Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 11 Ақпан 2019

ЖАҢАҚОРҒАНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.02.2019 11:38

Жаңақорған ауданы туралы айтқанда, ең бірінші есіңізге мұндағы кәсіпкерліктің кеңінен өркен жайғаны елестеуі мүмкін. Бұл сөзімізді аталған ауданның әкімі Ғалым Әміреев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәлелдей түскендей. Мысалы, Жайылманың қарбызы бүгінде брендке айналды. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлігі осы кәсіпке бет бұрған. Сол секілді, әр ауыл бір кәсіптің соңына майшаммен түсер болса, жемісін де көретінін мұндағылар іспен көрсетіп жүр. Өйткені, ауданда «1 ауыл – 1 кәсіп» жобасы қолға алынған.

Жалпы, аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3952 болса, оның 258-і – заңды тұлғалар, 1426-сы – шаруа қожалықтары, 2268-і жеке кәсіпкерлер екен. «Бизнестің жол қартасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік гранттар беруге ауданнан 75 жоба ұсынылған. Осы жобалардың ішінен құны 21 миллион 127 мың теңгені құрайтын 19 жоба грантты жеңіп алып отыр. «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 313,0 млн теңгенің 115 жобасы несиелендірілген. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 345,6 млн теңгенің 94 жобасына және «Егінжай» бағдарламасы арқылы 18,5 млн теңгенің 12 жобасы бойынша несиелер алынса, «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 365,5 млн теңгенің 35 жобасы несиелендірілгені тағы бар. Қаржыландыруды қолдау дейтін болсақ, Жаңақорғандағы қолдау мұнымен бітпек емес. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25 кәсіпкерлік субъектісі 205,2 млн теңге жеңілдетілген несие алса, «Байқоңыр» ӘКК арқылы 2 жобаға 461 млн теңге несие берілген. Жалпы, ауданда өткен жылы барлық қаржы көздерінен 296 жобаға 1 млрд 857 млн теңгенің қаржысы тартылып, жұмыстар жүргізілген.

- 2018 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 13 988,8 млн теңге (103,4%) болды. Оның ішінде егін шаруашылығы 6 980,5 млн теңгені (103,6%), мал шаруашылығы 6 890,3 млн теңгені (103,4%) құрап отыр. Негізгі дақыл күріштің жоғары репродукциялы сорттарын өндіріске енгізу бағытында жақсы жұмыстар атқарылып, аудан бойынша 2066 тонна күріш тұқымы, оның ішінде Лидер (956 тонна), Маржан (1050 тонна), Фаворит (40 тонна), Анайт және Айкерім (10 тонна) сорттары себілді, - деді Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев

Бүгінде ауданға қарасты Ақүйік ауылдық округіндегі «Қаратау-Ақүйік» АӨК-нің мүшелері үйрек шаруашылығын дамыту мақсатында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алып жұмыс істеуде. Бүгінгі күні 33,5 млн теңге несие рәсімдеп, 8756 бас үйрек сатып алып, өз шаруашылығын дамытуда. Мұның өзі оңтүстіктегі ең шеткі ауданның кәсібінен нәсіп тауып отырғанын айқындай түседі.

Денсаулық саласында 2018 жылы аудан бойынша 1775 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 24,1, табиғи өсім көрсеткіші 17,9 промильді құраған. Сондай-ақ, бүгінгі таңға дейінгі тіркелген өлім-жітімнің жалпы саны 336 – 4,5 (2017 жылы – 370 – 5,0) көрсеткіш болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда сан 0,5 көрсеткішке төмендеген. Бір қуанарлығы, соңғы 3 жыл көлемінде ауданда ана өлімі тіркелмеген.

Спорт саласы бойынша ауданда 64 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істейді. Аталған ұжымдарда спорттың 26 түрімен, 23665 адам тұрақты түрде шұғылданады, бұл өз кезеңінде аудан халқының 28,1 пайызын құрайды.

2018 жылы облыста 8 мектептің құрылысы жүргізілсе, соның тең жартысы Жаңақорғанда пайдалануға берілген. 2018 жылдың мамыр айында Қожамберді ауылынан 200 орындық №162 мектептің, Түгіскен ауылында 140 орындық балабақшаның құрылысы пайдалануға берілсе, Түгіскен ауылынан 300 орындық №256 мектеп пен Жаңақорған кентіндегі 300 орындық №56 мектеп жаңа оқу жылында ел игілігіне табысталды. Жыл соңында Аққұм ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Брифинг барысында аудан әкімі «Жаңақорғанда жаңалық көп» деп қалды. Әлбетте, жақсы жаңалық. Тың ақпаратты барынша тыңдап қалуға біз де тырыстық.

- Жаңақорған ауданында биыл қарбыз шырыны өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оны қаржыландыруды неміс компаниясы өз міндетіне алды. Өндіріс орны сағатына 2700 литр шырын өндірмек. Елімізде мұндай кәсіпорын қазір тек Алматы қаласында бар. Онда алмадан табиғи шырын өндіріледі. Бізде қарбыз дақылы Жайылма ауылында егіледі. Бұл елді мекен тұрғындары бақша дақылдарын өндіруге машықтанған. Неміс инвесторлары тек өндіріс орны технологиясын қадағалаумен айналыспайды. Олар қарбыз егу ісіне де назар аударады, - деді Ғ.Әміреев.

Жалпы, әлемдік нарықта жеміс-жидек шырындары жоғары сұранысқа ие. Ол ерекше дамып келеді және болашағы зор кәсіптің түрі саналады. Қарбыз шырынын шығару ісі Қытай, Түркия және Иран елдерінде жақсы жолға қойылған.

Аудан басшылығы осы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 38 жобаны іске асыруды көздеп отыр. Бірқатар жолдар да жөнделіп, бой көтеретін ғимараттардың да саны артпақ. Әрине, мұның бәрі алдағы күннің еншісінде.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Байқоңырдың болашағы – басты назарда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.02.2019 11:10

Биыл Қызылорда облысы 500 тонна етті экспортқа шығаруы тиіс. Мұны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен. Сондықтан облыс орталығы мен аудандарда орналасқан 4 бордақылау алаңын бұқашықтармен қамтамасыз ету және Қызылорда қаласындағы ет комбинатының құрылысын тез арада аяқтап, іске қосуы қажет. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов айтты. Оның сөзінше, сапалы тауарды (ет.ред.) жоғары бағада экспортқа шығару шаруалар үшін тиімді.

Мемлекет басшысы «ауыл шаруашылығы саласы экономиканың негізгі драйверіне айналуы тиіс» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда облыста асыраушы салада ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде. Оның үстіне аймақтағы ағайынның 60 пайызы елді мекендерде қоныстанған. Сол себепті ауыл шаруашылығын әртараптандыру бүгінгі таңда өте өзекті. Айталық, өткен жылы Сыр салысы 4,1 пайызға кем егіліп, есесіне, майлы дақылдар көп отырғызылған.

Рас, былтыр аймақта су тапшылығы орын алып, шаруалар біраз қиындыққа ұшыраған еді. Тіпті, қуаңшылықтың салдарынан өңірдегі 694 гектар күріш егісі (Қазалы – 320 га, Қармақшы – 132 га, Жалағаш – 86 га, Сырдария – 156 га) судан қалып, оның 506 гектарына мүлдем орақ түспеді. Бұл ретте Серік Салауатұлы:

– Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Олардың ішінде, ең ауқымдылары – 1,5 млрд текше метр су жинайтын «Қараөзек» және 600 млн текше метр су жинайтын «Күміскеткен» су қоймалары. Себебі, жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз кететін 3-4 млрд текше метр суды «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларына жинап, егістікті сумен қамтамасыз етуге, мал және балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасалатын болады, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі мен 203 көл тізімге алынған. Балық аулау көлемі соңғы 5 жылда 36 пайызға өсіп, 2018 жылы облыста 8477 тонна балық ауланды. Қазіргі күні облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Онда сыртқы нарықта көксерке балығының сүбесі (филе судака.ред.) сұранысқа ие екен. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға таман тауарлы балық шаруашылықтарының санын 30-ға дейін және өндірілетін балық көлемін 477 тоннаға жеткізу жоспарланған.

Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Айталық, өткен жылы мемлекеттік бақылау шараларымен көлемі 43537 гектарды құрайтын жер учаскелері қамтылып, 8395,91 гектар аумақта 162 субъекті тарапынан 172 құқықбұзушылық анықталған. Олардың 106-сына 40240,913 мың теңге айыппұл салынып, 38-іне ескерту түріндегі әкімшілік жазалар, 28-іне заңбұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілген. Бүгінгі таңда салынған айыппұлдардың 94,3 пайызы өндірілген.

Баспасөз брифингінде Серік Салауатұлы «жұлдызды қалашықтың» келешегіне тоқталды. Алдағы уақытта Байқоңыр қаласының «қақпасын ашу», еркін экономикалық аймақ құру және ондағы тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз ету турасында бірқатар жобалар жасалып жатқандығын мәлімдеді. Осы тақырып төңірегенде жақын күндері Ресей тарапымен кездесу өткізілмек.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

 


Кәсіпкерлік – тұрақтылықтың тетігі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.02.2019 18:00

Былтыр «Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» деп жарияланғаны белгілі. Енді міне, еселі еңбектің есебін беретін сәтке де жеттік. Кәсіпкерлікті жетілдіру бойынша 2018 жылдың қорытынды шарасына аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, бұл бағыттағы шаруалардың барысына тоқталды.

Өткен жылдың басында облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37450-ді құраса, бүгінгі таңда 42342-ге жеткен. Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың үштен бір бөлігі, нақтырақ айтқанда, 90 мыңнан астамы шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылыпты.

– Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд теңге болатын арнайы «Жол картасын» әзірледік! Бұл қаражаттың 3 млрд теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларына бағыттадық. Ал биылғы жылы әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд теңге қарастырдық. Сонымен бірге, қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер мен несиелерді алудың қадамдық іс-әрекеттерін, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік, - деп атап өтті облыс әкімі.

Өткен жылы мыңға тарта жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 4,3 млрд теңгеге шағын несие рәсімдеген. Соның арқасында осыншама облыс тұрғыны шағын бизнес жобасын жүзеге асырған. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеден астам 153 несие мақұлданған.

Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы өткен жылдың басында анықталған 97,5 мың жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың 70 пайызы заңдастырылғанын айтты. Олардың жаңа мамандықты иеленіп, өз бизнестерін ашқанын және салық пен зейнетақы жарналарын төлей бастағанын айтты.

Жиын барысына ісін жаңа бастаған үздік кәсіпкерлерге 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақылар беріліп, үздік ауыл әкімдері және сол округке жауапты тұлғалар мен үздік қызметкерлер марапатталды. Солардың бірі – Жаңақорған ауданы, Кейден ауылынан жүгері сусыны өндірісін ашқан Сейдмұхамед Әбжаппаров.

– Біздің жұмысымыз республикада инновациялық жоба деп танылып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болдық. Бүгінгі таңда 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Өз есебіміз бойынша айына 40 тонна жүгері сусынын нарыққа шығару жоспарланған. Дегенмен, өнім көлемін арттырмақ ойымыз бар. Сусын еліміздің барлық өңіріне таратылады. Әсіресе, Солтүстік Қазақстаннан сұраныс жоғары,- деді кәсіпкер.

Естеріңізде болса, былтырғы жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған ең үздік облыс деп танылған еді. Мемлекет басшысы аймақ басшысына «Хан Тәңірі» сыйлығын табыстаған болатын.

Халық-хабар

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ БОЙЫНША АШЫҚ АУКЦИОН ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.02.2019 13:00

"Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында" Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер телімдерін беру бойынша ашық аукцион ұйымдастырылды.

Жоба Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында мәлімдеген тапсырмасы бойынша жер телімдерін бөлудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, онлайн аукцион "Нұр Отан" партиясының коммерциялық мақсаттар үшін ұсынылатын бос жер телімдері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізуге бағытталған партия жобасы шеңберінде өткізіліп отыр.

Аталмыш аукционды ұйымдастыруда Қызылорда қаласының әкімдігі онлайн аукционға шығару үшін 39 бос жер телімін анықтады, шараға 70-тен астам кәсіпкер қатысты.

Аукционның ерекшелігі – картада көрсетілген жер телімдері туралы білу, желіде онлайн режимінде тіркелу және офлайн тәртібінде қатысумен тең онлайн қатысу мүмкіндігі. Бұдан басқа, жер қатынастары саласындағы барлық қызметтерді цифрлық форматта ұсынуға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірленді, яғни енді кәсіпкерлер үйінен шықпай-ақ, мақсатты өзгерту, жер телімдерін бөлу және т.б. қызметтерді компьютер арқылы алады.

Ашық аукционды өткізу әкімшілік кедергілерді азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, мемлекеттік орган мен кәсіпкер арасындағы тікелей байланысына жол бермеуді көздейді.

Алдағы уақытта кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер телімдерін беру бойынша онлайн режимде қатысу мүмкіндігімен ашық аукцион Орталық базасында өткізіліп отырады.

Айта кетейік, Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағыты бойынша пилоттық аймақ  болып табылады.

Естеріңізге салайық, 2017 жылы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" ашылған болатын. Қазіргі таңда Орталық «бір өтінім» қағидаты бойынша 70-тен астам қызметтерді тегін ұсынады. Жер қатынастары саласындағы 21 қызмет, оның ішінде 7 мемлекеттік қызмет ұсынылады.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

 


Оразбекұлының көңілі көншімей отыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.02.2019 12:55

Облыста кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге қаншама күш жұмсалды? Ол аз десеңіз, биыл бақандай 34 млрд теңге бөлінбек. Ал аудан тұрғындары бұл қолдаудың шарапатын сезініп жатыр ма? Мысалы, дәл қазір Шиелі ауданында 80 мыңға жуық тұрғын бар. Онда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4597 ғана. Бұлардың 4 мыңдайы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Қалғаны қайда? Ескерте кетейік, мұндай жайт тек осы ауданға ғана тән емес.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы өткен жылды қорытындылады. Аудан басшысы Шиеліде кәсіпкерлік субъектілерінің аздығын мойындап отыр. Тіпті, көңілі көншімейтінін жасырмады. Бізді қызықтырғаны, биыл аймақ қазынасынан қаралатын қыруар қаржының қанша пайызын аудан үлесіне ала алды? Бұл сауалдың жауабын жыл біткенде білерміз. Әзірше Әшім Оразбекұлының жыл ішіндегі жұмысын жіпке тізсек дейміз.

Былтыр шиелілік шаруалар 21 млрд 328 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Нәтижесінде облыста агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктері үшін «Үзік аудан» атанды. Айта кетейік, өткен жылы Ыбырай Жахаев ізбасарлары 12627 гектар күріш алқабының әр гектарынан 57 центнер өнім алды. Тағы бір жаңалық, өңірдегі шаруашылық құрылымдары цифрлық технологиялардың игілігін көруде.

– Облыстық бюджеттен 19 млн 200 мың теңге қаржы бөлініп, «Ақмая» ШҚ-ның егістік алқаптарын (күріш, жоңышқа, т.б. дақылдар. – ред.) «Ақылы ферма» жобасы аясында цифрландыру жұмыстары жүргізілді, - деді аудан әкімі.

Брифингте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы мен ауданда атқарылып жатқан толайым тірліктің барлығын баяндаған Әшім Оразбекұлы журналистердің сауалдарына да жауап берді. Осыдан біршама жыл бұрын Майлытоғай ауылында клуб үйі ашылады деп жоспарланған екен. Десе де, әлі күнге бұл нысанның іргетасы құйылмапты. Себебін сұрадық.

– Биыл Майлытоғай ауылына кіреберіс жол салынады. Қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Біраз жыл бұрын облыс көлемінде әлеуметтік нысандардың кезектілік тізбесі жасалды. Бүгінгі таңда Майлытоғайдағы клуб үйі сол тізбе бойынша үшінші орында тұр. Оның қашан жүзеге асатындығын дөп басып айта алмаймын. Дегенмен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында нысанды тұрғызуға мүмкіндік бар. Біз болашақта осы нысанды бизнес орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Яғни, ауылға қажетті мекеме бөлімшелерін бір жерге топтастыру жоспарлануда, - деді Әшім Оразбекұлы.

Сонымен қатар осыдан бір-екі жыл бұрын Бірлестік ауылы Жанназар батыр, Ботабай ауылы Тұрсынбай Датқа болып өзгертілген еді. Дей тұрғанмен, екі елдің адамдары әлі күнге тиісті құжаттарын ауылдың ескі атауымен алып жүрген көрінеді. Аудан басшысы бұл мәселені білетінін және мұны тез арада шешу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.

Халық-хабар

 


Еңбек мигранттарына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.02.2019 12:10

Өткен аптада еңбек мигранттарына қажетті қызмет түрлерін «Бір терезе» қағидаты бойынша алуларына мүмкіндік беретін арнайы орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Адамдардың заман талабына сай жүйрік уақытпен адымдауына жағдай жасайтын орталықтың жұртшылық үшін алар орны зор болмақ. Облыс әкімінің қолдауымен және қаржыландырылуымен пайдалануға берілген орталықтың ашылуында аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа жолдауында үкіметке және әкімдерге халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 80 пайызын электронды жүйеге ауыстыру керек деп тапсырма берген болатын. Сондай-ақ «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін мекемелердің көп болуы керектігін айтқан еді. Теңселіп ана кабинет, мына кабинет, ана ғимарат, мына ғимаратқа сандалып жүрмеуі керек. Жемқорлықтың да мүмкіндігін азайту қажет. Келген адамның қолына емес, көзіне қарайтын адамдар жұмыс істеуі керек. Сол мақсатта сандық технологияларды өмірімізге ендіріп, осындай ашықтық, жариялылық түрде жұмыс істейтін мекемелер көп болады. Біз қазір «Бастау» орталығында кәсіпкерлер үйін аштық. Оның ішінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, аймақтық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлерге микронесие беретін ұйымдардың бәрі бір жерде орналасқан. «Кәсібімді ашамын» деген адам бір ғимаратқа кіреді де, барлық мәселені шешіп, жобасын жасап, қаражатын алып, бір үйдің ішінен шешіп шығады. Азаматтарға арналған көші-қон орталығы да дәл сондай болмақ. Мысалы, бізге шетелден адамдар келіп жұмыс істейді. Қазақстан азаматтары да шетелге барып оқиды, жұмыс істейді. Бұл – нарықтық замандағы заңды нәрсе. Сондықтан өздерінің құжаттарын рәсімдеуде осы көші-қон орталығы жақсы қызметін көрсетеді деп ойлаймын, - деді аймақ басшысы.

Расында да мұндай орталық тиімді екен. Оның тиімділігін сол күні-ақ қызметіне жүгінген Икболжан Расулов көрді. Ол – Өзбекстан Республикасының азаматы. Бүгінде Қызылорда қаласында түрлі жеміс-жидектер мен дәнді дақылдар сатады. Өзге елдің азаматы басқа мемлекетте жүрсе, міндетті түрде тіркелуі керек екені белгілі. Сондай-ақ медициналық тексерістен де өтуі қажет. Ала жаздай жұқпалы аурумен ауырса, онда ол қоғам үшін қауіпті. Сондықтан мұндай тексерулер жүргізіледі және сол елде уақытша тұруға арнайы рұқсат беріледі. Мұндай рұқсатнаманы еңбек мигранттарына арналған көші-қон орталықтарында жүзеге асырады. Алайда олар медициналық тексеруден өту үшін емханаларға бір, одан қалды тағы бес мекемеге баруы қажет. Осының салдарынан, уақытын шығындағысы келмейтін шетелдіктер тіпті тіркелуге де келмеуі мүмкін. Енді олар барлық қызмет бір жерге шоғырланған осы орталыққа келіп, бір мезетте бар шаруасын бітіре алатын болды. И.Расулов осы орталықтың арқасында бұрын бір аптасы кететін жұмысын бір күнде рәсімдеп шықты.

Еліміз бойынша 12 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Бүгін кезектісі Қызылорда қаласында ашылып отыр. Қазақстанға келетін еңбек мигранттары көп, бірақ барлығы қызметін заңдастыра бермейді. Бірнеше мемлекеттік органның арасындағы сергелдеңнен олар құжаттарын реттеуге асықпайды. Көші-қон орталығы көлеңкеде жүрген еңбек мигранттарының заңды түрде тіркелуіне ықпал етеді. Осы ретте көші-қон ХҚО арқылы көрсетілетін қызметтер саны көбейетін болады,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасары Айнұр Тобаева.

Айта кетейік, бұл жерде медициналық тексеріс пен рұқсат қағазынан бөлек, дактилоскопиядан да өтіп, сақтандыру полисін де қоса рәсімдеуге болады.

Жансая  ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары