Өзекті мәселелер

  • 15.08.19

    Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Бұған дейін мәжіліс залында ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы орын бос болды. Шамасы, ақжағалылар тамылжыған тамызда тынығуды жөн санаса керек. Жә, бастысы, ол емес.
    Аппарат мәжілісінде екі мәселе таразыға тартылды.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Өткен аптада Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округінде қарбыз шырынын шығаратын цех алғашқы өнімін сынақтан өткізді. «Енді Жайылмада қарбыз кластері дамиды» дейді білетіндер. Лайым солай болғай! Естеріңізге салайық, осыдан тура 6 ай бұрын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сүйінші жаңалықты Жаңақорған ауданының әкімі  Ғалым Әміреев бірінші болып жеткізген-ді. Сол кезд...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Жасыратыны жоқ, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың көп нәрсеге мүмкіндігі жоқ деген қате пікір әлі де бар. Алайда әр пенденің бұйыратын өз несібесі бар. Біреудің қолынан келмеген іс екінші адамның қолынан тууы мүмкін. Сол секілді айналадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекпен жетіп жатқан жұмыстарына қолдау көрсетіп, шынайы баға беруді міндет санағанымыз жөн. Сондай өмірге құштар, ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де өркениетке өрлейді. Жұмыссыздық азаяды. Нарық халыққа қажеттіні қамтиды. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге қолдауды арттырды. Іскерлік мүмкіндігін молайтты. Солардың қатарында сырдариялық тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы  мен ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Сәрсенбінің сәтті күнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовтың қатысуымен брифинг өтті. Бір ерекшелігі, Олжас Азатұлы қашанда өзімен бірге спорттың әр түрінде жеңімпаз атанып, ел намысын қорғап жүрген қызылордалық өрендерді баспасөз мәслихатына  ертіп әкеліп, БАҚ өкілдерімен бетпе-бет жүздестіреді, кері байланыс орна...

    Толығырақ...
Жұма, 01 Наурыз 2019

ӨМІРШЕҢ БАСТАМА, МЕРЕЙЛІ МҰРАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.03.2019 14:45

Жаңа дәуірдің жарқын жемісі қатпар-қатпар тарих­ қойнауына сүңгіп кетері анық. Ғасырлар бойы дала өркениетіндегі мәдени үрдістің тамырын жалғап келген­ уақыт еліміз егемендік алғанда кідіріп, жаңа ғасырға жаңа көзқараспен қарауға бет бұрдық. Жаңашылдыққа қарай сап түзегеніміз қара тасқа қашалып жазылған төл тарихтан бас тартуымыз емес, керісінше­ өткенді ұлықтап, болашаққа бағдар ала білу деп түйсіндік. Тәуелсіздіктің таңы атқаннан бастап жылғада жүзер қайығым деп қол қусырып емес, керісінше өрлеу сатысына ұмтылдық.

Дүйім халықтың тағдырын тәуелсіздік аясына сыйғызып отыру мүмкін емес, қалыптан тыс жайттар мен балақтан тартып, жағадан алған заманның ырқына жығылуға болмайтын тұсы қазақ халқының егемендік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Қайтпек керек? Күрмеуі қиын күрделенген мәселелерді шешу үшін де нақты пайым, сарабдал саясаттың керектігі айтпаса да түсінікті. Ширек ғасырдан­ астам уақытта ел келешегін кемелдендіруге бағытталған өміршең бастамалар мен мерейлі мұраттар­ әлі жалғасуда. Мақсатымызды нығайтып, ел іргесін  мықтап  бекіту  мақсатын  көздеген  «Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл – 20 жыл. Кешегі Тәуелсіздік  сарайында өткен бас партияның кезекті ХVІІІ  съезі  де  атаулы  дата  аясында  ұйымдастырылды.­

Болашақ бағдарымызды айшықтайтын фактілер қандай? Ұлы мақсатты көздеген, көкжиек тынысын ашу үшін халыққа қандай жағдай жасалу керек? Екі онжылдықты орап тастаған тарихы бар партияның алдағы міндеттері мен мақсаттары ХVІІІ съезінде қандай­  қолдауға  ие  болды?

Саяси съезд шымылдығын түрген ел президентінің мәлім­демесінен тың ұсыныс, тосын жаңалық, соны серпін, қарқынды екпін күтті халық. Қабырғамызды  бекіткенімізге отыз жылға­ жуықтаса да, «уақыт керек» деген­ сылтауды айтып келеміз. Кезеңің келмей, кезегіңнің келмейтіні тағы бар. Десек те осы жолы жұрттың жағдайы тым күрделеніп бара жатқаны көрер көзге тас ұрғандай көрінді. Нәтиже­ жоқ емес, назарға алынды­, бақыланды, сараланды, сарапт­алды, есебі халыққа ұсы­ныл­ды. Сонымен...

- 20 жыл тарих өлшемімен қарағанда көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» пар­тиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды, - деп сөзін бастаған мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға­  тоқталды.

Халық – мемлекеттің басты капиталы екенін ескерсек, әлеуметтік саясатты дамыту алғашқы орынға лайықты. Тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын көтеру, баспана, білім, денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстарын жалғастыру алғаш­қы қадам болуы тиіс. Одан өзге ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайыз­ға, ал аудан, облыстардағы атқарушы орган қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға артады. Бәрін айт та, бірін айт, еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты әлеуметтік мәселе кездіктің жүзінде тұр. Әсіресе көпбалалы аналарға балалар үшін берілетін жәрдемақы мөлшері президент тапсырмасымен бала басына 21 мың  теңгеге  дейін  жуықтады. Бүгіннің өзінде елімізде  340 мыңнан астам шаңырақ көпбалалы отбасылар санатында. Қамқорлықтан толық емес көпбалалы отбасылары мен мүгедек балаларды асырап отырған ата-аналар да кенде қалмайды. Бұл мақсатты орындау үшін 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңге қаралады.

Сын тезіне жиі ұшырайтын денсаулық саласына 120 млрд теңге бөлінеді. Яғни, жалпы денсаулық сақтау саласына қарас­тырылған қаржының 40 пайызынан 60 пайызына дейін артты­рылуы тиіс. Ол үшін қазақ елі өзіне тән ұлттық идеяны жүзеге асыруы керек. Әйтпесе, істің бәрі бос, сөздің бәрі – әурешілік. Сол себептен өзіміздің ұлттық идеямызды басшылыққа  ала  отырып, негізгі компоненттерді жүзеге асыруға тиіспіз. Олардың қатарында ұлттық бірлік, бәсе­кеге қабілетті экономика, интеллектуалдық қоғам, әлемге танымал ел атану мәселелері алғашқы орында. Ал еліміздің табысты дамуының да өз сатысы бар, ортақ тарих, ортақ құндылық, ортақ Отан, ортақ болашақ. Міне, осы «ортақ» мәселелердің шешімі табылғанда ғана жаһандық елдермен иық тіресіп, өркениетке қарай еш кедергісіз ұмтылуға жол ашылады. Осыны ескерген президент еліміздегі барлық саланың тамырына қан жүгіртуді сала басшыларына нығырлап тапсырды. Яғни атқарылуы тиіс шаруалардың бірқатарына көз жүгіртсек, еліміздегі инженер­лік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасы іске қосылады; әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларына пәтер сатып алу үшін «Тұрғын  үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жылдық 2-3 пайызбен баспана заемын беру тетіктері қарастырылып, жағдайы төмен көп­балалы отбасыларға арналған 40 мыңнан астам жалдамалы тұрғын үй салынады; еліміздегі жолдардың сапасын арттыруға 350 миллиард теңге бөлінеді; ауыл әлеуетін көтеру үшін алдағы үш жылға 90 млрд теңге қаржы қаралады. Ең бастысы білім саласы­ндағы реформаны логи­калық  нәтижелерге  дейін  жет­кізу  керектігін баса назарға алды.

Ал өрлеуге бағытталған жаңа бағдарламада еліміздің үш іргелі құндылығына баса мән берілген. Алғашқысы – Тәуелсіздік. Қазақстанның барлық табыс­тары тап соның арқасында ғана мүмкін болды. Тәуелсіздік – бұл ел мен барлық азаматтың дамуы мен өркендеуінің негізі. Екін­шісі – ел бірлігі. Еліміздің табыс­ты дамуының сенімді іргетас­ы. Соңғысы – даму. Біз қашанда алдымызға биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткіздік. Біздің болашаққа көз тігуіміз және жетілуге үздіксіз ұмтылысымыз – Қазақстанның өркендеуі үшін аса маңызды шарт.

Саяси съезд барысында пар­тияның «Бақуатты қоғам: онжыл­дықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы, партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ партияның саяси кеңесі мен орталық бақылау-тексеру комиссиясы жұмыстарының қорытындылары жө­ніндегі есептері қабылданды.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


САҒЫНТАЕВТЫҢ САҒЫН СЫНДЫРУ һәм МАҚТАУЛЫ МАМИН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.03.2019 14:40

Саясаттың салмағы қашанда ауыр келеді. Оның ішінде саяси салмағы жоғары тұлғалардың арасында «ойындардың» жүріп жататыны және бар. Билікке бірі келіп, бірі кетіп жататын лауазым иелеріне былайғы жұрт анағұрлым алаңдамаса да, бір өзгерістің болғанын құп көреді. Ақорда жаққа елеңдеп, қос құлағын тігіп қоя­ты­ны  да  жасырын емес.

Өткен бейсенбінің кеші Астана абыр-сабыр болды да қалды. Алдымен Ақорданың вебсайтында мемлекет басшысының ресми мәлімдемесі жарияланды. Елбасы: «Үкімет отставкаға кетуі тиіс деп ойлаймын», - деді. Жария­ланған құжат пен бейне­үндеуде президент Н.Назар­баев премьер-министр Бақытжан Са­ғын­таев басқарған ми­нис­трлер кабинетінің жұмысын қатты сынады. Жалпы, президентке үкімет неге жақпай қал­ды? Ол үшін аталмыш мәлімдемеден үзінді келтірейік: «... Қабылданған заңдарға, Үкімет шешімдеріне қарамастан, эко­номиканың көптеген бағыттары бойынша оң өз­геріс­терге қол жеткізілмеді. Ішкі жалпы өнім негізі­нен шикізат ресурс­тары  есебінен  өсті. Бірақ, Үкімет пен Ұлт­тық банк ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты­ құралдарды то­лыққанды жасап шығара алмад­ы. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру  барысына жасал­ған  талдау  қоры­тындысы­ олардың орын­далып жатқанын көрсеткенімен, көптеген маңызды бағыттар бойынша нақт­ы нәтижелердің жоқ екенін аңғартты. Өнімді жұмыс орындары жеткі­лікті түрде ашылмай отыр. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерге қатысты. Шағын және орта бизнес өсімнің қозғаушы күшіне және оны дамыту ісі әкім­дер мен министрлердің негізгі міндетіне айнал­мады. Мен тұрғындардың табысы мен тұрмыс са­па­сы­ әрбір Үкімет мүшесі мен әрбір әкімнің жұмысындағы негізгі басымдық болу керек деп бірнеше рет айттым. Екі жыл бұрын біз конституциялық реформа жүргіздік. Осыған орай Үкімет әкімдермен бірге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, оған жауап беру үшін барлық тиісті өкі­леттік  пен дербестікке ие болды. Индустриалды, әлеуметтік, инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға қа­тысты барлық қажет­ті мемлекеттік бағдарла­малар қабылданды. Оларды  жүзеге  асыру үшін қа­жетті қаржы бөлінді. Дегенмен, жүйелі жұмыс  жүргізілмеді. Тұр­ғын­дар­дың  нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюдже­тінде азық-түлік­ке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырт­тығынан әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған тұр­ғындардың бір бөлігі атау­лы әлеуметтік кө­мекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұрт­шылықтың проблемала­рына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұ­мыстарын жүргізуге шамасы  келмеді. Бұл ретте, мен ел Президенті әрі Конс­титуцияның кепілі ретінде  халықтың  мүдде­сін  ескере  отырып, мынадай шешім қабылдадым. Үкімет отставкаға кетуге тиіс  деп санаймын...» деді.

Іле-шала премьер-министр Б.Әбдірұлы да ресми мәлім­деме жасап, Үкіметтің отставкаға кететінін айтты. «... Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз кұрметке лайық. Елбасы – еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды­ бүгіні мен жарқын болаша­ғын тек ғана Елбасының есімімен байланыстырады. Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тіз­гінін тапсырып, жоғары­ сенім білдіргені үшін Елбас­ы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбае­вқа шынайы­  алғысымды  білдіре­мін»,- деді ол.

Айтқандай, бұл ресми мәтіндер бергі жағы ғой. Өткенде, яғни 30 қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысында президенттің үкіметке «Аяқ-қолдарың дірілдеп үрейленесіңдер. Үкімет емес, қорқақсыңдар!» - деп қатты шүйліккені бар. Сөйдеді де: «Кетің­дер» деп жай айттым, кетпеңдер, жұмыс істеңдер», - деген-ді. Соның өзі былайғы жұртқа Сағынтаевтың сағын сындыру секілді сезілген. Сол айғайдан бері ай өткен жоқ. Соған қарағанда Б.Әбдірұлы басқарған министрлер кабинетімен қоштасуды Н.Әбішұлы әлдеқашаннан жоспарлап қойғандай көрінген. Тіпті, көп­ші­лік бұл «көнбіс кабинеттің» (Елбасының сөзі – ред.) түбіне жер-жердегі көпбалалы аналардың жаппай әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің шешілу­ін талап етуі жетті дейді. Бірақ, жыл басынан бері түрлі қоғамдық сипатта көрініс тауып жатқан әлеуметтік наразылықтар Сағынтаевтың сағын сындыру үшін аяқ астынан ұйымдастырыла сал­ған дүние емес екен. Өйткені, сарапшылар мұның елдегі әлеуметтік-экономикалық саясат іргетасының дұрыс қаланбағанының кесірінен туындап отырғанын алға тартады.

Ал, арада бір сағат өтер-өтпесте Ақорданың сайтында президент жарлығы шықты. Құжатта Назарбаевтың үкімет отставкасын қабыл еткені, «жаңа құрам бекітілгенше үкімет мүше­леріне қызметтерін атқара беруге пәрмен қылғаны» жазылған. Осылайша, «қорқақ» атанған үкімет толық құрамда доғарысқа кетті. Премьер-минис­тр қызметін уа­қытша атқарушы бо­лып­ Асқар Мамин тағайындалған. Содан  кейін-ақ бұрын­ғы үкіметті «үпілеп-сүпілеп» келген «бұл­бұлдар» басқаша сайрап, жаппай Маминді мақтауға кірісіп кет­ті. Сағынтаев бастаған команданың бұған дейінгі жұмыстарын іске алғысыз етіп, «ИО»-ның иін қандырып, «мықты басшы; мінезі қатты; талапшыл; ешбір дау-дамайға ілікпеген; үкіметтің жұмысын дөңгелекше айнал­дырады» десіп жатты. Жоғары жақтың кеңесім­ен ғана «қи­мылдайтын» мұндай сарапшы­лардың бұлайша­ құбылуы А.Маминнің болашақ премьер-министр бола­тынын  бағамдатқан  еді.

Қызығы сол, айтқанымыз айдай келді. Қарапайым жұрт үш күн бойы «Үкіметсіз де тауық шақырып, таң атады екен» ғой деп қағытса да, әркімді әр жерге апарып «отырғызып» қойса да, апта басында еліміздің 11-ші премьер-министрі белгілі болды. Ол – әлгі мақтаулы Асқар Мамин­. Бизнестен саясатқа ауысып, таңғалдырарлық карьер­а жасаған А.Ұзақбай­ұлын Үкіметбасы орынтағына президенттің өзі әкеліп жай­ғастырды. Алдымен Мәжіліске әкеліп, депутаттарға оның кандидатурасын ұсынып, Үкімет басшысы етіп тағайындауға келісім беруді сұрағаны сол еді, 107 депутат бірауыздан қолдап, дауыс берді. Сонымен, жаңа Үкіметтен не күтеміз?

- Үкімет өзіне қажетті құзыреттің бәрін алды. Енді халық алдындағы міндеттерін мінсіз атқарып, өз қызметі үшін жауапты болуға тиіс. Мұндай жауапкершілік әлеуметтік және экономикалық бағдар­ламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге де жүктеледі. Олар тұрғындардың арыз-шағым­дарына жедел жауап беріп, ең басты­сы, тиісті шарала­р қа­былдауы қажет, - деді Елбасы.­

Демек, еңбек жолын қарапайым инженер-құрылысшыдан бастап, премьерлікке дейін көтерілген Асқар Маминге артыл­ған үміт пен жауапкер­шілік көп. Әсіресе, ол үлкен дау тудырған әлеуметтік мәселелерді сауатты шешуі тиіс. Әрине, Мамин үшін үкіметтегі қызмет таңсық емес. Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев 2016 жылғы қыркүйектен бастап­ үкімет басқарып келген. Ал премьер-министр болған Асқар­ Мамин сол уақыттан бері вице-премьер қызметінде отырған. Сондықтан министр­лер кабинетімен жұмыс істеу­дің ішкі тәртібін жақсы біледі. Одан қалды, оның алдында Көлік және коммуникация минист­рі, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарып, «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясын басқарған.

Айтпақшы, Қазақстан үкіметі тараудан тоғыз-ақ күн бұрын кезіндегі Жаңаөзен қырғы­нынан бастап, халықтың теріс назарына түсіп келген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сегіз жылдан кейін орнынан кеткен-ді. Президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып. Оның орнын бұрынғы вице-министр Ерлан Тұрғымбаев басқан. Апта басында онымен­ министрлер кабине­тінде бірге отыратын әріптестері де белгілі болды. Қазақстанның жаңа министрлері мен өз орнын сақтаған кімдер? Дүйсенбіде мәжілісмендер жаңа министрлердің кандидатурасын қарастырды, алдымен шенеуніктер министрлік басшысы қызметіне ұсынылды, артынш­а президент оларды тағай­ындау  туралы  қаулыға  қол қойды.  Алдымен  жаңа лауа­зым тигендерге тоқталсақ, министр­лердің қатарында қызметі қарқындап өскені Әлиха­н Смайылов болды. Қаржы министрінің Үкіметтегі орны қандай екенін 30 қаңтардағы кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы көрсетіп берген еді. Соның ықпалы ма, Қаржы министрі болғалы бес-ақ ай өткен ол енді Үкімет басшысының  бірінші  орынбасары  қызметін қатар алып жүре­ді. Бұған дейінгі премьер-министр­де төрт орынбасар болса, су жаңа Үкіметбасыда үшеу. Смайыловтан бөлек, Жеңіс Қасымбек (отставкаға дейін ол Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігін басқарған) пен Гүлшара Әбдіқалықова (бұған дейін ол мемлекеттік хатшы болған) премьер-министрдің орынбасары қызметіне келді. Ал Сағынтаевтың тағы бір орынбасары болған Ерболат Досаев енді Ұлттық банкті басқарады. Оның басты міндеті – еліміздің бас қаржы ұйымын экономиканың негізгі доно­рына айналдыру. Ал, Президент тапсырмасымен құрылған көпбалалы отбасыл­арға қол­дауды күшейту жөніндегі жұмыс тобы – Г.Әбдіқалықова­ның мой­нында.

Бұдан былай Үкімет жиындарынан Тимур Сүлейменов, Мәдина Әбілқасымова, Ерлан Сағадиев, Өмірзақ Шөкеев және Дархан Қалетаевтарды көрмейтін тәріздіміз. Олардың орнына жаңа тұлғалар келді. Яғни, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Бұл құрылымда кезінде екі жылдай қолтаңбасы қалғаны бар еді. Осыған дейін министрлікті М.Әбілқасымова, оның алдында Т.Дүйсенова басқарғаны белгілі. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – Роман Скляр. Ол бұған дейін осы министрлікте вице-министр қызметін атқарған. Ауыл  шаруашылығы  министрі – Сапархан Омаров. Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет­тің бұрынғы басшысы болған оның Ө.Шөкеевті алмастырғанын айта кетейік. Білім және ғылым министрі – Күләш Шамшадинова. Ол Ерлан Сағади­евтің орнына келді, бұған дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы болған. Оның алдында осы министрлікте екі рет «зам» болып үлгерген ол ақыры «самның» креслосына да жетті. Ұлттық экономика министрі – Руслан Дәленов. Бірінші вице-министр енді министр атанды. Ол бұрынғы басшысы Т.Сүлейменовті алмастырды.­

Енді өкілеттіктері артқандарға келсек, алдымен ауызға Қаржы министрі Әлихан Смайылов түседі, оның лауазымын жоғарыда айттық. Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі – Дәурен Абаев. Мемлекетте тек ғана жаңа министр­лер ғана емес, министрліктер де пайда болды. Қазақстанда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қоғамдық даму министрлігі таратылып, оның орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрылды. Осылайша, бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев өзінің «жылы орнын» сақтап ғана қоймай,­ құзыреттілігі жоғары министрліктің басшысына айналд­ы. Сондай-ақ, Қорғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі Цифрлық даму, қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі болып өзгерді. Оны бұрынғы премьер-министрдің орын­басары-Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігі басшысы Асқар Жұмағалиев басқарады.

«Жылы орындарын» сақтап қалғандар мыналар: Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өз орнында қалғанын жоғары­да айттық. Денсаулық сақтау министрі – Елжан Бір­танов. Ол бұл қызметке 2017 жылдың қаңтар айында келген. Сыртқы істер министрі – Бейбіт Атамқұлов. Ол өз ведомствосын қайта басқаратын болды­. Бейбіт Атамқұлов бұл қызметке 2018 жылдың 26 желтоқсанында тағайындалған. Оған дейін шенеунік Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарған. Мәдениет және спорт министрі Арыст­анбек Мұхамедиұлы да өз қызметінде қалды. Ол бұл минист­рлікті бес жылдан бері басқарып отыр. Энергетика министрі – Қанат Бозымбаев. Ол осы қызметті үш жылдан бері атқарып келеді. Отставкадан кейін ол өз қызметіне қай­та оралды. Бұлардың қатарында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Әділет минист­рі Марат Бекетаев та бар.

Сонымен, Үкіметтегі 16 ми­нистрліктің біреуі қысқарып, Үкімет құрамындағы 18 лауазым иесінің жартысы – орын ауыстырған немесе жаңадан келгендер. Ендігі кезек әкім­дерге келіп тұрған тәрізді, онсыз­да Ақтөбе облысын 2015 жылдың күзінен бері басқарып келген Б.Сапарбаевтың Үкімет үйіне қайта келгені белгілі. Бір адамның орын жылжытуы келес­і бір адамның үмітін үкілейді ғой. Ал, бүрсігүні Үкіметтің жаңа құрамымен бірінші отырысы өтті. Онда министрлер кабинетінің басшысы А.Мамин үкімет мүшелерін таныстырып, команда­ластарына «Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артты, біз оның сенімін ақтауымыз керек! Біздің үкіметтің құрамы нақты нәтижелерге бағытталған нақты­ істердің үкіметі болуы тиіс. Елбасы біздің алдымызға халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға, эко­номиканы одан ары әртараптандыруға және жаңа жұмыс орында­рын құруға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бірінші кезектегі міндеттерді қойды» деді. Бізге бір қолмен басқарылатын емес, өзіндік харизм­асы бар, халықшыл Үкімет керек. Ендеше­, ескі де жаңа кадр­лардың көптің көңілінен шығатын­дай тірлік тындыратын кезін күтейік. Оның үстіне жұрт айтып жүргендей, «қо­сылғыш­тардың орнын ауыс­тырғанмен, қосындының өз­гермейтінін» білсек те, бізге әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.

Н.АҚПАН

 

Бет  қатталып  жатқанда:

Сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі болып Оңдасын Оразал­ин таға­йындал­ды. Ол бұған дейін Президент әкімші­лігі бас­шысы­ның орынбасары қызмет­ін  атқарған. Ал, Түркіс­тан облысына Өмірзақ Шөкеев әкім болды. Бұл өңір бұрынғы вице-премьер үшін таңсық емес. Осы жердің тумасы 2006-2007 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған.

 


ЖАСӨСПІРІМДЕР НЕГЕ ЖИІ ЖОҒАЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.03.2019 14:02

Жыл басынан бері облыста (бір ай 19 күнмен есептегенде) кәмелетке толмағандар арасында  хабар-ошарсыз кетудің 7 дерегі тірке­ліпті. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспа­сөз  қызметі  хабарлап отыр.

Мәселен, 2019 жылдың 19 ақпанында сағат 03.40 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына қала тұрғынынан қызы 7-сынып оқушысының үйінен ашуланып шығып кетіп, қайта оралмағаны жайлы хабарлама түседі. Тексеру барысында анасы қызына ыдыс-аяқты жумағаны үшін ұрысқаны белгілі болған. Дереу­ жасөспірімді іздестіру жұмыс­тарына кіріскен ювеналды, патрульді полиция нарядтары жұмылдырылып, көпқабатты үй­лердің өжірелері мен шатыр­лары, аулалары, құрылыс жүріп жатқ­ан объектілер, мекемелердің аулалары араланып, тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтиже­сінде 05:20 шамасында Титов қыстағының тұрғынынан түскен  хабарламадан  соң қыз «Ескі  базар» аумағынан табылады. Тәртіп сақшыларымен жоғалған жасөспірім полицияға жеткізіліп, ата-анасына аман-есен қолхатпен тапсырылды.

Айта кетерлік жайт, соңғы уақыттарда кәмелетке толмағандардың ата-анасымен ренжісіп, үйден кетіп қалу дерегі жиі орын алуда. Мысалы, 14 ақпанда Тас­бөгет кентінде кәмелетке толмаған, колледждің 1-курс студенті сабақ­қа кетіп, үйіне қайта оралмаған. Тексеру барысында туысқан апасының туған күн кешінен кеш қайтқаны үшін анасының қызына ұрысқаны анықталған. Іздестіру жұмыстары барысында кәмелетке толмаған қыз сыныптасының үйінде жүрген жерінен табылды.

Сонымен қатар, 18 ақпанда колледждің тағы бір студенті сабаққа­  кеткеннен қайта орал­маған. Аталған хабар-ошарсыз кету дерегі  бойынша барлық жеке құрам  құлақтандырылып, іздес­тіру жұмыстары  жүргізіледі. Күш­тер мен құралдарды жан-жақты жұмылдырып іздестіру шараларының нәтижесінде арада 7 сағат өткеннен соң хабар-ошарсыз жоғалғ­ан  қыз «Сабалақ» саяжайынан табылған.

Осыған орай, полиция қызметкерлері  балаларға деген бақылауды және жауапкершілікті күшей­тіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды арттыру қажеттігін қатаң ескертеді. Әрине, олардың аман-есен табылғаны бәрімізді қуантады. Алайда бұл қадамға екінші рет бармасына кім кепіл? Психологтар егер балаңыз сізге жиі өкпелесе және жағдайдың көлеңкелі жағын ғана көруге бейім болса, онда сіз оның жетістіктері үшін лайықты мақтамаған әрі оның кемшілігін ғана байқап­ жүрген болуыңыз мүм­кін­дігін айтады­. Сондықтан балаңызды  жиі  мақтап, ағаттығы  үшін сөге бермеңіз.

 


АЛҒЫС – ІЛТИПАТ ҰШҚЫНЫ, МЕЙІРІМ ТҰНЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.03.2019 13:10

Ертең – алғыс айту күні. Ұлы дала ұлағатының өткеніне тағзым ету – әр тұлғаның адами парызы. Биыл қатарынан төртінші мәрте тойланғалы тұрған 1 наурыз – Алғыс айту күні жыл өткен сайын бір-бірімізге бауырмалдық сезім сыйлап, мейірім дәнегін сеуіп жатқанына кәміл сенім бар. Ал Израиль – алғыс айту күнін, яғни Суккот мерекесін   3 ғасырдан бері тойлап келе жатқан бірден-бір ел. Одан өзге Америка, Корея, Германия, Либерия секілді елдерде ерекше сипатқа ие күн.

Шыны керек, қазіргі қоғамның «қатыгез» деген нақтамасы бар. Адамдар арасындағы ілтипат ұшқыны, мейірім тұнығы, ықылас құндылығы мен рухани тазалық сыры жұтаңдап бара жатқан тұста ойымыздың айнасына қарап, бір сәт жүрек жұмсақтығын таныту қиын шаруа емес. Өйткені сыртқы әлемге көзқарас – болмыстың айнасы. Алғыс айту күнінің маңызын да осындай жайттармен тығыз байланыстыру да орынды. Сүрінгенге – сүйеу, құлағанға – тіреу, жылағанға – жұбаныш болу қасиеті қазақ халқының қанында бар адамгершілік қасиет. Тарих беттерінде естелігі ғана қалған патша үкіметінің солақай саясатының салдарынан туған-туыс, жақындарынан, ең қиыны туған Отанынан алыстатылып, басқа елдерге күштеп қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің қанатының қатаюына септігін тигізген ұлттың жұрнағы екендігіміз ұрпаққа ғибрат.

Алғыс айту күні – тек жылы  лебіз  арнау  емес, ұлттар татулығының ұйыт­қысы, бірлік пен бірегей­лік­тің арқауы және халық ынтымағының нығайған күні. Еліміздің көпұлтты мемлекет екенін ескерсек, бірлік пен береке, ынтымақ пен ырыс, олжа мен несібе біріккенде ғана ортақ қазанға құт болады­. Сондықтан Алғыс мерекесінің құндылығы біз үшін қалыпқа сыймас мәнге ие. Рухани кемелденуге жол бастайтын күннің тарих­ы да жоқ емес. 2015 жылдың сәуі­рінд­е Қазақстан  халқы ассамбле­ясы­ның «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбы аясында өткен ХХІІ сессиясында ел президенті тарихи сәттердің қиындығын еске алды.

- Сталин режимінде әр жылдары халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда олардың бөлме­нің бір бұрышына жиналғанын елестете­ беремін. Олар қорқып тұрды,  киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасымызда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызды барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе, әділетті болар еді, - деген еді ел президенті сол жиында.

Содан бері Жер-ананың бусанып, тіршілік иелерінің тамырына қуат бітетін мезгілдің бастауы саналатын наурыздың алғашқы күні бауырмал­дықты насихаттайтын «Алғыс айту» күнімен  басталады.

Тарихи деректерге сүйенсек, ХХ ға­сырдың басында қазақ топырағына Бело­руссия, Ресей және Украинадан 1,1 млн адам келген. Ал 30-жылдары ұжымдастыру барысында 250 мыңға жуық мүлкі тәркіленген шаруалар топтастырылып, 1,2 миллионға жуық адам өнеркәсіптік нысандарды салуға жіберілді. Барлығы да Қазақстанда тұрақтап қалған. Бірегей ел болған­дықтан әр ұлттың әдеби-мәдени элементтері мен дәстүр-жоралғыларына да құрметпен қарауы тиіс. Бір емес, бірнеше ұлт пен ұлыстың біте қайнасып өмір сүріп жатқан ортасын ізгіліктің ізі мен адамгершілік ғана толықтырып отыра алады.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


 

Сіз не дейсіз?

Ю.Ким,

«Қазақстан Корейлер ассоциациясы»

ҚБ төрағасының орынбасары:

 

- Корей халқы 80 жылдан бері құшағы кең, қонақжай қазақ жерінде өмір сүріп келеді. Ол кездегі трагедия куәгерлері де аз қалды.  1937 жылы Қиыр Шығыстан корейлер бір мезгілде жер аударылды. Сол жылдары қаншама адамның депортация салдарынан зардап шеккенін санамай-ақ қояйық. Мен әкемнің сөзін әрқашан есімде ұстаймын. Әкем айтатын, қазақ халқы – ұлы халық, өйткені олар отанынан айырылған адамдармен қолындағы соңғы несібесін бөліскен жұрт. Және жер ауып келген халыққа сый-құрметтері мен қайырымын аяған жоқ. Сол үшін кішкене болса да туған Қазақстаныма пайдам тисе екен деймін.

Біз, депортацияланған ұлттың ұрпағы, өзімізге бар жағдайды жасап, мүмкіндікті берген нағыз Отанымызды таптық. Қайырымдылық жасау, сабырлылық, сезімталдық – қазақ халқының қанында бар қасиет. Алғыс айту күні – қазақ халқына барлығы үшін шынайы рақмет айтуға тамаша мүмкіндік.

Сәби Аңсат,

облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

 

- Депортацияға ұшыраған қаншама ұлттар мен ұлыстар қазақ еліне мәжбүрлеп қоныстандырылды. Баспанасыз, ішер асқа, киер киімге зар болды. Қазақтар барымен бөлісті, мейірбандық пен қайырымдылық танытып, олардың көз жастарын сүртті. Міне, қазақ елі жаттығы жоқ, кеңпейіл, дарқан көңілді жұрт екендігін танытты, мемлекетімізде халықтар достығы көрініс тапты. Еліміздің тұтастығына, бірлігіне қызмет етті. Нашар ұлт болмайды, жаман әдеттерге бойын үйреткен адамдар болады. Көзқарасымызды түзейік. Өзге ұлттардың қазақтарға ризалығын қабылдай отырып, алғыстарына ықылас танытайық.

 

А.Абанин,

Қызылорда қаласының тұрғыны:

 

- Қазақстанның құнарлы жерінде мейірімділік, өзара көмек – қазақстандықтардың шынайы мақтаныштары бар достық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы. Мұның айқын дәлелі – Сырдың жері. Өзімнің жеке істерімде де отандастарымнан, жерлестерімнен қолдау тауып келемін. Қызылордалықтардың ыстық ықыласы мен мейірімінің арқасында кәсіби жетістікке жеттім. Ата-әжелерім, ата-аналарым мен ұрпақтарымның атынан бейбіт елде өмір сүру, жұмыс істеу, балалар мен немерелерімді тәрбиелеу бақытына бөлегені үшін қазақ жұртшылығына зор ризашылығымды білдіремін.

Гульчин Гейдарова,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

- Адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі – алғыс айта білу. Жақсы өзгерістер біз ризашылығымызды білдіргенде орын алады. Алғыс айта білу бізді жауапкершілікке тәрбиелейді. Қиын-қыстау шақта ата-бабаларымыз қазақ жеріне жер аударылып келгенде қазақ халқы қамқорлығына алып, қара нан, қара суымен бөліскен еді. Ата-анам 1944 жылдың қараша­ айында Кавказдан жер аударылып келді. Бауырындай көріп, жанынан үй тұрғызып, төрінен орын берді. Жүрегі кең, дарқан­ көңілді қазақ ұлты ата-бабаларымызға Қазақстанда шаңырағын көтеріп, ұрпағын жалғастыр­уға  мүмкіндік  сыйлады.

Қазақ бауырларыма алғысым шексіз. Әрдайым аспанымыз ашық, бейбітшілігіміз берік болсын. Қазақстанымыз көр­кейіп, гүлденіп, өркендей берсін. Елбасымыз аман, халқымыз­ бақытты болсын!

 


ТЕҢГЕГЕ ТІЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ТУДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.03.2019 13:06

«Бұдан былай банкноталар мен монеталарда мәтіндер тек мемлекеттік тілде жазылады». Иә, дәл осы ақпарат  шыққалы  бері  төбеміз  көкке  екі елі ғана жетпей­  қалды. Апыр-ай, тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асқан ел төл теңгесіне тіл тәуелсіздігін енді алып беріп жатыр. Бір жағынан намыстанасың, екінші жағынан, ел қуанғанда қалыс қала алмайсың. Теңгенің қазақша «сөйлейтіні»  туралы  Қазақстан Президен­тінің Жарлығында айтылды. Өзгеріс 2018 жылдың 12 желтоқсанында  енгізілген-ді.

Расында, соңғы жылдары еліміз тіл тәуелсіздігі үшін күресіп жатқандай. Дұрысы, енді ес жиып, айналаға  адамша  қарауды бастадық. Әрине, тіл мәселесіне келгенде әлі де атқарылар жұмыстар толып жатыр. Бір кездері қазақстандықтардың тегінен жаппай «ов» пен «ев»-ті алып тастауы да мемлекеттік тіл үшін маңызды еді. Мемлекеттік органдарда ісқағаздарын қазақша тол­тыру секілді жайттар да өз нәтижесін беріп келеді. Еліміздегі қала, көше атауларын қазақыландыруда да ана тіліміздің азаттық­ алуы байқалады. Елбасы да әр жылдары мем­лекетт­ік тілге байланысты өз ойларын айтып, қоғамдық қолдауға ие болып жүр. Өткен жылы «Үкімет пен Парламент қазақша сөйлесін!» деген болатын. Сонда сүйінші сұрап, балаша қуанғандай болып едік. Бұ мәселеде саясаткерлер бізді қолдамады. Себеп, «тілге жанашырлық заң жүзінде болуы керек, кісі сөзінен соң ғана іске кірісу – қауіпті» деген сыңайда пікір  білдірді. Жөн шығар. Ал, латын­  әліпбиіне оралуды құр сөз емес, іс жүзіндегі қадам деп ұғынуға бола­тынын бірқатар тіл мамандары мен тіл жанашырлары  уақытында  айтты. Айтпақшы, «Серпін» бағдарламасының солтүстікті қазақыландыруға арналған сыпайы саясат екенін мойындауымыз керек. Сол секілді, кейінгі жылдары жеке тұлғалар тарапынан да мемлекеттік тілге деген қолдау­, оны талап ету фактілері тіркеліп жатты. Біршама­ тіл жеңісіне куә болдық. Теңгенің тәуелсіздігін де соңғы қатарға қосуға болады. Дегенмен, бұл атқарылар жұмыстар­дың  соңғысы  емес  деп сенеміз.

 

Рыскелді  ЖАХМАН

 


 

«Ұлттық  валюта – Қазақстан теңгесі  банкноталары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын  бекіту туралы» №804 Жарлыққа сай банкнота мен монеталарда қолданылатын жазбаның мәтіні енді мемлекеттік тілде ғана жазылады. Ал, инвестициялық және коллекциялық монеталарда шеттілдің жазбаларын қолдануға болады.

 

Ресейдің   реакциясы

 

РФ  СІМ-нің  өкілі:

«Бұл – Қазақстанның ішкі мәселесі»

- Бұл – Қазақстанның ішкі мәселесі. Және біз ол жақтағы орыстілді тұр­ғындардың құқығына байланысты әріптестерімізбен байланыстамыз. Қазақстанда орыс тілін сақтау үшін нақты істер жасалып жатыр.

 

Gazeta.ru  сайты:

«Жаңа валюта:

Қазақстан орысшадан қалай құтылып жатыр?»

- ...Бұл шешім – Республиканы деру­сиф­икациялауға  (орысшаланудан  азат етуге) бағытталған жүйелі саясат­тың нәтижесі. Ресей билігі бұған қатысты мәселенің барын растай­ды. Алайда Республиканың ішкі шаруасына­ араласпағанды  жөн  санайды.

 

Новая  газета  сайты:

«Орыс  тілі  қазақ тілімен қатар қолдануы тиіс»

- ...Десе де, Қазақстанның мем­лекеттік тілі – қазақ тілі. Сондай-ақ, Конституцияда орыс тілінің айрық­ша ұлтаралық статусы туралы­ жазылғ­ан. Ол (орыс тілі – ред.) – мемлекетт­ік ұйымдарда, жергілікті басқару органдарында қазақ тілімен қатар  қолданылуы  тиіс.

 

(Пікірлер  Abai.kz  сайтынан ықшамдалып  алынды.)

 


«АШЫҚ КЕҢІСТІКТЕ» ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ӘКІМДІК ДАЙЫН БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.03.2019 13:03

Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінің әкімі Пахуаддин Шамұратов «әу баста тұрғындармен «ашық кеңістікте» жұмыс істеуге үйренісе алмадық» деп шынын­ айтып отыр.

– «ОУПЕН СПЕЙС» форматына ауысудағы мақсат – халық­қа қолайлы жағдай жасау. Яғни, әкімдік пен тұрғындар арасын­дағы байланысты барынша ашық негізде құру. Әрине, алғаш­қыда бұл өзгеріске күмәнмен қарадық.

Себебі, төрт қабырғамен қоршаулы үйреншікті кабинеттің орнына жан-жағы ашық әйнек қабырғалар орнатылғанда, әдепкіде үйренісе алмағанымыз рас, - дейді ол Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің алқа мәжілісінде.

Шамасы, үнемі «жабық есік» жағдайында жұмыс істеп үйренген олар алғашында халықпен ашық қарым-қатынас орнату­ға батылы бармаған тәрізді. Кейіннен әкімдік қызметкерлері бұған бой үйретіп алған-ау.

– Алайда осы өзгерістер шын мәнісінде мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кедергілерді жоюға өз септігін тигізетіндігін көрсетті. Өйткені әкімдікке келген азаматтар қызметкерлердің жұмыс процесін өз көздерімен тікелей бақылау мүмкіндігіне ие болып, келушілер ашықтық пен жариялықтың бір көрінісінің орын алғанына ризашылық білдіріп отыр, - деп П.Сыражадинұлы сөзін одан әрі жалғады.

Демек, жергілікті билікке бұл бастаманы одан әрі жандандыру­ қажет. Сонда елдің әкімдікке дегені сенімі нығая түсер, бәлкім?! Сондықтан Тасбөгет кенті әкімінің алғашқы қадамына бәрекелді дейміз. Департамент өкілдері «ашық кеңістік» форматында­ жұмыс істеуге барлық аудан әкімдеріне ұсыныс ретінде тастаған­. Дегенмен, бұл мәселе әлі де талқыланып жатқан көрінеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша депар­таменті былтыр біраз жоба жасақтаған. Айталық, «Жастар жылы» аясында жас мемлекеттік қызметкерлердің санын арттыру қолға алынған. Бүгінгі таңда аймақта 3500-ден астам мемлекеттік қызмет­кер бар. Оның небәрі 16,5 пайызын жастар құрайды.

– Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындары түлектерінің арасынан білімді, бәсекеге қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» құрылды. Аталған мектепке қабылдануға ниет білдірген 100-ден астам жастардың арасынан 25 жас іріктеліп, Академия­ның облыстық филиалы базасында оқу курсынан және Қазақстан Республикасы заңнамаларын білуге арналған тестілеуден, мемлекеттік органдарда 2 апталық іс-тәжірибеден өткізіліп, сәтті бітірген 12 жасқа сертификаттар табысталды,- деді департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

Б.Ұзақұлының сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросының облыстық департаментімен былтыр 1222 қылмыс тіркелсе, 74 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 5 жүйелі сыбайлас жемқорлық дерегі, 12 шағын және орта бизнес істеріне заңсыз араласу фактісі анықталған. Бүгінге дейін қылмыстық істермен келтірілген залал – 553,3 млн теңге, ал өндірілгені 487,3 млн теңгені құраған.

Жиын барысында департамент басшысы Абзал Мұхимов облыста №086/е үлгісіндегі медициналық анықтама жасаудың ең көлемді жүйесі барын айтып қалды. Былтыр осыны болдырмау үшін Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып бірқатар заңсыздықтардың орын алғандығын жеткізді. Сонымен қатар ол биыл бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, мемлекет­тік қызметкерлердің әдебі ұдайы бақылауда болатынын айтты.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

 


АДАМ ТҮЗЕЛМЕЙ, ҚОҒАМ ДА ТҮЗЕЛМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.03.2019 13:00

Біздің қоғамымыз күннен-күнге өркендеп, өсіп келеді. Ал осы өсіп-өркендеу  жолында  тосқауыл  болатын­ нәрселер де аз емес. Соның ең бастысы ретінде жазылмас індеттей өршіп бара жатқан сыбайлас жемқорлықты айтуға болады. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Дегенм­ен, «Бұл жұмыстар өз шешімін тауып, нәтиже  беріп  жатыр ма?» деген­ сұрақ кімді  болса да алаңдатары сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық тек біздің еліміздің ғана емес, әлемдегі күллі мемлекеттердің саяси даму сипаты­н тежейтіндігі анық.

Қазақ халқы­ «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп осы індеттің өткен ғасырлардан бері келе жатқан мәселе екендігін кезінде-ақ дәлелдеп кеткен. «Сыбайлас жемқорлықпен күресіп, оның алдын алу керек, елдің болашағы мен біртұтастығы үшін бұл маңызды мәселе» деген сөздерді жиі естіп жатамы­з. Бірақ, «осы сөздерді кімдер айтып жатыр, оны жою үшін өзі қандай істер атқаруда?» деген сұрақ та туад­ы. Әр адам ұлты үшін қызмет еткісі келсе, түзу жол мен әділдікті өзінен бастаған жөн. Адам түзелмей, қоғам да түзелмес.

Біздің қазақтың бір айыпты жері бар. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ұғымға баса назар аударады. Шенділерге шекпен жабудан шаршамаған қазақ, өзінің шырға­лаңға кетіп бара жатқандығын байқамайтын секілді. Сол себепті бос сөз бен құр уәдені құлаққа іле бермей, лауазымды тұлғалардан осының шешу жолдарын ұсынуды талап ететін уақыт келді. Ел іс жасамай, қолға алмай да  жатқ­ан жоқ. Алайда біз бұл мәселені түбегейлі жойдық деп те айта алмаймыз. Сан салада көрініс тауып­ жүрген бұл мәселе өз шешімін таппайынша, елдің де, ердің де көктемейтіндігі  мәлім. Ал  сыбайлас жем­қор­лық  қазіргі таңда қандай жолдармен  жүзеге  асып жатыр?

Сыбайлас жемқорлық арқылы жасала­тын қылмыс түрлеріне әдет­тегі­дей  лауазымдылар  шатылып  жатады. Өз қызметін асыра пайдалану, пара алу, пара беру, бөтен мүлікті иеленіп алу сияқты нәрселердің барлығы сыбай­ластық байланыстарын пайдалану ар­қыл­ы жүзеге асып жатыр. Бұл індет – елдің экономикасының дамуына, саяси­ және қоғамдық мәселелерге кері әсер етіп, халықтың әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сондықтан онымен пәр­менді күресу үшін халықтың құқықтық сауатт­ылығы мен құ­қықты түсіндіру жұ­мысының деңгейі, сапасы жоғары болу­ы шарт. Өз­дерінің құқық­тарын, өздеріне қарсы  қандайда бір құқыққа қайшы іс-әрекет жа­салған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану­ керектігінің нақты жолдарын әрбір  адам  толық  білуі қажет.

Қызмет құзыреті бойынша Тәртіп­тік кеңеске Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Респуб­ликасы мемлекеттік қызмет­керлерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлер­дің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу – ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі ол – мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы, жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетін жегі құрт. Сондықтан да Қазақстан Рес­публик­асының мемлекеттік саяса­тының­ негізгі басымдықтарының бірі осы індетпен күресу болып отыр. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі де, бермеуіміз де керек. Қоғамның барлық күш-жігерін бірік­тіріп, осы дерттің одан ары ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амал­дарын қолдану арқылы ғана бұл құбылы­сқа тиімді түрде төтеп беруге болады.

Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жылға жуық уақыт болды. Өткенімізге үңілсек, Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мем­лекетіміздің беріктігінің нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономи­касы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Ел дамуының жаңа жолын айқындап көрсетіп, сара жолды сараптап көрсете білді. Елбасының ендігі мақсаты – түзу және жарқын жолды таңдай отырып, елді алпауыт мемлекеттердің қатарына қосу. Айқындап берген жолды ары қарай жалғастырып, тасын­ өрге домалату – бүкіл қазақстандықтардың қолында. Ел болып қызмет атқарсақ, әділдіктің туын бірге желбіретсек, турашылдықты тізгіндей алсақ, сонда ғана елдің ертеңі жарқын, болашағы айқын болмақ. Індетпен ілесіп кете  берсек, қауіп  ешқашан сейілм­ейді, елдің келешегі кемелденбейді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық Қазақстан Респуб­ликасы тұрғыны «азаматтық міндетім»  деп  білуі керек.

 

Ғ.ИМАҒАНБЕТОВ,

Қызылорда  облысының  кәмелетке толмағандардың

істері  жөніндегі  мамандандырылған

ауданаралық  сотының  сот приставы

 


ОРЫНБОР АРХИВІН АҚТАРСАҚ, ҚЫЗЫЛОРДА ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР ТАБАР ЕДІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
01.03.2019 12:56

Кенжегүл  АХМЕТОВА,

«Ақмешіт» музей филиалының меңгерушісі:

 

«А.Байтұрсынұлы  араб тіліндегі  «Әліпбиін»

Қызылордада  жазған»

 

– Кенжегүл Құлбараққызы, әңгіме­мізді «Ақмешіт» музей филиалының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.

– Музейіміздің, өзіңіз көріп тұрғандай, 100 жылдан аса тарихы бар. Мұны өңір тұрғындары білмейді деп айта алмаймын. Өткен жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығын  атап өттік. Мерейтой қарсаңында музей қызметкерлері көптеген ауқымды шараларға, Қамысқаладан бастап кешегі тәуелсіздік жылдарына­ дейінгі тарихты сабақтастырып, «Кеше. Бүгін. Ертең» деген тақырыпта түрлі көрмелер ұйымдастырдық. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет­ үйіндегі конференцияларға, Сыр сүлейлері аллеясында өткізілген мерек­елік шараға да қолымыздан келгенше үлесімізді қостық.

Біздің музейіміздегі құнды дүниелермен шықтық деп айтсақ болады. Өйткені, қазір Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында сол жақ жағалау­дан «Рухани жаңғыру» орта­лығы­  ашылды. Соның жанында бұрынғы­ 1925 жылы Қызылорда қаласы­ астана болған кездегі Орталық атқару комитеті үйінің сызбасы негі­зінд­е жаңадан музей ашылды. Сол музейге де «Ақмешіт» музей филиал­ы тарапынан көптеген әдіс­темелік көмек берілді. Бізде тұрған архивтік құжаттар, құнды заттар музей­дің экспо­зициясынан орын алды.

– Архивтік  құжаттар  не  туралы?

–1925-29 жылдары Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы болды. Осы төрт жыл астана болған кезде өткізілген съездер, мәселен, бүкіл­қазақтық 5-ші Кеңес съезі, сол съезде­ қабылданған қаулылар, оған дейін Ақмешіт аталған қалаға Қызылорда деген атаудың берілуі, оған дейін қырғыз аталып келген бізге қазақ деген­ атаудың берілуі жайында. Ерекше­ тоқталып өту керек, ел астана­сы Орынбордан Ақмешітке көшкен уақытта Алаш ардақтылары астанамен бірге осы Қызылордаға көшіп келді. Қазақ зиялыларының бірқатар еңбектері, кітаптары қазіргі Қызылорда қаласында жазылған. Айталы­қ, А.Байтұрсынұлы араб тілінде жазылған «Әліпбиін» музей маңайында Садовая көшесінде тұрғанда жазған екен. Қазіргісін білмей отырмын. Өткен сайын қараймын, ізін таппай жүрмін. Қазіргі «Аль-Асад» сауда үйі – біз үшін көп қызмет атқарған ғимарат. 1878  жылы  салынған. Алғаш мектеп­, училище, тігін шеберханасы, одан кейін баспахана ғимараты болған­ екен. Қазіргі «Сыр бойы» газеті­ (1928 жылдың шілде айы деп жазылып  тұр) «Аль-Асадтан» басылып шыққан. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Қазір аталмыш тақырып біздің зерттеу нысанымызға айналды. Әлбетте, мұндай дүниелерді тілге тиек еткенде тарихқа жүгінбей ауыз аша алмаймыз. Тарихшы Мәди Кереев­ деген атамыз­ болды. Сол кісіден өте көп кеңес­  алдық.

– Музейдің  ашылғанына  көп бола қоймаған  шығар?

– Иә, 2004 жылы 15 желтоқсанда облыс әкімі И.Адырбеков болып тұрған кезде жұмысын бастады. Бұл ғимарат – тарихи ескерткіш. 2004 жылы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асты ғой. Байып­ты бастаманы бетке ала отырып­, Сыр өңіріндегі тарихи ескерткі­штерді бұзбай сақтап қалу мақсатында және Қызылорданың аста­на болғанына 80 жыл толуына орай ашылды. Одан бері 15 жыл уақыт өтіпті. Музейдің орналасқан орны әдемі. Дегенмен, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі уақытта қолымыздан келгенше тазалап, сылап-сипап, ғимаратты күтіп-ұстап отырмыз. Жанымы­з ашиды. Біз өз тарапы­мыздан ұсыныс беріп жатырмыз. Музейд­і жаңалау туралы. Кезегімізді күтіп отырмыз. Облыста көркем сурет­ галереясы ашылды. Жаңа музей,­ «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Мәдениет саласында бұдан да жағдайы сын көтермейтін мәсе­лелер шешілуде. Сол себепті, күте тұру­ға  тура келеді.

– Музейге кімдер, қай мамандық иелері  жиі  бас  сұғады?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бізге автобус берілген-тұғын. Сол көлікпен мектеп оқу­шыларына арнап тарихи, көрікті жерлер­ге экскурсия ұйымдастырдық. Мектептің алдына барып, оқушыларды алып кетеміз. Саяхат біткеннен кейін мектепке дейін жеткізіп саламыз. Сынып жетекшісі, ата-аналар комитетінің төрайымы жүреді бірге. Жоғары сынып оқушылары мен ЖОО студенттеріне 2018 жылы облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың бастамасымен барлық жерлер­ге тапсырма берілді. Бізде «Қасиет­ті Қазақстан» географиясына енген 47 нысан бар. Қазіргі таңда елдің батыс-шығыс бөліктеріне қарай экскурсия ұйымдастырылып жатыр. Түркістан, Сығанақ, Сауран, Қорқыт кесенесі, т.б. Облыс әкімі бұл бастамаға қолдау көрсетіп, іс жүзінде жүзеге­ асыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде студенттерден гөрі оқушылардың музейге келіп, көнеден келе жатқан жәдігерлермен танысып, тарих­и танымын кеңейтуге қызығушылығы басым. Маған солай көрі­неді. Қазіргі оқушылар жан-жақты. Ал студент жастарды апайлары алып келеді. Өздерін мәжбүрлеп әкелетін­дей көрінеді маған. Әсіресе, тарих факультеті мен филология, шетел тілдері және археология мамандығында оқып жатқан студенттер жиі тамаша­лайды. Мұғалімдер ғылыми жобаларына  байланысты мағлұматтар алу үшін келеді. Сосын қала тұр­ғындары. Зиялы қауым өкілдері түрлі шаралар ұйымдастырылған кезде бағдарламаларға қонақ болып келеді. Біз оқушылармен жиі жұмыс жасап отырмыз.

 

«Көрмемізді  алып

түрмеге  барамыз»

 

–     Қанша экспонат бар?

– Қазір 2000-ға жуық құнды дүние­лер бар. Біз тарихи-атаулы күндерде көрме жасаймыз ғой. Қазір олай емес. Суицид дейді. Суицидке байланысты шара өткіземіз. Себебі суицидтің алдын алу үшін жұртшылық осындай мәдени орындармен байланыста болу керек. Біз тек музейдің­ жұмысын ғана емес, мектептің  жоспарындағы  жұмыстарды да  атқарамыз. «Нашақорлық – ғасыр дерті» деген тақырып келсе, соған байланысты іс-шара ұйымдастырамыз. Арасында көрмемізді алып түрмеге  барамыз. Барлығының  уақы­тын тиімді өткізу үшін көрмемізді арқалап бара береміз. Әрине, біз барлығ­ына тарихты таныстырудан жалықпаймыз.

– Туристер көп келе ме?

– ЭКСПО-ның кезінде Қорқыт кесенесіне бара жатқан туристер көп келді. 2017 жылы 50-ге жуық турист біздегі құнды заттарды көріп қайтты.

– Оларды қандай ақпараттар қызықтырды?

– Бірінші, мына музей ғимара­тының өзіне қызықты. Ішіндегі дүние­лерді көрмес бұрын, сыртқы көрінісінің өзі туристерді таң-тамаша қалдырды. Қазағымыздың ертеде пайдаланған тұрмыстық заттарын таңсық көріп, сол туралы ақпараттар сұрады. Біздегі  ағаш табақ туралы «бір табаққа бір қойдың еті сыятын болған» дегенімізде сенер-сенбесін білмей, таңдай қағысты. Шегесіз қағылған шкаф, Парижде жасал­ғанына 100 жыл болса да істен шықпаған қабырға сағаты да шетелден келген қонақтар үшін жұмбақ заттай көрінгені  рас.

– «Туристер тарапынан экспонаттарға «жиендік жасағысы» келгендер бар» деген сөздер қаншалықты рас?

– Иә, мұндай жағдай кездескен...

– Нені  сатып  алғысы  келді?

– Теміржолшылар тұтынған заттар­, саквояж, фонар. Біз оларға мұндай құнды дүниелерді сатпаймыз, қайта жинайтынымызды айтып түсіндірдік.

 

 

«Музейдің  ескілігі

оны  құнды  ете  түседі»

 

– Тұрғындар тарихи мәні бар ескі заттарды өздері әкеліп тапсыра ма?

– Біз жұртшылықтың сол қадамға баруына, яғни өз еркімен құнды дүниел­ерді алып келуіне жұмыс істейміз. «Сарайымызда шаң басып жатқанша, музейдің төрінде тұрсын, келер ұрпақ танысын» дейді бізге. Биыл  Елбасының «Ұлы даланың  жеті қыры» мақаласына байланысты 7 міндет қойылды ғой. Соның бірі атқа міну, металлургия, қызғалдақ­тары бар, әр міндетке қатысты біздің музей ұжымы іс-шаралар ұйым­дастыруда. Ат әбзелдеріне байла­нысты көрме, тағысын тағы. Ендігі көрмеміз металлургия, аң стилінде жасалған заттар жайында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Оған археологиялық жұмыстар арқылы табылған қазбаларды қоямыз. Металлургияға байланысты ертеректе тұтынған шоқ үтік, темірден жасалған заттарды халық назарына ұсыну ойда бар. Кешег­і аптадан бері С.Қожанов пен И.Тоқтыбаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойына орай оқушыларға көрме ұйымдастырдық. Тарих жа­дына сақтаған, елге еңбегі сіңген тау тұлғаларды әрқашан дәріптеп отырамыз­. Жоспардан тыс «Невада- Семей­», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» толуына­ байланысты құрметті кісі­лерді шақырып, тарихи орындарда жастармен кездесу өткіземіз.

– Жұртшылықтың көрмеге аса қызығушылық танытпауына не себеп және оларды көптеп тарту үшін не істеген­  дұрыс деп ойлайсыз?

– Біз әрбір өтетін көрмені әлеуметтік желілерде арнайы парақшамыз бар, сонда жарнамалап, қала тұрғындарын шақырамыз. Бір апта бұрын мектепке, оқу орындарына хат жібереміз. Қайбір жылдарға қара­ғанда қазір келушілердің саны артқан.­

– Айтыңызшы, музейге келмеген адам  нені  жоғалтады?

– Өзін жоғалтады. Себебі, әр адам өзінің тарихын білуге тиіс. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлың­ғыр». Ежелгі грек философы Платон осылай депті. Көнеден қалған ескі сөз болғанымен, қазірдің өзінде өзекті, қазірдің өзінде қажет.

– Музейге халық неліктен аз келеді?

– Этнографиялық экспедициялар бізде жоқ. Мәдени іс-шарамен айналысып кеттік. Өзге облыстарға іс­сапарға шығуымыз керек. Соған жоғар­ы жақтан қаржы берілсе, үлкен қолдау болар еді. Ал қаражатсыз ешқа­йда аттап баса алмайтынымыз белгілі жағдай. Мысалы, Орынбордың архивінде бір күн отырып жұмыс істеу үшін оған ақша төлеу керек. Егер Орынборға барып ондағы архивті ақтарсақ, Алаштың­ анасы, туған жеріміз Қызылорда­ туралы тың деректер алып келуге болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ең бірінші астана сол жақта болды ғой. Бізде барлығы болған соң қадірін білмей отыруымыз мүмкін. Біздің музей ескі. Және сол ескілігі оны құнды ете түседі. Уақыт өткен сайын бағалылығы артады. Музейге келген адам көненің иісін  сезуі қажет.

– Қызметіңіз несімен ұнайды өзіңізге?

– Негізі менің екі мамандығым бар. Өнер факультетін бітіргенмін. Сондықтан түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру  қиындық  тудырмайды. Екінші мамандығым – тарихшы. «Өткенді білмей, болашақты болжау қиын». Туған жерімді зерттеу, оның тарихын дәріптеу – менің сүйікті ісім. Осы күнге дейін еңбегіміз үшін көптеген кісілерден алғыс алып жүрміз. Мұның барлығы біз үшін үлкен  мәртебе.  Бір мәрте облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен бірге ҚР Премьер-министрінің орын­басары Гүлшара Әбдіқалықова біз ұсынған көрмеге қатысқан. Сонда Г.Әбдіқалықова күмістен, мыстан жасалған тұрмыстық бұйымдарды көріп қатты таңданды. Музей жұмыс­тарына билік өкілдерінің көңіл бөлгені бізді де қуантты.

– Әңгімеңізге  рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Жазира  БАҒЛАН

 


САНАДАҒЫ ҚҰЛДЫҚТАН ҚҰТЫЛҒАНДА ҒАНА АДАМ ЕРКІН БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2019 12:51

Советқазы  НҰРСИЛА,

қоғам  қайраткері

 

Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік желілер ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы болып тұр. Әсіресе, «facebook»-тің тұрақты қолданушылары арасында өзіндік ой-пікірі, ұстанымы, көзқарасы бар жандардың жазбаларына жиі көз жүгір­теміз. Осында тұрақты әрі белсенді қолданушы Советқазы Нұрсила есімді азаматтың­ айтары айрықша назар аудартады. Кереку өңірінде тұратын оның мамандығы механик­ бола тұра, еркін ойлы жазбалары жұрттың жігерін жаниды. Ұлттық құндылықтар жайлы біраз өлеңдері де бар. Оның бизнесте де қолтаңбасы қалды, қазір де жоғары технологияны дамыту ісімен айналысып жүр.

Біз де газет оқырмандарының дені интернетке қолы жете бермейтін шалғай ауылдарда әрі көбі аға буын өкілдері екенін ескере отырып, Советқазы ағаның рұқсатымен өз парақшасындағы соңғы жазылған жазбаларының бір тобын жариялағанды жөн көрдік. Оқыңыз, ой түйіңіз, пікір қосыңыз, ардақты оқырман!

 

ҚОРДЫҢ  ҚОРЛЫҒЫ немесе  ҚАЗАҚИ  ҚАСІРЕТ

Еліміздегі қайғылы оқи­ғалардан көз аша алмай жатырм­ыз... Миллиардтаған капита­лизациясы бар «БӨБЕК» қайырымдылық қоры, телеарналардан түс­пейтін Аружан Саина т.с.с жүздеген қорлар бар екен... Оларға мемлекет тарапынан көп­теген салық жеңілдіктері қараст­ырылған  екен...

Бүкіл халық көңіл айтып қайғырып жатқанда «мәу» деген­ бір қор болмағаны, ол қорлардың құлқын үшін құрылғанын көрсетпейді ме?!

Миллиардтаған қаражатты демеушілер мен үкімет не үшін беріп отыр деген заңды сұрақ туындайды...?!

Ең сорақысы...

P.S. Млрд бермесе де, мың теңге көмек көрсетіп, қордың бар екенін білдіріп қою керек ғой...

 

ҚҰЛДЫҚ  ҚАҒИДА

Бір патшаның өте жақсы құлы болып­ты. Бір күні патша сол құлын шақыр­ып алып: - Сіз менің әкеме де құл болдыңыз, оның әкесіне де құл бол­дыңыз... Маған да құлақкесті құлым болғал­ы талай жылдың жүзі болды. Көп жылдар көрген бейнетіңіздің адал зейнет­ін көріңіз, - деп, ат басындай алтын­, қалтасына қаражат салып беріп, бостандыққа қоя берген екен. Бірнеше күннен кейін құлы қайтып келіп: - Тақ­сыр­, Сізге мың да бір рақмет! Мен мына бостандықты қалай қолдануды біл­медім. Бүкіл саналы өмірім құлдықта өтті, санамдағы құлдық мені қайта осында ҚҰЛДЫҚҚА алып келді. Онан да ҚҰЛ болып  сізде  жүре  бергенім  дұрыс  екен, - деп, қайтадан мойнына құлдық қамытын ілген екен.

P.S. Санадағы  құлдықтан  құтыл­ғанда ғана адам еркін болады. Құлдар мемлекетті қорғай алмайды, құлдарда мемлекет болмайтынын бір еске салып кетейін  деген  ой ғана!

 

ЕСКЕРТУ: Атам қазақ: - Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді, - деген мақалды басшылыққа ала отырып... Бөлінген бөріге жем болады,- деген екен!

 

DІНИ  DИАЛОГ  немесе DИАЛЕКТИКАЛЫҚ  DИСБАЛАНС

Көптеген достарымыздың қоғамды толғандырып жүрген тақырыпты қоз­ғауға қоғамдық пікірден қорқатыны рас...

Соның ең қиыны және өткірі – діни наным-сенім мәселесі. Ол үшін БАҚ-та ашық диалог, дебат керек сияқты. Себебі, қоғамда диалектикалық дисбалан­с үдеп келеді! Деструктивті діни ағымдар бой көтеріп, өз ұлтына, өз тіліне деген көзқарас қатты өзгеріп, экстремистік топтар пайда болып келе жатқаны жайлы БАҚ-тарда көп жазы­луда­... (Саентология, Аум Сенрикё, Нурмжалар, Свидетели Йогова, Церковь Христа, Мәсіхші, Салафизм, Таблиғ­и жамағат, Уахабизм... т.с.с.). Ұлттық құндылықтарға селкеу түс­кенде, бөліну басталады екен... Рационалды ойлайтын ғалымдар мыңдаған адамның алдында өз пікірін ғылыми тұрғыдан айтып, қоғамдық пікір тудырады екен...

Мысалы, өркениетті елдерде Жак Фреско, Лоуренс Краус, Ричард Докинз, Стивен Хокинг, Даниел Деннет, Нобель сыйлығының лауреаты Стивен Вайнберг, Ресейде Е.Понасенков, А.Невзоровтар дін өкілдерімен кезде­сіп, өз пікірлерін ортаға салып, ашық дебат жүргізеді. Шоудан шаршаған халық­қа ақпаратты-танымдық бір бағдар­лама қажет сияқты... (Бізде шоу және «Асыл арна»).

Осындай пікір алысу бізде болса, эмоциямен емес, логикалық тұжырым арқылы жүргізу мүмкін бе, досым?!

P.S. Бір ұлттың балалары діни тақырып­  үшін бөлінбей, бет жыртыспай, санаға сап сараптап, ұлттық әдет-ғұрыптан, дәстүрден аттамай, мәдени диалог жасасын деген ізгі ой ғана еді...

 

КРЕСТІҢ  «КЕРЕМЕТІ»  немесе ҚАРАПАЙЫМ  ҚАҒИДА

Қатты суық тиіп ауруханаға түскенім жайлы айтқан едім... Жаныма жетпіске келіп қалған Федя деген «ағамызды» жайғастырды... Бойы бір қарыс болса да, шақар, өз мінезі бар, құдайға сенгіш екен пақырың... Жиі-жиі темекі тартады. Ол темекі тартуға кеткенде смартфоннан Eurospotr арнасын қосып, Australian Openде өтіп жатқан теннис көріп жатқан едім. Ол: - Шұқшиып не көріп жатырсың? - деп, маған шұқшиды... Мен: - Ресей мен Америка ойнап жатыр, - деп едім, бәйге атындай екі құлағын қайшылап, жаныма жетіп келді... Павлюченкова мен Коллинз ойнап жатқанын аздап түсіндіріп едім, Федя жылдам-жылдам шоқынып, Павлюченковаға арнап дұғасын оқып, жаным­а жайғасты... Мен оның шырпы қорабынан екі тал шырпы алып, крест жасап беріп ем, дән риза болғаны...

Бірінші сетті орыс қызы 6:2 есе­бімен  жеңді... Екінші сетті Коллинз  7:5 есебімен жеңді... Федя тіпті жиі-жиі шоқына бастады! Үшінші сетті Коллинз 6:1 есебімен жеңгенде, шоқынып отырған­ Федя «ағай» «Victory» деген жазуы бар шырпыдан жасаған кресті қолымен еденге шашып, шырғалаң тудырған­ы...))))

Осы кезде дәрігер келіп, крещение күні суға түскен бірнеше қауға сақал қандасымыздың пневмониямен түс­кенін  хабардар  етті...

Павлодар. №1 емхана. Терапия бөлімі.

P.S. Барлық діни конфессияға құрметпен қараймын... Бірақ, дұғамен емдеймін, дұға арқылы жеңіс сыйлаймын дегенге онша-мұнша сенбейтін болып бара жатыр­мын!  Сіз  не  дейсіз, досым?!

 

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ  ИДИОТИЗМ немесе

АЗҒЫНДАУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Әрбір мемлекеттің ұлттық идеологиясы болады екен...

Арақ-шарапқа адамдардың есімін беру («Асанәлі» коньягі, «Бибігүл» шарабы­) аздай, Қазақ хандығының іргетасы­н қалаған Жәнібек пен Керей ханға «Сайтанның сідігіне» ат қойып, айдар таққаны ешқандай қалыпқа сыймай­ды деген ойға келіп, мемлекет­тік мекемелер салық төлеушінің қара­жа­тына қандай идеологиялық қызмет көрсетіп  жатыр деген ой келеді ме Сізге,  досым?!

Мәдениет министрлігі (Мәдениет­сіз  министр) азғындатып жатқан шарап­ құдайына (Бахус) айтары жоқ па? - деген­ ой келеді... Қожайыны Кара­петян деген біреу болуы мүмкін...(((

P.S. Бір алқаш: - Құдайға құлшылық жасап жатырмын ,- депті... - Құдайың кім? - деген сұраққа: - Бахус, - деген екен...

 

КОНФУЦИАН  КИІМІ  немесе

«АТРИБУТИКАЛЫҚ»  АДАСУ

Цин (Шың) империясының императоры қол астындағы барлық бас­шылары­н, уәзірлерін, оқымыстыларын жинап алып: - Осы бізде конфуциан дінін  ұстанғандар  көп  пе? - деп, сұрапты...

- Құдайға шүкір, ондайлар бізде өте көп, оларды сыртқы атрибутынан, киінге­н киімінен, сақалынан тануға болад­ы, - деп, жауап беріпті жинал­ғандар.

Император біраз ойланып: - Олардан қалай құтыламыз? - деп, тосын сұрақ  қояды.

Сонда бас уәзірі: - Ертеңнен бастап, осындай киінген адамдар қатты жазаланады деген заң шығарыңыз, киімдерін  шешіп, сақалын алып, бірден тоқтайды, - деп, кеңес береді.

Император заң шығарғаннан кейін бір жұмадан кейін, сондай атрибуты бар адамдар бірден жоғалып кетіпті. Тек ғана бас уәзір солай киініп жүргенін көрген император оны шақырып ап: - Сен неге бұлай киініп жүрсің? - деп сұрайды. Сонда бас уәзір: - Олар неге олай киініп жүргенін білмейді және ол сұраққа жауап бере алмайды. Ал, мен болсам, оны білемін және қойған сұраққа жауап бере аламын, - деген екен...

Көбі будда дінін ұстанған көрінеді сол кезде.

P.S. Адамның наным-сенімін сыртқы формасына қарап баға беріп жүргенімізге байланысы бар ма әлде жоқ па, оны өздеріңіз сараптап аларсыздар, әзиз достарым!­

Бұл әлемдегі барлық діндерге қатысты болуы әбден мүмкін...

 

Ескерту: Білім министрлігінің «жаңалықтарына» жауап деп қабыл­даңыздар, достар!

 

«ШИЗОФРЕНИКТІҢ» ШИМАҚТАРЫ  немесе

БІЛІКТЕГІ  «БЕЛСІЗДІК»

Атам қазақ баласын оқуға берерде молдаға: - Баламның сүйегі менікі, еті сіздікі, - деп, тапсырады екен. Осы сөздің философиялық мағынасына терең үңіле бермейді екенбіз... Яғни, бұл жерде сүйек деген болмысын (основа­) өзгертіп жіберме, дегені. Болмысы­ дегеніміз ұлттық құндылықтары, ділі, дәстүрі екенін бірден бай­қауға болады. Білім беріңіз, бірақ болмы­сын өзгертпеңіз деген атам қазақ! Қазіргі білім жүйесінде фрагменталды білім беріп, оны ары қарай дамыту жолдар­ы мүлдем қарастырылмаған деген­ ойға келуге болады. Ақыл-есі енді кіріп келе жатқан балаға үштілділік деген­ ең сорақысы болып табылады! Оны оқыған адам космополит, нигилист-маргинал болып шыға келеді екен. Қазақтың дәстүрін, әдет-ғұрпын ағылшын­, орыс, араб тілінде түсіндіру тіпті де мүмкін емес екендігін өздеріңіз де жақсы білесіздер...

Мысалы, құда-құдағиға  жамбас пен бас  тарту, немесе  күйеуге  төс  тарту деген  жоғарыдағы  ұлттардың  дәс­түрінде мүлдем жоқ... Жеті ата өтпей қыз алыспау­ дегенді олар ұқпайды да, себебі,­ генетикалық тұрғыдан атам қазақ оны бірнеше мың жыл бұрын зертте­п қойған еді...

Осындай білім алған бала, шизо­френик болып кетуі әбден мүмкін. Себебі­, сөйлей алады, бірақ, мағынасын түсіндіріп бере алмайды. Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық болған заманда білімдегі «белсіздік» қайда апарады? Не істеу керек? Ағартушылық жүйесінде жүріп жатқан жүйесіздікке қалай тосқау­ыл қоюға болады, стереотипті қалай сындырамыз деген ой Сізді мазал­айды ма, досым?!

P.S. Кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан мемлекеттерде техникалық жаңалықтардың ашылмайтынының бір-ақ себебі бар... Ол осы жүйеде! Америкалық, батыс елдерінде элитарлық мек­тептердегі оқу жүйесі бізбен салыс­тырғанда жер мен көктей. Екінші, медресе­де оқып, ғылыми жаңалық ашу деген­  НОНСЕНС.

 

ӘТЕКТЕР  ӘЛЕМІ  немесе

ӘУЛЕКІ  ӘНШІЛЕРДІҢ  ӘЛЕГІ...

Ертеде көп әйелдері бар сұлтандар «ӘТЕК» ұстаған дегенді оқығаным бар еді... Яғни, пішілгендер (айғыр емес - ат, бұқа емес - өгіз) артына ұрпақ тастай алмайды, тек жұмыс құралы ретінде ғана қолданатын болған екен... Сол сияқты, БАҚ-тарда сондай «ӘТЕКТЕРДІҢ» болуы­ әбден мүмкін деген ой келеді. Керек­ кезінде ән айтқызады, сөз сөйлетеді. Әулекі әншілердің жүргізген бағдарла­маларын  көріп,  құсқым келеді, - деді, ауруханада жатқан кейуана. Расында,  дауысы  бар  жақсы  әнші  жақсы­  жүргізуші, болмаса жақсы сарапшы  болуы екіталай ғой... Ана құлағына сырға тағып алған әтек-әншілер санамызды улап, балаларымызға зияны тиетін­і анық... Себебі, БІЗ – осы қоғамның мүшесіміз. Мемлекеттік идеология жоқ жерде, рухани іріп-шіру процесі басталатыны анық... Евнухтарға ескерту жасайтын пенделер бар ма екен?!

ҚАЙҒЫЛЫ, ҚАРТАҢ БІЗДЕЙ ШАЛ ҚАРАЙ БЕРСЕҢ ҚАЙДА ЖОҚ?!

ЕСЕР, ЕСІРІК БОЛМАСАҢ, ТІРШІЛІКТЕН ПАЙДА ЖОҚ!

Абай Құнанбайұлы

 


ҰСТАЗДАРДЫ БИЛЕП-ТӨСТЕУ ТОҚТАЙ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.03.2019 12:47

Дәл қазір қоғамда «Педагог мәртебесі» туралы заң қызу талқы­лану үстінде. Дербес зейнеткерлер мен білім саласының жанашырларынан бастап жас педагогтер де билік ұсынып отырған мүмкіндікті орайы келгенде пайдаланып, ұсыныс айтудан қалыс қалып жатқан жоқ. Журналистік зерт­теуіміз­дің бас тақырыбы да осы заңға енетін талаптар хақында өрбіп жүр. «Педагог мәртебесін қалайда арттыру керек!» деген ұран билік бастаған, қоғам қостаған іспен біте қайнасып жатыр­.

Дегенм­ен пікірлердің алуандылығы да желіні шарлап, қайшы көзқарастардың да ашық көрініс алуына жол ашты. Бірі «тек жал­ақы­ны көбейткенмен мұға­лім мәртебесі артып кетпейді» десе, ендігі бірі «ұстаз беделі өз міндетінен тыс дүниелерді атқарғаннан төмендеп кетті, заң қабылданғанмен, әкімдік бәрі­бір де ұстаздарды билеп-төстеу әдетін шектей қой­май­ды» деген пікірлер ел арасында­ ашық­тан-ашық  айтылды.

Бірақ, жер-жерде айтылып келе жатқан педагогтердің ұсыныс­тары 6 тарау, 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі» туралы­ заңда нақты ескерілгенге ұқсайды. Қазірде ҚР Білім және ғылым министрлігі сайтында заңның тұжырымдамасы мен алдын ала мәтіні жарыққа шықты. Мұға­лім мәртебесін арттыруға күш салаты­н заңды қоғам талқысына шығару арқылы­ олқылықтың орнын­ толтыру – министрліктегі маман­дардың міндеті. Бұл ретте­ заңда ұстаз қауымын қуантатын талаптар бекі­ді. Ол қандай тиім­ді те­тіктер  дерсіз?

Біріншіден, 30 жылдан аса еңбек өтілі бар ұстаз  зейнетке  шыға  алады. Бұл – жас кадр­ларға орын босату мен мұға­лім қызметінің лайықты еңбегіне берілген жеңіл­дік.

Екіншіден, дәптер тексеріп, сынып жетекшілік еткен ұстаздарға төленетін қаржының көле­мі ұлғайды. Бұрын дәптер тексеруге 3500 теңге ақы төленсе, енді оның мөлшері 10600 теңгеге дейін артады. Ал, 5-11-сынып оқушыларының дәптерін тек­сере­тін ұстаздар бұған дейін 4400 теңге алып келсе, енді 13200 теңгеге дейінгі ақшаны ала алады­. Бұған сынып жетекшілігі үшін де қосыла­тын қаржыны қосыңыз.

Мұғалім жалақысы жаңа заңға дейін де мінберден талай рет көтерілді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білімін арттыр­ған ұстаздар, ағылшын тілінде сабақ  бере  алатын  педагогтерге  35 мың теңге қосымша жалақыны биылдан бастап ұстаздар алуға көшті. Енді бес жылда бір рет кемін­де 6 ай ғылыми қызметпен айналысқысы келетін мұғалімге шығармашылық демалыс беріліп, еңбек өтілі мен жалақысы сақталатын болад­ы. Заң баптарына енген тағы бір толықтыру үздік ұстаздарды ұлықтауға арналды. Мәселен, «Үздік педагог» атағын иеленген ұстазға 300 еселенген АЕК-тен кем емес мөлшерде сыйақы белгіленеді. Бұл мұға­лімнің құлшынып еңбек етіп, жас кадрларды педагог жұмысына қызықтыру бағыты үшін жасалы­п отырған секілді.

Педагог қауым енді әлеумет­тік мәселеге де аса бас қатыра қоймайды. Себебі «Педагог мәртебесі» турал­ы заңда мұғалім­дерді баспанамен қамтуға ерекше мән беріледі. Бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несиемен үй сатып ала алады. Қызметтік баспана немесе жатақхана алуға да құқылы. Тіпті, жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер телімдері бөлінеді. Мұндай жеңілдікке ие болған ұстаздар баспана мәселесін­е кезікпейді. Ал, бұл бар ынтаны тек білім алу бағытына бұрып, алаңсыз іздену мен кәсі­би шыңдалуға жетелеу­і  керек.

Ауыл мұғалімдері де ақжолтай жаңалықтан құр қалмайды. Ауыл мен қала мектептерінің арасын жақында­ту міндетіне кіріскен билік жаңа заңда ауылда­ еңбек ететін мұғалімдердің жалақы­сы мен тариф­тік мөлшерлемелерді қаламен салыстырғанда кемінде 25 пайызға арттыруды енгізіп отыр.

Маусымда аталған өзгерістер нақты күшіне енсе, ұстаздардың еңсесі көтеріліп қалады. Білім эксперттері ТМД елдері арасында қазақстандық мектептердегі мұғалімдердің оқу жүктемесі тым ауыр екенін анықтады. Сол себепті де мұғалім жүктемесін қысқарту талабы­ да заңға нақты енгізу көзделуде. Қысқа­сы, жалақы артып­, жүктеме қысқарып, баспа­налы болатын педагог қауым заңның тезірек бекігенін тілейді. Ал, ең бастысы, мұғалімдер өз міндетіне қайшы келетін жұмыстарға жегілм­ейтін болады. Қаптаған қағазбастылықтан да құтылатын кезең алыс емес. Демек, мұғалім нақ алдына келген балағ­а білім беріп, шығармашылықпен айналыса алады. Бірақ, алмақтың да салмағы бар. Енді ұстаздарға қойы­лар талап күшеймек. Талап үдесінен шыға алмай қалу ұстаздың біліміне келіп тіреледі. Бұл іріктеу мұғалімдікке «келдік, кет­тік»  көзқараспен қарайтындарға тежеу  болса игі.

Абай  ТАҒЫБЕРГЕН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары