Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.04.2019 16:55

Өңірге жұмыс сапары барысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаевпен бірге CRC-1 дәнекерлеу кешеніне барып, "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Магистральдық газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры жылына 2,2 млрд.текше метр көгілдір отын өткізу мүмкіндігіне ие, ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрылыс мердігері - "ҚазҚұрылысСервис" компаниясы, ал операторы - "Астана газ ҚМГ" мекемесі. Газ құбырының құрылысы ағымдағы жылдың соңына қарай Елорданы газдандыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.

Жобаны жүзеге асыру аясында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларында автоматты газ тарату станциялары салынады. Аталған қалаларда магистральдық газ құбырын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен көгілдір отын тарату желілерінің құрылысы жүргізілетін болады. Жобаның қуаты: жылына 3,6 млрд. м3. Құрылыс барысында 1690 жұмыс орны, іске қосылған соң 194 жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Сағыныштың сырға толы «Сыр ұясы» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.04.2019 16:45

Қазалылық ақын қарындасым Сағыныш Мұхитқызының жаңа туындысын зор құлшыныспен оқып шықтым. Жып-жинақы, көркем пішінді өлеңдер жинағы шұрайлы тілмен жазылған екен. «Сыр ұя» деген аталуының өзі естіген құлақты елең еткізердей екен. Кітаптың алғашқы бетіндегі:

О, өмір, маған қарашы күліп, жымия,

Сырыңмен жанды емдерсің сенем,

Жыр иә?!

Қатталған мұңды өзіңе ғана төккен ем,

Құрбыма айнал, атайын сені, «Сырұя»! - деген қысқа сөйлемді көзім шалғанда тұла бойым дір ете түсті.

«Міне, гәп қайда жатыр» деген ой санамды шарлап өтті. Өлеңді өмірі санаған, жырмен тыныстап, қуаныш-ренішін өлең арқылы жеткізген жүрегі нәзік, рухы қайсар жанның барша бітім-болмысын осы бір ауыз сөз зерделі адамның жетесіне толық жеткізіп тұрғандай.

Бала күнімізде Қыдырбай атты досым «өзім көрмеген киноның оқиғасын, өзгенің аузынан естігенді жек көрем» деуші еді. Кітаптың мазмұнына терең бойламайын. Оқысаңыздар, өкінбейсіздер! Шығармашылық табыс тілеймін, ұстаз-ақын!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Кісі өліміне кінәсі дәлелденді: қылмыстық іс тоқтатылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.04.2019 16:40

Қызылордада адам өліміне алып келген қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алтынбек Ахметов және Тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады.

Өткен жылдың 28 желтоқсанында Қызылорда қаласында 22 жастағы Саида Абдулла есімді бойжеткенді көлік қағып кеткен болатын. Жол-көлік апатының салдарынан қыз қайтыс болды. Бұған дейінгі деректерге сүйенсек, 2019 жылдың ақпан айында қылмыстық іс қозғалды. Бірақ қызды қаққан жүргізуші – 14 жаста, яғни кәмелеттік жасқа жетпегендіктен, қылмыстық іс кейінге қалдырылған еді.

Жиын барысында белгілі болғандай, осы оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілген. ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы, 3-бөлігінде «Көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» деп нақты айтылған. Аталмыш бап негізінде көлік тізгінінде болған жасөспірімнің кінәсі толығымен қылмыстық іс құжаттарымен дәлелденді. Алайда жасы 16-ға толмауына байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Қабылданған процестік шешім облыс прокуратурасымен келісіліпті. Бұдан былай кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ҚР ІІМ-нің 29.12.2015 жылғы №1098 бұйрығына сәйкес, 1 жыл мерзімге Қызылорда облысының полиция органының профилактикалық есебіне алынды.

ҚР ҚК-нің 349-бабы, 3-бөлігі ( Басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруына жол беріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізілген. Нәтижесінде барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу жұмысы кезінде көлік құралын қасақана беру дерегі анықталмаған. Дәлелдерді жинақтауға барлық мүмкіндіктің сарқылуы себепті 5.04.2019 жылы ҚР ҚПК-нің 35-бабының 2-бөлігі бойынша (Іс бойынша жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар) қылмыстық іс тоқтатылған. Бірақ іс мұнымен аяқталған жоқ. Биылғы 10 сәуір күні облыс прокуратурасымен бұл тоқтату туралы шешімнің күші жойылып, қылмыстық іс қосымша тергеу жүргізу үшін кері қайтарылған. Тергеу барысында аталмыш жасөспірімнің бұған дейін көлік құралын басқарудың 4 дерегі анықталып, автокөлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігімен (Басқару құқығы жоқ адамға көлiк құралын басқаруға беру) әкімшілік шара көру үшін қылмыстық істен бөлектенген құжаттар Әкімшілік полиция басқармасына жолданды. Ал автокөлік Қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданғанша арнайы айып алаңына қойылған.

Ж.Қойшыбекова

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҮЗДІК БЕС ӨҢІРДІҢ ҚАТАРЫНДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.04.2019 16:40

Соңғы 6 жылда мұнай мен газ өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қызылорда облысы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша республиканың қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің үздік бестігіне кіреді: өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны, экономикаға инвестиция тарту көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша аймақтың өсу көрсеткіштері республикада орташа көрсеткіштерден жоғары.

Бүгін Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-наурыз аралығындағы елдің әлеуметтік - экономикалық дамуының қорытындылары айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша - көшбасшылар қатарында.

«2019 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция 84 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш  2,3 есеге өсті. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш (ҚР бойынша орташа өсім 7% құрады)»,- деді Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі  4,1 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге өсті.

"Жалпы, соңғы 6 жылда өңдеу өнеркәсібі өнімінің өндіріс көлемі 71% артты. Бұл көрсеткіш республика бойынша есепті кезеңде орташа есеппен 16,2% құрайды", - деп атап өтті Р.Сұлтангереев.

Құрылыс саласында да оң серпінге қол жеткізілді. Мәселен, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 20,4% ұлғайды, ал республикада орташа өсу көрсеткіші  8,9% құрап отыр. 126 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% артық. Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, яғни 700 мың шаршы метр баспана бой көтерді.

"2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру (120,4%) Арал және Қазалы аудандарында газ және мұнай магистральды құбырлары, компрессорлық станция құрылысы, Шалқия кенішінде сыртқы электрмен жабдықтауды қайта құру, Сырдарияның сол жағалауындағы құрылысты дамыту есебінен жүзеге асырылды. 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімі жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру есебінен 12,9 пайызға артты. Бұл халықтың мүмкіндіктерінің, олардың табыстарының артқанын көрсетеді", - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің нәтижесі: әкімшілік кедергі жойылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.04.2019 13:50

Қымбатты оқырмандар, естеріңізде болса осы жылдың ақпан айында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралған кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырған қалалық сәулет-қала құрылысы Техникалық кеңесінің жұмысы туралы жазған едік.

Сол кезде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Салават Құлмахан: «Бұл техникалық кеңес 2018 жылдың 7 желтоқсанында құрылған. Бұрын облыс, қала, аудан әкімдіктерінде сәулет-қала құрылысы кеңестері жұмыс істеген болатын. Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингінде еліміздің көрсеткішін жақсарту, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін кедергі келтіретін шараларды азайту мақсатында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында аталмыш кеңестердің барлығы қызметін тоқтатты. Алайда облыс бойынша бүгінде тек Қызылорда қаласында ғана осындай Сәулет-қала құрылысы техникалық кеңесі жұмыс істеуде», - деп пікір білдірді.

Ақпан айындағы кеңес отырысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов техникалық кеңес облыс әкімінің қаулысымен бекітілген регламент аясында құрылғанын жеткізген болатын.

Кеңес қорытындысымен облыстық прокуратура аталмыш мәселені егжей-тегжейлі зерттеу, ал кеңес мүшелері аталмыш әкімшілік кедергі туралы облыс әкімініне хат жолдау туралы шешім қабылданды.

Міне, қысқа мерзімде мәселе оң шешімін тапты. Облыстық прокуратура органдарымен Қызылорда қаласы әкімі жанындағы сәулет-қала құрылысы техникалық Кеңесі қызметінің заңдылығы зерделеніп, нәтижесімен прокуратурамен, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасымен Қызылорда облысы әкімінің аппаратына «Эскиздік жобаны келісуді өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті бекітілген Қызылорда облысы әкімдігі қаулысының күшін жойып, регламенттен Техникалық кеңеске қатысты бөліктерін алып тастау туралы хат берілді. Нәтижесінде Қызылорда облысы әкімінің аталған қаулысына өзгеріс енгізіліп, Қызылорда қаласы әкімінің жанындағы сәулет-қала құрылысы техникалық кеңесінің күші жойылды.

Кәсіпкерлерді жеңісімен құттықтай отырып, салаға қатысты мәселелер болса Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаевқа, сондай-ақ Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлеріне (мекенжайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, 42, «Бастау» бизнес орталығының 11-қабаты, тел.: 40-09-81) хабарласуларын сұраймыз.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.04.2019 11:00

Қызылорда облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органның қызметіне жүргізілген талдау барысында 3,6 мың кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік көмек алу құқықтарының бұзылғанын анықтады.

Анықталғаны, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету құқығы Үкімет қаулысымен (12.03.2012ж. №320) кепілдендірілгеніне қарамастан, Қызылорданың 54 мектебінде олардың тиісінше қамтамасыз етілмегендігі белгілі болды.

Прокуратура ұсынысының нәтижесінде анықталған заңдылықты бұзушылықтар жойылып, Қызылорда қалалық әкімдігі білім бөлімінің 2 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қызылорда облыстық прокуратурасы

 


КЕРЕКУДЕГІ БІЛІМ БӘСЕКЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.04.2019 10:41

Студент жастардың білімін шыңдап, ой-өрісін, таным мен тағылымын кеңейте түсетін білім бәсекелері екені даусыз. Соның ішінде пән олимпиадаларының орны ерек.

Ұйымдастырылып келе жатқанына он бір жыл болған журналистика мамандығы бойынша білім додасы бұл жолы Кереку төрінде ту көтерді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жалынды жастардың басы қосылып, өзара тәжірбие алмасып, ой бөлісті.

«Күш білімде» деп есептейтін студенттер тілшілік тіршілігінің қыр-сырын қаншалықты меңгергендігін осы бәсекеді дәлелдейді. Себебі, бұл дода жастар «Ұлы даланың ұлағатын ұлықтап», өз оқу орнының мәртебесін көтеруге мүмкіндік алады. Сосын, бойдағы дарынының жан-жақты қырларын көрсетіп, бұрын мен бүгінді байланыстырған журналистиканың ішіне бүккен сырларын ұғынады. Айта кетейік, білім бәсекесінің басты ұстанымы да осы.

Кезең-кезең сайын журналистік шеберлікті қаншалықты игергендерін көрсететін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шәкірттер «Таныстыру», «Эссе» кезеңдерінде бақ сынасып, таланттарын көрсетеді.

Ал, екінші кезеңде журналистиканың әртүрлі тармақтары бойынша тест тапсырып, теориялық білімдерін сарапқа салады. Одан соң, «Жедел ақпарат» жазып, желіге жүктейді.

Соңғы турда студенттер «Ертіс – Баян өңірінің тарихы мен келбеті менің әсерімде» атты бейнесюжет дайындап, іскерлікке шыңдалады. Бұл еңбекті қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтайды.

Керекудегі олимпиада студенттердің қала тынысымен танысып, қарт Ертіс бойындағы тарихи орындар сырларын білу мүмкіндігін сыйлады. Білім бәсекесі жалғасуда...

Айдар САЙЛАУОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ЭЛИЗАБЕТ ТҰРСЫНБАЕВАНЫҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН БІРІНШІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.04.2019 18:48

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаевамен кездесіп, оны Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, Элизабет ағымдағы жылдың 18-24 наурызы аралығында Сайтама қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында көрсеткен өнері елеулі құбылыс болып танылған еді. Тұңғыш рет қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жеңіс тұғырынан көрініп, күміс медаль жеңіп алды және әлемдік тарихта бірінші рет төрт айналымдық сальховты қатесіз орындады.

"Біз мұз айдыны спорт кешенін салдық және бұл кешенге Сыр жастары жаңа спорт түрлерін игеруге қуана-қуана барады. Мен осы орталықта болашақта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін. Аймағымызда егемен  еліміздің атағын әлемге әйгілі ететін мәнерлеп сырғанаушы-чемпиондардың тұтас шоғыры болсын! Элизабет, сенің есімің бүкіл әлемге танымал болуына тілектеспін", - деді аймақ басшысы.

Өңірдің спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Элизабет Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды, 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Өз кезегінде Элизабеттің ата-анасы облыс әкіміне және Сыр жұртшылығына қыздарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Мен үшін ата-анам мен жаттықтырушыларымның көмегі ерекше рөл атқарды. Әрине, маған көрсеткен Сіздің қолдауыңыз бен жерлестерімнің сенімі өте маңызды. Сіздерге зор алғыс айтамын, бұл – біздің ортақ жеңісіміз»,-деді Элизабет Тұрсынбаева.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мәнерлеп сырғанаушыға 16 сәуір күні Қызылордада басталатын Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін алғашқы ашық республикалық жасөспірімдер турнирін өткізуге сәттілік тіледі. Айта кетейік, "Мұз айдынында" "Көктем жұлдыздары" турнирінің ашылуында Элизабет те өнер көрсетеді.  Алдағы уақытта «Көктем жұлдыздары» турнирі жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.04.2019 18:40

Облыс әкімі Қ.Көшербаев ағымдағы жылдың 2 мамырына дейін алдағы жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік нысандар бойынша қажетті отын қорын жасақтауды 100 пайызға, тұрғындар бойынша 80 пайызды қамтамасыз етуді, әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірдің коммуналдық кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істегендігін және ауқымды авариялар орын алмағанын атап өтті. Сондай-ақ, келесі жылу беру маусымына уақытылы дайындық жүргізу керектігін айтты.

Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы туралы баяндады.

"Жылу беру маусымында облыс бойынша әлеуметтік нысандардың білім саласындағы 495, мәдениет және спорт саласындағы  405, денсаулық саласындағы 266 нысан және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 763 көпқабатты тұрғын үй  жылумен қамтамасыз етілді. Осыған орай, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің ағымдағы жылыту кезеңінде тоқтаусыз жұмыс істеуі мақсатында 602 тонна мазут отыны сатып алынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде облыста қосымша  31 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтары газға ауыстырылады. Қазіргі таңда, әріптестік аясында Арал және Шиелі аудандарындағы 13 әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтары газға аусытырылуда. Нәтижесінде, әлеуметтік нысандарды жылытуға жұмсалатын шығын 4-5 есеге төмендейді. Қалған әлеуметтік нысандарға конкурсттық құжаттары әзірленуде. Бұл жұмыстар газдандырылған аймақтарда кезең-кезеңімен жүргізілетін болады»,-деді М.Усаин.

Сондай-ақ, мәжілісте коммуналдық кәсіпорындардың басшылары мен қала және аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҮЗДІК ҰСТАЗДАР ИДЕЯЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.04.2019 17:12

Бүгінде мінберлерде мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесі көп талқыланып келеді. Жалпы, ұстаздардың беделі бұрыннан төмен дей алмаймыз. Десе де, кімнің болмасын, ненің болмасын жаңа заманға бейімделгені абзал. Рас, білімді ұстаздың беделі биік. Бірақ, білікті болу да маңызды. Жаңашыл болса тіптен...

Өткен аптада облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда филиалы «Табысты мұғалім академиясы» атты облыстық педагогикалық үздік идеялар байқауын ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – білімнің салтанат құруы бағытында педагог мамандардың бәсекелік қабілетін арттыру, үздіксіз іздену мен зерттеу жұмыстарында табысты мұғалімдерді дәріптеу, мектептің нәтижелі жұмыс нәтижелерін тарату. Иыққа артқан жүгі ауыр һәм жауапты саналған байқаудың берері бар екеніне шара барысында көз жеткіздік. Жан-жақтан жиылған жасампаз, жаңашыл ұстаздар өз-өздерін барынша жақсы жағынан көрсетуге тырысып жатты.

Елбасы Н.Назарбаев: «...Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деген болатын. Сыр елінің білім саласына бағыттаған бюджеті баршылық. «Еліміздің болашағы – жастар» десек, олардың дені сау және сауатты боп өскені баршамыз үшін бас қатырарлық жағдай. Білімнің салтанат құруы тек білім жинағы емес, ол – өзіндік білім алу және өзін-өзі дамыту. Әлбетте, мұны естен шығармағанымыз жөн.

Жалпы, «Табысты мұғалім академиясы» байқауы аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерден тұрды. Биылғы жылдың алғашқы айында бастау алған шараның бірінші турында 60 ұстаз қатысқан еді. Мұнда олар өз пәні бойынша қысқа, орта мерзімді сабақ жоспары мен берген сабағының он минуттық бейнежазбасын ұсынды. Нәтижесінде, жеті мұғалім іріктелінді. Байқаудың соңғы кезеңінде мұғалімдер 15 минуттық панорамалық сабақ көрсетті.

- Үш кезеңнен тұратын шара мұғалімдерді шабыттандырғаны анық. Аймағымыздың әр жерінен келген білікті мамандар сабақ беру барысында қолданатын тәжірибесімен бөлісті. Тед форматта аудиторияны игерудің тәсілдерімен ерекшеленді. Сөйлеу, түсіндіру шеберлігі сынға түсті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде пайдасы зор осындай шаралар мұғалімдердің беделін көтереді. Табысты мұғалімнің бейнесі қалыптасады, - дейді Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры София Камалова.

Сонымен қатар ол аталмыш байқауды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді көздейді. Өйткені, мұндай іс-шаралардың ұстаздар үшін маңызы айтарлықтай деген пікірде.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Жалағаш ауданының мұғалімі Айкерім Ысқақова иеленсе, екінші орынға аралдық мұғалім Әсем Ембергенова лайық деп танылды. Қызылорда қаласының мұғалімі Назым Қыдырбаева үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, бірнеше қатысушы арнайы номинациялармен марапатталды.

Негізі, байқаудың аты – байқау. Дегенмен, бұ алаңда барлық мұғалімдер әріптестік байланыстарын нығайта түседі. Бір-бірінен керегін алып, қажеттіліктерін де толықтыруы мүмкін. Ұйымдастырушылардың да көздегені осы болса керек. Біздіңше, байқауда үздік ұстаздар озық идеяларын ортаға сала білді.

Рыскелді  ЖАХМАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары