – басты міндет. Егер, шәкірттерімнің барлы­ғы  біз ойлаған үдеден шығып жатса, менің ұстаздық миссиямның орындалғаны  деп  білемін.

– Ашық  әңгімеңізге рақмет! Шы­ғар­маш­ылық  табыс  тілеймін!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТОСЫН МІНЕЗ ТАНЫТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.01.2019 10:45

Қызылордалықтар қашанда күн суыта бастасымен жандарын шүберекке түйіп отырады. Бұрыннан-ақ тосыннан келетін апат халықты дүрліктіріп қойған. Дария суының арнасынан асып, елге төндірер қаупін айтамыз. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы да бөлініп келеді. Арнайы бөгеттер салынып, мұз жару жұмыстарына дейін ел қазынасынан ақша шығарылады. Иә, табиғаттың тосын мінезін біліп болмайсың. Десе де, жақында ғана қатарынан бір емес, екі бөгеттің бұзылып, дарияның мінез көрсетуі өзен жағасын қоныстанған халықтың түн ұйқысын ұрлағаны рас.

Бұлай дейтініміз, 2018 жылдың  23 желтоқсаны күні сағат 14:00 шамасында Қазалы қаласының оңтүстік батысындағы Сырдария өзенінің Оң жаға қорғаныс бөгеті бұзылып, «Ояз бағы» учаскесінен Қалғандария арнасына су түсті. Осылайша Қалғандария арнасын толтырған су сол маңдағы «Республикалық орман селекциялық орталығы» РМҚК-ның питомник алаңын, далалық жерлерді басып қалды. Сөйтіп Байназар және көне Қырғыз  каналдары  арқылы Р-3 каналына өтіп, Көларық ауылдық округінің Жайықбай көліне құйылған. Бұл туралы тиісті орган басшыларына сауал жолдап, толығырақ білуге тырыстық.

– Жалпы су алған жердің көлемі – шамамен 950 шаршы метр. Судың тереңдігі – шамамен 40-45 см. Азаматтық қорғау құрылымдарының жеке құрамы мен техникалары оқиға орнына тартылып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, дария бойына жақын орналасқан тұрғын үйлер мен қора жайларын су басудан қорғау мақсатында бөгеттер салынып, бұзылған учаскелерге авариялық материалдар (тас, қамыс, қап, шеңгел, қада және тағы басқалары) жеткізілді. Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары 25 желтоқсанда сағат 18:00 шамасында толығымен аяқталды, - делінген Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Ә.Қарлыхановтың бізге берген жауап хатында.

Ал ағымдағы жылдың 5 қаңтарында дәл осындай жағдай тағы қайталанды. Бұл жолы облыс орталығында. Сол күні сағат 15:30 шамасында Қызылорда қаласының («Мерей» мөлтек ауданының қарсы тұсында) Сырдария өзенінің ескі сол жаға қорғаныс бөгеті бұзылды. Бұл кезде бөгеттің биіктігі су деңгейінен 1,5 метр жоғары болыпты.

– Аталған жерде жаңадан Сырдария өзенінің сол жаға қорғаныс бөгеті қойтаспен бекітіліп (ескі қорғаныс бөгеті мен жаңа қорғаныс бөгетінің аралығы – 550 метр), 2018 жылы салынған болатын. Су ескі қорғаныс бөгеті мен жаңадан салынған қорғаныс бөгетінің аралығына жайылып, халық шаруашылығы нысандарына, елді мекендерге зияны тиген жоқ. Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары 7 қаңтар күні сағат  13:30 шамасында толығымен бітті, - дейді Ә.Қарлыханов.

2018 жылы жаңа бөгеттің салынғаны қандай жақсы болған. Әйтпесе бүгінгі күнді болжаудың өзі қиын. Ал Қазалы қаласындағы бөгеттің салынғанына біраз болыпты. Қалыптасқан  жағдайға  байланысты облыстық  жұмылдыру  дайындығы басқармасының  басшысы А.Шаменовке хабарласқан едік, «бәрі реттелді, алда келер қауіп жоқ» деді. Алайда Қазалы қаласындағы бөгеттің қай жылы салынғанын, жарамдылық мерзімі бар-жоғына қатысты мардымды жауап ала алмадық. Тек «ертеректе салынған ғой» деп қысқа қайырды. Болмағасын Қазалы ауданындағы жауапты мамандарға шықтық. Сондағы Су шаруашылығы өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Нұрлан Әбілдаев бөгеттің 1970 жылы салынғанын, екі-үш жыл сайын жөндеуден өтіп тұратынын айтты. Сондай-ақ, мұндай бөгеттердің жарамдылық мерзімі болмайтынын, дамбының тышқанның індерді көптеп салып кетуінен бұзылғанын хабарлады.

Айта кетейік, бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі –3545 млн текше метр. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1975 млн текше метр болыпты. Десе де, қоймаға түсіп жатқан су көлемі былтырғымен салыстырғанда аз, 802 текше метр (2018 жылы – 957 текше метр). Ал төменге тасталып жатқан су көлемі былтырғыдай секундына 800 текше метрді құрап отыр.

Мамандар «жағдай бірқалыпты, тұрақты» дейді. Тіпті, Қазалы қаласындағы бөгет жарылып, дария суы үйлеріне жақындаған тұрғындарға да еш зиян келмепті. Өзіміз көзімізбен көріп, басы-қасында болмағасын айтқанға сенгіміз-ақ келеді. Бірақ, жыл сайын тосын мінез танытатын дарияны тәулік бойы бақылайтын басқарма мен аудандық бөлімшелер, үнемі жиналыстарда ауыз толтырып айтатын техникалар барда төтенше жағдайға жол беріп қойғаны түсініксіз біз үшін...

 

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ЖЕМҚОР ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ДИРЕКТОР ЖАУАП БЕРЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
17.01.2019 10:04

Халық арасында білім саласына қатысты айтылатын сын көп. Әсіресе, жұмыс іздеп, мұғалім болу­ды армандайтындар, тіпті, еден жуушы болып жұмыс істегісі келетіндерден «мектептің ставкасы мынанша» дегенді естіп жүрміз. Алғашында сенбейтінбіз. Өркениетке қадам басқан елімізде еден жуушыдан пара сұрамайтын болар деп ойлайтынбыз. Бірақ дәл сондай жағдаймен бетпе-бет келгендердің бар екені жасырын емес.

Бұл са­ла­дағы жемқорлықтың барын­ статистика да дәлелдеп отыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы аймақта білім саласында 15 сыбайлас жемқорлық  сипатындағы қылмыс  орын алыпты. Ал осыдан кейін жүргі­зілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыс саны азайған екен. Сөйтіп, 2018 жылы бұл көрсеткіш 9-ды құраған. Алайда қылмыстың аты – қылмыс. Ол 15, мейлі 9, тіпті, 1-еу болсын халқының қамын емес, жеке басының мәселесін күйттегендер заңды белшесінен басып отырғанын дәлелдейді. Сондықтан бұл жегіқұртты тамырымен балталамаса, ертеңгі күнге төнер қауіп көп. Осыған орай аталмыш депар­тамент «Ақмешіт – адалдық ала­ңы» жобалық кеңсесімен бір­лесе отырып білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Айта кетейік, былтырғы жылдың желтоқсан айын­да Сыр өңірінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, биыл жыл басына­н өз жұмысын бастаға­н болатын. Жобалық кеңсе қызметі­нің  негізгі бағыттарының бірі түрлі салалардағы сыбай­лас  жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізу болып­ табылады. Жобалық кеңсенің түсіндірме жұмыстары білім сала­сы­нан  бас­талды.

Кездесуде білім мекемелерінің басшылары қарамағындағы қызметкерлердің құқықбұзушылықтары үшін жауапқа тартылатыны айтылған. Яғни, бұдан былай мұға­лім не білім ұясының өзге де қызметкері ата-аналардан не басқа тұлғалардан сый-сияпат алатын болса, жауабы колледж және мектеп директорынан сұралады.

– Келісім негізінде директорлар білім мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуді және қызмет бабын пайдаланып қызметкерлерден, ата-аналардан, студенттерден сый-сияпаттар алмауды, ақша жинау фактілерін болдырмауды жекелей  жауапкершілік­теріне алады. Сонымен қатар, колледждерде сессиялардың таза өтуі қатаң  бақылауда  болады, - деді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

Сондай-ақ, білім ошақтарының басшылары жекелей жауапкершілікке қол қою арқылы қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жем­қорлық қылмыстарын жа­саған жағдайда ҚР заңнамаларында көз­делген тәртіптік және басқа да жауапкерші­лікті көтеруге, тамыр-та­ныстық фактілеріне және командалық ауы­суға жол бермеуге, мемле­кеттік қызметтердің сапасын арттыруға мін­деттелді. Демек енді сіздің балаңыздан ұстазы мектептің күр­делі жөндеу жұмыс­тарына немесе колледж мұғалімдері сессиядан «5»-тік баға үшін ақша сұ­ратқан  болса, сол білім ұясының  басшылығына шағымдана аласыз. Ал бар жауапкер­шілік ди­рект­орларға жүктел­гендіктен, олар өздері үшін бұл заңсыздықтың алдын  алатын болады.

Десе де, осыған дейін өткізілген Әдеп кеңестеріне көз жүгір­тетін  болсақ, сыбайлас жем­қорлық қылмыс­тарына ұстаздардан гөрі ди­рек­торлар мен есеп­ші­лер­дің баратыны бел­гіл­і. Себебі бірі қолында билігі бол­ғандықтан, қалаған адамын­ жұ­мысқа  қа­былдаса, екін­шісі бар  қаржылық  мәселені шешетіндіктен,  кім­нен қалай ақша жым­қырса да, өз еркі. Сондықтан жұмысты тікелей осы лауазым иеле­рінің өз­дерінің  сыбайластыққа  бармауын  қадағалаудан бастаған  жөн  секілді.

 


«ОРДА» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСПАНА БЕРУГЕ ДАЙЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
17.01.2019 09:51

Баспанасыз жүргендердің бағы жанатын болды. Талайдың табал­дырығын тоздырып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасылар енді өз елінен пана табады десек те қателеспейміз. Тек жиған-тергеніңіз қалтаңызда емес, банк есепшотында болса болғаны. Естеріңізде болса­, өткен жылы Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы жылдық есеп беру кездесуінде:

- Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Сол үшін 2017 жылы 3 жылға есептелген «Орда»  тұрғын  үй  құрылысының  «Жол  картасын»  әзірледік. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтарының барлығына бірдей қолжет­імді еместігін ескеріп, «Нұрлы  жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен  2 млрд  теңгеден  қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Мысал­ үшін, осылайша, енді көп­балалы  отбасы екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтерді 52 мың теңге төлей отырып ала алады. Нақтылап айтсақ, басқа бағдарламаларда қаралған 30%-дық алғашқы төлемсіз! Айта кету керек, біздің бұл тәжірибеміз басқа облыстарға да іске асыруға ұсынылып отыр, - деген  еді.

Бағдарламаның тиімділігін ескерген жұрт қазір сүрініп-қабынып құжат жиыстырып жүр. Айта кетейік,  өңір халқына арналған «Орда» тұрғын үй бағдарламасының ерекшелігі сол, бастапқы төлемсіз, кейін сатып алу құқығымен жалға беріледі. Тұрғын үйдің жаңа бағ­дарламасына жергілікті атқарушы органдардың тізіміндегілер, мысалы, көпбалалы және толық емес отбасы­лар, мүмкіндігі шектеулі балала­ры  бар  отбасылар, жетім және  ата-анасының қам­қорлы­ғын­сыз қалған балалар, 1-ші, 2-топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері қатыса алады.­

«Қызылорда облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға арналған «Орда» Жол картасы бағдарламасына жыл сайын қайтарымды негізде өткізілмеген несиелік тұрғын үйлерді сатып алуға немесе тұрғын үй салуға облыстық бюд­жеттен 2 млрд теңгеден кем емес қаржы қарастырылатын болады және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» механизмін қолдану арқылы іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушы ретінд­е мүмкіндігі бар екінші топ – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-ке толмаған, 2 жылдан кем емес некеде тұрған, балалары бар отбасылар, сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде  ажырасқан, жесір, тұл қалған, ата-ананың  біреуі ғана  тәрбиелеп  отырған  толық  емес отбасылар.  Жол  картасына  қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жария­лаған пулдарына  өтінім беру арқылы­  қатысады. Бастапқы үй алу үшін үміткерлер біріншіден, ҚР азаматы немесе оралман мәртебесі болуы­ шарт. Екіншіден, тұрғын үй алушы сол үй орналасқан елді мекен­де тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Келесі кезекте «Орда» Жол картасына қатысуш­ының және бірге тұратын отбасы мүшелерінің, сонымен­ қатар отбасы құрамына қосылған және өтініште көрсетілген басқа да отбасы­ мүшелерінің Қазақстан Республ­икасы аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы үйінің немесе­ меншігіндегі үйінің болмауы қажет. Ең соңғысы, міндеттемелерді орындау мүмкіндіктерін тиісті табыс­тарымен  растауы  шарт.

- Біз үшін жас қазақстандық­тарға, баспанасы жоқ, жанұя мүшелері көп отбасыларға қолдау білдіру өте маңызды. Олардың бәрі бірдей баст­апқы жарна жинай алған жоқ, алайда ай сайын белгілі бір сома аударып отыруға дайын. Сондықтан біз Қызылорда облысы әкімдігімен бірге «Орда» аймақтық бағдарламасын әзірлеп, іске қосып отырмыз. Оған қатысушылар 8 жыл бойы жалға беріле­тін пәтерлерде тұрады. Алайда­ осы уақыт ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотына үй бағас­ының 50 пайызын жинап үлгеру­ керек. Осыдан кейін пәтерді жеңілдетілген  мөлшерлемемен сатып­  алады­. Есепшотына осы қаржыны жинаған «Орда» бағдарламасына қатысушылар жетпейтін соманы жылдық мөлшерлемесі 3,8 пайыз болат­ын несие түрінде ала алады. Ең ұзақ заем мерзімі – 11 жыл. Сатып алу мүмкіндігі қарастырылған пәтер жалдаушылар пулын ТҚЖБ әзірлейді. Өтінішті 2019 жылдың 11 қаңтары мен 21 қаңтары аралығында «ЖССБ 24» интернет-банкингінде «Жеке кабинет­» арқылы беруге болады. Пулға­ шотында кем дегенде 500 мың теңге жинағы бар және ең көп ұпай жинаған азаматтар өтеді. Ұпай саны депозит мерзімі мен оның қаншалы­қты жиі толықтырылға­нына  байланысты  анықталады, - деді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда об­лыстық филиалының директоры Ә.Сәулебаев апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген  брифинг  барысында.

Міне, осылайша баспанаға мұқтаж жандар жергілікті бюджеттен  бөлінген қаржы көмегімен үйге қол жеткізеді, сонан кейін ол қаржы жоғарыда келтірілген механизмдердің арқасында мемлекет қор­жынына  қайта оралады. Бағдарлама қа­тысушыларының «Тұрғын үй құрылыс жинақ  банкінің» салымшысы болуы – басты талап. Депозиттік шотта тұрғын үйдің ай сайын­ғы  жарнасының 12 реттік мөлшерінде қаржысы болуы­ керек. Екі бөлмелі үйге қол жеткізу үшін 8 жылдық жалға алу төлемі негізінде айына 36888 теңге төлеуі тиіс. Жинақ жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысы қо­сылып, үй бағасының 50 па­йы­зына жеткен кезде қалған 3 млн 480 мың теңге несие­ түрінде рә­сімделе­ді. Несие бойынша ай сайынғы төлем сомас­ы 32200  теңгені  құрайды.

Халық арасында «атында несиесі болса, үй берілмейді екен» деген қауесеттің есіп жүргені анық. Үй беріледі, кеші­гіп төлеу фактісі орын алмай­, несие уақытылы төленіп тұрса. Бастапқы құжат жинау уақытынан қалып қоямын деп жанығып жүрген тұрғындарға да жағымды жаңалық, «Орда» тұрғын үй бағдарламасы үш жыл жүреді. Бірінші кезеңде аймақтың сол жағалау бөлігінен 250 пәтер беріледі. Кез келген салымшының өзі қызыққан тұрғын үйдің 30 немесе 50 пайызын жинап, оған қол жеткізуге­ мүмкіндігі болмайтыны анық. Осы ретте өңірлік «Орда»  бағдарламасының шарттары әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Баспанаға мұқтаж отбасылардың жаңа шаңыраққа қол жеткізуіне аз ғана уақыт қалды. Тек қаржыңызды жинай біліңіз.

Н.ҚАЗИ

 


КЭЖУАЛЬ СТИЛІН ҚҰП КӨРЕСІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
17.01.2019 09:49

Әрдайым әдемі болып жүруді қалайтын қыз-келіншектер киім үлгісіне келгенде ерекше талапшыл. Тіпті кейбір сұлулар үшін құрбы­ла­рының үстіндегі жейде немесе көрші­сінің спорттық белдемшесінің өзіні­кімен бірдей болуы «ғаламдық проб­лемамен» пара-пар. Мұндай көрі­ніс­ке сіздің де жиі куә болып жүрге­ніңізге сенімдіміз. Байқағанымыз, бұрымдылар өзгеше болуға ұмтылады. Бүгінде талғампаз бойжеткендер кежуаль стилінде жиі киінеді. «Тұмар» бетінің бүгінгі шығарылы­мында аталмыш стиль туралы тарқа­туды  жөн  көрдік.

Кэжуаль. Көпшілік күнделікті өмірде жиі қолданатын үлгі. Casual қазақ тілінде «күнделікті», «еркін» деген мағынаны білдіреді. ХХ ғасырда Еуропада пайда болған бұл стильдің қазіргі күні біздің елде де танымал­дылығы артқан. Ерекшелігі – қолай­лы, жайлы. Дегенмен, өзіндік ереже­лері бар. Сasual-ді кеңсе стиліне алмастыруға да болады. Тек толықтай емес. «Егер біз жұмысқа сasual стилінде киініп барып жүрсек, бұл оның бүкіл шарттарына бағынып жүргеніміз емес» дейді стилист-мамандар. Осы ретте дресс-код ұғымын тағы бір қайталап өтудің артықшылығы болмас. Дресс-код – бұл киім туралы, біз туралы ақпарат беретін тіл. Біз таңдаған киіну стилі өзіміздің ұқыпты, жинақы екенімізді, толық көріністі қабылдауымыз, сондай-ақ, өзімізге және өзгелерге деген құрметімізді білдіреді. Бүгінде дресс-код ережелерін қатаң ұстанып, оны әдетке айналдырғандар көп. Сонымен, кежуальдің сипаттамасы қалай?

1. Классикалық стильден кейін салмақтылық бойынша екінші орында.

2. Сұр, қоңыр, ақшыл, қара, қою-көк түстің күңгірт епті реңктері. Үш түстен артық болмауы тиіс. Салта­нат­ты нұсқада тек бір түс болуы қажет.

3. Casual стилінің силуэті – ерікті, қозғалысқа ыңғайлы. Түзу сызықтар мен көпқабаттылық ерекшелейді. Кәдімгі үшбұрыш немесе тікбұрыш. Әйелдер бейнесінде белі айқындал­майды, бірақ классикалық стильден алынған қаталдық пен формалдылық бойынша ерлер бейнесінде орын алады. Аксессуарлар көп әрі қымбат болмауы тиіс. Бұл стильдің ең басты қағидасы – ыңғайлылығы. Яки көшеде киюге бейімделген, еш субмә­дениетке немесе жоғары сәнге жат­пайтын  киім  түрлері.

Кэжуаль стиліне мына киімдер жатпайды: салтанатты киім, мәселен, әскери форма. Ресми киім, смокинг, әдет-ғұрыпқа сай киім, ұлттық киім үлгілері, костюм-шалбар, өзге стильге жататын киім түрлері, мысалы, хип-хоп стилі.

Имидж қалыптастырарда стилис­тер мен кеңесшілер көбіне киімнің формалдылығының дәрежесін және классикадан қаншалықты айырмасы барын анықтайды. Киім киюде дәс­түрлі классикалық стильдің элемент­терін неғұрлым көбірек қолдансаңыз, стиліңіз соғұрлым формалды бола түседі.

Көпшілік классикалық стиль мен кежуальді ұқсатады. Олардың айыр­машылығы – сыдырма ілменің болуында. Ал классикалық стильде оларға орын жоқ. Егер образда түрлі аксессуарлар, қызықты дизайн, принттер және тағы басқалар болса, кежуаль үлгісі деген сөз. Классикалық стильде келісті, іскерлік, элегантты, сән әлеміндегі өзгерістер аз киім түрлері кіреді. Бұл үлгі адамды іскер, ұстамды, мінсіз, берік етіп көрсетеді. Әйелдер  көбіне  классикалық  стильде жеңді көйлекті жакетпен, белдемше мен блузка, шалбар мен жакет, жейдені таңдайды.

Жұртшылықтың киім кию мәде­ниеті оның өмір сүру қағида­ларын, ұстанатын принциптері мен ерекше көзқарасынан хабар береді. Сол дәуірдің мәдениетін, сұлулық туралы түсінігі мен қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын көрсетеді. Сән – әлеуметтік, экономикалық құбылыс. Қазіргі күні қыз-келіншектердің таңдау құқығы жоғары. Оған себеп – таңдаудың  көптігі және еркіндігі. Осы ретте сән әлеміндегі маңызды ұғым­дардың  қатарынан  саналатын  стильге назар аудармау мүмкін емес. Себебі, әйел заты үшін үйлесімділік, стиль, сән, сұлулық ұғымдарының салмағы  зор.

 

ТОЛҚЫН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары