Өзекті мәселелер

  • 18.04.19

    Түрме рейтингі – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін танытат­ын көрсеткіштің бірі. Бұл ретте­ Қазақстан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын іске асыра отырып, жыл сайын бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың баламалы­ шараларын қолдану саласын кеңейтуде­. Соның нәтижесінде бұл түрме зерт­теулерін қадағалаудың халықаралық орталығы­ның (ICPS) жалпыәлемдік рейтингі...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    «Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құ­мары... Екіншісі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің  бәрін  сұрап  тыншымау. Бұл – жан құмары...»

    Абай  Құнанбаевтың

    «Жетінші  қара...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Дана қазақ «Көп жа­саған білмейді, көпті көр­ген біледі» дейді. Көп жасамадық, көпті көрмедік. Айтпақшы, «менің білге­німді өзгенің білмеуі керек» деп ақпаратты қыз­ғанатындар бар екен. Бар емес, олардың қатары қалың көрінеді. Әрине, әңгімеміз пайдалы ақпараттар мен мәліметтер турас­ында ғана. Әйтпесе, оқырман мен тыңдарманды адастыратын ақпараттың әрдайым жасырынып жүрген...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Бала кезімнен әкеме жақын болып­ өстім. Таң атқаннан кеш батқан­ға дейін ізінен бір елі қалмайтын едім. Әкем жаны жайсаң, түрі сұсты, балаларына қамқоршы, мен үшін асқар таудай биік шың дер едім. Бізге қаладан «балала­рыма» деп базарлық­тың түр-түрін әкелетін. Осыдан әкемнің даладай дарқан көңілін  байқауға  болады.

    ...
    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Осыдан екі жыл бұрынғы ақпаратты айтайық. Ең алғаш естігенде есеңгіреп қалдық. Елімізде 2017 жылы 110 мың адам жоғары оқу орнын бітірген. Тек олардың мамандық бойынша жұмысқа орналасқандар саны – 7-ақ пайыз. Мұны мәжіліс депутаты Мұрат Бақтиярұлы баяндад­ы. Бұл ретте бітіруші түлектердің қалғаны қайда деген заңды сауал туын­дайт­ыны рас. Мәжіліс депутаты «КТК» арнасына берген сұхбатында жастарғ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 06 Ақпан 2019

БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
07.02.2019 11:54

Сәрсенбінің сәтіне балады ма, белгісіз, ақпанның 6-сында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел алдында есеп берді. Өзге өңірдегі әріптестерінің есепті жиында жіберген қателігін қайталағысы келмеді ме, бір күн бұрын ол арыз-шағымы бар қала тұрғындарын жеке қабылдады. Үзіліссіз! Таңғы сағат тоғызда басталған қабылдау қас қарайғанша жалғасты.

Шамасы, шаһар басшысы жиын алдында көпшіліктің көкейін тескен шаруаларды шешіп алғанды жөн санаса керек. Десе де, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайы лық толды. Тіпті, залға сыймаған көпшілік телеэкран арқылы тамашалауға мәжбүр болды. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та қатысып, бұқарамен бірге Н.Нәлібаевтың жыл ішінде не тындырғанын тыңдады.


БІЛІМ мен БИЗНЕСТІҢ БЕРЕРІ МОЛ

Былтырғы  жылдың  басында қала қазынасы 42 млрд теңге деп бекітіліп, жыл қорытындысымен 51 млрд теңгеге жеткен. Естеріңізде болса, аймақ басшысы бір сөзінде «Қы­зылорда облысы бюджет қаржысының басым­ бөлігін білім саласына жұмсап отыр» деген еді. «Алма ағашынан алысқа­ түспейді» деген­ тәмсілге сүйенсек, қала  бюджетінің 41 пайызы – білім, 18 пайызы – құрылыс, 14 пайызы коммуналдық салаларға бағытталыпты. Со­ның нәтижесі болар, биыл Қызылорда қаласының мектеп бітіруші түлектерінің ҰБТ-дан жинаған орташа балы 90,9 па­йызды құрап, облыс көлемінде үздік нә­тижеге  жеткен. Ал, мұғалімдер де көрсе­тіліп жатқан қолдаудан қағылған емес. Н.Машбекұлының сөзінше, өткен жылдың 1 қаңтарынан баст­ап жаңартылған білім мазмұнымен сабақ беретін 4657 ұстаздың жалақысына 30 пайыз, педагог кадрларды аттестациялаудың жаңа жүйесімен 500-ге жуық мұғалімнің ай­лы­ғына 30-дан 50 па­йызға дейін үстемақы төленуде екен. Білім­ге бағытталған инвестицияның кері қайтатынан ескерсек, бұл жұмыстар өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Айта кетейік, өткен жылы тәуел­сіздік күні қарсаңында Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа балабақша ашылып, ел игілігіне табысталды. Бірқатар білім ордалары мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы шеңберінде компьютермен жабдықталып, оқулықтармен толықтай қамтамасыз етіліпті.

Экономиканы тұрақты сақта­удың тиімді тетігі шағын және орта бизнесте екендігі даусыз. Шаһар басшысы бұл бағытта да біраз шаруаның шешіліп, бір жолға қойылғанын айтты. Былтыр қалада 25936 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Ең қызы­ғы, облыста тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы  –бас қаланың еншісінде. Жыл ішінде бизнесмендердің өз қаражаты есебінен жалпы  құны 8,2 млрд теңгені құрайтын  73 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Айтпақшы, былтыр «Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» ретінде танылып, Елбасы аймақ басшысы Қы­рымбек Елеуұлына «Хан тәңі­рі» сыйлығын табыстаған еді.

БАС  ШАҺАРДЫҢ  БАС  ЖОСПАРЫ  ӨЗГЕРДІ

Өткен жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіруге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен бақандай 2,8 млрд теңге бөлініпті. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 13 жобаға қаралған  1,6 млрд теңгеге 10 шақырым ауызсу, 7 шақырым кәрізсу құбырлары қайта жаңғыртудан өткен. Сондай-ақ, қалаішілік су құбырларының 70 пайызы толық жаңарған. Бүгінгі таңда бас шаһардың тұрғындары таза жерасты ауызсуын тұтынып отыр.

Күн өткен сайын қала хал­қы қарқынды өсіп келеді. Тиісінше, бұқараның билікке қояр талабы күшейетіні анық.

– Халық санының артуына орай Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу­ жобасы қалалық, облыстық мәслихат сессияларында ма­құлданып, ҚР Үкіметінің бекі­туі­не жолданды. Қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектар болса, жаңа жоспармен 20 мың 582 гектарға ұлғайды. Бас жоспарға сәйкес есептік мерзімі 2025 жылға дейін қаланың даму бағыттары көрсе­тіліп, барлық инженерлік-инфрақұр­ылымдардың сызба­сына өзгерістер енгізілді,- деді Нұр­лыбек  Машбекұлы.

Бұл нені білдіреді? Ендігіде­ қалаға қоңсы қонған саяжай­ларға көңіл бөлініп, күрмеуі қиын мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі  деген сөз.

 

ҚҰРЫЛЫСЫ  ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Қазір Сырдарияның сол жағал­ауы тренд тақырыпқа айнал­ды. Былтыр басталған ауқымды жұмыстар көз қызығатын деңгейге жетті. Бүгінде онда құрылыс компанияла­рының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша бой кө­терді. Облыстық бюджеттің есебінен «Рухани жаңғыру» ортал­ығы тұрғызылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, «Жастар орталығы» есік ашпақ. Сонымен қатар 100 келушіге арнал­ған емханамен қоса 300 орындық көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге лайық­талған емхананың құрылысын салу жоспарланған.

Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 473 мың 209 шаршы метр бола­тын тұрғын үй құрылысы жүріп, ел игілігіне берілген. Бүгінгі таңда қалада 152 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 52 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Қала әкімінің сөзіне сенсек, облыста атқарылған құрылыс жұмыс­тарының 40 пайызы бас шаһардың үлесінде екен.

Жыл ішінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлінген. Былтыр ұзындығы 98 шақырымды құрайтын 114 көшеге күрделі, орташа, қайта жөндеу шаралары атқарылған. Қалаға қарасты бір­қатар ауылдарға жол салыныпты. Жиын барысында Нұрлыбек Нәлібаев бұл салада кем­шіліктердің барын жоққа шығармады. Көпшілікке бұл жұмыстар бюджеттің мүмкін­дігіне қарай іске асатынын айтып­  қалды.

 

КӨПШІЛІКТІҢ  КОММУНАЛДЫҚ  САЛАҒА КӨҢІЛІ  КӨНШІМЕЙДІ

Осылайша сан саланы салмақ­тап, жыл бойы атқарған жұмысын жіпке тізген Нұр­лыбек Нәлібаев алда талай шаруа­лар күтіп тұрғанын айтты.­ Жоспарларымен  бө­лісті.

Қалғып бара жатқан қауымды облыс әкімі Қырымбек Елеуұл­ының қатқыл үні оят­қандай. Машбекұлының есе­бін мұқият тыңдаған ол ә деген­нен қалада атқарылмай қалған шараларға тоқталды. Облыстық бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға мил­лиардттаған қаржы қаралса да, бас шаһарда бизнеске бет бұр­ғандар саны 10-ақ пайызды құрапты. Сандарды сөйлеткен аймақ басшысы бұл салаға дұрыстап көңіл бөлуді ескерт­ті. Сонымен қатар салық түсі­мін арттыру керектігін де тапсырды.

Жиында Қ.Көшербаев көп­шіліктің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Яғни, әлеуметтік желіде жиі талқыланатын коммуналдық саладағы түйткілдерді атап өтті. «Қы­зылорда су жүйесі» МКК басшысы Тілеуберген Қаныбеков­ті орнынан тұрғызып, сұрақтың астына алды.

– Сіздің мекемеге хабарлас­қан тұрғындар байланыса алмай­ды. Неліктен? Телефон тұтқасын неге көтермейсіздер? Қызметкерлеріңіз елмен дөре­кі сөйлеседі,- деп облыс әкімі мекеме басшысын көптің кө­зінше  сөкті.

Бұған дейін қала маңына қоныстанған тұрғындар жарықтың бәсеңдігіне шағым­данған еді. Бұл сын облыс әкімінің де құлағына жеткен сыңайлы. Ол өз сөзін «Қызыл­орда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның басшысына  қарата:

– Сіздің мекемеге керек кезінд­е қолдау көрсеттік. Енді жұмыс  істеу  керек,- деді.

Сонымен қатар соңғы уа­қыт­та қызылордалықтардың қатысуымен орын алып жат­қан қылмыстар Қырымбек Елеу­ұлының да шамына тисе керек, жиынға келген «қызыл жаға­лыларды» да «сойып» салды. Ол аз десеңіз, полици­я жұмысына көңілі толмайт­ынын  ашық  айтты.

Облыс әкімі қайбір жылы ел игілігіне табысталған жер учаскесінің игерілмей тұрғанды­ғына ашынды. Бұған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлініп еді. Қала әкіміне үш жыл ішінде баспана салмаған азаматтардан жер телімін алып, кезекте тұр­ғандарға табыстау керек деп шорт кесті. Және жол мәселесіне қатысты да өз ойымен бөлісті. Бүгінде қалада 400-ден аса жол асфальтталса, 300-ден астамы – қара жол.

– Рас, жол салу мәселесі өте өзекті. Әуелі ең құрығанда оқушыларға мектепке баратын тротуар салып беру керек. Қалаға жол салу үшін 9,3 млрд теңге қаржы қажет екен. Ашығын айтайын, бізде қазір мұн­дай ақша жоқ. Бұл жол мәселе­сі шешілмейді деген сөз емес. Бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен салынады,- деді облыс әкімі.

Жиын барысында Ақжарма ауылдық округі Баймұрат ауылының тұрғыны Мереке Асанбаева елді мекенге мәдениет үйі керек екенін алға тарт­ты. Өз кезегінде облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында бұл мәселе­нің көп ұзамай шешілетінін айтты.

Есепті кездесудің соңында аймақ басшысы «Рейн өзенінің жағасында Берлин, Ишимде (Есіл) Астана, Сенада Париж, Темзаның бойында Лондон тұр. Ал, Сырдарияның жағасында әдемі ҚЫЗЫЛОРДА тұруы тиіс» деп атап өтті. Біз­діңше, Қызылорданың жарқы­рап тұруы билік пен бұқараның бірлігі мен тірлігіне байланысты.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 


АУЫЛ ЖАСТАРЫНА АҚПАРАТ ЖЕТПЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
07.02.2019 11:23

Қуаныш  ЖАНҰЗАҚОВ,

облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:


ӨЗІМІЗГЕ  ПИАР   ЖАСАҒЫМ  КЕЛМЕДІ

– Қуаныш Қуантқанұлы, Сізбен сұхбат құруды біраздан бері жоспарлап жүрміз. Бұдан өзіңіз де хабардарсы­з. Дегенмен, бірнеше рет кейінге шегер­діңіз. Неліктен?

– Ашығын айтайын, бұл журналистерден алыс жүрейін деген ойым емес. Қараңызшы, өзіңізбен кездесуді  сағат 15:00-ге деп белгіледік. Десе де, 14:00-де аяқ астынан кәмелет жасқа толмаған балала­р арасындағы қылмысқа қатысты республикалық онлайн жиналыс өтті.

Мен оған қалай қатыспаймын? Жастардың мәселесіне біздің басқарма жауапты ғой. Есіңізде болса, жақында әлеуметтік желілерде жасөспірімдер мен жастар арасында болған­ қылмыстың видеолары таралып, қоғамдық резонанс туындады. Осындай жайттардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөнінде жиында талқыла­нды. Міне, маңызды жиындардың өтуіне орай жүздесудің кейінге шегерілуі де сондықтан.

Шамасы, сұхбаттың сәті бүгін түсіп тұрған сыңай­лы. Ашық әңгіме өрбітуге дайынбыз.

– Басқарма басшысы қызметіне былтырғы жылы шілде айында тағайындалдыңыз. Нендей мәселелер шешімін тапты? Қандай тың бастамалар бар?

– Кез келген адам жаңа жұмыс бастайтын сәтте жан-жағын бір барлап шығатыны анық. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына басшылыққа келген соң аймақтағы бүгінгі буын өкілдері­мен етене араласуға көштік. Олардың басындағы проблемаларын тыңдап, кемшіліктерді анықтап, ақпарат жинадық. Жасыратыны жоқ, кешеге дейін біздің басқармаға «Тек қала мен аудан орталы­ғындағы жастардың мәселесіне құлақ түреді. Ауылдағ­ы жастар назар­дан тыс қалып жүр» деген сындар­ айтыл­ды. Алды­мен қалыптасқан осы көз­қарасты бұзуға тырыс­тым. Мүмкіндігінше, жазды­гүні өңірдегі ауыл-аймақты аралап шықтық. Сондағы жастармен жүздестік. Олардың жоғары жаққа жеткізе алмай­ жүрген мәселелерін тыңдадық. «Маманд­ығы бойынша ауылда жұмыс бар ма? Не нәрсе алаңдатады?» деген сауалдарға жауап іздеп, пікірлестік. Бірақ, барған елді мекендерді «осын­дай­ да осындай, жастармен кездестік» деп әлеуметтік желі­лерде немесе БАҚ-та жариялаған жоқпыз.­ Бұлай  өзі­мізге  (басқармаға – ред.) пиар жасағым  келмеді­.

Сондай-ақ, былтыр бірінші рет бейресми форматта­ жастармен кездесу ұйымдастырдық. Сосын­ салалық құрылымдардың басшыларына ұсыныс тастадық. Әріптестерімнің көпшілігі келісімін берді. Жиылған жастар келген мейман­ға емін-еркін сауалдарын қойды. Айтылған ойлар­ назарға алынды­. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Менің қуанатыным: әріптестерім қай кезде де жастардың бастамасын қолдауға әзір. Соны байқадым.

– Айтыңызшы, ауылдағы жастардың басты проблем­асы  не  екен?

– Ақпараттың жетіспеушілігі. Елбасының өзі «өсіп-өнемін, дамимын деген адамға мүмкіндік мол» деді. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың да әлеуеті жетерлік. Тек ғана берілген ақпаратты сіңіре білу керек. Рас, қазір позитивті жаңалықтардан гөрі, негативті дүниелер тез таралады. Бизнес, жұмысқа орналасу, жеңілдетілген несиелер бойынша ақпараттар баршылық. Десе де, оны ешкім құлаққа ілмейді. Мынадай жағдай болған. Күннің ыстығында бір елді мекенге бардық. Ауыл әкіміне елде бос жүрген жұмыссыз жастарды жинап­ беруді сұрадық. Бір қарындасымыз мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімсіздігін айтады. Содан «бағдарламалар бойынша жұмыс істеуге қандай алғашқы қадамға бардыңыз?» деп сұрасам, «жобамды іске асыру үшін аудан орталығына қатынауы­м керек пе? Кеткен шығынымды кім өтеп береді?» дейді. Мен айтам: ең алдымен осындағы ауыл әкіміне жолығыңыз. Жобаңызды ұсыныңыз. Сосын аудан орталығына барыңыз. Жобаңыз мақұлда­нса, кеткен шығын стипендия есебінде кері қайтарылады. Міне, осындай жайттар жиі кездесті. Елбасы «жұмыссыздық емес, мамандар мәселесі бар» деп атап өтті. Жақында талдау жүргіздік. Байқағанымыз, мектеп бітіруші түлектердің 10 па­йызы ғана өзі таңдаған салаға, қалғандары ата-ана, туған-туыстардың айтуымен оқуға түседі екен.

– Ауылдағы жастарға ақпарат жетіспейді дейсіз. Бұған  жауапты кім сонда?

– Белгілі бір басқарманы кінәлаудың қажеті жоқ. Меніңше, әр салалық құрылым өзіне қатысты­ ақпараттарды қолжетімді етіп қою керек. Осы басқарм­аға  басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетт­ік университетінің филология факультетіне бардым. Жұмысқа ынтасы зор бітіруші түлектерді іздедік. Оқытушылар менің ұсынысымды қуана-қуана қабылдаған. Десе де, бірде-бір студен­т келген­ емес. Ара-тұра әлеуметтік желі белсенді­лерімен кездесіп тұрамын. Олар бізге «неге ақпарат­ үш тілде таратылмайды?» дейді. Жарайды! Бірақ, ақпаратты­ үш тілде тарататын мамандар­ бар ма? Дәл қазір бізде бір қызметкер бар. Жасыра­тыны жоқ, атқарған жұмысына көңілім толмайды. Белсенд­ілік  аз.

 

ЖАСТАР  ЖЫЛЫНДА  ПОПУЛИЗММЕН  АЙНАЛЫСПАҒАН  ЖӨН

 

– «Жастар жылы» ресми түрде жария­ланды. Жасыратыны жоқ, біз кейде маңызды жобалардың өзін атүсті шаралармен өткізіп жатамы­з. Биыл атаулы жыл науқаншылыққа ұласып кетпей ме?

– Елбасының қатысуымен өткен жиыннан соң, аудандағы жастар ресурстық орталықтарының директорларымен кездестік. Оларға «биыл науқаншылыққа жол бермей, нақты жұмыстармен айналысқан жөн» деп өз тарапымнан тапсырма жүктедім. Жастар жылында популизммен айналыспай, жілікті шаруаларды шешкеніміз дұрыс. Биылғы жыл бүгінгі буын үшін маңызды ғой. Сондықтан аймақ жастарына ресми іс-шара ұйымдастырсақ дейміз. Флешмоб немесе акция формат­ында емес, жастар өз ұсыныстарын білдіре алатындай алаң қалыптастыру жоспар­лануда. Мәселен, білім басқармасымен бірігіп мектеп бітіруші түлектерді маман­дық таңдауға жәрдемдессек дейміз. Онда түлектер «биыл қай салаға грант көп бөлінеді?», «нарықта қандай мамандар сұранысқ­а ие?» деген сауалдарға жауап алуы қажет. «Мәдени-көпшілік шаралар керек емес» деп біржақты айтуға болмайды. Дей тұрғанмен, өзіңіз айтқандай науқаншылдыққа ұласып кетпеуі қажет.

– NEET  cанатындағы  жастарды  қоғамға бейімдеу  үшін  не  істеу  қажет?

– Бұл санаттағы жастарды қалыпты өмірге бейімдеу өте қиын. Олармен байланыс орнатудың өзіндік тәртібі бар. Ашығын­ айтайын, «көше қуып» жүрген жастармен өз «тілінде» сөйлесуден басқа амал жоқ. Жастар басқармасының басшысы ретінде мені кінәлау оңай. Мен қазір NEET cанатындағы жастарды әңгімеге шақырсам, келмейтіні анық. Негізі, «көше қуып» жүрген жастармен қажет болса, көше бұрышында да кездесуге дайынмын. Оған қызық емес. Әуелі бұларды зерттеу қажет. Біздің есе­бім­ізше, NEET cана­тын­дағы жастардың саны 13-15 мыңға жуық.

– Қала мен ау­дан­дарда жастар ре­сурстық орталықтары ашылды. Де­ген­мен,  олар  тек белсенді жастармен жұмыс іс­тей­тін тәрізді. Мен  емес, әлеуметтік  желідегі әлеумет осындай пікірді жиі айтады? Сіз аталмыш орталықтың  жұмысын  қа­лай  бағалайсыз?

– Әлеуметтік желіде жазылған пікірлерді зерделеп, ұдайы назарға алып отырамыз. Тағы да қайталап өтейін, кез келген­  мәселеге біржақты қарауға бол­май­ды. Жалпы, жұмыс мүлде жоқ дегенге келіс­пе­ймін. Жұмыс болған соң кемшілік­тің, сынның айтылуы да заңдылық. Жақында орталық­ жастарымен бірге қаладағы «Жастар­  үйіндегі» қыз-жігіттермен сөйлесіп қайттық. Білесіз, онда ата-анасынан айы­рылып, жетім өскен жастар тұрады. Олардың  басты проблемасын тыңдап, қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы жұмысқа орналасу жөнінде біраз кеңес бердік.

Сондай-ақ, жастар­ ресурс­тық орталығының жұмысын жан­дандыру үшін өзге мекемелермен әріп­тестік байланысты орнатып, тығыз қарым-қатынас орнату  жоспарда тұр.

– «Жастар үйіндегі» жастардың өмірге көзқарасы қалай? Өмірге өкпелі емес пе?

– Жоқ. Өмірге құлшынысы жоғары. Бірқатары тұрақты спортпен шұғылданады екен. Оларға жаттығу жасайтын спорт зал алып бердік. Сонымен қатар сол маңға спорт алаңдарын салу қажет екен. Өткенде қалалық мәслихат депутаттарының алдына ұсыныс­ тастадық. Бірнеше жекелеген мәселелерін шештік. Бұл жастар қоғамға өз үлестері­н  қосуға  дайын.

– «Zhasproject» жобасына байланысты сұрағым келіп отыр. Естуімше, бұл жобаны дайындау  үшін  біраз құжат қажет көрінеді. Бұл  қаншалықты  рас?

– Мұны айтып жүрген адамдар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп» үйрен­гендер шығар. Мәселен, мен өз мақсатыма жету үшін мың емес, миллион құжат болса да дайындауға әзірмін. Бізде кішкене жалқаул­ық басым. Бүгінге дейін 727 жоба ұсынылған. Демек, бизнес бастауға ниеттілер­ бар. Қараңыз, егер облыс жастары 5-6 ғана жоба тапсырса, құжат мәселесі қиын деуге сенуге болар еді. 727-нің 244-і мақұлданып отыр. Жоспарда «Zhasproject» Қызылорда облысына 100 жоба ғана бекітіліп берілген. Міне, облыстың бүгінгі буыны белсенді. Сондықтан тартылған инвестиция 2,5 есеге ұлғайды.

 

АДАМ  АЛДЫМЕН  КІНӘНІ  ӨЗІНЕН  ІЗДЕУІ  ТИІС

 

– Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бір жиында­ «Қазір Қызылордаға қонақтар келуге қорқатын  болды» деп еді. Былтыр қаланың қақ ортасында жастар арасында атыс болды, жақынд­а әлеуметтік желіде мектеп әжетханасында төбелескен оқушылардың видеосы тарал­ды. Жастар арасында қылмыстың жиілеуін­е  не  себеп?

– Ең біріншіден, бүгінде ата-аналардың балалары алдындағы жауапкершілігін күшейту­  қажет. Адам алдымен кінәні өзінен іздеуі тиіс. Біз қазір кінәні біреуге арта салу­ға бейілміз. Оқушылар арасындағы төбелес кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен орын алған. Кешкілік рейдке шықсаңыз, кәмелетке толмаған балаларды кездестіруге болады. Бұл мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы және мектеп директорларының қатысумен жиын өткізіп, пікір алмастық. Баланың тәрбиесімен мектепте мұғалім, үйде ата-ана айналысуы қажет. Жауапкершіліктің бәрін мектепке арту дұрыс емес. Сол жиында мынадай­ ұсыныс тастадым: кешкілік прайм-тайм уақытта телеарнадан түрлі сериалдар арасында ата-ананың жауапкершілігін жоғары­лату үшін жарнама ретінде бейне­ролик  дайындасақ  дейміз.

– Әкімқараларға ода арнап, жағынып жүрген аға буынды жиі көреміз. Жасырудың да қажеті жоқ. Жақында облыстық жастар форумын­да да осы тендецияны байқадық. Жалпы, көпшілік алдына шығып сөйлейтін жастарды қалай таңдайсыздар? Кейде шектен тыс  мақтап  жібереді...

– Негізі, спикерлермен жұмыс істеу оңай емес. Олар көпшіліктің алдына күнде шығып­ жатқан жоқ, сондықтан түсіну қажет. Айтатын сөзін сөйлейтін адамға қарым-қабіле­тіне қарай бағыт-бағдарын береміз. Иә, кейде артық кетіп  жатады. Шы­нымд­ы айтайын, бүгінге дейін бірде-бір жас «Сіз­дердің  шараларыңызда  сөйлеуге дайынмын»  деп келген емес. Келсе, құба-құп.

– Ел арасында жұмысқа тұру үшін «шыр еткен қоңырауың, дүр еткен ағаң болуы керек­» деген пікір бар. Мұнымен келісесіз бе?

– Ақшасыз да, ағасыз да қызметке тұруға мүмкіндік мол. Бұған өзімді үлгі ретінде айта аламын. Тек өзіңнің іскерлігіңді, әлеуе­тіңді көрсетуің қажет. Бүгін танысыңызды қызметке алсаңыз, жұмысыңыз жүрмейді. Еңбек етпейтін адам басшыға керек пе? Ол түбінде өзіңізге таяқ боп тиетіні сөзсіз.

– Бүгінгі буынға не айтасыз?

– Жаңа заманның шақыртуларына дайын­  болыңыздар!­

– Әңгімеңізге   рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АСАНОВ НЕГЕ АШУЛАНДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
07.02.2019 11:10

Статистика бойынша Жоғарғы Сот былтыр 450 үкімнің күшін жойыпты. Бұл – төменгі саты соттарында әділетсіздікке тап болған 450 адам деген сөз! Бұған апелляциялық сот үкімімен келіспесе де, Жоғарғы Сотқа баруға жағдайы жетпеген тағы мыңдаған адамды қоссаңыз болады! Ал сол облыстық деңгейдегі үкім шығарған судьяларға ешқандай жаза қолданылмайды! Адам тағдырын шешіп тұрған «әділ» қазының абыройына нұқсан келмейді, жалақысы төмендемейді, қызметінен түсіп қалмайды. Ештеңесі кетпеген соң, «екі қойың – бір сом» болуы да ғажап емес. Бұл туралы Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов 2018 жылдың қорытындысы негізінде өткен кеңейтілген кеңесте ашына айтты.

– Жергілікті жерлердегі заңбұзушылыққа Жоғарғы Соттың өзі мүмкіндік беріп отыр. Біздің судьялар облыстарда шыққан үкім мен шешімді қайта қарап, оны өзгерту не күшін жоюға ғана міндеттімін деп ойлайды. Ал қате жіберген судьялардың мәселесін қарап жатқан ешкім жоқ. Олар неге адамдарды Жоғарғы Сотқа шағымдануға мәжбүр етеді? Бұған да ешкім бас қатырмайды,- деді Жоғарғы сот төрағасы.

Мұнан бөлек Жақып Асанов апелляциялық соттың арызды бүге-шігесіне дейін қарамайтынын, тіпті оған бас қатырмайтынын да айтты. Одан қалды, әділ шешім шығару былай тұрсын, судьялардың сауатты сөйлей алмайтынына да кіжінді. Ал сот залына келген қазылардың шешім не үкімді зуылдатып, «әйтеуір оқысам болды» деп шыға салатындарын бейнематериалдан көрсете отырып, «мұнан халық не түсінеді, қайда асығып бара жатыр?» деп ашуланды. Тілінің түсініксіз, сөздерінің күрделі екенін айта келе, «адамды шатыстыратын мұндай мәтіндер мен шешімдерден жемқорлықтың иісі аңқиды» деді ол.

Еске салайық, осыған дейін Елбасы Жақып Асановты қабылдағанда да шығарылатын шешімдердің сапасына күмән келтірген болатын.

– Қазір 4 млн-ға жуық халық сотты жағалап жүр... Бір жұмыс күнінде судья 4 отырыс, сонша шешім шығаруы және 150 санкция қабылдауы керек екен. Бір күнде! Әрине, бұл – сапасыз. Біздің ең басты мақсатымыз – тәуелсіз, сатылмайтын сот жүйесі. Ал баға Жоғарғы Соттың жасаған статистикасымен берілмеуі керек, оны халық беруі қажет. Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен бара-бар,- деген еді Н.Назарбаев.

Осылайша мәселенің осыншалықты ушыққанына Жоғарғы Сотты да кінәлаған Жақып Асанов судьяларға соңғы ескерту жасады.

– Әріптестер, естеріңізге сақтаңыздар, ешқайсыңызды аямаймыз. Судья деген атқа кір келтірсеңіздер, сіздерді ешкім қорғамайды. Бас прокуратура, ҰҚК, Жемқорлыққа қарсы бюромен бірігіп судьялар арасындағы жемқорлықты анықтаудың әдісін әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ, биыл сот жүйесіне қатысты 11 заң жобасына өзгеріс енгізіледі,- деді.

Осыған сәйкес енді істі бұрмалап, жалған үкім кескен судьялар қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Ал қара тізімге іліккендер қызметі жоғарылау үшін жарияланатын байқауға қатыса алмайды. Және бұдан былай істі кассациялық сотқа жіберу не жібермеуді бес судья шешеді.

Айта кетейік, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллиннің айтуынша, өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда прокурор қатысқан істер бойынша ақтау үкімдері 2,3 есеге (100-ден 226-ға дейін) артыпты. Сондай-ақ 2018 жылы кассация жеке айыптауларды қоспағанда, 51 адамды ақтаған. Олардың арасында есірткіге қатысты қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу барысында процестік нормалардың бұзылуы, қызмет бабында жалған құжат жасау, лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, ұрлық, алаяқтық және т.б. істер бар. Ал 2018 жылы сотталған барлық 7610 адамның 23,9 %-ы бас бостандығынан айырылған екен. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 28 пайызды (9405) құраған дейді А.Рахметуллин. Сонымен қатар соттар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды жиі қолдана бастаған. Олардың арасында айыппұл (24%), қоғамдық жұмыс (5,6%), бас бостандығын шектеу (1,2%) секілді жазалардың үлесі артыпты. Мүлікті тәркілеу 8 есеге (10700-ден 1318-ге дейін) азайып, қылмыстық  құқықбұзушылық фактілері бойынша күдікті деп танылған адамдарға қатысты қамаққа алу жағдаяттарының саны 17 мыңнан 10 мыңға дейін, яғни шамамен 40 пайызға қысқарған. Осы ретте кепілді қолдану 50 есеге артқан.

Ал Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров кассацияда қайта қаралған апелляция актілерінің жартысына жуығының күші жойылып, өзгертілгенін айтты. Оның пікірінше, істердің 30%-ын жаңадан қарау үшін кері қайтару процесті созбалаңға салып ғана қоймай, дауласушы тараптар арасындағы жанжалды ушықтыра түскен. Сөйтіп, олар материалдық қиындықтар мен істі сотта қарау бойынша мемлекеттік баж салығын төлеп, шығынға ұшырайды. Оның айтуынша, дауды шешуде маңызға ие мән-жайларды анықтау құзыреті жергілікті соттарға тиесілі болғандықтан, осындай жағдайлар орын алуда екен. Сот талқылауларының ұзаққа созылуына құқық нормаларын дұрыс қолданбау және сот процесіне дайындықтың тиісті деңгейде болмауы себеп болуда дейді ол.

Қазақ «Балық басынан шіриді» дейді. Басына күн туғанда, әділдігін айтар деп баратын соңғы баспалдағы соттың өзі ісін оңды-солды қараса, халық енді кімге сенеді?! Елімізде сыбайластыққа бармасын деп, қазыларымыздың айлығын да көтеріп қойған жоқ па еді? Ендеше неге Жоғарғы Сотта күшін жойған үкімдер көп, адамдар ақталып жатыр?!

 

Жансая   ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ОРАЗБАЕВТЫҢ ОЙЫ ОРЫНДАЛА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
07.02.2019 11:00

Жақында облыстағы бір аудан әкімінің есепті жиынына кіре алмаға­н ағайын ашуға булығып, соңы дауға ұласқаны бар. Бұған байланысты Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтан БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде пікір сұрадық. Мұхтар Әуесұлынан пікір сұрауымыз да бекер емес. Өйткені ол есепті жиынын тікелей эфирде, ашық және жариялы түрде өткізді. Сондай-ақ, жиынға қатыса алмаған тұрғындармен жеке кездесіп, көкейдегі сауал­дарына  жауап  берген  еді. Ол:

– Иә, аталған жайтты естідім. Аудан басшысы бұдан бейхабар болуы мүмкін. Оны кінәлай алмаймын. Түсінбеушілік орын алуы да ықтимал. Бұл оның қарамағындағы қызметкердің немесе аудан әкімдігінің аппаратынан кеткен қателік шығар, - деп жауап берді.

Мұхтар Әуесұлы өзінің есепті жиынына 300-ге тарта тұрғынның келгенін, 20-ға жуық адамның сауал­ қойғанын айтты. Аудан әкімі баспасөз брифингінде әдеттегідей «бәрі жақсы» деп кейбір мәселені жылы жауып қойған жоқ. Керісінше, атқарылмай жатқан шаруалардың барын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін жеткізді. Айталық, былтыр аудандағы жолды жөн­деуге (11 жоба) 1,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бұған біраздан бері ауылдағы ағайынның басты проблемасына айналған тасжолдардың құрылысы жүріп, шешімін тапқан. Әйтсе де, қазіргі күні аудан орталығында 216 көше бар екен. Оның 37 пайызы ғана асфаль­тталса, қалғаны – қара жол. Мұхтар Әуесұлы осы кемшілікті де қалыпқа келтіруді ойлап отыр.

Жиын барысында аудан басшысынан Сексеуіл кентіндегі аяқталмай қалған алаңның құрылысына байланысты сауал қойдық. Осыдан 4-5 жыл бұрын бұл маңға көпшілік серуендейтін алаң салынады деп жоспарланған еді. Қазір қаңырап бос тұр. Айналасы  қоршалған.

– Сексеуіл кентіндегі абаттандыруға бөлінген аумақтың жобалық құны 125 млн теңге болатын. Алғашында 5 млн теңге қаржысы қаралып, оған тиісті жұмыстар жүргізілді. Биыл біз аудандағы тіректі елді мекендерді дамытуға басымдық беруді жоспарлап отырмыз­. Бұлардың қатарында Сексеуіл кенті де бар. Білесіздер, Арал қаласында былтыр аймақ басшысының қолдауымен рәміз­дер алаңы ашылды. Ал аудан орталы­ғындағы шағын рәміздер алаңын Сексеуіл кентіне көшіріп, әлгі аумақ абаттандырылып, жарықта­ндыру жұмыстарын жүр­гізу жоспарда бар. Биыл қолға алатын­ боламыз, - деді Мұхтар Әуесұлы.

Сондай-ақ, ол ішкі туризмді жетілдіруге күш салатынын жеткізді. Былтыр Қамбаш көліне 87 мыңнан астам адам тынығуға келіпті. Сондықтан жағажайды келушілердің көңілінен шығуға қолайлы ету маңызды екені сөзсіз.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚАҚПАҚЫЛ ҚҰЖАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
07.02.2019 10:53

Қазір кәсіп бастаймын деген ниетті жандарға түрлі мүмкіндіктер бар. Мемлек­ет те барынша қолдау көрсетіп, заңсыз тексерулердің алдын алып, кәсіпкерлердің кәсібінің көкжиегін кеңейту­іне көмектесіп келеді. Ал, қарекет­тің түбі берекет екенін білетін жандар бастамасының алға жүргенін қалайды. Алайда кейбір мемлекеттік мекемелер «бүйректен сирақ шығарып», дара кәсіпкерлікті қолға алған адамды әуре-сарсаңға, құжаттарын қақпақылға салатыны бар. Оған мына бір жайт дәлел бола алады.

Жақында Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік органның, нақ­тырақ айтқанда, кәсіпкерді әуре-сарсаңға салған қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәселесі қаралды.

Мәселе оқырманға түсінікті болуы үшін толығырақ тоқталайық. Қызыл­орда қаласының тұрғыны, 72 жастағы Күләйхан Меңдиярова қолындағы мүмкіндігі шектеулі баласы болашақта «ешкімнің қолына қарап қалмасын, өз күнін өзі көрсін» деген ниетпен өзінің иелігіндегі 400 шаршы метр жерге дүкен салу үшін құрылысының эскиздік жобасы­н бекітуге Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2018 жылдың желтоқсан айында құжат өткізеді. Мәселесі қала әкімдігі жанындағы сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңе­сінде қаралып, кеңес мүшелері жер учаскесі аумағында жерасты инженерлік желілер орналасқан деген дәлелмен жобаны мақұлдамайды. Ал кейуана қайтеді? Ол кісі бір ай жүріп, «Қазақ­телеком», «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы», «Қызылорда су жүйесі» мекемелерінен жер телімінен инженерлік жүйелер өтпейтіндігі туралы­  анықтамалар  жинап, биылғы 17 қаңтарда эскиздік жобаны бекітуге кеңеске қайта тапсырады.

Жоба кеңесте қайта қаралып, кеңес төрағасы және мүшелері, барлығы 13 қатысушы тарапынан толық қолдау тауып­, мақұлданады. Кеңес мүшелігінде Кәсіпкерлер палатасының маман­дары да бар. Қызығы сол, Күләйхан Меңдияроваға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген жауап­та «кеңестің 8 мүшесі қарсы болды»­ деген желеумен жобаның мақұл­данбағаны көрсетілген. Бұл жайт кеңес­те мүше болған палата қызметкерлерін ғана емес, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатас­ы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелерін де таңғалдырады.

Аталған отырыста қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев та, қалалық­ сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов та кәсіп­кердің өтінішін қанағаттандырмау себебі­ ретінде дүкен салмақшы болған жерден су құбырының өтетіндігімен түсіндірді. Ал кеңес мүшелерінің «дүкен салуға ешқандай кедергі жоқ» деп анықтама берген «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жауабын қайтпекпіз?» деген сауалына мемлекеттік орган өкілдері жөнді жауап та бере алмады­.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының қорытындысымен Күләйхан Меңдиярова өз қаржысы есебінен ауызсу құбырын ауыстыратын, содан кейін жобасын қалалық сәулет-қалақұры­лысы кеңесіне қайта ұсынатын болып келі­сілді. Кеңес мүшелерінің: «Су құбырының алмастырылуымен мәселе толық шешіл­е ме? Эскиздік  жобасына рұқсат бересіздер ме?», - деген сауалына қалалық әкімдік өкілдері «шешіледі» деп жауап берді.

Мәселені Кәсіпкерлер палатасы  тікелей бақылауына алды. Ендігі жерде бұл жобаны Палата мамандары сүйемелдейтін болды. Ал кәсіпкерге жұмыс жасауға кедергі келтіріп, құжатты қақпақылға салып отырған қала әкімдігі жанынан құрылған сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінің қызметі туралы келесі материалда айтыла­ды.

 

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.02.2019 10:47

Ерғали  АБДУЛЛА

ӨМІР   МЕКТЕБІ

Өмірдің өзі – бір мектеп. Қай-қай мектептегідей онда да үздіктер, екпін­ділер, лаждап жүр­гендер, тентіреп бос­қ­а жүргендер... әке-шешесін алдына сап сүйреп жүргендер де бар...

ҚАРАТАЯҚ

Халқына қадірі болмаған соң, өз аталас-руластарының бес-алты бас көтерер, сөзі зымпылдақ, құй­рығы  тырқылдақ шал-шауқандарының аузын алып, ауыл-үй арасында өзінше «қайраткер» боп жүр­ген қаратаяқтар да бар.

 

НОСТАЛЬГИЯ

«Ой-бай-й, мұғалім де тамақ жейді екен-ау» деп таңғалып, айран-асыр болған заман қандай ғажайып-ақ еді!

 

ҮМІТІҢДІ  ҮЗБЕ

Сенің басшы болмайтын не қағыңдың бар?! Талабың тауға өрлесе, періштелер «әумин» десе... да­йын­даған оның-пұ­ның жоғарыдағы­лардың жуан кеңірдегін  жырып кетпей, жолын  тауып өтсе...

 

«ҚҰЛДАР»

Мансаптың құлы болып шіреніп жүр­гендер бар. Арақтың құлы болып тіленіп жүргендер бар. Әйелінің құлы болып алақтап жүргендер бар. Бастығының құлы болып жалақта­п жүргендер бар...

 

ШАЙТАННЫҢ  АЖАЛЫ

Бір жастықты жастанып, бір көрпені жамылып, соның астын­да бүкіл өмірін өткізген қайран үлкендеріміз-ай! Арала­рынан кірер саңылау таппай­ шайтан байғұстар аяқтарының астында тұншығып өлген екен-ау!

 

ҮНДЕМЕС

«Үндеме, үндеме» дей берген соң, үндемей, үндемей, ақыр аяғында дорбадай аузыңның ішінде тіліңнің бар-жоқтығына күмәндана бастайсың.

 

БОЛАШАҚ  «БАТЫРЛАР»

«Қорқақты қуа берсең, батыр болады» дейді... Соған қарағанда алдағы жылдары біздердің  арамыздан көптеген жүрегі  түкті  «батырлар»  дүр­кі­реп-дүркіреп  шығатын  сияқт­ы.

 

ЖОЛ  АШАР

Аларымызды – алайық, берер­імізді – берейік. Жинарымызды – жинайық, сыйларымызды – сыйлайық...

 

КЕМ-ҚҰТЫҚ

Толтырам дейсің, толмайды. Асырам дейсің, аспайды. Өсірем дейсің, өспейді. Танытам  дейсің, талпынбайды...

 

КЕРЕКТЕР

Халыққа бас болу үшін бас керек, ал әкім болу үшін тағы бірдеңелер керек...

 

КҮШТІҢ  ТҮРІ

Күшенгенде ғана бітетін қара күш көбіне майқұйрық жаққа қарай кетеді.

 

ШЫЖЫҢ  мен  ЫЗЫҢ

Шал-шауқанды шыжың шаршатады. Келін-кепшікті ызың  шаршатады.

 

ҚАН-СӨЛСІЗ  ӨМІР

Ішек-сілесі қатып күле де, көкірегін ашып көсіле де алмайды. Пікірін айтып шешіле алмайды. Мықтылармен тікетіресіп керісе алмайды. Жылмаң көздермен көз қысысып, қол алысып, бармақ басысып келісе  алмайды...

 

ДҮРСІЗ

Дүрдиеді, дүрсінеді, дүр­дисиді, дүрдигендердің жа­нын­да тұрады. Дүр-дүр етіп сөйлегісі келеді, бірақ дүр көрінетін  ештеңесі  жоқ.

 

ЕКЕН

Бай екен, бірақ надандау екен.

 

ҚАЙДА  КІРЕДІ?!

Соқтандай, соқпалдай жігітке «ақылың әлі кірмеді ме?» дейсің. Ақыл кіретін басы болмаса, ол  қайда  кіреді?!

 

ЖОЛ  ҮСТІНДЕ

Өз жолыңмен жүргің келеді. Бірақ сенің басыбайлы жо­лыңда  басы жоқ, мортық желке­ біреулердің көстеңдеп жосып бара  жатқанын  көріп, «мен  осы дұрыс келемін бе?» деп жан-жағыңа қарайлай-қарайлай, алдыңғы көптен қара үзіп қаласың.

 

КЕРЕМЕТТЕРДІҢ  КЕРІ

Бұл – керемет! Міне, керемет! Жүдә, керемет! Ал мынау одан да өткен керемет! Анау – кереметтердің кереметі! Керемет! Керемет! Дей-дей керемет деген сөздің өзі керемет болудан қалып  барады...

 

«ШҮМЕЛЕК»

Шамасы келмей жүр... Шама­сы келсе, ізіңе шам алып түскісі келеді. Өресі жетпей жүр... Өресі жетсе, өңменіңнен итеріп, далаға лақтырып тас­тағысы келеді... Күші кем соғып жүр... Күші келсе, күллі қабырғаңды күтірлетіп, сын­дырғысы  келіп  тістеніп  жүр...

 

ҚАЗАҚЫ  ЖОЛ

Әкеңді боқтауға біреулердің «құқығы» бар. Шешеңді боқтауға  тағы біреулердің «құқы­ғы» бар... Көнесің, қайтесің. Көнбей қайда барасың. Сосын сен де «құқығыңды» қарастырып, көзің ежірейіп, бетің беді­рейіп, біреулерді еш жазығы жоқ енесінен сықпыртып-сықпыр­тып кеп жібересің... Әй, сонда құшырыңның қа­нып, көңіліңнің аспандап қа­латыны-ай!

 

БІРЕУМІН

Көп адам мені өздеріндей көреді. Ал мен – өзімше өмір сүріп, өзімше ой қуып, өзімше тірлік кешіп жүрген қайдағы бір біреумін.

 

Жауабы  бар  ма?

Еркек болуға тырысып жүрген әйел көп пе? Әйел болуға­ тырысып жүрген еркек көп  пе?

 

Түңілу

Бұл күлкіге «тойдым». Жылтыңдаған әзілкештерді көксандықтан көруді қойдым.

 

Сенген  серкем...

Әйбат болғандағы, дөкей болғандағы, қайраткер бол­ғандағы, кеудесін орден-ме­даль­ға толтырғандағы жеткен биігі қартайғанда өз руының рубасы болу болса, мүйізіңе болайын қақырайған, тұмсы­ғыңа  болайын  жапырайған...

 

«Атмосфера»

Біреудің аузымен айтылған сенің көкейіңдегі қатталып жүрген ащы-ащы сөздер... жүрегіңе жүк түсірмейді... жа­ғың­ды ауыртпайды... санаңды әрі-сәрі қылмайды... беймезгіл дөңбекшітпейді... түн ұйқыңды бұзбайды... Жаның жайма-шуақ тауып жүретінін айт­сайшы! Бүгінгі «атмосфера» осындай.

 

Бүгінгі  зар

Үш тілді бірден үйренемін деп әлден-ақ басы үсіген асқабақта­й боп қалған, ботақаным-ай...

 

Жетек

Сөзіңнің, ойыңның, сезі­міңнің, талабыңның  бас  жібін бөгде біреуге беріп қойма. Тоңқаң-тоңқаң етіп жетекте кетесің.

 

Ғалам – тор

Кірсең, әлемді, дүниені шарлап, адақтап, шырғалып, шырмалып жүріп қаласың. Ал кірмесең, тағат тауып тағы да отыра  алмайсың.

 

Жарап   тұр

Мектептің жүрегі бола білген мұғалім қала та­залығын қарайтын мекем­енің сыпыр­ғы­шы, күрегі болуға да жарап  тұр.

 

Жыбыр  ауыз

Шындықты айтып жүре­тіндер бірен-саран ғана. Қал­ғандары аузын жыбырлатып, өзін-өзін алдаусыратып жүр­гендер.

 

«Қорқыныш»

Креслосы барлар қызме­тімнен айырылып қалам ба деп қорқады. Қара жаяулар жұмысымнан айырылып қалам ба деп қорқады. Ақындар әкім­дерге ұнамай қалам ба деп қорқады. Әкім қасқалар да жоғарыдағыларға жалтақтап бір­деңеден қорқып жүр... Әйтеуір бірінен-бірі өтіп бұқпантай тірліктің ауанына түскен... Ал тарихта қорықпайтындар ғана қалған. Соған қарағанда біздердің арамыздан тарихта қалатындар шықпайды-ау деймін.

 

Жекеменшік  «ауру»

Жақсы көретін адамдарыма қанша оқталсам да сын көзбен қарай алмайтын жекеменшік «ауруым» бар.

 

Әйел мен  арақ

Арақтың шайтандығын маскүнем еркекті емес, ішкен әйелді көрген кезде сұмдық қатты  сезінесің...

 

Сүдініңе  болайын

Байпаңдап бай көрінгің келеді – қырық жерге қарызсың...

 

Неге,  неге?

Құрметті атақ, құрмет грамоталарын алғандардан аяқ алып жүре алмайсың. Кейбі­реудің марапат қағазы шашының түгінен көп. Алайда халықтың құрметіне бөленіп жүргендер неге тым-тым аз?

 

«Ақыл»

Болып, толып, тасып, төгіліп, байып болғанның қызын алма. Енді болайын деп жүргеннің, енді толайын деп жүргеннің, енді-енді тасып-төгілейін деп жүргеннің қызын ал. Көрер қызығың алда болады.

 

Тапсырмалар  бар

Қазір ұлы-ұлы, үлкен-үлкен арман-мақсаттар жоқ. Тек ғана апталық, айлық, тоқсандық тапсырмалар ғана бар.

 

Болғыш пен болдырғыш

Анау болам деді – болды. Мынау болам деді – болды. Бұл не деген болғыш десем, әкесі болған-толған кісі екен. Өзі болған, қалтасы толған ол бұл күнде тұқым-теберігіне болдырғыш боп отыр екен.

 

Күмән

Ол өзін адаммын деп жүр. Ал айналасындағылар оған көптен бері күмәнмен қа­рай­ды.

 

Төрт  кемдік

(Бүгінгі)

Далақбай, даласуан еркек. Бәтуасыз, пұштақай әйел. Мисыз­, мәңгүрт бала. Шошақай, шолжаң қыз.

 

Ессіздіктің  пайдасы

Есі кете, ессіз ғашық болды. Қол жетпеске қол жеткізді. Отау тігіп, үй болды. Халық қатарына еніп отыр.

 

Ұмтылыс

Білімге деген ұмтылыс қағаз жинауға деген ұмтылыстың ширегіне де келмей қалды.

 

Көсемсіз  бе  едік?

Ленинді баба көсем дедік. Сталинді дара көсем дедік. Брежневті дана көсем дедік. Горбачевті жаңа көсем дедік... Дей-дей жағымыз талған еді. Ал енді өзіміз-өз болғалы бір-жар серкелерімізді «біздің көсемдеріміз» деп айтуға ау­зымыз бармай, тіліміз байланып жүргені несі?

 

Қорлық

Бәрін де ақша шешетін заман­да ақшасыз жүруден өткен қорлық жоқ екенін мойын­дағанда, лажсыздықтан мойның тартылып иығыңа жабы­сады. Содан да сенің милы басың көрінбей қалады екен.

 

Оқырмансыз  кітап

Шатыры көк тіреген, үлкен-үлкен, сәулетті кітапханалар бар, жалтыраған-жалтыраған, су жаңа, том-том кітаптар саптағы солдаттардай самсап тұр, кітап оқушылар жоқ.

 

Су  аяқ

Басқармаған ме­кемесі жоқ. Басшылық етпеген саласы жоқ. Бірде-біреуінде ел айтып жүретіндей бір із, жарты нобай қалдырмапты. Өткен жолы жып-жылмағай. Ел-жұрт­қа бір ісін де еншілемей, жылдар бойы үлкен креслода отырып қызмет істеуге де болады екен-ау...

 

Тасадағы  тірлік

Көк туды көкке желбі­ретеміз деп жүргендердің тасасы­нда өз руының таң­басын орнатар тұғыр іздеп жүргендер де жетерлік.

 

Тілек

Қызметке келуіңді келер­сің-ау! Дегенмен жиналыстан шығып, жиналысқа кіретін заманд­а, бөтенің болмаса да, ұлы отырысқа шыдайтын, азбас­-тозбас, көнтерілі көте­нің  болсын.

 

Арал   қаласы

 


ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.02.2019 10:46

Ұйқыдан көзімізді тырнап аша салысымен қолымызға ұялымызды алып, бірдеңеден қал­ғандай әлеуметтік желілерді ақтарамыз. Иә, қазір техниканың дамыған заманы. Еңбектеген  баладан, еңкейген қартымызға дейін смарт­фонның қыр-сырын жетік меңгерген. Қоғамдық көлікке мінсек те, телефонға үңіліп отыратын адамдарды байқаймыз. Бұрын бүлдір­шін­деріміз кәмпитке алдана салатын, қазір қолына телефон беріп жұбататын болдық. Уақытымыздың көп бөлігін Вконтакте, Іnstagram, Facebook, Telegramm, Whats'app  мессендж­ерлері  алатыны­ да рас. Бір күн, тіпті бір сағат кірмесек, не болып­  жатыр екен деп алаңдап  отыратынымыз  шын­дық.­

Әлеуметтік желі – ақпарат құралы. Адам өмірінде елеулі орынға ие болды. Көптеген сайт­тар күннен-күнге дамуда. Әлеуметтік желі арқылы­ достарыңызды, таныстарыңызды, алыстағы туыстарыңызды тауып, байланыста бола аласыз.­ Сонымен қатар желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Өйткені арзан әрі тиімді жол – осы. Қазіргі кезде кімнің қайда, не істеп жүргенін, тіпті не ішіп, не жегені­не дейін білеміз. Қайда барса да, телефонға үңіліп отырғаны. Адамдар арасындағы қарым-қатынас шынайы өмірде емес, экран артында жалғасып қалыптасуда. Әлеуметтік желі шынайы өмірден алыстады. Бұл әсіресе, жастар арасында өзекті мәселеге айналып отыр. Қоғамда ешбір азамат үрдістен шет қалып жатқан жоқ, көш бастауш­ы желіге тіркеліп, пайдаланып, әртүрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ең пайдалысы ағайын-бауырдан, таныс-білістен хат-хабар алу үшін қолданылады. Бұдан басқа пайдалы жағы көрініп тұрған жоқ. Ал оның пайдасыз жақтар­ы қандай? Біріншіден, адам денсаулы­ғына, жүйке жүйесіне зақым келтіреді. Бұл – дәлелденген факт. Көздің көру қабілетін төмендетеді.­ Шаршағыштық, әлсіздік басады­. Екіншід­ен, желі қолданушылар арасында танылып, елдің үрейін ұшырататын ақпарат тарату­шылар мен теріс жолға апаратын топтар­ да жиілеп кетті. Бұл қоғамның қа­лыптасуына кері әсерін тигізетіні  белгілі.

"Уақыттың бос өт­ке­ні – өмірдің бос кетке­ні" деп келген қазақтың өмірі желіге тәуелді­лікпен өтіп жатқаны жасыры­н емес. Алтын уа­қытыңызды туыс­та­рыңызға, доста­ры­ңыз­ға, ең бастысы, жақын­дарыңызға арнаңыз. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, пайдасы да, зияны­ да бар. Жаманына жоламай, жақсы тұсын пайдал­анғанға  не  жетсін?!

 

Назерке  БАҚЫТБЕК,

қала тұрғыны

 


ТУБЕРКУЛЕЗ ӨКПЕДЕ ҒАНА БОЛМАЙДЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
07.02.2019 10:43

Ұдайы жөтелу, кеуде немесе белдің жоғарғы бөлігінің ауруы, жөтеліп қан түкіру, терідегі өзгерісте­р, дауысы қырылдап шығу – бұл туберкулез ауруының кең тараған белгілері. Медицинада өкпе туберкулезін созылмалы (ұзаққа созылат­ын), жұқпалы (тез тарайтын) ауру санатына  жатқызады. Бұл дертке кез келген адам шалдығуы мүмкін. Әсіресе, 15-тен 35 жасқа дейінгі адамдар жиі кездеседі. Туберкулезді емдеп, жазуға­ болады.

Соған қарамастан бұл аурумен ауыратындар көп. Әлемде жыл сайын тубер­кулезден 2 миллионға жуық адам өлім құшады. Олардың ішінде миллионға жуығы әйелдер қауымы екен. Дүниежүзілік статистикалық мәліметтер туберкулезден қайтыс болған әйелдер саны барлық аналар өлімімен салыстырғанда әлдеқайда артық болғанын көрсетеді. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеген дабылды ескерту, алдағы 20 жыл ішінде осы аурумен тағы 200 миллион адам ауырып, 70 миллион адам өліп кетеді-мыс.

Бұл кеселді мамандар көбіне әлеуметтік аурулар тобына жатқы­зады. Өйткені, ол тұрмыс жағдайы нашар, жалпы экономикасы­ төмен, баяу дамып келе жатқан елдерде жиі кездеседі екен.

Аурудың қоздырғышы – туберкулез бакте­риялары немесе КОХ таяқшасын 1882 жылы Роберт­  Кох  ашып, ғылымға енгізгені белгілі. Өте төмен температурада да тіршілігін сақтайтын қауіпті бактериялар ауа, сілекей, шаң-тозаң, тамақ  және  плацента  арқылы  тарайды.

Көпшілік арасында өкпе туберкулезін жақсы таниды. Ал ағзалардың өзге бөлі­гінің де туберкулезге шалдығуы жайлы естіп пе едіңіз? Ескіден келе жатқан бұл кеселді басқа аурумен шатастырып алуға әбден бо­лады. Мұның себебі де жоқ емес...

Қызылордалық фтизио-остеолог Ораз Әлтайұлы ғұмырының 53 жылын осы салаға сарп еткен. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қариядан тәжірибесімен бөлісуді сұрап келетіндер жағы көп екен. Кәсіби маманның сөзінше, ауруға суық тию, таза жүрмеу, тамақтану режимін дұрыс сақтама­у сияқты факторлар әсер етеді. Осыдан кейін ағза әлсіреп, сол жерге ауру қоздырғышы түседі. Бұл – адам сырқатқа шалдықты деген сөз. Туберкулездің сүйек, көз, ішек, лимфа түйіндері, тері қабаты, зәр шығару және жыныс ағзала­рының туберкулезі секілді түрлері бар. Бұларды көбіне радикулит, көздің басқа да ауруларымен шатастырып жатады. «Бұл дәрігердің кінәсі емес» дейді О.Әлтайұлы. Себебі, алғашқы сатысын­да ауруды анықтау өте қиын, сырқаттың сипаттамалары өте ұқсас келеді. Нақтаманы (диагноз­) қоя алмаудың себебі де осы.

- Көбіне ауру асқынып, жара пайда болып, тесіліп іріңдей бастайды. Сол іріңді алып тексерген кезде кесел нақтыланады. Лаборато­риялық жолмен, рентген жолымен анықтауға болады,­ - дейді тәжірибелі фтизио-остеолог.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Құрт ауруы жазылмайтын кесел емес. Десе де, сақтанғанның пайдасы зор. Мамандардың мәліметінше, туберкулез түрлерімен ауыратын адамдармен байланыс жасамау қажет. Суықтан абай болып, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен  айналысқан, құнарлы  тағамдар  жеген­  абзал.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


10 МЫҢДАЙ ОТА ЖАСАҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.02.2019 10:37

«Хирург должен иметь горячую руку, холодн­ый мозг» дейді. Операция жасап жатқа­нда  жаның  стол  үстінде  болады ғой. Сол  аман қалса екен деп. Біріншіден, адам аман болады, екіншіден, өзіңе абырой болады. Кейде бала-шағадан гөрі сол ауруға шалдыққан адамдардың тілеуін тілеп кетет­ін  жағдай  болған.

Бұл – Сыр өңірінің медицина саласына еңбегі сіңген майталман маман, білікті хирург­ Сұлтанбек Әлқожаевтың пікірі. Жоғар­ы санаттағы дәрігер саналы ғұмы­рында 10 мыңға жуық операция жасаған.

Жаңақорған ауданы, Төменарық ауы­лында дүние дидарына келген ол ақхалатты­ абзал жан атану үшін Алматыға жол тарт­қан. Ондағы медицина институтының жалпы­ хирургия факультетіне оқуға түсіп, арманына алғашқы қадам жасайды. Жоғары­ оқу орнына тапсырар кезде де аздап қиын­дық­тарға кезіккен. Орыс тіліне шорқақ болуы­ емтиханды ойдағыдай тапсыруға тосқ­ауыл болмай ма деген күдік те тұрды көңілде. Десе де болашақ хирургтың таудай талабы барлығын жеңіп шықты. Айрықша күш-жігерінің арқасында үздік атанып, басшы­лық көзіне түседі. Оқу орнының басшыл­ығы оқу бітірген түлекке институтта­ қалып, жұмыс істеуін өтінген. Алайда ол туған жерінде дәрігер маман аздау болғандықтан, өскен өлкесіне келіп қызмет еткен­ді құп көреді. Осылайша дипломын қолына­ алған жас маман туған жеріне оралып, дәрігерлік қызметіне ерекше шабытпен кірісіп кетеді. Науқастың дертіне дауа тауып­, адам жанына араша түсу өмірлік мақсат­ына айналады. Мамандар тапшы, ал медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәр­мектер бүгінгі күнге қарағанда басқаша кезеңд­е хирург арқалар жүк жеңіл бол­мады. «Бұл менің жұмысым, мынау сенікі» демей, білген-түйгенін практикамен ұштастырды. Науқасты қабылдап, тексеріп, анестезия, ота жасау, тіпті оңалту бағдарламасына дейін атқарды. Күн демей, түн демей сов­хоз­дарға  барып, құмның  арасында тұратын  сырқат  кісілерді алып келіп, операция жасауы­  кәсібіне  деген адалдығын байқата­ды. Бойдағы патриоттық рухтың нәтижесі.

- Көп жігіттер ондайға шыдамай, қалаға кетіп жатты. Қалада уақытымен барады,­ уақытымен келеді. Біз осы далада жұмыс істедік, - дейді бұл туралы кейіпкердің өзі.

45 жыл бойы таңдаған мамандығының отына күйіп, суығына тоңып жүрген абыз ақсақал биыл 75 жасты еңсерді. Еңбек еткен жылдарының жемісі болар, бүгінде ау­данға аты әйгілі маман халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Қарапайым хирур­г қызметінен ауданның бас хирургы лауазымына дейін өрлеп, оған қоса Ішкі істер бөлімінде судмед сараптама қызметін де қоса алып жүріп абыройлы жұ­мыс  атқар­ған. Еңбегі мен өнбегі көпке үлгі С.Әлқо­жаев ұлт денсаулығын нығайтудағы еселі еңбегі үшін «Медицина саласының үзді­гі» атан­ған. Қазір аймақта білікті хирур­г жайлы білмейтін жан  кемде-кем.

Гиппократ антына берік, білімді дәрігердің балалары әке қызметіне құрметпен қарайды. Тұла бойы тұңғышы ата жолын қуып, медицина ғылымдарының кандидаты  дәрежесін алған­. Ал қалған перзент­тері өзге салаларда жемісті жұмыс істеп жүр. Бүгінде бейне­тінің зейнетін көріп отырға­н қария  өзінен кейінгі буынға түйген тәжірибесін бөлісуден  жалыққан  емес.

Аудан орталығында ғұмыр кешіп жатқан отбасы басқа қалаға көшкісі жоқ. Оның себебі­, ел таниды, жұртшылық жақсы көреді. Халық ықыласы ыстық. Бұл туралы жұбайы «Балаларымыз Алматы, Астана қалаларында тұрады. Алып кетейін десе, кеткіміз келмей­ді. Өйткені көшеге шықсақ, «аға, мені  таныдыңыз  ба, маған операция жасап­ едіңіз ғой?» дейді біреуі. Ал енді бірі «Аға, сіз біздің әкемізге операция жасап едіңіз ғой» деп сәлем беріп жатады» деп ағынан жарылды.

Халық  айтса, қалт  айтпайды. Көпшілік жүрегінен  ойып  орын алу, махаббатына ие болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Халық әрдайым әділ және сыншы. Ендеше, бұқараның көңілінен шыққан, алғысына бөленген адам ретінде, маман ретінде Сұлтанбек Әлқожаевтың өмірі ұрпаққа өнеге.

 

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


СТАДИОН САЛУҒА ШОРҚАҚПЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
07.02.2019 10:15

Тәуелсіздік алғалы елімізде екінші стадион­ салынбақ. Былай қарасаң, күлкілі жағдай. Футболды дамытамыз дейміз, оның үстіне дәл осы футболға бөлінетін қаржы көпшіліктің қытығына тиеді. «Байдың­ асын байғұс қызғанады» дегенде ғана  тоқтаймыз. Бақылауы жоқ қаржы ма еді? Білмедік. Екі стадион дедік ғой, біріншісі – Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионы. Маңызды саналған ойынд­ардан соң қарсылас команданың футболшылары үнемі жасанды алаңның кері әсері туралы пікірін айтады. Ол ол ма, соңғы жылдары баспасөз беттеріне Қазақстанға келмей жатып «Астана Аренада­» доп тебудің тиімсіз тұстарын айтуда­н тартынбай жүр. Иә, жоқтан жақсы...

­Екінші стадион – Түркістан қала­сында жаңадан салынатын футбол алаңы. Иә, Түркістан төрінде «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен 7 мың орындық жаңа стадион бой көтермек. Спорт нысанының көлемі – 33286 шаршы метр, жалпы жобаның ауданы – 6,4 гектар. Бүгінде қазаншұңқыр қазылып, тиісті жұмыстар атқарыла бастады. Ғимараттың ел игілігіне берілу мерзімі 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Әрине, футболды дамыту үшін ең алдым­ен алаңдар, футбол мектептерін көптеп салу керек. «Астана Аренаны» есептемегенде елімізде ең соңғы салын­ған алаң Ақтөбедегі «Қобыланды батыр» атындағы стадион екен. Оның өзі 1975 жылы пайдалануға берілген. Өкінішке қарай, бұл жағынан көрші өзбек ағайындардан әлдеқайда артта қалып келеміз. Өзбек билігі біз тәуелсіздік алғалы футбол­сүйер қауымын жеті стадионмен жарылқаған. Тарқатып айтсақ, «Бухара Арена» (2002 жыл), «Марказий» (2006 жыл), «Локоматив», «Металлург», «Бундеко­р» (2012 жыл), «АГМК» (2014 жыл), «Истиклол» 2015 жылы салынған. Сондай-ақ, біраз командалардың алаңдары жаңарған. Демек, көршілес мемлекет футболға сөз жүзінде емес, іс жүзінде жоғары деңгейде көңіл бөліп отыр. Ұлттық құрамасы жылда Азия чемпионатында жақсы жетістіктерге жетіп жүр, тіпті Әлем чемпионатының топтық кезеңіне өтуге сәл-ақ қалғаны футбол­сүйер ағайынның есінде болар. Ал, бізде істен гөрі, бос сөз көп болып тұрған секілді. Бар қаржыны сырттан легионерлер әкелуге шашып жүрге­німізді мойындайтын күн жеткен шығар!? Әйтпесе, инфрақұр­ылымды дұрыстамай жатып, мың жерден мықты футболшы әкелсек те, оларды мұнда байлап қоймасақ ешқашан тұрақтамайтын болады.

Жоспар бойынша Түркістан қала­сындағы стадион келер жылдың аяғына дейін толық бітуі тиіс. Бөлінген қаржы – 63,2 млрд теңге. Қомақты қаржы деуге болады­. Айтпағымыз осы бөлінген қаржының 7 мыңдық алаң үшін қаншалықты көп екенінде болып отыр. 63,2 млрд теңгені доллармен есептегенде, 166 миллионды құрайды. Түріктердің «Бешикташ» командасының 42000 көрермен сыйғызатын керемет «Водафон Парк» стадионы 104 млн долларға тұрғызылған. Негізі, бұл қаржыны ұқыптап жұмсаса, бірнеше алаң салуға болатындай. Шымкенттік «Ордабасы» коман­дасына да УЕФА-ның талаптарына сай алаң керек. Өйткені, 1969 жылы тұрғызылған «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы стадион УЕФА-ның талаптарына сай келмей, Европа лигасының кей іріктеу ойындарын «Ордабасы» өз жан­күйерінің алдында емес, Алматы қала­сында ойнауға мәжбүр болған-ды.

Осы орайда, әлемдегі 30 млн долларға жетпейтін қаржыға тұрғызылған 5 керемет стадионды назарларыңызға ұсынбақпыз.

 

(Мәліметтер «Қазақ футболы»

парақшасынан алынды.)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары