Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Наурыз 2019

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДА 2100 АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2019 17:00

Тұңғыш Президент саябағында 1800 адамның қатысуымен "Нұр-Сұлтан қаласы - болашақтың қаласы" атты ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Акция барысында 700 терек, тал, үйеңкі - барлығы 2100 ағаш отырғызылды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан Республикасы астанасына жаңа атау берілуіне орай Қызылордада "Алғашқы астанадан сәлем!" атты аймақ белсенділері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен концерт-акция өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


26 НАУРЫЗ – АРАЛ ТЕҢІЗІ КҮНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2019 16:00

Биыл Арал теңізі күні екінші рет атап өтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) ұйымдастырған халықаралық тұрақты даму форумында қордың құрылған күнін – 26 наурызды "Арал теңізі күні" деп атап өту туралы шешім қабылданды.

Арал теңізі күні аясында Қызылорда облысы мен Елордада түрлі іс-шаралар: жоғары оқу орындарында, колледждерде кездесулер, ресейлік ғалымдардың Аралды құтқаруға қосқан үлесіне арналған конференция, теңіз жағалауын тазалау жұмыстары, ағаш отырғызу акциясы, футболдан "Арал теңізі кубогы" халықаралық турнирі және т.б ұйымдастырылады .

25 наурыз күні "Ақмешіт-Сырдария" орталық мешітінің маңында Халықаралық Аралды құтқару күні қарсаңында 800 түп алма ағашы мен үйеңкі отырғызылды.

Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "Шалқар теңіз сыр шертеді" атты мерекелік кеш өтеді. Іс-шара аясында Арал теңізі туралы фильмнің көрсетілімі, көрме мен концерт болады.

Сыр өңірінің тұрғындары үшін Аралдың жандануы - еліміздің тәуелсіздігі мен Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты. "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС) - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 90-жылдары бастаған "ғасыр жобасы" - Аралды құтқаруға бағытталған бірегей  жоба болып табылады.

Мәселен, 2005 жылы үлкен және Кіші Арал арасында 13 километрді құрайтын  Көкарал бөгетін салу арқылы күтпеген  нәтижеге қол жеткіздік. 2006 жылдың наурызында Кіші Арал теңіз деңгейінен 42 м дейін көтерілді. Арал қаласы мен теңіз арасы бұрын бөгет құрылысы басталғанға дейін 75 км болса, бүгінде 17 шақырымды құрайды.

Теңіздің тұздылығы айтарлықтай төмендеп,  балық кәсібін жандандыруға мүмкіндік пайда болды. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 4-еуі соңғы 5 жылда салынған. 2000 жылдардың басында теңіздегі балық аулау көрсеткіші 400 тоннадан аспайтын еді. Бүгінде 23 балық түрі, оның 14-і өндірістік бағытта қалпына келтірілді. 2018 жылы ауланған балық  8 мың тоннадан асып, 4 мың тонна балық өнімі Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытай елдеріне экспортталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2019 09:30

Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан 9-11 сыныптың 663 оқушысы жиналған. Білім додасының қорытындысы 29 наурызда белгілі болады.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев олимпиада қатысушыларымен кездесіп, «жастардың білімі, біліктілігі мен дағдылары – барша ұлттың ең маңызды әрі қымбат ресурсы» екенін атап өтті.

«Жоғары білікті мамандар даярлау мәселесінде білім беру сапасының деңгейін көтеруге тиіспіз. Облыстың сала қызметкерлері мектеп түлектерінің кем дегенде 50%-ын  ЖОО түсіруге қол жеткізуі тиіс. Біз жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты есебінен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жібереміз. Биыл аталмыш грант саны 2 есеге – 100-ден 205-ке дейін артты. Осылайша, бүгінгі таңда мұндай грант иегерлерінің саны 900-ге жетті. Айта кету керек, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімі гранттарының 70%-ы  IT-мамандықтарға бағытталады»,- деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап аймақтың мектеп түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық ЖОО білім алуда. Алғашқы түлектер өткен жылдан бастап өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істеп, кейбірі магистратурада оқуларын жалғастыруда. Айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан облыстағы мектеп түлектерінің 97%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге түскен, олардың 58%-ы мемлекеттік грантқа ие болды.

Сондай-ақ, облыс басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар жоспарларымен бөлісті.

"Енді біздің міндетіміз - жастарды "Лига плюща" университеттерінде оқытуға қол жеткізу. Егер айқын мақсатты межелеп, нақты міндеттер қойылмаса, еш нәрсеге жету мүмкін емес! Технологияларды құру және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлік, коммуникация мен дизайн, сондай-ақ, мектеп бағдарламасына кірмейтін ғылым салаларындағы дарындарды қолдау мақсатында Ресейдің "Кванториумдар" мен "Сириустар" құру бойынша тәжірибесін зерделейміз. Олардың тәжірибесін зерделеп, жоғары білікті инженер мамандарды даярлауға, инновациялық технологиялар мен идеяларды әзірлеуге, тестілеуге және енгізуге бағытталған толыққанды технопарктер құрғымыз келеді", - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында STEM-элементтерді, ғылыми инновациялар мен математикалық моделдеуді, робототехниканы қамтитын 46 инновациялық мектеп жұмыс істейді.

Сөз соңында Қ.Көшербаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп: «Біздің жастарымыздың арасында да Абай Құнанбайұлындай ақын-философтар, Қаныш Сәтбаевтай бірегей ғалымдар, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушылар, Билл Гейтс, Илон Маск секілді инноваторлар жүруі әбден мүмкін»,-деді.

Сонымен қатар, оқушыларды ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева құттықтап, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және олимпиада онлайн режимде өткізілетінін атап өтті.

"Қызылорда облысында, Сырдың қасиетті жерінде, түркі өркениетінің бесігі, ойшыл Қорқыт Ата мекен еткен жерде гуманитарлық пәндер бойынша олимпиада өтуі ерекше мәнге ие. Биыл "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының құрылғанына 20 жыл толады. Орталықты құру идеясы сол кездерде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің басшылығында отырған, қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа тиесілі", - деді вице-министр.

Айта кетейік, 25-29 наурызда Қызылорда облысында қазақ, орыс және шет тілдері, құқық негіздері және Қазақстан тарихы бойынша олимпиаданың 2 кезеңі өтеді. Сондай-ақ, олимпиада қатысушылары Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде өтетін жастар форумына қатысады.

Білім додасының қорытындысы 29 наурызда анықталып, жабылу рәсімі өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 17-19 наурыз аралығында Наурыз мейрамы қарсаңында Қызылордада республиканың барлық аймақтарынан келген 200 жуық оқушының қатысуымен "Ғарыш. Ғылым. Интеллект" тақырыбында IX Наурыз кездесулері өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.03.2019 10:30

Орталықалаңдадәстүрбойынша 30 киізүй құрылды.

Алаңда театрландырылған қойылымдар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің мастер-кластары ұйымдастырылып, шатырларда Наурыз мейрамына орай мерекелік дастарқан жайылды.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев барлық жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, сырбойылықтарға  табыс пен бақ-береке тіледі.

"Бұл күні ренжіскен адамдар табысып, бір дастарқаннан дәм татып, бір-біріне ырыс-несібе тілеген. Біз үшін Наурыз мейрамы - өткенді саралап бағамдайтын, болашағымызға бастау алатын ерекше кезең. Соның бірден-бір дәлелі – кешегі Елордада өткен тарихи сәт. Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл сәт біздің Тәуелсіз еліміздің, халқымыздың дүниедегі жоғары абыройын тағы да биікке көтерді, елдің бірлігі мен ынтымағының дәлелі, саяси тұрақтылық пен мәдениеттің үлгісі болды деуге әбден болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отыра Елбасының сөзімен «Алаштың анасы» атаған Сыр халқының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мың да бір рақмет айтып, ұзақ ғұмыр, жасампаз еңбегінің жемісін көре беріңіз деген жүрекжарды тілегімізді айтуға рұқсат етіңіздер! Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзінің ұстазы – Елбасының сарабдал саясатын пәрменді жалғастыруда қазақстандықтармен бірге жаңа жетістіктерге жетуіне тілектепсіз»,-деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Елбасы саясатының арқасында аймағымыз қарқынды дамып келе жатқанын және республикада бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша, соның ішінде инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және кәсіпкерлікті қолдауда көшбасшы болып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды.   Жақында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бірінші шағын ауданның тұрғындары жаңа пәтердің кілтін алады. Биыл34 көпқабатты үйден құралған 3 шағын аудан салу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс орталығында 150 көпбалалы отбасы үшін арнайы жоспар бойынша жеке үйлердің құрылысы басталады.

Бұл күндері Әз-Наурыз мерекесі барлық аудандарда тойландыа,мереке қарсаңында сенбіліктер, жәрмеңкелер, мерекелік концерттер мен көрмелер ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


БҰЛ КҮННІҢ БОЛАРЫ АНЫҚ ЕДІ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
21.03.2019 09:20

Бірақ мұндай жеделдік болады деп ешкімнің ойламағаны сөзсіз. 19 наурыз 2019 жыл, сағат 19:00. Бұдан қандай да бір символикалық астар іздеудің қажеті бар-жоғын қайдам, алайда сейсенбінің кешінде тарихи маңызы бар шешім қабылданды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев орталық телеарналар арқылы халыққа үндеу жасап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес», - деді мемлекет басшысы.

Бұл мәлімдемені әркім әрқалай қабылдады, түрлі пікірлер де айтылып жатыр, тіпті көршілер мен әлемнің алпауыт елдерінің өзі таңданыспен қарап жатқан жайы бар. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметті атқарып келе жатқанына 30 жыл толғанын атап өткен Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның қиын жағдайын тілге тиек етті. «... Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік...» деді. Сөз жоқ, қиындықтың бәрі артта қалды, бүгінде бізді әлем таныды, өркениетті елдердің көшіне ілестік. Мұрат Есжан есімді әлеуметтік желі қолданушының сөзімен айтсақ, кезінде Тәуелсіздіктің жылнама парағын өзі ашып еді. Қиын-қыстау кезеңде қиядан жол тапты. Өгізді өлтірмеді, арбаны сындырмады. Қырықпышақ қырқыстарға, арамой араздықтарға ұрындырмады. 30 жыл қанды қақтығыстарды тек теледидардан көріп, бейбіт өмір кештік. Шекарамызды нықтадық. Астанамызды салдық. Болашағымызға бардық. Тарих дейтін алыптың өлшемімен қарағанда, талай-талай табысқа табан арттық.

Ендігі өмір – алдағы күннің еншісінде. Жаңа өзгерістің жаңа жүрістерге, қарышты қадамдарға бастайтынына сенімді бәрі. Оған мемлекет басшысы да сенеді. «Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айырыламыз» деп сөзін түйіндеген Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және елеулі өкілеттілігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін жеткізді. Тұңғыш президенттің айтуынша, оның ендігі міндеті – «басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету». Ол Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелгенін, президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына берілетінін, қазір парламенттің жоғары палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев екенін мәлімдеді. Назарбаевтың мәлімдеуінше, Тоқаев «Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат».

Тарихи сәт келді, мәлімдеме соңында мемлекет басшысы «соңғы» қабылдаған жарлығына қол қойып, оның мәтінін оқып берді. Құжатқа сәйкес, Назарбаев 2019 жылы 20 наурызда президенттік өкілеттігін доғарады, қалған мерзімін парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады. Сөйтіп, парламент кеше палаталардың бірлескен отырысында Тоқаевтың ант қабылдау салтанатын өткізді. Жарлық қол қойған уақыттан бастап күшіне енді.

Осылайша, Елбасы елінің алдында еңсесі биік, абыройы асқақ күйде осынау жауапкершілігі қара жерден де ауыр қиын қызметтің әдемі нүктесін қойды. Елге бас иіп алғысын айтты. Телеарна, баспасөз, тіпті әлеуметтік желілер арқылы да қимастық білдіріп, ризалығын ақтарып, көңілдері босап отырған ел-жұрттың пейілі де кең. Бекболат Тілеуханша толғасақ, ат төбеліндей өз елі түгілі, алпауыт өзге елдің көсемдері кеңесіне жүгініп, ара ағайындыққа салса, ақылының асқандығы да! Жұрты қимаса, қадірінің асқандығы да! Ендеше, Елбасының ерлігі, елі үшін қабылдаған шешімі қайырлы, берекелі болсын! Өкілеттілік тоқтағанмен өмір тоқтаған жоқ! Өркендеп, өсе берейік! Алла халқымызды панасынан тастамасын!

 

Н.АҚПАН

 


НАУРЫЗ – ТҰРМЫС МЕРЕКЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.03.2019 09:15

Наурыз мерекесін исламдандырудың қисыны жоқ. Бұл – тұрмыс мерекесі.

Бағзы заманның адамдары, әсіресе мал бағып, соның ыңғайымен жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға, қыстаудан көктеуге ауысып тіршілік ыңғайымен көшіп-қонып өмір cүрген біздің бабаларымыз қай бір «благоустроенный домда» тұрыпты. Малдың жайымен қыста да киіз үйде өмір сүре берген. Малы да бүрсең қағып, қыстан қысылып шыққан. Тіпті, жұтқа да жиі ұшыраған. Осындай халық көктем шығысымен арқа-басы кеңіп, табиғат жадыраған кезде көктемді қуаныш қылып тойламағанда, енді нені тойламақ?

«Қылышын сүйреткен кәрі құда қыс кетті, енді алдымызда жадыраған жазымыз бар» деп, кеуделерін алабөтен қуаныш кернеген. Қыстай бүрсең қағып, алысқа ұзап шыға алмаған олар бір-біріне осы кезде қатынаған. Былтыр күзде ренжісіп, өкпелесіп қалғандар сонысына қыс бойы опынып, күн жылығанда жапа-тармағай көрісуге асыққан. Көрісудің осы күнгі біздің күн райы қатал батыс өңірлерде көбірек сақталып қалатын себебі де сонда.

Бүкіл өмірі сайын далада өткен бабаларымыз түгілі, оты-суы үйімізге түтікпен келіп тұрған қазіргі біздің өзіміз, міне, наурыз туа қуанышымыз қойнымызға сыймай барады. Алысқа ұзамай-ақ, биылғы қатты аязда құбырдағы суымыз қатып қалып, кейбір жерде ол жарылып апатқа ұласып, пешіне газ жағатындардың газына ауа қосылып үйді дұрыс жылытпай, көмір жағатындардың көмірі таусылып, ит әбігерге түскен жоқпыз ба?

Қазіргі бізді қойшы, баяғы бабалар қуанса, бойымыз жылынады деп қана емес, қыстан аман шыққан арық-тұрақ малымыз көкке ілігіп, семіре бастайды, семіре бастаса, іш тастамай төлді де төгіп береді деп қуанған. Малымыз төлдей бастаса уызға жаримыз деп көңілденетіні өз алдына бір хикая.

Сөйтіп, сарқылып біткен кебеже-қаптарының түбін қағып (қаққанда уысына бірдеңе іліксе), қалған-құтқан барын ауыл ортасына құрып қойған тай қазанға салса керек. Біз сияқты жоғын базарға жүгіріп барып ала салу қайда? Сонымен қазанның астына от жағып қайнатқанда қою (кейде сұйық) көже пайда болған. Қазанға әркім қолда бар әрқилы дәмін әкеп салған соң, көже де әр ауылда әртүрлі бола берген. Соны қазақ тілеу көже, наурыз көже деп, осыған жеткеніне де шүкір қылып, арқа-жарқа боп ішпей ме. Содан кейін бұндай қойыртпақ көже пісіруді қазақтар келесі наурызға дейін ұмыта тұрған. Қазанға жеті дәм салды ма, сегіз дәм салды ма, әлде тоғыз дәм салған шығар, о заманда кім санапты? Санамаған, табылғанға шүкіршілік еткен. Кейін наурыз көже жасауды әдетке, дәстүрге айналдыра келе «жеті дәм» сияқты пәлсапа соғатындар пайда болған. Онысы жөн де шығар. Жүдеген халықты солай да жұбатып, алдағы күнге үміттендіріп әңгіме шығару қажет қой. Осы күнгі «жеті қыр» сияқты әңгіме құрастыратын пәлсапашылдарға ұқсап.

Не болса да, бұл қуаныштың (мереке деп кейінгілер ғой шығарып жүрген) дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Той барысында Тәңірлік сенімнің белгілері болса, ол сол кезеңнің қондырмасы ғана. Наурыз деген атау да соның бірі.

Ислам діні дегенде ойымызға алыстағы арап түбегі оралады. Ал араптар наурыз айы келгенде не деп қуанады, оларда біздің жердегідей қыс болмайды ғой. «Қылышын сүйреткен...» деген тіркес қаперіне кіріп-шығып па екен? Араптар қайта «енді жер дүниенің апшысы қуырылады» деп, уайым қылмаса деңіз. Оларға алты ай аптаптан гөрі қыс мезгілі қолайлы емес пе? Оның үстіне өздері Жаһилия деп атап жүрген жезөкшелік пен құмар ойыны жайлаған қараңғылық дәуірін бастан кешкен араптардан қай бір ізгілікті сұрайсың? Малдың ыңғайымен өмір сүрмейтін олар үшін сауда жасауға жылдың қай мезгілі болса да бәрібір еді. Қисын қайда?

Ал енді біреулер наурызкөжені Нұқ пайғамбарға апарып тірейді екен. Олар «Нұқ пайғамбардың кемесі тау басына тоқтаған кезде кемеде азық-түлік таусылып, әртүрлі дәмнен бір-бір уыстан ғана қалыпты, соны бір қазанға салып, ас пісіріпті, наурызкөже сол екен» деген мағынада әңгіме таратып, жаңалық ашып жатыр.

Менің өзіме ватсап арқылы осы тақырыпта, бір мәтінмен оншақты хабарлама келді-ау шамасы. Әрі оны таратушылар арасында көзі ашық, сөзі салмақты адамдардың жүргені өкінішті. Қисынға келсін-келмесін, жобалап соға беретін, болмаса біреу бір әңгіме шығарса, ойға салып сараламастан ере жөнелетін мінез, осы бізге қайдан жұққан?

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Нұқ, Наурызнама» деген жазбаларында Наурыз мейрамы Нұқ пайғамдардың заманында да бар екен десе, бұл қуанышты тойды Нұққа байланыстырғаны емес, өте-мөте ежелгі екенін меңзегені.

Әдет-ғұрыпты қалыптастыратын адамның тұрмысы, сондықтан бұндай шалағай аңыздарға илана бермеген жөн.

Ал бүгінгі біздің Наурыз келді деп бабалар дәстүрін түрлендіріп, жаңадан мән беріп, наурызкөжені жеті дәм, сегіз дәм демей-ақ дәмді етіп (асханалардың ас мәзіріне енетіндей етіп) пісіріп тойлауымыз өте орынды. Күн мен түн теңелді, көктем келіп, жер қыза бастады. Қызған жерге шөп қаулап өседі. Мал тойынады. Жер өңдеп, егін егу басталады. Демек «көктемнің бір күні жылға азық» болса, нағыз қастерлі мезгіл деп, жаңа тіршілік деп, жаңа жыл деп осы наурызды айт, қақаған қаңтарды айтпай.

Ендеше жаңадан басталған жаңа жыл берекелі болсын! Жаңа тіршілікке жаңа бір күшпен құлшына кіріселік!

Нұрлыбек  Саматұлы

 


СӨЗДЕН ІСІҢ АЛДА БОЛУЫ ТИІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
21.03.2019 09:10

Әшім Оразбекұлы,

Шиелі ауданының әкімі:

– Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қандай? Жалпы, елде атқарылып жатқан шаруалар барысына тоқталып өтсеңіз...

Біздің аудан – аграрлы өңір. Мемлекет басшысының индустрияландыруға байланысты қабылдаған бағдарламасына сәйкес өндіріс көлемін ұлғайтуға кірістік. Білесіз, ауданда уран өндіретін екі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, индустриялды аймақ қалыптастыру қарқынды жүруде. Асфальт-бетон зауыты өз жұмысын бастап жатыр. «Баласауысқандық» кен орнын игеру қолға алынды. Биыл 5 оксидті ванадий өндіру цехының құрылысы бастау алды. Бұдан бөлек, ауданда 5 шебін, 1 ақ тас шығаратын және 1 әк өндіретін зауыты бар. Әк зауыттың келешегі өте зор. Есебіміз бойынша ол еліміздің 30-40 пайызын әкпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бүгінде зауытты кеңейту жолдары қарастырылу үстінде.

Сонымен қатар труба шығаратын зауыт жұмыс істейді. Өндірілген өнім газ, су құбырларын тартуға пайдаланылады. Аталмыш жобаның болашағы зор. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы құрылып, онда біраз құрылыс жұмыстары басталды ғой. Жақында іргелес облысқа барып қайттық. Біздегі труба зауытының өнімдері көрмеге қойылды. Оған тапсырыс берушілердің тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта кетейін.

Өңірдегі ең ауқымды жобаның бірі – «Геджуба Шиелі Цемент» зауыты. Жоба құны 64 млрд теңге құрайтын зауыттың жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаруға мүмкіндігі бар. 2018 жылдың 11 желтоқсанында Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір арқылы іске қосылды. Бұл жобаның ел экономикасының дамуына септігі зор.

Облыс әкімінің тапсырмасына орай шағын және орта кәсіпкерліктің даму динамикасы қарқынды. Кәсіпкерлік субъектілері 30 пайызға көбейді. Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін өнімнің көлемін арттыруға тиісті шаралар басталды.

– Облыс орталығында өткен баспасөз брифингінде «нарықтағы уран бағасы арзандап кетті» деген едіңіз. Бұл аудан бюджетіне қаншалықты әсер етуде?

Уран бағасы арзандағаннан кейін өндіріспен айналысатын кәсіпорындар өз өнімдерін 20 пайызға қысқартты. Тиісінше аудан бюджетіне түсетін түсімнің азайғаны рас. Дегенмен, бюджетке түсім соншалықты кеміп кетті деп айта алмаймын. Бұл мәселе облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей назарында. Бүгінде аталған жағдайға байланысты тиісті министрлікпен келіссөздер жүруде. Ал басқа бағыттар бойынша дамудың оң динамикасы бар.

– Балалар лагері аудан орталығынан салынатынын естідік. Кеңес үкіметі тұсында Майшының табанында, тау ортасында «Ақбұлақ» лагері болғанын білеміз. Көпшілік жаңа лагерьдің сол Майшыдан салынғанын қалап отыр. Аудан тұрғындарының бұл ұсынысына қалай қарайсыз?

– Облыста балалар лагері жоқ бірден-бір аудан – біздің өңір. Қазіргі таңда аталған нысанның құжаттары сараптамада жатыр. Әу баста біз лагерьді қайда салатынымызды ойластырдық. Екі жерді таңдадық. Біріншісі өзіңіз айтып отырған Майшының маңайы мен таудың айналасы болса, екіншісі – аудан орталығы. Майшының табаны Шиеліден 90 шақырым жерде орналасқан. Онда баратын Тайқоңыр тасжолы ғана. Ал аталған жолмен цемент зауытына қажетті тастар мен Солтүстік өңірлерге күкірт қышқылы тасымалдануда. Майшының маңайында электр энергиясы да, жол да жоқ. Есебімізше, онда 150-200 кВт электр энергиясы қажет. Шыны керек, күн энергиясы арқылы жарықтандырудың бағасы қымбат болып тұр. Лагерьдің құны 1 млрд теңге болса, күн сәулесі арқылы электр энергиясын орнатудың өзі 300-400 млн теңге тұрады. Екінші мәселе, цемент зауыты толық қуатына көшкенде, Тайқоңыр тасжолымен күнделікті 300-400-ге жуық жүк көлігі әрі-бері қатынайды. Ол жолмен балаларды тасымалдау қауіпті емес пе? Егер тау ортасына нысанды тұрғызсақ, 3 ай балалар тынығады. Одан кейін 9 ай бойы қызметкерлерді жалақымен қамту да қып-қызыл шығын. Ғимаратты аудан орталығына (Ы.Жахаев атындағы парк. Аумағы – 17 гектар. – ред.) салсақ, жыл бойы балалар ҰБТ-ға дайындалады, мектептен тыс қосымша сабақтар жүреді, ардагерлер де тынығады. Дей тұрғанмен, бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Алдағы уақытта ел ақсақалдарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдасып, нақты бір жауабын айтамыз.

– Бірлестік ауылы Жаназар батыр, Ботабай ауылы Тұрсынбай Датқа болып өзгертілген еді. Дей тұрғанмен, екі елдің адамдары әлі күнге құжаттарын ауылдың ескі атауымен алып жүрген көрінеді. Ақпан айында өткен брифингте бұл мәселенің шешілетіндігін айтып едіңіз? Ол орындалды ма?

– Бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Ауыл әкімдеріне қатаң тапсырма бердім. Рет-ретімен қалыпқа келтіріп жатырмыз. Аталған мәселе менің жіті бақылауымда.

– Ауданға қарасты елді мекендердің бірінде ауыл тұрғындары барымташыларды өздері ұстап, ішкі істер органдарына тапсырған. Бұл жергілікті полицияның әлсіздігі ме, әлде ұрылардың басынғандығы ма?

Жақында 22 ауылдық округте есепті жиын өткіздік. Сонда халыққа барымташыларға кешірім бермеу жөнінде ұсыныс айттық. Мұндай қадамға бармасақ, мал ұрлығының алдын алу оңайға түспей тұр. Ішкі істер органдары өз құзыреті шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Мәселен, ауданда мал ұрлығы – 26 пайызға, басқа да қылмыстар 34 пайызға азайды. Жаназар батыр ауылының тұрғындары ұрыларды ұстаған сәтте олармен бірге учаскелік полицей де болды. Мен жаназарлық тұрғындарға ризашылық білдіргім келеді. Ұрыларға кешірім беруге қарсылық танытып отыр. Біздің де сұрайтынымыз – осы. Ұрлықтың алдын алудың бұдан басқа жолы жоқ. Ал кейбір елді мекендерде мал ұрлығы мүлде тіркелмеді. Былтыр аймақ басшысының өзі учаскелік полицейді марапаттаған еді.

– Есепті жиын демекші, жақында Сіз халық алдында былтырғы жылы атқарылған шаруаларды түйіндедіңіз. Әйтсе де, кент әкімі БАҚ өкілдеріне дөрекі қылық көрсетіп, біраз шу болды ғой. Ашығын айтыңызшы, арыз-шағымы бар азаматтарды жиынға қатыстырмау туралы сіздің тарапыңыздан тапсырма болды ма? Мұны қалай қабылдадыңыз?

– 22 ауылдық округті аралап болған соң кент орталығында есеп бердім. Оған облыстық басқарма басшылары қатысты. Жиында маған 17 сұрақ қойылды. Түгелдей өзім жауап бердім. Мен аудан әкімдігі аппаратындағы қызметкерлерге не үшін тапсырма беремін? Мен де осы елдің азаматымын. Айталық, әрі кетсе 2-3 жылдан соң зейнетке шығамын. Сонда халық маған «кезінде есепті жиынға қатыстырмады» деп айтпай ма? Тұрғындардың көпшілігін танимын. Ақсақалдар болса, барып хал-жағдайын сұраймыз. Енді әлгі даулы мәселеге келсек, есепті жиын басталмас бұрын 15-20 минут есіктің дәл алдында тұрдық. Егер елден өзімізді алыс ұстасақ, онда тұрмаймыз ғой. Жиын тамамдалған соң тағы да есік алдында жарты сағаттай болдық. Шыны керек, жаңалықты естігенде төбеме жай түскендей әсер етті. Өйткені, бізде барлығы ашық өтті. Бұл біздің жігіттердің білместігі шығар. Осыдан соң тексеру жүріп, қызметкерлер сөгіс алды. Мен елді мекендерді көп аралаймын. Елден жасыратын ештеңем жоқ.

Сіздің Шиелі ауданы әкімі қызметіне тағайындалғаныңызға 2 жылға жуықтады. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының артқан сенімін осы уақыт ішінде ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

Жалпы, облыс әкімінің аудан әкімдеріне қойған негізгі үш тапсырмасы бар. Әуелі, шағын және орта бизнесті жетілдіру. Сол арқылы аудан бюджетін нығайту және жұмыссыздықты азайту, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру. Біздің мақсатымыз – аталған тапсырмаларды тыңғылықты орындау. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» 5 институционалдық реформасында да, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында да тайға таңба басқандай жазулы тұр. Соның барлығын орындасақ, соны серпінге ие болатынымыз сөзсіз. Елбасы атап көрсеткен бағдарламалық мақалалардың барлығы біздің жұмыс үстелімізде тұр. Біздің басты бағытымыз – осы. Қарапайым елдің азаматы ретінде айтарым, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі мол. Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде көтерілген мәселелерден соң облыс әкімі бізге 3-4 күннің ішінде Жол картасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл ретте жергілікті әкімдік 11 бағыт бойынша жұмыс істеп, басшылыққа өткіздік. Байқасаңыз, мұның бәрі іле-шала қолға алынды. Ненің айғағы? Кез келген жобаны іске асыруға мемлекеттің күш-қуаты жеткілікті екендігін көрсетеді. Біз аудандағы көпбалалы аналардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімін жасадық. Қажетті қаржысын сұрадық. Бүгінде аталған құжат тиісті министрлікке жетті. Нұрсұлтан Әбішұлы тапсырма берді. Бір айдың ішінде ол жүзеге асқалы жатыр. Аз уақыттың ішінде республикалық бюджетке өзгерістер енгізіп, қайта нақтылау анау-мынау шаруа емес.

Әшім Оразбекұлы, БАҚ беттерінде сұхбатыңыз жиі шыға бермейді. Мұның сыры неде?

Меніңше, сөзден ісің алда болуы қажет. Ең әуелі кез келген жұмысты іске асырып, одан кейін сол туралы айтқанды дұрыс көремін. Себебі, атқарған шаруаның бәрі ел-жұрттың көз алдында. БАҚ-та да айтылуда. Мемлекеттік қызметкер тек атқарған жұмысымен, ісімен ғана көрінуі керек секілді. Қазақша айтқанда, сөзді азайтып, еңбек етуіміз тиіс. Бұл – менің өмірлік принципім. Десе де, ара-тұра ел алдына шығып, атқарған шаруаларың жөнінде есеп берген де жөн. Жергілікті БАҚ-та басшылардан гөрі қарапайым еңбек адамы насихатталса деймін...

– Ел арасында «Жаңақорғаннан – әкім, Шиеліден ақын шығады» деген сөз бар ғой. Бұрынғы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «зейнетке шықсам, студенттерге дәріс оқимын» деп еді сұхбатында. Бұйырса, зейнет жасына жеткен соң немен айналысасыз?

– Сауалыңыз қызық екен. Менің үйімнің ауласында 17 түрлі ағаш өседі. Барлығын өзім отырғызғам. Күтіп-баптаумен де өзім айналысамын. Күнделікті таңертең 2 сағат бақта боламын. Жұмыстан кейін де солай. Бұл – әдет. Зейнетке шықсам, көркейту-көгалдандырумен шұғылдану жоспарда бар. Жалпы, мен мектеп бітірген соң әскер қатарына алынғанша құрылыс жасағында еңбек еткем. Әлі күнге дейін үйдегі анау-мынау дүниелерді өзім істей беремін. Қанша қызметте жүрсек те, қолымнан балға мен шеге түскен емес. Негізі, адам зейнетке шыққан соң қарап отырмай қозғалыс жасаған жөн. Биыл жергілікті кәсіпкерлер 17 жылыжайдың құрылысын бастады. Қазір қарқынды жүріп жатыр. Шынына келсек, аман-есен зейнет жасына жетсек, кішкентай ғана жер алып, жылыжаймен айналыссам деймін... Әрине, мақсат бұдан байып кету емес. Қозғалу қажет.

– Сұрап отырған себебім: бірқатар аудан әкімі болған азаматтар зейнет жасына жеткесін, мәжіліс депутаты болып жатыр. Сізде ондай ой жоқ па?

– Менің өмірім осы ауданның тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Ес білгелі осы топырақта еңбек етіп келемін. Қызметте сатылап өстік. Жасыратыны жоқ, 1-2 ай демалып көрген адам емеспін. Ал сауалға нақты жауап берер болсақ, мәжіліске бару ойда жоқ.

– Ел болған соң билікке сынның айтылуы – заңдылық. Сіз мұны қалай қабылдайсыз?

– Иә, сын айтылады. Оны қабылдаймын. Жергілікті жердің азаматы болған соң кімнің қандай көзқараста екенін жақсы білемін. Біздің ауданның ерекшелігі, ауызбіршілік мықты. Жершілдікке, ағайынгершілікке салынбайды. Елдің болашаған ойлайтын азаматтар жетерлік. Ақсақалдар келіп ақылын айтады. Жасырып қайтем, маған бірде-бір ардагер баласына немесе туған-туысына қызметке ал деп келген емес.

Сонда «ауданда трайбализм (рушылдық) жоқ» деп сеніммен айта аласыз ба?

– Әрине. Айта аламын. Неге? Мемлекет барлығын электронды форматқа көшіріп жатыр. Мемлекеттік қызметке алудың қағидаттарының бәрі де заңнамада жазылған.

Министрлер «орынбасарларым парамен ұсталса, қызметтен кетеміз» деп жатыр ғой. Сіздің орынбасарларыңыз алда-жалда қателікке жол берсе, қызметтен кетер ме едіңіз?

Былтыр Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызметі істері департаментінің басшысы Абзал Сансызбайұлының қатысумен бірнеше мәрте жиын өткіздік. Өткен жылы ауданда жемқорлық фактілері тіркелді. Әрине, жайсыз жаңалық. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейттік. Ал менің орынбасарларымның барлығы білімді және мәдениетті. Мұндай қателікке жол береді деп ойламаймын.

– Сіздіңше, сандар өтірік «сөйлей» ме?

Бүгінгі таңда сандар өтірік «сөйлей» алмайды. Қазір статистика департаментінен күнделікті ақпараттарын алып отырмыз. Барлық цифр осында жазулы. Ертеректе сандар өтірік «сөйлейтін» еді. Біз статистика департаментінен өткен сандарды ғана аламыз. Мұның бәрі базаға тіркелген. Оны бүкіл республика көріп отыр. Елді алдаудың қажеті шамалы.

Облыстағы аудан әкімдері арасында бәсекелестік бар ма?

Бәріміз бір-бірімізге ниеттес, пікірлес азаматтармыз. Мұндай атмосфера қалыптастырған аймақ басшысына алғыс айтамын. Әріптестерімнің (аудан әкімдері. – ред.) барлығы зиялы, мәдениетті. Бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Ұдайы байланыстамыз.

– Облыстық «Үлгілі ауыл» жобасында Қазалыдан Жанқожа батыр ауылы – 10 млн теңге, Ғани Мұратбаев ауылы 7,5 млн теңге еншіледі. Ал Шиелі ауданынан Еңбекші ауылы ынталандыру сыйлығын алды. Айтулы шырайлы Шиеліде үлгілі ауылдар аз ба?

– Өте дұрыс сауал қойып отырсыз. Мысалы, Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылы қандай керемет?! Біз де осы бағытта Ы.Жақаев, Төңкеріс, Н.Бекежанов атындағы ауылдарды түлетуді жоспарлап жатырмыз. Ол үшін аудан бюджетінен қаржы бөлінбейді. Жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асыру жоспарда бар. Алдағы екі-үш жылдықтың көлемінде аталған ауылдар абаттандырылып, құлпыратынына сенімдімін. Рас, Мұрат Нәлқожаұлы (Қазалы ауданының әкімі. – ред.) өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Еңбегін бағалаймын. Шиелілік кәсіпкерлер де қарап қалып жатқан жоқ. Ақмая ауылдық округіне спорт ғимаратын салуға кәсіпкер Дәулет Жұмбеков 72 млн теңге бөлді. Көшелерді абаттандыруға 11 млн теңге қаржы берді. Енді ол Төңкеріс ауылының тұсынан елді мекенге газ тартуды жоспарлап отыр. Осындай туған жерін құрметтейтін жігіттер еңбек етіп жатыр. Талғат Байдалиев бауырымыз Бидайкөл ауылдық округінде парк салуда. Ы.Жақаев ауылындағы кәсіпкер Асқар Бердібаев спорт кешенінің іргетасын қаламақ. Біздегі шаруашылықтар енді-енді аяққа тұрып келеді. Алдағы уақытта биік белестерге жетсе, туған топырағын түлетуге тер төгеді деп ойлаймын.

Қырымбек Елеуұлы аудан әкімдеріне халық пен билік арасын жақындатуға күш салу керектігін айтты. Тіпті, Сіздерді әлеуметтік желіде белсенді түрде жұмыс істеуге шақырды. Дегенмен, Шиелі ауданы әкімдігі әлеуметтік желіде қойылған сауалдарға жауап жазуда сараңдық танытып тұр. Сіз де фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелгенсіз. Бірақ белсенді емессіз. Неліктен?

– Жауап мүлде жоқ дегенге келісе алмаймын. Жақында облыс әкімінен осыған байланысты ескерту алдық. Мұнда аудан әкімдігі ғана емес, біздегі 14 бөлімдер де өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ақпараттармен жиі бөлісуі қажет. Өзіме келсем, бұл тұрғыда кемшілік барын мойындаймын.

– Үстеліңіздің үстінде тойға шақыру билеті тұр екен. Соңғы рет тойға қашан бардыңыз?

– Тойға бармағаныма 1,5 жыл болды. Уақыт тапшы. Мүмкіндік болса, шақырушы азаматтарды телефонмен құттықтап, тілектестігімді білдіремін. Қазақпыз ғой, өлім-жітімге кіріп шығамыз.

– Сұхбат барысында өтірік айтқан жеріңіз жоқ па?

– Барынша шынайы жауап бердім. Мен өтірікке жаны қас адаммын.

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел-жұртқа айтар тілегіңіз болса...

– Халық арасында «киелі Шиелі» деген сөз бар ғой. Расында, біздің топырақтан 10 ғасыр адамының 5-еуі шыққан өңір. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақ елін әз Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін!

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қозы Көрпеш Жасаралұлы

 


АУА САПАСЫ ҚАУІПТІҢ ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙІНДЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.03.2019 09:05

Ауада қалың түтіннің қалықтап тұруы біз үшін тұрмыстық деңгейдегі проблемамен тең.

Көлік түтіндерінің бұрқырап, ауаны қою-көкке «орандырып» бара жатқандығын техниканың ақауы деп білеміз.

Тұрмыстық қалдықтардың әр жерде шашылып, полиэтилен пакеттердің желмен көкке көтерілуін аса маңызды мәселе деп қарамаймыз.

Күнделікті қолданып жүрген ас-суымыздың түсі өзгерсе де, одан бас тарту мүмкін емес.

Топырақ бетінде әртүрлі металл сынықтары мен ерігіштігі аз қалдықтардың қандай зардап әкелетіні үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейді.

Ең бастысы, Қызылорда – ғарыш айлағы бар экологиялық аймақ. Оның бағымыз не сорымыз екенін әлі күнге сұраудан жалыққан жоқпыз.

Сонымен, біз тыныстап жүрген ауаның деңгейі қандай? Қазақстан неге ауа сапасы төмен елдердің қатарына енді?

Ауаның атмосфералық жай-күйіне бақылау еліміздің 46 елді мекеніндегі 146 бақылау бекетінде жүргізіледі. Зерделену барысында ластаушы заттардың 34 түрі анықталады. Яғни қалқыма заттар (шаң) мен бөлшектер, азот диоксиді мен оксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді мен диоксиді, күкірт қышқылы, ерігіш сульфаттар, фторлы сутегі, хлор, хлорлы сутегі, күшәла қосындысы, аммиак, күкіртсутегі, озон, фенол, формальдегид, бензол, этилбензол, бензин, бенз(а)пирен, көмірсутегі жиынтығы, метан, кадмий, мыс, қорғасын, хром, марганец, кобальт, мырыш, бериллий анықталады. Ғылыми технологияның қарыштап дамуы әлем өркениетіне ілесу үшін маңызды рөлге ие. Дегенмен өндіріс қарыштап дамып, қоршаған ортаны түрлі химиялық заттармен ластауда. Тіпті соңғы кездері беймәлім ауру түрлерін экологиялық жағдайға әкеп жапсырып қоятынымыз бар. Рас, бас ауырып, балтыр сыздағаннан бастап аурудың ауыр түрлерінің тууына себепші ретінде экологияны атаймыз. Өткенде көз дәрігеріне бардым. Осы көз ауруының түрлі сатысындағы емделушілерде шек жоқ, лек көп. Иегі кемсеңдеген, таяққа сүйенген әжей жасы беске енді ғана толған немересін «сүйреп» жүр.

- Апайлары шағым айтты. «Қызыңыз көзін сығырайтып отырады. Айтқан сөзімізді әп-сәтте ұмытып қалады. Дәрігерге көрсетіп, есте сақтау қабілеті мен көзінің көру деңгейін анықтап беріңізші» деп. Содан «сүйреп» жүргеніме бір аптадан асты. Көзінің көру қабілеті төмендепті, МРТ-ға (магнитті резонансты томография – ред.) түсіріп едік, миы дұрыс дамымай қалған деген қорытынды берді. Білмеймін, ол қайдан шыққан пәле екенін. Әкесі де, анасы да дені сау, оқыған-тоқыған адамдар. Қазір экология ғой, бәленің бәрі содан. Бұрын-соңды естіп, білмеген аурулар көп. Әйтеуір емделуге келеді деді. Оған да шүкір, - деп дәрігер кезегіне кіріп кетті әжей.

Зардаптың барлық себеп-салдарын экологияға жапсырып қоятынымыздың бірден-бір дәлелі осы қарт ананың сөзі болды. Одан қалды көктемгі күн жылынған сәтте аллергологтардың тапшылығы сезіле бастайды. Көктің иісінен, шаң-тозаңнан аллергияға шалдығатын науқастар үшін қиын.

Іргеміздегі Қытайдың өзі көк түтінге тұншығып, тіпті кей аймақ тұрғындары арнайы бетперде көмегіне жүгінеді екен. Ауа деңгейі 150 микрограмға жеткенде алпауыт елдегі қызу тіршіліктің «жүрегі» бір сәтке тоқтатылып, халыққа ескерту беріледі. Ал Индонезияда ауа сапасы 130 микрограмға жеткенде қауіптің қызыл деңгейі белгіленеді. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматыда 200, Астанада 300 микрограмға жеткен. Дегенмен, біздегі ахуалға бас қатырып, балтыр сыздатып отырған ешкім көрінбейді. Күнделікті жалғасқан тіршіліктің тіні, қалыпты құбылыс, тұрақты ауа көрсеткіші секілді. Түптеп келгенде ауадағы әрбір элементтің атмосфераны ластайтынын ескерсек, елімізде көлік саны жыл санап артып, факель жағу көрсеткіші де артуда, одан қалды тұрмыстық қалдықтарды өртеу фактісі әлі де жолға қойылмаған. Тіпті сіздің шайнап, түкіріп кеткен сағызыңыз да кемі бес жылға дейін ауаға жағымсыз қасиеттерін бөліп жатады. Міне, мұның барлығы да ауа сапасының төмендеуіне әкеліп соқтыратын фактілер. Адам капиталының денсаулығы үшін ауа райының құбылмалылығы оның өміріне тікелей қауіп те төндіреді. Басты мәселенің қатарында тұрған туризмді дамытуда бұл факторлардың әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Гүлназ, ата-ана:

- Қызылорда – өзімнің туған жерім. Өзіміз топырағымен ойнап өссек те, отбасылы болған соң ауа райы баламыздың денсаулығына жақпады. Аллергиялық ауруға жиі шалдыққан соң дәрігерлер климат ауыстыруға кеңес берді. Баламыздың болашағы үшін қонысымызды Алматыға ауыстырдық. Қазір денсаулығы жақсы. Туған өлкеміз өзімізге ыстық, бірақ осы қадамға баруға мәжбүр болдық.

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы-эколог:

- Жалпы, ауа ластануы мен тазалығы туралы жиі айтып жүрмін. Ара-тұра солтүстіктен, кейде батыстан екпіндеп соғатын желді жақтырмайтынымыз рас. Түптеп келгенде, Қызылорданың «өкпесін» тазартып тұрған – жел. Будақтап, қалықтап жүрген түтінді жел әкетіп, ауаны тазартып тұр. Аймақтың ауа райын жақсы дейтін себебіміз де осы. Табиғаттың жазылмаған заңына бағынатын құбылыс осылайша халықты үлкен зардаптан құтқарып тұрғанының өзі неге тұрады?! Бұрынғыдай көмір жағып, қап-қара түтінмен будақтатып жатқан халық аз. Тіршілігіміздің басты қайнары саналатын ауа, су, жердің ластануы табиғат пен тірі организмге тікелей әсер ететін ахуал. Қызылорданың шаңы көкке көтерілетіні рас, су проблемасы да бар, бірақ ауа тазалығы жөнінен жақсы деп айта аламыз.

ҚР Энергетика министрлігі, «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, атмосфераның ластану деңгейі стандартты индекс және ең жоғары қайталанғыштық мәндерінің төрт градациясы бойынша бағаланады. Егер бұл екеуі әртүрлі градацияға түссе, онда атмосфераның ластану деңгейі осы көрсеткіштері ластаушы заттардың жылдық орташа шоғырының мәні бойынша бағаланады. Осы бағалау реттілігі бойынша Астана, Қарағанды, Теміртау, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Алматы, Екібастұз, Петропавл қалалары, Бейнеу кенті 2018 жылы ластанудың ең жоғары деңгейін көрсеткен. Ал ластанудың көтеріңкі деңгейі Көкшетау, Талдықорған, Құлсары, Семей, Зыряновск, Орал, Ақсай, Жаңаөзен, Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу, Қостанай, Риддер, Павлодар, Ақсу, Түркістан, Кентау, Шымкент, Қызылорда қалаларында тіркелген. Оған фактор да жоқ емес. Экологиялық аймақ санатындағы облыстың ауа тазалығына ешқандай кепілдік жоқ. Дегенмен «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, қала бойынша атмосфералық ауаның ластану жай-күйіне бақылау 2018 жылы 3 стационарлық бекетте жүргізілген. Жалпы бағалау бойынша облыс орталығындағы атмосфералық ауаның жалпыластану деңгейі көтеріңкі деп бағаланған. Ал ауаға жүргізілген маршруттық зерттеулер қалқыма заттардың, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот оксидінің қалыптан аспағанына көз жеткізген.

Жалпы алғанда, экологиялық ластану – тек ауаға ғана емес, ол жерге де, суға да, табиғатқа да қатысты құбылыс. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша 90 өзен, 31 көл, 14 су қоймасы, 3 су арнасы және 1 теңіз, барлығы 139 су нысандары тіркелген. Экологиялық мониторинг департаментінің ақпараты бойынша жерүсті суларының ластану деңгейін анықтаған мониторингте нормативті таза деңгейіне 4 өзен, 1 теңіз, ал 68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы және 3 арна ластанудың орташа деңгейіне жатқызылған. Оның ішінде Қызылорда аймағынан өтетін Сырдария өзені де бар. Бір жылдың ішінде 33 су нысанында тіркелген 455 жоғары ластану мен 30 экстремалды жоғары ластанудың 4-еуі Сырдария өзеніне тиесілі. Мамандардың айтуынша, бұл су арнасы дихлордифенил трихлорэтан затымен ластанған.

Жуырда «Greenpeace» ұйымы «AirVisual» бағдарламаларын жасаушы компаниясымен бірге зерттеу жүргізіп, ауасы лас елдердің рейтингін жасады. Ауаның ластану көрсеткіші 5 микрограмға есептелген Исландия – ең таза ел. Одан кейін 6,6, 6,8 микрограм коэффициентпен Финляндия мен Австралия тұр. Қазақстан да ауа сапасы төмен елдердің қатарына кіріпті. Зерттеуде әлемнің 73 еліндегі ауаның ластану деңгейі салыстырылған. Арасында Қазақстан бір текше метр ауадағы тозаң 29,8 микрограмм көрсеткішімен 20-орынға жайғасыпты. Елімізде зауыт жоқтың қасы, фабрикалар дамуы бәсең, жеңіл өнеркәсіп ақсап тұр, мыңдаған тонна шикізат игерілместен қоқысқа тасталып жатыр деген еліміз экологиялық көрсеткіші төмен елдердің арасынан табылып тұрғаны қуаныш емес. Дегенмен, 97,1 микрограмды құрайтын «тұншықтырғыш» ауасы бар Бангладеш ең жоғары көрсеткішті көрсеткен.

Н.ҚАЗИ

 


 

Ауа райы туралы қызықты ақпарат

Соңғы 40 жылдың шамасында Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеруі:

- Қазақстан аумағы бойынша орташа санағанда орташа жылдық ауа температурасы әр 10 жылға 0,34ºС-қа көтеріліп жатыр. Ауа температурасының ең қарқынды өсуі көктем айларына (әр 10 жылға 0,63ºС-қа) сәйкес келсе, ең аз өсуі қыс айларында (әр 10 жылға 0,16ºС). Барлық мезгілдерде ауа температурасының статистикалық өсуі анық байқалған.

- 1976-2017 жылдары республикамыздың кейбір станцияларында ауа температурасының тәулік максимумдарының статистикалық мағынасы анық және оңды тенденциялары байқалып, әр 10 жылға 0,2-0,40 және 0,4-0,90ºC-ты құрады.

- Ауа температурасы көтерілуінің статистикалық мағынасы бар 35ºС-тан жоғары немесе ыстық күндер санының еліміздің батысында және оңтүстігінде әр 10 жылға 4-8 күнге көбейген.

- Жылы толқындардың немесе ауа температурасының максималды мәні 90%-дан азайғанда, 6 күн қатарынан жоғары болған күндер ұзақтылығы 2-5 күнге созылғандығы Қазақстанның оңтүстігі мен Ақмола облысының кейбір метеостанцияларында байқалған.

- Республиканың барлық аймақтарында әр 10 жылда 3-6 күнге ауа температурасының минималды тәулік мағынасы 0ºС-тан төмен болған түндер саны азаюда.

- Қазақстанның көптеген аймақтарында әр 10 жылға аязды күндер саны 4-8 күнге азайған.

(«Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығы)

 


АЙТЫСТЫҢ ҚАЙТАЛАНУЫ «АЙТҚЫШТЫҢ» МАЙДАЛАНУЫ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
21.03.2019 08:55

Төл өнеріміздің орны қашанда – төр. Иә, айтыс «қайтыс» болды деп дабыл қаққан кездеріміз де болды. Оған қарағанда қазіргі жағдай әлдеқайда жақсы. Ұлттық өнеріміздің тамырына әуелі жанашыр азаматтар қан жүгіртсе, көп кешікпей билік өкілдері де мойын бұрып, қызу қолдауға кірісті. Тіпті, кейінгі кездегі өтіп жатқан сөз сайыстарының санынан көз сүрінеді. Қуануымыз керек, айтыс басқа жолдан бас тартып, бастапқы жолына түсті.

Айтыс сахнасында жақсылық түгел жырланса, сын-ұсыныспен қатар, өзекті мәселелер де көтеріледі. Қалай десек те, сөз барымтасының халыққа берер пайдасы көл-көсір. Дей тұрғанымен, соңғы уақытта «көп шайнаған қазының дәмі кетеді» деген пікірді айтушылардың қатары артып келеді. Бұл халық айтыстан жалықты немесе айтыскерлер халықты жалықтырып алды деген сөз емес. Тек үсті-үстіне ұйымдастырылған айтыстар шала пісіп, кісі шашалтатын бәлішті біздің көз алдымызға әкелетіндей...

Айтыстардың қайталануы – «айтқыштардың» майдалануы шығар. Олай деуге себеп, бас бәйге, жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарынан өзге, қатысушы барлық ақындарға да ақшалай сыйлық беріліп жатады. Әлбетте, жүлдені сұрап алу болса да, шаппай алу жоқ. Бір айтысты бітіре сала екіншісіне аттанған ақынның алдыңғы сөзінің орнын ауыстырып, келістіре салуы заңды да шығар. Уақыттың тығыздығы мен жүлденің жүз көрсетуі ұятты аз уақытқа ұмыта тұрып, талғампаз тыңдарманға «жобасы бар жырын» ұсынуына әкеліп соқтыратыны анық. Бұл мәселеге келгенде басыбайлы біреуді кінәлі деу дұрыс емес. Айғайлау мен үнсіз қалудың да қажеті шамалы. «Түйін қалай түйілді?» дегеннен гөрі, «оны қалай шешу керек» дегенге жауап іздеген жөн. Сонымен, қайталама айтысты қалай қойдыруға болады?

Ең бірінші, үлкенді-кішілі айтыстардың видеонұсқасы бұқараға тегіс жетуі тиіс. Тікелей эфирден көрсетілсе де еш артықтық етпейді. Екіншіден, айтыстың бәрі аудионұсқада жазылып, радиолардан таратылуы керек. Үшіншіден, ұйымдастырушылар әр айтыстың жазбаша нұсқасын жасап, кітапша ретінде халыққа ұсынса деген ойымыз бар. Осы үш ұсыныс бір мезетте қолдау тапса, бас салып жаттанды сөзін басқа жерде де «бұрқырататындар» сәл де болса аяғын тартады. Немесе киелі өнердің киесіне ұшырамай тұрғанда айтыстан біржола қол үзуге қамданар ма еді!?

Осы мәселе турасында Сыр бойының 3 айтыс ақынынан пікір алған едік. Жас ақын Бекжан Ержігіт өз ойымен ашық бөліссе, ортаңғы буыннан Мұхтар Ниязов айтыстағы секілді айтарынан аянып қалмады. Ал, аға буыннан Кенжебай Жүсіпов салмақты пікір білдірді.

Рыскелді  ЖАХМАН


 

 

Сіз не дейсіз?

Бекжан ЕРЖІГІТ,

айтыскер ақын:

- Жалпы, айтыста бір айтқанды екінші жерде қайталауға қарсымын. Аллаға шүкір, қазір сөз додасына бөлінетін қаражат аз емес. Сондықтан, кез келген ақын қошеметпен беретін сыйды адалдан алуы керек. Кейінгі жас буын ақсүйек өнерімізге кір келтіретін мұндай олқылықтарға жол бермейміз деп үміттенемін. Жастар бұл әдеттен өздерін аулақ ұстаса, қазақ айтысының келешегі жарқын, еңсесі биік болады. Ой қайталау, сөз қайталау жиі кездеседі, бірақ, түгел бір шумақты қайталау – алып бәйтеректің тамырына балта шапқанмен бірдей. Мен мұнда жалпы қазақ айтысын айтып отырмын. Сырдағы ақындардан мұны жиі кездестірмейміз. «Ақындық – ардың ісі» болғандықтан, бұ қызметті де тазалықпен, адалдықпен атқару керек. Ал, жаттағанды қайталап айтып жүлде алу тазалыққа жатпайды.

Әлбетте, жастар аға буынға қарап сап түзейді ғой, сол кісілердің қолдауынан, ескертуінен сөзімізге де, өзімізге де қарайлаймыз. Меніңше, сөзді қайталап айтқан емес, ел көкейіндегі ойды айтқан орынды.


 

Мұхтар НИЯЗОВ,

«Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы, айтыскер ақын:

- Қазіргі айтыстың экраннан берілмеуі – басты мәселе. Жалпы, сөздің қайталануы айтыста бар. Бірақ, эфир мұны түбегейлі шешпейді. Яғни, арналар айтыстың мәтінін ешқашан толық бермейді. Бәрін айтпаймын, десе де жастардың арасында сөз қайталаушылық, жеңіл жолмен танылушылық кездеседі. Өлеңнің ішкі иіріміне, астарына үңілетін ақындар бізде саусақпен санарлық ғана шығар. Сол себептен, бір қарағанда айтыс, сөз көбейіп кеткен сияқты көрінеді. Ұмытпайық, алтын ешқашан үйіліп жатпайды. Меніңше, жақсы өлең, жақсы өнер халықты бейжай қалдырмайды. Ал, жалықтыра бастаса, онда қымызға су араласа бастады дей беріңіз.

Дәл қазір айтыстан айырылып қалуға болмайды. Бойымызға көшпенділердің гуманитарлық ойларын, ақылдарын алып, осы отырықшы халықтардың санасына сіңіру арқылы біздің жаңа өмірге бейімделген технократтық өмірді қалыптастырғымыз келіп жатыр. Бұл жолда айтыс сияқты халықтың жүрегінің түбіндегі иірімдеріне сай түсетін өнердің түрі жоқ. Өйткені, оны 8-9 сағаттап көретін жұртшылық әншейіннен-әншейін отырған жоқ. Олардан «Неге қызығып отырсың?» деп сұрасаң, сезіне алғанымен, толық жауап бере алмауы мүмкін. Халық пен айтыстың байланысын үзсек, көзі бақырайған маргинал болып қаламыз. Айтысты терек деп алсақ, оның қисық өскен бұтақтарын кесіп, жуандатып, биіктету бір басқа да, оны түбінен кесу бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, әлгі бұтақтарға бола, теректі кесіп тастауға болмайды. «Күнді алақанмен жаба алмайсың» деген секілді, айтыс деген азат, биік өнер ғой.


 

Кенжебай ЖҮСІПОВ,

ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын:

- 80-90-жылдары айтыс қолға алына бастаған уақытта «қағазға қарап айтысу» деген болған дейді. Бұл айтысты жолға қою үшін, қазіргідей мәртебеге жеткізу үшін жасалған әдіс еді. Уақыт өте келе оның дұрыс емес екені анық білінді, есесіне айтыс жақсы көріне алды, ауқымы да кеңейе түсті. Сол секілді, бір айтқанын екінші жерде қайталау дұрыс дей алмаймын. Бірақ, мұның өзі уақытша нәрсе болмақ. Жас айтыскерлерге ескерту керек, кейін өздері де түсінеді.

Қазір әлеуметтік желілердің дамыған заманы ғой, сондықтан сақа ақындар, бабында жүрген ақындар қайталауға бара бермейді деп ойлаймын. Ал, айтыс сахнасында енді-енді төбе көрсетіп жүрген ақындар бұл қадамға үлкен додаға дайын болмауынан, өзін жақсы жағынан көрсету үшін баратын болуы керек. Көктемде күнге қызып, құмның арасынан қылтиып шығып келе жатқан шөпті алақанмен сипасаң, тамырынан ажырап, қайта өсе алмайды ғой. Сол секілді, кейбір таланттарды «сен қайталадың!» деу арқылы өшіріп алуымыз мүмкін.

Меніңше, бүгінгі айтыстағы басты мәселе мұндағы қыз балалардың аздығы болып отыр. Поэзияда жақсы жағынан көрініп жүргендер бар. Демек, домбыра тарту мүлдем төмендеп бара жатыр. Осыған жете мән беру қажет.

 


БАСПАНАҒА ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.03.2019 08:50

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің кей өңірлерінде билікке көпбалалы аналардың талап-тілектері айтылды.

Елдегі әлеуметтік ахуалдың қалыпқа түспегенін көпбалалы аналардың ашынуы-ақ дәлелдеп бергендей. Басым көпшілігінің емес, барлығының да басты мәселесі – баспана. Қуықтай бөлмелерді қақаған қыс пен қайнаған жазда жалдап тұратын көпбалалы аналардың ахуалына бұған дейін бас қатырып келген адам болмады.

- Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады, тек заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілген соң, - деді премьер-министр А.Мамин бүрсігүні өткен Үкімет сағатында.

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылы бюджетті нақтылау аясында көпбалалы отбасыларға арендалық тұрғын үйді салуға және алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу тапсырылған. Жалпы, бұл – 7 жыл ішінде 350 млрд теңгеге 40 мыңнан астам пәтер табысталады деген сөз. Бұл көпбалалы отбасыларды жыл сайын 6 мың пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кей отбасыларға тұрғын үй сертификаты беріледі.

- Сертификаттар – ең көп дегенде 1 млн теңгені құрайтын жаңа тетік, ол жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай беріледі. Жалпы республика бойынша баспана алуға халықтың әлеуметтік осал тобының қатарынан кезекте 280 мыңға жуық адам тұр. Олардың 61 мыңы – жетім балалар, 104 мыңнан астамы – толық емес және 28 мыңнан астамы көпбалалы отбасылар. Сәуірде бюджет бекітіліп, мамырда үй беріле бастайды, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет алаңындағы баспасөз конференциясында.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Л.Ибрагимованың айтуынша, басты мақсат баспанамен қамту болғандықтан, бұл мәселе әр отбасының төлем қабілетіне байланысты шешіледі. Егер табысы жоғары болса, онда аталған бағдарламаға қатыса алмайды. Шектеу – отбасының бір мүшесіне 42,5 мың теңге және екіншісі – жекеменшік баспананың болмауы. Аталған бағдарламаға қатысатындардың бәрі қазіргі таңда баспана жалдап тұратын, өз басында үйі жоқ адамдар болуы – басты талап.

Әркім өз күнін көріп, нәпақасына алған несібесін аузына жеткізгеніне қуанып жүрген аз қамтылған әлеуметтік топтың да бүйірі тоятын кез туарына күмән жоқ. Қазақтың «Қатын ашуланса, қазан қайнатар» деген тәмсілінің төркініне үңілуге мәжбүр еткен аналар жанайқайы министрлер кабинетінің ауысып, жаңарған қалпында шешілгелі тұр.

Н.ҚАЗИ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары