Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 06 Наурыз 2019

ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ҮЗДІК ФУТБОЛШЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
07.03.2019 10:50

Өткен жазда бүкіл әлемде, соның ішінде футбол әлемінде күтпеген жағдай болды. Ғаламдық жұлдыз, Португалия ұлттық құрамасының капитаны Криштиану Роналду мадридт­ік «Реалдан» туриндік «Ювентус» сапына­ ауысты. Бұл жағдай миллиондаған жанкүйерлерді есеңгіретті.

Португалдық 2009 жылы «Реал Мадрид» сапын­а ауысып, ақ жидені киіп, әлем футбол тарихын­дағы ең қымбат ойыншы болды. Ол алғашқы­ дебюттік матчын сол жылы 29 тамызда «Депортиво» командасына қарсы шығып, ойынның­ 35-минутында айып алаңынан гол соғып­ көзге түсті. Мадрид командасындағы үлкен бәсекелестікке қарамастан, ол сол жақ жартылай қорғаушы болып негізгі құрамнан орын тапты. Роналду алғашқы маусымында 35 ойынға қатысып,­ 33 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Раулдың кетуінен кейін Роналду «Реал Мадрид» клубының жетінші нөмірінің иегері атанды.

Роналдудың ойынын көрсең, құтты бір сиқыршы­ дерсің. Доппен жұмыс істеу өнері, әрекеттер­і теңдесіз. Оның ойын алаңында жеңіс­ке деген ынтасы және голға тоймаушылық қасиет­тері адамдарды таңғалдырады. Криш 2011 жылы Ференцес Пушкашқа тиесілі рекордты жаңа­лады. Ол 50 ойын өткізіп 51 гол соғып, жаңа рекорд­ орнатты. Сонымен қатар, 2014-2015 жылы Чемпиондар Лигасында 17 гол соққан футболдағы алғашқы­ ойыншы атанды. Ол ақ жиденің намы­сын­ қорғау үшін 438 ойынға қатысып, 450 гол соғып, «Реал» тарихындағы үздік сұрмерген атанды.­ Қысқасы, португалиялық ойыншы футбол­дағы барлық рекордтарды жаңарта түсті. Оның адам төзгісіз еңбектері, карьерасындағы күреске тоймаушылығы мен трофейге деген ашкөздігінің арқасы­нда корольдік клубпен бірге Роналду 15 трофейге иелiк еттi. Атап айтқанда, төрт рет Чемпиондар Лигасын, екі рет Испания чемпионатын, Испания Кубогын, Испания Супер­кубогын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алды және де үш рет клубтар арасындағы әлем чемпионатының кубогын басынан асыра көтерді. Қазіргі таңда ол бес рет алтын доп алған фут­болшы.

Футбол  алаңындағы  көз ілеспес  жылдамдығы, керемет финттер жасап жанкүйерлерді дүр сілкіндіруі, екінші қабатта жақсы ойнауы, айып соққысын тебуі, бір сөзбен айтқанда алаңда адам нанғысыз, фантастикалық әрекеттерін ешкім ұмытпасы анық. Сонымен қатар, Роналдудың айып соққысын тебу кезіндегі тұру мәнері мен голды тойлау стилін көп уақыт өтпесе де «Реал» жанкүйерлері сағынуда. Криштің орнын жақын уақытта ешкім баса алмайды. «Сантяьго Бернабеу» алаңында Роналдудың есімі жаңғырып тұрады.­ Ол өз дәуірінің ең үздік футболшыларының  бірі  болып  қала береді.

 

Қуандық  ҮСЕНБЕКОВ,

№110  мектеп-лицейінің

тарих  пәні  мұғалімі

 


ШАҒЫРАЙ БАТЫР КІМ БОЛҒАН? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.03.2019 10:45

Жанқожа батырға байланысты шыққан көптеген жазушылардың кітаптарында «1710-1720 жылдар шамасында дүниеге келген Қарасақал Мырзакелдіұлы Шағырай батыр әрі би 1774 жылы дүниеге келген Жанқожа батырдың қарамағындағы жүз батырының бірі ретінде, 1841 жылы өткен Созақ соғысына қатыстырылып, Жанқожа қайтыс болғанша қасында болды» делініп жүр.

Бұл жерде сирек те болса бірнеше архивтен алынған М.Қаназовтың мәлі­меттерінде жазылып және айтылып жүргенін­дей, Жанқожа батырдың қасында күйеу баласы Жақайым Шағырай деген­ кісі болған. (2018 жылы шыққан «Құрманай Төремұрат жырау» кітабының 165-бетінде: «Жанқожа батыр сол кеткеннен Сырдария бойына қайтып келген жоқ. Боқан тауын жайлап, қыстап үш жыл жүрді. Қасында он екі жастағы баласы Жолшы мен Шағырай деген күйеу баласы, қызы және әйелі болды» де­лінген). Күйеу баласы Шағырай атқосшысы және Жанқожа батыр қайтыс болғаннан кейін де шырақшысы болыпты деп бұрынғы үлкен кісілердің әңгімелерінде­ айтылатын. Қазақта атақты адамның есімін қою әлі күнге дейін жалға­сып келеді емес пе? Шамасы архивтерден алынған мәліметтердің бірінен Шағырай есімі кездескен болуы, сондықтан Әбсаттар Оспанов және басқалар аттас Жақайым Шағырайды Қарасақал Мырзакелдіұлы Шағырай батыр деп ұйғарып, шатыстырып жазған болуы керек.

Шағырай батырдың әкесі Мырзакелді батырдың төрт әйелінен 10 баласы болған. Ал, Шағырай батырдың Түйебай, Бурабай, Жеке, Жауғашар, Дәуіт, Сыйқым атты 6 баласы болған, бұл күнде олардың барлығынан Арал, Қазалы­ аудандары мен Байқоңыр қаласында, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында тұратын ұрпақтары бар. Шағырайдың кіші баласы Сыйқымнан басқа­ бес баласы да, төртінші ұлы Жауғашардың баласы Ойса да атақты батыр болыпты. Сол Шағыра­йдың немересі Ойса батыр көбінесе Дабыл батырдың қасында жүрген, яғни тарихи деректерде Жанқожа батырдың жүз батырының бірінен саналған. Қазалы ауданының Абай ауылында өмір сүрген құймақұлақ әңгімешіл Кәнісбек төртқара Шоратайұлы Әліпбай деген шежіреші ақсақал жас күнімде үйге жиі келетін. Келген­ сайын алдынан шығып күтіп алып, есегін байлау кезінде «Әлімге ұран болған Шағырай батыр­дың ұрпағы амансың ба?» деп басымнан сипайтын. Сол үлкендердің айтқан әңгімесіне және Құдайберген Ысмағұлұлының «Тұран Қазалы» газетінің 21.10.2006 жылғы «Қызылбас балуан­ның әңгімесі» атты мақаласында Қызылбас балуан: «Жас күнімде маған күш-қайраты тең келетін, бұл маңайда адам жоқ деп жүргенімде, қартайған шал Қарасақал Жанайұлдары Кәдір, Сәдір батырлардың бірінен оңбай таяқ жедім», - деп айтылады. Ал Шағырай  батыр туралы басқа бір әңгімеде, сол екі батырдың жас жігіт кезін­де жасы ұлғайған Шағырай батыр саят құруға туыс інілері Кәдір, Сәдірлерден құсын сұрағанда, сылтау айтып бергісі келмеген екі інісін үйді айналдыра қуып, сабаға­ны айтылатын. Жақайым Қызылбас балуан Жанқожадан жасы кіші, замандас. Қызылбас балуаннан Кәдір, Сәдір батырлар бір аталық үлкен, Кәдір, Сәдір батырл­ардан Шағырай бір ата үлкен. Шағырай батыр (1710 жыл шамасында туып, 1790 жылдар шамасы­нда дүниеден өткен деп айтылатын) Жанқожа батырдан екі аталық 60-64 жасқа үлкен, Жан­қожа алғаш 17 жасында соғысқа қатысқан 1791 жылы Шағырай 80 жастың үстінде, Жанқожа батыр 1841 жылы Созаққа шабуыл жасаған­да бұл дүниеден өткен, өз заманында «атынан жау үріккен» деп айтылатын батыр адам болған.

Шағырай батырдың осы күнгі ұрпақтары  1-нұсқа: 9 атада х 35 жас = 315 жыл, 2018 ж - 315 ж = 1703 жылы, 2-нұсқа: 9 атада х 33 жас = 297 жыл, 2018 ж - 297 = 1721 жыл. Сонда 1703-1721 жылдар жоба­сында Шағырай батыр дүниеге келіп, 1790 жылдар жобасында өмірден  өткен  деуге  болады.

Шағырай деп есім берілуінің бір себебі, 1710-1715 жылдар жоба­сында Ақтөбе жерінен Кіші жүз елінің Сыр бойына көшпес бұрын Ақтөбенің Жем өзені бойындағы «Шағырай үстірті» маңында туғандығына байланысты қойылған болуы­ мүмкін деп ойлаймын. Шағыра­й – өз заманында өмірінің көп бөлігін құба қалмақтарымен, Хиуа, Қоқан хандығы басқыншыларымен, түрікмендермен соғысумен, өмірін халқын, жерін қорғаумен, ат үстінде жаугершілікте өткізген батыр әрі қара қылды қақ жарған әділдігімен еліне сыйлы болған би. Бұл күнде өмірден өтіп кеткен көнекөз ақсақалдардың Шағырай батыр әрі би туралы аңызға бергісіз әңгімелері көп болаты­н. Қазіргі жазылған тарихи кітаптардан Жанқожа батыр заманы­нан бұрын жаугершілік, соғыс болмағандай ой, түсінік қалыптасқан. Үлкендердің әңгімесіне қарағанда Мырзакелдіұлы Шағырай батыр немере туысы Еременұ­лы Итемген батырмен, Майдан Киікбай батырмен, Бәй­бек төртқара Әйтеке би ұлы Өтебаспен, Басықара би, Жақайым Сартай, Жылқыайдар, Жылқы­аман батырлармен замандас адам. Осы замандас тарихи тұлғалардың ішінде батыр әрі би, есімі ұранға айналған Шағырай батыр туралы облысымыздан шыққан тарихшы жазушылардың мәліметтерінің болмауы салдарынан осы күнге дейін есімі жарыққа шықпай келед­і. Келешек жазушыларымыз бен тарихшыларымыз алдағы уақытта жоғарыда аталып өткен кемшіліктерді қайталамай, қал­пына келтіруге жұмыс істесе дейміз. Аудандық мәслихат пен ономастикалық  комиссия еске­ріп, жаңадан салынып жатқан көшелерден өзіне лайық бір көшеге есімі берілсе, орынды болар еді.

 

Төлепберген  ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ,

еңбек  ардагері,

Қазалы  ауданы

 


«ӨЛЕРІНДЕ АТАМДЫ АҒАШҚА БАЙЛАП БАҚҚАН» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.03.2019 10:40

- Әкем жас кезімде: «Түзде жалғыз жүрсең, қолыңа таяқ ұстап жүр. Ит-құстан қорғаның, азулыға айбатың» деп отыратын. Көңіліміз өрекпіп, алып-ұшып жүрген ойын баласы емеспіз бе? «Қит етсе осы кісі неге ескерте береді?» деп ішімнен айтамын да қоямын. Бірде өзі «Әкем Әлімді жасы келіп, өлер шағын­да ағашқа байлап баққанмын» дегені бар, - деді  төрде  отырған  қария.

Мен елең еттім. «Өз әкесін ағашқа байлағаны несі?». Менің таңданысымды сезген, бүгінгі күндері сексеннің сеңгіріне шыққан Қалдыбек ақсақал өткеннен  сыр  суыртпақтады.

- Бұл оқиға шамасы 1911 жылдың бедерінде болған.­ Олай дейтінім, әкем Спан сол кезде жасы 18-де, інісі Әбдіахмет 15-ке толған екен. Ата-бабамыздың жаз жайлап, қыс қыстап көшіп-қонып жүрген қонысы Ақтоған­, Сұлутөбе, Бірқазан, Бөрібай, №11 ауыл төңірегі болса керек. «Қырда қырық бәле болса, Сырда­ сексен бәле бар» деген ғой. Көп нәрсенің дені көктем шыға басталады емес пе? Сол жылғы көктемде бір құтырған қасқыр шығып, сол маңдағы елді дүрлік­тіреді. Сөйтіп түз тағысы ауыл-аймақтың қорадағы малына шауып, жұртты үрейге салады. Ауыз салған малды жегенін жеп, жемегенін жарақаттап кететін. Құтырған әккі жыртқышты бірақ ешкім ұстай алмады­. Өлтіріп өртеп жібере алмай, ел әбігер болады. Әйтпесе­ оның қаупі обадан кем емес екендігін көнекөз қазақтың қариялары жақсы біледі. Құтырған жыртқыштың тісі тиген жері аңды да, малды да, адамды да оңдырмайды. Сол ортаның ойран-ботқасын шығарады. Бір шүкірлігі, сол кезге дейін адамдарға тісі тимепті. Тісі тисе болды, құтырма ауруға ұшыратады. Оны сосын өртеп, терең ғып көміп тастамаса болмайды. Сондықтан үлкен-кішісіне де сол аймақтағылар бір-біріне «түзге шықсаңдар, қолдарыңнан таяқ тастамаңдар» деп  ескертіп отыратын. Өйткені ауылдың адамдарының  осындай жағдайлардан ауыздары талай күйген. Құтырған ит, қасқыр, түлкі адамға шауып, әбігерге салғанды әкелеріміз бен ата-әжелеріміз бастарынан талай мәрте кешкен ғой.

Әлім ата сол жылдың наурызында әдеттегідей «Бөрібайда» бақшалық жерді дайындап жатқан. Сыр қауынсыз болған ба? Мал түспесін деп жан-жағын шеңгелмен қоршайды, арық атыздайды. Қасында көмекшісі – баласы Әбдіахмет. Таңның атысы, күннің батысы сол егіннің қамы. Сөйтіп жүргенде баласы байқамай қоршаудың есігін ашық қалдырған. Сол сәтте білдірмей бұқпантайлап келген бір жыртқыш кетпен шауып жатқан Әлім атаның ту сыртынан бас салған. Әне-міне дегенше тісі желкеге тиген. Жалма-жан қарсылық танытып үлгірген атамнан жалт етіп, қасқыр қаша жөнелген. Абдыраған ақсақал «Маған қасқыр шапты. Әбдіахмет, сақ бол, балам!» деп жан ұшыра айғай салады. Айғайлап ауыз жиғанша болған жоқ, қораның есігіне таяп кеп қалған Әбдіахметке азу тісін ақситып, көзіне қан толған жыртқыш тұра ұмтыл­ған­. Әбдіахмет түк саспаған, ырылдап түксиіп тұрған қасқырды өзіне ұмтыла бергенде кетпеннің шүйдесімен тұмсықтан бір қойған. Түз тағысы сеспей қатқан.

Құтырған ит-құсқа қарсы ол кезде ем жоғын қазағым жақсы білген ғой. Сондықтан Әлім атамыз өзін сол күндерден бастап басқалардан оқшау ұстапты. Бөлек жатып, бөлек ас ішіп, бөлек тұрады. Жиырма шақты күннен соң-ақ мінезі өзгеріп, құтырма дерттің алғашқы белгілері байқала бастаған. Дегенмен, көрген-білгені көп ғой атамның. Сол күндері балаларын шақырты­п: «Менің жағдайым енді белгілі. Ауыл-аймаққ­а, сендерге енді зияным тиеді. Маған анау жиде ағашының түбіне көлеңке бастырма соғып дайындап, мені ағашқа байлаудың қамына кірісіңдер. Тамақты да сол жерге беріңдер», - деп тапсырады. Көреген болған­ ғой, жарықтық атамыз. Құтырған қасқыр шапқан­ сәттен бәрін іштей күн санап есептеп отырыпты ғой. Сол күннен бастап атаның ұйқысы қашады.­ Теңселісі көбейеді. Аузынан ақ көбік бұр­қырап, көзі аларып, жанына жан жоласа қарсы ұмтыл­ған. Ас, ағарған әкелген адамға айбат қылады. Елеріп, есі кеткен. Бір қызығы, тек менің әкем Спан ғана, яғни баласы жақындаса, жуасып сала беретін болған. Соның қолынан ғана тамақ ішіпті. Ал, Әбдіахметті көрсе, көзі қанталап құтырып кететін болған. Осылай бірнеше  күн  бойы  аласұрып өмір кешкен Әлім атамыз­  44 күн дегенде көз жұмады, азаппен...

Сол заманда бір індет бүкіл аймақты қынадай қырып жібереді. Соны марқұм Әлім атам жақсы түсінген  ғой. Сондықтан өз-өзін мықты ұстаған. Және сол азапқа қарсы бел байлап, балаларына өздеріне мығым болуды тапсырады. Содан кейін қазақты қараңғы, надан деп қалай айтасың? - деп Қалдыбек ақсақал  әңгімесін  тамамдады.

 

Жазып  алған  С.ЖҮСІП

 


«ШҰҒЫЛАНЫҢ» ШУАҚТЫ КҮНДЕРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
07.03.2019 10:10

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен айналысатын мекемелер­дің баланың зердесінің жетіліп, ой-санасының өсуіне тигізетін септігі зор екені ешқандай талас тудырмаса керек. Балабақшада тағылым алған бүлдіршіннің мектеп табал­дырығын аттағанда өзге құрдастарына қа­ра­ғанда ширақ келетінін көріп те жүрміз.

«Шұғыла» балабақшасы – аудан көлемінде өзіндік орны бар, көпші­ліктің  ыстық ықыласын иеленіп жүрген ұжым. Жақсы атақтың жылдар бойы төгілген телегей тер, ізденімпаздық пен жаңашыл көзқарастың жемісі екені әмбеге аян. Кенттің  нақ ортасында орналасқан осынау балалар мекені тәжірибелі педагог қызметкерлерден жасақталған. Ұжымның қалыптасу тарихы да аса бай. Сонау кеңес зама­нында, 1967 жылы салынған ғимараттағы балабақша алғашқыда «Солнышка» деп аталды. Ісқағаздары да, жұмысы да түгелдей орыс тілінде жүргізілді. Тәрбиеленушілер де қазақ, орыс, корей­, Қазалыны мекендеген өзге де сан ұлттың перзенттері болатын. Сол кезеңде ең­бек еткен тәр­биешілер, бү­гін­де немере-шө­бере сүйіп отырған  абзал әжелер өткен күндерін сағынышпен еске алады.

Ұлағатты ұстаз Рыскүл Кемалова басшылық  жасаған жылдарда ұжымның ауыз­біршілігі мен жетістігі есе­ле­не түсті. Өмір­ден көрген-түйгені мол Рыскүл Кемалқызы қызметкерлерін бөле-жара қарамай, шын мәнісін­дегі қамқоршы анасындай болды. Ұжымдастарының жанын түсіне білді. Жабыққанға қамқорлық танытып, жылы сөзбен жұбатты. Соған орай ұжым мүшелерінің де ізетті басшының алдынан кесіп өткен кезі болған емес. Арада жылдар өтті. «Солнышка» енді «Шұ­ғылаға»  айналды. Қоғам да, сана да өзгерді. Рыс­күл Кемалқызы ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлік демалысына шықты.

Тағылымды  меңгеру­шінің жолын Гүлсім Әліпбаева қарындасымыз жалғастырды. Балабақша ғимаратында көп­теген жұмыстар атқарылды. Табиғатынан жігерлі Гүлсім Әзімжанқызы өзіне жүктелген міндетті әп-сәтте дөңгелентіп әкетті. Аудан басшылығына, тиісті орындарға шығып, нысанға жөндеу жасатты. Мекеме ішінің талапқа сай болуына, ауласының  тазалығы  мен жасыл желегіне баса назар­  аударды.

Қазіргі таңда «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасына Сәуле Мұхашова (суретте) басшылық жасайды. Еңбек жолын осы балабақшада қарапайым тәр­биешіліктен бастап, әдіскер ретінде танылып, меңгеруші лауазымына тағайындалған Сәуле Мырзабайқызы ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласады. Түрлі деңгейдегі мадақтамалар, мерекелік төсбелгілермен марап­атталған. Оның «Инновация және ғы­лыми кеңістік: теория, ізденулер және тәжірибелік шешімдер» атты халық­аралық ғылыми конференцияда жұмысы жарияланса, ІХ Халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияда «Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым-қатынас тренингін ұйымдастыру жолдары» тақырыбында үздік жұмыстары жарық көрді. «Мектеп жасына дейінгі бала­лармен қарым-қатынас ұйымдастыру жолдары» атты еңбегі жинаққа еніп, республикалық «Үркер» зияткерлік орталығының алғысын иеленуі, «Бей­бітшілік әлемі» Халық­аралық Қазақ Творчес­т­валық Бірлестігінің тара­пынан «Алғыс хатпен» марапатталуы – Сәуле Мырзабайқызы мен  ұжымның  жеңісі.

Педагогикалық ұжым республикалық, облыстық, аудандық оқу тәр­биелік байқаулар мен сайыстарда толымды көрсеткіштерді бағын­дырған. «Жақсының жақсылығын айт» ұстаны­мымен басты деген жетіс­тіктерге тоқтала кетсек. Шұғылалықтар «Үркер» республикалық зияткерлік орталығының «Зиятке­рлік балабақша» кубогын, «Үздік ертегі», «Белсенді тәлімгер» номин­ациясын еншіле­ді. «Көзайым» аудандық би байқауында, «Үздік-насихат бригадалар» байқа­уында топ жарды. Балаб­ақшада 140 бала тәрбиеленуде. Кішкентай тәрбиеленушілер орыс, қазақ, ағылшын тілінде дәріс алады. Ғимараттың іші ұядай жылы. Әрі жұмыс істеуге  өте қолайлы. Озық үлгі­дегі құрал-жабдықтармен жарақталған балабақшада бірнеше үйірме бар.

Міне, жайма-шуақ көктеммен қатар Халық­аралық әйелдер күні де келіп жетті. «Шұғыла» балабақшасындағы қарбалас тірлік толастар емес. Іске сәт, бала жанының  бағбандары!

 

Жұмабек   ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары