Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

ТЕАТР КҮНІ ТОЙЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.04.2019 10:20

Бүгінде «жастар театр­ға бармайды» деу қате пікірге  айналды. Өйткені, театрдағы көрермендер­дің жас айырмашылығы әртүрлі. Әрі ондағы жас артистердің өнері Сыр халқ­ын таңғалдырып-ақ жүр. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрлардағы, өнер академиясындағы бәсекелестіктің әсері болар­ бесаспап әртістер өнер қарашаңырағының абыройын асырып, мере­йін тасытып жүр. Өткен аптада халықаралық театр күні тойланды. Сонда әлгі айтқанымызға кезекті рет көз  жеткіздік.

Театр тарландарының төл мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Аға буынның ақылын тың идеяларымен толықтырған жас таланттардың жан-жақтылығы келушілерді тәнті етті. Қойылымдардан үзінді етіп бас­тап, соңында әртүрлі номинациялар бойынша артистерді марапаттап отырды. Әрі көзге әбден жаттанды болып қалған жүргізушінің де міндетін сан құбылтқан. Жүргізу­шілер бірнеше мәрте ауыса  отырып  концерттік бағдарламаны тізгіндесе, оның жоқ жерден шығып, қойылым арасынан пайда болғаны да қызықты еді. Одан өзге бір әртістің ән салып, би билеп, рөл сомдағанын байқадық. Әлбетте, бұл таңсық жайт емес. Сахнаның сыры – оның сыртындағы сансыз да­йындығы. Көрдіңіз бе, көрермен үшін бірнеше минуттық қойылымға артис­тер  бірқанша сағатын шығындайды. Сахна төріндегі мінсіз кейіп үшін түнсіз күндерді бастан өткереді. Өнер жолын ауыр дейтініміз сондықтан шығар...

Мерекеде киелі өнер қарашаңырағының қызметкерлерін облыс әкімі­нің кеңесшісі Ержан Әбді­рахманов арнайы құттықтап келді.

– Театр – адам өзін-өзі сахнадан көріп, сырттай бақылайтын орын. Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын интенция. Адам бүгін театрға ертең адам болу үшін барады. Алпыс жылдан астам тарихы бар жергілікті театр – еліміз­дегі белгілі өнер ошақтарының бірі. Мұнда сахна өмірі­нің ыстық-суығын бірге бөлісіп, абырой-атағының орнығуына ортақтасып келе жатқан мәдениет майталмандары еңбек етеді, - деді ол өз сөзінде.

1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX кон­гресінде 27 наурызды «Халы­қаралық театр күні» деп бекітті. Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Ха­лық­аралық Театр инсти­туты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары атап өтеді. Жалпы, театр күнін тек театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі емес, күллі өнер­сүйер қауымның төл мерекесі деп қабылдауға бола­ды.­ Өйткені, өнер мен өнерге сүйсінушінің  біте  қайнас­қан бірлігін бөле қарау әсте мүмкін емес.

Концерттік бағдарламада бірқатар сахна саңлақ­тары марапат биігінен көрінді. Салалық мәде­ниет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісіне театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Сұлтанұлы мен бас есепші Гүлбибі  Мешітбайқызы  ие болса, облыс әкімінің алғыс­ хаты театр артисі, мәдениет қайраткері Бектеміс Пейісұлы, артист Сырым Бисенбекұлына табыс­талды. Сондай-ақ, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына «Пай-пай жас жұбайлар-ай» спек­такліндегі Бану рөлі үшін Ғалия Қуантқанқызы, «Ең үздік қойылымды жаса­ғаны үшін» «Құдағи келіп­ті» спектаклінің музыкасын құрастырған Рүстем Тасболатұлы, «Ең үздік қызметкер» номинация­сына әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлбосын Мұханбетқызы және тігін цехының меңгерушісі Рысты­ Мақұлбекова, «Ең үздік көрермен» номинациясына Маралбек Му­саев, «Ең үздік қызметкер» номинациясына дизайнер Камила Дауылбаевалар лайық деп танылды. Ал, «Ең үздік театр өнерін наси­хаттаушы» номинациясы бойынша «Qyzyl­orda» телеарнасының тіл­шісі Елжас Әбділдә және «Ақмешіт апталығы» газе­тін­ің тілшісі Бағлан Тілеубергенова марапатталды. Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Серік Пірмахан» атындағы ауыспалы жүлде қойылым бөлімінің меңгерушісі Темірбек Са­ғымб­аевқа  бұйырды.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ОБЛЫСТАҒЫ ДОЙБЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІ ТОҚЫРАҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
04.04.2019 10:10

Жазылған  жайдың  жаңғырығы

Газетіміздің өткен санындағы (№12, (967) 28 наурыз, 2019) облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы О.Әкімовпен болған сұхбатқа («Бізде кенжелеп қалған спорт жоқ») байланысты поштамы­зға хат келіп түсті. Онда оқырманымыз Олжас Азатұлының дойбы­ спортына байланысты білдірген пікірімен келіспейтінін жазыпты.

Айта кетуге тиіспіз, бұл пікірдің иесі облысымыздағы дойбы мәселесін өте жақсы­ білетін бірден-бір жан. Сағат Жүсіп – 50 жылдан астам уақыт бойы облыс көлемінде аталған спортты  дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан ардагер  дойбышы. Біз білсек, ол – дойбыдан облыстағы жалғыз ғана спорт шебері. Жас кезінде екі рет республика чемпионы атанғаны бар. Республика намысын одақтық жарыстарда қорғап, дойбыдан ардагерлер арасындағы  әлем біріншілігіне қатысқан, 4 дойбы кітабын жазған адам. Сон­дық­тан да, басшылық бұл кісінің сын-пікіріне көңіл аударар деген оймен  аталмыш­  хатты  баспа  бетіне  жариялап отырмыз.

«Олжас Азатұлына балама көмекшілері облыстағы дойбы спорты тәуір дамыған» деген жансақ  ақпарат берген сияқты. Шындығына келер болсақ, облысымыздағы дойбы спорты Кеңес Одағы кезінен қалған, сол кезде қаланған­ негіздің жұрнағымен ғана дамып келеді. 1991-2009 жылдары дойбы облысымызда дағдарыста болды. Дойбы жарыстары мекемелерде жеке дойбықұмарлардың, жеке адамдардың құрметіне өтетін майда­ жарыстармен өмір сүрді. 2009 жылдан бастап бір топ энтузиастар жиналып, өз ынтамызбен, қаражатымызбен жылына бір рет қала және облыс біріншілігін өткізе  бастадық, ол жайлы газеттерге жариялап тұрдық. Ол кезде мені қарттық онша жеңбеген бола­тын. Ең соңғы қалалық және облыс­тық біріншілікті 2014 жылы 70 жылдығыма байланысты менің жеке қаражатыма ұйымдастырдық. 2016, 2017 жылы Б.Иманалиевтің құрметіне (жеке адамның қара­жатына) екі турнир өтті. Сол кезден бері қала, облыс біріншілігі өткен емес. Бір сөзбен айтқанда облыстағы дойбының деңгейі тоқыра­ған, әртүрлі жеке адамдар жақындарының құрметіне немесе мекемелік жарыстар (журналистер, ардагерлер, т.б.) ғана өтеді. Мұндай жарыстар, шынын айт­қанда дойбышылардың шеберліктерін арттыруға еш пайдасын бермейтін разряды, деңгейі жоқтар қатысатын, «бір күнде 10-12 тур жарыс  өткіздік» деп ауыз толтырып  айту  үшін ғана өтеді.

О.Әкімов айтқан «... дойбы спорты көз мүгедектері спортшылар арасында жақсы дамыған» деген тұжырым да шындыққа жақын емес. Соңғы 20 жыл ішінде облыс зағип дойбышылары арасынан спорт шеберлігіне үміткер түгілі, бірінші разрядты дойбышы дайын­далған жоқ. Кеңес үкіметі кезінде спорт шеберлігіне үміткер болған Е.Әбимолдаев дүниеден өтті, кеңес уақытынан келе жатқан­ екі бірінші разрядты зағип дойбышы алпысты алқымдады. Облыс зағип дойбышылары республикалық жарыстарда тек ғана соңғы орындардан  көрініп  жүр.

Республикалық дойбы жарыстары кезінде жұрт аузында кең тара­ған мынадай әңгіме бар. Олар «Жарысқа қызылордалықтар келді ме екен, соңғы орын иесін табар еді» дейді екен. Олжас балам, мұн­дай атақтың қызылордалық дойбышыларға таңылуы ұят, намысымызға тиетін нәрсе. Дойбы – ең арзан, ең қарапайым, ешқандай ақша сұрамайтын (басқа түрлермен салыстырғанда), қымбат инвентар­ь, кең залды талап етпейт­ін, үлкен де, кіші де, соқыр да, мүгедек­ те, ер мен әйел де араласы­п ойнай беретін қазақтың дәстүрлі қалың бұқараны кең қамтит­ын ұлттық (иә, ұлттық) ойын­ы. Бұл ойынды балабақшадан бастап қариялардың  арасына дейін дамытуға, адамдарды рухани азықтандыруға, салам­атты өмірге баулуға жарайтын  әмбебап құрал­ға айналдыруға болады. Осы бір халықты­қ  ойынды­  жаңадан жандандыруды  қолға аларсың  деген  үміт­темін».

Рыскелдi  ЖАХМАН

 


ҚАШҚЫННЫҢ ЗАРЫ (Әңгіме) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.04.2019 10:00

«Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...», - деп Мұқағали бауырым Фари­за ақынға өлең арнағанындай, қарындасым мұңымды Сізге шағып, осы сәлем хатты жолдап отырмын!, - деп басталға­н үшбу хат алдым. Бірге оқиық...

«Мен – Қазақстанның халықаралық іздеу жариялаған қашқынымын. Елден безгеніме биыл он жыл болады. Жасым Пайғамбар жасына толады. Отаныма деген сағыныштан от оранып жүрген жайым бар. Сағыныштың сар запыраны­ толған зарымды Сізге жолдап отырмын.

Жалғыз жаныңның амандығын ойлап,­ қарабасың қаңғымалап қашып жүргеніңмен, жан дүниең туған еліңнен бөлініп кете алмайды екен. Жаныңның бір бөлшегі сонда қалып, әркез есіңе түсіп, ет жүрегің езіле ойлай бересің. Ұйқы қашқан, күлкі дегеннің өзі көңі­ліңнің тоқтығында, жаныңның жай­лылы­ғында ғана екен. Соңғы кездері сөткелеп ұйықтамаймын. Көзім ілінсе болды – туған жерімді, өскен елімді көремін.

- Халыққа өкпең болмаса, билікке өкпелі шығарсың. «Мында» дегенің қайда? Бұл жер сенің Отаның емес пе? Кезінде саған сенім жүктеп, елдің тізгі­нін берді. Азды-көпті, жақсылы-жаманды дегендей биледің. Мәңгілік ештеңе жоқ! Дүние - кезек деген. Енді келесі азамат­қа бер тізгінді!, - деген әкемнің әмірінен  шошып  оянамын.

«Байтақ мекенім Қазақстаным! Туған­ жерім! Сенің қасиетің, сенің құді­ретің, сенің «тартылыс күшің» осындай ма еді?! «Тасжүрек, қашқын» ұлың осыны­ енді ұғынып, енді сезініп жатыр. Кешіре гөр!..», - деп күбірлеймін. Бір­неше  рет  осылай қайталанды. Жаралы жүрегім сыздап, көңіліме неше түрлі күдік оралып, содан таңға дейін көз ілмеймін.

Сағындым, қатты сағындым кінді­гімнің қаны тамған, анам аузыма сүт дары­тқан, жалаңаяқ жүгірген атамеке­німді! Иә, кіндік қаның тамған жер қайда болса да ыстық, қасиетті де қастерлі. Көксейсің, бір көрсем деп армандайсың. Жасың ұлғайған сайын­ дүниенің қызығынан безініп, тек туған жеріңді ойлай­ды екенсің. Ол сағындырады, ол аңсаттырады. Жиі түсіңе енеді. Түсіңде соның қасиетті топырағын басы­п жүресің... Ал оянған кезде… жат жерде, жат топырақты жастан­ып жатқаныңды сезгенде – ішің удай ашып, бағанағы  түсім өңім болса екен деп көзіңді жұма түсіп, ұзақ тілейсің. Мейлі, қай шетінде болса да тек соның бауырында  жатсам екен дейсің. Егер уақытты қайта айналдыру мүмкін болса, маған мына Еуропаның жүрегі дейтін Праганың  ғажаптарының  да, балаларым  тамашалап  жүр­ген әлемнің кереметтерінің де керегі жоқ. Еуразияның жүрегі атанған өз Отаныма құстай ұшқым келеді. Сені ешқашан  да ештеңеге де айыр­бастамас  едім  туған елім. Шіркін, шыр етіп жерге түскен, балалық бал шағым өткен туған жерімді бір көр­сем арманым бар ма?! Влтава өзенінің әдемі жағасында жалғы­здан-жалғыз отырып, елге деген сағынышым тербетіп, көзімнің ыстық жас­тары қалың тас төсеуіштерге таматын кездері де болады...

Қаланы кезіп, қанша сандалсам да жүрегіме жақын бейне, жарқын жүз көрмей­мін. Қазақтың қой көзін, қысық көзін, сығыр көзін, тіпті сықсиған көзін де сағындым. Мейірім төгіліп, бетіңе тіктеп қарамай, ұяла қарайтын қара көздерді сағындым. Не айтса да күліп айтатын, не айтса да күлдіріп айтатын жағасы­ жайлау ақжарқын бауыр­ларымды сағындым. Мына жердегі адамдар бетіңе бағжия қарап, шарасы үлкен көздерімен тесіп жібере сақтайтындай болады. Жүздері де суық. Шанда бір шығысқа тән  бет-әлпет кездесіп қалады, оның өзі – қы­тай не жапон болып шығады. Олар мені де жапонға ұқсатады. Көзіме көзілдірік, басыма шләпі киіп, спорт кәстөмімен  жүремін, жұрт көзіне түспеу үшін.

Кейде-кейде Карловы-Варыға барып­ қайтамын, қазақтарды сыртынан болса да көрсем деп. Қазақтың асын іздеп батысты шарлайтынымды айтпай-ақ қояйын... Бүгінде Қазақстанның атын әлем біледі, қазақтар баяғы мен қызмет  еткен тоқсаныншы  жылдардағыдай  емес, ауқатты  тұрады. Олар  бала-шағаларын ертіп алып әлемнің ең жақсы­ демалыс орындарында жүреді. Карловы-Варыға да келеді топ-тобымен бала-шағаларын  ертіп.

Жасы менімен шамалас ерлі-зайыпты дәл алдымдағы үстелде тамақтанып отырды, қазақша сөйлеген дауыстары маған анық естіліп тұрды. Мына үн, мына сөз жүрегіме жағып, жаным еріп, егіліп естіп отырмын. Мен үшін жарық дүниеде қазақ тілінен артық тіл жоғын, сол сөздерден тәтті сөз жоғын жан дүниеммен енді түсініп отырғандаймын. Менің туған елімде қызмет істейтіндер мен зиялы қауым өкілдері көбіне орыс тілінде сөйлегенді мәртебе тұтады.­ Ата заңдарында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылғанымен Кеңес дәуірінен мұраға қалған дәстүр солай. Орысша сөйлемесе – дәуір көшінен қалып қоятындай. Мен де сөйтіп ойлау­шы едім. Елдестеріммен кездескенде ғана ана тілімде сөйлеп, қызмет бабында ресми тілде сайрайтынмын. Соның зарын енді тартып жүрмін. Өзіңнің ана тіліңде сөйлеу, ана сүті, әке күшімен қаныңа сіңген сөздерді айту қандай бақыт.­ Өз Отаныңда, өз ана тіліңде, өз шаңырағыңда қатын-балаңмен абыр-дабыр болып сөйлесіп жүру қандай бақыт.­ Бақыт дегеннің ортасында жүріп бағаламай, бастан ұшқанда ғана біледі екен пенде.

Баяғы кезім болса сол үлкен кісілермен танысып, жөн сұраса кетпес пе едім. Қазақтың әлемдегі барлық ұлт пен ұлыстан ерекшелігі – жүзге бөлініп, ру сұраса жөнелетінінде ғой. «Қай атаның баласысың?» дегенде, еркек екенің шын болса ататегіңді түгендеп сайрай жөнелесі­ң. Жеті атасын білмеген жете­сіз­ден безетін біздің қазақтар ғана шығар.­ Дүниенің қай түкпірінде болсын, елінің оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы­ мен батысы бірін-бірі тіл қатыс­қаннан ұғатын қазақ ғана. Басқа қай ұлтты алсаң да тұрған жері мен өскен ортасына қарай диалектісі, сөз айырмашылығы болады. Қытайлар тіпті бір мекеннен шыққаны екінші мекеннің адамының тілін қытайша сөйлеп тұрып та ұғыспайды. Әріптері де солай.

Карловы-Варыда бірде дос-жар болған­ жігіттерді де сыртынан көріп қалдым. Тани кеттім. Алдымнан шыға келгенде аузыма бірден «Ассалаумағалайкүм!»,- деген сөз түсе кетті. Аузымды аша бере тілімді жұта қойды сорлы басым. Дереу бұрылып кеттім...

Сондағы жүрегімнің соғысын сезсеңіз ғой. Ойпырмай, жүрек байғұс жүрек те ана адамның өз бауыры, өз қандасы екенін біліп, мені сүйрей жөнелгендей. Әрине, жақын бармадым, қашқын деген атым бар емес пе, қайтейін. Демалысқа келетіндердің көбі зиялы қауым ғой, олардың біразы мені танитынына сенімдімін. Бір кезде арыста­ндай ақырып қызмет үстелінде отырған мен жат жерде сорлап, еркек басыммен, дыбысымды шығармай, егіліп  жыладым...

Алғашқы жылдары бөтен жерге қалай сіңіп  кетем, қайтсем қаржы табам­ деп жанымды жеп жүріп уақыттың зымыра­п, он жылдың өте шыққанын да байқамаппын. Алпыстың асқарына шыққаннан жанымды жалғыздық айналд­ыра бастады. Тәнімде сырқырап не шаншып, не буындырып алып бара жатқан ауруым жоқ. Санамның бір түкпірінде, жүрегімнің сонау-сонау бір тереңінде бір нәрсе сыздап тұрады. Елден,­ жерден жырақ кетіп, сағыныштан сартап болып ауырғанда өмірдің де керегі болмай қалады екен. «Туған жердің топырағын бір басып, ауасынан бір жұтып өле кетсем!» деген арман туады­. Менің мына ауыруым нағыз сұрап алған ауру болды. Халық айтқандай: «сұрап алған аурудың емі жоқ».

Ел егемендігін алған алғашқы жылда­ры алдымен халықтың санын біліп алайық деп арнайы агенттік құрылды. «Қазақтың нақты санын білеміз» деп қандас  бауырларым қуанып жүрді. Анам әулетіміз басқа тапшы болған­дықтан: «топырақтан бала жасай алмай жүргенде, кімнен туса одан тусын, біздің әулетке тән бала» деп ағайын­дарымыздың бірнеше баласын бауы­рымызға басқаны бар еді. Бірнеше атадан­  жалғыз ұл боп жалғасып келеміз. Бір тәубесі – үзіліп қалмағанымыз, содан­ әкем де «қой ақсағымен мың болад­ы» деп бізге қарағанның бәрін бауыры­на тарта беретін. Ата-анамның көбейгенді тілегенін Құдай да құптады ма, қазақтың басын, халықтың санын түгендейтін осынау жақсы іске мені басшы­  етіп  тағайындады Үкімет.

Бұрын да біраз игілікті істерге басшыл­ық  жасап  жүрген едім, бұл жолы да барымды салдым. «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып істе»,- дегенде­й. Бойында қаны бар қай азамат болса да ұлтына керек дегенде не жан қалсын. Елім өз алдына шаңырақ көтеріп, еңсесін тіктеп жатыр. Екі орынбасарым да, басқалары да ойға, қырға шауып, өркениетті елдерден үйреніп, тарихтың түбін қопарып дегендей­ Ұлттық санаққа кірісіп  кеттік.

Өкінішке қарай, нәтижесі насырға шапты. Біз халық санын дұрыс бермеген  болып  шықтық. Қызмет бабын асыра­ пайдаланып, мемлекеттің сеніп тапсырған қаржысын талан-тараж­ға түсірді деп екі орынбасарыма бірінен кейін бірі кісен салып, темір торға қамады. Тықыр маған да таяды...

Жаным ашып-ақ істеген ісімнің сор әкелгеніне  ашуланып, еңбек  демалы­сына  кетіп барамын дедім де Антальяға тарттым­. Елде қалған жанашырларым сымсы­з хабар алғызып тұрды. Бір айдан­ кейін сыртымнан «Халық санағына бөлінген қаржыны жымқырды» деген айыппен маған халықаралық іздеу жария­лайды. Тіпті бұрынғы атқарған қызметтерімде қару-жарақты заңсыз сақтаған, жемқорлыққа жол берген, тағы да басқа толып жатқан сұмдығы да бар қосымша. Естігеннен есім шығып­, одан әрі бой тасалай түстім. Жарты жылдай елді шулатып сыртымнан «он жылға кесті» дегенді естігенде «түрмеде шірігенше қашқын атанып қаңғып кеткенім жақсы» деп Отаныма өкпелеп, Еуропа асып жоғалдым. Құқық қорғау органдарының қолына түскенде де қашып құтылдым. Қайсыбірін тәптіштеп айта берейін, соңында өзімді саяси босқын ретінде жария­латып  жібердім.

Бабалардың «жылағанды – жұбат, жығылғанды – жебе, адасқанды – ізде, айрылысқанды – табыстыр. Сазды құрап – жер ет! Азды құрап – ел ет!»,- деген аманаты бар мен сияқты еркек боп туып, анасы қалжа жегендерге. Мен соны орындай алмадым. Бабаның аманаты­н орындау былай тұрсын, жалғы­зының тілеуін тілеп, жолында құрбан болған әкеме де топырақ салуға жарамадым. Сол кеткеннен қайтып елге оралмадым. Соңғы қоштасуымды есіме алсам ішім өртеніп, жанымды қоярға жер таппаймын...

Басыма бұлт үйірілгенін сезгеннен алдымен әкеммен қоштасып кетуге ұйғардым. Ұзаққа бара жатқанымды, теңіз асып кететінімді жасырмадым. Әкем де сұңғыла адам ғой:

- Сен кімге өкпелеп кетіп барасың? Әлде бірдеңе бүлдіріп, елден қашып барамысың?,- деді бетіме сүзіліп қарап отырып.

- Елге өкпем жоқ ғой. Әзірге мында маған лайық қызметтің жөні болмай тұр. Сондықтан біраз шетелге барып қызмет істеп, әрі ел танып келейін...,- дедім мұрнымның астынан міңгірлегендей  болып.

- Халыққа өкпең болмаса, билікке өкпелі шығарсың. «Мында» дегенің қайда? Бұл жер сенің Отаның емес пе? Кезінде саған сенім жүктеп, елдің тізгінін берді. Азды-көпті, жақсылы-жаманды дегендей биледің. Мәңгілік ештеңе  жоқ! Дүние – кезек деген. Енді келесі азаматқа бер тізгінді. Бір кезде солар сенің әміріңде жүрді, енді сен олардың ортасында жүр. Білгеніңмен бөліс. Отан – ортақ. Қызмет беріп, пәпкі құшақтасаң – Отан да, билік бермесе – жат бола ма? «Бәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң бақыр жоқ», «Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол»,- деп бабаларың айтып кеткен. Осы мақал есіңде болсын. Ойлан!,- деп әкем маған көзінен от шашырай, қадалып қарап қалды.

Үнінен үй тербеліп кеткендей болды.­

Мен атқа мінгелі бері әкемнің қатты сөйлегені осы шығар. Жалғызын жөн білетін, жол білетін азамат болып өсті деп, үлкен үміт артып, іштей мақтаныш ететінін сезіп жүруші едім. Сол үмітінің күл-талқаны шыққанын енді көргендей, жасыл көздері шапыраштанып тұрды. Төрінен көрі жақын әкемнің мына қарасын­ан кірерге тесік таппай, орнымнан тұрып кеттім. Сыртқа шығып кетсем сөзін құлаққа ілмеген болармын деп ойлап, терезенің алдына бардым да сыртқа көз салдым. Далада биылғы жылдың­ алғашқы қары жауып тұр. Нәзік қар ұшқындары терезенің әйнегіне келіп жабысып, тез еріп кетіп жатыр.

Ұстарамен тықырлап алдырып тастаған жылтыр басын үлкен алақанымен ұзақ сыйпалап отырған әкем бір кезде қатты қақырынып жөтеліп алды да мен жаққа мойынын бұрды. Өзіне қарап тұрғанымды көріп, тыңдайды-ау дегендей, қайта сөзін жалғастырды.

- Біздің аталарымыз да бір-біріне өкпелеген. «Ағайыннан балталаса да кетпейсің», - деп  бірлікке  тәрбиелеген.­ «Мұсылманның өкпесі үш-ақ күндік»,- деп  аптаға  жетпей қайта табысқан, бірақ  кектеспеген, алдына келсе атасының құнын кешкен. Жүрегін қарайтатын кекке, зұлымдыққа бой алдырмаған.  Менің тәрбиемнің қай жерінен қате  кетті! «Маған  лайық  қызмет  жоқ»,-деп елге  өкпелеген  сені көрдім. «Ерінен­ айырылған көмгенше жылайды, Елінен айырылған өлгенше жылайды»­,- деген бар, айдалада еңіреп қалма, байқа, - деді сөзінің соңына салмақ­ сала. Негізі әкем көп сөйлемейтін адам. Бір сөйлесе ойын ұзақ жеткізеді. Онысы ұстаздық машығынан қалған болса керек. «Мұғалім  қырық  бес  минут­  сөйлей­ді»,- дейтіні бар  еді өзінің  бір  жерде  сөз  аларда.­

Мен терезе алдында әлі тұрмын. Орнымнан қозғалсам бір сұмдық болатындай. Әкеме бірдеңе деп айтуға­ да шама жоқ. Үнім құмығып, еріндерім бір-біріне жабысып қалғандай. Сырттағы суық менің ішіме түсіп кеткендей күллі денем суып, қалтырап барамын. Сөз сүйектен өтеді деген осы шығар. Әр сөзі сүйек-сүйегімді тесіп, мың-сан ине қадап жатқандай.

Төсекті сықырлатып әкем ор­нынан тұрды. Жанына жетіп барып, қолынан ұстап едім, қағып жіберді.

- Немене, мені өлгенше жетелеп жүресің бе? Айшылық сапарға атанып­ барасың, уайымдама, өз күнім­ді көрермін. Мына түріңмен топырақ салуға да жарамассың!.., - деді де сыртқа беттеді.

Мен артынан еруге де жарамай, бөлме ортасында қаққан қазықтай болып қалдым да қойдым.

Дәретін алып келген сыңайлы. Сандық үстінде жинаулы тұрған жайнамазын қолына ұстап, аяғын қалтылдай басып үйреншікті ор­нына беттеді. Әкемнің қатты қартайып кеткенін осы жолы анық байқадым. Аяныштан жүрегімнің тұсынан бірнәрсе төмен қарай үзіліп түскендей болды... Санама «соңғы рет көріп тұрған жоқпын ба?», - деген сұмдық ой келді...

Санасы санға бөлініп, сабыры сарқылған сорлы әкем құбылаға бетін бұрып:

- А, Алла тағала! Менікі емес, өзіңнің маған берген аманатың еді ғой мына пендең. Мен ұқпайтын, өзі де түсінбейтін бір сапарға кетіп барады. Жортқанда жолын болдыра­ гөр. Ғайып ерен қылық шілтен шылау­ында болсын. Қайда жүрсе де жанында қайырымды, жақсы адамдар  жүрсін.

Атадан жалғыз едім, бұл да жалғыз  болды. Бір жаман ұл жалғыз боп ілесті оған да. Қайтейін басқа жарым­аған пақырың ем, сол жал­ғызды көз көрмес, құлақ естімес беймәлім сапарға шығарып тұр­мын. Елі үшін ұлы бір істің соңында­ жүрсе арман не, қайтейін!, - деп дауыс­тап  тұрып  зарын  айтты.

Бұрын басын сәждеге қойғанда мұнша дауыстамайтын әкемнің мына қылығы маған істер амалының қалмағанынан болар. Құдайға зарын­ дауыстап айтса мен де естіп есі кірер, алған бетінен қайтар дей ме екен?

Менің мінезім сол әкемнің дәл өзінің мінезіндей – алған беттен қайтпайтын пәлемін. Сондықтан да болар мені дәл бір соңғы рет көріп тұрғандай, қайтпас сапарға шығарып салып тұрғандай болған жетпістен асқан әкемнің Аллаға да, адамға да қаратып айтқан сөзіне де тоқтамадым. Қай әке болса да перзентінің өзіне тартқанына қуанады емес пе. Дәл осы жолы әкем менің өзіне тартқаныма өмірінде бірінші рет өкінген шығар. Анам мінезі жұмсақ, жылауықтау еді. Оның төркінін – нағашыларымды әкем «босбелбеулер» деп кейде ұнатыңқырамай отыратын. Бауырлары бірдеңені бүлдіріп қойып, солар үшін анам күйіп-пісіп, ақырында жылап тынатын. «Еркек болып бірдеңені бүлдірген соң істегенді мойын­мен көтермей ме, ұялмай кел-е-е-п әпкесінің етегіне тығы­лады. Қорқатының бар, артыңды қысып жүр!», - деп әкем зілденетін. Өзім оның ешбір іске басқа біреуді араластырғанын көрмеппін. Бірде ашу  үсті ағайынын қамшымен сабап­ салып, ол сотқа беріп, туыстар кешірім алып  береміз деп жинал­ғанда таратып жіберіп, соңында аудандағы түрмеде он бес тәулік жатып та келгені бар. Соғысқа қатысқа­н кісі ғой, бірақ кейбіреулер сияқты мен қан көріп келдім деп көтеріліп сөйлеп, әркіммен жаға­ласып жүрмейтін. Анама топырақ салып тұрғанда да жарықтықтың көзінен жас шықпады-ау. Әкемнің қаталдығы бар еді, бірақ жауыз емес. Еменнің иір бұтағы сияқты адам еді.­

Мен де сол бұтақтың бірімін ғой, шынымен алған беттен қайтпадым. Әкемді соңғы жолы көріп отыр­ғанымды ішім сезсе де алған беттен қайтпадым. Төсекте қушиып отырған қара шалды құшақтап қоштас­қанда да жүрегім езіліп тұрғанымен, сапарымды тоқтатуға себепші бола алмады. Ең болмаса жанында анам болғанда аяғыма оралып жылап,­ ата-бабамның аруағын қозға­п зарлап жанымды толқытар ма еді. Әкемнің қатты мінезі мені одан әрі қатайтып тастағандай еді. Кәрі емен мен асқақ шынардың долы желге иілмеуге тырысып қасарысқанындай әкелі-балалы екеуміз тағдыр желіне қарсы тұрдық.

Заман желі екеумізді екі жаққа айырды...

Төсектен арық аяқтарын салбыратып түсті де, табаны жер тіреп тұрып мені құшақтады. Бала кезімде осылай әкемді құшақтап алғанда қапсырған қолдарының ортасында қалушы едім, енді әкем менің құшағымның ортасында қалып, басы ғана көрінеді. Жарықшақ, қалтыраңқы дауыспен амалсыздан айтқандай «Аман бол!», - деді. Оған деген қимастықтан тамағы­ма ащы бір өксік тіреліп, мен де «Аман болыңыз!», - дегендей болдым, бірақ құмығып үнім шықпады.

Далаға атып шықтым. Төңірек аппақ қар. Биылғы жылдың алғаш­қы қары. Жанарыма шағылысады. Көзімнің жасы парлап бетімді жуып келеді. Жанымдағы жігіттерге­ сездірмеу үшін олардан ілгері, қатты адымдап туған үйімнен ұзадым. Жан әкемді жалғыз қарындасымның қолына тастап елден безіп барамын. «Енді бұл табалдырықтан аттаймын ба, жоқ па, кім біледі?», - деген ой мені қуалай жөнелді...

Содан түн ортасында әлемнің батысына қарай ұшаққа отырдым. Әйелім мен ұлымды алдын ала аттанд­ырғанмын. Шетел асып, қашқын атанған соң оңай ма, алдымен аты-жөнім өзгертілген төл­құжат жасаттым. Содан бері нағыз есімімді ешкім білмейді. Азан шақыр­ылып қойған атың аталмаса да сағынады екенсің. Осы он жылдан бері өз атымды өзім тірідей өшіргендей болдым. Атының аталмағаны адам түгілі хайуанға да ауыр тиетінін жақында бір жерден оқып-білдім. Оның өзі де менің туған еліме­  қатысты.

Интернеттен Қазақстан жайлы жазылғандарды іздеп тауып оқып отырамын. «Азаттық» радиосынан қазақтардың үнін естіп, сазын тыңдап­ жанымды жұбатамын. Бірде: «Тәжікстан астанасының зообағында Қазақстаннан апарған Тұрсынбай атты сусиыр өліп қал­ды», - деп жазды әлемнің бірқатар ақпарат құралы. Ақпараттық агенттіктің хабарлауынша, Душанбеге барған соң сусиыр туған жерін қатты сағынып, жүдей бастаған көрінеді. Барлы-жоғы жеті-ақ ай өмір сүрген. Жануар екеш жануар да кең-байтақ Қазақстанын сағынып өлген. Оның туған жерге деген адал сезімі әлемдік ақпарат құралдарының өзекті тақырыбына айналды. Ол жайында Бейбіт Бөженов деген  ақынның өлеңін де жариялапты. «Тұрсынбай немесе сағыныш құрбаны» деп атапты өлеңді.

- Талай тәжік әңгіме қып кесімін,

Көзін сұғып көп тигізді кесірін.

«Тұрсынбай» деп атап кеткен қазақтар,

Жеті ай бойы естімеді есімін.

Соңғы кезде сағынды ел қыратын,

Ауасына зар боп жүрді «бір атым».

Жануар-ай, мұңға батып кеш батса,

Жанарынан жас сорғалап тұратын.

Туған жердің түзде туған «батырын»,

Құрбан қылды сауда-саттық бақыры.

Тәжіктердің топырағын жерсінбей,

Сағыныштан ажал құшты ақыры.

Жастанса да суы мөлдір сан-сайды,

Сорлы жүрек туған ел деп шаршайды.

Болмаса да қазақтың төл түлігі,

Бегемот та топырағын аңсайды.

Адалдығын естіп көзге жас келді,

Орнатса да болады екен тас белгі.

Бесігіңде жатқан жерің жұмақ қой,

Кіндігіңді кескен жерің қастерлі.

P.S. Батыс жаққа бағыт байлап жасын  кіл,

Шекараны ши көрместен асып жүр.

Хайуандар сағыныштан мерт болып,

Ал адамдар шетел жаққа қашып  жүр»- деген өлеңді тура маған бағыш­та­ғандай.

Ұзақ өлеңнен менің жаныма әсер еткені осы бес шумақ болды. «Ойпырмай, менің сусиыр құрлы болмағаным ба?», бұдан да сол сияқты­ сағыныштан өліп кеткенім жақсы еді-ау», - деп ішімнен зар еңіредім. Ел мен жердің қасиетін сағындым. Менің шерімді түсіне­тін жанымдағы жарым ба, бауырымдағы балам ба?! Ол екеуінен де елге деген сағыныш сезбеймін. Қаңғымалап қайда барып тұрақ­тасақ,  сол  жер туған Отандарындай, ақшасы болса болды – өмір­леріне риза. Тіпті Қазақстанды естері­не де алмауға тырысады. Мүмкін іздеуде  жүргенімізді ойлап, қорқатын да болар. Ол байғұс­тарды да осы күнге түсірген мен емес  пе!

Осылай ауыр ойлардан соң, терраса­ға шығып, қайда барсам да арқалап жүретін домбырамды қолыма­ алып шерте бастаймын. Әлқисам әрдайым – «Әупілдек» болады. Бала кезімде әкем домбыра­ жасатып беріп, ең бірінші етіп осы әнді үйреткен болатын.

«Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым осынау көлдің суын іше, әупілдек.

Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,

Ауылыма барар едім, әлденеше, әупілдек», - дегенде даусым дірілдеп, көзіме жас үйіріледі. Адам тағдыры ол өмірге келмей тұрып жазылып қояды деген рас-ау. Әйтпесе әкем менің тағдырымның түптің-түбінде осылай боларын, елден-жерден безіп, сағыныштан сарғаярымды білгендей, осы «Әупілдекті» үйретер ме?!

Биыл мұсылманша айтқанда Пайғамбар жасына толамын. «Көптен шыққан көмусіз қалады» дегенге жеткенім бе? «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деуші еді. «Пәлен жерде пайда бар, өз еліңдей қайда бар?! Жақсы жігіт жер шолып, ақыр түбі айналар» деген дана халқымның сөзі де жиі еске оралады. Әйеліме осы ойларды сыр бөліспекке  айтып  едім:

- Ол жақта сені кім сағынып отыр. Жалғыз әкең жоқ, қарын­дасың – ауру, өз күнін зорға көріп жүр. Құқық қорғаушылар көрсе болды­ қолыңа кісен салады!, - деп зекіп  тастады.

- Мейлі! Есіңде болсын, мен туған­ жерімде өлгім келеді. Туған өлкемнің топырағын жастанғым келеді. Сен неге ұғынбайсың осыны?!­ Жас болса келді. Өстіп жүріп  өлсем, сүйегім қайда қалады­. Одан да туған жерімнің түрмесінде өлгенім жақсы!, - деп мен де дауыс көтердім.

Елден шыққанда туған жердің бір уыс топырағын ала кетпегеніме қатты өкінемін. Жат жерде өліп кетсем,­ үстіме себер еді ғой сол қасиетті топырақты. Содан өлсем топырақ елден бұйырсын деп, әкеме тартқан бірбеткей мінезіммен Сізге осы хатты жазып отырмын. Сәлемімді халқыма жеткізерсіз», - деп аяқталған хаттың соңына­ шындығында іздеуде жүр­ген елге таныс азамат аты-жөнін жазып,­ қолын қойыпты. Не істесек екен  ағайын?!

Сәуле  ДОСЖАНОВА,

Қазақстан   Жазушылары

Одағының  мүшесі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 11 12 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары