Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәуір 2019

Қызылордада кәсіпкерге салынған айыппұлдың күші жойылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.04.2019 11:35

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы кезекті рет кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қорғады.

Палатаға жеке кәсіпкер Бахтияр Маржаннан өзінің иелігіндегі «Шах» мекемесіне қатысты құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы өтініш түскен болатын. Өтініште әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылғандығы көрсетілген.

Палата заңгерлері Қармақшы ауданының прокуратурасымен бірлесе арызды қарау барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкердің құқықтары бұзылғандығы анықталды.

Мәселеге кеңірек тоқталсақ. 2018 жылғы 18 желтоқсанда кәсіпкер Бахтияр Маржан Қостанай қаласынан 60 тонна жем сатып алып, оны Жосалы кентіне жеткізеді. Негізі жем – өсімдіктер карантиніне жатқызылған өнім. Сондықтан да кәсіпкер карантиндік өнімді екінші карантиндік тексеруге ұсыну қажет. Алайда кәсіпкер тексеруге ұсынбаған.

Бұл фактіні 2019 жылдың 15 қаңтарында Қармақшы ауданының аумақтық инспекциясының инспекторы субъектіге бармай алдын ала бақылау және қадағалау жұмыстары негізінде дәлелдеп, нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасайды. Хаттамаға сәйкес кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту және 75 750 теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылданады.

Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері істі зерттеу барысында Қармақшы ауданының аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторының Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің және «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талаптарын бұзғандығын анықтайды.

Атап айтқанда, жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес, инспектор әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғамай-ақ, кәсіпкерге түпкілікті құжаттарды ресімдеу барысында жіберілген кемшіліктерді жою жолдары бойынша міндетті түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті болатын. Ол үшін инспектор кәсіпкерге құқықбұзушылық анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей ұсыныс жіберуі қажет болатын. Алайда бұл шаралар жүргізілмеген.

Осы ретте, Қармақшы ауданының прокуратурасы аудандық аумақтық инспекцияның заңсыз қабылдаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулысына наразылық келтіріп, мұнымен қоса заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы Қызылорда облысы бойынша өсімдіктер карантині жөніндегі инспекцияға ұсыныс енгізеді.

Наразылықты қарау нәтижесінде Қызылорда облысы бойынша өсімдіктер карантині жөніндегі инспекция кәсіпкерге қатысты шешімді жойып, кәсіпкердің құқығын бұзған Қармақшы аудандық аумақтық инспекциясының инспекторы Дәулет Қосбергеновке «ескерту» жариялап, тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ КОСМОНАВТИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МӘСКЕУДЕГІ ӨТКЕН ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.04.2019 09:30

Мемлекеттік Кремль сарайында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күніне, сондай-ақ, Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 58 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.

Авиация және ғарыш қызметкерлері мен ардагерлерін Владимир Путин, сонымен қатар, РФ Үкіметі Төрағасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша орынбасары Юрий Борисов және "Роскосмос" ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясының бас директоры, РФ Президентінің халықаралық ғарыш ынтымақтастығы бойынша арнаулы өкілі Дмитрий Рогозин құттықтады.

Қазақстан делегациясының атынан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев құттықтау сөз сөйледі.

Мерекелік концертте Кремль сарайы сахнасында Қызылорда облыстық филармониясының "Ақмешіт" фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Ансамбльдің солисі Назым Сағынтай Латиф Хамидидің "Бұлбұл" әнін орындады.

Айта кетейік, мерекелік шарада Ресей эстрадасының әртістері Лев Лещенко, Юрий Антонов, Вячеслав Добрынин, Александр Маршал, "Земляне" тобы, Анита Цой, Валерия, Алла Духованың "Тодес" балет ұжымы және т.б. өнер көрсетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ӨЗ ЖЕРІНДЕ ӨГЕЙ БАЛАНЫҢ КҮЙІН КЕШУ немесе «жаман үйдің» балалары PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.04.2019 13:20

Соңғы  әлеуметтік  зерттеулерге жүгін­сек, қазақ жастарының  40 пайыздан астам­ы  шетелге  бір­жолата  кетуді  арман­дайд­ы  екен.

Соғыс жағдайында отырған жеке­леген мемлекеттердің өзінде мұндай көрсеткіштер төменірек. Жоғары мін­белерден айтылатын жетістіктерге қарамаст­ан, ай мен күннің аманында жас буын өкіл­дері өз елінен безсе, біздің қандай мемлекет құрғанымыз?

Жастардың осындай ұйғарымына ресмилер әдетте «Онда тұрған не бар, ғаламдану заманы, шекара ашық, тиісінше­ әр адам қалаған жеріне көшеді. Алаңдайтын дәнеме де жоқ» деп жауап қатады. Бәлкім солай да шығар­. Алайда келтірілген қисынға қарасақ­, бақуатты Америка мен Гер­манияның, Катар мен Оңтүс­тік Кореяны­ң азаматтары басқа елдерге неліктен лек-легімен ағылмайды? Қайта бәрі – сол ел­дің төлқұжаты бар азаматы екен­дігін  мақтан  тұтар патриоттар.

Негізі қазақта да «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал бар. Жүрегі қазақ деп соққан әр адам бұл ұлағатты сөздің мағынасын шетелде­ шал­қып жүргенше, өз еліңе қызмет еткен абзал дегенді меңзейді. Алайда бүгінгінің тауқыметі оны шетк­е ысырып  тастағандай.

Рас, орыстың «Рыба ищет, где глубже, а человек – где лучше­» деген нақылын ешкім жоққа шығармайды. Кедей, артта қалған, қауіпті елдерден адамдардың бай да тұрақты, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі  жоғары  Еуропаға қарай ұмтылатынын түсінуге болады.

Шын мәнісінде Үндістан, Тәжікстан, Бангладеш сынды экономикасының дамуы демог­рафиялық өсімге ілесе алмаған, жаппай жұмыссыздық жайлаған елдердің азаматтары үшін басқа балама қалмаған да болар. Иә болмаса, Ауғанстан мен Либия сынды  со­ғыс­тан көз ашпа­ған елдердің тұр­ғындары үшін аман қалудың­ жалғыз жолы осы болар. Тек кең байтақ жері, орасан табиғи байлықтары бар қазаққа қаншалықты тән? Осындайда ақталу үшін біреу тәжірибе­нің жетіспеуі, мұнай бағасының төмендеуі, ауа райының қолайсыздығы сынды жүздеген сылтауды келтірер. Ал биліктің жауапкершілігі қайда қал­мақ?  Әсіресе, отан­дастарына көзқарасы тұрғысынан.

Кезінде Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған Шейх Заид былай деген: «Нағыз­ байлық – ақша емес, адамның өзі. Ендеше бізді алға жетелейтін күш-қуат адамның бойында. Сондықтан Алла берген мүмкіндік­терді жеке тұлғаны қалыптастыруға және ұлтқа қызмет етуге бағыт­тау керек». Бүгінде осы қағи­датты мүлтіксіз ұс­тан­ған Әмірліктер даму­дың шыңынан табылып отыр. Жалпы, өркениетті кез келген мемлекет өз азаматтарына, олардың игілікті өмірін қамтамасыз етуге басым­дық береді. Адамның  құқықтары мен бостандықтары, ар-ожданы мен қауіп­сіздігі бұнымен қатар жүреді. Айналып кел­ген­де әрбір биліктің міндеті осында. Сәй­кесінше әрбір мем­лекеттің бақуаттылығы оның алып жатқан­ жер аумағымен, өткізген форумдарымен иә табиғи байлықтарымен  емес, алдыңғы кезекте адамдарының өмір сапасымен өлшенеді. Аталған бағытта адам капиталы деген сәнге айналған тіркесті өз бағдарламаларында Қазақстан басшылы­ғы да жиі қолданады. Бірақ, іс жүзіне келгенде сол бастамалары  жиі ақсап жатады да, оның орнын көп­шілік жағдайда келді-кетті дүниелер басады. Екі ортада көңіл­ге тиетіні өз азамат­тарының қажеттіліктерін елемей, басымдықтың шетелдіктерге беру етек жай­ған.­

Айтылғанға мысалдар жетіп артылады. Соның ішінде ең маңызды руханият саласын алып қарайтын болсақ, Тәуел­сіздік  алған 28 жылдың ішінде алысқа  бармай  ең  болмаса  ХХ ғасырдағы тарихымыз бен құндылықтарымызды түгендей алмай келе жатқан жайымыз бар. Бөтен елдің үгіт-насихатын тайраңдатып қойып, ұлт­тық сана-сезімді оятушы бастамаларды  бұғаттау  өз  алдына­. Конституцияда көрсетілген мәртебесіне жете алмай аянышты күй кешкен Қазақ тілінің ахуалы – мүлде бөлек әңгіме.

Асылында, өзін-өзі сыйлайтын елдерде мемлекеттік тіл – рухани  бірауыздылықтың алғышарты, оны білу азаматтық  алудың негізгі міндеті сана­латыны белгілі. Басқасын былай қойғанда, жекелеген елдер­де онсыз көше сыпырушы  боп жұмысқа тұрудың өзіне тыйым  салынған. Қазақстанда керісінше – жоғары мемлекеттік мансапқа болсын, бюджеттік мекемеге болсын қазақ тілін білмесе де жұмысқа тұру  оңай, орыс тілінсіз мүм­кін  емес.

Қазақ – қашан да қонағын қастерлеген халық. Дей тұр­ғанмен, есігін айқара ашып қойып, бөтендерге төрін беріп қою ешбір адами қисынға келмей­ді. «Жаман үйді қонағы билейді» демекші. Азаматтардың жеке бостандықтарына келгенде де сол жағдай. Мы­салы, уақытша тіркелу туралы заңға сай басқа мемлекеттерде бұндай шектеу тек шетелдіктерге қолданылады. Оның астар­ы  түсінікті – бөтеннің аты бөтен, оның нендей пиғылмен келгені беймәлім. Сондықтан елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оның іс-әрекетін  бақылау артықшылық етпей­ді. Ал өз жерінде жүріп, осында туып-өскен адамға тіркелу ойға сыймайтын дүние. Екіншіден, бұл шара Конституцияны өрескел бұзу, адам құқықтары бойынша Қазақстанның алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Үшіншіден, азаматтың ар-ожданы­на  тиетін  жағдай.

Не болмаса, былтыр Қазақстан 48 шет мемлекеттің азаматтарына визасыз келу жеңілдігін  сыйлапты. Құп-ақ! Бірақ, тиісті лауазымдылар дипломатияның негізгі қағи­датын ұмытқан секілді. Оның дені елдер арасындағы байланыстар тең болуы міндетті дегенг­е қатысты. Аталып отырған Батыс елдері біздің азаматтарға ондай жеңілдік берген емес. Сондықтан шетелдіктер Қазақстанға емін-еркін келіп жүргенде біздің азаматтарымыз шетел визасын алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрып, қаптаға­н қағаз жинап, саусақ ізін тапсырып, оған тиісті төлемін  жасауға  мәжбүр.

Елдің байлығына қатысты көретініміз сол – теңсіздік. Бір жағынан Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында деп мақтан тұтамыз. Әйткенмен сол жердің рахатын көруге келгенде өзі­міздің диқандар мен малшылар шет қалады.

Заңмен уәде етілген он сотыққа да көпші­лік­тің қолы жетпей жатыр. Өз кезегінде ресмилер «артық жер жоқ» дегенді алға тартады. Бірақ шетелд­іктер сұраса, игерілмей бос жатқан бірнеше миллион гектар оңай табыла қалады. Осындай қа­рама-қайшы көзқарас неден туынд­айды, оның  алдын  қа­лай  алуға болады деген сұрақтар кімді де болса мазалайды. Жауап іздеп әншейінде  анаған-мынаған сілтеуге әуес лауа­зым иелеріне келіп тірелеміз. Әлгілері,  жалпы бұл – пост-кеңестік елдердің бірталайына тән құбылыс, саяси­ элита ретінде­ Отанына немқұрайды  қарайды. Тапқан миллиард­тарын өз елінде емес, шетелге салуынан, ұл-қыздарын жер­гілікті емес, шетелді­к оқу орындарына жіберуінен, демал­са, емделер болса, Қазақстанды емес шетелді таңдауынан соны көре­міз.

Әлдебір форум немесе тың жобаны қолға алғанда тиісті мамандарды, ғалымдарды өз ішінен  емес  шетелден ша­қыру­ дәстүрі тағы бар. Сая­сат­т­ы  айқынд­айтын  маңызды шешім қабылдайтын, мемлекеттің қаржысын игеретін орындағылардың өздері өз еліне­ осылайша сенімсіздік танытса, оның күйі  оңалмайтыны  анық.

Түйткілдің ендігісі жалақы мәселесіне келіп тіреледі. Қазақстанда көптеген шетел­дік немесе бірлескен кәсіп­орындарда шетелдік мамандардың табысы дәл сондай жұмыс атқаратын қазақстандық әріптестерінен асып түсе­ді. Кейде онысы бес, тіпті он еселік айырмашылықты құрайды. Компаниялардағы қызмет­тік деңгей бойынша да үстем­дік шетелдіктер еншісінде. Бұл келеңсіздіктің жазылып та, айтыл­ып та келе жатқанына талай­ жыл өтті. Дегенмен, шенділердің құрғақ уәделерінен басқа мардымды өзгеріс­тер байқалып отырған жоқ. Оның соңы уақыт өткен сайын жұмысшылардың наразылы­ғына  әкеліп жатыр. Ал, енді осы тұрғыдағы әлемдік тәжі­рибеге үңілер болсақ, басымдық әркез сол елдің төл азаматтарына беріледі. Себеп баяғы – өз азаматтарын, олай болса, өз мемлекетін құрметтеу, шетелелдіктерге емес, алды­мен отандастарына жағдай туғызу, жұмыспен қамту, т.б. Төленетін еңбекақысының мөлшері де осы мақсаттан белгіленеді. Әлгі сөз болған Араб елдерінде теңдей жұмыс атқар­ғаны үшін жергілікті тұрғын келім­сектерден 3-5 есе көп табыс­ алып отырады. Азаматтарын қолдауда кей мемлекеттер тіпті асыра сілтеушілікке жол береді. Мәселен, Араб Әмірліктерінде жергілікті азамат­ пен шетелдік соттасатын болса, дұрыс-бұрысына қарамай әдетте іс өз азаматының пайдасына шешеді. Мей­лі, Қазақстанда олай болмай-ақ  қойсын. Ең болмаса шетелдіктер мен өзіміздің азамат­тарымыздың құқықтары тең дәрежеде  сақталсын.

Соңғы жылдары кейбір отандық кәсіпкерлер ақшасын сыртқа шығарып, сонда компанияны тіркеп, сосын барып шетелдік инвестор санатында Қазақстанда бизнес жүргізуді қолға алған. Неліктен? Себебі қайта шетелдік іскерлерге жергілік­тіден гөрі әлдеқайда ыңғайлы жағдай жасалған. Әлдебір шенді оларды келіп тексерер болса, қоқан-лоқы көрсетер  болса, мемлекеттің өзі  оларды  қорғаштайды.

Өкінішке қарай өзіміздің бизнес жоғары жақта туысы не жанашыры болмаса жаңағыдай кепілдіктерден қағылып, өз жерінде өгей баланың күйін кешеді. Ұқсас әңгіме өз Отанында қолдау таппай, шетелде ғана бағы жанған дарын иеле­ріне де қатысты. Олай болса, жоғарыда  сөз  болған 40 пайыз жастардың шетелге кетуге талпын­ысы – заңды   құбылыс. Бұл – мемлекеттің сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі жетістік­теріне жастардың берген­ бағасы. Тек аталған көрсеткіш жылдан-жылға өсе берсе, қазақтың  елі мен күйі не  болмақ?

Расул   ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

 


САЙЛАУДЫҢ “сақинасы” КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.04.2019 13:10

«ТЕАТР  ДЕКОРАЦИЯСЫ»  АУЫСТЫ

«Ай құлақтанса, азығыңды сайла, Күн құлақтанса, күрегіңді сайла» дейді қазақ. Күн құлақтанған мезгілде Қазақстанда бірнеше дүркін ауыс-түйіс орын алып, саяси мәнге ие құжаттардың мазмұны толығуда. Алдымен «театр декорациясы» ауысты. Әдетте ол қойылым алдында ғана ауысады. Айтпақшы, біз рухани емес, саяси театр төңірегіндегі декорацияны сөз етіп отырмыз. Әзірге біздегі басты «театр» – билік, ал басты «қойылым» – сайлау. Демек, жақын-жуықтағы өміршең емес өзгерістер – сайлау алдындағы «безендіру» жұмыстары. Рас, табиғат-Ана оянып, жер бусанатын шақта Елбасы өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл кезде де ұйқысынан оянып,  қызметінен  босағандардың өзі – бір төбе.

Бұл тірлік те жұп-жұмыр жаңғақты едел-жедел жұтып жібергенмен тең болды. Орнына сүйемелі Сенат төрағасы Тоқаев келгенде халық дәмесінің дәнегі бүр жарардай қуанды. Десек те, ұлы өзгеріс, ұлы қадам болашақтың қақпасына жол ашар мүмкіндік екенін бәріміз де ұқтық. Көптен бері осы өзгерісті қалап жүргендердің көзі ашылып, құлағы «ұзарды». Араға ай салмай, Тоқаев саяси мәлімдеме жасады. Үндеудің басты тақырыбы да үйреншікті, 9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы.

Парламенттің қос палата спикерімен, Елбасымен, премье­р-министр және пар­ламенттегі партия жетекші­лерімен кеңесіп қабылдаған шешімін елге  жеткізді.

- Еліміздің Конституция­сына сәйкес, Қазақстан Республикасы  Президентінің  кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті  қадам.

Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін. Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап  жүрмін.  Халықтың  көңіл күйін жақсы білемін. ...Халқым­ыз – біртұтас. Тәуел­сіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек­, - деген мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін айқындық қажет­тігін  алға тартты.

 

АТ АУЫССА ДА,  ӘБЗЕЛІ  ҚАЛУЫ  МҮМКІН

«Бұл сайлау бұрынғыға қа­рағанда қалай өтеді?» деген сауа­лға жауап іздеп жүргендер де жеткілікті. Президенттікке үміткерлерден бастасақ, бір­неше жылдан бері айтылып келе жатқан үміткерлердің қатары ендігі кеміді немесе толықты деп кесіп айтсақ, келте болуы әбден ықтимал. Әзірге белгілісі, бұл жолғы сайлау бюллетенінен Н.Назарбаевтың есімін көре алмаймыз. Есесіне, кеше ғана Сенат спикер­лігіне тағайындалған Д.Назар­баева басты үміткер­ліктен көрінуі мүмкін. Оның көмекшісі С.Мұстафаеваның «Жоқ. Дариға Нұрсұлтанқызы кандидаттыққа түспейді» деген жауабы ел құлағында сақтаулы. Ал өзі болса, «Конституцияға, заңдарға сәйкес елдің кез келген­ азаматы сайлауға түсе алады. Ал кандидаттарды ұсыну туралы шешімді саяси партиялар қабылдайды» деп қысқа  қайырды.

Жыл басында ғана Елбасы «...Конституцияға сәйкес, прези­дент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауғ­а құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сон­дықтан тыныштық сақтап, күнде­лікті  жұмыспен  айна­лыса  беру керек» дегенімен, екінші президент тұсында Ақордада ау­малы-төкпелі өзгеріс болғалы тұр. Ат ауысса да, әбзелі қалуы мүмкін. Кімнің қалай бағам­дағаны өзіне аян. Естеріңізде болса, қайбір жылы тұңғыш Президенттің өзі саясатты театрғ­а теңеген-тұғын. Демек, «пирамида» шатырынан сыр­ғып түсіп жатқандардың барлығы – спектакль кейіпкерлері. Таңдау – өз еркіңізде.

 

«ҚАЗАҚСТАНДЫ   ӘЙЕЛ  БАСҚАРАДЫ»

Жаһандық деңгейдегі бұ­лыңғыр ахуал ешқандай елді айналып өтпейді. Ішкі және сыртқы  саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыру – президент тұғырындағы басты міндет. Тағдырлы шешім қа­былдауына да осы жайт түрткі болған  секілді.

- Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайла­нады. Мен, мемлекет басшысы­ ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстаным­ым! - деуінің өзі бір мәрттік.

Халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсілін Тоқаевқа тықпалай алмаймыз. Оған себеп,­ бұл – халық таңдауы. Десек­ те, отыз жылға жуық уақыттан кейін ел төрінде кімнің отыратынын елестету оңай емес. Біршама уақыт бұрын экстрасенс Бақыт Жұматова «Қазақстанды әйел бас­қарады»  деген  болжам айт­қан. Сол пікірінен әлі танған емес. «Мен елді әйел адам басқаратынын бұрын да айтқанмын. Ол ойымнан айнымаймын. Ел билігі ақырындап матриар­хатқа  ауысады» деген ойын тағы жеткізді.

 

«САҚИНА   САЛУ»

Билік – сақина. Қазақтың «Сақина салу» ойынын біле­сіздер. Ойын шарты –жүзікті әлдекімнің уысына жасыру. Сөйтеді де, ойын жүргізуші бос алақанымен қаздай тізілген ойыншылардың  алақандарына қолын сұғып шығады. Мұнысы – ойынның басты «құжатын» кімнің «бағына» бұйырғандығын жасыру. Біз­дегі саяси науқан тура осы се­кілді. Ойынның өтетіні мен басты­ кейіпкер белгілі, ал сақи­наның кімге бұйыратыны...

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ АЭС САЛУҒА БОЛМАЙДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.04.2019 13:05

Қазақстанда Атом электр стансасы салыну керек­ пе? Қ.Тоқаевтың РФ Президенті Владимир Пу­тин­мен кездесуінен кейін әлеуметтік желіде бұл жиі талқыланған тақы­рыпқа айнал­ды. АЭС салынса ұтамыз­ ба, ұтыламыз ба? Жалпы, керек пе, керегі жоқ па? Құр жалаң сөзге салын­бай осы тақырыпты те­реңі­рек зерттеп көрсек қайтеді? Қазір әлемде 31 мемлекетте 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда  438 энергоблок арзан­  электр  қуатын өн­діруде. Әлемде өндірі­ле­тін электр қуатының 17 па­йызы АЭС-ға тиесілі. Енді мұның плюс-минустарын саралап көрелік.

Атом электр стансасының артықшылығы неде? Біріншіден, шикізаттық тұтыну деңгейі өте төмен (уран қолданылады), екін­шіден, өндірілетін қуатының көлемі өте үлкен. Бір АЭС тұтас мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Үшіншіден, жылу электр стансасына қарағанда жарақтану деңгейі жоғары. Жетілдірілу мүмкіндігі  мол.

Енді кемшіліктеріне келе­йік. Біріншіден, Атом электр стансасынан ыс пен радиация бөлінеді, су көз­дері ластанады. Екіншіден, сирек те қымбат уран элементі қолданылады. Үшін­шіден, Чернобыль мен Фукуси­мадағы сияқты экологиялық апат ықтималдығы  зор.

АЭС-тің басты артықшылығы – қолданылатын отын түрі көлемінің шағындығы. Мысалы, жылу электр стансаларында  тәулігіне  екі теміржол құрамындай көмір жағылса, ал ВВЭР 1000 (водо-водяной энергетический) реакторының бір энергоблогына шағын ғана урандық өзек жетіп жатыр.

АЭС-тің кемістігін сөз етсек, экологиялық тұрғыдан оның ұтылатын жері – Конденсациялық электр стансалары сияқты жылулық ластауы. Яғни, турбина­ конденсаторларын сал­қындату үшін қолданылатын техникалық су мөлше­рінің орасан көптігі. Мұның пайдалы әсер коэффициенті 35 пайыз ғана. Сондықтан АЭС қасында су қоймасы болуы міндетті. Әрі ол техникалық себептерге байланысты электр қуатын өндіру кезінде маневрлық режимде жұмыс істей  алмайды.

АЭС орташа есеппен 30 жылдай жұмыс істейді. Ең үлкен кемістігі – оқыс апат орын алған жағдайда оның салдарын жоюдың қиындығы мен ұзақтығы. Тағы бір күрделі проблема пайдалану ресурсы таусылғанда АЭС-ті жою. Бұл шаруа­ға АЭС-ті салған бюджеттің 20 пайызындай қаражат жұмсалады. Тағы бір ыңғайсыз тұсы мұнай бағасы  құлдыраса болды-ақ АЭС-тің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетеді. 2000 жылдан бері әлемде  40 энергоблок жабылды. 2016 жылы әлемде 398 реактор жұмыс істеп тұрды. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемдегі реакторлардың 25 пайы­зы (128 реактор) жұмысын тоқтатты.

Бүгінде Еуроодақ елдері энергияның жел мен күн сияқ­ты қайталама көзде­ріне ден қоюда. Алдағы уақытта бұл қуат өндірудің басты бағытына айналмақ. 2014 жылы бүкіл әлемде жел қуатынан алынған энергия жылына 694 ТВт-с (терраватт-сағат), Күн қуаты – 185, ал атом қуаты – 165 ТВт-сағат­ болды. Ядролық энергетика өндіру 11 пайыздай азайды.

Қазақстан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында да, одан кейін де бүкіл әлемге экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бет бұрғандығын мәлімдеді. Жел және Күн энергиясын өндіру жолында жұмыстар жалғасып жатыр­. Сондықтан энер­гияның  қайталама  көздерін дамы­ту бағыты басымдық күйінде қала беруге тиіс. Қазақстан үшін АЭС салу мүлде  қажетсіз!

Екінші кезектегі мәселе, теориялық тұрғыдан болса да АЭС салуды Ресейге сеніп тапсыруға бола ма? Рас, Совет Одағы, одан кейін Ресей бірқатар дамушы елдер­де АЭС салды. Олардың қатарында Бангладеш, Қытай, Үндістан, Белорусь, Иран елдері бар. Бірақ соңғы он жылда РФ технологиялық тұрғыда дамыған елдерден ондаған есе артта қалды. Ресейдің Стратегиялық әзірлемелер орталығы дайындаған баяндамада мұндай артта қалушылық, технологияның дамуы мен интеллектуалдық меншік нарығының кенжелеуі Ресей­дің экономикалық дамуын­ орасан тежеп тастағанын алға тартады. Ресей өнеркәсібінің өндірістік қуаттары 25 пайызға ескірген. 2000 жылға дейін іске қосылған көне құрал-жабдықтар өндірісте қолданылып жүр. Олардың жетіден бір бөлігі қазір түкке де жарамсы­з.

Стратегиялық әзірлемелер орталығының дерек­теріне қарағанда, Ресейдің күллі өндірістік қуаттарының 13-14 пайызы – «пустышка». Әсіресе, азық-түлікке жатпайтын, жоғары технологиялық өндірістердегі жағдай аса күрделі. Мемлекеттік думада Есеп комитетінің басшысы Татья­на Голикованың Ресейде­гі негізгі қорлардың тозымы 50 пайыздан асқанын үрейлене хабарлағаны тегіннен-тегін емес. Елдегі машина мен құрал-жабдықтардың 25 пайызы бәсекеге жарамсыз болып қалған. Химия өнеркәсібіндегі құрал-жабдықтардың 42 па­йызы, металлургия өндірісі қуаттарының 53 пайызы көнерген. Міне, осындай экономикасы «шаршап» тұрған жағдайда Ресейге АЭС салдырту өте қауіпті. Алдын ала есеп бойынша АЭС  құны – 10 млрд доллар. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін дал-дұл етеді» демекші, өз экономикасын жүргізе алмай отырған ел, технологиясы батыстан он­шақт­ы есе артта қалған мемлекет Қазақстанда қайтіп сапалы АЭС салмақшы?

Тағы бір ескеретін жағдай, Құдай оның бетін ары қылсын, АЭС-те қоршаған ортаны радиациялық ластау тек бұзылу мен апат жағ­да­йында ғана емес күнде­лік­ті жұмыс кезінде де жүріп жатады.­ Апатсыз АЭС-тің өзінде атомдық отын циклының барлық буынында: уранды өндіру мен тасымалдау, АЭС үшін отындық өзекшелер әзірлеу, пайдалану, жанып болған ядролық отынды сақтау мен қай­та өңдеу кезінің бәрінде радиациялық ластану жүріп жатады.

АЭС-тен шыққан радионуклид цезий-137 өте қауіп­ті. Ол адам ағзасына түссе саркома дертін туғызады. Стронций-90 ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. Криптон-85-тің аздаған дозас­ы тері рагімен ауру ықтималдығын арттырады. Ядролық обьектілер қызметкерлерінің өзі радиа­циялық ықпалға көбірек ұшырайды. АЭС тұрған жерді әдетте ЗАТО (Жабық әкімшілік-аумақтық құрылымдар) деп атайды. Ресейде осындай құрылымдарда дүниеге келген 14 жасқа дейінгі балалар арасында көз көруі мен иммундық жүйесінің нашарлауы, пси­хо­логиялық ауытқушылықтар басқа өңірлермен са­лыс­тырғанда екі есе көбейген. Іс жүзінде өздері де білместен адамдардың көп бөлігі – радиациялық ластанудың құрбаны. Сәулеленудің болмашы дозасының өзі қайтадан қалпына келмейтін генетикалық өзгеріс­терге ұшыратады. Радиа­цияның қорқыныштылығы да сол, жүздеген миллион келешек ұрпақтың өміріне қауіп төндіреді.

Америкалық радиобиолог Р.Бартелл ХХІ ғасырдың басында атом индустриясының салдарынан 223 миллион адам зардап шеккенін айтады. Даун синдромы, қояншық, ақыл мен дене дамуы­нан артта қалушылық етек алып тұр. «Ядролық дерттің» таралуына «қайталама ластану» да қосымша себеп болып отыр. Ресей нарығ­ынан ластанған ауылшаруашылық өнімдерін, саңыр­ауқұлақ пен жидектерді алып тастауға байланысты дау-дамай әдеттегі жағдайға айналды. Осының бәрі қалай болғанда да «Бей­біт атом – баяу жарылатын мина» екендігін көрсетеді. Міне, осындай себептермен Қазақстанда АЭС салудың мүлде қажеті жоқ. Ал оны теория­лық тұрғыдан болса, Ресейге салдырту – өз-өзімізді нақты қауіпке байлап беру деген сөз.

Марат  БӘЙДІЛДӘҰЛЫ,

(«Facebook»-тегі парақшасынан)

 


ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.04.2019 12:56

Шыны керек, біздің әкімқаралар тек жағымды жаңалығын жіпке тізіп, ел алдында жылына бір рет есеп беріп үйреніп қалды. Ал одан кейін жұртшылыққа әкімнің бет-жүзін көру – арман. Мұны ауадан алып отырған жоқпыз. Әлеуметтік желідегі ағайынның­ пікірі осыған саяды. Рас, әлеуметтік желі қазір құдіретті күшке ие. Тіпті, саяси сарапшылардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауда жеңіске жетуіне түрткі болған әлеуметтік желі екен. Кез келгенді өзіне көгенделген қозыдай­ байлап қоятын байланыс құралын бүгінде бесіктегі баладан­, еңкейген кәріге дейін қолданады. Біздің билік бұны енді игілігіне іске асырмақшы. Қалай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімқараларға жап-жаңа тапсырма жүктеді. Ендігіде ақжағалылардың барлығы әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуы­ тиіс. Бұл анау-мынау емес – президенттің пәрмен. Айтпақш­ы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы болған тұста еліміздегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты «Twitter»-дегі парақшасында пікір білдіріп отыратыны есімізде. Сөйтіп, шетелді­к БАҚ-тың назарын өзіне аудартқаны бар.

– Бізге халықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде шара қолдану – маңызды. Әкімдер әлеуметтік желілерде мемлекеттік саясатты түсіндіру қажет. Бұл азаматтардың билік инсти­туттарына деген сенімін арттырады. Әкімдерге халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырамын. Бұл барлық­  деңгейдегі әкімдерге қатысты, - деді мемлекет басшысы.

Қайткен күнде де әлеуметтік желі біздің өмірімізге еніп кетті. Енді одан өзімізді алыс ұстау мүмкін емес. Сонымен, сужаңа президенттің тапсырмасын облыс, аудан басшылары қалай орындап жатыр?

Ашығын айтайық, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймаққа келген сәтте-ақ барлық деңгейдегі басшыларға ашық және жариялы­ түрде жұмыс жүргізуді міндеттеді. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына әлеуметтік желілермен жұмыс істеп, белсенд­і болуға шақырды. Осыдан 2-3 жыл бұрын Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешба­ев, Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов, Жалаға­ш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев, Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы, Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев­ фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелсе, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жақында ғана Twitter-де өз парақшасын ашты. Десе де, парақша ашу бар да, онымен жұмыс жүргізу – бөлек әңгіме. Ал бұл тұрғыда әкімдердің барлығы ақсап жатыр. «Парақша ашты» деген аты болмаса, онымен белсенді жұмыс істеп жатқаны байқалмайды. Ара-тұра Ғалым Әміреев ғана бірді-екілі фото жариялап тұрады. Айтпақшы, Жаңақорған ауданының әкімі баспасөз брифингіне блогерлерді де жиі шақырады. Ал біз сұх­баттасқ­ан аудан әкімдерінің көпшілігі уақыттың тығыздығын алға тартып, заманауи байланыс құралына көңіл бөлуге мүмкіндік бола бермейтінін айтқан. Жылт еткен жаңалықтың бәрі алдымен интернетте­ жарық көретінін ескерсек, әкімдердің бұл бағытта біраз тер төгуіне тура кеп тұр. Бұл да бір қызық...

Президент пәрменінен кейін барлық деңгейдегі әкімдер жапатар­мағай желіге тіркеліп жатыр. Тіпті, Ақтөбелік шенеуніктер әлеуметтік желінің қыр-сырын үйренуді бастап та кетіпті.

– Өкінішке қарай, әкімдер парақшаларын өздері жүргізбейді. Олардың орнына баспасөз хатшылары жұмыс істейді. Бұл – дұрыс емес, - дейді медиа-тренер Ақерке Берлібай.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақау «Instagram» әлеуметтік желісіне тіркелсе, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Амандық Батталов, Ақтөбе облысын­ың әкімі Оңдасын Оразалин «Facebook»-ті қолдануды жөн деп тауыпты. Ал Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов­  жақында ғана  «Twitter» желісінде парақшасын ашты. Әзірге Қызыл­орда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Алматы­ қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қостанай облы­сының әкімі Архимед­ Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахмет­ов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевті­ң  әлеуметтік желіде парақшалары көрінбейді.

Қозы Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ОЙЫН АЛАҢҚАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
11.04.2019 12:47

Қала аумағы кеңейген сайын кезекті түйткілдің құлағы қалтиып шыға келетіні шындық. Бүгінгі таңда бас шаһардағы халық саны 400 мыңға тарта болса, қала 25-ке жуық ықшам ауданға бөлінеді.

Көктем келіп, күн жылып, айналаны өзгеше рең басты. Мұндай мезгілді балалар қалт жіберсін бе? Қыс бойы күн қабағының күлімдегенін күтті емес пе? Оның үстіне, үй алдындағы ойын алаңы – әр адамның балалы­қ шағының бір бөлшегі. Сондықтан кешқұрым бір мезгіл далада доп қуып, ойынның қызығына­ батқысы келеді. Ал бұған қаладағы ойын алаңқайлары дайын ба? Алдымен жергілікті биліктің жауабына көз жүгіртсек.

– Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын­үйлерде жалпы 200-ге жуық ойын аулалары орналасқан­. Бүгінде оның 107-сі салынып, пайдалануға берілген. Жалпы, қала бойынша 70 пайызы балалар ойын спорт алаңдарымен қамтыл­ған,- дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы  Ғабит Бөкенбай.

Ойымыз, ілік іздеп, іріткі салу емес. Дей тұрғанмен, айтылған санға сапаның үйлесімді болғаны абзал­ деп білеміз. Әлгі 107 ойын алаңқайының бүгінгі бет-бейнесі қандай? Бағамдап көрсек.

Барлығы да көңілге қонымды немесе бәрінің сапасы­ нашар деп те айта алмаймыз. Дегенмен, шет аймақты қайдам, қала орталығындағы аулалардың өзі оңбай тұр. Мәселен, шаһардағы «Универсам» аталып кеткен ықшам ауданның балалары футбол ойнауға қорқасоқ­тап жүр. «Футбол ойнаған құрлы болмаймыз» дейді бүлдіршіндер. Жасыл төсеніштің (газон. – ред.) ескіргені соншалық, жыртылып, жұлма-жұлмасы шыққан. Қара жері көрініп-ақ жатыр. Бірақ жергілікті биліктің мұны байқамайтыны қызық. Тіпті, балалардың тепкен добы қақпаға емес, дымы қалмай тесілген темір тордан сыртқа шығып кете беретінін қайтерсің?

– Футбол ойнағымыз келеді. Бірақ біздің алаңымыз өте нашар. Ең құрығанда, торларын түзеп, «газонын» ауыстырып берсе екен, - дейді Дамир есімді балақай­.

Жауырды жаба тоқудың керегі не? Бүгінде футбол алаңқайларының ахуалы алаңдатарлық. Айтпақшы, «біздің аяқдопшылар танымал клубтармен сынға түскенде, аяқ тартып ойнайды» деп өкпе артамыз. Бәлкім, бұл – бала күнінде әбден жұлма-жұлмасы шыққан газонда доп теуіп, қара жерге құлап, содан бойында қалған қорқыныш шығар. Әрине, әзіл ғой. Әйтсе де, ел футболын дамытамыз десек, алдымен балалард­ың футбол алаңына дұрыстап көңіл бөлу қажет деп топшылаймыз.

Бұдан кейін «Автоуправление» аялдамасына қарай ат басын бұрдық. Бұл маңға ойын алаңының салын­ғанына да көп бола қойған жоқ. Десе де, алаңқайға жайылған жасыл төсеніштің алба-жұлбасы шығып үлгеріпті. Орнатылған айналмалы карусельдің де жағдайы­ оңып тұрған жоқ. Құдай бетін әрмен қылсын, алда-жалда балалар бұдан құласа... Арғы жағын айтудың  өзі қиын.

– Біздің мөлтек ауданда балалар ойнайтын алаңдар бар. Әткеншектер мен турниктер орнатылған. Күн жылыса болды, балалар осы маңға жиналады. Армансыз ойнайды. Бірақ өзіңіз көріп  тұрсыз, алаңқайдың  кес­кінін. Салынғанына көп уақыт та болған жоқ. Соған қарамас­тан, сынып, бұзылып жатыр. Өте сапасыз салынға­н,- дейді қала тұрғыны Әйгерім.

Білуімізше, салынған ойын алаңқайларын күтіп ұстау жұмыстарына «Қызылорда тазалығы» ЖШС бақыла­у жасайды. Қаладағы ықшам аудандарды аралап­ жүріп, аталған серіктестіктің бұл бағыттағы жұмыстарды қаншалықты деңгейде орындап жатқанын аңғардық. Ең қызығы, бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қаржы қаралған көрінеді. Әткеншек пен турниктердің сынып, азып-тозып кеткені өкінішті. Сонда бұған бақылау болмағаны ма? Әлде, жауаптылар­ балалар алаңқайына енжар қарай ма? Шет аймақты былай қойғанда, көпқабатты тұрғын үйлер көптеп қоныстанған «Универсам», «Автоуправление», «Южный­» мөлтек аудандарындағы алаңқайлар баланы­ң алаңсыз ойнауына мүмкіндік бермейді. Әйтсе де, қала әкімдігі жас қызылордалықтарды биыл тағы да қосымша 20 жерге 20 дана балалар ойын спорт алаңдары­н салу үшін жоба-смета құжаттары әзірленіп, облыстық бюджетке ұсыныс берген жеткізді. Дұрыс-ақ! Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар жүрім-бардым жасалмаса дейміз... Тағы да айта кетейік, салынған ойын алаңдарына бір ғана мекеме жауапты емес. Қоғам мәдениет пен тазалықты үйренуі керек.

Естеріңізде болса, Тұңғыш президентіміз бұқаралық  спортты дамытуға ден қою керектігін ескерткені еді. Аталған тапсырманы орындау үшін спорт кешендері мен ойын алаңқайларының санын көбейту – кезе­к күттірмес мәселе. Осы ретте айта кетейік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Олжас Әкімов біздің басылымға берген сұхбатында «Қазіргі таңда 224382 адам тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Бұл облыс тұрғындарының 28,3 пайызын құрайды» деген болатын­. Алайда көп ұзамай алқам-салқамы шығып жатқан спорт алаңқайлары бұқаралық спорттың кенже­леуіне де септігін тигізбей қоймас.

Бірді айтып, екіге кетеміз-ау. Жақында ғана Өскемен қаласының тұрғыны 6 сынып оқушысы Досжан Дулатұлы өз ауласынан түсірілген бейнежазбасын әлеуме­ттік желіге жүктеген еді. Онда ауласының әбден ескіріп, тозған, сынған орындықтар мен спорттық құрылғыларды, жарамсыз болып, ауланың бір бұрышы­нда жатқан әткеншекті көрсетіп: «Двор» осындай­ жаман. Балалар ойнағысы келеді. Ойнайтын түк те жоқ. ...Жақсылап «двор» істеу керек осы жерге. Маяковский 20 көшесінде осындай жаман «двор». Неге жөндемейді? Мен соны айтқым келеді. ... Балалар­ ойнайын десе, ойнай алмайды. Үйде отырады­ қамалып», - деп жанайқайын жеткізген-ді. Кейіннен аталған бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, тіпті, оған қала әкімінің өзі барып, жөндеп беруге уәде етті.

Ал, қызылордалық балалар әзірше алба-жұлбасы шыққан футбол алаңына «шүкіршілік» айтып жүрген тәрізді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


НАН БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
11.04.2019 12:40

Бала күнімізде бір заттың 5-10 теңгеге қымбаттағанын шыбын шаққан құрлы көрмейтін едік. Өсе келе біл­дік, нарықта тиынның өзі рөл ойнай­ды екен. Ол аздай, бірі қымбаттаса, екіншісі де соның соңынан ере кете­тін әдеті емес пе? «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген. Қымбатшылық қос бүйірден қысқанда қараша жұрттың тиын санап кететі­ні рас. Айлығы шайлығына жетпей­ отырған ағайынның айтары бар. Кеше ғана редакцияға солтүстік­тегі шеткі аудан тұрғыны хабарласты. «Нан бағасы неге қымбаттады?» деген­ сұрағы біздің журналистік ізденісі­мізді бір ізге салғандай. Жауапты мекем­елермен  байланыстық. Олар да өз  жауаптарын  жолдады.

- Қазіргі таңда астық өндіруші облыс­тарда бидай бағасының қымбаттауына байланысты облыста І сұрыпты ұн бағасы өсіп отыр. Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс наубайханаларына І сұрыпты ұн 82 теңгеден (нарықта ұн бағасы – 95-115 теңге/кг) жеткізу ұйымдастырылып, нәтижесінде нан бағасы бір қалыпта сақталып отыр (қоймада сақталып тұрғаны – 22,0 тонна, жеткізілмегені – 1028 тонна).

Бүгінгі күні І сұрыпты ұн бағасы статистика мәліметі бойынша 117 теңгені құрап, (республика көле­мінде ұн бағасының қымбатшылығы бойынша 9-қатарда), ал І сұрыпты ұннан жасалған нан бағасы келісіне 123 теңгені құрап, 15-інші болып, нан бағасы арзан өңірлер қатарында, - дейді облыст­ық ауыл шаруашылығы бас­қармасы­ның  баспасөз  қызметі.

Арал ауданында нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорынан жеке кәсіпкер С.Саянов 74 тонна әлеуметтік ұн алған көрі­неді. Кәсіпкерде 51,3 тонна әлеуметтік ұн қоры бар. Жеке кәсіпкер С.Саяновтың әлеуметтік дүкенінде 1 кг ұн­ның бағасы 86 теңгеден (қабы – 4300 теңге) сатылуда. Бүгінгі күнгі «Ақ­бибі» наубайханасында 1 бөлке нанның­ бағас­ы 70 теңгеден, «Қам­қор-Тұтыну»­ ЖШС-де де 70 теңгеден («Қанағат»  коммуналдық  базарында) саудалануда. Бұдан  басқа  да  жеке нан сатушы кәсіпкерлер бір бөлке нанды 80 теңгеден сатып отыр. Оның себебі, базардағы I сұрыпты бидай  ұнының 110-120  теңгеге қымбаттауы­на  байланысты.

Қазалы ауданында тұрақтандыру қорынан 12 наурыз күні ауданға «РЗА-Нан» ЖШС-не 1 вагон, яғни 68 тонна ұн жеткізілген. Қазіргі таңда аталған ауданда 54 тонна I сұрыпты бидай­ ұнының қоры бар екен. Қазалыда орна­ласқан «Айнұр» сауда орнында I сұрыпты бидай ұнының (1 кг) бағасы ­– 112-118 теңге. «Рза-Нан» ЖШС-нің дүңгіршектерінде және «РЗА» өнім­дері дүкенінде халыққа әлеуметтік ұн наубайханаларға 1 кг ұн 87,5 теңгеден (қабы – 4375 теңге) сатылуда. Әлеуметтік ұннан дайындал­ған нан айналымда 60 теңге. Ал, бас­қа наубайхана иелері нан бағасын 60 теңгеден босатып, базарлар мен сау­да­ орындарында 65 теңгеден сатуда.­

- Облыс нарығында І сұрыпты бидай­ ұны мен І сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан бағасын тұрақты ұстау мақсатында 4 нау­рыз күні өңірлік тұрақтандыру қорын бас­қару жөніндегі комиссиясымен тұрақтандыру қорына қосымша 1000 тонна   I сұрыпты бидай ұнын сатып алу туралы шешім қабылданып, жеткізі­лу жұмыстары жүргізілуде, - дейді об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.

«Барлығы бақылауда» дегенімізбен, бақылаудың барлығы мәселені шешіп бере алмайды. Арзандап жатқаны – аз, қымбаттап жатқаны – көп. Бұл  сондай  қоғам...

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 


АУЫЛ АХУАЛЫ ҚАЙТСЕ ЖАҚСАРАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
11.04.2019 12:35

Мәңгілік ел боламыз десек, білектің күшімен, найзаның ұшымен ата-бабамыздың аманат етіп қалдырған жеріне иелік етіп, оның асты-үсті байлығын ұрпағымыз мәңгі­лік көретіндей жағдайға келуіміз керек. Көрші­леріміз «көшпенді ел» деп күстәналаса да, ұлан-ғайыр жеріміз үшін мақта­намыз. Адам атадан бастау алатын егін мен мал шаруашылығы аға­йынн­ың өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Кез келген мақұлық дүние есігін ашқаннан тамақ деп аузын ашады. Тамақ үшін ұшады, жүзеді, жортады, т.б. әрекетке барады.

Сол мақұлықтың ішіндегі ең ауыры, қалыптасуы қиыны – адам. 18 жасқа дейін заңды түрде елін, жерін қорғай алмайды. Ата-ананың, отбасының, мемлекетт­ің қамқор­лы­ғында болады. Негізгі салмақ отбасына түседі. Егін егіп, бақша баптап жер ембей, малды бағып, өнімін өңдеп, сүт ішпей балаға берілетін құнарлы азықтың ауылы алыстай береді. Экономикамыздың келешегі ауыл шаруашылығы болады. Біз қаласақ та, қаламасақ та, солай болары дау­сыз. Қалада өмір сүру деңгейі әсіресе көп­балалы және тұрмысы төмен отбасылары үшін жағдай қиындамаса, жеңіл­демейді. Орталықтардағы өндіріс орын­дары тоқтаусыз жұмыс істеп тұрады екен деу қисынсыз. Жұмыс орындары тоқтап, шектелген соң зардабы әрине қара халыққа тиеді.

Бұл ретте «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өсиетті мақал-мәтелдерді уақытында пайдаланған ләзім. Әрине оның орны – ауыл. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру бағытында ауқымды шаралар жүргізілгенімен, шешімін табуды қажет етерлік мәселелер жетерлік. Жалпы, ауыл халқы мемлекет не береді, қандай көмек көрсетеді деп жоғарыға жалтақта­май, өз күйін өзі күйттеп, өзін-өзі қамтамасыз етудің, тұр­мысы төмен отбасылардың жағ­дайын жақсартудың, қайырым­дылық жасаудың озық үлгілерін көрсетерлік деңгейге келуі керек. Жергілікті жерде өзін-өзі басқарудың  жаңа тұрпаттағы түрін енгізе­ ме? Не болмаса ауылдағы қалыптасқан жұмыс формасына өзгеріс жасай ма? Ұжымдық меншік түріне өте ме? Қалайда ауыл ахуалын жан-жақты көтерудің оңтайлы­ амалдарын қолдану қажет деп ойлай­мын.  Ол  үшін:

1. Телеарналарда жер қатынас­тары саласы, агроөнеркәсіп кешені цифрландырылды деген ескертпе жарияланып жатыр. Шындығында сандық жүйеге келтірілген үлгілер қоғамда бар нәрселер. Цифр әдетте­ адамды жалықтыратын нәрсе сияқты­ көрінгенімен, онсыз нақтылық болмайды да.

Елдің әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық жағдаяты, жер-су өлшемдері бүкіл тіршілік цифрлануға негізделген. Мысал келтірсек:

- өмірдегі салынған не салынатын құрылыстың қай түрі болмасын, өлшемсіз, есепсіз, цифрсыз болмайды;

- адам не үй жануары болсын бір күндік қажетті азық-түліктің тұтыну мөлшері – өлшемі бар. Бір адам үшін қажетті киім-кешек, төсеніш, т.с.с. пайдаланатын заттар мөлшері анықталмай, есеп жасай­  алмаймыз;

- ауыл жағдайындағы егістік жерлер мен мал жайылымдық, сулы жерлер, орман-тоғай, қолданыстағы не пайдаланылмаған, пайда­лануға жарамсыз жерлер картасы кімнің меншігінде болсын қайта есепке алынуы керек;

- жердің жағдайына орай егілетін егістің қандай түрінің ауыл-аймақ халқы үшін, олардың малы үшін аса қажеттілерін іріктеп, жұмыс көлемін, мүмкіндікті, жұмыс түрін, жұмысшы санын белгілеген жөн.

2. Жер картасы қайта дайындалу арқылы шаруашылықта халыққ­а қажетті егілетін егіс түр­лері мен мал шаруашылығымен айна­лысудың және өңдеудің оңтайлы формаларын, шағын кәсіпкерліктің жаңа түрлерін енгізу­ге қол жеткізу қажет. Негізгі мақсат – жұмыс түрлерін көбейту арқылы жұмыс орындары санын арттыру. Табиғаттың тепе-теңдігін сақтай отырып, халықтың әлеумет­тік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бетбұрыс әрекетінде егіс түрлері мен мал өнімдері бойынша ауыл көлемінде тұрғылықты халық үшін кемі бір-екі жылдық және ұзақ мерзімді есеппен қор ұйымдастырылып, халықтың банктен жеке есепшоты ашылып, жергілікті өзін-өзі басқару механизмі арқылы іс-әрекет түрлері жүзеге асырылса, нақты нәтиже көрініс табары сөзсіз. Әрбір істің пайда, зиянын, экологиялық әсерін терең зерттеу­ден өткізген де дұрыс шығар. Мәселен, тіршілік көзі – су дейміз. Жер бетінде су көп. Бірақ дүниежүзінің ірі қалаларында тұщы су жетіспей­ді. Тұщы су дегеніміз – өмірдің таңғ­ажайып, әрі баға жетпес көзі. Оның керек емес жері жоқ. Адамға да, жан-жануарға да, құсқа да, егіск­е де, өсімдіктерге де ауадай қажет. Бір кило өсімдік қорегін: дән, жеміс-жидек және басқаларын өсіру үшін орта есеппен 2 тонна су керек болса, бір кило ет өнімін шығару үшін 20 тонна су қажет екен. Адам тамақтану процесінде жылына шамамен 20 тоннадан астам­ су тұтынса, күнделікті өмірлік қажеттіліктерді қоса алғанда жылына­ 360 тоннадан аса суды пайдаланатын көрінеді. Орта есеппен 1 тонна көмір шығаруға 5 тоннадай,  1 тонна  мұнай  өндіруге 130 тоннаға дейін су керек болады екен. Күріш егісіне қанша су кететін­ін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Қанша су ауаға буланады. Мыңдаған гектар жер сортаңданады. Топырақ тұзданады. Ұшақтар арқылы­ себілетін түрлі химиялық қоспалардан қаншама жер тозаң­дан­ады. Ауа райы тепе-тең­дігі  «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын түрлі жер серіктері үшін пайдаланылатын улы заттармен қосылып, бұзылады. Тұрақсыздық күй кешеді. Адамның да, малдың да аман-саулығына әсер етпей қоймайды. Адам арасында да, мал арасында да індет түрі көбеюде. Ойланатын жағдай. Табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін суға және оны пайдалануға деген көз­қарасты өзгерту қажет тәрізді. Суды аса көп мөлшерде қажет ететін күріш дақылының көлемін азайтып, жоғарыда айтқандай, басқа­ дақылдар түрін көбейткен жөн болар. Мал шаруашылығын дамыту­ға ден қою керек. Күріш егісіме­н айналысатын шаруашылықтар қосымша мал өсірумен айналысуы өмір тәжірибемізде бар.

Мал шаруашылығын дамыту және олардың өнімін өңдеу бағытында түрлі шағын бизнесті дамыта­ отырып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасауға болады. Кеңес­ үкіметі құлар кезінде облыс орталығы іргесінде «Алтын» сұр қой шаруашылығымен айналысатын Аманкелді елді мекенінде қой терісі мен қозы елтірісінен жасалмаған дүние жоқ. Сырт киімнің, бас киімнің неше түрлі табиғи өнім­дерін көрдік. Физикалық, химиялық қасиеті ерекше, сапасы жоғары, халық үшін аса қажетті дүниелер жасалынды. Қазіргі кезде ондай тірлікті одан ары жаңа технология­ларды пайдалану арқылы тері өңдейтін, аяқкиімнің түр-түрін таза былғарыдан тігетін шағын кәсіпкерлік жүйесін неге ұйымдас­тырмасқа? Ауыл көлемінде қолжетімді, қажетті дүниелерді, азық-түлік өнімі бола ма, киім-кешек, аяқкиім, т.б. тұрмыстық бұйым, баспана бола ма, малазықтық дақыл­дар, жем-шөп өнімін өңдеу­дің әралуан механизмдері ме, жалпы­ адамзат өмірі үшін керекті іс-әрекеттің барлық түрі ұйымдастырылса артықтық етпейді деп ойлаймы­н.

Қауын егіп, қақ тілген, қауын­құрт жасап, қант орнына пайда­ланған, тары егіп, сөк, талқан жеген,­ асқабақты нанға да, бәлішке де қосып, сүт ішіп, таза экологиялық құнарлы өнім тұтынған елміз. Қазір осындай әрекеттерді жаңа технологияларды ендіру арқылы әр отбасы өзін-өзі асыраса да үлкен тірлік емес пе?! Әрине, мұның барлығы – айтуға оңай. Үлкен еңбекпен  келеді. «Алма піс, аузыма­ түс» дегенмен, ол алма піспейді не ауызға түспейді. Ол үшін ұйқышылдықтан, еріншектіктен, кежірліктен, жалқаулықтан арылу керек. Өмір де, ауыл ахуалы да тек еңбек арқылы жақсаратынын естен шығар­маған  ләзім.

Несіпбай  КЕНТБАЕВ,

Еңбек  ардагері,  зейнеткер,

Қызылорда  қаласы

 


ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР НЕЛІКТЕН АРТЫП ОТЫР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
11.04.2019 12:30

2018 жылдың бірінші тоқсан­ымен салыстырғанда қылмыстық істер саны 40-қа көбейген. Бұл туралы Қы­зыл­орда қалалық №2 сотының төрағасы Айбек Кеңес­ұлы БАҚ өкілдеріне ұйым­дастырған баспасөз конференциясында  мәлімдеді.

Жиын барысында сот төрелігін жүзеге асыру барысында атқарылған тындырымды тірліктер мен алдағы жүйелі жоспарлар тілге тиек етілді. Айбек Әбудің айтуынша, жыл басынан бері сот өндірісіне 226 адамға қатысты 199 қылмыстық іс түкен. Оның ішінде қылмыстың санаты­ – 138 іс, теріс қылық бойынша – 61 іс, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы 1  іс  тіркеліпті.

Осыдан екі жыл бұрын 21 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық-процестік Кодексіне қылмыстық сот ісін қағаз және электронды түрде жүр­гізуге мүмкіндік беретін «Қылмыстық сот ісін жүр­гізу» бабы енгізілді. Осыған байланысты былтырдан баста­п қылмыстық істер электронды түрде түсуде. Айта кетейік, 2018 жылдың бірінші тоқсанында – 4, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 79 электронды қылмыстық іс келіп түскен. Көр­сеткішке қарасақ, электронды түрде жұмыс істеу саны артқанын байқаймыз. Ғы­лым мен техник­а сәт санап дамыған бүгінгідей заманда жұмыс істеудің бұл жүйесі тек тиімділігімен ғана танымал болуда. Қағазбастылықтан арылып, электронды сот өндірі­сіне көшу үрдісі ілге­рілуде.­

Ағымдағы жылы өнді­рістен 171 іс аяқталған. Оның ішінде үкім 101 іс, сотты болға­ны 101 адам, ақталғаны 3 адамға (жекеше айыптау тәртібімен) қатысты. Ал өндірістен тоқтатылғаны 46 адамға 42 іс. Медиация тәртібі бойынша – 36 іс, яғни 85 пайыз. Келіп түскен істер­дің ішінде Прокуратураға қайтарылғаны 26 іс, оның ҚПК-нің 323-бабының та­лабына сәйкес, яғни алдын ала тыңдауда басты сот талқыла­уын тағайындауға кедерг­і келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтардың анықталуына – 4 іс, айып­талушыға іздеу жа­рияла­нып қайтарылғаны – 10 іс.

Қылмыстың өтеуі – жаза. Заңды белшесінен басып жүрген азаматтарға мемлекет қашан да реакция көрсетеді. Қылмыскерлердің істеген әрекетіне байланысты заңға сай жаза қолданылмақ. Жылдың  басталғанына үш ай өтті. Ал сотты болған адам саны 101-ге жеткен. Тарқатайық.

- бас бостандығынан айыру­ жазасына – 21 адам (яғни  20,7 пайызы);

- айыппұл жазасына – 24 адам (яғни 23,7 пайызы);

- қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы – 16 адам (яғни 15,8 пайызы);

- бас бостандығын шектеу жазасы – 39 адам (яғни 38,6 па­йызы);

- шартты сынақ мерзімі  1 адамға (ҚК-нің 63 бабы) (яғни 0,9 пайызы);

- жазаны өтеуін кейінге қалдырылғаны 1 әйел адамға (ҚК-нің 74-бабы) (яғни 0,9 пайызы) тағайындалған.

Жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлық қылмысына байланысты 3 іс 3 адамға қатысты қаралған. Бұл санаттағы істермен 1 адам­ға қатысты айыптау үкім қабылданып, айыппұл жазасы белгіленсе, 1 адамның ісі басқа сотқа қара­луы­на жолданған. 1 адамға қа­тыс­ты іс прокуратураға қайтарылған.

Осылайша сот төрағасы ағымдағы жылы атқарылған ілкімді істерге есеп берді.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары