Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 67 |
![]() | Кеше | 2502 |
![]() | Осы аптада | 2569 |
![]() | Өткен аптада | 18980 |
![]() | Осы айда | 60880 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5153417 |
ОТБАСЫМНАН КЕТСЕМ, ОТАНЫМА КЕЛДІМ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 11:50 |
Қалилан МҰРАТХАН, студент: Иә, тұғыры биік тәуелсіз елдің топырағында аунап, таза ауасымен дем алғанға не жетсін!? Осы бір бейбіт елдің көгінде жарқыраған күні, жерінде ойнақтаған тұлпары, адамға айқара құшақ ашқан көкпеңбек аспаны мен көгілдір теңізі, ұшқан құсы, жүгірген аңы мен жүзген балығы, бәрі-бәрі ыстық. Осы бір «Отан» деген қадірлі де қастерлі сөздің әр әрпі баға жетпес байлық секілді.
- Қалилан, әңгімемізді балалық шаққа саяхат жасаумен бастасақ... - Мен 1998 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Санжы облысы, Шонжы ауданы, Шөрін қазақ ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым ауылда өсті, содан соң жеті жылдықтан бастап қалаға оқуға кеттім. Балалық шақта бала боп көп ойнамадым. Көбіне атамның жанында жүрдім. Атамның мағыналы да мәнді әңгімелерімен сусындап, балалық шақтың даналық шаққа айналғанын да білмей қалыппын. - «Күле білу – сүннет» деп жатады ғой, алайда күліп жүретін жанның да жанарында мұң, көңілінде кірбің болатыны анық. Ал сіз қиыншылықты қалай еңсердіңіз? - «Еш мұңым жоқ» деп айтқан бірде-бір адамды көрмедім, кезіктірмедім. Біреудің басы, екінші біреудің аяғы, кейбірінің жаны ауырады. Немесе ата-анасы ажырасады, тумасы қайтыс болады дегендей. Ал, оның бәрін кездеспеді деу күлкілі, мынауысы нақты болды ғой деу де мүмкін емес. - «Адам мына өмірде екі нәрседен қателеспеуі тиіс» дейді. Соның бірі – мамандық таңдау. Сіз бұл жолда қателеспеген боларсыз. Жалпы, журналистика қажет ететін қасиеттер қандай? - Ақиқатында бұл мамандық ауыр ғой. Журналистика деген мамандыққа нағыз ер-азаматтың жауырыны ғана шыдайтындай мықтылық керек. Дей тұрғанмен де жүрегіндегі ақиқаттың ақ туын кірлетпеген, шындықтың шымылдығын жаппаған адамға бұл жол жеңіл болатыны да даусыз. Расында, бұл мамандық тазалықты, шынайлықты, мүлайымдылықты, мейірбандықты, қатаңдық пен тура жолды қажет ететін мамандық ғой. - Ата-анаңыз, бауырларыңыз жайлы сыр шертсеңіз. Отбасында кімге жақынсыз? - Енді отбасы – әр адамның қазынасы. Иә, енді үйден кеткенімізге екі жылдай болды, ата-анамыз сол жақта. Бір отбасымнан кеткеніммен, екінші отбасыма келдім. Отбасымнан кетсем, Отаныма келдім. Аллаға шүкір, бізге жағдайды берді ғой. Өз алдына тәуелсіз елі жоқ, жері жоқ қаншама ұлт бар. Кімді паналарын білмей, отаным деп айтар жапырақтай жер таба алмай қаншама ұлт жүр? Оған қарағанда біздер бақыттымыз! Әрине, отбасының жан жылуы деген өте қажетті дүние екені рас, бірақ отбасының жан жылуынан айырылып қалдым деп қалған мен жоқ. - Қазіргі қоғам, бүгінгінің адамдары туралы қандай ойдасыз? - Қазір «Рухани жаңғыру» деген ұлы үрдіспен кетіп бара жатқан елміз. Бірақ, жаңғыруымыз да, дамуымыз да, серпілуіміз де, оянуымыз да бәрі-бәрі өте баяу болуда. Мұны өз басын ғана ойлаған үкіметтің әдейі жоспарлаған жаман ойы, не болмаса 70 жылдық құлдық диктатураның бізге салған ойраны десек те, батыстың әкеп берген былық-шылығының кесірі десек те, біз бәрінің зардабын тартып жүрміз. Ал, халық сол сұрқиялықты көзімен көріп, құлағымен естіп, көзі жетіп тұрса да әлі шыдап келеді . - Иә, рас. Бұл біздегі жайт ғой. Ал, Қытайдағы қазақтарда қандай мәселе бар? - Енді Қытайдағы мәселені өзің білесің, қазіргі ол жақтағы қазақтарға, түріктілдес ұлттарға, ислам дініне сенетін ұлттарға қысым қатты. Және де олардың Қытай компартиясының жеке өзінің мақсатында сол ұлттарды құртуға құрған жоспарлары ашық та әшкере орындалып жатыр. Тағы бір ауқымды мәселе бар. Сол жақтағы тұрғындарымыздың діні мен тіліне шектеу, тосқауыл қойыла бастады. Бұл үрдіс соңғы екі жыл көлемінде тереңдеп барады. - Қазақылықты сақтап қалуыңызға не себеп? - Қытайдағы қазақтар қазақылықты түгелімен сақтады, «олай жасады, бұлай жасады» деген сөз емес ғой. Ол ең бірінші – отбасылық тәрбиеден. Мен өзім атамның қолында өстім, ол жақтағы ақ баталы ақсақалдар мен ақ самайлы аналардың бойында қазақылық тұнып тұр. Барлығы бірдей әдеп пен ибаға баулиды. Мен атамның баласы болғандықтан, үнемі той-томалаққа ертеді, үлкен кісілердің әңгімелерін тыңдатады. Содан шығар, өрісіміздің кең, ойымыздың анық болғаны. Қазір ондай қарттарымыз сиреп барады. Бұдан 10-15 жыл бұрын қарттардың дәуірі еді. Үлкендер өте сыйлы болды, дау-дамайға билік айтты. - Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлдана АСАНЖАНОВА, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті
Сұхбаттан кейінгі ой. Иә, жырақта жүріп бар арман-тілектері елін көркейту болған жалынды жастардың көптігі бізді қуантады. Бүгінгі сұхбат «Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?» деп ұрандаған жанмен өтті. Біз таныған Қалиланның мақсаты – айқын, бағыты – бекем. |
«АРБА МАҒАН МҮМКІНДІК СЫЙЛАДЫ» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 11:38 |
Диана Смағұлова: Диана Смағұлова 1988 жылы 22 қыркүйекте Қарағанды облысында дүниеге келген. «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Өнерпаздар» тобының мүшесі. Оның өмірге құштарлығы кез келген адамның орнынан тұрып, іске белсене кірісіп кетуіне себеп бола алады. Өмірдің сынағын «мен өзгелерден мықты болған соң Алла маған беріп тұр» деп қабылдайды. Парабиші. Республикалық «Жүрек жылуы» конкурсының 2019 жылғы жеңімпазы.
- Диана, әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасақ... - Менің кіндік қаным тамған жер – Қарағанды облысы. Ата-анамнан ерте айырылып, туысқан әпкемнің қолында өстім. Мектеп бітірдім, оқуға түстім, тұрмысқа шықтым. Ел қатарлы қалыпты өмір сүріп жүріп, бір-ақ сәтте осы күйге түскенімді аңғармай қалдым. Бұл жақта жидек теру маусымы деген болады екен. Көрші үйдегілер жиде теріп жатыр екен, соған қызығып, бардым. Сатыға мініп, ұзын ағашпен қаққан кезде жерге түседі. Солтүстік жақта ондайды көрмеген соң қызықтым ба, әлде тағдырым ба, қоярда-қоймай, ағашты сұрап алып, сілтегенім сол еді, ағашқа әлім жетпей артқа қарай құлап кеттім. Сол оқиғада омыртқам сынып кетті. Содан бері арбаға таңулымын. Бірақ менің мүмкіндігім шектеулі деп айта алмаймын, қайта осы арба маған барлық қырымды көрсетіп, барлық мүмкіндікті сыйлады. Бұл 2014 жылдың қарашасы болатын. Бір жағынан алып қарасаң, ақымақтық, бірақ тағдыр. Осы күннен бастап менің өмірім түбегейлі өзгерді. Ол кезде менде арба да жоқ. «Кому что» газетіне «Сыйға арба аламын» деп хабарландыру бердім. Содан бастап маған хабарласушылар да, қол ұшын созушылар да көбейіп, елдің көмегі тиді. Өзім де алға ұмтылып, дәл осы қалпыммен қызым үшін өмір сүруге талпындым. - Дәл қазір республикалық парабишілерге арналған Қызылорда облысының кубогіне әзірлік үстінде екенсіз. Бимен айналысқаныңызға қанша уақыт болды? - Негізі кішкентайымнан ән айтатынмын. Балалықпен Тәттімбет секілді мықты күйші болсам екен деп армандайтынмын. Енді дәл сол дәрежеге жетпесем де бойымдағы талантты шыңдап, вокалмен айналысып жүрмін, бимен шұғылданамын. Би – менің хоббиім. Арбамен билеу – ол спортпен айналысу деген сөз. Ән айтудан түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Бұл жеңістерім мен жетістіктерім менің өмірге құлшынысымды одан әрі оятты. Жан-жағыма позитивті көзқараспен қараймын. Өзімнің жан-жақты мүмкіндігімнің кең, әнге де, биге де икемімнің бар екендігін аңғарып, арбамен биге қатыстым. Небәрі 1,5 жыл ішінде Алматы, Астана қалаларындағы жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға іліктім. Ағымдағы жылы Алматыда ҚР параби чемпионатында күміс, қола жүлделерге ие болдым. Республикалық «Жүрек жылуы» конкурсының 2019 жылғы жеңімпазы атандым. - Сіздің байқау алдындағы дайындығыңыз қалай өтеді? - Менің дайындығым – үйіме жақын орналасқан караоке-барларда өтеді. Барып, алдын ала келісіп, кеш батқаннан түннің ортасына дейін сол жерде отырып ән айту – мен үшін дайындық. Ал парабиге келсек, ең бірінші болып «Ерекше» би тобын құрған – Ольга Чебакова. Осы Қызылордада тұрады, еріктілер қатарында. Мені биге үйреткен де осы маман. Тіпті 2018 жылы Ресейдегі жастар жылына байланысты өткен бір апталық оқуға да апарды. Әлемнің 121 мемлекетінен келген адамдардың ішінде болып, Ресей президенті В.Путинмен кездестім. Кім ойлаған мені Мәскеуге барып, президентімен кездеседі деп. Менің әрбір жетістігіме себепші, менің рухани дамуыма үлкен септігін тигізген де – Ольга. - Туған өлкеңізден жырақтап, Қызылорда облысында қалуыңызға не себеп болды? - Менің арбам себепші болды деп айта аламын. Бір жағынан, елдің сөзіне қалып, маған аяушылық танытқанын қаламаймын. Бәлкім, несібем осы елден бұйырып тұрған шығар. Туған-туыстарым да жиі шақырады. Баруға жиналамын да, жеме-жемге келгенде қамшы сілтей алмаймын. Болашақта баратыныма сенімдімін. Кіндік қаным тамған жерімді сағынамын, жылаймын, назданамын. Арбамен баруға намысым жібермейді. Маған Қызылорда халқының мейірімділігі ұнайды. Бастысы, мен бақыттымын! Осы уақытты бағалаймын. - Жастар жылынан не күтесіз? - Ол туралы айта алмаймын. - Арманыңыз бар ма? - Кейбіреулер бұл сұраққа «арбадан тұрып кетсем...», «1 миллион теңгем болса, Түркияға барсам...» деп жауап беруі мүмкін. Ал менде бір-ақ арман бар. Қызыма жетімдікті көрсетпей, өзім өсіріп, құтты орнына қондырып, немере сүю. - Уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Әңгімелескен Н.ҚАЗИ |
КЕШ КЕЛГЕН БАҚЫТ (Болған оқиға ізімен) |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 11:35 |
- Менің бүгін келіншек әкелетін күнім, мына ақшаны ал да, баланы алып таста, мені мазалаушы болма, - деп есіктен жұлқынып шығып кетті. «Сол есікпен бірге менің жүрегімнің дүрсілі мәңгі тоқтап қалса екен» деп тіледім. Жоқ, кеудеңде жаның барда тірі адам тіршілігін жасау керек екен. Сол кеткеннен Ерлан молынан кетті. «Келер, перзенті үшін ойланар, қатесін түсінер» деген менің алдамшы үмітім жалғанбайтын сыңайлы. Мұңымды кімге шағарымды да білмеймін, сырласар ешкімім де жоқ. Ауруханадан құр сүлдері сүйегімді сүйретіп, ауылға қайттым. Анама айтудың орайын таппай аурухана мен үйдің ортасында әкеме қатынап жүріп, екі ай уақытымды өткізіп алыппын. Ерланнан ешқандай хабар болмаған соң, анама айтуға бетім жоқ, ақыры баланы алдыруға шешім қабылдап, қалаға аттандым. «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады» демекші, дәрігер жүктілік мерзімі асып кеткенін, екіншіден, құрсаққа біткен алғашқы шарананы алдыртқан соң, бала сүйе алмау қаупі барын ескертті. Ал мен салым суға кетіп ауылға қайттым. Осындай сүреңсіз бір күндерде шешем менің жай-күйімді біліп, тірлігімнің әшкересі шықты. Менің басымдағы жағдай жайлы шындық ашылғаннан кейін үйдегі жалғыз қыз екеніме қарамай, шешем ойбайлап жылап, әкем қаһарына мініп үйден қуып шықты. Осылай жүрген жігітім мені баламмен тастап кетсе, әке-шешем үйден қуып шығып, далада қалдым. Барар жерім, басар тауым жоқ. Бауырым да әскерде. Қалаға жетіп, жұмыс іздедім. Қара кешке дейін қаланы жаяу шарлап, кеш бата бір тойханадан жұмыс таптым. Жалақысы байып кетпесем де өз күнімді көруге жететін, сөйтіп ыдыс жуушы болып орналастым. Банкеттен кейінгі үйілген ыдыстарды жуып, сілем тастай қатып, жұмысымды аяқтап, қайтуға беттедім. Бірақ қайда барамын, баратын панам жоқ, күн жып-жылы, жаз айы болған соң теміржол вокзалына тарттым. Басқа менің түнер жерім жоқ болатын. Осылай қара түнді жамылып, көзімді ілместен таңды атырдым. Ендігі күнім не болмақ? Қайда барамын? Жаратқаннан қандай күнәм үшін жазалап жатыр екенсің деп көз жасымды көлдетіп жылай бердім. Таңертең жұмысыма бардым. Осылай жұмыстан соң екі-үш күн далада сенделіп жүрдім. Жұмысымның тиянақтылығына риза болды ма, әйтеуір бастығым шақыртты. - Айгүл, кел, отыр! Неше күннен бері байқап жүрмін, жұмысыңды өте тиянақты орындайды екенсің, маған өзіңдей адал қызметкерлер керек. Мекенжайың қай жерде? Егер қаласаң, екінші жұмысқа осы тойханаға тазалаушы етіп алайын. Қарап отырсам, ауылдың қызына ұқсайсың, ақша ешқашан артықтық етпейді ғой, - деп жылы сөйлеген Ләззат апаның жүзіне тіке қарай алмай жылап жібердім. Ол да түсінбей, менің қасыма келіп жұбатып әлек. Дір-дір етіп, ұзаққа дейін өз-өзіме келе алмай, өксігімді баса алмай ұзақ жыладым. - Қарағым, мен де анамын, көзіңде мұң бар, - дегенде шыдай алмай басымдағы бар өткен жағдайымды жайып салдым. Ләззат Ахметова өте жақсы адам екен, оның маған көп көмегі тиді. Тойхананың ішінен бір бөлмені босатып берді. Босанатын уақытым да жетті. Жығылғанға – жұдырық демекші, қамқоршыма айналған Ләззат апа күйеуінің қызмет бабымен басқа қалаға көшіп кетті. Ал босануға жақындап отырған мені ешкім жұмысқа қабылдаған жоқ. Жиған-терген ақшамның түбі көріне бастады. Жексенбі күні таң ата аман-есен қыз босандым. Перзентханадан шоқ гүлмен, қуанышқа толы шаттықпен күтіп алатын ешкім де жоқ, қызымды құндақтап, жалдамалы пәтеріме келдім. Бірде аш, бірде тоқ, екі айым өте шықты. Бала қарауда еш тәжірибем жоқ, менің жаным уақытқа бағынышты, әрбір минутым шүберекке түюлі еді. Пәтерақы төлей алмай отырғанымда біреу есік қақты. Аң-таң болып аштым. Ойымда «мені іздеген кім екен?» деген сұрақ. Есікті ашқанда өз көзіме өзім сенбедім. Қарсы алдымда Ерлан тұр. Ішімнен қуанышым қойныма сыймай тұр. Бар ойым қиналғанымды Алла тағала көріп, мені тығырықтан алып шығуға жіберген періштедей сезініп, Аллаға шүкір айттым. Бірақ ішкі толқынысымды сыртқа шығармадым. «Көп жері маған ұқсайды екен» деді. Ал мен тұрайын дегенде, тіл-аузым байланып, сөз айтуға шамам келмеді. Қалай келді, солай кетті. Осы жағдайдан соң оған деген үмітім үзіліп, сенімім сөнді. Ең болмағанда пәтерақымды төлеп берсе де қызымыз екеумізге үлкен көмек болар еді. Осындай мейірімсіз адаммен бұрын қалай өмір сүргеніме таңғалдым. Тым құрығанда біздің жағдайымыздың қалай екеніне басын да ауыртқан жоқ. Айуан екеш айуан да өз баласынан жерімейді ғой. Сонымен не ішерге ас, не пәтерге төлейтін ақша жоқ, қызымды да жарытып емізе алмадым. Қақаған қыста қожайыным қақсатып, далада қалдырды. Көз жасым көл болып, қайда барарымды білмей, құндақтаған қызымды құшақтап, сол баяғы вокзалға бардым. Кешке дейін сол жердегі көпқабатты үйлердің ішінде күнелттім. Аяқ-қолым талып, бет-аузым іскен күйімде баламды әрі-бері алып жүрген менің артымнан біреу түрткенде қорқып кеттім. Балам жылай берген соң тұрғындардың мазасын алып, табаныңды жалтырат деп айтқалы тұрған біреу екен деп, жалт қарасам, орыс кемпірі тұр. Баламен тоңып қалғанымды айттым. Үйіне кіргізген сәттегі жай-күйімді айтып жеткізу мүмкін емес. Көзімнен аққан жасқа ие бола алмай, жылай бердім. Наташа – жалғыз тұратын кемпір. Мені үйіне кіргізгенде анамның құшағына енгендей күй кештім. Күйеуінің қайтқанына бір жыл болған ол қайғыны көтере алмай ішімдікке салынған екен. Көз жасымды көлдетіп, жайғасып болған соң үйді ретке келтіруге кірістім. Үйдің іші адам көргісіз, әр жерде босаған шөлмек, көптен жиналмағаны көрініп тұр. Үйдің ішін қағып-сілкіп, жинап, жуып, өзімнің иығымнан жүк түскендей рақаттанып бір демалдым. Паналайтын жер тапқаныммен, күнкөріс жағы қиындай түсті. Бала сүтке жарымайды, қосымша сүт алатын ақша жоқ, оның жаялығы бар, ай сайын алатын бір балаға арналған жәрдемақымен күнелту мүмкін емес. Наташаның өзі секілді бөтелкелестері пайда болғалы үйден де береке кетті. Ішімдіктің соңы айғай-шу төбелеспен аяқталған күндерде қорқыныштан жанымды шүберекке түйіп жүрдім. Қызыма біреуінің зияны тиіп кете ме, не болмаса өзіме тиісе ме деп иман жанымды үйіріп, таңды атыратын күйді кештім. Наташа ашықтан-ашық менен ақша талап етуге көшті. Жұмыс істейін десем, баламды бағатын ешкім жоқ, қызым үш айлық, сеніп тапсыратын да ешкімім жоқ, қандай шешімге келерімді білмей, басым қатты. (Кейіпкерлердің есімдері өзгертілген) (Басы газеттің 14 наурыздағы №10 санында. Жалғасы бар.)
Гүлмира МОЛДАХОЖАЕВА |
Қазалы келбеттеніп келеді |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 11:10 |
Халықтың тұрмыс-тіршілігінің қаншалықты деңгейде екенін салынған құрылыс нысандарынан аңғару қиынға соқпайды. Бүгінгі таңда Қазалы ауданында бұл бағытта атқарылған шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан орталығы Әйтеке би кентінің ауқымы ұлғайып, көріктене түскен. Кең көшелер, сәулетті нысандар, әсем үйлерді көргенде өзіңді бейне ірі қалада жүргендей сезінесің. Ал, мұндай ғимараттар кейбір өзге өңірлердегі аудан, ауылдарда көп кездесе бермейтіні жалған емес. Алайда бұл Қазалыда бәрі жіптіктей деген сөз емес. Межеленген жоспарлар, шешімін күткен шаруа да кездеседі.
Бір сәт нақты дерекке жүгінсек. 2018 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд 516 млн теңгені құраған, яғни көрсеткіші – 153 пайыз деген сөз. Жұмысы жүргізілген 25 нысанның 19-ы пайдалануға беріліпті. Олардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 300 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешені бар. Оған қоса, «Қарлан» учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісі, кент пен қала аралығындағы, 5-кварталда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Сондай-ақ, құрылысы басталған мекемелер үйінің ғимараты, мәдениет үйі, 18 пәтерлі көпқабатты үйлер, Қазалы қаласындағы – 180, кенттегі 210 гектар жер учаскелерін электрмен қамту, газбен жабдықтау, ауызсу апару жұмыстары жалғасын тапса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Жанкент ауылынан дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.
Өткен жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген №276 жаңа мектеп озық технологиямен қамтылған. Оқу сыныптары, спорт залы, кітапхана, мәжіліс залы, асхана, медициналық кабинет, әкімшілік және мұғалімдер бөлмесі бар мектепте шәкірттер бойына сапалы білім, тағылымды тәрбие сіңіру көзделген. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалы ауданында бірқатар сәулеттік нысандар бой көтеріп, іске қосылды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың ауданға кезекті іссапары кезінде Әйтеке би ескерткіші, Рәміздер алаңы ашылып, Ақтан батыр ауылындағы абаттандыру жұмыстары көпшілікке көрсетілді. Аудан орталығын кеңейту мақсатында жасалып жатқан игілікті істерді күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Оларды жүзеге асыруға ел қазынасынан биыл 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы аралықтан жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін жоспарланған жер учаскесі белгіленген. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы автокөлік жолдары қайта жаңартылып, жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
Жұмабек Табынбаев, Қазалы ауданы |
Ел сенген Элизабет |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
18.04.2019 10:50 |
...«Мұз айдыны» спорт кешеніндегі көрініске қайран қалуға болады. Журналистер жапа-тармағай қаршадай қызды қоршап алған. Мұз үстіне өрнек салған, мұз үстінде ойнақ салған сырбойылық спортшының сұлу спорт саналатын сүйікті ісі сырғанауды абыроймен аяқтағаны жаңа ғана. Екпіні қатты болған соң ба, ентігіп-ақ тұр. Жүзі мен жанарында жылылық бар, қуанышты екені езуінің еріксіз екі жаққа «ентелегенінен» байқалады. Қызылордадағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» республикалық ашық турнирі өтті. Біз бейнелеген көрініс соның салтанатты ашылуындағы жайт еді. - Мен өте қуаныштымын! Тіпті, не дерімді де білмеймін. Турнирге мұнша көп спортшы қатысады деп ойламадым. Шынында ризамын! Мені қолдап келгендеріңіз үшін көп рақмет! Бұл маған мотивация береді, - деді чемпион. Екі күнге созылған жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры Мұрат Мұстафаев және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов қатысты. - Мәнерлеп сырғанау – спорттың ең әдемі түрі. Бұл жерде нәзіктік, ерекше дарын, шеберлік қажет. Біздің елде аталған спорттың дамуына жағдай жасалған. Осы күні 50-ден аса жас өздерін Элизабеттің ізбасарлары санап, мәнерлеп сырғанауға машықтануда. Бүгінгі шараның қатысушыларының көптігі осының айғағы, - деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов. Жарыстың салтанатты ашылуында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, мерекелік көңіл күй сыйласа, Элизабет Тұрсынбаева және былтырғы жылғы «Көктем жұлдыздары» республикалық турнирінің жеңімпазы, қызылордалық Темірлан Якияев көрсетілім қойды. Шара барысында «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры Мұрат Мұстафаев та Элизабет Тұрсынбаеваға жүрекжарды лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. - Мұндай сайыстың маңызы зор. Талантты жастарды талаптандырады, биікке қанаттандырады. Элизабет қарындасымызға қолдау толастамақ емес. Оның әлі де алар асуы алда. Ал, бүгінгі сайыстың қатысушыларына сәттілік тілеймін, - деді ол өз сөзінде. Сайысқа Өзбекстаннан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан 8 команда, 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысты. «Көктем жұлдыздары» турнирі жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда. Турнир алдында ғана Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаевамен кездесіп, оны Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтаған болатын. Естеріңізге сала кетейік, Элизабеттің Әлем чемпионатында көрсеткен өнері әлем үшін елеулі құбылыс болып танылған еді. Тұңғыш рет қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жеңіс тұғырынан көрініп, күміс медаль жеңіп алды және әлемдік тарихта бірінші рет төрт айналымдық «сальховты» қатесіз орындады. - Біз мұз айдыны спорт кешенін салдық және бұл кешенге Сыр жастары жаңа спорт түрлерін игеруге қуана-қуана барады. Мен осы орталықта болашақта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін. Аймағымызда егемен еліміздің атағын әлемге әйгілі ететін мәнерлеп сырғанаушы чемпиондардың тұтас шоғыры болсын! Элизабет, сенің есімің бүкіл әлемге танымал болуына тілектеспін, - деді аймақ басшысы. Өңірдің спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Элизабет Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталды және оған 2 млн теңгенің сертификаты табысталды. Өз кезегінде Элизабеттің ата-анасы облыс әкіміне және Сыр жұртшылығына қыздарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. - Мен үшін ата-анам мен жаттықтырушыларымның көмегі ерекше рөл атқарды. Әрине, маған көрсеткен Сіздің қолдауыңыз бен жерлестерімнің сенімі өте маңызды. Сіздерге алғыс айтамын, бұл – біздің ортақ жеңісіміз, - деді Элизабет Байтаққызы. Үсті-үстіне қабаттасқан шаралардың кезектісі мынау болды. Элизабет Тұрсынбаева жергілікті «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, қолдау білдірді. Тарихты түрлендірген мақтанышымызға футболшылар алдағы мансабына сәттілік тілеп, өзінің сүйікті таңбасы көрсетілген жейдені естелікке ұсынды. Рыскелді ЖАХМАН |
ЖАЗУШЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 10:25 |
Шәріп ауылда жатып алып бұрқыратып жазғанды жаны сүйеді. Күн сайын сөреде тұрған «Біздің көше кең», «Токқа түссең күйесің», «Қос дөңгелек, бір педаль» атты кітаптарына қарап көңілі өсіп, сүйсініп қояды. Қолына қаламын ұстап, бойын шабыт кернеп кеткен кезде бүкіл дүниеден баз кешіп, қатын бала-шағасын шықпыртып бөлмеден қуып шығады. Сонау 1958 жылы салған ескі тамның іші қайбір кең дейсің. Айналдырған төрт бөлме. Кейіпкеріміз ортаншы баласы Николай мен кішісі Қайырғали жататын шеткі бөлмені меншіктеп, өзінің кабинетіне айналдырып алған. Шәріптің шабыты қысқан күні екі ұлы мөлтеңдеп ауызғы үйді паналап жүреді.
- Отағасы, ас ішіп аласыз ба? - Мен саған есікті ұрма деп қашанғы айтамын! Тамақты терезеден әкел! Жұмагүл «Шәріп десе Шәріп екенсің» деп іштей ашуланып, тауықтың сорпасы мен екі тілім нан, бір салаты бар подносын көтерген күйі үйді айналып, мұның терезесінің тұсына таяп келеді. - Балаларға айтып, подносты үстелге бір-ақ жеткізсеңдер қайтеді осы? - деп Шәріп тағы шақарланады. - Ойбай-ау, Никон да, Қайрош та сабақта ғой, – дейді Жұмагүл көзін адырайтып, – жазу, жазу деп шөп басын сындырмайсың, - деп сөз аяғын күмілжітіп бұрқ ете қалады. Шәріп тамағын жалап-жұқтап ішіп алған соң, тағы да бұрқыратып жазуға кіріседі. Қазір бұрынғыдай оқушы дәптеріне емес, А4 форматтағы ақ қағазға сүйкейтін болған. Бұл ауылда ол қағаз да тапшы. Абырой болғанда, Шымкенттегі мемлекеттік университетте тарих пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазір мектепте технология мен валеологиядан сабақ беріп жүрген әйелі Жұмагүл тықпыштап жүріп бұған ақ қағаз тасиды. Ондай қағаз мектеп бойынша тек директор мен завучтың бөлмесінде ғана көп. Ебін тауып елпілдеп жүріп, бірде көрсетіп, бірде бой тасалап, әйтеуір ақ тер, көк терге түсіп апта сайын бума-бума ақ қағазды алып тайып тұрады. Бір жолы директор Сабырәлі осыны байқап қалып қатты ашуланды. - Қабылдау бөлмесіндегі қағаздарға жау тие ме осы? Неге өзінен-өзі жоғала береді? - деді педсоветте үстелді тоқпақтап. Ортаңғы қатарда отырған Жұмагүлдің жүрегі зырқ етсін. - Ашуыма тимеңдер! Ертеңнен бастап камера қойдыртамын, - деп тепсінді сабырсыз Сабырәлі. Содан бері Жұмагүлден маза кетіп, көңілі алаңға толса да қашып-пысып қабылдау бөлмесіне баруын қоймады. Әуелі бұрыш-бұрышты асығыс шолып алады. Сосын қолын сумаңдатып ақ қағаздарды білдіртпей сөмкесіне салады. Мектептің мүлкіне қол сұғып жатырмын-ау деп ойлаған сайын дегбірі қашып, аяқ-қолы қалтырап әрең шығатын. Оның осыншама сынақтың ортасынан жол тауып, бұған қағаз тасып жүргенін білсе де Шәріп тым жайбарақат. - Саспа, қатын! Сен ұрлық жасап жүрген жоқсың! Сен руханиятқа қызмет етіп жүрсің, - дейді шәй үстінде дар-дар етіп. - Руханиятыңды қайдам... ұрлық үстінде ұсталып қап, жұмыстан шығып кетпесек болды, - дейді Жұмагүл сылпылдатып шәйін ішіп отырып. - Жазғандарым бір кітапқа таяп қалды. Жұмыстан шықсаң мен асыраймын, - дейді Шәріп танауын көтеріп. Осы кезде мінез-құлқы есім-сойымен үйлесе қоймайтын ортаншы ұлы Николай ентігіп үйге кіріп келсін. Бұлар ошарыла қарағанша болған жоқ: - Сұрап жатыр! - деді екі қолын екі тізесіне қойып бүктетілген күйі. - Сәлима ма? - деді Жұмагүлдің түрі бұзылып. - Иә! - Айттым ғой... былтыр алған екі жілік еттің ақшасын әлі бере алмай жүрісіміз мынау. Шығар ал кітабыңды, - деген сосын күйеуіне қарап. – Кітаппен ақша табамын деген ақымақ жоқ шығар мына заманда. Шәріп осындай әңгіме айтыла бастағаннан-ақ кесесін алақанымен жауып, ышқырын бір тартып қойып, сыртқа беттейді. Әйткенмен үстел мен ақ қағазға төне түсіп, тынымсыз жазуын доғарған жоқ. Күндіз-түнге қарамай төпелейді. Қаламсабының сиясы таусылып, біраз күннен бері балалардың кеңсе заттарына ауыз салған. Жазушы әкелерінің мінезінен хабардар Николай мен Қайырғали бұл «қылмысқа» аса бейжай қарап, үн шығармайды. Шәріп соңғы уақытта салт-дәстүр, туған өлкенің тарихы, адам санасының жаңғыруы секілді аса ауыр әрі маңызды тақырыптарға қалам тербей бастаған. Бір апта өтті-ау дегенде су жаңа шығармасын конвертке баппен салып, хаттың жиегін тілімен ары-бері жалап тастай қылды да аудандық газетке аттандырып салды. Байқожа Қожабаев басқаратын басылым мұның меселін қайтармай, ертеңіне-ақ жарқ еткізген. Атын атап, абыройын асырып, мақтау сөз де жазыпты. Кешкі шәй үстінде Шәкең мәртебелі дикциямен дауыстай оқып, отбасы мүшелері жаппай қол шапалақтап, өздерінше мәз-мейрам болды да қалды. Арада екі апта өткенде Шәкең келесі туындысын облыстық газеттің мекенжайына қарай жолдап жіберді. Олар аудандық басылым сияқты тым мырзакөңіл емес екен. Қайта-қайта телефон шалдыртып, сұратып жүріп екі-үш ай дегенде әрең басты. Бірақ бас редакторы сондай қатқыл пенде емес сияқты. - Шәке, оқырман көп. Оқырман көп болған соң жазатындар да көп. Сіз секілді қаламгердің белсенділігі бізді қуантады, - деп мұны өзінше демеп қойған болады. Сынағысы келді ме, әлде мақтайын деді ме Шәріп ол жағын аса ажырата алған жоқ. Ажыратуға тырыспады да. Ең бастысы облыстық газетке түрен салғанын аса тарихи жағдайға балап, тынысы кеңіген. Жазудан аздап сергиін деп, бой жазбаққа сыртқа беттесе болды құдайы көршілері Таңқау мен Дәріп кездесе кетеді. - Не істеп жүрсің? - дейді Таңқау мұны бірінші рет көріп тұрғандай таңырқап. - Бой жазып... сергіп... - Әншейінде үйден шықпаушы едің... - Жазушылық серуендеуді, сергуді, бой жазуды талап етеді. Онсыз жұмыс өне ме? - дейді Таңқауға қарап танауын көтеріп. Үшеуі бас қосса болды бір-бір саптыаяқ сыра алады. «Сыр айтқанда болады сыра тәтті» деп Шәріп мақалдатып, жазушылық мақамына салып әңгімесін бастайды. - Осы сен не жазасың? - дейді көршісі. Шәріп сырасын ұрттап, тұщынып отырып, сәл үнсіз қалған соң барып: - Проза, - дейді маңғаз дауыспен. - Әх-әх, менің қатынымның атына ұқсайды, әх-әх, - деп күледі Таңқау езуі көбіктеніп. - Сенің қатыныңның аты кім еді? - Көрші болып тұрып менің қатынымды білмейсің бе? - деп Таңқау әлдеқандай болсын. - Білем ғой... есіме түспей қалды... - Ұят қой... көрші тұрып қатынымның атын білмейсің... - Айтшы енді... құдды Ерке Есмаханның байы сияқты кергідің ғой? - Аты... Пәтима ғой... - Проза мен Пәтиманың қай жері ұқсап тұр, Таңқау көке? - дейді үндемес Дәріп көзін дөңгелетіп. - Екеуі де П-дан басталмай ма? - деп Таңқау екі көршісіне кезек-кезек қарайды. Ондай кезде Шәріп «Сендер тым арзан әңгіме соғасыңдар. Маған әдеби орта керек, ренжімеңдер» деп орнынан кілт көтеріліп, кете барады. - Әй, менің балам да бірдеңе шимайлайды. Соған барсаңшы, - деп Таңқау мұның артынан тарқылдай күледі. Шәріп кезекті рет Николай мен Қайырғалидің бөлмесін тартып алған күні тағы бір тың шығармасын дүниеге әкелді. Бұл жолы тез жазылды. Тілі мен стиліне, жанрына өз көңілі қатты толып, қайталап оқып, әлсін-әлсін толқып кетеді. Сөйтіп, «Шыбындар патшалығы» атты шағын хикаятты аудан мен облыс газетіне жіберуге обалсынып, республикалық газетке бір-ақ жолдаған. Жібергеніне он күн өтсе де аптасына үш рет шығатын газеттен хабар бола қоймады. Үйге газет келген сайын ашқарақтана ақтарып, әр мақала, әр әңгіме, әр тақырыпқа қадала қарап, өз шығармасын, өз аты-жөнін іздейді. Жоқ. Тағы да он күн сырғып өтті. Газетті күткеннен бе ештеңе жазып та жарытпады. Жұмагүлдің де жаны тыншыған. Мектептен ақ қағаз тасып әуре болмайды. Екі ұлы да өз қаламсаптары мен бөлмесін қайтарып алып, еркінсіп қалды. Отбасына еркіндік сыйлағалы тағы он күн сырғып өтіп, ай алмасқан. Газет ләм-мим демеді. Басқа авторлардың шығармалары күн аралатып шығып жатыр, шығып жатыр. Осыдан соң Шәріп өкінуін доғарып, ойлана бастады. Бұған терең астармен қарау керек деп түйсінді. «Олар менің шығармамды ұстаздар мерекесіне орай шығарғалы жатқан ғой. Әдейі соған сақтап отыр. Міне, жазушыны бағалау деген осы. Әншейін, маңызы жоқ күні шығара салса не болғаны» деп ойланды ол. Сөйтіп жүргенде мұның шығармасы мұғалімдер мейрамына жетпей-ақ, қыркүйектің жиырма сегізінде жарқ еткен. Қуануын қуанса да өңі айналып, тақырыбы ауысып, сюжеттері қырқылып, қырық жамау болған шығармасын көріп Шәріп кәдімгідей құлазып қалды. Салып ұрып телефон соғып еді, тұтқаны Құдай оңдағанда әдеби редактор көтере қалғаны. - Бауырым ау, мен секілді білдей жазушының шығармасын көк ала қойдай етіпсің ғой? - Ойбай, көке, сіз әп-әйдік адамсыз ба? Мен мектеп оқушысы ма десем... - Қайдағы оқушы? Өзіндік жазу өрнегім қалыптасқан, жұрт мойындап жүрген Шәріп Тауасқанов деген менмін... - Ә, Шәке... енді... шығармаңыз жап-жақсы екен. Жұп-жұмыр! Мына сөзге Шәкең алақтап, қуанып қалды. Иә, «себебі енді...» деп қостай кеткелі жатыр еді, арғы жақтағы жап-жас дауыс иесі бұдан бұрын сөйлеп үлгерді. - Дегенмен әлі де пісу керек. Жетілу керек. Онсыз болмайды. Болашағыңыз зор қалайда, - деп сөзбұйдаға салып қоя салған. Қызық болғанда шығармасының соңын оқымапты. «Жетіген» ауылынан хат жолдаған Шәріп есімді оқырманымыздың шығармасы көркемдік тұрғыдан әлсіз, әлі де өсуді, жетілуді талап етеді. Мұндай шалажансар шығарма оқырманға ой салмайды. Керісінше, оқырманды қашырады. «Әдеби сын» айдарымен алдағы уақытта осындай шығармаларды өз тарапымыздан өңдеп, ұсынып отырамыз. Бұл біздің жазушылықтан үмітті жазармандарымызға үлкен көмек болары сөзсіз» деп бір-ақ қайырыпты. Жазушымыз ызаланып, ашудан жарыла жаздаған. Сөйтсе бұған жасалған соққы мұнымен де бітпепті. Қырсыққанда осы газетке Таңқаудың тоғызыншыда оқитын баласы да шығарма жолдапты. Редакция оған да осындай сын жазған. Кезекті бір жолыққанында Таңқау: «Балам екеуің оңбай сөз естіпсіңдер ғой» деп езуі көбіктеніп ырқ-ырқ еткен. Үйге келсе Жұмагүл күлген. «Балаңмен жасты баламен бірге қосылып сөгіс алып, «Жетігеннің» абыройын төктіңдер-ау» деп. Бірақ мұндай сынға морт сынатын Шәріп пе? Қатынын бір сыбап алып, әдебиет пәні кітаптарындағы теориялар мен әңгімелерді тағы бір қайыра оқып шықты да, келесі туындысын жазуға кірісіп кетті. Бұл жолы көңілі кәдімгідей мерейленіп, мейманасы тасып отырып жазды. Қаламынан маржандай сөз төгіліп, оқиға желісі де күтпеген бұрылыстарымен автордың өзін тәнті қылып, шытырман оқиғалы хикаяты бас-аяғы жеті күн ішінде әзір болған. «Темірді қызған кезінде соқ» деді де, сиясы кеппеген шығармасын республикалық басылым жариялаған бәйгеге қосты да жіберді. Қызық болғанда, арада жиырма күн өткенде білдей басылымнан шақырту келіпті. Кешкілік Таңқау мен Дәріпті, Николай мен Қайырғалиді, қатынын, көшеден жолай өтіп бара жатқан тағы бірді-екілі адамды жинап алып оқып берді. «Құрметті, Шәріп Тасығанұлы! Сіздің шығармаңыз «Көк алма» республикалық әдеби байқауы қазылар алқасының көңілінен шықты. Қоғамдағы аса маңызды мәселені қозғапсыз. Қордаланған түйткілді жағдайға көркемдік реңк беріп, кейіпкерлердің көзқарасы арқылы ерекше жеткізе білгенсіз. Мұндай шеберлік, мұндай көркемдік шешім сөзсіз, біздің әдебиеттің жемісі болмақ. Сондықтан қазылар алқасы сізге жүлделі орындардың бірін табыстайтын болып шешті. Ол үшін Алматы қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне шақырамыз!» Мына жаңалық арада бес минут өтпей-ақ «Жетіген» ауылының бүкіл үйіне, ойы мен қырына, түкпір-түкпіріне тарады да кетті. Таңқау мен Дәріп «жетістікті өзіміз-ақ жуып берейік» деп Сәлиманың дүкеніне қарай томпаңдаған. «Жұртқа жеккөрінішті болып мектептен қағаз тасыған еңбегім зая кетпепті-ау» деп Жұмагүл жанарына келген жасты орамалының ұшымен іркіп, қуаныштан мұрнын пышылдатып тарта берген. Тіпті ауыл әкімі Сиырбай Суалғановтың өзі құттықтап кіріп шығып, ауыл даңқын асырғаны үшін сыйақы беретінін айтып қуантып кетті. Ұзамай мектеп директоры Сабырәлі Жылқыбайұлы да жетті алып-ұшып. «Ауылымыздан сіз секілді қабырғалы қаламгердің шыққаны бізді қуанышқа бөлейді. Кітаптарыңызды оқушыларымызға оқытамыз» деп желпінді. Оқушыларға матаға гүл тігуді, шыбықтан кәрзеңке жасауды үйрететін қатыны Жұмагүлді де біраз мақтап қойды. «Былтыр мұғалім көбейіп, сағат бере алмай қалдық. Енді сағатын арттырамыз. Мұндай мамандар бізге керек» деді қипақтап. Әйтеуір, Шәріп пойызға мінемін дегенше аудандық газеттің тілшілері, басшылары, журналистер қаумалай қаптап, шығармашылығымен танысып, мәре-сәре болысқан. Көп ұзамай Шәріп «Ақтөбе-Алматы» пойызының плацкарт вагонында екі күн жол азабын тартып отырып Алматыға жеткен. Николай сатып келген екі қойдың ақшасын еркін жұмсайын деп, жеткен түні қымбат қонақүйдің ең сәнді бөлмесін жалдап алды. Ертеңгі марапаттан қомақты ақша олжалайтынын ойлап отырып, тәтті-пәттімен шәй ішіп, өмірі атын естіп, көзі көрмеген тамақтармен алаңсыз ауқаттанған. «Жаз бойы қақиып отырып жазу жазамын деп арқама тұз жиналған шығар» деп түнде бір, таңда бір массажға барып, әй бір рақаттансын. Анадан жаңа туғандай серпіліп, ертесіне жеңіл-желпі жуынып-қырынып, шақырылған мекенжайға беттеген. Барса ығай мен сығайлар түгел келіпті. Жалтыраған қара туфли, дәл сондай түсті костюм-шалбар киген Шәріп те кіл мықтының ортасына ене берді. Олар да бұған жылышырай танытатын секілді. Сыртынан естіп, есімдеріне қанық болып жүрген өңкей әдебиетшілер көз алдында. Жалбаңдап бәріне барып емен-жарқын амандасады. Сәлемін алғанымен қайтара жауап айтып, шұрқырап жағдай сұраса кетпейді. Ұзамай марапаттау рәсімі де басталды. Сайысты ұйымдастырушылар 1000-нан астам өтінім келіп түскенін, шығармалардың шетінен тартымды, қызықты екенін айтты. Әсіресе, шашына аздап ақ түскен, үстіне кең қолтық костюм, бұтына көк джинсы киген жасы алпыстар шамасындағы Тұлым Жазылбеков кеңінен орағытып, бейнелеп, көсіліп сөйледі. Бәйгеге қатысушылардың дені жастар екенін, дегенмен орта жас, кейінгі буынның да бәсі биік екеніне тоқталып, одан соң шығармалардың көркемдік талаптарына қатысты әңгімеледі. - Өнімді жазып, көзге түсіп жүрген бірқатар жазушылар бар. Жалпы, қаламгер таныламын десе жас талғамайды. Қай уақытта да жарып шығуы мүмкін, - деді аздап қырылдап сөйлейтін Тұлым Жазылбеков. Бұл сөздер тура өзіне арналып отырғандай Шәріп жан-жағына жедел көз тастап, тамағын кенеп, жағасын түзеп қойды. Дәл осылай қозғалақтап кеткенін өзінің еркінен тыс жүзеге асқанын да аңдап үлгерді. - Осы жолы тек Алматы мен Астана емес, облыстық, өңірлік басылымдарда шығып жүрген жазушыларды да кеңінен қамтыдық, - деген кезде Шәріптің тіпті дегбірі қашсын. Қанша жыл бойғы еңбегім еш кетпепті-ау. Бұлар да оқып, біліп, қадағалап жүр екен-ау деген ой санасында асыр салып, ішін қуаныш сезімі билей жөнелген. Жазу жазамын десе бөлмесін босатып беретін Никоны мен Қайрошы, тамағы мен қағазын тасып безектеп жүретін жан жары Жұмагүл есіне түсіп, көңілі босап та кеткендей ме. Қойшы, әйтеуір сан түрлі оймен арпалысып отырғанда жүлделі орындарды табыстайтын сәтке де жеткен. Әдеттегідей ынталандыру сыйлығын үлестірді. Оны жыпырлатып алты-жеті қатысушыға бір-ақ берді. Одан соң үшінші орын. Әрине, Шәріп бұдан үміттене қоймайды. Беріп жатса, ала салады. Сондай көңіл күй. Екінші орынды хабарлар алдында біраз толқыды. Қаншама жазушыны артқа тастап, бәйгеден екінші келсе қандай ғажап! Бірақ бұл жолы да оның есімі аталған жоқ. Енді сөзсіз не бірінші орын, не бас жүлдені қанжығасына байламақ. Шәріптің есі шығып, құлағы тұнып, қазір жүргізуші хабарлаған кезде естімей қалмайын дегендей алға ентелей түсіп, елеңдеп отыр. Конвертті баппен ашқан ұзын бойлы, сымбатты жүргізуші жігіт «Әдеби байқауымыздың I орын иегері – Шәріп Тасығанұлы» деп саңқылдай хабарлаған кезде орнынан қалбалақтап ыршып тұрып, ә дегенде аяқ-қолынан әл кеткендей болып, аз уақыт абдырап қалды. Залдағылар дүр етіп мойын бұрып, бұл жаққа қарағанда көзі қарығып, қысыла берді. Сосын дереу еңсесін тіктеп, сахнаға қарай жүрген. Бірінші орын иегерін күтіп тұрған жүргізуші және бәйге ұйымдастырушылары алшаңдай басып келе жатқан бұған мерейлене қарап тұр екен. Шәріп жүрісін түзеп, кербездене қадымдап, сахнаның баспалдағынан ытқып жеңіл көтерілді де грамота мен гүл шоғын нығыздай ұстап тұрған ақсақалға тіке салды. Сахна жап-жарық. Бұл жақтан зал тегіс қараңғылықта көрінеді екен. Іші де, сырты да түгел толқып жете беріп еді, ақсақал жазушы мұның қолын риза кейіпте қысып, бірінші орын грамотасын табыстай берген. Кенет, «ау, ағайындар» деген дауыс естіліп, бәрі сол жаққа үдере жалт қарасты: «Шәріп Тасығанұлы» деген мен ғой!». Тұрқы еңгезердей, қою қара мұрты бар, көмірдей шашын толқындата артқа қайырған жігіт ағасы сахнаның ана бұрышынан келіп талтайып тұр екен. Мына жағдай бағанадан шарапты тоя ішіп, әбден масайғандай күйге түскен Шәріптің жылдам ес жинауына біраз көмектесті. Ұйымдастырушылар да, көрермендер де түкке түсінбей, алақ-жұлақ етіп қалды. Шәріп те қалыспай: - Мен де Шәріп Тасығанұлымын. Ұйымдастырушылар маған хат жіберді, - деді батылдана түсіп. - Әй, жүлде алған жазушы менмін, - деп өңмеңдейді әлгі дәу қара. Сахнаның үсті әп-сәтте абыр-дұбыр дау мен жиналысқа айналған. Бағана езуі көпіріп сөйлеп-сөйлеп, жағы талып орнына отырған белгілі жазушы Тұлым Жазылбеков қайтадан ортаға келді. - Сіздің фамилияңыз кім? - деді Тұлым мырза әуелі бұған қарап. - Тауасқанов! Шәріп грамота мен гүл шоғын нығыздап ұстап дір-дір етеді. - Ал сіздің фамилияңыз қалай? Жазылбеков енді әлгі дәу қараға баппен бұрылды. - Смағұловпын! - Конверттегі фамилияны айта қойшы? - деп енді Жазылбеков жүргізушінің қолына көз тастады. - Мұнда фамилия жоқ. «Тұманды кеш» деген шығарма атауы ғана тұр. - Айттым ғой. «Тұманды кеш» менікі, – деп әлгі дәу қара дөрекілене ұмтылып, мұның қолындағы гүлі мен грамотасын апыр-топыр тартып алсын. Залдағы біреулер күліп жатыр, біреулер қап-әй десіп жатыр... Дәу қара мұның қолындағы гүл мен грамотаны ғана емес, бүкіл атақ, абырой, ырыс-берекені тартып алғандай күйзеліп, жаны жадау тартты. Көңілі құлазып сала берді. «Тұманды кешіңмен» қоса құрышы» деп іштей сыбады да, жиынның соңын күтпей-ақ тайып тұрған. Алматыда сенделіп-сенделіп жүрді де, жолақыға әрең ақша ығыстырып ауылына қайтты. Ел-жұртқа көрінбейін деп таң алакеуімде таксимен келіп, үйіне зып беріп кіріп кетті. Көп өтпей республикалық басылымдардың бірі шатасып кетті ме, әлде әдейі істеді ме, дір-дір етіп тұрған Шәріптен дәу қараның гүл мен грамотаны тартып алып жатқан суретін басыпты. Суретті көрген әйелі Жұмагүл жалғыз жазушысын асыға күтіп отырған ауыл халқына «біздің Шәріпті негізінде жюри болуға шақырған екен» деп айтып, күйеуінің абыройын сақтап қалған көрінеді.
Абай АЙМАҒАМБЕТ |
Қаракесек Егізбай болыстың болжамы |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.04.2019 10:00 |
Туған жердің әрбір сүйемі жаныңа күретамырыңдай жақын екені белгілі. Осынау ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы тозатын сайын дала өзінің саңлақ ұлдарымен де қастерлі. Біздің атақонысымызда есімдері көпшіліктің жадында мәңгілікке сақталып қалған дарабоз тұлғалар аз болмаған. Солардың бірі Қаракесек аталығынан өрбіген, ұзақ жылдар бойы ел басқарып, әділдігімен «тура тілді болыс» атанған Егізбай Бейбітұлы десек, артық емес.
Егізбай болыс әділдігімен қатар, тапқыр тілді, алысты болжайтын көреген адам болғанға ұқсайды. Оған төмендегі оқиға дәлел болады. Ертеректе біздің ауылдың Егізбай болыс, малының есебін адам санап тауыса алмайтын атақты Кенжебай бай, қожа-молда, ишан өзге де елге сыйлы ақсақал-қарасақалдары Ащыкөлдің бойында мәжіліс жасапты. Атағы жер жарған ел ағаларының әр қадамы береке ғой. Толқыны жағаны ұрып, айдынында сазан ойнап, аққу-қаз жүзген көлдің шүйгініне жағалай ақ боз үйлер тігіліп, саба-саба қымыз құйылып, ту биелер сойылып, самсаған жер ошақтарда қазандар қайнап, мамыражай күй кешіпті. Осы мезетте алыс жолдан сапарлап, шаршап-шалдығып келе жатқан екі жолаушы жігіт шөл қандырып, сәл жан шақырып алмақ оймен киіз үйлердің көлеңкесіне отыра кетіпті. Исі қазақ мейманды жатсынған ба? Қос жолаушы да қымызға мелдектей тойыпты. Түс әлеті болса керек. Білегін сыбанып қызмет жасап жүргендер астың дайын екенін, қолға су құю керектігін айтады. Мұны естіген біздің ауылдың жас жігіттері қаншама адамға қызмет жасауға ерініп, үйлерді айналып, сырттап кетіпті. Өзгелер ыңғай танытпаған соң, мәжіліске кездейсоқ тап болған екі жолаушы жігіт басты ордаға кіріп, ақсақал-қарасақалдардың қолына су құйып, баталарын алыпты. Сонда ұзақ жылдар бойы ел басқарып, төрт аяғын тең басқан жорғадай көпшілік арасына сызат түсірмеген Егізбай болыс: - Қап, әттеген-ай. Осы үйде отырған ақсақал-қарасақалдар аузы дуалы, сөзі киелі, тілегі қабыл, бақ дарып, қыдыр қонған, қасиеті мол қаймақтар еді. Барша ықылас-пейілдері, ризашылық-баталары бел балаларымызға емес, кездейсоқ жүрген жолаушыларға бұйырды-ау. Жеті атамыздан бері қарай қонған билік біздермен шектелмесе игі. Ұрпағымыз тізгіннен айырылып қалмаса болар еді-ау. Жалған дүние! - деп қатты өкінген екен. Арада ғасырдан астам уақыт өтті. Егізбай атаның осы сөзі ел ішінде әлі ұмытылған жоқ. Қайран, асыл текті, болыс нағашым! Жұмабек Табынбаев, Қазалы ауданы |
ФУТБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ІРІКТЕУ ТУРЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
18.04.2019 09:20 |
Іріктеу турына Арал, Қазалы, Сырдария және Жалағаш (2) аудандарынан 2001-2002 жылы туылған жасөспірімдерден құралған барлығы 5 команда қатысуда. Балалар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортпен айналысуға ынталандыру, сол арқылы ұсақ құқықбұзушылықтың орын алмауына жергілікті билік тарапынан көмек көрсету, балғын футболшылардың ынтасын арттыру мақсатында, саламатты өмір салтын қалыптастыру негізінде футбол біріншілігі өткізілуде. Жарысты аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. - Жалағаш ауданында жастардың футболға деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Әуесқойлар арасындағы футболда, ауыл спортшыларының спартакиадасында ауданымыздың футбол құрамасы І орын иеленгенін біз мақтанышпен айта аламыз, - деді Жағыпар Айтбайұлы. Сондай-ақ, жарыстың ашылу салтанатында ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бағлан Танмамбетов сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі |
Бұйрық арқылы іс қарау азайған |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
17.04.2019 17:15 |
Қызылорда облыстық сотында осы жылдың алғашқы 3 айындағы жұмыс қорытындылары бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың нәтижелері шығарылды. Кеңейтілген кеңеске облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев, облыстық соттың алқа төрағалары, облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Соттар әкімшісі басшылығы қатысты. Күн тәртібінің негізгі мәселелерін сот төрағасы Қамбар Нұрышев тілге тиек етті. Мұнан соң қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Әділхади Шығамбаевтың есептері тыңдалды. Облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдың 3 айында облыс соттарының өндірісіне 5 616 талап қою арызы, 239 іс түскен, өткен жылмен салыстырғанда 2 838 немесе 32,6 %-ға азайған. Сонымен бірге, облыс соттарына барлығы 2 631 әкімшілік іс, 419 қылмыстық іс түскен. Ал облыстық соттың апелляциялық сот алқаларына есепті кезеңде 620 азаматтық іс, 47 әкімшілік іс, 60 қылмыстық іс түскен. Бұйрық арқылы іс қарау саны азайған, себебі сот бұйрығын қабылдау тәртібімен қаралатын арыздардың көп санаты нотариалдық жазба тәртібімен шешуге ауыстырылған. 2018 жылдың 3 айында 1 684 сот бұйрығы қабылданған болса, 2019 жылдың осы мерзімінде 574 сот бұйрығы қабылданған. Бүгінде полиция органдарында «Виртуалды сот» пилоттық жобасы бойынша жұмыс істеу кеңінен етек алып келеді. Қағазбастылықтан арылып, уақыт үнемдеу мәселесінде бұл әдістің маңызы зор. Жыл басынан бері «Виртуалды сот» пилоттық жобасымен 21 әкімшілік іс, ал «Түнгі сот» пилоттық жобасымен 52 әкімшілік іс қаралған. Азаматтар арасында болатын дау-жанжалды соттың қатысуынсыз, үшінші бейтарап жақ – медиатордың көмегімен шешу қызметін бірқатар азаматтар пайдаланған. Айталық, облыс соттарында 2019 жылдың 3 айында медиация тәртібімен 105 қылмыстық және 601 азаматтық, 144 әкімшілік, партисипативтік рәсім тәртібімен 4 іс, татуласу келісімімен 50 іс қысқарған. Есепті кезеңде фронт-офиске барлығы 1424 адам, яғни адвокаттарға – 832, медиаторларға – 463, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына 129 азамат жүгінген. Осы уақытта медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы 300 іс сотқа дейін шешімін тапқан. Кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды. Ж.Қойшыбекова |
АХМЕТЖАН ЕСІМОВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
17.04.2019 16:55 |
Өңірге жұмыс сапары барысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге CRC-1 дәнекерлеу кешеніне барып, "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Магистральдық газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры жылына 2,2 млрд.текше метр көгілдір отын өткізу мүмкіндігіне ие, ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс мердігері - "ҚазҚұрылысСервис" компаниясы, ал операторы - "Астана газ ҚМГ" мекемесі. Газ құбырының құрылысы ағымдағы жылдың соңына қарай Елорданы газдандыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру аясында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларында автоматты газ тарату станциялары салынады. Аталған қалаларда магистральдық газ құбырын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен көгілдір отын тарату желілерінің құрылысы жүргізілетін болады. Жобаның қуаты: жылына 3,6 млрд. м3. Құрылыс барысында 1690 жұмыс орны, іске қосылған соң 194 жұмыс орны құрылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>