Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 27 Наурыз 2019

СЫРДАҒЫ САЛТАНАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.03.2019 10:10

Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – әз Науры­з мейрамын сырбойылықтар биыл ерекше атап өтті. Орталық алаңда 30-ға жуық киіз үй тігіліп, жиналған жұртшылыққа наурызкөже таратылды. Ауқымды шараның шымылдығын салтан­атты түрде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ашып, баршаға ізгі тілегін білдірді.

- Бұл мейрам – береке мен бірліктің, ырыс пен несібенің, қайнаған қызу еңбектің мерекесі. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда тарихи тамырын тереңнен тартқан әз Наурыз еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болы­п келеді. Бұл күні рен­жіскен адамдар татуласып, бір дастарқаннан дәм татып, бір-біріне ырыс-несібе тілеген. Жоқ-жітікке жәрдем беріп, тақырға ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашқан. Біз үшін Наурыз мейрамы – өткенді саралап, бағамдайтын, болашағымызға бастау алатын ерекше кезең. Соның бірден-бір дәлелі кешегі Ел­ордада өткен тарихи сәт. Тәуел­сіз еліміздің негізін қалаушы, тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев өз өкі­леттілігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Ата заңымызға сәйкес, ҚР Парламент Сенатының  төрағасы Қ.Тоқаев­  ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. Бұл сәт біздің тәуелсіз еліміздің, халқымыздың дүниедегі жо­ға­ры­ абыройын тағы да биікке көтерді, - деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жүрекжарды лебізін білдірді.

Мұнан кейін өңір басшысы айтулы мерекеге келген ақсақалдармен аман­дасып, мейраммен құттықтады.

Бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы болған жаңа күнді сырбойылықтар асыға күткен секілді. Қаладағы алаңға жиналған халықта қисап жоқ. Жүздеріне көктемдей жылы күлкі үйірі­ліп, мерекенің лебін сезген бұқара наурыз­көжеден дәм татып, арқа-жарқа болып жүр. Әрбір киіз үйдің жанында әдемі ән мен би ұйымдастырылған.

Театрландырылған қойылымда қазақ елінің дарқан даласы мен рухты мінезі бейнеленіп, Ұлы күннің көркіне көрік қоса түсті. Ал ұлттық спорт түрі­нен өткізілген жарыстар спортсүйер қауым үшін тамаша сый болды. Өткізіл­ген сайыстар турасында қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұл:

- Наурыз мейрамында Қызылордада­ күн райы да ашық, жарқырап тұр. Ұлттық спортқа елдің қызығушылығы жоғары. Наурыз барлығымыздың отбасы­мызға шаттық, бақыт әкелсін. Қала спортшылары қазақ күресі, арқан тарту, қол күрес, гір көтеруге келіп өз үлестерін қосуда. Жиналған халық та кілемнің жанына жиналып, ең мықты­ны­ анықтауға атсалысып жатыр. «Қазақстан барысына» қатысқан қазақ күре­сінің майталмандары келіп, күш сынаса­ды. Мақсат Исағабылов, Нұрым Сәлімгереев сынды маңдайалды спортшыларымыз бүгінгі тойдың көрігін қыздырады деген сенімдеміз, - деді.

Түйе балуандар сайысында бас жүлдені Мақсат Исағабылов қанжығасына байлады. Екінші орынды Нұрым Сәлімгереев иеленсе, үшінші орын Ержан­ Абдуллаевқа бұйырды. Ал ұлттық ойынымыз арқан тартуға кел­генде тойға келген бұқара ерекше ынтамен­ назарын аударды. Бұл ойында Ж.Махамбетов ауылының тұрғындары қарсыластарынан күші басым екенін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды ақжармалықтар алса, үшінші  орынды  Қызылорда қаласының командасы иеленді. Ұлттық ойындар легі мұнымен толастамады. Асық ойнау, гір көтеру, қол күрес бойынша да бабы мен бағы келіскен спортшылар күш сынасты. Орталық алаңның төрін­де  асық ойыны ойнатылып, бас бәйгені Сабыр  Әбдіғаппаров еншіледі. Ал Қазбек­ Алматов екінші орынды алса, Бақыт Тажимов үшінші  орынды қанағат­  тұтты. Гір тасын көтеру сайысы­ бойынша мықтылығын сынаған спортшылар жемісті нәтижеге қол жеткізді. Көпшіліктің алдына шығып, өнер көрсеткендер арасында Жандәулет Ондре­й жеңіске жетті. Екінші және үшінші орынды Нұрлат Алдоңғаров пен Ермек Пазылиев өзара бөлісті. Ал қол күреске қатысып, білек күшін көрсеткендер арасынан бас жүлдені Руслан Алимов иеленді. Екінші орынды Мейір­жан Иманғалиев, үшінші орынды­ Мейірхан Абуов иемденді.

Көктем мерекесіне келген қонақтар мен қала тұрғындары үшін тағы бір ұнамды тарту қолөнер шеберлері ұсынға­н шеберлік сыныптары болды. Орталық­ алаңның ортасында «Браунис» кондитерлік ұжымы тәтті торт таратты. Ұзындығы 12 метр, салмағы 800 келі тартатын мұндай ауқымды балкүлше биыл сегізінші рет дайындалып отыр.

Ақ боз үйін тігіп, ортаға дастарқан жайып, жұртшылықты мейраммен құттықтаған мекемелердің ішінде «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ бар.

- Барша шығыс халқына ортақ Наурыз­ мейрамы қазақстандықтарға құтты болсын! Бүгін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ киіз үй тігіп, Қызылорда халқына наурызкөже таратып­ жатыр. Көжеміз көптің көңілі­нен шықса дейміз. Жұртшылыққа мереке­лік көңіл күй сыйлау – мақсатымыз, - дейді компанияның жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас маманы А.Сұлтангереева.

Күн шұғыласынан нәр алып, табиғат­ оянатын Ұлыстың ұлы күнінде Орталық алаңда ұйымдастырылған шара тұр­ғындар көңілінен шыққан сыңайлы. Ел айтатын Самарқанның көк тасы жібіп, ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын мезгілін қызылордалықтар керемет көңіл күймен қарсы алды.

- Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, осы Наурыз тойы баста­ла­р  бұрын немерелеріме уәде етіп қойғанмын. Бүгін сол күннің сәті түсті. Үш немеремді ертіп, Орталық алаңдағы қызықтарды тамашаладық. Киіз үйлерде таратылып жатқан мерекенің сәні – наурызкөжеден дәм таттық. Ұйымдастырып жатқан кісілерге алғысым зор. Еліміз аман болсын. Бейбіт күнде өмір сүрейік, баршаны жаңа жылымызбен құттықтаймын, - деді қала тұрғыны Жұмакүл Айкулова.

Наурызкөже жасалып, ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталған, ұлттық ойындар ұйымдастырылған Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойланды. Құт-береке­, бақ-дәулет дарыған еліміз үшін бұл – игілікті кезеңнің бастауы.

 

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА,

Б.Есжанов (сурет)

 


ӨНЕРДЕН ӨНЕР ТУДЫРҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.03.2019 10:00

«Толқыннан толқын туады» деген секілді бір өнерден екінші өнердің туатыны әлімсақтан белгілі ғой. Мұны дәлелдеудің де қажеті жоқ шығар. Сонда  да...

Мұнан бірнеше ай бұрын белгілі суретші Аманкелді Кененбаевпен сұхбаттасуға барған едім. Сонда кейіпкерім ұялы телефонынан бір әншінің әнін тыңдап отыр екен. Әннің әсерінен өз жұмысын да шабыттана жалғастыратынын айтты.

Күші жоқ дәрі секілді, әсері жоқ әннің де бар екенімен бөлісті. Кейбір әндер қылқалам шеберіне жақсы әсер сыйлаудан ада болса түсінікті ғой, тіпті көңіл күйін күрт түсіріп жібереді екен. Көрдіңіз бе, шын өнер бір-бірі­мен әрдайым тығыз байланыста болады. Сыр бойындағы Қаратау секілді қойнауы қазынаға толы фототілші Болат Омарәлиев те бізге осы сарындас ойын жеткізген еді.

- Жалпы, менің  шығармашылығым  Шәмші­мен тікелей байланысты болды. Оның әндерінің тақырыпт­арына байланысты суреттер түсіріп отырдым. Мысалы,  «Кешікпей  келем деп  ең» деген­ әніне орай сағатқа қарап тұрған, елеңдеп тұрған, «Жан құрбым», т.б. көптеген әндеріне байла­нысты суреттер  түсірдім, - деп дамыт­қан-ды таным­ал тұлғалар тақырыбындағы сұра­ғымыз­ды.

Иә, «Кешікпей келем деп ең, Мен тұрмын елеңдеумен» деген жолдары көпшілігіміздің ойымызда жаңғырып тұр, көз алдымызға да еріксіз бірдеңелер елестейтіндей...

Қас қағым сәтті сәтті түсіре білген фототілші жақында ғана әлеуметтік желідегі парақшасына жаңа сурет жүктеді. Сол-ақ екен, желі қолданушылары алған әсерлерін жазысып, таңданыс­тарын білдіріп жатты.

- Бұл халық әні «Баянауылдың» әсерімен түсірілген сурет еді. Сурет туған жерім, Қоғалыкөлдегі Жирентай көлінің жағасында 1985 жылы  түсірілді, - дейді суретті сөйлетуші.

Омарәлиевтің оқырмандары да осал емес. Гүлжайнар Мұхтарова есімді желі қолданушысы­ «Шіркін, қандай керемет! Суретіңіз жай сурет емес, ән ғой, ән!» десе, Ботакөз Құрманаева «Аға, мына тамаша суретке жан бітіре сипаттаға­ныңыз  соншалық, Жирентай көлін көргім кеп кетті ғой!» депті.

Фототілшілік – қазақта кенже қалған өнер. Оған жан бітіру қажет десек, осындай оқиғалы суреттерді бізге көптеп түсіру керек. Басты кезект­е, суреттің сапасы емес, айтары болуы шарт. Шын өнер адамды ойландырады. Егер ойлан­дырмаса, сіз таным көкжиегіңізді ешкімге­ өкпелемей ғана кеңейтуге қам жасаңыз. Кейде көшке ере білген де көрегенділікті қажет етеді.

Меніңше, «Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап, Қош, ағатай, дегенің естен кетпес», «Ауылыңның тұсынан аттанғанда, Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр» деген жыр жолдарын суреттен көп іздемей-ақ табуға, оқуға  болады. Бірақ, ол үшін көздің көргіштігі емес, жүректің сезгіш­тігі де рөл ойнайды.

Рыскелді   ЖАХМАН


 

 

Баянауыл

(Халық әні)

 

Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап,

Қош, ағатай, дегенің естен кетпес.

 

Баянауыл басында балалы құр,

Бір сөз айтам, қалқатай, мойныңды  бұр.

Ауылыңның тұсынан аттанғанда,

Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр.

 


ҚЫЛҚАЛАМЫНАН ҚУАТ АЛҒАН СУРЕТШІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.03.2019 09:45

Бүгін мен Сыр өңірі­нің дарабоз суретшісі Яссауи Ағытаев жайында жазу үшін қолыма қалам алып отырмын. Ол 1949 жылы Қызыл­орда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қар­мақшы ауданындағы №26 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинград қаласындағы В.А.Серов атындағы Көркемсурет училищесіне оқуға түсе­ді. 1970 жылы Алматыдағы «Қазақфильм» кино­студиясында мульт­фильм группасында жұмыс істейді.

1971 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан Суретшілер одағының облыст­ық бөлім­шесіндегі көркемсурет шеберханасына жұмысқа орналасады. Алғашқ­ы шығармашылық этюдтері осы кезеңнен басталс­а керек. Яссауи Ағытаевтың шығармаларының негізгі арқауы – Қызылорда­ облысының көріністері, тұрмыс-салт, ауыл өмірінің тынысы. Қылқалам шеберінің шығармашылығы өнерді түсіне білетін қауымды еріксіз елітіп, жіпсіз байлайды.

Бүгінде Я.Ағытаевтың картиналары Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану­ музейінде, Қазақстан коллекционерлерінің қорларында сақ­таулы. Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Германия  елдерінде  жеке коллекционерлерде де картиналары бар. Дарабоз  суретші 1978 жылы КСРО, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданып, 1990 жылға дейін Кеңестік дәуірдегі көрмелерге белсенді­ түрде үзбей қатысып отырған. 1980 жылы «Жігер» жастар­ фестива­лінің дипломанты атанады.

2014 жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауымен С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясы ашылды. Содан бері Сыр өңірінде туып-өскен суретші-мүсіншілердің шығармашылығы мен жетістіктері көз алдымызда сайрап тұр. Соңғы жылдары­ көгілдір отын мен жерасты таза ауызсуды рақатына тұтынып отырған байырғы тұрғындардың жаны жайлаудай. 10 жыл бұрын сурет­ші алпыс жасқа келгенде үлкен көрме өткізген еді. Көрмеге келген­ көрермендер өз үйінің босағасынан аттағандай жайлылықты се­зіне­ білді, ұлтымызға ғана тән тұрмыс шаттығын («Дән», «Сүндет», «Ақ әжені еске алу», т.б.), қысқасы, шексіз дала мәдениетімен баурап алды. Мазмұны мен мәні өзгермеген суреттегі салт-дәстүр бойыңа қан жүгіргендей рухани демеу болып келеді. Жан-тәніңмен берілесің, сурет сенің ажырамас бір бөлігіңдей болады.

Сөз соңында бейнелеу өнерін қадір тұтқан көпшіліктің атынан­ суретші Яссауи Ағытаевты жыл бойы күткен, ұлыс мейрамымен ұласқан мерейлі 70 жасымен құттықтағым келеді. Қылқаламы­нан қуат алған суретшіге әлі де қарсы алатын көктем­нің қарасы­ көп болсын, жаңа жасыңыз тек қуаныш пен табыс әкелсін  демекпін!­

Сәрсенкүл  ЖҰМАБАЕВА,

Қызылорда  қаласы

 


«АЛТЫН ОРДА» АСҚАН АСУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.03.2019 09:35

Теңіз төскейіндегі жұртшылыққа Арал қаласында орналасқан «Алтын орда» сұлулық салонының аты етене таныс. Осынау сұлулық салоны мамандарының сапалы да үйлесімді қызметіне әсіресе, нәзік жанды қауым өкілдері дән риза көрінеді. Өзім тілдескен Раушан есімді ару «Алтын орданың» тұрақты тұты­ну­шысы екенін, салон иесі Алтын­ Жарылқасыновадан бастап­ өзге де мамандардың кәсіби шеберлігін, жұмыс барысында көпшілікпен сыпайылық қағи­даттарын тұтынатындарын, қызмет ақысының да қалтаға салмақ түсірмейтінін қуанышпен жеткізді. Қарапайымдылық ұстанымы, жылылық шуағы екінші деңгейге ығысқан қазіргідей қоғамда бизнес өкілдері жайлы мұндай бағаны күнде есіт­е бермейтініміз белгілі ғой. Салон иесімен тілдесуге асықтым.

«Алтын орда» деген тарихи атауды иеленген сұлулық салоны – жеке кәсіпкер Алтын Жары­лқасынова қарындасымыздың меншігінде. Мамандығы бойынша заңгер кәсіпкер келіншек алғашқыда ғимаратты жалға алып, жұмысын бастапты. Қандай шаруаны да дөңгелетіп әкету кім-кімге де оңайға соқ­пай­тыны басы ашық жайт. Алтын­ да қиналды. Десе де, заңдылық тұрғысынан хабардар болуы­, келешекке сенім, қолға алған істі орта жолда қалдырмас табандылығы талабын ұштады.

Сәтін салғанда мемлекет тарап­ынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға көңіл бөлінуі арманының орындалуына жол ашты. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан алған үстемесі аз 3 млн теңге несие Алтынның шаруасын дөңгелетуге зор септігін тигізді. Алайда алған қаржыны ұқсата білу де – ұқыптылық. Бұл ба­ғытта Алтынның айы оңынан туғандай. Бір  сәт кәсіпкер жанның  пікірін тыңдасақ.

- Халықпен тіл табысып, жұмыс істеу оңай іс емес. Біз­дің мақсатымыз – тұтынушы талғамынан табылу. Сұлулық салоны жасанды кірпік салу, ер мен әйел адамдардың шашын қию, қыз-келіншектердің шашын сәндеу, тырнақ бояу тағы басқа жұмыстармен айналысады. Салонд­а 4 шебер тұрақты түрде еңбек етеді. Қоғамдық ақылы негізде жұмыссыздық арқы­лы еден жуушы, тазалықшы, шаш қию шеберін де жұмыс­қа алған кезіміз бар. Тіпті, жаңадан оқу бітірген жас мамандардың арасында да бізден еңбек жолын бастаған­дары кездеседі, - дейді «Алтын орда» сұлулық сало­нының иесі Алтын Жарылқасы­нова.

«Жақсының жақсылығын айт». «Алтын орда» сұлулық салон­ы тұрақтысы, қоғамдық ақылы негізде жұмыс істейтіні бар, шағын ұжым десе де артық емес. Бүгінгідей нарық заңы алқым­нан буған сәтте бұл ауыз толтыра айтарлықтай жетістік екені анық. Оған қоса бұл жерде кәсібін жаңадан бастағысы келген­дерге кәсіпкерлік негіз­деріне баулып, курста оқытып, сертификат берілетінін де атап кетейік.

Алтын болса, қазынадан алынған несиенің көп көмегі тигенін, соған орай төлемді белгіленген мерзімнен кешіктірмей жауып тұрғанын, аманшылық болса, ағымдағы жылы аяқталатынын айтады. Менің «келешекте қандай жоспарыңыз бар?» деген сауалыма да іркіл­меді. Алдағы уақытта кәсібінің ауқымын ұлғайтып, массаж жасай­тын, спа салон ашу ойы барын бүгіп қалмады. Жоспары жүзеге асса, жұмысқа қосымша адам алмақшы. Құралай, Абылай есімді қыз бен ұлдың анасы,­ қажырлы кәсіпкерге біз де сәттілік тіледік.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

 


Көпірде көлік құлады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.03.2019 16:25

Қазалы ауданындағы «Әлсейіт» көпірінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталғаны белгілі. Бұйырса, жаңа көпірді 14 мыңнан астам тұрғын игілігіне пайдаланбақ. Жоба құны бақандай 2 млрд теңгеден асып жығылатын бұл көпір – аудан орталығымен байланыстыратын төте жол. Бүгінде дарияның арғы бетіндегі ағайын аталмыш құрылыстың тезірек тамамдалғанын тілеп жүр. Өйткені, абыржының уақытында қалқымалы көпірді ара-тұра алып тастайды. Кейде оқыс жағдайлар да болып жатады. 24 наурызда айтып отырған «Әлсейт» көпірінде оқыс жағдай тіркелді. Мәліметтерге сүйенсек, ГАЗ-53 автокөлігі қалқымалы көпірден ауып кеткен. Абырой болғанда адам аман. Зардап шеккендер жоқ.

– Сырдария өзені бойында орналасқан «Әлсейіт» көпірі «Қазалы жолшы» ЖШС-нің меншігінде. Апатқа ұшыраған ГАЗ-53 автокөлігі сол жердегі ауыр техникаларды пайдалана отырып 45 минутта жиекке шығарылды. Осы ретте халыққа ескертетін жайт, қалқымалы көпірден автокөлікпен өтер алдында белгіленген жүру жылдамдығын сақтауға, жолаушыларды түсіруді, көпірден жолаушылар толық өтіп болғанша автокөлікпен жүрмеуге және автокөлікті көпір үстінде тұрып артқа жүргізбеу талаптарын толық сақтауға шақырамыз, - деді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алтынгүл Сансызбай.

Рас, нысанның елді мекендердің серпін алуына септігін тигізері сөзсіз. Ауылдың әлеуетін арттыру алдымен инфрақұрылымға байланысты екені мәлім. Айтпақшы, «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, жақында ғана айтулы жобаның құрылысынан ақау шығып, көпшіліктің көңілін күпті етіп қойған-ды. Естеріңізде болса, ақпан айында судың көп болып, мұздың жоғары деңгейде қатуына байланысты тіреуіштері отырған еді. Сол кезде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов: «Қазіргі таңда оны бұзып, қайтадан бетон тіреуіш дайындап жатыр. Жобаны жасаған кезде барлығы зерттелген. Қазір құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Белгіленген мерзім ішінде пайдалануға беріледі», - деген болатын.

Айта кетейік, жоба бойынша нысан алдағы маусым айында іске қосылуы қажет.

Халық-хабар

 


АРАЛДЫҚТАР ЕЛБАСЫН ҚОНАҚҚА ШАҚЫРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.03.2019 14:40

Арал ауданында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешіміне және Елордаға жаңа атау берілуіне орай форум өтті. Аудан тұрғындары Елбасының Сыр өңірі дамуындағы рөлі туралы айтты.

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер-журналист және Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов Елбасының Аралға келген сапарының маңыздылығын айта келе, сол кездегі естеліктерімен бөлісті. Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асқан аудандағы игі істерге тоқталды. Ақсақал  өз сөзінде Елбасын тағы да Аралдың құрметті қонағы болуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қазан айында Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Елбасы өңірдің талантты жастарымен кездескен болатын. Сол кездесуде аудан оқушысы Нұрсұлтан Жақсыгелдиев Елбасыға өскенде Президент немесе ғарышкер болғысы келетінін және Елорданы көруді армандайтынын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы кішкентай аттасын қонаққа шақырып, ол отбасымен бірге Астанада болып, "Бәйтерек" және бас қаланың басқа да көрікті жерлерін аралап келген болатын.

Кішкентай Нұрсұлтан кездесуден алған әсерімен бөлісіп, Елорданы көру арманын орындаған Елбасына ризашылығын білдірді.

"Мен әлі күнге дейін достарыма Елордада көргендерімді қуана-қуана әңгімелеп, сол кездерді еске аламын. Менің арманым Тұңғыш Президенттің арқасында орындалды", - деді Н.Жақсыгелдиев.

Сондай-ақ, дарынды жас Елбасының туған жеріне - Арал ауданына келуін сұрады.

ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінің иегері Күлмәриям Кемалова: "Елбасының бастамасымен "САРАТС" жобасы жүзеге асырылып, аралдықтардың ата кәсібі – балық аулау қайта жанданып, аудан тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді", - деп лебізін білдірді.

"Мен де, жерлестерім де, біз үшін Тұңғыш Президенттің Аралды құтқару жолындағы маңызды шешімін ешқашан ұмытпаймыз. Ел қалыптасуының алғашқы жылында, күрделі экономикалық жағдайда қабылданған Президенттің шешімі болмаса, біздің өңірімізбен, оның тұрғындарымен не боларын елестету қиын. Мен сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының үстелінде екі түрлі шешім болғанын естідім: біріншісі - Қызылорда облысын таратып, халқын басқа өңірлерге көшіру; екіншісі - барлық қиындықтарға қарамастан, теңізді қалпына келтіруге тырысу", - деді К.Кемалова.

Естеріңізге салайық, "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС) - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 90-жылдары бастаған "ғасыр жобасы" - Аралды құтқаруға бағытталған бірегей  жоба болып табылады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары