Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2242 |
![]() | Кеше | 2476 |
![]() | Осы аптада | 10054 |
![]() | Өткен аптада | 19014 |
![]() | Осы айда | 70867 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5163404 |
Әйелдер-ай... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
25.04.2019 11:58 |
Бар тірлікті бітіретін бір өзі, Әйелдердің момын дейді мінезі. Жаңалықты елден бұрын еститін, «Өнерлері» өз алдына жыр өзі.
Әйелдерді өте дейді сезімді, Қарсы келсең, көтеретін сөзіңді. «Төрт аяқтап» кейде келсең үйіңе, «Әлдилеуден» жалықпайтын, төзімді.
Билетпейтін мүмкіндікті басқаға, Бойларында бар қасиет басқа да... Алтын, гауһар, лағыл, қымбат бұйыммен, Әйелдерді жақын дейді ақшаға...
Сәнденуге тапшы болса тиыны, Мәселенің туындайды қиыны... Қас қағымда «дауыл» тұрып әп-сәтте, «Көкке бірден көтерілер құйыны...».
Сонда құрып ер кісінің амалы, Сабасына сәл-пәл түсер шамалы. «Бұрқыраған боран күні» бұндайда, Сабырлыққа келу керек саналы.
Әйелдерді еркектермен тең дейді, Арасында тең емесі кем дейді. Ашуланып, «аттың басын жіберсе...», Ерегісіп, ешбір пенде жеңбейді.
Тұрмыс кілті тура қазір соларда, Түрлі салмақ түсіп жатыр соларға... Күндіз-түні күнкөрістің қамы үшін, Жүріп-тұру оңай емес оларға.
Тәңірінің таңы атса арайлы, Тұра сала сәбиіне қарайды. «Малыш»-ының маңдайынан бір сүйсе, Шаршағаны сол сәтте-ақ тарайды.
«Әйелдерді еркектерден көп дейді» (М.М.), Ұрыспаса, бола берсін көп мейлі. Арамызда туған Айдай толықсып, Күнде шуақ шаша берсін тек мейлі!
Әзілқазы БЕК |
БАСШЫЛЫҚТАН – ОРЫНБАСАРЛЫҚҚА |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
25.04.2019 11:55 |
Бұдан аттай алты жыл бұрын облыс билігінде орын алған ауыс-түйіс кезінде, нақтысы, 2013 жылдың ақпан айында ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Әлназарова облыс идеологиясының тізгінін ұстағанда, таңданғандар аз болмады. Содан бері екі жылға таяу уақытта, сол жолғы тағайындау барысында аймақ басшысы айтқанындай, саяси технологияларды меңгерген тәжірибелі маман облыстың денсаулық сақтау, білім және ғылым, дін мен тіл, жастар мен ішкі саясат, әлеуметтік, мәдениет мәселелеріне бас қатырды. Кезінде облыстың бас педиатры, сосын бас дәрігері болып, кейіннен медициналық колледж директорлығынан бірден жоғары лауазымды орынтаққа көтерілген А.Шәріпбайқызы 2014 жылдың күзінде облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат ретінде тіркелгенде, оның тағы бір «құтты орынға» баратынын ішіміз сезген. Дәл солай болды. Өйткені 2012 жылдың 15 қаңтарында №8 Төретам сайлау округінен халық қалаулысы атанып, бес күннен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы қызметіне сайланған Бекмырза Еламанов 2014 жылдың 1 қазанында жергілікті әріптестерінің (депутаттардың – ред.) басым дауысымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты атанып, екі бірдей орынды босатып кеткен-ді. Бірі – Төретамнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттық мандаты, екіншісі – облыстық мәслихаттың хатшылығы. «Жетімсіреп» қалған сол қос орынға баруға ешкімнің батылы бармай тұр ма?» деген әңгіменің де шығатыны – сол кез. Тіпті, «кім болса да, қазіргі сенатор Еламановтың депутаттық орнын басқан үміткер облыстық мәслихат хатшысы орнын да басады» деген болжамның жасалғаны да – сол кез. Сол «сценарий» Ақмарал Шәріпбайқызының жолында айна қатесіз қайталанғаны рас. Үш кандидат үмітін үкілеген сол тұстағы сайлауда (2014 жылдың 7 желтоқсанында – ред.) Әлназарова қарсыластарынан 82,8 пайызбен (10027 дауыс) басым түсіп, депутат болып тіркелді. Арада бес күннен кейін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың 33-сессиясы өтті. 2015 жылдың бюджеті нақтыланған сессияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау болды. Аймақ басшысы бұл лауазымға бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, кеше ғана депутат болып сайланған А.Әлназарованы ұсынатынын хабарлады. Ол А.Шәріпбайқызының өмір жолын баяндап, қай қызметте болмасын, білікті де білімді тұлға екенін дәлелдей білгенін, соңғы қызметінде әлеуметтік сала жұмысын үйлестіруде жақсы қырымен көзге түскенін жеткізді. Заңға сәйкес ұсыныс жасау үшін мемлекет басшысы мен президент аппараты жетекшісінің келісімі алынғаны айтылды. Тіпті, А.Әлназарованың мәслихат хатшылығына лайық екенін бірқатар депутаттар да өз сөздерінде атап өтті. Артынша дауыс беру рәсімі өтіп, депутаттардың барлығы да оның кандидатурасын қолдап дауыс берді. «Халық» газетінде «Орынбасарлықтан – хатшылыққа» деген тақырыпта мақала жазғанымыз да – сол тұс. Бір қызығы, ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Шәріпбайқызы бұл қызметте ұзақ отырмады. Бір жылға жетер-жетпес уақытта «дағдарған» денсаулық саласына қайтып келді. Яғни 2015 жылдың қарашасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. Бұл келісті біреулер жөн көрді, енді бірі бас шайқады. Ол облыс басшылығының саяси технолог, ұтымды ұйымдастырушы деп артқан сенімін барынша ақтауға тырысты, қаржы тартып, саланы жабдықтауда қолдан келгенінше жұмыс жүргізді. Бірақ, салада күрмеулі мәселелердің әлі де көп екенін жасыра алмаймыз. Жаңа жүйеге көшкенімен, оны дәрігерлер де, тұрғындар да тиянақты түсініп жүрген жоқ. Осындай әуре-сарсаңы көп саланы 3,5 жылдай басқарған басшы тағы бір «жүріс» жасап, жаңа бір қызметке келді. Сөйтіп, А.Әлназарова енді басшылықтан орынбасарлыққа барды. Өткен бейсенбіде 48 жастағы медицина ғылымдарының докторы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл кетісті де әр саққа жүгіртіп жатқандар бар. Бәрін былай қойғанда, бұл келісті білікті де білімді, өзіне тиесілі сала жұмысын үйлестіруде жақсы қырымен танылған тұлғаға алдағы аса маңызды саяси науқан – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын шашау шығармай алып шығуда, жетекші партияның пәрменін арттырып, салмағын еселеуде сенім білдіру деп қабылдағандар да аз емес. Оны уақыт көрсетеді. Ендігі бас қатырғы – «облыстың бас дәрігері кім болады?» деген сауал... Н.АҚПАН |
ДИРЕКТОРДЫҢ «ДИРЕКТОРЫ» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
25.04.2019 11:50 |
Жұбайым екеуміз жабылып жұмыс іздедік. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. «Бос орындар жәрмеңкесінің» нешеуіне қатыстық. Түк нәтиже болмады. Одан қалды, апта сайын «Кому? Что?» газетін парақтаймыз. Жұбайымның мамандығы – мұғалім. Сөйтіп, жүріп біраз уақытты өткізіп алдық. Қарыз қысып, жағаға жармасты. Несін айтайық, ақшадан тарығып кеттік. Ара-тұра қолдан келген майда-шүйде шаруаларды істейміз. Күнделікті тапқан бес-он тиыннан береке бола ма? «Қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Не болса да, тұрақты жұмысқа орналасудың қамына кірістік. Бір күні интернеттен Enbek.kz дейтін портал тауып алдық. Жарықтық, жұбайым маған: «Интернетте бос жұмыс орындары тұр екен ғой. Неменеге әр мекеменің есігін тоздырып жүрміз. Көрсетілген мекенжайға түйіндеме жібере салсақ, болмай ма? Өздері мамандығым сәйкес келсе, шақыратын шығар...», - деді, құдды қазір бір директор қоңырау шалып, «тез жұмысқа кел» дейтіндей. Айналдырған жарты сағатта порталға тіркеліп, бірнеше мектеп пен балабақшаға түйіндеме жолдадық. Бір шаруаны бітіргендей боп, қатқан нанды қызыл шайға батырып алдырып отырмыз. Үстелдің бір шетінде – несие қағаздары. Бір шолып өттім. Несиенің кезекті төлем күні де жақындапты. Тағы да біреуден қарыз сұрап, жабу керек. Жағдай осы енді... Туыстығымыз алыстау ағайымыз бар-тын. Бір басына жететін беделі бар. Тамыр-таныстары да тәуір қызметте істейді. Өткенде өтініш айтып кеткенбіз. «Осындайда-осындай, келініңізге жұмыс іздеп жүрміз» деп. Айттық. «Жұмыс болса, болды, болмаса, тәуекел» дегенбіз. «Жазған құлда шаршау жоқ». Бүгінде біреудің мәселесін біреу тыңдай ма? Ол кісінің қолынан келмесе, өкпелейтін де ретіміз жоқ екені белгілі дүние ғой. Кенет телефон безілдеп сала берді. Ағамыз екен. Тұтқаны көтергенім сол еді, сөзге келместен: – Інім, маған жолығып кетші, - деді де, қоя салды. Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Өйткені о кісі маған қатысты маңызды мәселе болғанда ғана қоңырау шалатын. Жұбайыма «Ағам хабарласты. Саған жұмыстың реті шығып тұрған сияқты» дедім де, асығыс-үсігіс киініп, үйден шығып кеттім. Ағама асығып барамын. Әншейінде бір-бірімен жарысып жүрген қоғамдық көлік те өгіз аяңмен келеді. Межелі жерге жарты сағатта жеттім-ау! Ағама жолықтым. Ол менің өтінішім орындалатынын айтты. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мәтелді есіме салды. Арғы жағы түсінікті ғой. Бір директордың нөмірін берді де: – Інім, шаруа былай. «Ставка» – 500 мың теңге. Мына нөмірге хабарлас. Менің інім екеніңді айт. Қалғанын өзі түсіндіреді, - деді де, құлағыма сыбырлап: – Кабинетінде ақша туралы әңгіме қозғама, - деп қатаң ескертті. Келістік! Шаруа шешілді! Екеуміз екі жаққа кеттік. Бірақ «табақтай 500 мың теңгені қайдан табамын?» деп ойланыңқырап қалдым. Тәуекел! Әдеттегідей тағы да «қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімді жұбаттым. Екіұдай күймен үйге келдік. Бәйбішем есіктен кірер-кірместен «жұмысқа тұрам ба?» деді. – Иә... – Рас па? – Рас... Бірақ 500 мың теңге сұрап тұр, - дедім. Айтқаным сол-ақ еді, жаңа ғана күндей күлімдеп тұрған келіншегім бұлттай бұртиып шыға келді. Қысқасы, 500 мыңды іздеуге кірістік. Әрі ойланып, бері ойланып несие аламыз деп шешім шығардық. Келесі күні кредит алдық. Жарықтық, банк те «ақкөңіл» екен. Біз – сұрадық. Ол – берді. Тек кейін оның бәрін өтейтінің өкінішті. Ақша –алақанда. Директорға хабарластық. Шаруамыздың ұзын-ырғасын баяндадық. «Маған жолығып кет» деп қысқа қайырды. Алып-ұшып бардық. Таксимен... – Enbek.kz дейтін порталға бос орынды ұсынамыз. Жұбайың түйіндемесін жіберсін. Қалғанын көрерміз, - деп жылы шыраймен шығарып салды. Біз «Әй, сол «көрерміздің» астарында біраз шаруа бар ғой» деп топшыладық. Көп ұзамай жоспар бойынша Enbek.kz дейтін порталға айтылған жұмыс жарияланды. Түйіндеме жібердік. Кешкілік бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Сөйтсем, әлгі директор: – Інім, мен директормын. Бірақ, менің де директорым бар. Оларға ескерттім. Сенің «орамалыңды» онымен бөлісемін. Тездет, - деді де тұтқаны тастай салды. «Құдай-ау, біз бұ кісіні әжептәуір директор деп жүрсек, бұның да директоры бар екен-ау!» дейміз. «Бір істі қолға алдық ғой. Соңына дейін жеткізейік» деп «орамалымызды» екіге бөліп жатқаным сол еді, істеп жүрген тірлігімнен ұялып, ұйқымнан шошып ояндым... Абырой болғанда мұның бәрі түсім екен.
Асан ДӘУЛЕТ |
БАС МҰҒАЛІМ ТҰРАҚТАМАЙ ТҰР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
25.04.2019 11:40 |
Қала әкімдігінде кадрлық ауыс-түйістердің жиі орын алатындығын бұған дейін де жаздық. Айға жетпей бір бөлімнен келесі бөлімге ауысып кеткенді де көрдік ғой. Не сиқыры барын қайдам, шаһарда осындай кілт өзгерістер көбейді. Тіпті, қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай да өз қызметінен кетті. Ол аз десеңіз, жақында ғана облыстық білім басқармасынан қалалық білім бөліміне басшылыққа келген Ақзира Қасымова (суретте) небәрі бір айдан соң өз еркімен жұмыстан шықты. Мұны аталған бөлімнің мамандары да растады. Қысқасы, облыстың бас шаһарына бас мұғалім тұрақтамай тұр. Неліктен? Қала бюджетінің бақандай 40 пайызы жұмсалып жатқан білім саласының иінін де, иірімін де, екпінін де, тепкінін де, бұрылысын да, құбылысын да жіті меңгерген маман бар ма? Болса, қайда? Айталық, соңғы 4 жылды мысалға алайықшы. Аталған уақыт ішінде білім бөлімінің 3 рет басшысы ауысыпты. 2015-2017 жылдары бөлімге Асқарбек Есжанов басшылық еткені мәлім. Ол тиісті жұмыстардың барлығын қоғадай жапырып, түйткілдердің түйінін түгел тарқатты дей алмаймыз. Өз деңгейінде орындады. Содан соң онда Ақсуат ауылдық округінің әкімі болған Ақарыс Нұрсейітов жайғасты. Шыны керек, оның тұсында қала әкімі мен тұрғындар тарапынан білім бөліміне сын жиі айтылды. Неге екені белгісіз, қаланың бұрынғы бас мұғалімі соңғы уақытта «ұшты-күйлі жоқ». Бейресми деректерге сүйенсек, білім бөлімі басшысының көрінбей кетуінің басты себебі денсаулық жағдайына байланысты екен. Қайда барғаны да беймәлім. Ал басшылық қызметті оның орынбасары Жанат Хамитбекова уақытша атқарды. Бірақ басшылыққа тағайындалған жоқ. Шамасы, Ж.Ұбайдуллақызы шаһар басшысының сенімінен шыға алмаса керек. Жасырып қайтейік, көпшілікті бұл орынға кімнің келетіні қызықтырды. Әркім өзінше болжам жасады. Ақыры қала әкімінің таңдауы Ақзира Бақтыбайқызына түскен-ді. Айтпақшы, осы тағайындауға өзіміз де қатысып, елді құлақтандырдық. Нұрлыбек Нәлібаев білім саласында табаны күректей 20 жылға жуық еңбек еткен Ақзира Қасымоваға: – Оқу жылы да аяқталуға жақын. Оқушылардың білім деңгейін басты назарда ұстап, бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындығын ширатып, қаламыздың білім саласын бұдан да жоғары деңгейге көтереді деп сенемін, - деген еді. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, аттай қалап алдырған Ақзира Қасымова да бұл орынға тұрақтамады. Қандай құдірет барын білмейміз, белгілісі, білім бөлімінде ел естімеген бір гәп бар-ау! Әйтпесе, қызметтің бірқатар сатысынан өтіп, білдей облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған А.Қасымоваға қалалық бөлімнің жұмысын жандандыру не тұрады? Айтпақшы, жақында қаладағы 54 мектепте көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету құқығы бұзылғандығын облыстық прокуратура анықтаған еді. Сөйтіп, қалалық білім бөлімінің 2 лауазымды қызметкері жауапқа тартылған болатын. Қазақы тәмсілге салсақ, су жаңа басшының қызметтен кетуіне «ат аунаған жерде түк қалар» дегендік себепші емес пе екен?! Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАУЫ – ҮЙЛІ БОЛУ мен ҮЙ БОЛУ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
25.04.2019 11:30 |
Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желідегі парақшама былай деп жазған едім. «Жастар жылында» жастардың қалайтыны – үйлі болу мен үй болу! Басқа ештеңе емес! Конференция, форум, флешмоб, т.с.с. іс-шаралардың құны көк тиын. Қаңғып жүрген қазақ жастарының баспаналы болуына жағдай жасалсын! Сосын жастардың басым бөлігі қаражатының жоқтығынан үйлене алмай жүр. Ең төменгі пайызбен кредит алуына мүмкіндік жасалса, өздері-ақ төлейді ғой. Менің айтарым – осы!».
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Әне-міне дегенше мұның 4 айы да өте шықты. Әдепкіде әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер жазылып жатты. «Аты ғана емес, заты да жастарға арналса ғой» деген арман-тілектер айтылды, ұсынылды. Шыны керек, жастарды қолдау науқандық нәрсе емес. Ал, бір жылда адам сенгісіз биікке көтеріп, артынша төменге тастай салу кімге қажет? Жарайды, науқандық шара десек те, есте қаларлықтай етуге болмас па? Осыншалықты «мырзалық» танытуға мемлекет мүдделі емес пе? Әлде билік бұған бейжай қарай ма? Жалпы, жастарда мәселе жетерлік. Әлбетте, бәрі бір-біріне байланысты. Ақша керек, сол үшін жұмысқа тұру керек. Ал, жұмысқа тұру үшін ақша тағы керек. Бұл жерде әкесінің не шешесінің кредиті көмекке келеді. Біздегі трайбализмнің түрі жаман. Тамыр-таныстықтың да одан қалыс қалғысы жоқ. Демек, жұмыссыздық – жастардың басты мәселесі. Жалақысы жақсы жұмысбасты жастың болашағы жарқын болмақ. «Кедей боп тусаң, сен оған кінәлі емессің. Ал, кедей боп өтсең, ол – сенің қателігің!» деген бар. Келісуге болады, «өкімет өлтірмейді» деудің заманы өтіп кетті. Десе де, басшылық халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстап, бақылауы керек. Ал, жыламаған балаға ештеңе жоқ ғой... Рыскелді ЖАХМАН
Сіз не дейсіз? Шыңғыс ҚҰДАЙБЕРГЕН, мұғалім:
Жастар жұмысқа тұра алмай жүр - «Жастар жылында» басты назарға алыну керек мәселе – жұмыссыздық. Жастардың дені оқу бітіріп, жұмысқа тұра алмай жүр. Оған түрлі кедергілер себеп. Осы мәселе түбегейлі шешімін тапса деймін. «Жастар жылында» түрлі салаларға жастарды әлі де көптеп тарту керек сияқты. Иә, қазір жұмыспен қамту орталығы «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 6 ай жұмыспен қамтып отыр. Қалай десек те, ол толыққанды жұмыс саналмайды ғой. Былайынша қарасақ, жарты жылда жас маманға өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бірақ, бұл жерде таныстық та рөл ойнап кетеді. «Жастар – еліміздің болашағы». Әрине, бізге деген сенім де бар. Ол сенімді сезініп, жауапкершілікпен атқаруды жастардың еншісіне қалдырайық. Бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі бар жас мамандарға жұмыс табылуы тиіс. Қоғам мен адамдар шын мықтының аяғын тұсауды, оны шарасыздықта қалдыруды қоюы керек. Меніңше, жақсы жұмысы бар жас маман әрі қарай әлеуметтік жағдайын өзі-ақ реттеп алады.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА, журналист:
Қаржыны жастардың игілігіне жұмсаған дұрыс - Біздің қоғамда жұмыссыздық пен баспана мәселесі жастар үшін ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бүгінде жоғары білімді дипломы бар, жұмысы жоқ жастардың қарасы қалың. Бұл жайтты өз қатарластарымнан-ақ көріп жүрмін. Қызыл дипломың болса да, қазір «аға-көкенің», бір сөзбен айтқанда тамыр-таныстықтың дәурені жүріп тұр. Сонымен қатар, пәтер кезіп жүрген, баспанасы жоқ жас отбасылар да жетерлік. Меніңше, биылғы «Жастар жылында» жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алу мүмкіндігін жеңілдететін уақыт жеткен сияқты. Қазір көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ бағасы аспанға шарықтап тұр. Енді ғана шаңырақ көтерген жастар үшін ондай баспананы алу мүмкіндігі қайдан болсын? Біраз отбасылар жалдамалы пәтерлердің есігін тоздырып, бірінен соң біріне ауысып, әупірімдеп күн көруде. Ақшаның жетіспеушілігінен түрлі отбасылар қиындықтарға шыдамай, ажырасып кетіп жатады. Ең болмағанда бастарында баспанасы болса, соның өзі демеу ғой. Сол үшін, қолдағы бар қаражатты қажетсіз дүниелерге емес, еліміздің болашағы саналған жастардың игілігіне жұмсаған дұрыс болар.
Нұрқанат ҚАЙРАТ, айтыскер ақын:
Жастардың ақылды болғаны билікке керек емес - Мойындау керек, қай салада болмасын, білікті жас мамандар аз. Қазір көбі оқуға грант үшін түседі. Тәуекел, сенім жоқ. Меніңше, жастар қателесуден қатты қорқады. Бірақ, жастардың білімді, тым ақылды болғанының біздің билікке де керегі жоқ. Оларға өздерінен ешкім асып кетпеуі керек ғой. Биылғы жыл «Жастар жылы» деп қабылданды. Бұл жай аты ғана. Форум мен жиындардан дым шешілмейді, өзгермейді. Жастарға қатысты мәселе өте көп. Мысалы, 20 мың теңгенің шамасындағы шәкіртақы үлкен қалалардағы жастарға жетпейді. Жалдамалы пәтерде тұрғаннан кейін, шәкіртақысы сонда кетеді. Сол үшін жұмыс істейді не олимпке ақша тігеді. Қысқасы, оқуы жайына қалады. Ал, ұлттық өнер туралы айтар болсам, айтысты қолдайтын ұлттық буржуазия керек секілді. Өйткені, партия өткізген айтыста шекара болады. Ал, ондай жағдайда айтылар мәселе айтылмай, жағыну басталып кетеді. Сөз билікке жетпейді не олар қабыл алмайды. Маман (Алаш арыстарына қолдау көрсеткен әулет) әулеті сияқты ұлтым деген азаматтар өнерді, әдебиетті қолдауы керек. Негізі, көп мәселе әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. |
ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
25.04.2019 11:26 |
Оқуға түскен жылы бір жігітпен дос болдым. 1-2 курс жақсы араласып жүрдік. Сабақ үлгерімі өте жақсы болатын. Соңғы 2-курста мүлдем көрінбей кетті. Бітірер сәтімізде сабақта төбе көрсетпей, диплом алуға келді. Тіпті, қызыл диплом алды. Қызық, 2 жыл білім алмай, қызыл диплом иегері атанды. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңданың» көрінісі ме бұл?! Қазір осындай жайттарды азайтамыз деп жүргенде, өзіміз көбейтіп жатырмыз ба? Қалай? Ел арасынан да «ақша сөйлейтін заман болды ғой», «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегенді жиі естиміз. Оқуда жүргенде іс-тәжірибе барысында жұмыс істеп, үйренудің орнына пара беріп, «жауып» тастауға дайын тұратындар баршылық. Үйренбей-ақ, оқу бітірген соң жұмысқа тұрарда «әке-көкелері» дайындары да көп. Оқу орны түлектерді жұмыспен қамтуға, барлығын қарастыруға қауқарсыз. Мекемелер мықты кадрларды өздері іздемейді. Ақшасы барлар жұмыс берушінің «ставкасын» беріп, білсін-білмесін жақсы жұмысқа орналасады. Ал, басында білімі бар, қызыл дипломдылар көшеде жұмыссыз сандалып жүреді. Орташа есеппен алғанда жұмысқа орналасу үшін ең төменгі төленетін құн 1000 доллар екен. Егер қолда қаражат болмаса, жұмысқа тұруға ақша ұсыну үшін несиеге жүгінетіндер де бар. Ел ішінде «ендігі ақтаған шығарсың» деген әңгімелер айтылады. Неге пара беруден де, алудан да қорықпаймыз? Әлде жемқорлықтан қорлық көрмейміз бе? Осының бәрі айналып келгенде, оқу орындары мен мекемелер арасында ешқандай байланыстың жоқтығынан туындайды. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, пара алушы жеңіл ақшаның жолында қолынан келгенін істеп бағады. Алайда заңсыз ақша табамын деп заң құрсауына ілініп жатқан шенділерді де көз көріп, құлақ естіп жүр. Көбіміз пара алудың екі бірдей қылмыс екенін ескермей жатамыз. Бұл жерде айыпталатын – пара беруші мен алушы. Оңай олжаның жолында опық жеп қалмау үшін пайда ойлама, ар ойла... ТҰМАР ҚЫЗ |
ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
25.04.2019 11:20 |
ӘЛҚИССА
Бүгінде баласын қосымша сабаққа жаздырмайтын ата-ана кемде-кем. Иә, сонау 2014 жылы «Оқушылар неге орталық жағалап жүр?» деп осы бағытта алғаш сұрау тастап, мақала жазып едім. Содан бері бес жыл өтті. Бұл үрдіс қазір тіпті ауырлады, ол білім саласына пайдалы ма әлде сын ба? Бүгінгі оқушылар неге жаппай репетиторға жүгініп кетті? Біз баламызды жаздырған қосымшаның пайдасы қаншалықты?
Енді ата-аналарға көмек беруді жөн көрдім, себебі, бүгінде жеке репетитор да, орталық та көп. «Бірақ, оның бәрі үздік пе? Балаға қосымша білім қай уақытта, қай бағытта керек? Сапалы қосымша білімді қалай анықтауға болады?» деген ата-аналарға, оқушыларға кеңес болсын деп осы мақаланы жазуға ниет еттім.
ҚАНДАЙ ОҚУШЫҒА ҚОСЫМША САБАҚ ҚАЖЕТ? Бүгінгі таңда білімге деген сұраныс күннен-күнге күшейді, білім саласындағы бәсекелестік, керек десеңіз өмірдегі бәсеке артты. Барлық адам өз баласының армандаған мамандығын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүргенін қалайды. Сол үшін баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзгеден кем етпей өсіргісі келеді. Мектепте баласының төмен баға алғанын қаламайтындықтан репетитор жалдайды, орталықтарды таңдайды. Бүгінгі білім саласындағы тоқтаусыз, ретсіз реформа, білім саласындағы ауыр тоқырау, үш ауысымды мектептер, бір сыныптағы оқушы санының көптігі, білім саласына амалсыз келген сапасыз кадрлар қосымша білімнің қажеттілігін тіптен де арттырып жіберді. Білім саласында 10 жылдан астам, қосымша білім беру саласында 5 жылдан астам қызмет етіп жүрген адам ретінде, қосымша сабақ қандай оқушыларға қажет екенін сараптап көрейін.
ҚОСЫМША БІЛІМ КІМГЕ ҚАЖЕТ? Қосымша білім ең алдымен, мектеп бітіруші түлектерге керек. Себебі, ұлттық бірыңғай тестілеуден сапалы, жүйелі дайындықсыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Оның үстіне, бүгінде заң бойынша ҰБТ нәтижесіне мектеп жауап бермейді. Бұл дегеніңіз – мектеп бітіруші түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау жауапкершілігін мойнына алмайды деген сөз. Сондықтан да, бүгін бүкіл мектеп бітіруші түлектер жаппай репетиторға, әртүрлі курстарға жүгінеді. Ал, бітіруші түлектер үшін дайындықты 10-сыныптан бағдарлы түрде бастаған дұрыс. Ең маңыздысы – жүйелі жұмыс істейтін, сапалы бағдарламасы бар орталықтарға жүгіну. Әйтпесе, экономикаңыз да, уақытыңыз да далаға кетуі әбден мүмкін. Екіншіден, қосымша білім пәндік олимпиадаға дайындалатындарға керек. Себебі, пәндік олимпиадалар деңгейі күннен-күнге көтеріліп келеді. Мектептегі стандартты білімді қанша жерден үздік оқитын бала болса да, пәндік олимпиадаға дайындықсыз бару мүлде қажет емес, баланың беті қайтып қалуы мүмкін. Сол себепті, пәндік олимпиадаға барам деген баланың дайындығы мығым болғаны дұрыс, дайындығы жоқ баланың бармағаны тіптен дұрыс. Бала психикасы нәзік екенін ескерсек, өзі жақсы көретін пәннен олимпиадаға барып, ештеңе істей алмай шыққаны балаға ауыр тиеді. Пәндік олимпиадаға дайындықты кемі бір жыл үздіксіз жүргізген дұрыс. Пәндік олимпиада – баланың ертеңгі білімі үшін мызғымас іргетасы. Олимпиада туралы бұдан бұрын жазған «Дарынды бала және пәндік олимпиада» деген мақаламызды оқысаңыз болады. Олимпиадаға шәкірт тәрбиелеп жетістікке жеткен немесе өзі пәндік олимпиадаға қатысқан мұғалімге бару маңызды. Үшіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Білім-Инновация лицейі тағы басқа дарынды балаларға арналған мектептерге курсқа бармай түсу бүгінде мүмкін емес. Себебі, бұл мектептерде бір орынға 100-ден аса оқушы таласатын деңгейде, конкурс өте қатаң, талап жоғары. Мұншалық бәсекеде үздіктің үздігі ғана жүзден суырылып шыға алады. Ол үшін бағдарлы дайындық ауадай қажет. Әйтпесе, баланың сағы сынуы мүмкін. Ал, бұл мектептердің қабылдауы 6-сынып мезгілінде, сондықтан дайындықты кемі 5-сыныптан бастаған ләзім. Дайындық сол мектеп емтихандарының стандартты негізінде сапалы жүргізілуі керек. Төртіншіден, мектепте кенжелеп қалған балаға, ауырып немесе басқа да себептермен сабақтан көптеп қалып қойған оқушыларға керек. Себебі, көптеген пәндер, математика-жаратылыстану ғылымдары, тіл ғылымдары – басқышты, сатылы пәндер, бір тақырыпты түсінбеген бала ары қарай мүлде игермей қалуы мүмкін. Оқушының қалып қойған тақырыптарын толықтаудың жалғыз жолы – репетитор. Сондықтан, кез келген уақытта кенже қалған пәнді, қатыса алмай қалған сабақты уақытылы толықтырған жөн. Енді, заңды түрде «қай уақытта қосымша сабақ керек емес?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл қосымша сабақтың бағытына байланысты. Қосымша білім баланың білімін тереңдету мақсатында жүргізілуі керек. Оқушының тек үй тапсырмасын орындату мақсатында немесе баланы зерттемей бағытсыз шаршататын қосымша білім керек емес. Сонымен бірге, баланы бағыт-бағдарсыз өте көп қосымшаға жаздырып шаршатуға да болмайды. Физикалық тұрғыда шаршаған баланың сабақты қабылдауы нашарлайтынын ескерген дұрыс.
ҚОСЫМША БІЛІМ ІЗДЕГЕНДЕ НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? Иә, баланы қосымша сабақтарға жібергенде ата-аналар баласының барып жүрген репетиторын, қандай тақырыптар өтіп, қандай бағытта жұмыс істегенін қадағалап отыруы керек. Себебі, балаға тек үй тапсырмасын ғана шығарып беретін, өзі сабақ сұрап, түсіндірмейтін, тіпті баланы ойнатып, шоу жасап ғана қайтаратын репетитор да, орталықтар да жеткілікті. Сондықтан, репетитор таңдау, орталық таңдау маңызды. Өз әлімізше бұл тақырыпты талдап көрейік. Ата-ана құлағына, түлектер құлағына алтын сырға! Қосымша білім беру орталықтарын таңдағанда неге мән беру керек? Басты мәселе – мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды. Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады. Мектептердің бәрінің сапасы әрқилы. Мектеп сапасын ондағы мұғалімдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапасын да әкімшілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына алдана беруге болмайды. Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталыққа балаңызды беремін деп, ертең балаңыздан айырылып қалмаңыз. Әбу Насыр әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, баланы бүгінде ата-анадан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн.
СӨЗ СОҢЫ Бәсеке мен қажеттілік мәжбүр еткені рас болса да, оқушылардың жаппай орталық жағалауы, ата-ананың жаппай репетитор жалдауға көшуі – білім саласының құлдырауының көрінісі. Сондықтан, біздегі білім саласына жаңа көзқарас, адал бәсекелестік, шынайы біліктілік болғанда ғана бұл дүниеден құтылар күн болар, ал қазірше жоғарыдағы кеңестерге мән берген дұрыс. Көсіліп көп сөйлеп, ақыл айтудан аулақпын, бірақ білім беру мен тәрбие саласында жүрген соң, ескерту – қасиетті ұстаздық парызымыз. Ескере жүрсеңіз, балаңыздың ертеңі үшін керек болар. Аятжан АХМЕТЖАН, Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры, PhD докторанты |
АУАНЫҢ ДӘМІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
25.04.2019 11:10 |
Шынар Әбілдәні әлеуметтік желідегілер де, баспасөз оқырмандары да жақсы біледі. Аудармашы, журналистің жазбалары әдебиетті сүйетін жандардың да көңілінен шығып жүр. Әсіресе шетелдік жазушы, ақыл-ой иелерінің тағылым аларлық, ой түйерлік туындыларын өз тілімізге аударып, ел мен елдің арасындағы әдеби шекараны жақындатып жүр. Біз бүгін «Халық» газетінің оқырмандары үшін арнайы жолдаған бір топ аудармаларын жариялап отырмыз. Ой түйіңіздер, тағылым алыңыздар! АУАНЫҢ ДӘМІ Бір күні ұстазым менен: - Ауаның дәмін сезіп тұрмысың? - деп сұрады. Мен ашық аспан астындағы саф таза орман ауасымен кеудемді кере тыныстадым да, біраз нәрсенің аңқыған жұпарын атадым. - Өзің иісшіл екенсің. Ал, дәмін сездің бе? - деп қайта сұрады. Мен ит құсап тілімді жалаңдатып аузымнан шығардым. Ұстазыма бақырайып қарадым. - Жақсы, - деді ұстазым. Маған жымиып қарады, орнынан оқыс тұрып, жаныма жетіп келді де, аузым мен мұрнымды алақанымен жауып біраз тұрды. Оған қарсы тұру бекер екенін білдім. Бірақ аяқ-қолым менің еркімнен тыс өздігінен сереңдеп бара жатты. Ұстазым мені жіберген кезде қайтадан кеуде кере дем алдым. - Өмірдің дәмі сезіледі екен, - дедім сәлден соң. - Дұрыс айтасың. Осыны әркез сезінуің тиіс. Өмірдің дәмі суда, тамақта, басқа қызықтың бәрінде де бар. Өмір құтысынан мейлінше қанып іш, тек асықпа. Уақытынан бұрын тауысып қойма. Дұрыстап іше алмасаң, бар ырзығыңды төгіп-шашып алуың да бек мүмкін.
АРМАНДЫ ҰРЛАТУ Монти деген бала туралы хикая. Ол бала 16 жасқа келгенде өскенде кім болатыны туралы шығарма жазу керек болады. Монти арманын жазуға ұзақ ойланады, қатты қиналады. Ол ранчоның қожайыны болсам деп армандайтын. Он қандай ранчода тұрсам деп он парақты шимайлап тастайды. Барлық сарайдың, қораның, жолдың суретін салып, жоспарлайды. Тіпті тұратын үйдің де сызбасын сызады. 8000 фут квадратқа татитын зәулім ғимарат. Келесі күні Монти шығармасын мұғаліміне береді. Үш күннен кейін мұғалім қою қызылмен екілікті қонжитып, шығармасын қолына қайтарады. «Сабақтан кейін қал» деген жазу қалдырыпты. Арманы бар бала сабақ біткен соң мұғалімге келіп, не үшін екілік қойғанын сұрайды. «Өйткені, мұндай арман сен сияқты балада орындалмайды. Мұндай ранчо салу үшін саған өте көп ақша керек. Сенде ақша бар ма? Жоқ. Сен өте кедей тұрады емессің бе? Бұл арманды орындауға еш мүмкіндігің жоқ. Орындалмайтын арман. Мен саған былай дейін. Үйге бар да басқа шығарма жаз. Мынаған қарағанда әлдеқайда өмірге жақын, тез орындалатын арманыңды суретте. Сонда саған басқа баға қоятын шығармын» дейді мұғалім. Бала үйіне келеді де әкесінен ақыл сұрайды. Әкесі былай депті: «Қарғам-ау, мен бұл істе саған ақылшы емеспін. Меніңше, ол тек сенің шешімің болуы керек. Ішкі түйсігім сол шешім сен үшін өте маңызды болатынын сезіп тұр» дейді. Монти әкесінің сөзін бір апта ойланып, қорытып жүреді. Ақырында мұғалімге ескі шығармасын қайтарады. «Сіз екілікті өзіңізге қалдырсаңыз болады, мен арманымды өзіме қалдырамын» дейді. Біраз уақыт өтеді. Монти баяғыда мектепті бітірген. Ересек адам. Өзін тыңдап отырған бір топ адамға басынан кешкен осы хикаяны айтып беріп тұрған. «Мұның барлығын айтып тұрғаным, қазір сіздер аумағы 4000 фут квадраттан асатын менің жекежайымда қонақта отырсыздар, менің ранчом 200 акр жерді алып жатыр. Ал, баяғы шығарманы каминнің жоғарғы жағына іліп қойдым» - дейді ол. - Бұл хикаяның ең қызық жері – үш жыл бұрын сол мұғалім осы ранчоға 30 оқушысын әкеліп, бір апта бойы менің ранчомды мекендеді. Кетерінде ол маған: «Білесің бе, Монти, саған енді айтсам болатын шығар деймін. Сенің мұғалімің болған кезде арман ұрлаушы болыппын. Сол кезде көп баланың арманын ұрлағаныма қатты өкінемін. Бірақ сен өз арманыңды қорғай алғаныңа қуаныштымын» деді. Ешкімге арманыңды ұрлап алуға мүмкіндік берме. Кім не десе, о десін. Арманыңа қарай адымда. Жүрегіңе сен!
БАЙ мен КЕДЕЙ Баяғыда бір бай адам ел араламақ болыпты. Қасына баласын ертіп алыпты. Кішкене баласына кедей-жарлылардың қалай өмір сүретінін көрсеткісі келеді. Бірнеше күн алыс ауылдағы қыстауға барып тұрыпты. Ондағы кедей отбасы бұларды құшақ жая қарсы алып, барымен базар болған көрінеді. Үйге оралған соң әкесі баласынан сұрайды: «Біздің саяхатымыз саған ұнады ма?» деп. «Ұнады, әке» - депті баласы. «Адамдардың қаншалықты кедей болатынын көрдің бе?» дейді әкесі. «Әлбетте, әке!» деп жауап қатады баласы. «Неше күн көргендеріңнен не байқадың, көкейге не түйдің?» деп әкесі тықақтап қоймайды. Сонда баласы былай депті: «Менің байқағаным көп, біздің бір итіміз бар, олардың төрт иті бар екен. Біздің бақта кішігірім хауызымыз бар, олардың ұшы-қиыры жоқ асау өзені бар. Біздің бау-бақшада шетелдік шамшырақтар жанады, олардың түнгі аспанында мыңдаған жұлдыз самаладай самсап тұр. Біздің ауладан көшеге дейін жол төселген, ал олардың есік алдынан көкжиекке сіңіп кететін кең дала созылып жатыр. Біздің аз ғана жеріміз бар. Оны қоршап тастаймыз. Ал, олардың ұлан-байтақ алқаптары бар. Көз ұшында мұнартады. Біз азық-түлікті сатып алып ішеміз. Олар өздері өсіреді. Біздің үйдің айналасы тас қоршау. Олардың айналасы дос-жарандары». Баланың әкесі ләм-мим дей алмай, сұлық тұрып қалыпты. Сонда баласы қарап тұрмай тағы да былай деген екен: «Мен біздің қаншалықты кедей екенімізді анық түсіндім». Адам баласы көбіне қолда бардың қадіріне жетпей, өзінде жоққа құмартады. Бір адам үшін арзан көрінген дүние, өзгелер үшін бағалы сый. Бәрі де қай қиырдан қарап, қандай көзқараспен бағалауыңызға байланысты. Кейде баланың сөзі өмірде шын мәнінде не маңызды екеніне көзімізді ашады.
АДАЛ ДОСТЫҚ Мәскеулік бір оқушы мектепке бара алмайтын боп қалды. Бір апта бармады, екі... Лёваның телефоны жоқ еді. Сондықтан мұғалімдерінің тілін алған сыныптастары оны үйіне іздеп келеді. Есікті оның анасы ашады. Түрі әбіржіңкі. Балалар амандасып, достарын сұрайды: - Неге Лёва мектепке келмей жүр? Анасының қатты қайғырғаны сезіледі. Бәсең дауыспен жауап қатады. - Ол енді сендермен оқи алмайды. Оған ота жасады. Сәтсіз болды. Лёва соқыр болып қалды. Енді өздігінен жүре алмайды. Балалар бір сәтке үндемей, тым-тырыс қалды. Сосын араларынан біреуі есін жиып: - Ал, біз оны кезек-кезек мектепке ертіп апарамыз, - деді. - Үйге де шығарып саламыз. - Сабақты орындауға да көмектесеміз, - деп бір-бірінің сөзін топты бала іліп әкетеді. Анасының көзі жасаурайды. Ол баласының достарын бөлмеге кіргізеді. Сәлден соң қабырға жағалап оларға Лёва келеді. Көзіне ақ дәке таңып тастапты. Балалар тағы да тым-тырыс қалды. Достарының басына қандай күн туғанын олар енді ғана түсінгендей. Лёва әрең дегенде сөйледі. - Сәлем, достар. Осыны күтіп тұрғандай балалар жан-жақтан жамырап кетті. - Мен ертең саған келіп, мектепке ертіп апарамын. - Ал, мен алгебрадан не өткенімізді айтып беремін. - Мен тарихты түсіндіремін. Лёва кімді тыңдарын білмей састы. Бәріне басын изей берді. Анасының омырауын көз жасы жуып жатты. Лёвадан шыққан соң балалар жоспар құрды – кім келіп ертіп әкетеді, кім қай пәнді түсіндіреді, кім Лёвамен қыдырады, кім үйіне дейін шығарып салады. Мектепте Лёваның жанында отырған бала мұғалім тақтаға не жазғанын ақырындап түсіндіріп отыратын болды. Лёва сабақ айтқанда бүкіл сынып тынып қалатын. Бәрі оның бестіктеріне өзінікінен бетер қуанатын! Лёва өте жақсы оқыды. Оның арқасында бүкіл сынып жақсы оқыды. Досыңа сабақ түсіндіру үшін өзің жақсы оқуға тиіссің дегенді бәрі айтқызбай-ақ білді. Балалар қатты тырысты. Ол аз дегендей қыстың күні Лёваны сырғанаққа ертіп апарды. Бұл бала классикалық сазды қатты ұнататын. Сыныптастары онымен бірге симфониялық концерттерге баруды шығарды. Мектепті Лёва алтын медальмен тамамдады. Сосын институтқа түсті. Онда да қол ұшын созған достар тапты. Олар оның көзіне айналды. Институттан соң Лёва оқуын жалғастырды. Ақыр соңында ол әлемге танымал математик, академик Понтрягинов боп аты шықты. Жақсылық жасай білетін жандарда есеп жоқ.
Борис Ганаго, «Балаға сенім турасында» кітабындағы «Көрегенділік» әңгімесі
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ |
АРМАНЫ АСҚАҚ АСЫЛБЕК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
25.04.2019 11:00 |
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Иә, ұлылықты ұлықтаған ұлы Абай Құнанбаев атамның сөзі бұл. Жер бетіндегі барлық арманы асқақ, мақсаты айқын жандар өз алдына тұлға болып қалыптасуы тиіс. Кез келген адам «Өмір» атты дүниенің табалдырығын аттағаннан кейін өз орнын табуға тырысады, яғни өседі, өнеді, «еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, қалаған мамандығында еңбек етуге асығады. Сол бір сара жолға өз-өзін дағдылап, басқалардан дараланып жүрген дарабоз жайлы сөз қозғамақпын. Ол – Асылбек Оңғарбек.
2003 жылы 14 тамыз күні дүниеге келген ол – оқу озаты, белсендісі. Басқа балалардан Асылбек табиғатқа, елдің экономикасы мен экологиясына алаңдап, сол жөнінде жұмыс істейтіні арқылы ерекшеленеді. Талай-талай байқауларға қатысып, ауылдың атын шығарып жүрген жас талант. Орыс, қазақ, шет тілдерін жетік меңгерген. Дегенмен де, «шет тілін әлі де пысықтауым керек» дейді. Диалектісі, грамматикасы бар дегендей, ізденудің артық болмайтыны рас. Асылбек – үш тілде болатын көптеген олимпиадалардың жүлдегері. - Алға қойған тағы бір мақсатым – елімнің экономикасын жасыл экономикаға жеткізу. Әуелі туған Аралымды көркейтсем деймін. Аралдың байырғы көкпеңбек боп көк кілемдей шалқып жататын кезін сағындым. Теңіз қайта орнына келсе, елдің экономикасы артса және менің сол іске титтей де көмегім тисе, аса бір мақтан тұтар сәтім болар еді. Мен бұл бағытта осы уақытқа дейін аз жұмыс істегем жоқ, бірақ көбісі теориялық тұрғыда ғана. Ендігі басты жоспарым – осындай жобаларды іс жүзінде қолға алу. Негізгі нысаным – Қамыстыбас көлі мен жағажай аймағы. Мен жан-жақты болғанды қалаймын, саяси жағдайларға да қанықпын. Саясатты билік жүргізері анық ғой, дегенмен қолға тисе ешкімге зардап етпей жүргізермін деген ойым да бар, - дейді ол. Кейіпкеріміздің арманы – кәсіпкер болу. «Мен кәсіпкер болу арқылы өз елімде және шетелде машина жасау саласын игеріп, өркендетіп, дамытқым келеді. Елден шыққан шикізаттың барлығын шетел асырмай, өз топырағымда өндіріп, бағасын баршаға бағамдап, қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей етіп неге жасамасқа? Жастарымызды жасампаздыққа баулып, 2019 жылды Елбасымыз жастарға деп тізгінді берді. Ендігісі өзіміздің қолымызда» деген пікірімен де бөлісті. «Тұсаукесердің» басты мақсаты – әрбір балаға дұрыс жолды көрсету. Ал, «Дарынды баланың» мақсаты – кейіпкердің сан қырын ашу. Біз бүгінгі шығарылымда Асылбектің бітім-болмысына барынша үңіліп-ақ көрдік. Ізгілікті бойына сіңірген ол ізденісін тоқтатпай, білімі мен біліктілігін қатар қолданса, биік белестерді де бағындыра бермек. Жас дос, ендеше іске сәт! Гүлдана ЖОЛАМАНҚЫЗЫ
Асылбектің жетістіктері:
Диплом, «Ақ бота», 2013 жыл; Диплом, Республикалық ғылыми жобалар конкурсында І орын, 2018 жыл; Диплом, «Сыр үміттері» энциклопедиясына енгені үшін, 2017 жыл; Диплом, «Халқымның жүрегінен жыр жазамын», ІІІ орын, 2016 жыл; Диплом, «Арбат фантазиясы», «Ораторлар», І орын, 2016 жыл; Диплом, «Қайратты туған ер еді», ІІІ дәрежелі диплом, 2015 жыл; Диплом, «Табиғатты аяла», ІІ орын, 2018 жыл; Диплом, Республикалық олимпиададан ІІ орын алғаны үшін, 2015 жыл; Сертификат, «Золотое руно»; Сертификат, «British Bulldog», 2013; Сертификат, «British Bulldog», 2014; Сертификат, «British Bulldog», 2015; Сертификат, «Біздің ғұламалар», Республикалық шығарма байқауына қатысқаны үшін; Сертификат, «Человек и природа», Всероссийском игровом конкурсе по естество знанию; Сертификат, «Ақ бота», 2014 жыл; Сертификат, «Экология және балалар», 2018 жыл; Сертификат, «Табиғатты аяла», 2018 жыл; Сертификат, «А.Байтұрсынұлы атындағы ІІ республикалық байқауы», 2018 жыл; Сертификат, «Жайдарман», 2015 жыл; Куәлік, «Жас ойын технигі» 2016 жыл; Алғыс хат, «Балдәурен»; Мадақтама, Аудандық олимпиададан ІІ орын, 2016 жыл; Мадақтама, Пневматикалық винтовкадан оқ ату, І орын, 2019 жыл; Мадақтама, «Туады ерлер ел үшін», жыршылар байқауы, І орын, 2015 жыл. |
МҰРА |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
25.04.2019 10:55 |
Сегізінші класта бізге әдебиет пәнінен Өздебай ағай сабақ берді. Өзінің айтуы бойынша, осы бір пәннен дәріс оқытқанына он жылдан асыпты. Бұрын: “Өздекең сегізінші кластың әдебиетін басынан аяғына дейін үтір, нүктесін айта отырып, жатқа соғады”, - дейтінін еститінбіз. Жарықтық, талай жыл өтсе де түрлі себептермен сол конспект менде әлі күнге дейін сақталыпты. Ол: “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан, елден-елге ауыз арқылы тарағандықтан, ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ол кезде жазу, сызу болмаған. Өлең, жыр, дастан, хикая атаулы ауызша шығып, ел-жұртқа ауызша таралған...” - деп басталып, тарау-тараумен тарамдалып кете баратын. Бірде сегізінші класты тамамдап қалған өзімнен он бес жас кенже інім: “Аға, Өздебай ағайдан жыл бойы сабақ жазып бекер әуре болыппын ғой, кеше сандықтың түбінен сіздің бір кезде жазған конспектіңізді тауып алып, салыстырып көріп едім, сөзбе-сөз айнымайды-ау айнымайды. Бір сөз, бір сөйлем өзгерсейші”, - деп, жаңалық ашты. ...Көп уақыт өтпей, ағайымның сегізінші класта оқитын баласының әдебиет дәптерінің алғашқы бетін ашып едім. “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті”, - деп басталған абзац көзіме оттай басылды. Ескі досыммен кездескендей, көзден еріксіз бір-екі тамшы жас та шығып кетті. ...Бірде өзімнің сегізіншідегі ұлымның сабағына қатыстым. Әдебиет пәнін оқытатын өзіміздің баяғы Өздекең. Жаңа оқу жылдарымен құттықтап, бірден сабақ жаздыруға көшті. Баяғы заманда сабақты бізге қаққан қазықтай түрегеліп жүріп айтатын, қазір отырған қалпы қағазына қарап оқитын болыпты. “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан...”. Оқушылар жапа-тармағай жазып жатыр. ...Бірде өзімнің қырықтан асқанда көрген кенжемнің класында отырдым. Тағы да баяғы Өздекеңе тап келіппін. “Фольклор дегеніміз”, - дей бергенде, ары қарай тыңдауға шыдамым жетпей шығып кеттім. Балам: “Өздебай ағай, сабағынан сіздің шығып кеткеніңізді де байқамады”, - дейді. Жақында немерелеріміздің бақытына Өздекең де құрметті демалысқа шықты-ау, әйтеуір. Дүрілдетіп той жасады. Қуанғанымыздан тойына да бардық. Орнын институт бітіріп келген баласына беріпті. Тойда әкесі мұраның үлкені деп, өмір бойы ұстап келген конспектілерін баласына сыйға тартты... Ертеңінде есік алдында отыр едім, қаздиып киінген бір бала сәлем берді. Сөйтсем, мектепке бет алған Өздекеңнің кешегі баласы екен. Қолындағы әкесі сыйлаған “мұра” көзіме оттай басылды. Қайтейін: “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті...” - деп күбірлеп, келер жылы мектепке барғалы отырған немеремнің басынан сипап қала бердім. Берік САДЫР, Нұр-Сұлтан қаласы |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>