Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 955 |
![]() | Кеше | 2595 |
![]() | Осы аптада | 955 |
![]() | Өткен аптада | 20627 |
![]() | Осы айда | 955 |
![]() | Өткен айда | 81220 |
![]() | Бәрі | 5245851 |
Жаңа босанған 63 мың ана сәбилерінің алғашқы құжатын проактив әдісімен алды |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
07.03.2019 16:10 |
Пилоттық жоба іске қосылғалы бері жаңа босанған жүз мыңнан астам анаға смс құттықтау жолданып, проактив тәсілімен баланың туу туралы куәлігін алу ұсынылды. Олардың 63 330-ы бір мемлекеттік қызметке тапсырыс беріп, сәбилерінің алғашқы құжатын онлайн өтініш беріп алды. Айта кетейік, пилоттық жоба шеңберінде нәрестелі болған әйелдер смс хабарламаға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы алуға өтініш жолдап, баланы балабақша кезегіне қоя алады. «Енді ғана босанған әйелдерге халыққа қызмет көрсету орталығына бірнеше рет барудың қажеті жоқ. Бұрын аналар бесігіндегі баласын қалдырып, не оларды құндақтап, ХҚО-ға келіп жүретін. Цифрландыру заманында проактив әдісі арқылы барлығын онлайн жүйелер арқылы жүзеге асыруға болады. Оны пайдалану үшін аналар босанбас бұрын мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов. Бүгінде проактив әдісі телеграм қосымшасындағы арнайы бот арқылы да қолжетімді. Мобильді базаға тіркелген азаматшалар ұялы телефонының көмегімен өздері де жоғарыда аталған үш қызметке тапсырыс бере алады. 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылған бот қызметіне 5,5 мыңға жуық әйел жүгінген, олардың 4 842-сі балаларының туу куәлігін рәсімдеген.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметі |
Өзбекше Тәуелсіздіктің көріністері |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
07.03.2019 16:00 |
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы
Ендеше осы мерзім аралығында Өзбек ағайында не өзгерді, дамудағы негізгі үрдістері қандай және ең бастысы – олардан не күтуге болатыны жайлы ой түйсек.
ИСЛАМ АКАНЫҢ МИРАСҚОРЫ 27 жыл билікте болған Ислам Кәрімовтың қалдырған мұрасына бүгінде әрқалай қарауға болады. Рас, бір жағынан ол жауыз авторитарлық режим құрды, оппозицияны қудалап, азаматтардың еркіндіктерін шектеді. Сыртқы саясатта бірізділік байқалмады. Қайта көршілерінің бәрімен дерлік араздасып, Өзбекстан тұйық мемлекетке айналды. Алайда екінші жағынан Кәрімов өзінен кейін шын мәнісіндегі Өзбектің ұлттық мемлекетін қалдырғанын жоққа шығара алмаймыз. Халқының саны оның тұсында 21 миллионнан 31 миллионға жетті. Республиканың Ресей, Қытай, басқа да ғаламдық ықпал иелерінің алдындағы саяси, экономикалық, ақпараттық тәуелділігі айтарлықтай төмендеді. Сол арқылы өзбектер сыртқы саясатта іс жүзіндегі егемендікті баянды етті. Армиясы аймақтағы ең қуатты күш факторына айналды. Экономикасын шетелдіктер мен олигархтарға жығып бермей, мемлекеттің бақылауында ұстап қалды. Елдің өнеркәсібі дамып, өз халқын толықтай көлікпен, азық-түлікпен, киіммен қамтамассыз етуге қол жеткізілді. Ислам Кәрімовтың өзі билік басында әлі көп жылдар отыруға дәмеленген еді. Бұған өзінен кейінгі билік транзитін еш ойластырмағаны дәлел бола алады. Бірақ, «адамның басы – Алланың добы» демекші, 2016 жылдың 2 қыркүйегінде тұңғыш президент кенеттен бақилық болды. Демократиялық дәстүрлер емес, көбіне сарай ішіндегі тартыстарға негізделген жүйеде бұл өлім саяси дағдарысқа әкелуіне сәл-ақ қалды. Тіпті бірталай тәуелсіз деректерге сүйенсек, ақиқатында Ислам Кәрімов 2 қыркүйек емес, 28 тамызда клиникалық өлімге душар болған көрінеді. Бұған қарамастан үнсіздік сақтаған ресми басшылық Кәрімовтың қазасы туралы ақпаратты тек бес күннен кейін барып растады. Екі ортада не болғаны белгісіз, алайда ұқсас жағдайдағы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Өзбекстанның келесі қожайыны кім болатыны дәл осы сындарлы мезетте шешілді деп жорамалдауға негіз бар. Алдыңғы жылдары президент болуға ықтимал үміткерлер қатарында үш адамның есімі аталып келген еді: премьер-министр Шавкат Мирзиеев, вице-премьер Рустам Азимов және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов. Күйзелісті сәтте әлгі үштіктің ұйғарымымен билік тұтқасы Мирзиеевке бұйырғаны, ал қалған екеуіне қауіпсіздік кепілдемесі берілетіні шешілді. Бұл төңіректе жағдайдың дәл осылай дамуына Ресейдің айтарлықтай әсер еткенін айтып өткен жөн, әсіресе Мәскеуде тұратын және Путинмен етене аралас ықпалды өзбек олигархы Әлішер Усмановтың араласуымен. Қалай болғанда 8 қыркүйекте Парламент қос палатасының отырысында Шавкат Мирзиеев президенттің қызметін уақытша атқарушы болып бекітілді. Өзбек Конституциясына сәйкес бұл орынды меншіктеуі тиіс Сенат төрағасы боп келген әлсіз Нигматулла Юлдашев «өз еркімен» бас тартты. 2016 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлауларда элиталар ертеректе қабылдаған шешім толық рәсімделіп, Шавкат Мирзиеев Өзбекстан тарихындағы екінші президент атанды. Сайлауға халықтың 87,73 пайызы қатысып, оның 88,61 пайызы Мирзиеевке дауыс берген.
ХАЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАН САЯСАТ Биліктің алғаш күндерінен-ақ жаңа басшы Кәрімовтың жолынан таймайтындығын мәлімдеумен болды. Сонымен қатар тығырықтан шығуда халықшыл саясат жүргізетінін танытты. Мәселен, үкіметте азаматтардың шағымы үшін арнайы жәшіктер орнатылды. Министр мен аймақ әкімдеріне аптасына бір күн азаматтарды қабылдау қажеттілігі жайлы нұсқау берілді. Бұл әрекеттер қоғамда құлшыныс тудырды. Айталық, әлгі шағым жәшіктері ашылған соң оларға бір айдың ішінде 400 мыңнан астам шенділер үстінен арыз келіп түсті. Бұл науқан әр деңгейлі лауазым иелерінің наразылығын тудырды. Кейбірі тіпті жергілікті әкімге сенбей президенттің өзіне барам деген шағым түсірушілерді жол-жөнекей тоқтатып қорқытуға дейін барған. Бұрын болып көрмеген тәжірибе – мемлекеттік қызметкерлердің орнынан алынуы немесе жаңа басшының тағайындалуы жайлы ақпарат ашық жариялана бастады. Баспасөз үкіметтің жұмысы туралы Кәрімов кезінде шектелген мәселелерді ашық жазуға мүмкіндік алды. 2018 жылы Ташкентте заман талабына сай журналистерді дайындайтын жаңа университет ашылды. Жалпы білім саласына зор мән бөліне бастады. Мысалы, 2010-2011 оқу жылында Өзбекстан жастарының небәрі 30 пайызы жоғары білім алуы жоспарланған болса, жаңа билік тұсында аталған көрсеткіш 2017 жылы 76,5 пайызға, яғни екі жарым есе өскен. Білім беру жүйесін жетілдіруде сандық ғана емес, сапалық көрсеткіштер назарға алынғаны құптарлық. Соның қатарында алдыңғы қатарлы батыс стандарттарын енгізуді, ТМД кеңістігінде америкалық Уэбстэр университетінің толыққанды филиалы алғаш Өзбекстанда ашылуын айтуға болады. Бұрын айырмашылығы 30 тіпті 50 пайызды құраған ресми және бейресми валюта бағамдарының айырмашылығы жойылды. Бұған дейін шетелге шығуды жоспарлаған турист визасын көрсетіп немесе экспортпен айналысатын кәсіпкер арнайы өтініш жазып ғана шетел валютасын сатып алса, ендігәрі кез келген азамат ешқандай рұқсатсыз ақшасын валютаға айырбастай алады. Жемқорлықпен күрес бұрынғыдай таңдамалы емес кешенді түрде қолға алынды. Сондай-ақ өз өкілеттігін асыра пайдаланып, пара талап ететін лауазым иелеріне қатаң шектеу қойылды. Мысалы, өрт сөндіруші және санитарлық қызмет өкілдері, салық департаментінің мамандары жеке кәсіпкердің өндірістік орталығын немесе кеңсесін жылына бір рет ғана тексере алады. Жылымықтың ендігі көрінісі: Ислам Кәрімов кезінде шетелге ауып кеткен қоғам мен мәдениет қайраткерлерін елге қайтару жайлы үндеу тасталды. Осындай ұсыныс Ресейде, Қазақстанда, басқа елдерде жүрген өзбек бизнесмендеріне капиталын Отанына салуына қатысты жасалды. Бірақ, тиісті уәделер берілгенімен, аталмыш шақыруға құлақ асқандар әзірше некен-саяқ. Шавкат Мирзиеев Өзбекстан азаматтарының шетелге жұмысқа кетпеуі үшін ел ішінде оларға жағдай жасау мәселесін мықтап қолға алды. Осыған орай қарапайым азаматтарға жеке кәсібін бастауға банктен жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілді. Ал, бизнес ашу үшін қажет құжаттар тізімі еселеп азайтылып, лицензия беретін мекемелерге қатаң шектеулер қойылды. Президенттің өзі теледидарға жиі шығуды, министрлер мен әкімдердің селекторлық жиындарын ашық та жария түрде өткізіп шенділерді қатқыл айыптауды дағдыға айналдырды. Сондай басқосулардың бірінде, мәселен, Шавкат Мирзиеев прокурорларға «еліміздегі ең бірінші ұрылар сендерсіңдер» деп дүрсе қойды. Өз алдына популизм, яғни халыққа жағудың әдістері жаңа елбасы абыройының өсуіне, оған деген сенімнің күшеюіне мүмкіндік берді.
ЖАҢА СЫПЫРТҚЫ мен КЕШІГІП КЕЛГЕН ЖАЗА Жүре-бара тұғырын нығайтып алған соң, 2017 жылғы көктемнен бастап Мирзиеев «ескі гвардияны» биліктен аластатуға, олардың орнына өз адамдарын қоюға кірісті. Жоғарыда аталған вице-премьер Рустам Азимов орнынан босатылды. Елдің қауіпсіздік қызметін 22 жыл басқарып келген құдіретті Рустам Иноятов зейнеткерлікке шығарылды. Оның орынбасары генерал Шұхрат Гулямов адам өлтіру, жемқорлық, заңсыз қарулы топтар құру секілді қылмыстары үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Соңғысы Кәрімов кезінде Әндіжанда жүздеген көтірілісшіні аяусыз қырғаны үшін «Өзбекстан қаһарманы» атағын алған еді. Сот шешіміне сәйкес оған мемлекетке келтірген 1,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығынын өтеу міндеттелді. Жалпы, бұл оқиға күштік құрылымдарды түбегейлі тазарту науқанына бастау берді. Ішкі істер министрлігінде реформалар қолға алынып, ашықтыққа жол ашылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің біраз өкілеттері алынып, облыс, қала және аудан әкімдеріне жүктелді. Бұрынғы елбасы тағайындаған әкім-қараларды былай қойғанда, оның жеке қызметшілері, атшабарлары, күзетшілері, ұшағының пилоты,тағы басқаларының басына бұлт төнді. Алайда ең мүшкіл жағдайға ұзақ жылдар тойымсыздығымен, қарақшылық әрекеттерімен өзбек қоғамының титығына жеткен экс-президенттің жақын туыстары душар болды. Арасында Ислам Кәрімовтың туған қыздары Лола мен Гүлнәр үй қамаққа отырғызылды. Соңғысының жымқырған миллиардтаған қаржысы мен активтері шетелде тәркіленіп, Өзбекстанға қайтару жөнінде өтінішті ресми Ташкент Ресейге және бірқатар Еуропа мемлекеттеріне жолдап үлгерді. Ендігі ретте Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз етсе, рас, көршілерімен салыстырғанда, әжептәуір алға басу бар. Атап айқанда, соңғы бірнеше жыл бойында көрші елдің жалпы ішкі өнімі 5-6 пайыздап өсуде. Ірі өндірістік, аграрлық, инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Әсіресе ел астанасы Ташкентте замануи ықшамаудандар, жол айрықтары қырқынды бой көтеруде. Мирзиеевтің өзі бұған дейінгі экономикалық тұйықталу саясатынан бас тартуға дәмелі. Бірақ та екінші жағынан Өзбекстан әлі де патриархалдық қалыптан айықпаған, демографиялық өсімі экономикалық дамуынан басым түскен ел болып қалуда. Нәтижесінде еңбекке қабілетті екі миллионға тарта азаматтары күнкөріс қамымен әлі де шетелде жұмыс іздеуге мәжбүр. Бірте-бірте экономикадағы ашықтық Өзбек елінің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Соның ішінде 2017 жылы Өзбекстанға сырттан келген инвестицияның көлемі 2,4 миллиард АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 20,4 пайызға өскенін көрсетті.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ Сыртқы саясатта да игі үрдістер байқалуда. Бірінші кезекте бұл аймақтағы көршілеріне қатысты. Президенттің шетелге тұңғыш сапарлары Орталық Азиядағы Түркімен, Қазақ, Қырғыз, Тәжік елдеріне жасалғаны соны айғақтайды. Кәрімов дәуірінің ауыр мұрасы саналған Түркиямен арадағы салқындық саябырсыды. Соңғы 20 жылда екі мемлекет арасында сақталып келген визалық қатынас тәртібі алынып тасталды. 1990 жылдардың басынан бері арасы дауға қалған тәжіктермен де жаңа өзбек басшылығы әуе қатынасын қайта жандандырды. Астана мен Ташкенттің арасындағы бұрынғы бақталастық әлсін-әлсін өзара мүдделерді ескеруші ықпалдастыққа бой ұсынып жатыр. Соның айқын көрінісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің бастамасымен тоғыз жыл бойы бас қоспай келген Орталық Азия елдері басшыларының 2018 жылғы наурыздағы Астана саммитін атауға тұрарлық. Бұдан бұрын аймақтағы көршілер әншейінде ТМД, Шанхай ынтымақтастық одағы, Еуразия экономикалық одағы сияқты ұйымдар аясында бейресми, екі-үшжақты шараларда кездескенін ескерсе, бұл – әжептеуір жетістік. Аталған жиында Назарбаев аймақ проблемаларын басқа біреуді араластырмай өзіміз шешеміз деп мәлімдегені айтылғанға қосымша дәйек. Кездесуде су мәселесі, аймақ қауіпсіздігі және сауда-саттық мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, азаматтардың емін-еркін араласуы үшін Орталық Азиядағы Шенген виза жүйесі қолға алынбақ. Десе де, пайда болған жылымық қордаланған түйткілдерді еңсеруге мүмкіндік береді деп санау әлі тым ерте. Біріншіден, бұл аймақ елдерінің сырт күштерге тәуелділігінен келіп туындайды. Оның арасында Қазақ мен Қырғыздың қолы Ресей үстемдік еткен Еуразиялық экономикалық одақ шарттарымен байланған. Екіншіден, Орталық Азияда талай жылдар бойы шешілмеген проблемалар ушыға түсуде: қауіпсіздік шаралары, тарифтік келіспеушілік, су-энергетика саласы, т.б. Үшіншіден, аймақ елдерінің көшбасшылары өзара тығыз интеграцияға дайын болмай, көбіне екіжақты ынтымақтастық көкжиектеріне басымдық беріп отыр. Бұның барлығы жалаң сөзден іске көшкенде Ташкент жүргізген сыртқы саясаттың айтарлықтай өзгермесін меңзейді. Өзбекстанның өз ішінде де Шавкат Мирзиеев реформалары елдің демократиялық жолмен жүруіне кепіл бола алмайды. Айтылғанға келтірер дәйек жетерлік. Солардың ішіндегі бәлкім, ең шешуші кедергі – ұзақ жылдар бойында орныққан авторитарлық жүйенің инерциясы мен қоғамның дәрменсіздігі. Соған қарамастан Өзбектің бүгінгі беталысы үміт ұялатады. Әсіресе, бұған дейін елдің біртұтастығы мен демографиялық өсімін қамтамсыз еткенін, экономикалық һәм саяси дербестігін сақтап қалғанын ескеретін болса. Ал енді осы әлеуетті кей көршілері сияқты арзан атақ үшін оңды-солды шашпай оңтайлы игеруге кіріскен Шавкат Мирзиеевтың саясаты нақты нәтижесін беріп отыр. Оның арасында Өзбектің Орталық Азиядағы аймақтық державаға айналып келе жатқанын назарда ұстаған және ұстап қана қоймай, кәдеге жаратқан абзал. Әсіресе «Қазақ байыса қатын алады, Өзбек байыса үй салады» деген сөздің өміршеңдігін доғару хақында.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
ЖАЛАҚЫСЫН ЖАРИЯЛАДЫ
Өзбекстанның Қаржы министрлігі ел депутаттары мен министрлерінің жалақыларын жария етті. Әрине, бұл жаңалықпен қазақтың азаматтарын таңғалдыруға болмас. Дегенмен... Өзбек парламенті депутатының жалақысы – 1,56 млн ($186), министрдікі – 1,727 млн ($205) сум. Бір қызығы, министрдің орынбасарының жалақысы министрден жоғары боп шықты – 2,076 млн сум ($247). Облыс хокимінің жалақысы – 1,9 млн ($226), аудан немесе қала хокимінің жалақысы – 1,643 млн сум ($195). Бұлардан басқа оларға бірнеше қосымшалар беріледі. Ерекше қызметі үшін – қызметтік окладының 20 пайызы, қызметтік өтілі үшін – 20-30%. Еңбегі үшін ынталандыру коэффициенті қызметтік окладының 40 пайызын құрайды, материалдық ынталандыру – 15-25%. Осы жеңілдіктердің барлығын қосқанда, облыс хокимінің жалақысы 4 млн сум ($476) шамасында болады екен. Мемқызметкерлер жақсы қызметі үшін екі қызметтік оклад мөлшерінде сыйақы және бір реттік материалдық көмек алуына болады. Олардың жалақылары министрліктер, мемкомитеттер мен ведомстволардың бюджеттен тыс қорларының есебінен көбейтіледі екен. Бұл қорлар мемлекеттік баж салықтары, салыққа жатпайтын төлемдер мен кірістерден, әкімшілік айыптар, қаржылық санкциялардан жиналады. Бұл ақшаларды сонымен бірге қызметкерлерді материалдық ынталандыру үшін де төлейді. Бүгінгі таңда Өзбекстандағы ең төменгі еңбекақы – 577 172 сума ($69). Өзбекстанның Мемкомстатының деректері бойынша 2018 жылы елдегі төленген ай сайынғы орташа номиналды еңбекақының мөлшері 1,822 млн сум (шамамен $218) болыпты. Бұл көрсеткішке жалақыға қосымшалар, сыйақылар, компенсациялық өтемақылар кірген және де әрбір тұлғадан ұсталған табыс салығы, әлеуметтік қамсыздандыруға және кәсіподақ қорына аударылған ақшалар да есептелген.
С.ЕСМАХАНҰЛЫ |
БІРІ ҚЫЗМЕТ ТАПСА, БІРІНЕ БҰЙЫРМАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
07.03.2019 15:53 |
Десе де, Президент айтқанындай, «қорқақ» Үкімет отставкаға кетіп, өткен аптада жаңасы бар, ескісі бар, министрлер мен бір-екі әкім жаңа қызметке кірісті. Ал, қоғамның қарсылығына ұшырап, саланың да иін қандыра алмай, қызметтерінен босатылған бірқатар лауазым иелерінің өз «Иесіне» қарап, пұшайман күй кешкені бар. Әрине, олардың кейбіріне жайлы орын табылды, біріне бұйырмай тұр. Сонымен, көпшілікті «сағы сынған» Сағынтаевтың қайда баратыны қызықтырған еді. Оны «саяси жауырыншылар» Алматы қаласының әкімі қызметіне «апарып» қойған-ды. Бірақ, мемлекет басшысы Бақытжан Әбдірұлын Қазақстанның мемлекеттік хатшысы етті. Айтпақшы, бұл лауазымдағы Гүлшара Әбдіқалықова премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалғанда, кейбір саясаткерлер оның орнын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және экс-министр Дархан Қалетаев үштігінің біріне теліген болатын. Десек те, бұл лауазымға қатысты күтпеген шешім қабылданды. Астанадағы абыр-сабырда Ақтөбе мен Түркістан облыстарының әкімдері де «қосақ арасында» кеткен-ді. Б.Сапарбаевтың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болғаны белгілі. Оның халықшыл екенін ақтөбеліктердің қимай, ән-күймен шығарып салғанынан байқадық, есесіне орнын Ө.Шөкеевке босатып берген Ж.Түймебаевты үркердей топ ғана иығына шапан жауып шығарып салған еді. Сол Жансейіт Қансейітұлына депутаттық мандат «беріп», не елшілікке, не «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасына «жібергендердің» «жорамалы» алдады. Мемлекет басшысының өкімімен ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сондай-ақ, министр қызметінен де, министрлігінен де «айырылып» қалған Д.Қалетаев та креслосыз қалмады. Жоғарыда айтқандай, оған да мемлекеттік хатшылық берілмеді, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы қызметіне келді. Ал, 2016 жылдан бері ҚР Ұлттық экономика министрі болып келген Тимур Сүлейменов те жаңа командаға енбей қалғанымен, Ұлттық банк төрағасының орынбасары орынтағына отырды. Бір қызығы, одан бір жылдай бұрын аталмыш банктің тізгінін ұстаған Данияр Ақышев орнын Е.Досаевқа қалдырып, Президенттің кеңесшісі болды. Бәрінен де талай сын садағына ілінген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен тағайындалғанына жыл толғанымен, қызметін үйлестіре алмаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың алдағы күндері белгісіз болып тұр. Белгісіз болғанда, апта басында бұрынғы бас педагог Е.Кенжеғалиұлы «елден кететінін» жеткізіпті. «Мен келесі жылға дейін өз шаруаларыммен айналысуды жоспарлап отырмын. 2020 жылы менің Гарвардтағы оқуым басталады. Мен оны соңына дейін оқып бітпедім. Оған дейін үй шаруасын ретке келтірсем деп отырмын. Мектепте оқитын балаларыммен айналысамын»,- депті экс-министр. Бұдан тура үш жыл бұрын оның елге танымал әкесі мемлекет басшысының қабылдауында болып, артынша баласы білім саласының құлағын ұстағанда, бұл тағайындауды сарапшылар сан-саққа жүгірткен. Тіпті тым реформашылдығы да бала оқытып отырған әрбір ата-ананың жүйкесін жұқартып, тілмен түйреп алатын. Сол бизнесмен Сағадиев биліктен әзірге бас тартқан сыңайлы. Ал, ақпан айының басында «16000 теңгені» айтамын деп аналардың ашуына тиген М.Әбілқасымованың кешегі отставкадан кейін қайда, не істеп жүргені айтылмай қалды. Әзірге бір қызмет бұйырмады. Алда тағы бірнеше өңірдің басшысы жылы орнын суытуы мүмкін екені айтылып жүр. Алдыңғы кезекте Алматы, Қостанай, Атырау облыстары тұр. Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Нақты саяси өзгерістердің шешімі – Ақорданың құзырында. Ал, қарапайым халық үшін кімнің үкімет басқарып, кімнің министр, әкім, басшы болғаны маңызды емес, бастысы, қай лауазым иесінің өзіне артылған сенімді ақтай біліп, саланы алға бастыруда, ісіне адал, халықшыл болуда аянып қалмағаны керек. Н.АҚПАН |
«ЖАЛҒЫЗЫМЫЗ» ЖАБЫЛДЫ немесе «АЛҒЫСЫМЫЗ» АҒЫЛДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
07.03.2019 15:35 |
Айтпақшы, Ресейдегі қазақ мектебінің жалғыз қалуының өзі – трагедия. Бұл бір күнде болған жайт емес. Кәсіпкердің тілімен айтар болсақ, «затымыз» өтпеді, «нысанды» жабуға мәжбүр болдық. Сонымен, 1 миллионға жуық қазақтар тұратын көршілес елде енді бірде-бір ресми қазақ мектебі не балабақша жоқ. - Қазақ елінде қазір орыс тілінде оқытатын 1500 мектеп бар. Егер біз жыл сайын 15 орыс мектебін жапсақ, еліміздегі 1500 орыстілді мектепті 100 жыл бойына, яғни тұтас бір ғасыр мерзімінде түгесеміз. Осыншама сиырқұйымшақ созып, сартап уақыт күтсек, қазақ тілі біржола өліп тынады. Сөз – тілден құралады. Кіндік ұлттың туған тілінің көзі ашылып, сөзі жүрмесе, елдің ертеңгі аспаны ашылмайды. «2020 жылға таман Қазақ елі жұртының 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі керек» деп, соны көксеген Елбасы емеуріні етекте қалды, - дейді қоғам қайраткері Мыңжан Байжанин. Осындайда «Қашайын деген киік еді, артына таяқ тиіп еді» деген сөз ойыңа еріксіз түседі. Мәселеге біржақты қарауға болмайды. Олар жапты екен деп, бізге де жаба салу оңай ма? Олардың қолынан келді делік, біздің ше? Есесіне, біз де сыныққа сылтау таба алмай жүрген болсақ ше? Қорыққан бірінші «жұдырықтаса», қорғану үшін қимылдау «қылмыс» емес шығар. Бірақ, ол мені «боқтады» екен деп, оны «ұра» берсең де болмайды. Бұған бізден «биікте» отырғандар ойланып-толғанып жауабын бере жатар. - Облыс бойынша 2018-2019 оқу жылында 293 мектепте 153502 оқушы білім алуда. Олардың 4-еуі – орыс тілде (3950 оқушы), 27-сі – қазақ және орыс тілде (аралас мектеп, 29182 оқушы), 262-сі (120370 оқушы) қазақ тілінде оқытылады, - деді Қызылорда облыстық білім басқармасы бізге берген мәліметінде. Қазіргі күні облыста 4 орыс мектебі бар. Олар – Арал ауданындағы №14 мектеп-лицей, Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназия, Шиелі ауданындағы №252 мектеп-гимназия, Қызылорда қаласындағы №198 орта мектеп. Соңғы 10 жылда Сырдария ауданындағы №36 мектеп (2011 жылы), Қармақшы ауданында №250 мектеп (2009 жылы) орыс тілінде оқытылатын мектептен аралас (қазақ-орыс) мектепке көшіпті. Жоқтан жақсы, тасбақаша талпынып жатқандаймыз. Негізі бізге көршінің тіліне көз алартып қарамай-ақ, өз тілімізді өзіміз өгейсітпесек те жетіп жатыр. Сонда да, «жалғызымыз» жабылып, Ресейге деген «алғысымыз» ағылып тұрғандай... Рыскелді ЖАХМАН
Сөзбе-сөз Арман ШОРАЕВ, журналист: - Дәл қазір Мәскеудің орталығындамын. Қарапайым ғана нәрсені түсіне алмай отырмын, құрметті ресейліктер! Сіздердің іні-қарындастарыңыз үшін біздің елде 1500 орыс мектебі бар. 1 мектепте 2400 славян білім алады деп есептесек, 3 млн 600 славян орысша оқып жатыр. Енді Ресейдегі 900 мың қазақты есепке алып, математикалық пропорцияға салсақ, онда ең аз дегенде 360 қазақ мектебі болуы шарт. Сіздер бұндай құқықты қазақтан басқа Ресейде тұрып жатқан татар, кавказдарға да бермей отырсыздар. Қайда сіздердің көпұлтты мемлекет болғандарыңыз? Мен сіздердің үкіметке 360 қазақ мектебін ашуды сұрай алмаймын. Алайда өз елімдегі биліктен Қазақстандағы 1500 орыс мектебін жабуды талап ете аламын. Әрине, сіздер ол кезде маған «фашист», «ұлтшыл» деп атыласыздар. Енді осыдан кейін өздеріңіздің кім екендеріңізді өздеріңіз айтыңыздар. Ұлы орыс шовинизмі боп қалсаңыздар, сіздердің болашақтарыңыз жоқ. Мемлекеттеріңізде осындай үлкен мәселе тұр. (Фейсбук парақшасынан алынды.)
Қанат ТАСЫБЕКОВ, қоғам белсендісі, тіл жанашыры: - Мәселе былай, Ресей басшылығы «Біз қазақша оқытпаймыз» деп айтпайды. Ресей Білім министрлігінің сараптамасынан өткен оқулықтар ғана мектептерге беріледі. Ал, қазақ тілінің бірде-бір оқулығы сол сараптамадан өтпейді екен. Бұл кедергі ғой. Ресейде қазақтар өте көп емес ғой, оларды ыңғайлы, сапалы қазақ тілі оқулықтарымен қамтамасыз етуге, ұсынуға болады. Шынын айтқанда, Ресейде қазақ мектептері қалғанымен, олардың көпшілігі балаларының орыс мектептерін бітіргенін қаламайды және ондағылардың басым бөлігі Қазақстанға көшкісі келмейді. Бірақ, қазақ тілін оқығысы келеді. «Оқығысы келеді» деген қазақ тілін толық білмейді деген сөз ғой. Ресейде орыстілді қазақтар арасында анкета толтыртқанда байқағаным, елдегі қазақ тілінің жағдайы оларды алаңдатады, ұялтады, намысына тиеді. «Бізде де орыс мектептерін жабу керек!» деген пікірді айтатындар саяси ұпай жинап алуы мүмкін. Іс жүзінде бұл қазір іске аспайды. Қарсы шығып жатқаным емес, бірақ, көрпемізге қарай көсілуіміз керек. «Ә» десе, «мә» деу біздің халыққа жараспайды. Қазақ кез келген түйінді ақылмен шешкен ғой. Сондықтан, екі жақты мәмілеге келтіретін, татуластыратын, разы ететін шешім керек.
Сәдуақас АҢСАТ, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы: - Қандай да бір мемлекеттің өзіндік ұстанымына байланысты жайттың екінші тарапқа әсері болатыны анық. Ресейдегі қазақтілді балабақшалар мен қазақ мектептерінің жабылуы осыған келеді. Ол жақтағы білім туралы заңның да қабылдануы да мектептердің жабылуына әсер етсе керек. Менің ойымша, бұл қуанарлық шаруа емес. Ол жақтағы 1 миллионға жуық қазақтардың ана тілінен ажырап қалуы өте қиын жағдай. Жалпы, тұрғындардың түсінігін өзгерту керек. Мысалы, жұмысқа тұрғанда «орыс тілін білмесең болмайды» деген секілді, «қазақ тілін де жетік меңгермесең жұмыс жоқ» дегендей болуы керек. Бұл енді өзге облыстарға тікелей қатысты. Қазақ ата-аналарының өзі балаларын орыс мектебіне беріп жатады. Неге? «Орыс мектебін жауып, балаларын қазақ мектебіне беру керек» деген пікірден бұрын біз қазақ мектебінің білім деңгейін жоғарылатуды ойлағанымыз жөн. Яғни, бұған «Педагог мәртебесі» туралы заңның да ықпалы болмақ. Бұл қазақ мектептерінің, мұғалімдерінің білім деңгейі төмен дегенді білдірмейді. |
«ҚАТЫН АШУЛАНСА, ҚАЗАН ҚАЙНАТАР» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
07.03.2019 13:05 |
Елорда төріндегі сол қайғылы жайттан кейін еліміздің кей өңірлерінде ашынған аналар бас көтеріп, Үкіметке талап-тілектерін қоя бастады. Басым көпшілігі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп, балалар жәрдемақысын көбейту туралы талаптарын алға тартты. Өйткені қазіргі күнге алып отырған ай сайынғы жәрдемақы өте мардымсыз, бала басына шаққанда оның жеке қажеттіліктерін өтеуге мүлдем жетпейді. Ал жылдың басында ғана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі М.Әбілқасымова көпбалалы аналарды миллионерге теңеп, шелектің түбінен түскен 16 мың теңгенің өзі көп ақша екенін айтып, әйелдердің «қытығын» оятып алды. Шүйліккен жұрт оған «отставкаға кет!» деген талабын тағы қойды. «Ес сасыса, тұз себесің, тұз сасыса, не себесің?» дегеннің керін келтірген оның сөзі халықтың жүйкесіне салдарлы әсер еткені соншалық, түтіп жеуге әзір тұрды жұрт. Мәселенің байыбына барып, саралап, азаматтық ұстанымын көрсеткен сенатор М.Бақтиярұлы өзінің ұсыныстары мен ойларын жіпке тізді. - Көптеген дамыған елдер секілді көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында бізде де «Үлкен отбасы» атты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталардағы жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Айтылып жатқан ұсыныстар мен талаптардың негізі тұрғын үй алуға жеңілдік, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді көбейту және басқа да жеңілдіктер (коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, білім, қоғамдық көлікте жүру, т.б.) төңірегінде болды. Қазіргі кезде көп отбасылардың банктен алған несиелерін мемлекет тарапынан ішінара болса да жабу тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың Үкіметтің тұрғын үйімен қамтамасыз етуге бағытталған саналуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің жоқ болуына байланысты көпшілігі өте қолайсыз, тар жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қолжетімді алдын ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, тұрғын үй салуға ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып, тұрғын үй салатын кәсіпкерлік субъектілерге салық Кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері мен мемлекеттік наградалармен ынталандыру тетіктерін жетілдіру қажет, - деді ҚР Парламент Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы. Әлеуметтік көмек пен жәрдемақы мәселесі бұрын айтылып та, жазылып та жүр. Отбасындағы 4-5 бала үшін мемлекеттен болмашы ғана жәрдемақы алатын аналардың жанайқайын жел итеріп әкететін. Шыдамның да шегі бар деді ме, әйтеуір аналар бас көтерген жиыннан кейін мәселенің байыбына бара бастаған Үкімет қазанның қақпағын ашты. Өткен аптадағы президенттің өзі қатысқан «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде де бұл әңгіме кабинеттен тысқары қалған жоқ. - Миллионерлерге мемлекеттен тағы көмек берудің қажеті не? Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың отбасы ғана атаулы көмек алады екен. Көп балалардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді және мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырамын, - деді мемлекет басшысы. Бүгінде елімізде 4-еуден көп баласы бар 340 мыңға тарта отбасы бар. Оларды қолдау үшін 500 миллиард теңге бөлінген. Халықтың көкейінде жүрген мәселелердің ішінде балаларға берілетін жәрдемақы мөлшерін арттыру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамтамасыз ету де бар. Біздің егемендік алғанымыз ширек ғасырдың көлемінде ғана. Демографиялық мәселе жөнінде әңгіме өрбітудің өзі ұят. Жағдай жоқ, жеңілдік қарастырылмаған. Айналамыздағы елдерде қандай? Ресейдің 150 миллионға тарта халқы болса да, капитал өсімі аз деп 2020 жылдан бастап 3 баласы бар отбасын көпбалалы отбасылар қатарына енгізуді жоспарлап отыр. Салықтық, коммуналдық, тағысын тағы жеңілдіктерден бөлек, көпбалалы анаға ай сайын 6000 рубль төленеді. Ал Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан елдері де демографияға үлес қосушы аналарды ренжітпейді. Біздегі аналардың зейнет жасын ұзартып жатқаны белгілі. Оны алға жылжытқаннан адамның өмір сүру жасы ұлғаяды дегенге адам сенбейді. Мәселен, Өзбекстанда бір ғана баласы бар аналардың ғана зейнет жасын ұзарту мәселесі қаралуда. Белоруссия екінші бала дүниеге келгенде тұрғын үй көлемінің 50, үшінші балада 70 пайызын қаржыландырады. Ал төрт бала өмірге әкелген аналарды мемлекет 100 пайыз баспанамен қамтамасыз етеді. Айтсақ, өзімізге өкпе артамыз. Ал біздегі көпбалалы аналардың дені пәтерден-пәтерге көшіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін халде екенін көзіміз көріп жүр. Тағы бір мәселе, бала күтіміне байланысты 3 жыл уақыт беріледі, ал мемлекеттік жәрдемақы 1 жастан кейін тоқтап қалады. Одан кейін кіріссіз қалған ана буыны бекіп үлгермеген баласын тастап, күн-түн демей тағы да жұмыс істеуге кіріседі. Мәселе осы жайттан ушығып тұрғаны түсінікті. Әлеуметтік ахуалы сын көтермейтін көпбалалы отбасылардың бала басына 20789 теңгеден жәрдемақы берілетінін естіген жұрттың арасында түрлі пікірлер де тарай бастады. Қауесеттің ұшқыны жәрдемақы, тұрғын үй алу үшін неке куәлігін әдейі неке бұзу куәлігіне айырбастайтындар кездесетінін алға тартады. Қайтейік, «заманың қасқыр болса, түлкі боп шал» деген осыдан қалса керек. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегенді де естен шығармау қажет. Н.ҚАЗИҚЫЗЫ
Айгерім Асанова, көпбалалы ана: – Мектеп жасына жетпеген төрт баламыз бар. Жолдасым уақытша жалдамалы жұмыс істейтін еді, ол да қазір тоқтап тұр. Мен бала күтімімен үйдемін. Екеуміздің де тұрақты жұмысымыз жоқ. Көпбалалы ана ретінде ай сайынғы 10 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы аламыз, алайда ол мына заманда ешнәрсеге де жетпейтінін білесіздер. Жолпұл, күнделікті азық-түлік, арасында дәрі-дәрмек алуға тура келеді. Үлкен қызымыздың мектепке баратын уақыты жақындаған сайын уайымдаймыз. Бірақ, тұрақты мекенжайымыз болмағандықтан, қай жаққа, қандай мектепке беретініміз де белгісіз. Өйткені екі-үш ай сайын пәтерден-пәтерге көшіп жүреміз. Оған себеп, пәтерақысын төлей алмай қалатын кездер жиі болады.
Салтанат Нысанбекова, көпбалалы ана: – Мен бес баланың анасымын. Жолдасым да, өзім де жұмыссызбыз. Тек баланың жәрдемақысымен күн көріп отырған жайымыз бар. Мектеп жасындағы 3 балам бар, кішкентайы жасқа да толмаған. Күйеуім жалданып жұмыс істейді, мардымсыз ақшаға. Ол тапқанымыз пәтерге төленеді. Көпбалалы ретінде мемлекеттен берілетін жәрдемақыны да ала алмай отырмыз. Ерлі-зайыптылардың екеуінің біреуінде зейнетақы қоры түсіп тұру керек екен. Ол үшін тұрақты жұмыс керек.
Гүлзат Жалғасбаева, «Күміс алқа» иегері: – Менің жеті балам бар. Үлкен екі қызым тұрмыста. Бес балам үйде. Әлі күнге, 12 жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Қыста жұмыс жоқ, отынға да, көмірге де қаражат керек. Одан қалды, 4 балама кейде жолақы да табылмай қалады. Тамақты, нанды әзер табамыз. Жаңа киім, дүние-мүлік дегенді әлдеқашан ұмыттық. Күйеуім науқас, жұмысқа жарамайды. Өзімде де тұрақты жұмыс жоқ. Бұрын тоқсан сайын балаларға жәрдемақы алатын едік, қазір ол да жоқ. Үй кезегіне тұру үшін де машақат, басымызда баспана болмаған соң ауылдық жердегі туысқанның үйінде тіркеудеміз. Қазіргі күні мемлекеттен “Күміс алқа” иегеріне берілетін жеңілдік пен баламның шәкіртақысына күн көріп отырмыз. |
ӘКЕЛІ БАЛА – ЖАУЖҮРЕК, ӘКЕСІЗ БАЛА – СУЖҮРЕК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
07.03.2019 12:55 |
Мылтықты майдан өтті. Қазір мылтықсыз майданның қақ ортасында жүрміз. Екі соғысты неге салыстырдық? Ұлы Отан соғысы қаншама әйелді отағасыз, қаншама баланы әкесіз қалдырды. Ал бүгін азаматтарымыз алдымызда жүріп-ақ соның кебін киіп отырмыз. Қасірет қой, ә?!
СОЛТҮСТІК ОБЛЫСТАР НЕГЕ СҮРІНДІ? Сандарды сөйлетсек, сай-сүйегің сырқырайды. Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз. Статистика комитеті жақында еліміздегі халықтың табиғи қозғалысын жариялады. 2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. 2017 жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше ажырасушылар көбейген. 2010 жылы 146 мыңдай неке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажырасса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мыңға жуығының шаңырағы шайқалған. Некеге тұру дерегі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көш басында. Ал ажырасудан керісінше солтүстік облыстардың тұрғындары тұр. Енді қараңыз, 2018 жылы Қазақстанда 137 797 неке тіркелген. Бірақ олардың 55 мыңға жуығы, яғни 40 пайызы ажырасып кеткен. Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарды Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мыңдай отбасы шаңырақ көтерсе, 3 мың отбасы ажырасып үлгерген. Солтүстік Қазақстанда 3 жарым мың неке тіркеліп, 2 мың отбасы ажырасқан, Қостанай облысында да 5600 шаңырақтың 3100-і шайқалған. Ақмола, Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші де көштің басында. Мамандар қанша дегенмен қазақы қаймағы бұзылмаған өңірлерде ажырасудың аз болатынын айтады. «Расында да, солай. Оңтүстік өңірдің халқы балаларын ерте үйлендіруге асығады. Тұрмысқа шықпай жүрген қызының қамын жейді. Ол жақта некелесу көп, ажырасу салыстырмалы түрде аз. Ал солтүстік аймақта заңды некеге тұру аз болғанымен қоймай, бір-бірімен қол бұлғасып қоштасатын жастардың қарасы көп. Сіз нақты деректерді ғана келтіріп тұрсыз. Ал оған осы солтүстік өңірлердегі азаматтық неке деген желеумен бірге тұрып, бірақ некелеспей-ақ ажырасып кететін қаншама отбасын қосыңыз», - дейді әлеуметтанушы Лиза Бекболова.
НЕКЕНІ БҰЗУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ БЕРЕТІНДЕРДІҢ 83 ПАЙЫЗЫ – ӘЙЕЛДЕР Отбасылық өмір салтының құлдырауы – әлемдік тенденция десек, бүгінде сол тенденцияның төрінде тұрмыз. Қазақ үшін отбасы құндылығының басында үйдің отағасы тұрған. Алайда ажырасудың салдарынан әкесіз өсіп жатқан ұрпақ көбейді. Алаңдайтын ахуал да – осы. Британдық Economist басылымының статистика мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу саны жағынан көрші қырғыз елі әлем бойынша – 48-орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 пайыз болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2,8 пайыз). Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері ерлі-зайыптылардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы материалдық қиындықтар болып отыр. Алғашқы ондыққа кіріп, отбасы құндылығымыздың салмағын азайтып отырған тұста әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұрпақтың жайы айтпаса да түсінікті. Ақылды аналар балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеуге баулиды. «Әкең келе жатыр…» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиеміздің іргесі неге сөгілді? Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген әкелерді қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын әкелер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдырлары бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі. Отбасында ер-азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Әкенің рөлі туралы әңгіме айтылмайды да. Тіпті қыз-келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді. «Ажырасудың дені 25-35 жастың аралығында болады. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себептері бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 пайызы – әйелдер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға болады» дейді медиатор Салтанат Әбдіқадырова. Ілкіде «ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма сыяды» деп сөзін сөйлей жөнелеміз. Қасіреті сол, еліміз бойынша орын алған ажырасулардың дені үйленген отбасылардың алғашқы бес жылында тіркеліпті. Бұл уақыт жаңадан отау құрған жастар үшін сынақ кезеңі емес пе?
ЖУАН ЖҰДЫРЫҚ НЕ ШЕШЕДІ? 2015 жылдан бастап отбасындағы зорлық-зомбылық жыл сайын өсуде. 2015 жылмен 2016 жылды салыстырғанда, 2,8 пайызға өскен, 2016 жылмен 2017 жылды салыстырғанда, 4,8 пайызға өскен. Ал соңғы мәлімет бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық 90 пайызға артқан. Алайда мамандар ұрып-соғудың соңында кешірімнің де барын айтып отыр. Ұрады, соғады деп бірін-бірі көрместей боп отырғандардың бетін қайтару оңайырақ көрінеді. «Мұндай себеппен келген отбасылар бір-бірімен татуласуға, бір-бірін кешіруге дайын тұрады. Олар татуласып, отбасын сақтап қалып жатыр. Ал, қаражат мәселесі бойынша оларды татуластыру қиынға түседі. Ойланатын жағдай – осы», - дейді Астана қалалық Алматы аудандық сотының судьясы Бағдагүл Бияхметова. Дегенмен «негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға тағы да болмайды» дейді мамандар. Ажырасу эпидемиясының себебін тым әріден іздейтіндер бар. «Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әкесіз өскен балалар бүгінде әке болып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алмағандар үшін баланы әкесіз қалдырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады», - дейді «Әкелер қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары Арыстанғали Сансызбаев. «Сонда бүгінгі әкесіз жүрген балалар енді бір 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтеді деп ойлайсыз ба?» деген сауалымызға ол: «Өкінішке қарай…» деп жауап берді…
«БАЖ САЛЫҒЫН ЖҮЗ ЕСЕГЕ КӨБЕЙТЕЙІК» «Қазіргі ажырасқан жастардың 83 пайызының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың шынында, кемшілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала әкесіз өсіп келеді», - дейді Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасы Қыдырбек Әлқожаев. Былтыр Өзбекстан үкіметі неке бұзуға қатысты төленетін баж салығын төрт есеге ұлғайтты. Ажырасқысы келетін адам ең төменгі жалақы мөлшерінің 200 пайызын төлеуі керек. Некені екінші қайтара бұзса, 400 пайызын төлейді. Осылайша, ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген ниетін төмендетеміз дейді. Ал бізде бұл төлем айлық есептік көрсеткіштің 0,3 пайызы мөлшерінде, яғни 757 теңге екен. «Осы 757 теңгені жүз есеге ұлғайтып, біздегі баж салығын 757 мың теңгеге көбейту керек әрі бұл ер мен әйелге бірдей салыну керек. Сонда ғана олар ертеңгі күні осындай жағдайдың алдын алу үшін, бір-бірін танып барып үйлене бастайды. Ал бізде қазір болмайтын нәрсеге де бірге тұрмауға шешім қабылдайтындар бар. Ажырасуды ойыншық көрмеудің жолы осы болса, ондай қадамға да бару керек», – дейді әлеуметтанушы Лиза Бекболова. Неке бұзылған жағдайда балалардың 90 пайызы анасының тәрбиесінде қалады. Бар қасірет те осы тұстан басталады. Бұл – жай ғана бір адамның емес, тұтас ұлтқа қауіп төндіретін қасірет. Өйткені отағасыз отбасында өскен баланың болашағын Бұқар жыраудан асырып айтқан жан жоқ. «Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек».
«КЕМШІЛІКТЕН КҮНӘ ЖАСАМАУ КЕРЕК» Отбасы институтындағы осындай дағдарысқа мемлекет те алаңдаулы. Ажырасудың алдын алудың түрлі жолдарын қарастырып-ақ жатырмыз. Қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп жарияланды. Жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауы өтеді. 2018 жылдың 1 қыркүйегінде Отбасы соты пилоттық жобасы іске қосылды. Ал жақында Қоғамдық даму министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2019-2024 жылдарға арналған отбасын дамыту және қолдау Жол картасының жобасын әзірледі. Қоғам мұндай шараларды қолға алып, қалай даурықсақ та, нәтижесі көңіл қуантарлық емес. Ажырасудың айылы тыйылар түрі жоқ. Бала санасына түскен сынықты ешкім емдеп жаза алмайтынын ойласақ, оны заңдық тұрғыдан күшейту керек те шығар. Өйткені алимент өндіріп алынғанымен, отбасылық жылу мен махаббатты оралту мүмкін емес. Отбасы – екі жанның қасиетті одағы, баланың бақытты мекені. Дін мамандары болмашы нәрселер үшін шаңырақ шаттығын бұзуға болмайтынын айтады. Ислам діні ерлі-зайыптыларға бір-бірінің кемшілігін теруге емес, жақсылығын көруге кеңес береді. «Кішкентай ғана кемшілікті көріп, теріп, одан күнә жасамауымыз керек. Жаһанданған ХХІ ғасырда әлемдегі әрбір халық ұлттық болмысын жоғалтып алмау үшін жанталасуда. Ол көштің қатарында қазақ ұлты да бар. Ұлттық бет-бейне мен бірегейлікті сақтау, осының негізінде ұлттық тәрбиені салт-дәстүрмен сабақтау – бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет. Себебі, халқымызда дәстүр-салтымызбен ұштасқан тамаша отбасылық үлгі бар еді. Жанұядағы қарым-қатынас тегіс жолға қойылған. Тек тамырымызға үңіле алмай жатырмыз», - дейді теолог Жасұлан Сәндібеков. Түйін. Өткен аптада депутаттар дабыл қақты. Сенат депутаты Динар Нөкетаева ажырасуға алаңдай келе, «Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап ғана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептейміз», - деді. Өзіміз демографияға дем сала алмай отырған қоғамда оған қауіп төндіріп отырған бұл бірінші мәселенің шешімін Үкімет қолға алмаса, енді бір бес жылда кешігіп қалуымыз да мүмкін. 50-жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80-жылдары әрбір төртінші, ал 90-жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. Қыздарымыз қалыңмалдың құрбаны болды деген қазақ қоғамында да мұндай ажырасу болмаған. Ал енді қалағанына қосылып, қол ұстасатын жаңа заманда қасиетті некенің қадірі неге қалмады? Отбасын құру шынымен ойыншыққа айнала бастады ма? Осындайда Құнанбай мен Абайдың дауласып қалып, «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген әкенің сөзі еске түседі. Осы бір-ақ ауыз сөзде Құнанбайдың барлық арман-мұраты жатқандай. Біздің қоғамның әкелері баласын Абайдай етіп тәрбиелеуге құлықты ма? Жауапкершілікті сезіне ала ма?
Гүлжан РАХМАН, журналист Астана қаласы
Сіз не дейсіз? Ерлан Бошай, психолог: – Жауынгер бабаларымыз отбасы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаңғыртпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгін дәстүрлі отбасылық құндылықтар бұзылып, материалдық игіліктер алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды, ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күйзелістерін білдіруге тырысады. Яғни, бұл – баланың жанайқайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады.
Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты: – Отбасы функцияларының бұзылуында материалдық қамтамасыз ету алға шықты. Енді бұл мәселені қалай шешеміз? Оған әртүрлі концептуалдық шешім керек. Дұрыс, қазір «отбасы сотынан» бастап, түрлі бағдарламалар, шаралар жүзеге асуда. Бірақ біз бұл жерде бір нәрсені ұмытып кеттік. Бізге ең алдымен «Қазақстанға қандай отбасы керек?» деген сұраққа жауап тауып, тұжырымдама жасау қажет. Сол тұжырымдамада дәстүрлі отбасын үлгілеу керек. Сондай отбасылардың образын жасау қажет. Біз қанша айналып қашсақ та, бәрібір түбі осыған келмейінше, басқа әрекеттің бәрі бекер.
Наурызбай Тағанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы: – Ер мен әйел бір-біріне киім дейді. Яғни, олар бір-біріне басқаларға қарағанда, жылылық сыйлайды, жақын болады, айыбын жабады. Жастар үйленбей тұрып, әр отбасында осындай жауапкершілікті сезіндіретін тәрбие берілу керек ғой. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу», - деген. Алла тағала ер мен әйелдің болмашы нәрселер үшін ажырасуын қаламайды. Сол себепті, некені бұзудың өзіндік шарттары, уақыттары, әдептері бар. Бұл себептер екі жақтың «ажырасамын» деген ойларынан қайту үшін жасалған үлкен мүмкіндіктердің есігі. |
ҚАЛДЫҚ ТА ҚАЖЕТКЕ ЖАРАУ КЕРЕК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
07.03.2019 12:53 |
Әлем бойынша 2001-2007 жылдары қалдықтарды энергияға айналдыру қуаттылығы жылына шамамен 4 миллион метрикалық тоннаға артты. Өздеріңізге белгілі, техниканың тілін «шағатын» Жапония мен қоқыстың өзін кәдеге асыра білетін Қытай елінде балқыту мен қатты қалдықтарды қайнату үшін бір емес, бірнеше зауыт салды. Бүгінгі күннің өзінде онда қалдықты энергияға айналдыратын 50-ден астам зауыттың түтіні будақтап тұр. Ал жыл көлемінде 40 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды термалдық өңдеуден өткізетін Жапония әзірге ұтылып тұрған жоқ. Жаһан елдерін пластмассалық қалдықтардан жасалған түрлі бұйымдармен қамтамасыз етіп отыр. Біздің күнделікті қоқысқа тастап жүрген қатты тұрмыстық қалдықтардан тек зат ғана емес, түрлі энергетикалық өнімдерді де алуға болады екен. Бұл туралы Қазақстан-Финляндия үкіметтері арасындағы отырыста айтылды. Айта кетейік, Фин елінде барлық санаттағы қалдықтардың 97 пайызы өңделуде, ал бізде соңғы үш жылда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тек 2,6 пайызды құраған. Өткен жылы 11,5 пайызға ілдалдалап жеткен. - Алдағы уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жұмыстарын 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Оның 32 пайызы өнеркәсіптік қалдықтарға тиесілі. Мұнда велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, жасыл технологияларды, фин бизнесін, ноу-хау мен капиталды тарту керек. Егер заңнама мұны істеуге мүмкіндік бермесе, онда заңнаманы өзгерту қажет. Бұл қалдықтардан газ, электр және тағы басқа энергия көздерін алуға болады, - деп атап өтті еліміздің бас энергетигі Қ.Бозымбаев. Әлемдік тәжірибеден аларымыз мол, үйренеріміз жеткілікті екенін мойындаған да жөн. Өйткені, жарамсыз деп санайтын заттардың өзін пайдаға асыратын өндіріс ошақтарының жоқ болуына байланысты біздегі проблеманың басы экологиялық зардаптан басталады. Ал Финляндия бұл мәселені ауыздықтау үшін қалдықтардан электр энергиясын өндіру әлеуетті арттырады деген тұжырымда. Сондықтан осы технологияны Қазақстанға да ұсынып отыр. Яғни алдағы уақытта «жасыл экономика» заңдылығын іске қоссақ, электр энергиясын өндіруді тиімді жүзеге асыратын секілдіміз. Алдымен өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жүйесін негізге алған жөн. Мәселен, «жасыл экономика» бағытында Дания, Германия, Италия, Швеция, Финляндия елдері жетістікке жетіп отыр. Бүгінде әлем бойынша патенттелетін бүкіл технологиялардың экология саласындағы 23%-ы және күн мен жел энергетикасы саласындағы 30%-дан астамы неміс компанияларына тиесілі. «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарға сәйкес 2050 жылға қарай энергия тұтынудың 50 процентін баламалы және жаңғыртылған түрлерінен алу жоспарлануда. Соған жетейік...
Н.ҚАЗИ |
ҚЫЛМЫС САНЫ 9 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
07.03.2019 12:50 |
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаев БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Қала көлемінде өткен жылмен салыстырғанда қылмыстар саны 9 пайызға төмендеген. Басқарма бастығының сөзінше, бұл – жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ, алдағы уақытқа жоспарлар, полиция жұмысын жаңа сатыға көтеру, азаматтардың құқығын қорғайтын тәртіп сақшысының имиджін қалыптастыру, сандық технологияларды енгізу жұмыстары жөнінде айта келіп, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруды тілге тиек етті. «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Цифрландыру дегеніміз – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат», - деген болатын Елбасы өз Жолдауында. Президент ұсынған бастама Сыр өңірінде де жүйелі іске асып жатыр. Бұл Ішкі істер органдарын цифрландыру жұмыстарында да жемісін беруде. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпалды. Конференция соңында БАҚ өкілдері фронт-офис қызметімен танысты. Келушілерге күту орнымен жабдықталған. Азаматтар тарапынан түсетін арыз-шағым, жеке мәселелер бойынша қабылдайтын ресепшн қызмет атқарады. Фронт-офистің тиімділігі – полиция органына қатысты түрлі мәселелер бойынша бір орталықтан қабылдау жүргізіп, жедел шешім шығару. Осы мақсатты іс жүзінде жүзеге асыру үшін енді полиция қызметкерлері белсене жұмыс істейтін болады. «Полиция қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенеді». Жиын соңын басқарма бастығы Дәулет Сүлейменұлы осылай түйіндеді. Әріптестерінің жұмысы арқылы қоғамдық тәртіпті күшейтіп, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруды меңзеді. |
СЫР ӨҢІРІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕН СЫР АЙТАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
07.03.2019 12:40 |
Өткен аптада А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыс әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Шарада алғаш болып сөз кезегін алған облыстық мәслихатының хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов конференцияның маңыздылығын, Сырдария төңірегіндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің көне түркі тайпаларының мәдениеті мен өркениетін дамытудағы рөлін атап өтті. Конференцияға Хажы Байрам Вели (Түркия, Анкара) университетінің профессорлары, ф.ғ.д. Өжал Оғуз (ЮНЕСКО және престиж тізімі: Құтадғу білік және Қорқыт ата) бен ф.ғ.д. Хүлия Касапоглу (Алаш қайраткерлері және Қызылорда) қатысып, маңызды ақпараттарымен бөлісті. «Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елді сыйлап, жерді сыйлап сіздерге өз ойымды қазақша жеткізсем деймін» деген Хүлия ханым Сыр бойындағы Алаш ардақтыларының тұрмыс-тіршілігі мен шығармаларына кеңінен тоқталды. - «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – өте құнды сөз! Халықаралық конференцияға алыс-жақыннан ат терлетіп келіп тұрған баршаңызға алғыс айтамыз, жүздескенімізге қуаныштымыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты жолдау-мақалаларында тек қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани жаңғыруын айтады. Біз де рухани жаңғырудамыз! - деді ол. Одан кейін Н.Миклухо-Маклай атындағы (Ресей, Мәскеу) антропология және этнология институтының профессоры, т.ғ.д. Ирина Аржанцева «1940-1950 жылдардағы Сырдария өзенінің төменгі жағындағы Хорезм экспедициясының зерттеулері», Тюбинген (Германия) университетінің профессоры, белгілі археолог Харке Генрих «Жанкент» археологиялық жобасы – халықаралық бірлестік және алғашқы нәтижелері» атты баяндамасымен Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орнын айшықтап берді. Өз кезегінде қазақстандық ғалымдар да қарап қалмады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Шәкір Ыбыраев (Қорқыт туралы аңыздардың тарихи шындығы), ф.ғ.д. Амантай Шәріп (Жанкент: аңыз бен ақиқат) пен Халықаралық түркі академиясының аға сарапшысы, ф.ғ.к. Нәпіл Базылхан да (Ұлы даланың жеті қыры – ортағасырлық өркениет белгілері) баяндама жасап, көпшілік біле бермейтін тың мәліметтері мен ойларын нақты дәлелдерімен ортаға салды. Сондай-ақ, жергілікті ғалымдардың да айтар жаңалығы болды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бағдат Кәрібозұлы «Сыр өңірі руханиятының тарихи бастаулары» тақырыбындағы баяндамасы арқылы Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімдігінің назарына ұсыныс та айта кетті. - Қорқыт ата, Оғызнама, Махаббатнама, Хұсрау-Шырын, Ақиқат сыйы кітаптарын еліміздің орта және арнаулы оқу орындарына енгізіп, жан-жақты, тиянақты түрде шығармашылық және ғылыми тұрғыдан оқыту мәселесін конференцияның ұсынысы деп қабылдаса деймін. Біз ата-бабалардың мұрасын балаларына терең оқыта алсақ, нағыз рухани жаңғыру осы болады. ...Әдетте «Сыр елі – жыр елі» деп жатамыз. Бірақ, осы сөздің астарына үңіле алдық па? Сондықтан, Сыр елінің орта мектептеріне арнаулы курс бола ма, факультативті сабақ бола ма, әйтеуір Сыр сүлейлерінің еңбектерін оқытсақ деген ұсыныс бар. Біз «Сырдария» кітапханасын жасағанда оның 11 томын сырбойылық ақын-жазушылардың шығармашылығына арнадық. Қазір сол кітаптар облыстың барлық кітапханаларында тұр. Демек, біздің мұны оқытуымызға толық негіз бар, жағдайымыз да келеді. Мұны облыстық білім басқармасы назарға алса екен, - деді ол. Өз кезегінде археолог Әзілхан Тәжекеев «Біздің дәуіріміздің IV ғасырымен мерзімделетін «Қоссаз» домбырасы» деген баяндамасы арқылы аймақтағы көне түркі өркениеттері мұрасын сақтау және көпшілікке тарату жұмыстары туралы айтып берді. Бұған дейін Моңғолиядан «ата домбыра» (VI-VII ғасыр) табылған болса, «Қоссаз» аспабын «баба домбыра» деуге негіз бар екен. Өйткені, ол IV ғасырмен мерзімделеді. Ғылыми-теориялық конференцияға қатысушылар үшін Хорезм экспедициясының материалдары бойынша әзірленген «Сыр өңірінің зерттелу тарихы» кітап-альбомының тұсаукесері және тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Айта кетейік, ғалымдар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесіп, Сыр өңірінің мәдени мұраларын сақтау бойынша жүргізілетін алдағы жұмыстарды талқылап, Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығы мен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды. Рыскелді ЖАХМАН, Н.Нұржаубай (сурет)
Хүлия КАСАПОГЛУ, ф.ғ.д., Хажы Байрам Вели университетінің профессоры: - Алаш қайраткерлері туралы айтқанда Қызылорданы айтпасақ болмайды. Кеңестік заманда Алаш тұлғаларының еңбегі еленбеді, тек қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана оларды тани бастады. Біз Алаш пен Қызылорда тақырыбын сөз еткенде екі жайды ескеруіміз керек. Біріншіден, Қызылорда топырағында, Сырдария бойында туып-өскен Алаш қайраткерлерін, «Алаш» қозғалысына қатысты зиялыларды айтуға тиіспіз. Екіншіден, Қызылордамен байланысты, яғни Ақмешіт астана болған уақыттағы осында оқыған, қызмет еткен барлық Алаш зиялылары, Алаш жеңімпаздарын ескеруіміз керек. Мысалы, Мұстафа Шоқай, Қоңырқожа Қожықов, Әлібек Қоңыратбаев, Серқұл Алдабергенұлы, Сұлтанбек Қожанов, тағы да басқа тұлғалар – Қызылорданың өз перзенттері. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Дінше Әділұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды бірқатар тұлғалар осында еңбек етті.
Харке ГЕНРИХ, т.ғ.д., Еберхард Карлс атындағы Тюбинген университетінің профессоры: - Мен Жанкент қаласы туралы аз уақытта барлығын айтып үлгере алмаймын. Бірақ, оның оғыз бен Қорқыт атаның қаласы болғанын айтқым келеді. Ал, Қорқыттың осы жерді, Сырдария бойын мекен еткені туралы жазба деректерде де бар. Жалпы, батыс және шығыс Еуропада Жанкент секілді қалалар көп. Біз Жанкент қаласына қазба жұмыстарын жүргізгенде көптеген деректерге қанық болдық. Табылған жәдігерлерге қарай отырып Жанкентте бірнеше этностар өмір сүрген деуге негіз бар. Қаладан үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды. Алдағы уақытта Жанкент қаласының сыртқы жағы зерттелмек. Жанкент – солтүстік пен оңтүстікті жалғастырушы, байланыстырушы қала. |
БАСШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
07.03.2019 12:25 |
Бизнес бастауға әркімнің батылы бара бермейтіні шындық. Дегенмен, бүгінгі қоғамда батыл жандар баршылық. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Бибінұр Амангелдіқызымен әңгімелескенді жөн көрдік. Ол қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті. Сондай-ақ, «Қорқыт ата» мектебінің директоры.
– Бибінұр, Сіздің бизнесіңіз қай бағытқа негізделген? Нақты немен айналысасыз? – Ең әуелі, шахматшылар клубы. Өзге орталықтардан артықшылығымыз, біз топқа оқушыларды логикалық деңгейін анықтайтын тест арқылы қабылдау жүргіземіз. Бүгінгі таңда шахмат клубына жазылған балалардың саны 60-тан асты. Аз уақыттың ішінде біраз жетістікке жетіп үлгердік. Облыстық, қалалық байқауларда оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ендігі мақсатымыз – балаларды биылдан бастап республикалық, әлемдік жарыстарға апару. Ал екінші бағытымыз – «Мega Art» орталығы. Мұнда мектеп оқушыларымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар да кәсіби түрде сурет салуды және қолөнер жұмыстарын жасауды үйренеді. Сурет салудың өзі құммен, суға сурет салу секілді 9 бағытқа бөлінген. Өткен жылы «Мega Art» жобасымен Zhasproject-ке қатыстық. Сөйтіп, 1 млн теңге қолдауға ие болдық. Үшіншісі – білім беру бағыты. Мектепалды даярлық, математиканы тереңдетіп оқыту курстарын аштық. Міне, негізгі үш сала бойынша жұмыс істеп жатырмыз. – Естуімізше, дәл қазір Қызылорда қаласындағы іргелі оқу орнының бірінде оқиды екенсіз. Бизнес пен білімді қатар алып жүру қиын емес пе? – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «технологиялық машиналар жабдықтау» мамандығының 3-курс студентімін. Әрине, оқу мен кәсіпті қатар алып жүру оңай емес. Өте қиын. Шындасаң білімге де, жұмысқа да уақыт табуға болады. Менің бизнеспен айналысуыма аталмыш оқу орны мүмкіндік жасап отыр. Дегенмен, ең бірінші кезекте білім тұруы тиіс. – Бизнес бастауға не итермеледі? – Ұлттық бірыңғай тестілеуден 100 балл жинадым. Әйтсе де, бұл балл менің таңдаған мамандығыма грантқа түсуге жетпеді. Сөйтіп, басқа мамандыққа грантқа тапсырдым. Жаным қалаған мамандыққа іліге алмауым кәсіп бастауыма түрткі болды. Өз-өзіме «ертең технологиялық саланы бітірген соң мұндай жұмыс маған табыла ма?» деген сауал қойым. 1-курсты бітіргеннен кейін кәсіп бастаудың көзін іздестірдім. Қолымнан не келетінін байқап көрдім. Мен бүгінде өзімді кәсіпкермін деп санамаймын. Оған әлі ертелеу. Алға қойған ауқымды жоспарларым өте көп . Соны іске асыруға тырысып жатырмын. – Кәсіп ашуға көмектескен адамдар бар ма? – Қол ұшын созған адамдар болмаса, 1,5 жылдың ішінде осындай деңгейге жетпес едім. Мені бизнеске бейімдеген ата-анама алғысым шексіз. Олар күнделікті моральдық тұрғыдан жәрдем жасады. Сондай-ақ, университетте бизнес менторларым бар. Олар Жандос Оразмаханов, Жандос Базартай, Баян Егізбаева және психолог Назира Аймаханова. Аталған кісілер кәсіпті жүргізуге бағыттар беріп, қанаттануыма ықпал етті. Жігерлендірді! – Мемлекет тарапынан қандай қолдауға ие болдыңыз? – Кәсіп ашуға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес инкубатор» жобасы үлкен мүмкіндік сыйлады. Кейіннен Zhasproject жобасында бағымды сынап, жеңіске жеттім. Негізі орталыққа қажетті заттарды алуға инвесторлар көмек көрсетті. Бүгінгі таңда облыстық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Бірнеше рет жас шахматшылар арасында облыстық турнир ұйымдастырдық. Сонымен қатар қалалық спорт бөлімімен бірге ай сайын шахмат турнирін өткізу дәстүрге айналды. Алдағы уақытта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп бірқатар жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. – Қызметкерлерге басшылық жасау қиын емес пе? Өзіңіз де жассыз дегенім ғой... – Шыны керек, оңай емес. Қазіргі таңда біздің мектепте 100-ден аса бала оқып жатыр. Олардың ата-аналарымен жұмыс істеу, ұсыныс-пікірлерін тыңдау, т.б. шаруалар маңызды рөл атқарады. Бүгінде мұндағы мұғалімдердің бәрі – менен үлкен жандар. 19 жастағы қыз үшін мұның барлығы ауыр. Дегенмен, бұл саланы бастаған соң аяқсыз тастамауым қажет. Жоспарларым да жетерлік. Айталық, Қызылорда қаласынан 300 орындық ең озық мектеп ашқым келеді. Бұл – уақыттың еншісіндегі дүние. – Бибінұр, әңгімеңізге рақмет! Арманыңызға жетіңіз!
Сұхбаттасқан Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>