Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 14 Ақпан 2019

Жас ақындар айтысты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.02.2019 16:42

Мағжан сенген жастарға сын болады,

 

Халықты бір серпілтіп тастамаса,

 

Жастар жылын айтыспен кім бастайды?

 

Ғани туған топырақ бастамаса.

 

Дарияның екі жағын ен жайлаған,

 

Ақмешіттің басқа да кемі бар ма?

 

Талайменен бұйыртса тең тұрады,

 

Дәні менен ураны, кені барда.

 

Осылай деп Ақмешіттің төрінде өткен республикалық айтыстың шымылдығын аламан бәйгенің екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов ашты.

 

Жастар жылына және Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына арналған "Жастар жырлайды" атты республикалық ақындар айтысын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған. Бүгінгі айтыстың негізгі мақсаты – ежелден елдік мүддені негіз еткен айтыс өнері арқылы қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан ұлтымыздың бірегей тұлғасы Әйтеке би Бәйбекұлының даналық өсиеттерін, шаршы топта сөз бастаған шешендігі мен қара қылды қақ жарған әділ төрелігін ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлттық өнерге баулу және жас таланттар арасынан жаңа есімдер табу.

 

Жыр додасына республикамыздың танымал айтыскер ақындары қатысуда. Олар: Шұғатаев Аспанбек (Павлодар қаласы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Аруна Керімбек (Тараз қаласы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Дәурен Ысқақ (Астана қаласы), Райымбек Өтепов (Орал қаласы) және Сыр елінен Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару, Бексұлтан Орынбасаровтар ұлттық өнерді ұлықтауда.

 

Сонымен қатар, айтыстың қазылар алқасына ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етсе, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын Адам» сыйлығының лауреаты, «Айқын» газетінің бас редакторы Жүсіп Нұртөре, ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Айжарық Сәдібекұлы, айтыскер ақын, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Кенжебай Жүсіпов қазылық етті.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

 

P.S. Айтыстың нәтижесі де белгілі болды. Жүрсін Ерман әуелі Сырдан шыққан бұрынғыдан бүгінгіге дейінгі барлық ақындарды түгел айтып өтті. Бексұлтан мен Нұрзатқа жоғары баға берді. Сөйтіп, Нұрзат Қару, Дәурен Ысқақ, Бексұлтан Орынбасар, Сырым Әділбек ынталандыру сыйлығына, Райымбек Өтепов арнайы ең жас ақын жүлдесіне ие болды. Ал, 3-орынды Аруна Керімбек, Аспанбек Шұғатаев (300 мың), 2-орынды Біржан Байтуов (400 мың), 1-орынды Рүстем Қайыртайұлы (700 мың), бас жүлдены Нұрмат Мансұров (1 млн) алды.

 


ҰЛТТЫҚ САНАҚ: САПА мен САЛМАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 12:00

Қазақ мал басын айтса­ да, адам басын санама­ған. «Құдайдың бергені» деп шүкіршілік еткен. Сол Жаратқаннан сый болып келген басты капиталды 10 жылда бір мәрте «санау» – дағдымыз. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ең алғаш­қы санақ 1897 жылы патша­ үкіметі тұсында өтті. Алғашқы дереккөз сол кездегі қазақтардың үлес салмағын 6 мил­лионнан асып жығылды деп ақпар берген. Одан кейінгі санақ араға 23 жыл салып, 1920 жылы жүргізіліпті. 1923, 1926, 1937 жылдары өткізілген санақ нәтижелері сәтсіз деп бағаланып, 1939 жылы қайтадан жүргізі­леді. Араға тағы да жиырма жылды тарихтың қойна­уына тапсырып, 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары жалпы тізім алынса, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін 1999 және 2009 жылдары өткізілген. 1939 жыл мен 1959  жылдың  арасындағы 1949  жылы  жүргі­зілуі тиіс санақ неге өт­педі?

Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым «Жас Алаш» газетіне берген мақаласында «Өткен он санақтың екеуі – 1937 мен 1939 жж. – «ұрлан­ған» санақтар болып есепте­леді. Аштық, жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде КСРО халқының кемігенін көрген Сталин бұл санақтардың нәтижелерін жариялауға тыйым салады. Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде кейбір деректер бойынша 40 миллионға дейін халқынан айырылған Кеңес өкіметі қорқа-қорқа келесі санақты тек 1959 жылы өткізді. Оның да деректеріне мамандардың айтары көп. Бас­қаға қарағанда «дұрыс», «таза» өтті деп, 1970, 1979 және 1989 жыл­дардағы санақтарды атай аламыз» деп жазған.

Жалпы, халық санағ­ы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл ел халқының немесе оның бір бөлігінің демогра­фиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жария­лау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шара. Бұл санақ халықтың дәл сол уақыттағы  мәліметін жария етуге мүмкін­дік береді. Халық сана­ғында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Жаппай санақ жүр­гізу – көпшілік елдерде негізгі роль атқар­са, кей елдерде демографиялық және әлеуметтік, экономикалық мәлі­меттер жинаудың жал­ғыз жолы. Сонымен қатар, халық санағы халық өмірінің қырларын таңдамалы түрде немесе үй шаруа­шылығын есепке алуда қолданылады. Халық санағын жүргізудің ғылыми және ұйымдас­тырушылық негіз­дері XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасып болды. Көптеген елдерде тұрақты 5 немесе  10 жыл сайын жүр­гі­зіледі. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға бо­лады. XXI ғасырдың басында әлемде халық санағы өткізіл­меген бірде-бір ел қалмады. Ұлттық санақ қорытындылары өзара сәйкес келу керек, ал негізгі қорытындылар бүкіл­әлемдік халық санағының бөлігі болып есептеледі. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың жаһандану дәуірінде үлкен мәнге ие. Соңғы дереккөздерге сенсек, Қазақстан халқы­ның  саны  бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтаған. Ал көрші Ресей – 9, Түркия – 19, Ауғанстан – 38, Өзбекстан 43-орында тұр.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бүгінде елімізде 18 млн 392 мың 960 адамның барын айтады. Оның үстіне биыл – он жылдан кейінгі тарихи­ санақ жүргізу уақыты. Парламент Мәжілісінің жалпы  отырысының сыртында ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов 2019 жылғы қарашада өтеді деп жоспарлан­ған халық санағына 8 млрд 8 млн теңге қарастырылғанын айтты. Естеріңізге салайық, 2009  жылғы  халық  санағына  ел  бюджетінен 6 миллиард теңге бөлінген. Халық сана­ғына жұмылдырылған персонал саны 80 мыңнан асып жығыл­ады. Ал биылғы санақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы, яғни әр адам арнайы интернет портал­ға өтіп, өзінің жеке мәліметтерін көрсету арқылы санақ жүйесіне тіркеледі. Сол се­бепт­і персонал саны үш есе азаяды.­

Тәуелсіздікке бір қадам ұмтылып тұрған шақтағы, 1989 жылғы халық санағында 16 млн 199,2 адам тіркелген. Осыдан кейінгі он жылдық аясында 1 млн 246 мың адамға кеміген. Оған бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыс, украин, неміс, кавказ халықтарының өз атамекендеріне көшіп кетуі себеп болды. Өсу қарқынын тоқтатпаған өңірлер қатарына Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Атырау облыстары мен Алматы, Астана қалалары енді. Халық санағы – елді дамытудың барынша тиімді жоспарлануын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер туралы басты ақпарат көз­дерінің бірі. Қызылорда об­лы­сындағы нәтижесі туралы ҚР Ұлттық экономика министр­лігі Статистика комитеті Қы­зылорда облысының статис­тика департаментінің мәліметінше, 2009 жылғы Қызылорда­ облысында өткен халық санағының қорытындысы бойынша тұрғындар алдыңғы санақпен салыстырғанда 8,6 пайызға артып­, 678,8 мың адамды құраған­. Ал облыс тұрғындарының жалпы санындағы қазақтар үлес салмағы бойынша 95,3, орыстар 2,4, өзбектер 0,2, түріктер 0,2, татарлар  0,3, кәрістер 1,2, басқа да ұлыс­тар 0,4 пайызды құраған. Жалпы­халықтық деңгейде өтетін халық санағы – тек ғана адам санын есептеу ғана емес, өзге де критерийлер бойынша жауап беретін мемлекеттік маңыз­ды шара. Мәселен, діни сеніміне байланысты он жыл бұрынғы санақта Ислам дініне сенушілер 652,2 мың адам болса­, 19  мыңы – христиан, 1,4 мыңы – буддизм, 0,1 мыңы – иудаизмге, 0,1 мыңы – өзге де дін түрлеріне бет бұрғандар. Кейде адамның ішкі түйсі­гін ажырату қиын, жан дүние­сінің терезесінен үңілу мүмкін емес жағдайлар кезігеді. Осы секілді 5,2 мың адам дінге мүлдем сенбейтіндердің қатарынан  табылыпты.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің пікірінше, үшін­ші халық санағы – ел дамуының келесі онжылдықтағы бет-бейнесін бағалайтын, ашып көрсететін бір өлшемі. Яғни, 2019 жылғы жаңа замандағы жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін анықтайды. Саясаттанушы Әзімбай Ғали «1926 жылғы санақ­та рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет берген. Ал биыл­ғы санақта рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет жина­у қисынсыз. Бұл біздің ұлттық біртұтастығымызға сына қағады. Ұлттық санақта ескеретін мәселелер: миграция және ассимиляция. Егер соңғы онжылдықта 26,3 пайыз өссек, бұл өте жақсы көрсет­кіш» деген пікірде.

- ҚР Президентінің  әкім­шілік басшысы А.Жақсыбеков­тің 2017 жылдың 22 қыркүйегін­дегі №17-61-44.120-1 тапсырмасын басшылыққа ала отырып, облыс әкімінің басшылығымен 2018 жылы (2 рет), 2019 жылдың қаңтар айында (1 рет) өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде Ұлттық халық санағын­а дайындық туралы мәселе қаралды. Алқа мәжілі­сі­нің қорытындысымен халық санағ­ына  дайындық жұмыс­тары жайлы іс-шаралар жос­пары бекітілді. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазіргі таңда барлық қала, аудандардағы (елді мекендердегі) көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншла­гпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Санақ­ты жүргізуге қажетті қала, аудан орталықтарының схемалық картографиялық мате­риалдары 4 данадан, ауылдық округтердің карталары 3 данадан қағаз түрінде шығарылды. Облыс көлеміндегі саяжайлардың паспорттары жасалы­нып, шекаралары нақ­тылануда. Бұл өткізілетін халық санағының айырмашылығы ақпараттық-технологияны қолдана отырып, басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен 30 пайыз интернет  желісі арқыл­ы және 70 пайыз қолайлы-есептеуіш  құрылғы (планшет­ті компьютер) арқылы өткі­зілуінде болып отыр. Санақ нәтижелері бойынша алынған деректер демографиялық үрдіс­терді өлшеуге, салыстыруға, талдауға және интенсивтілігі мен ағымдарын болжауға мүм­кіндік береді. Санақ барысында алынған халықтың саны және жыныс-жас құрамы туралы дерек­тер барлық деңгейдегі бюджет­ті барынша объективті қалыптастырудың негіз­гі көзі болып табылады.

Халық санағы – мемлекет­тік дәрежеге ие, көптеген сұрақтарға жауап беретін сая­си іс-шара. Бұл жұмысқа уа­қытша жұмысқа тартылатын сұхбатшылардың жалақылары, санақты өткізуге байланысты басқа да шығындар жергілікті атқарушы органдар мен ста­тистика департаментінен қарастырылатын болады. Ұлттық халық санағын өткізу­дің нақты мерзімі жайлы Үкі­меттің қаулысы күтілуде, - деді ҚР ҰЭМ СК Қызылорда об­лысының статистика депар­таментінің басшысы М.Бае­кеева.

Кейбір тыңайтылған дереккөздерде жер бетінде 17 миллионнан астам қазақтың бары көрсетіліп жүр. Ал бұл цифрлардың азайған кезі де болды, өкінішке қарай. Қай кезеңдер екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Әрине, қазақ халқының басына төнген зар заман – нәубет, зобалаң, қуғын-сүргін, аштық, таршылық, соғыс жылдары­нда талайдың тамыры соқпа­й қалғанына тарих куә. Өткеннің бедеріндегі 1897 жылы қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам мен 60 ұлт өкілі есепке алынса, 1917 жылы 6 млн 218 мың 300 адам, 1926 жылы 6 млн 198 мың 467 адам тіркелген. КСРО-ның 1937 жылы жүргізген жұмысы аяқсыз қалып, 1939 жылы қайта өткізілген санақ Қазақстанда 6 млн 530 мың 528 адам барын анықтады. Анықтап қарасаңыз, 1917 мен 1939-дың аралығындағы 22 жылда халық саны небәрі 312 228-ге көбейген. Неліктен? Өйткені осы уақыт аралығындағы тарихи оқиғалар елдің демографиялық ахуалы мен әлеуметтік тұр­мысынан айналып өткен жоқ. 1917-1920 жылдар аралығында халық саны алты жылда 2 431 390 адамға азайды. 1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 2 миллион 300 мыңнан астам адам жапа шекті. Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқа­рмасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері бойынша (әр жылдың 1 маусымына сәйкес) 1928 жылы Қазақстан халқының саны 6 507 077 адам болса, 1928-1936 жылдар аралығында халық саны 3 219 177-ге кеміген.

Бұл – ресми тарихи деректер. Өткенімізді ұлықтап, оған құрметпен қарау да – борышымыз. Ендігі бағытымыз – болашақ. Тәуелсіздік алғалы үшін­ші мәрте өткізілгелі отырған халық санағынан не күтеміз? Алдыңғы екі санақта, 1999 жылы 14 млн 953 мың 123, 2009 жылғы санақта 17 млн 200 мың адам есепке алынған. Ал үшін­ші санақ қандай қорытынды шығарады?

Н.ҚАЗИ

Бет  қатталып  жатқанда:

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасында халық санағының 2020 жыл­ғы раундын өткізуге дайындық 2017 жылы басталды. Халықа­ралық әдіснамаға сәйкес халықтың ең аз қозғалатын­ жыл кезеңдері (күзгі-қысқы маусым) санақтарды жүргізудің ең оңтайлы мерзімдері болып табылады. Аталған кезең халықт­ы қамту және жиналатын деректер сапасы тұр­ғысын­ан алғанда санақты анағұрлым сәтті өткізуге барынш­а мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2020 жылы санақты өткізуге барынша қолайлы мерзім ақпан-наурыз болып  табылады.

Ұлттық санақты дайындауға және өткізуге байла­нысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселе­лерді ескере отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы­ шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағын 2020 жылы өткізу туралы» Үкімет қаулысының жобасы МО және ЖАО, аккреди­ттелген  ұйымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен келісу­ сатысында, сонымен  қатар ашық түрде талқылау үшін ҚР ҰЭМ интернет-ресурсына орналастырылған. Үкімет жобасы келісілген және қабылданған жағдайда ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығына  жоспарланған»  деген  мәлімдеме  жасады.

«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерді бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы  Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы №1049 қаулысына сәйкес халық санағын өткізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасы­з ету үшін, сондай-ақ халықаралық ұсынымд­арды  ескере отырып (БҰҰ ЕЭК) Қазақстан Республ­икасында халық санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Санақтардың арасындағы 10 жылдық кезеңді сақтау үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан аралығы­ндағы  мерзім  санақ өткізу үшін қолайлы.

Келесі жылы көрші Ресей Федерациясында да жалпы­ұл­ттық  халық  санағы  жүргізіледі.

 


Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары