Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Қаңтар 2019

АҚЫН ЖЫРЫМЕН АЯҚТАЛҒАН ЖИЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 11:23

Әне-міне дегенше, доңыз жылының алғашқы айын артқа­ тастадық. Әдеттегідей барлық деңгейдегі әкімқаралар былтыр атқарған жұмысын жіпке тізіп, салмақтап, саралайтын сәт те жетті. Бұ жолы Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев ел алдында есеп берді. Бұған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы арнай­ы қатысты. Ел алдында дейміз-ау, аудандық мәде­ниет үйіне жиналған көпшіліктің арасында ақ жағалылар көп болды. Облыстық басқарма мен аудандық бөлім басшы­лары тайлы-таяғымен осында жүр.

Сондай-ақ, залдың ал­дың­ғы қатарында уағында жауап­ты қызметтерді атқарып, зейнетке шыққан қария­лар жайғасқан. Не болса, о болсын, зал лық толды. Қысқасы, есепті жиын жылдағы сценарий бойынша өрбіді.

Ғанибек Қазантаев ә дегеннен аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвес­тиция кемігенін айтты. Оған себеп­: екі жыл бұрын аудан аумағындағы «Қараөзек» газ компрессорлық станциясының  іске қосылуы екен. «2017 жылы негізгі капиталға са­лынғ­ан инвестиция 52 млрд 581 млн теңгеге жетті. Ал 2018 жылы ол 39 млрд 324 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 31,4 пайызға кеміген» деп атап өтті. Есесіне, 2018-2019 жылдары жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын Тереңөзек кентіне автоматты газ тарту станциясын орнату және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысының жобасы іске асырылуда. Бұған былтыр республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге және облыс қазынасынан 120 млн теңге қаржы бөлінген. Ал әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қазынадан қаржыландыру үшін 25 жоба ұсынылған. Атап айтқанда, Айдарлы ауылындағы ескі емхана ғимаратын балаба­қша ашу мақсатында қайта жаңғы­рту,  Аманкелді  ауылындағы №8 «Айгүл» балабақшасы ғимаратына күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізіл­мек. Сонымен қатар кент орталығы мен ауылдардағы көшелер, Тереңөзек кен­тінд­егі орталық алаң, тұрғын үйлерді абаттандыру сынды 25 жоба қаржы­ландырылмақ.

– Аудандық қазынадан Бесарық және Жетікөл ауылдық округінің тұрғын үйлерін­е дейінгі ауызсу жүйелерін жүр­гізуге жоба-сметалық құжаттама дайындалып,  сараптамадан өткізуге 11,3 млн теңге және А.Тоқмағамбетов елді мекеніне  кіреберіс жолының 5 шақырымын, «Самара-Шымкент-Жаңадария» жо­лының 5 шақырымын, «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жолының 12 шақырымын, Тереңөзек кентінің Керейтбаев көше­сін орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттарын дайындауға 19,6 млн теңге қаржы бөлінді,- деді аудан әкімі  Ғ.Қазантаев.

Тереңөзек кентінде өткен жылы 18 пә­терлі 3 қабатты №3 тұрғын  үй  және      24 пәтерлі №4 тұрғын үйдің құрылысы тамамдалып, кезекте тұрған 42 отбасыға баспана кілті табысталған. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын жеткізді.

Былтыр облыс көлемінде жаппай кәсіпкерлікті жетілдіру үшін біраз күш жұмсалды. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында бұл жоба тағы да үш жылға ұзартылды. Бұған облыс қазынасынан 34 млрд теңге бөлінді. Десе де, сырдариялықтар көрсетіліп жатқан көмектің игілігін көруге асығар емес. Өйткені, аудандар арасында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Сырдария ауданы орта деңгейде тұр. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізінде былтыр 241,4 млн теңгенің 12 жобасы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы шеңберінде 538,7 млн теңгенің 183 жобасы қаржыландырылып, 201 жұмыс орны ашылған. Ал «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 94,3 млн теңгенің 29 жобасы  мақұлданған.

Жалпы, Сырдария ауданы ауыл шаруа­шылығы саласына бейімделген. Былтыр асыраушы салада атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, аудан бойын­ша ауыл шаруашылығы сала­сында өндірілген өнім көлемі 12 млрд 148 млн  теңгені  құрайды.  Мемлекеттік бағдарламалардың  орындалу  барысы да қалыпты  деңгейде.

Аудан басшысы білім беру сала­сында жыл көлемінде жеткен жетістіктеріне ерекше тоқталды. Сырдариялық өрен­дер­ білім бәсекесінде халық­аралық, республикалық,  облыстық  байқауларда­ дес бермей келеді. Ұлттық бірыңғай тес­тілеуге  қатысқан 216 мектеп  бітіруші  түлек­тің  180-і мемлекеттік грантты иеле­ніп, 83,3 пайызбен 1-орын­ға  шықты­.

Аймақ басшысы Ғанибек Қонысбек­ұлының баяндамасын мұқият тыңдады. Қырымбек Елеуұлы бүгінгі нарықта орын алып жатқан өзгерістер жөнінде және облыс көлемінде атқарылып жатқан шаруалар барысына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, ол аудан әкімінің жұмысын оң бағалады. Бірақ, кейбір саладағы кеткен кемшіліктерді атап өтті. Мәселен, соңғы екі жылда Сырдария ауданында бірде-бір индустриялдық  жоба  іске  аспаған.

– «Тереңөзек кенті Қызылорда қаласына жақын орналасқан. Халықтың керек­-жарағын қаладан тасиды» дегенді қою қажет. Елді мекендерден шаш­тараз, монша ашуға болады ғой. Ол үшін халықтың қалаға ағылмайтыны анық. Мұның барлығын жергілікті кәсіпкерлер қолға алу керек,- деп ескерту айтты.

Есепті кездесудің қызығы, халық тарапы­нан ұсыныс-пікірлерге келгенде басталды. Шығып сөйлеген халықтың көпшілігі ауданның құрметті азамат­тары мен ұстаздар қауымы болды. Олардың барлығы Ғ.Қонысбекұлының ең­бегін  жақсыға бағалады. Тіпті, тұрғындардың бірі Қырымбек Елеуұлына өлең арнады. Осылайша, сандар сөйлеген жиынның соңы ақынның жыр шумағымен  аяқталды.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Б.Есжанов (сурет)

 


АТА-АНАСЫН ТАСТАП КЕТУ – ҚАТЫГЕЗДІКТІҢ ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ДЕҢГЕЙІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:20

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейл­і отбасы» ұлттық байқауында «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған  ата-анасын  тастап кету қазағы­мызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс» деп айтқан болатын.

Валентина Қосманбетова 17 жасында тұрмыс құрған. Еркіндікті сүйген орыс қызының салт-дәстүрді берік ұстан­ған отбасына келін болуы оңайға соққан жоқ. Ата-енесінен бөлек қан­шама сол үйдің адамдарына ас-суын дайындап-ақ шаршайтын. Одан қалды құдықтан су алып, тасып, сексеуіл бұтайтын. Алайда ол қиындықтан қашып отбасын ойрандамады. Керісін­ше, балалы болса да Теміржол вокзалы емханасындағы аспазшы қызметін тастама­ды. Осында 34 жыл еңбек етті.

«Ол кезде автобус деген жоқ. Жаяу жүресің. Бір баланы балабақшаға, біреуін мектепке апаратынбыз. Одан жұ­мысыңа жаяу барасың»,- деп сол кезде­гі қиындықтарды есіне алды. Ал небәрі соңғы үш жылын Қызылордадағы «Қарт­тар мен мүгедектерге арналған» мекемеде өткізген анадан «мұнда қалай тап болдыңыз?» деп сұрау оңайға соқ­пады. Әңгімені әріден бастап отбасы, ошақ қасы туралы айта келіп, балаларына кеп тірелгенде: «Үлкен ұлым маған ренжіді. Сөйтіп Америкаға кетіп қалды. Қазір сонда келініммен бірге тұрады» деп көзіне еріксіз жас алды. Сөйтсек, Валентина әжейдің қаланың орталығындағы көпқабатты үйлерде екі бөлмелі пәтері болған екен. Бір ұлы қайтыс болып, екіншісі өзге қалада тұрып жатқанда, Алматыдағы апасы (одан өзге еш туған-туысы жоқ) хабарласып, өзімен бірге тұруды сұрайды. Қартайып, жалғыз өзі жалғызсырап жүрген В.Қосманбетова алғашында көп ойланғанымен, кейіннен келіскен. Осылайша, пәтерін сатып, апасының үйіне Алматыға көшіп барады. Ал ақшасын апасына береді. Алайда апасы басынд­ағы баспанасын жалғыз қызының атына жазып берген. Кейіннен өзі қайтыс болғаннан кейін әлгі қызы бұ кісіні үйден қуып шығады. Шүкір, жақсы­ адамдар жолында кездесіп, бахыт­ Нұрманов есімді азаматтың арқасын­да  осында  келеді.

Апаға қарттар үйі 3 жылдан бері қарашаңыраққа айналған. «Балам әлі-ақ  алып  кетеді» деген үміт отын да байқам­адық  көзінен. Құр босқа өзгені де, өзін де сендіргісі келмейтін болар, бәлкім?

«Баланы ата-ананың мейірімімен өсіру керек. Себебі баласы мейірімді болып өссе, кейін ата-анасын тастап кетпейді» дейді психологтар. Әрине, ата-ана – баға жетпес  байлық. Ол мейірімін берді ме, жоқ па, ол тіпті талқығ­а салынбауы да қажет дүние. Түптен келгенде, анаңды тоғыз ай құрсағында көтергені үшін, толғақты басынан кешіріп, өмірге әкелгені үшін сыйлап өтуің қажет. Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деге­н сөз бар. Бұл да дәл соған саяды. Валентина әжей айтпақшы, «бүгінгі адамдар қатыгезденіп кеткен». Әйтпесе, қарияларымыз қарттар үйін паналар ма еді? Туған анасына қарауды қиын­сынып, кеудесінен кері итерер ме еді?..

Бақсақ, «Қарттар мен мүгедектерге» арналған үйде жап-жақсы жағдай жа­салған­. Бір сөзбен айтқанда, қажет­тінің бәрі  бар. Әрине, біз оған қарсы емеспіз. Бірақ бұл әзірге қарттар үйінің есігіне қара құлып салынатын күн жақын емес дегенді білдіре ме деп қорқамыз.

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


БҮГІНГІНІҢ МОТИВАТОРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:15

Бұл бөлмеден қазақылықтың иісі аңқып тұр. Жерге төселінген кілем, жер үстел, қазақы самаурын, құрақ көрпе, бәрі-бәрі бар. Тіпті, «Қарттар мен мүгедектерге арналған» мекемедегі осы бір бөлмеге аяқкиіміңізді шешіп кіресіз. Бұл – облысымызға белгілі ақын, сазгер­ Кенже Маханбетованың бөлмесі. Иә, Кенже Бануқызы туралы талай жазылып та, айтылып та жүр. Алайда бүгін біз оны сіздерге басқа қырынан таныстырмақпыз.

Өмірінің соңғы 23 жылын осында өткізген оған қарап, тек тамсанасың. Жасы елуге келсе де, отыздағы қыз секілді  сұп-сұлу. Арбаға таңылса да, өз-өзін күте білетін талантты жан. «Шаршадым, жалғызбын» деген сөзді аузына алмайды. Шашын бояп, өзіне жарасымды етіп қырыққан. Қасында отырып он екі мүшеміз сау бола тұра, өзімізге олай күтім жасамайтынымызға ұялып кеттік, тіпті. Ашуланбайды, жекірмейді, жай ғана байсалды үнмен тіл қатады. Сыпа­йы. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Өйткені дауысы жағымды. Аяқ-қолы балғадай кей келіншектердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарына шеберлік сабағын өткізетіндей. Бұл – бір.

«Қонақ келсе, отырады деп осы көр­пешелерді алдым. Жылда жаңалап тұрамын» дейді құрақ көрпелерді көрсетіп. Шындығында, өзім сұрадым, «өзіңіз алдыңыз ба?» деп. Мойындаңызшы, біздің өзіміз кейде өз меншігіміздегі үйімізге бұлай қарамаймыз ғой. «Ниетіңе беремін» деген Алла. Осы бір «қонақ келсе» деген сөзінің өзі оның жалғызсырамайтынын айғақтатып тұр. Себебі іздеп келетін дос-жарандары көп. Туған-туыс, бауырлары да «апалап» тұрады. Ән айтатын мектеп оқушы­ларына дейін дауыстарын қойып беруге­ арнайы келетін кездері болады екен. Оның  бәрін  суреттерден  байқадық. Бұл – екі.

Кейде тағдырдың аз-кем қиындығына қажып, қиналып кетеміз. Жоқшылықта не жалғыздықта «Алла маған не жаздың?» деп түңіліп, өміріміз осымен бітетіндей күй кешетініміз өтірік емес. Ата-анамыздың барына, бауырларымыздың бүтін, балаларымыздың амандығына шүкірлік айтуды ұмытып жатамыз. Бәріне бір Алланы кінәлап, «неге қатал тағдыр бердің?» деп табалайтындарымыз да бар арамызда. Одан қалды, ағайынның арасында жағдайы түзу біреуі болса­, «сол маған көмектеспеді» деп бұлданамыз. Бәріне тек өзгені кінәлап, өзімізді періштедей сезінеміз. Өзіміз­ден басқаның бәрін өзгерткіміз келеді. Расында, бұл – тек өз-өзіңізді алдау ғана. Шындығында адам өзі өзгермей, өмірі өзгермейді. Бүгінде «қиыншылықта өмір сүріп жатырмын» дейтін адам болса, демек ол өзінен. Ойланып отырып, неге осы сөзді Кенже Бануқызы айтпайды деген ой келді. Әйтпесе, өздігімен жүре алмайды, арбаға таңылған. Жанында ата-анасы жоқ, қайтыс болып кеткен. Ең болмаса отбасылы да емес, сүйікті болғысы келеді. Бірақ, шағым­данбайды. Өйткені өмірді сүйеді, еңбектенеді, алдағы жарқын өмірден үмітін үзбейді. Жаны таза. Сондықтан да оған елу жасты ешкім бермейді. Бұл – үш.

Бір күні Кенже Маханбетова апасының үйінде отырып, теледидардан өзі сияқты арбаға таңылған балаларды көреді. Қараса, бәрі бір мекемеде өмір сүретін секілді. Осыны көре салып, ата-анасы өмірден өткеннен кейін өзіне қарап жүрген туған апасына осындай мекемеге барғысы келетінін, сонда тұрғысы келетінін жеткізеді. Өйткені жұмыс пен үйдің екі ортасында жүріп, қажып кеткен апасын аяйды. Сөйтіп, бір-ақ күнде шешім қабылдап, небәрі 27 жасында осында келеді. Мұны «сондай­ керемет жан бола тұра, неге осында жалғыз, бауырлары қайда?» деп сұрайтындарыңызды білгендіктен жазып­  отырмын. Батылдық деп осыны айтуға болады. Әйтпесе, Алматыдағы ағасы өзіне шақырып, мұнда жіберуге барынша қарсылық танытқан. Бірақ ол ешкімге  салмақ салғысы келмеді. Мұны төртінші қасиеті деп білерсіз.

Бұл – ХХІ ғасыр. Ескіліктің адамы қаншалықты жаңа технологияны жақтыр­мағанымен, оның көшіне ілесе алмаса, артта қала береді. Жаңа нәрсе шықты ма, білу керек, үйрену керек. Қазіргі талап осындай. Су да бір орында тұрса иістене беретіні секілді, адам да бір орында тұрып қалмауы қажет. Күнделікті  өз-өзін  шыңдап,  жан-жақты дамығаны өзі үшін жақсы. Әрі қазіргідей бір айлықтың ешнәрсеге жетпейтін заманында жан-жақты болмасаң, аштан қаласың. Ең құрығанда, ақшам жоқ десең, интернеттен-ақ бәрін үйреніп алуға болады. Жалқаулығыңызды жеңсеңіз, әрине. Жаны өлең жазып рақат табатын Кенже апайдың бөлме­сінен байқаған тағы бір бұйымымыз – ән жазатын құрылғы. Арнайы сатып алға­н. Ақындығымен қоса, сазгерлігін де дамытып жүр. Талай байқауларда өз сөзіне жазылған өз әндерін орындап, жүлделі орындарды алған (Осы бір бөлменің кілтін 1998 жылы мекеменің сол кездегі бас­шысы  байқаудан  1-орын алып келгенде берген екен. Содан бері осында). Кейде әнін  сатады. Бірақ, көбін тегін береді екен. Қолы ашық. Бұл – бес.

Елбасы бір сұх­батында «Бақыт дегенді көбі мәңгі­лік деп ойлайды, бірақ ол – бір сәт­тік. Бақыт мысалы мені балаларым, немер­елерім мойныма асылып келіп, құшақтағаны. Мен жақында бір мәлімет оқыдым. Лондондағы  университетте 15  мыңнан астам адамнан «бақыт деген не?» деген сауалнама жүргізіпті. Білесіз бе, көбінде, бірінші орында отбасы мен бала болған» дейді. Рас. Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Ақын Кенже Маханбетовамен өткен бір жарым сағат сұхбатта айтқаны есімнен кетер емес: «Кейде сайыстардан жүлделі орын алып, қуанып жатамын. Бәрі қол соғып, гүл шоқтарын беріп жатады. Бірақ, қайтып келсең, есігіңде қара құлып тұрады.­ Күтуші апайлар «шаршап келген боларсың» деп жатқызады. Осындайда сені күтіп отыратын, бір шайыңды берсе де қасыңда сүйікті адамым болса ғой деп армандаймын. Иә, осында 23 жыл тұр­ғанда, ұсыныс айтып келгендер болды. Бірақ, олардың ішінде жүрегіме жақынын, өкінішке қарай, кездестіре алмадым. Біреуі «біз екеуміз қосылсақ, мен зейнетақымды балаларыма беріп тұрамын, сен менің күнделікті темекімді алып беріп тұрасың ба?» дейді. Ал маған­ ондай еркектің не керегі бар? Ер-азамат­, керісінше, әйелін асырап, соны бағу керек емес пе?» деді. Бұл – өзіндік «менін» жоғалтпаған, «әйтеуір бір азаматтың етегінен ұстайын» деп келісе салмаған Кенже апайдың тағы бір қыры. Өз-өзін жоғары бағалауы. Ал өзін бағалағанды, өзгелер де сыйлайтын болады.

Айта берсең көп. Тіпті, қарыз алмайтынының өзін үлгі етуге болады. Бүгінгі «мотивация» деген сөздің сәнге айналған заманында бірнәрсе шабыт бермесе, жұмыс істеуге құштарлығы артпай­тын жандарға сөзсіз мотиватор. Тіпті, жалқаулығын жеңе алмайтындар, бір сәт Кенже апай мен өзінің он екі мүшесінің сау екенін еске түсірсе екен деген тілегіміз бар.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


ҒАСЫР ПЕНДЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:08

Керемет күтім,

Киімі бүтін.

Сусыны – шарап,

Тамағы – түтін.

 

Қымбат небір,

Көлігі темір.

Құлқыны құрдым,

Құрысын-ай, жебір...

 

Айтпайын атап,

Арманы – АТАҚ...

Ойпырмай, ойы –

Мансап пен мадақ.

 

Тілін төсеп,

Айтатыны – өсек:

Бәсеке...

Күндеу...

Бір күнгі «төсек»...

 

Жат оған таныс,

«Жыр-әні» – ТАБЫС...

Қарпып қалу,

Болса егер «шанс»...

 

Кәсібін «неке»-леп,

Кәттаны «көке»-леп...

Кей жерде «прямой»,

Кетеді «төтелеп»...

 

Бұндайлар жалпы,

Бұрыннан қалпы –

Өзінен ЗОРға,

Жағыну салты...

 

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


СОРЫП ТАСТАДЫҚ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:05

Мұхтар  ШЕРІМ

Қарын аш, бала жас демек­ші, түнгі төртте ішім құрылдап, аш ішегім шұрылдап кеткен соң, ақырын төсегімнен тұрып, тоңазытқыш жаққа келсем, әйелім шоқиып отыр. Бірдеңе сорып. Біздің тоңазытқыш өмірі толып көрген емес еді, тек нан, тағы да нан, сосын нан тұратын. Кешелі бері тоңазытқышымыздың іші қуырдаққа, қызыл, қара уылдырыққа, шұжықтарға толды­ да кетті. Көршіміз Құдай болмаса да, Құдайдың қоңсысы сияқты шіреніп жүретін.

Тек кекетіп ғана күлетін, қай жерден­ жымқыруды ғана білетін, қарсы келсең, бәйтерекке ілетін, ішкені  алдында, ішпей қоя сал­ғаны артында, нағыз сыбайлас жемқор, әрі миллионер болатын. Соның әйелі кеше келіп: «Тоңазытқышымыз толып кетті, сіздердікі бос қой, ертеңге дейін тұра тұрсыншы?» деп бәрін қойып кеткен еді. «Балаларыңыз жеп қойып, масқара болып жүрмеңіздер!» деп ескер­тіп те кетті. Сол екен, балалары­мызға: «Көршінің қуырдағына тиіспеңдер, жай әншейін иіскеңдер!» - деп ұрысып таста­ғанбыз. Міне, он баланың анасы, жәрдемақысына биыл 228 теңге ғана қосылған әйелімнің аузында бірдеңе бұлтың-бұлтың етеді.

- Әй, не жеп отырсың? - деп сұрадым мен.

- Ет...

- О, атаңа нәлет...

- Мен әншейін, қуырдақты сорып отырмын.

- Көршіден ұят қой, ұят!

- Балалар бағана сорып кеткен...

- Жындысың ба? Адам деп біздің тоңазытқышқа тастап кетті ғой?

- Қуырылған еттің майын сорып тастадық әншейін. Жеген жоқпыз...

- Немене пәле етіп тастағансыңдар? - деп тоңазытқышты ашып қалсам, қуырылған еттер бүрісіп, майларынан жұрдай, былайша айт­қанда, қазіргі қағынған қыздар сияқты «тырдай­»  болып­  тұр  екен.

- Бұл не? - деп сұрадым мен.

- Сорып тастадық.

- Сені де сореп-сореп тастай салсам, басқа біреу қатындыққа алар ма еді?

Қашан оянғанын қайдам, кіші балам белімнен түртеді.

- Әй, саған не жоқ, жал­мауыз?

- Әке, мен де сорайыншы?

- Бәләйінші, бәләйінші! - деп тоңазытқыштың есігін тарс жаптым да, құшақтай алдым.

- О, айналайын, тоңазытқышым менің! Бізден сен бақыттысың! Толып тұрсың, тойып тұрсың! Қазақстан штрафстан болып кетті! Айлығымыз ауыз сүртуге жарамайды. Жарамаса, қойныңдағы қатының да қарамайды. Жастарымызда не үй жоқ, үй жоқ болған соң, көте­ріңкі көңіл күй жоқ...

Осылай ыңыранып тұрғанымда, әйелім мені жұлқи тартып:

- Отан үшін, тамақ үшін алға!- деп ұрандатты да, тоңа­зытқышты ашып, кенеттен шабуы­л бастады. Сол екен, аш балал­арым уралап, қуырдақты қылғытып, шұжықтарды асқазандарына сырғытып, тамақ біткенді «тұтқынға» алды. Енді қайттік? Ертең миллио­нер көршімізге қай бетімізді көр­сетеміз? Осыны сұрасам, кіші балам­: «Қампиған іші­мізді, ақсиған тісімізді көрсетеміз!» деп қояды. О, қу тамақ!

 


ҚАНДЕННЕН ТӨБЕТКЕ ДЕЙІН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 11:02

Байлықтың атасы – кітап екенін көкейіме түйіп өскен басым, қазір кітапқа деген талғам өсіп, кей-кейлерде бедел-қасиет үйіңдегі кітап атаулының сый-сапасына қарай таразыланатын болып жүр емес пе.

Әйел жарықтықтар да кітап жинауды бәсекенің үлкені деп білген болу керек, оған деген ілтипаттары өзгеше. Бір күні үйдегі Ұлбике бір қабырғамызға қақырап орнай қалған кітап сөремізге сүзіле қарап тұрып: “Енді бізге жарым шаршы метр қызыл түсті, бір шаршы метр аспан көк бояулы қалың кітаптар қажет...” деп бүйірін таяна­ сөйлегені бар.

Көзі ашық азамат болғандықтан бұның мұнысына сәл кейіп, ал мына бір “игілікті ісіне” сүйсініп, ішімнен “керемет!...” деп күбірлеп риза болғаным тағы бар. Ондағысы не дейсіз ғой. Керемет! Керемет болғанда қарапайым ғана нәрсе. Қалтаға салып жүруге боларлық тобылғыдай торы кәнденді Бозым асырай бастаған­да жақтырмай танау көтеріп торсылдап едім. Сөйтсем, ондағым артық кеткендігім екен. Тобылғы торы кәнден ақылды боп өсіпті. Оның “керемет ойынын” үйімізге Пышыр құрдас кеп қонғанда байқадық емес пе. Ертеңінде Пышыр кетейін деп киімілгіштегі сырт киіміне қол соза беріп еді, қарсы алдына қасқайып тұрып алған кәнденіміз үріп-шәуілдеп болар емес. Пышекеңнің қол ұшы киіміне жете берді – кәнден азарда-безер шәңкілдеп, тісін ақсита арс етіп, шамасына қарамай балағына жармасқаны. Қарап тұр­май ілгіштегі киімін әпере беріп едім, кәнденім оны тастай сала менің қолымдағы қоңыр тонды жұлмалай жөнелгені бар. Сол мезет қоңыр тонның іш қалтасынан бір пәле жерге топ ете қалған­дай болды. Қарап едім, кәнденім топ ете қалған Хэмингуэйдің топтамасының жиегінен сүйрелеп түпкі үйге қарай зымырап барады екен... Онысымен қоймай, қайта қайырылып Пышекеңе айбат шеге шәуілдеп, алдыңғы аяғын көтеріп алыстан тепсіне шауып болмаған соң, Пышекең де ер жігіт емес пе, төс қалтасына “түсіп кеткен” Мұқағалидың “Өмір-өзенін” суырып лақтырып, тұтығып-түнеріп қоштаспай шығып кетті. Тек есікті серпи­ жабарында “итіңнің иттігін өмірі ұмытпаспын...” деп қалды. Мен де кәнденнің “кәкір-шүкірлігіне” сәл-пәл кейіп, одан оның бұл әрекет­ін ойға салып саралап көрген соң, бұның бұл әрекетінің керемет екеніне көз жетіп, оны бұл іске баулыған кербез келіншегімді алғаш рет тапа тал түсте кеудеме қысып, бетінен сүйдім. Осы күннен бастап кәнденге деген пиғылым түбірінен өзгеріп, ол менің алдымда әркез еркелей­тін  халге­  жетті...

Мұнан кейін, үйімізге емін-еркін қонақ шақыра­  беретін  болдық...

Мұнан кейін, келіп-кеткен ел-жұрттан еш қауіп-қатерсіз-ақ отыра беретін болдық...

Кәнденнің Пышырдан кейінгі екі әрекеті ойым­нан кетер емес...

Бірі, сол Пышырдың масқара болатын күні­нен кейін іле-шала шақырған қонақтар болға­н  күнгі әрекеті. Той-томалағымыз тәп-тәуір  өтіп, ел-жұрт  тарар шақта кәнденім “концертін” бас­тап берсін... “Тілін білетін Пышыр пысықтығын  жасап, ішкен ішімдіктің қызуымен  әркімнің қалта-қалтасын ақтарып, ұрлаған “дүниелерімен” менің құшағымды толтырғаны бар...

Сол күні кәнденімнің әрекеті мен Пышыр құрдасымның оқыс қимылына қатты қысылдым.

Екіншісі, күндердің бір күнінде үйге ғылыми жетекшім Ілдебай Құлықовичті жеңгеймен шақыра қалдым. Басекеңді барымызды салып күттік. Ілдекең үйдегі келінінің іскерлігіне риза боп тост көтерді. Ал жеңгей мына менің қабілет-қасиетімді асыра мақтап әупірім етті. Бәрі де ойдағыдай болып, ол кісілер отырған орнынан­ көтеріле берген еді, түпте тым-тырыс жатқан кәнден атып тұрып аласапыран жасағаны... Оның бұл әрекетінен жеңгей ыршып-шоршып, басекең кейін шегініп көңіліне кірбің алғаны бар. Қарап тұрмай, әбүйірлерін төгіп масқараламай тұрғанда деп, алғаш рет табалдырықта ызғар шаша талтайып тұрған кәнденнің мойнынан бүре ұстап түпкі үйге атып жібердік...

Біз басекең мен асыл жеңгейді шығарып сап келгенше, одан түннің бір уағы­на дейін кәнде­німізде бір мезет тоқтау болмай зар еңірегені...

Күндердің бір күнінде, ғылыми атағым жоғарылаған шақта – осы Ілдекең бізді үйіне шақыра қалды. Басекеңдікіне топ етіп бара қалдық. Сыйлы қонағы болдық. Мен осы атақ-құрметке жетуіме Ілдекеңнің еңбегі қанша болса­, үйдегі асыл жеңгейдің еңбегі де сонша екенін айтып, ризашылығымды білдірдім.

Бір таңғалғаным – біз отырған бөлме тап-тұйнақтай, кітап атаулы көзге түспейді. Шағын үзіліс кезінде түпкі бөлмеге бас сұғып едім, іздегенім осында – кітаптан қабырға атаулы көрінбей қалған екен. Жақындап барып сығырая­ сығалап едім, өзімнің қолды болған құнды кітабым­ көзіме оттай басылғаны... Сұғылған қолымды жарты жолда тоқтата тұрып, ащы ырыл шыққан тұсқа мойын бұрып едім – қақ төрдегі қалың көрпе үстінде нән төбет жайғасқан екен. Аласы мол аумақты көзін менен алмай, тісін ақсита атылуға әзірленген ала төбеттен қаймығып, қолымды тартып ала қойдым...

...Таныс кітап көзге оттай басылғанымен: жан тәтті, қимай-қимай жылыстай бердім...

 

Берік  САДЫР,

Астана

 


ТЕРІС ДІНИ АҒЫМҒА ЖАСТАР ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ КІРІП КЕТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 10:58

Білім алу құралдары дамыған заманда үйден шықпай-ақ көп нәрсені білуге­, оны үйренуге мүмкіндік мол. Кез келген азамат шалғай ауылда отырып-ақ, қай жерде не болып жатқаны туралы интернет арқылы толық мәлімет алады.

Ғалымдардың айтуынша, ғылыми-техникалық жетістіктер – мақсатқа жетуді­ң құралы. Ал құралдардың үкімі ниетке байланысты. Ниет игі болса, құралды қолдануға рұқсат, ал кейбір жағдайларда міндетті болады. Өкінішке қарай, осындай құралдарды қолдануға байланысты кейбір «діндармыз» деп жүргендердің арасында шектен шығудың екі түрін байқауға болады. Бірінші тарап «Бұл құралдар Мұхаммед пайғамбар кезінде болмаған, дінге кірме бид­ғаттар. Демек одан береке жоқ, тіпті күнәлі де зиянды нәрселер», - деп одан барынша бас тартуға үндесе, екінші тарап­ мұны өздерінің бұзықтығына барын­ша пайдаланып қалғысы келеді. Ақпарат құралдарын, әсіресе интер­неттегі әртүрлі әлеуметтік желілерді дұрыс, тек игілікті іске ғана қолданылмаса, үлкен қасіреттерге әкелетіні анық. Интернет жүйесін ойлап тапқан ғалымдар мұны адамдар бір-біріне зиянды ақпарат беріп отырсын немесе өз-өзіне қол жұмсауды үйренсін деп шығармағаны анық. Тек жақсылықта ғана қол­дану керектігін көзі ашық кез келген азамат  білері  анық.

Бүгінде елімізде дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарапшылар, тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жет­кілікті деңгейде интернет арқы­лы әлеуметтік желілілердің барлық түрлерін еркін қолдана отырып, дін мәселесіне қатысты ақпараттарды тарат­уда. Әсіресе күнделікті жаңалықтар мен жасалынған игілікті істер, қажетті мате­риалдар  жариялануда. Алай­да­ интернеттің осындай же­тістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қол­данып  жатқандығын  да  естен­ шығармауымыз  керек.

Бүгінгідей алмағайып заманда экстремистік және террор­истік ұйымдардың халыққ­а ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олар­ды­ң қызметінің ажырамас бөлігіне айналды десек те болад­ы. Ең алдымен экс­тремистік және террористік ұйымдар интернетті желі қолданушылардың әлі қалып­тасып үлгермеген санасына тез ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысан­асы  әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көз­қарасы толық қалыптаспаған жастар екендігі айқын. Кез келген деструктивті діни ағым өкілдері өздерінің идеология­сын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қа­тарларына тартуға, өз жақ­тас­та­рын теориялық және практикалық тұрғыдан оқы­туға және де өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүр­гізуге бағытталады. Сондықтан кез келген жас әлеуметтік желілер арқылы таралып отыр­ған ақпарат көздеріне қырағылықпен қарау қажет. Ондай болмаған жағдайда оқыған ақпараты немесе тасымалдаған мате­риалы үлкен қасірет алып келуі мүмкін.

Мәселен, жақында Ақмола облысы Бурабай ауданында лаңкестікті насихаттады деп күдікке іліккен Щучинск қаласының тұрғыны Д.Маженовке қатысты сот ісі аяқталып, оған 7 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру­ жазасы кесілді. Себебі, ол өткен жылдың 23 сәуірінде «В Контакте» желісіне­ лаңкестікке  шақыратын  аудиодәрістер жүктегені үшін қамауға алынған бо­латын. Әрине мұндай мысалдарды көптеп  келтіруге  болады.

Ақпараттық тұрғыдан ашық заманымыздың маңызды сындарының бірі – ол елімізде қалыптасқан рухани құндылықтарымызды сақтап қалу. Деструктивті ағымдар түрлі әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды интернет арқылы тарату үстінде. Олар осы бағытта пәрменді ақпараттық құрал ретінде интернет жүйесін де өз мақсаттарына пайдалануда. Осы ретте, елімізге сыналай еніп жатқан жат ағымдардың алдын алуда басқа да кешенді жұмыстардың қатарында дінтану сараптамасының тосқа­уыл қоюдағы маңызы зор. Яғни басқаша айтқанда дінтану сараптамасы халықтың рухани қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың санасын түрлі жат идеологиялардан оқшаулауға бағыт­талған сүзгі болып табылады. Мұндай мәселенің алдын алу үшін Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізілуде.

Жақында Астанада өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарына ар­налған «Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиім­ді­лігі» тақырыбындағы республикалық семинарда Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев жыл сайын әлеуметтік желі қолданушылар арасында 10 мыңға жуық аккаунтқа арнайы сараптама жасап отырғанын, ал былтырғы он айдың ішінде 6000-нан астам аккаунтқа арна­йы­ бақылау жүргізгенін, солардың ішінде 2000-нан астамы діни экстремизмді және өзге де жат ағымдардың идеологиясын  насихаттайтын элемент­тері бар аккаунттар болып шыққанын айтқан болатын. Демек әрбір азамат үшін сақтық шаралары қажет екендігін аңғаруға болады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік интернеттегі ең танымал қызмет түрі болып отыр. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі парақшаларда да жұмыс жүргізіп келеді.

Халықтың діни ақпараттарды интернет­тен іздеуіне оның тәулік бойы жұмыс істейтіндігі, мәліметтердің оңай әрі жылдам табылатындығы, артық уақыт пен ақшалай шығынды қажет етпей­тіндігі себеп болуда. Азаматтар, әсіресе жастар интернетке қатты сенім артып, барлық мәліметтерді содан таба алатынына күмән келтірмейді, олардың үлкен қатерлерге апарып соқтыратын зияндылығын ескерусіз қалдырып жатады. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде интернет желісін ерекше бақылауға алу қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр.

Шынын айту керек, теріс діни ағымның жетегіне кеткен жастарымыздың басым көпшілігі осы интернет арқылы кеткен. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктердің алдын алып, оған жол бермеу үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолданылып келеді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап діни матери­алдарды тарату арналарына тұрақты түрде мониторинг жасау үшін Қоғамдық даму министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп «Кибернадзор» (kibernadzor.kz) жобасы іске асырылып, тұрақты түрде жолға қойылды. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік ел қауіпсіздігі­нің алғы шарттарының бірі болып табылады.­

Жалпы, интернет білім алудың емес, байланыс құру, хабар алысу, амандасу құралына көбірек ұқсайды.

Бүгінде әлеуметтік желілерде жүк­телген кез келген уағыз насихатты әркім өздерінше түсініп, әртүрлі бағытта жеткізіп әлек болады. Түсініктер келіспеген жағдайда әр тындаушы өз түсін­генін жақтап, қарсыластарымен (бас­қаша түсінгендермен) үнемі талас-тартыс тудырады. Осылайша бөлініп, үнемі бірін-бірін айыптай бастайды. Әлеуметтік желілерді қолданушылар жердің әр түкпірінде отырғандықтан, олардың да бір мәмілеге келуі екіталай. Сондықтан күрделі кейбір діни мәселе­лерді одан бетер ауырлата түсері анық. Осындай нәзік мәселелерді жастарымыз әрдайым есте сақтаса деген ниет.

Қорыта айтқанда, діни білім алу қаншалықты күрделі іс болса, оны дұрыс тарату да соншалықты күрделі, жауапты іс болып табылатынын естен шығармайық!

 

Тұрар   ӘБУОВ,

дінтанушы

 


ТАРИХИ ТАНЫМ КӨГІЛДІР КҮМБЕЗДЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.01.2019 10:35

Туып-өскен жеріміздің байырғы тарихына қатысты жайттар, дере­ккөздері барынша іздестіріліп, толықтай зерттелгені және салыстырмалы талдауларда шындығы айқындалып ­баяндалғаны ұрпақтар алдындағы қасиетті де адал борышымыз болса керек.

Өткенде бағзы замандарда ғұмыр кешкен Алпамыс батырдың жұбайы Баршын сұлу кесенесі орнын­ан бес шақырым қашықтықта өтетін «Батыс Европа – Батыс Қытай» күре жолының бойына «Гүлбаршын ана» стелласының тұрғызылуы қарсаңында жедел жазылған «Көккесене» атты мақала жарық көрген еді. («Мәдениет» журналы №2. 2018).

Шағын шығарма мәлі­меттері ҚСЭ-сындағы (А. 1995. 6-т. 11-б.) деректеріне толық сай келеді. Әйтсе де, ҚҰЭ-сында (А, 2001, 688-б.) жазылған анықтамалықта «Көкке­сене» – орта ғасырлардан сақталған архитектуралық ескерткіш... Мұнда Әбіл­хайыр, т.б сүйегі жатыр деген Бартольд, Ә.Диваев, В.Каллаур, Кастанье, Якубов­ский, т.б. пікірлері бар»  деп көрсетіліпті. XVII ғасырда ғұмыр кешіп, Хиуа жерінде хандық құр­ған тарихшы Әбілғазы Баһад­үр хан «Түркімен шежіресі» кітабында: «Оғыз елінде бектік қыл­ған 7 қыздың бірі Қармыш байдың қызы, Мамышбектің әйелі Баршын салор­ еді. Оның қабірі Сыр суының жағасында еді, өзбек оны Баршынның Көккесенесі дейді, кесене көрікті, жақсы күмбез еді» деп жазған. Түркі батыр­ларынан 200 кісі қапыда тұтқынға түскен соң, ол жеті қыздың шүршіттерге қарсы ұлт-азаттық көте­рілісін 662 жылға дейін басқа­рғаны  жайлы  ака­де­мик Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабында да атап  өтіледі.

Ә.Диваев 12.ХІІ.1907 жылы жазған «Көккесене атауының маңызы туралы» атты мақаласында өзі пікірлескен сұлтан Е.Қа­сымовтың «киелі Көкке­сененің шығу тарихын ешкім білмейді, сондай-ақ бұл ғимараттың қай кезде салынғаны да белгісіз» деге­н сөзіне тоқталған (Тарту, А, 1993, 210-б). Зерттеушілер Каллаур, Кастанье және Көккесене жайлы мақалаларын жаз­ған Ә.Әбіласанов, Т.Қоңыратбаев шығармаларында ондай кесімді пікір­дегі ойлар айтылмаған.

Академик А.Ю.Якубовский өзінің «Сығанақ қирандылары» атты кітабында «Нұр Ғосмания» мешітінен көшірмесі әкелінген қолжазбада (XVI ғ.) Сығанақта Шайбан әулетінен тараған хандар зиратхана орнатып, мазар­ларына биік күмбездер көтергені жөнінде дерек барын айта келіп, екі орында да өзбек хандарынан өзге кім болар еді» дегенге саятын болжам жасап, ғимараттың тұрғызылуын XV ғасырға жатқызған. Өзбекстандағы архивте сақталып келген парсы тарихшысы Масуд­ Кухистанидың «Тарих-и Абул-хайр-хани» шығармасында Уз-Тимур тайшы әскерлері мен Әбілхайыр хан сар­баздарының соғысы алдындағы кездесуі (1457 ж.) Б.Ахмедов аудармасында төмендегіше хатқа­  түскен.

«Көккесене маңында Нұр-Тоғайдағы, Доржы Құтлықият деген жерге жеткенде өздерінің қарсы алдында дұшпанның тауда­й болып қарақұрым әс­керлері тұрғанын көрді» (Парсы деректеріндегі Қазақстан тарихы, V-том, А, 2007, 238-б).

Өзге парсы тарихшысы Хаджам­-құли-бек Балхидың «Тарих-и Кипчак-хани» шығарма­сында да «Қалмақтар Уз-Тимур тайшы 170 мың сар­ба­зымен Көккесене маңында Бахтияр сұлтан мен Ахмад сұлтан әскерлерінің алдыңғы тобымен кездесіп соғыс ашты. Аспанға биік тұтасқан шаң көтерілді. Сансыз өліктер майдан жерінде қалды. Бахтияр сұлтан мен Ахмад сұлтан да ажал құшты. Хан әскерлерімен амалсыздан қала қамалына барып­ тығылды» (374-б) делінеді.

Сәулет өнерінің айтулы ғимараты Көккесененің ертеден бар екендігі жайлы Балх қаласынан шыққан мұсылман әлемінің ірі ғалымы, саяхатшы Махмуд ибн Вали өзінің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» атты (географиялық) еңбегінде: «Шыңғыс заманында Келуран, Қарақорым, Көк Кашене, Дешт-и Кипшак сияқты шаһарлар Түркістанның орта­лықтары болды» деп жазы­лыпты (360-б).

Жерлес жазушы Ә.Әбіласанов төмендегіше баяндаған: «Якубовский осы мешіттің батыс­ жағында 140 сажын жерде тұрған және бір ғимараттың сұлбасына назар аударады. Оның пікірінше, бұл көне мавзолей қалдығы секілді. Көлемі жағынан мешіттен кіші. Оң­түстік және солтүстік қабыр­ғалары іш жағынан есептегенде 8,6 м, ал шығыс және батыс жағынікі 10,3 м...  Мавзолей-ғимарат Якубовскийдің пікі­рінше, Ұлықбек заманында, яғни XV ғасырдың алғашқы жартысында салынған... Археол­ог ғалым қорған қабырғаларынан шығысқа және түстік-шығысқа қарай ұзындығы жарты шақырымнан астам жерді алып жатқан бейіт орнын кө­реді. Зираттар түгел күйдіріл­ген шаршы тақта пішініндегі қыштан көтерілген екен. Олардың арасында шағын мавзолейлер де көзге шалынды» (Сығанақ, 54-55 бб).

«Сығанақтағы хан мавзолейі» атты мақаламызда ака­демик назар аударған ғима­ратта Әбілхайыр хан жерленгені туралы жазған едік. Өйт­кені, шығыс беттегі бөлмесінде ақ кірпіштен өріліп қалан­ған саркофаг (мәйітхана) орналасқанын қазір де көруге бо­лады. Осы жерде Махмуд Шайбани ханның 1509 жылы көктемде ас бергені туралы Рузбихан кітабында жазбалар бар. Осы айтылған деректер нәтижесінде Бартольд, Якубовскийдің Сығанақ қаласынан 13 шақырым қашықтықтағы Көккесенеде Әбілхайыр хан сүйегі жатыр деген болжамдары теріске шығады.

Академик Ә.Марғұлан дерек­терінде Қаратау алабы мен Сыр бойын мекендеген қайы тайпасынан шыққан Себу­к-тегін мұсылман діні ғұламаларымен көпшілігі қайы тайпасынан құралған ел-жұр­тымен Саманидтер билігі жерін­е, Ғазна қаласына қоныс аударғаны айтылған. Ол мемлекеттің әскер қолбасшысы Себук-тегіннің туысы Алып-тегін  болған.  Себук-тегін 977-997 жылдары Ғазна қаласының әмірі, 994 жылдан Хорас­ан өңірінің басшысы болып­ тағайындалады. Тәңір діні замандарында жерленген Қорқыт ата мүрдесі Саманидтерден «Дін қорғаушысы» құрметті атағын иеленген осы Себук-тегін билігі кезінде мұ­сылман үрдісінде қайта жерленіп, басына күмбезі тұрғы­зылғаны жайлы болжам «Көк­кесене» атты мақалада жа­рия­ланға­н.

Москва мемлекеттік университетінің профессоры Т.К.Кораев мәліметтерінде Себук-тегін ұлы Махмуд Газневи кезінде 999 жылы Мерв түбінде Саманидтер әскерле­рін жеңіп, Әмудария өзеніне дейінгі жерлерді билігіне бағын­дырған. Ол 1001 жылы Бұхараны билеген Караханид Насрмен келісімшарт жасасып, Саманидтер билеген жерлерді өзара бөліскен. Оның қызына үйленіп, олармен достығын нығайтқан. Сол кезеңде­ халифа ал-Кадир (991-1031) оған «Мемлекет және діни қо­ғамның сенімді тұлғасы» құр­метті атағын берген. Махмуд 1008 жылы атасы Наср әскерлерімен Балх түбінде соғысып жеңіске жеткен. Ол 1017 жылы Хорезмді, одан ары Солтүстік Индия жерлерін бағындырса, 1029 жылы Буидтерден Хамадан, Казвин, Исфахан, Рей жерлерін жаулап алған. Ондаған мың қолөнер және сәулет өнері шеберлерін жинақтап, өз жерінде әшекейлі архитектуралық құрылыстар мен сәулетті сарайлар  салдырған.

Ғазна қаласын Иран мен Орта Азияның мәдениет ошағы орталығына айнал­дырған. Кең сарайларда көп­теген ғұлама ғалымдар Әл-Биру­ни, Хорезми, Фирдоуси, Рази, Санаи, Гардизи, Утби, т.б. қызмет етулеріне жағдай жасаған. Махмуд Газневи өз билігінде, VIII ғасыр басында өмірден өткен деп болжанатын Баршын салор бейіті басына мавзолей-ғимарат тұрғызылуына ықпал еткен болса керек.

Архитектор Г.А.Пугачен­кова: «Исламның алғашқы кезең­інде марқұмның мола­сының үстіне мазар немесе күмбез секілді құрылыс түрін орнатуға мүлдем тыйым са­лынған. Бұл үрдіс ислам діні қарсы күрескен аскетизмге, яғни мазардың дүниелік сал­та­натқа бөленуіне қарсы ислам­дық қағидадан туындағаны анық. Бірақ, уақыт өте келе бас халифаттың мәртебесі үшін бұл тыйым жойылып, 862 жылы қайтыс болған әл-Мұнтасардың, сосын Құбба ас-Сулабиялардың моласының үстіне кесе­не тұрғызылады. Осыдан кейін Қазақ даласында мазар немесе күмбезді құрылыстардың салынуы жаңаша көр­кем­дік-сәулеттік даму кезеңін баста­йды», - дейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назар­баевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекет­тік бағдарламасы аясында «Қазақстан архитектурасы» (жауапты редакторы Б.Глаудинов, А, 2012, т 8) кітабы шығарылған. Өкінішке қарай, ауданымыз жерінде болған «Көккесене» көгілдір күмбезі кітапта академик А.Ю.Якубовскийдің қате болжамына сай, XV ғасырда тұрғызылған делініп, мер­зімі  төрт  ғасырға  кейінгі  уақыт дәуіріне  шегеріліп  кеткен.  Бұл – ел тарихы үшін үлкен қиянат. Өмірден ертеректе өткен академиктер В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовскийдің шаң басқан архивтерде қалып қойған парсы тарихшыларының қолжазбадағы шығар­маларымен танысуға мүмкін­дігі болмағаны үшін кінә артуға болмас. Десек те, кітапта мемориалды ғимараттардың архитектуралық құрылымы бойынша тұрғызылу кезеңдері, та­ралуының өріс алу жолдары мен мүмкіндіктері тар шеңберде қаралып, тарихи оқиғаларымен үйлесімсіз зерттелген сияқты.­

Қазақстандағы сәулет өне­рінің тарихында айтарлықтай мұра болып, Бабаджы-Қатынның (Х ғасырдың соңы, ХІ ға­сырдың басы) Тараздан 28 шақырым қашықтықта орналас­қан кесене есептеледі. Кесене өзінің композициясымен жаңа түрдегі шатырлы-бүркенділі орталықтанған түрді ала келген. Күйдірілген тақтатастардан  жасалған жақтаудағы жазу­дың бөлігін А.М.Беленицкий, М.Е.Массондар оқып, қағазға түсіргенде төмендегіше болған: «Бұл таңғажайып мазар Абаджы-Қатынның мазары, оны салға­н... Ильханшах... сәулет­шінің  аты... Мұхаммед».

Қарақанид дәуірінің көне мұраларының бірі – Тараздағы Қарахан кесенесі. Ғалымдар М.Меңдіқұлов пен Т.Басенов оны Қарахан әулетінің негізін құрушының моласының ба­сына орнатылған деп тұжырымдаған. Династияның негі­зін құрушы осы Сатық Бұғра хан (915-955) кесенесін ғалым М.Массон ХІ ғасырда тұрғы­зылған деп шешкен.

Ортағасырлық Жавкет қаласының орнында Бабаджы-Қатынның кесенесімен қатар Айша-Бибі кесенесі орналас­қан. Архитектор Б.Тұяқбаевтың  дерегінде: «1034 жылы Талас­ әміршісі Боғра ханның қызының Ғазнаға болашақ жары Масудтың мұрагері Маудудқа бара жатқан жолында қайтыс болуы» оған кесене тұрғызылуына себеп болған. «Айша бибінің қызметшісімен бірге болашақ жарына бара жатқа­н жолында қайтыс болуы» туралы жергілікті аңыз осы оқиғамен үйлеседі. Зерт­теушілердің пікірінше, кесене­нің сәулеті сәулеттік композицияның барлық тәсілдерін мінсіз меңгерген керемет шебердің қолымен жасалғандығымен ерекшеленеді екен. Кесене­нің сәулеттік-көркем­дік айқындығы оның барлық элементтерінің үйлесімділікте және тектоникалық мәнімен терең қабысуға негізделуімен көрінген. Көркемдік айшықтықтың негізгі құралы болып, кірпіштің бетін бедерлейтін және қисық сызықтар жүргізе­тін «нақышты қалау» әдісі бол­ған. Ондай тәсілдер Түрікменстандағы Керкі қаласына жақын Аламбердінің, (ХІ ғ), Көне Термездегі Сұлтан Садат (ХІ ғ) кесенелерінде қолданылыпты. Айша-Бибі кесенесінің сәулеттік сараптамасы оның бір модульді кестеде салынуы мүм­кін еместігін, құрылыстың тұр­ғызылуы сөзсіз мұқият дайындалған жоба арқылы болатындығын көрсеткен. Құрылыс жұмысының цехтық түрде ұйымдастырылуы жас шеберлердің дайындық мектебі де болған. Шатырлы озық технологиялық әдісте шеберлікпен салынатын кесенелердің пайда­ болу негіздері оңтүстік батыс Азия елдерінен (Иран, Түрік­менстан Х-ХІ ғғ) бастау алатындығы архитектор ғалым Г.А.Пугаченкованың пікір­лерінде меңзелген.

Көккесене  ғимаратына  1901 жылы екінші рет келген Каллаур оны суретке түсіріп алады. Академик Якубовский 1927 жылы келгенде кірпіштері алынғандықтан ғимарат үлкен үйінді төбеге айналған екен. Топырақ бетін арши бастаған ғалым көгілдір, көкшіл, ақшыл «изразецтердің» қоймасы үстінен түскендей болыпты. Шыны тектес қалың сырлы құймалар «самарқандық, бұхаралық үлгілердің ең үздіктерімен теңесер еді» дейді. Ол осы арадан көгілдір, ақшыл, көк­шіл, сары, қызғыш, түсті қондырмалармен безендірілген үлкен бір мозайкалы қыштардың бөлшектерін, ойма бедер салынған терракоталы қыш сынығ­ын табады. Археолог ғалым үйінді қалдығының өзі «бір қарағанда-ақ Көккесененің көмкермелі глазур­ленген әшекей жағынан тама­ша ғимарат болғанын байқатады» деп жазған. Сондай-ақ, «Түркістан маңына беймәлімдеу өзіндік ерекшелігі бар күмбез болған­дығын» да атап өткен.

Ал, этнограф ғалым И.А.Кастанье: «Белгілі бір ғана ескерткіштің қақпа бейнесі­нде көрінетін қақпасы бар. Ол өзінің таңға­жайыптығымен асыра си­паттауға сай көрінеді (Сайд Мухаммед Масруптың кесенесі - Б.Г). Ол «Көккесене кесе­несі Төменарықтан 5 км жерде орналасқан» - деп атап өтіпті. Б.Глаудинов жақшаға алып сілтеме жаса­ғанымен, Хивадағы Сайд Мухаммед Масруп кесенесі туралы кітабында ешбір мә­лімет бермеген. Көк­кесене күмбезінің өзге кесенелерден көркемдік, композициялық өзгешеліктерінің барлығын ғалымдар атап көр­сете тұрса да, автор Ақтөбе облысындағы Бесқопа шатқалындағы XV ғасырда со­ғылған деп есептелетін Абат-Байтақ кесене­сін оған үлгі (прототип) болған деп өрескел қате тұжырым­да­ған. Әйтсе де, беделді архитекторлар М.Меңдіқұлов және Г.А.Пугаченковалардың ол қате пікірді құптамағаны байқалады.

Жоғарыда сөз бол­ған жайттар бо­йынша Жетісу жерінде тұрғызылған айтулы сәулеттік ғимараттар Қараханидтер замандарында олармен құдандалы болған, ал Қорқыт ата және Көккесене күмбездері туыстық байланыстағы Газневидтер арқылы Иран жерінен келтірілген шеберлер қолымен тұр­ғызылған деп болжамдаймыз.

Жасұзақ  АМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі,

Жаңақорған  ауданы

 


САЛА ЖЕТІСТІГІ – АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ АЙНАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.01.2019 10:00

ҚАЛАНЫҢ  БАС  ЖОСПАРЫНА

ӨЗГЕРІС   ЕНГІЗІЛДІ

Еліміздегі құрылыс саласының соңғы технологиямен дамып келе жатқанының куәсі – өзіміз. Ал Қызылорда облысына келер болсақ, көрер көзге құрылыс саласының жанданып жатқаны, еңселі тұрғын үйлер мен әйнегі күн көзімен шағылысқан ғимараттар аймақтың ажарын ашып-ақ тұр. Әрине, мұның барлығы – бір жылда емес, бірнеше жылдағы істеліп жатқан жұмыстардың нәтижесі. Өткен 2018 жыл да аймақ үшін табысты болды. Әлеумет­тік нысандар құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен бөлінген 13,9 млрд теңге қаржы толықтай игерілген.

Сонымен қатар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы бойынша өткен жылы 21 әлеуметтік нысанның жоба-сметалық құжаттамасын әзір­леуге облыстық бюджеттен 256,2 млн теңге қаражат бөлін­ген. Бүгінде 5 жобаға (Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі ескерткіш тұғыры, Әйтеке би кентіндегі 250 келушіге арналған емхана, Жалағаш кентіндегі 100 төсектік орталық аудандық аурухана, Қызылорда қаласы Ақсай полиция бөлімшесі, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентін­дегі әкімшілік ғимарат құрылысы) мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал қалған 16 жоба ағымдағы жылдың еншісінде. Өткен апта соңында облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде бірқатар басқарма басшылары жылдық қоры­тынды  брифинг  өткізді.

- «Қызылорда қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу» жобасы да толықтай аяқталып, жобаға қолданыстағы заң­нама талаптарына сәйкес кешенді қала құрылысының сараптамасы жасалынды. Қазіргі уақытта жоба орталық ат­қарушы органдардан келісімнен  өткізілуде. Бұған қоса, 2018 жы­лы 20-дан астам нысанның эскиздік жо­ба­сы әзірленді. Сондай-ақ, биылғы жылдың маусым айынан бастап заңдылық­тар­ға енгізілген  өзге­ріс­терге­ сәйкес, облыс әкімінің жанындағы сәулет-қала құрылысы Кеңе­сінің күші жойылды. Осыған  байланысты  мемлекеттік қызмет көр­сету регламенті бо­йынша қалалық және  аудандық сәулет жә­не қала құрылысы бө­лімдеріне  нысандардың эскиздік жобаларын келісіп, бекіту жүктеліп отыр, - деді облыстық  құрылыс, сәулет және  қала  құрылысы басқармасы басшысы М.Әлсеріков  брифингте.

Бүгінде  облыстың  бұл  саласы өт­кен жылдың қоры­тын­дысымен  мем­лекет­тік  қызмет түр­лері бо­йынша  жеке  және  заңды тұлғаға 18 мыңнан астам қызмет  көрсеткен.

 

ЛИЦЕНЗИЯДАН  АЙЫРУ – ЕҢ  ҚАТАҢ  ЖАЗА

Жоспарға сәйкес өткен жылы облыс аумағында 284 ны­санның құрылысы басталып, жоспар толығымен орындал­ған. Құрылысы басталған нысан­дардың 122-сі – Қызыл­орда қаласында, қалған 162-сі аудандарға тиесілі. Ағымдағы жылы аймақ көлемінде барлығы  42 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда соның 30-ы пайдалануға тапсырылса, қалған 12-сінің құрылысы биылға жоспар­ланған. «Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр» деп көкке сыйғызбай мақтағанымызбен, кей нысандардың сапас­ы сын көтермей жатады. Яғни құрылыс сапасының төмендігі жұмыс нәтижесінің кемшін тұстарын айқындап жатқан жайттар аз емес. Мә­се­лен, заңнама талаптарын бұз­ған тұлғаларға қатысты 127 әкім­шілік іс қозғалып, 19 млн 435 мың теңге айыппұл салынған.

- Бұдан бөлек, құрылыс саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзған мердігер мекемелерге лицензиясынан айыруға дейінгі қатаң жаза да қолданылуда. Басқарма бастамасы бо­йынша сот актілерінің негізінде «Береке» ЖШС құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылса, «Ардақ Құрылыс компаниясы» ЖШС-нің лицензиясының қол­данылуы уақытша тоқтатылып, «Проммедконтракт» ЖШС-не лицензиясынан айыру түріндегі жаза қолдану үшін сотқ­а жолданды. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн 322 мың теңге қаржыға лаборатория автокө­лігі, заманауи бақылау-өлшеу құралдары, нарықтағы аккредиттелген құрылыс компанияларымен көрсетілетін зерт­ха­налық қызметтер сатып алынды және мамандар арнайы киіммен, жеке қорғану құрал­дарымен жабдықталды, - деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқар­масының  басшысы М.Молдабаев.

Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында құрылыс сапа­сына мемлекеттік тұрғыдан бақы­лауды күшейтуді тапсырды. Қазіргі кезде Парламент қарауында жатқан «Құрылыс туралы» заң жобасы алдағы уақыттары қабылданады деп күтілуде.

 

629  КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН  ҮЙДІҢ

ЖАҒДАЙЫ  ҚАНДАЙ?

Аймаққа қарасты аудан орта­лықтары мен қала маңындағы елді мекендерді ілеспе газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жалғасып келе жат­қанына бірнеше жыл болды. Бұл жұмыстардың барлығы «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистралды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылуда. 2015 жылы 4 аудан ортал­ығы газдандырылса, қалға­н 3 ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жалғасуда. Аймақтың жылуға қатысты жаңалығы да аз емес. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының жылу  желілерін қайта жаңғыр­ту­ бойынша 8 жобаға Ұлттық қордан 2,2 млрд теңге бөлініп, 7 шақырымнан астам жылу желіле­рі  қайта жаңғыртылды.

Өздеріңізге белгілі, аймақтағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ахуалы сын көтермейді. Бұған дейін апатты жағдайдағы және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер 2011-2020 жылдарға арналған көп­қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғыртуға арналған бағдар­лама арқылы қайта қалпына келтірілген. Қазір бұл бағдарлама жұмысы тоқтап тұр. Қазіргі уақыттың өзінде айрықша көңіл бөлуді қажет етіп тұрған 629 көпқабатты тұрғын үй бар. Сала мамандарының айтуынша, ол үйлердің ең жаңа дегендерінің өзі 90 жылға дейін салынған, ал ең көне дегендер өткен ғасырдың 60-70-жылдарында бой көтерген. Негіз­інен апаттық жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлердің біразы аудандарда орналасқан.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасы басшысының орынбасары Е.Жола­манов одан әрі аймақты электр энергетикасымен қамтамасыз ету, коммуналдық тарифтердің төмендегіні туралы бірқатар ақпар беріп өтті.

- 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап электр энергиясымен жабдықтау қызметінің тарифі 3,7, жылу энергиясының тарифі 1,2 пайызға төменде­тілді. Ағымдағы жылдың басынан бастап коммуналдық мекемелердің инвестициялық бағдарламалар көлемінің азаюына, оған қоса, «Қызылорда жылу­электрорталығы» энергия өндіруші  кәсіпорын үшін газ бағасының 12  пайызға төмендеуіне байланысты жылу энергиясының орташа тарифі 4,2 пайыз­ға, электр энергиясымен жабдақтау қызметі 2,6 пайызға, су бұру қызметі 11,4 пайызға төмендетілді, - деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Е.Ералыұлы.

Аймақтағы көпқабатты үйлердегі басты мәселе – лифт қызметі. Бұл қызметтің түрі тұрғындарға тегін дегенмен, аймақ бойынша 150-ден ғана асатын  жоғары көтерілуге арналған электронды жеделсаты бар. Оның тек 94-і ғана жұмыс істеп тұр. Ал көпқабатты үйлер­дің тек 7-еуінде ғана жедел­саты қызметі іске қосылған.

 

ӘУЕЖАЙ  ТЕРМИНАЛЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ   ЖАНДАНАДЫ

Елімізде табиғи ресурстар мен ірі экономикалық орталықтар бір-бірінен алшақ болғандықтан жүк көп тасымал­данады, яғни жол-көлік кеше­нінің жұмысына басқа елдерге қарағанда көбірек тәуелді. Сол секілді әр аймақ үшін жергі­лікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен кө­ше­лерінің маңызы айрықша. Өт­кен жылы осындай жолдар мен көшелерді дамытуға респуб­ликалық  бюджеттен 13  млрд 45 млн теңге бөлінді.

- Өткен жыл қорытынды­сымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсет­кіші 63,5 пайызға орындалды. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 17 жоба жүзеге­ асырылды. Бүгінгі таңда облыс­ аумағындағы 212 елді мекенді аудан  және облыс орталығымен байланыстыратын 211 автобус қатынайды. Облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш және Ақтөбе қала­ларына облысаралық автобус маршр­уттары  ұйымдастырылған, - деді облыс­тық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы  Е.Әбдіқалықов брифинг барысында.

Бұл салада кем-кетік тұстар да жоқ емес. Мәселен, аймақтың айнасы саналатын әуе­жайдың ахуалы айтпаса да түсінікті. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылысы басталып, компаниялар тарапынан орын алған кедергілерге байланысты сақалды құрылыстар қатарына кірген болатын. Бүгінде «Қы­зылорда  қаласындағы  «Қор­қыт ата» әуежайының жаңа жолау­шылар  терминалы  құрылысы» жобасы мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік механизмі шеңберінде «BI-Indu­s­trial» компаниясымен жүзеге асырылуда. Құрылысты жал­ғастыру  жұмыс­тары  биыл  басталады.

 

775  ОСАЛ  ОБЪЕКТІ  БАР

Дария жағасында қоныс­танған соң су тасқыны қаупі төнетін аймақтардың қата­рындамыз. Өткен жылы осындай қауіптің алдын алу және жою мақсатында 256,1 млн теңге қаржыға жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеттерінің 23 учаскесінде жөндеу-қалпына кел­тіру жұ­мыстары  жүргізілді.

Жалпы, төтеннен төнетін төтенше жағдайлардың бар­лығына облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы жауап береді. Осы ретте облыс қазынасынан бөлінген 310,5 млн теңгеге 27 бір пәтерлі коммуналдық тұрғын үйлер салынып, нәтижесінде төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған 27 отбасы үймен қамтамасыз етілген. Аймақтың қоғамдық тыныштығы да бұл саладан тысқа­ры емес. Әлемдік проб­лемаға айналып отырған тер­роризм мәселесі өз биігінен түскен  емес.

- Қазіргі уақытта облыстық терроризмге қарсы комиссиямен жеке профилактикалық жұ­мыстардың тиімділігін арт­тыру мәселесі үйлестірілуде. Ақпараттық-түсіндіру тобы және теолог мамандардың жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 12 деструктивті діни ағым жақтастары дәстүрлі дінге бейімделді, - деп мәлімдеді брифинг барысында облыстық жұмылдыру да­йын­дығы  басқармасының  бас­шы­сы  А.Шәменов.

Басқарма басшысының мәліметінше, аймақта террористік тұрғыдан осал объек­тілер тізбесінде 775 нысан бар. Одан бөлек мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары өз  деңгейінде  атқарылуда.

Жыл бойы атқарған жұмыстары туралы баяндаған бес басқа­рманың брифингі осындай мәліметтермен толықты. Дегенмен аймақтағы түрлі салал­ар әлі де болса «шалажансар» күйде. Былтыр бітпеген жұмыс биыл міндетті түрде жалға­сын  табады.

Н.ҚАЗИ

 


ЕҢБЕК ЕЛЕНСЕ, НӘТИЖЕ ЕСЕЛЕНЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.01.2019 15:55

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов өңірлік коммуникациялар қызметінде 2018 жылғы атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер жайлы брифинг өткізді. Баспасөз конференциясына «Ұлттық спорт түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ғабит Махатаев, «Мүгедектерге арналған  спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Эрик Қасқабаев және бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев  қатысты.
2018 жылы облыс спортшылары халықаралық жарыстарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, еліміздің абыройын көтерді деп толық айта аламыз. Сыр спортшылары ҚР чемпионаттарында 1348 медальды жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 131 медальға қол жеткізген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда  едәуір  жоғары көрсеткіш. Өткен жылы 8 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 62 ҚР спорт шебері, 1073 спорт шеберлігіне үміткер, 1-ші разрядты 307 спортшы дайындалса, облыстың 470 спортшысы ҚР Ұлттық құрама  сапына  енді.
Сондай-ақ, былтыр дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 28,3 пайызға көтеріліп, 224 382 адамға жеткен. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік-жекешелік тапсырыс аясында 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенді қамтып, 41 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
- Футболды дамыту мақсатында алтыншы жыл қатарынан қала мен аудандарда бес ай бойы (мамыр-қыркүйек) әр аптаның сенбі күндері футболдан облыстық чемпионат өткізілді. Жастардың бос уақыттарын  тиімді  пайдалану  мақсатында  шағын  футбол  лигасы  мамыр-қазан  айлары аралығында ұйымдастырылып, шараға  41  команда,  615 жас тартылды. Сонымен бірге, дәстүрлі бұқаралық веломарафон және жүгіру маусымы да жалғасын тапты. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент  күніне орай «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты спорттық шара екі жыл қатарынан ұйымдастырылды, - деді Олжас Азатұлы.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу көзделген. Ол үшін спорт нысандарын көбейту қажет екендігі белгілі. Соңғы 3-4 жылда 9 спорт нысаны пайдалануға берілсе, былтыр облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, халық  игілігіне  табысталды.
Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 жоба («Тарлан» СК және «Мерей» мөлтек ауданы, Шиелі – Ақмая, Алғабас, Бестам, Төңкеріс ауылдары, Жалағаш – Таң ауылы, Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылы денешынықтыру- сауықтыру кешендерін жалға алу) іске қосылды. Ағымдағы жылы 16 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Орталық стадионның жеңіл атлетикалық манежіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Спорт мектептердің  материалдық-техникалық базасын  нығайту  мақсатында қала, аудан мектептеріне  8 автокөлік берілсе, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз  етілді.
- Биыл облыс тарихында бокстан тұңғыш рет ерлер арасындағы ҚР чемпионаты Қызылордада өтеді. Мұның өзі жас боксшылар үшін үлкен мүмкіндік. Осы жылы Азия, Әлем чемпионаттары да ұйымдастырылады. Сонда жақсы өнер көрсетіп, Олимпиада ойындарына жолдама, одан соң алтын медаль алуды көздеймін. Неге алтын? Өйткені, менің салмағымда басқа медальдар бар. Мұхтархан Ділдабеков ағамның күміс, Иван Дычконың қола алғанын білетін боларсыздар. Аса ауыр салмақтағы тұңғыш чемпион болуды  қалаймын, - деді Қамшыбек  Қоңқабаев.
2018 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен спорттық резерв пен жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау мақсатында «Ұлттық спорт түрлері клубы», биылғы жылдың қаңтар айында «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері ашылып, жұмыс жүргізуде. Брифинг барысында аталған спорт клубтарының директорлары да сөз алып, спортты дамыту жолында еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Р.СӘРСЕНҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары