Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

Агротехколледж ұжымы ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы «Nur Otan» партиясының съезінің шешімін қолдайды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.04.2019 16:10

Бүгін И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің шешіміне қолдау білдіру туралы жиын өтті. Колледж оқытушылары мен студенттері бас қосқан жиында кезектен тыс Президент сайлауының өту маңыздылығы туралы айтылды.

- Еліміз Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен айтарлықтай жетістікке жетті. Экономикамыз дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайы түзелді. Ең бастысы, бірілгі бекем, дамуы тұрақты мемлекет ретінде дүниежүзіне танылдық. Осы орайда Елбасының саяси жасағы ретінде «Nur Otan» партиясының да өзіндік орны бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан, біздің колледж ұжымы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің  кезектен тыс Президент сайлауына өз кандидатын ұсыну туралы шешімін толық қолдайды,- деді колледж директоры Ибадулла Құттықоджаев.

Жиын барсында колледж оқытушылары биыл сайлауға алғаш қатысқалы отырған студент жастарға сайлаудың маңызы мен  ережелері туралы түсіндірді.

-Әрбір жас қоғамда болып жатқан кез келген қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауы тиіс. 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Сондықтан, мәңгілік ел болуға ұмтылған жасампаз елдің жастары алдағы саяси науқанда жастық жалын жігерін көрсетіп, тарихи оқиғаның жай куәгері ғана емес, қайнаған жұмыстың ортасында жауапкершілік танытып, ел мүддесі, тұрақтылығы үшін бір кісідей сайлауға қатысуы қажет,- деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Сайдулла.

Жалпы, жиын соңында коледж ұжымы бір ауыздан «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінің кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ұсыну туралы шешімін қолдайтындықтарын айтты.

 


ТАҢДАУ ТОҚАЕВҚА ТҮСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.04.2019 12:05

Парсылардың әйгілі патшасы Кир бір күні түс көріпті. Түсінде аяғының астына шуағын төгіп тұрған жарық күн енеді. Ол күнді үш рет ұстамақ болып, құшағына қысуға ұмтылғанымен, күн үш ретте де оның құшағынан сытылып шығып кетеді де, домалаған күйі алыстай береді. Өзіне ұстатуға мүмкіндік бермеген бұл күннің сырын ашпақ ниетпен көріпкелдерге жүгінген екен. Іздеген адамы да табыла қалады. Содан патша түсінбестік түр танытып, бір жағынан уысына түспеген күнге ренжіп, түсінде көрген жайттың бәрін алдына келіп тұрған түс жорушыға баяндайды. Сонда­ көріпкел:

- Сіз отыз жыл патшалық құрасыз, - деп жорыған екен.

Шынында да Кир патша отыз жыл бойы әмірін жүргізеді.

Бұл түсті біздің елде біреудің көрген-көрмегенінен хабарымыз жоқ. Дегенмен ел билігі 30 жылда жаңаша сипатқа ие болып, тың жаңалықтармен толысып жатқанының куәсіміз. Бұл туралы бүрсігүні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде тереңінен сипатталды. Басқосудың түпкі мәні – алдағы сайлауды  пысықтау.

Тәуелсіздіктің таңы енді атқан­ тұста елдің ахуалы қандай екенін көзбен көргендер біледі. Күл шығарып, отын тасып, от жағып, көмір арқалайтын кезең көгілдір отынмен алмасты; арба итеріп, су тасып, иінағаштың иыққа түскен іздері бүгінде әр үйге келіп тұрған ауызсумен толық­ты; бір хабарды жеткізу үшін пошта жағалап, жеделхат жолдап, хат жазатын уақыт жедел­дікпен жеңілдетіліп, ақпараттық технологияға арқа сүйеді. Халық еңбекақысын тауар түрінде алса, қазір ақшалай аударымдармен оңтайландырылды, тағысын тағы. Осының бәрі – егемендіктің жемісі мен жеңісі. Ендігі президент осы қалыпты сақтап, шеңберден аспай, тұрақтылық пен бірлікке жауап беруі тиіс. Ал кезектен тыс жиында тұңғыш президент не айтты? Сайлауға  кімдер  түседі?

Ел арасындағы алыпқашпа әңгімелерге шек қоятын тос­қауыл да, тор да жоқ. Бірі Тоқаев­ты «тордағы арыстанға» теңесе, Елбасының үлкен қызын «ел адамы» ретінде қабылдап жүр. Дөп басып айтып отырған ешкім жоқ. Анығы, ел таңдауында. Айтпақшы, Н.Назарбаевтан да президенттікке үміткер ретінд­е сайлауға түсуін сұрап жат­қандар  аз  емес екен.

- Отыз  жыл  бойы Қазақстан маған жоғары лауазымды қызметті сеніп тапсырды. Мен өзіме заманауи Қазақстанды сіздермен бірге құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қандай қиын кезеңдер болмасын, менің халқым әрдайым маған­ және менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, соңымнан ерді. Соның арқасында біз көптеген жетістіктерге жеттік. Менің өз халқыма деген алғысым шексіз, - деп сөзін қорытындылады Н.Назарбаев.

Елбасы қазіргі президент өзіне сенімді серік, жауапкер­шілігі мол жақтасы екенін айта келіп, сайлауға партияның атынан­ Тоқаевты президент­тікке басты үміткер ретінде ұсынаты­нын  мәлімдеді.

- Тоқаевтың  тәуелсіз  Қазақстанға қандай еңбегі сіңгенін баршаңыз білесіздер. Қасым-Жомарт Кемелұлы көп жылдар бойы еліміздің Сыртқы істер министрлігін басқарды. Оның дипломатиялық тәжірибесіне БҰҰ да жоғары баға берді. Сол сияқты 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін, ел экономикасының қайта тік тұруына­ атсалысты. Ол ел билігін­де болған сәтте Қазақстанда бірқатар маңызды ре­формалар жасалып, 2000 жыл­дары  «Тұрғын үй  құрылыс жинақ банкі» өз жұмысын бастады. Ол сондай-ақ менің ұлт­тық қор құру туралы идеяма да қолдау көрсетіп, маған сенімді серік бола білді. Сондықтан алдағ­ы президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасы лайық деп ойлаймын, - деді Елбасы.

Жөн-ақ, соңғы кезде халықтың көкейінде жүрген бір сауал бар. Иманғали Тасмағамбетовтың президенттікке кандидат бола алмауына себепкер болған елшілік жұмысы хақында. То­қаев та БҰҰ-да жұмыс істеген. Кандидаттарға қойылатын та­лапт­арды нақтылау үшін президент ҚР Конституциясының  41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш берді. Ата Заңның бұл бабында «Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін» делінген. Өтініш беруші азаматтың елден тыс жерде тұрған уақы­тын аталған мерзімге есептеу мәселесін түсіндіруді сұрады.

- ...Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуел­сіздік алдындағы басты парызымыз!  ...Кеңес Одағының құрсауынан шыққан Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айнал­ды. Тұрақтылықтың, татулық­тың, тұтастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды. Тарихтың жаңа тарауын бастағ­ан Егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты. ...Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын! - деді президент Қ.Тоқаев.

Съезд соңында қорытынды сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, қалжыңмен қағытып алды. «Қасым-Жомарт Кемелұлын емес, қайтадан мені сайлағалы жатқан сияқтысыздар» деген  әзілінің астарын әрқалай түсінушілер бар. Дегенмен, «Тоқаевты президент етіп сайлап, оған қолдау көрсетейік. Тұрақтылық пен татулық керек, жоқ дегенде қазақ халқының татул­ығы керек. Президент басшымыз біреу, бәріміз тіреу болуы­мыз  керек. Алдағы сайлау Қазақстан үшін маңызды» деп сөзін түйіндеп, көзіне жас алды.

ҚР Орталық сайлау комис­сиясының сейсенбі күнгі мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 маусымында кезектен тыс өтетін президент сайлауына әзірге «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігі ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевтың, «Ұлы Дала Қырандары» Республикалық қозғалысы» республикалық қоғамдық бір­лестігі Түгел Сәдібектің құжаттарын  ұсынды.

Н.ҚАЗИ

 


САХНАДАН САЯСАТҚА «СЕКІРДІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.04.2019 12:00

Ал саясатта сахна жоқ. Есесіне рөл ойнайтын артисі де, қоюшы режиссері­ де жетіп артылады. Кім қай образға енемін десе, шек те, шектеу де аз. Бастысы, «жаңылтпаш» айтудан жаңы­лыспау.

Күн санап саясат сатираға бейімделіп бара жатқандай. Бәлкім сатира саясатты өзіне икемдеп алды. Жә, екі саланың да оңып тұрғаны шамалы. Кейіп­керлері де кейінгі кезде келте тонға­ құмартып кетті. Бұған айқын дәлел де жоқ емес. Айдың басынан бері Украинадағы президенттік сайлау додасы­нда бәске түсіп жатқан кандидаттар да – осы сахнасы жоқ саясаттың артистері.

Ал жеңіске жетіп тұрған В.Зелен­ский – нағыз сықақшы. Бұрын алақанынан ақша аңқитын Д.Трамп АҚШ президенттігіне кандидат бол­ған­да да алыпқашпа әңгімелер желдей­ ескен еді. Ол кезде де алпауыт құр­лықты ақша билейді деп қауіп­тенгені­міз  есімізде, бұл жолы Украинаны  әзілкеш билегелі  тұр.  Ал  Қазақстанды...

Әу бастан алда келе жатқан Владимир Зеленскийге шетелдік сарапшылар оң бағасын бере қойған жоқ. Петр Порошенконың басты оппоненті саналған ол қазіргі күні жеңісін тойлап, жақтастарына алғысын жаудырып жатыр. Ал үшінші тұлға Юлия Тимошенко әзірге үштікті түйіндеп ғана тұр. Жеме-жемге келгенде сықақшыға күле қарағандар Порошен­коны әбзелден сырғып түседі деп ойламаса керек, соңғы сәтке дейін тартысты. Халықтың 85 пайызға  жуығы  дауыс берген президенттік  сайлауда халықтың дауыс беруі үшін 199 сайлау округі­ мен 29 мың сайлау учаскесі белгіленген. Дауыс­ беру процесін қадағалағандар қата­рында 15 халықаралық ұйым мен 16 мемлекеттің бақылаушысы бар. Президент болуға үміткер  39-дың ішінен суырылып алға шыққан фавориттер Петр мен Владимирдің саясаттағы  тағдыры  қызу талқыға  түсуде.

Татьяна Слипачук, Укра­ина орталық сайлау комиссиясының төрайымы:

– Дауыс беру проце­сіне қауіп төндіретіндей бірталай әңгіме айтылды. Тіпті күш қолдану сценарийі де қарастырылды. Бір айта кететіні, дауыс беру күні ғана емес, саяси науқаннан кейінгі түнде де учаскелік сайлау комиссиясы дауысты есептеу кезінде ешбір ереже бұзушылық тір­келмеді.

Вадим Богаев, Киев тұрғыны:

– Менің ойымша, бұл сайлау үшінші майданның бір формасы сияқты өтті. Себебі дәл қазір біздің ел алдағы 10-15 жылдағы болашағымызды, яғни біздің балаларымыз бен немерелері­міз қандай елде тұратынын айқындап жатыр. Өз басым бұл сайлауды оң бағалап отырмын.

Елена Адаменко, Киев тұрғыны:

– Алдағы сайлаудың нәтижелері қандай бо­латынын білмейміз. Дегенмен үмітсіз шайтан дегендей. Зеленский алға шығып кетті, біз басқа үміткер озса деп едік. Дей тұрғанмен, бәрі де жақсы болады деген үмітеміз.

Бұл да – ойын. Екі жеп биге шығу бар да, керісі­нше, қарсыласыңның ұпайын толтыруға жол ашу. Ал украиндықтардың басты күмәні мен күдігі – әзілкештің саясаттағы орнының бекуі. Ал бұл күдіктің басын сейілтуді Зеленский өзі­нің сайлауалды бағдар­ламасында-ақ жеткізген. Басымдықты барлық тұт­қындарды Украина аумағына қайтаруға бағыттап отыр. Тіпті Минск процесімен жұмыс істеп, кадрлық өзгерістер әкелуді, Донбастағы алауды тоқтату үшін ақпараттық соғыс бастауға әзір екен­дігін жеткізген. Бірақ, қос кандидаттың дауыс есептелуі ұсынған бағ­дарламаларына қатысты ма, немесе әлдебір саяси ықпалды күштің әрекеті­мен анықталып жатыр ма, шындықтың бетін ашу әзірге оңай емес. Белгілісі, Украинаның орталық сайлау комис­сиясы елдегі президент сайлауының екінші турында берілген дауыстардың жартысын санап үлгерді. Саналған 50 па­йыздан астам бюллетеньдердің қорытындысында В.Зеленскийге халықтың 73, ал П.Порошенкоға  28 пайызға жуығы дауыс берген. Соңғысы сайлауда жеңілгенін мойын­даса да, қадамын саясаттан алшақ баспайтынын мәлімдеді. Негізі сайлау мерзімі айдың аяғына дейін жалғасуы тиіс еді. Алайда экзит-полл нәтижесі бойынша жеңімпаз есімі әлемді шарлап кетті.

- Мақсатымызға жет­тік! Маған қолдау көрсеткен ата-анама, жұбайыма үлкен алғысымды білді­ремін. Командама, сарапшыларға, заңгерлерге, бақылаушыларға, бәріңізге рақмет, - деді Украи­наның әлі ант қа­былдамаған президенті В.Зеленский экзит-полл нәтижелерінен кейін.

Ал «Times» газетінің жазуынша, жаңа президент Зеленскийдің тұ­сында Украина Батысқа жақындай түседі. Яғни, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да еуропалық елдермен байланысын одан әрі нығайта түспек. Зеленский сайлау штабының өкілі Д.Разумков жаңа президенттің ЕО пен НАТО-ға мүше болу­ға референдум өткізуді жоспарлап отырғанын баяндаған. Ал арқа тұста тұрған Кремльмен жұ­мыс істемеу және мүмкін емес. Украиналық саясаттанушы Владимир Фесенконы елінің Мәс­кеумен байланысы емес, жаңа президенттің саясаттағы толыққанды тәжірибесінің аздығы алаңдатады. Сол себептен де «Саясаттағы тәжі­рибесіздігінен Зеленский Путиннің тұзақ­тарына түсіп қалуы бек мүмкін» деген алаңдаушылығын анық жеткізді.

Украинаны 2014 жылдан бері тізгіндеп келген Порошенко да елінің қауіпсіздігін ойлайтыны анық. Ол «Владимир Зеленск­ий халықаралық қарым-қатынастарда Украина­ның атынан шешім қабылдауға, әсіресе, Ресей президентімен келіссөз жүргізуге дайын емес. Путин әлсіз, жұмсақ, тәжірибесіз, сая­си шешім шығаруға қабілетсіз адамның Украина президенті болғанын арман­дайды» деген тоқтамға келіп отыр. Әзірге саяси ойынның Украинадағы жеңімпазы анық. Ал әлемдік текетірес­тердің өз алдына бөлек екені тағы аян. Жаңа президент мамыр айында ант береді, Зеленскийдің сахнадан саясатқа «се­кіргені» сахналық қойылым ба, шын мәніндегі саяси өзгеріс пе?  Әзірге  белгісіз.

О.МӨҢКЕ

 


Әйелдер-ай... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 11:58

Бар тірлікті бітіретін бір өзі,

Әйелдердің момын дейді мінезі.

Жаңалықты елден бұрын еститін,

«Өнерлері» өз алдына жыр өзі.

 

Әйелдерді өте дейді сезімді,

Қарсы келсең, көтеретін сөзіңді.

«Төрт аяқтап» кейде келсең үйіңе,

«Әлдилеуден» жалықпайтын, төзімді.

 

Билетпейтін мүмкіндікті басқаға,

Бойларында бар қасиет басқа да...

Алтын, гауһар, лағыл, қымбат бұйыммен,

Әйелдерді жақын дейді ақшаға...

 

Сәнденуге тапшы болса тиыны,

Мәселенің туындайды қиыны...

Қас қағымда «дауыл» тұрып әп-сәтте,

«Көкке бірден көтерілер құйыны...».

 

Сонда құрып ер кісінің амалы,

Сабасына сәл-пәл түсер шамалы.

«Бұрқыраған боран күні» бұндайда,

Сабырлыққа келу керек саналы.

 

Әйелдерді еркектермен тең дейді,

Арасында тең емесі кем дейді.

Ашуланып, «аттың басын жіберсе...»,

Ерегісіп, ешбір пенде жеңбейді.

 

Тұрмыс кілті тура қазір соларда,

Түрлі салмақ түсіп жатыр соларға...

Күндіз-түні күнкөрістің қамы үшін,

Жүріп-тұру оңай емес оларға.

 

Тәңірінің таңы атса арайлы,

Тұра сала сәбиіне қарайды.

«Малыш»-ының маңдайынан бір сүйсе,

Шаршағаны сол сәтте-ақ тарайды.

 

«Әйелдерді еркектерден көп дейді» (М.М.),

Ұрыспаса, бола берсін көп мейлі.

Арамызда туған Айдай толықсып,

Күнде шуақ шаша берсін тек мейлі!

 

Әзілқазы   БЕК

 


БАСШЫЛЫҚТАН – ОРЫНБАСАРЛЫҚҚА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.04.2019 11:55

 

 

Бұдан аттай алты жыл бұрын облыс билігінде орын алған ауыс-түйіс кезінде, нақтысы, 2013 жылдың ақпан айында ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Әлназарова облыс идеологиясының тізгінін ұстағанда, таңданғандар аз болмады. Содан бері екі жылға таяу уақытта, сол жолғы тағайындау барысында аймақ басшысы айтқанындай, саяси технологияларды меңгерген тәжірибелі маман облыстың денсаулық сақтау, білім және ғылым, дін мен тіл, жастар мен ішкі саясат, әлеуметтік, мәдениет мәселелеріне бас қатырды. Кезінде облыстың бас педиатры, сосын бас дәрігері болып, кейіннен медициналық колледж директорлығынан бірден жоғары лауазымды орынтаққа көтерілген А.Шәріпбайқызы 2014 жылдың күзінде облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат ретінде тіркелгенде, оның  тағы  бір  «құтты  орынға»  баратынын ішіміз  сезген.

Дәл солай болды. Өйткені 2012 жылдың 15 қаңтарында №8 Төретам сайлау округінен халық қалаулысы атанып, бес күннен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы қызметіне сайланған  Бекмырза  Еламанов  2014 жылдың 1 қазанында жергі­лікті әріптестерінің (депутаттардың – ред.) басым дауысымен ҚР Парламенті Сенатының  депутаты атанып, екі бірдей орынды босатып кеткен-ді. Бірі – Төретамнан сайланған облыст­ық  мәслихаттың  депута­ттық мандаты, екіншісі – об­лыстық мәслихаттың  хатшылығы.

«Жетімсіреп» қалған сол қос орын­ға баруға ешкімнің батылы барма­й тұр ма?» деген әңгіменің де шығатыны – сол кез. Тіпті, «кім болса­ да, қазіргі сенатор Еламановтың депута­ттық орнын басқан үміткер облыс­тық мәслихат хатшысы орнын да басады» деген болжамның жасал­ғаны да – сол кез. Сол «сценарий» Ақмарал Шәріпбайқызының жолында айна қатесіз қайталанғаны рас. Үш кандидат үмітін үкілеген сол тұстағы сайлауда (2014 жылдың 7 желтоқсанында – ред.) Әлназарова қарсыластарынан 82,8 пайызбен (10027 дауыс­) басым түсіп, депутат болып тіркелді. Арада бес күннен кейін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен облыс­тық мәслихаттың 33-сессиясы өтті. 2015 жылдың бюджеті нақтыланған сессияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау болды. Аймақ басшысы бұл лауазымға бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін ат­қарған, кеше ғана депутат болып сайла­нған А.Әлназарованы ұсынатынын хабарлады. Ол А.Шәріпбайқызының өмір жолын баяндап, қай қызметте болмасын, білікті де білімді тұлға екенін дәлелдей білге­нін, соңғы қызметінде әлеу­меттік сала жұмысын үйлес­тіруде жақсы қырымен көз­ге түскенін жеткізді. Заңға сәйкес ұсыныс жасау үшін мемлекет басшысы мен президент аппараты жетек­шісінің келісімі алынғаны айтылды. Тіпті, А.Әлназарованың мәслихат хатшылығына лайық екенін бірқатар депутаттар да өз сөздерінде атап өтті. Артынша дауыс беру рәсімі өтіп, депутаттардың барлығы да оның кандидатурасын қолдап дауыс берді.

«Халық» газетінде «Орынбасарлықтан – хатшылыққа» деген тақырыпта мақала жазғанымыз да – сол тұс. Бір қызығы, ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Шәріпбай­қызы бұл қызметте ұзақ отырмады. Бір жылға жетер-жетпес уақытта «дағдар­ған» денсаулық саласына қайтып келді. Яғни 2015 жылдың қарашасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. Бұл келісті біреулер жөн көрді, енді бірі бас шайқады. Ол облыс басшылы­ғының саяси технолог, ұтымды ұйымдастырушы деп артқан сенімін барын­ша ақтауға тырысты, қаржы тарты­п, саланы жабдықтауда қолдан келгенінше жұмыс жүргізді. Бірақ, салада күрмеулі мәселелердің әлі де көп екенін жасыра алмаймыз. Жаңа жүйеге көшкенімен, оны дәрігерлер де, тұрғындар да тиянақты түсініп жүрген жоқ. Осындай әуре-сарсаңы көп саланы 3,5 жылдай басқарған басшы­ тағы бір «жүріс» жасап, жаңа бір қызметке келді. Сөйтіп, А.Әлназарова енді басшылықтан орын­басарлыққа барды. Өткен бейсенбіде­ 48 жастағы медицина ғылымдарының докторы «Nur Otan» партиясы Қызыл­орда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл кетісті де әр саққа жүгіртіп жатқандар бар. Бәрін былай қойғанда, бұл келісті білікті де білімді, өзіне тиесілі сала жұмысын үйлестіруде жақсы қырымен таныл­ған тұлғаға алдағы аса маңызды саяси науқан – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын шашау шығармай алып шығуда, жетекші партияның пәрме­нін арттырып, салмағын еселеуде сенім білдіру деп қабылдағандар да аз емес. Оны уақыт көрсетеді.

Ендігі бас қатырғы – «облыстың бас дәрігері кім болады?» деген сауал...­

Н.АҚПАН

 


ДИРЕКТОРДЫҢ «ДИРЕКТОРЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
25.04.2019 11:50

Жұбайым екеуміз жабылып жұмыс іздедік. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. «Бос орындар жәрмеңкесінің» нешеуіне қатыстық. Түк нәтиже болмады. Одан қалды, апта сайын «Кому? Что?» газетін парақтаймыз. Жұбайымның мамандығы – мұғалім. Сөйтіп, жүріп біраз уақытты өткі­зіп алдық. Қарыз қысып, жағаға жармасты. Несін айтайық, ақшадан тарығып кеттік. Ара-тұра қолдан келген майда-шүйде шаруа­ларды істейміз. Күнделікті тапқан бес-он тиыннан береке бола ма? «Қиналып жүріп арық қазсаң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімізді жұбатып қоямыз. Не болса да, тұрақты жұмысқа ор­на­ласудың қамына кірістік.

Бір күні интернеттен Enbek.kz дейтін портал тауып­ алдық. Жарықтық, жұбайым маған: «Интернетте бос жұмыс орындары тұр екен ғой. Неменеге әр мекеменің есігін тоздырып жүр­міз. Көрсетілген  мекенжайға түйіндеме жібере салсақ, болмай ма? Өздері мамандығым сәйкес келсе, шақыратын шығар...», - деді, құдды қазір бір директор қоңырау шалып, «тез жұмысқа кел» дейтінд­ей. Айналдырған жарты сағатта порталға тіркеліп, бірнеше мектеп пен балабақшаға түйіндеме жол­дад­ық. Бір шаруаны бітір­гендей боп, қатқан нанды қызыл шайға батырып ал­дырып отырмыз. Үстелдің бір шетінде – несие қағаз­дары. Бір шолып өттім. Несиен­ің кезекті төлем күні де жақындапты. Тағы да біреу­ден  қарыз  сұрап, жабу  керек­. Жағдай  осы  енді...

Туыстығымыз алыстау ағайымыз бар-тын. Бір ба­сына жететін беделі бар. Тамыр­-таныстары да тәуір қызметте істейді. Өткенде өтініш айтып кеткенбіз. «Осындайда-осындай, келі­ніңізге жұмыс іздеп жүрміз» деп. Айттық. «Жұмыс болса, болды, болмаса, тәуекел» дегенб­із. «Жазған құлда шаршау жоқ». Бүгінде біреудің мәселесін біреу тыңдай ма? Ол кісінің қолынан келмесе, өкпелейтін де ретіміз жоқ екені белгілі дүние ғой.

Кенет телефон безілдеп сала берді. Ағамыз екен. Тұтқаны көтергенім сол еді, сөзге  келместен:

– Інім, маған жолығып кетші, - деді де, қоя салды.

Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Өйткені о кісі маға­н қатысты маңызды мәселе болғанда ғана қоңы­рау шалатын. Жұбайыма «Ағам хабарласты. Саған жұмыстың  реті шығып тұр­ған сияқты» дедім де, асығыс-үсігіс киініп, үйден шығып кеттім. Ағама асығып барамын. Әншейінде бір-бірімен жарысып жүрген қоғамдық көлік те өгіз аяңмен келеді. Межелі жерге жарты сағатта жеттім-ау! Ағама жолықтым. Ол менің өтінішім орындалатынын айтты. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мәтелді есіме салды. Арғы жағы түсінікті ғой. Бір директордың нөмірін берді де:

– Інім, шаруа былай. «Ставка» – 500 мың теңге. Мына нөмірге хабарлас. Менің інім екеніңді айт. Қалған­ын өзі түсіндіреді, - деді де, құлағыма сыбырлап:

– Кабинетінде  ақша  тура­лы әңгіме қозғама, - деп қа­таң  ескертті.

Келістік! Шаруа шешілді! Екеуміз екі жаққа кеттік. Бірақ «табақтай 500 мың теңген­і қайдан табамын?» деп ойланыңқырап қалдым. Тәуекел! Әдеттегідей тағы да «қиналып  жүріп арық қаз­саң, жүгіріп жүріп су ішесің» деп өз-өзімді жұбаттым. Екі­ұда­й күймен үйге келдік. Бәйбі­шем есіктен кірер-кір­местен  «жұмысқа тұрам ба?» деді.

– Иә...

– Рас па?

– Рас... Бірақ 500 мың теңге  сұрап  тұр, - дедім.

Айтқаным сол-ақ еді, жаңа ғана күндей күлімдеп тұрған келіншегім бұлттай бұртиып шыға келді. Қысқасы, 500 мыңды іздеуге кіріс­тік. Әрі ойланып, бері ойланып несие аламыз деп шешім шығардық.

Келесі күні  кредит ал­дық. Жарықтық, банк те «ақ­көңіл» екен. Біз – сұрадық. Ол – берді. Тек кейін оның бәрін өтейтінің өкінішті. Ақша –алақанда. Директорға хабарластық. Шаруамыздың ұзын-ырғасын баяндадық. «Маған жолығып кет» деп қысқа қа­йыр­ды. Алып-ұшып бардық. Таксимен...

– Enbek.kz дейтін портал­ға бос орынды ұсынамыз. Жұбайың түйіндемесін жі­берсін. Қалғанын көрер­міз, - деп жылы шыраймен шы­ғарып  салды.

Біз «Әй, сол «көрерміз­дің» астарында біраз шаруа бар ғой» деп топшыладық. Көп  ұзамай жоспар бойынша Enbek.kz дейтін порталға айтылғ­ан жұмыс жарияланды. Түйіндеме жібердік.

Кешкілік  бейтаныс нө­мір қоңырау шалды. Сөйтсем, әлгі директор:

– Інім, мен директормын. Бірақ, менің де директорым бар. Оларға ескерттім. Сенің «орамалыңды» онымен бөлі­семін. Тездет, - деді де тұтқаны  тастай  салды.

«Құдай-ау, біз бұ кісіні әжептәуір директор деп жүрсек, бұның да директоры бар  екен-ау!» дейміз.

«Бір істі қолға алдық ғой. Соңына дейін жеткізейік» деп «орамалымызды» екіге бөліп  жатқаным сол еді, істеп жүрген тірлігімнен ұялып, ұйқымнан шошып ояндым...

Абырой болғанда мұның бәрі түсім екен.

 

Асан  ДӘУЛЕТ

 


БАС МҰҒАЛІМ ТҰРАҚТАМАЙ ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.04.2019 11:40

Қала әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс­тердің жиі орын алатындығын бұған дейін де жаздық. Айға жетпей бір бөлімнен келес­і бөлімге ауысып кеткенді де көрдік ғой. Не сиқыры барын қайдам,  шаһарда­ осындай кілт өзгерістер көбейді. Тіпті, қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай да өз қызметінен кетті. Ол аз десеңі­з, жақында ғана облыстық білім басқарм­асынан қалалық білім бөліміне басшылыққа келген Ақзира Қасымова (суретте)­ небәрі бір айдан соң өз еркімен жұмыстан шықты. Мұны аталған бөлімнің мамандары да растады. Қысқасы, облыстың бас шаһар­ына бас мұғалім тұрақтамай тұр. Нелікте­н?

Қала бюджетінің бақандай 40 пайызы жұмсалып жатқан білім саласының иінін де, иірімін де, екпінін де, тепкінін де, бұрылысын да, құбылысын да жіті меңгерген маман бар ма? Болса, қайда?

Айталық, соңғы 4 жылды мысалға алайық­шы. Аталған уақыт ішінде білім бөлімінің  3  рет  басшысы  ауысыпты. 2015-2017 жылдары бөлімге Асқарбек Есжанов басшылық еткені мәлім. Ол тиісті жұмыстардың барлығын қоғадай жапырып, түйткілдердің түйінін түгел тарқатты дей алмаймыз. Өз деңгейінде орындады.  Содан­ соң онда Ақсуат ауылдық округінің әкімі болған Ақарыс Нұрсейітов жайғасты. Шыны керек, оның тұсында қала әкімі мен тұрғындар тарапынан білім бөліміне сын жиі айтылды. Неге екені белгісіз, қаланың бұрынғы бас мұғалімі соңғы уақытта «ұшты-күйлі жоқ». Бейресми деректерге сүйенсек, білім бөлімі басшысының көрінбей кетуіні­ң басты себебі денсаулық жағ­дайына байланысты екен. Қайда бар­ғаны да беймәлім. Ал басшылық қызметті оның орынбасары Жанат Хамитбекова уақытша атқарды. Бірақ басшылыққа тағайы­ндалған  жоқ. Шамасы, Ж.Ұбайдуллақызы шаһар  басшысының  сенімінен  шыға  алмаса керек.

Жасырып қайтейік, көпшілікті бұл орынға кімнің келетіні қызықтырды. Әркім өзінше болжам жасады. Ақыры қала әкімінің таңдауы Ақзира Бақтыбайқызына түскен-ді. Айтпақшы, осы тағайындауға өзіміз де қатысып, елді құлақтандырдық. Нұрлыбек Нәлібаев білім саласында табаны­ күректей 20 жылға жуық еңбек еткен­  Ақзира  Қасымоваға:

– Оқу жылы да аяқталуға жақын. Оқушылардың білім деңгейін басты назарда­  ұстап, бітіруші  түлектердің ҰБТ-ға дайындығын ширатып, қаламыздың білім саласын бұдан да жоғары деңгейг­е көтереді деп сенемін, - деген еді.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, аттай қалап алдырған Ақзира Қасымова да бұл орынға тұрақ­тамады. Қандай құдірет барын білмейміз, белгілісі, білім бөлімінде ел естімеген бір гәп бар-ау! Әйтпесе, қызметтің бірқатар сатысынан өтіп, білдей облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін  атқарған  А.Қасымоваға қалалық бөлімнің жұмысын жандандыру не тұрады?­

Айтпақшы, жақында қаладағы 54 мектепте көпбалалы және аз қамтылған отбасыла­рдан шыққан балаларды тегін тамақпе­н қамтамасыз ету құқығы бұзыл­ғандығын облыстық прокуратура анық­таған еді. Сөйтіп, қалалық білім бөлімінің 2  лауазымды  қызметкері  жауапқа  тартыл­ған  болатын. Қазақы тәмсілге салсақ, су жаңа басшының қызметтен кетуіне «ат аунаған  жерде  түк  қалар» дегендік себеп­ші емес пе екен?!

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАУЫ – ҮЙЛІ БОЛУ мен ҮЙ БОЛУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.04.2019 11:30

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желідегі парақшама былай деп жазған едім. «Жастар жылында» жас­тардың қалайтыны – үйлі болу мен үй болу! Басқа ештеңе емес! Конференция, форум, флешмоб, т.с.с. іс-шаралардың құны көк тиын. Қаңғып жүрген қазақ жастарының баспаналы болуына жағдай жасалсын! Сосын жастардың басым бөлігі қаражатының жоқтығынан үйлене алмай жүр. Ең төменгі пайызбен кредит алуына мүмкіндік жасалса, өздері-ақ төлейді ғой. Менің айтарым – осы!».

Бұл пікіріммен жастарды несие алуға үгіттеп, банктерге жарнама жасап жатқан жайым жоқ. Мұндай мәселенің бар екенін жоққа шығара алмайсыз. Әрі менсіз де алынатын несие алынып-ақ жатыр. Төленетіні төленіп те...

Тұңғыш Президентіміз Н.Назар­баев өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Әне-міне дегенше мұның 4 айы да өте шықты. Әдепкіде әлеуметтік желіде­ әртүрлі пікірлер жазылып жатты. «Аты ғана емес, заты да жастарға арналса ғой» деген арман-тілектер айтылды, ұсынылды. Шыны керек, жастарды қолдау науқа­ндық нәрсе емес. Ал, бір жылда адам сенгісіз биікке көтеріп, артынша төменге тастай салу кімге қажет? Жарайд­ы, науқандық шара десек те, есте қаларлықтай етуге болмас па? Осыншалықты «мырзалық» танытуға мемлекет мүдделі емес пе? Әлде билік бұған бейжай қарай ма?

Жалпы, жастарда мәселе жетерлік. Әлбетте, бәрі бір-біріне байланысты. Ақша керек, сол үшін жұмысқа тұру керек. Ал, жұмысқа тұру үшін ақша тағы керек. Бұл жерде әкесінің не шешесінің кредиті көмекке келеді. Біздегі трайбализмнің түрі жаман. Тамыр-таныстықтың да одан қалыс қалғысы жоқ. Демек, жұмыссыздық – жастардың басты мәселесі. Жалақысы жақсы жұмысбасты жастың болашағы жарқын болмақ. «Кедей боп тусаң, сен оған кінәлі емессің. Ал, кедей боп өтсең, ол – сенің қателігің!» деген бар. Келісуге болады, «өкімет өлтірмейді» деудің заманы өтіп кетті. Десе де, басшылық халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайы­н  жіті назарда ұстап, бақылауы керек. Ал, жыламаған  балаға ештеңе жоқ ғой...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


 

Сіз не дейсіз?

Шыңғыс  ҚҰДАЙБЕРГЕН,  мұғалім:

Жастар жұмысқа  тұра алмай жүр

- «Жастар жылында» басты назарға алыну керек мәселе – жұмыссыздық. Жастардың дені оқу бітіріп, жұмысқа тұра алмай жүр. Оған түрлі кедергілер себеп. Осы мәселе түбегейлі шешімін тапса деймін. «Жастар жылында» түрлі салаларға жастарды әлі де көптеп тарту керек сияқты. Иә, қазір жұмыспен қамту орталығы «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы  6 ай жұмыспен қамтып отыр. Қалай десек те, ол толыққанды жұмыс саналмайды ғой. Былайынша қарасақ, жарты жылда жас маманға өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бірақ, бұл жерде таныстық та рөл ойнап кетеді.

«Жастар – еліміздің болашағы». Әрине, бізге деген сенім де бар. Ол сенімді сезініп, жауапкершілікпен атқаруды жастардың еншісіне қалдырайық. Бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі бар жас мамандарға жұмыс табылуы тиіс. Қоғам мен адамдар шын мықтының аяғын тұсауды, оны шарасыздықта қалдыруды қоюы керек. Меніңше, жақсы жұмысы бар жас маман әрі қарай әлеуметтік жағдайын өзі-ақ реттеп алады.

 

Таңшолпан  КЕНЖЕБАЕВА,  журналист:

Қаржыны  жастардың игілігіне жұмсаған дұрыс

- Біздің қоғамда жұмыссыздық пен баспана­ мәселесі жастар үшін ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бүгінде жоғары білімді дипломы бар, жұмысы жоқ жастардың қарасы қалың. Бұл жайтты өз қатарластарымнан-ақ көріп жүрмін. Қызыл дипломы­ң болса да, қазір «аға-көкенің», бір сөзбен айтқанда тамыр-таныстықтың дәурені жүріп тұр.

Сонымен қатар, пәтер кезіп жүрген, баспанасы жоқ жас отбасылар да жетер­лік. Меніңше, биылғы «Жастар жылында» жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы­ үй алу мүмкіндігін жеңілдететін уақыт жеткен сияқты. Қазір көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ бағасы аспанға шарықтап тұр. Енді ғана шаңырақ көтерген жастар үшін ондай баспананы алу мүмкіндігі қайдан болсын? Біраз отбасылар жалдамалы пәтерлердің есігін тоздырып, бірінен соң біріне ауысып, әупірімдеп күн көруде. Ақшаның жетіспеушілігінен түрлі отбасылар қиындықтарға шыдамай, ажырасып кетіп жатады. Ең болмағанда бастарында баспанасы болса, соның өзі демеу ғой. Сол үшін, қолдағы бар қаражатты қажетсіз дүниелерге емес, еліміздің болашағ­ы саналған жастардың игілігіне жұмсаған дұрыс болар.


Нұрқанат  ҚАЙРАТ,  айтыскер  ақын:

Жастардың  ақылды болғаны билікке керек емес

- Мойындау керек, қай салада болмасын, білікті жас мамандар аз. Қазір көбі оқуға грант үшін түседі. Тәуекел, сенім жоқ. Меніңше, жастар қателесуден қатты қорқады. Бірақ, жас­тардың білімді, тым ақылды болғанының біздің билікк­е де керегі жоқ. Олар­ға өздерінен ешкім асып кетпеуі­ керек ғой.

Биылғы жыл «Жастар жылы» деп қабылданды. Бұл жай аты ғана. Форум мен жиындардан дым шешілмей­ді, өзгермейді. Жас­тарға қатысты мәселе өте көп. Мысалы, 20 мың теңгенің шамасындағы шәкіртақы үлкен қалалардағы жастарға жетпейді. Жалдамалы пәтерде тұрғаннан кейін, шәкіртақысы сонда кетеді. Сол үшін жұмыс істейді не олимпке ақша тігеді. Қысқасы­, оқуы  жайына қалады.

Ал, ұлттық өнер туралы айтар болсам, айтыс­ты қолдайтын ұлттық буржуазия керек секілді. Өйткені, партия өткізген айтыста шекара болады­. Ал, ондай жағдайда айтылар мәселе айтыл­май, жағыну басталып кетеді. Сөз билікке жетпейді не олар қабыл алмайды. Маман (Алаш арыстарына қолдау көрсеткен әулет) әулеті сияқт­ы ұлтым деген азаматтар өнерді, әдебиетті қолдауы керек. Негізі, көп мәселе әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі.

 


ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
25.04.2019 11:26

Оқуға түскен жылы бір жігітпен дос болдым. 1-2 курс жақсы араласып  жүрдік. Сабақ үлгерімі өте жақсы­­ болатын. Соңғы 2-курста мүлдем көрінбей кетті. Бітірер сәтімізде сабақ­та төбе көрсетпей, диплом алуға келді. Тіпті, қызыл диплом алды. Қызық, 2 жыл білім алмай, қызыл диплом иегері атанды. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңданың»  көрінісі ме бұл?! Қазір осындай жайттарды азайтам­ыз деп жүргенде, өзіміз көбейтіп жатырмыз ба? Қалай? Ел арасынан да «ақша  сөйлейтін заман  болды  ғой»,  «аузы  қисық  болса да, байдың бала­сы сөйлесін» дегенді жиі  естиміз.­

Оқуда жүргенде іс-тәжірибе ба­рысында жұмыс істеп, үйренудің орны­на пара беріп, «жауып» тастауға дайын тұратындар баршылық. Үйренбей-ақ, оқу бітірген соң жұмыс­қа­  тұрарда «әке-көкелері» дайын­дары да көп. Оқу орны түлектерді жұмыспен қамтуға, барлығын қарастыруға қауқарсыз. Мекемелер мықты кадрларды өздері іздемейді. Ақшасы барлар жұмыс берушінің «ставкасын» беріп, білсін-білмесін жақсы жұмыс­қа орналасады. Ал, басында білімі бар, қызыл дипломдылар­ көшеде жұмыссыз сандалып жүре­ді. Орташа есеппен алғанда жұмысқа орнала­су үшін ең төменгі төленетін құн 1000 доллар  екен. Егер қолда қаражат болмаса, жұмысқа тұруға ақша ұсыну үшін несиеге жүгінетіндер де бар. Ел ішінде «ендігі ақтаған шығарсың» деген­ әңгімелер айтылады. Неге пара беруден де, алудан да қорықпаймыз? Әлде жемқорлықтан қорлық көр­мейміз бе? Осының бәрі айналып келгенде, оқу орындары мен мекемелер арасында ешқандай байла­ныстың  жоқтығынан  туындайды.

«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, пара алушы жеңіл ақшаның жолында қолынан келге­нін істеп бағады. Алайда заңсыз ақша табамын деп заң құрсауына ілініп жатқан шенділерді де көз көріп, құлақ естіп жүр. Көбіміз пара алудың екі бірдей қылмыс екенін ескермей жатамыз. Бұл жерде айыпталатын – пара беруші мен алушы. Оңай олжаның жолында опық жеп қалмау үшін пайда ойлама, ар ойла...

ТҰМАР ҚЫЗ

 


ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.04.2019 11:20

ӘЛҚИССА

Бүгінде баласын қосымша сабаққа жаздырмайтын ата-ана кемде-кем. Иә, сонау 2014 жылы «Оқушылар неге орталық жағалап жүр?» деп осы бағытта алғаш сұрау тастап, мақала жазып едім. Содан бері бес жыл өтті. Бұл үрдіс қазір тіпті ауырлады, ол білім саласына пайдалы ма әлде сын ба? Бүгінгі оқушылар неге жаппай репетиторға жүгініп кетті? Біз баламызды жаздырған қосымшаның пайдасы қаншалықты?

Өткен жылы осы бағытта әр өңірде жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге, ұстаздарға кеңес болсын деп «Орталық ашу оңай ма?» атты мақаламды жазып едім. «Қосымша білімнің пайдалы жағы көп, ал оның сапасын қалай арттыруға болады?» деген ойдан туған еді.

Енді ата-аналарға көмек беруді жөн көрдім, себебі, бүгінде жеке репетитор да, орталық та көп. «Бірақ, оның бәрі үздік пе? Балаға қосымша білім қай уақытта, қай бағытта керек? Сапалы қосымша білімді қалай анықтауға болады?» деген ата-аналарға, оқушыларға кеңес болсын деп осы мақаланы жазуға ниет еттім.

 

ҚАНДАЙ  ОҚУШЫҒА  ҚОСЫМША  САБАҚ  ҚАЖЕТ?

Бүгінгі таңда білімге деген сұраныс күннен-күнге күшейді, білім саласындағы бәсекелестік, керек десеңіз өмірдегі бәсеке артты. Барлық адам өз баласының армандаған мамандығын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүргенін қалайды. Сол үшін баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзгеден кем етпей өсіргісі келеді. Мектепте баласының төмен баға алғанын қаламайтындықтан репетитор жалдайды, орталықтарды таңдайды.

Бүгінгі білім саласындағы тоқтаусыз, ретсіз реформа, білім саласындағы ауыр тоқырау, үш ауысымды мектептер, бір сыныптағы оқушы санының көптігі, білім саласына амалсыз келген сапасыз кадрлар қосымша білімнің қажеттілігін тіптен де арттырып жіберді.

Білім саласында 10 жылдан астам, қосымша білім беру саласында 5 жылдан астам қызмет етіп жүрген адам ретінде­, қосымша сабақ қандай оқушыларға қажет екенін сараптап көрейін.

 

ҚОСЫМША   БІЛІМ  КІМГЕ   ҚАЖЕТ?

Қосымша білім ең алдымен, мектеп бітіруші түлектерге керек. Себебі, ұлттық бірыңғай тестілеуден сапалы, жүйелі дайындықсыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Оның үстіне, бүгінде заң бойынша ҰБТ нәтижесіне мектеп жауап бермейді. Бұл дегеніңіз – мектеп бітіруші түлектерді ұлттық бірың­ғай тестілеуге дайындау жауапкерші­лігін  мойнына алмайды деген сөз. Сондықтан да, бүгін бүкіл мектеп бітіруші түлектер жаппай репетиторға, әртүрлі курстарға жүгінеді. Ал, бітіруші түлектер үшін дайындықты 10-сыныптан бағ­дарл­ы түрде бастаған дұрыс. Ең маңыздысы – жүйелі жұмыс істейтін, сапалы бағдарламасы бар орталықтарға жүгіну. Әйтпесе, экономикаңыз да, уақытыңыз да далаға кетуі әбден мүмкін.

Екіншіден, қосымша білім пәндік олимпиад­аға  дайындалатындарға  керек. Себебі, пәндік олимпиадалар деңгейі күннен-күнге  көтеріліп келеді. Мектептегі стандартты білімді қанша жерден үздік оқитын бала болса да, пәндік олимпиадаға дайындықсыз бару мүлде қажет емес, баланың беті қайтып қалуы мүмкін. Сол себепті, пәндік олимпиадаға барам деген баланың дайындығы мығым болғаны дұрыс, дайындығы жоқ баланың бармағаны тіптен дұрыс. Бала психикасы нәзік екенін ескерсек, өзі жақсы көретін пәннен олимпиадаға барып­, ештеңе істей алмай шыққаны балаға  ауыр  тиеді. Пәндік олимпиадаға дайындықты кемі бір жыл үздіксіз жүргізген дұрыс. Пәндік олимпиада – баланың ертеңгі білімі үшін мызғымас іргетасы. Олимпиада туралы бұдан бұрын жазған «Дарынды бала және пәндік олимпиада» деген мақаламызды­ оқысаңыз болады. Олимпиадаға шәкірт тәрбиелеп жетістікке жеткен немесе өзі пәндік олимпиадаға қатысқан мұға­лімге  бару  маңызды.

Үшіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Білім-Инновация  лицейі  тағы басқа дарынды балаларға арналған мекте­птерге  курсқа  бармай түсу бүгінде  мүмкін  емес. Себебі, бұл мектептерде бір орынға 100-ден аса оқушы таласатын деңгейде, конкурс өте қатаң, талап жоғары. Мұншалық бәсекеде үздіктің үздігі ғана жүзден суырылып шыға алады. Ол үшін бағдарлы дайындық ауадай қажет. Әйтпесе, баланың сағы сынуы мүмкін. Ал, бұл мектептердің қабылдауы 6-сынып мезгілінде, сондықтан дайындықты кемі 5-сыныптан бастаған ләзім. Дайындық сол мектеп­ емтихандарының стандартты негізінде  сапалы  жүргізілуі керек.

Төртіншіден, мектепте кенжелеп қалған балаға, ауырып немесе басқа да себептермен сабақтан көптеп қалып қойған оқушыларға керек. Себебі, көп­теген пәндер, математика-жараты­лыстану ғылымдары, тіл ғылымдары – басқышты, сатылы пәндер, бір тақырыпты  түсінбеген  бала ары қарай мүлде игермей қалуы мүмкін. Оқушының қалып қойған тақырыптарын толық­таудың жалғыз жолы – репетитор. Сондық­тан, кез келген уақытта кенже қалған пәнді, қатыса алмай қалған сабақ­ты  уақытылы  толықтырған жөн.

Енді, заңды түрде «қай уақытта қосымша  сабақ  керек емес?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл қосымша сабақтың бағытына байланысты. Қосымша білім баланың білімін тереңдету мақсатында жүргізілуі керек. Оқушының тек үй тапсырмасын орындату мақсатында немесе баланы зерт­темей  бағытсыз  шаршататын  қосымша білім керек емес. Сонымен бірге, баланы­  бағыт-бағдарсыз өте көп қо­сымшаға жаздырып шаршатуға да бол­майды. Физикалық тұрғыда шаршаған баланың  сабақты қабылдауы нашарлайтынын  ескерген  дұрыс.

 

ҚОСЫМША   БІЛІМ  ІЗДЕГЕНДЕ НЕГЕ  МӘН  БЕРУ  КЕРЕК?

Иә, баланы қосымша сабақтарға жібергенде ата-аналар баласының барып­ жүрген репетиторын, қандай тақырып­тар  өтіп, қандай бағытта жұмыс істегенін қадағалап отыруы керек. Себебі­, балаға тек үй тапсырмасын ғана шығарып беретін, өзі сабақ сұрап, түсіндірмейтін, тіпті баланы ойнатып, шоу жасап ғана қайтаратын репетитор да, орталықтар да жеткілікті. Сондықтан, репетитор таңдау, орталық таңдау маңызды. Өз әлімізше бұл тақырыпты талдап  көрейік.

Ата-ана құлағына, түлектер құлағына алтын сырға! Қосымша білім беру орталықтарын таңдағанда неге мән  беру  керек?

Басты  мәселе – мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталы­қ осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды.

Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесін­е мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдар­лама  жасай  алады.

Мектептердің бәрінің сапасы әрқи­лы­. Мектеп сапасын ондағы мұғалі­мдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапас­ын да әкімшілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес­ ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына алдана беруге болмайды.

Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір  кері  идеологиялық бағыттарда жұмыс  істеп  жүрген Тіл үйрету орталықтары  да, Білім беру орталықтары да жетерлі­к. Орталыққа балаңызды бере­мі­н деп, ертең балаңыздан айырылып  қалмаңыз. Әбу Насыр әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілу­і керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерт­кен  жоқ. Сондықтан, орталық тек  білім  емес, тәрбиені  қоса  беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие – тал бесік­тен» десек те, баланы бүгінде ата-анадан­ гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн.

 

СӨЗ   СОҢЫ

Бәсеке мен қажеттілік мәжбүр еткені рас болса да, оқушылардың жаппай орталық­  жағалауы,  ата-ананың  жаппай­ репетитор жалдауға көшуі – білім саласыны­ң құлдырауының көрінісі. Сондықтан, біздегі білім саласына жаңа көзқарас, адал бәсекелестік, шынайы біліктілік болғанда ғана бұл дүниеден құтылар күн болар, ал қазірше жоғарыдағы кеңестерге мән берген дұрыс.

Көсіліп көп сөйлеп, ақыл айтудан аулақпын, бірақ білім беру мен тәрбие саласында жүрген соң, ескерту – қа­сиетті ұстаздық парызымыз. Ескере жүрсеңіз, балаңыздың ертеңі үшін керек­  болар.

Аятжан   АХМЕТЖАН,

Республикалық «QAZBILIM» орталығының

директоры, PhD докторанты

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары