Өзекті мәселелер

  • 14.02.19

    «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсы...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

    Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесе...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Мен «Халық» газетінің 6.ХІІ.2018 жылғы санында «Тұмар  ханым» бетінде жарияланған «Өзі үшін» некесіз бала тапқысы келеді» тақырыбындағы мақаланы оқыдым. Тақырып­қа орай көңіл түкпірінде жүрген ойларды қағаз беті­не  түсіргім  келді.

    ...
    Толығырақ...
Ақпан 2019

Жас ақындар айтысты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.02.2019 16:42

Мағжан сенген жастарға сын болады,

 

Халықты бір серпілтіп тастамаса,

 

Жастар жылын айтыспен кім бастайды?

 

Ғани туған топырақ бастамаса.

 

Дарияның екі жағын ен жайлаған,

 

Ақмешіттің басқа да кемі бар ма?

 

Талайменен бұйыртса тең тұрады,

 

Дәні менен ураны, кені барда.

 

Осылай деп Ақмешіттің төрінде өткен республикалық айтыстың шымылдығын аламан бәйгенің екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов ашты.

 

Жастар жылына және Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына арналған "Жастар жырлайды" атты республикалық ақындар айтысын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған. Бүгінгі айтыстың негізгі мақсаты – ежелден елдік мүддені негіз еткен айтыс өнері арқылы қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан ұлтымыздың бірегей тұлғасы Әйтеке би Бәйбекұлының даналық өсиеттерін, шаршы топта сөз бастаған шешендігі мен қара қылды қақ жарған әділ төрелігін ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлттық өнерге баулу және жас таланттар арасынан жаңа есімдер табу.

 

Жыр додасына республикамыздың танымал айтыскер ақындары қатысуда. Олар: Шұғатаев Аспанбек (Павлодар қаласы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Аруна Керімбек (Тараз қаласы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Дәурен Ысқақ (Астана қаласы), Райымбек Өтепов (Орал қаласы) және Сыр елінен Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару, Бексұлтан Орынбасаровтар ұлттық өнерді ұлықтауда.

 

Сонымен қатар, айтыстың қазылар алқасына ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етсе, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын Адам» сыйлығының лауреаты, «Айқын» газетінің бас редакторы Жүсіп Нұртөре, ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Айжарық Сәдібекұлы, айтыскер ақын, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Кенжебай Жүсіпов қазылық етті.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

 

P.S. Айтыстың нәтижесі де белгілі болды. Жүрсін Ерман әуелі Сырдан шыққан бұрынғыдан бүгінгіге дейінгі барлық ақындарды түгел айтып өтті. Бексұлтан мен Нұрзатқа жоғары баға берді. Сөйтіп, Нұрзат Қару, Дәурен Ысқақ, Бексұлтан Орынбасар, Сырым Әділбек ынталандыру сыйлығына, Райымбек Өтепов арнайы ең жас ақын жүлдесіне ие болды. Ал, 3-орынды Аруна Керімбек, Аспанбек Шұғатаев (300 мың), 2-орынды Біржан Байтуов (400 мың), 1-орынды Рүстем Қайыртайұлы (700 мың), бас жүлдены Нұрмат Мансұров (1 млн) алды.

 


ҰЛТТЫҚ САНАҚ: САПА мен САЛМАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 12:00

Қазақ мал басын айтса­ да, адам басын санама­ған. «Құдайдың бергені» деп шүкіршілік еткен. Сол Жаратқаннан сый болып келген басты капиталды 10 жылда бір мәрте «санау» – дағдымыз. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ең алғаш­қы санақ 1897 жылы патша­ үкіметі тұсында өтті. Алғашқы дереккөз сол кездегі қазақтардың үлес салмағын 6 мил­лионнан асып жығылды деп ақпар берген. Одан кейінгі санақ араға 23 жыл салып, 1920 жылы жүргізіліпті. 1923, 1926, 1937 жылдары өткізілген санақ нәтижелері сәтсіз деп бағаланып, 1939 жылы қайтадан жүргізі­леді. Араға тағы да жиырма жылды тарихтың қойна­уына тапсырып, 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары жалпы тізім алынса, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін 1999 және 2009 жылдары өткізілген. 1939 жыл мен 1959  жылдың  арасындағы 1949  жылы  жүргі­зілуі тиіс санақ неге өт­педі?

Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым «Жас Алаш» газетіне берген мақаласында «Өткен он санақтың екеуі – 1937 мен 1939 жж. – «ұрлан­ған» санақтар болып есепте­леді. Аштық, жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде КСРО халқының кемігенін көрген Сталин бұл санақтардың нәтижелерін жариялауға тыйым салады. Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде кейбір деректер бойынша 40 миллионға дейін халқынан айырылған Кеңес өкіметі қорқа-қорқа келесі санақты тек 1959 жылы өткізді. Оның да деректеріне мамандардың айтары көп. Бас­қаға қарағанда «дұрыс», «таза» өтті деп, 1970, 1979 және 1989 жыл­дардағы санақтарды атай аламыз» деп жазған.

Жалпы, халық санағ­ы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл ел халқының немесе оның бір бөлігінің демогра­фиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жария­лау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шара. Бұл санақ халықтың дәл сол уақыттағы  мәліметін жария етуге мүмкін­дік береді. Халық сана­ғында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Жаппай санақ жүр­гізу – көпшілік елдерде негізгі роль атқар­са, кей елдерде демографиялық және әлеуметтік, экономикалық мәлі­меттер жинаудың жал­ғыз жолы. Сонымен қатар, халық санағы халық өмірінің қырларын таңдамалы түрде немесе үй шаруа­шылығын есепке алуда қолданылады. Халық санағын жүргізудің ғылыми және ұйымдас­тырушылық негіз­дері XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасып болды. Көптеген елдерде тұрақты 5 немесе  10 жыл сайын жүр­гі­зіледі. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға бо­лады. XXI ғасырдың басында әлемде халық санағы өткізіл­меген бірде-бір ел қалмады. Ұлттық санақ қорытындылары өзара сәйкес келу керек, ал негізгі қорытындылар бүкіл­әлемдік халық санағының бөлігі болып есептеледі. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың жаһандану дәуірінде үлкен мәнге ие. Соңғы дереккөздерге сенсек, Қазақстан халқы­ның  саны  бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтаған. Ал көрші Ресей – 9, Түркия – 19, Ауғанстан – 38, Өзбекстан 43-орында тұр.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бүгінде елімізде 18 млн 392 мың 960 адамның барын айтады. Оның үстіне биыл – он жылдан кейінгі тарихи­ санақ жүргізу уақыты. Парламент Мәжілісінің жалпы  отырысының сыртында ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов 2019 жылғы қарашада өтеді деп жоспарлан­ған халық санағына 8 млрд 8 млн теңге қарастырылғанын айтты. Естеріңізге салайық, 2009  жылғы  халық  санағына  ел  бюджетінен 6 миллиард теңге бөлінген. Халық сана­ғына жұмылдырылған персонал саны 80 мыңнан асып жығыл­ады. Ал биылғы санақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы, яғни әр адам арнайы интернет портал­ға өтіп, өзінің жеке мәліметтерін көрсету арқылы санақ жүйесіне тіркеледі. Сол се­бепт­і персонал саны үш есе азаяды.­

Тәуелсіздікке бір қадам ұмтылып тұрған шақтағы, 1989 жылғы халық санағында 16 млн 199,2 адам тіркелген. Осыдан кейінгі он жылдық аясында 1 млн 246 мың адамға кеміген. Оған бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыс, украин, неміс, кавказ халықтарының өз атамекендеріне көшіп кетуі себеп болды. Өсу қарқынын тоқтатпаған өңірлер қатарына Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Атырау облыстары мен Алматы, Астана қалалары енді. Халық санағы – елді дамытудың барынша тиімді жоспарлануын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер туралы басты ақпарат көз­дерінің бірі. Қызылорда об­лы­сындағы нәтижесі туралы ҚР Ұлттық экономика министр­лігі Статистика комитеті Қы­зылорда облысының статис­тика департаментінің мәліметінше, 2009 жылғы Қызылорда­ облысында өткен халық санағының қорытындысы бойынша тұрғындар алдыңғы санақпен салыстырғанда 8,6 пайызға артып­, 678,8 мың адамды құраған­. Ал облыс тұрғындарының жалпы санындағы қазақтар үлес салмағы бойынша 95,3, орыстар 2,4, өзбектер 0,2, түріктер 0,2, татарлар  0,3, кәрістер 1,2, басқа да ұлыс­тар 0,4 пайызды құраған. Жалпы­халықтық деңгейде өтетін халық санағы – тек ғана адам санын есептеу ғана емес, өзге де критерийлер бойынша жауап беретін мемлекеттік маңыз­ды шара. Мәселен, діни сеніміне байланысты он жыл бұрынғы санақта Ислам дініне сенушілер 652,2 мың адам болса­, 19  мыңы – христиан, 1,4 мыңы – буддизм, 0,1 мыңы – иудаизмге, 0,1 мыңы – өзге де дін түрлеріне бет бұрғандар. Кейде адамның ішкі түйсі­гін ажырату қиын, жан дүние­сінің терезесінен үңілу мүмкін емес жағдайлар кезігеді. Осы секілді 5,2 мың адам дінге мүлдем сенбейтіндердің қатарынан  табылыпты.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің пікірінше, үшін­ші халық санағы – ел дамуының келесі онжылдықтағы бет-бейнесін бағалайтын, ашып көрсететін бір өлшемі. Яғни, 2019 жылғы жаңа замандағы жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін анықтайды. Саясаттанушы Әзімбай Ғали «1926 жылғы санақ­та рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет берген. Ал биыл­ғы санақта рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет жина­у қисынсыз. Бұл біздің ұлттық біртұтастығымызға сына қағады. Ұлттық санақта ескеретін мәселелер: миграция және ассимиляция. Егер соңғы онжылдықта 26,3 пайыз өссек, бұл өте жақсы көрсет­кіш» деген пікірде.

- ҚР Президентінің  әкім­шілік басшысы А.Жақсыбеков­тің 2017 жылдың 22 қыркүйегін­дегі №17-61-44.120-1 тапсырмасын басшылыққа ала отырып, облыс әкімінің басшылығымен 2018 жылы (2 рет), 2019 жылдың қаңтар айында (1 рет) өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде Ұлттық халық санағын­а дайындық туралы мәселе қаралды. Алқа мәжілі­сі­нің қорытындысымен халық санағ­ына  дайындық жұмыс­тары жайлы іс-шаралар жос­пары бекітілді. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазіргі таңда барлық қала, аудандардағы (елді мекендердегі) көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншла­гпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Санақ­ты жүргізуге қажетті қала, аудан орталықтарының схемалық картографиялық мате­риалдары 4 данадан, ауылдық округтердің карталары 3 данадан қағаз түрінде шығарылды. Облыс көлеміндегі саяжайлардың паспорттары жасалы­нып, шекаралары нақ­тылануда. Бұл өткізілетін халық санағының айырмашылығы ақпараттық-технологияны қолдана отырып, басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен 30 пайыз интернет  желісі арқыл­ы және 70 пайыз қолайлы-есептеуіш  құрылғы (планшет­ті компьютер) арқылы өткі­зілуінде болып отыр. Санақ нәтижелері бойынша алынған деректер демографиялық үрдіс­терді өлшеуге, салыстыруға, талдауға және интенсивтілігі мен ағымдарын болжауға мүм­кіндік береді. Санақ барысында алынған халықтың саны және жыныс-жас құрамы туралы дерек­тер барлық деңгейдегі бюджет­ті барынша объективті қалыптастырудың негіз­гі көзі болып табылады.

Халық санағы – мемлекет­тік дәрежеге ие, көптеген сұрақтарға жауап беретін сая­си іс-шара. Бұл жұмысқа уа­қытша жұмысқа тартылатын сұхбатшылардың жалақылары, санақты өткізуге байланысты басқа да шығындар жергілікті атқарушы органдар мен ста­тистика департаментінен қарастырылатын болады. Ұлттық халық санағын өткізу­дің нақты мерзімі жайлы Үкі­меттің қаулысы күтілуде, - деді ҚР ҰЭМ СК Қызылорда об­лысының статистика депар­таментінің басшысы М.Бае­кеева.

Кейбір тыңайтылған дереккөздерде жер бетінде 17 миллионнан астам қазақтың бары көрсетіліп жүр. Ал бұл цифрлардың азайған кезі де болды, өкінішке қарай. Қай кезеңдер екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Әрине, қазақ халқының басына төнген зар заман – нәубет, зобалаң, қуғын-сүргін, аштық, таршылық, соғыс жылдары­нда талайдың тамыры соқпа­й қалғанына тарих куә. Өткеннің бедеріндегі 1897 жылы қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам мен 60 ұлт өкілі есепке алынса, 1917 жылы 6 млн 218 мың 300 адам, 1926 жылы 6 млн 198 мың 467 адам тіркелген. КСРО-ның 1937 жылы жүргізген жұмысы аяқсыз қалып, 1939 жылы қайта өткізілген санақ Қазақстанда 6 млн 530 мың 528 адам барын анықтады. Анықтап қарасаңыз, 1917 мен 1939-дың аралығындағы 22 жылда халық саны небәрі 312 228-ге көбейген. Неліктен? Өйткені осы уақыт аралығындағы тарихи оқиғалар елдің демографиялық ахуалы мен әлеуметтік тұр­мысынан айналып өткен жоқ. 1917-1920 жылдар аралығында халық саны алты жылда 2 431 390 адамға азайды. 1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 2 миллион 300 мыңнан астам адам жапа шекті. Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқа­рмасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері бойынша (әр жылдың 1 маусымына сәйкес) 1928 жылы Қазақстан халқының саны 6 507 077 адам болса, 1928-1936 жылдар аралығында халық саны 3 219 177-ге кеміген.

Бұл – ресми тарихи деректер. Өткенімізді ұлықтап, оған құрметпен қарау да – борышымыз. Ендігі бағытымыз – болашақ. Тәуелсіздік алғалы үшін­ші мәрте өткізілгелі отырған халық санағынан не күтеміз? Алдыңғы екі санақта, 1999 жылы 14 млн 953 мың 123, 2009 жылғы санақта 17 млн 200 мың адам есепке алынған. Ал үшін­ші санақ қандай қорытынды шығарады?

Н.ҚАЗИ

Бет  қатталып  жатқанда:

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасында халық санағының 2020 жыл­ғы раундын өткізуге дайындық 2017 жылы басталды. Халықа­ралық әдіснамаға сәйкес халықтың ең аз қозғалатын­ жыл кезеңдері (күзгі-қысқы маусым) санақтарды жүргізудің ең оңтайлы мерзімдері болып табылады. Аталған кезең халықт­ы қамту және жиналатын деректер сапасы тұр­ғысын­ан алғанда санақты анағұрлым сәтті өткізуге барынш­а мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2020 жылы санақты өткізуге барынша қолайлы мерзім ақпан-наурыз болып  табылады.

Ұлттық санақты дайындауға және өткізуге байла­нысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселе­лерді ескере отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы­ шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағын 2020 жылы өткізу туралы» Үкімет қаулысының жобасы МО және ЖАО, аккреди­ттелген  ұйымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен келісу­ сатысында, сонымен  қатар ашық түрде талқылау үшін ҚР ҰЭМ интернет-ресурсына орналастырылған. Үкімет жобасы келісілген және қабылданған жағдайда ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығына  жоспарланған»  деген  мәлімдеме  жасады.

«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерді бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы  Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы №1049 қаулысына сәйкес халық санағын өткізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасы­з ету үшін, сондай-ақ халықаралық ұсынымд­арды  ескере отырып (БҰҰ ЕЭК) Қазақстан Республ­икасында халық санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Санақтардың арасындағы 10 жылдық кезеңді сақтау үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан аралығы­ндағы  мерзім  санақ өткізу үшін қолайлы.

Келесі жылы көрші Ресей Федерациясында да жалпы­ұл­ттық  халық  санағы  жүргізіледі.

 


ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 11:40

Бірде Бөлтірік шешенді сөзден сүріндірмекші болға­н төре:

- Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады? - деген сұрақтарды жаудырады­. Сонда Бөлтірік:

- Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүние­де таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде асыл текті жел жетпес пырақ біреу, ол – АҚЫЛ, - деген екен.

Расында да, АҚЫЛмен шешкен әр ісіңнің түбі – береке, нәтижесі – толымды. Алаштың анасы атанған­ Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы­ да аймақ басшысының ақылмен ойлаған жобалары­ның жемісі екені анық.

Дария жағасындағы даланы игеріп, жағалауға жаңа қаланың бой көтеруіне ықпал жасауда облыс әкімінің еңбегі зор. Дала төскейіндегі топырақтың тұрғын­дарға бұйыруын тілеп, тіршіліктің көзі, көне тарихтың куәсі болып жатқан дарияның үстіне көпір салуға ұйытқы болған тұлғалығы және бар. Тұтастай бір өңірдің, бір қаланың тағдыр-тұрмысы мен әлеуметтік-экономикалық белсенділігін тұрақты қалпында сақтап отырудың өзі ақылды қажет етеді. Сәрсенбінің сәтінде негізгі бөлігі Тұран ойпатында ойысып жатқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2018 жылды қорытындылап, алдағы міндеттерімен бөлісті.

ОҢ  ТЕНДЕНЦИЯ  ҚАЛЫПТАСТЫ

Соңғы бес жылда аймақтың индустриалды-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық саласынан бастап барлық­ сала жаңаша сипат, тың идея, соны серпінге ие болды. Мәселен, өнер­кәсіптің өңдеуші секторында, ауыл шаруаш­ылығында, тұрғын үйлер салуда­, аймақтың әлеуметтік дамуына инвес­тициялар тартуда және де құрылыс жұмыстарын жүргізуде оң тенденциялар қалыптасқанына халық куә. Экономика саласының ең маңызды тетіктері­нің бірі саналатын инвестиция тарту мәселесі біздің өңірде оң шешімін тапқа­н. Оған 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн теңге тікелей инвестиция тартылғаны дәлел. Өткен 2018 жылдың өзінде аймаққа тартыл­ған инвестиция 25,5 пайызға өсті. Сондай-ақ, Қызылорда облысы оң нәтижелі жұмыстардың қорытындысымен ең үздік аймақ ретінде «Алтын сапа» сыйлығы­на ие болды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 13,1 пайыз­ға өсті. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша аймағымыз республикада жетекші­ орынға ие.

- Аймағымызда 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы болып жарияланды. Осыған байланысты әзірленген кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы» шеңберінде әртүрлі көздерден 32 млрд теңгеден астам қаражат тар­тыл­ған. Мәселен, мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге шағын несие алып, 1000-нан астам шағын бизнес жоба­сының іске асырылуы 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, - деді Қ.Елеуұлы.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік тетіктері тиімді пайдаланылып келеді. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, соңғы 4 жылда алғаш рет Қызылорда облысының ЖӨӨ көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Мемлекет басшысының экономиканы құру жөніндегі тапсырмасы орындалып, қазіргі күні аймақ көмірсутек шикізаты мен уранның бағасына бұрын­ғы­дай тәуелді емес. Ал ең басты жетістік деп соңғы 6 жылда облыс халқының 53,5 мыңға артқанын айтуға болады.

 

ИНВЕСТИЦИЯ  ИГІЛІГІ

Облыс әкімдігі өңір экономикасының мұнай мен уранға тәуелділігін ескеріп, өткен жылы Үкімет деңгейінде экспортқа шығарылатын мұнай көлемін ұлғайту, газға әділ баға қою және жаңа кеніштерді игеру мәселелерін шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Ал индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 152 млрд теңгеден асатын, іске қосылғанда 5,4 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 25 жоба іске асы­рылуда.

- Аймағымызда басқа да ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойын­ша жұмыстар жалғасуда. «Чайна Триумф» қытайлық компаниясының қатысуымен шыны зауытының құрылыс жұмыстары жалғастырылды. Жоба әріптестері арасында туындаған зауыт­тың­ іске қосылу мерзімі кейінге шеге­рілд­і. Нәтижесінде аталған компания 2019 жылы жазда зауытты іске қосуды өз жауапкершілігіне алып, бүгінгі күні қалайы балқыту ваннасы мен қыздыру пешінің монтаждау схемасын қайта жобалаумен айналысуда, - деді облыс басшысы есепті жиында.

Жалпы алғанда атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысымен өңірге 325,5 млрд теңге инвестиция тартылған.

 

АЗЫҚТЫҚ  ДАҚЫЛДАР  ЕГІЛЕДІ

Агроөнеркәсіп кешенінде негізгі басымдық ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді және оның экспортын ұлғайту, жоғары рентабельді және суды аз пайдаланатын ауыл шаруашылығы дақылдарының үлесін арттыру болып табылады. Аймағымыздың бренді саналатын ақ күріштің атағы бүгінде шетелде де жоғары мәртебеге ие. Оған диқан қауымының су тапшылығы қиындығына қарамастан, 473 мың тонна өнім жинап, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игеруі дәлел. Өңірде дәстүрлі өнімнен бөлек Иранға экс­портқа шығару үшін ирандық сортын өсіру  басталды.

- 2018 жылы күріш егісі 3 мың гек­тарға кеміп, майлы дақылдар егісі, атап айтқанда, мақсары 8404 гектарға дейін ұлғайды. Бұл мақсары майын өндіруді ұйымдастыруға және экспортқа шыға­руғ­а мүмкіндік берді. Бүгінде Қытайға жыл сайын 2,4 мың тоннадан кем емес мақсары майын жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Осының есебінен өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының 28% өсуін қамтамасыз етуге болады­, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап аймақта соя және судан шөбі, қант құмай сияқты азықтық дақылдарды енгізу­ жұмыстары басталған еді.

 

ЖЕҢІЛ  ӨНЕРКӘСІПКЕ ЖОСПАР  БАР

Шыны керек, аймақта ғана емес, елім­ізде жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұр. Осы мәселе бойынша ағымдағы жылы облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша аймақтық бағдарлама жұмыс істей бастайды. Жаппай тұтыну тауарларын шығару жөніндегі өндірістерді құруға – тоқыма, тігін, тері және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ, тағы да басқа өнеркәсіптер бойынша өңірлік инвести­циялық орталық арқылы 10-нан 20 млн теңгеге дейінгі сомада 8 пайызбен 5 жылға несие берілетін болады. Бірінші кезеңде оны іске асыруға шамаме­н 800 млн теңге бағыттау жоспар­лануда.

 

ҮШ  ШАҒЫН  АУДАН  БОЙ  КӨТЕРЕДІ

Сырдарияның сол жағалауынан жаңа тұрғын үйлердің бой көтеріп, шағын­ қалашықтың сап түзегеніне тәнті болмайтын адам жоқ. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде. Былтыр  614 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салынған. 2018 жылы 4,5 мыңнан артық жер теліміне инженерлік коммуникация тартылды, ал соңғы 4 жылда бұл көрсеткіш 28,5 мың учаскеден асты. Ағымдағы жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін тағы 3384 жер телімі­не инженерлік коммуникациялар жүргізіледі.

Есепті жиын барысында облыс басшысы­ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бо­йынша жұмыстар жалғасқанын, бұл мақсаттарға республикалық және облыстық­ бюджеттерден 7,9 млрд теңге­ бөлінгенін айтты.

Былтыр бір ғана шағын аудан бой көтерсе, биыл 3 шағын аудан құрылысы жүргізілмек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА  БЕС  ОБЛЫСТЫҢ ҚАТАРЫНДА

Қызылорда облысы республика бойынша қарқынды дамып келе жатқан­ бес облыстың қатарында. Қай салада болмасын бағыты тек алда, тығырыққа тіреле қалса, одан шығатын жол да дайын­, бағыт та айқын. Аймақ халқының ең қуанатын жайты – облысты­ң аудан орталықтары мен елді мекенде­рінде газдандыру жұмыс­тарының жүргізілуі. Бұл жұмыстар «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистральді газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылу­да. 2015 жылы аймаққа қарасты Арал қаласы,­ Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған­ кенттері газдандырылған болатын. Бүгінде қалған 3 аудан орталығы­н (Жоса­лы, Жалағаш, Тереңөзек) ілеспе газға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

 

БІЛІМНІҢ  КҮЙРЕГЕНІ – ҰЛТТЫҢ  КҮЙРЕГЕНІ

Бүгінде облыс көлемінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Smart city» тұжырымдамасы аясында­ жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын­ 40 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, біздің облыс – «Ақылды басқар­у» бағыты бойынша пилоттық аймақ. Одан өзге алдағы уақытта өртке қарсы қызмет (101), полиция (102), жедел­ медициналық көмек (103), авария­лық газ қызметі (104) және төтенше қызмет (112) жедел қоңыраулары «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі арқылы қабылданатын болады. Бұл да – пилоттық жоба.

Айта кетейік, цифрландыру технолог­иясы білім саласында да қарқын­ды жүргізілуде. Облыстағы  293 мектеп кең жолақты интернетке толықта­й қосыл­ған. Бұл салаға 2018 жылы облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. 2018 жылғы мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестіл­еуден орташа балл көрсеткішін 85,8 пайызға жеткізген.

- Педагогтің міндеті – сапалы білім беру ғана емес, оның әмбебап болып қалыптасуына септігін тигізу. Оңтүстік Африка университетінің кіреберісінде мынадай жай жазбаны оқыдым: «Кез келген ұлтты құртуда атом бомбасын немесе қашықтықтан әрекет ететін зымыран­ды пайдалану қолжетімді. Тек білім сапасын төмендетіп, оқушыларды­ емтихандарды көзбояушылықпен өткізуге рұқсат берсе, жетіп жатыр. Науқа­стар осындай дәрігерлердің қолынан­ өледі. Осындай құрылысшылардың қолынан шыққан ғимараттар құлайды. Осындай бухгалтерлердің қолынан қаражат жоғалады. Осындай заңгерлер мен соттардың қолынан әділдік  жойылады.  Білімнің  күйрегені – ұлттың күйрегені». Әрине, бұл сөздермен келіспеу мүмкін емес. Білім сапасына баса назар аударатын кез келді. Салмақты әрекет қажет. Мысалы, жоғары және орта оқу орны басшылары өздерінің жеке коммерциялық пайдасын емес, білім беру сапасына көңіл бөлулері қажет, - деді облыс әкімі есепті жиын барысында.

Өткен жылды қорытындылап, алдағы­ жылы атқаратын міндеттерді сарала­ған есепті кездесуде жастар саясатында, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауда, инфрақұрылымды дамыту­да, ауыл шаруашылығында, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту­да, тағысын тағы салаларда іргелі жобалар жүзеге асқаны туралы баянда­ды. Сондай-ақ, аймақтың ең өзекті деген мәселелері де облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында Көкарал бөгетін сақтау, Қызылорда су торабын және «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймаларын салу, көмірсутекті кен орындарында масштабты геологиялық барлау, мұнай көлемі экспортын ұлғайту, газға әділетті баға беру мәселелері көтерілді. Қазіргі күні қаланы жылумен қамтамасыз ететін екі қазандық ғана жұмыс істеп тұр. Қызылорда қаласы – ыстық суы жоқ бірден-бір облыс орталығы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүзеге асырылады. Одан өзге, Бай­қоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық қарқын алуы да мемлекет бас­шысы мен облыс әкімінің тікелей бақы­лауында. Ана мен баланы, мүгедектерді әлеуметтік қорғау да – басты­  бағыт­тар­дың қатарында.

Жиын соңы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың аудандар мен қала тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарына жауап­ берумен аяқталды. Ал есеп беру барысында әлеуметтік желі және қызу желі арқылы барлығы 206 сауал келіп түскен. Басым бөлігі тұрғын үй, жұмыспен қамту, медициналық көмек көр­сету, білім беру, коммуналдық сала мәселелеріне тиесілі.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Б.Есжанов (сурет)

 


АУЗЫМЫЗДА – ТӘУБЕ, ҚОЛЫМЫЗДА – ҚАУҒА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 11:25

Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңіне аяқ басқаным­ызға отыз жылға жуықта­ды. Осы жылдар арасында не тындырып, қандай дәрежеге жеткенімізді таразыға тарта берудің­ қажеті шамалы. Бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Десек те, халықтың арасында шешімін таппай келе жатқан мәселелердің ара-тұра қылаң беретіні­ тарихи дәлдік. Оның үстіне дүниежүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс­ салдары әлі басыла қойған­ жоқ.

Түрлі халықаралық ұйымдар мен одақтарда ортақ мүддеміз бар болғандықтан жан-жақтағы елдерге салынып жатқан «санкция соғысының» салдары Қазақстанға қалай әсер етеді деген­ сауалдың туындауы да – заңдылық. Бұл туралы еліміздің бас экономисі антиресейлік санкция­ларға қарсы тұру бойынша іс-шаралар пакетін әзірлеге­нін мәлімдеген еді. Бұл – қор­қасоқтаудың қамыты емес, ел эконо­микасына кері әсер беретін қауіптің алдын алу мен коммерциялық байланыстан  ажырамауға әрекет ету. Жуырда Швейцарияда «Давос – 2019» жаһандық фору­мы өтті. Онда да осы жаһандық дағдарыс пен санкцияшыл және қолын көкке соза алмай отырған елдер хақында әңгіме өрбіді.

Тарихи қалыптасқан өндірістік, сауда және коммерциялық байланыстардың тереңдігіне әрі кеңдігіне­ байланысты Ресейге салынған санкциялар Қазақстан экономикасын «жанап» өтпесіне кепіл жоқ. Ол санкциялардан елімізге келетін басты қауіп те бар. Олар өнімімізді шетелге экспорттауға мүмкіндік беретін мұнай және газ құбырларына әсер етуі мүмкін деген болжам бірінші жасалды. Бірақ бақытымыз бен бағытымызға қарай біздің мұнайды теңізбен, Новороссийскімен байланыстыратын құбырлар санкция салынған­ аймаққа енбепті. Өйткені «Шеврон», Каспий құбыржелісі консорциумының инвесторы болып табылатын америкалық компаниялар АҚШ Конгресінен транзиттік құбырлар жүйесінің санкциядан шығарылуына­ жол ашқан. Нәтижесінде, сыртқы нарықтарға басты экспорттық тауарымызды жеткізуге кері әсерден де, үрейден де арылдық. Әйтпесе, Ресей экономикасының­ тамыры байланса, өзімізді тыныссыз қалатын елдер­дің бірі ретінде сезінгеніміз өтірік емес. Тіпті бір­қатар сарапшылар ел экономикасын теріскейдің «жағдайына» тірей бемей, бөлек алып қарастыруды ұсынды. Оған «Centras Capital» директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Әбдіразақовтың «Бизнесмендер Қазақстан экономикасының Ресейдікіне таңыла бермей, дербес дамуын қалайды. Себебі, оларға бағытталған көптеген санкциялар бізге әсер ете бастады» деген сөзі дәлел. Алайда біз, Қазақстан ЕАЭО-ға, Кедендік одаққа, БҰҰ, ШЫҰ секілді түрлі ұйымдарға мүше болған­дықтан олай бөліп алуға мүмкіндік жоқ дегені­мізбен, оның себебі басқада екен.

- Ресейге не ықпал етсе, ол әрдайым Қазақстанда да көрініс береді. Әйтсе де, қазір кедендік және әкімшілік кедергілер алып тасталды. Бірақ Ресей эконом­икасының салмағын біз әрқашан сезінетін боламыз­. Өйткені бізге Ресейді кесіп өтпей, әлемдік нарыққа әлденені экспорттау қиын. Біздің барлық мұнайымыз бен құбырларымыз осы ел арқылы өтеді. Өзге өнімдеріміздің басым көпшілігі де жаһанға Ресей­ жері арқылы жол тартады. Бұл Еуразиялық одақтың бар не жоғына тәуелді емес, тарихи солай қалыптас­қан, - деп анығын айтты ҚР Ұлттық экономика минист­рі Т.Сүлейменов.

Еуразия кеңістігінде энергия бағасының құлдырауы бизнес жасаудың ең бірінші кедергісі ретінде айқындалып отыр. Шикізат бағасының құлдырауы елдегі бизнестің дамуына ең басты кедергі болуы ықтимал. Мұнай өндіруші кей елдердің ішкі жалпы өнімінің орташа есеппен 35 пайызға жуығы осы қара алтынға «байлаулы», ал Әзербайжан, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан секілді мұнай сатушы елдер мен Армения, Украина, Грузия және Қырғызстан секілді мұнайды сатып алушы елдердің бюджетінің басым бөлігі осы мұнай бағамына тәуелді. Сондықтан да мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан мен Украина үшін ең басты қатер болса, Ресей Федерациясы мен жоғарыда аталған өзге елдер үшін ең басты бес қатердің қатарында.

- Егер біз өз экономикамызды шикізаттан қызмет-сервиске бағдарлап көшірсек, ешқандай кедендік кедергілер бізді мазалай алмас еді. Тиісінше, көршілерге тәуелділік те азаяды. Бірақ оның уақытылы жүзеге асарына сену қиын. Ендеше әлемдік нарыққа апарар жолда тұрған Ресейдің бізге ықпалы ары қарай жалғасады. Ал егер Еуразиялық одақты жойсақ, жағдай бұдан да нашарлай түседі, – деп мәлімдеді еліміздің бас эконо­мисі.

Байқап қарасаңыз, экономика да салқын­қанды саяси басшылардың құрбанына айналғ­алы тұр. Әсіресе АҚШ-тың Ресейге бағыттап отырған санкциялары қақпанға түскен аңды арқанмен байлаған секілді көзге оғаш көрінетіні рас. Десе де, оған қарсы іс-шаралар жоспары да жоқ еместігі анық. Әйтпесе, импорт-экспорт мәселесін­де теріс­кейлік көршіміздің теріс айналып тұрғаны шамалы. Керісінше, Ресей арқылы өтетін тауарлар арқылы өзінің кеңістігін әлдеқайда кеңейтіп, санкция соққысының жойқын күші жоқтығын көрсетіп тұрған тәрізді. Шырмап байланып, матап оралған экономикалық құжаттар одақтас елдердің де аяғына «батпақ» болып жабысатыны түсінікті емес пе? Сонымен, ЕАЭО-ны Ресей­мен өркениетті дамуы ортақ көршілік құрал ретінде қарастырып отырған Қазақстанға келер кедергі жоқтың қасы. Аузымызда – тәубе, қолымызда – қауға. Беруге де, алуға да қақымыз бар.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


«БАНДАНЫ» ТҰРҒЫМБАЕВ БАСҚАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 11:00

Сегіз  жыл бойы қайта-қайта қоғамның сынын­а іліккен ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ақыры қызметінен кетті. Аталмыш министрлікке қарасты Қара­ғандыдағы академияның лауазымды тұл­ғасы «мы братва, банда!» деп бейнес­әлемдеме жолдаған соң, бұл ведомствоға халықты­ң сенімі жоғалды. Десе де, Қ.Нұр­мұханбетұлы бір күн де жұмыссыз отырған жоқ. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалып үлгерді.

Былтыр тамыз айында Елбасының өзі «Әлемде полиция адамға дос, бізде ше?» деп сауал қойғаны бар. Осы сәттен бастап-ақ Қасымовтың қызметтен кететіндігі жөнінде кеңінен талқылана бастаған. Алайда журналистердің «Отставкаға кетуге­ дайынсыз ба?» деген сұрағына ол:

– Біз әскери адамбыз. Мемлекет басшысы қандай шешім қабылдайды, біз соған­ көнеміз, - деп жауап берген болатын.

Шыны керек, бас полицейдің бұған дейін атқарға­н жұмысы жұрт­шылыққа жаға қоймады. Оның тұсында Ішкі істер министрлігі ең жемқор ведомстволардың тізі­мінен түскен емес. Көп­шілік «Қасымов отставкаға кетсін!» деп бірнеше рет айтты. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі­нен кейін бұл талап күшейе түсті. Айта кетейік, оның жұмысы тек қоғам тарапынан сыналып жатқан жоқ. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та ара-тұра «сойып»  салатын.

Көктем Қасымов үшін қолайсыз мезгіл еді. Өйткені, Төтенше жағдайлар комитеті де осы ведомствоның құзы­рында. Бір-екі аптадан соң күн жылынатынын ескерсек, министрдің кезект­і  сыннан  «сытылып» кеткендей көрінеді. Жалпы, бас полицей сегіз жылда ел есінде несімен қалды? Бірнеше рет реформа жасағаны белгілі. Дей тұрғанмен, көңілге қонымдысы да, қонымсызы да болды. Әсіресе, полицейлерді аттеста­циядан өткізіп, қозықарын шен таққандарды әрі-бері жүгіртіп, бір сылытып алған. Кеше ғана саланы реформалауға кіріскен еді. Полицейлердің қызметтік киімін жаңартып, өзгерісті формадан бастады. Ішкі істер департаменттерін Полиция департаменті деп ауыстырды.

Ал Қасымовтың орнына тағайындалған Ерлан­ Тұрғымбаевқа оңай болмайын деп тұр. Аумалы-төкпелі тұста жұмысы ең қауырт саланың тізгінін ұстады. Себебі­ Астана қаласындағы өрт оқиғасынан кейін қоғамда әлі тыныштық орнаған жоқ. Әр өңірде аналар жиылып, билікке өз талап-тілектерін айтуда. Оның үсті­не көктем мезгілі де жақындады. Әйтсе де, Тұрғымбаев аталған ведомствоға бүгін ғана келіп тұрған жоқ. Саланың кедір-бұдырын бір кісідей біледі. Ішкі істер органдарындағы қызметін сонау 1984 жылы бастаған. 2012 жылдан бастап Қасымовтың қа­сында. Жеті жыл оның орынбасары қызметін атқарды.

Үнемі журналистерден безілдеп қаша жөнелетін экс-министрдің қателігін қайталай ма, әлде Тұрғымбаев мұны түзей  ала ма? Белгісіз. Ол Ішкі істер саласына қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? Бұл сауалдың жауабын алдағы уақытта алармыз.

 

Асан  ДӘУЛЕТ

 


СЫН мен СЕНІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 10:55

Бүгінгі қоғам

Ғалым  Смағұлұлының карикатурасы

Министр Мәдина Әбілқасымова­ Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін айтылған сыннан «қорытынды­ шығаратынын» мәлімдеді. Сейсенбі күні Қазақстан үкіметінің отырысы кезінде БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалға жауап еді бұл.

- Жұмысымыздың сипатына байланысты үнемі қандай да бір сын естіп жатамыз. Ең бастысы, біз ол сыннан қорытынды шығарамыз, жағдайды жақсартуға тырысамыз, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұған дейін М.Әбілқасымова  «көпбалалы аналарға 16 мың теңге көп» деп қоғамды шулатқан болатын. Ал Астанадағы 5 баланың өртке оранған оқиғасынан соң еліміздің бірқатар облыстарында ашынған аналар билік орындарына талап-арызын жеткізе бастады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде «министр М.Әбілқасымова отставкаға кетсін!» деген үндеулер де желдей есті.

Үкімет отырысында ол өзі басқа­ратын министрліктің «мемлекеттік саясатты жүзеге асыру тиімділігін арттыру бойынша шаралар­» қабылдағалы жатқанын тілге тиек еткен.

Тақырып төңірегінде мәжіліс депутаты Азат Перуашев та пікір білдіріпті. Qamshy.kz ақпараттық агенттігінің мәліметінше, мәжі­лісмен бес бүлдіршіннің өмірін жалмаған өрт пен оған кінәлі­лерді іздеудің дұрыс екенін, мұн­дай жағдайға бейжай қарауға болмайтынын айтқан.

- Астанадағы трагедиямен қатар, Қызылордада үш бала, екі күннен кейін Павлодарда бүтін­дей бір отбасы қаза болды, содан кейін Шымкенттегі қайғылы оқиға. Көптеген миллиардтаған бюджеті бар қызметтер болса да, өкінішке қарай, өрт қауіпсіздігі, адамдардың қауіпсіздігі мәселесі бізде екінші орынға сырғып кетіп жатыр, - депті халық қалаулысы өз сөзінде.

Ал М.Әбілқасымова айтқан пікір турасында былай деп тарқа­тыпты.

- Әрбір шенеунік өз жұмысы үшін жауапкершіліктен бас тартпау­ы керек. Әбілқасымова  «16 мың теңге көп» деді. Меніңше, бұл – үлкен қателік. Бірақ, бұл қателік­тің жуырдағы трагедияға тікелей қатысы жоқ... Ол үй бұл сөзден кейін жанып кеткен жоқ, біз осыны түсінуіміз керек. Ол үкі­метте отырған ойын­шық емес. Мен Әбілқасымова ханымды құрметтеймін, бірақ министр ретінде ол әлеуметтік салаға жауап­ты. Сондықтан халықтың талабы орынды деп санаймын. Министрді отс­тавкаға кетіру керек­ пе? Жұрт­шылық министр­ден қандай да бір әрекеті үшін жауапкерші­лікті талап етуге құқылы. Әрбір министр өз саласына жауап беруі тиіс, - деді Азат Перуашев.

Мәжілісмен министрдің әрекетіне байланысты өз тарапынан сын айтты. Енді елдің сенімі «сыналатын» уақыт жеткендей. Талай аналардың көңілін күпті еткен сұрақ, әлеуметтік мәселелердің түйіні толықтай тарқатыла ма? Мұның барлығы келер күннің еншісінде...

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


«СЫР-АНА» МОНУМЕНТІН МАШБЕКҰЛЫ «ТІРІЛТЕ» АЛА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 10:50

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсылап дайындалған сыңайлы. Өзімен бірге су жаңа аппарат басшысы Мира Жомартқызын және әкімдік қызметкерлерін ерте келіпті.

Ақпанның 6-сында ел алдында есеп берген Нұрлыбек Машбекұлының жыл ішінде атқарған жұмысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оң бағалаған еді. Тек коммуналдық салаларға қатыс­ты бірнеше сын-ескертпелерін айтты. Сондай-ақ, инфрақұрылыммен толық қамтылған «Бәйтерек» мөлтек ауданы төңірегіндегі түйткілге тоқтал­ды. Түйткіл деп отырғанымыз мынау: 2016 жылы 6600 адамға аталмыш аумақтан жер учаскелері берілді. Бүгінде онда 500-ге жуық тұрғын үй салыныпты. Бұл жұмыстарға бюджеттен бақанда­й 11 млрд теңге жұмсалғаны мәлім. Электр желілері, жол белгілері мен ауызсу және газ есептегіш құралдардың барлығы да бар. Бірақ қоныстанып жатқан халықтың қарасы тым аз. Қала әкімі «егер тамыз айына дейін аталған аумақтан жер телімін алған азаматтардан ешқанда­й тірлік байқалмаса, мемлекет менші­гіне кері қайтарамыз да, кезекте тұрғандарға береміз­» деп мәлімдеді. Демек, алдағы алты айда «Бәйтеректен» жер алғандар жылдам қимыл­дағаны дұрыс. Осы ретте шаһар басшысы тұр­ғындарды алаяқтарға алданып қалмауға шақырды. Тіпті, бірнеше мысал да келтірді.

– Өздеріңіз білесіздер, ақпанның 5-і күні жеке қабылдау өткіздім. Бір қарындасымыз басын­дағы мәселесін айтты. Алаяқтар одан «үй алып беремін» деп 1 млн теңгесін алып кеткен. «Мұны жолдасың біле ме?» десем, «Бұдан бейхаба­р. Енем ғана біледі» дейді. Сөйтсем, оның жолдасы жергілікті полиция басқарма­сында жұмыс істейді екен. Мұндай адамдардан сақ болыңыздар! Үй немесе жер алып беру менің де қолымнан келмейді. Барлығы да заң шеңбе­рін­де орындалады,- деді Н.Машбекұлы.

Айта кетейік, қазіргі күні Қызылорда қаласын­да жер кезегінде – 54 мың, үй кезегінде 24 мың адам есепте тұр.

Бұған дейін қаладағы «Сыр-Ана» монумен­тіне байланысты сын жиі айтылатын. Кезінде қазынадан қыруар қаржы жұмсалып, «мәдени-көпшілік демалыс орнына айналады» деп жоспарланған нысанды қазір қара құлып күзетіп тұр. Машбекұлы монументтің айналасын абаттан­дырып, мұнда өзгеше рең беруге тырыспақ. Тіпті, оның жобасы сызылып, қаржысы қаралып та қойыпты. Сонымен қатар «Тұңғыш Президент саябағы» мен «Рәміздер алаңы» аралығында жалпы­ көлемі 36 гектарды құрайтын жаңа демалыс­  саябағы салынуда. Жобаның құны – 1 млрд 170 млн теңге. Оның құрылысы биыл тамамда­лып, ел игілігіне беріледі.

Былтыр Қызылорда қаласында құрылыс қарқын­ды жүрді. Бұйырса, бұл бағыттағы жұмыс­тар осы жылы да жалғасын таппақ. Мәселен, Жаппасбай батыр көшесі бойындағы 600 орындық мектептің құрылысы биыл тамамдалып, білім күнінде есік ашады. Сол жағалаудағы 900 орындық, «Арай» м/а 600 орындық, «СПМК-70» м/а 600 орындық, «Саяхат» м/а 300 орындық, Қызылжарма елді мекенінде 900 орындық мектеп ғимараттарын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Қаладағы бірнеше білім ордасының қосымша ғимараттары да тұрғызылмақ.

Расы сол, бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде Астанадағы қайғылы оқиғадан соң аналар билік­ке өз талап-тілектерін жеткізуде. Брифингте Нұрлыбек Машбекұлы жалпы қоғамда орын алып жатқан жайтқа байланысты өз пікірін білдірді.

– Аталған мәселеге байланысты Қызылорда қаласында комиссия құрылды. Сенбі күні «Ашық есік» күніне жиналған аналардың барлығының әлеуметтік жағдайын анықтауға кірістік. Ашығын айтайын, көмекке шын мұқтаж жандар­ға жергілікті билік мүмкіндігінше көмек көрсете­ді. Ал қолымыздан келмейтін шараларды кешегі мәселеге орай құрылған республикалық комиссияға ұсыныс ретінде жолдаймыз,- деп атап өтті.

Сонымен қатар ол өз сөзінде барлық түйт­кілдердің түйінін тез тарқату мүмкін емес­тігін жеткізді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


13 МЫҢ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨНДІРІЛГЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
14.02.2019 10:45

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

Тариф орнату саласында да заңсыздықтар бар екен. Тексеру нәтижесімен ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу тарифі 11 пайызға төмендетіліпті. Еске сала кетейік, прокуратураның бастамас­ымен бұдан бұрын қадағалау актісімен жылуға орташа тариф 3114,17-ден 3053,40 теңгеге төменде­тілген еді. Енді міне, тағы да азайтылды. Сондай-ақ республика бойынша 7 млрд теңге болатын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде облысымызға тиесілі 27 млн теңгенің 17 жер телімі бар.

«Санды Қазақстан» мемлекеттік бағдарл­амасы аясында да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, өткен жылы 548 қылмыстық іс электронды түрде тергеліп, оның 266-сы сотқа жолданып­ты. Ағымдағы жылы толы­ғымен электронды нысанға көшу жоспарлануда екен. Бұл кез келген қыл­мыстық істің арнайы орталықтанды­рылған бір жүйеге тіркеліп, қайта жойылуы­на мүмкіндік бермейді. Одан қалды тергеушілердің сандалып бір кабине­ттен екінші кабинетке уақыты да шығындалмайды. Қазіргі сандық тех­нология заманында бұл – қажетті дүние.

Айта  кетейік, жыл  қорытындысымен облысымызда қылмыстылықтың –8 (8 819-дан 8 129-ға), оның ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымымен байланыстысы – 19 (500-ден 406-ға), бұзақылық – 18 (516-дан 423-ке), ұрлық 23 (4488-ден 4386-ға) пайызға төмендеген  екен.

Сондай-ақ, құқық қорғау қызметтері орталығында 4 мыңнан астам шағымданушыға құқықтық көмек көрсетіліп, 3 мыңнан астам мұғалімге 2016-2017 жыл аралығында мүгедек балаларды үйден оқытқаны үшін жалақыларына тиісті қосымша ақылары төленген. Және қоғамдық мүдделерді қорғау салас­ында 429 қадағалау актісімен 541адам тәртіптік, 374-і әкімшілік жауапты­лыққа тартылса, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша бағдарл­амалардың орындалуына жүргізілген тексеру нәтижесімен бюджетке 14,4 млн теңге өндіріліп, 13 тұлға қылмыстық және 14-і тәртіптік жауаптылыққа  тартылған.

 


ҚАЛАЙ СЕНІМДІ КӨРІНУГЕ БОЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
14.02.2019 10:40

Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте сенімді көрінуге болмас па? Әрине, болады. Ол үшін қарапайым ережелерді сақтаса, оларға деген құрметтің де еселене түсетіні анық. Ер-азаматтарға арналған «Мырза» беті бүгінгі шығарылымда «Керек кеңес» айдарымен әлеуметтік желілерден жиған-терген ақыл-кеңестерді назарларыңызға ұсынбақ. Ескере жүріңіз!

1. Бүкіреймеңіз.

Қазіргі жігіттердің көпшілігі бүкірейіп жүреді. Мектептің өзінде мұғалімдердің «түзу отыр» деп партаны тақылдататыны жайдан-жай емес болар. Ата-анамыз да «бүкірейме, арқаңды тік ұста» деп бекер ұрыспайды. Бұл қиын сияқты болғанымен, әйтеуір  бір кезде бастауды қажет етеді. Отырғанда, тұрғанда және жаяу жүргенде арқаны тік ұстау керек. Иықты артқа тартып, кеудені шығарып жүруді әдетке  айнал­дырған жөн. Сонда ғана сырттан қарағанда қалай керемет көрінетініңізді біліп таңға­ла­тын  бола­сыз. Айтпақшы, күніне 5-10 минут қолыңызды жоғары көтеріп, тік ұстап, қабыр­ғаға өкшеңізді, арқаңызды қойып тұрып көріңіз.

2. Қарау  бағытыңызды дұрыстаңыз.

Жерге қарап сөйлеу – өзіне сенімді емес адамның бейнесі. Біреумен сөйлескенде, шетке не төменге қарамау керек. Әңгімелесушіге тура қарап сөйлеңіз. Әлденеден секем­ алғандай не бірдеңені жасырып тұрғандай болу ер жігітке мүлдем жараспайды. Еңсе тіктеп, айтарыңызды ашық жеткізіңіз.

3. Әбігерленбеңіз.

Көптеген адамдар аздап абдырауға ұшырап, әбігерленуге бейім тұрады. Адам бір орнында тұрмайды, аздап жұлқынады, белсенд­і түрде қолын қозғалтады, саналы түрде тынышталады деген секілді. Кез келген­ тосын діріл немесе қозғалыс қобалжытып, қорқытып жібереді. Мұндай күйгелектік бірден байқалады, ал сол адам сырттан қарағанда оғаш және күлкілі көрінеді. Нағыз ер жігіттер өзін ми қатпарына бағындыра  алуы  тиіс.

4. Мықты қол алысыңыз.

Қыздар үшін жігіттердің босаң қолмен амандасуы әлсіздікті көрсететіндей. Иә-иә, дәл солай. Қол алысудың күштілігімен адам мінезінің мықтылығы бағаланады дейді. Қолды қатты және сенімді қысқаныңыз жөн, бірақ асырып жібермеу қажет. Нағыз ер-азамат­тар да қолмен сенімді түрде амандасқанды  қалайды.

5. Сөзіңізді  бақылаңыз.

Сөйлеуіңіз бірқалыпты, ырғақты болсын және дикцияны бақылаңыз. Асықпаңыз, сізді ешкім қуып келе жатқан жоқ. Сөзді жұтпай, анық жеткізіңіз. Дауыста сенімділік, мықтылық және мінез сезілуі керек. Жайдарманшылар секілді өзіңіз айтып, өзіңіз күлуді де дәл қазірден бастап доғарыңыз. Бос сөз бен көп сөздің қандай сөз екенін білетін боларсыз. Бірсөзді болыңыз, білектілер қашан да солай жасауы шарт.

6. Сыртқы келбет те маңызды.

Сырт келбетіңіз сізді ұқыпсыз етіп көр­сетпесін. Егер нашар, олпы-солпы көрін­сеңіз, жаман киінсеңіз, қандай сенімділік туралы айтуға болады? Көрікті келбет ер адамның бейнесін қалыптастырады және сізге оңай сезінуге мүмкіндік береді. Сәнді киіну мен қымбатқа киіну мақсат емес. Бастысы, киіміңіз өзіңізге жарасып тұрғаны абзал. Сосын таза және бүтін болса жарайды.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


КЕЛБЕТІҢІЗ КЕЛІСТІ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
14.02.2019 10:35

Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесенеден белгілі. Үйде ешқандай қаражат құртпай-ақ, бет терісі күті­мін жасайтындар аз емес. Бірақ бұл теріге­ қаншалықты пайдалы?

Қызылорда облыстық тері-венерология диспансерінің маманы, дерматолог Данагүл Әділова тері ауруымен ауырғандардың санын айтты. 2017 жылы тері ауруы­на шалдыққандар  10 263 болса, 2018  жылы бұл сан азайып, 8690-ға төмендеген екен. Әрине, жыл сайын азайғаны көңілімізді көншітеді. Дей тұрғанмен, бұл санақ та аз көрсеткіш емес.

- Бүгінде бойжеткендердің, әсіресе 15-20 жастағы жасөспірімдердің үлкен проблемасы – беттегі безеу. Бізге келушілердің басты мәселесі – осы. Тері ауруы қай кезде болмайды? Алдымен біз күнделікті тамағымызды дұрыстауымыз қажет. Әртүрлі фастфуд өнімдері мен газдалған сусындар жұртшылықтың сүйікті асына айналған. Бұл тағамдар бет терісінің нашарл­ауына әкеліп соғады. Ал тұтастай денсаулыққа беретін пайдасынан зияны көп. «Ауру – астан» деген дана қазақтың сөзі бекер айтылмаған сияқты. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамау керек. Қыз-келіншектер қолданатын косметикалардың көбі бет терілеріне зиян. Оның барлығының құрамында химиялық қоспалар бол­ғандықтан, барынша пайдаланбаған жөн. Қазіргі таңда бет терілеріне арналған әртүрлі сусабындар мен кремдер шығып жатыр. Мен сол кремдерді пайдалануға әрі оның қымбатынан алуға кеңес берер едім. Қыздардың бет терісі әртүрлі болады ғой. Құрғақ және майлы. Көп бояулар пайдалан­ғаннан гөрі үй жағдайында маскалар жасаға­н әлдеқайда дұрысырақ. Неге көкөністер жемеске? Сұлу, сымбатты болғы­сы келген әрбір қыз-келіншек саламатты  өмір салтын ұстаса деймін, - дейді дерматолог Данагүл Әділова.

Көп қолданыста жүрген косметикалардың зиянды немесе пайдалы екенін нақты біле бермеуіміз мүмкін. Қаладағы қыз-келіншектердің бет терісіндегі мәселелер неден туындауда?

- Бетін сәндеп, салон табалдырығын тоздырушы қыздардың легі 15 жастан бас­тал­ып отырғанын несіне жасырамыз? Содан­ кейін теріге шыққан безеу, қара дақтарды кетіру үшін де олар арнайы маман­ға  жолықпайды. Әлеуметтік  желіге­ тараған косметика немесе кремдерді алып пайдалансам 100%-ға көмектеседі деп үміттенеді. Осыдан барып бет терісі құр­тылады. Сонымен қатар қыздарымыздың арнайы маманға жолықпай, жеке клиника­лардың клиенті болып жүргенін несіне жасы­рамыз? Маман көмегіне жүгініп, кеңес­ алып жүрсе, мүмкін бет терісіне зиян келтірудің алдын алуға болатын ба еді? - дейді дермато-косметолог Венера Қайназарова.

Ал облыстық тері-венерология диспансерінде кос­ме­толог қызметін атқарушы  Ләйлә Мейір­м­анова:

- Қызылорда қаласының ауа райы бәріне айқын ғой. Күн қай кезде де ыстық. Қыз-келіншектер қауымы сол уақытта бет терісін­е көбірек назар аударуы керек. Себебі­ күннен терісі бұзылады, түрлі дақ шығып, бет құрғайды. Күннен қорғауға арнал­ған крем пайдалануға кеңес беремін. Бүгінде әйелдер қауымының көпшілігі косме­тиканы дұрыс қолдана алмайды. Тағы айтар мәселе, қыздар қауымының пластикалық отаға тәуелденуі. Менің ойымша, табиғи сұлулыққа жетер ештеңе жоқ, - дейді.

Сонымен қатар маман 2015 жылдан бастап қаламыздағы тері-венерология диспансерінің жанынан косметологиялық кабинет ашылғанын айтты. Барлық әйелдер қауымы арнайы маманға келіп, кеңес алғанның еш зияны жоқ.

Бұл тарапта арнайы сән салоны қызмет­керлері не дейді? Сән әлемінде 12  жылдан аса өтілі бар, қаламызға белгілі Динара  Альмусаева  соңғы  уақытта  салонға­ келушілер саны артқандығын айтты.­

- Бет күтіміне келер болсақ, қазіргі таңда көптеген сусабындар, кремдер жетер­лік. Бірақ мұның барлығы пайдалы деп айта алмаймын. Органикалық және кореял­ық кремдер көптеп шығып жатыр. Мен бұл екеуін жаман деп айта алмаймын. Егер  пайдаланамын  деген  қыз-келіншектер болса, органикалық  кремдерді  ұсынар  едім. Ол пайдалы, натуралды әрі табиғи. Тағы бір айта кетер мәселе, біз таңертеңгі бояум­ен кешкі уақытқа дейін жүреміз. Ол рас. Тіпті оны жумай ұйықтап қала­тындар да жоқ емес. Осыдан келіп қыздардың бетінде көп кездесетін безеу және қызыл жаралар, дақтар, тіпті әлек қылар әжімдер де пайда болады. Сондықтан тері ажарынан айырылып, нашарламас үшін арнайы пенкалармен жақсылап сүртіп алып, түнгі кремдерді пайдаланған абзал. Оған қоса, аптасына екі рет скраб қол­данған жөн, - дейді Д.Альмусаева.

Қалай айтсақ та бет терісіне күтім жасау­ – әрбір әйел затының міндеті. Бұл орайда қыз-келіншектердің де ой-пікірін тыңдап көрген болатынбыз. Соның бірі Гүлмира Орынбаева өзінің бет, тері күтімі туралы ойымен бөлісті.

- Бет терісін таза ұстау – әр қыз-келінш­ектің міндеті. Себебі «бет – адамның ішкі құрылысының айнасы» деген сөз бар. Менің ойымша, майлы және құрғақ теріле­рге арналған косметикаларды қолдану керек. Мен аралас теріге арналған кремдер қолданамын. Сонымен қатар бет күтіміне арналған пилинг, пенка, гельдермен спонж арқылы жуынамын. Ал ұйықтар алдында бетке арналған крем қолданамын. Аптасына бір рет маска жағып тұрудың да еш зияны жоқ. Ол маска бетті ылғалдандырып, жұмсартады, - дейді ол.

Сонымен қатар ай сайын дерматолог, косметологтардың көмегіне жүгінеді екен. Сұлулықтың сыры қашанда күтімде болады емес пе? Табиғи сұлулыққа жетер ештеңе жоқ. Әйелдер қауымының арасын­да косметика қолданбайтындар да бар екен. Соның бірі қала тұрғыны, 2 баланың­ анасы Мөлдір Жиенбаева қазіргі косметикалардың көбісі бетіне зиян келтіріп жүргенін айтады. Кейбір кос­метикаларды  алғаш  қолданғаннан-ақ  бетіне­  қызыл  жара  қаптап  кетеді екен.

- Мен көп боянбаймын. Кейде той-жиын­дарға барғанда қолданатыным болмаса, көп сәнденетін әйелдер қатарынан емеспін. Ал күнделікті өмірде пайдалансам, бетіме безеулер шығып кетеді. Әсіресе, «тональный» кремді жаққан кезде. Бұл бет терісінің дұрыс еместігінен болар, бірақ қазіргі  косметикалардың  дұрыс  еместігіне­ де байланысты, - дейді ол.

- Қазір қыс мезгілі болғандықтан бетті салқыннан қорғау мақсатында кремдер жағатыным бар. Соның ішінде «novaqe» деп аталатын кремді жиі қолданамын. Тері күтіміне келер болсақ, көбіне тұтынатыным – табиғи маскалар. Айта кетер болсам, ең қарапайым маскалардың бірі – табиғи бал мен ас содасы. Екеуін араластырып, бетке толық жаққан соң, 15 минут­ ұстап, жылы сумен жуып тастау керек. Оның пайдасы бет терісін ылғалдандырады әрі жұмсартады. Қазір жасым 22-де. Осы уақытқа дейін ешқандай мамандарға бармадым. Алайда алдағы уақытта кеңесін­е жүгінемін деген ойдамын,- дейді студент  Фатима  Аралбаева.

Байқауымызша, сұлулықты әркім әрқалай түсінеді. Бірі әртүрлі маскалар жасап, бет терісін күтсе, енді бірі косметика түрлерін қолданып, түр келбеттерін әрлеу арқылы күтім жасайды. Сұлулық салон­ы мен клиникаларға келуші клиент­тердің саны күн санап өсіп, жыл санап артып келе жатыр. Ол бәрімізге мәлім.

Иә, сұлулыққа сүйсінбейтін, көрікті дүниеге сұқтанбайтын жан жоқ. Олай болса өзіне уақыт бөліп, әрдайым күтім жасап жүрген қыз-келіншектерімізге жоғары­дағы кеңестердің бірі пайдасына тиіп, кәдесіне жарар деген ойдамыз.

Алтынай   ОРЫНБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік мемлекеттік университеті

филология факультетінің 4-курс студенті

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары