Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 28 Ақпан 2019

СЫНЫҚШЫ АҒАЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2019 10:41

1996 жылдың көктемі жаңбырлы бастал­ды. Күн құрғатпай шелектеп құйған жаңбыр бір ашылмай-ақ қойды. Наурыз айының соңына қарай ғана толассы­з жауған жауын тоқтап, күн жылы­на  бастады.

Көктемнің бұлтсыз көк аспанына үлкен үйдің сол жақ бетіне шикі кір­піштен салынған шағын үйдің терезе­сінен мағыналы көзқарасымен қарап сынық­шы Ағалық отыр. Бір кезде есік ашылып, сырттан жеті ұлының алтыншысы, мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Бекәділ кіріп келді де әкесіне қарап:

- Көке, сүйініші, ұлды болдым! - деп әкесінің қасына келіп отырды.

- Әй, бәрекелді, бақытты, ғұмырлы болсын, - деп Ағалық баласының арқасынан  қағып  қойды.

Осы кезде сырттағы малды жайғап болып Бекәділге «құтты болсын» айтып үйге аға-інілері бірінен соң бірі кіріп келе бастады. Барлығы жайғасқан соң жеті ұлдың үлкені Беркімбай әкесіне:

- Көке, немереңіздің есімін кім деп қоямыз? - деді.

- Ойланып жақсы есім қояйық.

Бөлме ортасындағы дастарқанды айнала жайғасып, әкесі бастаған жеті ұл сәбиге жақсы есім қою үшін аз-кем ойланы­п отырды. Бір уақыт жеті ұлдың ішіндегі әзілқойы Әділбай отырған­дарға өз ойын айтты.

- Көке, балаға Алтынбек деп есім қойсақ, қалай болар екен? Алтынбек атамыздай дәулетті болсын, - деді.

Үйде отырған барлығы мұны жөн көрді. Ағалық та немересінің есімінің Алтынбек болуына қарсы болмады.

Міне, сол Алтынбек биыл бес жасқа толды. Атасы Ағалық болса жетпіс бес жасты еңсерді. Соңғы уақытта Ағалық бұрынғы достарын, өмірден озған таныст­арын жиі еске алатын болды. Бір күні үйде таңғы асын ішіп болып сыртқ­а шығайын деп орнынан тұра бергенде үйге сенімді серігі, досы Досалы кіріп келді. Ағалықпен амандасып болғасын:

- Ағалық, ұзақ жылдардан бері хабарсыз кеткен досымыз Ордабектің қай жерде екенін білдім, - деді.

- Қайда екен?

- Алтынбелді ауылында екен.

- Бүгін емес, ертең ерте тұрып аттанайық, - деді Ағалық орнына қайта отырып.

Содан ертесіне немересі Алтынбекті алып, Ағалық пен Досалы бір-бір атқа мініп, Алтынбелді ауылына аттанды. Қазірде Ағалық қайда барса да, немересін бірге алып жүретін. Жолда достары Ордабек үшін базардан қоржындарын толтырып базарлық алды. Суыт жүрген олар сол күні кешке дейін жол жүріп, қас қарайғанда Көкарал ауылы маңына маңдай тіреді. Түнде сол ауылға қонып, таң сызат­тана бастағанда қайта жолға шығып, сәске уақытында Алтынбелді ауылына да жетті. Ауылға кіреберісте есек арба мініп келе жатқан біреуден Ордабектің үйі қайда орналасқанын сұрап біліп алды. Әлгі адам айтқан мекен­жайға келіп, тағы да жол шетінде отырған үш адамнан Ордабектің үйін сұрап еді, «анау кішкене қақпалы үйде тұрады» деп тар көшенің сол жағында орналасқан ағаш қақпалы бір үйді қолдары­мен көрсетті. Ағалық аттан түсіп, жол шетіндегі адамдар көрсеткен үйдің қақпасын ашты да:

- Ордабек! - деп айғайлады.

Бір бала үйден жүгіріп шықты.

- Ордабек үйде болса айт, қонақтар келді деп.

Әлгі бала «мақұл» деп зып етті. Аула іші тар. Үй де үлкен емес екен. Аздан соң жаңағы бала үйден шығып, «кіре беріңіздер, атам төргі бөлмеде отыр» деп үйге қайта кіріп кетті. Ағалық неме­ресінің қолынан ұстап үйге кірді. Кіреберіске аяқкиімдерін шешіп төргі бөл­меге кіріп барса, бөлменің сол жағындағы қабырға түбінде күркілдей жөтеліп Ордабек жатыр. Жоқшылық ғой, едендегі ши үстіне жыртық-жыртық киіз төселепті. Алба-жұлба киінген екі бала бір бұрышта отыр.

- Ассалаумағалайкүм! - деп кіріп кел­генд­ерге Ордабек қадала қарап жатты­  да:

- Ағалықсың ба? Ой, жаныңдағы Досал­ы ма? Пәлі, қайдан келдіңдер бауыр­ларым-ау? - деп қозғалақтап-қозғала­қтап қойды да тұра алмайтыны есіне түскендей, екі қолын жатқан күйі алға  созды.

- Келдік ғой, Ордабек, келдік. Өзіңді көп іздедік, - деп Ағалық оның қолын алды. Ордабектің көзінен жас сорғалап, жылап жіберді.

- Жылағаның не, Ордабек? Қайта біз келгенге қуанып мәз болмайсың ба?

Осы сөзден соң Ордабек екі көзін алақанымен сүртіп, зорлана жымиды.

- Қалай, Ағалық? Аман-сау келдіңдер ме? Төрге шық.

- Бұл күйге қалай түсіп жүрсің? - деді Ағалық досының орнынан тұра алмайтынын көріп.

- Е-е-е, Ағалық, «сорлы сордан көз ашпайды» дегендей, маңдайым сордан көз ашпайтын жазған екенмін де. Мына екі жас бүлдіршін – менің немерелерім. Төрт жыл бұрын жалғыз ұлым Құттыбай мен келінім бір күнде өзенге ағып қайтыс болды. Ал кемпірімнің қайтқанына да он жылдан асқан. Ұлым мен келінімнен бір күнде ажыраған соң, шал басыммен екі немеремді құшақтап қала бердім. Осы қыста шөп түсіремін деп сатыдан құладым. Құлағанда жұлыныма зақым келіпті. Қыс бойы ойбайлап, ұйқы көрмедім. Міне, Ағалық, жатырмын содан бері осылай, немерелерім­нің аман-саулығына тәубе деп.

- Ішіп-жемді қайдан тауып жатырсыңдар? - деді Досалы.

- Көктем келгелі екі немерем көшеге­ шығып, базарға барып жүк тасып, біреуле­рге жалданып жүріп болса да нанпұл тауып келіп жүр. Кей күндері аш қаламыз. Қазір сендерге не береті­німді білмей жатырмын.

Ордабектің әңгімесін естігенде Ағалықтың аза бойы қаза болып, жүрегі шымырлады.

- Бізді қойшы. Өзің амансың ба? Бала-шаға, немерелерден нешеу  болды? - деді Ордабек Ағалықтың тізесінде отырған Алтынбекке қарап.

- Құдай нәсіп еткен жеті ұлым, екі қызым бар. Мына немеремнің есімі Алтынбек, алтыншы ұлым Бекәділдің тұңғышы, - деп Алтынбектің бетінен сүйді.

Ордабек Алтынбекті алдына отыр­ғызып:

- Есімің Алтынбек екен ғой, жеті атаңды білесің бе? - деп ерекше мейірім­ділікпен күліп Алтынбектің жүзіне қарады.

Ағалық Алтынбекке он екі атасына дейін өзі жаттатқызған болатын. Ордабек сұрақ бергенде Алтынбек тосылм­ай бірден жеті атасын айта бастады.­

- Мен он екі атама дейін білемін, Бекәділ, Ағалық, Ергебек, Алтынбек, Сәукі, Масақбай, Бозан, Жолбарыс, Өтеғұл,  Бораш,  Тәңірберді, Жандер­біс, - деп жауап берді де, атасының мойнына еркелей асыла кетті.

Ордабек Алтынбекке тағы да сұрақтар қойып, жауап айтқан жас баланың тәтті тіліне риза болды.

Достарын іздеп барған Ағалықтар екі күн Ордабектің үйінде болып, үшінші күні ауылдарына жүріп кетті. Кетерде Ағалық пен Досалы бір бума ақшаны Ордабектің немересінің қолына ұстатты. Қоштасарда Ордабек жатқан жерін­де Ағалықты ұзақ құшақтап еңкілдеп жылап алды. Кетіп бара жатып Ордабекке «күзде келіп сені және немерелеріңді ауылымызға алып кетеміз, бізбен тұратын боласың» деді.

Бірақ бұл кезде Ағалық пен Досалы көп өтпей достары Ордабек қайтыс болатынын, оның екі немересі ұзақ жылдардан соң Ағалықты іздеп келетінін білген жоқ-ты...

Күн батып шам намазын оқу үшін Ағалықтың жеті ұлы әкелерінің бөлмесіне жинала бастады. Ағалық дәретін алып үйге кіріп келсе, балалары жайнамазды дайындап өзін күтіп тұр екен. Алтынбелді ауылына барып, досы Орда­бекті көріп келгеніне де бір ай уақыт болған. Сол уақыт аралығында Ағалық ең сүйікті немересі Алтынбекті ертіп көп­теген таныстарының үйіне, таудағы бұ­рынғы аңшы достарына да барып қайтты.

Ағалық намазға келген жеті ұлын көріп қатты қуанды. Содан барлығы шам намазын оқыды. Имамдыққа кіші ұлы Нұрәділ шықты. Намазды аяқтап болғасын, келіндері дайындап қойған асқа барлығы отырды.

Ас әр уақытта Ағалықтың бөлмесінде ішілетін. Еркектер үшін бір бөлек, әйелдерге бір бөлек, жас балаларға бір бөлек дастарқан дайындалатын.

Кешкі астарын алдарына енді ала бергендерінде Аюбхан есімді ауылдастары әрі Ағалықтың ұлдарының жақын досы сәлем беріп кіріп келді. «Кел, кел төрге шық» деп келген қонақты төрге отырғызды. Аюбхан қарапайым шаруа адамы болатын және қайтыс болған­дарға мазарда бейіт қазумен де айна­лысатын. Жалпы, Ағалықтың үйінен қонақ үзілмейтін. Сынықшы болғасын ем іздеп келетіндер де көп еді, сондай-ақ көршілері де, ауылдастары да жиі келіп тұратын.

Тамақтанып болған соң Ағалық Айыпқ­а  қарап:

- Аюбхан, өзің келіп қалған екенсің әрі мұнда ұлдарым да түгел отыр. Төрт көздерің түгел кезде өсиетімді айтайын­ сендерге, - деді.

Дастарқан басындағы ұлдары мен келіндері түгел әкелеріне қарап үнсіз отыр.

- Бірінші кезекте ұлдарыма айтарым, әрқашан тату болыңдар. Бір-бірің­ді сыйлап, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп құрметтеңдер, - деп Ағалық өзіне қарап отырған ұлдарының жүзіне бір қарап шолып өтіп сөзін жалғастырды. - Мен өмірімде біреудің аманатына қиянат жасамадым, адал өмір сүрдім. Сендерге де соны өсиет етемін. Тату-тәтті, тек ғана адал өмір сүріп өткізіңдер бұл жалғанды. Сосын тағы айтарым, мен өліп қабірдің ішкі қуыс-үйіне жатқыз­ғандарыңда мына Алтынбек бір уыс топы­рақ алып басыма сол топырақты тастасын, - деп Айыпқа қарады. - Ал Аюбхан, менің саған айтарым, мен өлген кезде қабірімнің ішкі қуыс-үйінің барынша үлкен болуына өзің жауапты бол, - деп сөзін аяқтады.

Бөлмеде отырғандардың барлығы «мақұл» дегендей үнсіз қалды.

Ертесіне Ағалық Спатай есімді ұлын шақырып, үйірдегі екі жылқыны базар­ға алып барып сатып, ақшасын алып келуін тапсырды. Ұлы базардан келге­сін, екі жылқының ақшасын қалтасына салып, қасына немересі Алтынбекті алып, ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға жылқының ақшасын түгел таратып, қайтар жолда ауыл сыртындағы мазар­ға  кірді.

Мазар қақпасынан ішке кіргенде батысты бетке алып төрт жүз метрдей жүргенде Ағалықтың әке-шешесінің, інісі Асубайдың және басқа да туыс­тарының бейіттері тұр. Ағалық немере­сінің қолынан ұстап қатар жатқан әкесі мен анасының бейітінің басына келді де жүрелей отырып көзіне жас толған күйде ұзақ уақыт құран оқыды. Немере­сі Алтынбек те үнсіз атасымен қатар бейітке қарап отыр. Ағалық құранды аяқтап, қолын жайып ұзақ дұға етіп бетін сипады. Сосын орнынан тұрып мазар шетіндегі кішігірім үйден бір орақ алып алдымен әке-шешесінің, одан соң інісінің бейітінің топырақ бетіне­ өскен шөпті орып тазалап, орыл­ған шөпті сыртқа шығарып тастады. Сол күні Ағалық бейіт басында екі сағатт­ан  астам  болды.

Мазардан шығып ауылындағы мешіт­ке келіп екі бас намаз оқыған Ағалық онда да ұзақ отырды. Қасында ылғи бірге жүретін немересі, ол намаз оқығанда терезе жақтауындағы тізіліп тұрған кітаптарды парақтаумен болды. Намазын оқып біраз отырған Ағалық мешіттен кеткісі келмей қайта-қайта артына қарап, мешіттен шығып үйіне келді. Келсе аулада ұлы Бекәділ отын шауып тұр екен. Ұлына қарап:

- Бекәділ, атты жүріске дайында, - деді.

- Жарайды, көке, - деп ол атқораға қарай жылдам жүріп кетті.

Немересін үйге тастап торы атқа мініп ауыл сыртына шықты. Жарты сағат­ жүрген соң биік бір қырдың үстіне шығып батысқа қарап, қиындықта өткізген балалық шағын, інісі Асубайды, қайтыс болған достарын ойлап біраз уақыт қыр басында тұрды. Сол күні кешке­ дейін ат үстінде кең даланы шарлаға­н Ағалық күн батуға айналғанда­ үйіне қайтып келді. Түнде ұйқысында түс көріп оянып та кетті. Түсінде тағы да әке-шешесін көрді.

Таңғы бамдат намазы басталар алдында ұйқысынан оянып тұрып, сыртқа­ шығып дәрет алып келді де намаз оқуға әзірленді. Немересі Алтынбек әрқашан атасымен бір бөлмеде жататын. Ағалық ұйқыда жатқан немересінің бетінен сүйді де ақырын көтеріп шетке жатқызды. Осы кезде есік ашылып сырттан бамдат намазын оқу үшін жеті ұлы бірі­нен соң бірі бөлмеге кіре бастады. Бесінші ұлы Әділбай жайнамазды намаз­ға дайындады. Сосын барлығы қатар сапқа тұрды. Сапта Ағалықтың оң жағында Беркімбай, Көркембай, Спатай есімді ұлдары тұрды, сол жағында Бекәділ, Ағатай, Әділбай ұлдары қатар тұр, ал жетінші, кенже ұлы Нұрәділ әдеттегідей имамдыққа алға шықты.

Намаз басталып бамдат намазының екі рәкат сүннетін оқыды. Содан кейін барлығы бамдаттың екі рәкат парызын оқуға кірісті. Парыздың бірінші рәкатын оқып болып, екінші рәкатта «аллаһу­ әкбар» деп сәждеге барды. Барлығы маңдайларын жерге тигізіп дұғасын оқыды. Сосын алдағы имам «аллаһу әкбар» деп айтқанда Ағалықтың ұлдары бастарын жерден үзіп көтеріп намазға тән отырыспен отырысты. Бірақ Ағалық маңдайын жерге тигізген күйде сәждеден тұрмады. Ұлдары екі жаққа сәлем беріп дұғасын жасап бол­ғанда да Ағалық қимылдамады. Бекәділ ақырын әкесінің иығынан түртіп «көке» деді. Бірақ жауап та жоқ, бір қимыл-әрекет те жоқ. Бекәділге Беркімбай қосылып әкесін тұрғызбақ еді, болмады.­ Әкелерінің басын көтеріп қараса дем алмай, демсіз жатыр. Осы сәтте жеті ұлы да әкелерінің қайтыс болғанын білді. Барлығы әкелерін құшақтап өкіріп жылап­ қала берді.

Ағалық қайтыс болғанда бүкіл ауыл, онымен қоса ауданның түкпір-түкпі­рінен, таудағы аңшы, қойшы достарына дейін жаназаға жиналды. Ағалықты танымайтындар жаназаға жиналғандар санына қарап бір бай немесе атқамінер өлген шығар деп ойлады. Бірақ қарапайым сынықшының жаназасына жинал­ғандардың қарасы мол болды. Ағалықтың денесі салынған табыт үйден бастап мазарға қабір басына дейін қолдан-қолға өтіп барды. Өзі өсиет етіп айтқанындай қабірінің ішкі қуыс-үйі өте үлкен болды және Ағалық айтып кеткеніндей немересі Алтынбек бір уыс топырақты алып атасының інісі Бердібайға берді, Бердібай топырақты алып қабірдің ішкі қуыс-үйінде жатқан ағасының басына аздап сеуіп, қалғанын басын­ың астына тастады. Қабір көмі­ліп, топырақ үйілген соң молда «ясин» сүресін оқып дұға жасады. Сосын Ағалықтың жеті ұлы және немересі Алтын­бектен басқа адамдар дұға жасал­ған соң жапа-тармағай үйлеріне тарасты. Жеті ұлының ішінде кенжесі Нұр­әділ жылап отырып ұзақ уақыт тағы да құран оқыды, одан соң барлығы дұға жасап орындарынан тұрды. Барлығының көзінде жас. Әкелерін қимай-қимай, арттарына қарап-қарап жеті аға-іні және Алтынбек мазардан шығып үйлеріне бет алды.

Иә, Ағалық осылай өмірден озды. Намаз үстінде қайтыс болу екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Өмірін халық игілігі мен Құдай жолына арнаған сынықшы қайтыс бол­ғанда ұзақ уақыт орны білініп, адамдар аузында тек жақсы сөздермен еске алынды...

 

Абдулла  Бекәділұлы,

Қорқыт Ата атындағы

ҚМУ-дың магистранты

 


МЕНІҢ ҚАРАТЕРЕҢІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2019 10:39

Ыстық құшақ жан анамдай көремін,

Өзіңе арнап жыр маржанын төгемін

Сен деп қана дүрсілдейді жүрегім,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

 

Толқындардай тынбай алға келемін,

Көк теңіздей тебірене беремін.

Шағала-арман шарқ ұрады кеудемде,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

 

Ақын Серік Сейітмағамбетовтың сөзіне жазылға­н бұл әннің біздің шаңырағымызда маңызы­ өте зор. Күн сайын шырқалады десем де болады. Себебі әнін Орынбай Сейтжанов атам жазған. Біз «атамыздың әні» деп шуласақ, әжем әннің тарихын айтып, атамды сағынышпен еске алады. Жасырат­ыны жоқ, қазір ән Арал ауданы­ Қаратерең ауылының ән­ұраны іспеттес. Мен де сол мекеннің тумасымын. Туған жер қашанда ыстық болып көрінеді емес пе? Оның топырағы, суы мен нуы, тіпті керек десеңіз, қызған тірлігі де жылы ұшырайды. Тіршілік көзі дедік ғой, ендеше қасиетті Қаратереңімнің бүгінгі бет-бейнесіне тоқталайын­.

Ауыл Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне жақын орналасқан. Бұл аймақтың негізгі шаруашылығы балық екенін бәрі біледі.

Әлі есімде, менің бала кезімде әкем күні-түні теңіз басында болып, дастарқанымыз су маржанынан арыл­майтын. Бірақ бұл дәуреннің саябыр­лан­ған кезі де болып тұратын. Әжем бір сөзінде:

– Әкең ер жетпей тұрып, жас кезі­мізде біз де балық аулайтынбыз. Бір емес, бірнеше жұмысты қатар  атқардық,- дейтін.

Демек, балық аулау кәсібі ауыл үшін де, біз үшін де атакәсіп екені анық. Журналист Б.Омаров біздің ауылды «кез келген үйдің маңында – теңкиген қайық, алты құлаш ау, төрт құлаш таяу» деп суреттеп еді. Алайда ауылдың бұл тіршілігі бір кездері күйреп, теңізі тарты­лып, халықтың азығы болған балық бір сәтте көзден ғайып болды. Ауыл тұрғындары үшін мұндай қиын-қыстау кез жанға батқаны рас.

Сырт қалаға бара қалсаң, «Арал тартылып, халқы­ нашар күй кешіп жатыр екен ғой» деп таңғалатындар да табылады. Ауыл жайлы сөз қозғай қалсаң, құмнан басқа ештеңе көрін­бейтін, ішіп жер асы, күнкөріс қамы  жоқ, бір сөзбен айтқанда, күйреген ауыл деп жарыса айтатындар да бар. Ит байласа тұрмайтын жер деп сұстана қарағандар, кейін ең бай ауылдың балығ­ын аңсайтындарын білмеген-ау, сірә?! Байланыс болмай, жер тегіс­телмей көлік қатынау қиынға соқ­қаны шындық. Ауыл адамдары үшін сеңдей соғылған баяғы мол балық та болмады. Демек,­ Бауыржан ағамыздың сөзімен айтқанда, қара қайық қара майы кеткен соң, жата-жата отынға, алты құлаш ау шіри-шіри шудаға  айнал­ған  еді.

Қазір арада қанша жыл өтті?! Мекен­нің мон­шақтап тізіп айтар жақсы жаңалығы көп. Бүгінде ел тір­шілігі жақсарып, ауылдың өн бойына қан жүгірді. Теңізге балық қайта келіп, атакәсіптің өрісі кеңейіп, кәсіпкерлік нысандары, соның ішінде «Қуаныш» балық өңдеу зауыты да ашылды. Соған­ орай тұр­ғындардың көбісі жұмыспен қамтылды. Бүгінде балықтың­ 15 шақты түрі ауланып, халықтың өз қолы­ өз аузына жететіндей өмір сүріп жатыр.­ Тіпті тіл үйірер балыққа сырт аймақтан сұраныс жоғары. Яғни ауылдың қара қазаны ошағынан түскен жоқ. Қалаға қонақ бола қалсаң, балы­ғың базарлық болатыны рас. Иә, біз балықпен мақтанып, оны жеп өскен ауылмыз. Ауыл ішінде қағытпа қалжыңын айтар жастар «Малдың басын­ кәрі жейді, Балықтың­ басын бәрі жейді» деп айтып жүретін әзіл­деп. Зәулім-зәулім үйлері қатарласа орналасқан ауыл бүгінде байланыстан да кенде емес. Алыс аймақтан оңай әрі тез хабар ала алатын жағдайға жетті. Шұң­қырға айналған жер бірқалыпты тегістеліп, жеңіл көліктер қиналмай келетінін айтып қуанамыз. Арба жетектеп, шелек ұстап су таситын Қаратерең ауылының адамдарына ауызсу­ да мәселе емес. Әрбір үйге «Сары­бұлақ» суы келіп тұр. Тау тұлғалы­ аға-апаларымыздың  ізін  баса­р, саналы  ұрпақты тәрбиелей­тін  екі  қабатты үлкен білім ордасы салыны­п, мектеп жаны­нан көптеген үйірмелер де ашылды.

Қасиетті мекен Қаратерең ауылы қазіргі таңда өсіп, дамып келеді. Барлық жағдайы жасалған мекенге сырттан келіп демалушылардың легі де көп. Бауырмалдылық пен адамдыққа, сыйластық пен адалдыққа бастайтын ауылға жетер ештеңе жоқ. «Гүл жайнаған, нұр жайнаған» менің Қаратереңім міне, осындай!

Алтынай  Орынбаева,

Қ.Жұбанов  атындағы АӨМУ

филология  факультетінің  4-курс студенті

 


ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.02.2019 14:00

Қазақ қашанда қарттың сөзіне тоқтап, ақылын тыңдап, тәрбиесімен сусындап өскен. Қариясын қазынасындай көріп, даналықтың алтын  кілті   ақсақалды  аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз деп білген. Себебі «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз бар. Қариясы бар әрбір шаңырақтың шаттығы сақталады, бірлігі бекем болып, ақылшысы да бола алады. Бәріне белгілі, ата-әжесі бар үйдің балалары өзгеден ерек, жауһар сөз­дерін саналарына сіңіріп, аталы сөзді баталы сөз деп өседі. Немере үшін үлкеннің маңдайдан иіскеп, үнемі тілекші болып, қуанышына жас балаша мәз болғанынан, ата-әжелер үшін немерелерінің «ата­лап­», «әжелеген» былдырына жетер ештеңе  жоқ.

Ақылын айтар дана, ел төрінде құрметке ие болатын қарттың көзін мен де көріп өскенмін. «Әженің қызы» болдым десе де болады. Атамның көзін көрмесем де, оның тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаз болғанын ел арасынан да, әжемнен де көп еститінмін. Сондықтан болар, үлкен кісілерді көрсем көзіме жылы ұшырап, ақылдары мен даналық сөздерін тыңдағым келіп тұрады. Бірақ осынау дана тұлғалардың бүгінде шаңырағында емес, «қарттар үйінде» тіршілік етіп жатқаны жанға батады. Қазір өз туған­ ата-аналарынан безі­ніп, оларды тар қа­пасқа әкеп тоғыта салатынын жасыра алмаймыз. Әрбір қазыналы қарияның жасы келген шағында қарттар үйінде емес, шаңырақтың төрінде отырып, немере қызығына сүйсі­ніп, жасы кішілерге ақыл айтқанын қалаймын.

Қазіргі  қоғам  жастарының  бірі болсам да, арғы-бергі тарихты аудармай-ақ білетінім бар. Ол –  қазақта ерте кезде «қарттар үйі» ұғымының болмағандығы. Ал қазір ше? Қала-аймақтың бәрі мұндай мекемеге толы. Қариясын сыйлап өскен қазақтың мұнысына күйі­нішпен қарайсың, әрине. Өз туған әкелері­ мен аналарынан бас тартатын қатыгездердің бұл ісі азғындық емей немене?

Жазушы әрі журналист Бауыржан Омаров «Қаратерең вальсі» деп аталатын мақаласында былай деген еді. «...Үлкендер поштаның алдына­ көбірек жиналса, ауылда әлеумет­тік мәселелер көп жинақталып қалды деген сөз. Қазір поштаның алдына баратын шалдар да сиреген секілді. Біз алыста шығандап, тау іздеп жүрсек, тау тұлғалы қарттардың бәрі өз ауылымызда екен ғой!» деген сөзі қариялардың биік шың екенін  байқатады.

Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп отыра­тын, халықтың тұла бойына ұлт­тық рух пен асыл қасиеттерді сіңірткен абыздарымыздың мәртебесі қашанда биік болып қалары сөзсіз.

«Қартайған ата марқаяр,

Халыққа жағып ұлы өссе» деген ғой дана халық. «Ұлым – болашағым» деп баққан жастар кейде ой­ланс­а екен деймін. Абызын ардақтап, қартт­ық шағында бейнет көрсетпей, құрметтесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Алтынай  ОРЫНБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ филология факультетінің

4-курс студенті

 


Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары