Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

«БІР ТҮП АЛМА АҒАШЫ» ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2019 09:55

Кеше Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының әртістері Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасын көрерменге ұсынды.

Спектакль туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызын қайта оралтып, көп ойларға жетелейді. Ауылда мүгедек баласымен қалған ана мен қалада тұратын балалардың кереғар тірліктері жаныңды күйзелтіп, көңіліңді мұңға бөлейді. Психологиялық драманың мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар, туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыздың бар екенін паш етеді.

Спектакль соңында аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов театр ұжымына аудан халқы атынан алғысын білдіріп, Жалағаш ауданы әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АНАЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2019 09:45

Кеше Жалағаш ауданы әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бір топ анаға Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 1 сәуірдегі №14 Жарлығы бойынша "Алтын" және "Күміс" алқа наградаларын табыстады. Оның ішінде 6-ауы - "Алтын алқа", 14-і - "Күміс алқа" иегері.

- Тәңірдің бізге ұсынған үлкен сыйы Тәуелсіздік болса, басымызға қонған осы бақтың баянды болуына әйел-аналардың қосар үлесі қомақты дер едім. Бұл - ең бірінші ұрпақ тәрбиесіне, ана өнегесіне қатысты айтылған сөз. Оның ішінде алтын құрсақты аналарымыздың орны ерекше. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 328 ана "Алтын алқа", 609 ана "Күміс алқа" иеленген. 67 ана І, ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталса, 64 Батыр аналарымыз бар, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ, жиын барысында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев ізгі лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кету керек, қазіргі таңда ауданымызда 1068 көпбалалы аналар есепте тұрады.

Жалағаш ауданы бойынша 2019 жылдың сәуір айында 180 отбасының 1061 мүшесіне 14393,5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды және 2018 жылдың қалдығы бойынша 143 отбасының 677 мүшесіне 11126,7 мың теңге, барлығы 278 отбасының 1612 мүшесіне 25520,2 мың теңге тағайындалып, 21989,1 мың теңге төленді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


Кәсіп пен нәсіп PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.04.2019 17:07

«Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген Ахмет Байтұрсынов атамыз.

Иә, расында да мына өмірде не жұмыспен айналыссаң да, ақыл мен төзім басты ұстанымың болуы шарт. Осы шағын шығармамда «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» атты мақалды өмірлік ұстаным қылған батыр ағамыз жайлы сөз қозғамақпын. Жалпы, кәсіпкерлік жайлы сөз болғанда алғаш есіме түскен осы ағамыз болды.

«Ердің атын еңбек шығарар» демекші, Жанболат Балпашұлы – ауылымыздың бетке ұстар азаматы әрі ұстасы. Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған жан. Ол Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылында дүниеге келген. Жастайынан осы ұсталық жолға бет бұрып, түрлі-түрлі дүниелер жасаған. Әкесі Балпаш аға мен анасы Орал апа. Бүгінде екеуі де зейнеткер. Жұбайы Эльмира бала күтімінде. Үш баласы бар.

Жанболат Балпашұлы 2002 жылы №21 орта мектепті бітірген соң, сол жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде тарих-география мамандығы бойынша оқиды. Өзінің басқа мамандықты оқығанына қарамастан ұсталық өнерді серік етіп, басты кәсіп ретінде дамытып отыр.

Жанболат ағамызға «ұсталық өнерге қалай келдіңіз?» дегенімде, «ұсталық өнер әкемнен дарыған деп ойлаймын. Бала кезімізде әжемнің киіз, алаша тігіп, жүн иіріп, әртүрлі киімдер тігіп жататынын көретінмін. Ал, әкем ағаш, темірден үйге қажетті заттарды жасап шығаратын, жалпы көп істің көзін таниды. Осы кісілерден берілген қасиет болар, бала кезімнен сурет салу, ағаштардан шағын бұйымдар жасау, көне жиһаздарды жаңалау сүйікті ісім болды. Кейіннен осы істі қолға алып кәсіпке айналдыра бастадым. Алғашқы кезде әкем, ағаш кесетін станок алып берді. Әкем өзі қасымда жүріп білмеген жерімді көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазіргі таңда әкем екеуміз бірге жұмыс істейміз. Есік-терезе тағы басқа үй құрылысына қажетті заттар жасаймыз. Халықтан сұраныс көбейді. Кейіннен пластик материалынан шығара бастадым. Сонымен қатар, қайық, есік, үстелдер жасаймын. Шағын цех салып алдық» деді.

Кәсіпкерлік куәлік алып, мемлекетке салық төлеп отырғанын айтты. Өзінің шеберлігінің арқасында теп-тегіс ағаш бетіне жан бітіріп, ою-өрнекпен көмкерген ағамыз ауылымызға сыйлы жан. Алыс-жақын тұрғындардың барлығы бір өздеріне қажетті заттар керек болса бірден осы Жанболат ағамызға барады. Арзан әрі сапалы дүние жасау – кез келгеннің қолынан келе бермес өнер. Осы кәсіпкерлік аясында мен Жанболат ағамды мақтан тұтамын. Әкесінің ізін жалғап ұрпаққа үлгі боларлық іспен шұғылдануда. Тіпті, жақында ғана ескірген үйлерін жаңартпақ ниетпен жаңа баспананы әкесі екеуі ешкімнің көмегінсіз салып бітірді. Үй сондай жан жылытарлық. Әрі маңдай тер біраз төгілгеннен кейін әр бұрышы өте ыстық деп білемін.

Ұлы суретші Әбілхан Қастеев атамыз: «мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деген. Мінеки, осындай он қолынан өнер тамған жас кәсіпкердің өсіп-жетілуіне ардақты әкенің де қосқан үлесі зор. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы, демей ме?! Ал, біздің Балпаш ағамыз өз баласын осы ұсталық жолға дұрыс қоя білген. Сонымен қатар, бұл жұмыс отбасылық ұжымға да сәйкес келеді. Орал апамыздың келіні яғни, Жанболат ағамыздың сүйікті жары, құдай қосқан қосағы Эльмира әпкеміз де өнерлі жанның бірі. Қыздарды сұлу болуға шақырып, бет-әлпеттерін әрлеп, үйлерінен шағын салон ашпақ ойлары бар. Бүгінде үлкенді-кішілі адамдардың сұранысына ие.

«Надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң, олжалы жерде үлестен қағылатымыз, ордалы жерде орынан қағылатынымыз, жоралы жерде жолдан қағылатынымыз – бәрі надандық кесапатынан!» деген қазақ даналары. Бұл, әрине, орынды сөз дер едім. Қазіргі қоғамда жатыпішер жалқаулар көбейді. Сылтаулары «Диплом бар, жұмыс жоқ!». Қолынан бір іс келетін адам бекер қарап жатпауы тиіс, мейлі еден жусаң да, еңбек ет, жылжыған көштен қалмай ілесе біл. Қазіргі адамдардың «істейтін жұмыс жоқ» деген сылтауы қоғамда өршіп тұрған мәселе. «Неге дипломмен ауылға бармасқа, неге шағын бизнес жоспар құрып мемлекеттен қаржылай көмек алмасқа?» деген ойлар келеді. Елбасымыздың өзі жаппай кәсіпкерлерді ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгілеген болатын. Еге білсең, егін тасқа да бітіп шығатынындай, адам да қызмет қылса айы оңынан тумақ.

Жалпы алғанда, еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарың сөзсіз. Жанболат ағамыз да кәсіпкер атанып, мемлекетке салық төлегенімен, мемлекеттен ешқандай көмек алмаған. «Осы күндері ауылымызда ұсталық жағынан бәсекелестік жоқ, алайда ондай сәт туа қалса бәсекеге қабілетті болуға бар күшімді саламын» дейді ағамыз. Шағын шеберханада әзірге сәнді әшекей бұйымдар шығаратын құрылғылар жоқ. Алайда халықтан сұраныс болып жатса, ол жағын қамтамасыз ететіндігін хабар қылды.

Қортындылай келе «жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деген мақалмен түйіндегім келіп отыр. Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу әрбір ұрпағы жоғарғы деңгейде болуға лайықты. Ал, сол биікке көтерілу үшін бір кәсіпті нәсіп қыла білсек болғаны.

Гүлдана АСАНЖАНОВА

ҚМУ-дың І курс студенті

 


МЕН БАРҒАН ҰЖЫМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.04.2019 17:05

Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын екі-ақ күш бар. Оның бірі – аспандағы күн, екіншісі – жердегі журналист.

Марк Твен

Иә, журналист деген әлемнің түпкір-түпкірінен жаңалық іздеп, халыққа мағыналы да мәнді етіп тарататын, үнемі жол үстінде жүретін, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болған жан. Әрбір адамға жұмыс істеген шағында «мінез» керек. «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, шындық көрсе шырылдап, өтіріктің бетін өңменіңнен өткізіп, қынаптан қылыш суырарлық мамандық таңдағаныма қуанамын.

Арман алдамайды, егер мақсатың айқын болса. Иә, адам алдына мақсат қойса, оны орындау үшін талпынары анық. Біздегі басты арман – журналистика саласына келгеннен кейін оның қыр-сырын меңгеріп, жақсы маман иесі болу. Көп адам журналистиканы таңдау барысында телеарна жүрсем деп армандайды. Ол жақсы әрине, бірақ қайнаған қазанның ортасына түспес бұрын, жалындаған шоқ болуың тиіс. Беленский журналистиканы «озық идеялардың, таратушының қуатты құралы» деп білген. Сол озық ойлы таратуды дұрыстап зерделеп, саралау үшін ең алдымен газет редакциясында іс-тәжірибеден өткенді жөн көрдім. Оның ішінде «Халық» газетінде.

«Газет – ол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Онсыз көрсе – көз соқыр, естісе – құлақ саңырау, сөйлесе тіл мылқау болып қалады» деген Ахмет Байтұрсынов атамыз. «Халық» газеті өзі атауы айтып тұрғандай, қарапайым халық пен саяси билік арасындағы қарым-қатынастарды бүкпесіз ашық айтады. Шындықты ашық жеткізу оқырманға ерекше әсер етеді. Осы «Халық» газеті редакциясында алдағы уақытта жұмыс істеп, өз біліктілігімді арттырғым келеді.

Журналист – тәуелсіз, еркін, жанашыр жан. Дегенмен де, қай мезгіл болмасын, қай істі бастамас бұрын жаныңда жүрер, қолдау көрсетер сенімді серіктері, бірге ыстықты да, суықты да қатар алып жүретін ұжымы болады. «Біздің тәрбиенің міндеті ұжымшылдыққа тәрбиелеу болып табылады» деп жазды А.Макаренко. Макаренконың айтуынша, ұжым дегеніміз – адамдардың жай ғана жиынтығы емес, ол жалпы мақсатқа жетуді алға міндет етіп қойған, қоғамға пайда тигізуге ұмтылушылар тобы.

Ал, менің ойымша бірлікпен жасаған әрбір іс, әрбір дүние жемісін береді. Ең бастысы – түсіністік. Мен өзімнің келешек ұжымымды сайын даланың сайыпқырандары деп елестетемін. Ұлты десе ұрандап, өз өрнегін сала алар, көркем сөздің ауылына кірпіш болып қаланар жандар екеніне көзім анық жетеді.

Гүлдана АСАНЖАНОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың

1-курс студенті

 


БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.04.2019 10:40

Облыс әкімінің өкімімен Қожабергенов Фердоуси Әбілқасымұлы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Фердоуси Қожабергенов 1972 жылы туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», сондай-ақ «Болашақ» университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы жас техниктер станциясы үйірмесінің жетекшісі ретінде бастаған.

1992-2014 жылдары – салық органдарының Қазалы, Арал және Сырдария аудандарындағы аумақтық бөлімшелерінде жауапты лауазымдарда қызмет атқарған.

2014 жылдан бастап осы кезге дейін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

 


«Қарапайым заттар экономикасы»: Қызылордада бүгінгі күннің өзінде 2 жоба мақұлданды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.04.2019 14:25

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімдігінде өткен «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының аймақта іске асырылу барысы туралы өткен мәжілісте айтты.

Палата басшысының айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша бағдарлама әзірленіп, бағдарламаның іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында Кәсіпкерлер палатасы жанында Жобалық кеңсе құрылған.

Жобалық кеңсе құрамына Кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген.

«Бүгінгі күні жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлер арасында кең көлемді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. «Даму» қорымен бірлесіп, Палатаның алаңында осы бағдарламаның іске асырылуына тікелей жауапты қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімдері, Палатаның филиал басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдеріне арнайы семинар ұйымдастырылды. Бағдарламада басымдық берілген жобалар азық-түлік, жиһаз, жеңіл өнеркәсіптері және құрылыс тауарларын шығаруды қамтығандықтан, осы салалардың 200-ге жуық кәсіпкерінің қатысуымен төрт кездесу өткізілді», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Палата директоры мәжілісте өңірлік Жобалық кеңсенің жұмысында жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 90 жоба бар екендігін, оның ішінде қазірдің өзінде 2 жоба мақұлданғандығын жеткізді.

Мұнан өзге, бүгінде 5 жоба банктің қарауында, 21 жобаның құжаттары жинақталып, 58 жоба бойынша келісімдер жүргізілуде.

«Бүгінгі күнге дейін қала кәсіпкерлері белсенділік танытып келген болса, енді аудан кәсіпкерлері қосылып жатыр. Жалпы, кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Мысалы, киім сатумен айналысатын кәсіпкер киім тігу, мал сою пункті бар кәсіпкер мал бордақылау, мал асырайтын кәсіпкер етті қайта өндеумен айналысуға ынталы», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Айта кету керек, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын облыста іске асыруға 7 банктің филиалы қатысуда. Олар: Халық банк, Сбербанк, АТФ Банк, ForteBank, ЦентрКредитБанкі, Цеснабанк, Еуразиялық Банк.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Ескерткіштер – ел тарихы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.04.2019 14:10

«Тарих парағын зерделеген сәт». Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған көрме-байқаудан осындай ой түйгенбіз. Аудан көлемінде орналасқан барша тарихи-мәдени ескерткіштерлі насихаттау, көпшілік назарынан тыс қалған ескерткіштерді паш ету, бабалардың өмірін өскелең ұрпаққа жеткізу арқылы жастарды отаншылдыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеуді көздеген көрмеге кент, қала, елді мекендерден қатысқан талапкерлер ескерткіштердің тарихын толыққанды баяндады.

Шараға ҚЖО сыйлығының лауераты Жұмабек Айдарбекұлы, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің мұғалімі, тарихшы-зерттеуші Бақытжан Түменбаев, аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл қазылық жасады. Алғашқы сөз кезегін алған Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев бүгінгі күннің 2004 жылдан бастап қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырту, Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде насихаттау екенін, дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін, Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш барын, Қазалы жерінде республикалық, жергілікті маңызды, алдын ала тізімге енгізілгені бар 99  тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқанын атап өтті.

Көрме барысында аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мереке ажарын шырайландыра түсті. Барша байқауға қатысушылар Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломымен марапатталып, ерекше дайындықпен келген Басықара ауылдық клубының меңгерушісі Лаура Шайхиева, Үрмәш Түктібаев ауылындағы №88 мектеп оқушысы Гүлсая Бағдәулетова, Қазалы қаласының тұрғыны Өмірбек Күлімбетов арнайы дайындалған бағалы сыйлықты иеленді.

Бүгінгі жоғары деңгейде өткен көрме-байқауға кент, қала өзге де ауылдарға қоса Тасарық, Сарбұлақ, Өркендеу, Түктібаев, Бекарыстан би  тәрізді шалғайдағы қоныстардан талапкерлер қатысып жатқанда, таяқ тастамдағы Жалаңтөс батыр, Құмжиек, Мұратбаев, Абай елді мекені мен Бірлік, Қазалы, Майдакөл ауылының қалыс қалуын түсіне алмадым. Осы ретте «Әрбір өлкенің ыстығына сая, суығына пана болған әулие, батыр, ғұлама перзенттері бар. Олардың есімін ұрпақтары білуге тиісті» деген даналық лебіз ойға оралғанын несіне жасырайын?! Ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізер кез келген жайт ауыл тізгінін ұстаған азаматтардың қаперінде жүрсе екен дейміз.

Ж.Табынбаев,

Қазалы ауданы

 

 


«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.04.2019 17:40

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы тағайындалды.

А. Әлназарова 1971 жылы туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын «Дәрігер-педиатр», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Медицина ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының дәрігері ретінде бастаған.

2001-2004 жылдары – Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы.

2005-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда медициналық колледжінің директоры.

2013-2015 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.

2015 жылдың қараша айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

2007 жылдан бастап «Nur Otan» партиясының мүшесі. Қызылорда облыстық мәслихатының IV және V шақырылымдарының депутаты болған.

Елеулі еңбек жетістіктері мен мінсіз мемлекеттік қызметі үшін «Шапағат» медалі және «Құрмет» орденімен марапатталған.

 


Қызылорда облысы полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.04.2019 17:34

Президент Әкімшілігінің келісімімен Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Арыстанғани Расылханұлы Заппаров  тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Оразға сілтеме жасап.

Жаңа басшыны жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев таныстырды.

Арыстанғани Расылханұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының Заң институтын бітірген.

Ішкі істер органдарында 1993 жылдың қараша айынан бері қызмет атқарады. Орта және жоғарғы басшылық құрамдағы қызметтерді атқарды. Жергілікті бөліністердегі басшылық қызметте мол тәжірибесі бар.

Әр жылдары Алматы облысы Полиция департаменті Еңбекші қазақ ауданының Полиция басқармасын, Алматы қаласы Алатау ауданы Полиция басқармасын, Ақмола облысы Полиция департаменті Степнагорск қаласы Полиция басқармасын басқарды, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болды.

2018 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарады.

Министр жаңа басшының жұмысына сәттілік тілей отырып, ҚР Президентінің тапсырмасын орындау, облыстағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күресте азаматтардың құқығын қорғауға қажетті барлық шараларды жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Ал, осы лауазымда қызмет атқарған полиция полковнигі Мұxитов Қайрат Болатұлы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің бірінші орынбасары қызметіне ауысты.

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХІХ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІНІҢ ДЕЛЕГАТТАРЫ САЙЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.04.2019 16:20

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXІV конференциясының күн тәртібінде 2019 жылдың 9 маусым  күні ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін қолдау туралы, «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл - ел бесігі», «Құтты мекен» халықтық жобаларының өңірде жүзеге асырылуы, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезіне делегаттар сайлау мәселелері  қаралды.

Жиынды ашқан облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев партияластарын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын бірлесіп атқаруға шақырды.

«Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрылып, Қазақстан халықаралық аренада өзінің лайықты орнын алды. Бізді бүгінде бүкіл әлем ықпалды әрі белді мемлекет ретінде таниды, мойындайды. Біз бұған Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі мен сындарлы да салиқалы саясатының арқасында қол жеткіздік. Ендігі міндет – жеткен жетістігіміз бен бағындырған белесімізді сақтау, даму жолымыздың даңғылын жалғастыра беру. Мемлекет тарихындағы тағдырлы сәтте тұрмыз деуіміздің себебі де сондықтан. Осынау саяси науқан кезінде еліміздегі ең іргелі ұйым – «Nur Otan» партиясына жүктелер жүк пен жауапкершіліктің де салмағы арта түспек. Біз, барша нұротандықтар, тарихи сәттің мәнін терең түсініп, жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз», - деді аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен облыстық әйелдер кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева баяндама жасап, оз ойларын ортаға салды. Мәселен, Серік Дүйсенбаев  кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге орай үндеуді қазақстандықтардың ризашылықпен қабылдағанын және Ата заңға сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын  өткізу туралы шешімнің қабылдануы уақыт талабы екенін айтты.

Екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев "Халыққа көмек" және "Бақытты отбасы" партиялық жобалары жайлы айтты. Ал «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының "Аграрлық сектор" бағытындағы аймақтық комиссиясының жетекшісі, облыстық  мәслихат депутаты, «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашев «Ауыл-ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобаларының көздеген мақсаты, күтілетін нәтижелерін атап өтіп, жобалар  аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Қазір  партия «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында тікелей жүзеге асыратын 3 бағытты анықтап алды. Бірінші – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағытта бизнес өкілдерімен бірлесіп, еліміз бойынша үш жылдың ішінде 1 000 мектепте спорт алаңын салуды және ауыл кітапханаларының базасында 1 000 коворкинг орталық ашу жоспарланған. Бүгінде Қызылорда облысы бойынша ашылуы жоспарланған 9 коворкинг орталықтың 8 ашылып, өз жұмысын жүргізуде. Сонымен бірге ағымдағы жылы облыс бойынша 41 мектепте спорт алаңдары мен  20 аулалық спорт алаңдарына жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Екінші – ауылды кадрмен қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Дипломмен ауылға» жобасының аясында мамандарды тарту қарастырылып жатыр. Үшінші – ауылда жастар кәсіпкерлігін дамыту. Ағымдағы жылы жоба аясында еліміз бойынша 2000 жас маман 500 шаруа қожалығына тағылымдамадан өту үшін жіберіледі. Осы бағытта біздің өңір – 83 жасты 22 шаруа қожалығына тағылымдамаға жіберуге жағдай жасап отыр»,-деді Б.Махашев.

Жиын соңында күн тәртібіне сәйкес ашық дауыспен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ Съезіне 30 делегат сайланды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары