Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2156 |
![]() | Кеше | 2476 |
![]() | Осы аптада | 9968 |
![]() | Өткен аптада | 19014 |
![]() | Осы айда | 70781 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5163318 |
НАУРЫЗДАҒЫ «НОУ-ХАУ» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
28.03.2019 11:48 |
Жалпы, жоғарғы жақта жасалған «жүріс» жұртты әрі-сәрі күйге түсіргені рас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тосын мәлімдемесі миллиондардың мазасын қашырып, әркімнің әрқалай қабылдауына түрткі болды. Бүгінде Ақордадан кетіп, Тұңғыш Президент қорының ғимаратына келген еліміздің Тұңғыш Президенті өкілеттігін уақытша Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Он күннен бері Ақордада отырған Президент Қ.Кемелұлы айналасына сенімді адамдарды жинауға кірісті. Бір қызығы, кешегі Үкіметтің ауыс-түйісінде Елбасының жарлығымен жайлы орынға жайғасқандардың кейбірін сол жерде бір ай да болса тұрақтатпады. Айтпақшы, алғашқы ресми сапарын қасиетті Түркістаннан бастағанын жақсылыққа жорып жатқандар да бар. Тіпті, мемлекет басшысы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан басталуының символдық мәні зор екенін айтты. «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді», - деді Қазақстан Президенті. Енді алдағы жұмыстары мен қоғамдық мәселелерді билік пен бұқараға жедел әрі ашық жеткізіп тұруға БАҚ-қа жақын жүретін адамның болғаны жөн ғой. Содан да болар, ел басшысы алдымен өзінің баспасөз хатшысын тағайындады. Бұл қызметке белгілі журналист, ұлтшыл азамат Берік Уәли келді. Былтырғы маусым айынан бері Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келген жаңа хатшы – 42 жаста, Шығыс Қазақстанның тумасы. Әр жылдары түрлі телеарналарда еңбек етті, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы, басқарма басшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде кеңесші, департамент директоры болды. Оған сенім артып отырғандар да көп. Келесі кезек – президент әкімшілігінің жетекшісінде. Мемлекет басшысының жарлығымен бұл қызметке Бақытжан Сағынтаев келді. Осы айдың басында ғана Елбасының сынынан кейін Үкімет басшылығынан түскен Б.Әбдірұлы сол кезде-ақ мемлекеттік хатшы болып тағайындалған еді. Оны президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Марат Тәжин алмастырды. Біршама жыл сыртта жүрген М.Тәжиннің қайбір жылдары Ақордаға қайта оралғанында, кейбір саяси сарапшылар оған «істі түлкі бүлкекпен бастап, ақырын қасқыр әлпетпен аяқтайтын шебер әрі әккі саясаткер» деп баға берген екен. Мемлекеттің ішкі саясаты мен идеологиясын жетік білетін саясаттағы осындай салмақты тұлғаның бұл қызметке келуінен де бір өзгеріс күтіп отырғандар да бар. Ал оның орнына, яғни президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарлығына Дархан Қалетаев жайғасты. Басқа қызметтерін айтпағанда, бір жылға жетер-жетпестей уақытта Қоғамдық даму министрі болған ол өткенде үкіметтегі ауыс-түйісте министрлігінен де, лауазымынан да айырылып, наурыз айының басында ғана премьер-министр кеңсесіне басшы болып тағайындалған-ды. Тоқаев осылайша билік буынын қатайтып, «айыл тартпасын» қаттырақ тартуды құп көрген тәрізді. Бәрінен де сенаттағы 44 депутаттың барлығының қолдауымен Дариға Назарбаеваның сенат төрайымы болуын қоғамның аса қабылдай қоймағаны анық. Осылайша Қазақстандағы екінші адам болған, Тоқаевтың орнын басқан Д.Нұрсұлтанқызы кезінде мәжіліс төрайымы, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылы қыркүйекте сенат депутаты болып сайланған еді. Бір қызығы, Президентпен қатар ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы да өз кеңсесінде тағайындаулар жасап жатыр. Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) экс-әкімі, соңғы лауазымы Президент әкімшілігінің төрағасы қызметінен босатылған Әсет Исекешев ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімімен ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры болып тағайындалды. Сондай-ақ, Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары белгілі болды: Айдос Үкібай – Елбасының баспасөз хатшысы, Арслан Дандыбаев – Елбасы Протоколының басшысы, Нұрлан Ыбыраим – Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, Нұрлан Қаймолдаев – Құжаттама, қаржы және кадрмен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, Асқар Молдағаринов – Елбасы Кеңсесі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі, Елдар Томашов – Елбасы Көмекшісі Хатшылығының меңгерушісі. Иә, «саясат – ағаш ат», оның қалай құбылатынын көріп-білу де, сезу де мүмкін емес. Жалпы, соңғы кездері елдің, облыстың, қала, тіпті ауданның басқару жүйесіндегі кадрлық тағайындаулардың тым жиілеп кеткеніне көзіміз де, етіміз де үйреніп барады. Келеді, кетеді... Бір түсініксізі, әкім де, басшы да, басқа да барған орнында жыл түгілі, алты ай да отырмай, орын ауыстырып жатады. Жаңа ортаға сіңісіп, оң-солына қарап, идеясын, жоспарын енді жүзеге асырамын дегенде, басқа қызметтің құлағын ұстап кететіні қиын. Бұл жолы да солай. Әрине, өзгерістердің бұл басы да, соңы да емес, оның сырын тап басып айту да қиын, бұл – біз үшін ноу-хау... Н.АҚПАН |
ҚАЗАҚТЫҢ МАҚТАНШАҚТЫҒЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
28.03.2019 11:40 |
Қазіргі заман – понтшылдықтың заманы, яғни жыртыл қазақтың, даңғаза мақтаншақтықтың заманында өмір сүріп жатырмыз. Мектептің оқушылары ондаған мың теңге тұратын смартфондарды қолдарында ұстап, әртүрлі ойын ойнап жүр. Бірақ біле білген адамға бұл смартфондар бизнес ұсыныстар, бизнес жоспарлар жасайтын бизнесмендер ұстап жүру үшін, іскерлікке пайдаланатын зат ғой. Қырық мың теңге жалақы алатын менеджерсымақтар екі миллион теңгелік көлікті тізгіндеп жүр. Ауылдың қара сирақ кедейлері 100-500 қонақ шақырып, аста-төк етіп шашылып, екі-үш күнге созылатын той жасайды. Бәрінің де айтатыны (бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай) бірдей: «мен басқалардан кеммін бе?», жұртқа көрсету үшін, немесе мақтаныш ретінде өткізеді. Қазақтың понты өте жұқпалы. Бұрын-соңды понтшылдығы жоқтар да осыны жасайды, себебі оны қоғам талап етіп отыр, тіпті зорлап істетіп отыр. Егер сыныпта бір оқушының айфоны жоқ болса, бәрі жабылып оны мазақ етеді, бейшара санайды. Егер офистің бір қызметкері еңбек демалысын Түркияға немесе Египетке бармай саяжайда немесе ауылда өткізсе, бәрі оған қайыршы деген көзбен қарайды. Бизнесменнің немесе іскердің астында пәленбай мың долларлық автокөлігі болмаса, оны бизнесмен қатарына қоспайды. Даңғаза мақтаншақтықтың қаншалықты зиян екендігі түсінікті. Біріншіден, мұндай адам қыруар ақшасын ісін дамытуға емес, сыртын әшекейлеуге (қымбат көлік, кабинетін кеңейтуге, т.б.) деп қыруар мөлшерде несие алуға, шығындалуға жұмсайды. Екіншіден, жұрттың айтар пікіріне («жұрт не айтар екен») тәуелділікке түседі. Өзінің пікірі жоқ (затты, дүниені бағалау деңгейі төмен), жұрттың пікірін күтіп отырады. Үшіншіден, «болмасаң да, ұқсап бақ» деген ұстаным өмірлік мақсатына айналады. Бүгінгі қоғамға понтшылдықты ендірген капиталистік жүйеден келген әдет –адамдарға қажетсіз мүлік пен дүниені, қажетсіз қызметтерді молынан жаппай сату. Ең бастысы, даңғаза мақтаншақтықты адамдардың санасына сіңдіру, «мына заттар мен дүниелерді сатып алу, тұтыну, мынадай қызметтерді пайдалану – нағыз «крутойлықтың» белгісі» деп сендіру. Жылтырағанның бәріне қызығу, сырты сұлудың бәріне құмарлықтан айырылу үшін басқалардың пікіріне тәуелді болмау қажет. Жұрттың пікіріне түкіргенім бар деген сенімге бір орнығып алшы, жұрттың сені құрметтеуінің еш азаймағанын байқайсың. Тіпті керісінше, қадіріңнің арта бастағанын байқайсың. Қажетсіз понттың орнына ақшаңды, уақытыңды ісіңді одан әрі нығайтуға, дамытуға жұмсашы, саған қызыға да, қызғана да қараушылардың көбейе бастағанын байқайсың. Сырты жылтыр, іші қуыс емес, табысты адамдардың ой-санасы көбінесе осы жолды таңдаған. Иә, шын мәнінде табысты, өзіне-өзі сенімді адам ешқашан жұрт алдында өзінің абыройын көтеруге тырыспайды, себебі оның абыройы – әу бастан тәуір иманды адам. Ондай адам дүние-мүлікпен мақтанбайды, қызметкерлеріне тіл тигізбейді, өзінен төмен тұрған әлеумет мүшелерінің ақысын жеп, солардың есебінен байымайды. Себебі табысты адам үнемі алға қарайды, алдына қойған мақсатына, үлгі аламын деген кісілерге қарайды. Осындай мінез бен ой-саналық ұстанымдағы адамда тұрмыстық майда-шүйдеге, жылтыраққа қызығушылық болмайды. Осындайда Оскар Уайльдтың мына бір сөзі ойға келеді: «Өзгеге емес, өзіңе ұқсап бақ. Басқа рольдердің бәрі де бос емес». Халықтың тілінде оны былай айтады: «Барынша қарапайым бол. Шақырмай-ақ айналаңа жұрт толады».
Сағат ЖҮСІП |
ӨЛШЕУЛІ ӨМІР, ӨЛШЕМЕЛІ КИІМ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
28.03.2019 11:33 |
БРЕНД пен ТРЕНД Баяғыда біреу той жасап, тойға көп кісі жиналыпты. Қонақтармен қатарласып Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман болғандықтан оны ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш» демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде: - Қожеке, алыңыз, алыңыз! - деп қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып: - Же, шапаным, же! - деп отыра береді. Үй иесі: - Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? - дейді. Сонда Қожа: - Сен кісіні емес, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! - деп жауап береді. Біздің қоғам да беделің мен киіміңе қарап сыйлайтыны өтірік емес. Үстіңе жапсырған киімің неғұрлым қымбат болса, соғұрлым сыйға лайықсың, неғұрлым арзан болса, сізбен көшеде кездесіп қалса да ұялатын адамдар бар. Оқып отырып өз-өзіңізді мойындамауыңыз мүмкін, бірақ ішіңіздегі «арыстан» сізге осы қасиетке мойын бұрғызады. Сондықтан елдің көбі хал-қадірінше ішер асына қимаса да, жөнді киінуге тырысады. Брендіне бір қарайды, трендіне тағы мән береді. Не керек, сәнді де қымбат киімін жұртқа айтып мақтанатын қасиеті де жоқ емес. Бірақ жұрт ойлағандай қымбат киім тек еуропалық, шетелдік дүкендерде ғана сатылмайды. Оны келілеп те алуға болады екен. Елімізде соңғы 20 жылдың шамасында халыққа арзан әрі сапалы тауар түрлерін сатып келе жатқан кәсіп түрі бар. Ол – «Second hand» киімдер дүкені. Бұл дүкен аты айтып тұрғандай, екінші қолға өткен киімдерді сатумен айналысады. Бұрындары мұндай дүкеннен жұрт киім алмақ түгілі есігінен қарап өтуге ұялатын. Қалтасы таяз, көрпесіне қарай көсіліп жүрген бірлі-екілі адам болмаса, саудасы онша қыза қоймайтын. Бертін келе қаланың түкпір-түкпірінен ашылған дүкендердің тұтынушылары көбейді. Қазір тіпті тұрақты клиенттері бар.
БҰЛ НЕ ДЕГЕН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ? «Second hand» ұғымының түп-төркіні қайдан шықты? Әу баста Ұлыбританиядағы монархиялық әулет мүшелерінің киіп тастаған киім-кешектерін дамушы елдерге өткізу мақсатында бір орталыққа жинап, экспорттаған. Содан бастап үшінші деңгейдегі елдерге Еуропа мен Америка тұрғындарының ескі, бірақ таза киімдерін жіберу процесі үдеп, нәтижесі келілеп киім сату бизнесінің тынысын кеңейтуге мүмкіндік берген. Сол дамыған бизнес түрі жылдан-жылға үдемесе, бәсеңдер емес. Тіпті үлкен сауда орталықтарындағы киімдердің өзіне күмәнмен қарауға тура келеді. Өйткені қазіргінің бренді мен тренді өңі қашқан, жыртық-тесік киімдер болғандықтан алдымен осы ойдың жетегіне кететініміз рас. Қаланың орталық көшелеріндегі жарнамалар да жетерлік. Жалғыз өзім жүрген соң біреу-міреу көріп қоймас па екен деген оймен жан-жағыма алаңдап, жарнамасына көзім түсіп жүрген көк есікке кіріп кеттім. Сатушысы да көктен түскендей менің түріме қарап қалғанын аңғардым. Түк білмегендей аралап шығып, киімдердің бағасына, сапасына, иісіне мән бердім. Құр қызықтап жүргенімді байқаған ол: - Не іздеп жүрсіз? - деді дауыстап. - Мен негізі ешнәрсе алмаймын. Тек қарап жүрмін, - деп әңгімемді бастап, негізгі шаруамды айттым. - Жұмыс істеп келе жатқанымызға 23 жыл болды. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз бар. Жұрт ойлайды, бұл жерден кедей-кепшіктер, ақшасы аздар киінеді деп. Олай емес, керісінше, қайта ақшасы аздар базардың арзанқол, сапасыз тауарына жүгіреді. Біздің заттар бүгінде Бельгиядан әкелінуде. Базардағы Қытай мен Қырғызстанның киімдерінен 10 есе сапалы. Өзіміздің «майлы клиенттеріміз» бар. Қаланың «менмін» деген кейбір байларының келіншектері де осы жерден киім алады. Бір рет киілген деген аты болмаса, бағасы да қолжетімді, сапасы да жоғары, - деді сатушы кісі. «Қаланың кейбір байлары осы жерден киінеді» деген сөзіне қызығушылық танытып, төр жақтағы құндыз ішіктерге көзім түсіп, таразыға тартуын өтіндім. Етек-жеңі ұзын, жылтырап тұрған сырт киімнің құны небәрі 8500 теңгені құрады. Ал нарықтағы бағасы 150 мың теңгеден кем емес бұл киімнің бағасы кімді болса да ойландырары хақ. Бірақ...
КИІМНЕН ДЕНСАУЛЫҚ ҚЫМБАТ Сөрелерде тізіліп тұрған аяқкиімдердің де сапалы, бірақ киілгені анық көрініп тұр. Балаларға арналған аяқкиімдердің құны 1200-3000, әйелдер мен ерлер туфлиі 4000-10000, спорттық үлгідегі аяқкиімдер 3000-10000 теңге аралығында сатылуда. Сатушының сөзінше, мұнда жалқылай сатылатын киімдер де бар. Олардың бағасы 2000 теңгеден басталады. Ал негізі киімнің бір келісі – 5000 теңге. Соңғы уақыттары көптеп ашылуына қарағанда киімнің соншалықты өтімділікке ие екенін мойындамасқа амал жоқ. «Second hand» заттарын тұтыну бойынша алғашқы орындарда Пәкістан мен Малайзия, одан кейін Украина елі тұр. Десек те осыдан бірнеше жыл бұрын украиндердің жаппай екінші қолға тиген киімдермен киінуіне байланысты мұнда «Second hand» өнімдерін импорттауға тыйым салған еді. Себебі, елдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуы мен халықтың денсаулығына тигізіп жатқан кері әсері анықталған. Демек бұл тауарларды тұтынып жүрген тұрғындардың өмір салтына үкімет те назар аудару қажеттігін аңғартады. Дәл осы қарқынмен біздің халық та тұтынатын болса, отандық өнімдерге деген өте аз сұраныс мүлдем жойылып кетуі ықтимал. Басты қауіп – халық арасындағы түрлі тері-венерологиялық және айықпас дерттердің ушығуына әкеп соқтырады. Өйткені бір мәрте киілген киімдерді химиялық тазартудан өткізгенде формальдегид қоспасы пайдаланылады. Ол дегеніміз – екінші кластағы аса қауіпті түссіз газ. Ол адамның тыныс алу жолдарына, көзге және теріге аса зиян және адамның жүйке жүйесін зақымдайды. Егер оның мөлшері ауадағы зиянды заттардың қауіпсіз мөлшерінен неше жүз есеге асып кетсе, барлық тірі жанды құртып жіберуі ғажап емес деген тоқтамға келген мамандар. Формальдегид негізінен көлік газдарынан тарайды. Оның 40%-тік ерітіндісін формалин деп атайды және ол дезинфекциялағыш зат ретінде қолданысқа ие. Ол ол ма, бұл концерогендік зат қатерлік ісіктің де тууына ықпал ететін қасиетке ие. Қалай болғанда да, арзанға әуестігіміз артып барады.
ӨЛШЕМЕЛІ ӨНІМГЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК ПЕ? Күнделікті айналамызда жүрген адамдар қарызданып-қауғаланып, қымбат дүкендерден киім алып жүр. Дәл сол дүкендерде таласып-тармасып жатқан халықты өз басым көрмеппін. Сонда кім, қалай әкетіп жүр? Мәселенің екінші ұшы бренд киімдерді сататын дүкендерге келіп тіреледі. Алайда сатылып жатқан киімдердің сапасы нық болғанымен, оның санитарлық құрамын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Негізі бактерияның вегетативті формасы 60 градус температурада 30-60 минут ішінде, 80-100 градуста 1-2 минуттан кейін өледі. Стерилизациядан өткізілген тауарлар деп қабылдағанның өзінде киімдегі мата тіндерінің арасында өмір сүретін кейбір бактериялар айналасына қабық түзіп алып, өмір сүруін әрі қарай жалғастыра береді екен. Тіпті кейбір микробтар 6 сағат қайнатса да өлмейді-міс. Әр адамның ағзасында жасушадан гөрі бактерия көп екенін ескерсек, біреудің киген киімінде де сондай талшықтардың жүретіні анық. Аяқкиімнің де өзіндік санитарлық ережесі бар. Адам терісіндегі түрлі қолайсыз иістер тудыратын бактериялар мен саңырауқұлақтар теріден-теріге жұғу арқылы өмірін ұзартып отырады. Осыдан кейін өзгенің қаңсығын таңсық қабылдауды қою керек. «Second hand» өнімдері бүгінде Қазақстанның барлық қаласында бар. Тіпті жарнама агенттіктеріне атауын жазсаңыз, жарнаманың түр-түрін көресіз. Ірі мегаполистердің өзінде бұл кәсіптің тамыры жайылған. Қазақстанға қай жақтан импортталатынын іздестіре отырып, «Second hand опторг» фирмасының менеджерімен байланысып, мән-жайын сұрап та көрдік. - Тауарлар шетелден, Англия, Германия, Голландия, Белгия, Польша елдерінен тасымалдануда. Біз тек Қазақстанға ғана емес, өзге елдерге де тауар жөнелтеміз. Бағасы әрқалай, аламын десеңіз жеңілдіктер бар. Ресей, Қырғызстанға да біз жеткіземіз. Тонналап аламын десеңіз де, бізде тауар қоры жеткілікті, - деді компания менеджері. Осыдан-ақ, бұл өнімдердің қаншалықты сұранысқа ие екенін бағамдадық. Сіз, мен және ол шетелдің қаңсығына қазақ мұқтаж емес деп ойлағанымызбен, ақшасын үнемдеп сол орындардан киінетіндердің көп екеніне көзім жетті. Халықтан сұраныс болмаса, 20 жылдан бері бұл дүкендер жабылып қалар еді. Ал сауда заңдылығында тапсырыс болса ғана өтімділік болады. Өлшеулі өмірді өлшемелі киіммен тоздырмайық. Халық денсаулығы мен елдегі жеңіл өнеркәсіптің аяғына тұсау салуға жол бермес үшін өлшемелі өнімдерді импорттауға тыйым салу қажет пе? Қалай ойлайсыз?
А.ҚАДІРХАН, қала тұрғыны: - Дәл қазір өлшеп сататын киімге халық мұқтаж емес деп ойлаймын. Осыдан 10-15 жыл бұрын қымбат бағадағы киім киетін адамдар бірен-саран еді. Халықтың біразы базардың тұрақты тұтынушысы болатын. Қазіргі күні Аллаға шүкір халық ірі сауда орындарынан бағалы, сапалы киім киеді. Ал сондай қымбат тауарларға қолжетімсіздігі уақытында өлшеп сататын киімді алатындар кездесетін. Өйткені ол жерде шетелден келген таза, бүтін киімдер сатылды. Бір айта кетерлігі, ол бұйымдарды шетелдіктердің бір-екі мәрте ғана кигені деп сендіреді. Анығы ешкімге аян емес. Сол тұста киілген болса да қымбат киінуге ұмтылған халықтың бір бөлігі «сапалы әрі арзан бағада» деген жарнамасына қызығып, сондай оймен барды. Ал бүгінде өзіміздің жұрт дәл сондай бүтін, таза киімдерін мешіттерге, мұқтаж жандарға беретін жағдайға жетті. Оны сатып та жатқан жоқ. Қайырымдылық ретінде беруде. Сондықтан да мұқтаж емес деген ой түйдім.
А.ЫҚТИЯРҚЫЗЫ, қала тұрғыны: - Мен бір апаны танимын. Байлығы асып-таспаса да, әулетіне жетеді. Сол кісі дәл өзің шығып келе жатқан «весовойдан» киінеді. Жақында жеңіл күртеше алыпты, небәрі 11 мың теңгеге. Ол бірінші киімі емес, ол жерден алған. Бұған дейін де бірнеше мәрте киім алғанын айтқан. Сапасы жақсы дейді. Бірақ өз басым ондай жерден киінуге қарсымын. Қанша дегенмен, оны қандай адамның кигені белгісіз ғой.
Г.БАЛТАБЕК, тұтынушы: - Өлшеп сататын киім дегенге елдің бәрі мұндағы киімдерді киілген, жағымсыз иіс пен энергияға толы деп ойлайды. Негізінде олай емес, арасында шетелдің жеңілдікпен сатқан, алайда өтпей қалған тауарлары да осы нарыққа келіп түседі. Мен өзім осы жерден киінемін. Отбасыма да осы жерден аламын. Дүкендердегі қымбат киімдерге ұқсамайтын, сапасы әлдеқайда мықты киімдерді бірнеше есе арзанға сатып аламын. Әзірге ешқандай зиянын көргенім жоқ. Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ |
ҚОРШАУ НЕГЕ АЛЫНДЫ? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
28.03.2019 11:30 |
Қызылордалықтар үшін жол жиегіндегі темір қоршаулардың алынуы басты жаңалық болды. Көзіміз қоршауға үйреніп қалғаннан болар, көше «киімсіз» қалғандай. Сонымен басты даңғылдардың қос бетіндегі қоршаулар не үшін алынды? - Қызылорда қаласындағы Абай даңғылы бойындағы қоршаулар он жыл бұрын салынған. Тозығы жетіп, ескіруіне байланысты жыл сайынғы күтіп-ұстау шығындары ұлғаюда. Қазіргі таңда көктемгі тазарту-көгалдандыру шаралары аясында жерді қопсыту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аталған аумақта жаяу жүргінші көпірі пайдалануға берілді. Қала тұрғындары да көшені бейберекет кесіп өтпей, осы көпір арқылы өтуде, - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары. Жол жиегіндегі темір қоршауларды күтіп-ұстау және ауыстыруға тікелей қаржы қаралмағандықтан, алдағы уақытта қайтадан салынбайды. |
БІЗДЕ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАН СПОРТ ЖОҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
28.03.2019 11:25 |
Олжас ӘКІМОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: - Олжас Азатұлы, сұхбатымызды өткен шақпен бастасақ. Яғни, қызметке келгеніңізге 2 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында Сыр спортына қандай өзгерістер әкеле алдым деп ойлайсыз? Бұрын-соңды болмаған қандай жұмыстар атқарылды?
- Саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту, елді мекендерде спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, яғни Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кентінде спорт кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 жоба іске қосылды. Биылғы жылы да бұл жұмыс өз жалғасын табады. Аудан орталықтарында 22 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Спорт мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік берілсе, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Ұлттық спорт түрлері клубы» және «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерін аштық. Орталық стадиондағы жеңіл атлетикалық манежге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Мұз айдыны» спорт кешені ғимаратының жанынан ашық бассейн салынды. Облыс тарихында Ж.Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледж болып қайта құрылды. - Елбасымыз бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізуді тапсырған еді. Біздің облыстың бұл цифрды еңсеруі қиынға соқпайтын шығар. Айтпақшы, оны пайызбен емес, пайыммен есептеу де маңызды ғой... - 2020 жылға қарай облыс тұрғындарының 30%-ы тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жеткізуді жоспарлағанбыз. Қазіргі таңда облыста 224382 адам тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Ол тұрғындардың 28,3%-ын құрайды. Бүгінде бұқаралық спортты дамыту үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенде 41760 адамды спортпен шұғылдандыруда. Нұсқаушылардың жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін сабақтан тыс уақытта, қала және аудан әкімдерімен, білім басқармасымен жасалған меморандум негізінде оқу орындарының спорттық залдары пайдаланылады. 2018 жылы 1596 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 450324 адам қатысты. Сондай-ақ, осы күні коньки тебу және велосипедпен серуендеу сияқты спорт түрлеріне ден қойған жастардың қатары көбеюде. Қазір байқасақ, қала көшелерінде велосипедпен жүрушілер жиі көзге түседі. Бұл дария жағасында ашылған вело және жүгіру жолы, сондай-ақ веложарыстарды көптеп ұйымдастыру да өз нәтижесін берді деген сөз ғой. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында барлық аудандарды аралап, аудан әкімдерімен кездесу өткіздім. Қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері арасында дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық-бұқаралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған облыстық байқаудың 2018 жылғы қорытындысы сараланып, жеңімпаздарды облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының өзі марапаттады. Онда бірінші орынды – Қызылорда қаласы, екінші орынды – Жаңақорған, үшінші орынды Шиелі аудандары иеленді. Әлі атқарылатын істер көп. Алдағы уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен 5 нысан салу жоспарланған. Қызылорда қаласында «Локомотив» стадионына және ұзақ уақыт жөнделмеген Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Биылғы жылы №3 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне екі жеңіл автокөлік алып жатырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатыр. - «Қайсар» футбол клубының 50 жылдығы қарсаңындағы еңсерген жетістігі бізді шын қуантты. Облыс әкімі біріншіліктің қорытындысында сырбойылық ойыншыларды бестікте көргісі келген болса, биылғы жылы жүлдеге таласуға ниетті екендігін айтты. «Қасқырларға» қаншалықты сенім артуға болады? - Жарты ғасырлық тарихы бар Сыр футболы өңірдің спорттық және әлеуметтік тарихының айнымас бір бөлігіне айналды. Еуропа лигасында ойнауға жұмыс істелетін болады. Соған сай жыл басында «Қайсар» Түркияда екі толық оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Лайықты легионерлерді іріктеп алды. Осы орайда алғашқы екі ойын нәтижесімен тон пішуге болмайтынын айтқым келеді. Доп домалақ ғой. Бірде сәттілікке итермелесе, бірде сәтсіздікке жол сілтейді. «Атырау» мен «Жетісу» командаларына қарсы ойында клубқа сәттілік серік болмады. Спортта климат ауыстыру – үлкен мәселе. Сондықтан, негізгі құрамға жаңа қосылған ойыншылар осы процесті бастан өткеруде. Сәтін салса, алдағы ойындарда «Қайсар» жеңіспен оралып, жоғары сатыға жайғасады деген ойдамыз. Жыл қорытындысында «қасқырлар» қолдаушыларын қуантып, Еуропа лигасының жолдамасын қоржынға саларына сеніммен қарайық. - Спортсүйер қауымның көпшілігі футбол десе ішер асын жерге қояды. Мәселенің бірі орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстары болып отыр. Стадионның қазіргі жағдайы қалай? Сол жағалаудан бой көтереді деген стадион туралы қандай да бір ақпараттар бар ма? - Орталық стадионға соңғы талаптарға сай келетін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол жағалаудан көп функционалды 3500 орындық жабық футбол манежінің құрылысы жоспарланып отыр. - Облыстық спорт басқармасына қарасты барлық мекемелердің сайты ашылды. Мұны өз кезегінде өте қажетті әрі маңызды іске балаймыз. Енді олардың уақытылы жұмыс істеуін, ақпарат таратылуын бақылау керек секілді. - 2018 жылы басқармаға қарасты 22 мекеменің жеке сайты ашылды. Қазіргі таңда ауданда, қалада өткізілген шаралар, спортшылардың жетістіктері жайлы ақпараттарды әрбір мекеме өз сайтында тиянақты жариялап отыр. Кез келген адам өзіне қажетті мәліметті осы сайттардан таба алады. Сайттар қызметін басқарма бақылауға алған. - Жалпы, бұқаралық спортты дамытуда БАҚ өкілдерінің де еңбегі баршылық. Алдағы уақытта журналистер спартакиадасын ұйымдастыруды қолға алуға қалай қарайсыз? - Әрине, облыста істеліп жатқан жұмыстар, Сыр спортшыларының жетістіктері, бұқаралық спорттың дамуы, салынып жатқан спорт нысандары халыққа БАҚ өкілдері арқылы насихатталып отырады. Ұсынысыңыз орынды, күнтізбелік жоспарға енгізуге жұмыс істелетін болады. Өздеріңізбен келісе отырып жасаймыз. - Шыны керек, спорт тақырыбын жазып жүрген журналистер біздің облысымызда өте аз. Сондай-ақ, соңғы жылдары осы тақырыпқа арналған кітаптардың да көп емес екенін айтуға тиіспіз. Жалпы, осы мәселелер турасындағы ойыңызды білсем деймін. - Спорт тақырыбында мақала жазу әр адамның жеке жұмысы деп ойлаймын. Осы тақырыпта жазушылар, журналистер кітап жазып жатса, қолдаймын. Жалпы, басқарма тарапынан БАҚ өкілдерін назардан тыс қалдырған емеспіз. Мүмкіндігінше атаулы мерекелерде және жыл қорытындысы бойынша қолдау көрсету бізде дәстүрге айналған. - Шетелдегі жарыстарға журналистерді жіберу жағы жолға қойылмай келеді. Сол жақтан тікелей жаңалықтар жіберіп жатса, журналистиканың жанрларына байланысты материалдар ұсынса, Сыр спорты туралы сапалы дүниелер жазыла бастар еді деген ой бар. - Басқарма бюджетінде спортшылар мен жаттықтырушылардың спорттық жарыстарға шығуына ғана қаржы қарастырылған. Бюджет шектеулігіне байланысты кей ойларды жүзеге асыруға мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, идеяңыз құптарлық. - Бұған дейін белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлының бастамасымен «Бір атаның балалары доп тебеді» атты футболдан жарыс өтіп тұратын. Біздің облысымызға да осындай тың әрі елең еткізер жарыстар керек сияқты. - Балалар футболынсыз үлкен футболға жол ашу қиын. Сол себепті жыл сайын 3 жас ерекшелігінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, барлық әуесқойлар арасында «Былғары доп» сайыстары, Тимур Сегізбаев, Сұлтан Әбенов, Әбіл Қалымбетов атындағы турнирлер тұрақты өтеді. Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап жасөспірім қыздар футбол бөлімшесі ашылды. Ал, өзге де тың жарыстар өткіземіз дейтіндер болса, қолдау көрсетуге әзірміз. - Тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы секілді ақыл-ой ойындарының біздің облысымызда алдыңғы екеуі ғана жақсы жолға қойылған. Ал, дойбы кенже қалып келеді. Жалпы, республикада солай деуге болады. Осыны біздің облыс бірінші қолға алса деймін. - Меніңше, бізде кенжелеп қалған спорт жоқ, барлық спортты қолдауға, дамытуға тырысамыз. Бүгінгі күні дойбы спорты көз мүгедегі бар спортшылар арасында жақсы дамыған. Сондықтан, көз мүгедектері арасында облыстық жарыстарды жиі өткіземіз. Кешенді спорт жарыстарында да қамту қарастырылған. - Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН |
СОТ 24 САҒАТ СОТ БОЛУЫ КЕРЕК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
28.03.2019 11:15 |
Шолпан МАЛИКОВА, Қызылорда облыстық сотының судьясы:
- «Кез келген елдің қауіпсіздігінің деңгейі ондағы қылмыстық істердің мөлшерімен өлшенеді» дейді. Бұған сіздің жеке көзқарасыңыз қандай? Осы тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақ қойып өтейін, 2017-2018 жылдары Қызылорда облысында қанша қылмыстық іс тіркелген? 2019 жылдың екі айында ше?
- Қызылорда облыстық сотында еңбек етіп келе жатқаныма 3 жылдай болыпты. Оған дейін Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 11 жыл жұмыс істедім. Бүгінгі күні дәм-тұз бұйырып, өзімнің өскен өңіріме қызмет жасап жатырмын. 2019 жылдың 2 айында облыста 278 қылмыстық іс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 1752-ні құраса, алдыңғы жылы 2018 іс белгілі болған. - Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің қанша түрі бар? Іс жүргізудің кезеңдері (стадиялары) төңірегінде жұртшылыққа толығырақ ақпарат беріп өтсеңіз. - Қазіргі сот жүйесі бұрынғымен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Соның бір мысалы, әкімшілік іс деген бұрын бір хаттама, бір протоколдан жасақталған екі бет қағаз болатын. 2001 жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекс қабылданды. Сосын 2005 жылдан бастап республиканың әр облысында мамандандырылған әкімшілік соттар ашылды. Бұл – заманның талабы. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, жылдан-жылға, күннен-күнге қылмыстық істер азайып келеді. Мәселен, өз үйіңізде пісірілген немесе дайындалған заттарды есіктің алдына шығып сата салмайсыз ғой? Мұндай әрекет белгіленбеген жерде сауда-саттық жасау болып есептеледі. Міндетті түрде әкімшілік бекіткен жерге апарып кәсібіңізді жүргізесіз. Бұрындары кейбір кісілер бақшада еккен қызанақ, қиярын сатып отыратын жағдайлар кездесетін. Бүгінде ол әкімшілік жауаптылыққа әкеліп отыр. Яғни, әрбір әрекет заңмен реттелген. Әкімшілік заңнама бойынша кез келген істің өндірісі хаттама жасақтаудан басталады. Уәкілетті орган қарайды, көзбен көру немесе бейнежазба құралдарының көмегімен көру, өзге адамдардан келген шағымдар бойынша әкімшілік өндірістік іс қозғалады. Хаттама жасақталған кезде азаматтар міндетті түрде онымен танысып, қол қоюы керек. Егер сыртынан жасақтап немесе оған ешқандай түсініктеме білдіру мүмкіндігі болмаса, хаттамаға шағым түсіруге құқылы. Сотқа арнайы өндіріс арқылы шағым беруге болады. 2015 жылдан бастап күшіне енген жаңа Кодекс бойынша арнайы тарау бар. Хаттама жасақтаушы лауазымды тұлғаның әрекетіне және хаттамасына шағым келуі. Бұл – әкімшілік іс жүргізудің екінші түрі. Бір кезеңі бірінші саты соттарында қаралса, одан кейін 10 тәулік ішінде осы Қызылорда облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасына шағымдана алады, іс қайта қаралуы мүмкін. Үшінші кезеңі – кассациялық өндіріс. Астана Жоғарғы соты кассациялық сот есебінде істерді қайта қарайды. Осылайша істің соңғы нүктесі қойылады. - Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде, сондай-ақ Елбасы өз Жолдауында сот жүйесінің жұмысына жаңа технологияларды ендіру туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта біздің өңірде нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Виртуалды соттардың» тиімділігі неде? - «Виртуалды соты» пилоттық жобасы толықтай іске қосылды. Облыс бойынша мамандандырылған әкімшілік соттар, 100 пайыз десе де болады, «виртуалды сотпен» қаралып жатыр. Мұның қарапайым адам үшін қолжетімділігі зор. Мысалы, адам өзінің сот ісіне қатысуы керек. Конституция бойынша оның өз ісіне қатысуға құқығы бар. Міндетті түрде сотқа қатысу құқығын пайдаланғысы келген адамдар басқа қалада болса да, қолындағы смартфонынан-ақ арнайы бағдарлама бойынша көріп, қатысып, уәждерін айта алады. Сонымен қатар, мамандандырылған әкімшілік соттарда көп істер электронды қаралып жатыр. Бұрын шетелдік мигранттарға қатысты істерде оларды әкеліп соттардың ғимаратында күтіп отыратын. Адамдар көп болса, далада ұстап отыратын жағдайлар кездескен. Қазір ішкі істер органының ғимаратында отырып-ақ электронды түрде тыңдап, қатыса алады. Бұл арқылы мемлекетке келетін шығындарды азайтуға болады. - Жоғары Сот төрағасы Ж.Асанов сот жүйесін дамытуда ұсынған жеті жобаның бірі – «Мінсіз судья» бағыты. Айтыңызшы, сіздіңше, «Мінсіз судьяның» «келбеті», оған қойылатын басты талаптар қандай болуы тиіс? - Жеті талап негізінде «Мінсіз судья» жобасы жүзеге асып жатыр. Мінсіздік туралы айтар болсақ, әр сот өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Барлық жағынан қамтылған. Біреу оған мін таға алмайтын болуы тиіс. Сот 24 сағат сот болуы керек. «Тура биде туған жоқ» дейді ғой қазақта. Судья болу үшін талаптар күшейтілген. Мәселен, 30 жаста, ойлау, жаза білу қабілеті жоғары болуы қажет. Эссе арқылы да сынайды. Ол да осы «мінсіз судьяға» қатысты. Судыратып сылдыр сөзді айтқанымен, көп адамдардың жазу деңгейі төмен. Адам ойлай алады, айта алады, бірақ соны қағазға түсірген кезде қиындыққа ұшырап жатады. Сондықтан Жоғары сот төрағасы «мінсіз судья» талабы негізінде әр судьяның өзімен интерактивті түрде сөйлесіп, эссе есебінде өз ойын жазғызып, оның ішінде қандай грамматикалық, стилистикалық қате бар, соның барлығын тексеру арқылы кадр сапасын арттыруды ұсынды. - Судьяның мінезінде қандай адамгершілік қасиеттер болуға міндетті деп ойлайсыз? - Міндетті түрде адамды тыңдай білуі қажет. Біз өз жұмысымызды сот процесі арқылы жүзеге асырамыз. Сол кезде адамды тыңдай білуіміз керек. Әріптестерімізде көбіне осы қасиет жетіспей жатады. Өйткені, біреулер айтатын сөзін неше күн ойланып келеді, егер сөзін үзіп тастап немесе тыңдамай қойсақ, адамның берекесі кетіп, не айтып не қойғанын білмей асып-сасып қалуы мүмкін. Кейін үйіне барған соң тағы да ойланып, неге мынаны айтпадым деп өзін-өзі жазғырады. Бұл жағдай арыз-шағымдардың көбеюіне ықпалын жасайды. - «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында жұмыс істеген кезде қандай да бір мәселелердің беті ашылды ма, мәселен, неке бұзу көрсеткіштері, алимент өндіру деген секілді... - «Отбасылық соттың» мақсаты – ажырасуды азайту, балалардың құқығын қорғау, әкені тәрбиелеу. Кеңес заманнан бері әйелдікінің барлығы дұрыс деген тәрбиемен келе жатырмыз. Олар көп шағымданып, арыз жазады ажырасуға, сосын баласына алимент алады деген сияқты. Оның барлығы дұрыс ғой, бірақ кейде бүйте берсек, біз қауқарсыз, бір ғана анасының тәрбиесінде өскен, жұмсақ ұрпақтар қалыптастырамыз. Мұның әсіресе, ер балаларға қатысы зор. Тіпті киім кию талғамына дейін әсер етеді. Үйінде әкесі болса, ер балалар ондайды жасамас еді. Асқар тауына қарап бой түзер еді. Облыста неке бұзу көрсеткіші былтыр көбейген. Алимент төлеуден қашып құтылғысы келетін немесе тағы бір әйел алып, некеге тұрмаса да, тағы бала дүниеге әкелетін жағдайлар кездеседі. Екінші әйелімен бірігіп, амал ойлап, бұрынғы балаларына төлейтін алиментті азайту мақсатында жұмыс істейді. Тұрып жатқан әйелімен бірге алимент мөлшерін азайту туралы ізденеді. Заң бойынша өтірікке жол жоқ. Десе де, бірге тұрып жатқан әйеліне де алиментке шешім шығарып қойған. Осылайша ол ер кісі бұрынғы әйелінің де, қазіргі бірге тұрып жатқан әйелінің де балаларына алимент төлейді. Қазір қалыптасқан практика бойынша біз алименттің мөлшерін төмендетуге жол бермей жатырмыз. Өйткені, әр баланың өз орны, өзіндік қажеттіліктері болады. Әке-шешесінің айырылысқанына баланың кінәсі жоқ, сол себепті оларға зияны тимеуі керек. Басқа өркениетті елдерде бұл қалыпқа келтірілген дүние. - Маңғыстауда біршама жыл жұмыс істеп келдіңіз. Ол жақтағы жұмыс істеу жүйесі мен Қызылорданың айырмашылығы бар ма? - Маңғыстауда жер қашық. Түбекте орналасқан. Бұйығы деп те айта алмаймын, бес шет мемлекетпен шектесіп жатыр. Оларда жұмыс тәсілі бөлек. Сосын қарайтын істің мән-жайлары да өте өзгеше. Кеденге, шекара бұзуға, миграцияға қатысты істер көп. Ал қызылорданың адамдары қарапайым болғанымен, ойын ашық айта алады. - Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА |
МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
28.03.2019 10:55 |
Төтен тексерістен көрініс Келгендер қит еткен қимыл-қозғалыстың бәріне қағаз сұрап төпелеп жатыр. Біздікілер аяғына жығылып, табанын жамырай жалап, «көкелеп» жатыр. Енді қайттім? Үндемеймін деп жүргенде, үнім шықпайтын боп қалыпты...
Жоқ. Жоқ Төмендегілердің тілі жоқ. Жоғарыдағылардың миы жоқ.
Ақымақтық пен ақымақтар Жасалып жатқан, қордаланған көп ақымақтықтарды тек қана ақымақтар ғана түсінбеуі мүмкін.
Шатпақ тақпақ Анау келіп-кетті. Мынау келіп-кетті. Көріп қалдық тек қана, құйрық пенен бетті...
Қолбала Ұзақ-ұзақ жылдар бойы бірнеше жерде директор болса да, өзінің «икем-дарынын» ашып бір көрсете алмап еді. Зейнетке шыққан соң, бір мықтыға қолбала боп еді, өзін-өзі жан-жақты танытып, нақ орнын тауып, аяғы-аяғына жұқпай жүріп жатыр.
Білгірлер Уақыттың сұмдық жүйрік, ұшқыр екенін сүр бойдақтар мен кәрі қыздар аса бір жақсы біледі.
Аңқитпа жол Балам білімді болса деп барын салып, анда да, мында да сүйрелеп апарып жүрген «білімге құштар» біреулердің үйінде бір кітап та жоқ таз күйін көргенде, кітапсыз білім алу деген жаңа бірдеңелер шықты ма деп, әлгілерге аңқиып қарайсың да қаласың...
«Орын» Өмірден өз орнымды таптым деп жүргендердің бірсыпырасы біреулерге тиісті орындарда қомпиып отырғандарын өздері де білмей жүреді...
Міншіл Періштеден мін тапқан. Жұмыртқадан жүн тапқан.
Жанашыр Сыйларында тайқы төбесіне шығарып жай беріп сыйлайды, ал қинарында тас төбеңнен тоқпақтап-тоқпақтап ұрып, ай, келіп бір қинайды...
Тоқтама! Өмірің тоқтағанша, еш нәрсені де тоқтатуға асықпа!
Жан-жақты Тасып тұрған күші жоқ, алайда ісіп-пісіп айналасындағыларды шапалақпен салып жіберетіндей өңмеңдеп жүреді. Екі адамның басын қосып бастама көтере алмайды, алайда көрінген жиналыстан қалмай қайраткер атанып жүр. Алып бара жатқан айтқыштығы жоқ, алайда «мен былай дедім, мен олай дедім» деп кеудесін сабалап отырады. Бойында биттей батылдығы жоқ, алайда маңындағыларды, жоғары-төмендегілерді айғай-сүреңмен, бақырып-шақырып, қорқытып, үркітіп, тырқырата, тырағайлата қуғысы кеп отырады...
Кім мықты? «Мен мықтымын» деп мұғалім де айта алмайды. «Мен мықтымын» деп дәрігер де айта алмайды. Сызданған шенеуніктер де «мен мықтымын» деп көптің көзінше кеуделеп келіп айта алмайды... Ал кез келген ақын «Мен мықтымын» деп бір айтпай қалмайды. Кейде осының өзі мықтылық па деп қаламын.
Іздейміз Әділдік іздейміз... Адалдық іздейміз... Шындық іздейміз... Тазалық іздейміз... Іздейтініміз өте көп. Ал тапқанымыз тым-тым аз... Саусақпен санарлық-ақ...
Әкімшіл «Әкімдерің нашар екен» десең, жағаңнан ала кететіндер көбейіпті. Ал «әкімдерің керемет» десең, құйрықтары керсендей боп, танаулары желпілдеп, дариып, далиып қалатындар тіпті одан да көп сияқты...
Жиналыстың соңы «Жаман» бастықтың жиналысының соңы – дау-дамай... Мығым бастықтың жиналысының соңы – қутың, қитың... «көңіл ауламай...».
Тілек Жалғыз жүрсең ой қамар, көппен жүр де тойға бар.
Қандай әйел? Ми жегіш, ми мүжігіш әйелді милы деуге бола ма?
Салпы ерін Өмірдің есепсіз бал-шырынын көп татқан адамды бірден танитын болдым. Қартайғанда аузы уылған адамдай езуі суланып, ерні салпиып қалады екен. Ұлы арман Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, қашқанның қалтасында, жұтқыштардың малтасында, ұрылардың арбасында, сумақайлардың дорбасында кеткен біздің миллиардтарымыз да қайта қайтып келетін күн де болар ма екен?!
Керекшіл Өзіне керек адамды көптің ішінен айна қатесіз таба білу – керектің керегі екенін ерте түсінгені көрініп тұр...
Пасық Қасыңда екі езуі екі жаққа кетіп күліп тұрса да, арқаңнан жұмсақ алақанымен сипалап тұрса да, май құйрығыңның айрығынан бір теуіп қалуға аңсары ауады да тұрады...
Есекдәме «Әлемде жоқ бастама көтердік... Әлем бізге назар аударды... Әлем халықтары қол соқты... Әлем бізді мойындады... Бізді әлем танып жатыр» дегендерге елтіп, айнала әлемге қарасам, оның беті ары қарап тұр... Жантаңдап жүрген бізбен жұмысы жоқ...
Қорытындысы жоқ Бізде көптің әдеті: шұлығының жыртығынан өкшесі жылтырап, күнін әзер көріп жүрсе де, өмірдегі, тірліктегі, қоғамдағы, айналадағылардың бәрін де түбін түсіре талқылайды, жіліктейді, бір уақ мақтайды, бір уақ жамандайды, біреулерге жол көрсетеді, тағы біреулерге бір істе көсемдік көрсетеді, содан бір уақыт ананы бір айтып, мынаны бір қаузап жынданады, жұлқынады, жұдырығын түйеді, жерді тоқпақтайды... Төбелес, төмпештеу шығып кетеді деп қорықпай-ақ қой. Шамалыдан соң сабасына түседі, мұрын астынан сөйлеп міңгірлеп қалады, өйткені әлгіндегі айғай-сүреңінен бір ауыз қорытынды шығара алмай өзінен-өзі жүнжіп тынады...
Таланттардың тағдыры Бозбала шағында біршама жұртты тамсандырғандарды да көрдік. Жігіт шағында жасындай жарқылдап жүргендерді де көрдік. Орда бұзар отызында ойқастай шапқанды да, қырқылжың қырқында қыр басына әзер шыққанды да көрдік. Елуінде енді-енді елді елең еткізгенді де көрдік. Жүріп-жүріп жетпісінде парасаттың парағын ашып, «пай-пай» дегізгендерді де көрдік... Ал енді бойында бір кісілік дарыны болса да, бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста қыржиып, жүрегіндегі бұлқынысын бір сәтте ашпай кеткендерді де көріп жүрміз...
Біздің жүріс Баймыз деп аспанға қарай түкіреміз. Түкірігіміз алысқа бармай, былш етіп төбемізге түседі. Содан да басымыз айғыз-айғыз болып біздің жүрісіміз осы...
Сарсаң Саясаттан бойын аулақ салып, «тып-тыныш» жүргісі келгендер бір кездері сол саясаттың «құрбаны» болып, сарсаң күй, сарсаң тірлік кеше бастайды.
Ем іздеу Ақымақтықтың да диагнозы қойылып, ем-шипасы табылар күн болар ма екен-ау?!
Ми қазанында Ми қазанында айлап, жылдап піскен ой ғана өміршең: бұзылмайды, ірімейді, шірімейді, көнермейді...
Ақша мен адам Ақша, обалы не керек, көп адамды көтереді, жетелеп биіктерге шығарады. Ал, өкінішке қарай, көп адам біткен көп ақшаны көтеріп жүре алмайды, жүн жеп, жабағы тышып кетеді.
Өзгерген арман Бұрын төрт құбыласы тең бай болсам деген арман құшағында жүретінбіз. Уақыт өтті. Заман өзгерді. Бүгінде сіңірі шыққан кедей болып қалмасам екен деген үрей миыңнан бір сәтте шықпайды.
Теріс баққан Алма десең, алады. Жеме десең, жейді... Ақыры қолына кісен түсіп, көзі бозарып, әркімге алақтап отырғанын көресің...
Түңілгіш Креслодан құйрығы тайып, қызметтен кеткенін өмірден кеткендей өте ауыр қабылдап, сүдіні қашып, сүмсірейіп қалыпты... Тиын мен теңге Тиыны сылдырап, шылдырап кедей-кепшіктерге әл-әзер жетті-ау, ал теңгесі пәттелеулі қалпы мұрты бұзылмастан қалың қалталарда қалып қалды.
Есе Атасы татып алмайтын, арақтың дәмін білмейтін. Әкесі стақан көрсе, сайтан көргендей шоршып түсетін. Ал баласы екі буында кеткен есені толтыратындай бақыраштап ішіп жүр...
Жұқана «Ана мектепті басқардым», «мына мектепті басқардым» деп, жылдарын санап, сапырмайының сорпасын сапырып сампылдап отырады... Десе де «Ана жерде пәлен жыл, мына жерде пәлен жыл халқыма адал, ақ қызмет еттім» деп ауыз толтырып мақтанышпен айта алмауының ар жағында болар-болмас бірдеңелердің жұқанасы сезіледі...
Аяр Күлкісінің ар жағынан күлімсі иіс шығады...
Төрт тарап Ата алақтайды. Ене едіреңдейді. Келін кесірленеді. Еркектің еңсесі түседі.
«Мен» дейік, «Сен» дейік... «Мен» деп көкірек керіп, кеудеңді ұрып тұрып айта алмасаң, «Сен» деп те ешкімді кеудеден нұқып, қадай сөйлеп айта алмайды екенсің...
Хал – жай Жеңісіміз – көп, «жемісіміз» – жоқ. Дабысымыз – көп, табысымыз – жоқ. Алатынымыз – көп, алғанымыз – жоқ. Бағдарламамыз – көп, баспанамыз – жоқ.
Желге ұшқан Желге ұшқан ақша өндірісті тұралатады. Желге ұшқан сөз көңілдерді құлазытады.
Біріне бірі сай Болатын бала беретін жерді біледі. Болатын бастық алатын жерді біледі.
Қазіргі қарттың бір түрі Жүз грамм ішпесе, жүзі жылымайтын шытыр шал...
«Қайраткер» Ердің де сөзін сөйлей алмайды. Елдің де сөзін сөйлей алмайды. Жердің де сөзін сөйлей алмады... Ал басқа тұстардың бәрінде де сөзді қатыратыны сондай – алдына түсіп сөйлегенді тобығынан қағып, аяғынан шалып, топшысын сындырып, жер жастандыруға бар...
Мешкей Шайнай-шайнай жағы талады. Жұта-жұта жұтқыншағы ауырады. Іше-іше іші-қарны сыздайды. Асай-асай асқазаны кернейді... Сөйтсе де жарты кесе шайын бір сағат үрлеп, шайқап, әзер ішіп отырған жанындағылардың ыдысындағы қалған-құтқан тамаққа көзін сатып отырады...
Өкінішті өмір Оның жаны қалайтын, керемет, ғажайып жақсы өмірі – жүз грамнан кейін басталады. Бірақ бұл «өмірдің» үнемі шалқымалы бас жағы есінде қалады да, соңғы жағының қалай болғаны есінде қалмайтыны өкінішті...
Ақырғы сәт Кәнігі актерлар сахнада шейіт болады. Ақиық ақындар сұлулардың құшағында көз жұмады. Сайыпқыран альпинистер құзар шың басында жан тапсырады... Ал мінәйім мұғалімдер күнсіген көп қағазын түгендеймін деп жүріп діңкәлап, зорығып тырапай асатын түрі бар.
Елеусіз бақыт Бақытты болсам деп жүріп, талпынып, алқынып, шатпақтап, батпақтап, ұрынып, жұлынып жүрген кездеріңмен бірге бақытты кездерің елеусіз өтіп кетеді екен...
Білу Жақсылар мен ақылдылардың соңына ере білу – болашағыңның баяндылығына жол сала білу.
Даму жолы Сөйлей-сөйлей сөзің дамиды... Үндемей-үндемей ойың дамиды...
Табытсыз халық Қазақ табытқа сыймайды. Туған топырағына оранып көсіліп жатады...
Арадағы қашықтық Өзі халықтан қашық, қашық тұрады. Сөйтіп жүріп халыққа қызмет еткісі келеді. Қашып тұрып, қашықтан істеген қызметтің қызуы қандай болады екен?!
Оқырманым Моншақтай әңгімелерімді көз жасы моншақтап отырып оқыған кісі бар екен...
Ерғали АБДУЛЛА, Арал қаласы |
ҰЛТТЫҚ БҰЙЫМҒА СҰРАНЫС АЗ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
28.03.2019 10:35 |
Шайхы-Ислам Мағауияұлы, қолөнер шебері: Біз бүгін басылымның «Мырза» бетіне аралдық қолөнер шебері Шайхы-Ислам Мағауияұлымен өрбіген әңгімемізді жариялағанды жөн көрдік. Кейіпкеріміз бала күнінде саз балшықтан төрт түлік малдың, қора-қопсының көріністерін жасаған екен. Әкесі Мағауия баласының бойындағы талантын байқап, Арал жұртшылығына танымал Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құдайберген Құлманбетовке тапсырады. – Шайхы-Ислам, ұстазыңыз Құдайберген Құлманбетовпен бірге сауыт жасап шығарғаныңызды естідік. Әңгімемізді осыдан бастасақ... – Біршама жыл бұрын Қазалы ауданында мұражай ашылды. Ұстазым Құдайберген Құлманбетовке мұражайға қажетті сауытты жасауға тапсырыс түседі. Жалпы, мен бала күнімнен бері сол кісінің жанында жүрмін. Қолөнер шеберлігінің қыр-сырына қанығып, тәлімін алдым. Тапсырыс бойынша ұстазымыз екеуміз сауыт, қылыш, айбалта, дулыға, шоқпар, ұлттық нақыштағы түрлі ыдыс-аяқтар жасап шықтық. – Сауытты қалай жасап шығардыңыздар? – Сауыт жасауға қажетті мельхиор сымын сататын арнайы адамдар бар. Қазақта мұны «қара күміс» деп атайды. Шикізатты өзге өңірден тапсырыс арқылы алдырамыз. Жалпы, біз сауытты 18 күн тоқыдық. 18 мың шығыршық сақинадан тұрады. Салмағы – 7 келі. Дегенмен, сауыт адам үстіне киілген кезде салмағы білінбейді. – Жасаған бұйымдарыңызды сатылымға шығарасыз ба? Сұраныс бар ма? – Мен ІІ топтағы көз мүгедегімін. Дәрігерлер қолөнермен айналысуға болмайды деп кеңес берді. Әйтсе де, ұлттық өнерге деген қызығушылық қойсын ба? 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Жасаған бұйымдарым сатылымда бар. Дей тұрғанмен, мұны кәсіп емес, хобби десек жөн шығар. Бәрі де шабытқа байланысты дүние. Өзіңіз білесіз, Арал өңіріне туристер жиі ат басын бұрады. Әсіресе, Жапония мемлекетінен ғалымдар, туристер өте көп келеді. Олар қайтқан теңіз табанына барып, түрлі зерттеу жұмыстарын жасап жүр. Туристер келген сайын біздің жасаған бұйымдарымызға қызығушылық танытып, сатып алады. Қазақы бұйымдарға сұраныс сондай күшті деп айта алмаймын. Мәселен, Арал қаласында сұраныс аз. Тек үлкен-үлкен қалалардан тапсырыс түсіп тұрады. Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді. Соның аясында шетелден келетін меймандарды ұлттық нақыштағы бұйымдармен қуантсақ деген ойымыз бар. – Қолөнермен қатар зергерлікпен де шұғылданады екенсіз... – Құдайберген ағайдан ең әуелі зергерлікті үйренгем. Күмістен түрлі сақиналар жасауды білемін. Бірақ көзімнің нашарлауына байланысты мұндай майда заттарды істемеймін. Қазір ағаш және мүйізден кәдесыйлар жасаумен шұғылданып жүрмін. – «Рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз? – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық мақаласы – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдеп-ғұрпын, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін қалыпқа келтіру үшін қолға алынған ауқымды жоба. Жалпы, қазақтың ұлттық қолөнерінің бастауы тым тереңде жатыр. Сонау сақ тайпасының бектері, қолбасшыларының обаларын қазған кезде түрлі алтыннан жасалған әшекей бұйымдар мен құмыралардың табылғаны мәлім. Мен үшін сол дәуірде мұндай керемет бұйымдарды қалай жасағаны әлі де жұмбақ күйінде. Дәл қазір мың жерден дамыған технология болса да, сақ дәуіріндегі бұйымдарды қайта жасау өте қиын. Кез келген халық өз тарихын білмесе, келешегі болмайды дейді. Біздің негізгі мақсатымыз – өскелең ұрпаққа өз тарихымызды, қолөнерімізді дәріптеп, болашаққа аманат ету. Қазақтың тілі, діні, мәдениеті өлмесе, қазақ ұлты ешқашан жойылмайды. – Шеберханаңызға қажетті заттар бар ма? Мемлекет тарапынан қандай көмек болып жатыр? – 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, грант ұтып алдым. Қажетті заттарды алдым. Әлі де біраз дүние керек-ақ. Шеберханам – бұрынғы гараж. Іші салқын. Егер шеберханам кең, әрі бір-екі таза кабинет болса, шәкірт тәрбиелесем деген ойым бар. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
«Бәйбіше» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
28.03.2019 10:30 |
Таңқыш осы әдетінен бір арылмады. Сезгіштік қасиеті оны түрлі болжамдар айтуға итермелейді. Бұл жолы да солай. Азаннан бері ауық-ауық тыпыршып, қоңқиған мұрны құрғыр мазасын алуды қояр емес. Әдетте оның мұрны бір нәрсені сезсе, мұрнын уқалап, сүртіп, тынышсыз күйге түседі. Жылы орнын суытқысы келмеген ол кемпірін шақырып: - Үйде беторамал бар ма өзі?! Мына табанымнан өткен суық мұрнымнан шығып жатыр. Көлемді орамал болса, әкеліп берші. - Осы сенің танауың-ақ! - деп тоңқылдап жүріп сутартқыш бір орамалды алдына әкеліп тастады. - Бәрекелді! - Тағы не боп қалды? Сенің «құбырыңнан» жайдан-жай су кетпейтін еді ғой! Тағы нені сезіп отырсың? - Бір ескіліктің иісі келіп тұр. - Сен-ақ әйтеуір... Ескі дейтін не бар? Үйдегі ескі-құсқы заттардың барлығын сайлауалды дайындық деп өртеп жіберген өзің емес пе!? - Т-ә-ә-ә-к! Онда біздің елде ескі дейтін не бар? - Ескінің көзі дейтін бізде қазір Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен үлкен үйдегі кісі ғана бар. - Соғыс ардагерлерін сездірмей тастағаныма 20 жылдай болды. Бәрібір оларға қатысты сыбыс шықпайды. Шамасы төр жақтан бір сыбыс жетеді-ау деймін?! - Осы әңгімеңді мұрның қышыған сайын айтасың. Ендігі танауыңның түбінен түсіп қалатын уақыты болды, - деді кемпірі. Тоңқылдап барып орнына жайғасып, таңнан бері көз демалтпай оқып отырған кітабының келесі бетін аша бергені сол еді, теледидардың көкпеңбек фонынан «ертегінің басты кейіпкері» сөйлегелі жатқанын көріп, шалына жетіп барды. - Әй, Таңқыш! Ұйықтап қалғансың ба? Тұр! Тұр деймін саған! Селк етіп оянып, орнынан атып тұрды. - Не боп қалды сонша? - Не болғаны несі? Сенің мұрныңның қышуы қанады не болмаса мүлде қышымайтын болады. - Тағы не ойлап таптың? - Ештеңе де ойлап тапқаным жоқ. Патша «бәйбішесін» тастап, кетіп барады екен. Жаңа ғана өзі айтты. - Мүмкін емес! «Бәйбішені» Түгенбай алады екен, - деді шалы. - Кім алса да мейлі, маған сенің мұрның қышымай, су аққанын қойғаны да болады, - деп кемпірі қайтадан кітабын парақтай бастады. Таңқыштың уайымы үдей түсті. Мына жаңалық оған оңайға тиген жоқ. Бір жағынан өзінің мұрнына да өкпелі. Кейде сезбейтін нәрселерді сезіп, бұның мазасын кетіргенді ұнататын еді. Мұрнын үнемі сүртуінің өзі ол үшін көп сөйлеп, кемпірінің мазасын алғаннан кейінгі ермегі-тұғын. Қарап отырмайын деп, басына неше түрлі ойларды әкелді. «Төргі кабинеттегі» шахмат королінің «бәйбішесінің» келесі иесі кім болмақ? Жаңадан келген жомарт адам екі аттап биге шығатындардан жеңіліп қалса ше? Алдағы күндері Сайлаубек келіп, бір адамды таңдап кетемін деген. Ол қаншалықты әділ шешім қабылдайды? Алдын орап кететіндер лезде табылып жатқан сияқты... Құдайым-ай, бәрінен бұрын шахматтың бір фигурасын біреулер ұрлап кетпесе екен шетелге. Олай болса, бүкіл елдің шулағаны менің құлағыма тиетін болады. Жаппай отап, шабудан қалған айналасындағы арамшөптер де көктемнің иісін сезіп, бойлары қылаң беріп, қаптап өсіп келе жатыр. Солар көлеңкесін түсіріп тұрған саясат кейде көлбеу кетіп, арнасынан асады. Оны жөнді түсінбейтін және қабылдай алмайтын ойыншылар да өз дегенін істеп, екі қолына екі «тұз» ұстап, шатырға «секіріп» мінгенді қалайды. Бәрінен де бұрыннан ымыраласып келе жатқан серіктестерді айтсаңшы... Бірақ оларға айтыпты-мыс, «үйден кетіп бара жатқандай жарықтың бәрін өшіріп, есікті құлыптаймын да перденің артынан пультпен басқарылатын ойын ойнап отырамын» деп. Олай болса, тіпті жақсы. Ойынның тікелей көрермені әрі фанаты болып отырғанның өзі – таптырмайтын тірлік. Жә, осы мен несіне шыр-пыр болып отырмын? Менің ойым олардың ойын ойнау қабілеттерін басқара алмайды бәрібір. Жердің астындағы заттардан желініп болған соң жердің үстіндегі «қазынамыздан» айырылып қалмайық деген ой ғой. - Әй, кемпір, тағы бір орамал әкел! - Тағы не боп қалды? - Маған бәрібір ескіліктің иісі сезіліп тұр...
НАЙЗАГҮЛ |
1 сәуір – Күлкі күні |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
28.03.2019 10:20 |
“Ойпырмайдың” бүгінгі қонағы – Қазыбек Әшірбекұлы. Мінезі ақжарқын арқыраған, кеудесі жұлдызға жарқыраған, он саусағынан сатира тамған Қазекеңді білмейтін жан жоқ бүгінде. Жемқорлар мен парақорлардан бастап жалқаулар мен тоғышарларға дейін жазбай таниды. Себебі оның басты кейіпкері – солар. Ал бүгін көңілі қаламағандарды тұмсығы ащы арадай «шағатын» Қазекең Күлкі күнінде күшіне мініп, бір күнгі өтірік өмірді алға тартады, Доңыз жылына болжам жасап, жаңа заманды мақалмен түйреп, байлығымыз бен базар бағасына базына айтады. Ендеше, белсенді автордың бірқатар «шимай-шатпағына» куә болыңыз, оқырман.
1 сәуір күнтізбеде қызыл емес, қызыл болмаған соң қызық емес. Біреулер бұл күнді күлкі күні десе, біреулер түлкі күні дей ме? Енді біреулер алдау-арбау күні, алдағанға алданып қалмау күні деседі. Ал, біреулер әзіл-әжуа күні, дұрыс түсінген жөн бұны деп жүр. Иә, әзілдің де әзілі бар, әр әзілдің мәзірі бар. Жағымды әзіл көңілді жадыратады, жағымсызы араны ажыратады. Сонымен, мерекенің санында, мерекелік шараның қамында жоқ бұл қай күн? Күлкі күні дей салуды білеміз. Бірақ, неге жетісіп күлеміз?! Десек те, Құдай күлкі мен қуаныштан айырмасыншы!
Бір күнгі
өтірік өмір
- Ха-ха-ха... - Әй, неге күлесің? - Ой, сен не білесің?! Бүгінгі дәуірде, Бірінші сәуірде, Барлық жерде, Біздің елде, Жейтін жем де, Алатын ем де, Ақысыз болады екен. Қымбатшылық жойылып, Бүкіл халық тойынып, Ахуалымыз оңады екен. Сусыз-ақ шілдеде, Суармай-ақ іргеде, Бітік егін болады екен. Оқушы балдарға, Кемпір-шалдарға, Қоғамдық көлікпен жүру тегін болады екен. Үйсіздер үйлі болады, Күйсіздер күйлі болады. Бай мен кедей тең болады, Кедей-кепшік кем болады. Қысқасы, доңыз жылы ауыр болмайды, 1 сәуір болмай, тәуір болмайды. - Мынау жақсылықтың бәрі, Жалғасын таба ма ары? - Бір күн тақияңа тар боп тұр ма?
Қызылорданың қалжыңбасы
Білгірдің болжамы Доңыз жылы думан көп болады, Жаңа пәтерін «жуған» көп болады. Қаржы соңынан қуған көп болады, Екіден, сегізден туған көп болады.
Сазан балықтың сыры Тілім менен тісім жоқ, Судағы сазан балықпын. Басқамен еш ісім жоқ, Бәріне бірақ қанықпын.
Түлкінің тірлігі Аюды апа етіп, Маймылды жезде етіп, Түлкі ісін тындырды, Тым ерте тездетіп.
Бұлбұл мен дүлдүл Билік – бұлбұл, Баға – дүлдүл... Болсын биыл, Жайлы жыл бұл!
Баға мен бажа Қымбат баға – мың жылдық, Құрдас бажа – жүз жылдық.
Жаңа заманның жап-жаңа мақалдары Түрлі темір тұлпарды, Жарыстырма арбамен. Бұлбұл мен сұлу сұңқарды, Салыстырма қарғамен. *** Аққу менен шағала, Бір болғанмен түстері. Байыппен қарап бағала, Әртүрлі ғой істері. *** Ара менен құмырсқа, Кірісер қызу құрылысқа... Тура осылай болсайшы, Тым жалқаулар тұрмыста. *** Асықпай шыдап балықшы, Отырса бір қалыпты. Балық қапса білдірер, Қармақтағы қалытқы. *** Қап көрсе емес ұстамды, Қақпайлау қиын тышқанды. Мысықты сап қой соңына, Ұстағың келсе мыстанды.
Тышқанның айласы Жасамай іс жарасты, Тышқан таққа таласты. Жету үшін жеңіске, Мысықпен ауыз жаласты.
Баспана жайлы бәйіт Құрысын, қымбат тұрғын үй, «20 жылдық» – қырғын үй. Көзден бір-бір ұштың-ау, Коммуналдық құрғыр үй. Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>