Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

АУАНЫҢ ДӘМІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 11:10

Шынар Әбілдәні әлеуметтік желідегілер де, баспасөз оқырмандары да жақсы біледі. Аудармашы, журналистің жазбалары әдебиетті сүйетін жандардың да көңілінен шығып жүр. Әсіресе шетелдік жазушы, ақыл-ой иелерінің тағылым аларлық, ой түйерлік туындыларын өз тілімізге аударып, ел мен елдің арасындағы әдеби шекараны жақындатып жүр. Біз бүгін «Халық» газетінің оқырмандары үшін арнайы жолдаған бір топ аудармаларын жариялап отырмыз. Ой түйіңіздер, тағылым алыңыздар!

АУАНЫҢ  ДӘМІ

Бір күні ұстазым менен:

- Ауаның дәмін сезіп тұрмысың? - деп сұрады.

Мен ашық аспан астындағы саф таза орман ауасымен кеудемді кере тыныстадым­ да, біраз нәрсенің аңқыған жұпарын атадым.

- Өзің иісшіл екенсің. Ал, дәмін сездің бе? - деп қайта сұрады.

Мен ит құсап тілімді жалаңдатып аузымнан шығардым. Ұстазыма бақырайып қарадым.

- Жақсы, - деді ұстазым. Маған жымиып қарады, орнынан оқыс тұрып, жаныма­ жетіп келді де, аузым мен мұрнымды алақанымен жауып біраз тұрды. Оған қарсы тұру бекер екенін білдім. Бірақ аяқ-қолым менің еркімнен тыс өздігінен сереңдеп бара жатты. Ұстазым мені жіберген кезде қайтадан кеуде кере дем алдым.

- Өмірдің дәмі сезіледі екен, - дедім сәлден соң.

- Дұрыс айтасың. Осыны әркез сезінуің тиіс. Өмірдің дәмі суда, тамақта, басқа қызықтың бәрінде де бар. Өмір құтысынан мейлінше қанып іш, тек асықпа. Уақытынан бұрын тауысып қойма. Дұрыстап іше алмасаң, бар ырзығыңды төгіп-шашып алуың да бек мүмкін.

 

АРМАНДЫ  ҰРЛАТУ

Монти деген бала туралы хикая. Ол бала 16 жасқа келгенде өскенде кім болатыны туралы шығарма жазу керек болады. Монти арманын жазуға ұзақ ойланады, қатты қиналады. Ол ранчоның қожайыны болсам деп армандайтын. Он қандай ранчода тұрсам деп он парақты шимайлап тастайды. Барлық сарайдың, қораның, жолдың суретін салып, жоспарлайды. Тіпті тұратын үйдің де сызбасын сызады. 8000 фут квадратқа татитын зәулім ғимарат. Келесі күні Монти шығармасын мұғаліміне береді. Үш күннен кейін мұғалім қою қызылмен екілікті қонжитып, шығармасын қолына қайтарады. «Сабақтан кейін қал» деген жазу қалдырыпты. Арманы бар бала сабақ біткен соң мұғалімге келіп, не үшін екілік қойғанын сұрайды. «Өйткені, мұндай арман сен сияқты балада орындалмайды. Мұндай ранчо салу үшін саған өте көп ақша керек. Сенде ақша бар ма? Жоқ. Сен өте кедей тұрады емессің бе? Бұл арманды орындауға еш мүмкіндігің жоқ. Орындалмайтын арман. Мен саған былай дейін. Үйге бар да басқа шығарма жаз. Мынаған қарағанда әлдеқайда өмірге жақын, тез орындалатын арманыңды суретте. Сонда саған басқа баға қоятын шығармын» дейді мұғалім.

Бала үйіне келеді де әкесінен ақыл сұрайды. Әкесі былай депті: «Қарғам-ау, мен бұл істе саған ақылшы емеспін. Меніңше, ол тек сенің шешімің болуы керек. Ішкі түйсігім сол шешім сен үшін өте маңызды болатынын сезіп тұр» дейді. Монти әкесінің сөзін бір апта ойланып, қорытып жүреді. Ақырында мұғалімге ескі шығармасын қайтарады. «Сіз екілікті өзіңізге қалдырсаңыз болады, мен арманымды өзіме қалдырамын» дейді. Біраз уақыт өтеді. Монти баяғыда мектепті бітірген. Ересек адам. Өзін тыңдап отырған бір топ адамға басынан кешкен осы хикаяны айтып беріп тұрған. «Мұның барлығын айтып тұрғаным, қазір сіздер аумағы 4000 фут квадраттан асатын менің жекежайымда қонақта отырсыздар, менің ранчом 200 акр жерді алып жатыр. Ал, баяғы шығарманы каминнің жоғарғы жағына іліп қойдым» - дейді ол.

- Бұл хикаяның ең қызық жері – үш жыл бұрын сол мұғалім осы ранчоға 30 оқушысын әкеліп, бір апта бойы менің ранчомды мекендеді. Кетерінде ол маған: «Білесің бе, Монти, саған енді айтсам болатын шығар деймін. Сенің мұғалімің болған кезде арман ұрлаушы болыппын. Сол кезде көп баланың арманын ұрлағаныма қатты өкінемін. Бірақ сен өз арманыңды қорғай алғаныңа қуаныштымын» деді.

Ешкімге арманыңды ұрлап алуға мүмкіндік берме. Кім не десе, о десін. Арманыңа қарай адымда. Жүрегіңе сен!

 

БАЙ  мен  КЕДЕЙ

Баяғыда бір бай адам ел араламақ болыпты. Қасына баласын ертіп алыпты. Кішкене бала­сына­ кедей-жарлылардың қалай өмір сүретінін көрсеткісі келеді. Бірнеше күн алыс ауылдағы қыстауға­ барып тұрыпты. Ондағы кедей отбасы бұларды құшақ жая қарсы алып, барымен базар болған  көрінеді.

Үйге оралған соң әкесі баласынан сұрайды: «Біздің  саяхатымыз  саған  ұнады ма?» деп. «Ұнады, әке» - депті баласы. «Адамдардың қаншалы­қты кедей болатынын көрдің бе?» дейді әкесі. «Әлбетте,­ әке!» деп жауап қатады баласы. «Неше күн көргендеріңнен не байқадың, көкейге не  түйдің?» деп әкесі тықақтап қоймайды.

Сонда баласы былай депті: «Менің байқағаным көп, біздің бір итіміз бар, олардың төрт иті бар екен. Біздің бақта кішігірім хауызымыз бар, олардың ұшы-қиыры жоқ асау өзені бар. Біздің бау-бақшада шетелдік шамшырақтар жанады, олардың түнгі аспанында мыңдаған жұлдыз самаладай самсап­ тұр. Біздің ауладан көшеге дейін жол төселген­,  ал олардың есік алдынан  көкжиекке сіңіп кететін кең дала созылып жатыр. Біздің аз ғана  жеріміз  бар. Оны қоршап тастаймыз. Ал, олардың  ұлан-байтақ  алқаптары  бар. Көз  ұшында­ мұнартады. Біз азық-түлікті сатып алып ішеміз. Олар өздері өсіреді. Біздің үйдің айналасы тас қоршау. Олардың  айналасы  дос-жарандары».

Баланың әкесі ләм-мим дей алмай, сұлық тұрып қалыпты. Сонда баласы қарап тұрмай тағы да былай деген екен: «Мен біздің қаншалықты кедей екенімізді анық түсіндім».

Адам баласы көбіне қолда бардың қадіріне жетпей, өзінде жоққа құмартады. Бір адам үшін арзан көрінген дүние, өзгелер үшін бағалы­  сый. Бәрі де қай қиырдан қарап, қандай көзқараспен бағалауыңы­зға байланысты. Кейде баланың сөзі өмірде шын мәнінде не маңызды екеніне көзімізді ашады.

 

АДАЛ  ДОСТЫҚ

Мәскеулік бір оқушы мектепке бара алмайты­н боп қалды. Бір апта бармады, екі... Лёваның телефоны жоқ еді. Сондықтан мұғалімдер­інің тілін алған сыныптастары оны үйіне іздеп келеді. Есікті оның анасы ашады. Түрі әбіржіңкі. Балалар амандасып, достарын сұрайды:

- Неге Лёва мектепке келмей жүр?

Анасының қатты қайғыр­ғаны сезіледі. Бәсең дауыспен жауап қатады.

- Ол енді сендермен оқи алмайды. Оған ота жасады. Сәтсіз болды. Лёва соқыр болып­ қалды. Енді өздігінен жүре  алмайды.

Балалар бір сәтке үндемей, тым-тырыс қалды. Сосын араларынан біреуі есін жиып:

- Ал, біз оны кезек-кезек мектепке ертіп апарамыз, - деді.

- Үйге де шығарып саламыз.

- Сабақты орындауға да көмектесеміз, - деп бір-бірінің сөзін топты бала іліп әкетеді.

Анасының көзі жасаурайды. Ол баласының достарын бөлмеге кіргізеді. Сәлден соң қабырға­ жағалап оларға Лёва келеді. Көзіне ақ дәке таңып тастапты. Балалар тағы да тым-тырыс қалды. Достарының басына қандай күн туғанын  олар енді ғана түсінгендей. Лёва әрең дегенде сөйледі.

- Сәлем, достар.

Осыны күтіп тұрғандай балалар жан-жақтан­  жамырап кетті.

- Мен ертең саған келіп, мектепке ертіп апарамын.

- Ал, мен алгебрадан не өткенімізді айтып­  беремін.

- Мен тарихты түсіндіремін.

Лёва кімді тыңдарын білмей састы. Бәріне басын изей берді. Анасының омырауын көз жасы жуып жатты.

Лёвадан  шыққан  соң балалар жоспар құрды – кім келіп ертіп әкетеді, кім қай пәнді түсіндіреді, кім Лёвамен қыдырады, кім үйіне дейін шығарып салады. Мектепте Лёваның жанында отырған бала мұғалім тақтаға не жазған­ын ақырындап түсіндіріп отыратын болды. Лёва сабақ айтқанда бүкіл сынып тынып­ қалатын. Бәрі оның бестіктеріне өзінікінен бетер  қуанатын!

Лёва өте жақсы оқыды. Оның арқасында бүкіл сынып жақсы­ оқыды. Досыңа сабақ түсін­діру үшін өзің жақсы оқуға тиіссің дегенд­і бәрі айтқызбай-ақ білді. Балалар қатты тырыст­ы. Ол аз дегендей қыстың күні Лёваны сырғанаққа ертіп апарды. Бұл бала классикалық сазды қатты ұнататын. Сыныптас­тары онымен бірге симфониялық концерттерге баруды  шығарды.

Мектепті Лёва алтын медальмен тамамдады. Сосын институтқ­а түсті. Онда да қол ұшын созған достар тапты. Олар оның көзіне айналды. Институттан соң Лёва оқуын жал­ғастырды. Ақыр соңында ол әлемге таныма­л математик, академик­ Понтрягинов боп аты шықты.

Жақсылық жасай білетін жандарда есеп жоқ.

 

Борис Ганаго, «Балаға сенім турасында» кітабындағы «Көрегенділік­»  әңгімесі

 

Аударған  Шынар  ӘБІЛДӘ

 


АРМАНЫ АСҚАҚ АСЫЛБЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 11:00

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Иә, ұлылықты ұлықтаған ұлы Абай Құнанбаев атамның сөзі бұл. Жер бетіндегі барлық арманы асқақ, мақсаты айқын жандар өз алдына тұлға болып қалыптасуы тиіс. Кез келген адам «Өмір» атты дүниенің табалдырығын аттаған­нан кейін өз орнын табуға тырысады, яғни өседі, өнеді, «еңбекпен тапқан нан тәтті» демек­ші, қалаған мамандығында еңбек етуге асығады. Сол бір сара жолға өз-өзін дағдылап, басқа­лардан дараланып жүр­ген дарабоз  жайлы сөз қозғамақпын. Ол – Асылбек Оңғарбек.

Жақында ғана тұсауы кесілген «Дарынды баланың» екінші кейіпкері – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылының тұрғыны, №21 орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Жас өрен талай­-талай биік белесте­рді  бағындырып, асқақ армандардың  жолында­  бой түзеп келеді.

2003 жылы 14 тамыз күні дүниеге келген ол – оқу озаты, белсендісі. Басқа балалардан Асылбек  табиғатқа, елдің экономикасы мен экологиясына алаңдап, сол жөнінде жұмыс істейтіні арқылы ерекшеленеді. Талай-талай байқауларға қатысып, ауылдың атын шығарып жүрген жас талант.

Орыс, қазақ, шет тілдерін жетік меңгерген. Дегенмен де, «шет тілін әлі де пысықтауым керек» дейді. Диалект­ісі, грамматикасы бар дегендей, ізденудің артық болмай­тыны рас. Асылбек – үш тілде болатын көптеген олим­пиадалардың  жүлдегері.

- Алға қойған тағы бір мақсатым – елімнің экономикасын жасыл экономикаға жеткізу. Әуелі туған Аралымды көркейтсем деймін. Аралдың байырғы көкпеңбек боп көк кілемдей шалқы­п жатат­ын кезін сағындым. Теңіз қайта орнына келсе, елдің экономикасы артса және менің сол іске титтей де көмегім тисе, аса бір мақтан тұтар сәтім болар еді. Мен бұл бағытта осы уақытқа дейін аз жұмыс істегем жоқ, бірақ көбісі теориялық тұрғыда ғана. Ендігі басты жоспарым – осындай  жобаларды іс жүзінде қолға алу. Негізгі нысаным – Қамыстыбас көлі мен жағажай  аймағы. Мен жан-жақты­ бол­ғанды қалаймын, саяси­ жағдайларға да қанықпын. Саясатты билік жүргізері анық ғой, дегенмен қолға тисе ешкімге­ зардап етпей жүргізермін деген­ ойым да бар, - дейді  ол.

Кейіпкеріміздің арманы – кәсіпкер  болу.

«Мен кәсіпкер болу арқылы өз елімде және шетелде машина жасау саласын игеріп, өркендетіп, дамытқым келеді. Елден шыққан шикізаттың барлығын шетел асырмай, өз топырағымда өндіріп, бағасын баршаға бағамдап, қарапайым халықтың қал­тасы­ көтеретіндей етіп неге жа­самас­қа? Жастарымызды жасам­паз­дыққа баулып, 2019 жылды  Елбас­ымыз жастарға деп тізгінді берді. Ендігісі өзіміздің қолымызда» деген пікірімен де бөлісті.

«Тұсаукесердің» басты мақ­саты – әрбір балаға дұрыс жолды көрсету.  Ал, «Дарынды баланың»  мақсаты – кейіпкердің сан қырын ашу. Біз бүгінгі шығарылымда Асылбектің бітім-бол­мы­сына барынша үңіліп-ақ көрдік. Ізгілікті бойына сіңірген ол ізденісін тоқтатпай, білімі мен біліктілігін қатар қолданса, биік белестерді де бағындыра бермек. Жас дос, ендеше іске сәт!

Гүлдана  ЖОЛАМАНҚЫЗЫ


 

Асылбектің  жетістіктері:

 

Диплом, «Ақ бота», 2013 жыл;

Диплом, Республикалық ғылыми жобалар конкурсында І орын, 2018 жыл;

Диплом, «Сыр үміттері» энциклопедиясына енгені үшін, 2017 жыл;

Диплом, «Халқымның жүрегінен жыр жазамын»­, ІІІ орын, 2016 жыл;

Диплом, «Арбат фантазиясы», «Ораторлар», І орын, 2016 жыл;

Диплом, «Қайратты туған ер еді», ІІІ дәрежелі­ диплом, 2015 жыл;

Диплом, «Табиғатты аяла», ІІ орын, 2018 жыл;

Диплом, Республикалық олимпиададан ІІ орын алғаны үшін, 2015 жыл;

Сертификат, «Золотое руно»;

Сертификат, «British Bulldog», 2013;

Сертификат, «British Bulldog», 2014;

Сертификат, «British Bulldog», 2015;

Сертификат, «Біздің ғұламалар», Республика­лық шығарма байқауына қатысқаны үшін;

Сертификат, «Человек и природа», Всероссийском игровом конкурсе по естество знанию;

Сертификат, «Ақ бота», 2014 жыл;

Сертификат, «Экология және балалар», 2018 жыл;­

Сертификат, «Табиғатты аяла», 2018 жыл;

Сертификат, «А.Байтұрсынұлы атындағы ІІ республикалық байқауы», 2018 жыл;

Сертификат, «Жайдарман», 2015 жыл;

Куәлік, «Жас ойын технигі» 2016 жыл;

Алғыс хат, «Балдәурен»;

Мадақтама, Аудандық олимпиададан ІІ орын, 2016 жыл;

Мадақтама, Пневматикалық винтовкадан оқ ату, І орын, 2019 жыл;

Мадақтама, «Туады ерлер ел үшін», жыршылар  байқауы, І орын, 2015 жыл.

 


МҰРА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 10:55

Сегізінші класта бізге әдебиет пәнінен Өздебай ағай сабақ берді. Өзінің айтуы бойынша, осы бір пәннен дәріс оқытқанына он жылдан асыпты.

Бұрын: “Өздекең сегізінші кластың әдебиетін басынан аяғына дейін үтір, нүктесін  айта  отырып,  жатқа  соғады”, - дейтінін еститінбіз. Жарықтық, талай жыл өтсе де түрлі себептермен сол конспект менде әлі күнге дейін сақталыпты. Ол: “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті.

Ауызша айтылғандықтан, елден-елге ауыз арқылы тарағандықтан, ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ол кезде жазу, сызу болмаған. Өлең, жыр, дастан, хикая атаулы ауызша шығып, ел-жұртқа ауызша таралған...” - деп баста­лып, тарау-тараумен тарамдалып кете  баратын.

Бірде сегізінші класты тамамдап қалған өзімнен он бес жас кенже інім: “Аға, Өздебай ағайдан жыл бойы сабақ жазып бекер әуре болыппын ғой, кеше сандықтың түбінен сіздің бір кезде жаз­ған­ конспектіңізді тауып алып, салыс­тырып көріп едім, сөзбе-сөз айнымайды-ау  айнымайды. Бір сөз, бір сөйлем өзгерсейші”, - деп, жаңалық ашты.

...Көп уақыт өтпей, ағайымның сегізінші класта оқитын баласының әдебиет­ дәптерінің алғашқы бетін ашып едім. “Фольклор дегеніміз – ауыз әде­биеті”, - деп басталған абзац көзіме оттай­ басылды. Ескі досыммен кездескендей, көзден  еріксіз  бір-екі тамшы жас та  шығып  кетті.

...Бірде өзімнің сегізіншідегі ұлымның сабағына қатыстым. Әдебиет пәнін оқытатын өзіміздің баяғы Өздекең. Жаңа оқу жылдарымен құттықтап, бірден сабақ жаздыруға көшті. Баяғы заманда сабақты  бізге  қаққан қазықтай  түрегеліп жүріп айтатын, қазір отырған қалпы қағазына қарап  оқитын болыпты.

“Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша  айтылғандықтан...”.

Оқушылар жапа-тармағай жазып жатыр.­

...Бірде өзімнің қырықтан асқанда көрген кенжемнің класында отырдым. Тағы да баяғы Өздекеңе тап келіппін. “Фольклор дегеніміз”, - дей бергенде, ары қарай тыңдауға шыдамым жетпей шығып кеттім. Балам: “Өздебай ағай, сабағына­н  сіздің  шығып  кеткеніңізді де  байқамады”, - дейді.

Жақында немерелеріміздің бақытына Өздекең де құрметті демалысқа шықты-ау, әйтеуір. Дүрілдетіп той жасады­. Қуанғанымыздан тойына да бардық.

Орнын институт бітіріп келген баласына­  беріпті. Тойда әкесі мұраның үлкені деп, өмір бойы ұстап келген конспектілерін баласына сыйға тартты...­

Ертеңінде есік алдында отыр едім, қаздиып киінген бір бала сәлем берді. Сөйтсем, мектепке бет алған Өздекеңнің  кешегі  баласы екен. Қолындағы әкесі сыйлаған “мұра” көзіме оттай­  басылды.

Қайтейін: “Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті...” - деп күбірлеп, келер жылы мектепке барғалы отырған немеремнің басынан сипап қала бердім.

Берік  САДЫР,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 


АСПАНҒА АТЫЛҒАН ОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 10:50

Бір адамның екі басы бар дегенді білеміз, «Сиам» егіздерін айтамын. Ал, бір адамның екі бірдей бастығы бар дегенд­і  естіп  біртүрлі  бол­дым.­ Менің құрдасым Тақтайбек отыз жыл бойы бір меке­меде күзетші болып істейді. Совет заманынан бергі мойыны қисық қос ауыз мылтығын иығына әлі асынып жүр. Мылтық бірде-бір рет аспанға да атылған жоқ. Өйткені, мекемеде ұрлайтын ештеңе қалмады. Қалдырмады. Кімге атады? Сол құрдасымның  жақында  екінші бастығы пайда болыпты. Енді басы әбден қатыпты. Бір күні Тақтайбектің  бірінші  бастығы келіп былай депті:

- Сен мына қоқыс салатын жәшікті есіктің оң жағына апарып қой, - дейді.

Басекеңнің айтқаны заң ғой. Орындайды. Сәлден кейін екінші бастығы шіреніп темекі тартуға сыртқа шығады.

- Мына қоқыс жәшігін оң жаққа кім қойды?

- Мен, - дейді құрдасым.

- Сол жағына апар, - деп бұйрық  береді.

Амал жоқ апарып қояды. Кабинетінде отыра алмай іші пысқан бірінші бастығы тағы далаға шығады. Көзі бірден қоқыс салатын жәшікке түседі.

- Мен саған не айттым?

- Оң жаққа қой дедіңіз.

- Ендеше неге орындамайсың? Тойынайын дедің бе, иттің күшігі? - деп бастығы дауы­с  көтереді.

- Кешіріңіз, мен сіздің айтқаныңызды орындадым. Бірақ, жаңа  екінші бастығым қайтадан орнына қойдырды, - деп, қоқыс жәшігін көтеріп есіктің сол жақ қапталына қояды.

Темір жәшік жеңіл емес, ауыр. Тақтайбек  терлеп  кетеді. Қалтасынан темекісін алып енді тұтата бергенде, екіншісі шығады.

- Тақтайбек, сен  соңғы  кездері  бұйрықты  орындамайтын болғансың  ба?

- Бірінші бастық, - деп, құрдасым міңгірлейді.

- Мен кіммін?

- Екінші бастық.

- Сенің әйеліңді жұмысқа тұрғызған  кім?

- Әрине сіз.

- Орнына қой, - деп ішке кіріп  кетеді.

Тақтайбек мықшыңдап қоқыс жәшігін жылжытып жатқа­нда бірінші бастығы үстінен  түседі.

- Мен  саған  жәшікті оң  жақ­қа қой дедім бе?

- Дедің.

- Енді неменеге солға қарай жылжытып  жатырсың? - деп бас салып  айғайлайды.

- Екінші бастығым айтты.

- Мен саған кім боламын?

- Бірінші бастық.

- Жұмысқа сені кім қабыл­дады?

- Сіз, - деп жауап береді Тақтайбек.­

- Олай болса менің рұқса­тымсыз  қозғаушы  болма  ұқтың ба?  - деп  ақырады.

Сол кезде екінші бастығы келіп  қалады.

- Тақтайбек, солға апар, - дейді.

- Жоқ, оңға, - деп, дауыс көтереді  бірінші  бастық.

- Солға...

- Оңға...

- Солға...

Ашу түгілі қой аузынан шөп алуды білмейтін құрдасымның осы сәтте жүйкесі қозып, бет терісінің нерві талшықтары жыбырлап, саусақ­тары дірілдеп, мылтықтың шүріппесін басып қалады. Мылтық аспанға тарс етіп атыла­ды. Екі бастық зәрелері ұшып тізерлеп жерге құлай кетед­і. Тақтайбек ызаға бу­лығып екеуіне мылтықты кезей­ді.

- Атамын, - дейді.

Аспанға қос ауыздан бір оқ атылды. Екіншісі оқтаулы тұр.

- Айналайын Тақтайбек, ақылың бар ғой, мен халыққа керек адаммын. Қаланың қақ ортасынан саған бір бөлмелі үй әперемін, - деп, бірінші бастығы  жыламсырап  жалынады. Көзінің  жасы  көл болады.

- Мен екі бөлмелі үй бере­мін, - деп, екіншісі өлердегі сөзін  айтады.

Әйтеуір, жандары қысыл­ған басшылар құрдасымның қызметін өсіруге дейін уәде беріп, әрең  дегенде аман құ­ты­лыпты  деседі...

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

 


ҚАЗАҚТА ЗҰЛЫМДЫҚ ЖЕҢГЕН ЕШБІР ЕРТЕГІ ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 10:30

Шернияз  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,

ертегіші:

Өрмекші адам, бэтмен, темір қол, халк. Иә, бұл – біз бен сіздің қоғамда болмаған, бірақ бірге өмір сүріп жатқан кейіпкерлер. Шүлдірлеп жүрген балаңыздан сұрасаңыз, жеті атасын саусақты кезек-кезегімен бүгіп, санап та беруге даяр. Себебі, үйіміздегі көкжәшікке сұрау да, сынау да болмай тұрғаны. Әттең, бір кем дүние. Екінші кемшілік, жастардың еліктеу атауына үйір екенін ескермегеніміз.

Бір күні аяғын аспаннан келтіріп, қолына темір байлап не жарқанатша жар жағалап, «мен түгеншемін» деп жүрсе, кешегі хан Абылай мен хәкім Абайды таппай қалмаңыз. Шетел де қайбір қолы босап «Осы қазақтың баласы көре қойсын» деп жарылқады дейсіз, негізгі идеясы да тексіздендіруде жатыр ғой. Өткен ғасырда «совет даласын шабамын» деп әлек қаққан герман әскерінің де шабуылы осы бір бос уақытқа бейімділік және оны мәнсіз өткізуге үйрету емес пе еді? Ендеше, бұл шабуылшылар Гитлер саясатын жолда қалдырды. Балаңыздың бос уақытында қанды қырғынды, бітпейтін соғысты көрсетіп, шетелдің бізді оңалтайын деп отырмағаны белгілі. «Бұл нәубеттің шығу тегі қайда жатыр?» десеңіз, жаңадан жаңалық жасаудың қажеті жоқ. Мультфильм – ертегінің қазіргі заманға шақталып, көрермен елегінен өткен заманауи нұсқасы. Яғни, мультфильмдеріміз төл ертегілеріміздің желісі бойынша сайрау керек. Осы тұста жас ертегіші, балалар әдебиетін дамытуға бағытталған  республикалық «Жас қаламгер»  жобасының ІІ орын иегері, жерлесіміз  Шернияз  Жалғасбекұлымен әңгіме  өрбіткен  едік.

- Шернияз, кез  келген  жанрдың өзіндік мақсаты, миссиясы болатын шығар­. Осы  бізге  ертегі не  үшін керек?

- Ұлт боламыз десек, ертегішіл болуым­ыз қажет. «Бір оттың басында айтылған ертегі қалай ғана күллі ұлттың шырағы болады?» деп таңданбайық. Бұл сара жолды бізге қазақ халқы салып берді. Бала туғандағы ананың әлдиі, өсе келе әженің ертегісі, ер жетер шақта жаттатат­ын әкенің батырлық жырлары, естияр уақытта атаның айтатын уағыз-насихаты, батасы толық тәрбиені беред­і. Оның ішінде ертегінің алатын орны зор. Ертег­і қиял-ғажайыпқа құралады, бірін­шіден, бұл баланың ойлау қабілетін жетілдіреді. Екіншіден, зұлымдық жеңіп кеткен бірде-бір төл ертегіміз жоқ, бала санасына мейірім­ділік, жақ­сыл­ықтан үміт ету секілді қасиеттерді ұялатады. Үшіншіден, ертегілерімізде ұлттық болмыс аңқып тұрады. Ұлтжанды атқа­мінерлер өз көзқарасын әжесінің тізесінде жатып­ қалыптастырады емес пе? Кешегі Абайдың әжесі Зере бұл сөзіме дәлел. Міне, сол ертегі тыңдап өскен Ибраһим күллі әлемге мәшһүр болып, хәкім атанды ғой. Қазір ертегілетуді қойсақ, ертеңгі күні тек өткенмен ғана мақтанатындай болып­  қаламыз.

- Дұрыс айтасыз. Енді ертегі өз оқырман­дарымен  қауышу  үшін  не  істемек  керек?

- Бірде үлкен ағамның баласы теледид­ар  алдында  телміріп отыр­ғанын  байқадым. Аңласам, шетел мультфи­льмі  жарқ-жұрқ  етеді.  Айт­қым келгені біз өз мультфильмімізді көбейтуім­із қажет және ол өз  ертегі­мізге  құрылуы  керек. Ол үшін жазушыларымыз қазіргі кезеңге шақтап қаламды  қолға алғаны дұрыс. Әйтпесе есекке  мінген  Алдаркөсе балаларды жалықт­ырып  барады. Сол арқылы балағ­а керек тыйымдарды да көрсету қажет. Жалпы, ертегі – таптырмас тәр­бие  құралы.

- «Мультфильмдеріміз төл ертегімізбен үндесуі керек» деп қалдыңыз. Осы шетел  анимация  өнері  кіммен  ұштасып, қай  бағытқа  апара  жатыр?

- Әзірге менің қызым да, ұлым да жоқ. Болған уақытта мына дүниелерді (қазіргі мультфильмдер – ред.) көрсетпеуге  тырысар  едім. Себебі, қазір біз­дің балаларымыз кері тәрбиеленіп жатыр­. Машиналар төбелеседі, әлем қирап, соғыс  болады. «Маша и медведь» деген мультик тіпті нашар. Бір қыз ешкімнің тілін алмай шапқылап жүреді. Білгенін бүлдіріп, әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай, тайраңдағаннан басқа түк те бітірмейді. Бұл бұзақылықты көрген қызыңыз тіл алмаса,­ ешкімді  кінәламаңыз.

- Қысқа-нұсқа әрі нақты жауаптарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Жансая   АЙКӨПЕШЕВА,

М.Мәметова атындағы

Қызылорда  педагогикалық жоғары колледжінің  студенті



 

АЛМАС пен ҚОСМҮЙІЗ  КИІК

(Атаның ертегісі)

«Ерте заманда желменен жарысқан қасиетті Қосмүйіз деген киік өмір сүріпті. Ол әлемнің барлық жерлерінде болып, өзінің балаларын жетілдіру үшін жанға жайлы, өзі тыныш әрі қауіпсіз жер із­дейді. Шөбі шүйгін, суы мол жайылым іздеп біраз жол жүреді. Африкада болады, Америкада болады, Ресей мен Қытай жерлерінде де болады. Алайда Қазақстаннан артық жайлы мекен таппайды. «Сырдария» деген өзен­нің жағасына келіп, су ішіп, шөбін жеп тыныққаннан кейін, сол жерде тұрақтауды жөн көреді. Табиғатына тамсанып: «Е, мынау менің мекенім, енді осы жерде құралайларым өседі. Ұрпағымыз көбейеді. Мен іздеген жер­дің нақ өзі екенсің, Сырдария!» деп қатты қуанады. Сонымен айналаға зер салып, бақылауды жөн көреді. Қараса, қанша шөбі шүйгін, суы мол жайылым болғанымен, бұл жерде адамдар көп екен. Олардан қорқып, үрейлене­ді. Адамдарды танып-білу үшін  жолда  кездескендерден­ сұрай бастайды. Бірінші болып­  аққуды  көреді.

- Аққу-аққу, мен адамдардан қорқамын, маған олар осы  жерге тұруға рұқсат бере ме? - деп сұрайды.

- Аққу болса: «Қорықпа киік, адам баласы мейірімді, қайырымды, мысалы, мені «аққуды  атқаның – досыңды сатқаның» деп құрметтейді, саған да тез үйреніп кетеді»,- деп сенім білдіреді.

Аққудың бұл айтқан сө­зіне қуанып, жолда кездес­тірген  жылқыдан да осылай сұрайды.

- Айтасың-ау, Қосмүйіз, адамдар жақсы, еңбегіңді баға­лайды. Мысалы, мен олардың жүгін тасып, керек жеріне дер кезінде жеткізіп беремін, олар болса, маған жем-шөп, су береді. Адалдыққа адалдықпен жауап беруд­і осы адамдардан үй­ренуі­міз қажет, - деп жылқы киікке  ақыл айтады.

Енді тағы біреуден сұрап көрейін деп келе жатқанда сиырды кездестіреді. Бұл сауал­ды естіп, мән-жайға қанық болған ол:

- Аққу мен жылқы дұрыс айтады. Мен де адамдарға ризамы­н. Оларға өз сүтімді беріп, арбаларын сүй­рей­мін. Сол еңбегім үшін олар маған жем-шөп, су беріп күтім жасайды­. Тіпті, менің бұл ісім үшін төлімді де жақсы көреді. Олардың мейірімді­лігіне  ризамын, - деп сиыр да өз сөзінде  адамдарға сену­ге  болатынын айтады.­

Кездестірген аққу да, жылқ­ы да, сиыр да жақсы жауа­п  бергеннен  кейін олардың  ауылына  барып, сөйле­сіп көргісі келеді. Ауылға жақын­дап қалған сәтте ойнап жүрген Алмас атты баланы кездестіреді. Екеуі бірден дос болады. Киіктің жағдайын түсініп, Қосмүйізді ауыл адамдарымен бірге тұруға көндіреді де, ауыл сыртынан үйшік салуға кіріседі. Екеуі бірге еңбек етіп, орманнан тал алып, су мен құм­ды араластырып  балшық жасай­ды. Бірігіп істеген іс өнімді болады ғой, екеуі әп-сәтте әдемі үйшік салады. Алайда үй­шік­тің төбесін жабарда Алмас қолын жарақаттап алады. Сол кезде Қосмүйіз Алмас­қа:

- Алмас, сен уайымдама, жараңды бірге жазамыз. Сен менің мүйізімнен ұстап тұр, мен саған жылуымды бере­мін, мейірімімді беремін, жазылы­п кетесің, - деп достық адал ниетін білді­реді. Алмас болса, сенімді досының сөзіне сеніп, киік айтқан мүйізін ұстайды. Қос­мүйіздің мүйізінен тараған мейірім-шапағатының арқасында бір сәтте жарасы жазылып кетеді. Мұны көрген Алмас­ таңғалысып, киікке рақметін айтады. Осылай баста­у  алған  достықтары ұзақ уақытқа  созылады. Бұл жол­ғы көмегі үшін Алмас Қос­мүйіз­дің алдында өзін қа­рыздар сезініп:

- Досым, мен сенің бұл жақсылығыңды қалай қайтарарымды білмеймін, бірақ есіңд­е болсын, мен тұрғанда саған адам баласынан еш зиян тимейді, - деп уәде бере­ді. Күндер өтіп, жылдар жылжығанда Алмастың уәдесіне қарамастан ауылдастары Қосмүйізді атып алады. Міне, осылайша адам баласы табиғат заңдылығын сақтамай, Алмас пен Қосмүйіздің уәделерін бұзады. Бұған басын­да сенгісі келмеген Алмас­ көп уақыт қайғырып өз-өзіне келе алмай жүреді. Осылайша, бала Алмас та уақыт өте қартаяды. Алайда сол жүрегіндегі өкініш маза бермейді. «Енді бұл қателі­гімді  балаларым  қайталамау үшін ескертуім керек» деп өзінің немере, шөберелерін жинайды.

- Балаларым, менің «Қос­мүйіз» деген киік досым болған, ол менің кішкентайымд­а жарамды жазып, көп көмектескен. Екеуміз мәңгі дос болу­ға уәде еткенбіз. Ол ауылда­ адамдармен бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрген. Десе де, сол сертті біз адамдар бұзып, жануарға қиянат жасадық. Сол себепті, біздің қателігімізді сендер қайталамауларың қажет. Қазір оның да, менің де балаларым бар, сендер де дос болуларың керек­, оларға көмектесіңдер, тиіспеңдер! - дейді.

Міне, содан бері адам мен киіктердің балалары осы бүгінге дейін тату-тәтті болып­, өмір сүріп келген. Алайда адам пендешілігін көрсетіп, көп жағдайларда киіктерге қастандық жасайды. Осылай бола тұра, Қос­мүйіз бен Алмастың достығы бүгінде киік пен адам достығы  болып  жалғасып келе­ді» деп атасы өзінің күнде­лікті  ертегісін  аяқтады.

Алмас өзімен аттас бала мен «Қосмүйіз» атты киіктің достығы, өмірде қалай бо­ла­ды деп күмәнданса да ертегіден кейін сол жайлы ойлап­, көпке дейін ұйықтамай жатты.­ Атасы күнде ертегі айтады­ және шетінен қызықты, тәрбиесі бар ертегілер. Бұл жолы тыңдаған ертегісінен Алмас киікке тиіспеу керек­ екенін, қамқорлық таныт­у қажет екенін, адам мен табиғат, яки жануарлар достасып өмір сүру керек екенін түсінді. Әдетте көп ертегі­лердің аяғына дейін шыдамай ұйықтап кете бере­тін Алмастың бұ жолы киікке­ деген қызығушылығы оянды.

- Ата-ата, маған да Қос­мүйіз секілді дос керек, олармен біз де достасайықшы, бірақ біздің адамдарға «олар­ға тиіспеңдер!» деп айтып қойыңыз, иә ма? - деп немересі атасынан сұранып, жәутеңдеп қалады. Сонымен атасы екеуі ертесіне жануарлар бағына барып, киіктерді тамашаламақшы болды. Атасы­  Алмасқа: «Ертең Қос­мүйіздің балаларын көресің, өзін көресің» деп алдап қойды. Оны естіген Алмас күлімсіреп  тәтті  ұйқыға  енді. Қайырлы түн!

Шернияз  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

 


ТҮРКИЯДАҒЫ ТҮРКІ ОЙЫНДАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
25.04.2019 10:20

2019 жылдың 25 сәуірі мен 4 мамыры аралығында Түр­кияның Анталия қаласында тоғыз­құмалақтан V әлем чемпионаты және түрік мангаласы ойынынан І әлем чемпиона­тының жалауы көтерілмек. 25 елден келген 100-ге жуық спортшы ой жарысының тартысына түспек. Бүкіл Еуропа, Азия, Америка және Африка халықтарының ішінде тоғыз­құмалақ ойынынан әлем чемпионатын өткізу тек түркі халық­тарына нәсіп болыпты. Бұл  чемпионаттың  ерекшелігі неде? Несімен  құнды? Тарих­қа шегінсек...

2008 жылдың маусым айында Орал қаласындағы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті жүлдесіне арналған халық­аралық жарыста 9 елден келген делегаттар Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясын құрып, оның төрағалығына Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменовты сайлады. Штаб-пәтер Астана қаласында орналасып, бұл ұйымның көмегімен Азия, Еуропа және Әлем чемпионаттарын өткізу ісі қолға алынды. Әлемнің көптеген елдерінде халықаралық жарыстар ай сайын­ ұйымдастырыла бастады. Қазақстан мен Қырғызстаннан ұзап шықпаған қазақтың қара баласы түсіне кір­меген елдерге сапарға шыға баста­ды. Алдымен Англиядан баста­п, одан кейін оның қатары­на Венгрия, Германия, Макед­ония, Чехия, Швей­цария, Франция секілді елдер қосылды.  Алтайдан Анадолыға дейін, Анадолыдан Антигуа­ және Барбудаға дейінгі жерлер көшпенділер­дің ойлау мәдениетімен  ты­ныс­тай  бастады.

2010 жылы Астанада І әлем чемпионаты өткенде шетел­діктер түгілі, қандастарымыздың өзі сенбеді. 4 құрлықтан, 16 елден келген спортшылар 1 апта бойы тоғызқұмалақ бәсекесіне түсті. Қазақстан спортшыларының бағы жанып, алғашқ­ы әлем чемпиондары өз елімізден шықты. Тіпті, бүкіл жүлдегерлер тізімінде басқа елдің өкілі табылмады.

2012 жылы Чехияда өткен әлем чемпионатында қырғыз спортшылары жүлделі орыннан көрінсе, 2015 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Германия спортшылары жүлделі орынға ие болды.

2017 жылы ЭКСПО қарсаңында Астанада өткізілген әлем чемпионатына 25 елден 70-ке жуық спортшы қатысты. Бұл чемпионатта тұңғыш рет қырғыз спортшысы Қуанышбек Ибрагимов әлем чемпионы атанды. Қазақстан спортшылары классика, рапид және блиц түрлері бойынша 5 алтын медаль еншілесе, айырқалпақты  ағайындар блицтен 1 алтын алып, қалпақты аспанға атты. Осы жылы қатысқан елдердің географиясы тағы да кеңейді. Алғашқы 3 әлем чемпиона­ты­на қатысқан Англия, Антигуа және  Барбуда, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Түр­кіменстан, Үндістан, Чехия, Швейцариядан басқа, алғаш рет  Австрия, Камерун, Поль­ша және Украина спортшы­лары да қатысты. Осы чемпионатта медал­ь  алған  елдер  саны Моңғ­олиямен  толықты.

2019 жылғы чемпионат Анадо­лы жерінде 25 сәуір мен 4 мамыр аралығында V рет өткізілмек. Бұл чемпионатқа 25-тен астам елдің 100-ге жуық спортшысы қатысады. Әр құраманың сапында тоғызқұмалақтың классика және блиц түрі бойынша 2 ер, 2 әйел қатысуы тиіс. Рапид түрі бойынша қатысуға жарнасын төлеген спортшылар үшін шектеу жоқ. Тұң­ғыш рет чемпионатқа Латвия, Венгрия, Пәкістан, Румыния және Эфиопия елдері қатыспақ. Бұл жарысқа 40-қа жуық елдің спортшылары қатысуға ниет білдіргенімен, жол шығындары мен виза ерекшеліктеріне  байланысты  біраз елдер­ келе  алмайтын  болды.

Әлем чемпионаты қазақ және түрік халқының бауыр­ластық символы ретінде тоғыз­құмалақ пен мангала ойынынан өткізіледі. Іс-шараның ұйымдастырушылары ретінде Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы мен Түркия Мангала Федерациясы толымды істер атқаруда. Егер Әлихан Бәйменовты Қазақстан мен шетелдегі тоғызқұмалақ белсенділері Зияткер тұлға және ақыл-ой ойындарының көш­басшысы ретінде толығымен мойындаса, Түркия Мангала Федерациясының төрағасы Рауф Өзгенге бұл чемпионат үлкен сынақ болмақ. Жарыстың бас демеушісі – Нұр-Сұл­тан қаласындағы THE ONE HOTEL қонақүйі. Мақсат Раманқ­ұлов басқаратын бұл қонақүй 2017 жылғы Әлем чемпионатын өткізуге де көп үлес қосқан болатын.

Тоғызқұмалақ пен мангаланың болашағы жарқын. Алтайдан Анадолыға дейін, Анадолыдан Америкаға дейінгі аралықта түркі халықтарының данал­ық мұрасы насихатталып, қайталанбас таңғажайып қырларымен, эстетикасымен төрт­күл дүниені таңғалдыра бермек.

«Тарихы  терең – тұнық  мұратың,

Бүтін  ғаламнан  сыр ұқтыратын!

Тоғызқұмалақ – бегзада өнер,

Ақыл-ойыңды шынықтыратын!» - деп ақын Асқар Дүй­сенбі жырлағандай, бұл өнер­дің адамзатқа берер пайдасы  шексіз.

Мақсат  ШОТАЕВ,

Дүниежүзілік  тоғызқұмалақ

федерациясының бас хатшысы

 

Түркияның Анталия қаласында дәл бүгін жалауын желбірететін Әлем чемпионатына Сыр елінің де спортшылары қатысады. Ерлер арасында тоғызқұмалақтың блиц (шапшаң) түрінен әлемнің үш дүркін  чемпионы (классика) Хәкімжан Елеусінов қатысса, Бексұлтан­ Бостандық­ов, Рауан Ибраев рапид (белсенді) түрінен бақ сынамақ. Сондай-ақ, әйелдер арасында ел намысын сырбойылық Ақерке Кенжебек­ова, Қызжібек Әбілдә мен Ұлдана Махамбетаминдер (рапид)  қорғамақ. Ұлттық құраманың  барлық  спортшыларына  Анталия­дағы   аламанда­  жеңіс  тілейміз!

 


ҚАБІР ГҮЛІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 10:15

Аягүл  МАНТАЙ

Біздің ауылдың тікенек басқ­ан соңғы қисық көшесін жағалай қоржын тамдар са­лынғ­ан. Жапырайған сол тамдард­ың бірінде бүкір шал тұратын­. Шалдың о бастағы азан шақырып қойған есімі – Нүрсейіт. Жеңгелері қайнысының есімін атамайтын үрдіс бойынша ауыл-аймаққа қадірменді, аузы дуалы ақсақалдың жалғыз  баласын «Үрсейіт бала» деп еркелетіпті. Қария қар­тайғанда көрген жалғыз баласының есімін қара басып ұмыты­п қалып, ұлы он бес жас­қа­  толғанда алған туу туралы куәлігіне Үрсейіт деп жаздырып  жіберіпті.

Жеңгелері: – Біз сені енді Үрсейіт деп атай алмаймыз, бүгіннен бастап Мүрсейітсің, - деп  күліпті.

Шешелеріміз ол кісіні «Мүрсейіт қайынаға» десе, балала­р «Мүрсейіт ата» дей­тінбіз.

Шал: – Пәтшағарлар-ау, Мүрсейіт дегендерің не? Сен­дер­ менің балаларым­сыңдар ғой, - деп кеңк-кеңк күлетін.

Үрсейіт атамыздың үйі ауылды бойлай ағып жатқан Жалбыз өзеніне жақын қоныс тепкен. Жаздай Жалбызға шомыл­ып, күнге күйіп, шалдың бағына ұрлыққа түсетінбіз. Алма ағаштары гүлдей бастағанда  ескі қоржын там көрін­бей қалатын. Бұл үйдің маңынан өткен адам табиғаттың сұлулығына тамсанбай өте алмас­ еді. Алма түйней бастағанда өзіміз кеше ғана сүй­сінген сұлулықты ұмытамыз. Алма ағашының бұтақтарын сындырып, көк түйнектерді тойғанша жеп, қалтамыз бен етегімізді толтырып аламыз. Жалбызға барып, жегеннен қалған алмаларды суға лақтырып, доп орнына  ойнаймыз.

Шал қапаланып: – Балаларым, сол алманы піскеннен ке­йін өздерің жейсіңдер ғой. Менің ол алман­ы жейтін сендерден басқа кімім бар? Піскенше шыдай алмайды екен­сіңдер, бұтақтарын сындырмай, үзіп жесең­дерші, - деп біз­дерді қатты ұял­татын.

Әлгінде ғана ке­йісті  қабақ  таныт­қан шал: – Әй, қызталақтар, кәне, жүзуден жарыс өткіземіз. Жалбыздың арғы жағал­ауына кім бірін­ші жүзіп өтсе, соған екі балмұздақ әперемін, - деп бала­лармен бала болып ке­тет­ін.

Шалдың көзін­де­гі жалғыздық мұңын балалықпен байқай алмадық. Оның ащы өмір арқалатқан қайғысын  ұмытайын деп көкшулан сақалы желбіреп, бізбен бір­ге ойнайтынын үл­кендер де түсіне алмады. Бәлкім, ол бала кезінде бүкірлі­гінен қорланып, құр­бы-құрдастарымен ойнай да алмаған шығар.

Бізбен сол күні шал бірге суға түсті. Доп тепті. Менің шашымды қос бұрым етіп өріп берді. Сатпақтың жылауық қызының мұрнын сүртіп, оның да шашын өрген. Мені әдеттегідей «Сары қыз» демей, өз есіміммен атады. Сатпақтың қызын «Жылауық» деп атамай, Бейбітгүл деді. Бәрімізді сол күні алғаш рет және соңғы рет өз есімімізбен атады. Бәрімізден «Әй, пәт­шағарлар, сендердің шын ат­тарың кім еді? Ұмытып қалыппын» деп жеке-жеке сұрап алды. Ол ертесіне бізбен ойнауға келмеді. Жүрек талмасы ұстап, ауруханаға түсті. Ауру­ханада жатып, көз жұмды. Ол өлгенде оны шынымен жоқтап жылаған адам болмады ғой деймін. «Байғұс жетім шал жақсы  адам еді, жақсы өлді» деп жұрт әңгіме етті. «Шал жетім бола ма?» деп біз таңғалдық.  Баламыз  ғой, біраз күн­нен кейін біз арамыздағы ең жасы үлкен досымызды ұмытып кеттік. Ауылға барып, Жалбыз  өзеніне  бетімді жуған­ сайын сол  бір  мұңлы бүкір шал  есіме  түседі.

Үлкендердің «жалбыздың арасында жыландар көп, суға көп түсе бермеңдер, жыландар патшасын ашуландырып аласыңдар» деген сөзін жай қор­қытады деп қабылдайтынбыз. Бір күні шомылып жүрген Масақ­байдың Көккөзі Анд­рей­ден қашып, жалбыздардың арасына барып жасырынады. Үркіп кеткен жыландар бір-біріне оратылып су бетіне шыққанда зәре-құтымыз қалмады. Көккөздің  қорыққаннан даусы шықпай қалды. Бәріміз жанталасып, жағаға қарай жүздік. Баяғыдай бізге бас-көз болып, қамқорлық танытып­, қасымызда жүретін бүкір шал жоқ. Содан кейін көпке дейін суға түспедік. Көрші Коммунизм колхозының  балалары сол кезде ар­мансыз­ Жалбызға шомылды. Әрине, бұл бізге ұнаған жоқ.

– Колхоздар, неге біздің өзенге шомыласыңдар? Ше­карад­ан  өтіп, неге біздің ауыл­ға келесіңдер? - деп сес көрсетеміз.

Біздің ауыл тұрғындары өз­дерін кәдімгідей қалалық сезі­нетін. Сезінбегенде. Біз екі қабатты мектебі, еңселі мәдениет үйі, үлкен ауруханасы, әдемі саябағы бар колхоз ор­та­лы­ғының  тұрғындарымыз ғой.

– Біз  колхоз болсақ, сендер де колхозсыңдар. «Жаңа тұрмыс» колхозында тұратындарыңды ұмытып қалсаңдар, естеріңе салайық, - деп кіжі­неді олар.

Ал бізді «колхоз» болуға оңай келіседі деп кім айтты?

– Кім колхоз, біз бе? - деп Сарышұнақ  жұдырығын түйе­ді.

– Жалбыз – екі ауылға ортақ өзен, - деген олардың дауына құлақ асатын біз бе?!

Ақиқатты ақиқат деп қа­былдай алмау сонау бала кезден басталады-ау деймін. Шындығында, Жалбыз – екі ауылға  ортақ  өзен.

Әділетсіздікке күйінген олар: – Біздің ауылдың зиратында сендердің ата-баба­ларың  жатыр. Біз суға түспей-ақ  қояйық, сендер  бірақ  біздің зираттан ата-бабаларыңды әкетіңд­ер! - деп талап қояды.

– Әкетеміз.  Ата-бабамызды сендердің зираттарыңда жат­қызбаймыз, - дейміз бәрі­міз  «хормен».

– Қашан әкетесіңдер?

– Бүгін әкетіңдер!

– Бүгіннен қалдырмаңдар, әйтпесе...

– Әйтпесе, не істейсіңдер?

– Сендердің ауылдарыңда зираттан басқа не бар өзі? Ауылдарың мәдениет дегеннен жұрдай ғой.

– Ой, осы сендер бір-біріңе неге сонша кектенесіңдер? Ерте ме, кеш пе, бәріміз сол зиратта  жатамыз  ғой.

Бәрімізде үн жоқ. Аяқ-қолы шидей, ерні жырық қара бала біздерге өз сөзінің әсер еткені­не қуанып, жымың етті.

Үнсіздікті Жарабас  бұзды: – Әй, боқмұрын оны саған кім айтты?

– Атам  айтты.

Қара бала: – Менің атам молда, - деп аузына ағып бара жатқан «ақбозын» тілімен «сипап»­  қойды.

Қысы-жазы үсті-басын жара басып жүретіндіктен балалар Жұрынды Жарабас атап кеткен. Қара баланың сөзінен кейін жуасып қалған Жарабас шынтағындағы жарасының аузын  тырналады.

Зираттың қақпасына жа­зылған «Біз де сіздердей бол­ғанбыз, сіздер де біздердей бола­сыздар»  деген  сөзді  қан­ша оқысақ та, мағынасын түсінбеппіз. Қара балаға жек көре қарадым. Біздің бір сәт демімізді тартып, үнсіз қалғанымызға өзін кінәлі сезінді ме, әлде  біреу  ұрады деп қауіптенді ме, ол бүгежектеп жерге отырып, жылап жіберді. Оны ешкім жұбатпады. Ешкім мазақтап күлмеді де.

Әлі есімде, сол күні жүгері алқабының ішінде отырып, ұзақ жылағаным. «Біздің өмі­ріміз жүгеріге ұқсайды екен ғой»  деймін де  жылай  бере­мін. Бір уақытта өз ойымнан өзім қорқып, беталды жүгіре бердім. Сүрініп кетіп, етпе­тім­нен құладым. Жерге бір күш желімдеп тастағандай жата бердім. Қанша уақыт жатқаным есімде жоқ, іңір қараңғысында үйге келдім.

Шешем: – Кімнен таяқ жеп келдің? - деп қабағын шытты.

– Ол біреуді ұрмаса, таяқ жей қоймас, - деп жымиды әкем.

– Жылаған ғой, - деді шешем жүре күңкілдеп.

– Бетіңді неге жырып жүрсің? Жылағансың ба? - деп сұрады әкем.

– Әке, неге адамдар 600-800 жыл өмір сүрмейді екен?

Осы бір сауалдың жауабын ол кезде өз танымымдағы ақылды әкем ғана емес, кітап кемір­ген ғалымдар білмейтінін қайдан білейін.

Әкем: – Саған өмір туралы ойлануға әлі ерте. Кейін бәрін түсінесің, - деп көнжарғақ алақан­ымен басымды сипады.

Мылқау түннің, жымыңдаған жұлдыздардың құпиясын ашуға талпыныс жасап жатып, ұйықтап кетіппін. Таңертең әкем ұйқымнан ерте оятып, өзімен бірге қауындық басына ертіп кетті.

– Жол  ұзақ. Шыдамды   бол, - деп мені қайрап қойды. – Түнде  ұйықтап жатып сөй­леп  жаттың. Қорқынышты түс көрдің  бе?

– Ұмытып қалдым. Әке, неге адамдар ұзақ өмір сүр­мейді?

– Онда адамдар жер бетіне сыймай  кетер  еді.

– Сен өлімнен қорқасың ба? - деп  сұрадым.

– Өзімді жоғалтудан емес, сендерді жоғалтудан қорқамын. Екі көкең тіршілік жағалауынан алыстап кетті.

Даусында сағыныш пен үміт бар. Ағаларым туралы үйде әңгіме қозғалмайтын. Кім біледі, олар туралы айтылатын әңгімеге  балалықпен мән бермедім  бе  екен?

– Сонда көкелерім қайда жүр? Олар үйге қашан келеді? - дедім ағаларымның осы күнге дейін үй бетін көрмей, қайда жүргенін түсіне алмай.

Әкем марғау жаңбырдың сылбыр тырсылын естіп тұр­ғандай ұзақ уақыт жауап қат­пады.

Әлден соң: – Олар зиратта ұйықтап жатыр. Көкелерің енді ешқашан оянбайды, - деп күрсінді.

Менің сегіз жастағы бала қиялым ағаларымды ұйқы­сынан оятқысы келген. Көкелерім мені Мерейдің ағалары секілді қыста шанамен айдаса екен деп армандадым. Айнам­көздің ағаларындай менің де көкелерім қардан балмұздақ жасап, бәріміз бірге жесек деп қиялдадым.

Түсте шайламызға әкемнің көрші ауылдағы досы Есіркеп ағай келді. Қасында тоғыз жастағы ұлы Санжар мен жеті жастағы қызы Бұрым бар.

Қауындықтан зират алыс емес  еді. Зиратқа жалғыз бару­ға қорқып жүргенмін. Санжар мен Бұрыммен ойнап жүріп, оларды молаға ертіп бардым. Ағаларымды ұйқысынан ояту үшін бойымдағы үрейді екеуіне­ сездірмедім. Құшақ-құшақ ақ гүл теріп, мойнымызға алқа жасап­, тағып алдық. Қорқынышым бірте-бірте сейіле бастады. Санжар мен Бұрым қазылған шұңқырларға үңіліп, ішіне түсіп көргісі келді. Шұңқырда жатқан қу сүйектерге көзім түскенде  жүрегім  дір етті. Екеуі көрді ме, көрмеді ме, білмеймін. Зиратты ұзақ аралап жүріп, қатар жатқан екі кішкентай төмпешікке тап болдық. Жер астынан «біз сенің ағаларыңбыз» деп үн қатқан­дай болды. Қорқа-қорқа кішкентай алақан­дарыммен төмпешіктерді сипа­ладым. Бұрым екеуміз терген­ гүлдерімізді екі төмпешікке шашып жібердік. Санжар құлпытастан көздері күлімдеп қарап тұрған орыс қыздың қабіріне қойылған гүлді алып, екі төмпешіктің ортасы­на қойды. Келер жолы әкемнен  ақша  алып, дәл осындай екі гүл сатып әкелу керек екен деп ойладым. Қос кіш­кентай төмпешікпен қоштасар сәтте кірпігіме жас үйірілді. Орыс қыз «гүлімді неге ұрлайсыңдар?» деп жылап тұрғандай артыма бұрылып қарай алмадым. Күн ұясына батып бара жатқанда зираттан шықтық. Жолда бізге әкем мен Есіркеп ағай қарсы жолықты. Бізді іздеп таба алмаған соң, «сірә, бұлар зираттың ішіне кіріп кеткен шығар» деп осында келе жатқан беттері екен. Әкем маған­ кінәлаған көзбен қарады. Үндемеді. Шайла алдында әкем  көзін  алысқа тастап, теме­кі  шегіп отырды. Менің қа­сында  отырғанымды ұмытып кеткен секілді. Үнсіздікті өзі бұзды.

– Зираттан сүйектер көр­медің бе? - деді жанарын алыс­қа­  қадаған  қалпы.

«...Не себепті сүйектер тура­лы сұрады екен?».

– Көрдім.

– Онда сен тез есейесің. Бала­лығыңды іздей бастаған сәттеріңде ана моланы есіңе түсір. Моланы аралап жүріп, балалығыңды ұрлатып алғаныңды білесің бе сен? - деп бетім­е аяй қарады. –  Қазір ештең­е түсінбейсің. Кейін бала кезіңде біраз нәрсені түсініп қойғаныңды ойлап, көп қиналасың. Осы сөзімді ешқашан жадыңнан шығарма!

Әкем тағы да үнсіз қалды. Әлден  соң: – Екінші рет зират­қа барушы болма! - деді зілді дауыспен.

 

* * *

 

Сарша тамыздың соңғы күнінде Есіркеп көкемнің қызы Бұрымның өлімі туралы қаралы хабар жетті. Түнде ұйықтағаннан қайтып оян­бапты. Зиратқа барғанымызда Бұрымның топырағы кеппеген қабірден қып-қызыл әдемі гүлді жұлып алғаны есіме түсті.

– Мұндай иісі жұпар шашқан гүлді бірінші рет көріп тұрмын. Не деген әдемі гүл! - деп құшырлана иіскеген.

Сол бір жұпар иісі аңқыған әдемі гүлді кейін еш жерден кездестірмедім.

Сонда ол: –  Бұл гүлді саған сыйлар едім, бірақ қимай тұрғаным, - деп әдемі күлімсіреп еді.

– Ол өткенде жас қабірде өсіп тұрған қып-қызыл гүлді жұлып алған, - дедім бейсаналы түрде.

– Кім? - деді әкем бетіме сұраулы  жүзбен  қарап.

– Бұрым.

– Әттеген-ай, - деді әкем өкінішпен басын шайқап. – Байғұс баланың өліміне сол моладан жұлынған гүл себепкер  болды  ма  екен?

Шешем жасаураған көзін орамалымен сүртіп: – Жаратқанның ісі ғой, - деп күрсінді. – Ауру Хадиша қызының өлімін көтере  алар  ма  екен?..

Мамандығы денешынықтыру  пәнінің  мұғалімі, кітапты­ көп  оқитын әкем: – Напо­леонның  әйелі  фиалканы  жақсы­  көретіні сондай өзі қастерлейтін  сол гүлді  шашына  та­ғып­ жүреді екен, - деп шешем­нің сөзін естімегендей бір  әңгіме бастап кетті. – Даңқ­ты қолбасшы Жозефинамен қо­сылған күнді жылда есінен шығар­май, оған фиалка гүлін сыйлайды  екен.

Әкемнің баяу шыққан қоңыр даусы қызықты бір әңгімеден хабар бергендей. Салалы саусақтарымен шайнектің  сыртын  сүртіп отырған шешем  де  әңгімеге ықыласпен­  құлақ  түрді.

– Бір жылы базарға фиалка гүлін әкелуге жұмсаған қыз­метшілері құрқол оралыпты. Жарының жанарынан кірбің көргісі келмеген қолбасшы гүлді  өзі іздеуге шығады. Базар­ды  аралайды, жоғын таппай­ды. Көше бойлап, іздейді. Іздегені жоқ. Қолбасшы «Фиалк­а гүлінсіз Жозе­финаның көзіне қалай көрі­немін?» деп  уайым етеді. Іңірде фиалка гүлін өткізе алмай­ тоңып­, бүрісіп тұрған бүкір кемпірге кезігеді. Қолбасшы құшағын фиалкаға толтыры­п, үйіне  оралады.

Көзінде нұр ойнаған Жо­зефина фиалканы иіскей беріп: – Мынау моладан жұ­лынған  гүл ғой, - деп талықсып  кетеді.

Өлмелі бүкір кемпір гүлдің моладан жұлынғанын мойындап, жанына сауға сұрап, қолбасшының аяғына жығылады. Көп ұзамай Наполеон ақылды Жозефинасынан айырылып қалып, жалғыздық мұңына қамалады. Қолбасшы сүйікті жарының қабірінің басына фиалк­а гүлін ектіріпті. Өмі­рінің соңғы азапты күндерінде Наполеон Жозефинаның қабірін­е барып, бір тал фиалка гүлін жұлып, төс қалтасына салад­ы. Арада  көп  уақыт  өтпей  ұлы  қолбасшының өзі де мерт болады, - деп әкем әңгімесін  аяқтады.

Шешем: – Кім біледі, Бұ­рым­ды да ажал гүлі молаға қа­рай тартқан шығар? - деді қамығып.

– Әке, ажал гүлі молада қыста да өсе ме? - дедім.

Бала кезде туған күнім қыста  болғандықтан әрі  аппақ киімін киетін даланы сүйе­тіндіктен осы мезгілді қатты жақсы  көруші  едім.

Әкем менің сөзімді есті­ме­гендей қабағын түйіп, үнсіз қалды.

 

* * *

 

Бала кезімде барған зират мұсылмандар да, христиандар да жерленген аралас мола екен. Көкелерімнің бейітін көрген емеспін. Олар ауылдан әлдеқайда қашық зираттан мәңгі­лік мекендерін тауыпты.

Ауылға барған сайын шебер қылқалам иелері сала алмайтын әдемі картиналар көз алдым­нан тізбектеліп өтіп жатады­. Сол картиналардың артынан «мені ұмыттың ба?» деп қып-қызыл ажал гүлін иіскеп­, бірде күлімсіреп, бірде мұңайып тұрған Бұрымды көрем. Қайран, ерке Бұрым, сен маған сол күні гүлді емес, ажалды қимаған екенсің ғой. Ойнап жүріп зиратқа сендерді ертіп барған мен едім. Бұрым, кешірші мені. Мен ол кезде ағаларымды ұйқысынан оятатыныма сенуші едім. Қаншама жылдар өтті. Көкелерім ұйқысынан оянар емес...

 


БАЛЫҚ КӘСІПШІЛІГІН ДАМЫТҚАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.04.2019 10:00

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Теңіз беткейіндегі балықшы қауымды көргенде осынау даналық сөз есіңе түседі. Арал өңірі тұрғындарының әл-ауқаты жылдар алға жылжыған сайын­ жақсара түсуде. Жазы аптап, қысы қытымыр, көктемі кеш келіп, күзі ерте түсетін аймақ халқының басым бөлігінің тіршілігі атакәсіп балық шаруашы­лығымен тікелей байланысты.

Табар табысы, отбасы нәпақасы көк айдын­ға тікелей қатысты болғандықтан, мұндағы қабырғалы қауым теңіздің жағдайына өзгелерге қарағанда қаттырақ алаңдайды. Бұл өлкенің жанкешті тұрғындары басынан нендей кепті кешір­меді дейсіз? Арал теңізі тартылып, шалқыған айдын шөлге айнал­ғанын да көз көрді.

«Арал  теңізінің  сол қасіретті шағында  балық аулау шаруашылығы мүлде тоқыр­ады. Кәсіпсіз қалған жандар көбейді. Бұл келеңсіздік жұртшылықтың өзге өңірлерге еріксіз қоныс аударуына соқтырды. Олардың қатарында менің де отбасым бар еді. Оңтүстік аймаққа көшіп келдік. Жұмыс та табылды. Алайда киелі теңіз ойымыздан шықпады. Ақыры елге қайтадан көшіп келдік. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Ұзақ жыл ата-баба кәсібімен шұғылданып, зейнеткерлік демалысына шықтым» деген байырғы балықшы ағамыздың пікірі өткен күндерден сыр шертеді. Бұл сөзді қолымыздағы «Теңіздің тартылуы балық  шаруашылығы  саласын айтуға ауыз бармастай, тоқырауға  ұшыратты. Балық өңдейтін кәсіпорындар, балық аулайтын шаруашылықтар жаппай жұмысын тоқтатып­, теңіз суының тұздылығы көтерілді. Балық аулау мүлдем тұралады. Ғасыр тоғысында Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна, онда да балықтың камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланды» деген дерек нақтылай түседі.

Десе  де, ғасыр жаңалығына балан­ған Елбасымыздың  тікелей қолдауымен  жүзеге асқан САРАТС жобасының алғашқы­ кезеңі теңіз перзенттерінің өміріне соны серпін, тың өзгерістер әкелді. Кіші теңізді қалпына келтіру, Көкарал бөгетін салу, Сырдария өзенінен Ақлақ тоспасын жасау атакәсіп балық шаруашылығының қайтадан жандануына жол ашты. Теңіздегі балық қоры молайып, елдің игілігіне айналды. Сырдария  өзенінен Солтүстік Арал теңізіне  құйылатын судың көлемі артты.­ Көптеген ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығы жанданды. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстыр­ғанда 20 есеге өсіп, 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруа­шылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. 2019 жылға Кіші Арал теңізінен 6678 тонна балық аулау лимиті­, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйе­сіне 31 тонна, жалпы, аудан бойынша лимит­ 7067 тонна болып бекітілген.

Айта кетерлігі, Арал өңірінде 7 балық  өңдеу  зауыты  жұмыс  істейді. Олардың ішінде «Арал балық өңдеу зауыты­», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» шағын балық өңдеу  зауыты  балықты  қатыру,  мұз­дату  және  ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданады. Ауданның балық өңдеу саласындағы 31 балықшылар брига­дасында  405 адам  еңбек етеді. Олар 200  өздігінен жүретін, 15 өздігі­нен жүрмей­тін  флот, үлкен және шағын­ кемелер­, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз  етілген.

«Атқарылған  ауқымды жұмыстардың нәтижесінде теңіз төскейіндегі халықт­ың тұрмыс-тіршілігі оңалып, балық кәсіпшілігі, өзге де салалар қарқынды дамуда. Балық шаруашылығы аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналды. Заманауи техноло­гиямен жабдықталған балық өңдеу зауыт­тарында ауданда ауланып, өңделген балық түрлері Еуропа мемлекет­теріне экспортталуда» деген ел ағаларының лебізін естігенде кеудеңді шаттық кернейді.

Теңіз төскейінің тұрғындары ертеңгі күнге сеніммен қарайды.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

 


АУДАН ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2019 17:10

Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев белсенді аудан жастарымен кездесті. Бейресми, еркін форматтағы пікір алмасу алаңы ретінде ұйымдастырылған кездесуге аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері, кент, ауылдық округтердің белсенді жастары, жас кәсіпкерлер, жас мамандар, колледж студенттері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Сонымен қатар, салтанатты жиынға Қызылорда облыстық жастар басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов пен кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Дінмұхаммед Болатбеков қонақ ретінде шақырылды.

Аудан әкімі алдымен, аудандағы жас кәсіпкерлердің көрмесімен және Жастар ресурстық орталығының атқарылған жұмыстарымен танысты.

Жиынды аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Ахметов жүргізіп отырды. Кездесуде аудан басшысы жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдаудың барын айтып, Елбасының өзі үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, кездесу барысында аудан жастары жастар басқармасы мен кәсіпкерлік туризм басқармасының Жастар жылына орай ұйымдастырылған игі істерінен құлағдар болды.

Аудан басшысымен  кездескен жастар, өз кезегінде түрлі сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін қойды. Сауалдар негізінен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тұрақты түрде жүзеге асуы, кәсіпкерлікті қолға алған істерінің дамуына жағдай туғызу төңірегінде болды.

Кездесу барысында аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс-тілектерді назарға алып, оңтайлы шешімін табуына жұмыстар жасалатынын жеткізді. Жастарға алдағы уақытта көш басында болуларына сәттілік тіледі.

ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

 


Техникалық байқау бекеттерінің заңсыз қызметінің жолы кесілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2019 15:50

Қызылорда көлік прокуратурасымен автокөлік құралдарын заңсыз техникалық байқаудан өткізу деректері анықталды.

Автомобиль көлігі туралы заңнамаға сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда міндетті техникалық байқау тек техникалық байқаудың стационарлық желілерімен жүзеге асырылады.

Мобильді желілер қаладан тыс жұмыс істеу үшін жабдықталған және тек қана жеңіл автокөлік құралдарын техникалық тексеруге арналған.

Белгіленген талаптарды бұза отырып мобильді операторлармен – жеке кәсіпкерлермен Л.А. Ким мен Н. Жайназаров тізілімде тіркелген кезден бастап Қызылорда қаласының ішінде 128 бірлік техника, сонымен қатар 7 жүк және 4 жолаушы автокөліктерін техникалық байқаудан өткізген.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша техникалық байқаудың мобильді бекеттерінің қызметі тоқтатылды, операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уәкілетті мемлекеттік органмен заңсыз берілген диагностикалық карталардың қолданысын тоқтату мәселесі қарастырылуда.

Бас көлік прокуратурасы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары