Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 1121 |
![]() | Кеше | 2595 |
![]() | Осы аптада | 1121 |
![]() | Өткен аптада | 20627 |
![]() | Осы айда | 1121 |
![]() | Өткен айда | 81220 |
![]() | Бәрі | 5246017 |
ЕСКІРГЕН ЖАҢА ЖЫЛ немесе ЕСІ КІРГЕН МИНИСТР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Ой-талқы |
14.03.2019 11:50 |
ТЕРЕҢДЕ ЖАТҚАН ТАРИХЫ БАР «Жаңа күн» деген мағынаны беретін Наурыз – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Халық арасында ерекше қолдауға ие бұл мереке XVIII ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда, 1700 жылға дейін Ежелгі Русьте де тойланып келген. Ал, 1991 жылдың 15 наурызында Қазақстан Президенті Жарлығының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болып, 2009 жылдың 24 сәуірінде наурыз айының 21, 22, 23-і күндеріне «Наурыз мейрамы» деген «мәртебе» берілді. Осы күннен, осы уақыттан бастап, республикамызда Наурыз мейрамы кеңінен тойланып келеді. Елбасы Н.Назарбаев «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп мейрамның тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып бергені бар еді. Тарихы тым тереңде жатқан мейрамды өзге мереке-мейрамдармен салыстырып қарасақ, «ұлттық» деп ғана ұтып кетуіміз мүмкін. Расында солай ма?
ТАНЫТАМЫЗ ДЕП ТАРЫЛТА БЕРЕМІЗ Наурыз адамға айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін күшке ие. Бірақ, біздің елде 1 қаңтар мен 22 наурызға қатысты үлкен бөлінушілік байқалатындай. Наурыз мейрамын қолдайтындар да бар, Жаңа жылды тойлайтындар да табылады. Сондай-ақ, Жаңа жылға жаны қас жандар мен Наурызды мейрам екен демейтіндердің де барын біз растаймыз. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек. Қашан және қалай? Ол үшін заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет секілді. Жақында ғана ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы мәселені көтеріп, көпшілікке ой тастады. Министрдің мәліметтері мен материалдарына сүйене отырып, біз де өз пікірімізді айтуға тырысып көрген едік. Наурыз мейрамы десе, көкпар, қыз қуу, асық ату, қазақша күрес, қол күрес, т.с.с. ұлттық ойындардың ұйымдастырылып жататынын көзіміз көріп жүр. Дұрыс-ақ. Десе де, бұл Наурыздың бүкілхалықтық мейрам болуына кері әсерін тигізеді. Демек, «Наурыз спартакиадасы» қарсаңында велошеру, марафон, т.б. секілді жарыстарды қоса өткізудің еш сөкеттігі болмайды. Әйтпесе, бұл бар Алашқа тән ұлды Жалағашқа ғана басыбайлы ету сияқты көрінеді маған.
БАЛАҚАЙЛАР «АЛАҚАЙ!» ДЕСЕ... Қуанса, бала қуансын! Баланы қуанта біледі. Иә, Жаңа жылдың тағы бір «ұтып» кететін жері – осы. Отбасы мүшелерінің бір-біріне сый-сияпат беріп, тарту-таралғы жасауын айтпағанда, балалар мен бүлдіршіндердің тәттіге «көміліп» қалатыны шындық. Кішкене ұжымнан басталған сыйлықтар кішкентайлардың жүрегін жаулайды. Алпауыт компаниялардың өзі жұмыскерлерінің балалары үшін арнайы сыйлық дайындап жатады. Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруін Наурыз Атаның «подаркасы» етуге болмас па? Айтпақшы, қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәлі» деген сөз бар. Осыдан-ақ, Қыдыр (Қызыр) атаның жақсылықтың нышаны екенін байқауға болады. Ендеше, ол жұртқа бата берумен ғана шектелмей, балаларға сыйлықтар үлестірсе ше? Ел көңілінен шығудың түр-түрі бар. Осы жол арқылы мейрамды халыққа, халықты мейрамға барынша жақындатуға болатындай. Жаңа жылдан әрбір бала тосынсый күтеді десек, Наурызды да балалардың есінде қаларлықтай етуге атсалысқанымыз жөн. Яғни, Наурызды тойлау арқылы бар жақсылығымызды, шарапатымызды, мейірімімізді балаларға арнауымыз керек. Бұл өмірде балақайлардың «Алақай!» деп шат-шадыман болғанынан артық қуаныш аз шығар...
ОТБАСЫЛЫҚ МЕЙРАМ һәм ДЕМАЛЫС «Күнтізбеде Жаңа жыл өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге айналып отыр. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 күн) наурыз демалысы белгіленуі тиіс» дейді мәдениет министрі өз сөзінде. Бұл жерде мектеп оқушыларының бұрынғы 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ тоқсан каникулы он күнге жылжып, олар осы Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алуға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ, тоқсанаралық каникулдардың арасында жиілік тепе-теңдігі сақталады.
Каникулдар арасындағы жиілік
Қазіргі кесте ІІІ тоқсан 10 қаңтар мен 24 наурыз 2 ай 14 күн 74 күн
ІV тоқсан 1 сәуір мен 24 мамыр 2 ай 14 күн 54 күн
Жаңа нұсқа ІІІ тоқсан 10 қаңтар мен 14 наурыз 2 ай 4 күн 64 күн
ІV тоқсан 24 наурыз бен 24 мамыр 2 ай 1 күн 61 күн
НАУРЫЗ: ТЕҢЕЛУ мен КӨРІСУ Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Мұның осы наурыз айында болатыны баршаға аян. Астрономдардың тілімен айтсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – күн мен түннің (21-інен 22-сіне қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлетуге әбден болады. Жаңа жылдағы жаңа күн екені даусыз ғой. Ендеше, жарықтың ұзаратын, күн нұрының молығатын жаңа күннен үлкен де, кіші де жақсылық тілей бермек, тілей бермек. Сондай-ақ, Наурыздың сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр-салтты жаңғыртатын көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске алу күні, ақ дастарқан күні деген мазмұн бере отырып, рухани байи түсетін іс-шараларды қалыптастырса жақсы болар еді. Наурыз теңелу мен көрісу күні ғана емес, ұғына білгенге жаңару мен тазару ғой.
«НОБИ ГОДТА» КЕСЕДІ, ЖАҢА ЖЫЛДА ЕГЕДІ Жоғарыда жазғанымыздай, Наурыз мейрамы – тек той тойлау ғана емес, жаппай тазалық шараларын өткізетін кезең. «Бір тал кессең, он тал ек» дегендей, көшет отырғызу науқаншылдыққа ұласпай, дәстүрге айналса құба-құп болар еді. 1 қаңтарға қарсы ормандар оталып, шыршалар түбінен кесілсе, 22 наурыз қарсаңында көшеттер отырғызылып, табиғаттың әрі кіре бастайды. Жауқазын, бәйшешек, қызғалдақ. Бұлар Наурыздың атрибуттық белгісі, тіпті эмблемасы ретінде бекітуді қажет ететіндей. Көктеммен бірге келген мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл берілсе, көңіл күйлерін көтеріп, өмірге деген құштарлығын оятып, қуаныш сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар гүлмен көмкеріліп, абаттандырылып жатса, нұр үстіне нұр. Осы арқылы біз Еуропада ерекше қастерленетін қызғалдақтың, жауқазын мен бәйшешектің түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіріп, ұғындыра түсетін едік.
ШАПАН КИЮГЕ ДЕ ШЫНАЙЫЛЫҚ КЕРЕК «Адам көркі – шүберек». Шыны керек, Наурыздағы әбден жаттанды болған әрі өзіңізден бірнеше көлемде үлкен шапанды киюден шаршаған шығарсыз. Осындай орынсыз, жарасымсыз киіммен өз-өзімізді алдауды қойған жөн. Былайынша айтқанда шапан киюге де шынайылық керек. Өйткені, өзгені еркінен тыс қазақы киіндіру – күлкілі. Ал, ол жарасымсыз болса, тіпті масқара жайт. Шүкір, қазір сән-салтанаты келіскен, мақтанышпен киетіндей ұлттық киім үлгілері жетерлік. Тек енді олардың бағасын қолжетімді етіп, санын көбейтуді ойға, сосын қолға алу ғана қалғандай. «Гүл сыйлау үрдісі, ұлттық тағамның ықшамдалған үлгісін әзірлеу, креативті киім үлгілеріне сұраныс туғызу, наурыз белгілерін айшықтайтын кәдесыйлар, сувенирлер жасау бәрі-бәрі айналып келгенде, ысырапқа емес, керісінше экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады. Ежелгі Наурыз мейрамы қазіргі заманға бейімделіп, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала түседі деген қорытынды жасауға болады» дейді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ескірген жаңа жыл туралы айтарымыз – осы. Есі кірген министрдің бұ мақаласы естір құлағы бар есті қауымға ой салуы тиіс. Өз басым Жаңа жылды отбасылық мейрам ретінде асыға күтетінім рас. Қайткенмен, төрт көзіміз түгел боп, алыс-жақындағы достармен бас қосатын шақ ғой. Білмей отырмын, бұл Жаңа жыл ескірді деген сөз бе, ескі жаңа жыл өзгерсін деген бе? Рыскелді ЖАХМАН |
«БҮГІННІҢ БІР ДЕФИЦИТІ АРЛЫ АЗАМАТТЫҚ БОЛҒАН СИЯҚТЫ...» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
14.03.2019 11:40 |
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, «Парасат»орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбат
– Сонау қыраулы қыс ортасында әлем көшінде Жаңа жылды қарсы алсақ та, өзіміздің төл күнтізбе бойынша Жыл табалдырығына енді келдік. Әз Наурыз қарсаңында Сізбен бір сұхбат мақсат еді. Жыл табалдырығындағы ойлар қандай?
– Иә, Наурыз – біз үшін жыл басы. Ықылым замандардан бастау алып жатқан, халықтың көне де, дана ұстанымы. «Дана» дейтінім, тек ғана тәжірибелік тұрғыдан, бұл күн – алып Шамшырағымыз Жер белдеуінен бері өтіп, бізге ықыласты бет бұратын шақ, осы кезде еккен тал өнімді, туған төл өсімді болады. Көктемнің бір күні – жылға азық. Наурыздан басталатын көктем, алда жатқан түгел жаз, түгел күз – келер қыстың мінезін аңдап, ұтырлы тірліктер ұйғаруға болатын бірден-бір жанды барометр. Міне, тиімділікпен ұштасқан халық даналығының бір парасы осында жатыр. Құйрығын бұлғап бара жатқан, «жеті қазынаның бірі» Ит жылы біз үшін, жалпы, жаман болған жоқ. Жыл мінезі қайталанбайды десе де, алдағы Доңыздың да болмысын қазақ жыл қайыру ілімінде жаманға жорымайды. Берері, игілігі мол, жақсы жыл болар деген үміт бар... – Өткен жыл несімен есте қалды? – Жыл оқиғалары әрине көп. Барша ғалами тіршілік үшін тұжырым жасау әбес болар. Жеке өз өмірімде елеулі оқиғалар молынан болды. Ең әуелі өмірдің 70 деген жотасына көтерілдім. Облыс басшылығы мұрындық болып, ел-ағайын мұны кең көлемде атап өтті. Ықыласты ағайынға зор алғыс сезімі бар... Ұзақ жылдар бойы жазылып, бірнеше жыл тағдырын күткен «Абыржы» роман-трилогиям толық құрамда – үш кітап болып жарық көрді. Мына прагматик ғасырда жүрек дауалап, трилогия жазу – әдебиет әлемінде, сол өз дәстүрімдегі «донкихоттық» болды-ау деймін... Мұны өзім де әлі пайымдай алмай жүрмін... «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Сыр бойы», «Халық» газеттерінде, телехабарларда, әлеуметтік желілерде кітап туралы бірсыпыра пікірлер айтылды, айтылып та жатыр. Дені – болмысы жаңа, бітімі бөлек, соны көркем-баян, ауқымды пәлсапа, терең танымдық дүние дегенге сайып жатқан сыңайлы. Мен үшін ең бастысы, қарапайым оқырманның «ойбай, Сәке, қызық кітап екен, екі-үш қайтара оқыдым, оқыған сайын тарта береді!..» деген сияқты жүрекжарды пікірлері. Халық сөзі қайбір науқандық ұстанымдар, саяси коньюнктурадан сенімдірек, қымбатырақ құндылық ғой... Арал сияқты табиғаттың ақеден, абзал перзентінің Жер бетінен пенделер ашкөздігі мен озбырлығында өшіп жойылуына мойынсыну мүмкін емес. Екі дүниеде де оның зор сұрауы бар және мұның соты әлі алда. Кім, қандай саясат, қандай көзбен қараса да, Аралды адал ниет, ұлдық парызбен іздеуден біз ешуақыт танбаймыз да, талмаспыз... Бұл ретте «Абыржы» – Арал деп көтерген ескерткішім. Реквием. «Алыстағы аралдардан» соң... – «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ғалам сарынынан ескен туыстық үндер» атты мақалаңыздан соң әлеуметтік желіде біраз әңгіме көтерілді. Осыған не айтасыз? – Бізде өткеннің шаңдағынан сілкіне көтеріліп сөйлеу ғана емес, ой еркіндігі, батылдық деген феномендер күні бүгін де тым кемшін. Көңілде бір жалтақтық, бір қорқақтық бар... (Қашанғы «кешегіден қалған рухани құлдық» деп жүре берер екенбіз?!.) Өздері батыл құлаш сермеп сөйлей алмайды, ал сен қалыпты ойға келіңкіремейтін тосындау, еректеу бір «тыңға түрен тартсаң», «бұл немене тағы?..» дегендей ешкікөзденіп, сүзетіндей қарайды. Біздің телехабарлардың таптаурын, тартымсыздығы, баспасөз бетінің стандартты-прагматикалық жұтаңдығы, бір себептен, осындай ізденуші ойдың кемшіндігінен деп ойлаймын. Эйнштейн «жаңа, батыл ой айту – қиялилықпен шендесіп жатады» деген екен. Көп жылдар зорлық тапталуында қалып келген еліңнің, жеріңнің қасиеті туралы батыл, ізгі мақсатты, және әрине, қисынға құрылған ойлар еркіндігіне барудан қорықпау керек! Ал қазақ ізденуші, беймаза ой еркіндігінде ешкімнен кем халық емес еді. «Киелі Тұран – өркениеттер отаны» деген ойға әлемді келтіру үшін, ең алдымен оған өзіміз сенуіміз керек... Жоғарыдағы мақаланы «тым батыл, асыра сілтеулер бар...» деген сияқты пікірлер әдіптеді. Несі бар, біз осыдан 50 шақты жыл бұрын әл Фарабиді сондай батылдықпен іздедік, 45 жыл бұрын Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерін сондай «көзсіздікте» төрімізге тарттық. Көкжиегімізді кеңейте беруден шаршамау керек. Бұндай мақсаттағы бүгінгі әлемдік рухани-психологиялық тренд тіпті айқын. Біз неге әлдеқалай болады деп бұқпантайлай беруіміз керек?!. Тек, ойың қисынды, айтарың дерек-дәйекті болсын. Әйтпесе, сөзіңнің пәтуасы болмайды... Ал әлгі аталған мақала, қаламгер ретінде, менің (ғылыми-зерттеу дегенге келе қояр ма екен? Ғылым адамдары, әсіресе, жастарды қамшылауға ұсыныс-идеялар десе, сол жобаға келеді) көп жылдардан бергі Арал тақырыбы мен көркем әдебиеттен тыс бір ізденіс салам. 2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Арий-Заратуштра-Сақ: түп тарихымыздың терең арнасы», 2011 жылы сонда «Ұлы Дала: тамыры терең өркендер бастауы» деген мақалаларым жарық көрген. Республиканың зиялы ортасында олар біраз пікір тудырған. Және солардың артын ала көптеген соны ойлы жарияланымдар мен кітаптар дүниеге келді... Енді бұл мақала сол алдыңғыларымның заңды жалғасы. Бүгінгі рухани серпілістерден көп бұрын басталып айтылған бұл ойлар... – Ізденуші ой үшін проблемалар да жеткілікті шығар? Бүгінгі өмір мәселелеріне байланысты ойлар қандай? – Проблемасыз өмір бола ма? Үлкені бар, кішісі бар... Қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың жайы көп ойлантады. Әлеуметтік әділдік, билік әділдігі, сот жүйесінің әділдігі дегендер болмаса, түптің түбі, қоғамдағы тұрақтылық дегенің – бос далбаса. Ал тұрақтылық тайғақ жерде өмір сенімсіз арнаға түседі. Бір уайым – экология, Арал, Солтүстік Арал мәселесі. «САРАТС-2» жобасы деп қанша дабыралатқанмен, мәселенің шоқтығы – «Кіші Арал» күні бүгінге шейін дұрыс қолға алынбастан келеді. Міне, «Көкаралдың» жатаған жалы көтерілгеніне 14 жыл. Сол сәл ғана өзгеріс ел мен экологияға қанша игілік әкелді! Әлі күнге соны жалаулатып келе жатқан бір сөздер... Үмітті жұрттың «Кіші Аралды» біртұтас көтеруді табанды түрде сұрауының 2-ші кезеңіне де сонша жыл. Бұл өткен уақыт – сол теңіз мәселесі ел сұраған нұсқада шешілуге жеткілікті уақыт еді. Сонан бері Солтүстік Аралды кемеріне келтіретін су босқа ағып, жоқ болды. Қор болды. «Көкаралдың» ар жағында құрылысшылар сауатсыздығы себебінен қырылып жатқан балық жайы анау. Осыған жыл сайын дабыл қағылады... Енді «Көкарал» бөгетінің өзінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. «Кіші Аралға» неге бет бұрылмайды? Кеше ғана отставкаға кеткен Б.Сағынтаев Үкіметі елдің көп жылдық тілегін неге жүзеге асыра алмады? Жағдай болмады ма?.. Ол азамат осыдан бірнеше жыл бұрын Көкарал басында болып, мәселені пісіруге атсалысқан білікті, жауапты тұлға еді ғой... Оның сыртында, Арал деп айтылған көтеріңкі уәделер мен биік сөздер не болғаны?» деген сұрақ елде аса көп бүгін. Сірә, анығында, Аралға деген көзқарас көңілдегідей емес... Осы уақыт ішінде «Кіші Аралдан» әлдеқайда қымбат «Көксарай» апыр-топыр салынды. Ал Сыр бойындағы тасқын су қатері дабылы сол күйі қалып келеді. Енді сонау суреттегішті оңтүстік көршілер, жүре-бара, жай ғана су қоймасына айналдырып алатын сияқты. Бастағы уәде мүлдем басқа еді... Бұл «саясаттың бас-аяғын» жұрт көзі бақырайып көріп отыр... Қойма демекші, Сырдың төменгі ағысынан (жасанды резеңкі бөгетті айтпағанда) тағы екі су қоймасы салынбақ деседі. Сонда, өзегі талған Сырымыздан төменгі жаққа, Аралға енді не қалады?.. Орыста «измором брать» деген бір ұғым бар. Мәнісі – дым татырмай, уақыт өткізіп, мәселені жоқ етіп тыну. «Кіші Арал» идея-үмітінің басындағы хал де жүре-жүре осыған жететін сыңайлы. Арысы 30 жыл, берісі 14 жыл үлкен үмітте, халық негіздей сұрап отырған бірдеңгейлі Солтүстік теңіз идеясы тапжылмастан тұр... «Кіші Арал» нысаны Арал алабы аумағында экономика, тұрмыс, қоршаған ортаны оңалту, түгел Сыр бойындағы экологиялық мәдениетті қамшылаудың бірден-бір қуатты факторы болмақ еді... Арал мәселесі бойынша бес ел басшысының тұңғыш Қызылорда саммитінде екі дария алабындағы дара дақыл мәселесі сынға алынып, су шығыны көп дақыл экспансиясын шектеуді, өңір шаруашылықтарын әртараптандыруды, бұл жолда тиімді әлеуметтік-экономикалық ізденістер жүргізуді баса айтып еді. Бірақ іс жүзінде, Сыр алабындағы су ысырабының осыдан 30 жыл бұрынғыдан көп өзгергені шамалы. Солтүстік Арал мәселесін ел-жұрт болып қуатты түрде көтеру керек. Мәселелер шешімінде «тамақ – байдан, өлім – Құдайдан» деген бейтараптық елге енді жарамайды. «Кіші Арал» маңында түрлі уәждер келтіріп, тыңнан арна қазып, айдалаға қыстақ, жол тартып, сол қабатта ақша шашып қалу ниетті бұқпа саясаттар сөзі – бір бөлек гәп... Елдің көз алдында, сол елдің өз қажырымен жүзеге асырылған осы нысан тарихына түрлі жамау жапсырып, «көзі тірі» тарихты өз қалауынша бұрмалауға тырысып жүрген әрекеттер де бар. Бұл ретте әлі де іш есеп, кешегі стандартты ой-саясат басым, әлі де жан-жақтағы «авторитеттерге» шыбындап бас шұлғу бар. Бұны да бір айтармыз... САРАТС дегенде, қарқынды түрде қолға алынған Қазалыдағы Әлсейіт көпіріндегі проблемалар ойлантады. Тағы қайталасам, бұл көпірге кешегі Үкімет басшысының нақты уәдесін Қызылордадағы кездесуде өзім сұрап едім... – Ел-жер жолында ақы-пұлсыз, жан салып еңбек ету ерліктің бір парасы деседі. Әйтсе де, осыдан адамға бір нақты өмірлік қайтарым деген бола ма? – Бұл сұрағыңның әзілмен астасатын екінші жауабы бар. Ол – «донкихоттық». Донкихоттықта қандай бас пайда болуы мүмкін?.. Бірақ ақиқаттың бір жолы осында жатыр. Қитұрқы саясаттар мен іш есептер қамауында, қаны аққан, жаныңды ауыртатын мәселеге келу үшін әртүрлі жол іздейсің. Менің Кеңес дәуірінде басталып, бүгін 52 жылға жеткен Арал жолындағы сүркіл тірлігім («эпопея» деу ретсіз болар) – осыған бір мысал... Жұрт ең алдымен қалта қамы үшін қимылдайды, сол тірлігі арқылы, кейін ер атанып, ел көзінде жүреді. Біздей есепсіз, ақы-пұлсыз әрекет мысалы сирек. Ал енді осыған өмірде бір қайтарым-пайда деген бола ма? Еңбектің Құдайдан қайтуы деген не? Ұсақ бас пайда, мансап есебінен бөлек мысал бұл. Ұлдық парыздың жүзеге асу қуанышын еш пайдамен салыстыруға келмейді. Әрине, ол, алдымен, ел-жеріңнің жаңғырған дидарының қуанышы, халықтың өзіңе деген ықылас-алғысы, сосын, сенің алғаусыз еңбегіңді көріп, елеп бағалайтын көшелі ел азаматтарының ашық көкірек көзі. Менің, әсіресе, 60 жылдық мерейтойым, сосын, кешегі 70 жылдық мерейжасыма қатысты шаралардың облыс орталығындағы, Аралдағы нұсқалары осыған мысал бола алды. – Қазір көркем әдебиетке ұмтылыс, қызығып іздеу азайды, қаламгерге құрмет аз – деседі. Мұның себебі не? – Бұл рухани жүдеулікті неден көрерді білмей қиналасың. Күн орнында, Ай орнында, елің де – сол баяғы ағайын. Біреулер қоғамнан деп жатады, қоғамның да бағыты жаман емес. Асылы – бұл көркем шығармаға, сөз киесіне деген жабық көңілдерден болар. Бұрын кез келген шопанның, механизатордың етігінің қонышында кітап, «Жұлдыз», «Жалын» журналдары жүретін. Ол заманда адам ақшасымен емес, ақылымен, білік-білімімен есептелетін, қалың бұқара көркем шығарманы іздеп жүріп оқитын. Міне, нағыз адами құндылықтар! Ал, ақын, жазушымен жүздесу – ел үшін арман еді. Біз оның шет жағын көрдік, кейін өзіміз де кездесулерге бардық. Сайып келгенде, бұл екі жақ үшін де қажет, рухани қуат алу шарасы ғой. Осы күні елге жауапты жекелеген басшылықтың өзгерген дүниетанымынан осы сабақтастық – оқырман да, қаламгер де ұтылып жатқан сияқты. Бәлкім, шенеунік «Жазушы деген кім?» деген үстем көңілде болар, алайда мұндай пиғыл сол басшы деңгейінің барометрі ғой... Менің туған өлкемнің бір аймағы Қазалыда менің мерейтойыма қатысты өткен оқиғалар – адам күлерлік те, қынжыларлық болды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев атына жазылған хат негізінде екі ауданға тапсырма берілген. Қазанның 13-і күні Аралда елмен емен-жарқын жүздесу болды. Ал Қазалы басшысы М.Ергешбаевпен бұл мәселе табаны күректей екі ай пысықталған. Ойбай, ол азаматпен не уәде болмады! Біз шаруа ұсынған хаттарда келісілгендей (5 хат!), кездесуді ойдағыдай өткізу, Әйтеке би кентінің үлкен көшесіне көрнекі бейнесурет қою, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру, жаңа романның 30 кітабын елге тарату, тіпті, жазушы еңбегін елеп, ат мінгізуге шейінгі шаруалар қайта-қайта пысықталды. Солай келісілді. 70 жас биігі мен ел алдындағы азды-көпті еңбек үшін жаман құрмет-сый емес сияқты... Құрамында әдебиетші ғалымдар бар ресми тобымыз елмен жарқын жүздесу үмітінде Қазалыға келсек, залда бір 15 шақты ғана адам шошайып отыр. Келіскеніміздей кездесуге шақырылар деген қазалылық қаламгер аға-інілердің бірі жоқ. Шамасы, біз сенген аудан басшылығы оларға хабар да бермеген... Әкімнің салалық орынбасары Ә.Жарылқағанов кеш басында бір төбе көрсетті де, зым-зия болды. (Қайда десек, жұмыс орнында отыр-мыс). Ал Ергешбаев мырза облыс орталығында, республикалық бір басшымен кездесуде... Басшының ағымдағы жұмысы біткен бе, бірақ алдында ғана аймақ басшысы өнеге көрсетіп, шығармашылық кешті түгел бірге атқарысып еді. Мұны жұмыс кестесімен бекіткен еді... Ал бұл аудан әкімдігі сонау шараны ағымдағы істерден тыс тастап, 4-5 уәденің бірін де орындауды қажет деп таппаған сияқты, баяғы көтеріңкі сөздерден дым жоқ. «Жетім қыздың шарасындай» болды да шықты... «Мұнша сорақылық неден?» деген сұрақ туындады тобымызда. Осыны анықтау үшін аудан басшысына кейін хат та жазылды. Біз нақты мәселе сұраймыз, ал әкім орынбасары Ә.Жарылқағанов ауданға түскен «Абыржы» кітабы туралы 2-3 жол ғана келте жауап қайтарады. «Мен не деймін, қобызым не дейді?» болды бұл да. Әрі-берідесін, бұл азаматтар айтылған сөзді жүйелеп ұға ма өзі деген күмән пайда болды. (Ол хаттар архивімде сақтаулы). Сонша уәделерден соң, арлы адам ұялатын сонша сорақы алдау құқығын бұларға кім берді екен? Біз біреуге шікірә болмаспыз, бірақ басшы тұлғалардың сондай шімірікпес өтірікке қалай арлары барды? Осындай моральдық сұрақтар сыртында жазушы, журналист, коғам қайраткері ретінде, тағы бір тұжырым пайда болды: мынадай тәсілмен бұл азаматтер ел-жұртпен қалай жұмыс істеп отыр?!. Ал, елдің ынтасы жақсы; осылай боларын іш сезді ме, уақытты бос өткізбеу үшін оқушылар үйінде жас жеткіншектермен кездесуге өзіміз ұсыныс жасадық. Мұнымыз дұрыс болды, айналайын жас ұрпақ, шүпірлеп сұрақ қойып жатыр, арасында журналист, жазушылықты қалайтындары, өлең жазатындары бар екен. Бұдан ұққанымыз: ел ынталы, ал ұлықтарға керегі «әйтеуір шара өтсе болды» ма дедік. Мәселе, менің бейнесуретімнің көшеге ілініп-ілінбегенінде, кітаптың өтіп-өтпегенінде, маған атақ беріліп-берілмегенінде емес, мәселе биліктің өнерді қабылдауы, рухани құндылықты бағалауында еді... Облыстың бірқатар аудандары романның таралуына атсалысты, біразы өз жағдайларын түсіндіріп айтты. (Жазушылықта мұндай тәжірибе әлі де бар). Олардың кітапханаларына да роман түскен, бірақ Қазалы басшылығы сияқты соған сілтемелеп, уәде жұтқан ешбірі жоқ. Ештемесі де кеткен жоқ. Алғыс алды. Абырой алды. Ең бастысы, елдегі біраз ынталы ағайын жеке кітапханасын жаңа туындымен байытты... Иә, Қазалы сияқты, кешегі дәстүрі бай, үрдісі өнегелі елдің бүгіні түсініксіз тартқан ба деп қалдық, туған өлкеміздің бізге деген рухани бет-бейнесі әлгі сыпатты болды... Саналы азаматтық кімнің кім екенін, сөз киесін дегдар сезім мен ар биігінде таниды, барыңды бардай бағалай біледі... Бүгіннің бір дефициті арлы азаматтық болған сияқты... – Дегенмен, келе жатқан Жаңа жылға көзқарас үмітті, жоспарлар жарқын болар, аға? – «Битке өкпелеп, тонды отқа тастайтын» әлсіздікті бізден ешкім күте алмас. Жоспарлар көп. Ізденістер жалғасады. Еліміз жоспарлары ауқымды да келешекті. Ел-жұрттың мәселелері де жеткілікті. Көркем ойда да, қоғамдық істерде де ізденіс алабы аса ауқымды. Бұл бағыттарда көркем сөз, көсем сөзде талмай жұмыс істей беру қажеттігі бар. Ізгі тілекті бар ағайынға әз Наурыз құт-береке әкелсін деп тілеймін! – Әңгімеңізге рақмет, аға! Сұхбаттасқан Айдар САЙЛАУОВ, журналист |
НЕСИЕ ЕСЕБІНІҢ «ЕСЕСІ» қалай қайтарылады? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
14.03.2019 11:30 |
Осыдан екі жылдай уақыт бұрын жұртшылық банктердің есігін торуылдады. Неге? Өйткені несиесіз несібесін айыра алмаған әр қазақ банкте кеткен «есесін» қайтарып алуға білек сыбана кірісті. Естеріңізде болса, екінші деңгейлі банктер несие бергенде 2016 жылға дейін кредитке қызмет көрсеткені үшін комиссия алып отырған. 2016 жылы Ұлттық банктің осы комиссияға қатысты қаулы жариялап, кейін бұл мерзімге дейін кредит алғандар екінші деңгейлі банктерден комиссияны қайтаруды сұрап, тіпті мәселесін сот арқылы шешіп жатыр. Арасында қайтарып алғандары да бар. Ал Ұлттық банктің ұстанымы жеке тұлғаларға берілетін қарыз бойынша комиссиялар мен өзге төлемдер Ұлттық банктің 2016 жылы 30 мамырында бекітілген қаулысымен шектелген. Бұл қаулыда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі бар. «Кредиттеу кезінде банктердің комиссиялар мен төлемдерді белгілеу кезінде қолданылатын бірыңғай тәсіл қарыз алушыға банктердің қарыз бойынша осы тізбеге енгізілген комиссиялар мен төлемдерді ғана алатынына кепіл береді. Комиссиялардың тізбесінде қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия көзделген. Осылайша, оны алу ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді» дейді банк өкілдері. Қаржы реттеушісінің мәліметінше, қабылданған комиссиялардың тізбесі 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жасалған шарттарға қолданылмайды, осыған байланысты осы кезге дейін жасалған банк қарызы шартында тиісті көрсету талабымен қарызды ұйымдастырғаны үшін банктердің комиссияны алуы да заңды.
Шара Сабирова, Қызылорда қаласының заң консультациясының адвокаты: - Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктерде тұтынушылардан заңсыз алынған комиссия қайтарылуда. Егер төлеу мерзімі аяқталып, жабылған несие болса, онда ол азамат ең соңғы төлем уақыты бойынша 3 жыл ішінде талап-арызын бере алады. Қазіргі күні уақытылы төленіп жатқан несиелер мен төлемі аяқталған, бірақ 3 жыл мерзімі өтпеген несие тарихтары бойынша талап-арызбен, азаматтардың сенімхаттары негізінде сотқа жүгініп жатырмыз. Несие шартында қызмет көрсеткені үшін, есепшот ашқаны үшін деген пункттері көрсетіледі. Сол заңсыз ұсталған комиссияны өндіріп беріп жатырмыз. Несие шартында көрсетілмеген қызмет үшін алып отыр. Есепшотты ай сайын ашып отырмыз деп графикке қосып қойған. Бұл бойынша бұрынғы «Казкоммерцбанк» АҚ-мен жасалған несие шарты болса, сол бойынша «Халық банкі» АҚ, АТФ, Еуразия банкі, Форте (бұрынғы Аляньс банк – ред.) банктерден өндіріліп жатыр. Ал «Альфабанк» АҚ-ның Қызылордада өкілдерінің болмауына байланысты құжаттарды Алматы қаласына жолдаудамыз. Және бір айта кетерлігі, комиссия алымын қайтарып алу үшін несиенің ең соңғы төлем жасалған уақыты есептеледі. Мейлі, ол 10 жылға есептелген несие болса да заң тұрғысынан қаралады. Бастысы, соңғы төлем 2016 жылдың наурыз айынан кейін төленген болу керек. Бұл ретте заңгерлер көмегіне жүгіну артықтық етпейді. - Несиесін мерзімінен кешіктіріп төлеп немесе мүлдем төлемей жүргендердің алуға мүмкіндігі бар ма? - Әрине, алады. Бірақ біз сот арқылы өндіріп берген сомасын банк тұтынушының несиесінің есебіне ұстап қалады. Бір жағынан, клиентке де тиімді, комиссиясының есебінен несиесін төлейді. Адвокаттық қызметпен айналысып келе жатқаныма 20 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында әртүрлі адамдар кездеседі. Біреу біз ұсынған қызметтің құнын төлей алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда белгілі бір әлеуметтік топ өкілдеріне мемлекеттік кепілдендірілген заң көмегі аясында қызмет көрсетілетінін біреу білсе, біреу білмейді. Ал, несие комиссиясын өндіру бойынша 2017 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін өтініш жасаған 112 адамның 111-іне оң шешім шығуына ықпал еттім.
ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, соңғы екі жылда Ұлттық банктің бастамасымен 2018 жылғы 2 шілдедегі және 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңдардың аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларды кредиттеу кезінде комиссиялардың жекелеген түрлерін алуына тыйым салатын өзгерістер енгізілді. Ақшаның артығы болмайды. Банктің ұстап отырған комиссиялық қаржысының кері қайтқанына халық қуанбаса, өкінген жоқ. Жылдар бойы қалтасынан төлеген соманың бір бөлігін алса да, жыртығын жамауға жететіні анық. - Екінші деңгейлі банктер кредиттер бойынша ұсталынған комиссиялық алымын қайтарып жатыр дегенді естіп, мен де кірістім. Алайда келісімшартымды таппаған соң банк арқылы ақылы негізде қайтадан қалыпқа келтірдім. Сөйтіп қажетті құжаттар жиынтығын жинап, банкке өткіздім. Банк апелляцияға берді. Арада бір айдан аса уақыт өтті. Барлығы заңды түрде қаралып, қолыма 200 мыңнан астам теңге комиссиялық қайтарым алдым, - дейді қала тұрғыны А.Есенов. Ұлттық банк мәліметінше, тыйым 2019 жылғы наурыздан бастап жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылатын болады. 2019 жылдан бастап сыйақымен және тұрақсыздық айыбымен қатар, банктер жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша мерзімі қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді талап етуге құқылы емес. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ұлттық банк жылжымайтын мүлік кепілімен ипотекалық қарыз алған жеке тұлға-қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банктерге мерзімі күнтізбелік 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеуді талап етуіне тыйым салды. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 7 миллионға тарта адамның басы несие шартымен шатылған. Ақшаны еселеп қайтару үшін шотынан сыпырып беретін банктер заңсыз комиссия алуда да ісін дөңгелетіп келгелі қашан? Қолындағы барын банкке санап беретіндерді 100 пайыз деп есептесек, өз құқығын алға тартып, маңдай терімен тапқан қаржысының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жүргендер 0,14 пайызды ғана құрап отыр. Сонда қалған 99 пайыздан астам банк тұтынушылары құқын қорғап, мүмкіндігін пайдалануға мойындары жар бермей жүр. Неге? Республикалық «Комиссияны қайтару орталығы» заңгерлерінің айтуынша, бұл мәселеде нақты кесіп-пішіп айтатын дерек жоқ. Өйткені бұл мәліметке олардың да қолы жетпей отыр. Біз де республикалық басылым ретінде ақпарат сұратқанымыздың өзі «алма кетті домалап...» дегеннің керін келтірді. Алдымен аймақтағы Ұлттық банк филиалына хабарластық. Ондағылар үзілді-кесілді бас тартқан соң, облыстық прокуратураға қаламсабымыздың ұшын бұрдық. Ондағылар да араға уақыт салып, бізге қандай да бір мәлімет беруден тайсалған ҰБ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалына жолдапты. Жауап келді. - «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Заңының 33-бабына сәйкес банктер мен олардың клиенттері арасындағы қатынастар, егер ҚР Заңдарында өзгеше көзделмесе, шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте шарттың тараптары өздеріне қабылдаған міндеттемелерді тиісті деңгейде орындаулары тиіс. Банк туралы Заңның 34-бабының 8-тармағына сәйкес банктік қарыз операциялары банктің басқарма органдарымен бекіткен ішкі несие саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Банк туралы Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ҚР Заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді. Банктер туралы Заңның 39-бабы келесі мазмұндағы 3-1-тармақпен «Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес» деп толтырылды. Осы тармақ осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай өткен соң жасалған банктік қарыз шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. Сонымен қатар, шарттың жекелеген тармақтарын жарамсыз деп тануда мәселелерді шешу үшін заемшы өз бетінше сот орындарына жолығуы қажет. Мәселені сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша банкпен заем алу барысында көрсетілген қызмет үшін ұсталынған комиссияны қайтару үшін заемшы өз бетінше банкке бара отырып, өз құқығын пайдалана алады, - делінген ҚР Ұлттық банкі республикалық мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалының директоры А.Мұстафиннің жауабында. Сырт көзге халықтың жағдайы жақсы көрінгенімен, үңіле түссең, қарызға белшесінен батқан мұңлықты көресің. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер тек ақшалай ғана емес, экспресс-кредит береді. Ол дегеніміз – кез келген тауарды, тіпті азық-түлікті де несиеге алу. Яғни «несиеге ет жесең, ішегіңді жыртады» деген тәмсілдің төркінінде қарызға бату мәселесі жатса керек. Бұрын әдемі киінгендерді қалталылар қатарына жатқызушы едік, қазір мүлдем басқаша. Өйткені алған киіміңізді де бөліп төлеуге болады. Комиссиясыз. Есесіне тұтынушылық несиені қолданушылар қатары еліміздегі қарыз адамдардың тізімін сағат сайын көбейтіп тұр. Мұндағы мәселе – осы. Ал заңсыз комиссия алынатын несиеге ұрынушылар әлі де аз емес.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |
ЗАҒИП ЖАНДАР ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
14.03.2019 11:10 |
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 1249 көз мүгедегі бар. Арал ауданында - 102, Қазалы ауданында - 91, Қармақшы ауданында - 67, Жалағаш ауданында - 59, Сырдария ауданында - 80, Шиелі ауданында - 99, Жаңақорған ауданында -70, Қызылорда қаласында - 681. Аталған топтағы азаматтарды алаңдатқан мәселе өте көп. Көзі ашық, көкірегі ояу, қол-аяғы бүтін зағип жандар ел қатарлы табыс тауып, отбасын асырағысы келеді. Десе де, оларды жұмыспен қамтуға мекемелер ынталы емес. Тұрғын үй мәселесін былай қойғанда, жұмыспен қамту жайы да ойдағыдай орындалмай отыр. Асқар Қолдабековтің сөзінше, қоғамдық бірлестікке тіркелген 1200-ден аса адамның небәрі 69-ы еңбекпен қамтылыпты. Кеңес үкіметін көксегендік емес. Дей тұрғанмен, о заманда зағип жандардың проблемалары назарға алынып, бірқатар шаруалар шешімін тауыпты. Мәселен, жарты ғасыр бұрын Қызылорданың қақ ортасынан осы топтағы азаматтарға 40 пәтерлі баспана салынған екен. Ол аз десеңіз, тігін цехы, матрас тігу цехы қатар жұмыс істеген. Онда көру мүмкіндігінен айырылған азаматтар еңбекке тартылыпты. Ара-тұра бұларға оңалту орталықтарына да жолдама берілген көрінеді. Мұның бәрін қоғамдық бірлестіктің төрағасы баяндады. Рас, жайшылықта "мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүмкіндігі шектеусіз" деп ұрандатамыз. Ал шындап іске келгенде, қу шөппен ауыз сүртіп жүргендейміз бе, қалай өзі?! Аталған проблемаға қатысты тиісті басқармаға хат жолдадық. Олардың айтуынша, мемлекет өткен жылдан бастап мүгедектерге арнайы жұмыс орнын құрған жұмыс берушілерге субсидия бөлуді бастаған. - 2019 жылға 4 көру мүмкіндігі нашар мүгедектерді арнайы жұмыс орнымен қамту мақсатында республикалық бюджет есебінен 9,2 млн теңге қаржы қаралды,- дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Есқараева. Біз зағип жандармен жүздестік. Олардың сөзінше, берілетін жәрдемақы мардымсыз. Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен дейді олар. Тағы бір ескеретін жайт, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы олардың нақтамасына байланысты емес, мүгедектік тобына (І, ІІ, ІІІ және 16-18 жас аралығындағы мүгедек балалар) сәйкес тағайындалады. Облыстық басқарманың мәліметінше, көру мүмкіндігінен айырылған І топ мүгедегі - 57020 теңге, ІІ топ - 45438 теңге, ІІІ топ - 30886 теңге жәрдемақы алады. - Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Осы салада табаны күректей 19 жыл жұмыс істедім. Қазір үйдемін. Шыны керек, кәсіпорындарда еңбек етуге жарамаймын. Бірақ, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігім бар. Жолдасым да дертке шалдыққан. Жәрдемақыға күн көріп отырмыз,- дейді І топ көз мүгедегі Гүлсім Әбілова. - Коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектің бағасы қымбат. Алған жәрдемақымыздың тең жартысы соған кетеді. Қандай жұмыс бар, соны істеуге дайынбыз. Мынау "Қазақ соқырлар қоғамының Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС-да Кеңес үкіметі кезінде 200-ге тарта адам еңбек еткен. Тоқырау жылдары талан-таражға түсті. Отбасымыздың негізгі табысы - жәрдемақы. Жұбайым да науқас. Екі қызым бар, - дейді І топ көз мүгедегі Кенішбек Аяғанов. Соңғы жылдары оқу-өндірістік кәсіпорнына тапсырыс берушілер азайған. Ал кәсіпорынның ондағы зағип жандарды жалақымен қамтуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай проблема "Ұшқын" Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де орын алып отыр. Тапсырыс төмендеген. - Бізге 51 азамат жұмыспен қамтуға өтініш білдірді. Оны орындауға болар еді. Біріншіден, бізге тапсырыс болмай отыр. Екіншіден, жаңадан ашылатын цехтарға қолдау аз. Шынын айтқанда, өзімнің де қолым байлаулы,- дейді серіктестік басшысы Бақыт Жұмашев "Qazaqstan" телеарнасына берген пікірінде. Жергілікті биліктің қолдауы аясында Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны еселеп өсті. Бизнеске бет бұрғандардың қатары көбейді. Тиісінше, жұмыссыздық азайды. Алайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі әлі де басы ашық күйінде қалып тұр.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
“ҮЗДІК ОҚЫТУШЫДАН” ҮЛГІЛІ БАСШЫ ШЫҚПАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
14.03.2019 11:05 |
Әу баста өңірдегі кәсіпкерлерге жер мәселесі, сәулет және құрылыс, мемлекеттік кірістер, қаржыландыру институттарының шарттары, инженерлік коммуникацияларға қосылу, банкке дейінгі және одан кейінгі жобаларға қолдау көрсету мақсатында жергілікті биліктің бастамасымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына қарасты "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Аталған орталықтың тиімді тұсы – көрсетілетін қызметтің барлығы да тегін. Осынау мақтаулы мекемеде үлкен дау шықты. Жақында ғана әлеуметтік желіде орталықтың директоры Қамар Бекетованың қызметкерлерге дөрекілік танытып, айғай салып жатқан аудиожазбасы таралып кетті. Жалпы, Қамар Назарбекқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде біраз жыл жұмыс істеген. Экономика ғылымдарының кандидаты және Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің қорытындысымен «2012 жылдың жоғары оқу орнының Үздік оқытушысы» атағын иеленген. Білікті маманның бұлайша дауыс көтеруіне қызметкерлердің салғырттығы болса керек. Алайда жұмыс барысында қаржы жинаудың заңсыз екендігі бесенеден белгілі. – Мен осы бір қайыршы мекемеге келдім. 200 теңге, 500 теңге жинау да – проблема. «Ақша жинасын деп» «аванс» та аударып беріп жатырмыз. Көріп тұрсыңдар ғой Құдайдың лентасын! «28 мың» деді. 25 мың теңгеге түсіріп бердім. Біреуінің жағдайын жасайын десең, бір-бірін аңдып отырады. Былай болсын! Ендігәрі жиналып жатқан ақшаны «бермеймін» десе, бұл ұжымда қалдырмаймын! Мұрнының астынан міңгірлеп, бірдеңе дейтін болса, сөзбе-сөз жеткізіп отырыңдар. Ұнамай ма, кете беріңдер! 1 секунд та ұстамаймын! Бәріңе де айтамын, ендігәрі маған сөз қайтарып көріңдер, ренжімеңдер, оңдырмаймын,- деп айтқаны аталмыш аудиожазбадан сөзбе-сөз жазылып алынды. Аталған жайттан кейін әлеуметтік желіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ресми парақшасы: – Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы «Қызылорда облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ-нің директоры Бекетова Қамар Назарбекқызы басқарма басшысының 2019 жылғы 4 наурыздағы №14 бұйрығымен жұмыстан босатылғандығын хабарлайды,- деп пікір қалдырды. Біз осыдан соң аталған басқарманың басшысы Бақытжан Намаевқа Қамар Бекетованың жұмыстан неліктен босатылғандығы жөнінде сауал қойдық. – Ақпан айында аталған орталық қызметкерлері шағым жасаған болатын. Бұдан кейін қызметтік тексеру жүргіздік. Тіпті, осы салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары қызметкерлермен кездесті. Жалпы, Қамар Назарбекқызының атқарған жұмысына сын айта алмаймын. Мекеменің өз бюджеті бар. Ақша жинау мәселесіне келсек, қызметкерлерден қаржы жинау – заңсыздық. Бұл әу баста бюджетті дұрыс жоспарламаудан болуы мүмкін. Ол ақшаны өз қажетіне жаратпайтыны белгілі. Мекемеге қажетті дүниені алғысы келген шығар. Дегенмен, қызметтік этика деген болуы қажет. Әріптестеріне дауыс көтеріп, айғайлауға болмайды. Бұл бізге үлкен сын болды,- деді ол. Жұмыстан босатылған Қамар Назарбекқызының орнына оның орынбасары Мақсат Серікболұлы келді. Ерекше тоқталатын жайт, су жаңа 27 жастағы басшы 3 ай сынақ мерзімімен қызметіне кірісті.
Асан ДӘУЛЕТ |
БЕС БАЙЫМЫЗ БАЙЫП БАРАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Тіршілік тіні |
14.03.2019 10:55 |
«Шіріген байлардың» қалтасына жиі үңіліп, әлем миллиардерлерінің тізімін түзуден тартынбайтын «Forbes» журналын жұрт жақсы біледі. Қазақстанның қазба байлығы арқылы қалтасын толтырған шетелдік мырзаларды былай қойғанда, қаракөз қазақтардың да қалыс қалмайтынын әлемдегі барша бай-манаптың қайсысында қанша ақша бар екенін санап, дүйім жұртқа жария етіп отыруды кәсіп қылған Форбс отбасына тиесілі «United Media Group» тобы шығаратын рейтинг арқылы біліп келдік. Аталмыш журнал наурыздың 4-інде дәулетті адамдардың жаңа рейтингін жариялады.
Сонымен, біздің бестіктің ішінде байлығы бәрінен асқан кім? Ол - қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким. Былтырғы есепте дәулеті 3,1 миллиард АҚШ доллары деп көрсетілген «Қазақмыс» минерал өндіру компаниясы жетекшісінің биылғы капиталы 4,6 миллиардқа жеткен. Forbes 2014 жылы «Қазақмысты» Kazakhmys Corp. және KAZ Minerals plc. болып бөлінгенін, Кимнің осы екеуінде де үлесі бар екенін, 2013 жылы KAZ Minerals төрағасы қызметінен кеткенімен, басқару кеңесінде атқарушы емес директор болып қалғанын жазады. Осылайша былтыр 766-орында тұрған Владимир Ким биыл 424-орынға бір-ақ шыққан. Екінші орында - Болат Өтемұратов. Бүгінде оның байлығы 3,5 млрд долларға бағаланып отыр. Былтыр 2,6 млрд долларымен 924-орында тұрған президент Н.Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы әрі көмекшісі Б.Өтемұратов биыл 645-орынға көтеріліпті. Журнал оның жуырда ForteBank-тің 88 пайыз үлесі үшін 400 миллион доллар инвестиция салып, жылжымайтын мүлік бизнесіне араласқанын атап өткен. Айта кетейік, ол - Қазақстан теннисі федерациясының президенті, кәсіпкер, дипломат. Сонымен қатар, Алматы мен Астанада балаларға арналған Haileybury мектептерінің негізін қалаушы. Рейтингтің үшінші және төртінші қатарына Құлыбаевтар отбасы жайғасқан. Қазақстан президентінің күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаев пен әйелі Динара Құлыбаева әрқайсысы 3,2 миллиард доллар капиталымен 715-орыннан көрініпті. Өткен жылмен салыстырғанда 14 сатыға жоғарыласа да, екеуінің де байлығы 100 миллионға кеміген. Forbes-тың жазуынша, ерлі-зайыпты дәулеттілердің негізгі байлық көзі - Қазақстанның Халық банкіндегі қомақты үлестері. Қазақстанның ең бай бес адамын Әлижан Ибрагимов түйіндейді. Оның мүлкі - 2,3 миллиард доллар. Былтыр да осы көлемдегі байлығымен 1070-орында тұрған металл магнатының мұртын балта шаппай тұр. Елімізде түрлі түсті және сирек металл өндіретін Eurasian Resources Group корпорациясының ірі үлескері биыл дәулеті сол күйі қалса да, 1008-орынға шыққан. Ортақ есепке жүгінсек, дүниежүзі ауқаттыларының керуеніне ілескен бес байымыздың ортақ байлығы 16,8 млрд долларды құрайды екен. "Байдың асын байғұс қызғаныпты" демеңіз, әрине, қалталы азаматтардың көп болғаны, әрі әлем алпауыттарымен иық тірестіріп тұрғаны жақсы әрі бұл мемлекет байлығының көрсеткішін көрсетсе керек. Бірақ ен байлықтың қандай жолмен жиналғанын жұрттың біле алмайтыны жаман. Осы біз, қазақшылыққа салынып, байымыз бар дегенімізден, бізге не пайда? Бір баспанаға зар болып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға, баласына берілетін жәрдемақысына көңілі толмай ашынған аналарға, жалпы қазаққа қызмет етпейтін байдан не қайыр?.. Н.ЕРТУҒАН |
СУ ТАСУ ҚАУПІ БАР МА? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
14.03.2019 10:50 |
Биылғы көктем ә дегеннен жайма-шумақ басталды. Табиғат-ана мейірленіп, өңірге шуағын молынан төкті. Бусанған жердегі қар түгел еріп, өзендер мен су арналарындағы қатқан мұздың тоңы жібіді. Алайда жылы температура, жауын-шашын су деңгейін көтеруі мүмкін. Соның салдарынан сынаптай сырғыған ағыс елді мекендерге қауіп төндірері анық. Бүгінде көпшіліктің көкейін "аймақта су тасу қаупі бар ма?" деген сауал жиі мазалайды.
Қазір облыстың оңтүстік аудандары тұсынан өтетін өзенде сірескен мұз жоқ. Көктем мезгілі басталғаннан оқыс мінез көрсетіп, дүрбелеңге салатын дарияның қауіпті тұстары қатаң қадағаланып, бақылауда тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәлімдеуінше, облыс аумағында секундына 120 текше метр су келсе, Қызылорда су торабынан 95 текше метр су өтуде. Ал мұздың шеті Қармақшы ауданы Белтақыр учаскесінде Қызылорда су торабынан 373 шақырым төменде тұр. - Облыс бойынша 7 су қоймасы бар. Оның алтауы – Жаңақорғанда, біреуі – Арал ауданында. Су қоймаға жауын-шашын және өзен арналарынан жиналады. Әзірге елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Су деңгейі төмен, - дейді аталмыш департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Ғалымжан Әшімов. Бүгінде аймақта 10 су бекеті жұмыс істейді. Сала мамандарының жұмылдырылуымен мұз Жосалы бекетіне дейін тазартылды. Ал Қазалыда мұздың қалыңдығы – 40-45, Аралда 10-20 сантиметрді құрайды. Гидрологиялық болжамға сәйкес күн райының күрт жылынуынан мұз тоңы еріп жатыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Сейітқасым Әбуов те су тасу қаупінің жоқтығын айтады. "Шардара", "Көксарай" су қоймаларынан келіп жатқан су көлемі жылдағымен салыстырғанда аз көрінеді. Алайда дария деміне жауапты мамандар қамсыз отырған жоқ. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы Ағайша Сматованың айтуынша, дария деңгейі тұрақты бақылауда. Су тораптары бақылауға алынып, көпірлердің жағалаулары бекітілген. Биыл су тасу қаупінің алдын алу үшін облыстық бюджеттен 615,4 миллион теңге бөлінген. Оның 448 миллион теңгесіне қорғаныс бекеттері жөндеуден өткізілді. Ал 15 миллион теңге мұз жару жұмыстарына жұмсалып, 4,8 миллион теңгеге қап сатып алынды. Сондай-ақ, қаржының 147,1 миллион теңгесі тікұшақ қызметіне бөлініп отыр. Егер су тасқыны болған жағдайда ТЖД-нің құтқарушылары мен техникалары сақадай сай. Метеорологтардың мәлімдеуінше, осы аптада жауын-шашын түсуі ықтимал. Соның салдарынан аудандардағы өзеннің мұз жамылғысы бұзылып, ағысының күшеюі мүмкін. Алайда су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ деп болжануда. Дегенмен, "сақтықта қорлық жоқ".
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ |
ҚАТЕРЛІ ІСІК БАЛАЛАР АРАСЫНДА ДЕНДЕП БАРАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
14.03.2019 10:45 |
Қызылордада биылғы екі айдың өзінде қатерлі ісікпен алғаш рет 3 бала ауырып, 2 бала ажал құшқан. Ал диспансерлік есепте 77 науқас тіркеуде тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған статистика осылай «сөйледі». Былтыр осы індетпен алғаш рет 7 бала анықталып, 90-ы есепте қалған болатын. Ал 2017 жылғы көрсеткіш 94 адам болған, алғаш рет анықталғаны – 6, ал шетінегені – 11 бала. Сонымен қатар апластикалық анемиямен 4 бала тіркеліп, 2 бала шетінеген. Сирек кездесетін Гоше ауруымен 2 бала тіркеліпті (сонымен қатар қан аурулары: Верльгофф ауруы, Гемофилия А, В аурулары да кіргізілген). Айта кетейік, ҚР ДСМ 2017 жылдың 29 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» №1027 бұйрығына сәйкес, 0-18 жасқа дейінгі балалар диспансерлік есепке алынып, 18 жастан кейін ересектер тобына өткізіледі. Медицинада құлан таза айықтырып жіберетін жолы табылмаған дерттің қатарында қатерлі ісік көш басында тұрғаны белгілі. Әзірге. Әлемде жыл сайын 12 миллионға жуық адам қатерлі ісік ауруларына шалдығып, олардың 7 миллионы өмірімен қош айтысады. Соңғы деректерге көз салсақ, Қазақстанда жылына 500-ден астам бала қатерлі ісікке душар болады. Десе де, жұртшылық арасында рак немесе «аты жаман ауру» аталып келген кеселді жеңгендер де бар. Аурудың салдарымен күресіп, шама-шарқымызша алдын алуға тырысып келеміз. Ал себебі қандай? Қатерлі ісік неден пайда болады? Бұған тиісті сала мамандары қалай жауап береді? Қатерлі ісіктер тез өсіп, дененің бір жеріне ғана тоқтамай, белгілі бір мерзім аралығында қан және лимфа тамырлары арқылы басқа мүшелерге тез тарайды. Індеттің қауіптілігі – алғашқы уақытында. Өйткені дәл осы кезеңде денеге дендеген сырқат туралы бейхабар болуыңыз мүмкін. Ауру «мазаңызды алмайды», білінбейді. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, рак аталуының да түпкілікті себебі бар көрінеді. Денеге емін-еркін тарайтын болғандықтан, аяқтары жан-жағына жайылып жатқан теңіз шаянына аумай қалады екен. Сол себепті медицинаның атасы Гиппократ Рак деген атау беріпті. 1. Дұрыс тамақтанбау (канцерогенді тағамдарды пайдалану, нитраттар мен нитриттер, ысталған тағам құрамындағы бензопирен және т.б.); 2. Генетикалық бейімділік (тұқымқуалаушылық фактордың болуы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметімен шамамен 20%); 3. Вирустар; 4. Зиянды әдеттер; 5. Стресстер мен депрессиялар. Дәл осы әрекеттер – аурудың негізгі себептері. Нәтижесі сол, жер бетінде жыл сайын миллиондаған адам осы ауруға «жұтылып» жатыр. Өткен жылы қатерлі ісікпен емдеу жүйесі жайында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дәурен Әділбаев пікір білдірген болатын. - Біздегі емдеу кеңес кезіндегі жүйеге негізделген. Бұл айтарлықтай прогрессив жүйе болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірден онкологиялық мекемелер желісі құрылды. Басты орталық Мәскеуде, ал кеңестік республикалардың астанасында ҒЗИ болды және әр облыс орталығында диспансер құрылды. Диспансер толық аурухана болатын, онда химия және сәуле терапиясы да болды. Онкологиялық институтта ең күрделі онкология емделеді, - деді ол. Қазіргі таңда Сыр өңірінде қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жүр. Дертті бастапқы кезінде анықтау өте маңызды екенін ескерген ақхалаттылар осы мақсатта жұмыла жұмыс істеуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қатерлі ісік ауруының алдын алу мақсатында жыл сайын онколог және жалпы тәжірибелік дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Алматы қаласындағы «Педиатрия және Балалар хирургиясы ғылыми орталығының» онколог мамандары тарапынан семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Соңғы тренинг 2018 жылғы желтоқсанның 14-18-і аралығында өткізіліпті. Басқарма тарапынан «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-мен екіжақты меморандум жасалынып, қатерлі ісіктердің алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы ұсынған ақпаратқа жүгінсек, «Арал балалары» қоғамдық қорымен екіжақты келісім жасалынып, онкологиялық ауруға шалдыққан елден келген балалар үшін балалардың ата-аналарымен бірге жатуға арналған «Әлеуметтік қонақүй» ашылып, басқарманың жолдамасымен жатқызылып отыр. Республика көлемінде 3 ақпаннан бастап 10 күн бойы қатерлі ісік ауруларын анықтау бойынша профилактика декадасы өткен. Дегенмен, мұнша еңбектің артында әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау міндеті жатқаны сезіледі. Қатерлі ісікке жасалатын ота республика бойынша Алматы, Астана қаласындағы орталықтарда жасалады. Бүгінде бүкіл әлемді алаңдатқан аты жаман ауру Сыр өңірін де айналып өтпегенін байқап отырған боларсыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, қатерлі дертке шалдыққан, одан қаза тапқан балалардың саны азайып келе жатыр. Десе де, түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Егер індетке шалдыққандар уақытылы ем қабылдаса, онымен күресу де оңайға түспек. Дәрігерге көрінуге құлықсыздық таныту да ауруды одан сайын асқындырып жібереді. Дәрігер демекші, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс көлемінде балаларға медициналық көмек көрсететін 3 дәрігер-онколог ғана штаттық бірлікке сәйкес жұмыс істейді. Бұл мыңдаған тұрғыны бар және 70-тен аса қатерлі ісікке шалдыққан балалар тіркелген Қызылорда облысы үшін жеткілікті ме? Жазира БАҒЛАН |
КЕШ КЕЛГЕН БАҚЫТ (Болған оқиға ізімен) |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
14.03.2019 10:43 |
Күздің қоңыр салқынында жұмыстан үйге таза ауамен тыныстап, ақырын басып, айналама көз тастап ойланып келемін. Табиғаттың сұлулығына тілім жетпей, аяғымның астындағы сары алтындай төгіліп жатқан жапырақтар менің санамды сан-саққа жетеледі. Қарсы алдымдағы жаяу жүргіншімен иығым соқтығысып кеткенде ғана есімді жидым. Лезде басымды көтеріп, кешірім сұрамақ болып ем, үн-түнсіз состиып тұрдым да қалдым. Аз-кем үнсіздікті «Жағдайың қалай?» деген сұрақ бұзды. Амандық-саулық сұрап ары қарай сол маңдағы асханаға барып шай ішіп, әңгімені жалғайық деген ұсынысыма әзер келіскен Айгүлдің жанында келе жатсам да қалың ой өз жетегіне ертіп кетті. Баяғы Айгүлдің бірде-бір жұрнағы қалмаған. Бір шыныаяқ кофе мен ыстық бәлішті алдыртып, әңгіме одан әрі өрби түсті. Айгүлді университет қабырғасынан бері танимын. Бізбен қатар тарих тобында оқитын. Ақсары келген, тартымды, жайма-шуақ ақ көңілді құрбымның қазіргі бейнесі мені алаңдатпай қоймады. Бет-әлпеті солғын тартқан, ауылдың қараторы келіншегіне айналған. Бұрын қандай еді, қазір ше? Менің сұраулы жүзімді түсінгендей терезеге қарап терең күрсінді. - Маған сұрақ қоюға бата алмай отырғаныңды білемін, ішіме сыймай қиналып жүр едім. Сенің кездескенің қандай жақсы болды, шерімді тарқатып бір жеңілдейін, әрі сенің қалам тартатын өнерің бар еді ғой, мен сияқты тағдыр құрбаны болмай, ендігі өсіп келе жатқан жас қыздарға сабақ болсын, - деп бастады әңгімесін. Үшінші курс оқып жүргенде өміріме ойламаған өзгеріс еніп, басыма түскен сынақтан соң қатарымнан қалдым, дипломға да қол жеткізе алмадым. Оған себеп менің көзсіз ғашықтықтан байланған, соқыр махаббат еді. Менен бір топ жоғары оқитын Ерланды білесің, екеуміз жүруші едік ғой. Студент күндерім тек қызыққа толы болатын. Үнемі сабақтан соң Ерланмен бірге қыдыратынбыз. Ол маған өлең шығарып, бірге қол ұстасып жүріп осындай күйге түсемін деп үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. Екінші курстың аяғында үйленетінін айтып, Қазалыдағы ата-анасына апарып таныстырды. Ойымда ештеңе жоқ, үйленетініміз белгілі болған соң тойға дейін сезімге беріліп, ақ босаға аттамай аяғым ауырлап қалғанын да байқамадым. Бір күні кездесіп тұрып оның бір жерге асығып, «кейін кездесейік» дегені күдігімді оятып, ізінен аңдуға көштім. Ол кезде бойымда болған өзгерістерді айтпаған болатынмын. Бүгін айтуға оқталғанымда Ерланның асығыс болып, кездесуді кейінге қалдырғаны мені одан сайын састырды. Екі-үш аялдамадан соң бір қыз алдынан шығып, сонымен амандасып сөйлесіп тұрғанда мен де жандарына жетіп бардым. Мені көріп не айтарын білмей, қипақтап тұрғанда әзер дегенде: - Алтынай, танысып қой, менің группаласым, - деп мені таныстырғанда туысқаны деп ойладым. Өйткені Алтынаймен қоштасып, мені қолтықтап кете берді. Аяқ астынан анам қоңырау шалып, өзімдегі жаңалықты айтуға тағы да сәті түспеді. «Шұғыл жет! Әкеңді жедел жәрдем ауруханаға әкетті» дегенге алып-ұшып таксиге мініп кете бердім. Әкем жүрек талмасына ұшырап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығып, өз жағдайымды мүлде ұмытып кеткен едім. Аурухана мен үйдің ортасында сабылып жүріп арада ай өтіп кеткенін де сезбедім. Бір күні таңғы ас ішіп отырып жүрегім көтеріліп, орнымнан тұрып тысқа жүгіре жөнелдім. Әжетханаға жетіп лоқылдатып құсқанымды ана жүрегі сезді ме екен: - Бір жерің ауырып жүрген жоқ па? - дегенге шаршағаннан ғой деп жылы жауып, дереу бөлмеме кіріп, Ерланға телефон шалып едім, «телефон сөндірулі» дегенде жүрегім бір нәрсені сезгендей, сол телефонмен бірге тоқтап қалғандай күй кештім. Тұтқаның ар жағындағы «телефон сөндірулі, кейін хабарласыңыз» деген үн менің тыныштығымды бұзып, таңды әзер атырдым. Таңертең тұрып алғашқы автобусқа мініп қалаға тарттым. Автобустан түсіп оның жұмыс орнына жаяу аяңдап, екі ойлы сезім кешіп келемін. Бір айдан бергі менің жайым белгілі, ал оның неге осы уақытқа дейін қоңырау шалып іздемегені алаңдатты. Әншейінде минут сайын іздейтін жігітімнің бұл қылығына таңғалып, қыз басыммен жігітімді іздеп келе жатқаныма да қынжылдым. Ауыр ойдың шырмауына түсіп, жұмыс орнына тез жеткенімді білмей қалдым. Ол бір басылымда тілші болып қызмет атқарып жүретін. Ерлан жұмыс орнында болмай шықты. Іште тек хатшы қыз ғана отыр екен. Менімен амандық сұрасқан соң ол Ерланның бір аптадан бері жұмыста жоғын, себебі бүгін оның үйлену тойы болғандықтан, ауылына кетіп қалғанын жеткізгенде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей дел-сал күйі тұрған жеріме сылқ етіп отыра кеттім. Көзімнен аққан жасқа ие бола алмай, қанша жылағаным белгісіз, есімді жиып, есікке беттегенімде Ерланмен соқтығысып қалдым. Менің түр-әлпетімдегі өзгерістен бе әлде іштегі қыздан қысылды ма, «жүр, сыртқа шығып сөйлесейік» деді. Ішімнен болып жатқан тірліктер өтірік болса екен деп ойланып келе жатқан үнсіздігімді өзі бұзды. - Айгүл, сенің алдыңда ақталуға да, айтуға батылым бармады. Есіңде ме, мен бір қызбен аялдамада тұрғанда сен үстімнен түсіп ең ғой. Сол қыз – менің болашақ жарым. Сол қызға үйленгелі жатырмын. Бүгін құда түсу рәсімі, жұмыста маңызды құжатым қалып, соны алуға келіп едім. Өзіңе кейін ескертермін деп ойлағанмын, - дегенде мен үшін аспан жерге айналып түскендей болды. Басым айналып, жүрегім қысылып, сол жерде есімнен танып қалыппын. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Алғашқыда аппақ қабырғаларды көріп, қорыққанымнан атып тұрсам керек, мені бақылап отырған медбике маған тұруға болмайтынын ескертіп, сыртқа шығып кетті. Екі-үш минут өтер-өтпестен ішке дәрігер кіріп, маған күлімсіреп, Ерланға қарап, «сіз жігітісіз бе, әлде жолдасысыз ба?» дегенге екеумізден де ешқандай жауап болған жоқ. «Айгүл, сізге көп толқуға, жылауға болмайды, азамат, сіздің келіншегіңіздің аяғы ауыр, қуана беріңіз, жақында әке атанасыз» деп есіктен шығып кетті. Ерланның түрі боп-боз, қуарған шүберектей маған қарап: - Баланың әкесі кім?! Бұл бала менікі емес, мен сенімен тек уақыт өткізіп, ермек етіп келдім, маған біреудің баласы керек емес, - деп суық жанарымен қарағанда жүрегімді біреу тіліп жібергендей болды. - Ерлан, бұл не сөзің?! Мен сені жанымнан артық жақсы көрдім, құрсағымдағы сенің балаң, қалай ғана менің өмірімді ойран етіп, тағдырыма балта шауып, оп-оңай өзің жасаған қателігіңді мойындамайсың? Сонда менің өмірім саған ойыншық па? Менің тағдырым не болмақ? Әке-шешемнің, елдің бетіне қалай қараймын, үйленбесең неге әке-шешеңмен таныстырып, неге менің абыройымды ластадың? Мен саған сендім ғой, - деген сөзімді құлағына да ілген жоқ. - Көз жасыңды сорғалатпай, ішіңдегі баланы алдыр! Тағы да айтамын, ол менің балам емес, мені ата-анам, туыстарым күтіп отыр, - деді ол.
(Кейiпкерлер есiмi өзгертілген)
Гүлмира МОЛДАХОЖАЕВА (Жалғасы бар.) |
ҚЫЗ-ҒҰМЫР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
14.03.2019 10:40 |
Осыдан тура 2 жыл бұрын арман қуып, арайлы Ақтөбеге барған сәтте студенттер жатақханасына орналастым. Жатақхана басшысы төрт қызбен бірге тұратынымды әрі олармен бір факультетте оқитынымды айтты. Көп қызбен бірге тұратыныма қуана қоймасам да, мыңдаған студенттердің арасынан жатақхана алғаныма көңілім жайланды. Үш қыз да бір топта оқиды екен. Қыздармен танысып, тез тіл табысып кеттік. Әйткенмен, арадағы бір қыз маған ұнай қоймады. Мінезі тік, аз сөйлейтін және орысшалау. Өмірге ренжулі, көп қиындықты көрген адам әсте көз жанарынан-ақ ұғындырып тұрады емес пе? Аружанның жанары үнемі мұңға толып тұрғандай көрінеді. Әрқайсысымыз отбасымыз жайлы айта бастағанда ол үнемі тосылып қалатын. Осыдан-ақ түсіндік. Аружан бір бөлмеде бір үйдің қыздарындай тұрған соң ба, аз уақыттан кейін бізді жақын тарта бастады. Өз өмірін ашты, сырын айтты. Аружан бірде: - Менің бұл өмірде ешкімім жоқ, қыздар. Анам да, әкем де менен бас тартқан. Менің тасжүрек болып көрінетінім де осыдан. Анамның аялы алақанын сезбедім де, көрмедім де. Әкем шақалақ кезімде-ақ өлгенімді қалап, итке жемтік қылуға тырысыпты. Туғаныма 40 күн болған кезде мені итке лақтырған дейді білетіндер. Әңгімесінің басын осылай бастаған құрбымның сөзі бізді жылатса да, көзіне еш жас алмады. Не деген батыл жүрек десеңізші?! Өмір оны қамшылап, бұл сынақ үлкен өмірге дайындаған, жанын жабырқатып, жүрегіне мұз қатқан. Түсінуімізше, анасы оны 18 жасында некесіз босанған. Сол сәттен-ақ анасы да, әкесі де Аружаннан бас тартқан деседі. «Бұлай сыйлаған өмірің құрысын деген» сөзіне, «Алдыртып тастағым келді, кейін бала туа алмай қаламын деп қорықтым» депті безбүйрек анасы. Бала кезінен нағашы әжесі мен атасы бауырына басып тәрбиелеген. Бірақ көп ұзамай-ақ сүтін бермесе де, адал тәрбиесін берген әжесі өмірден озады. Кейіннен атасының қолында қалып, сол кісінің өнегесімен өсті. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген анасы керек қылмаған қызды туған- туысы қалай бауырларына басар дейсің? Жақындарының ет жүректері езілмейтіндері, оны ойлап күйзелмейтіндері белгілі дүние. Ол анасы мен әкесін қатты сағынады, іздейді, бір көруді армандады. Оған керегі миллион теңге емес, ата-анасымен өткізген он минуты қадірлі еді. Көкейінде толған сұрақ. Ол өзінің не үшін өмірге жеккөрінішті күйінде келіп, ата-анасының одан неліктен бас тартқанын білгісі келетін. Ең сорақысы, ол өзінің тегін білуді армандайды. 16 жасына дейін жалған, қолмен жазылған құжатпен жүріп, кейін нағашы атасының атына аударылған. Аружанның өмірі екінің бірі шыдамайтын қиын тағдыр. Әкесі мен анасының бұл жасаған тірлігі жаға ұстатарлық. Түсінбейтінім, анасының да, әкесінің де қазір бөлек отбасылары бар. Сонымен қатар балалары да жоқ емес. Ойлантатыны, не үшін бұл қыздан екеуі де түбегейлі бас тартқандығы? Құрбым бір сөзінде «Мен ешқашан жасымды төгіп, өткен іс үшін жанымды жегідей жемеймін. Болашақта ана атанғанда баламды «ана махаббатымен» мол сусындататын боламын» дейтін. Біз де оған сенімді едік. Миы басына, басы тымағына сыймай қиналған құрбым қазір шаңырақ көтерді, келін атанды. Тарамдалған тағдырының жолаушысын тапты. Ол өзін бағалайтын бағын, еркелететін ерін жолықтырды. Басқа қыздардай өмірдің сыйына бөленді. Қазір ол ана атанды. Өзіндей ақылды, тәрбиелі қыз өсіріп жатыр. Өз анасы секілді қасаң тірлік, қатқыл іс істеген жоқ. Жүрегі нұр мен мейірімге толы. Талқыға сала берсек, ата-ана атына дақ келтіргендердің қателігі бітпес. Бастысы, құрбым бақытты. Не дегенмен де, жанына жақын ата-анасын ол кешірген. Қиындыққа толы қыз ғұмыры ата-аналар қауымына сабақ болып, жастарымызға ақырын жүріп, анық бас дейтіндей.
Алтынай ОРЫНБАЕВА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курс студенті |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>