Өзекті мәселелер

  • 14.02.19

    «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсы...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

    Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесе...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Мен «Халық» газетінің 6.ХІІ.2018 жылғы санында «Тұмар  ханым» бетінде жарияланған «Өзі үшін» некесіз бала тапқысы келеді» тақырыбындағы мақаланы оқыдым. Тақырып­қа орай көңіл түкпірінде жүрген ойларды қағаз беті­не  түсіргім  келді.

    ...
    Толығырақ...
Дүйсенбі, 04 Ақпан 2019

ҚЫЗЫЛОРДАДА 3 ЖЫЛ ІШІНДЕ 132 КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.02.2019 09:05

Қызылорда қаласында шағын жолдарды дамыту бағдарламасы әзірленді. Оның шеңберінде облыс орталығының шағын аудандарында және қала маңындағы елді мекендерде 132 көшені (2019 жылы – 56 көше, 2020 жылы– 35 көше, 2021жылы – 41 көше) жөндеу жоспарлануда.

Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаев облыс орталығының бірқатар шағын аудандарын аралап, жол жағдайымен танысты.

«2022 жылға дейін шағын жолдарды дамыту бағдарламасы бойынша қаланың шағын аудандарында және қала маңындағы ауылдарда 132 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ең бастысы, барлық жұмыстар мерзімінде сапалы орындалуы тиіс, лауазымды тұлғалар жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылуына жауапты болады», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі алдымен «Саяхат» ықшам ауданына барды. «Саяхат» тұрғын ауданында 42 көше бар. Оның 2-еуі асфальтталған, 40 көшесі қара жолдардан тұрады. Қазіргі уақытта 20-дан астам жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, жөндеу жұмыстары 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр.

«Біз облыс басшылығының жол мәселесін шешіп жатқанына қуаныштымыз. Біздің шағын ауданда көшелердің барлығы дерлік асфальтталмаған, ауа райының қолайсыз күндері қозғалыс қиындай түседі. Мәселеміз шешім табатынына өте қуаныштымыз»,- деді кездесу барысында «Саяхат» шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Байсал Әділ.

Ал «Сәулет»тұрғын ауданында 82 көше бар. Оның 57-сі асфальтталған, 18-і тас жол, 7 көшесі қара жолдардан тұрады. Асфальтталмаған 25 көшені жөндеуге қаражат бөлінді. 2018 жылы бұл шағын аудандағы Жүнісов көшесіне орташа жөндеу жүргізілген болатын. «Астана», «Арай» және «Ипподром» ықшам аудандарындағы көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Мұнан соң облыс әкімі «Коммунизм», «КБИ» және «Шанхай» шағын аудандарындағы жолдардың жай-күйімен танысты, мұндағы 116 көше жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы осы ықшам аудандардағы 116 көшені жөндеу жұмыстары басталады. Қорқыт ата көшесі, Махамбетов тұйығы және тағы 3 көшені жөндеу жоспарлануда.

Қызылорда қаласы бойынша жалпы ұзындығы 619 шақырым болатын 766 көше бар. Оның ішінде 409 көше – асфальтбетонды, 35-і – қиыршық тасты және 322 көше қара жол екенін атап өткен жөн.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қарқыны қатты ҚАЗАЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.02.2019 17:43

«Негізінде, бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді» деп бастады Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте. Әкімнің сөзін растап көрелік. 2018 жылдың басында аудан бюджеті 14 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 20 млрд теңгеден асқан. Салыстырмалы түрде мысал келтірсек, 2013 жылы 10,3 млрд теңгені құрапты. Бұл – бюджет көлемі бойынша Қазалы ауданы облыста Қызылорда қаласынан кейінгі орында деген сөз. Ал, бюджет бар жерде атқарылатын жұмыстың да ауқымды болатыны анық ғой. Ендігі жылға аудан бюджеті 19,3 млрд теңге көлемінде бекітіліп отыр. Оның 11,2 млрд теңгесі білім мен әлеуметтік салаға бағытталады. Әлбетте, білімге бағытталған бюджетте біздің болашағымыз бар. Әлеуметтік саланың да әлеуетін көтеру маңызды.

- Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Жыл ішінде кәсіпорындарында 12,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызға артық. 2018 жылы өнеркәсіп саласына 2,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 153 пайызға (1 млрд 904,8 млн теңге) орындалды, - деді аудан әкімі М.Ергешбаев.

Бүгінгі таңда ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Ол жерлерде 8958 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркелсе, 847 адам жаңа жұмыс орнын тапқан. Жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалармен 494 адам кәсіпкерлік негізде оқыған.

Өткен жылы 11 млрд 498 млн теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 1 млрд теңгеден астам субсидия төленген. Жыл ішінде салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 543 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге артық. Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің (6480 гектар) әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жиналып, ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды. Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 14428 тонна өнім алынды.

Бүгінде аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 67 пайызы жеке тұлғалардың, 4 пайызы – ауылшаруашылық кәсіпорындарының, 29 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Өткен жылы ауданнан тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне 29 бас түйе, Өзбекстан Республикасына 100 бас мүйізді ірі қара малы экспортталған. Биыл 400 бас сиырды экспорттау жоспары бар.

- Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі де басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Өткен жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 800 адамға жер берілді. Қала мен кенттің ортасындағы 441 гектар жер учаскесіне электр желілері, ауызсу мен газ апару үшін 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Осы жұмыстар аяқталған кезде екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер телімі беріледі, - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Экономиканың дамуына жағдай жасайтын, оның салаларын өзара байланыстыратын жол қатынасы екені анық. 2018 жылы тиісті облыстық басқармамен, министрлікпен жұмыс істегеннің нәтижесінде республикалық және облыстық бюджеттерден 1 млрд 566 млн теңге бөлініп, жолдарымыз күрделі және орташа жөндеуден өтсе, 2019 жылға аудандық маңыздағы жолдарды күрделі және орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд 573 млн теңге беріліп отыр.

Бұдан басқа, елді мекенішілік жолдарды орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 194,6 млн теңге, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға 89 млн теңге қаралған. Сонымен қатар, «Әлсейіт» көпірінің құрылысына 2017-2018 жылдарға 1 млрд 565 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. 2019 жылға көпір құрылысына 1 млрд 127 млн теңге қаржы берілді. Ел болып көптен күткен көпірдің игілігін көретін күн де алыс емес.

Статистикалық есептерге сәйкес, 2018 жылы Қазалыдағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 30 млрд 980 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқанын да айту керек. Қазір аудан бюджетінің қомақты бөлігі білім беру мекемелерінің еншісінде. Өткен жылы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 195 млн теңге қаржы бөлініп, физика, химия, биология, робототехника кабинеттері мен қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Жанкент ауылында амбулатория пайдалануға берілді. Кент пен қала аралығынан 250 орындық емхана салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке ұсыным берілді. Жекешелік-әріптестік негізде Кәукей, Бозкөл ауылдарына дәрігерлік амбулатория салу жолдары да қарастырылуда.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


Кәсіпкерге берілген оң қорытынды неге өзгертілді? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.02.2019 16:20

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының кезекті отырысында мемлекеттік органның, нақтырақ айтқанда кәсіпкерді әуре-сарсаңға салған қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мәселесі қаралды.

Мәселе оқырманға түсінікті болуы үшін кеңірек тоқталсақ.

Қызылорда қаласының тұрғыны, 72 жастағы Күләйхан Меңдиярова қолындағы мүмкіндігі шектеулі баласы болашақта «ешкімнің қолына қарап қалмасын, өз күнін өзі көрсін» деген ниетпен өзінің иелігіндегі 400 шаршы метр жерге дүкен салу үшін құрылысының эскиздік жобасын бекітуге Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2018 жылдың желтоқсан айында құжат өткізеді. Мәселесі қала әкімдігі жанындағы Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінде қаралып, кеңес мүшелері жер учаскесі аумағында жерасты инженерлік желілер орналасқан деген аргументпен жобаны мақұлдамайды.

Қарт ана бір ай жүріп, «Қазақтелекомнан», «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясынан», «Қызылорда су жүйесінен» жер учаскесінен инженерлік жүйелер өтпейтіндігі туралы анықтамалар жинап, осы жылдың 17 қаңтарында эскиздік жобаны бекітуге кеңеске қайта тапсырады.

Жоба кеңесте қайта қаралып, кеңес төрағасы және мүшелері, барлығы 13 қатысушы, тарапынан толық қолдау тауып, мақұлданады. Кеңес мүшелігінде Кәсіпкерлер палатасының мамандары да бар. Алайда Күләйхан Меңдияроваға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген жауапта кеңестің 8 мүшесі қарсы болды деген желеумен жобаның мақұлданбағаны көрсетілген.

Бұл жайт кеңесте мүше болған Палата қызметкерлерін ғана емес, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелерін де таңғалдырды.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңес отырысында қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев та, қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов та кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырмау себебі ретінде дүкен салмақшы болған жерден су трубасының өтетіндігімен түсіндірді. Ал кеңес мүшелерінің «дүкен салуға ешқандай кедергі жоқ» деп анықтама берген «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жауабын қайтпекпіз?» деген сауалына мемлекеттік орган өкілдері жөнді жауап та бере алмады.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының қорытындысымен Күләйхан Меңдиярова өз қаржысы есебінен су трубасын ауыстыратын болып, содан кейін жобасын қалалық сәулет-қалақұрылысы кеңесіне қайта ұсынатын болып келісілді. Кеңес мүшелерінің: «Су трубасының ауысуымен мәселе толық шешіле ме? Эскиздік жобасына рұқсат бересіздер ме?», - деген сауалына қалалық әкімдік өкілдері «шешіледі» деп жауап берді.

Мәселе Кәсіпкерлер палатасының тікелей бақылауында болады. Ендігі жерде бұл жобаны Палата мамандары сүйемелдейтін болды. Ал кәсіпкерге жұмыс жасауға кедергі келтіріп отырған қала әкімдігі жанынан құрылған Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінің қызметі туралы келесі материалда айтылады.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Әндер мен жылдар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.02.2019 15:55

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ардагерлер мен жастар арасында «Әндер мен жылдар» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Оған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов қатысып, кештің негізгі мақсатына тоқталды.

– Бәрімізге белгілі, биылғы жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған сәйкес қала әкімінің қолдауымен және мәдениет үйінің ұйымдастыруымен арнайы кеш өткізіп отырмыз. Бұл шараға тек жастарымыз ғана емес, ардагер қарияларымыз да қатысып отыр. Себебі «Қарияның бары – игі» демекші, ұлт рухын көтеріп, жастардың санасын оятып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше, - деді ол.

Салтанатты шараға қатысушы өнерлі ардагерлеріміз бен жастар жырдан шашу шашып, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

Ұлттық дәстүрде, рухани жаңғыруға бет алған ықылас пен құрметке ие болған, жоғары деңгейде өткізілген бұл іс-шара қазақтың халық әндері мен термелері, ұлы күйшілеріміздің жүрек шертер туындылары, сондай-ақ, Абайдың, Шәмшінің асқақ әндерін орындаумен ерекшеленді. Күй күмбірлеп, терме төгілген бұл сахнада халық әндері де қалыс қалмады. Соның ішінде «Дудар-ай», «Ой, бұраң бел-ай», «Қырманға кел, қалқатай», «Құстар қайтып барады», «Есіңе мені алғайсың» сынды әндер де шырқалды. Жастарымызбен қоса, қарияларымыздың да өнерлері халықтың ыстық ықыласына бөленді. «Бастаңғы» мен «Жан шуақты» әжелер және «Аталар» ансамбльдері бұлбұлша ән салып, мың бұралып би биледі. Әсем безендірілген сахнаның мерейлі кешінде ақын Қазына Өзденбаеваның «Әйел сұлу – шашымен» атты интермедиясы шараның шырайын кіргізді. Қазіргі заманның әйелдері ұзын шашпен емес, қысқа шашпен көрікті болғысы келетіндерін ащы мысқыл түрінде әжуалап жанға тигізсе, бір жағынан көрермен күлкісін ұялатты.

«Аталар» ансамблі сырнаймен сызылтып ән айтқанда, естір құлаққа құйылып, залдың ішін керней жөнелді. Ал ұлттық аспаптардың құлағында ойнап, «Қазақтай ел қайда?» әнін шырқаған әжелер қауымына көрермендер де қосылып, ән шырқады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жаңа өсіп келе жатқан кішкентай бүлдіршіндеріміздің өнеріне таңғалып, таңдай қақпау мүмкін емес. Асыл әжелері мен ардақты аналарына арнаған әндері шаттыққа кенелтіп, таудай талаптарына шапалақ соғылды.

Қазақтың күй-термелері мен көптеген аспаптар түрлері сахнамыздан табылып, үлкені мен кішісі бар өнері мен талабын көрсеткені рухани жаңғырумыздың бастамасы емес пе?!

Үлкен дайындықпен өткен шараның соңында көрермен арасындағы қариямыз өзінің ақ батасын беріп, өнерпаздарға алғысын айтты.

Жастарымызға үлгі боларлықтай осындай аға буынды сыйлар жастарымыздың бары қуантады. Сол себептен ұрпақтар сабақтастығын көрсететін тағылымды іс-шаралар азаймаса екен дейміз.

Алтынай  Орынбаева,

Қ.Жұбанов  атындағы  Ақтөбе

өңірлік  мемлекеттік

университетінің  филология

факультетінің  4-курс  студенті

 


Ауған соғысы жауынгерлерінің ең алғашқы мұражайы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.02.2019 14:46

Ауған  соғысының  аяқталғанына  30  жыл  толуына орай

Биылғы жылы Ауған соғысының басталуының 40 жылдығы және 15 ақпанда Ауған жерінде соғыс қимылдарын жүргізген Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жылдың жүзі болады. Жат жерде болса да жан беріп, жан алысқан жауынгерлер ерлігін ертеңге жеткізетін ең алғашқы мұражай бұдан 37 жыл бұрын, яғни 1982 жылы Қазалы локомотив депосының құрылыс цехында ашылды. Оған себеп: дәл осы цехта ағаш ұстасы болып жұмыс істеген, кіші сержант Қуаныш Ибраимов 1981 жылы және жерлесіміз, қатардағы жауынгер Сәндібек Инабатов 1982 жылы әскери міндеттерін Ауғанстанда өтеу кездерінде ерлікпен қаза тауып, қайтыс болғаннан кейін, екеуі де «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Ауған халқының жауынгер интернационалистке алғысы» медалімен наградталған еді.

Азаматтық борышымды Әскери теңіз флотында (Кубада) атқарып, 1982 жылы Қазалы локомотив депосына жұмысқа қабылданып, құрылыс цехына бригадир болып келгенімде, арыстай екі жігіттің Ауған соғысында қаза болғаны маған ерекше әсер берді. Сол кездегі цех шебері Телжан Жарылқасынов ағамыздың басшылығымен ағаш ұстасы Жалғас Райбеков ағамен бірлесіп, мұражай ашу ісін қолға алдық.

Мұражайды ұйымдастырғандағы мақсатымыз тарихи оқиғаның, сол кездегі 18-20 жас аралығындағы өрімдей жас азаматтардың интернационалдық борышын өтеу жолындағы ерлігі хақында, Отанға деген сүйіспеншілігі, елжандылық, жауынгерлер мен жас ұрпақ жүрегінде отаншыл рухты ояту, есімдерін қастерлеу еді. Мұражай мұраты да – сол қастерліміз бен қадірлімізді халыққа көрсету, бағасын білдіру .

Мұражайға Ауғанстандағы соғыс даласындағы от пен оқтың астында қан кешкен қазақстандық әскери жауынгерлердің, оның ішінде қазалылық жауынгерлердің деректі материалдары, қатысушылардың фотосуреттері, оқиғалардың куәгерлерінің сұхбаты, майдан суреттері жиналды. Шайқаста қаза болған батырларымыздың ұрпаққа үлгі болар ерліктері жөнінде жеке мұрағатынан алынған деректері, куәліктері, наградалары (ордендері, медалдары), т.б. толыққанды тарихи дүниелер қойылды.

Аталған мұражайды ашу сәтіне қаза тапқан батырлардың ата-аналары, туған-туыстары, аудандық комсомол комитетінің өкілдері, ұжымдастар және қазалылық Ауған соғысына қатысушылары жиналды. Көкіректерін жарған қайғыларын, көзден аққан жастарын жұтынып тұрып жасырған жүрегі налалы жұрт, әсіресе Қуаныштың анасы Қарлыға апамыз егіліп тұрып үлкен алғысын білдірді.

Сол жылдардан бері аталған мұражай жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтуге, қайсар жауынгер жігіттердің есімдерін қастерлеуге, батырлықтың үлгісін көрсетіп, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келеді.

Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан өндірісті модернизациялау шараларына сәйкес, бұл мұражай Қазалы локомотив жөндеу зауытының әкімшілік ғимаратында орналасқан «тарихи мұражайдың» төрдегі бұрышына көшіріліп, қазақстандық жауынгерлердің өмірдеректері, ерліктері, әскери марапаттары жазылған «Мы – интернационалисты», «Қазалылық жауынгер-интернационалистер» атты кең көлемдегі фотоплакаттар және Қуаныш Ибраимовтың «мемориалдық ескерткіш-тақтасы» сол жердегі тағзым залына орналастырылды.

Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын қасіретті беттердің бірі. Ауған даласында қан төккен Кеңес әскерлерінің қатарында қазақстандық сарбаздар аз болмаған. Нақтырақ айтқанда, табаны күректей 10 жылға созылған Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-сі қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен, мыңдаған жігіттер мүгедек болып оралған. Сол соғыстың  бел ортасында болған жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл бірнеше мәрте Қазалы локомотив жөндеу зауытында болып, сол бір сұрапыл соғыс жылдарын еске салып, бүгінгі бейбіт күннің қадіріне жетуге үндейтін өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, зауыттың директоры, «Құрметті теміржолшы» Нұрлан Алмағамбетовке «Отан үшін отқа түс, күймейсің» даңқына сіңірген еңбегі үшін «Бауыржан Момышұлы «Намыс» төсбелгісін кеудесіне тақты. Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев осыдан 10 жыл бұрын, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарына қосқан үлесі үшін, «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл» медалімен марапаттаған болатын. Өйткен , Нұрлан Жұбатқанұлының басшылығымен ұжымда ұлттық рухпен шыңдалған, жаңа заманға лайық жастарға рухани патриоттық тәрбие беріліп еңбек етуде және жыл сайын айтулы мерекелерде зауыттың зейнеткерлеріне, ауған соғысы ардагерлеріне дастарқан жайылып, құрмет көрсетіледі, қайтыс болғандардың рухтарына арнап құран бағышталады.

Алдағы уақытта да, Ауғанстандағы шайқаста қайтыс болған және от кешкен соғыста аман қалған жауынгерлердің есімдерін мәңгі есте сақтап, құрметтеу, отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау елдігіміздің бір белгісі болып қала берері анық.

Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Рухы биік, елжанды азаматтарымыз барда еліміздің мерейі қашанда асқақ.

Қанай  Жамбылов,

Қазалы  локомотив  жөндеу  зауытының  қызметкері

 


Өнегелі өмір PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.02.2019 12:31

Бар ғұмырын, білік-тәжірибесін туған өлкесінің дамуы мен өсіп-өркендеуі жолына сарп еткен асыл азаматтар қай өңірде де аз емес. Соған орай, аяулы перзенттерінің есімін қабырғалы қауымы да ұмытқан емес. «Балам деп еміренер елі болмаса, елім деп тебіренетін ұл қайдан шықсын?». Нарға салмақ түсіретіндей осынау даналық лебіздің астарында бұлтартпас шындық жатыр. Еселі еңбегімен есімі көпшілік зердесінде жылы әсер қалдырған сондай жанның бірі Талант Нұрмағанбетов еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Мәртебелі де жауапкершілігі мол мамандық, білікті ұстаз Жалпақбай мен Айнагүлдің отбасында дүниеге келген Талант бауырларына жастайынан қамқорлық танытып, есейді. Апа-қарындастары бір-бір шаңырақтың отанасы атанған соң ізіне ерген інісі Маратты көзінен таса қылмады. Талант өмірлік жары Бақытпен отау құрғанда, Марат мектеп оқушысы еді. Талант анасының «Енді Марат пен Эльмираға Бақыт екеуің бас-көз болыңдар» деген өтінішін өзі өмірден өткенше адал атқарды. Мараттың қабағына кірбің шалынғанын көрсе, өзінің отбасын, жұмысын ұмытып бәйек болатын. Қайран, бауыр!

Орта мектептің орыс сыныбын ойдағыдай бітірген Талант Жалпақбайұлы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институының механика факультетін тамамдайды. Туған өлкесі Қазалыдағы ПМК-86 мекемесіне мамандығы бойынша қызметке орналасады. Мұнан соң Қазалы техникалық жөндеу кәсіпорны, «Агросервис» өндірістік-техникалық кооперативі, Қазалы өндірістік-коммерциялық орталығы, «Қазалы жарығы» қауымдастығы сияқты іргелі мекемелерде қызмет атқарып, қай бағытты да жете меңгерген басшы ретінде танылады. Арда азаматтың «Қазалы жарығы» мекемесіндегі ерен еңбегі жұртшылыққа жақсы мәлім. Қашанда тегеурінді тәртіп, мұнтаздай тазалықты сүйетін басшы ретінде біршама уақыттан бері жөндеу жасалмай, көркі қашқан ғимаратты қалыпқа келтіріп, жұмысын оң арнаға түсіреді. Осылайша Талант өзін қолынан іс келетін, жоқтан бар жасап, ұйымдастырушылық қабілеті мол екендігін көпшілікке танытады.

Өмір болған соң сан қилы жайттар кездесетіні әмбеге аян. Таланттың да бірқатар қиындықтармен бетпе-бет жүздескен сәттері бар. 1992 жылы Қазалы ауданы пария комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарған Елеу Көшербаев зейнетке шығып, орнына осы елдің түлегі Жарылқасын Шәріпов басшылыққа келеді. Дәл осы жылы Қазақстанның алғашқы Премьер-Министрі болып, елге кеңінен танымал, республикалық деңгейде көптеген басшылық қызмет атқарған Ұзақбай Қараманов тағайындалады. Аудан басшысы Жарылқасын Шәріпов Ұзақбай Қарамановпен келісіп, Қазалы ауданында тігін фабрикасын ашып, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Бірде «Агропромтехника» бірлестігінде бас инженер қызметінде жүрген Талант Жалпақбайұлын кабинетіне шақырған Жарылқасын аға «Талант, ауданда Өскеменнің Үлбі комбинатының филиалын ашқалы жатырмыз. Мемлекеттің қаулысы шықты. Сол комбинатқа басшы болып барсаң. Жаңа мекеме толықтай жұмыс істеп кеткенінше біраз қиналып, тер төгуге тура келеді, Десе де, сенің жұмысты жүргізетініңе сенемін» дегенде келісімін беріп, іске білек сыбана кіріседі.

Алғашқы жиырмаға тарта адамды Өскеменге оқуға аттандырып, Үлбі зауытымен бірлескен кәсіпорын ашып, мекемеге қажетті құрал-жабдықтар алдырып, жұмысы енді басталған шақта Ұ.Қараманов басқа қызметке ауысып кетеді. Әні-міне ашылғалы тұрған тігін фабрикасының жұмысы әрі қарай жүрмей, тоқтап қалады. Тапсырылған жұмысына жан-тәнімен берілген Талант кәсіпорынның қалай да ашылуы керектігін дәлелдегісі келіп, біраз сабылады. Алматыға барып Власов деген өндіріске қарайтын ірі лауазым иесінің қабылдауына кіреді. Лауазымды тұлға «Қазалы деген қай жерде, картадан көрсетші!» дегенде Талант картадан көрсетіп береді. «Сонда қолымыздан не келеді деп ойлайсың?» деп сұрағанда Тәкең ойланбастан «Бәрі келеді!» деп жауап қайтарады. Аз-кем үнсіздіктен кейін әлгі лауазымды тұлға басын шайқап, «Басқа шаруамен айналысыңыздар» депті. Талант салы суға кетіп, елге қайтады. Кейін Жарылқасын Шәріпов аудандық ауылшаруашылық басқармасына қарайтын «Ауылшаруашылығын жабдықтау және өнімдерін өткізу» деген мекемені ашып, соған басшылыққа жібереді.

Өз еңбек жолында жақсы адамдардың мол шарапатын көрген Талант Жалпақбайұлы болашағынан үміт күттіретін жастарға демеу болуға ұмтылды. Білгенін үйретуге тырысты. Осыны түйсінген жастар да оған жақын жүріп, жанынан жиі табылатын. Жұмыс барысында талапшыл, қатал болды. Бірақ, бұның барлығы үстел басында қалып, жұмыстан тыс уақытта аңқылдаған ақкөңіл қалпына ене салатын.

Көпшілікке өзінің қолынан іс келетіндігін жеке бизнеспен айналысқан кезінде де іспен дәлелдеді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде коммунистік тәрбие әсерімен коммерцияны қабылдай алмаған кейбіреулердей емес, бизнестің бүге-шігесін алдымен түсінген, кәсіпке бет бұрған аудандағы санаулы жандардың бірі болды. Соның арқасында Қазалыдағы «Ернұр» сауда базарының құрылтайшысы ретінде халыққа үлгілі қызмет көрсетті.

Жаңа нәрседен, жаңалықтан қашпай, керісінше, құмартып тұратынын студент шағында бірге оқыған достары да растайды. Қазалыдан Алматыға көшіп келгенде әріптестерімен бірлесіп, жаңа техника шығаруды ойластырып, жобасын «Агрофинансқа» беріп қойған еді. Өкінішке қарай, аяқсыз қалады. Тәкең төсек тартып жатып қалып, істі соңына дейін апара алмады. Бауырмалдығында шек жоқ еді. Ағайын-туыстарды жанына жинап, үлкенге іні, кішіге аға, қатарластарына жанашыр бола білді. Көпшілдігінің арқасында үйінен адам үзілмейтін. Жиналғандарға дастарқаннан дәм татқызып қоймай, қолына баянын алып (жоғары оқу орнының оркестрінде өнер көрсеткені бар) түрлі әндерді орындап, ортасын көңілді кешке айналдыратын. Орнымен айтқан қалжыңымен қасындағыларын күлкіге қарық қылатын.

«Адам ұқрпағымен мың жасайды» деген.Тәкеңнің өзі «Менің үшінші балам – қызым Аянұр дүниеге келді. Алтынға балап «сол үшін Алматыға көшіп келгенмін» деп отыратын. Меруерттің де қазір Мәди, Әліби деген екі ұлы бар. Ұрпақтарының бәрі де әке үмітін ақтауды абырой санайды.

Ермек Талантұлы.

Қазалы ауданы

 


Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары