Өзекті мәселелер

  • 14.02.19

    «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсы...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

    Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесе...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Мен «Халық» газетінің 6.ХІІ.2018 жылғы санында «Тұмар  ханым» бетінде жарияланған «Өзі үшін» некесіз бала тапқысы келеді» тақырыбындағы мақаланы оқыдым. Тақырып­қа орай көңіл түкпірінде жүрген ойларды қағаз беті­не  түсіргім  келді.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019

БЮДЖЕТТІҢ «БҮЙІРІ» тесілді ме? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
07.02.2019 12:16

Кейде құлаққа ұрғандай тыныштықта отыратын, кейде ұлардай шулай­тын жоғарыдағы жұмсақ крес­лодағылар жамырап жатқандардың дауысы­н көбіне естімейді. Өйткені олар өздеріне тиесілі кабинеттің табал­дырығы мен төріне дейінгі әңгі­мелерге ғана «төселгенді» қалайды. Ал күзде қанаты қатайған құстар секілді қимылдары ширай түседі. Оған дейін жыл бойына бюджеттен «сауып» алған «сүттерін» қорек етіп, жыл аяғы тақаған­ тұста шелектерін салдыратып Парлам­ентке қарай тартады. Басқа амал жоқ. Қаншама халық аузын ашып, министрліктен бөлінетін азын-аулақ қаржыға қарап отыр. Әсіресе әлеуметтік жағынан ақсап жатқан отбасы­лар  сала министрінің «сауыншы»  болуын  тілейді.

Сонымен, алдағы 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттің салмағы жыл аяқталуға екі ай уақыт қалғанда зер­деленді. Бұған дейін сүт сұрай келіп, шелектерін жасыратын министрлер бұл жолы сылтау-сандырақтарымен келіпті-міс. Бәрінің мақсаты бір – жоспары айқын. «Бастаңдар» деген пәрмен берілсе, бюджеттің «бүйірін» «тұмсығымен»  шұқып тесіп, жарыса жұтуға дайын. Көштің басында сөз алып, еліміздің экономикалық ахуалына «сәуегейлік» жасайтын бас эконом­ист бұл жолы да әдетінен жаңылмады.­

- Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2019 жылы 3,9 пайыз деңгейінде, 2023 жылы  4,6 пайыз деңгейінде өседі деп болжану­да. Жан  басына  шаққанда  ЖІӨ 2019 жылы 9,9 мың доллардан бастал­ып, төрт жыл ішінде 12,9 мың долларға дейін өседі, - деді ҚР Ұлттық экономика  министрі  Т.Сүлейменов.

Ал қаржы қоржынының «қожайыны» (ҚР Қаржы министрі – ред.) Ә.Смайылов бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек саусақтарын санап шықты. Онысы – өзіне артылған үш міндет. Бастысы – қандай экономикалық жағдай болмасын, барлық әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету. Екіншісі – 2025 жылға дейінгі жеті саясат пен реформаны реттеу, соңғысы – жолдау жүгін орындау. Одан бөлек, бюджеттік алып қоюлар 2019 жылы 286 млрд теңгені құрайды. Атырау және Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалалары донор өңірлер қатарын­да. 2020 жылы алып қоюлар 302,7 млрд теңгеге, 2021 жылы 315,1 млрд теңгеге жететінін айтып ақталды. Оның бұл баяндамасын біреу түсініп тыңдады, біреу «ұшынып» тыңдады. Жаңадан келген орнынан жылыстап кетпес үшін бар өнерін салып, жағы талып­ сайрады. Жартысын қағаздағы санға, жартысын жарға қарап айтты. Сөзінің арасында ағымдағы жылы экспорт көлемінің 56,5 млрд доллардан 2023 жылы 68,5 млрд долларға дейін өсетіндігін ескертті. Ал өсім тұрақ­тылығы бойынша өңдеу өнеркәсібі 4,4%, тау-кен өндіру өнеркәсібі 3%-ға артып, ауыл шаруашылығы 6,4%, құрылыс саласы 4,2%, сауда-саттық 4,6% деңгейіндегі қарқынын сақтайды.

Ақшаны шүберекке түйіп, ұстап отырған Ақышев та Жолдауда айтыл­ғандай негізгі секторларға несие беру тапсырмасын орындауға басымдық беріп отыр.

- Біздің бағалауымызша, 2019 жылы банктік несиелердің көлемі 10%-ға артад­ы. Ұлттық банк тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және хал­қымыздың әл-ауқатын арттыру үшін қаржы нарығындағы тұрақтылық пен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бар шараларды қолданады, - деді ол.

«Әділет» республикалық құқықтық ақпарат орталы­ғынан байтақ даламыздың еншісін беріп, бөлек шығар­ған он екі «ұлына» (аймаққа – ред.) қанша қаржы бөлгеніне шолу жасадық. 2019 жылға арналған республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге  берiлетiн  субвенция көлемi 12 облысқа барлығы 1 584 148 603 мың теңге сомасында­ көзделген. Атап айтқанда, Ақмола облы­сына – 104 474 017 мың, Ақтөбе облысына – 55 812 434 мың, Алматы облыс­ына – 153 723 098 мың, Шығыс Қазақстан облысына – 163 954 224 мың, Жамбыл облысына – 161 934 587 мың, Батыс Қазақстан облысына – 51 393 369 мың, Қарағанды облысына – 100 730 628 мың, Қызылорда облысына – 137 165 718 мың, Қостанай облысына – 110 192 744 мың, Павлодар облысына – 46 106 965 мың, Солтүстiк Қазақстан облысына – 96 360 248 мың және Түр­кістан облысына 402 300 571 мың теңге­ көлеміндегі қаражат аймақтың бас қамбасына құйылған.

Сөйлегенде бірінен-бірі озатын, тілі жетпей жатса, қолын созатын министр­лер кезекпен шығып, «анау керек, мынау­  жетпей жатыр, жеткізу үшін жолдар қарас­тырып жатырмыз» деп сылтау аралас себептерін айтуда. Бәрі­нің мақсаты бір – төрдегі «томпайып» тұрған қапшықтағы қаржыға қол жет­кізу. Ақша бөлу де – есеп. Бюджеттің тамырын тартқылап отырған кезде сенат­ор М.Бақ­тиярұлы: «Ұлттық қордан­  қаржы  алудың­  сомасына  келетін болсақ, былтыр  біз  оны  2019  жылға 2,3 триллион деп белгіледік, ал биыл 150 миллиардқа қайтадан көбей­тіп отырмыз. 2020 жылға біз 2 трлн деп белгіледік, биыл 300 миллиардқа көбейтіп отырмыз. Бұл неге байланысты? Шығын көбейді ме? Біз жылдан-жылға Ұлттық қордан кепіл­дендірілген соманы азайтамыз деп айтып едік» десе де, министрлер «мүйіз тіреуін» қоймады. Отырғандардың барлығы құр отырған жоқ, маң­да­йының терін сүртті, бюджеттің бүйі­рін түртті, трансфертті төңкерді, басын сипа­ды әйтеуір, Ұлттық қордан рес­публикалық бюджетке 2019 жылы 2 трлн 450 млрд., 2020 жылы 2 трлн 300 млрд., 2021 жылға 2 трлн., үш жылға барлығы  6 трлн 750 млрд теңге аударатын етіп шешіп алды.

Мақұлданған үш жылға арналған іс-қимыл жоспары 2019 жылдан бастап іске асырылады. Жылдың басталғанына да бір ай уақыт өтті. Ақша кетуге, ал есеп ұстауға тырысады. Кімнің кетіріп, кімнің ұстап отырғанын жыл соңына дейін бақылауда ұстайтынымыз тағы бар. «Бір теңге бие болмайды, екі теңге түйе болмайды» деген тәмсіл бар. Ал бізде бір де емес, екі де емес, трил­лион­даған  ақша  бар...

Н.МӨҢКЕ

 


САУАЛДЫҢ АСТАРЫ – САЯСИ ЛЕП... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
07.02.2019 12:12

Ел ішінде сайтанның сапалағындай сап ете қалатын сайлау тура­сындағы сыбыр-гүбір әңгіме. Құдды бар-жоғы білін­бейтін елес секілді оның да  болатын-болмайтыны санамызды сан-саққа жүгіртіп  тұр. Біздің ел­дің тұрғындары сайлауға қай кезде де сақадай сай. Өйткені «мер­зімімнен бұрын» деген саяси ахуалдарға әбден шынығып қалғанын несіне­ жасы­рамыз. Ал бұл жолғы ылдым-жылдым қимылдардың астарынан қандай леп соғып тұр? Оның үстіне апта басында ел президенті ҚР Конс­титуциялық Кеңе­сіне президенттің өкілет­тігін мер­зімінен бұрын тоқтату тура­лы ережені түсіндіру үшін өтініш түсірген еді. Жартас астында жасы­рылған «жыл жұмбағының»  шешімі қандай?

Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңес­тің қызметіне «Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президенті­нің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып­ табылады ма?» деген­ сауалға жауап беруді сұрады. Жалпы, президент түсіндіру туралы өтініш түсірген 42-баптың 3-тармағында «Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Пре­зидентi қызметiне кiрiс­кен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызме­тiнен мерзiмiнен бұрын босаты­лған немесе кетi­рiлген  не  ол қайтыс бол­ған  жағдайда  тоқта­ты­лады. Республиканың бұ­рынғы Президент­терiнiң бәрiнiң, қызметiнен ке­тi­рiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген­ атағы болатыны» айтылған. Осы бапты ақтара-төңкере қараған «сәуегейлер» президент сайлауы өтеді не президент  орнын босатады деген­ қауесетті желдің «қанатына» байлап жі­берді. Содан бастап уілдеген жел, гуілдеген әңгіме...

Түптеп келгенде, дау­рығып шешім қабылдап, дүрлігіп көшіп-қонудың қажеті жоқ. Өйткені ертеңіне-ақ ел президенті ҚР Конс­титуциялық Кеңе­сіне не үшін жүгін­гені  жайында түсіндірме берді. Сауалд­ың астары – саяси леп те, ресми ауыс-түйіс те, тосын жаңалық та емес, жай ғана күйбің­нің бір мысалы. Мәселен, Конституцияда прези­дентті алмастыру жолдары­ айқын емес. Өз еркімен отставкаға кету жағдайы да қаралмаған. Мәселелерді ескерген президент Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұ­рапты-мыс. Негізгі Заңға сәйкес Конституциялық Кеңес өз шеші­мін бір ай ішінде шығарады. Оған дейін мемлекет басшысының өзі сайлау  туралы қауесетке­ нүкте қойды.

- Бұл тақырыпқа қа­тысты жұртты дүрлік­тірудің қажеті жоқ. Ата Заңымызда, «Қазақстан Республикасының президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіктің аяқталу мерзімі анық жазыл­ған. Конституцияға сәйкес, президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек, - деді ҚР президенті Н.Назарбаев.

Естеріңізде болса, әлемдік «The Еconomist» журналы 2018 жылы лауа­зымынан ресми түрде кеткенімен, өз ықпалын «сахна сыртынан» жүр­гізіп отыратын билеу­ші­лер тізімін ұсынған еді. Кубадағы Рауль Кастро, Гонконгтағы Ли Кашин, Сауд Арабиясындағы Салман бен Абдул Азиз әл Саудпен қатар Қазақстан президенті Н.На­зар­баевтың да есімі қатар аталған. Бірақ басылымның болжамы дөп түс­педі. Саясат – шахмат. Кімнің жеңіліп, кімнің «король» болары тек ойынш­ыларға  аян.

Н.ҚАЗИ

 


ТҮН ОРТАСЫ ҰШЫП КЕТТІ КӨККЕ ОЛАР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
07.02.2019 12:05

 

 

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,

Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.

Жер бетінен жайлы орын таба алмай,

Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!..

(Кеңшілік Тышқан)

 

Ақпан бастала салысымен Астана жақтан суық хабар бұрқ етті. Бір отбасының бес бірдей бүлдіршіні отқа оранып о дүние­ге аттанды. Өрт шыққан кезде ата-анасы түнгі жұмыста болған.

«Көктал-1» шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде жалдамалы пәтерде тұратын отбасы тұрмыс жағдайын түзеуден бұрын бала-шағасын асырау, одан қалды басындағы 4 несиесі мен пәтерақысын төлеу үшін уақытпен санасп­ай еңбек етуге мәжбүр екен.

Сай-сүйекті сырқыратып, жүректі ауыртатын қаралы хабар жария бола сала қазақ елі қабырғасы қайыса қазаға ортақ болды. Альбина, Алина, Сабина, Карина және Мадина есімді қыздардың үлкені – 13 жас­та. Ең кішкентайының дүние дидарын көргеніне  небәрі  3  ай  болған. Әкесі көлік жөндеу орталығында  жұмыс істейді. Анасы­ декреттік демалысынан ерте қол үзіп, жұмысқа шыққан. Бар тапқанын бала­ла­рының аузына тосу үшін аянбай еңбек еткен ата-ана жұмыстан қайтып келген­де балаларының иісін де таппай қалатынын  кім  білген...

Жантүршіктірер ауыр қайғыға қоғам не деп басу айтуды білмей зар иледі. Жұртшылық көңілі күпті, жүрегі жаралы отбасының есепшотына қаржы жинай бастады. Әлеуметтік желіде анасының есепшот карточкасы мен жеке куәлігі жарияланған суретті желі қолданушылары таратып, жылу жиюға атсалысты. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиұлының хабарлауынша, көпшіліктің жиған қаражаты 1 тәулік ішінде 13 миллион теңгені құраған.

- Бұл ақша марқұмдардың отбасына табысталады. Осы сәттен бастап шотқа ақша жинау тоқтатылады. Егер марқұмдардың отбасына көмек бер­гілеріңіз келсе, олардың картасына аудара аласыздар, – деді бұл туралы М.Қайырғалиұлы.

13 миллион теңге. Жүрегі жомарт халық қалтасындағы ақшасын қайырымға жұмсады. Бес періштенің әке-шешесі де ақша табу үшін түн ұйқысын бөліп жұмысқа шықпап па еді?.. Енді бәрі кеш. Дүниенің жарты байлығын жинап берсе де, бес бірдей балапа­ны тіріліп келмейді. Әке мен анасы балаларының шат күлкісін енді көре алмайды. Олардың жүрегіндегі зарлы үнді тыңдап, жарасын жазар сөзді ешкім тауып айта алмасы анық. Бірнеше кітаптың авторы, ақын Жарас­ Сәрсек әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп толғапты. Үзінді келтірейік.

...Сұраймын кімнен бес талшынымның  обалын,

Бес талшыбығымның обалын?!

Бетіңе сенің бес рет тұрмын түкіріп,

Безбүйрек менің қоғамым.

Селт етер кез де,

Мөлт етер көз де сенде жоқ,

Елжірер бір сәт елге тән мінез емге жоқ.

Сұстанып алып қарайсың жұртқа шекеңнен,

Маңайын жұтқан,

Абайын жұтқан теңге боп...

Қайғылы жайтқа орай қоғамның түрлі пікірі әлеуметтік желілерде кеңі­нен  таралды.

Депутат Владислав Косарьев өзінің сөзімен жұртшылықтың ашуын­ тудырды. 82 жастағы шенеу­ніктің қаза болған үйге қарата айтқан­ сөзі:  «Үш айлық баласын тастап, неге жұмысқа шығып жүр, ол ана?».

Құқық қорғаушы Айгүл Орынбек: «Отыз жыл бойы жасаған бағдарла­малардың нәтижесі – бес баланың табыты».­

Журналист Өркен Кенжебек: «Бес қыздың қазасынан кейін билік те, басқасы да тиісті сабақ алады деп үміттенемін».

Сондай-ақ, көпшілік «қаралы күн» жариялап, аза тұтуды сұрауда.

Белгілі журналист Сәуле Әбединова «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстандық барша аналарды ҚР Үкіметіне біршама талап­ қоюға шақырды. Талаптарының ішінде мыналар қамтылған:

1. Әбілқасымова отставкаға кетсін! Орнына өмір көрген, 3-4 бала өсірген АДАМ келсін!

2. Әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше 20 мың теңгеден (отба­сындағы ӘР балаға!) мемлекеттік жәр­демақы төленсін!

3. Бастауыш сынып оқушыларына­ ТЕГІН тамақ берілсін!

4. Оқушылар  қоғамдық көлік­тер­де  тегін  жүрсін!

5. Қоғамдық көліктер көбейтілсін!

6. ЖОО-ны тегін оқысын!

7. Ана мен бала ТЕГІН емделсін!

8. 3 және одан көпбалалы отбасыларға ТЕГІН баспана берілсін!

9. Еңбек заңы қайта қаралсын!

10. 3 жасқа дейінгі баласы бар аналар­ мемлекеттік жәрдемақы айлық есебінен жұмыстан босатылсын! (Аналарға айлық төленсін!)

11. Кәмелетке толмаған баласы бар аналарды түнгі ауысымға қал­дырмасын!

12. Басында баспанасы жоқ, банкте­ несиесі  бар  аналардың несие­с­і  жойылсын!

Осындай пост жазып, парақшасында жариялаған журналист Сәуле Әбединованың соңынан ереміз деген аналар жазбаның астына пікірлерін қалдырды. Ана мен бала митингісіне шақырған журналист кейіннен заң бойынша, әкімдікке митинг өткізу туралы алдын ала арыз беру керек­тігін және сол арызды өзінің әкім­дік­ке барып жазып келгенін, 10 күннің ішінде арызға жауап қайтарылады деп сендіргенін хабарлаған.

Жұртшылықтың ызасын  ту­дыр­ған «хит» сөздің авторы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова. Оның «Көп­балалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір елде аналарға мұндай жағдай жасалмаған, 16 мың теңге жәрдемақы көп» деген сөзін көп­шілік ашына жазып, министрдің өз еркімен  отставкаға  кетуін  талап  етуде.­

Бүтін бір отбасының бес баласы тірілей отқа жанды. Трагедия. Қай­ғыны қазақ елі бірлесе көтеріп, мемлекеттік деңгейде жұрт мән беріп, қолдау білдіруде. Тіпті әлеуметтік желілер арқылы көрші елдерден де көңіл айту пікірлері толастамады.

Осыдан біршама уақыт бұрын ғана Қызылордада 3 бірдей ұл бала өз үйінде өрттен қайтыс болды. Ол отбасығ­а да жұрт болып жиылып, қарапайым халық ұйым­дасып, жылу жиналып берілген-ді. Десе де, оған мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретін­де назар аударылды ма?

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары